Сәкен — қазақтың дарынды ақыны — Сәкен Иманасовпен 1960 жылдардың басында танысқан екенбіз. Әйбат жігіт көрінді, тез-ақ табыстық. Жастық қашан да жақсы. Сәкен қазір де көркем, жігіт кезінде тіпті енді болатын. Бар қалпы жарасымды, сәл қарлығыңқырап шығатын дауысы, өр көкіректеу көрінетін кейпі, ұрандаса кетуге әзір тұратын мінезі байқалатын осы бір жігітпен ұзамай сырлас боп алдық, ашық сөйлесеміз, айқын-жарқын әңгіме-дүкен құрып, пікірлесетін болдық. Сондағы бір байқалатыны, Сәкен біразымыздан көш ілгері тұрады, жастығына қарамай оқыған-тоқығаны молдай көрінеді, ескіге де, жаңаға да жүйрік, сөйлеп кетсе көсіле ағытылады. Сондайда ол кебіне өз өңірі — Жетісу бойына көп барады, жер жанаты Жетісуды жыр ғып айтады. Ғажап өлкенің өзен-көл, тау-тасын тірілте суреттегенде Сәкен сол тұста қайта тани бастаған Ілияс ақынды еске сала, елітпей қоймайтын, онысы бірде жыр, бірде сыр боп үзіліп түседі. Достары қызығамыз, бәтір-ау, осының бәрін қайдан шығарып айтып түр деп. Жігіттік шақ елтігіш, аңсар ауғыш, оның Алакөліне таң қалатынбыз, барғымыз кеп, бірде Қапал асып кеткіміз келеді, ондағы сиқырлы ескерткіштерді көрсек дейміз, бірде асау тау өзендерінің сарқырамасын тамашалап тұрғандай әсер алатынбыз. Әркімнің де туған жері бар, бірақ жазық даладан келген біз сияқтылар таулы-тасты әпкенің Сәкеніндей көсіліп кете алмайтынбыз, кейін ғой ес жиып, жан-жағымызды шолғанымыз, алысқа қарау да өреге байланысты, бәріне өре керек екенін өсе келе ұқтық, әр өңір өзінше көркем!
Сәкенмен әп сәттен-ақ етене жақындасып кетуімізге шамасы жазу өнері себепші болған болуы керек. Шынында да бізді жазу өнері жақындастырды, тұс-тұстан — Қазақстанның әр шетінен жиналған жастармыз, университетте оқимыз, әркімнің талабы әр қалай, көбіміздің жазуға деген ынтызарлығымыз басым, бірақ бас білгі тәжрибеміз жоқ. Жазу да бір тылсым дүние-ау, сиқырымен тартады, бәрі құмартудан бастала ма, сол тұстағы қатар жүрген жастар жарыса жазамыз. Біріміз өлең, біріміз қара сөзге бейімбіз, ішіміздегі өндірте жазатын да осы Сәкен еді, өзі бесаспап, жырды төгіп-төгіп тастайды, ара-арасында мақалалар жазады. "Жетісу", "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газеттерінде Сәкеннің өлеңдері мен очерктері жиі шығады, жазғандарының көбісі радиодан оқылады. Ол кездегі қаламақы қандай! Сәкендер додалап алып жүрді... Бірінде Сәкеннің еліне барып келіп жазған очеркі радионың "Шалқар" программасынан оқылады деп естіп, тыңдауға радиоқабылдағыш іздегеніміз бар, бір топ жігіт пәтерде тұрамыз, өзімізде радиоқабылдағыш болмауы себепті көршінің есігін қағуға тура келді. Жаздың күні болатын, түскі уақыт-ау деймін, есік ашқан әйел үйінде еркін-жарқын жеңіл халат киген күйі, бізді қарсы алды. Омырауы айқара ашық, екі емшегі екі пұт деуге келетін әлгі келіншек бізге жайдары жылы қабақ танытып, өтінішімізді екі етпей, радиосын қосып берді. Әнуар Байжанбаев ағамыздың дауысы саңқ етіп Сәкеннің очеркін оқи жөнелді, тағы да туған өңірі, ондағы еңбек адамдары жайлы екен, сілтідей тынып, құмарта тыңдастық, әдемі суреттер әуеде қалқып, Алакөл атырабы кісінің көз алдынан өткендей болды. Жақсы очерк музыкамен көмкерілгенінде тіптен әсерлі естілді ме, соңынан Сәкенді қуана құттықтадық. Жас дәурен, қуана білетін кез, аңсайсың қазір!
Сол тұстағы қолына қалам ұстаған жастардың көп төңіректейтін орыны "Лениншіл жас" болатын. Мұнда Қалдарбек, Қуанышбай, Рымғали, Болат, Мәткерім бар. Тельман Жанұзақов, Сейдахмет Бердіқұлов, Жүсіп Қыдыров, Еркінбай Әкімқұлов, Таңатқан Рсаев, Әбіқұл Ибрагимов, Қарсыбай Қасымбеков сияқты журналист ағаларымыз бен тұстастарымызға еркінси кіретінбіз. Арамыздағы Сәкен осылардың бәрімен ет жақын араласады, іштерінде жүріп, тастай батып, судай сіңеді. Бірінен тапсырма алса, бірімен шүйіркелесе әңгімелесіп, пікір таластырып жатады. Дәл осы жылдар тұсы болар, әдебиетке де жаңа серпіннің ене бастау кезеңі. Өткен алпысыншы жылдардың басы қазақ әдебиетінің түлеген жылдары десек артық айтқандық болмайды, елуінші жылдардың бел ортасынан бұрынғы көз үйренген жыр жолдарының тақырып ауқымы кеңіп, ырғағы дамып, жаңа жағаға шыға бастаған сәтті қадамы айқын көрінеді. Қызыл Компартия, Кеңес өкіметі, берісі Хрущев жылымығынан соң-ақ жеке басты дәріптеу тақырыбы түбегейлі ысырылып тасталмағанмен, өлең-жыр кеңістігінде лирикалық пайымдаулар мен ой-толғаныстар элементтерінің көрінуі байқалатын еді. Поэзиядағы саналық өзгерістердің бой көрсетуі әдебиет көкжиегінің кеңуіне ықпал етті. "Өзге емес өзім айтам өз жайымды" деп Қасым ақын бұлқына шығып, тоталитаризмнің тұсаулы шідер жібін селдіреткен кез қазақ поэзиясының сілкінген бір дәуірі деу орынды. Бұдан соң-ақ лықсыған қазақ жырының бұлақ көзі аршылып, кең арналы ағысы лап береді. Әу бастан таза, бастау бітімі бөлек, еркін ойлы қазақ жыры көзін аршыса атқылайын деп-ақ тур екен. Тегі жақсының тумысы бөлек, негізі бардың ізі жоғалмайды. Бастауын сонау ықылым заманғы көне ғасырлардан алып, толғауымен тоғыз ханды тоқтатқан баба Сыпыра жыраудан бастап бүгінге жеткен қазақтың мың өліп мың тірілген кестелі поэзиясы алдында не бір бөгет тұрса да бұзып өтетіндей екпінді еді. Сол бір ұлтымыздың рухани айнасы, көркем шежіресі саналатын қазына, алтын қор дәстүрі бертін қазақтың бас ақыны Абаймен толықты, Ахмет, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Сәкен, Ілиясымен байыды. Бұған Әбділдә, Қалижан, Тайыр, Ғали, Қасым, Әбу, Абдолла, Мәриям, Жұбан, Сырбай, Қуандық, Мұзафар, т.б. ақындарының сан қырлы жырлары қосылып, өзен боп құйылады. Енді Ізтай, Ғафу, Тұрсынхан, Тоқаш, Зейнолла, Еркеш, Аманжол, Шәміл, Сағи, Қадыр, Тұманбай, Жүсіп, Төлеген, Мұқағали, Жұмекен, Фариза, Әбіш, Оразбек, Жарасқан, Мұхтар, Есенбай, Дүйсенбек, Ақұштап сияқты талантты ақындар легі келіп, поэзия жанрын жаңа ізденістерімен байытты. Бұл толқын және қарқынды толқын еді — 60-ыншы жылдары бұл лек әсте толысты. Мұны XX ғасыр қазақ жыр өнерінің көкжиегі жарқырай ашылған кезеңі деу орынды, толқын толқынды қуады. Осы ұлы толқынға біздің Сәкен Иманасов та сол жылдары өзінің ақ махаббатын ақтарыла төгіп, еркін қосылып кетті. Және толықтыра қосылды. Жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдар аралығында қазақ поэзиясының көгіңде жаңа буын өкілдерінің есімі боз ала таң, бозторғай болып, қалықтай көтерілді. Қазіргі Темірхан, Күләш, Есенғали, Ұлықбек, Иранғайып, Серік, Бауыржан, Гүлнар, Сабыр, Светқали, Ертай тақілеттес ақындар болашақтың ақындары ретінде — XXI ғасыр есігін ашты. Бұл лек әсте көп және толастамайтын лек, жүрек осыған қуанады.
Тегінде, Сәкен Иманасовты жұрттың бәрі түбі бірге түркі әлемінің санаулы талантты ақындар санатына қосады. Осы реттен де қазіргі тандағы қазақ әдебиеті, оның ішінде төлтума поэзиямыз жайында сөз бола қалған жағдайда оның атын орағытып өту мүмкін емес. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетіндегі "Жиырмасыншы ғасыр жырлайды" анталогиясына енгізілген Сәкен ақын өлеңдеріне орай жазылған аннотацияда: "Иманасов поэзиясын биік бағалауға да болар, Иманасов жырларын жақтырмауға да болар, бірақ оның кітаптарын оқып отырғанда автордың анық ақындығын, жамбасына топырақ қалың жұққан, қазақы жырдың қайнарынан қанып ішкен тума талант екенін мойындамау мүмкін емес" — деп тұжырымдалыпты. Алып-қосары жоқ, ақи-тақи шындығының өзі осы. Затыңда, сөзден сөз шығарушының лебізі шебердің қолынан шыққан нәрсе емес, мәселен, пышақты көріп мынау пәлен деген ұстаның, ерді көріп мынау пәлен ершінің қолы екен дейді, ал сөз өнерінің аты шығарма болса, ақын төлтумасын таныған оқушы оның тілі мен лұғатына назар аударады. Сәкен осы көрнек өнерімен жұртшылыққа әбден танылған ақын. Осы тұста ақын Тұманбай Молдағалиев ағасының айтып беруімен қаламгер қауым арасына кеңінен тарап кеткен мына бір әңгімені еске түсіре отырсақ ерсілігі болмас. Осыдан көп жылдар бұрын Сәкен Иманасов пен оның бұл күнде бақилық болып кеткен құрдас досы, ақын Сабырхан Асанов Қырымдағы Көктөбелде (жазушылардың шығармашылық үйі) демалып жатса керек-ті. Қара теңіз, шыжыған күн, құж-құж қайнаған жағажай, мөлдір тұнық салқын су. Күн нұрына қақталып жатқан екі ақын әр нәрсенің басын бір шалып, не түрлі қысыр әңгіменің, іштегі ойдың біразына ерік береді емес пе. Әңгіме үстінде ерігіп жатқан Сабырхан: "Сәкен, осы сен екеуміз қандай ақынбыз, қалай ойлайсың?" — деп сұрайды ғой. Сонда Сәкен оған бола көп бас ауыртып жатпастан: "Сабырхан, сен өз жөніңді өзің біл, онда менің шаруам жоқ, ал маған келетін болсақ, егер бүгінгі футбол тілімен айтар болсам қазірге тірі жүрген ақындар тізімінің алғашқы ондығына әлде қашан тұрақтағанмын", — дейді екен күлмей де, асып-саспай да әр сөзін нықтап айтып. Кейіннен Сабырхан: "Сәкен өзі туралы соны айтқанда басында не дерімді білмей, біршама үнсіз тұрып қалдым" — депті. Осы әңгімені тетелес екі інісінің аузынан әлденеше рет естіген Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев кейініректегі Сәкен Иманасов жайындағы бір мақаласында қиыстыра отырып қолданғаны да бар еді.
Сөз өнері адам санасының үш негізіне: ақылға, қиялға, көңілге тірелгенде жұғымды. Яғни өлең айшығы мен шумақ өрімі, тармақ тізбегі мен бунақ ырғағы сәйкес келгенде ғана ақын оқушыға түсінікті болады. Бұдан ақындық дара таңба, дербес үн естіледі деген сөз шығады. Сәкен осы жағына шебер, өлең техникасын әбден меңгерген жыршы. Әйтпесе сөздің сыны жалғыз тынысында емес ішінде де бар екені анық. Сәкен осы асыл сездің тысқарғы кестесін ғана емес ішкергі мағынасын да дәл байқайды. Мұны ұстаның ұстасы ғана біледі. Сондықтан да болар оның жырларындағы тұрмақтар орнында, өлең өлшемі әдеби нормаға сай, бунақтары ақын қалаған жерде тұрады. Рас, Сәкен ақын көпіртіп көп жазбайды. Газеттер мен журналдар беттерінде де көзге ұрып, жиі көрініп жүрген жоқ. Сәкен қатарлас, Сәкеннен кейінгі бірқатар ақындарымыз жылына неше дүркін Республика сарайында дүбірлете той жасап, шығармашылық кештер, түрлі деңгейдегі әдеби кездесулер өткізіп жатады. Суырылып сахнаға шығуды ұнатпай ма, болмаса соған қыры жоқ па, әйтеуір, Сәкен шақырған жерге ғана барып қойып, өзінше жүре береді. Әрине жұртты жиып кеш өткізу көрсеткіш емес, таза ақын, дарынды ақын қай жерде де ақын, гәп талантта. Енді байқадық, Секеннің жарық көрген кітаптарының саны да анау айтқандай көп емес екен. Бұл, әрине мін емес, бәлкім аз да болса саз жазуды мұрат тұтқан ақынның қатаң ұстанар қағидасы болуы да мүмкін. Бір кездері дүркіреп шыққан ақын сонау жылдары еліне барып тұрақтап қалғаны бар, түрлі қызметтерде жүрді. Әйтеуір, көп жылдарды ұзатып сала келіп, 1998 жылы "Алакөлім — айдыным" деп аталатын бір томдық таңдамалысын шығарған. Сол кітапты қайталап оқи келе, ақын Сәкен жайындағы ойымызды бір желі басына жинақтап, оның шығармашылығы турасында бұрын-сонды айтылып жүрген әрқилы пікірлерден бөлек сарындағы тұрақты бір түйінге келгендейміз. Ол түйін — ақынның бәз-баяғы тас түйін жинақылығы, ақын шыншыл қалпынан танбаған, өзінің тұрақты өлең өлкесі мен поэзия дейтін әлемнің таза өкілі ретінде сақталғанын айту. Жалпы Сәкен табиғатынан өлең құраушы емес, поэзия сардары болып қалады, бұл — шындық!
Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма десек, таңдамалы деген атау сол шығарма сөздің іріктелген жиынтығы. Мұны шумақтап айтқанда әдебиет дейді, әдебиет арабша, қазақша асыл сөз деген мағынаны береді. Енді осы асыл сөз "Алакөлім — айдыным" кітабына үңілелік. Қазақстанның күнгей шығысында әйгілі Жоңғар қақпасына таяу Алакөл аталатын көл барын, сол көлді жағалай қоныстанған ел барын біразымыз жағрафиядан жақсы білеміз. Сәкен ақынның сол өңірде дүниеге келгенінен де хабардармыз. Солай бола тұра нағыз ақын бір ғана аудан, өзі туған бір ғана өңірдің тумасы, сол жердің ғана перзенті болып қала алмасы белгілі. Ел сөзін ұстаймын деген ақын қанша ма айбынды да айдынды болғанымен бір ғана ауылдың жыршысы болумен шектеліп, тақырып аясын да, өз ерісін де тарылтып өлең өлкесін еншіленбейді. Таңдамалыда осы ойға жауап көп.
Таппақ болып менен де ақыры мін,
Тар деп те жүр біреулер тақырыбың,
Қалай ғана тақырып тар болады,
Жаһаныңды жаңғыртып жатыр үнім.
Жырақ шығып көрмедім өз елімнен,
Туған далам орманым, өзенімнен,
Африкаға барсам да ауылымнан
артық әсер етпесін сеземін мен!
Туған жердің сүйеніп терегіне,
Бұлбұлы боп мұң шақтым мен егіле.
Одан артық ақынға тақырыптың,
Одан артық бақыттың керегі не! —
дейді ақын. Бұл — оның жан сыры! Ол кір жуып, кіндік кескен жерін шексіз сүйеді. Осы реттен де:
Сарыны сарқылмайтын ағысты әнім,
Тұратын көз алдымда таныс таңым,
Жырыма жиі оралып жүрген бүгін
Алакөл — Итакам да,
Дағыстаным! —
деп түйіндейді.
Мұндағы Итака ұлы грек Гомердің туған жері болса, Дағыстан тағы бір ұлы ақын Расул Ғамзатовтың елі. Елі мен жерін бүкіл әлем жұрты тани түсуіне, біле түсуіне екеуінің де сіңірген еңбектері ұшан-теңіз екенін білеміз. Сәкен Иманасов та сол тұрғыда ой қозғайды. Алакөл дейтін көл барын, Алакөлдік ел барын, сонда туған ер барын жырлау арқылы адамзатқа ортақ тақырыптың бәріне аяқ артады. Мұңы мен шынын, сыры мен жырын қос өрімдей қатар ұстап, адами болмыстың бәрін түгел-тұтас қамтуға күш салады. Солай жырлауға талант-дарыны да жетерлік. Мұны күшенбей, күпсімей алған тақырыбын еркін игере алған, мазмұн түріне сай көмкерілген ақындық иірім десек болады.
Осы кітапта "Үй" деп аталатын шағын бір өлең бар. Өлеңнің эпиграфы ретінде: "Үшаралда әкемізден қалған ескі үйіміз бар еді. Әлдене себеппен ағайындар сол үйді сатып жіберген," — деп түсінік беріпті автор.
Ордам еді, қордалы елі бұл ара,
Әкемізден қалып еді мұраға.
Қасиетті, киелі,
Әкеміздің өз қолымен салып берген үйі еді.
Үйімізге кім кірген?
Кімдер екен танымастай бүлдірген,
Жақындауға жарай алмай, қарай алмай есіктен,
Есім шыға
есеңгіреп тұрмын мен!..
Күйінем деп ойлаймын деп мен бұлай,
Айтам арыз ағайынға енді қай?
... Өз үйіңе кіре алмауың, аулаңда
алшаң басып жүре алмаудың қорлығы ай! —
деп, жырлайды. Ғафу ақында да осындай бір өлең болатын, бірақ ондағы мазмұн басқаша, ескі жұртты аңсау мағынасында айтылатын. Сәкен жыры бөлек. Өлеңнің ертеректе, кеңес дәуірінде жазылғанын еске алсақ, бұл тек сатылып кеткен бір үйдің шаруасы емес, өз елің, ата-бабаң жерінде егей баладай күй кешкен кешегі тірлік, империя құрамында туған топырағында алшаң басып жүре алмаған тайғақ жол, тар к.ыспақты елестетер өмір фактісі көз алдыңа келеді. Таңдамалыда мұндай жырлар көп және артылып жыртылады.
Сәкен поэзиясының бір ерекшелігі, ол алған тақырыбын сағызша созып отырып алмай, қысқа қайырып, тиянақты тұжырымдайтын ақын. Бұдан көп жағдайда ақын және ұтады. Қысқалық — шеберлік белгісі.
Қарға аунаған түлкідей түлеп те мен
Қызығы мол қанша бір түн өтпеген.
Жүдетпегем мен сені, тірлігіме,
үлбіреген үміттей гүл етпек ем.
Кеудемдегі осынау ұлы күшпен,
тұнығым деп келіп ем тұнып ішкен.
Арғы жағы өзіңе белгілі ғой,
түк айта алмай тұрмын-ау, тынып іштен!..
Бар болғаны осы, өлең бітті. Кейіпкер сырын іштей ұғасың, бәрі түсінікті, сөз қосу артық.
Ақын талантының өзгеге ұқсамас дара қасиеті көп. Оның қай шығармасында да стильдік бет-бағдары айқын көрініп, алдыңнан шығып отырады. Сәкенді басқа біреумен шатастыра алмайсың, оның қолтаңбасын тану қиын емес. Қарасөзге де шебер суреткер проза жанрында да қарымды қалам сілтеп, жұрт назарын өзіне аударды. Ол "Қаламдастарым мен замандастарым", "Қалам мен заман" аталатын екі кітап беріп үлгерді. Екі кітап дегеннен шығады, Сәкеннің бір кітабы "Тасмағамбетовтың жүздігі" (егер осылай атауға болса — автор) сериясымен шықты. Бұл "жүздіктің" де өзіндік сыры бар. Бәрі есте, нарықтан дағдарған ақын-жазушылар "енді қайттік" деп, дал боп жүрген өткен тоқсаныншы жылдардың бірінде Одаққа творчество адамдарымен кездесуге сол кездегі вице-премьер Иманғали Нұрғалиұлының келгені бар. Сонда жазушылардың жағдайын іштей ұғынған ұлт азаматы ошарылған жұртқа сол кездесу үстінде 100 ақын-жазушының кітабын тегін шығарып беруге бекініп келгенін айтты. Әрине бұл күтпеген үлкен жаңалық еді, әрі айтулы көмек болатын! Жоғары лауазымды ініміз сөзінде тұрып, кейін уәдесіне жетті. 100 ақын-жазушының кітабы ұзамай жарық көрді. Ерлікпен пара пар осындай мәрттік ұмытылар ма, Иманғали Нұрғалиұлына мың алғыс, жақсының жақсылығын айтып қою да бір парыз. Сол "жүздікке" іліккен С.Иманасовтың "Қаламдастарым мен замандастарым" кітабына берілген аннотациядағы: "Көрнекті ақын Сәкен Иманасов қалың оқырман қауымға қаламгерлік жаңа бір қырын танылып отыр. Қара сөзбен жазылған бұл кітабында ол өзі аралас-құралас жүрген талай бір аға-іні замандастарының талант табиғатын, кісілік қадір-қасиет, өзіндік кескін-келбетін, жек көргені мен сүйгенін, көргені мен түйгенін ешбір көлгірсусіз көп-көп қызықты әлеуметтік-адами деталь-деректер арқылы әдемі де әсерлі әңгімелейді. Бәрі-бәрі бір кітап ішінде тоғыса, толыға келіп, кешегі заманы мен ертеңгі елдік амалы жайындағы шыншыл да шынайы толғану болып шыққан" — деген сөздер де көп жәйттен хабар беріп тұрғандай. Ал, "Қалам мен заман" кітабы, әсіресе ондағы "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" аталатын шығармасы кезінде әдеби ортада да, қалың оқырман арасында да, баспасөз беттерінде де көп әңгімеге өзек болып, зор серпін тапты. Әрине, жанр ерекшелігіне қарай бұл кітаптарда да бастан-аяқ кейіпкер ретінде автордың өзі жүреді. Сөйте тұра осынау ақындық ақ жарма көңілден туа қалған лирикалық сәтті шегіністерге толы шағын-шағын этюдтер сол уақытқа тән әдеби, саяси ортаның бет-пішіні, жеке бас мінез-құлықтың қоғамдық ағым аңғарына қосылуы тұтаса көрініс береді. Бұл бір ақынның ағынан жарылған сыры мен шыны, адалдық пен тазалық аңқып тұрған ой-түйіні, сонымен катар арнадан асып төгілмейтін қарапайым пайымдаулары. Өзі туралы айтқанда тек тағылым болар, тәлімге татыр уақиғаларға қатысты жағдайларға ғана тоқталады. Рас, әдебиетіміз естеліктерден кем де, кенже де емес, жарық көрген дүниелерді оқып та, тоқып та жүрміз. Бірақ сол бір 1960-2000 жылдар аралығындағы әдеби, мәдени ортаның атмосферасы жеке адамдар өмірі арқылы осынша анық та айшықты елес беретін кітап онша көп емес екенін де мойындауымыз керек. Сәкен Иманасов пайымдауларында жарқылдақтық жоқ, фактіні бұрмалай көрсету жоқ, алдыңғы планға өзі шығып көрінуге жол берілмейді, не айтса да шындыққа жүгіну бар, бұл әрине жақсы қасиет, бірақ натурализм емес. Осы күні естелік жанрын иемденушілер көп, көрінген жерге өзін кірістіру, авторлық жалған абыройға ие болу, бұйрық емес жерге қыстырылу сияқты әдет меңдеп алды. Осыдан да мемуарлық шығармаларымыздың мәні кетіп, сапасы солғын тартып жүр. Мұндай әдіс әдебиеттің көкжиегін әрине кеңітпейді. Сәкен естеліктерінің есті жағы, мінезді тектіліп осындай жағалауларға соқпай өзіндік сүрлеу салу қылығымен ұнамды. Ең бастысы, қаламгер өзінің азаматтық ұстанымынан танбайды. Ол әу бастан-ақ "жағынбадым әкіміне, өмірге, жалбарына жалынбадым тәңірге, намысымды берген жоқпын қолымнан, көнген жоқпын қиянатқа, жәбірге", деп жүрген қайсар мінезінен айнымайды. Мұндағы тағдырлар тоғысы, кейіпкерлердің типтік бейнеге көтерілуі, ішкі ағыс, соны түйіндер осындай ой қорытуға мүмкіндік береді. Мұндай ой түйінге ақынды уақыт үйретті деуге негіз бар, ол газет-журнал, баспа орындарында, партия-совет қызметінде, әкімшіліктерде, тіпті Жоғарғы Кеңестің аты шулы тарап кететін парламентінде аз уақыт депутат болған, өмірде мол тәжірибе жинақтаған азамат қой, сонысы себепкер болса керек-ті.
Өткен жылы Астанадағы "Ел орда" баспасы Сәкен Иманасовтың кейінгі он жылдан астам уақыт ішінде жазған жырларының басын қосып, қалың бір том етіп шығарды. "Өткірдің жүзі" аталатын осы кітапта Сәкеннің көп жақсы өлеңдерінің қатарында "Жайлауда, 1991 жылдың жазы еді" дейтін жерлесі Серік Толғанбаевқа арналған өлеңі бар. Шағын ғана арнау өлең болғанымен бұл өлеңнің құрылымы бөлек. Мұнда этнография да, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та жетеді. Әсіресе адам тағдырының қабысуы қызғылықты, ел салтын жақсы білетін ақын ауыл тіршілігін өлеңінде сәтті суреттейді.
Ақын кітабында өз тұстарына көп жыр арнапты, оған тоқталу қажет те болмас. Бізді ел, жер тағдырына арнаған өлеңдері қызықтырды.
Арқамды ауық-ауық аяз қарып
ағайын азғанда да жай азбадық
көлің де,
көңілің де шалқар жатқан
барады бірте-бірте саязданып, -
дейді ақын. Егер ол:
Бұл күнде —
іші зұлым,
сырты — жылы,
азып тұр ұлдарыңның ұрты ұзыны
Оның да кімге беріп, кімді алатын
қолында сала құлаш жүр тізімі, —
десе иланасың. Ақын бірде:
Әділ айтқан әзілімді кек түйген,
талай досым көрместей боп кетті үйден.
Оған да өзің күйзелесің, күйесің,
кінәң жоғын біле тұра бет күйген, —
дейді. Қазір құрдасың ба, сырласың ба көптенгі, көтермейтін болып алды өкпеңді. Ала көңіл дос көп, екпені бөз өкпе дос көтермейді. Мода өтірік мақтау, көпшік қою болса сонда қай мұратқа жеттік, ақын осындай адамдар арасының қатынасын жеріне жеткізе айтады. Дүние жалған, сондықтан да:
Әрнеге еміндіріп, елеңдетіп,
бара ма боқ дүние менен де өтіп
дегені писсимистік сарын емес, құйындай ұйтқып-ойнап өтетін өмірге пәлсапа. Қай жүректің де бабадан қалған сөз мәні кемісе бозінген көңілі боздайтыны анық. Осы реттен де:
Тіресіп келем, күресіп көрем,
Міз бағар емес сіресіп керең, —
...салдыр де күлдір сайтан арбаның,
соңынан қалмай...
ілесіп келем!' —
деп жұбанады.
Ақын көңілі бірде көл, бірде бұлақ. Еліне аға да, жаға да болғысы келетін көңілдің кейде сыр беретіні бар. Осыны ақын"сайтан арба соңынан қалмай ілесіп келем" деп сездіреді. Ал, "Деп көрсек" дейтін өлеңі ұлттық санаға әсер ететін өлең, жанайқай басым.
Көлгірлікті кере тұра кектеніп,
кіжінбедік,
тізімге еріп...
ептедік.
Күшігіміз ырылдаса — мәз болып,
Шындық іздеп шырылдаса — жек көріп, —
деп басталатын бұл өлең:
...Ойға да алған,
бойда қалған отты өлшеп,
кеш те болса қайтер еді кектенсек,
"Құлдық та бар,
Сұмдық та бар заманда
О, жамағат, шындық та бар!" деп көрсек, —
деп түйінделеді. Ет өліп кеткен тірлік осылай болса да ақын жұртына мүлгу жетеді деп түр. Тіл, дін, діл арбалып, алданған заманда сілкінбесек болмайды дейді ақын. "Көрсек" дегенінде біраз мән бар. Ақынның сезім арпалыстары мен ой ағыстарында өзін де өзгені де қайрау қайрағы жатыр, өлеңнің ішкі иірімі осыған шақырады.
"Өткірдің жүзі" көп ойға жетелейді, ақын тағылымы кісіні бей-жай қалдырмай ішкі шерді бір толқытса, адамгершілікке қарай бастайтын тұсы ойлантады. Сәкеннің жыр жолдарынан асқақ та адуынды мінез көрсек бұл ақынның өзі-ау деп шамалайсың, елім десе елжіреп тұрар нәзік жүрегін, ақиқат жолындағы ақберен өткірлігін, ақ махаббат сезімің аңғарған сайын, өлеңдегі Сәкен мен өмірдегі Сәкенді егіздей көріп отырасың. Оның ақындық адалдығы "Досты аңсап келем" дейтін өлеңінде бар қырынан ашылған.
Жолыққан шақта-ақ ұмыт боп қайғың,
Талас қап,
Шамдануы да,
Таңдануы да жарасты-ақ.
Ойламай өткен тірліктің нарқы, парқын да,
Досты аңсап келем нар көңіл,
Досты аңсап келем әрі асқақ!
Өтсе де тілеп...
Жолыққан сайын бір өртеп,
Жолыққан сайын ширығып,
Жайнап,
Түлер тек,
Жадыратып жанды,
Жарқылдап күліп, жанатын,
Досты аңсап келем бір биік,
Досты аңсап келем шын еркек!
Жолыққан сайын қояусыз құшар от-деммен,
Алаңсыз досты
Аңсап та келем көптен мен.
Сондай бір досты іздеп-ақ жүрмін шарқ ұрып
Іздеп-ақ келем жаздан да,
Іздеп-ақ қыстан...
Көктемнен!...
Іздеп-ақ келем сондай бір досты шын аңсап,
Жақсылық десе көз жұма тартар ұран сап.
Кінәсі болса құдайдың мінін бетке айтар
Жігіттен тура айналып,
Айһай, арман не,
Бір өкпесіне тұра алсақ!..
Досты аңсап келем
Айырылмай өтер тірліктен,
Онысыз, бәлки, олқы да болар жыр біткен,
Олқы да болар өмірім,
Жүрмін аңсап-ақ,
Аңсап-ақ,
Аңсап жүрмін-ау
Асыл да досты бір күткен! —
деуі тегін бе? Дос қайда сол? Кім-кімнің де үлкен сұрағы ішінде жатыр, шын досы бар адам бақытты, ал таппасаң ше, сондықтан да кім-кім де дос іздейді, бірақ досты да Алла беретін болса керек, адалынан жолыққан дос тағдырдың бір сыйы! Ойыңа Шәңгерей ақынның "Сыршы" дейтін өлеңі оралады.
Құйрық атып қүлия,
Түлкідей қашқан жымия,
Қараңды үзіп барасың,
Бізден де қайран дүния...
Дәурен өтіп, жас жетіп,
Замандас құрбы адамдар,
Азайып келіп, о бітті.
Көрген түстей бәрі де,
Көзімнен болды зым-зия.
Өмір заңы осындай, бәрі арман, адам армандауын қоймайды, адам үмітпен өмір сүреді. Зым-зия тірлік жүйрік, бәрі бір көрген түс! Сонда да біреуге жан қайғы, біреуге бас қайғы, ал, Сәкен ақын дос іздейді. Ой мен сезім — ақынның алтын арқауы! Ол таңырқайды. "Бұл неткен ел, неткен ел" деп танданады. Тандана отырып:
...Жақының жоқ өкпелер,
Жауың да жоқ жек көрер,
Ұры-қары әкімі,
ақыныңда жоқ бедел,
бұл неткен ел, неткен ел?
Аярлықты — айла дер,
қараулықты — пайда дер,
су жүректер мекені —
апыр-ау, бұл неткен ел,
апыр-ау, бұл неткен ел?! —
дейді. Бұл қай тұжырым — сұрақ? Сарынды ой түйінін автор оқушыға тастайды. Тәсіл жақсы. Әдетте оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны да сынайды. Ақын тырнақ ішіндегі кірді көріп отыр. Өйткені ел өзінікі, ел өзінікі болғасын міні де ортақ, ақын міндеті соны көрсету.
Енді әңгіме басында айтқан уәжге қайтып оралар болсақ, "бүгінгі ақындардың алғашқы ондығындамын" дейтін Сәкен сөзіне тағы бір тоқталып өтуге тура келеді. "Ондығы" несі? Сәкен ақын "ондық" ішінде жүретін ақын ба? Кезінде замандасы, қаламдас құрдасы Асқар Сүлейменов айтқан және бір сөз бар. Ол: "Егер қазақ әдебиетіне Менделеев кестесі сияқты кесте болса, соның бір ұясына мәңгілік тұрақтаған ақын — Сәкен Иманасов!" — депті. Дұрыс-ақ айтқан ғой, осы пікір көңілге қонады, ақынды жасанды сан қатарынан емес, Асқар айтқан ұядан, толғамды ой тоғысынан, ақындық талантынан, сөз меңгеру шеберлігінен іздеген дұрыс шығар. Әйтпесе еш лауазым да ақынға ақындық қоспайды, лауреаттық атақ та ақын үшін бедел емес. Бір кездердегі Горькийдің "жазушы — құрметті ат" дейтін аталы сөзі ескірген заманда, біздегі жазушыларды мемлекет тарапынан категорияға бөліп (бірінші сорт, екінші сорт деген сияқты), бір беріп, бір алып тастап жүрген "халық ақыны", "халық жазушысы" дейтін атақ, дәстүрлі мемлекеттік сыйлық, кеудеге сөлкебай таққаннан екі болған творчество адамы жоқ. Бір жақсысы, Сәкен осылардың бәрінен ада, сондықтан да біз Сәкенді жоғарыда өзі айтқан "ондықтар" қатарынан іздемедік, оны жөне жөн көрмейміз де. Ақын түсіне ылғи ақбоз ат кіреді екен, кітабында "Бір ақбоз ат түсіме көп кіреді" дейтін өлеңі де бар, ылайым, сол ақбозына өңінде мінсе игі. Сәкендей ақынға ақбоз мінген жарасады. Ақынның өз тұлпары болғаны әрине жақсы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі