Ақын болып жаралып, Алланың берген дарынын төгіп алмай уысына мығым ұстап, кемеліне келіп, берерін еліне молынан беріп отырған, бүгіндері арқалы ақынымыз Алакөлден өсіп-өніп, бүкіл Алаштың поэзия пырағын ерттеп мініп жүрген азаматымыз Сәкен Иманасов. Сонау алпысыншы жылдардың басында ерте көктемгі қырдың қызғалдағындай дүр көтерілген құрдас, замандас ақындарымыздың тобына Тайбурылдай көсіле қосылған Сәкен ақындық екенін бірде-бір мәрте тежеп көрген емес.
Мен сөйлеймін!..
Сөйлеуге хақым да бар.
Сөйлемеуге қоймайды тақымдап ар.
Жауап алса жұртынан Отан мына
Сот алдына алдымен ақын барар! —
деп бастаған Сәкен өзінің ақындық, азаматтық кредосын осылай түйіндеген.
1962 жылы алғашқы "Туған ауыл" деген жұп-жұқа кітабы шықты дегенді естіп, іздеп жүріп аудандық кітапханадан тауып алдық. Сәкенді білмеймін, менің қуанышым кеудеме сыймады. Көшеде жолыққан жолдас-жораларға аптыға:
— Міне, Сәкеннің кітабы шықты деп жар салдым. Сүйіншісін сұрай, әмбе де, "Әке, біз де азамат болдық" дегенді білдіре арынымызбен Сәкеннің үйіне барып, Құсайын ақсақалға көрсеттік. Сол кездің өзінде сараңдау болса да сазды өлеңдер жаза бастаған Қастек Баянбаевқа кітапты көрсетіп ентіге барғанымызда, ол:
"Дегенің осы болса естиін
Бағасы кітабыңның бес тиын",
деп шірене тұрып шырт еткізді. Басында көңілімізге кірбің кіріп, дүрдиіп қалған біздер, соңынан қуаныштың күлкісіне бастық. Біздің есейгеніміз де сол күндерден басталған болар... Бүгін қолымызға "Алакөлім — айдыным" деген қомақты жыр жинағын ұстап отырмыз. Бұның да тақырыбы сол туған ауылы Жоңғардың биігі, Тентектің арыны, шалқар көлінің жан тербеткен толқыны, ел азаматтары.
Армысыңдар, алқынған бұлақтарым,
Құрақтарым, құба жөн қыраттарым,
Кіндігім де сендермен бірге ме еді,
Қас қағымға келмейді-ау жырақтағым.
Жырақтағым келмейді, қарлы шындар.
Барлығыңа айтатын алғысым бар!
Армысыңдар құм-арал, жыраларым,
Тумаларым, сендер де бармысыңдар?
Туған жерге, елге деген тұнып тұрған махаббаттан туған төкпе жыр. Екпіндетпей, дауысыңды өктем шығармай оқу мүмкін емес!
Аялдап Алакөлге іргедегі,
көп болды жалаң аяқ жүрмегелі,
жапырып Жағаталдың көк шалғынын,
талықсып, тал түсте көз ілмегелі.
немесе:
Көгілдір Көктұманың тұнық таңы,
Сені де барамын-ау ұмытқалы.
Көп болды көлге қармақ салмағалы,
Аралға бармағалы жұмыртқалы.
Бұл жолдарды оқығанда кімді де болса нәзік ой, сағыныш, сүйіспеншілік назы тербетеді. Жүрегіне жылу ұялатады.
Ауыл тіршілігі, ел тынысы Сәкеннің көзінен еш уақыт таса кеткен емес. Жақсысына қуанады, жаманына күйінеді, жырына арқау етеді:
Қаншама жыл қаперсіз күндер кешіп,
Елім бар деп осында, жүргем бөсіп,
Баяғыда бәріне пана болған.
"Бесағашты" әкеткен кімдер кесіп?
Ділге берік жер еді, тілге-бекем,
Қоныстарың ендігі мүлде бөтен.
Ауылымды, ел аман, жұрт тынышта,
Жылы орнынан қозғаған кімдер екен?
Бәріміздің көңілімізді құлазытып жүрген ой, бүгінгі ауыл көріністері, заман ағымы. Біз, ауыл арасы, ауыз екі, күңкіл сөз етіп жүрген көлеңкелі көріністерді Сәкен үлкен ақындық мінбеден азаматтық жанайқайымен сездіреді.
Қайда жүр қазекеңнің қалған ұлы,
Елім деп еңіреген бар ма бірі?
Осылай өткені ме ендігі өмір,
Біржола кеткені ме ар қадірі!
Ауылдың атқа мінер азаматтарына, ел ағаларына бұдан артық қандай қайрау, қандай үгіт керек! Ел мен жердің тағдыры, ауыл адамдарының күн өткен сайын ауырлап бара жатқан тірлік-тынысы Сәкен сынды жүрек жарды перзенттей өзгелерді де тереңірек толғандырса, ойландырса болмас па...
Жә. Арқалы ақынымыздың мерейтойы үстінде көңілімізге кірбің салмай-ақ қоялық. Сөз реті келгенде ағытылған ойлар ғой... Сәкеннің күллі творчествосына, сан қилы тақырыптары мен өрімталдай, сұлу қыздың төгілген бұрымындай Сәкен өлеңдерінің ұйқастарына талдау жасау менің әлемнің ісі емес. Мен тек ауылдың алты ауызын ғана айтып отырмын.
Бүгін Алакөл перзенті, Алакөлдік ақын Сәкен Иманасов алпысқа толып, ел-жұртына еселі еңбегінің есебін бергелі келіп отыр. Біздің төрімізде, қазақ ақындарының үлкен ағасы, халық жазушысы Мемлекеттік Әнұранның авторы Тұманбай Молдағалиев отыр. Көш бастаушы Тұмағаң, қол бастаушы да Тұмағаң көкеміз. Жазушылар одағының екінші хатшысы Темірхан Медетбеков, жерлестеріміз Қастек Баянбай, Сәкеннің ізбасар інісі Ахмет Кендірбекұлы біздің құтты қонақтарымыз.
Әзірлеп отыр екен ат ағайын,
Жүрші, дос, Алакөлге апарайын.
Ол жақта өзгешелеу атады таң,
Әйтеуір өзгешелеу батады айың...
Ел маған,
Енжарлықтан мүлде арыла,
Аунатып алайын да құмдарына.
Алакөл толқынына шомылдырып,
Жоңғардың шығарайын шындарына.
деп Сәкеннің өзі айтқандай, қадамдарыңызға құт, істеріңізге сәттілік, көңілдеріңізге шаттық тілейміз. Алакөл айдынын аймалауға, толқындарының өркештерінде әткеншек тебуге шақырамыз.
Серік Толғанбаев
"Алаш" газеті, 3 шілде, 1998 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі