Өлең, жыр, ақындар

Айқап

«Айқап» журналы 1911 жылы шықты. Бұл журналдың алғашқы номері қолыма тигенде, менен артық қуанған адам болды ма екен? Мені журналдың ұстаған бағыты мен мазмұны қуантқан жоқ, сол кезде журналдың қазақ тілінде шығуының өзі қуантты. Қазақ халқының қоғамдық ой-пікірінің ұйтқысы болып, таза қазақ тілінде журнал шығып, онда қазақ халқының сол кездегі тіршілігі мен келешегі туралы мәселелер қозғалуының өзі ол кезде қуанарлық іс еді.

Осы жерде журналдың ұстаған бағыты мен мазмұны туралы өз пікірімді айтып етуді керек деп білемін. Біздің кейбір тарихшыларымыздың да, әдебиет зерттеушілеріміздің де басылып шыққан еңбектерінде: «Айқап» журналы бұқарашыл бағыттағы журнал болды, ол өз төңірегіне бұқарашыл ағартушыларды топтады, сөйтіп, ол сол кездегі «Қазақ» газетінің, демек буржуазияшыл ұлтшылдардың тілі болған газеттің бағытына қарсы шығып, күрес ашты деген сияқты пікірлер айтылады. Менің ойымша, осы пікірлерде біраз үстіртіндік бар сияқты. «Айқап» журналына әлгі айтылған пікірлер тұрғысынан қарайтын болсақ, онда біз ол журналды біраз асыра бағалап, әсірелеп, дәріптеушілік істеген болар едік. Рас, «Айқап» журналы қазақ халқын қоныстандыру, көшпеліліктен отырықшылыққа айналу, Ыбырай Алтынсарин негізін қалап кеткен оқу жүйесін дамыту сияқты (балаларды орысша оқыту, мұның ішінде қол өнершілер мектебін ашу арқылы өндіріс мамандарын дайындау — машинист, слесарь, токарь, балташы, т. б.) және тете оқу секілді прогресшіл маңызы бар келелі мәселелерді көтеріп отырды. «қазақ», газеті журналдың бұл пікіріне мүлдем қарсы болды. Тек осының өзі-ақ журналдың реакцияшыл ұлтшылдар басқарған «Қазақ» газетіне қарағанда, демек қазақтың буржуазияшыл ұлтшыл оқығандарының ұстаған бағытына қарағанда, прогресшіл бағытта болғандығын көрсетеді.

Алайда журнал өзінің жалпы ұлт мәселесі жөніндегі, қазақ халқының ұлт азаттығының тағдырын шешетін мәселе жөніндегі өзінің саяси бағыты жағынан белгілі бір нақты программасы бар, берік саяси бағыты бар, ұлтшылдық бағытқа мүлдем қарама-қарсы күрес жүргізген журнал болды деу — шындықтан қашық кеткендік болар еді. Өйткені бұл журнал ұлт азаттығы мәселесі, қазақ аулындағы әлеуметтік маңызы бар басқа да маңызды мәселелер жөнінде «Қазақ» газетінің, ондағы буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың пікіріне қарама-қарсы күрес көтеру дәрежесіне жете алмаған саяси өресі аласа журнал еді.

Осымен қатар, журнал қазақ халқының ұлт азаттығы қозғалысының тарихи тағдыры туралы да белгілі бір айқын пікір айта алмады. Кейде тіпті бұл журнал «Қазақ» газетін дәріптеп, оның тілегін тілеген мақалаларды да басып отырды. Журналдың саяси бағытын көрсететін бірнеше мысалдар келтірелік:

«Айқап» журналының 1913 жылы шыққан 7 номерінде: «Біздің бақытымызға қарай» «Айқап» мырза шықты... бір «Айқаптың» сөзін кім тыңдайды деп тұрғанда, құдайтағала жүрген жерін оңдап, айтқанын ем қылғыр Қазақ» деген мырза шықты...» деп, одан әрі қарай жұрттың үміті осы екі «мырзада» деп жазады. Егер «Айқап» журналы қазақ халқының тарихи тағдырын шешетін принциптік мәселелер жөнінде «Қазақ» газетіне бітіспес қарсы болған болса, онда әлгі айтылған сөзсымақтар басылмаса керек еді. Сірә, екеуінің арасында оншалық бітіспес қайшылық жоқ қой деп ойлаймын.

«Айқап» журналы кейде тіпті кісінің күлкісі келетін дәрменсіздік те жасайтын. Журналдың әлгі айтылған номерінде, «Сауалдарға жауап» деген белімде, дін туралы қойылған бес түрлі сауалға қайтарылған жауаптан үзінділер келтірелік:

1) «Алланың, адамды жаратқандағы мақсаты не?

Жауап: өзінің аллалығын танытпақ: Өзі алла болып тұрып... аллалығын өзі ғана біліп, ешкімге белгісіз болып тұруы лайық емес, соның үшін адамды жаратты.

2) Адамға тіршіліктің ең, керегі не үшін?

Жауап: ... адамға тіршіліктің ең керегі алланы тану үшін.

3) Ең жақсы адам не қылған кісі?

Жауап: алланы таныған адам ең жақсы кісі болу керек...» делінген.

Журналдың осы номерінде «Қазақ даласынан» деген мақалада, бұрынғы Қапал уезіндегі атақты бай, қажы, он сегіз жыл болыс болған жат таптың шонжар екілі Тұрысбек Мамановты мақтайды. Рас, Тұрысбек мектеп салдырған адам. Бірақ әңгіме мектеп салдыруда емес қой. Өйткені нағыз реакцияшыл, панисламшы татар байларының ішінде де мектеп салдырған адамдар болды. Журнал бұған қарамастан Әлгі Тұрысбекті былай деп мақтайды:

«Өзі тірі күнінде Құдайберген Тәңірберген деген балаларын һәм Есенғұл деген інісін оқытып... татар қарындастарымыздың жақсы сәудегерлерімен таныстырып, балаларын саудаға үйреткен... Марқұм он сегіз жыл болыс болып, бір тыйын пара алмай, лауға... бір ат мінбей, орынсыз қазақтық бір қойын жемей еткен орны ұжмақта болсын...» деп көпіртеді.

Ең ақырында, «Басқармадан жауаптар» деген бөлімінде журнал бір авторға мынадай жауап қайтарыпты:

«Қолына келген газет, журналды болыс бәйбішесіне береді екен бәйбішесі майлық қылады екен»,— деп жазушыға журнал: «Сөзіңізге нана алмадық, хакім кісі неге өйтсін?» — депті.

Басқасын былай қойғанда да, осы келтірілген үш түрлі фактінің өзі де журналдың саяси идеялық бетінің дәрежесінің қандай екенін айқын көрсетпей ме?

Мен бұл жерде «бүйректен сирақ шығарып» отырғаным жоқ, сол сияқты «Айқап» журналының белгілі мөлшердегі прогресшілдік жағын да жоққа шығаруды кездеп отырғам жоқ; мен тек нақтылы болғандарға негіздеп, журналдың идеялық мазмұны дәрежесінің төмен екендігін көрсетіп өткім келді. Өйткені мен сол журналдың үзбей оқушысы болған сезінген адаммын. Сондықтан да, ол журнал туралы үндемей өтуді лайықсыз көрдім. Біздің тарихшыларымыздың да, әдебиет зерттеушілеріміздің де «Айқап» журналын әлде де тереңірек зерттеп, оған дұрыс баға беретіндігінде менің ешқандай күмәнім жоқ.

Тағы да айтып өтуім керек. Мұсылман дінін оқытуға алғашқы рет балта шабылып, халық ағарту ісі жөнінде төте оқу «Үсул жәдит» яғни «Жаңа әдіс», дейтін жаңа беталыс күшейген кезде «Айқап» журналы қазақ тілің татар, парсы, арап тілдерінен тазартып, қазақтың сап күмістей таза, өзіндік тілін қалыптастыру, қазақ тілінде «Жаңа әдіс» мектептерін ашу жөнінде елеулі мәселелер көтерді. Журналдың көп авторларының бірі мен болдым. Бірақ менің жазғандарым, көбінесе, ел хабарлары: Оқу, ағарту жұмысы, жер дауы, ауылдағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұсақ хабарлар еді.

Жалпы алып айтқанда, «Айқап» журналы өзінің аз өмірінің ішінде қуғын-сүргінге ұшырай отырып, қаржы жағынан да қысым көре отырып, қазақ халқының, келешегі туралы бірсыдырғы маңызды мәселелер қозғаған журнал болды. Екінші жағынан саяси-әлеуметтік мәселелер жөнінен ұсақ буржуазиялық ережеден аса алмай, революциялық ұлы ойға шығандай алмай, күйгелектік дәрменсіздік жалтақ мүсәпірлік те білдірген журнал. Сөйтсе де, ол қазақ халқының қоғамдық ой-пікірін қалыптастыруда, қауым санасына қозғау салуда едәуір қызмет атқарды. Мұны бекер дей алмаймыз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз