Құрметті оқырман, шынын айту керек, мен бұрын да Сәкен Иманасов шығармаларын, оның ақындық қуатын бір кісідей-ақ білем деп ойлайтынмын. Оның қазақтың үлкен ақыны екенін баяғыда-ақ мойындағанмын. Бірақ, Сәкен Иманасовтың "Алакөлім — айдыным" атты күні бүгінге дейін бүкіл творчествосының қорытындысы боп саналатын кітабын, тағы да үлкен әріппен жазылатын кітабын оқығанда, менің бұрынғы білгенім жеткіліксіз екеніне, тіпті үстірт екеніне көзім жетті. Мен осы кітап арқылы Сәкен Иманасов деп аталатын, Алакөлдей айдыны бар, "аспаны да өлең бүркіп тұратын" алқабы бар, тамшылары шашырап, найзағайлары шатырлап сынып, ормандарының шудалары желкілдеп, құстары жыртылып-айырылып, жұмбағын жасырып, қиялын қиянға асырып, қуанышымен қызықтырып, мұңының өзімен еліктіріп, желімен долданып, нұрымен көз бен көңілді бірге арбап, бірде ашынып, бірде ашылып жатқан әлемге кірдім.
Мен бүгін, құрметті қауым, өзімді үлкен тебіреніске түсіріп, орасан толғанысқа батырған ол әлемнің бүкіл қуат-күшін, мінезін, болмыс-бітімін, ажарлы салтанатын, сиқырлы әуезін, сымбат-көркін, реніші мен күйінішін, сағынышы мен аңсарын, жүдеген тұсын жадаған сәтін, тасып-төгілген кезін түгел айтып бере алар емеспін. Ол мүмкін де емес. Өйткені, Сәкен Иманасовтың бір өлеңіне бір мақала жазуға болады. Мен бұл сөзді тіпті де көтеріп айтып отырған жоқпын. Шыны солай. сондықтан мен бұл жерде Сәкен Иманасов творчествосындағы өзім байқаған басты ерекшеліктерге ғана тоқтағым келіп отыр.
Сәкен Иманасовтың ең басты тақырыбы — кіндік қаны тамған туған жер. Ол өзінің туған жерін аласат ұлы сезіммен, ұлы махаббатпен сүйеді. Мен оның өлеңдерін оқи отырып ұққаным, ақын туған жеріне, Ғафу ақын айтқандай, кіндігімен ғана емес, бүкіл алпыс екі тамырымен, мың-миллиондаған сезім талшықтарымен байланып қалған. Ақын:
Туған жердің сүйеніп терегіне,
Бұлбұл болып мұң шақтым мен егіле, —
Одан артық ақынға тақырыптың,
Одан артық бақыттың керегі не?!
дейді. Міне, ақын кредосы осы. Ол сұлулық деп аталатын сиқыр әлемнің өзін туған жер сұлулығы арқылы ғана таниды. Сол арқылы танылған сұлулық қана баянды деп біледі. Ол көне тарих қойнауларына да туған жер тарихы арқылы сүңгу керек деп ұғады. Сонда ғана ол тарих ата-бабаңның, өзіңнің тарихына, бүкіл болмыс-бітіміңмен қабысып кеткен тарихқа айналады деп сезеді. Ақын туған жерді бөлшектеп бөлуге келмейтін, оның қуанышы мен шаттығы да, жеңісі мен жеңілісі де, қасіреті мен қайғысы да тұтас тағдыр деп, тағы да ол өзімнің тағдырым деп білді.
Сондықтан ол туған жер болып тебіренеді, толқиды. Бір сөзбен айтқанда туған жер десе ол жел шайқаған көлдей буырқанып, үстінен дауыл өткен ормандай толқиды.
Сонымен бірге Сәкен Иманасов үшін туған жер деген мешіт, құтхана. Алыстан келген кезде ол туған жерін аңсап сағынып қана келмейді, ол именіп аяғын андап басып кіреді. Өйткені, мынау алыс-жұлысы көп, тартыс-жағаласы мол қатыгез заманда әлденені андамай бүлдіріп, әлдеқандай оқыс іс істеп күнә арқалап қалған жоқпын ба, егер солай бола қалғандай болса мына туған жер бетіне қалай қарамақпын деген күдік пен күмәнмен аяқ басады. Ақынның "елдің алдында қызарғанша, туған жерге кіріп-ақ кетсем еді" — дейтіні сондықтан.
Содан болса керек, Сәкен Иманасов туған жерінің әр бұтасы мен талының, әр соқпағы мен тасының түгендеушісі, жоқшысы. Сондықтан ол жаралы құсты көріп жаны шырылдап бәйек болады. Сондықтан ол жоғалған бұтағын іздеп шарқ ұрады. Сондықтан ол кесілген ағашты көріп зар илейді.
Ақын өзінің құм-аралдарымен, жыраларымен, тұмаларымен ең бір ет-жақын туған-туысқандарымен сөйлескендей сөйлесіп, солармен сырласқандай сырласады. Оның бір туманы таба алмай, бір соқпағын көре алмай қалуы, бір бауырын жоғалтқанмен, бір жақынынан айырылып қалғанмен бірдей.
Сондықтан болса керек, мен үшін қазір Сәкен Иманасов Алакөлдің бір тебіренген кезінде жағаға шығып кеткен шабытты толқыны секілді.
Не болғанда да оның бүкіл жаны, болмысы сол туған жерде, сол мекенде. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері жөнінде ұзақ сөйлеуге болар еді бірақ оны мына жолдармен түйіндеп аяқтай тұрайын.
Шегелеп біржолата қырға мені,
Сол күні жаңбыр жауып тұрған еді...
Айнала —
Мұнары ма, —
тұманы ма —
әйтеуір айтып болмас мұң бар еді, —
дей келіп:
Көкірек қыжылдай ма құр дәмелі...
Айнала адам ұқпас мұң бар еді...
Шегелеп қырға мені тастағандай
Толассыз жаңбыр жауып тұрған еді.
Шынында да Сәкен Иманасов туған жерге жаңбырлардың тамшысымен шегеленіп қалған ақын.
Сәкен Иманасовтың тағы бір үлкен, өнімді тақырыбы. мәңгілік тақырыбы — махаббат тақырыбы. Ақын бұл тақырыпты бәрімізге белгілі, тіпті мезі еткен "сүйдім-жандым, күйдім-қалдым" деп емес, бар шындығымен, бар табиғатымен жырлайды. Қасиетімен сүйсінеді, қасіретімен күрсінеді. Бір сөзбен айтқанда, тағдырлы махаббат. Өзінің реніші, мұңы бар махаббат. Ақын махаббат дегенді разы көңіл, рахат сәт деп емес, оның аса қатал, аяусыз, тіпті азапты құбылыс екенін айтады, ашынып айтады, бірақ ашығын айтады:
Құпия емес ешкімге бөтендігім,
Емексітіп қайтемін бекер, күнім —
Анық сезіп жатамын түсімде де
Бұл бақыттың баянсыз екендігін, —
дейді ақын. Бірақ ақын махаббаттың азабын тарта отырып, оның уын ішіп, отына өртене жүріп махаббатқа көңілі бір сот те суыған емес. Тағы да азаптана жүріп азап тілейді, тіпті сол махаббаттан өліп кетуге пейіл. Оған:
Жанбадым ба, әлде жандым ба
Шүкірлік айтып ақ таңға, Оңаша,
Жасыл шалғынға отау үй тігіп жатқанда,
алай да түлей бұлт ұшқан,
Қарауытып барып көкте күн,
Жай болып тиіп бір тұстан
Жайратып неге кетпедің?
деген жолдары куә.
Әрине, ақынның махаббат тақырыбына жазылған өлеңдерінің бәрі дерлік азаптан, мұң мен наладан тұрады десек, бір жақты кеткен болар едік. Оның махаббаттың алтын нұрына шомылып, күміс шапағына малынып, сән-ажары келісіп салтанатына мәз-майрам боп тұратын сәттері көп. Ондай сәттерде сенің де жаныңа ақ нұр құйылып, қаныңа жасың еніп, тамырларың тереңге кетіп, ұшар басың көкке тигендей күй кешесің. Күй кешесің де, айналаңа бай сезім, байтақ пейілмен қарай бастайсың. Ақын үшін бұдан өткен міндет атқару, бұдан өткен парыз өтеуі болар ма?!
Ақын, әсілі, өз табиғатын, өз болмысын жазады. Ақын өлеңдерінен оның өмірге деген көзқарасы да, дүниетанымы, парасат-пайымы, ең бастысы, мінезі көрініп тұрады.
Өмірде Сәкен Иманасов тік сөйлейтін, кесек мінездің адамы. Жалтақтауды да, жалбақтауды да білмейді. Қандай жерде де сөздің атасын өлтірмейтін, нағыз кескекті ердің сойы. Тағы да ол мінез — әбден суғарылып, соғылған шарболаттай берік мінез.
Сәкен Иманасов буыны сонау соғыс жылдарының қиындығы мен қысталаңында, аязы мен аптабында шыныққан буын. Ол кезді ақын:
Алты жасар баланың ауылына
Алпамсадай азамат саналғаны, —
деп суреттейді. Бүгінде бірінен соң бірі алпысқа келіп жатқан бұл ұрпақтың мінезі сол қысталаң қиын шақта қалыптасқан.
Әрине, тік мінез, кесек қаракеттің адамы алдымен өзінің өмір сүруіне, сонан кейін өзгелерге соншалықты қолайлы бола бермейді. Ондай мінезін басқаша түсініп, "сен неге кекірейе бересің" деген біреудің сұрағына:
Аңғармастан анығын, артығырақ кеттің бе.
ренжітер өзіңді ретім де жоқ мүлде, —
Құбылмалы қылықтар,
бұлан құйрық былық бар, —
Әйтпесе, мен біреуді
менсінбеймін деппін бе, —
деп жауап береді. Бірақ оған түсіне қалып, сөзге тоқтай қоятын ағайын бар ма? Соңыңнан өзі қалса да, сөзі қалар ма?! "Ағайынның сөзі қалмай соңымнан, күлгенімнің өзі қандай ызалы" дейді. Күйініштен туған ызалы күлкі. Мінез болмысы! Мінез портреті!
Ақынды ақын ететін — мінез. Сабынның алқындысындай жылпылдаған да, желді күнгі тозған туыртықтай жалпылдаған да ақын боп жарытпайды. Бүгін ақын боп саналғанмен, ертең ақын боп санатқа қосылмайды. Өйткені, жылпылдаған да, жалпылдаған да өз арының алдында жауап бере алмайтындар. Өзінің арының алдында жауап бере алмайтындар, ешкімнің алдында жауап бере алмайды. Осыны қатты сезінген Сәкен ақын:
Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем,
дейді. Әрине, мұндай мінезді өлеңдер, сөз жоқ, сенің де өмірлік досын өмірлік сапарласың болып қалары сөзсіз.
Сондай-ақ, Сәкен Иманасовтың адамгершілік, игілік, имандылық тақырыптарына жазылған өлеңдері де тұтас бір алқап, үлкен бір атырап. Мен Сәкен Иманасовтың ол алқабы мен атырабын кескілескен күрес майданының алқабы мен атырабы дер едім. Ол майданда ақын бүкіл қасиетсіз құбылыстармен жанталасқан жанталасқа түседі.
Жағаласа жүріп,
Қырық жылдық қырғында,
Өлмейді екен сұмырай!"
деп опынады. Бірақ ол сұмырай өлмейді екен деп күрес алаңын тастап кетпейді. Қайта өліспей беріспейтіндей мінез көрсетеді. Сондықтан да, кеше ғана соңына ілесіп, құрсақтас бауырындай жақын болған інінің қолына тізгін тиген бойда, құдайдың кіндігінен түскендей боп астамдық көрсеткенше шыдамай:
Әй, бауырым,
Аяқ асты айналып білікті ұлға,
айналаға дәуірің жүріп тұр ма?! —
Жылы жауып тастадың кісілікті,
Кішілікті біржолата ұмыттың да, —
деп шамырқанады.
Ақынға бұл ұлы күресте, бұл ұлы майданда жеңілуге болмайды. Бұл майданнан бас тарту — ол үшін — қылмыс. Жеңіліп, немесе, одан бас тартты ма, онда жердің тозуы мен елдің азуы сол жерден басталады. Бетпе-бет келген жаудан батыр қалай бас тартпаса, бетпе-бет келген қатыгез құбылыстардан ақын да солай бас тартпақ емес. Өйткені, ол майданда ақын өз уақыты, өз заманы, езі үшін ғана емес, ертеңі үшін де күресуге міндетті. Сондықтан да:
Қатуланып,
қаһарын жау тіккенде,
Жетеді ғой бір күні дау түпкі елге.
Немереміз өзгеден кем бола ма,
Жем бола ма жаман мен жәутіктерге, —
дейді. Сондықтан да ақын соншалықты қатулы, соншалықты алаң. Немерелері үшін, келер ұрпақ үшін қатулы, солардың тағдыры үшін алаң. Осындай ұлы міндет, орасан жүк арқалап алпысқа келіп отырған ақынды елі болып, қалың қаламдас достары болып құрметтеп жатуы әбден орынды.
"Түркістан " газеті, қазан, 1998 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі