Көркемөнер ішінде әсіресе өлеңнің орны бөлек. Сондықтан да ұлы Абай "Өлең — сөздің патшасы"... деген ғой. Қай халықты алсақ та, елең, жырға ғажап мән берген.
Ал біздің қазақ арасында "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз өлеңі бар" дейтін нақыл сөз айтылады. Мұның өзі қазақтың өнер сөзге кенделігін емес, кемелдігін андатады. Былай Қарағанда, өлең сөзге шорқақ көрінетін түйекештің өзі де бұл өнерден құралақан емес екендігі кеп нәрсеге кепілдік етеді.
Халқымыздың мөлшерсіз мол поэзия мұрасы, оның ұзақ тарихы жөнінде ғасырлар бойы ауыз ашып айта алмай, толық таныта алмай келгеніміз енді мына қайта құру, демократия, жариялылық, бетбұрыс кезеңінде ғана аян болып отыр. Соңғы жылдары баспа жүзінде жарық көріп жатқан бай халық поэзиясының мұрасы, Абай көтерген қазақ поэзиясының биік мұнарасы, 90 жыл бойы етек жайып, еңсе көтерген жаңа қазақ-совет демократиялық поэзиясы — осының айқын айғағы.
Бірақ, өскелең поэзия қанша айдынды, ауқымды болса, оның адам жанына жол табуы әрқилы. Соның ішінде ең маңызды да құдіреттісі — өмірдегі шынайы шындықтың ақиқатын айқын танып айта білу, соған қалтқысыз иландыра білу. Міне, ақын талантының тапқырлығы да, тазалығы мен таразысы да осында.
Өткен сталинизм заманы мен күні кеше тоқырау кезіндегі олқылығымыз не, кемшілігіміз не дегенде, алдымен адам тағдырына қатысты зобалаң шындықтың ақиқатын көре бермеуіміз ойға оралады. Тіпті дәл кейінгі жылдары баспасөз бетінде күнбе-күн жарық көрген өлеңдер мен жинақтардың өзінде әлгі ақаулықтан мүлде ада болдық деп айта алмаймыз. Десек те жаңа бет-бұрыс кезеңінің ақиқат аясы кеңірек алқапта басталған сияқты. Соның ішінде ала-бөтен көз таратқаны — белгілі ақын Сәкен Иманасовтың 1988 жылы жарық көрген "Адырна" аты өлеңдер жинағы. Бұл жинақтың айрықша айырмашылығы — өмірдің алуан құбылыстарының ақиқатын "адырнадай" адуын жырлармен "аңырата" жеткізуді мақсат тұтқан.
"Беташар", өлеңінің өзінде:
Адырнам аңырауға бүгін дайын,
Саусақты солқылдата сығымдайын.
Қарсылас тұрысатын жерін айтсын,
Бет бұрып, біреуінен бұрылмайын.
Ақын қай тақырыпқа бармасын, бәрінде ол (автор) — өзі кейіпкер; өзі жырлайды, сыр шертеді — шындықты айтады, ақиқат шуағына бөлейді. Туған үй дейсің бе, ауыл дейсің бе, балалық шақтағы сауық-сайран, ат шабыс, бәйге дейсің бе, құрбы-құрдас, сүйген қыз, махаббат дейсің бе, жанға сая асқар тау мен аясы кең Алакөл дейсің бе, өмір жолындағы тағдыр белестерінің сынақтары дейсің бе — осының бәрі ақынның жүрегінде ұялап, шабытпен шамырқанып шығады да оқырман жүрегіне шуақ шашады, адалдығымен тәнті етеді.
Сәкен өлеңдері жігер мен қайратқа, нәзіктік пен мөлдірлікке толы. Ол барынша ақтарылып, көңіліне сыр бүкпей шынайы шындықты жазады. Осы орайда біз ақынның "Ауылдаспен әңгіме" атты өлеңіме көз жүгіртейікші:
Кеңкілдеп те күледі енді: "Әй, пәлі-ай,
Көмейің де көрінді ғой байқамай.
Ақын болып керегі не, тірлікті
Асты-үстіне шығара бір шайқамай, —
деп іштей толқып, іштей тебіреніп, ауыл адамының кекесініне күйініп отыр. Ақын шағын ғана үш бөлмелі пәтеріне елден келген құрбысының қомсына қарағанына жаны ауырып:
Күйіп кеттім, білетінің — кіл мазақ,
Бұл өмірде кезікпей ме шын ғажап.
Көмекейін күй кернеген кешегі,
Қасымға да үй бермеген бұл қазақ, —
деп біздің арамыздан шыққан кейбір әкімдердің өнерді, оны аспандатып отырған азаматтың қадыр-қасиетін түсінбейтінін биік те бедерлі жырлаған.
Кеше ғана арамызда жүрген ғажайып ақын Қасым Аманжоловтың баспанаға зар болып, талай таңды ұйқысыз, талай күнді күлкісіз өткізгені белгілі ғой. Ақырында ақын:
Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды,
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды, —
деп зарлады ғой. Ал Сәкен Имансов керісінше, асқақтай қарап өр мінез танытады. Ол:
Қас-қағымда күйге түсіп ол нелер,
Ешкім жоқтай енді өзіне тең келер.
Айналады он сегіз мың ғаламға,
Қарлығаштың ұясындай бөлмелер, —
деп толғайды ақын. Адамның ниеті ақ, пейілі жомарт болса, үйдің тарлығы ештемеге де тұрмайды екен-ау. Ақын он сегіз мың ғаламды бір өзі билеп, бір өзі төстеп ғұмыр кешеді, тіршілік етеді. Өйтпейінше ол жақсы жыр жаза алар ма, өзінің ішкі айқайын оқушы қауымға естірте алар ма?.
Халқымыздың: «Өзі тоймағанның сарқытын ішпе" деген даналығы осындайдан келіп шыққан ғой.
Сәкеннің біз сөз етіп отырған "Адырна" атты кітабы халқымыздың бүгінгі тірлігі мен өткен жағдайын да әдемі жырлаған. Ақын ұлы Абайды сөз ете отырып, оған табына отырып, аз ойын да ашық-жарқын айта білген:
Даулаған тайған бағын, байдан малын,
мен емес Базаралың, пайғамбарым.
Емеспін қатарыңда, жатағың да,
Ақтарып өз алдыңа жайған бәрін.
Сапында қасиетті жыр-жасақтың,
Атынды ұран етіп қырда шаптым.
Қосты ма ел жақсылардың санатына,
Келеді ара-тұра мұң да шаққым, —
деп бар жанымен ішкі сырын тұтас ашып тастайды.
Сәкеннің жырларынан табиғаттың сұлулығын, адамның ұлылығын, бүкіл тіршілік атауларының бір-бірімен тығыз байланысты екенін көріп, аңғарамыз. Ақын осының бәрін өлеңмен өрнектеп, өзіндік ой, өзіндік сыр түйген. Өзі байқаған, аңғарған құпияны оқырманға жеткізе білгені. Ол:
Өлең жолы — қандай ғана қиын ең,
Өзімді-өзім қайрай түсіп жиі мен, —
Быт-шыт болған ойдың басын қоса алмай
Түні бойы түнеремін, түйілем" —
деп шиыршық атса Сәкеннің жан дүниесі ашыла түседі. Жалпы жыр автордың бүкіл тірлік-тынысына айналмайынша, жақсы жазылуы мүмкін емес.
Сәкеннің "Адырна" атты кітабы адамның ішкі рухани жан дүниесін жарқырата көрсетуімен дара, бөлек дүние.
Бүгінгі қайта құру кезеңінде мұндай жақсы шығармаға "бәйге берілуін өз басым орынды деп білемін. Бұл жеңіс тек Сәкенге ғана емес, қазақ поэзиясына тиетін үлес болады десек артық айтқандық болмас.
1990 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі