Осы күнге дейін жұлдызымыз жұрт айтқандай оншалық жараса қоймай келе жатқан адамның бірі әйгілі Шерағаң — Шерхан Мұртаза ма екен деп ойлай беремін. Сөйте тұра, біреулер "неге?" — деп сұраса, оған да "себебі былай еді" деп айтар дәлелім тағы жоқ. Сәніміз келіспесе де, сәлеміміз түзу. Шыж-быж деспей, сыйласып келе жатқан сыңайымыз бар.
Мені Қазақстан Жазушылар одағына қызметке алған сол кезгі екінші хатшы Ілияс Есенберлин аяқ астынан зейнеткерлікке шығып кете барды да, оның орнына осы Шерағаң келген еді. Бұған дейін газет-журналдар редакцияларының басында отырып, онсыз да темірдей тәртіпке үйренген журналист атаулы жұртты бір шыбықпен айдап дағдыланған адамға Жазушылар одағындағы жайылыңқырап кеткен босаңдану тірлік жат көрінді ме деймін, болмаса бірден ықтырып, бұқтырып алуды ойлады ма, әйтеуір, қалай ойласа да, жаңа хатшы біреуге киліге, біреуге шүйліге келген сыңай байқатты. Шерағаңның сондай ытырылып тұрған, ентігі басылып әлі сабасына түсе қоймай жүрген күндерінің бірінде екі-үш күнге жұмыстан сұрана қалмаймын ба! Сейсенбі күні еді, "Жұма күні жұмыста болайын," — деймін. Шерағаң бас изеп қана рұқсат еткен.
Мен айтқан сөзде тұра алмай, "бір күннің әрісі не, берісі не" дедім де, жұмысқа ақыры келесі аптаның дүйсенбісінде бір-ақ шықтым. Сол-ақ екен, аңдып отырғандай, екінші хатшы өзіне шақыртты.
— Бүгін қай күн? — деп сұрады Шерағаң ресми амандықтан соң түнере түксиіп отырған қалпы.
— Дүйсенбі ғой, — дедім күмілжіп, неге сұрап отырғанын да сезіп, ішім қылп ете қалғандай болды.
— Сен жұмыстан неше күнге сұранып едің?
— Үш күнге.
— Қай күні жұмысқа шығуға тиісті едің?
— Жұма күні.
— Екі-үш күн себепсіз жұмыста болмаған адамды қызметтен шығарып жіберуге болатынын білесің бе?
— Білмеппін.
— Білмесең, енді біліп ал. "Прогул" жазғызамын да, шығарамын жұмыстан.
"Әзілдеп отыр ма" деген әлдебір есекдәмемен күлімдеп, бастығымның көзіне қараймын. Жоқ, беті бүлк етер емес, өңінде күлкіден түк жоқ, түгін сыртына салып, сыздана қалыпты. Бұдан әріге мен де төзе алмай, өзім кінәлі бола тұра, шарт ете қалып:
— Е, мейліңіз, жұмыстан шығарғаннан басқа не істей аласыз, атып жіберем деймісіз бе? — дедім де бұртия бұрылып алып, жөніме кете бергенмін.
— Жазушылар одағынан кетуіме себеп болған осы оқиға ма немесе басқа бір жағдай ма еді, о жағын ұмытып қалыппын, әйтеуір, мен "Жазушы" баспасына кеттім де, Шерхан Мұртаза (онда Мұртазаев) "Қазақ әдебиеті" газетіне бас редактор болып ауысты. Арада айлар өтіп, тіпті, жыл түсіп кетті ғой деймін, бірде Шерағаңмен ұзын дәліз бойында ойда жоқ жерден ұшырасып қалдым. Мен кішіпейілдікпен иіліп сәлем беріп жатырмын. Ол кісі менің қолтығымнан мыта ұстаған күйі (қолы да қарулы-ақ, тегі) алдына салып алды да, өзінің кабинетіне алып кірді.
— Отыр, — деді маған орын нұсқап.
— Отырдым. Өзі қарама-қарсы барып жайғасты.
— Сәкен, тегі, адамдар бір-біріне деген көңілін, ықылас-пейіл, қалай қарайтынын біле жүргеннің ешбір ерсілігі жоқ. Айтайын дегенім... Қысқасы, маған сенің біреудің айтағына үрмейтін, айдауына жүрмейтін мінезің ұнайды. Соны айтып қояйын деп едім, — деді.
— Шәке, мен де Сізді... — деп келе жатыр едім, "қатты сыйлаймын" демекке оқтала бастағам, бірақ ол менің сөзімді аяқтатпай, шорт үзіп:
— Жә, Крыловтың "Қоразы мен Көкегі" құсамай, осымен доғара тұралық, — деп тұжырғаны.
Не дерімді емеуірінімнен таныған сыңай танытқандай болған. Арғы жағын екеуміз де езіп жатпай, "ендігісін айтпаймын, ішің білсін, әлу-ай!" — деп тоқтадық-ау деймін.
Талдықорғанда тұратын, сондағы облыстық газетте жауапты хатшы болып істеп жүрген қаламы жүрдек журналист, әйгілі ақын Өтепберген Ақыпбеков бірде Алматыға ауысқысы келетінін айтып, маған інілік қолқа салды. Бұрын бұйымтай айтып көрмеген рухтас інім еді, сөзін жерге тастай алмай, не де болса көрейін деп ойлап, мен де Шерағаңа бардым.
— Бір бөлім бастығының орны бос екені рас. ЦК-дан бір адамды тықпалап отыр, маған салса, алғым жоқ. Қаттырақ тізеге салып, тұқыртып жібермесе, көне қоймаспын. Онда сен айтып отырған азаматты жұмысқа алудың мүмкіндігі туып қалады. Бірер күннен кейін хабарласшы, — деп алды да, — айтпақтай, өзі бастығырақ болып, қызмет дәмін татып қалған жігіт көрінеді, бізді тыңдамай кетіп жүрмей ме кейін? — деп сұрады.
— Сізді тыңдамауға бір жеріне қарасын да алдымен, — дедім мен.
— Шерағаң күлді де қойды.
— Мен бұүл әңгімені телефон арқылы Өтешке айтайын: "Сәтін салса, болып қалар, беті бері қараған сияқты", — демеймін бе баяғы. Шерағаңмен болған әңгімені түсіндіріп айтып, бірер күн күте тұруын сұрадым.
Сол күннің ертеңінде Шерағаң маған аяқ асты телефон соғып тұр.
— Әу, Сәкен мырза, біз не деп уағдаласып едік кеше? "Кейін" деген жоқ па едік. Мына жігітің, міне, келіп, менің алдымда отыр. "Жұмыстан шығып, біржолата босап келдім" дейді. Не істейміз?
Мұндайды мен де күтпеген едім. Өтепберген де осынша асығып, тез қимылдар деген ой бола қоймаған. Хабарласады ғой деп жүргем.
— Не істеуші едіңіз. Келіп қалса, аласыз да жұмысқа! — дедім мен де "шіреніп".
Шерағаң ыңыранып отырып-отырып барып телефонды тастай салды.
Сол күннен бастап Өтепберген "Қазақ әдебиеті" газетінің бөлім меңгерушісі болып шыға келген.
Біршама жыл қатарынан сонда абыройлы қызмет атқарды-ау деймін.
Өз басым жазғанымды газет-журнал редакцияларына ала жүгіріп әдеттенбеген адаммын. Ал алда-жалда әлдебір газетке маңызды бірдеңе апарып ұсына қалсам болды, қашан сол жарияланып кеткенше дегбірсіздене беретінім тағы бар. Бір топ өлеңімді "Қазақ әдебиеті" газетіне ұсынып, ойлаған кезде шыға қоймай, ақыры болмағандықтан, бір күні бас редакторға кірейін. Өйткені бөлімдегілер сол кісінің алдында жатыңқырап қалғанын құлаққағыс еткендей болған.
— Шераға, менің өлеңдерімнің сіздің алдыңызда жатқанына көп болыпты, соның жайын білейін деп едім, — дедім.
— Жатқаны рас, — деп ол кісі асықпай отырып қобыраған көп қағаздың арасынан менің қолжазбамды да тауып алды. О жер, бұ жеріне белгі де салынған, мұқият оқып шыққаны сондайдан-ақ менмұндалап тұр.
— Өлеңдеріңнің ептеген "но"-сы бар екен, — деп күшене ыңыранды бас редактор. — Сол үшін ұстап ем...
— Өлең дегеннің қызығының өзі сол "но"-сы ғой. Әйтпесе, кімге керек ол? — дедім.
— Солай дейсің, ә! Ол да жөн шығар. Жақсы, онда! — деп Шерағаң бадырайтып қолын қойды да, көзімше теруге жіберді қолжазбамды.
Шерағаңның "Егемен Қазақстанға" бас редактор болған кезі. Елде тұратын жамағайындардың бірі телефон соқты. Отбасы ауыр қайғыға душар болып, қорған іздеп әркімге барған екен, заң орны бар, басшысы, басқасы бар, біреуінің бүйрегі бүлк ете қоймапты. Аяқ асты пұшайман болып, дәрменсіздігінен амалы құрыған, не істеуге білмей дағдарған жер ортасы жасқа келіп қалған отағасы, "Жан қысылса, жақынын табады" деп, ақыры мені іздеп тапқан ғой. "Егемен Қазақстан" газетінде Қайнар Олжай деген жігіт бар, сол жігітті жібере алсаң, жақсы болар еді! Тексеріп, ақ-қарасын анықтап, араша түссін. Сол төңіректе жүрсің ғой, басқадай басар жер, барар тауым қалмай тұр", — дейді әлгі адам еңірегенде етегі жасқа толып.
Істің байыбына қанып алып, мен де ыза мен күйініштен өртенердей күйде "Егемен Қазақстанға" барайын. Ескі досым Мамадияр Жақыпқа жолығып, шаруамды айтып көріп ем, ол: "Қайнар қазір бізбен сөйлесе қоймас, тыңдаса, тек бас редакторды тыңдар, сол кісі ғана шеше алатын жұмыс бұл", — дегенді айтты.
Біреуге күнің түсіп, кібіртіктегеннен мүшкіл нәрсе жоқ. Бірақ амал қайсы, беттің арын белбеуге түйіп, тағы да Шерағаңа барайын. Сөзімді сабырмен тыңдап алды да, бірден Қайнарды шақырды: "Шұғыл түрде жолға шығуға тура келіп тұр. Қазір жүріп кетсең де жақсы болар еді. Қалғанын мына Сәкен ағаң түсіндіреді Құжаттарыңды реттетіп ал да, тәуекел деп тартып кет"! — деп қайырды сөзін.
Бас редактордан шығып, мәселенің байыбына қанып алған Қайнар: "Түсіндім бәрін, ертең ертемен жүріп кетем", — деді.
Кейін ол осы сапарынан көлемді мақала да жазды. Жергілікті заң орындарындағы біраз былықтың бетін ашып, әділетке араша болуда үлкен жігіттік жасады.
Бұл жағдай басына қайғының қара бұлты үйірілген алыстағы азаматқа қаншалықты демеу болды, дертіне зәру болып, жарасын жаза алды ма — мәселе онда емес. Мәселе бұл жерде бас редактордың жанашырлығыңда, адам қайғысын айтқызбай ұққан кісілік қылығында тұр. "Түсіп жатқан хат та жоқ, әр адамның ауыз сәлеміне бола редакцияның бақандай бір белді қызметкерін қыруар жұмыстан қалдырып, командировкаға жібере алмаймыз ғой", — деп уәж айтса, мен не істей алар едім!.. Бармағымды тістеп, бетім қайтып, ағайын арасында да жерге кіргендей болар едім-ау...
Басқа да үлкен-кіші қаламдастарым сияқты, Шерхан Мұртазамен де оқта-текте ұшырасып қалып жүретінім бар. Сәлеміміз де дұрыс. Осыларды өзі біле ме, жоқ па, оңашада бір асықпай отырып айтып берсем бе екен деп те оқталған кезім болды. Бірақ адамға жасаған үлкенді-кішілі әрбір қайырымы үшін, қолынан келіп тұрған жақсылық-шарапатын тигізгені үшін мақтау күтетіндей ол цирк торындағы арыстан емес, азамат, қала берді қаламынан мың сан қаһарман тудырған жазушы ғой деймін де, өзімді өзім тежеп қала беремін. "Әй" дегеніне алғыс дәметіп, "әуп" дегеніне ақы сұрайтындар да бар. "Өзі жарымағанның сарқытын ішпе" дегендей, ондайлардан аулағырақ жүресің. Мардымсыздан май шықпайды ғой. "Бардан жұғады, балдан тамады" дейтін де сөз бар.
Мен бұларды Шерағаңнан басқа ешбір адамның қолынан келмейтін соншалық күрмеуі қиын күрделі шаруа еді демеймін. Азар бүгін егер шошқа болып кетпесе, екі жақсының бірі жасауға тиіс қайырым деп білемін. Іс басына да айналасына қамқор болуы үшін ойы озық осындай игі жақсыны тағайындап жатпай ма. Бірақ азаматтығын, басшылық қызметінің өзін бұлдап, қашан сенің бұйымтайыңды сұрағанша бәлденіп, бәлсініп бітетіндер де бар, оларға не істерсің!..
Бұдан көп жыл бұрын әйел-еркегі бар төрт-бес адам Жазушылар одағының дәмханасында кездейсоқ бас қоса қалдық. Ішімізде кімдер болғанын қазір түстеп айырып бере алмаймын. Әйтеуір ортамыздағы Шерағаның орнынан тұрып кеткісі келіп, қайта-қайта қопаңдай бергені есімде. "Оу, отыра тұрсаңызшы"! — дегендерге Шерағаң қолсағатына қарап қойып: "Апырай, сыртта бір полковник күтпек еді, содан ұят болды-ау", — деп, дәміл-дәміл есікке қарап, елегзи берген. Сонда мен қарап отырмай: "Шераға-ай, немене соншалық, "полковник, полковник" деп дегбірсіздене бердіңіз. Полковник болса, қайтеді, сәл күте тұрар, Сіз болсаңыз, әдебиеттің генералы емес пе едіңіз?" — дегем.
Қатар отырғандарға қосылып Шерағаңның өзі де күлген.
Күлген де: "Әй, солай ма, болды, ендеше!" — деп енді елпілдемей, орнына нығыздала отырған еді.
Ол кезде "генерал" деген бізге аса бір қол жетпестей шыңдағы шен болып көрінуші еді. "Қазақта генерал неге аз?" — деп күйінетінбіз. Қазір генералдан көбі жоқ, тас лақтырсаң генерал мен академикке тиетін болды. Сондықтан Шерағаңдарды генералға теңеу де соншалық биік дәреже емес-ау деп ойлай беремін осы күні...
Сәлем дұрыс, сыйласым жақсы, бірақ жұлдызымыз жарасып, тонның ішкі бауындай әмпей-жәмпей болып кеткен ештемеміз әлі жоқ. Арамыз әлі де сол баяғы көзге көрінбес кіреукелі қалпында. Бір үйге жарық беріп тұрған екі шам сияқтымыз. Екеуі де қажет, бірақ бір-біріне жақындай алмайды. Біз де сырттай бірімізді біріміз теріс көрмейтінімізді сеземіз, бірақ туысып, достасып кете қояйықшы деп тырысып көрген емеспіз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі