Өлең, жыр, ақындар

Сырбаз ақын, сырлы жыр

Құдай-ау, бәрі күні кеше сияқты еді-ау. Қазір ойлап отырсам, Сәкен ақынмен алғаш танысқанымызға қырық жылға жуық мезгіл өтіпті. Бізді табыстырған киелі қара шаңырақ "Лениншіл жас" болатын. Алтын жалды жыр арғымағын ертелете ерттеп мініп, ақындықтың арман-тауына тезірек жетуге асыққам албырт ақынның қатарласы, қаламдасы болған бізге сол бозбаланың бүгінде басын бозқырау шалған жігіт ағасы жасына жетіп, елінің айтулы азаматы, арқалы ақыны шағын көрудің өзі ағымыздан жарыла сыр ақтаруымызды сұрап тұрған жоқ па?! Оның үстіне кейіпкеріміз ішкенге мәз, жегенге тоқ көңілмен күн кешкен көптің бірі емес, елінің сөзін сөйлеп, жырын жырлаған сұңғыла ақыны болғандықтан да айтылар әңгіме, шертілер сыр бөлекше болары белгілі ғой...

Мінеки, алдымызда алпыстың асқар беліне шыққан Сәкен ақынның бір томдық таңдамалы жыр жинағы жатыр. Бұл өзі ақынның ел алдында берген есебі сыңайлы. Яғни таңдамалысы — тартуы. Біз сияқты ежелгі оқырмандарын да, жырсүйер жас қауым өкілдерін де Сәкен өлеңдері салған жерден сабырлы, салмақты ойлардың тұңғиығына тарта жөнеледі. Оқушыны бірден баурап алатын, әрине Сәкеннің ақындық құдіретінің күштілігі, өлеңдерінің сиқырлы сырға, мұнарлы мұңға толы тебіреністі тегеуріні болар. Сәкен ақынның көзге ұрып тұрған бір ерекшелігі ақылгөйсуден аулақ, ділмарсуға ден қоймайтындығы. Ақын не айтса да ағынан жарылып, ақ адал ойларын ортаға салып, алаңсыз сырласады. Сырттай сырласса да, жанында жайғасын отырып, жүрек сөзін ақтарыла айтқандай сездіретін бір сиқыры бар. Бейтаныс болсаң да жан досындай жақын тартып, көкейіндегі көп сырын алаңсыз көңілден ақтарған ақын жырын сүйсініп, айызың қанып оқи бересің, оқи бересің. Ал бұл нағыз ақындықтың белгісі емей, немене?! Осы жерде Сәкен ақындығының тағы бір қырын аша кетсек дейміз. Біз білетін Сәкеннің өзі қандай болса, өлеңі де сондай, яғни өлеңі мен өмірінің түбірі, табиғаты бір.

Сәкенді білетіндердің бәрі оның ақылдылығы мен турашылдығына тәнті. Оның кімнің алдында болсын жағымсып, жалтаңдамайтын, көкейіндегісін күмілжімей бірден бетке айтатын тік мінезі шатақшылдығы емес, шындықты сүйетіндігі. Өзі адал адам өзгенің де мейлінше таза, әділ болғанын қалайды. Осы жерде өлеңі өзіне тартса, ақындығы азаматтығымен туыстасуы да заңды құбылыс. Сәкен ақынның қазіргі қазақ поэзиясының бір тұлғасы болуының сыры да осы жерде. Ақын өлеңдерінің өресі биік, өнегесі өзгеше қымбат. Ол құдай сыйлаған дарынын далаға шашып, "шөпті де, шөңгені де" өлеңге қосып жүрген жоқ. Қоғам, заман, уақыт сөзін сөйлеп, сырын шертуге келгенде ақын жыры тайпалған жорғадай желе жөнеледі. Ақын сылдыр сөзге, орашолақ ойға, сырдаң сезімге жол бермей, қисынын тауып қиядан шалуға шебер.

Сәкен ақынның лирикалық кейіпкерлері ылғи да ел азаматының ойын ойлап, сөзін сөйлеп, ісін істеуге даяр тұратын дара сипатымен сүйкімді. Мына бір жолдарды ойлана оқиықшы:

...Шындық үшін шайқасудан бір танбай,
Айтарымды айтам елге бұлтармай.
Бас кетсе де — тұра алмаймын үндемей
Жалғандықты жалғыз өзім құртардай!
...Расында
Қырланбай да бұлданбай,
Айтады елге ащы-тұщы сыр қандай, —
Ар алдында ақын өзін әрдайым,
Сезінбесе дар алдында тұрғандай?!

Осы өлеңді оқыған әрбір адам ел-жұрт алдында өзінің де осындай қадір қасиетімен танылуға тырысып бағар. Иә, азды-көп ғұмырын қайткенде де кіршіксіз кісілік, қапысыз имандылық жолына жұмсап, ар-ожданына дақ түсірмей, адалдыққа серт байлаған, асқақ адамгершілікті дүниенің бар қызығы мен бар байлығынан артық көретін адамның бейнесін ақын осылайша сомдаған.

Айтары көп азамат ақынның қай өлеңін оқысаң да оның философиялық ой-түйініне түйсініп, сөз саптасына сүйсінесің. Көңіл көзі көреген, ойы ұшқыр, сөзі ұтқыр ақынның өлеңдері сенің де жаныңды жай таптырмай, тынышыңды қашырған өмір құбылыстарымен кездейсоқта кездестіріп, таң-тамаша қалдыратыны бар. Сәкен ақын бейне бір сенің ой-сезіміңді, көңіл күйінді, айтар сөзіңді естіп алған кісіше жыр төгеді. Бейне мені мен сенің басыңнан кешкен жағдайды жырға қосып, айтпағыңды айтқандай әсерленесің. Осы орайда жинақтағы мына бір екі өлеңге арнайы тоқтала кеткен жөн болар. Күзгі аспанға көз салған ақын жүрек суыра сыңси сұңқылдаған жалғыз тырнаны байқап қалады. Әдеттегідей тобымен тізіле ұшпай, сыңарынан айрылып, сұңқылдаған жалғыз тырна туралы жыр оны оқыған адамды сан тарау ойға қалдырады. Жұбынан көз жазып қалған тырнаға жаны ауырған ақынның көңіл күйі, сезімі сені де еріксіз ерітіп, елжіретіп, қай-қайдағы мұңға батырарын қайтерсің. Құсты аяйсың, сөйте тұра жалғанның жалпағында жалғыз қалған адамдар да бар екені есіңе түседі. Солардың тағдыры толғантып, жақсы орта, жайсаң жандардың арасында жүріп, алаңсыз ғұмыр кешудің бағасын біле түскендей боласың.

Замандастар мен қаламдастар Екінші өлеңнің аты "Арланның ажалы" Айбарлы арлан ит басымен айналадағы жұртқа аты шығып, дүйім елді дүрілдеткен еді. Сол арлан ит кейін қартайып, жұрттың есінен шығып кетеді. Сол ит бір түні қыр асып кетеді де, айдалада топ қасқырға кезігеді. Ақын арлан иттің ажалы қалай жеткенін, топ қасқырға қаймықпай қарсы шауып, қайсарлықпен қалай айқасып, ерлікпен өлгенін өлеңмен өрнектеген. Текті иттің текке өлмей, соңғы демі біткенше айқасып, бір қасқырдың жанын жаһанамға жіберіп, соны жастана жатып көз жұмғаны да кім кімге де ғибрат болғандай. Әрине, асыл текті арлан ит осылайша өлген шығар, алайда ақын соның мысалын әңгімелей отырып, адамдарды да ерлік пен өжеттікке үндеп отыр емес пе?! Адамдарға қартайсаң да қадір-қасиетіңді қашырма, өлімің де өзгеге өнеге болсын деген ойға батырып түр. Сәкен ақынның жүрегін жарып шыққан мұндай өнегесі өзгеше, ғибраты ғажап өлеңдер тіпті де көп.

Біз білетін Сәкен ақынның өлеңдері саяси науқан, өтпелі кезең жөнінде үн қосып, ұрандаудан аулақ. Оларды оңаша отырып оқып, оңаша сырлассаң ғана көкейіңе қонады. Рухани көрегендігі көпшілікті тәнті еткен ақын жырларынан жалғыздың емес, жалпы жұрттың жүрегіне ұялаған мұң мен сырды ұғасыз. Сәкен бүтін бір ұрпақтың өмірбаянын өлеңдеріне арқау еткен. Ол өзі бұрқырата жазып, том-том кітап та шығарған жоқ. Сөйте тұра қалың оқырман көңілін толқытып, сезімің сырға бөлеген өлеңдері ел есінде жатталып қалып жатады. Ақынға бұдан артық қандай бақыт керек?!

Қазіргі қазақ поэзиясын жаңа белеске көтеруге белсене атсалысқан, рухани қазынасын байытып, ұлттық көркем ойымызға ортаймас олжа салған Сәкен саңлақ ақын санатыңда. Ақын өлеңдерінің тақырыбы таныс болғанымен, сөзі сара, ойы дара. Ал бұл ақындық шеберліктің үздік үлгісі ретінде бағаланатын ерекшелік. Бір ақынның бар қазақтың арман-аңсарын өлеңмен өрнектеуі талантының тарландығы. Айрықша айшықты жырлар жазған төтенше дарынды ақынның халқының аялы алақанында жүруі де жақсылықтың белгісі. Әр туындысының өзіндік өрнегі, өзіндік сыр сипаты болуы Сәкен ақынды қазақ өлеңінің төріне шығарғаны да шындық. Ақынның сөз саптаудағы зергерлігі, зерделілігі айрықша. Әр сөздің бояуын тауып, суретін салып беруде де ешкімге ұқсамайтын ақынның жыр жолдарының әуені мен әуезіне де ерекше мән беріп, оның мазмұнын байытып, көркемдігін асыруға асығатынын байқап бағамдау да қиын емес. Сәкен ақын сөзге сондай ұста, ойы нұсқа. Оның жырлары жаныңды жадыратып, сезіміңді серпілтіп, ойынды он саққа жүгіртіп, жүрегіңді баурап алатындай аса тартымды. Тосын тапқырлық, тың ой өзіндік көркемдік кесте Сәкен ақын жырларын айрықша айқындайтын осындай қасиеттері. Сөзі дуалы дүл-дүл ақынның дүние құбылыстарына өз көзқарасы, өз топшылауы, өз тұжырымы бар. Оған сүйсіне құлақ түретініміз де сол себепті. Ақын өлеңдері туған жер, өскен елдің жүрегіне жақын, көңіліне ыстық қадір-қасиетін арттыра, асқақтата түсуімен қымбат. Бұл орайдағы қайсыбір өлеңдерін оқысаңыз да сөзбен айтып жеткізе алмайтын, алайда жан жүрегіңді баурап балқытып, елжіретіп, көңіліңді көкке өрлетіп, сезіміңді селдетіп кететін құпия бір құдірет күшке ие.

Күрмеуі қиын күрделі өмірдің шытырман шындықтары шудадай ширатылып, шиыршық атып жыр жолдарына көшеді. Ақынның ой-парасаты күнделікті, үйреншікті қоңыр тіршіліктен қаншама сыр ашып сұлулық тауып, көңіліңді өзгеше күйге бөлейді. Сергек сезімді, сұңғыла ойлы ақынның былайғы жұрт байқамайтынды байқап, былайғы ел елемейтінді елеп, оны жалпы жұрттың жүрегін толқытар толғақты, мәнді мәселеге айналдыруы жан жомарттығының, байқампаздығының жарқын мысалы. Әр өлеңін әр адамның өз көңілінің күйі, жанының сырындай қабылданатынын қайтерсің?! Сәкен ақын адами болмысымыздың терең түпкіріне үңіліп, қайталанбас поэтикалық портреттер жасауға келгенде де алдына жан салмайды. Сол қасиетімен де ақын жырлары сіз бен бізді рухани ізгілікке, рухани кемелдікке үндейді. Оның өлеңдерінің өміршеңдігінің түпкі сыры да осында. Сәкен өзінің оқырманын — қалың елі қазағын рухани тұтастық пен адами тазалыққа, намысқойлық пен арлылыққа шақырған жырлары арқылы абыройын асырған ақын. Ол қазақ поэзиясына соны сүрлеу, тың тыныс, бірегей бетбұрыс жасауымен де өз орнын тапқан талант. Арқауы берік, арнасы кең асыл жырлары жан тазалығының, ар тазалығының бастау көзі — тұнық тумасы және сол қасиетімен құнды. Арқалы ақынның жыр бейнесіндегі жебеушісі, талантының қос қанаты — шалқар шабыты мен шынайы шеберлігі.

Сәкен жылы жүректі, адал тілекті, кесек, мәрт мінезді азамат ақын. Кәдімгі аңсарымыз ауып айызымыз қанып аузымызға алуға лайық, от ауызды, орақ тілді бірегей ақын екендігі даусыз. Арынды да дарынды ақын Сәкен Иманасов жүрегінде сәулесі бар қазақ баласының бәріне сыйлы, бәріне сүйікті көрнекті қаламгер. Кемел жасқа жеткен кенен ақынға — ел-жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген ақынға бұдан артық бақ пен бақыттың қажеті де бола қоймас дейміз. Осы жасына дейін депутат та болды дәрежелі қызмет те істеді. Оның бәрі-бәрі өткінші тіршілік қой. Мәңгілігі өзі жазған өлеңдері ғана. Сонысы ғұмырлы болғай. Ақын ағаның жыр жолындағы нұрлы жолы жалғаса беруіне, жасағанның берген жасын жасап, отбасы — бала-шағасының қызығын көріп, батагөй баба ақын болуына көппен бірге біз де тілек қоссақ дейміз.

"Егемен Қазақстан" газеті, 7 мамыр 1998 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз