Өлең, жыр, ақындар

Тағы да өз ауылымда

Баяғы ауыл. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Ағаларым мен інім бұрынғысынша әлі қысы-жазы бірдей байлар есігінде жалшы, малшы боп жүр екен. Әкем науқас. Бірақ мүлдем төсек тартып жатып алған науқас емес, көбінесе, тұрып жүреді. Қалайда бұрынғыдай емес, кәрілік қажытыңқырап тастапты: ол өлімді көбірек айтады. Мен осы келген сапарымда әкеме де, анама да, ағаларыма да ежелгі ойымды айта келіп:

— Маңдай терілеріңмен бір-екі бұзаулы сиыр, бір ат, оң он бес қой-ешкі жинапсыңдар. Енді бай есігінде жүруді қою керек. Аз да болса егін салып, балық аулап, өз беттеріңізбен күнелтіп, ел қатарына қосылатын болыңыздар, — деп кеңес бердім. Әкем де, аға-інілерім де менің кеңесімді мақұлдады.

— Менің де ойым осы еді, — деді әкем, — аз да болса. көлік бар, азамат бар, енді егін салып та, басқа түрлі кәсіп істеп те күн көруге болады ғой деп силап жүр едім. Алғашқы жылы бізге оңай тимес. Бірақ ана Батурин сияқты көрші орыс шаруаларымен бірлесіп істесек үйреніп, дағдыланып кетеміз ғой деп ойлаймын.

Оқу жасындағы балаларды оқыту мәселесін көтеріп:

— Айтпақшы, осы ауыл оқу жасына жеткен балаларын қайтпекші, оқытатын ойы бар ма? Ауылда болсың мейлі тіпті басқа жерде болсың қалайда балаларды оқыту керек қой, — дедім. Сонда әкем маған:

— Мұны ауыл адамдары боп біз де ойласқан едік. Осы Бәшең аулына қарайтын балаларды оқытамыз ба деген ойымыз бар. Не орыс, не татар оқытушысын жалдап алып, балаларды оқытпай болмайды ғой, — деді.

Әкем сөзіне берік бір алған бетінен қайтпайтын адам еді. Әкем тірі болса, әлгі айтқандардың бәрі де орындалады деп ойладым. Шынында, солай болып шықты. Сол жылдан бастап менің аға-інілерім кісіге де жүрген жоқ, балалар да оқи бастады. Бірақ сол жылы күзге қарай әкем қайтыс болды.

Мен ауылымда жатқан кезде өзіммен бірге оқыған достарым және жерлестерім Бекет Өтетілеуов, Әбубәкір Бәйтішев кездесті. Екеуі де мен шамалас болатын. Олар да оқытушы еді; Қостанайдағы педагогикалық курсты бітірген жігіттер еді. Олар да, мен сияқты, ауылда дем алыста жүр екен. Көп кешікпей-ақ үшеуміз қосылып алып, бірге қыдыратын болдық.

Үшеуіміздің, көрген-білген әңгімелеріміз таусылар емес, бірақ әрдайым Бекет екеуіміздің әңгімелеріміздің сарыны оқу жөнінде, ауылдың жағдайы туралы болып шығатын. Біз көбіне ел ішіндегі байлардың қиянатың надандықты, ауылдағы мектептің жайын әңгіме ететінбіз де, ал Әбубәкір, студенттер қозғалысы, ішкі Россиядағы жұмысшылардың наразылығы, ондағы шаруалардың көтерілісі туралы мәселелерді қозғайтын.

Россияда патша үкіметіне қарсы астыртын партия уайымдары бай патша үкіметіне қарсы көптеген үлкен білім иелері, қажырлы, қайратты адамдар бар деген хабарды біз Әбубәкірден естідік.

— Осының бәрін сен қайдан білесің? — деп кейде біз оны ажуалаймыз. Ол оған қаймықпайды.

— Мен сендер деймісің, ауылда дүниеден хабарсыз жатқан? Мен Қостанайда босқа жүр дейсіңдер ме? — деп бұл әңгімелерді кімнен естігенін баяндады.

Әбубәкірдің Қостанайда Иванов деген дос оқытушысы болыпты. Ол Қостанайға ішкі Россиядан жер аударылып келген революцияшыл адам екен. Әбубәкір осы адаммен дос болып сырласып жүреді. Әбубәкірдің бізге айтқан хабарлары сол адамның аузынан шыққан сөз болса керек. Бірақ кешікпей Иванов Қостанайдан Семейге айдалып кетіпті. Әбубәкір Қостанайда Ивановтың сырластары жоқ емес, бірақ оның сол сырластары кім екенін біле алмай қалдым дейтін.

Иванов Әбубәкірге: «Патша түбі шіріген қатты бір дауыл соқса құлағалы тұрған қу терек сияқты. Ерте ме, кеш пе — әйтеуір ол құламақ; оның орнына халық сайлаған үкімет отырмақ. Бұл таяу жылдардың ішінде болатын тарихи бір зор өзгеріс. Осы өзгеріске неғұрлым тезірек жету үшін қазақ сияқты езілген ұлттар патша үкіметіне қарсы күрескенде, орыс жұмысшыларымен қол ұстасып күресуі керек сонда ғана езілген ұлттар бостандыққа жете алады» депті.

— Жаны бар сөздер. Енді осының анығына жету керек — деп түйдік біз. Кейін бір кездескенде мен Жамелетдиннен осы туралы сіз не білесіз деп сұрағанымда, ол маған:

— Мұның бәрі де дұрыс. Патша үкіметінің құлауы ғажап нәрсе емес. Оны тек орыс халқы құлата алады. Ал, біз сияқты езілген ұсақ ұлттар сол орыс халқының езілген жұмысшы, кедей бұқарасымен қол ұстасып күрескенде ғана дегенімізге жете аламыз. Әйтпесе, біздің өз қолымыздан келер нәрсе аз. Одан соң, патша үкіметіне қарсы күрес сақтықты, сыр сақтай білуді керек етеді. Сондықтан мұндай мәселе жөнінде кіммен сөйлесіп тұрғаныңды, не туралы сөйлесіп тұрғаныңды мықтап аңғаруың керек. Әйтпесе, езіңді де, жолдастарыңды да құртып жіберуі ықтимал. Сондықтан да мұндай істе сақтық керек болады, — деді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз