1980 жылдың қараша айында "Жазушы" баспасында жаңадан фольклор жөне халық шығармашылығы аталатын редакция ашылып, сонда қызметке орналастым. Редакция негізінен көне жыраулар, халық ақындары шығармаларын жариялаумен қатар, ұлттық фольклорымыздың 100 томдық үлгілерін шығарумен айналысуға тиіс еді. 15-16 кітап жариялап үлгердік те, ары қарай заман өзгеріп шыға келді. Редакциямызды басында Есләм Зікібаев басқарып, аяқ астынан "Кітап жаршысына" редактор болып ауысты да, оның орнына бізге бастық болып ақын Сәкен Иманасов келе қалғаны.
"Жазушы" баспасы сол кездегі ең атақты, ең беделді, өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар үлкен мәдени мекеме еді. Күллі жазушы атаулы осы жерден кітап шығарып, қаламақы алады, ақын-жазушылардың бірталайы сол мекемеде қызметте жүр. Баспада екі жүзге жуық адам қызмет етеді, жыл сайын 300-400 кітап шығарады, 5 миллион сом көлемінде табыс табады, Одақ бойынша әлденеше рет бәйге де алып, ордендермен марапатталып та жатты. Ұжымда өзара тату-тәтті қарым-қатынас, қазақы мейірбандық, жылы көзқарас орнаған, жоғары деңгейдегі астыртын айтыс-тартыстарда шаруамыз жоқ, қатарлас жүрген азаматтар ішінде ала қойды бөле қырыққан жаман мінез-құлық байқала бермейтін. Тақырыптық жоспарға кіру, кітап шығару өте қиын, екі-үш жыл еңбегіңді сіңіріп барып қана ол жайлы аузыңды аша бастайсың.
Сәкен ағаны бұрын сыртынан білетін едік. Өте білімді, мәдениетті, өз күшіне, өз талантына сенімді мықты ақын дегенді де естіп жүреміз. Қай ортада болсын беделді, салмақты. Асықпай жүріп арбамен қоян алатын, кең өлшеп, мол пішетін жаны жомарт, мәрт те, маңғаздардың бірі дейтін жұрт. Біздің орда бұзар отыздағы кезіміз. Сәкең болса қырықтың үстіндегі "әлі де қылшылдап тұрған" жігіт ағасы жасындағы азамат.
Алпысыншы жылдары дүрілдеп келіп, қатарға қосылған талантты толқынның өкілі. Дос-жоралары Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай, Әділбек, Фариза, Сабырхан сияқты кілең бір ығай мен сығайлар. Мәскеуде, Жоғары партия мектебін бітірген, Жоғарғы Кеңеске депутат та болған, әдебиет саласында белгілі орны бар қаламгер. Оның шығармашылығы, алғырлығы, көркемдік ізденістері туралы кезінде замандастары, әдебиет сыншылары да көп жазды. Халықаралық "Алаш" сыйлығын да сол кезде алды-ау деймін.
Батырға лайық гүрілдеген жуан дауысы бар ақыннан талай-талай дөкейлердің өзі де аяғын тартып, кейде жақтырмай, кейде ығып жүретінін де байқап қаламыз. Сәкең бетің бар, жүзің бар демейді. Тура ғана тікесінен айтып салатын ержүрек, батыл мінезді, серілігі де, әділдігі де жетерлік қарапайым, қайырымдылығы да әрдайым сезіліп тұратын біртуар жігіт ағасы. Ә дегеннен Сәкең менің де хал-жағдайымды, бала-шаға, шаруамды жиі сұрап біліп алды.
Мен аң-таң қаламын. Шынымды айтсам, осы Алматыға көшіп. келгелі біздің хәлімізді пәтер жалдаған қожайын ұйғырлар ғана сұрайтын еді, сол себептен бе, әйтеуір ішім жылып кететін...
Жұмысқа тұрмай жатып "жығылсаң нардан жығыл, нар тәуекел!" деп Алматыға көшіп келгем, пропискіні әрең дегенде жасатып едім, ол да кейін жалған болып шықты. "Луч Востока" аталатын колхоздағы бір ұйғырдың жазғы жеркепесіне көшіп кірдік, әйелдің аяғы ауыр. Бұған дейін ауылда алты жыл мұғалім болып, мектеп өмірімен жете танысқанбыз. Әке-шешемізге көмектесіп, үлкен үй де салып бердік. Алматыға қарай жетектеген сол баяғы кітапқа, әдебиетке деген құмарлық.
Не керек, Сәкен аға бірден-ақ туған ағамыздай болып кетті. Жұмыс жүрмей жатса қаттырақ зекіп те алады, бірақ мен бастық екенмін деп ығырымызды шығарып, жеке бас жұмысына жегіп, кейбір тез таситын шолақ сай сияқты жылпостардай дікеңдегенін көрген емеспіз. Ақын-жазушылардың біразы Сәкенді іздеп келіп жатады. Атақты партизан Қасым Қайсенов те іздеп келіп тұратын, тіпті бірнеше рет жолсапарларға да бірге барып қайтуға шықырып жүрді. Аңызға айналған батыр туралы Сәкең бізге үнемі алыстан сермеп, шешіле қызықтап, әңгіме айтып отырады. Өзі өте әңгімешіл, бір бастаса, ол кісіні оңайлықпен тоқтата алмайсың. Талайды бастан кешкен, көкірекке тоқыған мол парасат-пайымы дегдар азаматтың ішіне сыймайды ғой деймін, сірә. Бізге, әрине, бәрі қызық, айта берсе екен деп отырамыз... әңгіме айту да біле білгенге зор өнер, қазақта ауызша әдебиетті де сол шешендік, әңгіме айтқыштық сақтап келген жоқ па. Ортамызда Айсұлу Қадырбаева ақын бар, Ақтөбенің тумасы, сұлу келіншек, сүт қосып қайнатқан керемет қою шайын дәмдеп сәндене бір керіліп отырушы еді. Көкшенің көк перісі Тортай ақын бар. Дәуітәлі Стамбековтың өзі неге тұрады. Нағима атты тағы бір керілген келіншек болды. Сол 81 жылы Тортайды үйлендіріп, тойын бірге тойлап тастадық. Сәкен аға 25 сомнан жинаңдар деді өзі басқарып, ешкім қарсы келе алмайды, ол кезде бұл қомақты сома. Той жақсы өтті, кербезденіп Сағи ағамыз жүрді бикештермен би билеп. Айһай, дедің-ау, сол бір уайым-қайғысыз керім кездер-ай! Ертегі тәрізді, әлі күнге есімнен шығар емес.
Алғашында кіші редактор болып бір жыл жүрдім. Жалақы 110 сом. Сәкен аға директорға қайта-қайта кіріп жүріп, редакторлыққа өткізді. Ол орынға таласып, менімен бәсеке болып С. деген жігіт пайда болып еді. Ағамыз менің партияға мүше екенімді айтып, әйтеуір әрең дегенде директорды иліктірді-ау! Ол кезде редактор болу қиын. Әйтеуір, жеті-сегіз жыл ішінде Сәкең бізге көп нәрсені түсіндірді, авторлармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті, өзі де үлгі болды, бәрімізді кісілікке, адамгершілікке тәрбиеледі. Белден басып бір өзі ештеңені шешпейтін. Бірде көп жағымпаздың бірі жүгіріп келіп, "Ойбай, министр келе жатыр, ананы әрі, мынаны бері тығып отырыңдар!" — деп, зәремізді ала діккеңдеп бергені. Өзі де сол кезеңнің солақай белсендісінің нақ үлгісі, кері басқан кейіпкері еді. Сәкең шарт кетіп: "Немене, нені тығып отырамыз, көз бояушылықты қашан қоясыңдар осы!" — деп өре түрегелді. Ашу шақырды. Анау да кішігірім бастық еді. Біраз айқай, айтыс туды. Сол неме де директорға жеткізіп, ол да сабырлы кісі еді, әрең басса керек. Бастық атаулыға қарсы шығу дегенің ол кезде сенсация. Сәкең "бастық екен, тағы бірдеңе екен" деп қорқып-пысып жатпайтын.
Сол баспада жүріп бес-алты директордың қызмет тәсілдерін көріп, байқадық қой. Сәкен аға жылдар өте келе салмақты мінезімен үлкен беделге ие болды. Бірде С. деген бастық "Әй, ана жігітің жұмыс істей ала ма өзі?" — дейді Сәкеңе мені нұсқап. Бір көңілі жақын әйел арыз айтса керек. Жұмысты кешіктіріп жатқан мен емес, суретші болатын. Сәкен аға да аяғын тартқан жоқ, мені қорғаштап, тіпті ұрсып та жіберді, қатты-қатты айтып тастады. Бірде жаңа директор келіп, бір Т. деген бөлім меңгерушісін тез ауыстыра қоймақ болды, онда да Сәкең "ендеше, мен де жұмыстан кетейін" деп наразылық білдіріп, оны орнында қалдыруға күш салды. Ең үлкен баспа өкпек желдің өтінде тұрғандай, тартыс-таласпен екі-үш жыл сайын бастықтар алма-кезек ауысып жатады. Қай жеңгені өз адамын әкеліп жылы орынға отырғыза қояды. Сәкең бастықтар үшін алынбастай бір қамал. Қарапайым редактор болып жүргенде өзінің редакция меңгерушісі Ж. деген ақынның аударма өлеңдерін жаратпай тастапты. Бастығы шыж-быж болып, мұндай "қырсықты" бірінші рет көрсе керек, бұлқан-талқан ашуланса керек, Сәкең оған айылын да жия қоймайды. Өйткені, ананың ақындығы расында да шамалы еді. Екеуі ұзақ уақыт дүрдараз жүріпті. Баспадағы жігіттер осының бәрін аңыз етіп әңгімелейтін.
Сәкен ағамыз қай жерде жүрсе де, үнемі қатардағы қарапайым жігіттерді қолдап, қорғап жүрді. Ал ол жігіттер де ағаның жақсылығын ұмытпай, өте сыйластықпен қарап, алдынан кесе өтпей, ылғи да арнайы сәлемдесіп, бір хабарын беріп, араласып жүретін. Кейде шынын, ақиқатын айтам деп қатар жүрген әріптестерін ренжітіп алып, оған өзі де өкініп отырушы еді. Басқа редакция жігіттері сөгіс алып, айлық, тоқсандық сыйақыдан қағылып жатқанда да біздің есебіміз түгел болушы еді. Бастықтарға айтқанын қалай өткізеді, оны өзі айтпайтын, біз де сұрамайтынбыз. Кейбір аса атақты ақындар біздің редакцияға келіп, Сәкеңе өлең оқып беретін, ағаның әділ баға беруін өтінетін. Бұл ағаларыңның өлеңдеріндегі кемшілікті, оңаша ғана өзіне жазып беріп едім дейтін кейде. Жұмекенмен жақсы дос болды. Қазіргі гимннің авторы Жүмекең "Мектеп" баспасында қызмет етеді, бесінші қабатқа көтеріліп, сәлемдесе келетін, келгенде жай келмейді, Сәкенді тарпа бас салып құшақтай алып, селдір, күмістей шашын ұйпа-тұйпа етіп жұлмалап тастайтын, әшейінде адуынды ағамыз мүлдем ашуланбай, отыра беретін-ді, "Апырай, аюдай ақырған Сәкеңе не болды?" деп қаламыз, сөйтсек ежелгі сыралғы, "қанды көйлек" достар екен ғой. Иә, сондай мықты досы болғанға не жетсін!.. Қазір онды дос табу, сөйлесіп, сұхбаттас болатын жанды кездестірудің өзі қиын болып кеткен жоқ па.
Бірде ақын Фариза келді, көңіл-күйі онша болмай тұрған тәрізді. Сәкең жаңа баспадан шыққан кітабын көрсетіп жатыр, ішінде күлімсіреп түскен суреті бар-тын, Фариза:
— Соншама, мәз болып тұрсың ғой өзі, өзіне өзі тоқ мырзалар сияқты, — деген тұрғыдағы бір сөздерді айтып тастады. Қапелімде Сәкең не дерін білмей абдырап қалды. Кейін білдік, Фариза апамыздың әлденеге көңіл-күйі болмай, мазасы кетіп жүрген кезі екен. Кейіннен Сәкең айтып жүрді: "Фариза ақынды елге апарып, Алакөлдің жағасына демалатын, шама-шарқымызша ел боп күттік" деп. Иә, ақын жанын ақын ғана түсінеді. Сәкеңнің достары көп, көре алмайтын жаулары да болды, талайы дымы құрып, сыртынан ғана күңкілдеп жүрді. Талайы алдына келіп, арашаға араластырыңдар қаншама.
Жерлестері де ауылдан жиі келіп, соғып кетіп тұратын. Бұлардың қыруар бұйымтай, шаруасы бар. Аға қолынан көмек тиетін болса, еш аянбайды, құрысып-тырысып бұлданбайды. Аударма, рецензия кітап береді, әйтеуір көмек қолын созбай қоймайды. Қиналып жүрген жастар келсе, қалайда көмек беріп, біреулерге жәрдем бердім ғой деп және міндет еткен емес. Қазіргі танымал аудармашы, француз тілінің маманы, публицист, талантты ақын Ғалымжан Мұқановтың француз тілінен тікелей аударған "Владимир мен Сара" поэмасын да қолдап, "Қазақ әдебиетінің" айқара бетіне жариялатқан да, оны кейін жарыққа шығуына көмектескен де, мол етіп қаламақы төлеткен де Сәкен аға. Сол Ғалымжан Мұқанов менің курстас досым. Сәкен ағаны әлі де мақтап жүреді. Ұлы Абайдың, Махамбеттің, Мұхтардың шығармаларын мерейтойлары кезінде француз тіліне аударып, жариялады, шетел сыншыларынан, әдебиетшілерінен жоғары баға алды, бірақ үлкен бір өкініші, өз елімізде әлі күнге лайықты бағасын ала алмай келеді. Қазір денсаулығы сыр бере бастаған, он мың пенсиямен мемлекет пәтерінде тұрып жатыр, осындайда "бұл өмір неге сонша әділетсіз?" деген қырсау ойға бой салады екенсің...
Сәкең қажетті жерінде қатал сыншыл, кіді, тарпаң, табиғатынан текті мінездің адамы. Қалыптасқан тәртіпке орай бәрімізге де бірдей талап қояды.
Бірде әңгіме арасында:
— Сәкен аға, мына дүние осылай кете бере ме, енді ештеңе өзгермейтін де шығар? — деп қалғаным бар еді.
Бұл сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болатын. Советтік жүйенің көк сұр мұзы әлі ери қоймаған уақыт еді, партия жиналысы, тәртібі тырп еткізбейтін, басқан ізіңді аңдыған, бетін, беделін сатқан мүсәпір пенделер жетеді. Олардың қара дәптеріне бір іліксең, қысқаруға қарай бір табан жақындап қаласың. Рушылдықтың, жүзге бөлудің көрдің иісіндей салқын сызын сезетінбіз. Апырай, азғантай қазақтың тыраштанып, екіленіп, жарамсақтарын жинағыштап, сонша бөлінетіні несі екен? Бұл ұлттың кеселі ме? Тілі бөлек ұлттың ішіне дендей кіріп кететін, бір-бірін қолдауда алдына жан салмайтын жебірейілдерден неге үйренбеске? Сол кезде жарнаны уақытыңда төлемесең, мәселең, мүлде қиынға айналатын, жиналысқа түсіп, әсіре жандайшаптардың, партия ардагерлерінің келемежіне, түрткісіне түсетінбіз. Айықтырғышқа мекемемізден әр айда кімнің түсіп қалғанына дейін бір белсенді әйелдер милицияға телефон шалып, қара тізімін алып, анықтап жатады, Шариковтардың "шарықтап" күшінде тұрған уағы еді...
— Неге олай дейсің, өзгермейтін дүние бола ма екен, бәрі де өзгереді, әлі заң да, заман да, — деді Сәкең сенімді түрде. Мен аң-таң қалдым. Расында уақыт өте келе бәрі өзгерді, іріп-шіріген қоғамның аяғы аспаннан келді, дәл осылай боларын, апырау, кім білген, ал Сәкең ақын болғасын ба, бір көкірек түйсігімен, алтыншы сезімімен бе, әйтеуір, болжап біле алды. Әлде көп оқып, көпті көргеннен кейін көп нәрсенің, күллі қоғам дамуының заңдылықтарын жете білгеннен соң ба екен. Әлі де бар ғой, осындай нар тұлғалы, кесек азаматтар. Алды-артына сергек қарап үйренген.
...Уақыт өте келе көп нәрсе ойға жаңғырығып жиі оралады, мазаны алып, тыным бермейді, сонша жылдар өткенде ғана кейбір жайлардың сырын шешіп жатасың. Адуынды да, айбарлы ақын Сәкен аға туралы жазбасыма болмады, іштегі сырлар, естелік — еріксіз қолыма қалам алдырды. Тура Максим Горький айтқан "жазбауға мүмкін болмай қалған кезде ғана жазу керек" деген осы ма деймін. Аға туралы айта отырып, жазушылар туралы да азды-кем өз ойларымды да білдірейін деген едім. Өз сөзім өзімдікі ғой, ол үшін ешкім сөге қоймас деймін.
Таяуда ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың 2005 жылы жарық көрген "Тәңір таразысы" аталатын өлеңдер жинағы қолыма түсе қалғаны. Байботаның Сәкен ағаға арнаған "Қазаққа қат бір ақынсың..." деген өлеңі тура менің ойымның үстінен түсіпті, ағаның көсеми тұлғасын тамыршыдай дәл басқанына таңырқадым. Кәне, сол өлеңді асықпай оқып көрелікші:
I
Махамбет дер ем, ғасырың басқа,
сауытсыз, жүрген көйлекшең.
Қаттырақ айтып жасы құрдасқа,
тұрасың өктем сөйлеп сен.
Шындықты жұрттың бәрі ұнатқан ба,
тыңдайды біреу сүртіп тер.
Жатарың өткір жалын атқанда,
құлайды төмен кірпіктер.
Жарамсағы мен жағымпазы көп
ортада өңің бұзылып, дәуірдің даусыз дауылпазы боп,
оқисың жырды кіжініп...
ІІ
...Күн нұрын төгіп, жаяды ғарыштан құшақ,
сенен елге ортақ Күннің сол пейілін көрем.
Гүжілдеп кейде ашулы арыстан құсап,
еркелетесің иттерді мейірімменен.
Қоқысқа кім бас иеді күресінге кеп?
Тұғыры биік хас қыран екенің анық!
Балағы битті баланы жүресің демеп,
қашан көрсем де, бір жасты жетегіңе алып.
Аңқылдап дәйім осылай, аға, жүр аман,
бақ береді, рас, түбінде Алла мұңдыға.
Әр сөзіңді алтын кірменен таразылаған
ақылды ұрпақ айырар салмағыңды да!..
Осы өлеңді қысқартып бергеннің өзінде ақынның сом тұлғасы көз алдымызда сомдалып тұра қалады. Байбота ақын осыны көкірек көзімен байқап, бәрін келісті өрнектейді. Бір-бірін қарақаттап, қаралап, жанын жаралап жатқан, соны да әлдеқандай ат шығару, атақ алу, сенсация ретінде бір-біріне сайтани құлқынмен топырақ шашып жатқандарды көргенде Сәкен ақын бейнесін көріп дәл, разылықпен нұрландырған осы бір шуақты өлең шумақтарына еріксіз елеңдеп, өз бойында әлдеқандай қанағат сезімі оянады екен.
Дүниеден шамаң келгенше жақсылық іздегенге не жетсін. Бізге жуан қарын, шалағай, аспаннан түскендей болып,' кекірігіне шашалып жүрген оспадарсыз топтың кейіпкері емес, жаңа заманның ойлы да терең білімді, кесек, тұлпар текті азаматтары үлгі бола алады. Ақын Сәкеннің адами тұлғасын сипаттаудағы басты мақсат қазақ халқының топырағы талантты, асыл ұлдарға қай кезде де кенде болмағанын атап көрсету болатын. Орындай алдық па, жоқ па, ол енді басқа әңгіме.
"Жетісу" газеті, 10 ақпан 2007 жыл
Оңалбек КЕНЖЕБЕК, жазушы, журналист, Ақмола облысы, Щучье ауданы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі