Роман
АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА
Бұл романымды 1987 жылы жазып бітіріп, "Жазушы " баспасына тапсырған едім. Романды тура бір жыл ұстаған баспадағы "достарым" — директоры, бас реакторы, бөлім меңгерушісі бар, бәрі жиналып отырып, қолжазбамды қолыма ұқсастық қоя берген-ді. Шығармаң, әрине, аса актуальді. Бірақ, Софыжан, Дәл қазір неге қайтарып отырғанымызды өзің сезесің ғой. Оның үстіне оқырмандарыңның көптеген сұраныстарын ескеріп, "Елім-айыңның" екі томын жоспарға кіргізіп отырмыз" деп Қалдарбек Найманбаев уәж де айтқан. Сөз арасында айтып кетейін, әлгі жоспарға кіргізіп қойдық деген "Елім-айдың" екі томын сол "Жазушы" баспасы содан бері өткен тура он алты жыл ішінде бір рет те шығарған жоқ.
Содан бұл "Біз — құлмыз ба, кімбіз?" романымды "Жалын" баспасына берейін. Сейдахмет Бердіқұлов ағама біраз шет жағалап айтып едім, Сәкең ұшқыр ғой, жанып түсті. "Ой! Мұндай роман дәл қазір өте қажет! Анау Мәскеу "Арбат балаларын" тағы басқаларын шығарып жатқанда, біз неден үркектейміз. Шығарамыз!" деп төбемді көкке жеткізгендей болған.
Бірақ... Екі жыл бойы дайындаған редакторым да (К.Құдабаева), бөлім бастығы да (Е.Әкімқұлов), редензентімде (Т.Нұрмағанбетов) "Коммунисте партияның басқарушы пәрменін жоққа шығарып, советтік жасампаз тұрмысымызға қара бояуды аямай жағып, социалистік қоғамымызды құбыжық етіп көрсеткен нағыз зиянды роман" деп, өзімді автор ретінде, романымды шығарма ретінде мүлде іске алғысыз етіп тастап еді.
Қолжазбаның бір данасын "Жұлдыз" журналына тапсырған болатынмын. Бұл екі ортада оның бас редакторы ауысып, редактордың орынбасары Ғафу Қайырбековтың аса қатты қолдауымен журнал бетінде енді жарияланғалы тұрған шығармамның жаңа бас редактор жолын қиып-ақ тастағаны ғой. Редактор екеуіміздің аман-сәлеміміз бұрыннан түзу еді. Дос көңілдеріміз бұрыннан жақсы еді. Сол түсінікті сақтай отырып: "Әу, Софы! Сен мынау романыңды әзірше бізден алып кет. Бұны басудың уақыты әлі келе қойған жоқ. Басқа бір шығармаңды бер. Кешіктірмейміз" дегені.
Содан кейін "Жалын" журналынан да қолдау таппай, маңдайы тасқа соғылған осы шығармамның ұзақ жатып қалғаныңа өзім мен уақыт қана кінәлі шығар деген оймен бір де бір сөзін өзгертпестен, бір де бір жаңа сөз қоспастан алдарыңызға ұсынып отырмын, қадірменді оқушым!
Бұл романның жарық көруіне Министрлік тарапынан да, баспалардан еш мүмкіндік жасалмағандықтан, соңғы жылдары тиын-тебендеп жинаған бар қаражатымды, балаларымның тапқан-таянғаның жинақтап, өз қаржыммен шығаруға ниет етіп отырмын.
Ендігі сынаушысы да, қадірлеушісі де өздеріңсің, ағайын-жұртым, қалың елім, қазағым!
Автор
2005 ж
ТҰСАУ КЕСЕР
Есіктің дәл алдынан жол өтеді. Даланың бұралаңы мол қара жолы ол. Шатырсыз тоқал үйдің терезесі қысқы аязда қырауытқан шыныларымен, жазғы аптапта көгілдір әйнектерімен қара жолға үнемі мөлие қарайды да тұрады. Шұбатыла созылған қара жол болса, бірде еңістен төмен құлдилап, бірде адырға қарсы атыла шапшып, ілгері сұғына береді. Қос терезенің оң жақ шеткі әйнегінің аясындағы қара жолдың соңғы таспасы қалың зираттың тұсынан әрі өрге тік қайқаңдайды да, кішкене төбеден асып өтіп, көзден ғайып болады. Бірақ жол жоғалмайды. Қыбырлаған тірлік иесінің табан мөрімен, зырылдаған доңғалақтың жолақ ізімен ғасырлар қойнауынан бастап алған шежіре-сырын күні бүгінге дейін күбірлеп айтып жатыр. Күңіреніп шертіп жатыр.
Алысқа жетелеп, болашаққа бастаған қара жол жалғыз жолаушыны болсын мейлі, дүбірі мен дүрмегі көп керуеншілерді болсын мейлі зират маңындағы трактордың шынжыр табаны қиқалап, ауыр МАЗ-дардың абажадай баллондары осып кеткен ойқы-шойқы тұсында еріксіз кібіртіктете бөгеп, өмір мен өлім туралы мәңгілік ұғымды кеудеңнен үнсіз аулатып қалып, ақырын ғана әрі аяңдайды.
Қара жол сондайда қай-қайдағыны есіңе түсіреді.
Бұрынғы шап-шағын зират бүгінгі үлкейіп, көбейіп биіктеген сұсты аумағымен сондайда балалық шағыңа қайта оралтып, жол жиегінде алыстап қалып бара жатады.
Қос терезе — өмір көзі болатын. Қос терезеден тысқа үңілген сары балаға ирелеңдеген қара жол Уақыт пен Болмыстың ауысып, өзгеріп тұратынын, Болмыс пен Уақыттың өзгеріп, ауысып тұратынын алғаш сездірген болатын. Шуақты көктемді ыстық жаз алмастырсын мейлі, қыраулы күз келсін, қысқы аяз жетсін мейлі — бәрібір жол үстінен жолаушы үзілмейтін. Қара жолдың жазда қою шаңы шұбырып, қыста алақаншықтанып сұйық қары жүйткитін.
Сары баланың еміс-еміс есінде қалғаны: аязды күні жұрттың көкесін үйінен шалқалатып көтеріп шыққаны; өзінің қалың қырау басқан жамау-жамау әйнекті тырнағымен сүңгілеп, сыртқы дүниені бақылайтын саңлау жасағаны. Еміс-еміс есінде қалғаны: терезенің дәл түбінен өтетін айдын мұздай айдау жолмен қарауытқан қорымға бет алған жалғыз ат-шананың үстінде ораулы жатқан көкесінің соңынан жан біткеннің ілби шұбырғаны. Есінде қалғаны: ыстық демінен, қызулы маңдайынан әлгі саңлау-тесіктің үлкейгені. Сол тесік-саңлаудың бір кезде айдау жолмен тырнадай тізіліп кері оралған, аңырай "бауырымдаған " жұртты қарсы алдына тоса қойғаны.
Қос терезенің дәл түбінен өтетін қара жол сары баланы ертегілер еліне, ғажайыптар әлеміне еркінен тыс ертіп әкететін. Сондайда жолдың борпылдақ сары топырағы жалаңаш табанын кәдімгідей қытықтай аймалайтын. Қос қапталындағы бойлап өскен шөп-қурайының ғаламат жұпары кішкене кеудесінде сайрандайтын. Жол бітпесе, көз бітелмесе, Күн сөнбесе, өсімдік біткен қурамаса — Мәңгілік атты ұлы құдірет сары бала тәрізді адамзаттың әр ғасырлық, әр мекендік өр нәсілдік буының көк аспанға құмартқызып, қара жерге кіндігімен матап, қарапайым сұлулыққа еліктіріп, йен түздің иесі екендігін жүрегіне сіңіруден еш жалыққан ба.
Жол шежіресі әрқилы. Ол бір басталмайды. Бір басталса, ешқашанда таусылмайды. Көлді шөлге сабақтайды. Даланы тауға тірейді. Өзенді орманға жетектейді. Уілдеген үнімен әркімге әртүрлі сыр шерткенімен, мәңгілік күйінен ғұмыры ажырамайды. Дала таңы ұзақ баптанып атады. Атқан таңға жұдырықтай бозторғай мадақ әнін айтады. Сол атқан таң, шыққан күн, сайраған ән бұрын да болған, бүгін де бітпейді, ертең де жоғалмайды. Әйтпесе өмір үзіледі, сүрлеу таусылады. Жер жарылады. Олай болуы мүмкін емес. Е-мес! Ананың күсті алақаны кекіл сипауынан жаңылғанша, ананың еміренген әлдиі мен бесік жыры уілінен ажырағанша, ананың әжімді жүзіндегі ыстық мейірім бір тамшы жаста дірілдеуін тоқтатқанша, Жер жоғалмайды, Күн сөнбейді. Өмір үзілмейді. Қара жол таусылмайды. Жол тіліп өткен балғын бөктерді көктем сайын қызғалдақ көмкереді. Сол қызғалдақты сары баланың әлденешесі тереді әлі. Сол сары баланың әлденешесі баяғыдағыдай жалаңаяқ жар ысады әлі. Сол жалаң аяқтың ізі қалған жолмен бүгін де темір көлік зымырап астық тасиды, адам тасиды. Төрт тұлпар тұяқ шаңдата құйғытып өте шығады. Төрт тұлпар тұяқ құйғытып соғыс хабарын да, жеңіс хабарын да, жақсылық пен жамандықтың тегіс хабарын да жеткізе бермек.
Жол шежіресі бітпейді. Төсінде қыбырлаған жолаушысы бар да жол әуені үзілмейді. Көкорай шалғынға сүңгіп, жалбыз исіне елітіп, қара жол ауылдан ауылға озады. Газ бен түтінге тұншығып, асфальт пен бетонға көміліп қаладан далаға асығады. Жан иесін шу мен шуылдан, тарсыл мен гүрсілден аулақтатып, қатыгездік пен қарбаластықтан ала қашады. Тыныштықпен оңашалық әуезін ыңылдап, кейде ылдилай жөнеледі. Кейде алқына тау бөктерлейді. Бейбіт саздың әуенін бір сәт бұлақ сылдырына ұластырып, өзен жағалап кетеді. Одан әрі өрлік пен қайсарлыққа басқан қара жол көгілдір таудың зәре-құтыңды қашырар асуына тік шапшиды.
Қос терезе әлі де сол күңгірт жанарын қара жолдан айырмайды. Тоқал үйдің дәл іргесінен басталатын қара жолдың үстінде кешегі сары бала — бүгінгі жігіт Балта тағы да баяғысындай жаяу кетіп барады. Артынан анасы — Қатира мен досы — Қобланды үнсіз қарап, қыбырсыз тұрып қалыпты.
Әлгінде Қобланды құрдасы қатты ашуланған.
— Атасына нәлет, біз Мақанның құлақ кесті құлы емеспіз! Машинасын бермесе, бермесін, бірақ мазақ етпесін! Балта — Москвада институт бітірген тұңғыш жерлесіміз! Оны неге қорлайды? Мақтаныш етудің орнына, мазақтайды. Стансаға жеткізіп салудың орнына "жесір әйелдің жетімегі жетілген екен" деп келемеждейді. Біз — құл емеспіз! Басынбасын өйтіп!
"Біз — құл емеспіз" Балтаның табанын жалаған қара жол дәл осыны мүлгіген сабырлы тыныштығымен қайталап жатқандай. Дәл мынау жол үстінде Балтаның кешегісі мен бүгіні, бүгіні мен болашағы тоқайласқандай. Балалықтың аяз бүрістірген шуағы, жетімдіктің аптап шыжғырған ызғары ұмытылмайды екен. Туған үйдің іргесінен басталып, ілгері тартар қара жолы — дала жолы табанының астында тұрғанда Балта ешкімнің "газик", "волга", "жигулилеріне" қызықпайды. Бірақ анау Берден мен Хайролла ағаларына әрине өкпесі қара қазандай. Мақан бөтендігін жасасын, әлгі екеуі әкесінің көзін көргендігін істемей-ақ қойсын, мұны жабылып жасқап, жабылып мошқағандары қалай?
"Найманқұл — Мақанның нағыз сойыл соғары болыпты-ау. Есті жігіт сияқты еді, есерлікке басқаны несі? Мақанның езуі қисайса, Найманқұлдың дырау қамшысы неге оңға да, солға да сілтене жөнеледі? Мақанға тиген шексіз биліктің құдіреті ақшасының көптігінен бе екен? Сонда құдіретін өсіру үшін ақша жасау қажет пе? Біз — құл емеспіз ғой. Бірақ көкіректе бұлқынған бұлалықты басқа-көзге төпелеп ұрып, сол тұлданған көкірекке қайта қуып тығатын Мақан, Берден, Хайроллаларға кім тыйым салады? Аудан ба? Облыс па? Республика, Одақ па? Тыйым салар болса, неге салмайды? Әлде тыйым сала алмай ма? Онда... онда..."
Қара жол ащы ішектей шұбатылады, Шытырман ой меңіреуге тіреледі. Балта дүр сілкініп қап, иығындағы қапшығын дұрыстап қойып, ілгері адымдайды.
Қора жолдан табаны аумайды. Қора жол түбінде бір жерден — жарқын әлемге шығарары хақ. Өйткені қара жолды ең алғашқы жалғыз аяқ сүрлеуімен әділет іздеген АДАМ бастаған. Сол ізді ізгілік пен мейірім, достық пен туысқандық аңсаған АЗАМАТ жалғастырған. Адамзат үні қуаныш әнін қоңырлата созып тұрғанда үміт жолы тек жақсылыққа қана бастауға тиіс. Даланы көктей өтіп, тоғайды тіліп өтіп, өзенді кешіп өтіп бағзы күннің тілеулес жаңғырығын кеудеңде тірілткен қара жол табаныңның астында жатқанда, Мақандар ешкімді құл ете алмайды.
Балта станцияға қарай адымдай аттап барады.
БІРІНШІ ТАРАУ
Москваның болат институтын бітірген Балта жолдаманы Тула қаласындағы металлургия зауытына алған еді. Домна цехының екінші пешіне ауысым шебері етіп тағайындаса да, өзі тілегімен сол пешке горншы — яғни қарапайым жұмысшы боп орналасты. Ондағы ойы — теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру үшін шойын балқытудың әліппесін күрек пен сүймен ұстап бастамақ болған талабынан туындаған-ды.
Бірақ талап басқа да, дәрмен басқа екен. Алдымен қаланың шет жағына орналасқан зауытқа жұмысшылар поселкасынан қатынап істеу үлкен қиыншылық туғызса, от пен шоқтың арасында түтін мен газды көмейлей жұтып шойын ағызу қара жұмысқа көндікпеген кешегі кірпияз студентке кәдімгідей-ақ салмақ түсірді. Барып-келу жолын қосқанда тәуліктегі он екі сағатын зауыттағы қарбаласы қамтып, қалған он екі сағаты тұп-тура ұйқыға кетіп, былайғы өмірдің ащы-тұщысынан Балта мүлде айрылып қалды.
"Қыз — қызық"дейтін елеңшіл көңілі, "жастық — қиял" дейтін арманшыл кеудесі аяқ-қолды құрсаулаған дәрменсіздікті сезіне бастады. Жатақхананың кір сабын сасыған жаймасына жамбасы тиді дегенше-ақ қор ете түсетініне бүкіл жан дүниесімен қарсылық көрсеткісі бар. Омбылатқан ойды да, сенделткен түсті де сағынады екен. Құлайды — қорылдайды. Қорылдайды — тұрады. Тұрады — киінеді. Ілбіп басып шолақ поезге мінеді. Қалғып-шұлғып вагонда отырады. Есінеп жүріп киімін ауыстырады.
Содан соң сауылдаған терден тұлабойыңда шылқымаған құрғақ жер қалмай отпен алысып, шоқпен шайқасып кетеді. Сол кездерде кеудесінде еріксіз уытты қыжыл тұтанады. Қоңылтақсыған көңілдің өгейситіні — еркіндігі, іздейтіні — курстас достары. Өзгерісі де, ерекшелігі де жоқ іш пыстырар мынау бірқалыпты жаңа тіршілігі студенттік өмірдің бүкіл қызығын бар бояу-бедерімен көз алдына жайнатып сала беретін болды. Бір пештегі алты адамды әрқайсысының меншіктенген өз жұмыс орны, өз қаракеті бір-бірімен кездестіре де, шүйіркелестіре де бермейді. Оған тіпті мұршалары да келмес еді. Бір балқымадан соң бір балқыманы құйып алуға дайындалып, шойын ағатын арықтарды жаңартып, металл қалдықтарынан тазартып, құм төсеп, сода алғызып, жанталасып жатқандары. Қол сәл босап кетсе, кезектесіп асханаға жүгіріп барып, тамақтанып үлгеруге тырысады.
Балтаны осы оқшаулану қатты қажытты. Жүйкені жүндей тұтетін берекесіз ойлар қамауында жүріп алғашқы айды да өткізді. Әйтеуір, шешесіне хат жазуды ұмытпайды. "Бәрі жақсы. Бәрі ойдағыдай" тәрізді тыншу сөздерді қағаз бетіне түсіргенімен тыншу тапқан өз көңілі жоқ.
Ауысымды аяқтап, киініп жатқан, бөлмелес көршісі едіреңдеп жетіп келді.
— Боря (Балтаны мұндағылар солай атайтын), мен зауыт басқармасынан әлгінде бір қазақты көрдім!
Балта сенер-сенбес қана бас изеді. Көршісі одан сайын өзеуреді.
— Рас айтам! Көзі қара, қысықтау. Шашы қара-қоңыр... Бір сөзбен... саған ұқсайды.
— Жарайды, Коля. Рахмет.
— Ну, сен қуанбайсың ғой.
— Несіне қуануым керек!?
— Жерлесің... әлде туысың шығар... Өзің алыста жүргенде... Мүмкін ол сені іздеп келген болар, — деп Коля сасқалақтады. Іштей байқаусыз бөтенсіретіп алмадым ба деген қаупі бетіне қалқып шыға келді. Балта күліп жіберді.
— Әй, Коля — Николаша! Алыста жүргенмен елімде жүрмін ғой. Сен досым емессің бе...
— Оған сөз бар ма! — Николай Балтаны құшақтады. — Әрине, доспыз.
Зауыт басқармасы ғимаратының алдындағы аланда Балта біраз қыдырыстады. Әлгінде: "Кім екен? Таныс біреулерді іздеп жүр ме? Тілдесіп қалайын" деген тілекпен келген еді. Кенет ту сыртынан әлдекімнің жөткірінген даусы естілді. Балта жалт қарады. Орта бойлыдан сәл биік ашаң жүз, қысық көз жігіт күлімсіреп қарап тұр екен. Басын изеді де:
— Сіз қазақ емессіз бе? — деді.
Балта қос қолын қуана ілгері созды.
— Қазақпын, аға...
Екеуі қалаға жаяу тартты.
Жаңа танысы — республика Ғылым Академиясының Металлургия институтының лаборатория меңгерушісі екен. Белгілі құрамдағы домна қоқысы тәжірибе жұмысына қажет боп, соған зауытқа тапсырыс бере келіпті. Балтаның жай-жапсарымен танысқан соң жатып жабысты.
— Оу, Балта маған сендей доменщик сондай қажет. Біздегі тәжірибе пеші шахталық пештің режимінде жұмыс істейді. Ал, бізде... маған сені тағдыр ұшырастырды. Алматыға барысымен академияның атынан Москваға... министрлікке сені сұратып қатынас қағазын жөнелттірем.
— Рақмет, аға! — Балта ыржиды.
— Сен мені ағалауды доғар! Жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегі "жәке, әкені" білмейді. Мен саған бүгіннен бастап Жарқынмын!
— Рақмет, Жарқын аға!
Екеуі де күліп жіберді.
— Қалай, бауырым, алтын шашты, аспан түстес көзді қызың бар шығар? Шіркін Рязань, Тула мадонналарына кім жетсін!
— Жоқ, Жәке! Шынымды айтсам, дәл мынау жолмен поселканы бойлап бүгін алғаш жүріп келем. Шаршап шығам да, төсекке бас қойысымен тұяқ серппеймін... Өмірден қалып бара жатқан түрім бар.
Жарқын оң жағына шұғыл бұрылып, Балтаны қолымен тоқтатып, бастан-аяқ сүзіп шықты.
— Жоқ, бауырым! Сен мені алдай алмайсың. Бойың мынау сырықтай, иығың кең, кеудең шалқақ — нағыз балғын балуан денелі жігітсің. Түр-түсің де көрген жанды соңыңнан қуалай қаратардай. Қыр мұрнын, салмақты иегің, кең маңдайың, қыран қабағың, қалың қара бұйра шашың — бәр-бәрі шебер мүсіншінің саусағынан шыққандай. Мынау тұлғаның қажыр-қауқары да осал болмаса керек. Сен өйтіп өзіңді-өзің кемсітпе.
Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ жігітті Балта үш-төрт күнге дейін түсінде де көріп жүрді. Кеудесінде үміт шоғы тұтанғандай болып еді, күн жүгіріп аптаға, апта жылжып айға ұласқан кезде бұрынғы тұнжыраңқы күйге қайта оралды. Жарқыннан хабар болмады. Тілектес дос, үндес серік іздеп талпынған көңілі шуақ көргендей ашыла түсіп, қайтадан берік қымтанып ала қойды. Жарқыннан да, асып-төгіп берген уәдесінен де түңіле бастады.
Сөйтіп жүргенде зауыт директоры Балтаны шақыртып алды.
— Балта Мұқатович, сізді республикаңыздың Ғылым академиясы сұратып жатқан көрінеді. Қуанам оған. Біздің бір горновойымыз келешекте үлкен ғалым боп шықса, мақтаныш емес пе. Сізге, Балта Мұқатович, зор денсаулық тілеп, еңбегіңізде абыройлы бола бер демекпін, — деп қолын қысып, есікке дейін шығарып салды. Балта Алматыға жеткенше асыққан.
Жарқын туған ағасындай аңқылдап, құшақ жая ұмтылды.
— Өтінішіңді жазып, осы қазір институт директорына кір. Өзім алдын ала сөйлесіп, келісіп қойғам.
Директордың кабинетіне жүрегі лүпілдеп кірген. Шығуы жылдам болды. Өтінішінің шетіндегі "Инженер боп алынсын" деген бұрыштаманы оқығанда Балтаның көзі жасқа толып кетті.
Енді пәтер іздеуі керек.
Жарқынның сілтеуімен көк базардың түбіндегі белгілі қара ағашты маңайлағандардың шет жағында тұр еді, таяқ ұстаған орыс шалы жақындап келіп, жұқа шляпасына үш саусағын тигізіп, сәл бас изеп амандасты.
— Қонысжай іздеп жүрмісің, балам?
— Иә, ата... — Қалай "ата" деп қалғанын Балта да байқамады.
— Жалғызбысың?
— Жалғызбын.
— Жүр, балам, жүре сөйлесейік.
Екеуі Ленин көшесімен жоғары өрледі.
— Қай оқуды бітіріп едің?
Балта жағдайымен қысқаша таныстырды.
— Солай де. Дегенмен, Балта, өндірісте бірер жыл істегенің дұрыс болғандай еді-ау... Ә-ә, ақылгөйсуге үйірміз...
Сыпайы шалдың сыпайы әңгімесі басқа арнаға ойысты. Алдына сүйсіне көз тастаған серігінің қар жамылған Алатауға қызыққанын байқап, шешіле сөйлеп кетті. Көркем қаланың әсем табиғаты кімді тебірентпесін, жанарына мейірім үйірілді. Өзі Алматының төл тумасы екен. Ұлы Отан соғысында ғана от басынан еріксіз алыстап, бақытына қарай туған ұясына сағынып оралыпты. Одан бұрын да, одан кейін де ешқайда аттап шықпапты. Тіпті басқа жұрт іссапар, санаторий, курорт деп самолет пен поезға билет іздеп, тарсылып жүргенде, бұл болса ертеректе есепшотын сартылдатып, бертінде арифмометрін шыртылдатып қойып, миығынан күліп отыра беріпті.
— Айтпақшы, мен — Василий Сергеевич Корякинмын. Вася атай деуіңе қарсылық білдірмеймін, — деп қуақылана күлімсірегенде металл тістері жылтырады. Мейірімді жүзге суық темірдің ажары үйлеспейді екен. "Кәрілік-ай!" дейтін әлде реніш, әлде күйініш сезімі Балта жүрегін шымшып қалды.
— Вася атай, қала қалай өзгеріп кеткен!
— Иә! Қала күн сайын құлпырып та барады, ауасы бұзылып та барады, — деп бас шайқаған Василий Сергеевичтың қабағы түсіп кетті.
— Неге?
— Мынау арық бұрын дементпен шегенделмейтін. Суы мөлдіреп тал-теректің балтырын сипап, көгалды шашып, айналасына салқын леп, саумал иіс шашып, тынбай ағатын. Мынау қатар-қатар көшелер Алатауға босағасын ашып тастап, таудан Ескен қоңыр самалға газ бен түтіннен перде тұтқан тымырсық ауаны дүркіретіп қуғызатын. Ал енді... Арықтарда су ақпайды. Көшелердің тау жағын тұйықтап үй салып, қойнау-қойнаудан есетін жел мен самалдың жолын бөгеп тастады. Оның үстіне жыл сайын емес, күн сайын машина көбейіп, газды түтінімен қойыртпақ ауаны тіпті уландырып барады. Уәде етілген метро әлі жоқ.
Сірә, соны мен көрмей кетермін... — Қария күрсінді. Таяғына қаттырақ сүйенгенде жүрісі бұзылып, оң аяғын сылтып басатыны байқалып қалды. Балта аяп кетті.
— Көресіз, ата. Бастап кетсе, бітіруі қиын болмас... Өзін, метроны бастап па еді?
— Жоқ. Жә, оған бас қатырмайық. Балта, мына дүкенге кірем де шығам. Сен осы арада күте тұр.
Сәлден соң екі пакет сүт ұстап шықты.
— Қонаққа сүт қатып шай бермесе болмайды ғой. Сен қазақ шайын ұнататын шығарсың, ә?
Балта бас изеді. "Үйін де, бөлмесін де көрсетпей, келіспей жатып, мені қонақ тұта бастағаны қызық-ау. Бәйбішесі жақтырмай жүрмесе... Жамбасақысы қанша тұрады екен?"
— Қаймақ қатқан шайға не жетсін шіркін!
Балта жалт қарады.
Василий Сергеевич қазақша таза сөйлеп жіберіп еді. Күлімсіреп тұр екен.
— Қазақ жерінде туып, қазақ арасында тұрып, қазақша сөйлей алмасам — нағыз қорлық емес пе?
Балта ырза болғаны сондай үнсіз ғана басын изей берді, изей берді.
Екеуі бес қабат үйдің екінші қабатына көтерілді. Вася атай есігін кілтімен ашып, Балтаны иығынан демеп, ілгері лықсытты.
— Пәтеріміз осы. Kip, балам.
Екі бөлмелі екен. Балта үй ішінен басқа тірі жанды көре алған жоқ. Василий Сергеевич жігіттің жүзіндегі сұрақты айтқызбай білді.
— Жалғызбын, Балта. Кемпірім қайтыс болғалы үш жыл... Былтырғы ұлы жеңістің отыз бес жылын көре алмады. Балалар... Жә, жарайды. Жоғары шық.
— Шай үстінде Вася атай Балтаның кеудесінде кептеліп тұрған күдіктерді ыдыратып жіберді.
— Анау бөлмеде жатасың. Күңгей жақ, әрі тыныш. Сенен, балам, ақша сұрамаймын. Пенсиям бір басыма жетеді. Қаңыраған төрт қабырғаның тұтқынындағы күйімді ұғып, анда-санда шүйіркелесіп қойсаң, жетіп жатыр.
Балта ыңғайсыздана қипақтады.
Василий Сергеевич, мені инженер етіп алды ғой. Айлығым жүз сомның үстінде. Жамбасақы төлемей... қалай тұрам.
Шал күлімсіреді.
Төлейсің, балам, төлейсің. Ертемен қазақша "армысың, ата!" десең — төлегенің. Кешке оралғанда, қалың қалай, ата?"десең — төлегенің. Сәтін салғанда бір қаракөзді ертіп келіп, "Ата, көрімдік бер, мынау болашақ келініңіз болады" десең — төлегенің. Сонда үшеу боламыз. Кейін немеремді тербетем, одан артық сенен қандай жамбасақы алмақпын.
Балтаның көзіне жас толып кетті. Соны көрсеткісі келмеді ме, ұшып тұрып, Вася атасын құшақтай алып, бетін қарттың кеудесіне көміп жіберді. Шалдың алақаны арқасынан қақты.
Екі-үш күннің ішінде Василий Сергеевич аудандық ішкі істер бөліміне Балтаны ертіп апарып, пәтеріне тіркетіп те алды.
"Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше" деген рас. Екеуі аталы-немерелі жандардай. Кейде орысшалап, кейде қазақшалап сөйлесіп, бір-бірінің жан дүниелеріне еніп кетеді. Вася атай соңғы үш жылдың жалғыздығынан көрген көңіл тауқыметінен құтылса, Балта мазасыз ойларына құлақ түрер тілеулес тауып еді.
* * *
Екі-үш тепкішектен бір-ақ аттап, екпіндеп келе жатып бұрыла бергенде Балта әлдекімді қағып кете жаздады.
— Кешіріңіз...
— Оқасы жоқ.
Сыңғыраған дауыс сыңғыр күлкіге жалғасты.
Балтаның көз алдына алма бет, ақша маңдай, оймақ ауыз, қиғаш қас дейтін сұлулық атты құдірет ақ маржан тістерде нұр шағылыстырып көңілдене күліп тұр еді, күміс қоңырау күлкісін кілт үзді.
— Ғафу етіңіз. Ойда жоқта аварияға ұшырамай аман қалғанымызға қуанғаннан күлдім білем, — деп ару келіншек ыңғайсыздана абдыраса да өзіне құмарта қадалған жігіттің бас-аяғын ұрғашыға тән әуесқойлықпен тез шолып өтті. — Сіз... сіз біреуді іздеп жүрмісіз?
Қатты абыржыған Балта сыңғыр күлкіден кейін ілесе шыққан әсем үннің жаңғырығын ғана естіді, мағынасын зердесіне сіңірген жоқ. Аппақ арудың беті бетіне тиердей. Жұқа жеңіл көйлектен сұлу әйелдің тәнінен ғана жететін хош иіс мұрнын жыбырлатып жіберді. (Ол иістің француз духиының исі екенін Балта, әрине, жобалайтын). Шашының түбіне дейін қып-қызыл боп кетті.
— Бұрын мен сізді көрмеп едім...
— Иә-иә, көрген жоқсыз. Жақында ғана қоныстанғам.
— Жақында ма... Мен қалай білмегем?.. — деп бойжеткен Балтаға көз тоқтата қарады.
— Осында жұмысқа... қызметке орналасқам, — дегенде даусының дірілі азайды. Соны сезген Балта батылдыққа басты. — Сіз осы үйде тұрасыз ба?
— Иә, осында тұрам.
— Онда көрші болдық! — Балтаның қуанышы жүзіне ойнап шыға келді. Көлденең көздің өзіне қызыға, құмарта қарағанын қай бойжеткен жек көруші еді.
— Солай деңіз... Пәтеріңіздің нөмірі қандай? — деп ықыластана бейіл білдірді.
— Мен... мен Василий Сергеевичтің пәтерін жалдап... Сонда тұрам, — деген Балтаның көзі жыпылықтап, мынандай сұлу періштенің алдында өзінің әлдебір пәтерші ғана болғанына кінәлі жандай ұнжырғасы түсіп кетті. Жігіт жүзіндегі өзгерістің себебін ақ ару түсінген жоқ, бірақ екі қастың арасы дүңкие қосылғанда, нәзік пішіннің еркектік қажырға толы сұлу сұс табатынын тез аңғарды. Сонымен бірге қалың қабақтың астынан мөлдіреген жанардан тазалық көріп, іштей құмарту ма, ұнату ма — әйтеуір бір тілектің туып келе жатқанын пайымдап қалды.
— Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде... — сөзінің соңын жұтып қойды. — Ал, көрші жігіт, сау болыңыз.
— Сау болыңыз. — Балта бұрылып жол берді.
Тық-тық басқан биік өкшенің тықылы саты қуалап барып үзілгенше орнынан қозғалған жоқ.
Қандай әсем!... "Ажарың ашық екен атқан таңдай"... Күлкісі неткен ғажап!
Қап! Танысуды да білмеппін. Атын сұрағанда ғой... Қандай керім! Қасы, көзі, кірпігі — өзгелерде дәл әлгі арудікіндей әрі көркем, әрі әдемі боп үйлесіп тұрмайтыны неден екен? Бір кемшіні болсайшы! "Оймақ ауыз" деп осындайды атайтын шығар!"
Жоғарыдан түсіп келе жатқан жуан бөксе әйел Балтаны иығымен қаға-маға тоқтады.
Қалшиып неғып тұрсың?
— Ә-ә, маған айтасыз ба?
Балта мұрнының астындағы бір тиынның көлеміндей қара менде төрт-бес тал қылы бар әйелге таңырқай қарады. Әлгіндегі сүйкімді келбет пен мына жирен мұртты сұрықтың адам нанғысыз алшақтығынан күрегі шайлыққандай еріксіз кейін ығысты.
— Саған айтам, саған! Пәтерге тіркелдің бе?
— Иә. Василий Сергеевичтың өзі көмектескен. — Мына тас кенеше қадалған әйелдің осы үйдің тұрғындары сайлап қойған қоғамдық старостасы екенін Балта енді ғана есіне түсірді. Пәтерлеріне бір-екі рет кіріп Вася атайды "кім көрінгенді ертіп келгенін" бетіне басып, біраз сөгіп алған. Вася атай пәтершісінің "кім көрінген" емес инженер екенін, онда да Ғылым академиясында қызмет істейтінін айтып қас кергенімен "тәртіп пен уставты" мықтап қадағалайтын қырағы старостаны онша сендіре алмаған. "Подъезге темекі тұқылы мен сіріңкенің шиін тастап, балконнан қоқыс лақтыратын сыбай-салтаңдарды бес саусағындай білетінін" тәптіштеп ондай "жауапсыздық пен бейбастақтық көріне қалса", аямай айып салып, ақшадан жұтатып қоятынын және мәлімдеген.
— Мұнда неге қалшиып тұрсың? — деп сұрағын тағы қайталады. Сатының жақтау тақтайына кеуделей асылып, төменге көз жіберді. — Анда не тастап жібердің?
— Қайда? — Балта сасып қалды.
— Қайда болушы еді, төменге, сатының астына.
Анау жылтырап жатқан темекі ғой. Сен өрт шығарайын дедің бе енді!
— Мен темекі тартпаушы едім... Ал, төменге ештеңе тастағам жоқ, — деп Балта жалына мөлиді.
— Білем сендейлерді, білем. Жасайтыңдарың бейбастақтық. Есі дұрыс адам екі этаждың ортасында тектен текке қалшиып қарап тұрмайды. Мен сені ана-а-ау бесінші қабаттан көріп келдім. Ештеңе тастамасаң, онда бұл арада не бітіріп қалшиып тұрсың?
Балта не дерін білмей ыржиып күле беріп еді, "тәртіп пен устав" сақшысы айқайға басты.
— Мен сені күлдірем! Мен саған келемеждетем! Мен саған көрсетем! Бандит! Қарақшы! Бейбастақ! Подъезды былғағанымен қоймай, еще мені, старостаны, тәлкек еткісі келеді.
Бес қабаттағы есік біткен ашылып, әр қабаттан әртүрлі басты төменге үңілте салбыратты. Ұрлығының үстінен түскендей сүмірейген Балта иін көтере алар емес.
— Не болды, Гаэне Рашидовна?
— Не бүлдіріп қойыпты?
— Бөтен ғой! Кім екен? — дескен дауыстар жоғарыдан қардай жауды. Мұртты апайдың іздегені сол екен, дауыс тембрі одан сайын қатқылданды.
— Кім көрінгенді пәтерге жібергеннің пайдасы!.. Мынау зиянкес анау төмендегі қоқсық-бықсық аздай-ақ темекісінің тұқылын сөндірмей лақтырған... Ол ол ма, анау қағаздарға ше... анау шұрым-бұрым макулатураға сіріңкенің шиін бірінен соң бірін жағып тастап, тұп-тура өрт салып тұр мынау Корякинның жаңа квартиранты!
— Апай-ау, мен өмірі темекі тартып көрген емеспін. Темекім де, сіріңкем де жоқ, — деп Балта жыларман болды.
— Сен өйтіп ешкімді алдай алмайсың. Мен өз көзіммен көрдім ғой. Өз көзіммен!
— Сіздің нені көргеніңізді білмеймін. Бірақ мен ешкімді алдап тұрғам жоқ. Темекі тартпайтынымды Василий Сергеевич растайды.
— Растайды ол. Иә, растайды. Екі сыңар — бір етік. Сенің Василий Сергеевичың сайтанға да жанын бере салады. Білем мен сендерді. Сені де, оны да. Растайтын кісіні тапқан екенсің.
Мұртты апай — Гаэне Рашидовнаның ашуы енді қоза бастаса керек өз сөзіне өзі сенгені сондай, "бей-бастақ өрт қоюшыны" тап қазір милиция шақыртып, он бес тәулікке қаматып қоймақшы болды.
— Милиция! Милицияны шақырыңдар! Анна Викентьевна, айналайын көгершінім, телефон шала қойыңызшы!.. Aһ, Анна Викентьевна, Анна Викентьевна! Бұзақыға мейірімді болмақсыз ғой.. Жарайды. Сізді де көрермін. Мағрипа, Маша, сен елгезек едің ғой, милицияға хабарлай қойшы, сүйіктім. Ә-ә, қазағыңа жанын ашып қалды ма...
Төмен тұқырған бастар әлде подъезды басына көтере даңғыраған әйелдің мінезін біле ме, әлде бейтаныс жігіттің айтқанына сенді ме, әлде милициямен байланысқылары келмеді ме, бір де біреуі қыбыр еткен жоқ. Ту сыртынан естілген дауыс Балтаны селк еткізді.
— Не болды? Балта, сен неғып тұрсың?
Василий Сергеевичтың сыртқы есіктен кіріп келе жатқанын көргенде Балта әкесі тіріліп келгендей қуанды.
— Вася атай, айтыңызшы... Мына апайға... тәтейге менің темекі шекпейтінімді түсіндіріңізші. Темекі тұқылын тастадың, подъезды ластадың деп түк сенбейді маған.
Василий Сергеевич ашынған жігітке қатарласып келді де, қолынан жетелей жөнелді.
— Жүр, балам. Түсінбестерге түсіндірем деп босқа арамтер болудың қажеті жоқ. Арың таза болса, басқаның түкірігі бетіңе мың жерден шашырағанымен кір жаға алмайды. Әрине, бетіңе түкірік тигізудің де еш жақсылығы жоқ. Жүрегіңді айнытады ол.
Гаэне Рашидовна Василий Сергеевичке қарсы ләм дей алмады. Ысырылып жол беріп, алдынан өткізді де, жоғары көтерілген екеудің жотасына оқты көзін кезек-кезек қадады.
"Жазықсыздан жазықсыз тиіскені қалай? Не істеп тұрсың дейді. Әлгіндегі періштенің... сұлулық тәңірісінің еркімді билеп алғанын кімге жаярмын? Оны тіпті өзіме өзім айта алмастай қысылам ғой. Көңіліме құйылған шуақты су құйып сөндірмек болған ниеті қандай. Дүниеде әртүрлі жандар кездесе береді екен-ау! Тіпті бір подъезде бір-бірінен сондай алшақ періште мен пері тұрады, ә. Қалай сиысады? Бүкіл болмысы нәзіктік пен пәктік тазалық пен сұлулық тәрізді үйлесімдерден жаралған анау періште мынау дөрекілік пен дөкірліктің, ұсқынсыздық пен мейірімсіздіктің жиынтығындай кісәпірмен жүздескенде жаны жүдеп қалмас па екен? Жүдейді. Нәзіктік жүрек қылымен күй шертеді. Сол жіңішке қылға дөкірліктің саусағы жармассыншы, бырт-бырт үзілсін!"
Балта өз ойынан өзі шошыды. Дүр сілкініп ойын үзіп алды.
* * *
Жиырма бір адамы бар шағын лабораторияға Балта тез бауыр басып кетті. Жарқын оны кіші ғылыми қызметкер Сухоруковтың тобына қосты. Топтағы бес адам тәжірибе өткізетін шахта пештің эксперименттік нұсқасын жасаумен шұғылданып жатқан-ды. Балта қызу араласып кетті де, домнаға сәйкестендіріп әлгі агрегатқа елеулі өзгерістер енгізді. Футеровканы — ішкі сылақты — лаборанттарға сенбей өзі жасады.
Алғашқы жұмыс күнгі кеште-ақ институттың кезегі келгендіктен тәртіп сақтау кезекшілігіне паркке барды. Қасында өзінің екі лаборанты бар. Алтыбақан маңайында біраз болып, енді би алаңын шолып қайтуға үшеуі жайлап басып келе жатқан. Қарсы алдарынан ақ көйлек ақ туфли, ақ шляпа киген көршісі шыға келді. Жүрегі дүрсілдеп, аяқтары шалынысып, қапелімде оң жақтағы серігінің қолтығынан ұстай алды.
"Сол ма, сол емес пе?" деп ә дегенде сенер-сенбес күйде ақ көйлекті аруға елеусіз көз қиығын тастап еді, анық таныды. "Сол!" Жұпар иіс, періште арудың ерекше исі Балтаның танауын тұшынтып жіберді.
"Сәлемдессем, танымай өте шықса, қасымдағылардан ұят қой. Байқамағансып кете берсем бе екен?"
— О-о, сіз бе едіңіз?! Қайырлы кеш!
Сыңғыр дауыс Балтаның есін жиғызды.
— Сәламатпысыз!.. Ә-ә, қайырлы кеш. — Балта серігінің қолтығынан қолын босатты. Қасындағы екеуі келіншекпен бас изеп қана амандасып, ілгері кете берді.
— Дружинник екенсіз ғой.
— Иә. Біздің институттың кезегі бүгін келген екен.
"Қолымды ұсынып, уақытты өткізіп алмай, танысуым керек".
— Кешке қарай паркте қыдыруды ұнатам. Былай қарай жүрмеймісіз? — Ару бойжеткен ескі танысындай өзімсінді.
— Иә-иә, рақмет!..
"Рақметіме жол болсын. Аузымнан сөзім түсіп абдырап қалатыным жаман. Кешеден бері қайта көрсем, тағы кездессем деп армандағаным осы емес пе. Енді, міне, мысым құрып, не айтарымды да білмей ыбылжып тұрмын. Басқалардың алдында ешкімге сөз" бермеймін".
Бойжеткен Балтаның жайын ұқты. Тізгінді өзіне алды...
— Ал, онда танысалық. Көрші тұрып бір-біріміздің аты-жөнімізді білмегеніміз дұрыс болмас. — Аппақ саусақтарындағы алтын сақиналарын жарқырата оң қолын ұсынды.
— Атым — Майсара. Достарым Майя дейді.
— Мен — Балтамын.
— Балтадай өткір болсын деп қойған ғой әкеңіз.
"Апырай, сөзінде астар жатыр ғой. Сонда мені өткір емес, жасықсың, ынжықсың деп ренжігені ме? Жоқ әлде қайрағаны ма?"
— Соны тілек етуі де мүмкін.
— Жақсы тілеген... Айтпақшы, мен сіздің бүгінгі жоспарыңызды бұзып жіберген жоқпын ба? — Қара көзде от ойнады. Ай сырғада жалт-жұлт неон шамдарының жарқылы шағылысты. Ақ көйлекті тырсита шерткен жұмыр бөкседен жылу есті. Балтаның маңдайынан тер бұрқ ете қалды.
— Жо-жоқ! Қайдағы жоспар?! Бір сағаттан кейін кезегіміз бітеді. Менің бұл қалада сіз бен Вася атайдан басқа танысым да жоқ...
— Қалай? Бес жыл оқығанда ешкіммен таныспап па едіңіз?
— Институтты Москвада бітіргем.
— Ой, жүрегім енді орнына түсті ғой! — Сыңғыр күлкі бұл жолы тау бұлағындай сылқылдады.
"Бота көз. Нағыз бота көздер осы болар. Қандай терең! Қандай үлкен! Әрі таза! Тап-таза! Елжіретіп жібереді қараған жанын. Шіркін, атын Ботакөз қойғанда ғой!.. Майсарасы кірікпей тұр. Көздері! Тек көзіне қарап-ақ көңіл тойғызып отыра беруге болады".
Тағы да ұзақ ойланып кеткенін өзі байқап қалған Балта тез сергіді. Шашын сілкіп кейін қайырып еді, шиыршықталған бұйра толқындар маңдайын жауып кетті. Майсараның жанары жігіттің жұмсақ қою майда қоңыр шашына байланып қалды.
— Шашыңызды бұйралатқансыз ба?
— Жоқ. Өзінің бұйрасы.
— Керім екен!.. — Сүйрік саусақтар еріктен тыс көтеріліп барып, орта жолдан кейін тайқыды. Балта әлгі қимылды әр саққа жорыды. "Шашымнан сипамақ болды ма? Әлде бұйрасына сенбей, ұстап көрмек пе? Әй, тым ұялшақпын. Жасықпын. Өз-өзімнен қалшылдап, дірілдеп... Пора-пора терлейтінім-ақ жаман. Әне, жұрттың бәрінің көзі бізде. Әрине, Майсарада. Оған бұрылып қарамау, көз тоқтатып сұқтанбау — күнә. Ал, сол сұлулық тәңірісі мені қапталына алып, Олимп тауына қолымнан тартып шығарған жоқ па?"
— Сіз, Балта, мүлде құлақ аспайсыз ғой...
Балта қатты састы. Кілт тоқтап, қайта-қайта бас иді.
— Ғафу етіңіз, Майсара!..
Бойжеткен екі қолымен жігіттің екі қолынан ұстай алды. Алақандары өрт боп дуылдап тұр екен.
— Жо-жоқ, кешірім сұрамаңыз. Айтайын дегенім... мен сіз туралы ойлағам...
— Рас па?! — Балтаның даусы қаттырақ шығып кетті. Майсара қолын босатып алды.
— Бүгін сізбен кездесетініме біртүрлі сеніп едім. Сенімім алдамапты. Бұл не сонда? Телепатия ма, әлде біз білмейтін басқа бір алтыншы немесе тіпті он алтыншы түйсік пе?
— Онда... онда, Майсара, мен де ойлағам. Апырай, екі адамның ойы бір жерден шығуы қалай? Шынымен сол бір табиғаты түсініксіз түйсіктің болғаны ма? — деп Балта шын қызынып, денесін буған қысылудан сәл босады.
— Болғаны да. Енді міне ертегідегі кейіпкерлердей паркте қыдырып жүрміз.
— Неге ертегідегі кейіпкерлердейміз?
— Өйткені ертегіде бәрі тез орайласып, бәрі әдемі қиюласып жатады. Ал өмірде мүлде басқаша. — Майсара салмақты күйге ауысты. Жүз бен көздегі нұр сейіліп кетті. Ай сырғаның жарқылы жоғалды. — Әне, серіктеріңіз келе жатыр.
Балта оң бүйірден тақалып қалған лаборанттарын көрді. "Неге келді? Менсіз-ақ жүре бермей ме? Әй, жігіттер-ай, жігіттер!" деп іштей кейіді. Сергей Туров дейтін ойнақы мінез әріптесі білегіндегі сағатын саусағымен шертті.
— Уақыт болып қалды деп тұр ғой жолдастарыңыз, — деп Майсара аңғара қойды. — Ой, сонда бір сағат тез өте шыққаны ма?!
— Солай болғаны ғой, Ма... Майя!
Аузынан алғаш рет "Майя" деген сөз шықты. Майяны Майсарадан гөрі ерекше елжіреп, әлден-ақ сағына бастайтының жеткізердей дірілдетіп атады.
— Ал, онда кездескенше, Балта.
— Мүмкін бірге қайтармыз?.. Кезекшілігімізді тапсырамыз да... — Майсара басын шайқады.
— Мен басқа жаққа барушы ем...
Ағараңдаған тұлға алыстап барады. Алыстаған сайын Балтаның жүрегін іліп тартып, ілестіріп әкетіп барады.
— Балта Мұқатович, әлгі бойжеткеніңіз кім? Мен тап сондай сүйкімді бикешті бұрын-соңды көрген емеспін! Тұла бойы тұрған гармония! Дауыс тембрі, дене мүсіні, киім киісі — шик-модерн! Нағыз жоғарғы класс! — Сережа әлі де таңдай қағып таңдана түсер ме еді, серігі иығынан қағып қалды.
— Уақыт бітті. Милиция пунктіне кіріп, белгіленіп шығайық. Әйтпесе ертең ерте кетіп қалды деп даулап басымызды қатырады.
Жалғыз қайтқан Балта трамвайға да, автобусқа да мінген жоқ. Бар ындыны ақ көйлекті періштеге түгел ауып кеткен.
"Кездейсоқ ұшырасу — тағдыр жазуы ма екен? Мені ойлағаны шын ба? Қандай пікірмен ойлады? Қап! Жаңа соны неге анықтап сұрап алмадым? Әй, қайдағы сұрау. Оңашада сұмдық шешенмін. Ал, қызбен жеке қалдым ба, тілім күрмеледі. Дегбірім қашады. Тұлабойым дуылдап, қара терге түсіп, асып-сасып болам да қалам. Әй, ынжықпын! Майсарамен дұрыстап сөйлесуге де жараған жоқпын".
* * *
Ауыр машина жасайтын зауыттың жанындағы цехқа орналасқан лабораториядағы жұмыс Балтаны үйіріп әкетті. Жаңа орта, тосын тірліктің алғашқы кездегі еріктен тыс туындайтын жатырқаушылық тәрізді қоңторғайлығы онша біліне қойған жоқ. Жалғыздықтан қалжырап келген жас жігіт мынау өзі арман еткен жас ұжымға бүкіл тілегімен, талабымен араласып кетті. Эксперименттік тәжірибе пешін тез аяқтауға барлық жан-тәнімен құлшынып-ақ жүр.
Жарқын институттан келген сайын бет-аузына темір таты, балшық лайы, графит дағы жұққан инженеріне әрі сүйсіне, әрі мейірлене қарайды.
— Пай-пай-пай, Балта! Сен балта ғана емес, әрі ара, әрі балға, әрі үскі, әрі қысқаш болып шықтың-ау. Басқаларға да бірдеме қалдырғайсың.
— Эх, Жарқын Оқапович, әрқайсымыз үшеу емес бесеу боп тырбаңдасақ та, ұқсата алмай жатырмыз-ау. Қоймада бізге керексіздің бәрі бар да, бізге қажеттің бірі де жоқ. Сонан соң Сергей не істейді дейсіз, таңертең токарь болады. Түстен кейін верстактың қасында слесарь боп жанталасады. Ол аз десеңіз, дәнекерлеуші тағы да сол. Ал, Қадірбек балташы да, ұста да, сылақшы да. Бірақ... үлгере алмай жатырмыз, — дегенде Балтаның өңі жүдей қалды.
— Асықпа, бауырым, асықпа! Бір жұманың ішінде мынау темір бөшкені кәдімгідей-ақ икемге келтіріп тастағансыңдар. Одан артық не керек — деп Жарқын инженерінің иығынан қағып қалып, күліп жіберді. — Өзіңнің ұсқының әбден келісіпті-ау. Осында рас-прекрасненькая Маргарита бар емес пе, соның көз қиығына мына қалпыңда ілінуден қорықпайсың ба?
— Ердің атын еңбегі шығармай ма?
— Айттың, бауырым, айттың сен! Қарқыныңнан жазба онда. Айтпақшы, Сухоруков қайда?
— Ол жоғарыда... кабинетте жаңа технологиялық режимді программалап жатыр.
— Сен, Балта, әлгі керектеріңнің тізімін жазып берші. Мүмкін үлкен қоймадан табылып қалар.
Онда үш-төрт противогаз... Сонсоң әнеукүнгі айтқан осдиллографты тездетерсіз.
— Жарайды. Балта, мынау агрегат-пешіңе қандай ат қоймақсыңдар?
Балта тосылып қалды. Бірақ іштей бастығының ойын құптап тұр. Жүзінде келісуден туған ырзалықтың табы білінді. Соны көрген Жарқын бас изеді.
— Дұрыстап ойланып қойыңдар. Қанша дегенмен пул сенің тырнақ алдың. Анау-мынауды тақпаңдар.
Жұмыстың қызуымен үшеуі уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де байқаған жоқ. Бір кезде Сережа Туров айқай салды.
— Шабаш!
— Уақыт қанша болды? — деп сұрады біртоға Қадірбек.
— Жұрт көшіп, ел орнына отыратын кез... Ал, бұл "Наташа" бізге разы-ақ шығар. Біраз сылап-сипадық қой. — Сережа бойын жазып, сигаретінің бір талын ерніне қыстырды.
— Наташаң кім? — Қадірбектің осы сұрағы Балтаның да көмейінде тұр еді.
— Пәле! Сендер күні бойы айналдырғандарыңның "Наташа" екенін білмей, босқа әуреленіпсіңдер ғой. — Сергей мәз, — Мана Жарқын Оқапович агрегатқа әдемі ат қойыңдар демеп пе еді.
Балта сүйсіне бас изеді.
Қадірбек әлі де көнер емес.
— Неге Наташа? Неге басқаша аталмайды?
— Біріншіден бізге, цехқа сүт таситын Наташадан басқа қызды айтып берші! — деп Сергей өзеуреді.
— Айтам. Маргаританы қайда қоясың?
— Маргарита... Ол алдымен біздің дербес лабораторияның дербес мүшесі, препараторщида. Яғни оған қыз деп қарауға тиіс емеспіз.
— Қыз екені өтірік пе? — Қадірбек те берілер емес.
— Оған қыз деп қарадық дегенше жұмысты ақсаттық дей бер. Коллектив арасында, есіңде болсын, данышпаным, жынысқа бөліну деген болмайды. Олай етті дегенше, служебный роман басталады да кетеді. Ал, ол өнеркәсіпке өте қолайсыз жағдаят. Сондықтан біздің Маргарита бірден кандидатурасын өз еркімен бәйгеден шығартып тастайды. Сондықтан Наташаға жалғыз қыз ретінде ешкімнің таласы жоқ. Екіншіден, Наталья Батьковнаның төңкерілген сауырын, жұмыр бөксесін, қаз омырауын, аққу мойнын көз алдыңа келтір де, мынау агрегатқа анау араға барып, сығалап қана көз таста. Ал, енді байқашы, екеуінің арасында айырмашылық бар ма? Әрине, айта алмайсың. Өйткені, Қадірбек ғұламам менің, сенің көзің — нағыз алмас! Үшіншіден, Наташа, Наталка-Полтавка, ой-ей- ей, — шоқ, жалын, алау! Бәрі де емес — өрт! Мен білем! Білем, Қадір — Бек ибн пайғамбар, оның жалын екенін де, өрт екенін де. Наташаны не сүйіп өлесің, не күйіп сөнесің. Басқасы жоқ, құдіреттім Бек Қадір! Ал, біздің агрегат екі мың градустық қызумен металл ерітеді әлі. Екі мың градус! Сонымен мен, мархабаттым Бек ибн Кадири, өз пікірімді қысқарта тойтаратын болсам, мынау алдымызда домаланып жатқан қуыс кеспек әрі мөрленген, әрі қолхаттанған "Наташа" деген әсем есімді бүгіннен бастап иеленуге әбден праволы.
Сергейдің бұлтартпас дәлелдермен шегеленген монологын үнсіз тыңдаған "данышпан", "ғұлама" әрі "мархабатты" Қадірбек ыржия келісіп, құлшына иек қақты.
Душта адам аяғы сиреп қалған екен, үшеуі еркін жайлап, алаңсыз жуынып шықты.
Киімін ауыстырып киіп сыртқы есікке беттеген Балтаны Сергей қуып жетті.
— Шеф, апарып салайын сізді.
Туровтың мотороллері бар. Қызыл түсті қызық мотороллер ол. Бір күн жүрсе, бес күн тұрып қалады. Екі баллоны да айна таздың басындай жалтырап, қозғалды дегенше-ақ парс етіп жарылып жататын. Соны білетін Балта "неңмен апарасың?" деген сұраулы пішінін лаборантының көз алдына тоса қойды.
— Қорықпаңыз, шеф. Бәрі ол райт.
Аяқ астынан "шефті" тауып ала қойыпты. Жалпы Сережа, Сергей Туров жеңілтектеу, көп сөзділеу тәрізденгенімен жақсы жігіт. Аңқылдаған ақ көңілі аузын ашқан сайын көрініп тұрады. Өзі ұнатқан жанға ат қойып, айдар таққыш. Жақтырмаған адамын өліп бара жатса да аты-жөнімен атаудан бір айнымайды.
— Мотороллерің бұзылып жатыр еді ғой?
— Сол да сөз боп па. Тарсылдатып, тоңқылдатып, тырсылдатып, ырсылдатып, ақыры жөндедім де алдым. Манадан кермені үзіп кетердей, әй, желігіп, әй, тебініп тұр-ау ол қызыл құнан! Біреу мініп, тақым қысса-ақ, ытырылып атқып, құйындатуға дайын. Көп күткізбейік шеф. "Піскен астың күйігі жаман, тосқан аттың бүлігі жаман". Ә-ә, мақалым ұйқаспайды ма... Оқа емес, жаспыз ғой әлі. Мұрсат берсеңіз "Абай жолын" тағы бір оқып шыққан соң тігісін жатқызып, жіптіктей етіп берем.
Мотороллер шынында да жұтынып-ақ тұр екен. Су жаңа болмаса да бұдыр-бедері кәдімгідей сақталған екі баллонды киіп алыпты. Тізгін босатса-ақ зымғайтын түрі айдан анық.
— Мықтап ұстаңыз!..
Әй, зымырады дейсің! Жүйткіп одан да өтеді, жүйткіп мұнда шығады. Кедергі, тосқауыл дегенді білетін емес. Бір рет зу етіп "КАМАЗдың" алдынан кесіп-ақ өткені. Қайсысы тәртіп бұзды. Оны сезер Балта жоқ. Осыдан аман-есен жетсе, мынау қызыл құнан — қызыл мотороллерге де, Сережа, Сергей Туровқа да екінші жоламас еді-ау...
* * *
Подъезге енгені сол еді, жұпар иіс, Майсара исі танауына аңдыздай бұрқырап, бүкіл әлем-болмысында сайраңдады да кетті. "Әлгінде ғана өткен-ау. Төмен түсті ме екен, жоғары көтерілді ме екен? Әрине, жоғары көтерілген! Елдің бәрі жұмыстан қайтып жатқан мезгіл... Айтасың-ау сағатыңа қарасаңшы. Иә-ә, әлде дүкенге, әлде паркке қыдыруға кеткен болар. Мүмкін жалғыз қыдырмай"...
Балтаның ойы үзіліп, өзі тұрып қалды. Мынау жымысқы күдіктен тұла бойына сұп-суық діріл жүгірді.
"Иә, неге жалғыз жүруге тиіс. Жігіті болуы әбден ықтимал. Ондай перизат жанның көлеңкесіне құмарлардың өзі-ақ жер бетін жасырып кетпей ме?.."
Кеудеге күдік оралды дегенше адамның дегбірі қалмайтын әдеті. Балтаның да әлгінде ғана жұпар иістен жүрегін бұлқынтқан қуанышы сап тыйылды. Бірінші қабаттан екінші қабатқа көтерілетін алаңшықта қалшиып тұрып қалды.
— Тағы да неғып тұрсың?
Әнеукүнгі тарғыл дауыс құлақ түбінде жаңғырды. Әнеукүнгі төрт-бес қыл көз алдында бір-бір сойылдай боп тікірейді. Мұртты апай — Гаэне Рашидовна төменге бір, жігітке бір ежірейіп қарап өтті. Балтада үн жоқ.
— Шырағым, тағы да неге қалшиып тұрсың деймін?
— Тұрғым келген соң тұрмын.
— Есі дұрыс адам екі ортада дамылдамайды. Осы сенің бір кінәратың бар! — Гаэне Рашидовна әлденеге алақ-жұлақ етіп жан-жағына, қабырғаларға үңілді. Саусағымен сипалады.
— Таза тәрізді... Бұл не жұмбақ?.. Темекі шекпейтінің рас... Оны білдім. Ал, енді мына жым-жырт тұрысыңды түсінбеймін.
— Өзім де түсінбеймін, апай. — Балтаның даусы сынық естілді.
— Әй, мүмкін сен ауру шығарсың? Басың айналмай ма? — Гаэне Рашидовна кілт кейін шегінді.
— Жоқ.
— Кештетіп қайдан келесің?
— Жұмыстан
— Жұмыстан деймісің... Қарақ-ау, жұрттың жұмысы баяғыда біткен... — Үрей ұялаған көздер Балтаның басынан аяғына дейін, аяғынан басына дейін қуалай тінтіп шықты. — Бүгін аптаның қай күні осы?
— Бейсенбі болар...
— Бейсенбі болар ма, бейсенбі ме?
Балта шынымен ойланып қалды. Жұмыс-жұмыс деп жүріп уақыт пен күнді түстеуге мән бермепті. Мұртты апайдың күмандануы мұны да дүдамаландырды. "Осы маған шынында да бірдеме болған шығар. Айдаладағы аруға құр сыртынан соншама неге құмартам?"
— Кешіріңіз, апай... Гаэне Рашидовна.
Балта тепкішектерден асыға аттап жоғары ұмтылды.
— Шырақ, күн бүгін бейсенбі. Ертең жұма. Ұмытып кетпе, — деген тарғыл дауыста діріл білінді. Кім білсін "шала есті байғұс баланы" аяды ма, әлде "Құдай мүсіркемегенді адам мүсіркеуі керек" дейтін нанымға ұйыды ма, жігіттің қарасы жоғалғанша артынан қимылсыз бағжиып қарады да тұрды.
Жұпар иіс подъезден ғана сезілмей, балконнан да жететін болды. Бейішке кіргендей рақат күй кешкен жігіт кешкі салқынға қарамай балконда ұзақ тұратынды шығарды. Алатаудың тәкаппар сұлулығына қанша қараса да көзі де, көңілі де тоймайды. Кейде қара, кейде ала бұлттан шәлі оранып асқақтай түскен таудан ақ шляпалы Майсараның бейнесін көргендей болады. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын алшақ ұғымдар мен алшақ бітімдерден мағыналық ұқсастық тауып, "көзбен көріп, ішпен біліскендей" жайдары нұрға бөгеді. Ондайда кеудесін кернеп бара жатқан толқынды күйдің ырғағы алпыс екі тамырда дуылдаған қанның ағысымен күшейеді. Алпыс екі тамырдағы ыстық қанның алабұртқан қызуымен бүкіл тұлабойын от боп, өрт боп шарпиды.
Батар күннің қиғаш сәулесі Алатаудың ақша бұлт ақ шляпасына күрең қызыл бояуын сүйкейді. Мойнына желбірете салған ақ шаңқан шарф — қарлы шыңына қып-қызыл жосасын құя салады. Сол кездегі таудың құлпырғанын көрсеңіз! Сол кездегі тау — Майсараның үлбірегенін көрсеңіз!
"Шіркін, анау балконға дәл қазір Майсара шыға келсе ғой!.. Бұ не тылсым?! Бізді бір қабырғаның екі жағына қуып тыққан тағдыр ма? Тілек пе? Зауал ма? Соншама неге ынтығам? Жер-көкке сиғызбай безек қақтыратын ынтызар құштарлық деген осыма? Несіне қызығам? Жұпар иіс француз әтірінікі ғой. Қажет етсем, дүкеннен сатып әкеліп тұмсығымды көме иіскеп, құмарымды неге қандырмаймын. Бірақ анау әсем жұпарда Майсараның аппақ тәнінің сиқырлы әсері бар емес пе? Әрине, бар. Көз бен көңілді арбаған құдірет сұлулық болса, сол құдіретке құлдық ұрып, бас иіп өтермін".
Василий Сергеевич дастарқаның жасап қойып тағы келді.
— Балам, тамақ суып барады.
— Вася атай, қараңызшы! Шыңына алау тұтатқан Алатау қандай әсем! — Балтаның танауы желбіреп кетіпті.
— Иә! Ғажап екен! — Қарияның күңгірт жанарында шоқ жылтырады. — Әлемдегі құдірет — табиғат қой. Содан соң, егер бар болса — құдай ғана.
— Неге, Вася атай?
— Адамның ең нәзік сезімтал кезеңі, ең Жанына ыстық кезеңі, ең мұңсыз кезеңі — балалық шағы. Уайымсыз балалыққа дүние тек шат күлкіден, бейбіт өмірден, аялы алақанды ана мейірімінен және күн-шуақтан ғана жаралады. Балалық — ата-ананың қамқор құшағында марқаяды. Даналықтың тәрбиесінде өседі. Табиғаттың аясында есейеді. Сондықтан, балам, меніңше, кім де болмасын әрқашан балалығын аңсап, армандап өтеді. Оймен соған жиі оралып, қиялмен қауышып жатады. Өйткені кәрі жүрек елжірете еркелеткен анасының мейірбан үнін сағынады. Әжім қатпарлаған маңдай әкесінің еміреніп жанасар жып-жылы ерінін іздейді. Бірақ әке де, шеше де жоқ, сүйектері қурап, қабырларын шөп басып кеткен. Ондайда қалжыраған жүрек не табиғат-құдіретке саусақ жаяды, не тәңір-құдіретке жалбарынады. Жетімсіреген көңіл мүсіркеген алақан табын сезінгісі келеді. Қайтадан балалық кейіпке түсіп, аталық көңілін еміренген жылуына шомылғысы келеді. Ал табиғат — сондай шексіз құдірет. Бүкіл жаратылыстың бастау көзі ол. Табиғат — ана дегенді тегін айтпаған ғой. Ұлылықты ма, сұлулықты ма немесе адам санасы әлі күнге шейін аша қоймаған тылсымдықты ма — әйтеуір жаныңнын бар қажетін содан тауып, "Балаңмын! "Балаңмын! дегенді тағы бір еркелей қайталағың келеді. — Василий Сергеевич күрсініп қалып, теріс айналды. Ұзақ сөйлегеніне ыңғайсызданды ма, әлде көкейдегі құпиясы көзіне жас боп құйылды ма, шынашағымен екі бетін сүйкеп өтті. — Шіркеу мен мешітте, бұтхана мен синагогта әркім өзін тәңір алдында бала сезінеді. Сезіне алады. Діннің бір қажеті әрі қасиеті, Балтажан, осында болса керек. Ой, көп сөйлеп қойдым білем. Жүр жанға азық алдық біраз. Енді тәнді де ұмытпайық.
Балта Вася атасына қызыға қарап келеді. "Кәрілік — қазына болғаны-ау. Ой қуып, ақыл түйген өмір тәжірибесі даналыққа жақындай түседі. Вася атам! Балалығын сағынады екен-ау!"
— Ата, махаббатты да құдірет тұтып табынып жатады ғой. Сонда ол да табиғат пен тәңірідей болғаны ма? — деп ас үстінде Балта әңгімені қайта жалғады.
Василий Сергеевич аузындағысын асықпай шайнап, толғай жұтты да, кеседегі шайдан ұрттады. Алақанымен ернін сүртті.
— Махаббат дейсің, ә!.. Сен адамның қандай сезімге ұмтылатынын білесің бе? — Балтаға біраз көз тоқтатты. Бірақ сұрағына жауап тосқан жоқ. — Тазалық, пәктік һәм ақиқат — адам жанының шыр айналар Темір — қазығы. Тазалық — табиғатта. Пәктік — махаббатта. Ақиқат — дінде, немесе сенімде. Табиғаттан қол үзбеген жан тазалығын жоғалтпайды. Түлеп жаңғырып отырады. Кикілжің тұрмыс, күйбең тірлік ақиқатты ұмыттырады. Сенімнен ажыратады. Соның кесірінен бүгінде ақиқаттың саяси, діни һәм моральдық жүйелері түгел тозып біткен. Әртүрлі жүйенің әр алуан таласы бірін-бірі жұмарлап жығып, бірін-бірі жоқ қылып, шимай-шатақ араласып кеткен. Менің түр-түсін анықтап көрсететін ақиқатым жоқ. Ал, махаббат! Дақ түспеген, бояу жұқпаған, шаң қонбаған пәктікті біздің ұрпақ сондай қадір тұтушы еді! Қазіргі жастарға қарап, махаббатқа мінажат етердей табынуды біле бермес деген ойға бекимін. Себебі бүгінгі жастың ермегі — телевизор, магнитофон, дискотека, спорт. Олардан басқаның бәрі мансұқ. Біраздан бері арақ пен наша дейтін қос құбыжық тағы иектеп алды жастарды. Алыстан қызығып, жақыннан ұялып, көрмесең — аңсап, кездессең — жасқанып тұратын нәзік сезім жер бетінен мүлде өшіп кеткен тәрізді...
Василий Сергеевич столдың тартпасын ашып, "Беломордың" қорабын алды. Қатты толқығанда немесе әлдене ойына түскенде ғана темекі шегетінін Балта білетін. Сіріңке шағып, от ұсынды.
— Рақмет, балам...
Көкала түтінмен бет-аузын тұмшалаған Вася атай қалың ойдың құшағына шомды да, енді өзін де, өзгені де ұмытты. Қарттың анда-санда үнсіз мүлгитін осындай шағына кедергі болғысы келмеген Балта шанышқысына да қол созбай, қыбырсыз отырып қалды.
"Алыстан қызығып, жақыннан ұялып іздейді, деді. Тап менің құпиямды оқып қойғандай дәл үстінен түскенін қарашы! Әлде ындын ауып, жүрек шаншып аңсайтын бір құдірет расымен менің кеудеме орнағаны ма? Мынау қабырғаның арғы жағынан естілетін аяқ тықырын, шыныаяқ шылдырын елегзи тосып отыратыным өтірік пе? Жұпар иісті, тек Майсараға... Майяға ғана тән нәзік иісті аулап отыратыным жалған ба? Балконға шықсам, балконына, үйде отырсам, терезеге үңіліп Ботакөзімнің (Ботакөз деп иемденуімде де мән бар емес пе) аппақ бейнесін аңдып тұратыным бекер ме? Ендеше бүкіл сезім мүшелеріммен қоса ой-бойымды тегіс баурап алған жанды пір тұтпайтыныма кім сенбек? Ал, Вася атай бүгінгі жастардан түңіліп, оларда махаббат жоқ, пәктіктен ада дейді. Мынау ішкі түйсікті жайып салып, ақ көйлекті ару деп кеудемді тесіп жіберердей ұрғылаған жүрек дүрсілінің ғашықтық бәйітін кімге тыңдата алам? Вася атай сенер ме маған? Сенер ме жүрек дүрсіліне?"
2
Баспалдақта оқыс соқтығысып қалған жігіттің бет-бейнесі Майсараның көз алдынан көпке дейін кетпей қояды. Нарцисс! Нарцисс!" Осы есім қайта-қайта тіліне оралумен болды. "Нарцисстың аңызға айналған сұлулығы дәл әлгіндегі қатты абыржыған бұйра шаш жігіттің келбетіндей-ақ болар" дейтін топшылауынан өзгермейді.
"Нарцисс!"
Өз-өзінен күлімсіреуі көбейген Майсара, ақыры жігіттің ойда қалған бейнесін салуға бекінді. Мектепте оқып жүргенде сурет үйірмесіне қатысып, оқытушысының әжептәуір үміт артқан шәкіртіне айналып еді. Бірақ өмір жолы басқа сүрлеуге бұрылды да, қылқалам ұмыт қалған-ды. Міне енді... Көз бен көңіл ғажайып бейнені қиялында қайта-қайта көлбеңдетіп, ұйықтап жатқан тілекті түрткілеп оятып алды.
Талай графит сынды. Талай қағаз жыртылды. Ақ қағазға Нарцисс та, жігіт бейнесі де түспей қойды. Көзі үйлессе, мұрны сәйкестенбей, мөлдіреген көзге ой ұйымай сүлесоқ тартты да тұрды.
"Тағы бір көрсе..."
Тағы бір кездессе, тағы бір көрсе, портрет жасалатынына сенімді. Ендігі бар арман — бір кездесуде тәрізді. Ал кездесу тек суретін салу үшін ғана керек.
Көрші жігітті түсінде көрді. Ол өзен ортасында, бұл су жағасында екен дейді. Кездессем дейтін ынтызар тілік түсте де өзгермепті. Майсара қолын бұлғайды. Жігіт үндемейді. Үндемейді емес, көрмейді. Майсара дауыстайды. Жігіт қарамайды. Қарамайды емес, бұрылмайды. Майсара "Нарцисс!" деп айқайлап шақырады. Жігіт селт етпейді.
"Нар-ци-ис-с!"
Майсараның ызалы даусы, ышқынған даусы өзен бетінде қалқиды, жарқабақта жаңғырады, шырқау көкте қалықтайды.
"Нарцисс! Нарцисс! Нарцисс!"
Дауыс үш рет қайталанады. Үш жаңғырық тіріледі. Үш дүркін толқын аунайды. Үш мәрте өксікті дауыс аспанға атылады.
Жігіт саңырау. Жігіт меңіреу. Жігіт керең. Әлде қуыс кеудеде бұлқынып жүрек соқпайды. Әлде қуыс кеудеде құштар сезім толқыны туламайды. Әлде қуыс кеуденің сұп-суық қаны су боп ағады. Майсараға анау айдынға құмарта төнген жүзді бір ғана көруі қажет. Сонда портрет салынады. Сонда ол діттеген тілегін орындайды.
Майсараны ендеше ештеңе бөгей алмайды. Майсара пайғамбар емес. Жігіт тау емес. Жағаға жеткен қыз жігітке де жетеді.
Майсара өзенге қойды да кетті. Бұрқ-сарқ толқын тулады-ай кеп! Ақ көбік аспанға атылды-ай кеп! Нар толқындар Майсараны олай-бұлай қақпақылдады-ай кеп! Аспан жерге құлап, жер аспанға шапшыды-ай кеп!..
Майсара шошып оянды. Түсі екенін білгенде күліп жіберді.
"Түс те болса жаман қорқытты-ау. Әу, өзен дегенім мынау қабырға болғаны ма? Осы қабырғаның арғы іргесінде-ақ жатыр ғой. Неге сонша Бүлінем? Талайға бас имей келіп, бір көргеннен мазам қашқаны қалай?...
Түс дегенмен де неге қарамады? Ең болмаса бір бұрылып бас изесе ғой..."
Парктегі кездесуден көңілді оралды.
Келе сала мольбертті айналдырды.
Дүниеге Нарцисс — Балта портретінің нобайы туып келе жатты.
"Бірге қайтайық" деді. Келіспедім. Ә дегеннен ләззат құшағына күмп беруден қорықтым. Әрине Балтамен бірге қайтуды өзім де сондай тілегем. Дәл қасымнан қысыла дем алғаны, ұяла қарағаны... маған тура қарауға ұялғаны жүрегіме сондай жылы тиді ғой. Дүниеде өзің ұната бастаған жігітке ұнайтыныңды сезінуден артық бақыт бар ма екен. Кеудемде толқыған бақытымды шайқап алудан жасқандым ғой. Туғалы дәл осындай күйге түспеп едім... Махаббат дейтін ұлылық әлде осы ма екен?!"
Сұр кенепке портреттің нобайы графитпен салынып бітті. Енді майлы бояумен қан құйса, көзге ұшқын, көкірекке от берсе... салқын Нарцисс емес, ұялшақ, бірақ қызу қаны дуылдаған Нарцисс — Балта күлімдеп төрінде тұрар еді-ау!
Майсара өзіне-өзі қайран. Денесі жеңілденіп, ойы сергек тартып, елгезек қуанышпен бұрын дәл бұлай үздікпеуші еді ғой. Талай жігітпен кездескен, талайынан хат алған, талайының жүрекжарды сырын да қанша естіген. Құпиялап тілек білдірген небір жайсаңдарға өзінің бейіл білдірген кездері де болған. Ал бірақ... дәл осылай жүрегі алып-ұшып өрекпімеп еді. Ысынып суынбап еді. Өзі түгіл көлеңкесіне де қуанам деп ойламаушы еді.
Бикеш қауымы сезімтал. Балтаның балконға жиі шығатынын байқап қалған Майсараның да балкон жақ көз майын суырар ынтық дүниесіне айналды. Жайшылықта емін-еркін сайрандайтын балконына бой көрсетіп шығудан қалды. Неден жасқанады? Неге бой тасалайды? Ол арасы өзіне де жұмбақ. Балконға шыққысы-ақ бар. Көрші балкондағы Балтаға қарағысы-ақ сөйлескісі-ақ келеді. Ал соған шамасы жетсейші. Бөгейтін құдірет не? Жібермейтін қандай күш?
Бұрын көп нәрсеге көз жіберіп, мән бермейді екен. Енді оңашада әлдекім туралы ойлау, сол әлдекімді әлдекім етпей жанына балау, сол әлдекімсіз өмірдің қызығы жоғалатындай көру, таңның атып, күннің батуы сезілмейтіндей болуы — тірлігіңнің ғаламат қастерлі кезеңі екен-ау. Жұтқан ауаңның екеуіне бірдей ортақтығы, күн шуағының екеуіне тең бөлінуі, сайраған құстың әні оның да кеудесінен тілектес күй табуы бұрын-сонды әлемде кездеспеген шадыман заманның ынтық куәгерлері екен-ау. Радиодан ғажап күй шертілсе, сол да естісе дейтін, жаңбырдан кейін тау жақтан таза ауа аңқыса, сол да рақаттана жұтса дейтін кеңпейіл тілек кеудеңе біржола орнайды екен-ау.
Адамның ең үлкен бақыты — өзіңді біреудің сүюі болар. Сол адамды сенің де сүюің болар. Егер екі адам бірін-бірі аңсай іздемесе, бірін-бірі өлердей сағынбаса, бір-бірінсіз тұра алмайтының, бір-біріне қажеттігін сезінбесе — толықсып туған Айдың жарығы кеудедегі түнекті түре алар ма? Шыққан Күннің шуағы кеудедегі ызғарды қуа алар ма? Исінген жан еміренген жаңды тапса, алқынған көңіл талпынған көңілмен қауышса, дүниеде түнек қалар ма, дүниеге ызғар толар ма. Сол сәтте құдірет те бір өзің! Әлем де — бір өзің! Тәңір де — бір өзің! Бүкіл жаратылыспен мидай араласып кеткен болмыс та, әлем де, тәңір де — бір өзің ғанасың. Өйткені бүкіл жаратылыс сенен басталып, сен махаббат бастауынан мейір қандырған дүниедегі ең бақытты жансың.
3
"Наташа" дайын болды. "Наташаны" цехтың бір бұрышына орналастырып, жан-жағына қаңылтыр мен органикалық шыныдан экоан-қалқа жасалды. Ауа мен қысымды, температураны тағы басқаларды өлшейтін әртүрлі аспап-приборлар орнатылды. Оттегі баллондары әкелінді.
Сухоруков, Балта, Қадірбек және Сергей төртеуі спецовкаларын киіп, беттеріне шыны маскасын түсіріп алғанда, ертегінің батырларына ұқсап кетті.
Маргарита-Рита қайдан тапқаның кім білсін, әрқайсысына раушан гүлінің бір-бір талын ұсынды. Әзілқой Сергей бұ жолы да қарап тұрмады.
— Рақмет, Рита-Маргарита! Тезірек тұрмысқа шығып, шаңырақ көтеруіңе тілектеспін. Енді аздаған өкпе айтуыма рұқсат ет, невестушка ненаглядная! Бұрын сен, мейірбан қарындасымыз, бізге гүл түгіл күлкіңді де қимаушы едің. Жанымызға жолау түгіл алыстан орағытып өтуші едің. Мынау бүгінгі сый-құрметіңіздің, қайырымды бикеш, себеп-сылтауының төркінін білуге болар ма екен? Ә-ә, қызарасыз ғой, мәртебелі перизат, екі бетіңіздің ұшына тұп-тура бояу жаққандай алаулап, көздеріңіз ұшқын шашып, құдды жас кездегі Джина Лолобриджидадан аумай қалады екенсіз. Шіркін мынау ұзын да қайқы кірпіктеріңіздің, баға жетпес асылзада, кімге ғана қадаларын білсе ғой!
Балта Мұқатович, сізді әрі аяймын, әрі қызғанам. Түйрелмеңіз! Немесе тезірек түйреліңіз. Әумин!
Маргарита тіпті аппақ мойнына шейін нарт қызыл түске боялып, тұра жөнелді. Балта қызды жаңа көргендей сұңғақ бойына, солқылдақ денесіне, тіпті жалаң аяқтарына қарап қалыпты.
— Шеф, сізді Ритуля шынымен-ақ арбап кеткен екен.бір ғана өтініш — мынау алғашқы сынақ біткенше, анау кеудеңізге шаншылған бір тал кірпікті ептеп шығарып алып былай қарай сұлатып қоя тұрыңызшы. Әйтпесе бәріміз, мына үлкен шеф — Сухоруков жолдастан сөгіс алып жүрерміз, — деп Туров қолын кеудесіне төсеп, басын иді.
Балта да, Сухоруков та күліп жіберді.
"Наташа"еңбекті ақтады. Оттегіні қысыммен берген кезде бір сағаттың ішінде агрегаттың температурасы межедегі екі мың градусқа ойланбастан-ақ жетіп барды. Қандай қиын балқитын металыңды да бұл қалпында "Наташаның" шақ келтірмейтіні әбден анықталды. Технологиялық режимінің дұрыс жоспарланғанына көздері жеткен топ, енді агрегаттың футеровкасының қалай сақталғанын, қанша "желінгенін" білмек боп балқыманы қотарып құйып алды.
Футеровка, яғни ішкі шамот сылақ осалдау болып шықты. Көп жері үңірейе сойылып, сыртқы металл қорапқа сәл-сәл тимей қалыпты. Бұл қалпында футеровкаасы бір балқымадан артыққа шыдамайды. Ал әр балқымадан кейін агрегатты сылап, шегендеп жату қол байлайды. Балтаға тағы біраз іздену қажет. Шамотты, династы, магнезитты1 байқап көруі керек.
Жұмыстан бүгін де кештеу қайтты. Трамвайға мініп, билет алуға кассаға беттеген Балта қалтасынан не тиын, не абонемент таппай қатты қысылды. Қырсық қылғанда ақшасын да алмай шыққан екен. Маңдайдан суық тері бұрқ ете қалды. Орамалымен сорғыза сүртіп әлек. Вагондағылардың бәрі өзіне кекете, мұқата, жақтырмай қарап отырғандай сезіп, одан сайын қуыстанды.
— Балта!..
Балта мынау бейтаныс адамдардың арасынан мені білетін кім болды екен дегендей артына алақтай бұрылды.
Мәссаған!.. Маргарита-Рита ғой! Қуанғаны сондай, көптен көрмеген кездестіргендей қасына елпілдеп жетіп барды.
— Рита,.. Кешіріңіз, Маргарита!.. Мен... мен... білесіз бе, ақшамды...
— Отырыңыз, Балта Мұқатович! — Маргарита қасындағы бос орынды қолымен көрсетті. — Шаршаған шығарсыз. Билет алғам. Міне!
— Ой, Маргарита! Рақмет! Сіз... сен... сіз сондай қажет аштыңыз. Сіз тұп-тура менің қорғаушы-періштемсіз! Ал мен... Масқара бола жаздадым.
Маргарита күлімсіреді.
— Білем, Балта Мұқатович. Көрдім ғой.
— Бәрі ұқыпсыздықтан...
— Сіз ұқыпсыз емессіз. — Қыз даусына діріл араласты. Балта жалт қарады.
— Айтпақшы, сіз мана қайтып кетпеп пе едіңіз?
Маргаританың қайқы кірпіктері түгел жапырыла төмен құлады. Кірпіктердің де сұлу болатынын көргені осы шығар. Қыздың кішкене әдемі құлағы жосаға бояп алғандай көз алдында өзгеріп сала бергені. "Әй, сонда... Маргарита кеш бойы мені тосып, аялдамада тұрып қалғаны ма? Мен қалай байқамағам? Бірақ байқайтындай шамам болды ма? Есі-дертім "Наташада". Тезірек кондициясына жеткізсем дейтін мазасыз тілек ой-бойымды шырмап алды ғой. Ал бұл Рита-Маргарита үйіне де қайтпай мені тосады... Қой, мені тосқан да жоқ шығар. Маргарита мүмкін осы трамваймен бір жақтан келе жатып кездесіп қалған шығар".
— Бір жақтан келе жатырмысыз?.. — Қарап отырмай тағы да жағдайсыз сұрақ беріп алғаның кеш ұқты.
Маргарита жалт қарады. Жүзінде: "Сіз мені байқамайсыз. Байқағыңыз да келмейді. Түсінбейсіз, Балта Мұқатович" дейтін кіналауы тұнып тұр екен. Балта қысыла бас изеді.
— Ә-ә, иә... Байқамаппын. Сіз де орталықта тұрады екенсіз ғой...
— Жоқ. Менің үйім он екінші микроауданда.
— Сонда қалай?! — Жігіттің маңдайы қайта шыланды.
"Не қалайы болсын. Сергейдің болжамы тура келіп, — бұл қарындас мені, сірә, ұнатып қалған. Ал мен... Қыздың алдында кінәлі жандай неге қиналам? Әлде қыз кеудесіндегі аласұрған толқынға жауап бере алмас өзімнің салқын күйімнен қысылам ба? Менің де аласұра іздейтін біреуім... Майсарам бар ғой. Сол қызды өкпелетіп алмайтындай етіп Маргаритаға айта алам ба?
Маргаритаға жасқаншақтай көз қиығын салды. Көз бен көз кездесті. Сергек қыз жігіт сырын айтқыз-ақ ұқты. Түсі сәтте қуқыл тартып, өңі құбылып, билеттің бірін жыртып Балтаның қолына ұстата салды.
— Мен келдім. Осы маңайда подругам тұрады. Сау болыңыз. Балта Мұқатович.
Даусындағы дірілді енді өксік буған еді. Балта жалтақтап бас шұлғыды.
— Сау болыңыз, Маргарита...
"Үндестік таппаған көңілдің құлазығаны құрысын. Әп-сәтте қалай өзгерді! Тұп-тура сүле науқастай қан-сөлсіз бозарды да қалды. Қатыгез екенмін-ау. Адам өмірін өгейсітем деп ойлап па ем бұрын. Шытырман тірлік өмір сүрлеулерін қалай тоқайластырады, ә? Осыдан ай бұрын Маргарита мені білмейтін. Мен Майсараны білмейтінмін. Бүгін Маргаритаға...біреу ұнайды. Маған басқа біреу ұнайды. Маргаританың жаны өксіп, көңілі күрсініп қалды. Ал мен өзімше мәзбін... Мүмкін Майсараның да басқа адамы бар шығар!.."
Адамның ең қас жауы — күдігі мен күмәні. Оны жеңер құдірет жоқ. Өз ішінде бұғып жатқан жымысқы күдік тырнақтарын тарбита кеуде тырнап тірілген кезде оған оқ та өтпейді. Қылыш та батпайды. Оқ пен қылыш, тәйір-ай, сөз болып па. Ішкі жегіні бомба да, ракета да ойсырата алмайды. Оның бір ғана жендеті — өзіңнің ажалың ғана. Сен өлгенде күдік күмәнің қоса өледі, қоса жоғалады. Сонда ғана тыншиды.
Балтаның түсі әлгіндегі Маргаританың өңінен де жаман қуқылданды. Екі ұрты суалып, көзі үңірейіп, ой иіріміне батты да кетті.
"Майсараның, әрине, жігіті бар. Бар! Сондай мүсін, сондай келбет, сондай түрмен жалғыз қалуы мүлде мүмкін емес. Ал мен құр сыртынан қызығып, өзімді өзім алдап жүрмін. Әй, қайдан ғана кездесті екен? Кездеспесе ғой...Онда..."
Көз алдында мұңайған Маргаританың аспан түстес көздері елестеді. Аспан түстес. Әрі мөлдір, әрі терең, әрі таза. Енді сол көздерді мұң басты. "Майсара кездеспесе ғой... Маргарита мұңаймас па еді онда? Жо-жоқ! Бәрібір Майсара кездесер еді! Ол ― тағдыр! Басқаша болуы мүмкін емес. Е-мес! Майсараның басқа жігіті болмайды. Болдырмаймын!"
Екінші бір әзәзіл кеуде түкпірінен ысылдай бас көтерді.
"Неге болдырмайсың? Қалай болдырмайсың? Кімсің сен сондай-ақ? Сиынарым махаббат құдіреті дегенді ілгешек етпекпісің? дұрыс дейік. Сонда сен қару қып жұмсап, қалқан қып көтерген махаббат... Жарайды, махаббат демейін, сүйіспеншілік ынтызарын Маргарита саған қарсы жұмсаса қайтер едің? Сен ұмтылған асқарға оның ұмтылуға правосы жоқ па? Сен талпынған биікке оның да көтерілуіне кім қарсы? Мүмкін Маргарита-Ританың тағдыры ― тап мына кеудемсоқ сен шығарсың. Соны ойлап көрдің бе? Осыған не дер едің ақшуланым?"
Балта өзіндегі өзімен айтысып отырып түсетін аялдамасынан өтіп кетіпті. Біраз жер жаяу оралды. Таңертең күн ашық сияқты еді.Алматының тез бұзылатын ауа райына үйрене қоймаған ба, майда жаңбыры бетке себезілеген аспанға өкпелегендей иіні түсіп, бүрісіп келеді.
"Маргарита әрине мені ғана тосқан. Цехтан шыққанымда мына бүркіп тұрған жаңбыр барма еді? Онда үстім құрғақ болатын... Маргарита микроауданына жетіп үлгерді ме екен?... Құрбы қызыма барам дегені далбаса ғана. Қалған көңілдің оңған түсін көрсетпейін деп кез келген аялдамадан түсті де кетті. Малмандай су болса игі еді... Маған бола... Менің жазығым қанша?"
Көшенің дәл ортасында тұрып қалыпты. "Зырқ" еткен такси клаксоны ыршытып жіберді.
― Әй, есуас! Ажалыңнан бұрын өлейін деп жүрмісің?
Таксистың соңғы сөзі көз ұшында өшті.
"Иә,есуаспын... тапты нағыз атымды. Ананы мен ұнатам, мынау мені ұнатады деп бүкіл тірлікті екі бикештің төңірегіне топтастырып, одан басқаны көрмеймін. Әне аяқ астынан машина басып кете жаздады. "Тек жүрген тоқ жүреді, домаланып көп жүреді" дейтін момақан кредоның шоқтығынан неге ұстамаймын. Өмір ағысын өзгертердей кім едім мен соншама?"
Екінші ойы сыңар езулей жұлқынды.
"Тек жүріп, тоқ жүріп тоғышарға айналмақсың ғой. Айнал. Айнал онда. Нағыз есуас сонда боласың. Бүкіл тірлікті екі бикештің төңірегіне топтастырмаймын дейсің. Дүниенің махаббатсыз тұл екенін ұмытқаның ба. Әлемнің сүйіспеншіліксіз суық ірі сұрқай тартатынын ескермегенің бе? Жан-жануардың жұптасып барып, төл туғызып, ұрпақ өсіретінін байқамағансың ба? Өмір ағымын өзгерте алмаймын деп өзгеге ысырып тастап, өзіңмен өзің оңаша тығылып, бұйығып қалмақ екенсің ғой. Қалғы онда. Қалғы!"
― Шырағым, көзіңе қарасаңшы!..
Сәби жатқан бесікке тіреліп тұр екен. Арба итеруші ағайдың көзі шатынап кетіпті. Балта жікжапар болды.
― Кешіріңіз, байқамай...
― Осылар-ақ жынды қылатын болды. Көзін қарашы, көзін! Түк жоқ, түк. Әлгі наша деген пәлесін тартып алып, ләйліп келеді, ― деген ақикөз адамның аттанға бергісіз айғайы Балтаны подъезге қуып тықты.
"Шынымен нашақорға ұқсаймын ба? Неге ұқсауым керек. Мына ой сенделткен түрімнің наша мәңгүрттендірген апиынкештен несі артық. Бір емес екі рет дөңгелек астында қала жаздадым".
Бесік-арбаның дөңгелектерін елестетіп күліп жіберді. Мұртты апай Гаэне Рашидовна қарсы келе жатыр екен, балтаның бетіне осқырына қарап, екі көзі шарасынан шыға қалшиып тұрып қалды.
― Не ғып тұрсыз, Гаэне Рашидовна?
Балтаны одан сайын күлкі буды. Дүние ― кезек деген осы. Мұртты апайдың өз сөзін өзіне қайталаудың ретінің оп-оңай орайласа кеткеніне мәз болды ма, екі иығы селкілдеп ала жөнелді.
"Мүсәпір-ай, мүсәпір! Әп-әдемі-ақ бала, бірақ тәңір қарғысына ұшыраған... Өзі адамға тарпа бас салмай ма екен? Мұндай аурулар үндемей жүріп-жүріп бір ғана сәтте құтырынып шыға келеді деуші еді. Сақтанбаса болмас. Мынау жетпіс екі пәтерлі үйдің мұқаммалына ғана емес, барлық тұрғындарының аман-саулығына жауап беретін міндетімді ұмытып кете жаздаппын-ау. Тиісті орындарға хабарлап, психоневрологиялық диспансерге телефон шалайын тездетіп".
Балтаның екі иығы әлі селк-селк.
— Шырағым, су болған жоқсың ба?
Тарғыл дауыстың дәл бұлай тез өзгеріп, жұмсақ естілгеніне сенбеді ме, әлде Гаэне Рашидовнаның мүләйім жүзі сабасына түсірді ме, Балтаның күлкісі тиылды. Жасы үлкен адамның алдында әбестік жасап қойғаның сезінді.
— Сәламатпысыз, апай. Кешіріңіз.
Мұртты апайдың ерні жыбырлады. Өзі қабырғаға қарай асығыс шегінді.
Балта жоғары көтерілді.
Шарасынан шыққан көздер жігіттің соңынан мүсіркей қадалғанда, еріндер әлсіз күбірледі.
— Қандай көрікті. Қандай аянышты. Эх, шіркін осындай көркем балаға сондай жаман ауру жабысқан. Емдету керек.
Егер адам жанын көретін көз болса, дәл қазір Гаэне Рашидовнаның үнемі тырнақтарын тарбитып, тістерін ақситып, жүнін түгел үрпитіп ысылдап тұратын тарғыл мысық — жанының моп-момақан кішкене сүйкімді қошақанға айналып, уызға тойып көк шөптің үстіне құлай кеткенін көрер еді. Анау титімдей қошақан қашан оянғанша Гаэне Рашидовнаның тарғыл мысығы кеудесіне оралмас еді.
* * *
— Балам, балконға көп үйір боп кеттің. Не бар сол ызғырық өтінде.
Вася атайдың көкейінде тығылып жатқан басқа сөздер. Оны айтуға батпайды. Батпайды емес-ау, Балтаның көңіліне қарайды. Балконға неге үйір болғанын да, балконнан кімді іздейтінін де, қай жаққа бұрыла қарап тұратының да біледі. Бірақ тік кесіп: "тыйыл да тын!" дей алмайды. Ал, өзінің Майсараны жақтырмайтыны бүкіл болмысынан, барлық іс-әрекетінен сезіліп тұрады.
"Неге жақтырмайды? Жақтырмайды деу жеңілдету ғой Вася атай Майсараны жек көреді. Онда қандай сыр бар? Көрші болып бір-бірімен шәй десіспейді. Оған атайдың да, Майсараның да кісілігі жетеді. Майсараның подъезды әрі сыпырып, әрі жуып жүретінін бір айдан бері талай көргем. Ерігіп те, желігіп те Бүлінбеген бойжеткен. Бойжеткен демекші атайдың көңілі өзінің туған келінінен қатты қалған.
Атын да атамайды, есіне де түсіргісі келмейді. "Жалғыз ұлды бауырына басып, жеке иеленді де кемпір мен шалды ұмыттырып, Брестке алды да кетті. Немеремді үш-ақ рет көрдім. Барғанымды жаратпайды. Өздері келмейді. Бәрі келінімнен" деп кейіген. Мүмкін Майсара сол келініне ұқсап кетіп жүр ме екен?!"
— Қазір, ата, қазір.
Балта көрші балконға ақырғы рет көз тастап бұрыла беріп еді, еденде жатқан кистіге назары байланды да қалды. Майсараның ұқыптылығына әбден тәнті болған. Еденге қылау жолатпайтын. Анау қылқаламның домалап жатуы тегін емес.
"Сурет салады екен-ау. Не салғанын көрсе ғой! Натюрморт шығар. Қыз дейтін халық гүл мен қызғалдаққа таяу тұрады... Кистіні алар ма еді! Сүйріктей саусақтары анау ағаш саптан ұстады-ау!"
Балтаның аяқ астынан қылқаламға ындыны ауды да кетті. Жетімсіреп жерде елеусіз жатысы одан сайын бір ұстасам деген өлермен тілегін өршітті. Көтеріп алса, қастерлеп кеудесіне қысса, Майсара алақанының ыстық табы көкірегіне күйдіріп басылардай көреді.
Тамағын апыл-құпыл асығыс ішті.
Ыдыс-аяқтарды жуып болып, тамақ қалдықтары салынған шелекті ауладағы темір қорапқа төгіп келуге шыққан Балта сыртта біраз кешікті. Вася атай тықыршып отырып-отырып, ақыры ол да төменге түсті. Балтамен кірер есікте кездесіп қалды.
— Балам-ау, қайда жүрсің?
— Таза ауада қыдырам деп...
— Бейсаубет жүрген жалғыз-жарымды ұрып кететін әлгі бір "банда"дей ме шуылдасқан өспірімдер көбейді ғой. Сақ болғанын дұрыс, балам. — Василий Сергеевич кәдімгідей үрейлене сөйледі. Үлкен адамдардың не болса содан қауіп тосатын мінезі Балтаның күлкісін келтіреді.
— Ата-ау, мені шертіп қалса сынып кететін шыны көргеніңіз бе.
— Сен жалғыздықтың тауқыметін тартқан жоқсың, Балтажан. Ал, маған сен туған баламдай боп кеттің. — Шал күмілжи беріп, алақанымен аузын басып күрк-күрк жөтелді. — Баламнан артықсың, иә. Сенен айрылып қалсам... — Әлдебір түйнек тағы да алқымына тығылды ма, әлде тысқа жеңілдеу шыққан ба, жөтелмен булықты.
Деміккен қартты Балта оң қолымен қаусыра құшақтады.
— Ата, жүріңізші. Түн салқындау екен.
— Мынау сымды не істейсің?
— Керек ата. — Балта әңгімені бұрып жіберді. — Ата, жалғыздықтың несі қорқыныш?
Баспалдақтың соңғы тепкішегіне көтерілген Вася атай есік тұтқасына соза берген қолын түсіріп, артына бұрылды. Жақтау тақтайға сүйеніп төменге еңкейе қарады.
— Жалғыздық — мен үшін, Балтажан, бұрын анау почта жәшігінің үңірейген бос қуыстығы болатын. Соның жаңғырған бос даңғыры менің кеудемнің сырылды уһілеуімен үндесетін.
Балта атасын тағы да елжірей аймалады.
— Енді сіз жалғыз емессіз. Еш уақта жалғыз болмайсыз.
— Ал, сен анаңа соңғы хатты қашан салып едің? — Вася атайдың қатайған тұлғасы, сұсты өңі Балтаның жүзіне тергеушідей қадалды. Ана — өмір бастауы. Дүниедегі ең ұлы жан — Ана. Ананы ұмыттым дегенше, адамзатқа, Отанға опасыздық жасадым дей бер. Ана көңілдің құлазуын көргенше көлдің шөлге айналғаның, күннің сөнгенін көрген оңай.
Оy, ата, мынауыңыз нағыз философиялық трактат! — Балта қалжыңға сайғысы келгенімен кеудесін көктей өтіп күйдіріп бара жатқан көкшіл көздерге тура қарауға жасқанып, сырт айналды. — Жазам, ата! Осы қазір жазам. Апамды неге ұмытам. Үй алысымен көшіріп әкелем.
Хат бәрібір жазылмады. Есі-дерті балконда жатқан жарасыз қылқаламға ауғаны сондай, не жазып, не қойғанын білмеді.
Ақыры еден жуатын сырық ағаштың ұшына даладан тауып әкелген сымтемірден имектеп қармақ жасады да, балконға шықты.
Жарты сағаттай әуреленіп, ақыры қылқаламды қолына іліктірді-ау!
Көрші балконның есігі сықырлағандай болып еді, бірақ ашылған жоқ.
Балта қылқаламды алақанымен сипалады. Мұрнына тоса иіскеледі. Майсараның жұпар иісін тағы да сезгендей әсерлене қуанды.
"Сүйрік саусақтар дәл мына жерден былай ұстады-ау! Мына қылды маникюр жалатқан саусағымен серпіп көрген шығар. Вася атайды кездестірген тағдыр мені Майсарамен ұшырастырмақ екен-ау. Енді, міне, лақтырып тастаған керексіз нәрсесіне дейін қызығам. Бойтұмардай қасиеттеп, кеудеме басам. Ғашықтық деген осы емес пе. Иә, ғашықпын! Ынтығым күшейіп, аңсарым ауып барады сағат сайын. Майсара — болашақ өмірім! Бақытымның символы бір өзі". Қылқаламды қағазға әдемілеп орап, жастығының астына басты да кереуетіне қисайды.
4
Майсара түнімен дөңбекшіді.
Балтаның ұзақ әуреленіп қылқаламды алғанын көрген. Алғаш балкон тықырынан сезіктеніп қараңғы залдың терезесінен сығалап қарап еді, қолында сырық ағашы бар Балтаны көріп жүрегі зырқ ете қалған.
"Не істегелі жатыр?"
Бой созып үңіліп балкон еденінде жатқан қылқаламды қармағына іліндірмек болған жігіт әрекетін әр саққа жүгірткен.
"Оны қайтпек? Соншама әуреленгені несі? Қажет болса, мен су жаңасын-ақ берер едім".
Балтаның бұйра шашы маңдайын көмкеріп, әдемі жұқа еріндері қиюласа жымқырылып, баданадай қара көздері жоғарыдағы терезе жарығында тіпті ұшқын атып, жігітті сондай құлпыртып жіберген екен. Майсараның кірпіктері оқтай атылып, назары байланды да қалды.
"Қандай нәзік сұлулық! Дәл осы бейнесін суретке түсірер ме еді! Осы уаққа шейін мен дәл мынадай ғаламат әсем кескінді көрмеп едім!"
Ақыры қылқаламды қармағымен іліп алған Балта кеудесіне қысқанда Майсараның жүрегі атша тулап ала жөнелді. Қылқаламды мұрнына тақай иіскеп, сабынан құшырлана сипағанда Майсараның тұлабойы дуылдап, көкірегі өртеніп сала берді.
Балтаның қылқаламға соншама неге қызыққан себебін түйсініп еді.
"Балта! Балтажан! Мені ұнататыныңа көзім жетті-ау!
Мен бақытты шығармын осы. Талай еркекпен кездесіп жүріп дәл осындай есімді алған қуанышты сезіп пе едім бұрын. Дәл осылай ұяла именшектенуші ме едім бұрын".
Майсараның көзінен ыршыған ыстық жас жастығына тамды.
"Жылаймын ба? Жылаймын. Әттең-ай, өмірдің дәл мынандай шипалы шуағы мол мәнді, мағыналы кезеңі туатынын ертерек ескерсем, өстіп алданып қалып, өкініште өксір ме едім? Балтаның таза тілегіне құлшына бас изеп, оң қабақ көрсете алар жағдайым бар ма еді? Тазаға кір жұққызып, шынайыны жалғанға телігенде одан сайыл батпақтай түспеймін бе?
Кімге зар айтып, кімге жалынсам, уыз жастықтың пәктігіне қайта орала алам? Тұнығымды таба алам? Дарақы күлкі, думанды тірлік шарап буы шалқытқан күндерді дүниенің қол жетпес қызығына балап, оп-оңай адасқанымды, алданғанымды кеш білгеніме кім кінәлі? Жаны жаралы құралайдың біріне айналғанымды анау Балтаға айта алармын ба? Айта алам ба? Басқалардай оны да алдап, түк болмағандай өтірік сыңғырлап өте берейін бе әлде?"
Ыстық жас бет күйдіре тіліп ағады. Өртенген іштің өкініші жалын боп шарпи ма, сырғанаған ізін қарып түсетін сиқты.
“Алдай алмаймын. Балтаны алдай алмаймын. Менің тәңірім де, табынарым да енді сол болар. Бұдан әрі де жалғанға жүгініп, күнәға батсам, жер басып жүрмегенім артық. Мынау жүрек дүрсілінде "Балта!" дейтін ынтықтық бар. Алдай алмаймын мен оны. Оны алдағанша қара қанжарды "Балта" деп кеудемді ұрғылайтын жүрегіме сұғармын".
Майсара түнімен дөңбекшіді.
Майсара ертеңінде жұмысында да отыра алмады. Түске таман қызыл телефон шар ете қалған. Майсара трубканы көтергісі келмеп еді, шырылдаған неме қоймай безілдеген. Ауыр жүк көтергендей трубканы құлағына әрең апарды.
— Ало-оу... Иә!
— Майечка, ұйықтап отырмысың, көгершінім. — Салмақты баритон дауыс өзінің біркелкі ырғағынан өмірі жаңылмайтынын тағы да танытты.
— О не дегеніңіз, Ғазиз Құлтанович, қайдағы ұйқы...
— Майечка, сен былай істе, қазір он екі елу бесте "Саятқа" тез жет. Әңгіме бар.
Телефон зырқ-зырқ етіп үзіліп кетті.
"Саят" — Ғазиз Құлтановичтың саябағы. Қаланың тау жақ бөктерінде жеміс ағаштарының ортасында биік дуалдан елеусіздеу көрінгенімен қасына жақындағанда әсем сәулетімен көз тартатын екі қабат ғимарат.
"Саятқа" кіру — жұмаққа енуден де қиын. "Саятқа" бір кіріп шыққан адам жұмақты қиялдап әуре болмайды. Сондықтан да "Саяттың" қақпасы санаулы-ақ кісіге ашылады. Сол санаулылардың бірі — Майсара.
Майсараны бірден ас бөлмеге бастап келген есікші үн-түнсіз есікті сыртынан сықырсыз жауып қала берді.
Майсараға есіктен төрге дейін төселген қызылала кілемдер таңсық емес. Талай рет табаның сипатқан соң еті өліп кеткен. Кең ас бөлменің төбесіндегі салпыншағы мол үш чех хрусталь люстрасының кемпірқосақ орнатып, кешке жарқырап, күндіз жалтырап тұратыныңа әбден көзі қанығып кеткен. Жаңғақ ағашынан жасалған мебельдің ою-өрнегінің басқа еш жерде кездеспейтінін де, қайталанбайтының да талай естіген. "Мадонна" сияқты шетелдік сервиздің әлденеше түрінің қат-қатымен иін тіресіп тұрғанын да, анау атшаптырым столда екеу-екеуден мінгесіп, жағалай қонақтағаныңда талай көрген. Бүгінгідей Ғазиз Құлтановичтың оңаша отыруына да, жалғыз қарсы алуына да таңданбайды.
— Алдымен қарын қамын күйттейік Майечка. "Ac — адамның арқауы" деген.
Ғазиз Құлтанович қонақжайлық рәсімін білдіріп, оң қапталындағы арқалығы биік ауыр орындықты кейін жылжытып, мейманыңа орын сайлады.
— Аздап ауыз тиеміз бе? — деп КВВК2-ны нұсқады.
— Қажет емес, Ғазиз Құлтанович. — Майсараның өңі сынық, даусы бәсең естілгенін Ғазиз Құлтанович құр жібермеді. Сызат-жарықты тап басатын сынықшыдай елгезектігіне бақты.
— Неге қабағың түсіп, көзің кіртиіп кеткен? Ұйқың қашып жүр ме? Кім ол мазалайтын? Не?
— Жо-жоқ, Ғазиз Құлтанович ұйқым тыныш. Ешкім де, ештеңе де мазаламайды. Тек осы жұмысқа орналасқаннан бері күдікшіл боп барам. Еңсемді көтертпей әлдебір үрей желкемнен басады да тұрады.
Осысы шыны екені кіреукеленген тұңғиық көзінен білінді. Дірілдеген еріннен сезілді. Ғазиз Құлтанович Майсараға ұзақ қадалып қарап отырды да, басын шайқады.
— Сен, Майечка, ресмилікті таста. Мен саған жай ғана Ғазизбын. Екіншіден, өзіңді өзің бекер қажама. Қорқатын да, үркетін де дәнеңе жоқ. Дүниенің тұтқасын ұстағандар бізден артық емес. Жұрт бізден қорықсын, бізден, Майсара!
Ғазиз Құлтанович содан кейін тамақ жеуге кірісіп кетті де үнсіз қалды.
"Төс қағып, кеуде ұрады. Қолындағы билік пен астындағы креслосының соншама мықтылығын бұрын осылай дәріптемейтін. Бүгін көсіліп те, шешіліп те берді. Әрине, бұл ешкімнен қорықпайды. Жер құдайы санайды өзін. Құдайдан кем емесі де рас. Анау жұдырықта талайлардың тағдыры сығымдалып жатыр.
Тазалыққа тағы дақ түседі енді. Мөлдір бастаудан ұрттап, тандырдай таңдайды суық сумен шайғандай болып едім...
Неге келдім? Келмесем ғой... Келмесем — мына саусақтардың шеңгеліндегі бұғалықтың ұшы саумалап тартып қылғынтып оралтар еді. Кете алмаймын. Жібермейді. Босатпайды!
"Дүниенің тұтқасы!".. "Арамдық пен жауыздық дүниеге тұтқа бола алмайды. Арамдықтың адамзат бетіне тура қарауға дәті шыдамайды. Жауыздық жарық пен жылуға жолай алмайды. Ендеше олар дүниеге тұтқа болуға жарамайды" деуші еді ғой. Бірақ олар адалды былғап, жақсыны жаралап, тұнықты ылайлап жүр ғой. Осылай өктемдеп, талай ғұмырды өгейсітіп өте бере ме?"
Тоғын басып, темекісін тартқан Ғазиз Құлтанович Майсараға бір парақ қағазды ұсынды.
— Мыналарды екі-үш күнде тындырасың, Майечка. Созуға болмайды. Жадыңа мықтап түйіп ал.
Майсара қағазға көзін шүйілдіре үңілді.
— Қалай, ұқтың ба? Ал, онда айтып шықшы, — деп Ғазиз Құлтанович қол созып қағазды қайта алды.
Майсара тапсырманы ұстаз алдындағы шәкірттей сақылдатып жатқа айтып берді.
— Дұрыс. Сен білесің енді. Мен білем. Үшінші біреу білсе — су түбіне сен кетесің, Майечка. Ал сен маған керексің. — Ғазиз Құлтанович қағазды паршалап жыртып күлсалғышқа салып, күміс оттығын шағып, жағып жіберді.
— Біздің жұмыста, Майечка, ең қажеттісі — артында әз бен белгі қалмауы. Қағазға түскенді, тасқа басылғанды айқындау оңай, тілге берік болса қауашақтағы құпиядан тылсым нәрсе жоқ. Біздің құдірет — сақтықта.
Майсара келіскен сыңай танытып, бас изеді.
Ғазиз Құлтанович орнынан тұрды. Майсараның иығына қолын салды да, алақаның жылжытып, аппақ мойыннан уыстай сипалады.
Ғазиз Құлтановичтың Майсараға "жатын бөлмеге кірейік" дейтін басқа тәбетінің ашылғаның білдіретін машықты "емеуріні" осы.
Майсара Ғазиз Құлтановичтың қолы иығына тигенде дір ете қалып еді, сұп-суық алақаны желкесіне жанасқанда мойнына қарашұбар жылан оралғандай тұла бойы түршіге тітіркеніп сала берді. Бұған дейін бұлтартпас бұғалықтай сезілетін алақанның ишаратты сығымдалуымен еркінен айрылып, бұлталақсыз еріп, бар қимыл-қарекетіне үнсіз көне беретін. Қазір кеуденің әлдебір қуысынан өртене тұтанған жиіркеніш сезімін анық бағамдады. Кілт еңкейіп қалып суық құрсаудан мойнын босатып алды да, оң иығына иегін қондырып, қызара бөртіп дәніккен жүзге қабағын көтере тік шаншылды.
— Ғазиз Құлтанович, болмайды бүгін. — "Бүгінді" қосып қойғаныңа қатты өкінді. "Шешінген судан тайынбас" өжеттікке басты. — Бұдан былай болмайды!
Қызара бөрткен жүз лезде қуқыл тартып, ызғар шақырды. Үлкен қой көздерде сұсты жылт тірілді.
— Мөңкімексің, ә, бикеш! — Дауыс тембіріне металл қатқылдығы қосылды.
— Еркіңіз білсін. Бірақ мені қинамаңыз... Қинай алмайсыз. — Аспандай қараған бота көздің аласын көбейтіп, кірпік қақпады.
Ғазиз Құлтанович шамырқанғаның күшпен тежеп, темекісіне қайтадан қол созды. "Мальбораның" бір талы саусақ арасында әнтек дірілдеп қалып, түзелді.
— Жарайды, Майсара! Тек есінде болсын, егер анау тапқан сүмелегің... кешір, қавалерің яғни көңілдесің, оның бар екенін сездім, можамтомпай көптің бірі болса, сен де, ол да — екеуің де мүрдем кетесіңдер! Менің саған берген бостандығымның ақысы!
Майсара орнынан тұрды. Бостандығын қандай құрбандықпен сатып алғанына көзі жеткен соң атқұйрығын бірден біржола кесіп кетуге бекінді де, қол сумкасынан "Саяттың" сыртқы дарбазасының кілтін шығарып стол үстіне қойды. Сонан соң оң қолын жерге тигізе Рязаньдық мадоннаша иіліп тәжім етті.
— Қайыр қош болыңыз, Ғазиз Құлтанович.
— Е-е сен, Майечка, өйтіп оңай құтылам деме. Мен сені тек анау бөлмедегі "міндетіңнен" ғана босаттым, сен маған керексің. Керексің! Сен, бикеш, өзіңе көрсеткен сенім мен қадірдің әлі жүзден бірін де өтеген жоқсың. "Алмақтың да салмағы барын" ескіргін, Майечка!
Майсараның тізелері дірілдеп кетті. Шомбал орындықтың биік арқалығына кеудесімен сүйенді де, шатынаған көздері қарсы алдындағы адамға қадады.
— Алайта бер көзіңді, Майечка! Айылымды жияр болсам осы биікке көтерілер ме едім. Құмырсқадай қыбырлаған қара халықты қабағыммен қыбырлатып, кірпігімнің ұшында жорғалатар ма едім. Сондықтан, Майечка, әлгіндегі тапсырманы айтылған уақыт ішінде бұлжытпай орындайсың. Үлесің бұрынғыдай сақталады.
Майсараға кілтті нұсқап әнтек иек қақты. Көздегі сұс, жүздегі сес азайып, ежелгі бұйрықшыл пішінін тауыпты.
Майсара кілтті сумкасына салып алды. Тіл қатпастан есікке бұрылды.
— Тоқта!
Ғазиз Құлтановичтың қатқыл естілетін жалғыз сөзі көмейден қорғасын оқтай бір-ақ атылып шықты дегенше, өзіңнің адамдық келбетіңнен айрылып, кісілік қасиетіңнен жұрдай боп жорғалаған кенеге қалай айналғаныңды білмей қаласың. Майсара құп-қу кетті. Қалт тоқтап, баяу бұрылды.
— Сен жаңа, Майечка, маған бір әдемі өнер көрсеттің. Артист болдың ба, славяндық сұлу болдың ба, әйтеуір ғажап бір реверанс жасадың. Мынау сенің сымбатты денең, мүсін-тұлғаң маған сондай ұнайды. Әсіресе анау оң жақ төсің астындағы, кешір, бидайдай менің кейде көз алдымда тұрып алады. Сен, Майечка, әлгі қимылыңды тағы бір қайталашы. Жо-жоқ! Бұйырды деп түсінбе, Майечка! Саған, сендей перизатқа қандай еркектің дәті шыдап бұйыра алар! Өтінішім бұл. Өзімсінгенім ғана.
Майсараның жүзін жас жуды. Мөлдірей сауылдаған кесек тамшылары екі езуге жиылып, аузының іші кермек татып кетті.
Ғазиз Құлатновичтың ең бір аса ұнататын мезеті: әйелдің пора-пора жылап, әлсіздігін жасымен көрсетіп алуы, еркектің көзін жасырып, бүгежектеп қипақтауы. Алдындағы адамның арқауы босап, жүні жығылып, ішкі тіреуі сынып, желді күнгі қамыстай майысып тұруы өзінің беделін асырып, қасиетін көбейтіп, қайратын еселеп, аруақтандырғандай жігерлендіре түсетін. Сонда ғана Ғазиз Құлтанович өзін жалғанды жалпағынан басып, дүниені шайқап өту үшін туған құдірет иесі тұтып, анау етегін сүйіп, етігін жалап, жорғалап жатқандардың тағдырын тышқан етіп ойнайтын.
Көз жасына тұншыққан Майсараға рахаттана қарап, темекі түтінін сақиналандыра ытқытты. Орындығына шірене шалқайып шампан шарабымен шөл басты. Аузын алақанының сыртымен сүртіп тастап, шынашағымен тісін шұқылады. Мекірене ұзақ кекірді.
— Майечка, менің әр минуты санаулы аса жауапты қызметкер екенімді ескермей тұрсың. Қабылдауымды күткен совет азаматтарының обалына қалсын демесең, әлгі әдемі қимылыңды қайталап қана мемлекеттік міндетімді абыроймен атқаруыма рұхсат ет, — деп баяу бастаған сөзінің соңын қатқыл аяқтады.
Майсара кілт бекінді.
"Мемлекеттік қайраткер сен бе? Мемлекеттік қылмыскер ғанасың. Адам бейнесіндегі қорқау қасқырсың. Ендеше сенің өзің кім, сөзің кім".
Майсара алдымен оң қолын жерге тигізе асқан нәзік қимылмен иіле тәжім етіп, бой жазды да, енді сол қолын жерге тигізе екінші мәрте және иілді.
— Іздегеніңіз осы болса, Ғазиз Құлтанович, несіне аянайын.
Майсараның көздері шайтан түкіріп кеткендей жайнап тұр еді, Ғазиз Құлтанович жақ жазуға мұршасы келмей, шайқалған кеудесін тіктеп, қарап қалыпты.
Келіншек одан әрі қарайлаған жоқ. Ширақ басып есікке беттеді. Тұтқаға қол соза бергені де сол еді, жарма есік сықырсыз ашылып, арғы бетке жұтып алды. Есікші сол үнсіз қалпы ілесіп отырып, Майсараны сыртқы дарбазаға дейін шығарыл салды.
5
— Хал қалай, бауырым?
— Өте жақсы, Жарқын аға.
— "Наташаларың" қалай? Сенімді ақтай алар ма?
— Ақтайды. Футеровкасы демесек... Герметизациясы берік. — Балтаның көзінде мақтаныш оты тұтанды.
— Феровкасында кінарат бар ма? — Жарқын қадала сұрады. Қандай металл балқытатын пештің болмасын осал тұсы — сыртқы темір қалыпты сұйық ертіндіге тигізбей қорғап тұратын іштен қаланған шамот, динас, магнезит кірпіштер немесе сылақ.
— Отимальды түрін қарастырып жатырмыз, Жарқын аға. Әзірше ішкі сылағымыз тура үш балқымаға төтеп беріп жүр. Бұрын әр балқымадан кейін ішек-қарын аршығандай жамап-жасқап әуреленіп жатушы едік.
— Сонда да сақ болыңдар. Корпусқа ыстық металл тиді дегенше... — Жарқын таңдайын қағып, басын шайқады. — Балқыманы ағызғанда анау қалқаның сыртыңда боласыңдар ғой?
— О не дегеніңіз, Жарқын аға, әрине, сыртыңда боламыз. Қауіпсіздік техникасын өттік қой түгел.
— Киіз шалбар-курткаларың бүтін бе?
— Бүтін. — Балта күлімсіреді. — Біраз тексердіңіз-ау, Жәке. Бүгін біз енді ішкі қысымды үш атмосфераға жеткіземіз. Сонда қанша уақыт үнемдейтінімізді анықтаймыз. Ал үнемделген уақыт — үнемделген отын!
— Бұрын қысымды қаншаға дейін көтеруші едіңдер?
— Екі, екі жарым...
— Абай болыңдар. Жұманың соңында Сухоруков екеуің барлық жасаған тәжірибелеріңнің осы уаққа дейінгі нәтижелерін баяңдайсыңдар.
— Оған дайынбыз, Жарқын аға. "Наташа" осылай төтеп беріп тұрса, о-о, онда біз балқытудың жаңа технологиясын ашамыз! Қаншама таза пайда кіреді!
— Тым бөсіп кеткен жоқпысың, бауырым?
— Жо-жоқ, Жарқын аға, көресіз ғой. Миллиондап пайда табылады әлі-ақ.
Жарқын Балтаны құшақтап кеудесіне қысты. Арқасынан қақты. Күннен күнге Балтаны туған інісіндей көріп барады.
— Мен виде-президентпен сөйлестім. Сені жас маман ретінде арнаулы тізімге кіргізді. Айналдырған екі-үш жылда пәтер алып қаларсың, — Жарқын көңілденді. — Кезегің, ұмытпасам, сексен жетінші.
— Рахмет, Жарқын аға. Қоныстойымның төрағасы да, асабасы да өзіңіз боласыз!
— Әй, қусың, бауырым. Әрі төрге отырғызасың, әрі жүгіртіп қызмет істетіп қоймақсың, ә! Жә-жә, бұртима. "Сүйгенін — шұнағым" дейтін қазақпыз. Сенің бүкіл тойыңды өзім-ақ атқарып беруге дайынмын. Алдымен үйлен. Шаңырақ көтер.
Шаңырақ көтер дегенде Балтаның ойына Майсара оралды. Ақ періште қалпында аппақ тістерін жарқырата күлетін тәрізді.
"Оң қабағым тартады-ау күлімдесең"...
Әсем әннің жалғыз жолы инесі бұзылған патефондай қайта-қайта құлағында ызындады, тіліне оралды.
"Оң қабағым тартады-ау күлімдесең"...
"Майсара күлімдесе оң қабағым түгіл қуанғаннан бүкіл тұлабойым селкілдеп кетер еді! Ғұмырым пейішке айналып сала берер еді! Майсара күлімдеді дегенше дүние құлпырды деу керек шығар. Әттең шаңырақты Майсара екеуміз бірігіп көтерсек қой!.."
Шаңырақ дегенде Майсараның үш бөлмелі пәтері есіне түсті. Әсерлі қиялы божырады. Жүздегі құмарту табы сейілді. Анау үш бөлмеге көзін сатқан, мөлие телмірген күшік күйеу елестеді.
"Күшік күйеу!.. Естір құлаққа жағымсыз атау. Тірлігі де итшілеуден асып кетіп тұрған жоқ".
Жауын-жауын арасымен су болмай жүгіріп жеткен Қожанәсірдей ой-ойдың арасында Сергей мен Қадірбекке тапсырмаларын ымдап, нұсқап көрсетіп, "Наташаны" келесі балқымаға, оттегіні үш атмосфералық қысыммен беретін балқымаға дайындатып жүр.
"Күшік күйеу бола алмаспын. Шаңырақты ері көтереді. Қонысты отағасы сайлайды. Сондықтан да ол — от ағасы".
Екінші дәукес ойы тізгінге жармасты.
"Алдымен сен Майсараға ең болмаса шылбыр тастам жақындап көр. Үйленіп қойғандай-ақ күшік күйеу болмаймын деп тыраштанасың кеп. Пысқырды деген ол саған. Ақ қанат періштенің бір қауырсынына татыр ма екенсің. "Әуедегі еттің сасығынайды" мектеп қабырғасынан жаттап өскенбіз. Одан әрі шүйілсек "іші бұдан табылды, тысы қайдан табылардың" керін келтірдің. Одан да тереңірек қопарып көрсек Дон Кихотқa тірелер едік. Бірақ құр қопаңдаудан пайда не? Тұлыпқа мөңірегеннен не өнеді? Бірер кездестің, екі-үш сөзбен тілдестің. Қылы мүжілген кистіні әуреленіп алдың, тап бір Майсараны құшақтағандай әлгіні амалдадың, иіскеледің, сипадың. Әзірше бар бітіренің осылар ғана. Сенен тіпті күшік күйеудің де ауылы алыста. Бүйірің қызатындай, делебең қозатындай сыныққа сылтау боларлық не бар? Далбасалап та талаптанбай, тымырайып отырып, тындырып қойғандай күпілдейсің"...
— Шеф! — Сергей жеңінен тартты.
Балта лаборантына ажырая қарады.
— Шеф, сіз мені кешіріңіз, бірақ мен сіздің ғашық боп қалғаныңызды мәлімдеймін. Балта Мұқатович, мен сізге үш рет дауыстап, құлақ түгіл қара темірді тесіп өтетін даусымды сіздің назарыңызға жеткізе алмадым.
Балта "тоқ етеріне көш" дегендей бетін тыржитты.
— Түсіндім, шеф! Бас жаққа барыспайық дейсіз ғой. Ол да дұрыс екен. Мынау жоғары интеллектуал досым Қадірбек айтады: "Балқыманы шамот сылақтың ішінде ерітеді екенбіз. Онда сымбатты "Наташаның" бронь көйлегіндей мына сыртқы темір оболочканың — сауыттың керегі қанша?" дейді. Мен бұл айтыс пен пікір таласының айтулы шебері һәм жеңімпаз жүлдегеріне талай-талай дәлелімді көлденең тосып, бірақ бір де біреуін өткізе алмай әбден титықтап отырмын.
Балтаның жүзі жылынды. Басын изеп Қадірбекке бұрылды. Анау құрдасының айтқаның құптағандай күлімсіреп отыр екен.
— Темір мен қыштың қайыссы мықты, Қадірбек?
— Әрине, темір.
— Сондықтан да темірден мықты құрсау керек. Бүгін біз қысымды үш атмосфераға жеткіземіз. Сыртқы темір қабатынсыз шамот сылақ сол қысымға төтеп бере алар ма еді?
— Бере алмайды.
— Жауабы осы. Ал онда футеровканы дұрыстап тағы бір қарап өтіңдер. Жарылған, босаған жігі болмасын.
— Ол, райт, шеф! Айтпақшы, сіз сүтіңізді ішіп алыңыз. Әлгінде Маргарита-Рита келіп қойып кеткен. Сіз байқамадыңыз. Ал, Маргарита! Көрген де, көрмеген де арманда оны! Бұрын мұнда көп келмеуші еді. Қазір ақ халатының етегі билеп, биік өкшесі темір плиталарда тықылдап жиі келеді. Кімге келеді екен, шеф? Ә-ә, кешіріңіз, әрине оны сіз қайдан білесіз? Дәуде болса сол әсем бойжеткен біздің мынау ұлы мәртебелі һәм ғиззатлу даражалы Бек ибн Кадири туысқанды жағалап жүр-ау деймін. Ритуля үшін мен — вакууммын. Сіз, әрине, Балта Мұқатович, жеңілтек ойынға жоқсыз. Енді логика дейтін мықтыға жүгінсек мынау алып цехтың елеусіз бір бұрышындағы қыбырлаған үшеудің ең елеулісі һәм қалаулысы сөзсіз түрде әрі еш талассыз құрметлу ва ғиззатлу Қадир ибн Бек болады да шығады.
Қадірбек ыржиды. Қадірбек еміренді. Досының сөзіне сеніп қалды ма, әлде Рита-Маргаритаға қарай жүрек қолын созып жүр ме, жайшылықтағы Сергейді түйіп қалатын әдетін жасамады.
"Маргарита-Рита әсем қыз. Мінезі жайсаң. Осындағы жігіттердің көбінің өзіне деген көзқарасын сезеді-ақ. Бірақ бір де біріне ілтипат көрсеткен емес. "Маңдайдан соғылдым" дейді Сережа. Маргаританың соғуы да мүмкін. Сөзге де тез. Өз бағасын... ә-ә, қадірін біледі. Маған өкпелеп жүр ме екен? Сөз жоқ өкпелейді. Көңілдің қалуы жаман. Қалдырайын демейсің. Реті солай қиюласса, қайтесің.
Мен... мен Майсара деймін. Майсараның қасын, қабағын бағам. Ал ол...
Әне, Қадірбек!.. Қадірбек кімнен кем. Екеуі бірге оқыған деседі. Бірінші кластан бір класта. Қадірбек Маргарита-Рита үшін осында жұмысқа орналасқан. Яғни Маргаританың соңынан ілескен. Әкесі министр ме, министрдің орынбасары ма, үлкен қызметте көрінеді. Шешесі алғашқыда ұлына машинамен келген екен, Қадірбек қатты ашуланып, машинаға мінбей жаяу тартыпты. Досының сол қылығын Сергей маған мақтана айтқан.
Қадірбек орысша айтсақ, личность. Өз мақсаты үшін, махаббаты үшін бәріне дайын. Ал менше?.. Әй, қайдам?"
— Бастаймыз ба, шеф?
— Ә-ә...Сергей, уақыт қанша?
— Он бірге бес минут қалды.
— Қадірбек Сухоруковқа айтшы, бастаймыз де.
Туров екеуі "Наташаны" — агрегатты қалқаның ішіне итеріп кіргізді. Сергей үш подшипниктен агрегаттың астына дөңгелек жасап қойған. Қазір жеңіл-ақ. Қайда сүйресең де, зырылдап көне береді.
Түтіктерді жалғап, сымдарды қосып, баллондарды жақындатып, приборларды тағы да тексеріп өтіп, енді өздеpi спецовкаларын киюге кірісті.
— Шеф, кіндігіңіздің дәл үстіндегі түймеңіз үзіліп қалыпты. Маргаритаға қадатып алмайсыз ба?
— Сережа, сен батырлар киетін саймауыты жарқыраған тоғыз қабат торғауыттың дәл кіндік тұсында ауа кіретін тесік-саңылауы болатынын білемісің?
Жоқ! Әй, мынасы қызық екен! Ауа кіреді дейді, ә?! Оу, сонда сол сауытыңыздың герметизациясы сұмдық күшті болған-ау!
Сергей жымиды. Балта да жымиды.
— Иә-иә! Ауа кірсін деп саңылау қалдыру — сыйымсыздау болса да сен, Сережа, мені сол ертегілердің батырына бала да, Маргаританы жайына қалдыр. Әйтпесе Қадірбекті екеулеп өкпелетіп жүрерміз.
— О, бұған қос қолды көкке созып келісем!
Сәлден соң сынақ басталып кетті.
— Қысым қанша?
— Екі де сегіз.
— Температура?
— Мың да жеті жүз.
— Қанша уақыт өтті?
— Сегіз минут.
Гүрілдеген, гүжілдеген дыбыстарды жарқ-жұрқ — тілген қысқа-қысқа сұрақ-жауап. Маскаларын бетіне түсіре киген төртеудің қимыл-қозғалыстары шапшаң, жинақы. Әркім өзі меншіктеген белгілі орнында. Әркімнің қадағалайтын өз өлшеуіш аспабы, өз міндеті бар. Бірақ бәрі дәл қазір сом жұдырыққа айналған бір қолдың саусақтарындай.
— Кислород таусылып барады. Қадірбек тез екінші баллонға ауыстыр!
— Қысым!.. Қысым төмендемесін!
— Ашыңқыра! Вентильді ашыңқыра, Сережа!
— Температура қанша?
— Мың да тоғыз жүз...
— Уақыт?
— Он бір минут.
— Осылай ұстаңдар!
"Наташа" гүжілді күшейтті. Селкілді көбейтті. "Наташа" демей мына гүжіліне қарап "аталыққа даярлаған бұқаға теліген жөн сияқты" деген Сережанын пікіріне қосылуға әбден болады. Әрине, "Наташаға" не жорық. Анау шап-шағын агрегаттың ішінде қазір екі мың градус шамасында үш атмосфералық қысыммен бұрқ-сарқ металл қайнап жатыр. Жүз градуста-ақ қайнаған су самаурынды сақпан тасындай ойнатса, екі мың градустағы сақырлаған металл жан қойсын ба!
— Қысым!.. Қысым қанша?
— Үш! Үш, Балта Мұқатович!
— Температура?
— Тұп-тура екі мың!
— Уақыт?
— Он үш минут.
— Екі минуттан кейін оттегі беру тоқтатылсын.
— Балта Мұқатович, кейін... кейін шегініңіз! — Бұл Сухоруковтың даусы. Дәл сол кезде... Жарқ-жұрқ от шашырасын кеп! Қарақошқыл түтін будақ-будақ атылсын кеп!
— Тоқтат! Оттегіні!
— Өрт сөндіргіш қайда?
— Балта?!
— Түк көрінбейді, леки-палки!..
— Балтаны... Балта Мұқатовичты былай алып шығыңдар…
— Түтіктерді ағытыңдар! Eh, тағы да жанып кетті!
Қарашоқыл түтін көз аштырмайды. Күйген жүн исі, резинка исі қолқа қабады. Балта ет қызумен шым ете қалған қарнын алақанымен сипалап кейін ырғыған. Найзағай бишігіндей көкала ащы жарық көзін жарықтырып түк көрсетпей жіберді. Одан әрі... Одан әрі есінен танып қалып еді.
Бес минуттан соң басын көтерді. Сережаны көрді. Сукоруковты көрді. Маргарита-Ританы таныды.
— “Наташа”қалай? Не болды?
— Футеровка шыдамаған. Сұйық металл корпусты ерітіп жіберген. Металлдың аздығы ғана құтқарды...
— Қадірбек қайда?
— Мұндамын, Балта аға...
— Өзіңіз қалайсыз, шеф?
— Қарным аздап...
Сиренаның ащы боздауы құлақ жарғағына қанжардай қадалды. Төбесіндегі жасыл көз — шамын ашып-жұмып "жедел жәрдем" машинасы цехтың ішімен күйе мен көбік араласқан. бұрышқа зырылдап кеп тоқтады.
Ақ халатты медсестра Балтаның иығынан сүйеді.
— Жүре аласыз ба?
— Жүрем ғой...
— Курткаңызды шешсек... — Маргарита-Рита медсестра көмек күткенін сезе қойып, ілгері ұмтылды. Асқан бір ептілікпен әрі аянышты түрмен куртканы жайлап шешіп алды.
Шешіп алды да, шұрқ-шұрқ тесіле күйген киіз куртканы бетіне басып жылап жіберді.
Сергей мен Қадірбек Маргаританы екі жақтап ұстауға кірісті.
— Рита, жылама...
— Рита-Ритуля, көрдің бе, бәріміз де аман-есенбіз. Міне ибн Қадири де, мен де сап-саумыз. Өндіріс орны болса, металлургия цехы болса, кішігірім авариясыз сынақ өте ме. Қайта қалай жақсы құтылдық.
— Бал-та-а Мү-қа-атови-ич ше! — Кемсеңдеген иек үш сөзді әлденеше бөліп әрең айтты.
— Немене Балта Мұқатович? Балта Мұқатович та ойнақтап кетеді әлі. О-о, ол, яғни шеф — ертегінің батыры. Оған түк те етпейді. — Айтарын айтқанмен Сережа медсестра мен дәрігерді жағалады.
Дәрігер әйел Балтаның жейдесінің жұрнағынан қарнына үңіліп тұр еді. Туров та еңкейе көз жүгіртіп, тез бұрылып кетті. Үлбіреп терісі сыпырылып күйген адам денесін көргені сол еді, жүрегі лоблып, тұлабойы түршігіп қоя берді. Соны ешкімге сездіргісі келмей жалма-жан темекісіне жармасты.
Балтаны машинаға отырғызды.
Сергей Маргаританы иығынан саусағының ұшымен итерді.
— Ритуля, сен де мінсеңші. Шефты қайда апарады. Жалпы... бір сөзбен бәрін біліп қайт. Сөйт, Ритуля.
Ритаға керегі сол, жырым-жырым куртканы ұстаған күйі машинаға ұмтылды.
— Куртканы таста, Рита! — Рита естімеді. Қадірбек қуып жетіп куртканы алып қалды.
Сухоруков екі лаборантты қуыра жөнелді.
— Әбден бетімен кеткенсіңдер. Жұмыс істегілерің келмейді. Сендердің кесірлеріңнен әне, Балта Мұқатович жарақаттанды. Оның өзінде де бар. Сендерге сенем деп... Лояльный болудың ақыры неге соқты? Авари-я-а-ға! Ол үшін біздің маңдайымыздан сипамайды. Алдымен мен жауап берем. Мен! Ал, кінәлі — ол. Футеровканы дұрыс жасатпаған. Ал, кінәлі сендер. Сен — екеуің! Папалары мен мамаларының еркетотайлары! Ақсаусақтар!
Сергей Туров шыдай алмады.
— Олег Никанорович, сіз біздің әке-шешемізге тиіспеңіз. Бізді, өзімізді қанша кінараттасаңыз да еркіңіз! Балта Мұқатович үшін мен ештеңеден тайынбаймын. Ештеңеден аянбаймын. Ол, ол — адам! Азамат ол, Олег Никанорович! Керек болса мен терімді берем, қанымды құям! Ал біз ақсаусақ емеспіз! Емеспіз! Олай деп бекер атайсыз бізді! Бекер!
Mайсара Василий Сергеевичпен подъезге кіре берісте бетпе-бет кездесіп қалды. Сұсты атайдың өзін онша жақтырмайтынын біліп, ығысып жүретін. Соңғы кездері өңі кіріп, жүрісі ширап, кәдімгідей қутыңдап кеткен көршісінің қазіргі екі көзі үңірейе жүдеген түрін танымай қалды.
— Сәламатпысыз, Василий Сергеевич. Бір жеріңіз ауырып жүрген жоқ па? — деп жағдайын сұрады.
Василий Сергеевичтің иығы селкілдеп кетті.
— Бал-та-а! Ба-а-ла-а-м...
Майсара жүрегі су ете қалды.
— Не болды, Вася атай?! Апырай, Балтаға бірдеме болды ма?! — деп Василий Сергеевичті құшақтай алды. — Айтыңызшы, ата. Аман ба? Тірі ме?
Василий Сергеевич Майсара дәл осылай шошып, дәл осылай күйзеледі деп ойламап еді, көршісі өзінен артық қиналғанда іші жылып сала берді. Анау Балтадай азамат екеуін туысқан етіп шырмап тастаған екен.
— Үрейленетін дәнеңе жоқ, қызым. Балта... сәл жарақаттанған екен.
— Жарақаттанған деймісіз?! Қалай? Қайтіп?
Василий Сергеевич дірілдеген Майсараның арқасынан қақты.
— Қызым, сен босқа қосүрейленбе. Жұмыс орны от пен шоқ болған соң анда-санда авария болмай тұра ма...
— Ава-ри-ия! — Майсараның жан даусы шықты. — Тірі ме өзі?
— Тірі, қызым, тірі! Қол-аяғы сау көрінеді.
— Өзіңіз, ата, көзіңізбен көрдіңіз бе? — Кемсеңдеген иек әрең икемге келді.
— Көрсеткен жоқ. Операция жасап... операция дегенде, анау айтқандай қауіптісі емес, күйген жеріне таза тері жамайтын көрінеді ғой. — Вася атай естігендерін шашырата жеткізді.
— Қай ауруханада?
— Қарағым, қызым, бекер әуре боласың. Бүгін ешкімді кіргізбес. Жүр. Біздікіне жүр. Шай ішеміз...
Майсараның тағаты қалды ма оған. Аурухана мен бөлімшенің жөн-жобасын біліп алған соң көшеге шығып, такси іздеді. Ондайда такси де оңайлықпен кездеспейді ғой.
"Аман болса екен!.. Жаны қалса екен! Вася атай менің көңіліме қарады. Өзі жаман жүдеп тұр. Авария болса Балта ауыр жараланған ғой. Күйген деді ме? Қай жері күйді екен? Әй, мен кінәлі! Мен! Менің қу пиғылым! Маңайыма жанасып кеткендерге пәлем жұғатын нағыз құбыжыққа айналғаным ба? Аман болса екен! Балтасыз маған күн жоқ. Жетті көзім.
Әй, мынау таксиге не болған? Жай машиналардың тоқтамайтыны нес"
Сөйткенше бір такси зыр етіп келіп, тоқтай қалғаны.
— Осындай перизатқа да жол тосқызып қояды екен-ау, ә! — Шофер жігіт сөзшеңдігіне басты.
Майсараның дәл қазір сіркесі су көтерейін деп тұрған жоқ, барар жерін асығыс атады да, "тездетіңіз" дегендей қолын алға бұлғап қалды. Шофер аурухананың адресін естісімен байыпты түрге көшті.
— Кіміңіз еді?
— Не? Маған бірдеме дедіңіз бе?
— Жай, әшейін.
Есік аузындағы кезекші Майсараның жолын кескестеді.
— Болмайды! Рұқсат қағазыңыз бар ма?
Қандай рұқсат қағаз қажет екенін қайдан білсін. Оны түптеп жатуға уақыт қайда, кезекшінің алдындағы телефонға жармасты.
— Бұл "служепни" телефон! Анау жерде әптомат бар, — деп кезекші әйел трубкаға таласып еді, Майсара сол қолымен ананың қолын ысырып тастап, дискіні айналдыра бастады.
— Ғазиз Құлтанович! Ғазиз Құлтанович! Мен ғой! Ғазиз Құлтановичты қос!
Ғазиз Құлтанович дегенді естіген сәтте-ақ кезекшінің аузы ашылып, көзі бақырайып кеткен-ді. Телефонның құлағын басып қалды.
— Оу, сіңлім! Әлдебір болмашы қағазға бола сондай үлкен кісіні несіне мазалаймыз. Бері от, сіңлім! Бізде не бар. "Жіберме!" дейді. Қақпа аузына байлаған төбеттей арсылдаймыз кеп... Жұмысымыз осы болған соң... — Асыға басқан Майсараның артынан мөлие қарап қалды.
“Қандай сылқым”! Ғазиз Құлтановичты қос деп дігерлетеді! Ал, біз Ғазиз Құлтановичтың атын радио, телевизордан естігенімізге ғана мәзбіз. Әй, әй, Ғани Құлтановичпен емін-еркін сөйлесетін де адамдар да бар екен-ау! Қап! Келіншектің түріне дұрыстап қарап алмаппын-ау! Зайыбы болды ма екен? Әй, тым жас қой... Мүмкін әлгі анаусы шығар... Жо-жоқ ондай үлкен ұлағатты кісілер ондайға бармайды. Қарындасы, не жиені шығар".
Кезекші әйелдің қалған уақыты сылқым келіншектің сондай биік дәрежелі адамды қарапайым әлдекімдей етіп телефонмен... онда да әлдебір аурухананың есік көзіндегі телефонымен шақырғанын ойлаумен өтті.
Ұзын дәлізде Майсара кездескендердің бәрінен хирургия бөлімшесін сұраумен болды. Сұлу келіншектің мысы басты ма, әлде ақ маңдайы жарқыраған әсем жанның жанында біраз жүргісі келді ме ұзын бойлы аққұба қазақ жігіті (өзін нейрохирургпын деп таныстырған) Майсараны Балтаның палатасының алдына дейін ертіп әкелді.
— Көп отырмаңыз, қарындас. Мұнда көбінесе ауыр науқастар жататындықтан сырттан келушілер жіберілмейтін. Өзіңіз сияқты әдемі қарындастарға, әрине, жол ылғида ашық. Мен сізді осы арада күте тұрармын... — деген емеурінін де білдіріп қалды.
— Жо-жоқ, әуре болмаңыз.
Майсара серігіне қарамай, әнтек бас изеді де, есіктің тұтқасына имене қол созды.
"Көрем қазір. Бет-аузын, тұла-бойын түгел тұмшалап орап, домалатып тастаған шығар. Әйтеуір жаны қалса екен".
"Жаны қалса екен". Әйел халқының қайраты да, қасиеті де өзін құрбан етіп, өзгеге деген мейірім мен аяушылық сезімді жүрегінде өсіретіндігіңде болар. Жаны аман қалса екен деген тілек Майсараны ширатып, кеудесіне шымыр батылдық енгізді. Есікті жайлап ашып, табалдырықтан аттады...
— Май-са-ара!
Оң жақтағы үшінші кереуетте шалқалап жатқан Балта кәдімгідей күлімсіреп, сап-сау... сап-сау... сап-сау күйде елжіреген үнмен қуана қарсы алды.
Майсараның көзінен ағыл-тегіл жас парлап қоя берді. Екі-ақ аттап Балтаның қасына жетті де, сылқ етіп тізе бүкті, екі қолымен Балтаның басынан ұстай алып, бетіне бетін төседі.
— Балтам! Балта — жаным!..
Дірілдеген еріндер маңдайға, бетке, көзге емірене жанасты. Пора-пора жасы маңдайға, бетке, көзге ақты.
— Балташым!
Исінген кеуденің ағыл-тегіл жасы ыстық, ыстық тамшылармен сауылдағанда елжіреген жүректің мейірімі мен қуанышы "Балта" деген бір сөздің сан құбылған аталуымен ақтарылды.
Балтаның сұйық металға шыдаған жаны мына елжіреуік сезімге, сүйіспеншілік құдіретінің күйдіріп-жандырып ес тандырар ләззатына шыдай алмады. Кеберсіген ернімен Майсараның... өзінің армандаған, қиялдаған, аңсаған Майсарасының жас жуған маңдайын, көзін, бетін өпті. Кенет ыстық лебі шарпыған үлбірек еріндер ернімен табысты...
Тұлабойы шымыр-шымыр. Денемен миллион ваттық ток жүгіріп жатыр. Қан тамырларда тоғызыншы валдың нар толқындары сапырылыса, жентектеле, шарпылыса соқтығысып жатыр. Жүрек дүрсілі... өрекпи шаттанған жүрек дүрсілі жайлаудың шопандар тойында бәйгеге шапқан мың сан тұяқ дүбірінен де күшті.
Мап-майда, жұп-жұмсақ еріндер еріндері арқылы ауырсынған тәніне дәру құйды, жабырқаған жанына қуат қосты.
Еріндер ажырасқанда екеуі де тұншыға дем алып, екеуі де қуана күліп жіберді. Майсараның жасы құрғаған көздері нұр шашып, бота көздің мейірбан мөлдіріне рахатты күйдің шапағаты тұна қалыпты.
— Балташым!.. Балым!
— Майя! Майсара! Мында отыр.
Майсара қолын Балтаның кеудесіне қарай сырғыта бергені сол еді, жігіттің өртеніп тұрған көздері кілт жасып, ыңырынған даусы оқыс естілді. Майсара шошып кетті.
— Қай жерің?! Балтам!
— Қарным, кіндігім тұсы...
— Қатты ауырып жатыр ма?.. Қолым тиіп кетті ме?
Майсара қайтадан аяныш сезіміне шомды.
— Маечка, Майям! Сен уайымдайтын ештеңе жоқ. Ертең тұрып кетем. Алақандай жердің терісі үлдіреді деп... Қайта бәрі жақсы аяқталды. Жігіттерге тиген жоқ, “Наташа” болмаса...
Майсараның өңі құбылып кетті.
— Наташаға не болды? Ол кім еді?
Балтаны күлкі буды. Көзіне әлгіндегі қуаныш, мерей оты оралды.
— "Наташа" — қыз емес, Майечка. "Наташа" — агрегат. Біздің балқыма қорытатын тәжірибелік пешіміз.
Енді сыңғыр күлкі палатаны жаңғыртты. Жаңғыртты да тез басылды. Өйткені палатада жатқан басқа ауруларды Майсара енді ғана көрген еді.
— Кімнен естідің, Майечка! Менің өзіңді ойлағанымды... тосқанымды білсең ғой! — Балта аппақ арудың алақаның ұстап, салалы саусақтарын аялай сипалады.
"Міне, жеткізбес сағымдай бұлдыраған бақыт деген осы! Қолымда. Жанымда. Саусақтан саусаққа қан құйысты деген де осы! Бәрі рас! Мынау дуылдаған, дірілдеген саусақтар бір-біріне қан құйысып жатқан жоқ па. "Ғашықтық тілі — тілсіз тіл... Көзбен көр де, іштей біл". Әй, ақын! Тәңірден нең кем, ақын! Барлық жайды болжаған сенен құдірет өтер ме. Тілдің дәл қазір несі қажет. Сөздің қанша керегі бар. Мынау алабұртқан жүз, мейірімге шүп-шүп толы көз, дірілдеген қайқы кірпік биік қабақтың әр қимылы сөйлеп, жырлап, әндетіп тұрған жоқ па".
— Вася атай сен жараланып қалды дегенде... — Масараның жүзінен үрей белгісі білініп барып, сейілді. — Осы араға қалай жеткенімді де, өзіңді қалай тапқанымды да білмеймін. Әйтеуір таптым-ау! Таптым өзіңді!
"Таптым!" Біржола таптым, енді айрылмаймын қуаттанғандай ыстық алақаны Балтаның алақанын құшырлана қысты. Бота көздері шуақ төкті.
— Вася атайдың өзі қайда?
— Саған кіргізбепті. Қатты уайымдап жүр. Құр сүлдері.
— Майечка, сен оған... оны, атамды уайымдатпа. Көңілін орнына түсір. Ол... ол жалғыздықты көтере алмайды. Атама қиын...
Балта Майсараға жәудірей қарады.
— Абыржыма, Балташ! Ертең өзім ертіп әкелем.
Есіктен медбике бас қылтитты.
— Сізді мұнда кім жіберді? Ауруларды неге мазалайсыз! Тынышын неге бұзасыз?
Қатқыл дауыс шеке солқылдатты.
Төр жақтан біреу үн қатты.
— Сестра, бізге күнде осындай перизат қарындас келіп тұратын болса, ондай мазалауға бүкіл аурулар қауымы ризалығын білдіріп, қолхат берер еді. Бірін бірі ұнатқан жастардың көгершіндей күркілдегенін естуден артық жанға жайлы не бар?
Медбикенің даусы одан сайын шыңылтырланды.
— Төлегенов, сен қорғаушы болмай-ақ қой. Сен онан да режим бұзуыңды тоқтат. Бұл жер саған санаторий емес. Аурухана! Сенің бітпейтін дискуссияңнан құлағым әбден сарсылды. — Есіктегі бас бері сұғынды. — Келуші азаматша! Мен сізге айтып тұрмын. Палатаны босатыңыз. Ал, сен Төлегенов, кез келген жерге қыстырылғаныңды доғар!
Төлегенов жастықтан басын жұлып алды.
— Сіз... сіз... сасық күзеннің айғырындай шақылдаған адам бейнелес қуыршақ! Менімен сіз деп сөйлесіңіз. "Сен! Сен!" деп өңменіме сұғыңызды қадамаңыз!
Жүйкесі жұқарған ба әлде науқасының беті солай ма, Төлегенов аяқ астынан көгеріп, сылқ түсті. Көршілері айқай салды.
— Дәрігер! Дәрігер шақырыңдар!
— Укол! Укол берсін тездетіп.
— Сестра, Ағайша, сіз барыңыз! Кетіңіз бұл арадан. Майсара Балтаның қолын қысып орнынан тұрды.
— Ештеңе ойлама, Балта! Ертең Вася атай екеуміз келеміз.
Балта әрі қуанды, әрі мұңайды. Майсарамен табысқанына, түсініскеніне қуанды. Дәл қазір жаны жаймашуақ ләззатқа бөгіп еді. Ол мүмкін аңсаған саусақтарды сипағанынан да болар, әлде мүмкін осы ұзаққа кеудесін тырнап келген белгісіз қиналысынан құтылғанынан болар, ол мүмкін сүйіспеншілік дәмін татқызған үлбірек еріннің алғашқы ыстық сүйісінен туындаған шығар. Әйтеуір тәні ауырған жігіттің жаниманы жетіқат көкке шығандап шығып, тірлікте кездесер ләззат атаулының мекені — махаббат жәннатын жайлап жатқан еді. Мұң төркіні де осы ойда жоқ қауышудан тамыр тартады. Дәл бүйтіп ауру үстінде, төсек тартып жатып қас пен көздің арасында ішпен біліскен сүйінішті сәттің өткінші елестей болғанына риза емес. Бітпеуін, аяқталмауын тілеген көңілдің әлден-ақ жетімсірей бастағаның сезгенде күйген жері де, күймеген тұсы да өртеніп дуылдап сала берді.
Дәрігер де, сестралар да көп тостырып барып келіп, Төлегеновке дәрі ішкізіп, ине тыққылап тыныштандырған болды.
— Мен сізге ренжімеңіз, ашуланбаңыз деп қашанғы айтам, Төлегенов жолдас. Сәл ренжісеңіз, осылай бүрісесіз де қаласыз. Жүйкені жұлқылай беретін ол бізге арқан ғой деп пе едіңіз. Жұлқылай берсе арқан да шыдамайды. Ал жүйке, Төлегенов жолдас, ең нәзік ең сезімтал, ең тітіркенгіш нәрсе. Оны аяу керек. Оны аяу үшін сіз, Төлегенов жолдас, жоқтан өзгеге кейімеуге тырысуыңыз керек — деп өзін Майсараға нейрохирургпын деп таныстырған кезекші дәрігер бастырмалата беріп еді, Төлегенов көздерін шатынатты.
— Сіз алдымен мені Төлегенов жолдас деуіңізді доғарыңыз. Неменеге тотықұстай "Төлегенов! Төлегенов!" деп тақылдай бересіз. Менің Мақсұтбек деген паспортқа жазылған атым бар. Әкемнің аты Жақып. Өлген атамның құлағын шулатпауыңызды сұраймын.
— Жақсы, жақсы Төлегенов жол... Ә-ә, Мақсұтбек аға..Тарылмаңыз дегенде... жүйкеге жүк түспесін деп.. Әйтпесе сізді неге... тоист атаңызды... Ә-ә, жүйкеңізге сақ болыңыз. — Аққұба жігіт сасқалақтап не айтып, не қойғаның өзі де білмей орнынан тұрып кетті. Мақсұтбекке басын изеп қоштасты да, Балтаның қасына жақындады.
— Жағдайыңыз қалай? Әрине, көп қозғалуға болмайды. Әзірше. Айтпақшы, әлгінде сізді бір кісі іздеп жүр еді.Туысыңыз болар?
"Туысыңызды" әдейі айтты ма, шынымен соған ұйғарды ма — бірақ жалғыз сөз жадыраған көңілге түрпідей тиді. Балта нілдей бұзылды. Дәрігерге де жауап бермей, жүзін бұрып әкетті.
"Жасы үлкендігін сездіре ме? Еркектер өзінен мүшел жас кішіге ұмтылғанда, өзінен үш-төрт жас... үлкен қы-ыз-ға... (Майсара қандай қыздан кем) қызықса... құмартса оның несі шам. Надежда Константиновна шешеміздің Ильичтен жасы үлкен болатын. (Әй, сен де салыстыратын адамды тапқан екенсің). Махаббат сезімі жыл санамайды. "Туысың ба? дейді. Мазақ еткісі келе ме? Алдымен өздері сондай қызды тауып алсын".
— Жігітім, кешір. — Дәрігер иығынан ұстады.
Балта мойнын бұрды.
— Не? Естігем жоқ.
— Бәрі дұрыс болады деймін. Қарныңдағы алақандай жерге жамау түскені болмаса, аман-есен құтылғаныңа қуан деймін, бауырым. Тіпті өзі көрінетін де жерде емес, жейдең жауып тұрады.
— Рахмет.
— Тез жазылуыңа тілектеспін.
— Айтқаныңыз келсін.
— Тойың да тез болсын!
Екі жүз шарпысты. Дәрігердің шын көңілден ақтарылған тілегі көзінен көрінді. Балтаның тарылған дүниесі қайтадан кеңіп сала берді.
— Өзіңіз төрімде отырасыз. Уәде етем соған.
— Оған сөз бар ма, құрдас-ау.
Иықтағы алақан сығымдалып барып, жазылды. Алақан сыртынан Балтаның алақаны басылды.
— Менің жолдастарым — Сергей Туров пен Қадірбек Шығаев есік алдында көп тосып қалды.Соны не маған өткізсін. Не "бәрі дұрыс" деп көңілдерін жайландырып үйлеріне қайтарыңыз. Өтінем осыны.
— Ол екеуінің келгенін қайдан білесіз?
— Білем. Олар — менің серіктерім. Мінездерін әбден ұққам. Ең болмаса анау есік сыртынан бір қол бұлғамай үйге қайтпайды.
— Онда жағдайыңызды айтып қағаз жазып беріңіз. Өз қолыммен тапсырайын, — деп дәрігер жол тауып кетті.
Балта қуана келісті. Жарты бетті тез толтырып, қағазды төрт бүктеп жігітке ұстатты.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Бектемір Қобландыға "Балам, тілімді ал, Мақанға ұрына берме!" деп қарадай жабысты. Аяқ-қолы зіңгіттей жігіттің қалың қасы тұтасқан биік қабағының астынан от шашқан қара көздері әкесіне тура шаншылды.
— Неге тойтара бересіз, көке?
— Өзіңнен... Сенен айрылып қалғым келмейді, Қобландыжан, — дегенде Бектемірдің даусы дірілдеп кетті.
— Қылмысын көріп отырып, бүркеп қалсам, сол қылмысты мен де жасаған болмаймын ба, көке! Анау Бөрікталда, Түлкіліде, Қосапанда қой қоралары салынды деп ақпар жазып, мәлімет беріп, салынбаған қоралардың қаржысын жамбасына қаттап басып алды. Ертең қамыс қалқадан пана таба алмай бұрынғыдай мал қырылғанда ұйқым ұйқы бола ма. Колхоз комсомол ұйымының хатшысымын. Жастардың жетекшісі деген атым бар. Сонда Мақанның қылмысын жабу үшін отырғам ба сол орынға? — деп ызадан жарылардай әкесінен ашық жауап күтеді.
— Мен не дейін... Айтарсың, ал. Жеткізерсің талайға. Бірақ айтқаның құлаққа жетер ме? Жеткізгенің ішке өтер ме?.. Сондағылар... солар білмейді деп пең. Білмек түгіл, Қобландыжан, әлгі мыс-мыс ақшаны бөлісіп алып та қойған. Тыңдата алармысың сөзіңді?
Әкесінің шын қиналғаның сезгенде Қобланды да қатты қобалжып еді.
"Апырай, сонда не істеу керек? Әлде комсомол жиналысын шақырып, "осылай да осылай" деп жастарға білдіргенім дұрыс па?.. Әрине, дұрыс! Шақырам. "Балық басынан шірігенін" естісе, жастар Мақанға, Мақанның құйыршықтарына айтатының айта алады. Айтамыз! Өздерін де шақырамыз жиналысқа".
Осыдан кейін Қобланды қызу әрекетке кірісіп кеткен-ді. Әр сала жұмыстағы жастардың басын бір жерге қосудың қиын екенін дәл сонда білген еді. Шөп тасыған сүдігер жыртқан механизаторлар, отар-отар шопандарды хабар жібертуге болғанмен жұмысын тоқтатуға, малды иесіз қалдыруға болмайды. Өткен күнде Мақанның құдайы береді. "Зиянкес!" деп те атақ тағады. "Жұмысқа қасақана кедергі келтірді" деп те шулатады. Сонан соң... Әй, "шегірткеден қорыққан егін екпес". Қашанғы үрке береді, қашанғы бұқпалай береді. Болашақ — жастардікі. Ендеше сол ұлы болашаққа бүкіл мұрасынан жұрдай боп, жұттай тоналып баратын жастар жоқ. Ендеше талатпайды да тонатпайды Мақандарға. Ретін табу керек. Табады. Жиырма шақты күннен кейін жетінші октябрь келеді. Жетінші октябрь — жай күн емес. Мақанның өз айтуынша "Брежневтік Конституцияның күні. Мақан Леонид Ильич десе ішкен асын жерге қояды. Содан кейінгі сыйынары — Ғазиз Құлтанович...
Алдымен колхоз партия ұйымының секретарымен ақылдасып алғаны жөн болар.
Қобыланды үйінен апыл-ғұпыл тамағын ішіп, кеңсеге қарай асыға басып келе жатқан, әлдекімнің өзін дауыстап шақырғанын естіп, жалт қарады.
— Гүлбадан! Сенбісің?!
Қуанғаннан айқайлап жіберді. Қарсы ұмтылды. Гүлбадан да күліп келе жатты.
— Қобыланды-ау, қарамайсың ғой жан-жағыңа. Айқайлай-айқайлай даусым қарлықты.
Екеуі құшақтаса кетті.
— Қашан келіп қалдың? Оқу қайда?
— Студенттер сельхозработаға кеткен.
— Сен ше?
— Әй... Папам деканға айтқан ба?.. Университетте комсомол комитетінде қалдырған... Әбден ішім пысты. Содан ауылға тартып кеттім. — Гүлбадан каникулден кейін Алматыға кеткелі жарты айға жуық уақыт өтіпті. Қобыландыға ол жарты ай бір жылдан кем көрінген жоқ. Құшағын қысып қояды.
— Соншама жатып алғаның не онда? Сағынбағансың ғой... — жадырай күлді.
— Иә, саған... Сағынбасам келем бе? Түнде келісімен-ақ өзіңді сондай көргім келді, Қобылан. — Жігіттің бауырына тығыла түсіп, анау қалың қою қасынан, жігерлі қарасы бет қаратпайтын өткір көздерден, төменгі ерні сәл салбыраған ат жақты жүзден көз айырмайды.
— Ой, Гүлбадан, келгенің қандай жақсы болды!.. Сенімен ақылдасып алатын бір шаруа бар еді... Қазір қолың бос па?..
— Бос. Өзіңді іздеп шыққам.
— Жарадың, Гүл!
Гүлбадан өзін Қобланды ''Гүл'' деп атағанды іштей сұмдық ұнатады. Қобланды Гүл деген сайын өзін осы жігіттің еншісіне балап, екеуінің қосылып, отау көтерер күнін құмарта аңсайды. Өзінің Қобландыны сүйетініне, Қобландының мұнсыз тұра алмайтыныңа көзі анық жеткен соң, сөзсіз болатын үйлену тойының тезірек жасалғанын қатты армандайтын. Сол себепті де Қобландыға оқуымды сырттай жалғастырсам қайтеді деп құлаққағыс еткен.
— Жүр, онда былай баралық.
Екеуінің мектепте оқып жүрген кездерде-ақ жиі баратын көк терегі болатын. Қазір бойлай өсіп, жапырағын кең жайған ағаш екі жасты суылдай қарсы алды.
Қобланды Гүлбаданға Мақанның соңғы кездердегі бүкіл қылмысын айтып берді. Есепте жоқ екі жүз сиыр, мың қойдың өсімі жыл сайын колхоз есебіне кірмейді. Қосып жазу, өсіріп айту ез алдына. Солардың есебінен Мақанның төңірегіндегілердің көтерме сыйлықтан аяқ алып жүре алмайтының, тіпті ең берісі: колхозшыларға босататын күнделікті азық-түлікті де Мақанның өзі қадағалайтының түгін жасырмай мәлімдегенде, Гүлбадан бір қызарды, бір бозарды. Әкесін бұрын да сүттен ақ, судан таза көрмейтін қызы қатал сұсынан сескеніп ылғи сырттап жүрсе де, көп мінезі мен қылығынан жаны түршігетін. Бірақ жарық дүниеге келуіне себепкер әкеге қарсы не істей алар. Кей-кейде Мақанның көрінгенге қамшы үйіріп, қаңар шашып қарадай шүйілетінін көргенде он екі бөлмелі қаңыраған үйде бас сұғар қуыс жер таба алмай, жаны құлазып, үнсіз көгеріп, оңаша солқылдап жылайтын.
“Әкем, әкем — дейтін, жайшылықтағы "папасын"ұмытып, — Неткен қатыгез едің! Адамды мал ғұрлы көрмейтін кеудемсоқ жуандықты қайдан алғансың? Жазықсыз адамдарды дірілдетіп жалындырғанда айызың қана қуанатын жауыздықтың төркіні қандай? Партбилетті қалтасына салып алып бұрынғының байларындай қол астындағы колхозшыларды малайындай сабайтын тағылықты мақтаныш көретіні қалай? Озбырлықтың несі мақтаныш? Несі дәреже? Коммунистің сиқы осындай болса, онда оған жұрт неге құмартады? Анау райком секретарының көзінше Бөрікталдағы шопанды тартып-тартып жібергенде, секретардың ләм демегені қалай? Әлде бірін-бірі қолдаудың нағыз дөрекі түрі осы ма? Олай болса Салтыков-Щедринның озбыр чиновниктерінен бұлардың қандай айырмасы бар? Әкем ғой десем де, қиянатшыл үстемдігін кешіре алам ба? "Бәрі сен үшін, сендер үшін" дегенде қанталаған көзіне неге қарай алмаймын? "Арамнан жиған дүниеңнің қажеті жоқ!" деп те өре түрегелуге шамасы келмейтін біз сияқты шалажансар комсомолдар кімге керек?"
Гүлбаданның көзінен жас парлады. Жауабы табылмас сансыз сұрақ кеудесін шабақтады. Күйініш , үстінде әлгіндегі балбұл жанған кескіні де жүдей өзгеріп кетті.
— Не болды? Неге сонша жыладың, Гүл? — Қобыланды үнемі жарқылдап жүретін қыздың дәл қазіргі екі оттың ортасында қиналған халін сезбеп еді, таңданып тұр.
— Әкем ғой ол... Мен... мен... содан тудым ғой. Ішімнен бар қылығын кешпесем де, мына, тап мына тұста оған деген... әкеге деген сезім бе... борыш па — бір түйнек жатыр ғой, Қоблан. — Қара көздің жасы көп пе, әлде Гүлбаданның жылағаның алғаш көргені осы ма, Қобландының орамалы сығып алардай су болды. Сүртіп те жатыр, жұбатып та жатыр.
— Жыламашы, Гүл! Әкесі үшін баласы жауап бермейді.
Гүлбаданды одан сайын өксік буды.
— Бәрібір ол менің әкем ғой, Қоблан. Мына кеудемдегі күйінішті ешкім... ешкім баса алмайды. Неге, неге ол сондай? Неткен ашқарақ тойымсыз. Әрі озбыр!..
Алғаш рет жиіркенген көңілмен әкеден қатты түңілді. Алғаш рет әкесі мен баласы арасындағы өткелсіз шыңырау түпсіз тереңдігімен қорқытты. Алғаш рет Қобландысына — өзінің осы өмірдегі ең жақын адамына, қорғаныңа жанашырлық тілеген өксікті көңілдің жалаңаштанған жанын жайып салды. Осы өксік жасы ішін тазарта жуды ма, біраздан соң солығы тарқап, кеудесі босап, тынысы кеңіп, қайтадан Қобландының ыстық құшағына сүңгіп, бауырына тығыла түсті.
— Қоблан! Сен мені ұмытпайсың ғой?
— Неге ұмытайын, Гүл-ау.
— Кейін... мүмкін әкесі жауыз деп... Күңкіл сөзден қашып... Өзің айттың баласы жауап бермейді деп...
— Айтпа мұндайды. Мен сенің әкеңе емес, саған... мына саған үйленем, — деп Қобланды даусын қатайтты.
Гүлбадан шоқтай қызарды.
— Рас па!? Үйленем дедің бе? Тағы айтшы!
— Иә, мен тек саған ғана үйленем, Гүлім!
— Қашан?
— Саспа, оқуың бітсін.
— Ой, оған дейін әлі екі жыл бар.
— Сен, Гүл, әлгіге жауап бермедің ғой. Комсомол дарға айтайын ба предеедательдің қитұрқыларын.
— Әрине, айту керек! Қылмысты біліп тұрып үндемей қалу — қылмыс істегенмен бірдей! Маған, Қоблан, сенің адалдығың, тазалығың керек.
— Ой, Гүлім! Қандай қайрат қосқаныңды білсеңші жаныма! Түу, неден қорыққам! Қайта коррупционерлер бізден қорықсын, бізден!
— Коррупция деймісің? — Гүлбадан үрейлене сұрады.
— Иә. Нағыз коррупция! Сенің көкең... папаң, солардың мықты ұйтқысы.
Гүлбадан ойланып қалды.
— Сен сонда Тұрған ағаға бар. Ақылдас. Әй, бірақ... қыздың қиналғаны анық білінді.
— Неге қиналдың?
— Тұрған аға папамның айтқанынан шықпайды. Ол оның шабарманы... мені папамның атынан деканға барып босатып алған сол.
— Онда тұрған не бар, Гүл. Сен босқа күдіктенбе. Тұрған аға, меніңше, адал адам, шын коммунист.
— Солай болғанын тілейік. Мен кеттім.
— Кешке кездесеміз ғой... Осында, Гүл.
Тұрған Қобландыны жадырай күліп қарсы алды.
— Салем, комсомол-жастар көсемі! Төрлет! Жай келмеген шығарсың. Мында жайғасып отыр да, кебіңді шерт, Қобланды батыр.
Партком хатшысының үнемі күлімдеп тұратын жылы жүзі бүгін де әдеттегісінен айныған жоқ. "Жолым болады екен" деп іштей қуанған Қобланды көптен бері Мақанның өзі білетін барлық қылмысын, дөрекі мінезін, адамды адам деп сыйлау түгіл, жан иесі деп қарамайтын өктем озбырлығын түгел айтып шығып, Мақан колхоз басқармасының предцедателіне лайықсыз ғана емес, түрмеде көзі жылтырайтын қылмыскер екенін де мықтап шегеледі. "Апырай, ә! Шынымен солай ма?" "Қой, Қобланды батыр, мынауың рас болса, нағыз мафия", "Тағы не білгенің бар?" "Бәсе, комсомолдың көсемі осындай болуы керек қой". "Әбден дұрыс ойлағансың, жиналысты өткізу қажет. Одан нәтиже шығармайтын болса, Мақан болмақ түгіл одан да зорғысы болса да партия жиналысына салып, сілкпесін шығарамыз". "Өзің көп нәрсені байқап жүреді екенсің. Қырағылығың жақсы" деген сыналарын нық-нық қадап ұрғыштап, Тұрған Қобландының ішегінің қырындасына дейін ақтарып шықты. Басын шайқады. Қабағын шытты. Көзін алартты. Азуын егеді. Кіжінді. Тіксінді. Шошынды. Жағасын ұстады. Көгерді. Бозарды.
— Қап! Ой, сұмдық-ай! Ол сұмырайдың дөрекі мінезінен сескенсем де, жұмыс үшін сөйтеді ғой деп кешіріммен қараушы ем. Бұл дегенің дөрекілікті озбырлыққа жеткізіп, қоғам қалтасын өз қалтасымен шатастырып жүр екен-ау! Коммунистік ұждан қайда? Азаматтық ары қайда! Бәрін анау арам пиғылмен былғап, нәжіс табанымен езіп өте бермек. Жоқ! Өткізбейміз! Демократия дегеннің не екенін білмейді ғой. Білгісі келмейді ғой. Білгіземіз. Көзін шұқып көрсетеміз. Партияның алғыр басшылығымен бұқараның жеңімпаз айбынды күш екенін танытамыз. Сілкілеп-сілкілеп алып өркендеген социализм дәуірінен аластап, тарихтың қоқысына лақтырып тастаймыз! — деп желпінген Тұрғанға қарап отырған Қобландының кеудесі тулап кетті.
— Тұрған аға! Қандай жақсы адамсыз! Нағыз коммунист дәл сіздей болар! Түу, дүнием жайнап сала берді-ау! Ал, онда мен жерде айқай, көкте айқай дегендей комсомолдарды сақадай сай әзірлейін. Барлық қылғаның бір-ақ қайтарып, домалатып төңкеріп тастайық Мақанды.
— Қызба, қызынба, Қобланды. "Батыр — аңғал" дегенді ескер. Мақан — тегін адам емес. Ақылмен қимылдамасақ, ол бізге оңайлықпен ұстатпайды. Айқай-ұранның күні өткен. Көкте айқай, жерде айқайың асса, тентектің дауындай, әйтпесе бұралқы күшіктің шәуіліндей жүрек түгіл құлаққа жетпей жүрмесін, — деп Тұрған жігітке ұзақ көз тоқтатты. Осы қамқор қарастан Қобландының бүкіл зор тұлғасы кішірейіп, шөгіп кеткендей сезілді. Маңдайдан суық тер шып-шып шықты.
"Тайызбын. Бетінен қалқимын. Тұрған аға тырп еткізбей дәл басты. Ал, шуылдатып таратып жібердім. Мақан сонда қарап отырмақ па. Қайдағы! Ол бір талапқа он пәлемен, он сұмдықпен, жиырма себеппен дайындамай ма. Аршып көр сонсоң, дәлелдеп көр мықты болсаң. Әй, Тұрған аға, көпті көргеніңізді жасап отырсыз ғой. Ендеше, ұғындыра беріңіз, үйрете беріңіз. Соңыңыздан томпаңдап еруге, пионерше айтсақ, "Әрқашанда дайынбыз!"
Іштегі осы оймен Қобланды қайта-қайта бас изеді.
— Рас айтасыз, Тұрған аға! Шулатуға болмайды екен. Ол... ол залым! "Балта шапқанша дөңбек жал табады". Онда ың-шыңсыз әзірлік жасаймыз.
Тұрған екі көзін айырмай, Қобыландыға қадалып еді.
— Түсінгеніңе қуанам. Әрине, сен Мақанды менен де жақсы білесің. Жаңадан келген адам болғандықтан маған оның әлі де жұмбағы көп. Маған өзі онша ашылмай сыртын суық ұстап отырушы еді, Мақанның осындай бар екен-ау! Ал, сен, шырақ, жан адамға енді тіс жарма. Сақтық керек бауырым. Ондай опасыз адамдар қылмыстың басқа түрінен де тайынбайды. Босқа арандап қалмайық.
2
— Отыруын омалып. Қызың қайда?
— Жүр де қыдырып.
— Қыдырып жүр де. Кіммен қыдырып жүр? Сен, салдақы соны білемісің?
Күйеуінің шатысып кеткен көздерінен долырған ашуға мінгенін сезіп үндемей құтылғысы келген Рысты жауап қайырған жоқ.
— Әй, тілің байланып қалды ма, неге үндемейсің?
— Енді маған не ғыл дейсің. Бойжеткен бала қашанғы үйде отыра береді. Келгені кеше, құрбыларына барып жүрген шығар, — деп мәймөңкеледі.
— Барып жүр құрбыларына! — Мақан әйелін теуіп жіберіп домалатып түсірді. — Сенен бәрі! Жатырыңнан қағынған сен салдақының өнегесі! Қызың тапа тал түсте анау Бектемірдің боқмұрын баласына аш кенедей жабысып аузы-басын жалап жатыр көшеде.
Рысты түк болмағандай орнынан тұрды.
— Соншама неге бүліндің. Қобландымен Гүлбадан бір мектепте оқыған.
— "Бірге оқыған, бірге оқы-ға-ан!" — Мақан әйелінің даусын мазақтап салды. — Сен енді ол екеуін бірге де жатқызарсың!
— Е, жастар бірін-бірі ұнатса...
— Әй, не көкітіп барасың?! Әй, өзіңнің есің дұрыс па? Әй, сенде бір шайнам ми бар ма? Бірін бірі ұнатсаң не, ей, сен, миғұланың? — Құтырынған Мақанның көзінің аласы қанталап, қарасы жоғалып кетті. Жұдырығы кішігірім тоқпақтай боп Рыстының құс төсінен шаншыла қадалды. Мұндай тоқпақтың әлдене саның көрген соң еті өліп кете ме, әлде қызы үшін ышқынған жаны ауруды елетпеді ме, ыңқ етіп қинала дем алған әйел бедірейе қалды.
— Сонда немене, қызыңды қырқына дейін қолыңда ұстайын деп пе ең? Жасы жеткен соң болашағын ойлайт та.
— Ой, ше-еркен-нің ақылдысын! Кеңкелес-ау, "қызға қырық үйден тиюды" неге ұмыттың. Бо-ла- шақ! Ойлайды деген бүгінгінің қыздары болашағын. Ертең етегіне салып іңгәлатып келсе, қайтесің ей, сен жетесіз. Сені де ана дейді-ау! Ұнатады дейді бір-бірін. Ойбай-ау, жаман Бектемірдің мазут сасыған тракторисі кім? Мақанның институт бітіргелі жүрген ақборықтай Гүлбаданы кім? Сен соны ойладың ба, сумый-ау! — Тоқпағын тағы бір түйіп өтті кеудеден.
— Мен ойлағам, баяғыда ойлағам. "Теңін тапса тегін бер" деген. Қобланды кімнен кем. Гүлбадан Қобланды десе ішкен асын жерге қояды. Жылатпаймын қызымды. Жылата алмаймын. Өзімнің де жылағаным жетер.
— Қалай-қалай сайрайсың, ей, мұңлығым! Қапаста тұншығып, торда торығып жүр екенсің ғой. Бәлкім сен анау құнсыз немеңді әлі күнге дейін ойлайтын шығарсың, ей, ә! Бишарам-ай, зорлап алып қашып келіп обалыңа қалған екем-ау!
— Иә! Ойлаймын! Жүрегімнің жұлқына іздеп бұлқынары әлі де сол! Жанымның зары мен шерін үнсіз тыңдайтын да сол! Сол ғана!
Мақан көгерді. Қос шеңгелін тарбайтып әкеліп, Рыстының алқымынан қылғындыра қысты да, алып ұрып, тізерлей бастады. Қырылдаған әйел бұлқынған да, дыбыстаған да жоқ. Зердесінде: "Өлсем, өлейін- ақ, ит қорлық тірліктің мен қимайтын несі қалып еді?" деген шешімі қылаң берді де, өшіп кетті. Жұтым ауасы азайып, кеудедегі жаны мұрын ұшына тақалып қалған-ды. Мақанды әлдебір соққы жалп еткізді. Жалмажан атып тұрған Мақан қолындағы оқтауын сойылдай ғып тағы сермегелі келе жатқан Гүлбаданға ақырып жіберді.
— Тоқта әкеңе қол сілтейсің, ә! Кәпірдің бедіреюін қарашы! Шыққан қабың мынау ғой. Сен қайдан оңарсың!
— Көке, осы үркітіп-қорқытуыңызды қашан қоясыз? Қылдан тайсақ, төбемізден әңгір таяқ ойнатасыз. Адамбыз ғой біз де... Мамамның не жазығы бар? Қашан келсем, қашан көрсем, домалатып бүресіз де жатасыз.
— Ә-ә тілің шығайын деген екен, қызым! Онда , түйреп қал! Шағып қап!
Рысты ыңыранып қалып, есін жиды.
— Гүлбадан, сен... сен қашан келдің?
— Әлгінде мынау жауыз әкем өзіңді қылғындырып өлтірейін деп жатқанда келгем...
— Көріп қойған екенсің ғой... Бекер келдің-ау, бейбақ балам! Қолын сен бе қаққан?
— Иә! Әттең...
Рысты мойнын уқалап отырып күйеуіне енді ғана көз салып еді, дір ете қалды. Мақанның шекесінен аққан қан бетін жуып, үстіндегі ақ жейдеге тамшылап тұр екен.
— Оқтаумен ұрдың ба?
— Иә! Қолыма басқа үлкен нәрсе түспеді!
— Басын жарыпсың ғой әкеңнің...
— Жарылған бас жазылар мама, жанымды тілім-тілім жаралап бітпеп педі! Ол жазылмайды, мама! Жазылмайды!
— Әй, Рысты! Жеттің дегеніңе! Ақыры қызыңа тілдеттің де, сабаттың да! Сенде не арман бар енді? Қайтардың кегіңді. Өз қызымды өзіме жау қып салған соң, ұпайың түгел.
— Мама, кетейікші!..
— Қайда, күнім-ау?
Осы үйден... мынау азап ордасынан безейік те. Несін қимаймыз? Қадір тұтар не қалды? Папа деуші ем бұрын. Бірер күн көрмесем сағынып қалушы ем. Енді ше? Қай қасиетіне бас ием? Қай қылығына сүйінем? Қиянатшыл зорлығына ма, адам біткенді аяқ асты еткен қорлығына ма?
Мақан ұмтылып келіп қызының қолынан оқтауды жұлып алды да, шапалағымен бетінен тартып-тартып жіберді.
— Кеткішін бұлардың! Мен сені кеткізем, кәпір! Бетімен кеткендігіңді бұл үйде жасай алмайсың! Сенің папа дегеніңді сондай қатты іздеп отыр едім. Естімесем өле қалайын деп басымды жаман қатты-ақ тау мен тасқа соғып жүр едім!
— Папа, сен менің еркіме жармаспа!
— Өйдөйт! Сенің еркің түгіл өмірің мына қолымда! Әй, Рысты! Сен мені білесің, қызыңа бүгіннен бастап тыйым сал! Табалдырықтан аттап шығушы болмасын!
Гүлбадан екі мықының таянып әкесінің қарсы алдына тұра қалды.
— Мен сенің құлың да, пұлың да емеспін! Балиғатқа толған совет азаматымын! Қайда барам, қайда жүрем — өз еркім!
— Иә, балиғатқа толдың! Осыншама мойныма мініп келгенің жетеді. Онда дайындала да бер, қызым! Тап ертең күйеуге беріп, тойынды жасаймын!
— Кіммен? — Гүлбадан үрейлене қалды.
— Қорықпа, қызым, Бектемірдің жермай жұққан Қобландысы емес, жігіттің сырттаныңа берем. Сен мені іске алғысыз етіп, шығарып тастасаң да, әкелік парызымды мен еш уақта ұмытпаймын.
Гүлбаданның жаны түршікті. Көзі жасаурап шыға келді.
— Мама, рас айта ма? Сен неге үндемейсің? Адамды адам құрлы көрмей, ылғи осылай басып-жаншып өте бере ме?
— Жә, қызым! Мені, Мақанды алған бетінен қайтарар жан туған жоқ әлі. Көр жыла, жер жыла, кеудемнің тоңын жібіте алмайсың! Озбыр десең — озбырмын! Жүрегі жоқ мейірімсіз қара тас десең — қара таспын!
— Мама! Мен оны сүйем ғой! Сүйемін! Неге бірдеме демейсің?
Мақан кеңк-кеңк күлді. Қан жуған беттің күлкісі жүрек шошытардай репейсіз болады екен.
— Сүйем деймісің? Мамаң да сүйген. Өліп-өшкен. Бірақ сол өліп-өшкен жігітіне тимей мына маған... сенің қаныпезер әкеңе күйеуге шыққан. Адам ойы орындала берсе, дүниені жылбысқылар мен сүмелектер алып кетер еді. Себебі ме? Себебі, көздеген мақсаты басты жарып, көзді шығаратын, қасының жұлынын үзіп, өңешін суырып алатын мен сияқты озбырлар болмас еді онда. Табиғат заңы — қызым, мәңгілік күрес. Сондықтан табиғат аясында тек тістілер мен күштілердің ғана ұрпағы өмір сүріп, солардың ұрпағы ғана өсіп-өнеді. Мамаң, мына мәңгіріп отырған бір кездегі сұлу бикеш, мені қалаған. Мені!
Гүлбадан әкесіне аса бір жиіркенішті қараспен ұзақ шаншыла қадалып тұрды да, бүрісіп қалған шешесін бас салды.
— Сүйгенің рас па? Басқа жанды... АДАМДЫ сүйгенің рас па, мама? — дегенде адамға ерекше мән берді.
— Рас, ботам! Сүйгем, әлі де жаныма шуақ құятын, қараңғы түнегімді сәулелендіріп тұратын алданышым мен жұбанышым сол.
— Ой, мама! Маматайым менің! Жаны — меңіреу, кеудесі саңырау ма деуші едім, алданғанымды енді біліп қуанып тұрмын. Сенің нәзік жанын мынандай дүлей қапасқа қызықпауы керек еді, соны бүгін ғана түсіндім, мама!
Гүлбадан Рыстыны сүйеп көтеріп, орындарынан қозғала беріп еді, Мақан айқай салды.
— Қаншық! Үлде мен бүлдеге орап қойғанымды көре алмасаң, онда құрым шоқпытты иығыңнан түсірмейтіндей Құралға қосақтап берейін! Міне менің кесігім! — Түкірігі шашыраған Мұқан ысылдап келіп, Гүлбаданның шашынан уыстай алды да, дедектетіп сүйрете жөнелді.
— Қаны сұйық қаныпезер-ау! Балаң емес пе, аясаңшы!
Соңынан ұмтылған әйелін қайырыла беріп бір теуіп, жалп еткізді.
— Үйім деп келдім-ау! Осы да үй ме, нағыз мола ғой! — деп еңіреген қызын Мақан бөлмесіне қамап тастады.
Коридорда аяқкиімін шешіп жатқан Тұрғанмен бетпе-бет кездесіп қалды.
— Жай ма?
Тұрғанның көздері бақырайып кетіпті.
— Әй, неге үндемейсің? Мен сенен сұрап тұрмын ғой!
— Қан!.. Түріңіз біртүрлі болғанға, Мәке, — Тұрған есеңгірегендей үзіп-жұлып сөйледі.
— Немене, қан көрмеп пе ең? Неге келдің дедім ғой саған? Бостан босқа келе бермеңдер деп қашанғы құдайдың зарын қылам сен кеңкелестерге. Өт былай!
Екеуі Мақанның кабинетіне кірді.
— Мәке, сұмдық! — Тұрған тағы тығылды.
— Әй, өзің нағыз сорлы екенсің! Ит көрген текедей үрпиіп...
— Анау Қобланды ше... Бектемір бригадтың баласы. Сол өзі комсомолдардың жетекшісі ғой... Түрі жаман!
— Әй, қырт! Мен оның түрін езіп ішпеймін. Қызымды да бергелі отырғам жоқ, — деп Мақан сигаретінің бір талын Тұрғанға ұстатты, бір талын өзі алды.
— Түрі жаман дегенде, Мәке, мен оның айтқандарынан қатты шошыдым-ау! Өзінің білмейтіні жоқ. Жиналыс шақырып, Мақанның қылмыстарын әшкере етем дейді. — Тұрған маңдайдан сорғалаған ащы терді сұқ саусағымен сылып алып, сілкіп тастады.
— Менің қай қылмысымды көріпті? — Сақиналата будақтатқан көкшіл түгін тасасынан қанталаған көздер сығалай тесілгенде, бір жақ бетін түгел жаба ұйыған қоңыр қожыр қан дағы суық жүзді тіпті сестендіре түседі екен. Тұрған тайсақтап, басын төмен тұқыртты.
— Қылмыс дегенде... Ол бәрін біліп отыр. Сіздің бүкіл жасаған, ә-ә... жасырын істеріңіздің мәліметі барлық айғағымен қолында.
— Қылмыс-қылмыс... Жалғыз мен бе екем, мына сен де ортақсың, оларға. Әлде тайқып шығу ойыңда бар ма?
— Қайда кетем тайқығанда... Қобландының беті жаман. Ештеңеден тайынбайды. Бүкіл жастарды қосып алса...
— Жастар-жастар... Не келеді сонда қолдарынан ит қуған шибұттардың. Айқайлайт-айқайлайт қояды. Оған үрейленбе.
— Әй, қайдам? Облыс пен астанадан түк шықпаса, Москваға жетем деп отыр. Анау ма, анау Бектемірдің қуы одан да тайынбайды.
Тұрған қолында ұстап отырған темекісін езіп жібергенін байқар емес, Мақанға жауап күтіп қадалып қалыпты.
— Әкесінің сиқы анау ғой! Тартпасын ба тегіне. Сонда білетіні көп пе? — Мақанның даусы бәсеңдеп, жүні жығылып қалыпты.
— Ойбай, керемет көп! Көп болғанда тіпті өзі тап біздің ішімізде отырғандай ананың қайда, мынаның мұнда кеткенін алақаныңда жаюлы жатқандай сайратып отыр. Үрейімді ұшырғаны да сол бәрін біліп алғаны ғой қызылкөз пәленің!
— Естігенің дұрыс болған, Тұрған. Жиналыс шақырмақ дедің бе?
— Иә! Жетінші октябрьдегі Конституция күніне жинамақ.
— Есебін қарашы қудың. Сен не дедің оған?
— Құптаған боп отырып барынша айтқыздым. Өзіңіздің үйретуіңіз солай. Әзірше мұны енді жан адамға тісіңнен шығарма. Шығарсаң Мақан жым-жылас қып бәрін жойып жібереді. Онан соң саған... сенің өзіңе дауыл үйіріледі дедім.
Мақан езу қисайтты. Бірақ қасында Найманқұлы болмаса да, қадалып отырған Тұрғанның денесі құрысып, жон арқасы мұздап қоя берді. Дүниедегі ең бір атом бомбасы жарылуынан да қиямет нәрсе бар болса, ол Тұрған үшін анау добал ауыздың қисайған езуі. Езу қисайды дегенше не малыңнан, не жаныңнан баз кеше бер.
— He, Мәке-е, бірдемені бүлдіріп қойдым ба? — деп қуыстанып, орнынан тұрып кетті.
— Отыр! Бүгін шетіңнен ақкөт торғайша қыпылдап біттіңдер ғой, түге.
— Есім шығып... Әлгіні естіген бойда өзіңізге келейін деп... Келсем... — не айтып, не қойғаның білмей Тұрған әбден батпақтады.
— Келсең, иә?..
— Қатты-қатты дауыстар шыққанға... Сөйтсем, өздеріңіз ғана... үй-іші болған соң, сыртқа бара тұрайын деп... — ұрлығының үстінен түскендей Тұрғанның ішіне су кетті. "Басқа бәле тілден" дегенді есіне түсіргенде түсі тіпті қуарып кетті.
— Үй-іші дейді ғой. Шетінен жау боп шыққан шұбар жыландар ғой. — Жейдесін шешіп, лақтырып тастады.
— Бізде де бір-бір ақырған аю босағадан аттасақ болды, бас салады. — Тұрған Мақанның ыңғайына бақты.
— Жә! Оны қайыстай созба. Қатын ашуланса қазан қайнатар. Алдымен жаңағы Қобланды неменің... "Жаман иттің атын Бөрібасар қояды" деп, әй, атам қазақ тауып айтқан-ау. Сол шәуілдеген күшіктің әңгімесін түптейік.
— Түптейтін түгі жоқ, Мәке. Ол түзелуден кеткен. Көзім жетті. Арындап-ақ тұр. Бұл бетінде оған қарсы келер, бетін қайтарар бірдеме бар деп айта алмаймын. — Тұрған шын қиналды. Алдындағы манғол буддасындай жалаңаш кеудесінің жүндес омырауын тыр-тыр қасып, малдас құрып алып, диванда шіреніп отырған иесінің не ойлап, не көздеп отырғанын біле алмай дал. Әйтеуір анау бүлік езу манағыдан кейін қисая қойған жоқ.
— Бар пәлені жалғыз содан күтсек оның ебі табылар-ау. Тек сонымен бітсе...
— Бітеді, Мәке! Пәле басы — Қобланды бала. Басқалардың қас-қабағын аңдудай-ақ аңдудамыз. Ол жағынан қылп етпеңіз. Қауіп жоқ, — деп Тұрған ұпай жинауға көшті. Қарап жүрмей, қарайлап, қарауылдап жүргенін сездіріп қойса, құны өсіп, қадірі артады. Онда анау езу қисаймайды. Езу қисаймаса, Найманқұлдың қолындағы дырау қамшы ысқырып келіп сауырды шықпыртып тіліп түспейді. Қамшының ысқыруына да төзуге болады. Одан да зор зобалаңды сыбағалап қисаятын езудің қимылы бар. Ондайда Найманқұлдың қолы қамшыдан басқаны да құшырлана қысады...
— Қобланды! Қобланды! Қарақыпшақ Қобланды болды десейші! — Мырс еткен Мақанның бетіне Тұрған дәмелене қарады.
— Бір ойдың... ой болғанда бір амалдың басыма келіп тұрғаны, Мәке... — деп Тұрған рұқсат сұрағандай аз кем бөгелді.
— Айтсаңшы онда! Неге діңкелете бересіңдер.
— Әлгінде асығып келем деп... Кірген бойда Гүлбаданжанның сөзін естіп ем... Екі жастың сауабын алса деп Қобланды сіздің балаға құмарта қарайды дегенді бұрында естуші ем...
Мақан жаратпай қалды.
— Малтаңды езе бермей тоқ етеріне көш!
— Сол екеуін... Гүлбаданжанды көңілін қалдырмай... іштен шыққан шұбар жылан емес пе... Тойларын жасап жіберсек күйеу бала қайын атасының қылмысын...
— Не оттап барасың, қылмысың не? Күйеуің не? Қылмысты десең, бірігіп жасағамыз. Бәріміз! Әлдебір боқмұрыннан қорқып, қызымды өз қолыммен салып беруім керек екен ғой. Қыз сенде де бар. Аузын жабам десең, бауырына басқызып, мауқын басқыз. — Мақан қимылдағанда диван селкілдеді.
— Мәке, енді далбасаламасақ бола ма? Жастардың обалына қалмайық деп бір жағынан...Екіншіден...
— Жә, жап аузыңды! Үйірімнен тай алдырмаған құтпан айғырлығым өтірік болмаса бір күшікке бола үрпиетін түгім жоқ. Табан тіреп тартысқа түсетін ол кім, мен кім?
— Мәке, оны айбындандыратын қолындағы мәлімет! Айғағы!
— Айғақ! Айғақ! Немене айғақты езіп іше ме, басына құя ма? Ақша мен алтыныңнан құдіретті ме екен сол айғағың? — деп қатайған әлпет танытқанымен солқылдап кеміп бара жатқаның өзі де сезді. — Ендеше, саған тапсырам, Тұрған! Қобландыдан сен құтқарасың! Сен!
Тұрған Мақанның ар жақ ойын аңғармаса да, қыл мойынға қыл арқанды бұлқынтпай тастай салғанын анық ұғынды.
— Қалай, Мәке?
— Несін қазбалай бересің. Етегі жабылмаған бала емессің, азу тісің сарғайған бәлекейсің. Ретін тап!
— Әй, ол көне қояр ма?.. Сыңар езуленіп жұлқынып жарға жығады ол.
— Ез екенсің былжыраған! Сылап-сипайтын, мәймөңкелейтін ұрғашы ғой деп пе едің оны. Толтыр көмейін! Қақалт арам аспен! Жақ қараны ағына! Сөйтіп батыр былыққа. Мыңқ етер ме екен сонсоң! деп қайрай түсіп, қажалай қытықтады. Тұрған бірақ босамады.
— Әй, Мәке, Мәке! Сіз елдің бәрін құлқын қамы мен есептейсіз. Қобландының жөні мүлде бөлек. Ол түспейді бұл ауға. Жемтік қабатын қомағай емес, — деп бас шайқағанда ілгері бір-ақ ұмтылған Мақанның қолы Тұрғанның жағасынан сығымдап ұстай алды.
— Мен саған тапсырдым емес пе?.. Сатып алмасаң, атып ал. Қолыңды кім қағады?
— Атып деймісіз?! — Тұрғанның даусы қылғына шықты.
— Немене, ол соншама әулие ме еді? Не ол, не біз!..
— Сонда қалай, кісі өліміне де барғанымыз ба? — деп сенер-сенбесін білмей, алқымын сығып бара жатқан саусақтарға еңкейіп көз қиығын жүгіртті.
— Кісі өлімі!.. Кісің кім, ей сенің! Кісі емес ол — жауың! Алдын алмасаң, өзің өлесің. Өзің! Бәріміз! Жауды аяған жаралы. Ол бізді аямаса, оны біз неге аяймыз. Орындаймысың айтқанды? — Мақан саусақтарын сығымдай түсіп Тұрғанның бетін бетіне тақап әкеліп, қарашығын сұйылта ананың алкүреңденген жүзіне тінте қадалды.
— Оры-ын-дай-ын...
Мақан қолын босатып, Тұрғанды нұқып қалып, орнына отырғызды. Кілт енжар тартқан түрмен сабырлы кейіп танытты.
— Онда тездет, Тұрған. Көп созуға болмайды. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Таратып үлгертпейік.
Тұрған үнсіз ғана бас изеуден аса алмады.
— Конституция күні дегенді пайдаланған жөн. Жиналысты да тағайындай беріңдер. Сезік алмасын. Жай жиналыс қана етпей, сол күнді кәдімгідей атап өту жайын ескріңдер. Колхозшыларды кейде сүйек-саяқпен алдап қоюды ұмытып барамыз. Он шақты грамота, алты адамға жиырма-отыз сомнан сыйлық әзірле.
— Ол дұрыс екен. Әзірлейміз, Мәке.
— Ең негізгісі сойыс жағы. Бірер қой бөлінсін. Қалған етті киік атып табасыңдар. Ол үшін аңға шығасыңдар! Аңға!
Тұрғанның қаперіне түйсік кіре бастады. Мақанның қандай "аңды" астарлап отырғанын да ұқты.
"Е, бәce! Жалғыз менің басымды тігіп берді ме деп едім. Бар салмақты бөліп жіберген соң, ешкімге дес берем бе! Ой, Мақан-ай! Тереңсің-ау! Жазатайым қаза тапқан аңшыны кім іздей қойсын. Жазымға не дауа баp!"
Тұрғанның бетіне қан жүгіріп, өңі кірді. Соны байқағанда Мақан қатулы жүзінің тоңын сындырып, күлімдеген сыңай білдірді.
— Құлағыңа жағып кетті-ау, Тұрған, ә!
— Мәке-ау, енді өзіңіз солай топшылаған соң, орайласпайтын дүние бол ар ма. Күнұзын қалай болар екен әр саққа бір жүгірген ойды тиянақтай алмай отырғаным рас еді. Ұзын құрық бердіңіз. Ендігісі бір шөкім насыбай атқаннан қиын емес, — деп кәдімгідей жадырап, анау шиелене байланған сұмдық кесім — кісі өлімі емес, жайшылықтағы тоқты-торымның төңірегіндей тартыс көре ме, қысылып-қиналмайды.
— Жә, қутыңдама! Қутыңдама танауыңды желпілдетіп. Алдымен өткелден өтіп алып мақтан, — деп серігінің орынсыз желпінгенін ұнатпаған Мақан сызды қабақпен тұқыртып тастады.
— Өтеміз, Мөке! Өтпей... Өзіңіз шылбыр тастаған соң қияметтің қыл көпірі де бұйым болмайды.
— Тоқтат былшылды! Аңға кім-кім баратындарыңды осы бастан ойланғанымыз жөн.
— Оныңыз рас, рас, Мәке! Әбден қадағаламасақ, әрине, болмайды, — деп Тұрған құрақ ұшты. Алғаш тапсырманы жалғыз орындаймын ба деп секем алған кеудесі, бұл қатерлі істі төрт-бесеумен еншілес боп тындыратының естіген соң, сотта ақталған адамдай түгел босаған. Сол қуанышынан әлі арыла алмай отыр.
— Найманқұлды, Хайролланы ерт. Қобланды боса болмаса... Аттандатпай-шуылдатпай бітіріңдер.
— Берден ше?
— Көрінген жерге тықпалай берме оны. Оның үстіне ол барса, баяғы белгілі бекбикелер дейтін қауесет тарайды. Анау Сүйменқұлды қосып ал.
Тұрған ыршып түсті.
— Ойбай-ау, ол нағыз қызыл көз пәленің өзі емес пе. Жиналыс сайын әрқайсымызды бір түртпектеп тиісіп отырғаны.
— Сонысы керек. Сонда айтқандарыңа жұрт сенеді.
— Қалай сенеді? Сүйменқұл бізге ауыз аштыра ма?
— Әй, қырт! Үшеуің бір адамды қорқыта алмайсыңдар ма? Және оған көрсетіп, білдіріп жасайсыңдар ма? Зуылдаған оқ қағыс тимей ме? Сүйменқұл тулайтыңдай болса, қағыс оқ оған да өтетінін құлаққағыс қылмайсыңдар ма! Мен білем ол Сүйменқұлыңның қай қамырдан иленгенін. Негізі қорқақ, ниеті бұзық, көмейі — апандай. Май берсең де, лай берсең де жұта береді.
Тұрған әбден тыншыды. Мына басы жарылып, өңі қашып, жүндес кеудесі қарауытып отырған "Мәкесінің" түпқазығы мықты екенін біледі. Содан да ғой қаладағы жұмысын тастап, осында "сырттан келген қалыс адам" боп хатшылыққа келіскені. Жұрт көзіне адал, таза, принципті боп көрінуге тырысып, Мақанды онша жақтырмай, жүре тыңдайтыңдай болып көрінуге шебер-ақ. Сонысына көп адам сеніп те жүр. Қобыландының да құпия сырын колхоз партия ұйымының секретары — Тұрғанға ашуының осындай мәні бар болатын.
Тұрғанның бүгінде асығы алшысынан түсіп тұр. Қаладағы айлығы шайлығына да жетпеуші еді бұрын, енді міне Мәкеңдікі сияқты арыстан үлес алмағанымен қасқыр үлесі де — бүкіл қалта-қонышын сықап бітеп тастады. Ақша мен алтынның буын айтпаңыз! Бүгінгі Тұрған ақшаның бетіне қарамайды. Кешегі өр тиының санайтын қалтылдақ күйін көз көрмес, құлақ естімеске кеттіге балап қойған. Кетпей ше. Мынау Мәкең жиен барда, ана-о-оу жақта, ойпырмай, бөрі жоқ деме бөрік астында, біреу-міреу естіп қоймасын, ана-ау жоғарыда Ғазиз Құлтанович есен-сау тұрғанда Архимедке тимеген Жердің тұтқасы бұлардың әрқайсысының саусағына, әй, ілініп қалмады ма. Дүниеде ең ыстық нәрселер — байлық, билік ақ жаулық болса, сол сиқырлы үш ыстықты бауырына басып, шеңгеліне қысып, қойнына толтырған, өр көкіректе нан емес тас ерткен "тәңірлер" сол үш ыстықтан өлмей айрылар ма. Ендеше Қобланды сияқты етекке жармасқандарды қағып-сілкіп шаңға аунатып тастамасаң, қойны-қоншыңдағы байлық құмдай сауылдап, қолыңдағы билік сусып шығып, бауырыңа басқан кермиықтар ту сыртын көрсетіп, безіп кетпей ме.
Ұрыста тұрыс болмайды. Ендеше Қоблан бала өз кесегін өзі жасапты. Мәкең бастаған алып составтай жүйткіген топтың жолын кеудесін тосып бөгемек ақымақ. Зымыраған ауыр салмақты поезд елбектеген немеңе қарай ма, парс еткізіп соғады да, қан-көбелек ойнатып ұшырып жібереді. Обал-зауалы, әрине, өзіне. Өзінің көзсіздігіне. Сарылдап екпіндеп келе жатқан жүрдек локомотивтің жолында тұрмауды білмегендігінде.
Бірнеше жыл станцияда кезекші боп істеген Тұрғанның көз алдына прожекторы жарқыраған көкшіл электровоз елестегенде, соның алдында тұрған құмырсқадай ғана боп дірілдеген Қобландының міскін денесі мүлде шөгіп бара жатты. Тұрғанның жүзінде күлкі табы биледі. Үнсіз ойға шомған серігін манадан бағып отырған Мақан тізесінен салып қалды. Анау селк ете түсті.
— Ә-ә, не? Не айтасыз, Мәке?
Мақан суық қалпынан жібімеді.
— Конституция туралы баяндаманы сен жасайсың!
— Ойбай-ау, әлгіден... аңнан кейін... жол болып көлденең салып әкелген соң сол жиналыс бола қояр ма екен, — деп қиялмен шарықтап кеткен биігінен топ етіп жерге түскен Тұрған өмір тауқыметінің салмағымен еріксіз шырылдады.
— Жиналыс емес, колхоз еңбеккерлерінің тойы. Қауырт еңбектен кейін бой жазады олар. Сол қуанышын біз жасаймыз. Біз береміз. Біздің міндет солай.
— Әлбетте ғой. Сөйтеміз ғой. Онда маған баяндамаға дайындалу керек енді. Тығыз-таяңдау, әрине, — Тұрғанды баяндама жағдайы қинай бастады.
— Сен әлгінде жолымыз болса дегенді неге айттың? — деп Мақан қатайды. — Былқ-сылқ етіп босасаң, оныңды айт. Сенсіз-ақ бірдеме етеміз.
— Ойпырмай, Мәке-ай, ауыздан байқаусыз, ретсіз шығып кеткен сөз емес пе? Әйтпесе мен бірден бас шұлғыдым ғой.
— Байқа, Тұрған! Соңғы кезде тым керелеп барасың.
Тұрғанның көздері шатысты.
— Апырау, Мәке-ау, өздеріңіз емес пе... "бізді білмеген, танымаған бол. Өңіңді берме. Суық қара" деген. Керелеп... Неме жетісіп сөйтем.
— Иә, сен жетісер ештеңе жоқ. Көмейлеп жұтқаннан басқа тырнағыңды да қимылдатқан жоқсың әлі.
— Мақан диванның шетіндегі жастыққа қол созып, қолтығының астына басты да, көлбеп қисая кетті.
— Рас, рас, Мәке! Оныңыз рас. Түбі тергеусіз дүние жоғы белгілі. Құр аяққа бата жүрмейді дегендей менен де дәметкеніңіз дұрыс, — жан-жағына алақтаған Тұрған жерде жатқан жейдені көтеріп, Мақанның иығына жапты. Анау оны қайта серпіп тастады.
— Осы жолғың — сынағың! Суылдай бермей іс тындыр. Бар, жөнел!
— Сау болыңыз, Мәке! Апырай, мына жатысыңыз. Ең болмаса жуынып алсаңыз... Әлде қазір біздікіне барсақ, Мәке!.. Тамақ дайын. Бөтен ешкім жоқ... — Мұрнын жыбырлатып, танауына келер ас үйден дәмді иіс таппады ма, батыл кетті. — Бүгін мұнда, әй, жағдайыңыз бола қояр ма екен?!
Мақан басын көтеріп алды. Көздері қанталап, жүзі долырып кетті.
— Шық үйден! Жоғалт қараңды!
3
— Вася атай, бүгін Балтаны шығарады.
— Рас па, кеше барғанымда өзі маған ештеңе айтпап еді, — деп есік ашқан Василий Сергеевич Майсараға "ішке өт" деген ишаратын қолымен көрсетті.
— Мен әлгінде бас дәрігермен сөйлескем! "Киімдерін әкеліп, алып кетулеріңізге болады" дейді.
— Кеше ғана түскен сияқты еді. Әрине киімдерін апару керек. Анау қара костюмын өтектеп қойғам. Плащ керек... Онысы жоқ. Күздік қыстық киімдерін ауылына шешесінікіне тастап кеткен, әлі алдырмаған. Алуға үлгермеді. Ал, мен... Ойыма да келмепті. — деп Вася атай қайта-қайта басын шайқап өзіне өзі кейіп тұр, — Қартайғанмын... Әйтпесе ескеруім керек еді... Жатып қалған сырқат адамның мұршасы да келмейді...
Ә-ә Майсара... қызым-ау, былай өтсеңші!.. Есік көзінде тұрып алыппыз ғой. Қонағы аз үйдің салтын жасадым-ау... Мен дастарқан жайып жіберейін... Шай дайын. Кеше заказ столынан үнді шайын алғызғам. Балта сондай жақсы көреді кілегей қатқан үнді шайын.
— Ата, әуре болмаңыз...
— Жо-жоқ, қызым, қазақ "қуыс үйден құр шықпа" дейді. Болмайды, қызым.
Василий Сергеевич шайды ғажап баптайды екен, қызыл күрең шайдың дәмі таңдайдан кетпестей. Маңдайы жіпсіген Майсара батылданды.
— Вася атай, мен... мен сізбен ақылдасайын деп ем, — дей беріп кідіріп қалды.
Василий Сергеевич қасын керді.
— Неге бөгелдің? Ақылдасқаның дұрыс. Біздің орыста: "Бір бас — әсем, екеу болса — көсем" деген мақал бар. Қысылма, қызым.
— Айтайын дегенім: Балтаның күздік киімдері бар ма, жоқ па деп... Кеше плащ, костюм, жылы жейде алып едім...
— Оның жөн болған, қызым, жөн болған, — деп Василий Сергеевич балаша қуанды. — Менің қатемді сен түзетсең, қызым-ау, оған бас изегеннен басқа не айтам, Балтажан үшін жан пида деп жүргенде... Ә-ә, дұрыс жасағансың, Майсара. Дұрыс! Мынау ауа райы да жасы жеткен қарттың көңіліндей босайды да тұрады, сорғалайды да тұрады.
— Балта қалай қарайды екен? Неге алдың деп... Әлде киімдерді, ата, сіз берерсіз?
Василий Сергеевичтің санасына әлдебір тықыр енді жеткендей, аузына апара берген шайдың шыныаяғын столға қоя салды. Үңіліп Майсараға шүңірек көздерді тесілтті.
— Иә-ә! Балтаның тіксінуі әбден мүмкін. Оны мен білем ғой, Майсара. Ешкімге тәуелді болғысы келмейді. — Қария үнсіз біраз отырды. — Жылы киім керек оған. Несі бар, екеуміз де бөтені емеспіз, қызым. Апарайық.
Есік аузында әнеугүнгі кезекші әйел тұр екен. Майсараны көргенде, әкесі тіріліп келгендей қуанды.
— О-о, сіңлім, сіз екенсіз ғой! Келіп қалыпсыз! Денсаулығыңыз мықты ма? — Қалбалақтап келіп Майсараның қолындағы дәу қара сумкаға жармасты.
— Маған беріңіз. Липтіге апарысайын. Ой, мынауыңыз зілдей ғой. Сіңлім-ау, сізге мынандай нәзік талдырмаш денеңізбен ауыр көтеруге болмайды ғой... Бір жеріңіз... Сізге тек сыртыңыздан қарап тамсанып қана тұру керек қой. Бері өтіңіз, бері!
Қара сумканы бір қолымен көтеріп, екінші қолымен алыстан сағынтып оралған туған қызын жаңа көргендей Майсараны қаусыра құшақтап қозғала бергені сол еді, кілт тоқтады. Артына жалт бұрылғанда көздері шатынап, қабағы қалыңдап түйіліп кеткен еді.
— Әй, шал, істәрік кода пошел! Әрі! Өңмендеп осы шалдар-ақ өлермен! Қалталарында көк тиын жүрмейді. Жүрмейді емес, бермейді. Бес тиынынан айрылса, өліп қалардай сараң боларын қайтерсің шетінен. Кода? Кода? Нылза пасетителам! Глауным врачом уругаеться. Осы бір көк көз шалдар әсіресе зәкүншіл-ақ. Бәрінен де алақандары бір ашылмайды. — Әйел қапшықты қоя салып, ертегінің жауға ұмтылған батырларындай омыраудағы төңкерілген тостағандай екі төмпешігін солқылдатып кеуделей ұмтылды.
— Әй, қарындас-ай, қарындас!.. Менің алақаным ашылмайтының қайдан білдің. Егер саған пасететелдердің тиын-бақыры нәпаха болса, міне саған төрт бес тиындық. Енді өтуіме бола ма? — деп Василий Сергеевич жиырма тиынды жарқырата көрсетіп, кезекші әйелдің қолына ұстата салды. Анау аузы аңқия ашылып денесін шегелеп қойғандай қозғалар емес тиын түскенде ғана ес жиды.
— Ойбай, көтек! Төбеңнің тесігі бар екен-ау!
— Төбемнің тесігі болса, айран құйып ішейін деп пе едің —деп Вася атай белгілі анеқаотпен жауап қайырды.
— О не дегенің, істәрік... Ә-ә, қария. Бізге тапсырылған жұмыс — рұқсат қағазсыз палаталарға ешкімді жібермеу. Ауруханаға кім көрінгенді өткізе берсек — о-о, инспекция қаптап кетеді дейді. Инпексияны білемісің! Ол — адамзаттың нағыз қаскүнем жауы...
— Аларыңды алдың ғой, қарындас, енді өтуіме бола ма?
Әйел қайта шамданды.
— Мен ешкімге қарындас емеспін. Ағамды қу соғыс жұтқан. Жалғызбын. Күйеуім арақтан өлген. Қолымда мүгедек жарымжан қызым бар. Отыздан асса да мойнымда отыр. Арақтың кесірінен шала есті боп туған дейді дәрігерлер.
"Аларыңды алдың" деп мұқатпақсың ғой. Айта бер, мұқата бер, істәрік. Менің жетпіс сом жалақым неме жетсін. Қазір қымбаттамаған не қалды? Ананың да бағасы шапшып, мынаның да құны өсіп, тақияда тамтығымды қоймай баратқан соң, осылай алақан жаям. Қайыршы десең, қайыршымын! — Әйел долырған жүзін жаспен жуыл алды да, алақанының сыртымен әйелдерге тән қимылмен көзінің екі ұшын сүртіп тастады. — Өте бер! Неғып тұрсың. Кімің жатыр еді? — деп енді жайбарақат күйге көшті.
— Балам!..
— Е-е, байғұс-ай! Бағанадан солай демейсің бе? Мә, мынауыңды өзің ала ғой. Сендей пенсионер шалдардың жағдайы менен онша озып кетпегенін білем, — деп әйел тиынды қайтармақшы болып еді, Василий Сергеевич қып-қызыл боп бұрылмай өте шықты. — Қап! Ұятың барын білгенде... Қол қысқалық не істетпейді адамға. Анау бишара қызым демесем, баяғыда-ақ мынау жалғанмен қош айтысар едім. Шылбыр ұзындығындай жіп таба алмай жүргем жоқ, әйтпесе.
Сол күңкілдеген күйі келіп, қара сумкаға қайта жармасты. Майсараны көріп, есіне әлдене түскендей, қалт тоқтады.
— Әй, қызым, айналайын көп тосқызып қалдым ба. Жалғызілік жанның осындай бейапар мінезі де, ашқарақ тірлігі де болады. Кешір, қарағым. Сендер көрмеңдер біз көрген қорлық ғұмырды. Анау байғұс шалды көзін көгертіп тұрып сөгіп жатсам, өзінің түбін түсіретін қазақшасы бар екен. Жаман ұялтты. Қайбір жетіскеннен шапылдаймын. Жүр, жүре ғой. — Анадайдан дауыстады. — Әу, Маша падруга! Липті готоу. Мынау қызым — менікі детка! Шетіберти етаж.
Соңдарынан ілескен Василий Сергеевичқа қайтадан алара бұрылды.
— Ал, сен, істәрік... Бұл орысшаға үйреніп кеткен ауыздың әдеті осы. Араластырмасаң сөйлей алмайсың. Сен анау баспалдаққа... леснисаға бар. Лепті служебни.
— Василий Сергеевич менімен бірге келген. Менің... атам, — деді не күлерін, не күлмесін білмей тығылған Майсара.
— Көтек! Бетім-ау, манадан айтсаң ғой... Әй, ақымақ басым! Екеуіңнің бірге кіргендеріңді көрдім. Мені қайдан қара басты, ә! Оу, ақсақал, онда қалма бізден. Липті үлкен. Бәріңізді көтереді. Маша, уот ети шалабеки моя уродетібенник. Сестірә моя! Липті әтбези. Қарашо! — Майсараға мағұрлана қарады. "Менің де кім екенімді көрдің ғой!" дегендей кеуде керген түрі бар. — Маша пәдругам. Айтқанымды екі етпейді. Апырай, сіңлім, осы өзіңізді... өзіңді сондай жақсы көріп кеттім. Тап, бар ғой, туғанымнан артықсың. Тіфә-тіфә! Тіл-көзден сақтасын! Аман жүр, әйтеуір. Қазағымнан туған дәл сендей қарақат көзі мөлдіреген аяқ-қолы түп-түзу, үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыздарды көргенде, ішімнен ал кеп мақтанам. Мақтанбай, бізде де мынау деген сұлулар бар болса.
Қара сумканы лифтіге қойып, өзі кейін шегінді. Майсара тұсына жанасқан әйелдің қолына елу сомдық тұтас жасылала қағазды қыстыра салды.
— Бұ не?
Әйелдің көзі бағжаң етті. Үш саусақтың арасындағы ақшаға құбыжық көргендей состия қарап өтіп, Майсараға дүрсе қоя берді.
— Сіңлім! Мынау қылығыңа жол болсын! Сен мені кім деп тұрсың, ә! Күнін көре алмай жүр деп пе ең. Аз,алам. Өқаа болса айлық алам. Өкіметім тұрғанда жоқшылық тауқыметін тата қоймаспын. Адамды... кісіні өстіп те қорлай ма екен, сіңлім! Әлгіндегі қайыршымын дегеніме... Неге қайыршы болайын! Мә! Көрсетпе екінші бұндайыңды. Өзіңді сондай ұнатып қалсам, көңілімді қалдыратындай не істедім саған. Есік күзеткен дежурниды адам емес деп кім үйретті.
Әйел қатты абыржып, тіл қата алмай қипақтап тұрған Майсараның елу сомды алақанын ашып салды да, басын қайта-қайта шайқап өз орнына теңселе басып жөнелді.
Василии Сергеевич Майсараға кіналай қарады. Екеуі де Маша лифтершаның алдында кінәлі жандай көздерін жасырып, кабинаға кібіртіктеп аттады.
Кезекші әйел әлі күбірлеп жүр.
"Елу сом. Жасылала қағаз. Тұтас елу сомды өмірімде ұстағаным осы шығар. Не деп берді? Соншама қыруар қаражатты қиналмай-ақ сұға салды. Ғани Құлтановичтың қарындасы екені рас болды. Әйтпесе ақшаның парқын білер еді. Адамды аямайды-ау, бұлар, аямайды. Жүрегім жарылып кетпегеніне тәубе...
Неге алмадым?.. Ғайшкенге пәлте әперетін едім. Қыс болса дірдектеп сыртқа аттап шыға алмай отырғаны... Алмағаным дұрыс болды. Қайта бетің бар, жүзің бар демей айтып-айтып тастамаған екем. Ыбылжимын да жүрем. Мықтының мысы басады да, тәйірің.
Әйел ағыл-тегіл жылады. Екі иығы селкілдегенде, қомақты қос өркеші солқылдады. Пора-пора жас жалпақ майлы беттің екі ұшынан кедергісіз сауылдады.
4
Әдемі келіншектің жетінші палатаға күнде келетініне аурухана қызметіпілері де, палатадағылар да тегіс үйренген. Қайта ақ маңдайы жарқыраған, бота көздері мөлдіреген ақ жұқа жұмсақ бұғағы енді-енді біліне бастаған құмырсқа бел Майсара әдеттегі уақытынан сәл кешіге бастаса, шеттерінен тықыршитынды шығарды. Ондайда Төлегенов яғни Мақсұтбек ағай қасындағы кереуеттес көршісімен ойнап жатқан шахмат тақтасынан басыл көтеріп алады.
— Балалар-ай, балалар, сағат қанша болды?
Палатадағылар қыран-топан күлкіге батады. Күлкі — терапия деген рас. Бөлмеде көңілділік орнайды. Бәрінің көмейінде "Майсара неге кешікті екен?" дейтін сұрақ кептеліп тұрады. Қабақ тасасынан, көз астынан бәрі Балтаға қадалады. "Бір білсе, себебін сол біледі" дейтін елгезек дәме де, "бұл қалай шыдап жатыр?" дейтін әуесқойлық та әлгі жасырынған қарастардан сезіліп қалатын. Сөйткенше есік те ашылып, ақ маңдайы жарқырап, бота көздері елжіреп ақ халатты Майсара кіріп келетін. Сұлулық көз сүйіндіреді, көңілді тойындырады. Жамбастарын төсек тескен жарақаттанған науқастардың жәудіреген қарашықтары әсем тұлғаның әрқайсысы өздері ұнатқан мүшесіне сүйсіне қадалады. Сыңғыр күлкісін кеуделеріне құйып алады. Хош иісіне, жұпар иісіне — әйел тәнінің тылсымдай сиқырлы арбағыш иісіне танауларын елеусіз тосып, құныға сіміреді.
Майсараның қомақты қара сумкасы "Мың бір түннің" ғажайып қапшығына бергісіз. Қып-қызыл апорт та шығады, жіп-жіңішке сервелат колбаса да шығады. Сауытының өзі неше алуан қаймақтың түр-түрі, сүзбенің, ақ ірімшіктің әлденеше құтысы... бармақтай-бармақтай мейіз... қызғылт сары апельсин, қара өрік сары өрік жаңғақ — түбі жоқ-ау қапшықтың түбі жоқ! Балта да жомарт. Әлгі тағамдарды түгел ортаға қояды. Тұра алмайтындардың төсегінің қасындағы тумбочкаға үйіп тастайды.
Мақсұтбек ағаның әсіресе ұнататыны — қуырған тауық пен пепси-кола. Басқасына пысқырып та қарамайды. Дөңгелете тураған қабырға, туырылған қазыңызға кірпік те төңкермейді. Айтуынша, мал етінен шошынған. Құс еті әзірше жеуіне жарап жатыр.
Майсараның өзіне көзін, әкелгендерімен қарның тойғызған еркектер кекірік атып отырып, әзіл-қалжыңды қардай боратады.
"Бағың бар, Балта, егер мынау тәтті-дәмдіні Майсараның өзі пісіретін болса, онда бұл өмірде сенен өтер гурман болмас".
"Бағың бар, Балта, мынау астатөк тағам мен жеміске қарап Майсараның қолы ашық екенін әбден пайымдауға болады".
"Бағың бар, Балта, мынау саған деген тілек-пейілі ғұмыр бойы таусылмағай, азаймағай".
"Бағың бар, Балта, Майсара бір қалтасы қалың ағамыздың қызы болса керек".
Тұс-тұстан жамыраған дауыстардың қажап айтқан қалжыңдарының арғы жағынан екеуіне деген ықласты мейірді, екеуіне деген қамқорлық тілектерін Балта жанымен сезетін. Сондайда Майсара одан сайын асыл тартып, биіктеп, асқақтап сала беретін.
Бүгін де палатаның есігі айқара ашылып Майсара мен Василий Сергеевич кіріп келгенде Мақсұтбек көршісімен шахмат ойнап жатыр еді, қуанғаннан айқайлап жіберді.
— Төрлетіңіз, қарындас! А-а, Василий свет Сергеевичке сәлем! Иннокентий, сен Тілектес, екеуің қонақтарға орындық ұсыныңдар. Балта, сен Майсара қарындасты каридорға ертіп ала жөнелме. Әдемілікті көрер бізде де көз бар, шырақ! Нәзіктікті ұғынар бізде де жүрек бар, шьфақ! — Төлегенов өз сөзіне өзі мерейлене қарқ-қарқ күлді. Күлкісін және тез тиды. — Әу, Василий Сергеевич, Майсара, сендер менің күлгенімді басқаға жорып жүрмеңдер. Мен жақсы көрген адамдарды көргенде бір жасап қалам осылай.
Қара сумкадан жалғыз піекен тауық пен үш жүз грамдық банкідегі орман арасының балы, бір целлофан пакеттегі алмадан басқа күнделікті мол тағам алынбады.
Вася атай қара сумканы Балтаға жылжытты.
— Балта, мынау киімдерің. — Василий Сергеевич Майсараға иек көтерді. — Киініп шықсын. Майечка, сен әлгі бюллетенін алып келе ғой. Майсара кетісімен, аурулар тұс-тұстан жамырады.
— Әй, Балта! Сен шығатыныңды бізге неге айтпадың?
— Обходта дәрігер шығарам демеп еді ғой?
— Сен бізге келіп тұрасың ба?
— Ұмытып кетпе, Балта!
— Тез сауыққаныңа қуанам, бауырым! Сен анау бақыт құсыңды қолыңа тезірек қондыр. — Мақсұтбек күрсініп қойды. — Мен бірдеме білсем, қарындастың сенен шығарда жаны бөлек. Ал мен алпысты алқымдап қалдым. Көргенім де, бастан кешкенім де көп. Атаң қазақтың "Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді алын" ескер.
— Рақмет, аға. — Балта қоржындағы су жаңа киімдерді суырып алып кереуетінің үстіне жайып салды да, "мынау қайдан келген?" дейтін сұраулы пішінін Вася атайына тоса қойды.
— Күн суық, жаңбыр сіркіреп... Жер лайсаң, қалың табан туфли кимесе... Бол, Балта! Тезірек киін, балам. — Қарияның қипақтаған түрі: "Киімнің қайдан келгенін сезіп тұрсың ғой өзің де, мені несіне тергейсіңін білдіріп еді. Аурухананың жұқа пижамасын үн-түнсіз шеше бастады. Содан асықпай түгел жаңа киімдерді киюге кірісті.
"Размерімді қайдан білді екен?"
Жейде — жылы, жұмсақ. Фасоны бөлек шет елдікі. Қағаздары жоқ. Ішкі жапсырмасынан "Нидерланды" дегенді оқыды. Костюм ақ жолағы сәл білінген шымқай қара. Жүз проценті де жүн. Финляндияныкі. Ақ сарғылт жеңіл каучук табанды ағылшын туфли. Туфли ішіндегі шұлықтар да — бұрын бұл өмірі көрмеген өзгеше шұлықтар. Астары жалт-жұлт атласты қара-қоңыр плащ та өзіне құйып қойғандай жараса кетті. Балта енді етегі қысқа қоңыр велюр шляпаны төбесіне төңкергенде, манадан бұның киінгеніне қарап жатқан палаталастары тағы шуылдады.
— Балта! Ну, Балта! Қандай көркем жігіт едің!
— Нағыз артист!
— Ален Делон!
— Министр! Министрлерінде дәл мынадай сымбат пен көрік болмайды.
— Ханзада да дәл сендей болмас!
Василий Сергеевич те қызыға қарап қалыпты. Іштей: "адам көркі — шүберек" дейтін қазақ мақалына қатты ден қойғаны осы шығар.
Майсара кірді. Майсара дем арасында өзгеріп шыға келген Балтаны көзімен ішіп-жеп барады. Шыдамай жетіп барды. Қолымен қолынан ұстады.
— Болдың ба?
— Ия... Қағаздар дайын ба екен?
— Алдым. Мөрін де бастырып келдім.
Мақсұтбек ағай кеудесін көтерді.
— Шырақтарым, бұрын көрмесем де бүгін қимасыма айналдыңдар. Ақылгөйсініп кетті демессіңдер мендей жаман ағаларыңды. Бірінді біріңе құдайтағала сай етіп жаратқан екен. Анау-мынауды қойып, уақыт оздырмай, ЗАГС-тен бір-ақ шығындар осы бойда. Бас екеу болмай мал екеу болмайды. Дәм-тұздарың жарассын қарақтарым! — Ырым етті ме, өзінің ағалық көңіл күйін батамен бекіткісі келді ме, екі алақанын түйістіріп бетін сипады.
— Рахмет, інім! Айтқаның келсін! — деп Вася атай Мақсұтбекке басын сәл иді.
— Тез жазылып шығыңыздар, — деді даусы булыққан әрқайыссын көзімен жағалап өтіп.
— Сауығуларыңызға тілектеспін, — Майсара даусы сондай көңілді естілді.
— Аман-есен аяқтарыңызға мініңіздер, — деді атай.
Сұлап жатқандар мен бүгіліп отырғандар үнсіз бас изесті.
Тек Мақсұтбек қана:
— Е-е, біздікі... менікі күлге шөккен кәрі атанның халі ғой, — деді.
Бөлмеде көңілсіз тыныштық орнады.
Василий Сергеевич қара сумкаға Балтаның тумбочкасындағы ұсақ-түйек заттарын салып алып, есікке беттеді.
— Енді не тұрыс бар?
Соны күткендей әр бұрыштан үздік-создық тіл қатылды:
— Сау бол, Балта!
— Ендігәрі аурухананы көруші болма.
— Вася атай, келіп тұрыңыз.
— Майсаражан, мынау әкелі-балалы екеуді ренжітіп алма.
Василий Сергеевич Мақсұтбекке жалт қарады.
Көңілі бұзылып кетті ме, көздері жаспен бұлдырап ештеңе көре алған жоқ. Тек қана басын екі-үш изеп, ернін жыбырлатты.
— Көңіліне ырзамын, жігітім!
Арттарынан жабылған есік қимас туыстарын алып қалғандай үшеудің де көңілдерін жабырқатып, бір-бірімен сөйлеткізбей үнсіз жүргізіп келеді.
— Лифтімен түсеміз бе? — деп Вася атай үнсіздікті ұнатпай, Майсараға бұрылды.
— Балтаға жүру қиын болмаса... Ауырмай ма?
Балта жымиды. Жылыған жүздің мейірленген жанары екеуін шарпып өтті.
— Қайдағы ауырған!.. Ауырмайды. Атам мінбесе, маған лифтің қажеті емес.
— Ал, мен бүгін онда сенен де дыңдаймын, — деп Василий Сергеевич жадырады.
Кезекші әйел Балтаға біраз сұқтана қарады.
— Ой, балам, сен екенсің ғой ауырған. Сақайдың ба?
— Әбден.
— Тіфә-тіфә! Келіншегіңнен де әйбат екенсің. Ә- ә, бұл сіңліме де ұрғашыда адам жетпейді.
Майсараның сыңғыр күлкісі жаңғырып барып басылды. Әйел көңілденген келіншектің білегінен ұстап, жекелеп шығарып, сыбырға көшті.
— Сіңлім, әлгінде өкпелеп қалған жоқсың ба?
— Тәте-ау, неменеге өкпелейін. Қайта, сіз... мені кешіріңіз... Бір ағаттық жасап алғаным...
— Жә, оған бола қиналма. Менің қаныма сіңген әдетім ол. Бірде түйе, бірде бүие шығам. Оған мән берме. — Әйел қипақтай бастады. — Мен олай ойлап, былай ойлап... қолыңды бекер қақтым-ау деп...
— Жоқ! Жоқ! Мен оны ұмытып та кеттім.
— Ұмытпа! Кім көрінген қолыңды қағып, көңіліңді қалдыра берсе, не болғанын? Тегін жердің адамы емессің... — Әйел бөгелді. Соңғысын бекер айттым-ау деп абыржығаны бетіне қалқып шықты. — Көркіңе мінезің сай деуді айта алмай жатырмын, сіңлім. Адал ниетіңе шалалық еткен айыбымды түсіндім. Маған бір сом бере ғой. Мен де, сен де бүгін тыныш ұйықтаймыз сонда ғана.
Майсара қайта-қайта бас изеді. Қол сумкасын ашып ойлай қарады, былай қарады. Жүзі бір қызарды, бір бозарды. Ақыры үш сомдықты екі саусағының ұшымен іліп алды.
— Бір сомдық жоқ екен...
— Жрайды. Көңілің қалмасын. — Әйел ақшаны алап омырауына сүңгітіп жіберді. — Анау жігітіңнен айрылып қалма, сіңлім. Жан біткеннің келбеттісі екен. Қарап тұрған еркекке қыз артылатын заман туды ғой.
Ауылға шыққандары сол еді, Сергей мен Қадірбек балтаны екі жақтан бас салды. Таласа құшақтап, таласа жұлқылап жатыр.
— Ну,шеф! Ремонт қалай өтті?
— Ойдағыдай, Сережа, ойдағыдай!
Бізде "Наташаны" бұрынғысынан да сәндендіріп жібердік. Балта Мұқатович, тура бар ғой танымай қаласыз — деген Сережа қалғандарды енді байқады. — Кешіріңіз, Василий Сергеевич, сәламатпысыз, Майсара Тілеуғариновна, сізге де Қадир ибн Бек екеумізден холостяцкий привет. Шефты сағынғанымыз сондай... ну оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны тек анда-сана ғана сайрап кететін мына менің аса мәртебелі құрдасым әрі биік дәрежелі досым Бек оғлан Қадири жеткізе алар еді. Увы, увы, увы! Ол үшін сыр сандықты сыңғыратып ашатын сиқырлы кілт керек. Ол кілттің түр-түсін, белгі-бедерін бұл ұлұғ қасиетті уа дархан құрметті мырза әзір маған көрсетпей жүр. Сондықтан, Балта Мұқатович, өзіңізді тағы бір құшпай, мауқым басылмайды.
Сергей Балтаны қаусыра құшақтап төсін төсіне тигізе қысқанда, ту сыртындағы Қадірбектің алақаны жауырынынан сипалады.
Құшағын жазған Сергейдің жүзі құбылып кетті.
— Ауыртқан жоқпын ба?! Ауырған жоқ па?
Балта ақ тістерін жарқырата күлді.
— Неге ауырсын... Онда тек жамау ғана бар, — деп тұрды да, зілсіз қалжыңдады. — Соншама сағынғанда есіктен төбеңді бір көрсетпедің ғой, Сережа.
Сережа кеудесін жұдырығымен түйіп-түйіп жіберді.
Мынау Қадірбектен сұраңыз. Күнара жұмыстан шыға осы арадан табылып жүрдік. Одан не пайда. Aнау есік аузындағы — Сережанын қолдары сөйлеп кетті — Анаусы анандай, мынаусы мынандай бөлек-бөлеҚ салақ-салақ привратнидадан өтіп көріңіз. Азуы сақылдаған нағыз Цербер! Әйтпесе... — Сергей қолын ызалана сермеп қалғанда Вася атай да, Балта да, Майсара да қарқ-қарқ күліп, кенеліп қалды.
— Білем, білем ғой сендерді! Мен де өздеріңді қатты сағындым. Сережа, такси ұста.
— Таксиды қайтеміз. Әне машинамыз манадан күтіп тұр! — деп Сергей ақ "Волгаға" иек қақты.
— Оны қайдан алдыңдар?
— Пәле, Балта Мұқатович, сол да сөз боп па! Қадири ибн Бек... ә-ә, бізді осал санайсыз ба? Шефты ауруханадан шыққанда қайдағы таксимен апаруға бола ма.
Балта сөз ыңғайынан машинаның Қадірбектің әкесі мініп жүрген көлік екенін түсіне қойды.
Әне-міне дегенше жетіп келді.
"Қайда кіреді?"
Майсараны осы ой билеп алғаны сондай, тілі күрмеліп жақ жазуға шамасы жоқ.
Балта подъезде қонақтарына жол көрсетіп ілгері озды. Вася ағайдың пәтерінің есігінің алдына тоқтады да, қалтасына қол салып, күліп жіберді.
— Кілтім бар екен деп...
Бәрі дуылдаса кіріп бөлмені толтырып жіберді.
Майсара да дереу ширады. Белгісіздіктің асуынан бір өтіп алған соң бәрі ыңғайланып жүре береді екен. Газға шай қойып, пәтерінен арақ-шарап, тағамдарын тасып, Сережа екеуі стол үстін жайнатып жіберді.
Вася атайдың қуыс үйінде күлкі төгіліп, ән айтылды. Төріне қуаныш қонақ болды.
Түннің бір мезгілінде Майсара мен Балта екі жас жігітті аялдамаға дейін шығарып салды.
Майсара Балтаның қолтығынан қолын өткізіп, иығына иығын тигізе жанасып келеді.
Сонау ауруханадағы алғашқы күнгі сүйістен кейін бір-бірімен дәл ондай аймаласуға бара қоймаған екеу дәл қазір жұлдызы сирек суық түндегі жақындықты сезгенде не істерін білмей дағдарысқа түсті. Күйіп-жану бар да, күдікпен қысылу бар екен. Күдігі күйіп-жануға жібермесе, күйіп-жанған сезімге әлдебір күдік бу себелеп әлек. Иін тіресе қозғалған екеуінің аймаласа қалуына бөгет боп келе жатқан да осынау бір түсініксіз күдік. Ол күдіктің төркіні қандай? Нәр алатын бастауы ше? Мөлшер аумағы қанша? Сейілер ме, әлде ұлғайып өршір ме? Бәрі-бәрі тағы да екеуіне байланысты.
Екінші қабатқа көтерілгенде екеуі сәл іркілді. Дір еткен дененің қимылы бүйірін танкпен соққандай сезінген Балта күліп ала жөнелді. Осы жарқын күлкі күні бойғы күдікті таяқтап қуып тастады. Майсара бір-ақ асылып, мойнына оралды. Жұмсақ ерін ерінге қадалды. Бүкіл тұлабойдағы дуылдай тасыған ыстық қанның бар аңсауы, бар сағынышы, бар құштары жұмсақ тәтті еріндердің қимылына көшті. Дірілдеген дененің бұлтиған қос өркеші төсіне тигенде Балтаның өнебойы жылы-ы-ып, ысы-ып сала берді.
Майсара есігін тіпті кілттемепті де, қолымен итеріп қап ашты да, құшақтасқан күйі екеуі табалдырықтан бірге аттады.
Есік жабылды ма, жабылмады ма есінде жоқ. Білетіні: жатын бөлмеге ертіп әкелген Майсараның шығып кеткені. Екі кісілік атшаптырым әсем ағаш кереуеттің бас жағындағы торшердің көкала шұғыла шашып тұрғаны. Білетіні: ұзақ, ұз-а-ақ шешінгені. Неліктен неге шешініп жатқаны қаперіне кірген емес. Әйтеуір көгілдір шұғылалы көгілдір жібек жамылғылы, көгілдір шілтерлі, көгілдір перделі бөлменің жатуға, демалуға ыңғайлылығы себеп болды ма, әлде түйсігіндегі әлдебір басқару тетігі сол сәттегі жағдайға үйлестірілді ме, ұзақ шешінді. Білгені: көгілдір жайманы, аяқ жақтағы креслоның үстіне серпіп тастап, ақ төсектің айдынына сүңгігені. Білгені: дуылдаған қанның шекеде соққылаған дүрс-дүрс томпақтауымен ваннада жүріп алған Майсараны шыдамсыздана тосқаны. Білгені: “ Ұзақ таңға ер жігіт қайтып шыдар, сары майдай толықсып қыз жатқанда" деген ән жолдарының үзік-үзік миында жаңғырғаны. "Сары майдай толықсыған қайда сол қыз? Неге келмейді? Неге сарылтады?" Өлең жолдарын дүркірете айдап шыққан осы шыдамсыз сұрақтар ми шабақтады. Білгені: аласұрған жүректің дүрсілінен қуат алған ыстық қанның ерекше тасқындауы, тынымсыз жүйткуі.
Білгені: Ақ торғын, әлде ақ жібек әлде ақ шілтер әйтеуір ақ халаты аяғына шұбатылған аппақ, аппақ. Майсараның кіріп келгені! Одан арғыны білген жоқ, одан арғыны тек көңілінде жаттап қалған. Ақ үлбірек матадан аппақ, аппақ тән жарқыраған. Өрекпіген кеуденің бүкіл қызулы аңсарымен атып тұрған Балта әлгі халатты Майсараның иығынан сыпырып жібергенде, сыпы-ры-ып жібергенде: Венера Милосская немесе сұлулық тәңірісінің ақ мрамордан сүйіспеншілікпен қашаған мүсініне кездескен. Кездескен де кілт қалшиып, әлгі мүсіннің құлын денесіне: аққу мойнына жұп-жұмыр иығына, тып-тығыз қос томпақ төсіне, терісі босаңдау қарныңа, топ-толық мықындарына... толық санына кідіріп-кідіріп көз қандырған...
Майсараның ақ білегі көтеріліп еді, көгілдір шуақ өшті де кетті. Аппақ мүсін де, сол аппақ мәрмөр мүсіннің бір де бір әттең-ай дегізерлік кемшілігі жоқ мүшелері де жоғалып-жоғалып кетті де, Балтаның құшағына құлаған жалаңаш дененің алаулы отымен... өртімен қайта сезілді.
... Көзін ашып алғанда Балтаның ең алдымен көргені құшағында жатқан Майсараның жалаңаш иығы, иықты көмкерген қарақоңыр шашы. Ботакөздері жұмулы екен.
Түндегі тасқын әсердің бірі де жоқ. Түндегі құмарту, алқыну, өліп-өшу көрген түстей, ендігі сананың шабуылы өкініш қана туғызғандай, мұны кінәлі санап, жауап алғандай. Бойдағы, қиялдағы асау желік сап тиылған соң, бүкіл дене былқ-сылқ босап, қаны ұйып, зілбатпан ауыр тартып қалыпты. Ештеңеге зауықсыз. Жан күйзелтер енжарлықтың уысына түсіп бара жатқаның үрейлене пайымдады.
"Апыр-ау! Қиялдаған махаббат ләззаты осы ғана ма? Бар болғаны бір-ақ түнде күйдіріп жандырып, артынша-ақ күлге айналдырып құлазытып өте шыққаны ма? Қалайша болғаны сонда бұның өзінің? Әлде махаббат құдіретінің екеуара өтетін алғашқы оңаша түннің қойнындағы ентігіспен тәмамдалғаны ма? Онда несіне асыққанбыз. Алыстан көріп қана, құмартып неге жүре бермегенбіз".
Балта осындай түсініксіз таңдану мен дағдарудың арасында біраз жатты. Қолы жеткеніне қуанудан гөрі өкініші басымдау жұмбақ халден арыла алмаған соң, кеудесін көтеріп маужырап ұйықтап жатқан Майсараның жүзіне ұзақ үңілді. Ақ маңдай, ақша маңдай піл піл сүйегіндей әжім-сызығы білінбейді. Сол ақша маңдайдан тік тартылған әппақ сызық қарақоңыр қою шашты қақ айырған. Кірпіктері әрі ұзын, әрі қою, әрі қайқы. Қасы жіп-жіңішке, доғаланып иілген нағыз ертегідегі хор қызына бітер қиғаш қас. Бота көздер жұмулы. Қыр мұрыны хас шебердің қолымен орнатқандай. Қызыл ерін бүріле жымдасып, сәл леп-дем шығарып жатыр.
"Дәмді-ау, құрғыр! Елгезек те сезімтал-ау!"
Балта жұмсақ еріндерге еңкейіп барып, басын көтеріп алды.
"Әдемі! Бет ажарында кіршік жоқ, кілтипан жоқ". Құмарта төніп тұрды да орнынан көтерілді. Майсара сезген жоқ. Майсараның халатын иығына желең жамылып, дәлізге шықты. Ас үйге кіріп тоңазытқыштан "Боржоми" алып ішті. Шөлдегенін сонда білді. Жан-жағына көз салды. Аяздатқыш сырылдап назарын аударды. "Әй, жалғыз өзі ғана. Мынау қымбат мүлікті қайдан алады?"
Кеудедегі кешегі күдігі қайта тірілді. Тірілді дегенше-ақ, аюдай тырнақтарын арбитып, қадасын кеп, қадасын кеп. Көкірегіне тырнақ қадалған жан қалай төзсін, Балтадан береке қашты. Тұс-тұстан дұшпан-ойлар аңдыздады.
"Нем бар? Әу, сүйем ғой оны. Сүйсем, неге кінәрат іздеймін? Неге исінбеймін? Ол анда айра-жайра жатыр. Мен мұңда шоқиып отырмын. Неге отырмын. Не бітіріп отырмын. Алғашқы неке түні емес пе? Атаңның басы неке түні! Қашан, қай жерде некелеріңді қиғызып едіңдер?
Сондай сұлу, бірақ сондай алыс. Ынтығуымның бар жеткен жері — жалғыз-ақ түннің еншісінде кеткені ме? Неге секемдене берем? Мүмкін қызметі мығым шығар? Айлығы көп шығар? Жақсы пәтерде жақсы тұрмыс кешсе, несі айып оның. Бірақ іш неге иланбайды? Неге сезіктене береді?"
Балта орнынан тұрып, асүйге жақын есікке бас сұқты. Кең зал бөлмесі екен. Бөлме емес — мебелі мен кілем дүкені дерсің. Биік тұтас жылтырауық сервант-шкаф бүкіл бір қабырғаны алып тұр. Сервант толы сервиз. Паркет еден (әу, осы бөлмемен қабырғалас Василий Сергеевичтің пәтерінде жай ағаш еден емес пе?). Паркет еденге кілем төсеп тастапты. Төбеден салпыншағы мол чех люстрасы салбырайды. Түрлі түсті жапон телевизоры, жапон магнитофоны.
"Міне, байлық қайда! Әу, институт бітіргеніне көм болса үш-төрт-ақ жыл. Мынаның бәрін сонда қай жалақысымен алып жүр?"
Кеудеге енді басқа күдік ұрандатып енді. Сол-ақ екен жүрегіне әлде тікен қадалғандай, әлде пышақ салғандай шаншып ала жөнелді.
"Сонда... сонда Майсара еркектермен... басқа қалтасы қалың еркектермен ермек құрып... Әй, ылжырамай, ермегі болып, қуыршағына айналып мынау жарқыраған, жалтыраған дүние-мүлікті арын жалдап табады демеймісің!"
Бұйыққан қан қайта өрекпіді. Басқа шапшып, шекеде ұрғылады. Қарауытқан көздер бұлдырап, тістер шақыр-шұқыр егелді.
Сарт-сұрт балталағысы келді. Сатыр-сұтыр уатқысы келді. Мынау алдамшы тірліктің алданыш мүлкін қиратса, бәр-бәрін тазартып алардай көрді. Майсараны жаңартардай сезді.
Асықты. "Тағы бір бөлме бар емес пе? Онда не бар екен? Мүмкін қиратуды сол жерден бастаған дұрыс болар". Адымдап екінші бөлмеге кіріп келді. Кіріп келді де, аңтарылып тұрып қалды. Кеудеде ширыққан ашу да, өрекпіген қан да сап тыйылды.
Балтаны жуасытқан... Балта еді. Өзі еді. Өзінің қарсы алдында күлімдеп тұрған үлкен портреті еді.
"Майсарам! Майсарам менің!"
Тереңнен ризашылық сезім оянды. Сәл нәрседен үркіп, сәл нәрседен нәр алып, тасып-төгіліп, не тартылыл-суалып тұратын адам көңілінің табиғатын кім егжей-тегжейлі ашып салып еді? Кім адам болмысының құпиясын ақтарып тастап еді? Балтаның кеудесінде оянған сезім анау алтын жалатқан әсем рамадағы қараған сайын енді Майсараға деген құмарту, аңсау, құштарлану сезіміне ауысып, бойын ду-ду қыздырды.
"Сонау күндері... мен балконнан кистіні алатында салған екен-ау! Көрмей, қарамай өз ойынан салған. Қалай дәл келтірген! Бұ да мендей іздеген, аласұрған екен-ау. Мынау соның айғағы ғой! Майсарам!"
Майсараның келесі бөлмеде жатқаны есіне енді ғана түскендей жалт берді. Иықтан сыпырылып түскен халатқа да қараған жоқ, жалаңаш денесі ағараңдап жатын бөлмеге кіріп келіп, ақ кереуетте аппақ сазаңдай керіліп жатқан келіншекке сәл-сәл ғана құмарта, қызыға тамсана қарап тұрды да, бүкіл денесін қалшылдатқан асау желікті аңсар буымен қомағайлана төсекке бір-ақ атылды.
Жалаңаш денесімен етпеттей құлап, жалаңаш тәнді жауып қалғанда, Майсара шошып оянды. Өң мен түстің арасында, есін жия алмай құп-қу боп көзін кең ашып қолдарымен әлсіз қарсылық жасаған болып еді, Балтаның ештеңені елемес дәл қазіргі ашқарақ күйі тыңдайтын емес. Қайта бауырындағы салқын да жұмсақ дененің тыпырлай қарсыласуы ішкі желікті одан сайын ереуілдете қоздырып, жігітті қалшылдатып әкетіп барады. Құп-қу жүздің бүкіл-бүкіл жерін — қасын, қабағын, көзін маңдайын сүйіп-сүйіп өткен еріндері бір кез жұмсақ қызыл ерінге қадала жабысты. Қызусыз, жалынсыз жатқан денеге әлгі еріннен ток жүргендей, қан тарағандай, шоқ түскендей... Майсара ес жиды. Сол сәтте өз бойында лап етіп тұтанған алау жалынмен демде күйіп-жанып аяқ-қолдарымен Балтаның селкілдеген шымыр денесін жыланша оратылып, сығымдап қысып алды. Кең кереуеттің үстіне ыстық шоқ шашып тастағандай. Сол шоқтар екі кеудеде лапылдаған алауға айналып, ыстық еріндер бір-біріне айрылмай жабысып, термен шыланған шаштар беттерін жауып кетті. Төске төс тигенде қос томпақты кирелеңдей умаждаған кеуденің қимылы, шірене тіренген қос тізенің серпіні ағаш кереуетті, ағаш еденді, ағашы мол бөлмені "әндетіп", "сайратып" мынау махаббат күйінің некесіз-ақ жарасқан қос тілектің қызулы шарпуымен шертілгенін куәландырып жатыр.
...Екеуі де қатты шаршапты. Майсара Балтаның иығына басын салып, дүрс-дүрс атқылаған жүрек соғуын байыпты ырзалықпен тыңдап, жайдары рахат тыныштыққа бөкті.
"Бақыт деген осы-ay! Қандай жақсы еді өмір! Бүкіл армандаған нәрсең... орындалған тәрізді! Қой, қой, Майсара, күпірлік жасама. Кесірлік танытпа... Қуанғаннан айтам да".
Бота көзден мөлт-мөлт жас ақты. Мөлт-мөлт сорғалап, жігіт кеудесін тырс-тырс ұрғылады. Балта шошып кетті.
— Неге жыладың, Майя!
Оң қолымен қапсыра құшақтап, жұмыр иықты алақанымен қыса келіншектің бетін бұрды.
— Қуанғаннан, шаттанғаннан жылаймын. Әйел халқы — көңілі тез босағыш, жылауық халық қой, Балташ. Осы күнді сондай аңсаушы ем... Қиялдаушы ем. Енді, міне. Өзің қасымдасың. Ойлағанымнан да, күткенімнен де асып түстің.
— Неммен... Қалай?
— Жанымды түсіндің... Жағдайымды түсіндің. Дәл бүгінгідей сәтте әрі керексіз, әрі пайдасыз сұрақтарды қойған жоқсың. Соныңа сүйіндім. Оған қайтарар алғысым мен құрметімді сөзбен жеткізе алмасымды білгенде, дымым құриды. Бірақ өзіңе сендім, Балта. Ғұмыр бойы енді тек бір өзің... бір өзің ғана әміршім... жаным мен тәнім әміршісі боларсың.
Көңілдегі тікендей бір түйткіл тырнап қап, қадалып қап мазалап тұрушы еді, Майсараның мына ашылуы, ақтарылуы әлгі тікенді кеудесінен жұлып тастады. Жұлып тастады да сүйген көңілдің ұялшақ мұңымен, әйелдің өткенінен бет басып, өзін өзі жерлер, өзінен өзі жиренер нәзік жанының бір ғана ие іздер, соған тәңірдей табынар жанкештілігіне тәнті болды. Өзі ше? Еркектер ше? Өткен күндер еншісінде қалған айып-күнәларынан қуыстанар ма? Сонысынан жиіркеніп, арына жүгініп, кінәсін мойындап, келешек күндер аясына әйелдерше тазарып, сауығып аттауға ұмтылар ма? Әй, қайдам! Қайта қаншама ұрғашыны осындай жан талқысының қысымына салғанын өздеріне мәртебе санап сол өзімшіл қылығын өзгеге мақтан ғып езеуреп отыратының қайтерсің. Ал, мынау Майсара... Көз жасымен бұған дейінгі күнә-жалаларын біржола ақтарып тастамақ. Көз жасымен айыбын азабымен ұғынған жүректің кешірім өтінген жалынымен білдірді. Көз жасымен болашағынан күткен сенімі мен үмітіне деген әйел жанының ырзалығын танытады.
Майсарам! Майя! Қандай жақсы едің! Қандай адал едің! Саған енді қандай өкпе артармын. Айта алармын ба! Дәл мынау адалдықпен қол-аяғымды тұсап тастадың. Еркімде, жүрегім де, жаным да сенде... өзіңде болар. Мені әміршім десең, сен менің бұдан былайғы періштем бол, қорғаушым бол! Табынарым бол Майсара!
— Жоқ! Жоқ! Мен ондай емеспін... Мен, менен періште шықпайды. — Майсара солқылдап бетін иыққа төсей тұншыға жылады.
Ішкі құрсау босаған сайын солқылдауы азайып, біраздан соң Майсара әбден тыншыды.
— Жыламайсың ғой енді! — Балта екі алақанымен Майсараның ың екі шекесінен уыстай ұстап бетін көтерді. Бота көздері қуана күліп тұр екен. Көздің қуана күлгенін рет көріп еді, жадырай исінді. Уысыңдағы бетті ерніне тақап әкеп, әлгі күліп тұрған, қуанып тұрған көздерге кезек-кезек қадала сүйді. — Жылама енді, жарай ма?
— Жарайды. — Майсара уыстан босаған күйі екі қолымен Балтаның екі иығынан шірене итеріп басын шалқайта кеудесін көтергенде, шай кесенің аумағындай қос анары шыбыштың желініндей салбырап-салбырап тұра қалды. Қатты елтіген Балта мойнын үзердей жұлқына созып, әлгі салбыраған екі желіннің арасына тұмсығын көме сұғып жіберіп, ақ төстің таңсық иісін құныға сіңірді.
— Қыты-ғым! — Майсара сылқ-сылқ күлді. Сылқ-сылқ күлгенде буындары босады ма, кеудесімен Балтаның бет-аузын тұншықтыра жаба құлады. Құшақтар тағы айқасты. Денелер, жалаңаш денелер тағы жабысты. Төсектің кеңдігі қандай жақсы. Жалаңаш аяқтардың серпініне төтеп беріп, дөңгелегі болса зымырап кетердей ырғақты қозғалыс тапқан.
... Қимылдауға дәрмені жоқ Майсара талықсып жатыр. Күнделікті қалжыратқан ой мен күдіктің бірі де жоқ. Бар ынтызары: қазір тұрып барып, ана жақтағы ас үйде әлденені көңірсіту. Сол көңірсітіп пісірген тағамын мына әміршісі, мына падишасы, мына (қосағы... әй қосағы болды ма? тәні мен жанын аялаушысының алдына көлденең тарту.
Ой — жүрдек күдік — болжамсыз. Ой қылаң бергенде, ұрымталдан ұры күдік сойыл сілтейді. Майсара тағы да ой иіріміне сүңгіді.
"Қосақ, жар"... "Қосақ" екеу қосылды, қос тағдыр қосақталды дегеннен шықса, біздің тағдырлар қосақталды ма екен? "Бәрін ұмыт, өткенді ұмыт, алдан ғана жақсылық тілейік" дегенді мегзеді Балта. Бірақ өткен ұмытылар ма? Айналып, аттандатып алдымыздан шығып тұрса ше? Қызғаныш оты күл астындағы қоз тәрізді не сөнбес, не лапылдамас түссіз шоқ емес пе. Кеудесіне бір кірсе, күйдіріп, қарып, жүрек берекесін алып бітпей ме? Ондайда Балта шыдар ма? Шыдамаса, мен не істеймін? Балтасыз ғұмырдың бір күні жылға айналмай ма? Әлде өткен түн екеумізді шын қосты ма екен? Тағдырымызды ажырамастай шырмады ма екен? Дәл осындай еміренуді, елжіреуді, елжіретуді бұрын көрмеп, сезбеп едім ғой. Онда да, әрине, ыстық-ыстық сүйіс болатын. Аймаласу, айқаласу болатын. Бірақ жан рахаты сезілуші ме еді? Жүрек лүпілі қан тасытушы ма еді? Бүкіл ғұмырыңды пида етіп, мынау жігіттің жолына басынды тігердей түгел ашылған, түгел ақтарылған шынайы пейіл болушы ма еді? "Жеттім, көрдім, сезіндім!" дейтін тәубашыл ырзалықты кеудемнен тапсам да, сол тәтті ләззаттың ыстық толқының қайта-қайта кешсем, қайта-қайта кездессем дейтін түпсіз тілек ой-бойымды баурап алғаны қалай? Саусақ іліккенде уысқа түспей кететін жерік асы сияқты көзден бір-бір ұша ма әлде? Солай болатыңдай үрейшіл сезік ішімді әлден-ақ кернеп бара жатқаны қалай?"
— Майым, неге үндемей қалдың?
Майсара бүйіріне аунап, Балтаға жабыса жатты.
Еркек исінің дәл осындай қасиетін бұрын неге сезбегеніне таң. Ол иіс — қандай иіс, оны қазір ажыратып әуре болмайды. Әйтеуір осы иістің танауына бүкіл жұпар мен әтірден артық тиетінін түйсінеді.
Балтаның тер шылаған шашы бұйралана ширатылып құлағын, маңдайын жауып кетіпті. Көзі елжірете алмайды.
— Неге үндемейсің?..
— Не айтам Балташ. Ештеңені айтпа деген өзің. Мен сенің жүрегіңнің дүрсілін тыңдадым. Қан соғуын сездім. Солармен үнсіз тілдестім. He айтайын, Балташ? Өгейсіткен өксігімді... өткен кезді айтайын ба?
— Сенің даусыңды сағындым... — дей берді де, оқыс бұрылды. — Не дедің?! Өткенді еске түсірме демеп пе |ем. Ол жоқ енді. Олар тас қабырға, темір қақпа тасасында қалған. Біз ақ қағазға таза беттен, ғұмыр жолының жаңа сүрлеуін салдық. Екеуміз салдық. Ол сүрлеуге өткеннің өксігін, арамын, қоқсығын, лай-батпағын жолатпаймыз! Жолатпауға тиіспіз, Майсара. Мен өткендегің үшін жазғырмаймын сені, Майсара. Біз мына жаңа сүрлеудің ендігісіне кір жұққызбасақ, дақ салмасақ болғаны. Оған сен жауаптысың! Оған мен жауаптымын!
Майсара Балтаның қолтығына тығыла түсіп, бүрісіп барады. Мынау қолтық, мынау кеуде, мынау кеуде ішіндегі азамат уәдесі ендігі тірлігінің берекесі, қорғаны, тірегі екен. Сақтай алса, ұстай алса, қадірлей білсе бастағы бақ, іштегі бақыт ұзағынан, ұза-ғы-нан сүйіндірер еді-ау.
"Қой, бұ жатысым не? Тамақ істейін".
Орнынан тұра беріп, қайта еңкейді.
— Әрі қарашы, Балта!.. Киінейін деп едім...
Балта миығынан күлді. Келісті де теріс айналды.
"Мұнен ұялады, ә! Ұялғаны жақсы... жақсы-ақ! Әйтпесе... Ұят бар жерде сыйласу жүреді. Ұялғаны жөн екен. Мен ше?.. Әй, бұрын-соңды жасамаған қылық жасадым. Түк көрмегендей құтырынып... Әу, мен оны сүйем ғой... сүйем. Маған Майсараның күлгені де ұнайды, жылағаны да ұнайды".
YШІНШІ ТАРАУ
1
Бектемір Қобландыны көндіре алмай мысы құрыды. Енді әйеліне жапақ-жапақ қарап: "Әй, сен де бірдеме айтсаңшы!" дейтінін үнсіз білдірді.
— Бектемір-ай, осы сенің кейде бостан босқа қырсығып қалатын мінезің-ай! — деп Айғанша кейіді. — Қыз емес кірген-шыққанын аңдитын. Соқталдай жігітті қашанғы үйде қаңтарып ұстайсың. Әне, мұрты қияқтанып, бойы өзіңнен басып озды. Енді біреуді ертіп келіп, қолыма келін ғып түсіріп берсе, одан өзгені қайтем.
— Түу-түу-түу, ақылы қысқа шіркін! Мен бала деп өбектеп отырғандай... Мен Қобландыжаннан анды қызғанады деп пең. Әрине, даланың тағысы десек те, бүгінде киік байғұсқа да күн жоқ. Төрт аяқтыдан гөрі екі аяқты бөрісі көбейіп тұр ғой.
Бектемір лажы құрып босағаға сылқ етіп отыра кетті. Қобланды көкесінің бүгінгідей мойығаның көрмеп еді, жүрегі шым етіп, түзелді.
— Көке, есік алдында отырғаныңыз не?
— Балам-ау, есігі не, төрі не. Аяғым былғаныш болған соң...
Көз қиығы баласынан айрылмайды.
Қобланды тіксінді. "Арақ ішкеннен сау ма? Татып алмаушы еді ғой. Соншама неге жалынды. Аңға шыққанымды жақтырмай отыр. Бұрын ондайы жоқ еді. Қайда бардың, қайдан келдің демейтін. Тұрған аға қандай азамат кісі! Өзі баяңдама жасамақ. Колхозшыларға кішігірім той жасап бермек... Әрине, аңшылықтың өз желігі бар. Құтырынып қызынып кеткеніңді байқамай қаласың. Бірақ, жазықсыз жануарды босқа қыра беретін браконьер емеспіз ғой. Тұрған ағаның аң аулауға рұхсат етілген лицензия қағазы бар.
Ал, көкем... Көкеме тап бүгін бірдеме көрінген. Мына отырысы не жетім баладай мөлиіп. Тіпті менен көзін айырмайды. Неге сонша қадалды екен? Адамға ыңғайсыз болатынын сезбей ме. Өзіне біреу дәл осылай қадалып қараса, қайтер еді?"
іш болса, етігіңізді шешіңіз. Қане,
— Көке, бәрібір мына отырысыңыз ұнамайды. Аяғыңыз былғаныш болса, етігіңізді шешіңіз. Қане, тартып жіберейін.
— Жоқ, жоқ! Қобланжан, қолыңды былғама. Қазір сыртқа шығам. Сонымен барасың ғой?
— Ия. Тұрған ағаға уәде беріп қойғам.
— Айғанша, анау сиыр неге өкіріп-бақырып кетті. Шықшы, баршы!
— Ол неменеге өкіріп-бақырады? Мен түк естісем бұйырмасын, — деп көпірте жаққан сабынды қасына еденге қойып, әйелі астаудағы кірін салдырлатып жуып ала жөнелді.
— Беу, Айғанша! Буынып өліп бара ма, отырып алдың ғой.
Айғанша күйеуіне жақтырмай қарап, ернін сылп еткізді. Бірақ сөзін екі еткен жоқ. Қолын алжапқышына сүртіп, алақанының сыртын шоңданайына төсеп ұйыңқырап қалған аяғын ақсай басып шығып кетті.
Қобланды жол қапшығын толтырып, енді салмақтай ұстап тұрған, әкесі даусын кенеді.
— Қобланжан... — қырылдаған үні көмейінде булықты.
— О не, көке? — Қобланды түгел денесімен бұрылды.
— Қобланжан, сен анау Мақанның шикілігін білетініңді біреу-міреуге айтпап педің? — Жай сұрау емес әкесін қатты қобалжытқан сұрау екенін қаны қашқан өңінен анық таныды.
— Жоқ! Тек Тұрған ағаға шет жағасын жеткізгем.
— Тұрған біртоға, дұрыс адам. Оған сенуге болады. Бірақ "адам аласы іште" деп... Сырттан келген, сырын м.і қойған жоқпыз... — Бектемір еденге алақаның тіреп, орнынан түрегелді. Қазір ғана жаны жайланғандай жүзіне қан жүгірді. Баласына иықтаса жанасты. — Шынында бойың біраз бар екен, Қобланжан.
Шешеңнің сүйінгеніндей екенсің. Келін түсіріп берсең... Әлгіні... Мақан хақысында тісіңнен еш адамға шығарушы болма. Сақ бол, балам.
Қобланды ақ тістерін көрсете ақсия күлді. Күлген ұлының бір кездегі бүлдіршін пішіні қайталанып Бектемірдің көз алдына елестеп тұра қалды. Күн иісі сіңген кекілден емірене сүюді ұнатушы еді. Сол әдеті ұстап кетті ме, Қобландының басын төбеден басқан алақанымен иіп әкеліп, маңдайынан ұзақ иіскеп сүйді.
— Әу, көке-ау, мені бүгін көргендей... — Қобланды ыңғайсыздана сәл бұлқынды. Бірақ ол да әке ернін сағынған ба, шіміркенген денесінің ысып ала жөнелгенін сезді. Сезді де, әкесін құшақтай алды. — Көке!..
— Бар! Бар енді, балам! — Бектемір қолын босатып, ұлының иығынан жайлап итерді. — Жолың болсын. Қанжығаларың майлансын!
Осы кезде сырттан тасыр-тұсыр еткізіп Алпамыс тентек кіріп келді. Еркелеп ағасының мойнына асылды да, қыңқылға басты:
— Ағатай! Мені де ала кетіпі! Ала кетіпі, ағатай! Иә, ма? Ертіп кетесің бе?
Бектемір Алпамыстың ту сыртынан өзіне тартты.
— Болмайды, балам! Сен әлі кішкентайсың. Аң аулаған адам алысқа кетеді. Күндіз-түні жүреді. Шаршайды, шөлдейді. Оның үстіне мылтық атылады...Байқаусызда... — кілт үні өшті. Күн ұзын кеудесін кернеп, жанын мүжіген бар күдігі осы тарс-тұрс атылатын көп мылтықтың байқаусыз оқталуы еді адамға. Қай адамға, қалай, кім сөйтеді — онда жұмыс жоқ.
Алпамыс қыңқылдағаның қойса бала бола ма, әрі ерке тентек атана ма, әкесінің құшағында аяқ-қолы тырбаңдап жатыр.
— Иә саған кішкентай! Кеше Асқардың үйінен қара кетпенді әкел деп жұмсағанда мені үлкен болды дегенсің. Мен үлкенмін. Иә, ағатай, мен үлкенмін, ә. Әнеукүні маған Гүлбадан тәтей "Мишка косолапый" шоколад конфетін бергенде, "ой, Алпамыс, сен тіпті дөкей жігіт болыпсың" деді ғой.
Қобланды аяқ астынан жүдей қалды.
Әкесі мен інісінің дауы құлағына енер емес.
"Гүлбадан неге үйінен шықпай қойды? Әлде маған өкпеледі ме? Өкпелеткен жерім жоқ еді ғой".
Сырттан шелегін салдырлатып шешесі келді. Қобландыжан-ау, шықсаңшы! Аналар машинамен есік алдында күтіп тұр өзіңді.
Қобланды ойынан тез сергіді.
— Қазір, апа! Алпамыс, Әй, батыр, сен үлкен болдың. Енді еркелікті таста. Көкең жұмыстан шаршап келді. Ал сен мойнына мініп алыпсың. Аямаймысың көкеңдіді!
— Аяймын. Дәу болғанда көкемді өзім арқалап жүрем. Ал, сен мені ерткің келмейді. Асқардың ағасы Асқарды ылғи қасынан тастамайды. Ылғи кабинасына отырғызып алады. Ал, ағатай, сен мені тракторыңа екі-ақ мінгіздің. И то тогда, когда было грязно. До школы меня довез.
— Әй, Алпамыс, сен неге орысша сөйлеп кеттің. Біз сенімен қазақша сөйлесіп тұрмыз ғой. Әлде сен мына көкеңді, апаңды сыйламайсың ба? — деп Қобланды көтере берген қапшығын қайтадан жерге қойды. Қаладағы қазақ балаларының өз тілін білмей орысша сөйлейтіндерін көргенде қарны жаман ашатын. Енді байқаса, өз тілін ұмыттыруға балалар бақшасы-ақ қатты әсер етеді екен. Колхоздың балалар бақшасына барғалы осы Алпамыс қойыртпақтап сөйлейтін әдет тауып алды. "Дәл осы балабақша тәрбиесіндегі ана тілін үйрету мәселесін комсомол жиналысының кезекті бір отырысына салса болады екен" деген ой келді.
— Тамағың жеткілікті ме, балам?
— Жетеді, апа.
— Ал онда жолың болсын, құлыным. Балаға суық Айғанша жасамаған әдетін жасап, Қобландының екі бетінен қос алақанымен қысып ұстай алды да, төмен еңкейген ұлының маңдайынан қадалып сүйді. Бектемір теріс айналып кетті. "Екеуміз бірдей қайдағыны қайдан шығардық бүгін? Баланың көңілін жасытып... Әй, анасы ғой. Ана көкірек еміренсе несі бар. Әлі күнге апамның ернін аңсаймын". Қобланды күлді.
— Апа, бүгін көкем екеуіңіз сүюдің тұп-тура бір жылғы нормасын орындадыңыздар. Ендеше, мен мына тентекке үлКеңдік көрсетейін. Кел, ей, бері кел, Алпамыс! Қане, бетті әкел!... Енді ана бетті!.. Мұрынды!.. Маңдайды!.. Ал, енді сен мен келгенше қозы-лаққа қарап, қолқанат бол.
Алпамыс сықылықтады.
— Пәле, ағатайым біздің үйде лақ бардай-ақ, қозы-лақ дейді. Лақ түгіл ешкі жоқ.
— Келістік пе, Алпамыс?
— Иә, ағатай...
Қобланды қайрылып қарамай есікті сарт жапты.
Үнсіз қалған әке-шешесін Алпамыс тентектің өксігені елең еткізді.
— Әй, неге жыладың?
— Не болды?
Алпамыс екі көзін сұқ саусақтарымен сұққылап, бетінің шаңын езіп тастады.
— Ағатайы-ы-ым, ылғи апарам дейді... Сонсоң апармайды-ы-е. Тағы да жалғыз тастап кет-ті-е...
Бектемір баласын бауырына басып, маңдайынан сипалағанда, Айғанша май құйрықтан шапалақпен салып-салып жіберді.
— Жоқтан өзгеге жылап... Басыңа көрінгірдің бейуақта сұңқылдауын! Әлгі екеуің осыны еркелетіп жаман үйреткен, — деп күйеуіне де тиісіп өтті.
Бектемір ләм деген жоқ. Енжар тартқан күйі ішінің тірек құрсауы түгел босағандай опырылып бара жатқан бір күйректік барын сезді ме, тіс жарып тіл қатса, өзінің де бауырындағы баласынан бетер ағыл-тегіл еңірей жөнелерін ұқты.
— Анау Сүйменқұл кімнің шікіресі еді. Шіреніп болып қапты әлден-ақ. Амандассам, теріс қарайды пұшық ит. Соны кім ерітті екен. Адам сиқы жоқ кісәпірдің. Әркімге бір шәуілдей беруші еді, Мақан қарғыбау тағып, енді колхозшыларға арсылдатайын деп жүр ме екен?
Астауына қайта отыра беріп, Айғанша бұл неге үндемейді дегендей күйеуіне бұрылып бір қарады да, ернін сылп еткізді.
Бектемір әйелінің кейде жұрттың түсіне де кірмейтін кей жағдайды оп-оңай айта салатын мінезіне қайран. Ойланып та жатпайды. Арсы-гүрсі сөз арасында ақтара салады да, артынша-ақ сол пікірін өзі де ұмытып кетеді.
"Расында да Мақан Сүйменқұлды басқаларға құс қып салайын деп жүр ме екен? Сүйменқұлда пір жоқ. Кесіп алсаң қан шықпас нағыз кісәпірдің өзі. Мақан екеуі қосылса, әй, одан әрі келісер. Екінші Найманқұл болар. Қайда, Найманқұл содыр шоқпар ғана. Сүйменқұлдың қаныпезерлігі ғаламат. Туған шешесін тік тұрғызып қойып бауыздаудан тайсалмайды ол. Найманқұл Сүйменқұл деп екеуінің аттарының ұқсап қосылғанын қарашы. Бекер жібердік-ау Қобланжанды. Етегіне оралып жалынып-жалбарынсам, көңілімді қалдырмас еді. Қобланжан сондай. Аңқаулығы да бар. Бірақ жаны таза".
— Көкесі-ау, андағы тентегің ұйықтап қалыпты ғой, — деген Айғаншаның даусы жұмсақ естілсе де, бүгінгі мазасыз ойлардың шиырынан суырып алды. Бұрын "көкесі" демейтін. Әлде қартая бастағандары анық болғаны ма. Қартаюдың аулы алыста емес пе әлі. Елуге де жеткен жоқ. Оған бес жыл бар. Бірақ "көкесі" дейтін жып-жылы ат қойды-ау. Несі бар қос құлынының әкесі. Қобланды мен Алпамыстың арасы он бес жас. Айғанша Қобланды туғаннан кейін қатты ауырып, он төрт жылдан кейін екінші рет құрсақ көтерген. "Бүкіл батырларды жинай бер, Бектемір! Енді бір он жылдан кейін Қамбарды әкеліңдер!" деп Ескен құрдасы қоймайды. Әрине Бектемірге салса Ер Тарғынды, Орақты шұбыртар еді-ау. Айғанша шіркіннің денсаулығы көтермейді. "Жә, бергенінен жарылқасын. Осы екеуі аман-есен жүрсе, Бектемір дүниенің басқа асылына таласпайды. Қайтеді оларды. Мақан дейтін жер тәңірісі" шығып төбесінен тоқпақтап отырса да, мына екі құлыншағы көз алдында тұрғанда жалғанның жарығына жетер не бар. Тәубешіл көңілдің берекені кез келген нәрседен таба қояр ырзалығы жоғалмасын. Ол жоғалса, пенденің ашқарақ дәмесі араның апандай ашып, қомағай іштің құрдымын бір толтыртпай жалақтап жалмауызданып бітер. Анау Мақан, Берден шіркіндердің тірлігі сол. "Асап қалайын, тістеп қалайын, тырнағымды іліндіріп қалайын" дейтін жыртқыштық адал мен арамды талғатпайды. Қой, олар өзімен кетсін. Әй, өзімен ғана тыныш кете қойса, құдайыңа ма, құдайдай сиынатын іштегі құдіретіңе ме құлшылық етпейсің бе. Олар қоймайды ғой, қалмайды ғой соңыңнан. Сұғын қадап, сойылып көтеріп, әрі тонайды, әрі талайды. Әрі кірпігіңді до қимылдатқызбай кіріптар етіп, ділің мен тіліңді кесіп тастайды".
Бектемір ауыр күрсінді.
* * *
Хайролла асықтырды.
— Болсаңдаршы! Әй, Найманқұл! Көнің көпкір-ау, үйіңнен шықпай жатып үңіреңдеп қалғанбысың. Уақыт өтіп барады. Дәл қазір қимылдап қалмасақ, ақбөкендер жатағынан басқа жерге ауып кетеді.
Тұрған қоржынынан тағы бір көкмойынды суырып алды да, Сүйменқұлға ұстатты. Хайролланың көзі аларды.
— Әй, Тұрған! Сен мыналардан да өткен ақмақ екенсің ғой! Ойбай-ау, ішіп алған адам аң ата алушы ма еді. Тоқта, Сүйменқұл! Ашпа енді аңдағыны, — деп қолын созып бөтелкені жұлып алмақшы болып еді, Найманқұл білегінен салып кеп қалды. — Ойбай, қолым, қолым сынды! Мына дүлей қақ бөлді! — деп қақсап ала жөнелгенде, Найманқұл үндемес жанның әдетімен бүкіл денесін селкілдете кеңк-кеңк күлді.
— Саспа, Тұрған! Құдайыңның алдына да барарсың. Сонда көрермін не дегеніңді! — деп Хайролла қайта құйрық басты. Төрт ыдысқа ғана арақ құйған Сүйменқұлға мөлие қарап, үсті-үстіне қақырынды. Анау Хайролланың қақырынғаның естімегендей, өзін көрмегендей әлпет танытып, ыдыстарды Тұрғаннан бастап Қобланды мен Найманқұлға ұстатты да, төртіншісін өзі алды.
— Құй! Қалғанын Хайрекеңе түгел құй!
Хайролла Тұрғанға риза боп, бас шұлғып қалды.
Қобланды ауыз тиді де, стаканың қара жерге төселген газеттің үстіне қоя салды. Серіктес төртеудің әр қилы мінез-қылықтарын бұрыннан білем десе де, бұл аша қоймаған жұмбақ қырлары әлі де мол екен. Әсіресе Қобландыны "Тұрған ағасының" түсініксіз әрекеттері қатты қайран қалдырды.
"Араққа әуес екен-ау! Қоржыныңа тек арақ салып әкелген бе, міне, үшінші шыныны аштырды. Партком секретары емес пе? Араққа өзі cyapca, былайғы жұртқа не жорық. Мынау Хайролла бұған неге дікілдейді?
"Құдайдың алдына барғанда көресің" дейді. Құдайы Мақан ба? Сонда Тұрған аға да осылардың жемтіктестері болып шыққаны ма? Сүйменқұл түпсіз құйма екен ғой. Шишалар қолына тиген соң өзіне баса-баса лекілдетеді. Әй, "адам аласы іште" деген рас болғаны-ау. Тұрған аға, Тұрған аға..."
Тұрған ағасы бұл кезде төртінші шыныны Сүйменқұлға қарай домалатып тастап, Қобландыға шаншылып отыр еді.
— Неге алып қоймадың, Қобланды шырақ?
— О-о! Бұл комсомолия ішпейді. Жастардың нағыз иде басшысы! Арақ көрсе, анадайдан қашады. Ішпе, ішпей-ақ қой, идейный пайғамбарым! Осы арада екі комсомол отыр екенбіз. Сенің үлесіңді өзім-ақ орындап тастауға тырысам ғой. Әйтпесе комсомол деген атымыздан ұят-тағы! — деп қарқ-қарқ күлген Сүйменқұл кесек етті аузына тастап жіберіп, көмейлете шайнағанда, екі құлағы шықшыт қуалап, билеп кетті.
— Тұрған аға, аңға шықтық па, арақ ішуге келдік пе түсінбей отырмын.
— Қобланды шырақ, сен түсінбейтін нәрсе көп қой. Қайсыбірін түптей бересің, — деп Тұрған өзгерген үнмен аяғын көсіле бергенде, Найманқұл басын шұлғып кеңк-кеңк күлді.
Бұл жігітіміздің жаттанды үгіті дайын тұрады. Былтырдан бері, бізге хатшы болғалы, құлағымыздың құрышын жеп бітті, — деп Сүйменқұл бөтелкенің ақ қаңылтыр қақпағын тісімен тістеп ашып, түкіріп тастады. — Өзіне қимағанды өзгеге де қимайтын нағыз сығыр емес пе. Осыларды қара жер қалай көтереді екен?
Хайролланың әлгіндегі ішкен арағы жанды жеріне түсіп кеткен бе, мүлде жуасып, енді араққор жанның аңдығыш әдетімен Сүйменқұлдың қимылын бағып қапты.
Тұрғанға серіктерінің ішкені, сілтеп ішкені қажет. Mac адамға Сырдың суы сирағынан келмейтіні белгілі. Не болып, не қойғаның білмейтіні өз алдына, тасқа жұмсасаң, тау әкелетін елпілдектігін қайтерсің! Бүгін түнде жасалатын "жұмысты" осылар тындырарда "обал-сауап" дейтін ой қозғап, қол байлар бөгетті елемейді де. Ал Қобландының тіксіне қалғаны, әрине қолайлы емес. Әй, бірақ бірер сағаттық ғұмыры қалған "әділетіпіл" шіркіннің өзі кім, сөзі кім.
— Сүйменқұл, біздің Қобланды өзіңді әбден иықтап тастаған-ау, шамасы. Байқаймын, тіпті бетіне тура қарауға да тайсақтайтын тәріздісің.
Сүйменқұл сазарды. Машина фарының сарғыш жарығында көзінде көкшіл от тұтанды. Газет үстінде жатқан пышақты оң қолына қысып, бір түйір етті шаншып алды да, аузына тығып жіберді. Ұзақ шайнаңдамай, төрт-бес толғап, қылғына жұтты.
— Қыршаңқы емес пе бұл. Су патшасы Сүлеймен де осы. Төбеме құй ғана қазбады, басқасын түгел жасады. Ішсем — ішті деді. Сөйлесем — бөсті деді. Жүрсем — ізімді аңдыды. Көктегі құдайым да осы болды. Жердегі құмайым да осы Қобланды болды! — дегенде шықшыты жүгіріп кетті.
Тұрған басын шайқады.
— Оу, Қобланжан-ау, бай болған адам бақырып бола ма дегендей сенің оның жарамайды. Әркімнің соңына түсіп, қарауылын қыдыңдатып қойсаң — ішкені бойына тарар ма. Мынау біздің социалистік қоғамдағы баға жетпес, ең қымбат заттың не екенін білесің бе? — деп көздерін шұқшитты. — Білмейсің.
— Әрине, білмейді! — деп Сүйменқұл қосарланды.
— Ең қымбатты нәрсе — адам! А-да-а-ам! Ал сен, жолдас комсорг, сол адамды қуыршаққа айналдырмақ болғансың. Тағдырын уысыңда ұстамақшы болғансың!
Қобланды мырс етті. Сөзі көп, тындырары жоқ басшылардың неге көбейіп кеткенін бұрын түсінбеуші еді. Осындай көзбояушылығын, сұрқия арамзалығын, арандатушылығын бүркеу үшін көлгірсиді екен-ау.
— Мынау несіне жетісіп күледі, ей? — Сүйменқұл ашу буғандай селкілдей бастапты.
— Сендерге күлем.
— Немене біз артымызды ашып отырмыз ба?
— Оны ашсаңдар, түк емес қой, мен сендердің сасып, бықсып кеткен іштеріңді көрдім.
— Сасып, бықсыған біздің ішіміз бе?
— Дәл солай, Сүйменқұл!
— Сонда арамыздағы жалғыз әулие, жалғыз тазамыз сен болдың ғой?
— Иә, тазаң менмін. Сондықтан жаным да, тәнім де сендерден алапес көргендей жиіркенеді.
— Оу, мынаның тілі де, түгі де тікірейе бастапты. Кәдімгідей шақылдайды өзі — деп Сүйменқұл алдымен Тұрғанға, содан кейін Хайролла мен Найманқұлға кезек-кезек көз тоқтатты. Тұрғанның кірпік қақпай қарсы қадалған түрінен дес алғандай еңселеніп еді, қырық жылғы аштан келгендей суық етті екі танауын шуылдата қарбыта асаған Найманқұлды, дірілдеген қолымен қысып алған стаканына үңілген Хайролланы көргенде қабағы салбырап түсіп кетті.
— Түгім денеңе қадалғандай шоршыдың ғой. Қадалса, қадалар әлі, — деп Қобланды айылын жимады.
— Мә, ендеше!
Сүйменқұл ұмтылып жұдырық сілтеген. Отырған бойы жалт берген Қобланды екпінімен етпетінен түскен Сүйменқұлды желкеден бүріп көтерді де, шықшытынан соғып жіберді.
— Қой, ей, Қобланды! Өлтіремісің? Найманқұл! Шайнаңдамай айырсаңшы. — Тұрған құйрығымен шаңдата кейін жылжып, безек қақты.
Найманқұлға керегі төбелес. Қонышынан бір кетпейтін қамшысы ысқыра суылдап Қобландыны да, Сүменқұлды да осып-осып түсті.
— Қап, әкеңнің ғана аузын... Мына дүлей кімді ұрарын білмейді екен ғой! — Қылғынған Сүйменқұл жанұшыра түрегеліп Найманқұлдың қолына жармасқанда, қарулы еркектің тізесі екі бұтының арасынан сақ ете қадалып, Сүйменқұлды домалатып түсірді.
Хайролла қолындағы арағын шашала-қақала сіміріп, енді анау аяқ астында қалып бара жатқан бөтелкені бас салды. Машина жарығына тосып қарап еді, онша төгіле қоймапты. Ыдысына төңкере құйды. Ыдысындағыны жалма-жан көмейіне лекілдетті.
— Жә, жә! Қойыңдар енді. Әй, бәтшағарлар ауыздарыңа тиді дегенше, жұдырықтарың жүгіріп ала жөнеледі-ау. Арақ ішу мәдениеті жоқ сендерде Жастарда. Арақ ішуді әбден мақтан көріп, у-шуи еттерің үйреніп кеткен. Найманқұл, жина! Әй, мен мына дастарқаныңды жина деймін, есуас-ау! Сүйменқұл! Әу, көтер басыңды! Өй, ез неме! Топшысы қиылып топ етіп аспаннан құлаған қарақұстай қиралаңдауын. Қобланды, сенде де бар. Басыңнан сөз асырғың келмейді. Ішкен адаммен ұстасқанда не түседі.
Әй, Хайролла! Хайролла деймін! Қап, мына ит әбден мелдектеген екен. Енді мотоциклге кім мінеді? Киіктің алдынан кім қайырады? — Тұрған кейіді. Орнынан тұрып, шаң-шаң құйрығын қақты.
Сүйменқұл көтеріліп, кирелеңдей басып барып, машинаның буферіне сүйенді. Найманқұлға өшіге қарап өтті де, Қобландыны әкеден жібере сыбады.
— Әй, сен неге әкіреңдейсің! Кімге қол жұмсайсың, сен кірме! Онан да сүйегі қайда қурап қалғаны белгісіз атаңның моласын іздесеңші.
— Сүйменқұл, жетер! Доғар сөзді! Анау иттің үстіне су құйып жібер! Өлердей ішіп әкесінің құны кеткендей не көрінді екен! — деп Тұрған қайта ширады. Өзіне керегін жасады. Сүйменқұлдың Қобландыға іші жібімек түгіл, енді атарға оғы жоқ. Анау Найманқұл дүлей қамшысын оңға да, солға да сілтеп сәл асыңқырап кетті. Дегенмен діттеген тұстан дәл шықты. Әлі де Сүйменқұлды қайрай түсу қажет. — Әй, Қобланды! Сен ағаны, үлкенді сыйлайтын қазақ салтын ұмытқаның қалай?
— Не істеппін?
— Не істеппін деп, жарқыным, әдейі түк білмегенсимісің? Әлде кеудеңнің тесігі жоқ бітеу ме едің? Сүйменқұлдың сенен бірер жыл болса да жасы үлкен емес пе? Қол жұмсағаның қалай?
— Сіз, Тұрған аға, сонда маған мынау содырдың жұдырығына бетімді қабат тос демекпісіз? — деп Қобланды күйініп кетті.
— Өй, содыр деп... Тіліңді тарта сөйле! — Сүйменқұл Тұрғанды арқаланып қайтадан қаһар шақырды.
— Тартпасам не істейсің?
— Тап түбінен кесіп тастаймын!
— Жұдырық иіскеген мен бе, сен бе, Сүйменқұл?
— Қысқарт енді! Текесінген екенсің, тартқызып жіберем!
— Ойдөйт бір көк қақыратып, жер тітіренткен мықты! — Қобланды бір езуден бүлік күлкіні бүлк еткізді.
— Шырақ! Тым кердеңдеме. Сүйменқұлды бекер бүліндірме. Сенікі теріс. Қолыңды жұмсағаның аздай, енді тіліңді түйреп тұрсың. Әбден иығына шығып алып жүндеп қалған әдетіңді жасама. Жасатпаймын мен!
Сүйменқұл кәдімгідей сеніп қалып, білегін сыбана бастады.
— Иығыма шығып алғаны рас. Күн көрсетпей барады. Қашанғы берем. Жоқтауын бір-ақ айтқызайын тап қазір! — деп ұмтыла бергенде, Тұрған арашалаған болып ұстай алды.
— Әу, Сүйменқұл, өзіңді есті жігіт пе деп жүрсем... Тентекті тентектікпен жөндеуші ме еді. Қой, босқа арандама. Әрине, ішіңе қан қатқаның білем. Неге қатпасын, үнемі алдыңды кескестей берсе... Өзің сондай турашылсың. "Әділет!" деп кеудеңді жалаңаштап қарсы шапқаныңды талай көріп, айызым қанып жүретін. Комсомол жетекшісіне нағыз лайық кандидатуpa сен бе деп қалдым-ау. Қайтесің былғанып. Бар, анау Хайролланы су құйып "тірілтіп" ал. Таң атып кетсе, киікте жоқ, аң да жоқ.
Сүйменқұл мағұрланды. Парторгтың көзіне түсті. Міне, өз адамына айнала бастады. Мынау бір кезде дүрілдеп шыққан Қобландының әруағы мен айбыны қайтып, туы жығылды. Жығылмай... парторг оны емес бұны комсомол жетекшісіне ұйғарды ғой. Әрине іште жатқан кекті Сүйменқұл бір қайтармай қоймайды. Екеуінің жұлдыздары туғаннан қарсы! Түбінде бірі өліп, бірі қалады. "Өледі?!" Әй, мынау ой қайдан сап ете қалды?! Қитұрқысы бар десе де, неге бағын сынам көрмейді? Оның үстіне бүгін көкте атыс, жерде атыс қым-қуыт басталып кетпей ме. Сапырылысқан оқты кім бақылап жатушы еді.
Сүйменқұл сәтте өзгерді. Бұлақтан шелекпен су іліп алды да, Хайролланың төбесінен сорғалата құйды Жағасынан жұлқып-жұлқып қалды.
— Хайреке! Хайролла!..
— А-а! О не? Келдік пе?
— Тұрыңыз! Кетеміз!
Хайролла ес жиды. Судан шыққан төбеттей сілкінді. Бетінің суын жеңімен сүртіп тастап мұздай су қарыған денесін селкілдете иығын қушитты.
Найманқұл машинасын от алдырды.
— Ал, мотоциклге кім мінеді? Хайролладан қайыр жоқ.
Сүйменқұл талтаңдай басып, ауырсына қабақ түйді.
— Мынау дүлей неме... жарып жіберген ғой деймін, қақсап әкетіп барады.
— Қап! Өңшең шірік!
Қобланды тіл қатпастан мотоциклге беттеді.
— Әй, бала, абайла. Тормозы онша ұстамайды, — деген Хайролланың тісі тісіне тимей сақылдады.
* * *
— Әне! Әне көрінді!
— Қобланды, сен анау тұстан орағытып барып, алдынан шық. Қап! Ырғатылып отырып алмағанда түнде дәл үстінен түседі екенбіз! — деп өкінген Тұрған ілгеріге ентелей қарады. — Қарасы біраз. Үш-төрт жүз шамасындай болып қалар.
Шашыраған күннің қызыл жарығы қарақоңыр даланың шығысын түгел бояп тастапты. Мидай жазықтың үстін көктей қуалап, алакеуімді батысқа қарай тықсырып барады. Әне, көкжиектен домна горныңың шойын ағатын өңеш-көзіндей дөңгеленіп Күн қылтиып еді, қызыл түске малынған ойдым-ойдым бұлттар аспанда жентектеле қалды. Әлгі өңештен атқылаған қоқыс пен кокстай көлбей жарысқан қызылкүрең сәуле даланы тегіс жауып кетті.
— Қап! Киіктер үрікті-ау! Енді маңайына да жолатпайды! Қобланды қай бір аңшы еді!
— Мотоциклге отырысы да еп-ерсі екен, — деп Сүйменқұл Тұрғанды қоштап, ырқ-ырқ күле бастап еді жақтырмай көзімен түйреп өтті.
— Онда өзің неге отырмадың? Біреуді жамандауға жеткізбейміз-ау. Хайролла, әй, сен әлі оңала алмай келемісің?
— Шіркін бір бас жазар жарты-ақ стакан ақ мағанбет болар ма еді, — деп анау уһілей түсті.
— Ендігәрі сендермен жолға шықсам ба!
— Қозғалды! Дүркіреді! — Сүйменқұл айқайлап жіберді. Күнде көріп, күнде аулап жүрсе де, аңшы қауымында ғана кездесер әсерленгіш күймен қос танауы желбіреп, көздері дөңгеленіп кетіпті. Ындыны ауғаны сонша, кабинаның үстіне жатып алып, көз ұшындағы қыбырлаған ақтаңдақтарға винтовкасынан екі-үш оқ жіберді.
— Әй, ақымақ! Түу-түу! Оқты шығындап, оқты шығындап босқа. Тигізе алмасаң, жаман ырым бастама. "Қанды басың бері тарт!" дегенді де, құдай біледі, сен бала, айтқан жоқсың! — деп Хайролла "тіріліп"алға қарай мойнын созды.
Жер-бесіктің ең ежелгі тірлік иесі, сонау, сонау мұз дәуірінде өмір сүрген мамонттардың замандасы киік (ақбөкен, сайғақ) Британия аралдарынан бастап, Аляскаға дейінгі екі аралықта салбыраған тұмсықтарын желге тоса ыңырана маңырап қойып, ерсілі-қарсылы дүркірейтін де жататын. Осыдан үш-төрт ғасыр бұрын бүкіл қазақ, қалмақ даласын, Украина мен Россияның оңтүстігін мекендейтін жануарлар он тоғызыншы ғасырда түгелдей дерлік құрып кетуге айналған еді. Еті дәмді деген ашкөзділік тілсіз шіркіндердің обал-сауабына қаратпады. Мүйізі керемет шипалы қасиетке толы екен деген пікір жас-кәрісіне де қаратпады. Сол кезде ұшы-қиырсыз даламыздан ғана жыл сайын мыңдаған жұп мүйіз Қытайға астыртын жөнелтіліп отырған көрінеді.
Тықыр жүнді, жіңішке сидаң аяқты, тұмсықты үлкен басын жерден көтермейтін ботакөз жануар күй таңдамайтындықтан тез өсіп-өнгіш. Бірақ амал не, соңғы кездегі браконьерлердің әрекеті қастандықтың нағыз шегіне жеткен әрекетіне айналып кетті ғой. Жыл сайын екі жүз мыңнан аса киікті қырып салатын тойымсыз аңшылар күн сайын, түн сайын машиналарын арқыратып, мотоциклдерін жүйткітіп, тарс-тұрс атылған мылтықтарының даусын даланың тұс-тұсынан үздіксіз жалғап, елсіз түзді қан сасытып жіберген еді Жер-ананың төсін қызыл қанмен жуған еді.
Әне, тағы бір аңшылар тобы қан толған көздеріне киіктен басқа ештеңе көрінбей таңғы даланың талмаусыраған ұйқысын машина гүрілімен, мыңдаған тұяқ дүбірімен бөліп, өлім... ажал аңсап, құйындатып келе жатыр.
Қобландыны да сондай естен тандырар есірік желік буған еді. Даланың ой-шұңқырына, бұта-түбіріне қарамай, газды аяусыз бұрай беріп, жылдамдығы жүз километрге жақындаған мотоциклін анау тұтаса жөңкіген аумақты қызылсары толқынға — киік табыныңа кесе көлденең бұрып, барылдатып келеді.
"Құтылып кете алмайсыңдар! Құтылмайсыңдар! О- һо-һо-о-оу!"
Таңғы даланы басына көтере бар даусымен айқай салды. Таңғы даланың әлгіндегі тымық төсінен есіліп шыққан шаң енді тұс-тұстан будақтай көтеріліп, арқан бойы биіктеген күнді мұнарландыра жауып кетті.
Қобланды газды үсті-үстіне қосып, әлгі есірік желікпен, аңшылық делебе қоздырар бумен айқайлап келе жатты да, кенет әндетіп қоя берді.
"Жезкиік біздің жаққа қалай келдің?"
Бәсе, қалай келді екен? Келмесе ғой, мынандай қуғын-сүргінді көрер ме еді? Келмесе ғой, ондап, жүздеп қырылар ма еді? Келмесе ғой, өсіп-өнген мекенінен дәл осындай тасбауырлық, дәл осындай қатыгез жауыздық кездестірер ме еді? Келмесе ғой...
Барылдаған мотоцикл даусына Қобланның әдемі баритоны қандай үйлеспесе, Қобландының қазіргі әрекетіне өмірдегі тірлігі сондай үйлеспейтін еді. Бірақ бәріміз де пендеміз. Кейде сәттік желік сәттік қызық үшін құрбандыққа аңды да шаламыз, арды да шаламыз.
— Құнығып кеттік пе? Бүкіл әлеуметтік ортаны әбден былғап алған жоқпыз ба? Мынау жүрегі таза, жаны адал дейтін Қобланды дем арасында аяныш сезімінен жұрдай боп, анау панасыз, қорғансыз хайуандарға азулы жыртқыштан да жаман боп неге төніп барады?
Қобландының әсем даусы таңғы ауада самғап аспанға көтерілді. Бауырлап жерге құлдырады. Кейде мотоцикл ырғағымен үзіліп жоғалып, қайта жалғасып, ақын жүрегінің өксікті дірілінен туындаған сырын еп-ерсі мағынасыз ойланбай қайталап, дарылдаған мотоциклдің үніне жаңғырта қосады.
... “Ақбөкен — сахараның бота көзі...
Атты екен қандай адам көзі қиып..."
Есіріктене әндеткен жігіт жезкиікті қазір анау машинадағы аңшыларға қақпайлап, қайырып жібереді. Танауын жел сүйген, ғұмыры... жануарлық жабайы ғұмыры еркіндікті ғана аңсаған жезкиікті қазір дарылдақ мотоцикл қанды ауызға қарай үркіте бұрады. "Құлаймын-ау, өлем-ау!" дейтін үрейді қомағайлық, әумесерлік жеңген. Қобландының аузындағы ән енді тілсіз аңға деген сезімтал ақынның аянышы емес, сол тілсіз жануарларға бағышталған батаоқырындай естілді.
Тұтаса қозғалған бір шоғыр ақ тақыр, тұтаса жүйткіген дала бетіндегі қызыл өрт — табын кілт батырады да, жалт беріп, есік пен төрдей жерге секіріп-секіріп түскен сақа текенің соңынан қайта тұтаса еріп, әлгіндегі сырғыған ақ тақыр, жүйткіген қызыл өрт қалпымен машинаға қарай бет алды.
Ал, содан соң...
Гүрс-гүрс қосауыз боздасын! Шақ-шақ винтовка шіңкілдесін!
Қызыл өрт — қызыл табыл ию-қию болды да кетті. Добал тұмсықтарын желге беріп орғып-орғып секірген теке-ешкілері тұс-тұсқа бытырады. Тұс-тұста еркегі, ұрғашысы, лағы домалап, тыпырлап қалып жатты. Тұс-тұсқа үш аяқтап секектеп, қансырап жосып, жаралы жануарлар жан ұшыра безіп бара жатты.
... "Ақбөкен — сахараның бота көзі..."
Гүрс-гүрс қосауыз боздауын қояр емес. Шақ-шақ шіңкілдеген берданка тыйылар емес. Шағындала сусыған табынның алдынан орау үшін Қобланды тағы да мотоциклін құйындай ұшырып, көкпекті, жусанды даланың сұйқылтым шаңын ащы ішектей шұбыртып тарта жөнелді.
"Жезкиік біздің жаққа қалай келдің?"
Туған жер, атамекен, ыстық ұя... Соларды аңсай жеткенде, жарық дүниеге көз ашқанда туған жерден көретін "сыйың" осы болса қайран да шіркін аты аңызға айналған мастадонт мамонттардың құрдасы желаяқ жезкиік, сен де табиғат аясынан көп ұзамай мәңгі өшесің-ау! Сен де дәл мына ұлы қырғын қарқындап тұрған кезде жер бетінен мүлде жоғаларсың-ау! Мына адам бойындағы құрымай тұрған мәңгілік өшпенділік бар да ұрпағыңның өсіп-өнуі қиял ғана ғой. Қайран жезкиік! Келмесең ғой...
Қобландының екі аяқты көлігі табиғаттың төрт аяқты жүйрігінен де жылдам боп шықты. Доғалап жол иген жігіттің дарылдағы қарсы алдарынан тағы да тажал боп шыға келгенде, жан қорғаған жануарлар манағы басшы текенің ыңғайымен орғи-секіре, секіре-қарғи жүйткіп, бағытын қайтадан машинадағы ажал аранына туралады.
Гүрс-гүрс қосауыз мылтық жаңғырды.
Шақ-шақ винтовка шіңкілдеп қорғасын бүрікті.
Текесі де, ешкісі де, лағы да оқ тиіп жараланып, есіріктене жан-жаққа беталды лағып кетті.
Гүрс-гүрс қосауыз...
Шіңк-шіңк винтовка...
"Жезкиік біздің жаққа қалай келдің?"
Қобланды бар даусымен айқайлай әндетті. Қызынған, асау қаны басына шапшыған жігіт астындағы дарылдағының үнімен үйлестіріп енді барылдай әндетті.
Кенет оң жақ саны шым ете қалды. Әні... есірік айқайлы әні кілт үзілді. Қолымен сипап өтіп еді, жып-жылы боп, жып-жылы киік қанындай болып қып-қызыл қан жұқты.
"Қан?! Қан ғой мынау!"
Сырқырай ауырған сүйек шырқыраған жанын көз алдына сүйретіп жеткізді. Сонда ғана үрей буды адамды. Қобланды сонда ғана қорғасын оқтың құдіретін пайымдады. Сонда ғана ол анау әр жерде сарғыш-сұрғылт тастай деңкиіп-деңкиіп жатқан жазықсыз хайуандардың жағдайын түсінді. Сонда ғана сыршыл ақынның "ет кесіп өз етімнен берсем-дағы емдеп жіберейін" дейтін адамгершілік қасиетін ұқты.
Көздерінен кесек-кесек жас парлады.
"Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?"
Ән жолы миында жаңғырды. Миында жаңғырды да әлде бір суық ойды сумаң еткізді. Күдігін жұлқып оятты.
"Апырай, сонда аналардың біреуінің атқаны ма? Көкем барма да барма деп жалынғанда осындай қаныпезерлікті сезді ме екен? Әлде... Қой, қаңғыған оқ тиюі де мүмкін ғой. Өзімде де бар. Зуылдаған оқтың өтінде жүріп алғаным қалай? Дәлдеп атса, қақ жүректен қадап, ұшырып түсірмей ме. Сүйменқұл мен Найманқұл екеуі ондайға бармайды. Найманқұл қара күштің сойылы. Сүйменқұл... Сүйменқұл аналардың тәлімін ала қойған жоқ әлі. Бірге ойнап өскен құрбы, мылтық кезенбейді ол".
Қобланды мотоциклден ұшып түсті. Зырылдап барып құлаған көлігі жердің шаңын бұрқ еткізді.
"Міне енді көздеп атты!" Қобланды көзінің жұмылып бара жатқанын сезді. Жұмылған көздердің алды қып-қызыл... қып-қызыл мұнар еді. Кеудеге бір шөкім өрт тастап жіберген бе, күйдіріп-жандырып әкетіп барады.
"Су! Су! Құйсаңшы, Сүйменқұл! Маған құй! Мынау өртеніп бара жатқан кеудеме құйшы! Хайролла емес күйіп жатқан. Мен! Мен!"
Бүкіл денеде саусақ қимылдатар дәрмен қалмапты. Жұмулы көзден жып-жылы, ып-ыстық жас ақты. Шаң қапқан бетті, мұрынды айғыздай із қалдырып, мөлт-мөлт ақты көз жасы.
"Жезкиік неге келдің? Неге! Атты ғой бізді! Кім атты? Неге атты? Көке, мені неге жібердің? Гүлбадан, сен бе? Өзіңсің бе? Сені жұмысқа жібермеп пе еді?.. Су құйшы кеудеме... Өртеніп... жанып ба-ра-а-ам!.."
Сәскеге тырмысқан күн сұлқ қалған, жас тілімдеген шаң-шаң бетті аймалады. Ақырғы рет аймалады.
* * *
— Әй, анау құлады! Қобланды құлады!..
Хайролла машинаның кабинасын тоқпақтап-тоқпақтап жіберді. Қосауызын қайта оқтамастан иығына аса салды.
— Не болды? — деді рульдегі Найманқұл.
— Көзің аққыр-ау, көрмеймісің? Әне, Қобланды бала мотоциклден ұшып түсті. Мерт болмаса байғұс бала! Тез! Бұр солай! — деп Хайролла дегбірі қашып шоферді асықтырғанда, Тұрған мен Сүйменқұл екеуі бірдей сұп-сұр боп, тіл қатуға шамалары келмей тұр еді.
Машина тоқтағанда кабинадан Найманқұл, қорабынан Хайролла секіріп-секіріп түсе қалып, сұлап жатқан Қобландының қасына жетіп барды да, қорқынышты құбыжық көргендей қалт-қалт тоқтады.
Тұрған буыны босап, машина үстінен қылғына айқай салды.
— Не? Не бопты?
Қан! Кеудесі қызылала қан!..
— Өліп қапты!.. — Хайролла еңкейіп үңіліп тұрды да, кенет бойын жазды. — Оқ тиіпті!.. Оқ!..
Найманқұл Хайролланы итеріп жіберіп, Қобландының қасына тізерледі де, күпәйкесінің түймелерін ағытып, кеудесін ашып қарады. Қолына жұққан қанды Қобландының шалбарына сүрте беріп еді, көзі қара сандағы жараның орнына түсті. Шалбардың балағын қақ айырып, оқ тиген жерді көрді.
— Винтовканың оғы!..
— Қосауыздың оғы бұл араға жетпейді, — деп Хайролла күбірледі.
Найманқұл тізерлеп отырған жерінен атып тұрды. Сол бойда машинаға жетіп барды. Түсі бұзылып кеткен екен.
— Қане, түсіңдер!
Қораптағы екеу құп-қу боп жерге түскенде, Найманқұлдың қамшысы әлгілердің арқасында ойнады.
— Көздеріңе неге қарамайсыңдар! Азаматты өлтірдіңдер! Сендер! Еке-е-еуі-ің!
Хайролла дауыс көтерді.
— Жә! Өлген адамды бәрібір тірілте алмайсың. Тоқтат!
Оқтың екеу боп шыққанын естігенде Тұрған әрі қуанды, әрі қуарды. Қуанғаны — атушы жалғыз өзі емес екен. Сүйменқұлдың да басы бәйгеге қоса тігіліпті. Қуарғаны — жазым оқ екі рет тимейді. Екі оқ дегенше, әдейілеп өлтірді дей бер. Қазіргі халық — қараңғы халық емес. Бәрін де түптейді, бәрін де діттейді. Сондықтан Тұрғанның қуануынан қуаруы басым еді.
Cүйменқұл дал. "Кісі өлтірдім!" деп түршігіп тұрған жоқ. "Тұрғанның оғы байқаусызда тиді ме, әлде ол да әдейілеп кезеді ме? Қайсымыздың оғымыздан өлді екен" мазасыз сұрақтар, "адам өлді-ау, кісі өлтірдім-ау, өмір жолын жаңа ғана бастаған жігітті қыршынынан қиып түстім-ау!" тәрізді толқуды кеудесіне енгізген де жоқ.
2
Бектемір төсегінен мыж-мыж боп тұрды. Түнімен ұйқысы қайта-қайта бұзылып, шошып ояна берген соң таң қылаң бере басын көтерген. Ықылассыз киініп, колхоздың машина ауласына қарай кібіртіктей қозғалды.
"Апырау, маған бүгін не болды? Дегбірден айрылғандай соншама неге қалшылдап барам? Қараптан қарап жүрегімнің суылдағаны несі? Ай, әне, аспанда, өз орнында тұр. Жер, міне, табанымның астында жатыр. Шашырап күн көтеріледі қазір. Жарықтық, бүгін қып-қызыл боп.. бауыздау қандай боп туды-ау! Ойпырмай, тіфә, тіфә! Қайдағы жоқ қайдан оралады тілге?! Не боса содан сезіктеніп... Қанда тұрған не бар. Кітапша сөйлесек жай теңеу ғой ол. Әй, бәрібір жұбана алмаспын бүгін. Қобландым ақ маңдайын жарқыратып, "Көке!" деп қасымнан көрінгенше..."
Иегі кемсеңдеп, тізесі дірілдеп тұрып қалыпты, анадайдан дауыстай сәлемдескен бір әйелдің ес жиғызғаны.
— Әу, Бектемір! Ойбай-ау, өзің әлі ұйықтап кеп жатқаннан саумысың?
— Е, Қатирамысың!.. Халің қалай? Қайда шықтың?
— Ойынан арыла қоймаған Бектемір үйреншікті сөздермен далбасалады.
— Сиыр қорадан келем. — Қатира сыңғырлап күліп жіберді. Қатира — Бектемірдің мектепте бірге оқыған құрбысы. Осы ауыл тұрмақ осы өңірдегі қыз біткеннің сұлуы болып еді-ау! Әлі де өңі онша тая қоймаған. Сыңғырлап күлгенде баяғы он жеті жасына оралып қайтты.
— Неге күлдің, Қатираш? — Бектемір кеудесін кемірген күдіктен аз-аздап бері ойыса бастады.
— Айғанша сұлу тұрмаған-ау. Көйлегіңді теріс киіп алыпсың. Түймесін салғанын да керім, бір етегін апшып, жоғары секіріп кетіпті, — деп Қатира жанасып келіп, жейденің түймелерін түгел ағытты. Қатираның әжімі енді-енді біліне бастаған күнқақты бетінің екі ұшындағы күлгенде пайда болатын шұңқырды Бектемір тағы бір көргелі тамсана іздеп тұр.
— Күпәйкеңді маған бер де, көйлегіңді айналдырып ки. Әйтпесе жұрт мазақтап бітер.
Жейдесін киіп жатып:
— Балтадан хат келіп тұра ма? — деп сұрады.
— Хатын үзбейді құлыным. Қызметке орналастым, үй алған соң көшіріп алам деп жазады да жатады. Сонысына тәуба. Жалғызым көңілімді ауламаса, бізді кім керек қылсын. Сені анау Айғанша байлап ұстап қасынан аттатпайды. — Қатира тағы күлді. Бектемір ыржиған болды. Жесір әйелдің жеңілтектігі жоқ еді. Әзіл-қалжыңға да онша көп илікпейтін. Ал, бүгін Бектемірді өзі қағытып тұр.
— Қатиражан-ай! Бізді қойшы. Біз базардан қайтып келеміз ғой. Ендігі тірлікті анау балаларға берсін де. Солар аман-есен тірі жүріп, қызығын көрсетсе, басқаны қайтеміз, — деп еркінен тыс күрсінген еркекке Қатира күдіктене қарады.
— Өй, өзіңе не болған? Тап бір шал болып, сақалың сапсиғандай сөгілесің. Қырықтың ішіндегі адам қылыштай қылшылдап тұрмай ма? Тұғырдан тайғандай тайғанақтағаныңды менен басқаға көрсетпе, мазақтап жүрер. Ойбай, анау қатыңдар екеумізге әбден өліп өшіп қарап қалыпты. Немене деп алып қашып жатыр екен байғұстар. Ал, Бектемір, өзіңді өзің қартайша. Анау Maқанның уысында тыпырлағанда арқа сүйеріміз өзің деп жүрсек... Бізді сонда ит жемеде қалсын деймісің?
Сылбыр аттаған Бектемір қайтадан ауыр ойдың құшағына шомды. "Неге айттым әлгіні? Аузымнан қалай шығып кетті? Тірі жүрсе екен" деп әлден күдер үзгенім не? Әлде аузыма салып тұр ма? Қап! Бекер жіберген екем. Қобланжан көңілімді қалдырып көрген емес, бармайтын еді. Мақан сұмға адам сеніп бола ма? Әй, құдайлар көбейген қытымыр заманға тап келген соң амал не. Анау да төс ұрып, тағдырыңмен ойнайды. Мынау да қабағынан қан жауғызып, қаныңды қарайтып бітеді... Қан?! Неткен сығыр сөз еді! Тағы да тіліме оралды".
Машина ауласында да көп бөгелген жоқ. Трактор, машиналарын жамап-жасқап жатқандардың қасында ананы, мынаны пысықтап тапсырған боп, керек-жарақты сұрағансып, ақыры ол жерден жылыстап кетті. Ит жыртқан қара терідей жұлмаланған көңілден |береке қашқан соң қараңдаған денесін байырқалатар жер үстінде қуыс қалмайтын тәрізді.
Күн демалыс болғандықтан Айғанша әлі ұйықтап жатыр екен, ашылып-жабылған есіктің сықыры көбейген соң еріксіз ыңыранып қойып көзін ашты. Шашын үрпитіп, кеудесін көтеріп сағатқа көз салды. Содан Бектемірге шұқшиды.
— Алакөбеден тықырлаттың кеп, тарсылдаттың кеп, астыңнан су шыққандай. Демалыстада ұйықтатпайтын болдың! — Кейігенде түсі өзгеріп, ұсқыны қашып кетеді екен патшағардың. Білем-білем буылтығы көп денесі жайылып, омырауы салбырап-салбырап кетіпті. Әлгіндегі Қатира мен Айғаншаның арасы жер мен көктей. Ал, екеуі түйдей құрдас.
— Тыпыр-тыпыр етіп не бітірдің? — Барылдап есінеді. Әйелінің даусы да құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз дауыс екен-ау, манағы сыңғыр күлкі мен мынау барылдап есінеудің айырмашылығын сезгенде, Бектемір үнсіз бас шайқады.
— Неге үндемейсің, ей?
— Қобландыны бекер жібердік-ау...
— Түу, не болса соны уайымдап. Түнімен ахылап-уһілегенің сол екен ғой. Осы саған бірдеме көрінейін деп жүр. Айтпады деме.
— Киінсеңші.
— Не?
— Қоржыныңды салақтатпай киін деймін!
Айғаншаның көздері бағжаң етті.
— Адырам қал! Осы қоржыныма өліп-өшіп тұмсық тығатын сен болатынсың. Менсінбей қалыпты ғой, — десе де, жалма-жан төсін көрпемен бүркеп ала қойды.
Бектемір ауыз үйге шығып кетті.
Алпамыс ауыз үйде Қобландының су жаңа қарп қайыс белдігін қайшымен өзіне шақтап кесіп жатқан, әкесінің қолы төбесінен нұқып жіберді.
— Қолың бір тыныш отырмайды екен, неге кестің?
Алпамыс туғалы көкесінен таяқ жемек түгіл, зекіргенін естіген жоқ-тұғын. Бадырайып қарап тұрып-тұрып, бақырып қоя берді.
— О, сүдінің құрғыр! Сүдінінің жаманын қарашы! Қобланжанның белдігін қиып-қиып тастап!.. — Ашу қысқан Бектемір белдікті жұлып алып, жылап тұрған ұлын тартып өтті.
— Ойбай, өлтіремісің! — Бажылдаған Айғанша ұмтылып келіп, Алпамысты құшақтай алып, бауырына қысты. — Бір жапырақ осыны ұрғанша жер сабаласаңшы, қолың сыңғыр-ау!
Белдік жуан әйелдің майлы сауырын осып түсті.
— Ойбай-ай, ойбай! Сеспей қат, Бектемір, сеспей қат! Таң атпай бала-шағаны қырып-жойған сенің төбеңнен құдай тоқпақтасын, құдай! Аллай! Қай пейілімнен таптым, отырсам опақ, тұрсам сопақ! Қайда безіп кетем енді! — деп дауыс созған Айғанша секемшіл жүректі одан сайын шошытты. Қатын, балаға өмірі қол жұмсап көрмеген сорлы, әйелі бір жері опырылып сынып қалғандай көгере долданғанда, өзінің қылмысты күнә жасап қойғанын сезіңді.
"Не пәлеге бастап барады? Әй, бір кәдік бар-ау. Бар! Мына көр-жер жылаудың арты бірдемеге соғады-ау! Соғады... Сызы бетіне шапшыған бейапар шіркінге несіне тиістім? Сұңқылдап жамандық шақыруын!"
Айғанша бір тұлданса, жуық арада басылмайды. Бектемірді жерден алып, жерге салып, апарып тастамаған орын қалдырмады. Ақыры отағасы ләм деп тіл қатып жауаптаспаған соң, сілесі құрып тыншыды. Көз жасымен кекілін сулаған ұлын әкесіне жапақ-жапақ етіп тартыншағанына қарамай, төргі үйге сүйретіп алып кетті де, Алпамысын бауырына қысып жатып қалды.
"Е-е баяғысын бастаған екен". Бектемір құлағына тыныштық тигеніне қуанғандай, әйелінің қырсыққанына онша мән бермей, қиылған белдікті ұстап, көпке дейін қимылсыз отырды.
"Шай қойсам ба екен? Әй, соны кім ішеді? Анау енді бүгін түгіл ертең тұрмайды. Қандай көкайыл! Әр сөзі өңменіме атқан оқтай қадалды-ау! "Көгерме! Қу бас өт" дегені не сұмдық! Әй, сонда бұл мысық тілеу шіркін өз балаларына қастық ойлағаны ма? Қобландым осыдан аман-есен келсінші. Сені ме, сен қатынды көзіңе көк шыбынды үймелетіп қана... Әй, қатынмен ұстасқан еркектің күні құрысын. Бір шайнам миы болмаса, атөтті нәрсеге бола жау шаптылап жатып алама?... Менің жанымның неменеге тызылдап жүргенін сезбейді де, апшымды қуырып, қайдағыларды айтып қарғап сілейді".
Көзі ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағанын білмейді. Жүрегі шым еткенін сезді. Анық сезді. Сол-ақ екен тұлабойын белгісіз үрей буды. Кеудесі қуыс боп үңірейіп қалғандай мұздап сала берді.
Болды-ау! Бір сұмдық болып қойды-ау!" Осы күдікшіл ой миына тікендей қадалды. Байыздап үйінде отыра алмай, тағы да машина ауласына барып қайтты. Содан көше кезіп, сенделіп жүргенін өзі де, өзгелер де байқап қалды.
— Уау, Беке, бұл не жүріс?
— Жай әшейін...
— Үйге кір. Кеше қаладағы күйеу балам келген. Кәниек дейтін қандала татитын арақ бар.
Рақмет...
Қоңылтақсыған көңіл таяныш іздей ме, тиянақ іздей ме — іші әлем-жәлем. Бүйірі жыртылған ескі көйлектей күйзелген жанын жалаңаштап әркімнің көзіне бір тосады екен.
Таң атқалы оразасын ашқан жоқ. Тамаққа зауқы шаппайды. Кеберсіген ернін жалап қойып, күн сайын асығыс жүріп өтетін көшесінің бұрын білмейтін біраз "жаңалығын" ашты. Кеңсе мен Мақанның және оның сыбайластарының үйлеріне дейін тас төселіп, құм төгіліп тегістелген жол түсіпті. Анау тұста бұрын сарылдаған суы бір тоқтамайтын кран болатын. Қазір көрінбейді. Соған қарағанда әкімдердің тұп-тура ас бөлмелеріне құбыр тартылып, кран орнаған тәрізді- ау.
"Мақанға олар бұйым боп па. Мақан қаласа, мына иқы-жиқы үйлердің орнына қала орнар еді! Бірақ Мақан оны қайтсін. Әне, өзіне асты-үстілі алтын сарай салғызып алды. Іші кірсе шыққысыз. Шет елдің королін немесе премьер-министрін ұялмай қабылдай берерлік. Өзінен басқаның қамын ойласа, ол Мақан аталар ма. Басқалар оның езуімен бірге қимылдап, езуімен бірге қыбырлайтын құлақкесті құлдары емес пе... Бірақ Қобланжан: "Біз — құл емеспіз!" деуші еді. Мақанның назары түскен жан не өседі, не өшеді. Әй, Қобланжанға сол кісәпірдің назары түсті-ау! Ішімнің күйреуі жаман! Жаман! Манағы селт етіп шошығаным тегін емес!"
Шырт еткізіп түкіріп, борпылдақ шаңға сұрғылт түйме боп домалап түскен түкірігін теуіп-теуіп жіберді. Дәл қазір Мақанды, жауыз Мақанды теуіп жатқандай екіленді.
— Әй, Бектемір, бері кел!
Дауыс — Мақандікі. Оны Бектемір мың кісінің шуынан айнытпай ажыратады. Ұрлығының үстінен түскендей ыңғайсызданған бригадир бастығына үн-түнсіз жақындады.
— Аман-сәлеміңді қашан жоғалтып алып ең! — деп Мақан жіпсік көздерін қадады.
— Жайшылық па? Неге шақырдың? — Оңашалық екеуіне де есе тигізгендей, сіз-бізді ескертпеді.
— Мұнда не тындырып тастағандай жер тепкілеп жүрсің? Машина ауласындағылар бетімен кетті ғой. Соларды қадағалау сенің мойныңда емес пе?
— Қадағалап қыдыңдап тұратын олар жас балалар емес. Елдің бәрін қарамағыңдағы малдай жұмсап, басынан таяқ айырмайтын өзің көремісің?
— Тілің шығайын деген екен, бригадир. Отап тастасам, обалыңа қалам-ау.
— Сенен обал қашқалы не заман.
— Қатты кеттің, Бектемір. "Ойнасақта біраз жерге шаптық" десекте, ертеңіңді де ойлап қой, — деп Мақан қос танауын кезек басып, бұрылып та жатпастан мұрнындағы сұйықты Бектемірге қарай ытқытты.
— Әркімге не күйе, не пәле жағып қалған әдетіңді жасадың-ау, Мақан! Түшкіріп-пысқырып мені кемсітем деп, өзіңнің пасықтығың мен сасықтығыңды ғана көрсеттің — деп Бектемір үстіне жұққан сіңбірікті сүрткен де жоқ.
— Қатын, бала қамын ойламайсың, ә?
— Ойлағанда мен ойлайын. Соларды ойлай-ойлай қажыдым ғой. Әйтпесе баяғыда-ақ не кеңірдегіңнен алар едім, не кеңірдегімнен алғызар едім.
Мақан қарқ-қарқ күлді.
— Әй, сенің тілің ғана емес тісің де бар екен. Тістемексің, ә. Қағып алсам ғой, қызыл иегің мәймиіп нан шайнай алмай, қаужаңдап отырар едің.
— Сен кесесің! Сен қағасың! Сенен бәрін... бәрін күтуге болады! — деп Бектемір ызадан қалшылдап кетті.
— Иә! Қаққанда қаныңды, сыққанда сөліңді шығарам. Айтпап па ем, ендігі тәңірлерің де, тағдырларың да менмін деп! Күндегісін күнде мойындарыңды үзіп ұғындырып отырсам да, бір ұқпай қойдыңдар.
— Залымсың!
— Білем.
— Қанішерсің! Сұрқиясың! Жауызсың!
— Естігем. Бәрін де естігем.
— Алаяқсың!
— Айттым ғой білем деп. Мың сомдап ұрлап, тонналап жұтам. Бәрі рас. Өңештен өткен — қанағат.
— Зияңкессің! — Бектемір бар білетінін жаудырып жатыр.
— Мақұл, Бектемір. Оныңа да келістім. Бірақ әзіргс менен пысық, менен білгір, менен сенімді, менен іскер, менен жігерлі колхоз бастығын осы өңірден.. тіпті облыстан тауып бере аласың ба? Таппайсың! Ендеше, анау жақ (қолын шошаңдата аспанға көтерді) а-на-а-ау жақ сендерді емес, мені тыңдайды. Мені құрметтейді. Мені төбесіне хан көтереді. Орден мен медальдарын саусылдатып кеудеме тағумен келеді. Оныншы бесжылдықтың нәтижесі бойынша ауданнан Ленин орденін жалғыз мен алдым. Мен!
— Бәрібір сен ұрысың! Қарақшысың! — деп Бектемір даусын көтерді.
— Таласпаймын. Сенікі дұрыс, Бектемір. Сендейлердің колхозда көп болғаны да дұрыс. Шөп қорыған төбеттей біріңді бірің аңдисыңдар. Бірақ сен орыстың "Ұсталмаған ұры емес" дейтін мақалын ұмытып барасың. Ал, мен, иншалла, ешқашанда ұсталмаймын. Өйткені мені ұстайтынның өзі менімен ұрлық асты көмейлеп бірге асайды. Ұрының сыбайласы болса, өзін өзі ұстап беретін ол ақымақ па. Әлде мынау дүниенің түсі өзгеріп, кейде ақтың қараға, кейде қараның аққа айналғанын көргісі келмейтін әулиемсінген сендер ақымақсыңдар ма? Пілге үрген қанден болуды қою керек Бектемір.
— Қанден сенсің, Мақан!
— Болайын. Қанден мен-ақ болайын! Ал онда пілім кім? Көрсетіпі! Көрсете алмайсың. Қиналасың. Қажисың, Бектемір. Сөзіңді өткізер ешкімді таппай басынды тауға да, тасқа да соғасың. О-о, мен сені түсінем. Түсінгенде қандай! Көз алдында өтіп жатқан келеңсіздік өтірік ақпар, өсіріп жазу, жасырын ферма, тіркелмеген отар, қаржының дұрыс бөлінбеуі, басқарманың өз адамдары, былайша айтқанда любимщиктері, жек көретіндері, ұруы-соғуы, қылмыс жасауы — қаныңды қыздырып, зығырданыңды қайнатады. Әділет аңсайсың. Таба алмай, бармағыңды тістейсің де, қолыңа тиетін жартымсыз тиын-тебенді не оған не бұған жеткізе алмай және күйіп-пісесің. Бұл тек колхоз төңірегіндегі тірлік. Ауданда одан да зор. Облыста одан да сорақы. Ал, республикада... Оны сен естіме, мен айтпайын. Есіңнен танып, жынданып кетерсің. Себебі әлгі мен айтқандар енді мыңдап емес, он мыңдап есептеледі. Арада мыс-мыс боп, сарыала алтын боп, құндыз жаға, гауһар жүзік қаракөл тон болып пара дейтін қамалбұзар жүреді. Ол алмайтын бет, ол бұзбайтын іс жоқ, Бектемір. Әне, қайда жатыр менің былқ етпес тамырым! Мынау бүкіл қазіргі әкімшілік жүйеміздің осылай алыс-беріске сүйенген, сол арқылы өмір сүріп отырған тәртібін ыдыратам, қиратам дейтін сен сияқтылардың тыраштанғанына, күлем Бектемір.
Мақан "Мальборо" қорабын қалтасынан шығарып, Бектемірдің көз алдына тоса қойды. Бұл сигареттің жәшігі Мақанға арнайы жіберілетінін Бектемір білетін.
— Шекпейсің, ә. Ұзақ ғұмыр сүргің келеді. Итшілеген тірліктің кісі қызығарлық несі бар екен? Соны бір түсінбей келем.
— Итшілеген тірліктің қасиеті — адалдығында, тазалығында.
Мақан қарқ-қарқ күлді. Келемеж күлкі, мазақ күлкі аузын ашса, көмейден гүрілдей төгілуге дайын тұратын тәрізді.
— Оның бәрі сөз. Сөз ғана, Бектемір. Адалдықпен пен тазалық Сталин кезінде жоғалған. Хрущев тұсында кқмілген. Қазіргі Леонид Ильич дәуірінде оның қабірі түгіл, исі де жоқ. Әйтпесе ол анау төсінде саусылдаған салмағы бір пұттан астам темірлерді адалдықпен алып жүр деп пең. Ал бізге сонысы керек. Өйткені өзі былғанған басшы өзгеге батырып айта алмайды. Сондықтан менің жаным қатты ашиды саған. Астында тақ-креслосы бар чиновниктердің бір де біреуінен тілектестік... қайдағы тілектестік... құлақ асар ілтипат көре алмай көзге түрткі боп, мүжіліп, үгітіліп таусыласың-ау! Өйткені сендейлерді инфаркт, инсульт тәрізді аурулар қуалап жүреді. Ал олар да жұлып түсе алмаса, онда дымыңды мүлде өшіртіп, тордан сығалатқызып қояды. О-о, ол әлгі бірін-бірі қолдаған, бірін-бірі асыраған, бірін-бірі құрметтеген, бірін-бірі өсірген сыбайлас-сыбағалас әкімшілік басшылық үшін түкіріп тастаудан да жеңіл. Ойға сіңбес, миға қонбас қайдағы бір желеуді мойнына... мен сені сендейлердің мысалы ретінде ғана айтып отырмын... мойнына бұғалықтай сарт еткізеді де, бұлқынтпастан, шырылдағанына мәз болып, күлкісі шырайланып, он, он бес жылға тұқыртып қа-ма-ай салады! Ал желеу ме... Желеудім небір адам сенбестік түрін ойлап табу мынау заң қорғау органдарындағы кейбір қомағай өңешті тергеушілер, соттар және прокурорларға түк емес. Мәселен, осы мына біздің "Коммунизм шапағы" колхозынан мыңдаған шақырым жердегі бір жап-жас қызды әлдекім зорлап кетсін дейік. Ал саған жала жабу қажет пе... яғни сенің көрмейтінді көргіш көзіңді құрту жоспарланды ма, онда осы "Коммунизм шапағы" колхозынан аттап шықпаған сен анау жарылмаған бүрді, ашылмаған гүлді таптаған, жұлып түскен жауыз боп шыға келесің. Немесе біздің "Коммунизм шапағынан" түу-түу қияндағы Қиыр Шығыстағы бір қалада автобус авариясы болды дейік. Сол аварияда бес, он совет азаматы опат болған дейік. Совет азаматтары өліп жатса, айыптыны іздемей, таппай, жазаға тартпай селт етпей отыратын советтің әділ заңы жоқ қой. Сарт еткізіп сені ұстайды да әкетеді. Әйтпесе, әлдебір адам нанғысыз жағдаяттардың әсерінен мынау біздің "Коммунизм шапағы" колхозындағы жасырын ферма ашылсын, жария болсын дейік. Әрине ол дәл осы заманда ақылға сиғысыз фантастика ғой. Жарайды, дүниеде не болмайды, осы қылмыс ашылсын дейік. Сонда оның кінәлысы кім? Сен, Бектемір! Сен — қылмыскер! Себебі қазіргі уақытта екі-үш куә табу — оңайдың оңайы. Ал әлгі куәлар сенің қызды зорлағаныңды да, аварияны жасағаныңды да, басқарманың басын шырмап, қолын байлап, жасырын ферманы ұйымдастырғаныңды да мойнына төндіріп қойып береді.
Ұзақ сөйлеп кеткен Мақан өзінің қызынып, артықтау айтып салғанын сезді ме, әлде тамағы кеберсіді ме, бір сигаретті ерніне қыстырып, француз оттығынан тұтатты. Сигаретті ысылдай сорып, көк түтінді көмейлеп жұтты. Содан соң тұншыға жөтеліп, көк түтінді мұржасы бітелген пештей аузы-мұрнынан бықсытты. Орамалын алып жас аққан көзін сүртті. Әлгіндегі қызулы екпін тұсында жіпсік көздерде көкшіл жылт ойнақшып еді, орамалмен сүртіп өткенде, әлгі жылтты да қоса сыпырып әкеткендей көздері мүлде күлгін тартып, бозарып қалды.
Бектемір Мақанның айтқандарына қарсылық қарсылық білдірген жоқ. Қайта бастығының дәл қазіргі жағдайды қолмен құйғандай суреттеп бергеніне таң қалды. Өзінің шарасыздығын ұқты. Үңірейген қуыс кеудесінің бүгінгі үрейлі, сезікті, күдікті әлсіреуімен ұғынғанда, жер бетінен шынымен-ақ, әділет, адалдық, тазалық біржола жоғалғандай күйзелді. Мынау алдында тұрған адам аздаған билігімен-ақ анау ту сыртындағы арқа сүйер сұрғылт жартастай еңселенген әкімшіліктің, бюракратияның қолдауымен еш уақытта жеңілмес... тіпті қылшығы да қисаймас жауыздық өкіліндей көрінді. Көк түтіннің арасынан сығалаған көздер әрі менмен, әрі тәкаппар. Тәңір көзі! Тағдыр көзі!..
"Өлтірсе қайтер еді!?"
Дір еткен денесі жүрек бұлқынтты. Соны бағып қалды ма, Мақан даусын кенеді.
— Қалай, айтқаным бойыңа сіңді ме, Бектемірім. Сен екеуміз бір-бірімізге мықтап байланғанбыз. Бір медальдің екі жағымыз. Ақ пен қарамыз. Күн мен түнбіз. Ал, сол медальдың қай жағы екенімізді ажырату — ең басты мәселе. Мен мысалы анау мықтылар қоғамы үшін әрқашанда медальдың өңі болам. Түстің ағы болам, тәуліктің күні болам. Қалғандары — сен, Бектемір. Өйткені бүгінгі тірліктің, тіршіліктің, қаракеттің, ағымның, әлеуметтік ортаның ұйғарымы солай. "Күлшелі бала сүюге жақсы" дегенді ерте-ерте ертеде бүгінгі сыбайлас сыбағаластықтың түпкі атасы шегелеп айтып кеткен. Біз — қарапайым орындаушылар ғанамыз. Қалыптасқан жүйе — экспресс, немесе заводтағы поточная линия — ағынды сызық. Ал, сен, Бектемір, зуылдаған экспресті құр кеудең тосып тоқтатуға болмайтынын түсінбейсің. Ал алда-жалда ал тоқтады дегенше бүкілелдік авария, апат басталады. Онда қаншама қырғын, қантөгіс болады. Сенің отызыншы жыңдардың репрессиясын қайталатқың бар ма? Түртпектеп-түртпектеп күл астындағы қоздан всемирный пожар тұтатпақсың ба әлде? Бүкіл елімізді, өркендеген социализмді қандай катастрофаға, қандай катаклизмге ұшыратқалы отырғаныңды білемісің? —
Мақан қайтадан ағындап енді философиялық жүйткулерге де шебер екенін танытқысы келгендей, философиялық сөздіктен жаттап алған терминдерімен қарсыласының шекесінен жаңғақпен ұрғандай солқылдататын әдетін тапқан еді. Бектемірге ентелей төнгені сондай, түкірігі бетке шашырады. Темекінің иісінен де бөлек сасық иіс қолқасын қапты.
"Бауыры әлде асқазаны ауырмай ма екен? Әлде осыншама білгішсінгенде аузын күнделікті тіс пастасымен жууды ескермегені ме? Жүрек айнытар иіс өзіне сезілмей ме? Әй, бұл не сезуші еді? Дүниеде құдайымсынған пенделердің көрсоқырлығынан сақтасын!"
— Сен тыңдамай тұрсың ғой, Бектемір...
— Баяғы белгілі әләулайыңды қашанғы тыңдай береміз. Сендердікі "қорыққан бұрын жұдырықтардың" кебі, Мақан. Дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын ештеңе жоқ. Бәрі өзгереді. Ендеше сен сенген, сен арқа сүйеген, сені тайраңдатқан мына әкімшілік жүйең де быт-шыт болады. Себебі бір ғана құдірет, шын құдірет — халық. Халық — алып. Ол бір сілкінбесін. Сілкінсе, сенің тақ-креслоларыңда тәңірім деп тәлпіштеніп отырған әкімсымақтарыңды тымақтай лақтырады. Анау... өзің айтқан а-на-ау жағыңдағы мықтыларыңнан... төсін саусылдатып орденмен сығыстырған тірі құдайларыңнан бастайды сілкуді. Дәл сол кезде менің қолым жағаңа жармасады, Мақан! — Бектемір бірте-бірте үдеп, даусын күшейте, денесін дірілдете бітірді сөзін.
Мақан тағы да қарқ-қарқ күлді.
— Ал мен сенің жағаңнан, міне, қазір алып, алқымыңды сығып тұрмын, Бектемір. Ақыры, ішкі қоябаңды ақтарып, қоғамға нағыз қас, зиянкес адам екеніңді өзің әшкереледің. Тіліңнен таптың, Бектемір! Ел билеген ұлы азаматтарға, партия, мемлекет қайраткерлеріне сенімсіздік білдірдің... сенімсіздік қана емес, саяси қателік жіберіп, оларды қылмыскерге баладың. Міне, сенің мойнына түскен тұзақ! — деп Мақан қойнынан кішкене магнитофонын суырып алды. Суырып алды да, қарақұстан соққылайтын қарқ-қарқ күлкіні қырылдап лықсытты.
Бектемір ыққан жоқ. "Түу, мынау нағыз саппас екен! " түңіле басын шайқады.
— Немене мені қорқытпағың осы ма? Шындықты айтқаннан қорықсам, баяғыда-ақ сенің тобыңа кірмес пе едім. Әй, Мақан, Мақан! Мынауыңа қарап, тышқаншалап қалғаныңды ұқтым. Сен мені қорқытам деп баланың ісін жасасаң, онда саған бір тықырдың таянғаны анық болды.
Мақан шімірікпеді.
— "Ұра берсе, құдай да өледі" деген. Сен менің ең бір кеуделі қарсыласымсың, Бектемір. Мен сені, әрине, әл-әзір аренадан тайдырмаймын. Тартыс-күрестен мақұрым болған соң онда мынау ғұмыр мен үшін біраз мәнін жоғалтар еді. Сондықтан мен сені әлсіретіп, жіңішкертіп барып, майыстырып сындырам. Сол үшін де тоқпақтауды да, төмпештеуді де, қорқытуды да, үркітуді де, шантаж жасауды да тоқтатпаймын. Тоқтата да алмаймын. Мен саған тәжірибе жасап жүрмін, былайша, ғылым тілімен айтсақ, сен менің, Бектемір, подопытный кролигімсің. Сен шырылдағанда менің жаным әндетіп тұрады. Сен қылмыскер деген сайын мені құрметтеушілер көбейе түседі. Сенің қалтаң тесілген сайын, менің жүз мыңдарым еселей түседі. Оу, сөйткен сенен мен өлерде айрылып, есектің миын жеді ғой деп пе едің.
Бектемір мына тәжікелесуден шаршайын деді. Жерге тастаған мысықтай қалай лақтырса да, Мақан аяғымен дік ете түсіп жауырынын жерге бір тигізбей барады. Қандай әккі, қандай маймақ! Бірақ қандай жауыз, қандай зұлым! Қалай ұстарын да, қалай шаларын да, қалай алқымдарын да және қай кезде, қай жерде езгілерінде бұлжытпайды-ау бір. "Құдайдан қорықпағаннан қорық". Бектемір жүзінде жасқаншақ күлкі тірілді. Кірпігі жыпылықтап, көзі тайсақтады.
"Өлтірсе қайтер еді?"
Осы бір өлермен ой тағы оралды. Оралды да, бұған дейінгі бүкіл ерегіс қайратты, бұлқыныс жігерді, қатулы қабақты ой-бойдан қуып шықты. Жасқаншақ күпкі ғана дел-сал болған дененің құрсауы босаған жүзінде қалқып тұрып қалды.
"Өлтірсе қайтер еді?.."
Кімге ақыл салғаны? Өзіне ме, өксіткен өміріне ме, өгейсіткен шарасыздығына ма? Ол арасын әлі түптей қойған жоқ. Түптеуге шамасы да, уақыты да бола қоймап еді. Өйткені жоңышқалы даланың алыс-алыс гүлінен адасып келген әлдебір жалғыз бал арасының ызыңындай бұл ойдың миына қадалғаны әлгінде ғана. Оны қалай өрбітеді? Қайтіп билік шығартар құдіретке айналдырады? Ол әлі белгісіз. Бүкіл айқас-шайқастан, күрес-тартыстан түк шығара алмай, мына Мақанның үнемі күш ала бергенін көрген соң, Мақанды Мақан еткен арамдықтың бел алғанын көрген соң осы бұлдыр ойы ең соңғы далбасасы — қарманар талы болмақ еді.
Жүзінде кілкіген жасқаншақ күлкі кілт жоғалып, енді аяушылық қарас оянды. Әлгі миды шаққан қасіретті ойдың түптің түбінде аяусыз кесік жасайтынына сене бастағаны сонша, енді Мақанға деген өшпенділігі солқылдай түскен тәрізденді.
— Аяймын сені, Мақан! — Іштегі күй еріктен тыс тілінен шығып кеткенін байқамады.
— Ал, мен аямаймын. Себебі ме, Бектемір? Себебі, "жауды аяған жаралы". Әр нәрсеге де табандылық сондай қажет. Жауластың ба, өшпенділігіңді азайтпа. Өтіңе қатқан қанды жібітпе. Былқылдадым дегенше, жеңілдім де де, қол қусыр.
Мақанның жіпсік көздері індете қадалды. Бектемір әжептәуір қуыстанды. "Әй, мынаның көріпкелі бар ма? Адамның ішіндегісін оқып тұрғандай сөйлейді. Аямаймын дейді. Әрине, аямайды... Апырай, Қобланжанға осының назары түсті ме, түспеді ме? Манаты жүрегімнің сезіктене шоршуы тегін емес".
Бектемір кетуге асықты. Енді мынау Мақанға қарайлауға да, кідіруге де болмайтын тәрізді. Әлденеге шыдамсыз асығуы бар. Бұған дейінгінің бәрі болымсыз ғана нәрсе сияқтанды да, ендігі алдағы болатын, күдікпен күткен қорқынышы бүкіл ой-дәрменін билеп алып кетті.
Мақан бригадирдің соңғы құбылысын да аңдап қалған-ды. Бектемірдің сұрғылт жүдеу жүзіне қадауланып өсіп кеткен сақал-мұрттың екі күндік тікенекті қылына қарап тұрды да, басын шайқады.
— Ия, Бектемір! Сақал-мұртыңды неге қырып жүрмейсің?
— Ә-ә?!
— Сақал-мұртыңды неге қырмағансың?
Бектемір иегін сипады. Апырақтап Мақанға қарады. Санасына енді ғана жеткендей иек қақты.
— Алмаппын, ә...
— Әр нәрседе ұқыпты болған дұрыс, бригадир жолдас. Колхозшылар бізден үлгі алады. Бригадирдің жақ жүні үрпиіп, түгі бозарып жүрсе, несі бригадир,несі тәрбиеші. Сен бұдан бұлай сақалыңды қырып жүргін, Бектемір.
Досына, не інісіне ақыл үйреткендей сабырлы. Досының не, інісінің қамын жегендей мейірбан қарас жұмсақ дауыспен үйлесті.
— Жүр, біздікінен шай ішіп шық
— Ә-ә, шай деймісің?
— Ернің кеберсіп кетіпті. Соған қарағанда бүгін нәр сызбағаның анық, Бектемір. Бұл жаққа... біздің көшеге көп келе бермеуші ең, осындай реті келгенде ағаңдікіне бас сұққанның айыбы жоқ.
"Бұл қай қыры? Ойыны ма, шыны ма?" Әрине, табақ аттайтын қазақ аз. Оның үстіне мына Мақанның жұбайы — Рысты Бектемірмен он жыл бір партада отырған кластасы. Ниеті сондай адал. Көкірегі таза. Мақанға қалай тап болғанына бәрі әлі күнге қайран. Рыстының осы Мақанды сол кезде-ақ суқаны сүймейтін. Мақан Рыстыға әйел деп қана қарайтыны, жұбай деп санамайтыны ауылға түгел белгілі. Жесір әйел, жеңілтек қыздармен оңаша кездесу, оңаша қонып қалу Мақанның машығына айналған әдет. Дәл сол оңаша кездесулерге арналған "Рахатхана" саяжайы бар. Ол — кеңсе тілінде "резиденция" аталады. Аң аулауға, дем алуға, көңіл көтеруге ауылға шығатын аудан, облыс, кейде республика мықтыларына арнап әлде колхоз, әлде аудан, әлде облыс салғызған. Дөкейлер қашанғы сабылсын. "Рахатхананың" рахатын көретін Мақан. "Рахатхананың" рахатын көретіндер — Мақанның сыбайластары. Мақан осыдан төрт-бес жыл бұрын Қарағандыға барған. Қаракөл терісін содан бері өкіметке жоспармен бір өткізсе, бұрын Қарағандыдағы мехкомбинаттағы "тамырына", қазір сол "тамырдың" басқа жердегі тамырына екі өткізіп, табыс көзінің тағы бірін тапқан.
Жә, ол тірлігі, Мақанның ол "іскерлігі" өз алдына. Оған Бектемір мүлде қол сілтеп қойған. Себебі Мақан жоспардағы өткізілетін қаракөл терісін бұлжытпай орындайды. Ал, қаракөл егіз қоздамай ма, қозы өспей ме, жоспар көбеймей ме. Әрине, егіз де туады, қой басы да көбейеді. Бірақ колхоздың елтірі беру жоспары жыл сайын бір мөлшерінен артпайды. Арттырмайтын құдірет сонда Мақанда ма? Мақанның аудандағы, облыстағы... әлде астанадағы алқалаушыларында ма... Дәл ажыратып атау Бектемір түгіл КРУ қызметкерлеріне де қиын тиер-ау.
Әй-әй, жүйткіген ой бірден бірге секіргіш-ақ. "Рахатхана" демекші, Қарағандыға барып келгеннен кейін осы Мақан ерекше өнер бастады. Сол-ақ екен, қара "Волгалар" сенбі, жексенбіде "Рахатхананың" кең ауласында қаңтарылатын болды. "Рахатхананың" маңайынан қарапайым халық жүре алмайтын болды. Тас жолдың бұрылысындағы "Рахатханаға" тік тартар қара жолдың үстінде де милиция тұратын болды. Біреу емес, бірнешеу. Сол түсі суық, сөзі аз сақшылар анау-мынау жүргінші, жолаушы, малшы, аңшы тәрізді... аяғы бар, аяңы бар, алаңдатар шаруасы бар жан аз ба... қараңдағандарды қалпағына қадалып барып қайтқан оң қолдың қимылымен шақырып алып, "Рахатханадан" оқ бойы қапталдастырмай қайырып, қайтарыл тастайтын болды.
Бектемірге "Рахатханаға" барудан, Айға бару оңайлау... Әрине, Айға бару да қиял ғана ғой. Сол себепті "Рахатхананың" рахаттарын біле бермейді ол. Алыпқашпа сөздер әлі күнге асырып айтса да, көпіртіп жеткізсе де, дүңк-дүңк тарап жатады.
"Рахатхананың" атшаптырым моншасында атақты-атақты адамдар жалаңаш жүреді екен, жалаңаш отырады екен. Жалаңаш жантайып жатып ас-су ішеді екен!"
"Рахатханада" жалаңаш жүретін жалғыз атақтылар... дөкейлер ғана емес екен, аппақ денесін шашымен жапқан жалаңаш қыздар да бар екен. Апырай, ә, сонда бұрымы тірсегін соғатын сұлуларды қайдан десеңші? Бүгінде шашы сексиген, көзінің асты көгерген сұмпайылары көбейіп кетпеді ме?"
Астапыралла! Естімеген елде көп деген осы да! "Рахатханада" шампанға шомылып, арақпен жуынады деседі! Тәңір шебер-ай, сонда жұрт емге де таппайтын соншама шампанды қайдан алады екен, ей!"
"Рахатханада" өткенде побірді сон-а-ау Мәскеуден алдырған көрінеді. Сол пөбір бір тағамды пісіру үшін керек-жарақты Алматыдан әкелдіріпті! Әне, мықтылық!
"Ойбай-ау, біздің Мақанды білмейтін бүкіл жер-жаһанда ешкім жоқ көрінеді. Тіпті "Рахатханаға" әлгі Желдібай дейтін жазушы да келіп қонақ боп кетіпті. Мақан дәуірлеп тұр ғой! "Мұрның бар да сіңбір!" деген. Не дегенмен дүние екі айналып келмейді, осы Мақандікі ақыл. Жырғап қалғанға не жетсін".
Бектемір қалшылдады.
— Үйің де өзіңе, шайың да өзіңе... "Рахатханаң" да өзіңе!
— Әй, "шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың" демеуші ме еді, — деп Мақан жымиды. Манадан Бектемірдің қандай ойларға малшынғанын да қалт жібермепті. — "Рахатхананы" да көрсетейін бүгін. Қыз-қырқынға қырсыз екеніңді білем. Мынау дегенінің білегінен ұстатайын. Қалай, Айғаншадан қорықпайтын болсаң, келсабыңның келі тоқпақтайтын қауқары баяғыдай ма әлі?
Бектемірдің Мақанды жатып тұрып боқтағысы келді. Бірақ қапелімде мына тоғыз қабат торғауыт кигендей тұла бойына түк дарытпас неменің талағын тарс жарардай дүмпулісі аузына түсе қоймады. Жеңіл-желпісімен әуреленуді ар санады. Қолын бір сермеді де, бұрылып жүріп кетті.
— Әй, тоқта!
Дауыс қатқыл емес, бірақ қажырлы естілді. Бектемір қайырылып тоқтады.
— Сені іздегенімді бітірмеппін. Бері жақында. — Мақан қолын бұлғады.
— Иә, немене?.. Әбден қадалдың ғой жаналғыштай-ақ! — Бектемір ойындағысын айтып салды.
— Мә! — Қойнынан суырған орауды ұстата салды. Ұстата салды да, бас изеп кейін айналды. Бектемір соңынан дауыстады.
— Бұ не, Мақан?
— Үлесің!.. Еңбегің сіңген. Қорықпа, ала бер.
Бектемір орауды ашты, қып-қызыл он сомдықтың бір бумасы, бақандай мың сом! Дәл осындай көлемді соманы, әй, ұстап көрмепті-ау бұрын. Қолын күйдіріп бара жатқандай қысылып, жан-жағына қарады. Көшеде адам аяғы сирек. Сонау бас жақ шеттегі екі-үш бала демесе, тіпті адам жоқ. Мақан үйіне жақындап қалыпты.
"Неге берді?! Үлесің деді ме? Қандай үлес? Ненің үлесі? Еңбегім неменеге сіңіпті? Бұл Мақанның қай тұзағы"
Тұзағы... Бектемір қылғынғандай жағасының түймесін жұлқа ағытты. Орауды қайта бүктеді.
"Үлес дейді, ә! Сонда мына мені арамына сыбағалас етпек қой. "Аузыңа тықтым, көмейіңе кептедім, енді былқ етіп көрші, қане!" демек қой. Әй, арамсың-ау, Мақан, арамсың-ау! Әй, зымыстансың-ау, Мақан, зымыстансың-ау! "Алтын көрсе, періште жолдан таярды" сендейлерге айтқан, сендейлерге ғана".
Осы пікірге тірелгенде денесі ширады. Жүрісі қарқындады. Мақанның соңынан ентіге адымдады.
— Әй, Мақан! Уай, Мақан!
Мақан қанша көкірек кергенмен ол да адам, көшені басына көтеріп қарапайым колхозшының даңғыраған даусымен қарапайым жандай бұны төмендетіп, төпелеп шақырғанын, әрине, жақтырмайды. Жақтырмаған соң, ананы бақырта беруді қолай көрмейді. Ендеше тоқтайды. Тоқтайды да тосып алады.
— Не боп қалды, Бектемір! — Даусы шыны уатқандай шытынады.
Бектемір орауды қайта ашты. Қызылала он сомдықтың бумасын Мақанның көз алдына тосты.
— Мынау не?
— Өй, ақша көрмеген сорлы! Сыйды білмеген, сиыр! Неменеге өкіріп-бақырып келесің? Мен сенің құзырыңа зәру ма ем. Қажетіңе... бүгінгі..ертеңгі қажетіңе жаратсын деп... — сөз аяғын жұтып жіберді. — Кет!Құры! Көрінбе көзіме!
— Ақыра бер, Мақан! Мен бақырудан, сен ақырудан тыйылмайсың. Бірақ сен менің адалымды арамыңмен сатып ала алмайсың! Мә! Өзің қақал ауызбастырығыңмен! Өзің былған! — деп ақшаны лақтырып кеп жібергенде қызылала он сомдықтар шашырай ұшып, Мақанды көміп кетті.
* * *
Үйіне соғып еді, Айғанша сол қырсыққан күйі әлі тұрмай жатыр екен. Айранға нан турап жеп отырған Алпамыстың өкпесі тарқай қоймаған ба, әкесі келіп кіргенде тостағанын көтерген бойда төргі үйге, шешесінің қасына кетті.
Қанша дегенмен әйелі қыбырлап жүрмеген үй қаңырап қалатыны рас. Қоқыр-соқыры, жиналмаған киім-кешегі, ыдыс-аяғы ыбырсып араласып есіктен төрге, төрден есікке дейін шашылып жатады.
— Бұ кім, әй? — деп Айғанша жатқан жерінен ыңырана дауыс созды.
Бектемір қыңыратқыды. Әйелінің әйкәпірлігі бұның да арқасын құрыстырып, қайдағы бір ашу-ызалы өкпесін күшейтті. Дыбыс берген жоқ. Алпамыстан кім келгенін естіген соң, Айғаншаның әлденеге ыңқылдауы көбейді.
"Жатысын салдақының! Неменеге кергиді? Апыр-ау, соншама не бүлінді? Ұрсам, өз баламды ұрдым. Бүтінді бүлдірме, жаңаны тоздырма дегенім бе? Әрине төбеден нұқығаным ағаттық болды. Бірақ сол кезде Қобландыжанның белдігін... керексіз боп қалғандай.... Иесіз заттай-ақ кескілеп жатқан соң жанымның күйіп кеткені рас. Әр нәрседен секем алғыш жүрек соның өзін жаман ырымға бастайтындай көрмеді ме? Әйтпесе Алпамысты неге ұрайын. Ал, өзі тұлыптай боп төңкеріліп жатып алғанда, маған не істеймін дейді, ә".
Жетімсіреген көңіл әлдекімді іздейтін тәрізді. Әлдебір алақан жылуын маңдаймен сезінгісі келетін тәрізді. Қабақпен түсінісетін қайран жастық ұзағаның ба? Көңіл күрсінгенде кеудені бірлейтін құрбы-құрдастың жылы жүздері енді оралмай ма? Өткені ме? Тұстастарының үйлеріне баяғыдай ентелеп жетіп бара алмайтын халге қалай душар болған? Бірінің есігін бірі қақпайтын оқшаулану қай кезде пайда болған? Неге бармайды? Неге кірмейді? Неге қашқақтайды? Неге бір-біріне сырын-шеменін ақтарып тастап, қайғы-мұңын бөліспейді? Өскелең мәдениет шарпуы осы ма? Әр от басында бір-бір радио, бір-бір телевизор. Әркім радиосын оңаша тыңдап, теледидарын оңаша көріп, өз қуыстарында тығылып-жасырылып отырғандары. Несіне тығылады? Несіне жасырынады? Бұдан да аш кезде, бұдан да кедей кезде, бұдан да тар кезде бірінікін бірі бөліп ішіп, бірінің шаруасын бірі істей салып, бірінің қуанышын бәрі қуана қызықтап, жаныңды құлазытар меңіреу жалғыздық дегеннің не екенін білгізбеуші еді-ау! Әлде мына бір-бірінен үркуі, қашқақтауы — Мақанның колхозшыларды бірін-біріне аңдытып, бірін-біріне салып қойған жымысқы әрекетінің салдарынан ба екен? Солай болуы да ықтимал-ау. Екі адамның басы қосылса, үшінші біреудің елеңдеп тың тыңдай қалуы бұрын болмаған жәйіт емес пе еді. Кім өсекті көп тасыса, кім кімдерді көп жамандаса, кім кімдердің қандай ойы барын Мақанға, Мақандарға жеткізіп отырса, колхоздың бар қоймасына, бар қазынасына таяулау болады. Ең болмағанда бармағы майланады. Отылын өзгелерден ертерек алады. Шөбін өзгелерден ертерек түсіреді. Зәру бұйымның сыбайластардан артылғанын қойынға тығады. Тіпті болмаған күнде Мақанның езуі бұған қарай бүліне қисаймайды, Найманқұлдың бүлік қамшысы арқасында ойнамайды. Бір-біріне қатынамаудың, бірімен-бірінің араласпауының, әй, басты себебі осында да шығар. Әйткенмен де адамдардың пиғылы өзгеріп кеткен. Мүлде өзгерген. Күншілдік дейтін ауру мына жайын даланың бүкіл өңірін жайлаған қан ауруынан да, рак ауруынан да, туберкулез бен бруцеллезден де, гепатит пен анемиядан да асып түскен дертке айналды ғой. Оған дауа жоқ. Ем жоқ. Тән дерті жазылар-ау, Әй, жан ауруы... уланған жанның кеселі жуық арада шипасын тапқызбас.
Бектемір Қатираның есігінің алдында тұрғанын тұтқаға қол созғанда бір-ақ байқады. Ойланыңқырап тұрып қалды. "Неге келдім деймін? Бүгін көрмесем, онда сөз басқа... Азанда көрдім".
Бұрыла бергенде Қатираның даусы естілді.
— Неге кірмей барасың?
— Ә-ә, иә... Кірем ғой. Кірмей...
Жоғары шық, Бектемір. Сенің де осы үйдің табалдырығынан аттар күнің болады екен. — Қатираның қалжыңы да ширығып тұрған жүйкені үзіп і жіберердей дың еткізді.
— Қатира-ай, енді сен де қағыттың ба?
Бектемірдің жаны ауырып келгенде, осал жерінен түртіп қалғанын ұққан әйел жуаси күлді.
— Түу, Бектемір, өзімсініп жатқаным да өзіңді. Өкпені әйтпесе кім көрінгенге айта беруші ме еді. Келгенің жақсы болды. Балқаймақ қайнатып жіберейін. Ал, сен, Бектемір-ау, менің бір тілегімді орында.
Бектемір әйелдің бетіне бақырайып қарады. Қасына жанасып кетсең, желкеңе шығып алуға тырысатын осы ұрғашылар қауымының сырын алудан қиын не бар екен? Күліп тұрып та жұлып тұратын сығыр-ау шетінен.
— Немене, шошып кеттің бе? Шошыма, Бектемір.Сенің домбыра тартқаныңды көптен бері көргем жоқ. Адам көңілі кейде әлдекімді аңсап, сағынып тұрады. Әлдебір мейірімді іздеп бұлқынады. Сондайда мен сенің домбыраңды естігім келеді, Бектемір.
Бектемірдің жүзі жылыды. Ішінен: "Дәл менің бүгінгі халімді айтып отыр. Бұл да күйзеледі екен-ау. Е, күйзелмей... Жиырма екісінде жесір қалған, содан әлі жалғыз. Ешқандай өсек-шуы білінген емес. Неткен төзім! Анау төсектің ызғары-ақ аласұрған жүректі мұздатып бітті де. Қайта өзі мықты. Балтаны жалғыз өсіріп, әне, Москвада оқытып шығарды. Ал, біздің Айғанша..."Көңілі бұзылып барып, қайтадан сабасына түсті. Қатираға күлімсіреп бас изеді.
— Рас, рас, Қатира. Көңілдің қобалжитыны болады. Жалғызсыраған көңілден жаман нәрсе жоқ. Әкел, берші домбыраңды.
"Күні бойы домбырам ойыма қалай келмеген?"
Құлақ күйді тез қайырған Бектемір қалақшадай ғана аспапты күмбірлетіп сөйлетіп бір кетіп еді... Аһ ұра күрсінген кейуана шерлі көкіректен зарын төкті Уілдеген сәби ақ бесіктен былдырлап дыбыс берді. Еңіреген жар ботакөзден сыққан жасымен жап ыңқылын кең даласына таратты. Сақалы желбіреген аппақ қудай қария қарлыққан үнмен басу айтып, кәрі кеуденің дірілді батасын ағытты.
Мынау "ә" деп жүйткіген күй, өзге күй, тосып күй... әлде Бектемірдің дәл қазіргі ширыққан көңілінен ақтарылған төлтумасы... Қатираға ана зарымен, сәби уілімен, жар ыңқылымен, қария сабырымен құлақтап кіріп, бойын билеп алды. Дүниенің мәңгілік дүниенің өткіншілігін баяндады. Мәңгіліктің адам санасында түнейтінін, өткіншіліктің адам күйігімен қоса жүретінін сездірді. Мәңгілік үні — домбыра ызыңы енді тұтас сарынға әлгі зар мен уіл, ыңқыл мен дірілді дыбыстардың бірігіп ышқынған хорына айналып дүбірлеп кетті де, қиялап барып-барып, дөң асқандай жоғалып, өшіп кетті.
Қатира сұқ саусағымен көзінің алдын сыпырып сүйкеп алды. Саусаққа дымқыл білінді.
Тынши қалған саусақтар қайтадан сағақтан шанаққа, шанақтан сағаққа құлдилап атылды, жүгіріп-ойнақтады, ілбіп-баяулады. Домбыраның шанағынан өткен күндер елесі тірілді. Өткен күндердің лебізі төгілді. Өгейсіді, өксіді, өкпеледі. Күңіренді, күйзелді, қамықты. Шамырқанды, ширықты, шарықтады.
Қарағай тақтайға тағылған екі ішек замана үні боп сөйлеп кетті, сайрап кетті, шешіліп кетті. Бойға қуат берді, жанға жігер құйды, жүректі жалынға араластырды. Қатулы қабақтың астынан бұлттан шыққан күндей боп жылыған көздің мейірлі ұшқыны ойнады. Еміренген жүзде байырқанған көңілдің тәубасы қалқып шыға келді.
Он саусақ — құдірет. Дүние дүние боп жаралғалы қайғы мен қуаныштың егіздігін, күн мен түннің егіздігін, өмір мен өлімнің егіздігін, жақсылық пен жамандықтың егіздігін, ізгілік пен жауыздықтың егіздігін көлденең тартты. "Бүгінгі мұңың ертеңгі қуанышыңмен алмасар, уайымыңды шаттығың қуып тастар, ешуақытта үміт үзбе, сенімнен айрылма, жігерді жасытпа дейтін қайрауын кеудедегі жүрек дүрсілімен үйлестірді.
Қатира Бектемірге қарады. Бригадирдің қой көздері күлімдеп отыр екен. Бір кездегі Мұқатына ұқсап... ұқсап қоя бергені... Дәл сол боп, сол өзінің Мұқаты боп көзі күлімдеп қарсы алдында отыр!
“Не болды маған? Сайтан азғырып, көңіліме желік кіргізгеннен cay ма? Бектемір ғой... Мұқатым емес. Бірақ неге ұқсап кетті? Неге ұқсайды? Мұнда қандай гәп бар? Бұрын онша ұқсамаушы еді ғой. Мүлде ұқсамайтын. Бүгін ұқсады. Өзім ұқсатып отырмын ба? Еркек аңсаған тұл дененің дәмегөй талабы шығар. Қарайған көздің шатастырғаны болар. Қой, қой, Қатира! Соншама жыл тас боп келіп, енді жібігенде табарың не? Неге бұзылдың, неге бүліндің бүгін? Күй ме? Күйші ме тас қорғанымды быт-шыт қиратқан? Кеудемнің тас қақпасы құлап түскені ме? Неге ұқсайды? Тіпті күлімсірегені, көзінің қиығымен жалт еткені айнымайтыны қалай? Неге қарай берем? Анау Мұқатымның бір кездегі өңінен... қайталанып, елестеп көрініп тұрған кескінінен көз аудармауым қалай? Әлде өзімді-өзім алдаймын ба? Шынымен алдап отырмын ба? Бірақ неге ұқсайды? Кәдімгі тірі Мұқат боп... соның риясыз күлімсірегеніндей боп неге елжірейді? Күй тілімен кеудемді ұрғылап, сол бұрынғы жабық кеудемнен неге тілеулестік іздейді? Тапқан сияқты ғой. Неге қақпаймын түртінектеген саусағын? Сабырсыз, ұятсыз жыбырлақ саусағын? Соншама үздіккенім қалай? Өзім... өзім емеспін бе өңмендеп тұрған? Әй, еркімді түгел билеп алды-ау мына бір күй! Жылайын ба? Ағыл-тегіл жыласам ба екен? Жас шайтан іштің жаңғыруы мүмкін-ау. Күлкім келеді ғой. Сақылдап бір күлсем... бүкіл мұз боп... тоң боп қатқан қайғы-шерді айдап тастар ма ем. Буып әкетіп барады!.. Калшылдатып әкетіп барады!.. Неге ұқсайды? Мұқатым ба мынау? Бектемір ме? Неге ажырата алмаймын. Ажыратқым келмейтіні қалай? Аяқ астынан дәл осылай өзгере қалуымның себебі не? Жұбату күткен жарты көңілдің жасқаншақ әдетінен бе? Мен... мен мынау Бектемірдің де бүгін жасып, жабырқап келгенін сездім ғой. Сездім. Дәл өзім сияқты бұның да қоңылтақсыған көңілін сипап жадыратар жылы қабақ, мейірлі алақан іздегенін көзінен ұқтым ғой. Мүмкін содан да мынау қалжыраған өз ішім Бектемірдің бүгінгі күйімен үндес боп, қоса үйлесіп кеткені. Әлде мына сиқырдай арбаған он саусақтың құдіреті ме? Күймен буып тастайды дейтін қауесет рас-ау. Рас! Еркімді мүлде байлап алды-ау. Әйтпесе Мұқатқа мынау Бектемірдің қай жері ұқсайды? Бәрі-бәрі ұқсайды! Күлгені ұқсайды. Жымиғаны, томсырайғаны ұқсайды. Адалдығы, ақ көңілділігі ұқсайды. Тіпті домбыраны алдына өңгергені де бірдей... Бірдей болмай... Бәрін, оқушыларын: Бектемірді де, Мұқатты да марқұм Балмағамбет мұғалім үйретпеп пе еді. Мектеп оқушыларынан ол құрған хор, ол ұйымдастырған домбыра оркестрі ауданда бірінші орынды ешкімге бермеуші еді-ау. Қазіргі жастар домбыраға онша әуес емес... Бір кезде гитараны дарылдатушы еді, енді оны да қойды... Ал, мынау Бектемір Мұқатқа ұқсайды... Шіркін-ай, бір ғана сәтке соның, Мұқатымның өзі болар ма еді. Зарымды, сырымды айтар едім. Мұңымды, шерімді айтар едім. Күйімді, күйігімді айтар едім... Жоқ, жоқ! Айтпас едім бірін! Қуаныштан гүл-гүл жайнап, ән шырқар едім! Кеудемнен шуақ төгер едім! Кеудеме шуақ құяр едім! Аймалап, аймалатып... мына іштегі тоңды... мұз тонды жібітер едім... Мұқатым!"
— Мұқаты-ым!..
Күй үзілді. Саусақтар тыншыды. Бектемір Қатираға жалт қарады. Қатира күрсінді. Жылармандай боп күлімсіреді.
— Қап, бекер тоқтаттың-ау!.. Көңіліме көп нәрселер оралды... Жо-жоқ, көңілім бұзылған жоқ. Қайта іңкәрлік таптым. Ойбүй, саған балқаймақ қайнатып берем деп... Өзім әлі отырмын.
Дастарқан басында да енді екеуі онша көп сөйлескен жоқ. Қаймақтан да Бектемір жарытып жеген жоқ. Тәбеті ашылмай, сұйық шайды ғана ысылдай сораптайды.
Екеуінің бірін бірі түсінетіні сондай, тіпті біріне-бірі қарамай-ақ не ойлайтындарын, не ойлағанын сезіп отыр.
— Әй, Бектемір, сен бекер жүдей берме. Адамды ой қажытады. Серпілмесең — босатпайтын ұйық ол.
Бектемір бас изеді. Қатирамен күдігін бөліскісі келді. Жан азабын түсінетін де бөлісетін біреу табылған тәрізді.
— Дұрыс айтасың, Қатира. Бірақ ойламайын десең де, қойлы-қонышыңа кіріп алып, соңыңнан қалмайды.
— Ауыр күрсінді. Маңдайдағы көлденең сызықтары тереңдеді. — Еңсемді басқан бір күдік... жүрегімді азаннан бері шабақтауда... Әй, содан қорқам! Әбден қорқып біттім бүгін.
— Ол не? Неге мүжисің өзіңді? Еркек емессің бе, сендер босасаңдар, біз кімге сүйенеміз?
— Сыйынатын пір, сүйенетін тәңір бар ма? Қалды ма солар? Пірің де, тәңірің де қазір — Мақан. Мақанның қолдаушылары болып тұр ғой. — Бектемір кесесін төңкерді. Кейін сырғып жотасын қабырғаға сүйеді.
Дәл сол кезде сырттан шаң-шұң еткен тәрізді, дауыстап жылаған тәрізді үн... жан шошытар дыбыстар естілді. Бектемір дір-дір етіп, түсі бозарып, ұмсынып тұра алмай, ұмтылып тұра алмай жатып күбірлей берді:
— Әй, болды-ау!.. Ақыры болған екен-ау! Өшірген екен-ау...
— Не? Немене, Бектемір?! — Қатира ұшып тұрып Бектемірді демеп көтерді.
— Қобландыжан, балам!.. Ұлым! — кемсеңдеп жылап жіберген Бектемір сылқ шөкті.
Үйге тасырлатып әлдекім кіріп келді.
— Ау, Бектемір! Бүкіл ауылды шарлап іздеп жүрсек!.. Жалпиып отырысың мынау... Ана жақта... балаң!... — Келген адамның үні өшті.
Бектемір лезде қатайды. Орнынан ширақ атып тұрды. Келген адамның ендігі сөзін тыңдауға ықылас білдірместен сыртқа ұмтылды.
3
— Бектемір, ауыр қаза, жас қазасы иығыңа батты. Қайтесің, күйінесің де көнесің. Көтересің. Дәл бұлай болар деп, әрине, кім ойлаған? Бірақ біреудің қазасы оттан, біреудікі судан дегендей... әуелде жазуы осылай болған соң кімді кіналағандаймыз. — Малдасын құрып алып, қоңыр шляпасын шаңырақтай ғып төбесіне төңкерген Рахметбек шал — Сүйменқұлдың әкесі есіп сөйлеп отыр. — Көз алдында кеше ғана жүрген ұлыңның жансыз денесін көруден қиын не болсын, шырағым. Бәріміздің де қабырғамыз сөгіліп-ақ отыр. Қобланды бала сенің ғана емес, ауылдың маңдайына симай кеткен қыршын...
Рахметбек кәдімгідей егілді.
Бектемір қатайып алған, көзінен жас шыққан жоқ. Ана жақтағы Айғаншаның әрнені бір айтып дауыстап жылағанын естіген сайын бүкіл денесі сіресіп, санасында тек қана "Кек алу! Мақанды өлтіру керек!" дейтін жалғыз ғана тілек тұрып қалған. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан кісілерге анда-санда ерінді қимылдатып қана ырым байқатады да, тас құдайға айналғандай бедірейген қалпын өзгертпей сұсты жүзін есіктен айырмайды.
"Келе ме, келмей ме Мақан? Әй, бар сұмдық содан. Өзімді... мені атпай өзегімді суырғанын қарашы. Қансырап өтсін дейді-ау. Айтты ғой, мана. Әлсіретіп, қансыратып, майыстырып сындырам деп. Сындырды, міне. Нем бар енді мен қимайтын бұл тірлікте. Қобландыжанды қалай қиды екен? Адалдық осылай опырыла бергені ме? Келе ме, келмей ме, Мақан?"
Мақан түсін төменшіктендіріп кіріп келді. Қасында Найманқұлы да, Бердені де, Хайролласы да жоқ. Мақан қасында еңіреген Гүлбадан бар. Мақан қасында еңіреген Гүлбаданды сүйеген Рысты бар... "Гүлбадан!.. Мақанның ақборықтай мәпелеген Гүлбаданы?! Неге жылайды?.. А-а?! Сонда... Қобланжанның қазасы қабырғасына батқаны ма?"
Егілген, еңіреген Гүлбаданның нәзік даусы кенет "Қобландым!" деп шыңғырып жіберді. Гүлбадан шыңғырып жібергенде Бектемірдің ширыққан жүйкесі, қатайған денесі бой-бой босады. Көзден жас парлады, кеудеден өксік атылды.
Рысты Бектемірді бас салды. Рысты дауыс қылды. Рысты Қобландыны жоқтады. Шын көңілден жоқтады. Өз ұлындай... немесе күйеу баласындай қайғырды.
Шерлі жүрек қасіретке ортақтасқан қамкөңіл жанды қапысыз ажыратады. Бектемір Рыстының құшағында ағыл-тегіл жылады. Иығы селкілдеп, кесек-кесек жастары тоқтаусыз домалап, қапыда қазаға ұшыраған ұлын аңсап... іздеп... жоқтап жылады.
Мақан Рыстыны ауыстырды. Төсін Бектемірдің төсіне тигізді.
— Берік бол, Бектемір!
"Әй, мынада бір шайнам ұят қалмаған бе? Ең болмаса осы қазір үндемей-ақ отыра кетсе ғой... Құлақшекеден қонжитып, сонан соң бәкіммен тамағынан орып жіберсем бе?.."
Көзі оң жақта не отырмай, не ешкіммен көрісе алмай солықтап, жанымен күрсініп, өксіп тұрған Гүлбаданға түсті.
"Менен де гөрі сенің қайғың қатты болғаны ма, қызым? Мынандай тас бауыр әкеден жанын нәзік боп қалай тудың? Қобланжан енді маған да, саған да бір рет қарай алмайды, қызым! Аңырап артында қалдық, қызым. Обалын әкеңнен көр, қызым. Еңірегенде етегіңді жасқа толтырған әкеңнің қатігездігіне, қанішерлігіне қарғыс айт, қызым!"
Кімді құшақтап, кіммен көрісіп тұрғанын ұмытты. Кәдімгідей дауыс шығарып солқылдай булықты.
"Мынаған не болған? — деп Мақан құшақтан құтыла алмай, айыратын адам іздеп Бектемірдің иығында жатқан басын бұрғыштап, алақтап қаранды. — Есінен адасып-ақ қалғаны ма? Әлгінде соншама неге қорықтым? Бектемір емес — тұп-тура ажал аранына кіретіндей есіктен әрең аттап ем, бәрі бос әурешілік екен-ау. Мынау боркемік екен ғой".
Мақан Бектемірді итеріп тастап, төрге озды да, ысырылған шалдардың жуан ортасына барып, құйрық басты.
Мақан тамағын кенеді.
— Қобланды желкілдеп келе жатқан келешегіміз еді. Мынау колхоздың ертеңгі басшысы еді. Тағдырға не шара... — деп күмілжіп қалды. Сол кезде көзі Бектемірге түсіп кетіп еді, ананың қосауыздың ұңғысындай қадалған көздеріндегі ызалы кек улы жиіркеніш тұлабойын шымыр еткізді. Тайсақтап жүзін бұрып әкетті. — Қобланды сондай еді... Арыс еді... Мен ауданға телефон соғып, прокурорға, милицияға хабарладым... Жазым оқ па... басқа оқ па — тексерту керек...
Рахметбек шал қайта-қайта бас шұлғыды:
— Жөн... жөн, Мақанжан. Тексергені дұрыс.
Шуылдап біраз дауыс қосылды.
— Қобландыны жоқтаусыз қалдырмаймыз!
— Бір емес екі бірдей оқ жазымда оқыс тимейді.
— Гәп бар!
— Кәдік бар, кәдік!
— Найманқұлдың жүрген жеріне шөп шықпайды!
— Хайролла да сау сиырдың жапасы емес.
Мақан қатуланды. Езуі қисайды.
— Жә! Көп шуылдаудан не шығады. Бас жоқ, көз жоқ айқайлап қалған халықпыз. Ақ-қарасын айыратын орын бар, орган бар. Бектемір!.. — Тура қарауға бата алмай, бетін бұрған болды. — Бектемір, қабырғаңды қайыстырған қазаңа ортақпын. Біз емес... балалар бірін-бірі ұнатқан екен. Амал не, олар да, міне айырылды.
Гүлбаданның жылауы, солықтауы күшейді. Бектемірге Гүлбадан Қобланжанның аманатындай сезілді. Тұрып барып иығынан құшақтап, маңдайынан сипап жұбатқысы келді.
— Бектемір! — деді сөзін жалғаған Мақан даусын мүлде қатайтып. Өзіне өзі келе бастаса керек. — Бір-біріне қарайласу — ата салты. Міне, мынаны аз көрмей, қажетіңе жұмса.
Мақан манағы буманы Бектемірге қарай сілтеп ортаға тастай салды.
Қызылала он сомдықтың бір бумасын көрген жұрт біресе Мақанға, біресе Бектемірге жалтақ-жалтақ қарасты.
Рахметбек шал милығын басып кеткен қоңыр шляпаны кейін шалқайтып, тершіген маңдайын кір орамалымен сүртіп өтті де, алдына келіп түскен буманы еңкейіп барып, іліп алды.
— Бәсе, Мақанжан, жөн білгеніңді көрсеттің. Қазақ қайғыны қауымдасып, қаумаласып көтерген. Бір тоқтыны мен де бердім. Мә, ұста, Бектемір! — деп буманы ұсынды.
Бектемір қолын от қарығандай ақшаны ұстаған бойда Мақанның бетіне жіберіп ұрды.
— Қан! Қолың қан!.. Ақшаңмен жумақсың! Сатып алмақсың! Шық үйден!
Мақан Бектемірдің бар ызғарын бетіне жиып алғанын көргенде орнынан қалай атып тұрғанын байқамады. Түсі құп-қу боп, басын шұлғып, еріндері күбірлеп берді.
— Шы-ға-йын... Ақша дегенде... Қаражат таппай қысылып қала ма деп... шығайын. Түгің жоқ қу тақыр болған соң...
Гүлбадан әкесіне жиіркене қарап тұрып:
— Ұялсаңызшы!.. — деді. '
Біреу бір жеріне біз сұғып алғандай дір еткен Мақан сығылысқан жұрттың арасынан есікке әрең жетті.
Көп ұзамай ауданнан сау етіп жеткен милиция, прокурор, сот-медициналық экспертиза адамдары Қобландының мәйітін олай қарады, бұлай қарады. Содан соң аңға шыққандарды топтап алып сөйлесті. Жекелеп сөйлесті. Тіпті Найманқұл мен Тұрғанды машинаға отырғызып алып, аң атқан жерге де барып қайтты.
Бір күн, бір түнде комиссия қорытындыға келді. Сол бір күн, бір түнде келгендердің бір де біреуі Мақанмен жолыққан жоқ. Сөйлескен жоқ. Сол бір күн, бір түнде ауданнан келгендер аяқ суытпай, бел шешпей өз жұмыстарын қалай атқару қажеттігінің үлгісін көрсеткендей болды. Ауылдың талай адамымен кездесті. Сұрайтындары: "Қобланды Бектеміровтың жауы — жауы дегенде өш адамы, жек көретін жаны бар ма еді. Найманқұл әлде Сүйменқұл, мүмкін Хайролла, бәлки Тұрған бірде болмаса бірде Қобландыға иек кегжитпеді ме, тіс ақситпады ма, көз алартпады ма? Араларында кикілжің тумады ма, ерегіс тұтанбады ма? Мақан Қобландыға қалай қараушы еді?" Қойшы, әйтеуір, колхоз жұртшылығын біраз мазалады. Колхоз жұртшылығы сол мазалағанына да мәз. "Бәсе! Әділет болуы керек еді ғой! Құр сыртынан жамандайды екенбіз. Қобландыны әне қалай жоқтап жатыр! Әй, өкімет-ай, турасың-ау! Қобланды сұралмай кетсе қайтер едік? Аңға шықпай, атылмай, өлмей жатқандар жоқ па еді? Қайдағы! Ал соларды кім жоқтаушы еді? Кім дәл бұлай тексеруші еді? Керек десең, тіпті анау Мақанға да ауыз салды ғой!"
Тексеріс бір күн, бір түнге созылып барып, ақыры аяқталды. Ақиқатқа көз жетті. "Жамағат бірін-бірі жазғырмайтын болсын. Жазым оққа дауа жоқ. Атыстың дәл өтіне шыққан Қобланды Бектеміров өзі ғана кінәлі. Әрине, тәжірибесіз жігіт киік қайырғанда алыста кейіндеп қалып қоюы керек еді. Анды дәл бұлай аулауға болмайтынын айтып та, айыптап та жүргендері рас. Сондықтан аңға шыққан бесеуге... Ә.ә, енді төртеуге айып салынады. Мәйітті жерлей беруге рұхсат. Азамат Қобланды Бектеміровтың құрметті есімі ел жүрегінде сақталады".
Бектемірдің дымы құрыды. Бір күн, бір түн тексеріс жүріп жатқанда бір кәдіктің ашыларына сенген еді. Қорытындыны естігенде, ол сенімі быт-шыт боп қирады. Өзі әрі-сәрі қалды.
"Қалай болды? Тағы да Мақан мыналардың да алдын орап кеткені ме? Ау, сөйлескен, кездескен жоқ еді ғой. Әлде... сыбайласпыз демеп пе еді. "Қарға қарғаның көзін шұқымастың" керін келтіріп, мыналар құр көз бояды ма?"
Бектемір қиналды. Ұлының үстіне топырақ салып тұрып та осы бір қамау ойдан құтылмады. Құтыла алмады.
"Өлтірсем қайтер еді? Өлтірем! Өзім өлтірем!"
Қабыр басынан бір байламға бекініп қайтты.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Жұмыстан ымырт жабыла оралған Балтаны Василий Сергеевич есік алдында күтіп алды.
— Хат бар саған, Балта.
— Ә, рақмет, Вася ағай. Соған бола далада жүрсіз бе?
— Хат мамаңнан келіпті... үйге кіре ме, кірмей ме деп... — Василий Сергеевич конвертті Балтаның қолына ұстатты. Балта әлі әрі-сәрі. Василий Сергеевичтің пәтерінен де кеткен жоқ. Майсараның үйіне де тұрақтаған жоқ. Екі-үш күн атасының қасында түнесе, кейде апта бойы бас сұқпай кетеді.
Балта Василий Сергеевичпен ілесе көтеріліп, ілесе кірді де, аяқ киімін шешіп, өз бөлмесіне кетті.
— Шай дайын тұр, Балта.
— Қазір, ата...
Балта хатты оқып шығып, тұнжырап біраз отырды. Есіктен сығалап қарап кеткен Василий Сергеевич әлдебір жайсыз хабар естігенін сезіп, мазаламады.
Балтаның кеудесін өксік буды. Көзіне жас үйірілді. Досы... шығарда жанымыз бөлек десетін жан досы — Қобланды қаза бопты. Аң аулауға шыққанда оққа ұшыпты. Жазатайым оқ қата тиіпті.
"Шіркін Қобланды! Нағыз Қобланды батырдың өзі еді-ау! Жүрегі қандай кең еді! Әділдік рахымшылық деп соғудан бір жаңылып көрмеген шығар. Қандай қиялшыл еді! "Бір әуеннен танбай жылжитын өмір жоқ. Сол ғұмырды митыңдатып өткізетін пенделер ғана бар. Анау күн мен аспан ғана, мынау жұмыр жер ғана өзгермесе, өзгермес, ал біз тіршілікті өзгертуге, жаңартуға, жайнатуға тиіспіз", дегенде бәріміз де бас шұлғушы едік. Енді сол дос жоқ. Айқайлап ән сала алмайды. Көңілді күлкісімен айналасына шуақ шаша алмайды. Алып ұшқан арманы қайда қалды? Қайда қалды? Неткен қайғылы қаза! Неткен сорақы өлім! Бейбіт күнде, тыныш заманда оққа ұшқан. Сұп-суық қорғасын есіл азаматтың кеудесіне қадалып, қыршыныңнан қиып түскен, арман-үмітін үзіп кеткен"...
Балта оңаша бөлмеде тарыға, таусыла ойлап, отырып қалды.
Ac үстінде шешімге келді.
— Барып қайтам. Ауылға, апама барам. Қобландының қабырын көрмей, көңілім тыншымайды.
Василий Сергеевич үнсіз құптап қайта-қайта бас изеді.
Октябрь мерекесінде үш күн дем алады. Соған дейін апасына бірдеме алып қою керек.
"Не алам?"
Бәсе, не алады. Екі алған айлығы қалтасында. Тамақ пен киімге шығындалған жоқ әлі. Бәрі Майсараның мойнында. Шыттай қып киіндіріп, түлетіп қойған келіншектің әзір қолын қаққан емес. Модалы көйлек модалы галстук модалы куртка Балтаның үстінен ғана кездеседі. Осындай модалы "жабулары" жаңарған сайын Сергей Туров пен Қадірбек таңдайларын қағысып, "шефтеріне" сүйсіне қарасады.
Өз еңбегінің қызығына бөлегісі келді апасын. Қуантқысы-ақ бар.
Жұмыстан ертерек шығып, Орталық универмагқа тартты. Ығы-жығы адамнан бас айналардай. Астыңғы қабатта сенделіп ұзақ жүрді. Кілем түскен бе, бірін-бірі жұлқылап итеріп-таласып жатқан халықтың мына әрекетінен жүрегі айныды. Эскалатормен екінші қабатқа көтерілді. Еркектер киімін сатады екен бұнда. Қызықтап ұзақ аралады. Қайдағы бір ұсқынсыз, солбырайған өңсіз киімдер. Бағалары да тұздай. Бірен-саран ауылдан келген адамдар болмаса әлгілерді алушылар аз. Үшеу-төртеуден үймелеген сатушы әйелдер ғана мәз. Жарқылдап күліп, анау әр костюмді бір ұстап, кеңес сұрар адам таппай жалтақтаған бөрікті қазаққа мұрындарын шүйіре қарайды.
"Әй, сонда мына шіркіндер жоспарын қалай орындайды? Жоспар орындалмаса, айлығын, қосымша сыйлығын қалай алады? Несіне жетісіп, несіне жыртаңдайды?" Балта дүкеншілерге ыза болды?
Үшінші қабаттағы әйелдер киімін сататын жерден де шешесіне лайық түк таппады. "Апырау, осы Майсара сонда табылмайтын заттарды қайдан алып жүр? Мынау Орталық дүкеннің түрі осылай болғанда, басқалары не оңып кетті дейсің? Не болғанбыз? Адамның тұтынар затына дейтін қатаң талап қоюды ұмытып кеткенбіз бе? Әу, адамның ойы да бойы да, киімі де әдемі болсын дегенді мектеп қабырғасынан оқып шыққандағы жеткен жеріміз мынау егіс басындағы қарақшыға кигізетін олпы-солпы нәрселер ме? Анау шетелдік киімдер неге ұнамды? Неге қонымды? Біздікі неге қораш? Неге сұрықсыз? Өркендеген социализмде өмір сүріп, коммунизмнің табалдырығынан сығалап тұрған кезіміздегі сиқымыз осы болса, біз қызығатын тұрмыс салтымыз қашан оңалар? Қашан әсемдік көркін табар? Қашан ғана эстетикалық талап дәрежесінен табылатын жеңіл өнеркәсібімізді дамытамыз?"
Балта ызалана мырс етті.
"Дамытамыз, атаңның басы. Анда-санда бір бас сұққанда көретін осындай келеңсіздікке сен сияқты азу егейтіндер аз ғой деп пең. Солар түк бітірмегенде сен жапыра қоярсың. Онан да апаңа аларыңды тездетіп ал да, жөніңе қайқай. Әйтпесе, әне үстіндегі үйлесімді киімдеріңді көзімен ішіп-жеп қараушылар көбейіп барады".
Ақыры шәлі сатып алды. Мүмкін Людмила Зыкина айтқанда сүйсініп тыңдайтын "Орынбордың түбіт шәлісі" дейтін әннің әсері болды ма, әлде басқа ыңғайлы зат кездеспеді ме, қызылала сыған шәліні қолтықтап қайтты. Әттең, түбіт шәлі емес. Түбіт шәлі Алматыда ырымға да табылмайды екен.
2
Қобландының жетісі берілді. Жетісі өтісімен Гүлбадан да жоғалды. "Мақан туған қызын жылатып күйеуге беретін болыпты".
"Жоқ! Қыздың өзі келісімін берген көрінеді".
"Келісімін берген қыз ауласына өзін-өзі өртемек бола ма. Рысты көріп қалып, әрең аман қалыпты. Енді болмаса үстіне құйған бензинге от қоймақшы екен. Өзін өзі өлімге қиса, байғұс бала әбден түңілген-ау".
"Мақан ісімді де болса, өмірден түңілтеді. Осы Гүлбадан қыз кешегі Қобландымен сөз байласқан көрінеді. Амал не, қос баланың бірінен өлі, бірінен тірі айрылдық".
"Анау берген жері де бір мықты жер тәрізді-ау. Бай байға құяды деп... Мақан осал жерді менсінсін бе... Алды да талай мыңды. Қысқы каникулде қосады дейді екеуін".
"Мақанға талай мың бұйым болып па, сол қызын беріп, онда да мықтыға беріп, тағы да кеудесін кергілейді десеңші".
Осындай алды-қашты сөздер әр жер әр жерде Бектемірдің құлағына тие берді. Ауыл арасын әртүрлі дақпырт алып барады. Біреулер әдейі қоздыра ма, әлде олардың да өзегін өкініш ширықтыра ма, Қобланды қазасын жұмбақ қаза, оқыс қаза көреді де, көп-көп түптейді бәрі. Жоқтаусыз, сұраусыз кеттіге жориды. Аудандық комиссия тексерісі өз алдына. Қарыстап, қадамдап өлшеп, тәйірі, не шешуші еді. Ой сала барлаған жанға шындық мен мұндалап айқайлап тұрған жоқ па? Бәрі баяғы Мақаннан! Қобланды арамдық көрсе аттандай шабатын жалаңтөс болатын. Ол айғайшыл, байбайшыл қорушыны Мақан неге кешіре қойсын. Оның үстіне жіліктің майымен асыраған сұлу Гүлбаданның май-май тракторшыға өліп бара жатса ұстатар ма. Ендеше, бар пәле Мақаннан. Шиелеп байлады да, ұшын тапқызбай құрдымға тастады. Қызын да көп ұзатпай апыр-топыр жөнелтіп жібермек.
Бектемірді осы жорамал көбірек иландырды. Өз ойынан, өзі шарлаған тұстан шаң бергендіктен, көптің ұйғарымы көңіліндегі күпті жайдың дәл үстінен түскендей көріп, осы шешімге ойыса берді. Енді бұрынғы кекке Гүлбаданның ызасы қосылып, қанына әбден қарайып алған-ды.
"Рахатханадан" Мақанның кейде жалғыз қайтатын кездері болатын. Осы сенбінің кешінде Мақанның "Рақатханаға" баратынын Рахметбектен естіген. Себебі Рахметбек шал аңға барып келгеннен бері баласының Сүйменқұлдың мүлде бұзылып бара жатқанын кім көрінгенге зарлап айтатын. Бүгін де есік алдында ұзын орындықта үнсіз отырған Бектемірге келіп зарын шаққан.
— Әу, Бектеміржан, сен мынау отырысты таста, шырақ. Өлім артынан өлу жоқ. Қайғыға беріле берме. Қашан көрсем, осы арада шоқиып отырғанын. Әрине, Қобландыдай баладан айрылу, күйігін тарту қиын. Ой соңына көп түсе берме, қарағым, — деп біраз ақыл айтып, ақыры өз мұңын ақтарған.
— Бектеміржан, бүгінде қуыс кеуде жанның қай бірінің айы оңынан, күні солынан туып тұр еді. Сен бармен қара. Мен үлкенмін. Руымыз бөлек болғанмен, ағаңмын. Сөгілме босқа. Қайта сөгілсем, мен сөгілейін. Жеті қыздан кейінгі кенжем Сүйменқұл еді. Тілеп алғаным еді. He көрсетіп жүр бұл шіркін. Ішкені — арақ, іздегені — шатақ. Ажалымнан бұрын осы қу содыр көрге тыға ма деп қорқам. Анау ше...Әлгі аңға барып келгеннен бері ше... бұл бала тіпті бүлінді. Бүлінгенде не дейсің ғой... арақтан бас алмайды. Бұрын да ішетін. Әй, ендігісі жосықсыз... Демалыс, үзіліс жоқ. Апырымның іші қалай шыдайды? Уланбай қалай жүр, таңым бар.
Айтпағым мынау еді, Бектеміржан. Осы Сүйменқұл қалай ішіп алады, солай Қобландыжанның атын атап, өңі бұзылып, өз-өзінен сөйлеп, бұлқынып, жұлқынып шыға келеді. Қатар ойнап-күліп өскен соң бірін-бірі қимай, іздей ме... Әйтеуір жаны бәйек таппайды. Көз алдында өлгенге қиналады-ау дейім, ондайда бетіне адам қарағысыз, бұзылып кетеді-ау, бұзылып кетеді. Кемпіріміз екеуміздің шықпаған жанымыз ғана. Бұл тентек көресіні әбден көрсетті бізге. Әлгі Мақан... — даусы сыбырға көшті. Өзі жан-жағына алақтап қарап алды. — Әлгі Мақан Сүйменқұлшыл боп барады. Қит етсе, Сүйменқұлды шақырады. Ол шіркіннің қайбір жақсылығы болушы еді. Кенжемді бірдемеге ұрындырайын деп жүр ме... былықтырайын дей ме... жүрегім суылдайтын болды.
Рахметбек орамалымен көзін басты, сіңбіріп тастап, мұрнын саумалады. Бектемірге құйрығымен тақала жылжыды.
— Бұл Мақан — жылым ғой. Жақындап кеткен адамын бір пәлеге ұшыратады да қояды. Өзіне адамның да, құдайдың да сұғы өтпейді екен! Әлгінде ғана әнебір жандайшабын жұмсапты.
Манадан мізбақпай отырған Бектемір салқын тіл қатты.
— Жандайшабың кім?
— Оу, Бектемір-ау, Найманқұлды білмеуші мең. Ол Мақанның әрі жендеті, әрі жандайшабы емес пе? Сол келе дікілдеді? "Бол! Тұр! Жүр!" Өзінің сөзі де келі түйгендей дүңк-дүңк екен. "Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да төбел туады" дейтін бекер. Әкесі Мұстафа қандай азаматым-ақ еді. Мынау немесі тартпаған әкесіне. Қамшысы шолтаң-шолтаң! "Рақатханаға бар!" деп алды да кетті. Енді содан таң алдында сүріне-қабына әрең оралады. Анау келіннен де береке қашты. Қашпай... "Рахатхана" деген пәлесі "Харамхана" боп тұр ғой...
Бектемір елеңдеді. "Сәті соғайын дегені ме? Мынау Рахметбек қарияны құдай айдап келді-ау. Бүгін орайын келтірмесем, сірәда келмес".
— "Рахатханаға" кетті деңіз...
Шал Бектемірдің бетіне үңіле қарады. Тамсанып кейін сырғыды.
— Кетті ғой... Осы Сүйменқұлды қалай тоқтатсақ деп өзіңмен ақылдаспақ ем... Бұл қалпында түрі жаман. Мықтап ұрынады.
— Ақылдасамыз, Раха...
— Қашан?
— Кейін. Кейін, Раха...
Бектемір кілт өзгерді. Орнынан тұрып кетті. Әлгіндегі тұнжыраған түсі, сұлқ қалпынан елес те қалған жоқ. Сергек. Қимыл-қозғалысы ширақ. Аулада шашылып жатқан кәкір-шүкірді енді көргендей, бірін олай, бірін былай сүйретіп тастап, сүйеп қойып, тірлік қаракетіне араласып кетті.
Рахметбек көршісіне таңдана қарап біраз отырды да, мысы құрып, үйіне қарай аяңдады.
Рахметбек кетісімен Бектемір шөп қораның іргесіндегі жаңғырықтың астынан аңшы қанжарын суырып алды. Өткенде ауданнан келген тексерушілердің бірі осы пышақ-қанжардың сабына қайта-қайта әлдебір сұйық зат жағып, сол сапқа жылтыр қағаз бастырып, "қолдың ізін, саусақтың ізін түсіріп алдым" деп қасқыр соққандай дүрілдеген. Содан осы қанжар елеусіз қалған. Бектемір тығып қойып еді. Зират басынан қайтып келе жатып бір байламға нық бекінгенде, неге екені белгісіз көз алдында осы қанжар-пышақ елестеп тұрып алған. Соны өзі Қобланжанының өсиет бұйрығына сайған.
Қосауызын Айғаншаның тығып қойғанын сезеді. Жоқ, мылтықтан мынау артық. Кеудеден қадағанда қыбың қанады. Кегің қайтады.
Шарық қайрақтың жарты айдай сынығына пышақты ұзақ қайрады. Одан майда қара қайраққа тағы біраз жаныды. Жарты метр бомази шұлғаумен жүзін орады да, бір мойын пештің желкесіне қоя салды.
Айғанша екеуі көп сөйлеспейді.
Қобландының қазасын бұл Айғаншадан, Айғанша бұдан көреді. Бұныкі белгілі: босқа сұңқылдап жылап жамандық шақырды деген сылтау. Айғаншаның кінәсіз екенін де ұғады. Бірақ қалған көңілді ортақ қайғы да иліктіре алмады.
Айғанша ана ғой. Ана мұңы — жүрек жарасы ғой. Қобландысын ойлаған сайын жүрек жарасын одан сайын ұлғайтып, өзін-өзі ұмытып дауыс қып зарлап, сарнап ала жөнеледі.
Әйтеуір, көрші-қолаң кіріп-шығып, көңіл алаңдатып жатады. Алпамыс балада ойынын азайтып, кәдімгі естияр қараспен әке-шешенің қабағын бағуды тауып алды. Ойын баласының осы бір тым ертерек кекселік көрсеткені Бектемірдің онсыз да шабақталған жанын осып түскендей тызылдатып еді. Ендігі тұлдыры — Алпамысы өгейситін, өкситін болса, онда мынау жұтым ауаның не қадірі қалды. Итшілеген ғұмырдың бәсі көк тиын бақыр емес пе. Жүрекке уын жайған зұлымдық енді анау жұдырықтай баланы да уысына бүрсе, бұл тірліктің адам қызығарлық қандай қасиеті бар.
Бектемір өмірден қай уақытта артық сыбаға, бөлек үлес талап етіп еді... Оның бар тілегі: мынау қоңыр-төбел тірлігінің бұзылмауы, аспанын бұлт торламауы, бейбіт болуы, тапқаны жұтқанына жетуі, ешкімге көз алартпай, ешкімнің көз алартқанын да көрмей екі ұлын екі үй ғып шығарып, жарық дүниенің маңдайға жазған ырыс-несібесін теріп жеу еді. Бірақ сол тілегін де көпсінген Мақан... Мақандар тағдырын тәлкек тірлігін қорлыққа айналдырмады ма. Адалдық деп соғатын жүрегін арамдықтың гүрзісімен тоқпақтаумен келеді. Жапырып істеген жұмысының ақысын сықпалап қысып жарытып ұстатпайды. Қос шырағының бірін сөндірсе де, жазасыз кетті. Енді мына шүйкедей ұлды ойбасты ғып, қайғымен шегелемек. Бір кездегі қиял қайда? Тәтті арман қайда? Қиял қирап, арманды сағым жұтты. Бәрінің құрдымы — Мақан! Мынау ауылдың патша, құдайы боп алған соң, сораңнан сом жинап, қаныңнан алтын құяды. Әділет деп талпындың, Әділет тағы да анау Мақанның уысында, Мақанның аудандағы, облыстағы, республикадағы сыбайластарының шеңгелінде шырылдап жатыр. Суырып, шығарып алып, әділетті бұрынғы биіктегі орнына қондырар жан табылар ма? Табылмаса, ел ішінде, жұрт арасында отырып та мүлде жалғызсың. Қол ұшын созар ешкім шықпайды. Шыққан жанның қолын кесіп, тілін тістетер Мақандардың сойылы ұзын, шоқпары зілді.
Ендеше жалғыздың жекеге қарсы тұруы керек. Жекені жалғыз өзі жәукемдеуі керек. Өзекті жанға бір өлім. Күн сайын қор болып, табанда езілгенше, зұлымдықты алқымдап, сол жантәсілім еткен зұлымдықпен қоса сөнгенің артық.
Бектемір үйге кірді. Алпамыс дөңгелек үстелдің шетінде сабағын дайындап жатыр екен. Алпамысты бірінші класқа биыл алып барған да, әріптерді дірілдеген қолдарымен жазғанына қуанатын да Қобланды еді. Баланың оқуын қадағалайтын енді ешкім жоқ.
Айғанша тағы да салдыратып кір жуып жатыр. Ішке кірген Бектемірге аларып бір қараған. Үстелдің шетіне жасап қойған дайын асты "тамағыңды іш!" деп те айтпастан, алдындағы астауды сындырып жіберердей екі білегін сыбана еңкейді.
"Бәтшағардың кірі таусылмайды екен. Жу, жу! Ақыр-тақыр ет маңайыңды!"
Күрсіне бергенін сезді де, аузын басып есінеген сыңай танытты. Үстел басына құйрық басып, баласының дәптеріне көз салды. Әлдебір иректер, сызықтар түсіпті. Алпамыс көкесіне бұрылып қарады. Бұрылып қараған баланың көзінде мұң кіреукесі тұр еді. Бектемірдің жүрегі ал кеп бұлқынсын!
"Саған да тырнағын салды-ау! Сені де аямады-ау, құлыным! Қаршадайыңнан қиянат көріп, зәбір шегіп, жас жаныңды жаралап алдың-ау, құлыным!"
Қолын созып Алпамыстың маңдайынан сипады. Кекілі алақанын қытықтады. Еңкейіп барып емірене сүйгісі кеп кетті. Сол тілектен қашқақтап, еңсесін тіктеді.
— Жақсы оқы, балам!..
Қолымен жер тіреп, орнынан тұрды. Көз қиығы Айғаншаға тіреліп еді, бір қырын отырған әйелдің жүзінде ызғар ғана жатыр екен. Жылылық, жақындық, жуастық сезілмеді.
"Сен де сау бол, Айғанша!"
Бұны ол ішінен айтты. Сылбыр басып, табалдырықтан аттады. Ту сыртынан есік сарт жабылды.
"Кетті! Тағы кетті тамырына! Ойнас сұлуына! Ұлы өлсе де, желігі таусылмайды".
Айғанша іштей ұстасып қалды. Қобланды өлген күні Бектемірдің Қатира үйінен табылғанын Мақанның тапсырмасымен Хайролланың жеңіл ауыз әйелі Айғаншаға аттандап жеткізген. Ұстап алмаса да, ұстап алғандай ғып, болмаса да, болып қойғандай ғып төндіріп айтқан. Содан бері ұлының қазасынан да ерінің опасыздығы Айғаншаны қатты күйзелтіп жүр еді. Қара тастай қатаюы — Бектемірге деген некелі жардың ашу білдіруі болатын.
Бектемір пештің желкесіндегі пышақ-қанжарды күпәйкесінің қалтасына сұға салды да, ауласынан шықты. Ешнәрсе жөнінде ойлағысы келмей, ілгері жүріп кетті. Ауыл оттары бүгін күндегіден де жиірек көрінген тәрізденді. Әр терезеден әртүрлі түспен құйылады. Өмір көзі, тірлік көзі секілденіп, анау әрқилы шаңырақтың кідірмес, тоқталмас тіршілігінен хабар беріп түр.
Сыртқа ұзаған сайын түнгі таза ауада кеудесі кеңігендей болды. Көз алдына Алпамыстың мұңды қарасы елестеді.
"Неге сүймедім маңдайынан? Қаталдықты қайдан тапқам? Әлде қытымыр өмірдің өзі қаталдыққа ұмтылта ма? Айғаншаға да тіс жармадым. Көңілінде дық қалады енді. Әй, қайсы бірін ойдағыдай етерсің... Тек әйтеуір, өзіңді өзің алдау ғана... Солай болса да Айғаншаны енді көрмейтін болған соң, кешу сұрап... Бір ауыз тіл қатып кетуім, әй, керек еді. Жетім бала, жесір әйел... Әй, жалғыз солар ғана ма?.."
Басын шайқап-шайқап жіберді. Өзектегі ойдан, қажытқан мүжілуден арылғысы келгені ол.
Анау бұрылыстан сай табанына қарай тіп-тік қара жол кетеді. Қаражолдың тірелері — "Рахатхана"... "Рахатхана" қалың бақ арасында. Бақтың ылдиы көлшікке жалғасады. Ауаның тазалығы енді анық білінді.
Бұрылысқа жетіп, қарағашқа арқасын сүйеп сәл тыныстады. Алдынан "Рахатхананың" оттары жылтырады.
"Аз-кем дамылдайын. Анау шарбақтың тұсынан жақындасам, арғы жағы тиіп тұр. Шарбақ іші иесіз... Тек әлгі Найманқұлы демесем. Ол немесі арақ ішіп ләйлімесе, иттен де сақ. Апырай, осындай жетесіз жансебілдерді Мақандар қайдан тауып алады. Қалай тауып алады? Найманқұл ғой Мақан үшін жан беруге даяр. Құдай сүйер қылығы жоқ Мақан бұған қай қылуасын өткізіп қойды екен? Әлде ақша — құдіреттің ықпалы ма?"
Бойы тоңазыды. Октябрь түні салқын. Етектен сызды леп жетіп тұр. Қаракөк аспанның жұлдызы жиі. Суық жылтырап, жыбыр-жыбыр қозғалады.
Бектемір сыбдырсыз жайлап басып, шарбаққа жақындады. Тұтас тақтайларда жік жоқ, биіктігі кісі бойы қол ұсыным. Ол бұйым емес. Қол ілінетін, аяқ тірелетін бұдыр болса, асып түседі. Тек мынау аяқ астынан дүрсілдеп ала жөнелген жүректің аптығын басу керек...
Шарбақ іші қаңырап тұр. Адам аяғы білінбейді. "Рахатхананың" үш-ақ терезесінде жарық бар. Бектемір сақтықты ұмытты. Ентелеп кеп терезеге төнді... Төнді де, сылқ шөге кетті.
"Әй, рас екен ғой... Бәрі шындық екен ғой..."
Үш терезесінің де пердесін жаппаған кең бөлменің ішінен Бектемірдің көзіне жалаңаш Мақан мен тырдай жалаңаш әйел шалынған. Жалт-жұлт мөлдіреген люстраның шақырайған жарығында жалаңаш денелер еп-ерсі көрінеді екен, Бектемірдің жүз тайсақтатып шөге кеткені сол еді.
"Тұрпайылық па, жабайылық па?.. Әлде шектен асқандық па мұныкі. Апырау, ең болмаса анау перделерді жаба салса ғой... Әйел неткен көргенсіз!.."
Әйел... Бектемірдің ұғымында ұрғашы жынысы әдептілік сыпайылық, тазалық, көргенділік және тұрақтылық жиынтығындай көрінетін. Анау жалаңаш әйелдің опасыздығы (әйелдің жеңілтектігі — опасыздық емес пе) жүрегін осып жіберген, өзінің не үшін келгенін де ұмытып кетіп еді. Сүт пісірім отырып барып, мекерліктен жиіркенген жүрегін басып, өзін өзі күшпен қозғап, қайтадан елеусіз ғана терезеден үңілді. Жалаңаш тәнді қара шашы жауып кеткен әйел кенет қарқылдап күліп "Мың бір түндегі" һамбал әңгімесіндегі жалаңаш қыздардың ерсілеу қимылымен атып тұрып, бері бұрылғанда...ойпыро-ой, Бектемір Тұрғанның келіншегін, жас келіншегі — Нәзияны таныды. Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей сүмірейіп, көздері бақшиып, анау Нәзияға — Алпамысының сүйкімді мұғалимасына, қарақат көздері күлімдеп тұратын сыпайы да кішіпейіл мұғалімге жын-шайтан көргендей қадалып қалыпты.
"Әй, әй, сұмдық! Сұмдық!"
Осы сөз ғана сескенген жүректің, шошынған көңілдің тағар кінәсі, айқындар белгісі. Бүкіл өтірік атаулының, жалған атаулының, күнәқарлық атаулының, сатқындық атаулының қарғыс үкіміндей — "сұмдық" дейтін жарымжан сөзден басқа атқан оқтай қадалар ештеңе таба алмай қалш-қалш дірілдеп жалғыз сөзді қайталай берді.
"Сұмдық! Неткен сұмдық!"
Тұрған үшін де, бүкіл еркектер қауымы үшін де масқара боп, арын аяққа таптатқызып алғандай жаны ышқына қиналды. Әйелдің... күйеуі бар некелі әйелдің дәл осындай көрнеу көзге жасаған мекерлігі... опасыздығы бұған дейінгі барлық жәбір-жапасынан да асып түсті. Күн мен желдің өтінде жалаңаш қалған өзі тәрізденді. Жалаңаш ана екеуі емес... Ұятсыз жандардың жасырар қасиеті жоқ. Оларға жалаңаштану түк емес. Жалаңаштанған, қорғансыз, қалқансыз, лыпасыз бүрсектеген Бектемір ғана. Ұяты жоқтар иманды жүздің арын тонайды.
Нәзия — көрген жанның көзін суаратын періште еді ғой.Тұрған парторгтың һалал жүптісі еді ғой. Мынау енді сол періштенің қай құбылысы?
"Тұрғанды оп-оңай парторг сайлап ала қойып еді, Мақанның түпкі мақсаты арам екен-ay. Әй, зымиян- ау! Зымиян! Былғамаған несі қалды. Шәкірттеріне адамдық, адалдық, білім дәнін себер дейтін ұстазды дәл мынандай құбыжыққа айналдырып үлгерсе, бұл Мақанның Ібілістен несі кем. Әй, бірақ... Әйелде де бар... Көзін сүзбесе, бөксесін ойнатпаса еркек шіркін өздігінен ұрынбайды. Сорлы Тұрған. Отым орнында, ошағым бүтін деп бұлғаңдап жүрсің-ау. Отың шашылып, ошағың ойрандалғанын білмейсің-ау. Қатынның қар екеніне көзім жетті. Бүгін жетті".
Бектемір өжет көкбеттікке басып, терезені салдыр еткізіп қиратып кіріп баруға бекінді. Мақанды бір-ақ жайғап, бүкіл кек бүкіл ыза-шерді қайтарса, анау жалаңаш секеңдеген шашты шайтанды тамағынан орып, әйел мекерлігін, ұрғашы опасыздығын жояр еді. Содан соң қанмен буланған қанжар өз көкірегіне қапысыз қадалады.
Бектемір жан-жағына алақтап тас па, бұта ма — әйтеуір терезе сындырар "қару" іздеді. Анандай жердей тасты көріп еңкейе бергенде, қолы қалтасындағы қанжардың басыла тиіп кетті.
"Қанжар!"
Суырып алып, орауды шешіп тастады. Қанжарды оң қолына салмақтай қысты. Көтеріле бергені сол еді, үстіне тау құлағандай... опырылып түсті. Аузына әлдебір алақан сығымдай жармасты.
"Қап! Аңдушысы бар екен ғой!" Ту сыртындағы адам екінші қолымен желкеден тартып тұрғызды. Құйрықтан тіземен нұқып, алдына түсіріп, шарбақ қақпасына қарай дедектетіп келеді.
Дәл қақпаға жеткенде қолдар босады. Босады да, Бектемірдің уысында қаракетсіз тұрған қанжарды қағып алды.
— Бар!
Бұрылып қараған Бектемір Найманқұлды көрді.
— Бар, Беке!..
Найманқұлдың даусы жұмсақ естілді. Жүзі томсарыңқы көрінді, Қанжарды белдігінде жүрген қынға салды.
— Менікі...
Бектемір бас изеді. Найманқұлдың сап-саулығына таң қалды. Найманқұлдың мына мінез-қылығына таң қалды. Өзінің оп-оңай көне кеткеніне таң қалды.
— Барыңыз, Беке. Бекер еттіңіз.
Бектемір қирапаң етіп отыра кетті. Ширыққан жүйке, қатайған дене оп-оңай, жып-жылдам босаған соң дағдарыста қалған сананың қапелімде жауап таба алмас сенделісі ғана кеудесінде толқыды.
— Әй, Беке! Босқа арандағанда... Ал, өлтірдің Мақанды... Сонда өзіңді аман қоя ма?
— Өзіме де пышақ салмақ едім...
Енді Найманқұл таңданды.
— Беке, Алпамыс ше?.. Ол жетім қалмай ма? Әкесі мен ағасынан айрылған соң... жас бала. Мен Қобландыны ойлаймын... Қимаймын.
Найманқұл көп сөйлемейтін. Бүгін сөзшең боп кетті. Найманқұл қара күштің иесі, зұлымдықтың шоқпары болатын. Бүгін ақыл үйретеді. Жүрегі ауыратынын айтады. Әлде әлмағайып дүние өзгерді ме? Әлде Найманқұлдың кеудесінде жылтырап жатқан бір адамгершілік сезімі оянды ма? Ұрған жоқ, соққан жоқ. Бір қылмысты... үш бірдей өлімді тоқтатты.
Бектемір тұнжырап біраз отырды. "Мынау Найманқұл Мақаннан гөрі адам боп шықты. Жай адам емес, адасқанымды ұғындырды. Алпамысымды да өлтіріп ала жаздаппын-ау. Қалай мүлде мән бермегем".
— Сен ше, өзің ше... Мына жүрісің ше?
Найманқұл үндеген жоқ.
— Анау әйелді... Нәзияны білесің. Тұрғаннан обал емес пе? Сұмдық қой! — Бектемірдің қыжылы қайта тұтана бастады. Соны білді ме, Найманқұл Бектемірді орнынан тұрғызды да, қақпаны ашып, сыртқа шығарып жіберді.
— Бар!
Қайтадан ызасы қозып, зығыры қайнаған Бектемір айғайға басып мына Найманқұлды да, ана Мақан, Нәзияны да ата-бабасынан түк қалдырмай сыбағысы келді. Одан не өнеді бірақ. Қабағы қайта жабылып, түсі түнеріп кетті.
"Жасықпын! Бір тәуекелге бел байлап едім, онымнан да ештеңе шықпады. Ал, Мақан ойына келгенін жасайды. Асыл періште тұтқан, адамзаттың сұңқарына балаған Нәзияң тырдай жалаңаш күйі Мақанның алдында ербең-ербең билейді? Неге билейді? Не үшін билейді? Сондай нәзік кішіпейіл, сыпайы келіншекті тағылық күйге түсіріп, адамдық қасиеттен айырып анау құл дәуіріндегі құл иеленушідей менменсінген Мақанның алдында билететін құдірет не? Ақша ма? Алтын ба? Ақша мен алтынға сатылатын болса, ардың құны болмағаны ғой. Арсыз жанда онда, әрине, қадір де, қасиет те қалмайды. Нәзияға бола несіне арамтер болам. Тек анау Тұрған демесем. Алданғанын білмесе, сезбесе ол бұрынғыдай жүре береді-ау. Сонда арамдықты білдіртпей жасаса, өте бергені ме? Әнеугүні Мақан "Ұсталмаған ұры емес" деп еді. Бұл енді біреудің... бір отбасының ынтымағын да ұрлап, қызықтауға көшкені ғой".
Сүйретіліп кейін қайтты. Өрге қарай басқан жүрісі мандымады. Түнгі суық қатая түскен бе, денесі қалтырады. Осыған дейін іштей бекінген шешімі кеудесін сықап, толтырып, кекке суарылған өзек қыз-қыз қайнайтын. Қас қағымда бәрінен жұрдай болған соң кеудесі босап, ішін суық жалап жүре берген еді. Әруағынан айрылғандай тірі сүлде "Рахатханадан" ұзап барады.
3
— Жинал, Майсара, ауылға барамыз.
— Қашан?
— Ертең кешкі поезбен жүреміз. Билетті алып келдім.
Майсараның түсі өзгеріп кетті.
— Мен бара алмаймын, Балта.
— Неге?
— Қолым тимейді.
— Сонда не, мереке күндері де жұмыс істейсің бе?
Балта Майсараға шаншыла қарап, кірпік қақпай бағып қалды.
— Бір тығыз шаруа боп тұрғаны...
Майсара қипақтады. Ғазиз Құлтановичтың бұған қадап айтқан тапсырмасы бар. Ол тапсырманы тек Майсара ғана орындауға тиіс. Өйткені Ғазиз Құлтановичтың саты-сатылап жұмсайтын адамдарының атқаратын істері өзіне ғана, міндеттеген адамына ғана және сол міндеттеген адамының кездесетін жанына ғана мәлім болуы шарт. Басқа кісі білді дегенше, басқа орындаушы іздеді дегенше, сарт-сарт қозғалысқа көшкен іс-әрекетке тұтқиыл төтенше кілтипан араласты де. Ондайды Ғазиз Құлтанович жақтырмайды, жаратпайды. "Саятқа" бұрынғыдай оңаша барудан тыйылған соң, сол кеңшілігін өзінше үлкен бақыт санайтын Майсара Ғазиз Құлтановичтың: "Алтыншы ноябрьде "Түркістан" мейманханасының ресторанында болып, "Уәзірмен" кездесіп, сый-сияпатын қабылдайсың!" деген бұйрығынан қалай бас тарта алар. "Уәзірмен" осымен үшінші рет кездеспек. Оның кім екенін де, қайда істейтінін де Майсара білмейді. Бірақ баяғының шын уәзіріндей нөкерін саусылдатып ертіп, ресторанда шалқып отыратын осы әлде түрік әлде армян жігітінің тірі граф Монте Коисто екенін де сезеді. "Сый-сияпаты" да граф Монте Коистоға лайық. Бірде Майсара үйіне келіп уәзір берген қара дипломат чемоданды ашып қап, шошып жаба салған. Дипломатка толы қат-қат су жаңа ақша көзін қарып түскен. Түні бойы көз ілмей әрі қорқып, әрі ойланып шыққан.
"Мұншама көп ақша! Санап шықсам қайтер еді? Қой, бәлесінен аулақ. Бармағымның ізі қалса, әурелеп жүрер. Әй, соншама ақшаны Ғазиз Құлтановичқа неге береді? Не үшін береді? Және жарты жылда, онда да не май мерекесі күндері, не ноябрь мерекесі қарсаңында алым-салым төлегендей..."
Майсара өз ойынан өзі шошыған. Дәл сол күш қас қылғандай түнімен жаңбыр жауып, күн күркіреп, май айының алғашқы найзағайы жарқ-жұрқ жарқылдаған. Терезе әйнегін сабалап жауған нөсер жауын одан сайын қорқынышын көбейткен еді.
Әрине, алым-салық! Әлдебір қылмысын қымтау үшін, жасыру үшін анау Ғазиз Құлтановичтың көмейі не тықпалаған "асатуы". Қалай қақалмайды? Асату тілеп әлде мүлде құнығып кеткен бе? Мен білетін "асатулардың" өзі қаншама! Әй, менің қара дипломат қаны алғанымды... онда ақша барын білгендер болса.. есікті бір-ақ теуіп кіріп келсе қайтем... Ақшаны алып, жөнімен кете қойса... Ғазиз Құлтановичтың тырнағына қайдан іліктім... Енді құтылу жоқ".
Осы сырды Балтаға қалай айта алар. Онсыз да соңғы кездері секемшіл боп барады. Күдігі тым көбейді. Майсараға кейде түксие қарап қалатыны бар. Қазір де, әне, көз алабы қанталап, бұған зәр төге қадалады.
— Ол жұмысты... шаруаңды басқа уақытқа қалдыруға болмай ма?
— Болмайды, Балта. Әйтпесе, қуана-қуана барар едім. Апаңды... апамды көруге мен де ынтықпын!
"Апамды" дегенді естігенде Балтаның іші жылығандай болып еді, бірақ түсі өзгермеді. "Апасын" шын көргісі келсе, ешқандай сылтау айтпас еді.
Балта Майсараның ауылға барғысы келмей, шаруа дегенді әшейін сылтауратып отырғаны деп ұқты. "Бармаса бармасын, сен кеткен ерегіске мен де кете алам. Шешемді менсінбесең, менің саған қажетім шамалы" дейтін қыжыл тұтанған кеудесін әртүрлі өкпешіл кіжінулермен қыз-қыз қайнатты да, ақыры, жасаулы дастарқанға да бұрылмай, шешесіне алған шәліні қолтығына қысып шығып кетті.
Вася атайы шайды қайта демдеді.
— Жұмысың қалай?
— Жаман емес.
— Әлгі екеуі... Сергей мен...
— Қадірбек пе?
— Иә, Қадірбек екеуі келмей кетті ғой. Сен оларға атаң ренжіді деп айтып қойсаңшы.
— Жарайды. Айтам.
— Қашан жүресің?
— Ертең... — Балта Василий Сергеевичке жалт етіп қадалды. Вася ата! Жиналыңыз. Сіз де барасыз. Билет бар.
Василий Сергеевич жалпақ шыныдағы шайды аузына апарып, ысылдай сораптады. Орындықтың арқалығында тұрған түкті орамалмен маңдайының терін сүртті.
— Шақырғаныңа рахмет, балам... Бірақ бұл жолы мені қинама. Ыңқыл-сыңқылым көбейіп жүр... Әлі де асықпа, аптықпа. Ертеңге дейін күн бар. Майсара да ойланар.
Балта аң-таң. "Әй, осы қариялар адам ішіндегісін қайдан біліп, оқып отырады? Майсараның сылтауратқанын да сезіп қойды".
Осыдан кейін екеуі де ол әңгімеге қайтып оралмады.
Ертеңінде Балта ауылына жалғыз кетті.
"Әлден әйелге бет-ажарым өтпейді. Сонда тұз-дәміміз жарасты дей алам ба? Майсара екеуміздікі осы қандай тірлік? Қосылдық па? Әлде орысша айтқанда сожительство дейтін беймәлім берекесіз әрекет пе? Заңдантып, мөрлетіп айғақтап білдірмеген соң, екеуміз ұрлық жасағандай болып жүрген жоқпыз ба? Бір-бірімізге есеп бермейміз, бір-бірімізді қызғанбаймыз, бір-біріміздің жұмысымызға, қалыптасқан тіршілігімізге араласпаймыз дейтін ауызша куәлігіміз бар. Ол не үшін керек? Бір-бірімізді іздемесек, бірімізді-біріміз жанымыздың үнемі жаңғырып тұратын дірілімен сезініп отырмасақ, біріміздің-біріміз тыныстаған ауасымен, жұтқан сусын нәрімен қоректенбесек, несіне жұбайлар атанамыз. Анама не деймін? Үйленіп жар таптым, отау көтердім дей алам ба? Үйлендім десем, тойың қайда? Неге шақырмадың десе, қайтем? Әлде әзірше апамды босқа алаңдатпайын ба".
Тақ-тұқ поезд доңғалақтары құлақ шекесінде жаңғырды. Тақ-тұқ дыбыс әртүрлі ойға батқан жігіттің миын шабақтады.
Ертеңінде поездан түскенде Балта аурудан тұрғандай жүдеп, сүлеленіп қалып еді.
Вокзал басында Тұрғанды кездестіріп, қуана амандасты. Осыдан үш ай бұрын келгенде жаңа парторгты көрген болатын.
— Келіп қалдың ба, Балта? — деп Тұрған қол ұсынған жігітке көлденеңнен көз тастады да сұрғылт жүдеу жүздің бозарып кеткен түгінен жанарын тайдырып әкетті.
— Кеп қалдым, Тұрған аға. Сіздің кездескеніңіз қандай жақсы болды. Ауылға қалай барам деп тұр едім. Бүгін қайтасыз ба?
— Ия! Сен Балта, өткендегіге ренжіме. Онда машинам сынып тұрған. Қазір қайтамыз. Жеңгең вагон-ресторанға келіп еді. Шампан табылмайды. Бір жәшігін алам деп... — Оны неге айттым дегендей Тұрған күмілжіді.
— Суытып бара ма, күн желеңдеу екен...
— Алматының жылы шуағы жоқ мұнда. Ыстық-суыққа төзген жандармыз, — деп Тұрған күлген болды. — Әне, жеңгең де келе жатыр.
Екі дәу сумканы балаң жігітке көтертіп, бір әсем келіншек маймаңдай басып жақындады. Тұрғанға анандайдан тіл қатты.
— Біреуін алсаңшы. Мына шіркіннің тізелері дірілдеп кетті, сындырып алып жүрер, — деп сонан соң күйеуінің қасындағы қымбат киімді сұңғақ бойлы көрікті жігітке кәдімгідей сұқтана қарады.
Сумканың біріне жармасқан Тұрған жас әйелінің жігітке ішіп-жеп қарағанын жақтырмай қалса да, Балтаны таныстырудың қажеттігін ұқты.
— Мынау жігіт — біздің колхоздың түлегі. Алматыда қызмет етеді. Мерекеге қарсы ауылға келіпті.
Келіншектің көздері ойнақшып, жүзі балбұл жанып кетті.
— Оу, қайным екенсің ғой онда. Мына ағаң жүз жерден партком секретары болса да, элементарный этиканы біле бермейді. Таныстыруды ұмытып кетті. Әлде таныстырғысы келмеді. Ал, біз, қайным, как граждане последней четверти двадцатого века, өзіміз-ақ танысып аламыз, ә. Мен — Нәзиямын! — Сүйріктей саусақтарын оң қолын аққу мойнындай иіп әкеліп, Балтаның қарсы созылған алақанына сүңгітіп жіберді.
Саусақтары жып-жылы екен, Балтаның алақанын еміне қысып барады.
— Балта! — деп қолын күштегендей суырып алды.
— Қандай жақсы ат! Бал-та-а! Опырып-жапырып түссін деп қойған-ау, кім қойса да. Тауып қойған. Шіркін, саған қосылған қызда да арман қалар ма екен! — деп сықылықтай күліп жіберіп, өз ойын еш қысылып-қылтырылмай еп-ерсі жеткізді.
Тұрған қақырынды. Сумканы жерге қойды.
— Ойпырмай, мына күннің репеті жаман ғой! Малдар не болар екен!?
— Оу, қайным, бұл ағаң малшыл боп алды. Кейде айында бір сағынтып құшақтағанда мені де тушам, тайыншам деп қала ма деп, зәрем жоқ. — Нәзияның күлгенде ақ тістері жылтырап еріксіз назар аударады екен. Әйелдің тұлғасы, көркі, мінезі, күлкісі қызық-тырады еркекті. Сірә, мына Нәзия келіншек сол аталғандардан тұлға мен көрікті мейлінше мол иемденгенін білетін тәрізді, енді күлкімен де біраз олжа жинайын дейтін үмітте болса керек сылқыл күлкіні жиілетіп барады.
Тұрған тек тұрмастыққа басып ыржиды. Сасқаны ма, сақтандырғаны ма Балтаның иығынан қағып қалды.
— Бұл жеңгең, Балта, айта береді. Әу, Бораш, мынаны да апарып салып қой, — деп қайырылып келген шофер жігітке иек қақты.
— Жеңгеммен танысқаныма қуанып тұрмын. "Жолы болар жігіттің..." дегендей, -Балта күмілжіді.
Нәзияның буын-буынға түсер сылқым-сыңғыр күлкісі вокзал терезелерінде жаңғырды.
— Әу, қайным! Өзіңді жол көрген, қала көрген, от пен суықты өткерген наркескен санасам. Оның үстіне атың да осал емес. Екі айналуға келмей-ақ бір мақалдың омыртқасын опырып, жартысын жұтып қойғаның қалай? Әлде біз сияқты жаман жеңгең уысыңа толмай тұр ма?
— Жоқ, жоқ! Сіздей жеңгеге жан жетер ме? Мен қайта сіз тұрған биікке бекер талпынам ба деп қорықсам керек.
— Е, өстіп бір көтеріп қойшы, қайным. Мына бақташы, қойшы, егіншіге айналған ағаңның көз қиығы анда-санда түсер ме екен. Әйтпесе менің ұрғашы екенімді, жұбайы екенімді ұмытып кетіп жүр-ау.
Тұрған тұнжыраған күйі күңк етті.
— Кетейік. Сенің сөзің таусылмайды.
Нәзияға керегі сол болса керек одан сайын құтырына желікті. Әйелге тән дағдылы ибалық сақтаса, анау колхоздағы көң шығарып, қи ойған салпы етек әйелдердің біріне айналам деп қауіптенетін тәрізді.
— Балта қайным-ау, осы ағаңда ұрғашы қауымына дейтін иненің жасуындай ынтызарлық қалмай бара жатқан сияқты, ә! Әйтпесе, жар төсектің жалыл ыстығында қақталса, дәл осылай ызғар шашып, маңайын Антарктидаға айналдырып қоймас еді. Қар жаудырып, мұз бүркіп жіберген жоқ па?
Шофер жігіттің соңынан ілесе қозғалғандарында, Нәзия өзі жанаса келіп, Балтаның қолтығына қолын сұғып алды.
"Мына жеңгеміз қайтеді, ей? Тым еркіндеп кеткен жоқ па? Әй, анау ағамыз неткен бос еді? Қолы... алақаны күйіп тұр ғой. Шынында өзі от... өрт болар. Кісі жатырқамай ма? Әлде еркектерге ғана... онда да бөтен еркектерге осылай ықыласты ма? Майсара қайтер еді осындай жағдайда? Мүмкін ол да өліп түсер. Келмей қалды ғой мұнда... Мүмкін менен зерігіп... басқа бір "қайын" тапты ма екен?!".
Балтаның түсі бозарып сала берді. Соны бағып қалған Нәзия күлкісін күміс қоңыраудай сыңғырлатты.
— Әй, әй, қайным. Өзіңде үрей қалмады ғой. Соншама неге шошыдың? Әне, қаның қашып кетті.
Балта оң иығына иегін сүйеді. Нәзияның от шашқан қара көздеріне көзін қадап күлген болды.
— Шынында да от екенсіз, жеңеше! Ағам қорықса, қорыққандай екен. Қайта мен ол кісінің өртеніп кетпей тірі жүргеніне таңым бар, — деп Тұрғанға естіртпей сыбырлады.
— О-о, қайным, осал болмадың. Тегін болмадың. Ағаңды аясаң, өзің кеуде тосарсың. — Қардағы қолы сығымдай бүріп әкетіп барады.
Балта жауаптан тосылып, жүзін бұрып әкетті.
— Жүрсеңдерші... Түнге қалмайық.
Тұрған екеуіне де жақтырмай сыздана қарады.
— Көрдің бе, қайным. Бұл ағаң — нағыз феодал! Әнене сен екеуміздің бес метр қатарласып жүргенімізді көтере алмай, прямо тульским самоваром кипит. Ерегіекенде мен тұп-тура артқа, өзіңмен бірге отырам. Тұрған, марш алдыңғы орындыққа! — деп өзі алдымен "уазиктің" артқы есігіне қол соза беріп, артына бұрылды. Балта түсіне қойды. Қолтығынан демемек еді, Нәзия былқылдады да қалды. Еріксіз екі қолтықтың астынан екі қолды сұғып, көтеріп мінгізді. Оң алақанының саусақ ұштары тып-тығыз анарға тиіп кетті. Денеде дуылдап лепіріп қан тасып ала жөнелді. Ду етіп екі беті қызарып шыға келді.
Қасына қымсына отырған жігіттің құлағына қызулы ернін тақап әкеліп, келіншек құмыға сыбырлады.
— Қолың жүрдек екен өзіңнен гөрі, қайным-ау! Әттең оңаша кездеспедің. Жеңгеңнің бір өнерін көретін едің.
Тар көйлектен бұлтиған саны жол шоқырағында машина секеңдеп кеткен сайын Балтаның санын жанши түседі. Сығылыса-сығылыса есікке тірелсе де, қуалаған сан құтқарар емес.
Бір абыройы Тұрған аға машинаға отырғалы артына бір бұрылып қараған жоқ. Әлде әйелінің оғаш мінезіне қанық па, әлде Балтаны ұялтпайын дей ме, тіпті әңгіме бастауға да құлықсыздық танытты.
Балта әбден қиналды. Болмаған соң Тұрғанды көмекке шақырды.
— Тұрған аға, Қобланды... құрдасым еді. Сол қаза болғанда, аңға кім-кімдер шыққанын білесіз бе?
Нәзия самбырлады.
— Білесіз бе дейсің. Неге білмейді. Өзі болған ішінде. Қаңғыған оқ тиіпті ғой. Сол қаңғыған оқтың біреуі, керек десең осы ағаңдікі.
Балта құп-қу боп кетті. Қарсы алдындағы желке шұңқыры үңірейген қушық бас — жендеттің басына айналып сала берді. Қарақұстан періп жіберуден өзін күшпен әзер тежеді.
"Апырай, Қобланды өлді дегенде... бір жақтан әдейі жау кеп өлтіріп кеткендей мән бермеп ем... өлтірушісі қасында жүрген екен-ау. Міне, тіпті менің де қасымда отыр... Бірақ үндей алмаймын. Кек қайтара алмаймын. Ақ-қарасын айыру қиын. Әдейі атпаса да... адам өлтірген адам қалай шіміркпей жер басып жүре алады? Қалай ойын ойнап, той тойлай алады? Адам қанын жүктеген жаны сыздамай ма? Ауырмай ма? Түнгі ұйқысы қашпай ма? Желкілдеп өсіп келе жатқан азаматтың байқаусызда ғұмырын қиып алса да, сол ерте үзілген, жазықсыз үзілген кінәсіз жастың айтылмай қалған әні, жүрілмей қалған жолы, көтерілмей қалған отауы, тумай, өніп-өспей қалған ұрпағы ойлантпай ма? Сенделтпей ме?.. Кейде шыбын өлтіргенде де селт етіп, обал жасадым-ау дейтін түйткілді кеудемізден ауламаушы ма едік. Бұл неге қиналмайды? Бір ай өтпей жатып, тәйтік-түйтік әйелінің ырқымен вагон-рестораннан қапшық-қапшық шампан тасиды, Ең болмаса шыбын өлтіргендей шіміркенбеуі қалай? Санасы бітеу, кеудесі қараңғы әлдекім болса бір сәрі, колхоздың пілдей партком хатшысы. Көзі ашық, ойы саналы коммунист. Қолы қан... Қан!"
Балта шофер жігітке айқай салды.
— Тоқтат! Машинаңды тоқтат деймін!
Шыңғырған тормоз колодкалары машинаны тұсап жұлқыды, тұсап жұлқыды. Балта иегімен алдындағы Тұрғанның желкесін соғардай итініп қалды.
— Не болды, қайным-ау! Ішің ауыра ма? Сәл қалды, шыда!
Күлмейтін жерде күлегеш бола қалған әйелге жиіркене қараған Балтаның Тұрған жеңінен тартты.
— Неге тоқтаттың?
Балта Тұрғанның қолын қағып жіберді.
— Ұстама! Жолатпа! Қан! Қолың қан сенің! Адам өлтіріп отырып, азамат қанын жүктеп шіміркпейсің! Ұстама! Ұстама дейім қан-қан қолыңмен!
Өңешінен қанжар сұққандай қадалған сөздерден Тұрған бүрісті де қалды. Жақ жазуға дәрмені болмай, көздері бадырайып, аясынан шығып барады.
Балта портфелін алып машинадан секіріп түсті. Секіріп түсті де, өзіне әлдене айтқалы ұмсына берген Нәзияның бетінің алдынан есікті сарт жапты.
— Бар! Кетіңдер!
— Уай, қайным! Тұрғанды пісіріп же маған десең, Мені неге күйдіресің. Жазығым не? Әп-әдемі жігіт те аяқ астынан ашуланады екен-ау. Қой, қайным! Бір жолға ашуыңды маған бер. Кел, мін машинаға. Ауыл әлі біраз жер.
— Жүргіз! Кетіңдер, құрыңдар бәрің де!
Балта плащының жағасын көтеріп ілгері жүріп кетті.
Үйіне қас қарая жетті. Терезесінен жарық көрінген жоқ. Соған қарағанда апасы үйінде жоқ болуы керек.
Қақпадағы қара құлыпты сипалады. Ес білгеннен осы құлып сондай таныс. Іргедегі шешесі екеуіне ғана белгілі қуысқа қол сұғып кілтті алды.
"Мені ылғи келіп қалар деп жүреді екен-ау! Әйтпесе, бұл кілтті бұл араға қалдырмас еді ғой".
Шешесін аяды. Өзін аяды. Мынау жүдеу аулын, қараңғылыққа сүңгіп, мүлгіп тұрған аулын аяды. Бұрын бұндай болмайтын. Дәл осы көшенің, "кедейлер" көшесінің өзінде әр баған сайын шам жарқырап тұратын.
"Лампа шақ келмей ме екен? Әлде соған құнт жоқ па? Балшық, лайы көп көшемен түнде жүрген адам әбден батпақтап бітеді ғой. Басшылар қайда қарайды. Ауыл мәдениеті тазалығында, көшесінің жарығында, адамдарының жарқын жүзінде тұрмай ма? Мынау сүреңсіздікті кім жояды?"
Осыдан үш ай бұрын келгенінде осы ойын Қобландыға айтып, "комсомолдар не тындырып жүр? Өздерің қолға алмасаңдар, өздерің қимылдамасаңдар, сендерге біреу бәрін сырттан кеп жасап береді деймісіңдер" деп біраз ұялтқан.
"Қобланды уәде беріп еді ғой. Неге орындамаған?" Досына тірі тұрғандай-ақ кәдімгідей өкпеледі.
Есіктің құлпын ашып ішке кірді. Электр шамын жақты. Үй іші жылы екен. От маздап жанып тұр. Апасы әлгінде кешке қарай шығып кеткен-ау.
Апасы еденге қылшық жуытпайды. Қолы сәл босаса, су шүберекпен еденді сүртіп алып жүргені. Сонысын кейбір абысындары жаратпайды. "Қашан көрсең сүртініп, тазартып жан-жағын сипалап жалақтап отырғаны. Келмей жатып сол пиғылымен Мұқатты жұғып алып еді. Енді анау жалғыз ұлды жоғалтып, айналасын тақырлап сипап қалар-ау бүйтіп сипалана берсе" деп күңкілдейтін.
Шешініп, жуынып-шайынған Балта ескі әдетімен плитаның үстіне шәйнекті қойып, шешесінің келуін күтіп, дастарқанды жасап қойды.
— Құлыным, Балтам! — Апасының еміренген даусынан оянып кетті. Еміренген ана баласының маңдайынан сүйіп, құшағынан көпке дейін босатпады. Бұрын мұнша босамайтын.
— Апа, өзіңіз қалайсыз? Денсаулығыңыз қалай?
— Шүкірмін. Мені қойшы, өзің қалайсың?
— Жақсымын.
— Әлгі "күйіп қалды. Жатып қалды" дегенді біреулерден естіп сондай уайымдағанымды білсең,..
— Әй, ол ешнәрсе емес, — Балта аң-таң. "Кім айтты? Қалай жетті? Неге жеткізді?" деген сұрақтар кеудесінде үймеледі,
— Мен де тыңмын.
— Жұмыстан ылғи осылай кеш қайтасыз ба?
Кеш қайтатынын біледі. Бірақ "бүгін ғана" дегенді естігісі келеді. Сонда ғана көңілі жайланатын сияқты.
— Әлгі бір қызыл тайыншаны сүзіп тастап... Жеке байлап, жеке күтіп жүрмін оны... Оу, шай қойып, дастарқанды жайнатып тастапсың ғой. Түу, мына кәмпиттерді қайдан алғансың? Алматыда табыла ма осындай тас кәмпит? Айғаншаларға ауыз тигізейін ертең... Айғанша демекші, байғұсқа әбден батып жүр. Қобланды қандай еді. Жігіттің сырттаны еді. Айрылып қалдық құрдасыңнан.
Екеуінің де қабақтары салбырады, Екеуі де Қобландыны ойлап құлазыған көңілдің күрсінуін кешті.
— Оу, мен қазанға ас салмай неғып отырмын.
— Апа, бүгін соған әуре болмаңыз. Қай уақта піседі ол?
Піседі, Балтажан. Онда ма... анау Бектемірлерді шақырып жіберелік. Қамкөңіл жүр ғой. Қазір шай ішкен соң екеуміз кіріп шығамыз.
Балта портфелінен сыған бөртпе шәліні алып шешесіне ұстатты. Шәліні жайып қарап, Қатира көп отырды. Көзінен моншақ-моншақ жас ытқыды.
— Неге жыладың, апа?! — Балта әкелгенімді жақтырмай, жаратпай қалды ма деп сезіктенді ме, әлде әжім сызығы маңдайында біліне бастаған шешесінің жалғыздығын аяп кетті ме, өзі де кенет жүдей қалды.
— Куанғанымнан жылаймын, құлыным. Азамат болғаның осы емес пе. Қызметке тұрып, табыс тапсаң, шешеңе керегін әкелсең — одан артық мен не тілеймін. Енді бір келін түсіріп берсең, — деп сәл кідірді де, көзін қолының қырымен сүртіп тастады. Нұры тая қоймаған қарақоңыр көздері елжірете қадалды. — "Шүйкебас алмай шыр бітпес" деген бар. Сенің отау көтергеніңді керсем, немеремді әлдилесем, менен бақытты ана болар ма.
"Келініңіз бар ғой, бар, апа" дей жаздап қалды. Дәл қазір Майсарадан қымбат адам жоқ тәрізденді. Анасын көріп, көңілі тоғайған соң, шыдамсыз жүрек алыстаған адамды аңсай бастайтын әдетіне сайды. Балта ішінен Майсараны бекер өкпелеттім-ау дейтін өзін-өзі кінәлайтын күйге түсті де, әлгінде ғана аяп, қолынан келсе әлемнің бүкіл асылын, бүкіл байлығын, бүкіл жақсылық-рақатын үстіне үйіп қоярмын-ау деп жанымен құлшынған анасын да ұмытты.
— Шайың суып кетті ғой, — деп Қатира сәтте өзгерген Балтаның алдына жентті сырғытты. Бұл жент — Балтаның сүйіп жейтін асы. Бала кезден ұнататын. Қатира аш отырсын, тоқ отырсын, өксіп жүрсін, көңілді жүрсін — бәрібір келі түйіп, талқан дайындап, жент жасап — ұлының алдын бір босатып көрген емес. Ал, бүгін, Балта сол жентке де қасық салған жоқ.
— Женттен де алмай отырсың...
— Ә, иә, алам... О-о, сондай тәтті, апа, Мен анау Тулада жүргенде осы жентті көп сағындым... Сағын- ғам.
Әңгімелері үйлеспеді.
Екі-үш кеседен соң Балта ыдысын төңкерді.
Қатира шып-шып біліне бастаған терін алақанымен сыпырып тастап, орнынан тұрды. Қимылы әлі ширақ. Қырықтың ішінде дегенге адам иланғысыз.
— Онда, Балтажан, Бектемірдікіне кіріп шығайық.
Үйден шыққанда дала тіпті қараңғы, көзге түртсе көргісіз тәрізденіп еді, шешесі алдына түсіп алып, сүрінбей, мүдірмей бастай жөнелді.
"Үйреніп кеткен-ау. Көзі қалай көреді? Мен тіпті табан жолды да көрмеймін".
— Мынау көшеге неге шам орнатпайды.
— Октябрь мерекесіне қарсы шам болады деп Қобланды айтып жүруші еді, енді кім білсін...
— Оған дейін жақса, бірдеме бола ма?
— Анау Тұрған парторг пен Мақан салтанатты түрде күндізгі түстей болатын лампалар салғызып, көшені жайнатып жібереміз. Ол — үлкен мероприятие, оны үлкен мейраммен тоқайластыру керек деп айтты деп әрі күліп, әрі ызаланып жүрген досың. Мінезі тіктеу еді ғой. Парторгқа да, Мақанған да дес бермейтін. Енді... Әй, бірақ...
Шешесінің шарасыздықпен қиналған даусы үзіліп кетті. "Әй, бір шикілік бар-ау дәл осы қазада" деп ойы ауырлап кеткен Балта Бектемірдің табалдырығынан үнсіз аттады.
Бұларды көргенде пеш түбінде отырған Айғанша тарғыл даусын аңыратып зарлай жөнелді. Состиып тұрып қалған ұлына сыбырлап:
— Екеуін... Бектемір мен Айғаншаны құшақта, — деп сәл итерді Қатира.
Бектемірдің құшағы — әке құшағындай сезілді. Бірі көкесін, бірі ұлын іздеген екеудің үнсіз жылауы тілсіз солқылдауы ұзап бара жатқан соң, Қатира Балтаны ажыратып Айғаншаға қарай бұрды.
Айғанша Балтаның басын кеудесіне, кең омырауына қысып алып ал кеп боздасын, ал кеп аңыратсын ана шерін, ана зарын, ана мұңын. Балта енді бой-бой босады. "Қыршын еді, Қобланды! Қыршыныңнан қиған кім? Алғыр еді-ау, құрдасым! Неге үзді ғұмырын? Адал еді-ау, жолдасым! Арамдық па оқ атқан? Бала қайда анаға? Ана зары бітер ме? Жұбанар ма шер көңіл?"
Балта қосыла өксіді қаяулы анамен. Қосыла жоқтады іштен тел құрдасын. Орны үңірейген суық қазаның сұмдық қасіретін енді ғана ұқты. Жастай солған қыршынның қабыры қара жерден ғана қазылмай жылаулы жүректерге тілініп түсетінін сезді.
Агыл-тегіл жасы көзін бұлады. Ағыл-тегіл жасы омырауды шылады.
Қатира ес берді.
— Болды, Айғанша! Жылағаннан не өнеді енді? Қайтеміз, Қобландыжан енді қайтпайды бізге...
Айғанша аяқ астынан Бүлінді. Тарғыл даусы тіпті барылдап кетті.
— Сөзді қойшы сен, Қатира! Жынымды келтірме! Ұлың қасында, ұялмасың жанында, сен ненің күйігін тартып отырсың?
Қатира қысылды. Қипақтады.
— Әй, Айғанша! Сөз емес сөзді қалай айтып отырсың? Қобланды мынау Балтамнан кем бе еді маған. Сен айқайлап жылағанда, мен іштей егілмей ме екем. Алыстан құрдасының қазасын естіп жеткен Балтамның жазығы не?
— Түнделетіп неге келесің? Соңымнан қадалған сұғынды қашанғы қадай бересің? Алпамысымды да алғыз құдайға. Қу құдайға! Жалмауыз құдайға! Содан соң мынау қу басты қолынан жетелеп ал да, жүре бер. Талассам, қаншық боп кетейін. Оған дейін баламның әкесінің маңайынан баспа!
Жасы тыйылмай солықтап отырған Балта төбесінен мұздай су құйып жібергендей сілейді де қалды. Бас көтеріп ешкімге қарауға дәті шыдардай емес.
"Не деді?! Рас айтты ма? Қаралы адам, қазалы адам өтірік айта ала ма? Сонда... сонда?"
Ішін ыстық алау қарып ала жөнелді. Қызғаныш өрті бір тұтанған соң жуық арада сөнбейді. Балтаның мойны салбырап, басы екі тізесінің арасына еніп барады.
— Әй, Айғанша! Жаман қасындағысын қарақтар деп, сен мықты болсаң сіркесі су көтермей жүрген маған тап бергенше, анау Мақанға неге жармаспайсың! Неге сонан дауламайсың Қобланжанның қазасын! Бектемірді неге телисің маған? Жесір әйел желкелегенге жақсы дегенді қашан қоясыңдар. Әлде Бектемірді өргізіп-тұрғызатыныңды басқаға да жасағың келе ме? Түнде келсек шыдамай келдік. Бірге өскен, бірге ойнап-күлген төлдер еді. Әке-шешесіне көңіл айтыл, мауқын басайын дегеніме жазықтымын ба?
Айғанша одан сайын тұлданды.
— Әй, Қатира! Бетпақтанба бекер! Қобландым өлген күні бүкіл ауылды шарлап мына шірік байымды сенің қойныңнан тауып алғанын кімнен жасырасың. Мына баламнан ұят болса да шындықты айтпай, бетіңе баспай тұра алмаймын!
— Тәйт! Доғар былшылды! — деп Бектемір қалшылдады.
— Ә, жарасып қалған екенсіңдер. Тіл табысып алған соң құдай тоқпақтаған мені енді сендер тоқпақтайын дедіңдер ме? "Тоқал байдың бауыр етінен жаралады" деп бауыр басып қалғаныңды мен білмеймін бе?.. Ұлымның жетісі өтер-өтпестен түнімен қайда жоғалдың, мынау беті жылтыраған беті қараға бармағанда? Әлде иіс алмас көремісің мені. Неменеге маған қожаңдайсың, әй! Қожаңдама маған!
"Үйіңе келгенде үйдей өкпеңді айтпаны" білсе, Айғанша Айғанша бола ма, ақ жаулықты атана ма. Шапылдап, шабаланып Қатира мен Бектемірді апарып тастамаған жер қалдырмады. Балта одан әрі төзіп отыра алмады. Орнынан атып тұрып есіктен шыға жөнелді.
— Ой, Айғанша-ай, сенімен бірге өсіп, біте қайнастым десем де, әлі жұмбағың көп екен-ау. Баламның алдында тірі өлтіріп, қарабет етердей иненің жасуындай жазығым болса қайтерсің. Текке жазғырдың ғой, жарқыным.
— Тілінің тәттісін!.. Жарқыным деп іші-бауырыма кіріп алып, тіпті алдамақ екенсің ғой, тұтақ. Аулақ! Аулақ әрі! Баламнан бір, байымнан екі айрылар жайым жоқ. Мың жерден қойның құтты болса да бұдан былай қараңды көрсетпе, — деп долданған әйел сөз тыңдаудан қалды.
— Қатын, әй! Доғар енді! — деген Бектемірдің қатуланған түрін көргенде ойбайды тіпті үдетті.
— Ойбай-ай! Ойбай! Мынау жатыры қағынған қар енді мені өзі байыма өз үйімде сабататын болды-ау. Қай пейілімнен таптым? Қай арам пиғылымнан таптым, ойбай!
Қатира үн-түнсіз шығып жүре берді.
Бектемір бүктетіліп отырған орнында ауыр жұдырығымен еденді түйіп-түйіп жіберді.
— Құлыным-ай, Қобландым-ай! Қор қылды-ау мынау қу қатын! Адалдығымды... бишара әйелдің адалдығын кімге айтарсың? Кімге шағынарсың? Құлыным-ай, сенен айрылған соң енді кім бар маған сенетін. Кімім қалды тірек ететін? — деп көй-гөйге баса өкіріп жылап қоя берді...
* * *
"Масқара ғой! Қалай көрем бетін? Арыстай азамат өліп жатқанда екеуі... екеуінің дәті қалай шыдап барады? Апам қалай өзгерген?.. Бұған дейін бұдан да жас кезінде бірде бір еркектің бетіне күле қарамаушы еді ғой. Енді неге бұзылды? Неге? Не-ге?"
"Неге?" дейтін жауабын таппас сұрақ миына тікендей қадалып, күйтабағы тесілген патефондай қайта-қайта тіл ұшына орала береді.
"Қаралы ана өтірік айтпайды. Айта алмайды. Сонда анау екеуі... екеуі көптен бері... Мен оқуға кеткелі бес жыл... Онда тура қырықта ғана... Қырықта ғана... екеуі бірге оқыған... Неге өзгерген? Қалай өзгерген... Кетем!.. Бекер келген екем?.. Қобландыға келдім ғой?.. Иә, соған келдім. Кешір, Қобланды! Мен саған келдім. Қазір барам. Бірден өзіңе баруым керек еді".
Балта ауылдың сыртындағы зиратқа қарай бұрылып, төтелей салды. Жолсызбен тартқан соң ебіл-себілі шығып, пора-пора терледі. Пора-пора жас бетін жуды. Бірер рет сүрініп құлап тұрды. Бірақ тоқтаған жоқ. Ауылдың теріскейіндегі шоғырланған қорым бұрын жақын көрінуші еді, түнде жол ұзарып кетеді дейтін наным рас па, әлде асыққан адамға барар жерінің жеткізбей қоятынынан ба, Балтаның алқынуы күшейді. Кенет қарсы алдынан қарауытып бір "ауыл" — "мәйіттер ауылы" — шыға келді.
"Қалай көбейіп кеткен? Әй, мынау не? Күмбез бе? Апырау, нешеуін салып тастаған? Бұрын мұндайдың бір де бірі жоқ еді ғой?"
Балта зираттың шетіне жетіп, тайсақтап тоқтады.
Алғашқы қарқында Қобландыға барам, досымның басына барам деген тілекпен батыл адымдағанымен, енді жүрегі дауаламай тұр. Бірінен-бірі биік, бірінен-бірі еңселі, бірінен-бірі асқақ күмбез-белгілер, күмбез-бейіттер түнгі қорымның суық сұсымен денесін түршіктіріп жіберді.
"Мыналарды қай кезде салып үлгерген, ей? Соншама адам шетінемеген сияқты еді ғой?" деп Балта жүрексіне басып ең биік ең әсем салынған күмбезге жақындады. Күмбездің сыртқы қабырғасына мрамор тақта орнатылған екен, қанша сығалап үңілсе де, әріптерді шығара алмады. Кенет... әлдекімнің қыт-қыт күлгені естілді... Балтаның жүрегі жарылып кетпесе де... тас төбесіне шықты.
Күлген дауыс жақындады. Қараңдаған әлдекімнің елесі көрінді. Қыт-қыттап күлген дауыс адам даусына мүлде ұқсамайды.
Жүрегі дүрс-дүрс ұрғылаған Балтаның буын-буыны босап, тұла бойын сұп-суық тер жуды. Тізелері дірілдеп, дымы өшті. Түнгі зират басы... Сорайған, серейген күмбез бен томпайған қабырлар... Әлде күлген, әлде шегін тарта жылаған белгісіз дауыс... Қорқынышты дауыс.
Қашу қайда! Қашпақ түгіл Балтаның саусақ қимылдатар дәрмені қалмады.
Әлгі қыт-қыт күлкі (күлкі екеніне күмәні қалмады) дәл қасынан естілді. Қараңдаған бейне қарсы алдына тоқтады. Үсте шоқпыт, баста — алба-жұлбасы шыққан қамыс қалпақ. Ырсиған тістің ақшыл түсі білінеді. Күлгенде бүкіл денесі селкілдейді.
— Мен сені білем, — деді әлгі сұмдық күлкілі адам. Адам даусын естіген соң Балтаның жүрегі орнына түсті.
— Сен кімсің? — деді.
— Мен сені білем. Сен Қатира тәтенің үйіне келдің. Мен сені көргем.
— Өзің кімсің?
— Мен Тілеумін. Сен мені ұрмайсың ба? "Тілеу!.. Сен әлі осындай ма едің? Жазылмаған екенсің ғой әлі? Шіркін Тілеу! Тілеу-ай!"
— Мен — Балтамын ғой!
— Жоқ, Балта кішкентай... Сен гародскойсың... Мен Балтаны білем. Балта кішкентай ғой. Алдайсың босқа. Ұрмайсың ба? Мені бәрі ұрады.
— Ұрмаймын, Тілеу!
Тілеу — Балтамен түйдей құрдас. Қобланды үшеуі үшінші класқа дейін бірге оқыған. Осы Тілеу керемет алғыр еді. Алдына жан салмайтын. Үшінші класта ауырды. Ауыруына жұрт осы Мақан себепкер болды деп гуілдеуші еді сол тұста. Қазір ауызға да алмайды. Тілеудің үйіне Мақан түн ортасында есігін бұзып кірген бе, шешесін сабаған ба, әлде басқа бір өздерінің күңкіл-шүңкілі болған ба, сол түннен бастап шошымалы болған Тілеу, ақыры, жүріп кететін, айдалаға шығып кететін кеселге ұшырады ғой. Жалғызбасты шешесінің апармаған дәрігер, тәуібі қалмапты дейтін. Қайран Тілеу сол он жасар бала дәуренінде біржола қалып қойды ғой. Шала есті, момын жанға кім көрінген әлімжеттік ете беретіндіктен әбден зәрезап болып қалған. Балтаға қайта-қайта жалынатыны да содан.
— Сен мені ұрмайсың ба?
— Неге ұрам, Тілеу? Сен менің досымсың ғой.
— Иә, саған. Мен сені бүгін ғана көрдім. Сен Қатира тәтемдікіне келгенсің.
Балта Тілеудің бетіне қанша үңіліп қараса да, ананың жүзін анық көре алмады. Мынау әркімнен бір таяқ жеп, ықылас таппай жүрген Тілеуді дәл қазір өзінен гөрі бақытты санайтындай.
— Сіріңкең бар ма? — Далбасалап сұрай салды.
— Бар... — Қыт-қыт күлді. Одан кеңк-кеңк күлкіге ауысты. — Менде сіріңке бар. Анада Сүйменқұлдың немісский әбшеркесі босанып кеткен. Ой, сондағы қорыққаным-ай! Сіріңкені шағып лақтырса, ит тиіспейді. Балалар сіріңкеден де қорықпайды. Ылғи тас лақтырады.
— Сіріңкеңді берші.
Тілеу шоқпытының бір қалтарысынан бір қорап сіріңке шығарып, Балтаның қолына ұстатты.
— Сен Балтаны білесің бе? Балта біргадирский грузовекпен қалаға кеткен. Ол әлі кішкентай.
Балта таң қалды. Өзінің осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын оқуға барарда Бектемір жүргізетін жүк машинасымен кеткені рас-тын. Соны бұл Тілеу көріп тұрған екен-ау. Әлі ұмытпаған, ә.
Сіріңке шағып, тақтадағы жазуды оқыды. ..."Баласы Мақаннан". Мақанның әкесінікі екен ғой. Сонда мұның әкесінікі де осы төңіректе емес пе. Арасы таяу болатын-ды. Көңіл жобамен ілгері адымдады. Тапты. Төрт құлақты кішкене бейіт. Қышы үгітіліп, шөгіп кетіпті. Есігінен бас сұқты. Шөп өскен қабыр тым жұпыны. Шешеге деген өкпе одан сайын ширықты. Ышқынған жүрек одан сайын соқты.
"Ең болмаса... қабырын да қарамағаны ма?"
Ең болмаса... Өкпе таққысы келсе, адам қандай сылтау тапқыш. Жалғыз әйел бұдан артық не істей қойсын.
"Мақан әкесінің басына көк тас қойыпты".
Көктас!.. Жұрт айта беретін: "Пәленшенің баласы азамат-ақ әкесінің басына көк тас қойыпты! Түгеншенің баласы жігітім-ақ,әкесінің үйін әдемілеп, күмбездеп тұрғызыпты" сияқты тамсанулары, дәріптеулері мынандай бақастыққа апарып соғады екен-ау.
"Әй, бірақ менің әкем Мақанның әкесінен кем бе? Несі кем? Менің әкем кем емес. Бірақ Мақан биіктігін он метр етіп күмбез тұрғызыпты ғой. Ал колхозшыларда... көпшілігінде жөні түзу үй жоқ. Апамның"...
Ойы үзілді... Шешесіне деген өкпе қыжылы аунап тұрды.
Кезінде шешесінің қатты жүдеп кеткенін де, көкесін... Мұқатты ойлап, күндіз-түні бір тілек үстінде сарылғанын да сезетін тәрізді. Сәби жүректің аянышымен, қарлығаш қанатыңдай су себуімен апасын құсадан сейілтуге тырысатын.
"Сол күндерді ұмытқаны ма? Қалай ұмытады? Мен болмағанда қоса өліп кетуге де дайын еді ғой... Жұбайының әруағын қорлағаны қалай? Бектемір неге адасқан? Досы еді ғой. Құрдасы емес пе еді?.. Еркектің ермекшіл болар әдеті ме? Апырау, осы еркектерде достыққа деген, досқа деген қасиетті парыз болмаушы ма еді? Бектемір мені анау... анау деймін тірі жүргендей-ақ... марқұм Қобландыдан да гөрі көбірек еркелетпеуші ме еді. Соның бәрі алдамшы қылық, көз бояу үшін істелген жалған тірлік болғаны ма? Кімге сенем?
Айғанша тәте алдамайды. Ашынбаса, жаны күймесе, аяp еді ол мені... Мені сондай жақсы көретін...жақсы көреді... Жылы-жұмсағын алдыма тосып келген. Көңілі әбден қалмаса... дәл манағыдай шала бүлінбес еді... Шыдай алмаған... Апам!.. Әй, апам!.."
Көзден жас парлады. Кэкіректен ауыр... ауыр күрсініс лықсып шықты.
— Сен неге жылап тұрсың? Мынау сенің әкеңнің бейіті ме?.. Бұл — Балтаның көкесінікі ғой.
Тілеудің көзі қараңғыда да күндізгідей көретін тәрізді. Тілеудің сөзінен селк ете түскен Балта өзінің жалғыз емес екенін ұмытқанын түсінді.
— Бұл — менің көкемнің бейіті, Тілеу...
— Қатира тәтем бұрын ылғи келетін.
"Бұрын ылғи келетін... Енді келмейтін болғаны ғой... Кемегені — ұмытқаны. Ұмытпай... Енді оның оған қажеті жоқ. Жоқ! Әрине келмейді! Әрине ұмытады!"
— Әрине келмейді! Әрине ұмытады! — дауысы қатты шығып кетті.
— Кімді ұмытады? — Тілеу сап-сау сұрақ қойды. Дем-тынысы да жиілеп естілді.
— Жай, әншейін. Тілеу, сен Қобландының қабырын білесің бе?
— Білем. Ол анау жақта... Біләл ше... Сол Біләлдің қасында. — Тілеу кеңк-кеңк күлді. Тілеу қорс-қорс жылады.
Күліп тұрған адамның тез жылағаны қандай қорқынышты. Ал шалаесті, ауыш жанның түнгі зират басында кеңк-кеңк күлкісін теп-тез қорсылға жалғастырғаны тіпті үрейлі болады екен. Балта шегіншектеді.
— Біләл... сенің інің Біләл ма? Ол... оған не болды?
— Біләл кәрой болған. Ол көп-көп пәшесті атқан... Сосын анау Дұшман деген ше... Сен Дұшман дегенді білесің бе? — Тілеу жақындап келіп, ентелей төнді.
— Иә, білем.
— Сен оны көрдің бе?
— Жоқ.
— Ол дұшман ше... О-о! Оның бойы бар ғой — сталбадай! Сұмдық ұзын. Көзі — тостағандай. Мен оны көрге-ем! — Тілеу Балтаға тығыла түсті. — Мен одан қорқам! Мені түсімде қорқытады. Саусақтары арбиған!.. Ой, буындырды-ау саусақтарымен!.. Саусақтары десе ғой, темір! Дұшман жаман!
Тілеу тағы қорсылдады. Екі қолымен көздерін сықпалады. |
— Мен Дұшманнан қорқам десем... мені бәрі мазақтайды. Балалар тілін шығарады ылғи... Ешкім болыспайды! Темір саусақтары қатты. Мойнымнан буындырғанда...
— Жылама, Тілеу! Дұшман енді саған тимейді. Мен оны қуып жіберем! — деді Балта Тілеудің иығынан қағып. Қатты аяғаны сонша, өстіп далбаса жасады.
— Қуып жібересің бе? Сенде әптамат бар ма?
— Бар! Менде бәрі бар.
— Оны неге ұстап жүрмейсің?
— Тығып қойғам. Дұшпан келгенде атып тастаймын. Тілеу қуана күлді.
— Сен оның басынан ат, ә. Әйтпесе өлмейді. Біздің Біләлді де өлтірген ол. Басынан атқан. Біләлдің басы жоқ.
— Не дейсің?! — Балта Тілеуді шап беріп ұстай алды. Анау қорсылдап жылап жіберді.
— Мен емес!.. Дұшман атқан оны. Балалар айтады басы жоқ екен деп. Темір қораппен әкелген...
Тілеу алақанымен бетін көлегейледі. Балта қолын босатып, Тілеудің арқасынан қақты.
— Жылама, Тілеу. Жүр көрсетіпі...
Тілеу алға түсті. Қабыр-қабырдың арасынан жыланша ирелеңдеп бастап келеді. Бір рет артына бұрылып сәл кідірді.
— Сен мынау томпақты баспа. Оның астында өлген адам ұйықтап жатыр. Басып кетсең, о-о-ой, аяғың ақсақ боп қалады. Жарай ма?
— Жарайды.
Тілеу қоянжондана үйілген екі жас қабырдың дәл ортасына тоқтады.
— Мынау Біләлдікі... Мынау Қобландынікі.
Балта тізе бүкті.
"Қобланды, мен сені енді ешқашанда көре алмаймын. Сен қалай сақтанбадың, Қобланды? Мен кеш естідім. Хабарың жеткенде қолымнан топырақ салар едім". Қол созып бір уыс топырақты алақанында сығымдады. Түйіртпекті саусақтарымен үгіп, қабыр үстіне қайта тастады.
"Қош бол, Қобланды!"
"Қош бол деймін. Естір ме енді қайтып ол мені? Ең болмаса рухы тірі жүреді дейтін дінді де аластап қуып, атеист болып алдық. Ештеңеге сенбейміз. Егер сенсек... дінге сенсек онда мынау Қобландымен о дүниеде кездесер едік қой. Енді ешқашан да кездесу жоқ. Ал мен ол даусымды... не ойымды еститіндей-ақ "Қош бол" деймін. Рухты рух сезінсе ғой... Сонда... Бәсе сонда не дер едім? Не деп жұбатар едім. Әй, жұбата алмаспын. Өмірден тым ерте... тым ерте кеткен адамды... рухын жұбатар не бар? Үлкендерше "өзекті жанға бір өлім, бәріміздің түбінде бір баратын жеріміз" деп ділмарсығаннан не өнеді. Өзекті жанға бір өлім болса, өздігінен соған бас тігіп, көне қоятын кім бар? Жоқ қой ондайлар. Сен ше... өзің ше? Мен бе? Мен де қимаймын. Өмірді қимаймын".
Тілеу жеңінен тартты.
— Не?
— Сенің әптаматың қайда?
— Автомат па? Оны қайтесің?
— Қазір Дұшман келсе, қайтеміз?
— Дұшман келмейді. Сен бекер қорықпа, Тілеу.
Балта орнынан тұрып Біләлдің бас жағына қойған тақтадан (тас па, темір ме айырған жоқ) сіріңке жағып, "погиб при исполнении служебного долга" дегенді оқыды. Сәл төмендеу бояумен: "умер при исполнении интернационального долга в Афганистане" деп қолмен жазыпты. Тілеу әлгіні алақанымен сипап қалды.
— Қобланды жазған мынаны. Сонда кәмандір неге жаздың деп ұрысқан оған... Мен қорыққам. Қобланды күшті... Ол кәмандірден де қорыққан жоқ.
"Иә, Қобланды қорықпайтын. Қобланды батыл болатын. Адал болатын. "Бар! Сен де кет! Бәрің кетіңдер. Сонда колхозда кім істейді? Мынау төбесінен тоқпақ түсірмейтін әке-шешелерімізді Мақанның езгісінен кім құтқарады? Кетіңдер! Қорқақтар!" дегенді кластастарына. Бәрімізге... Енді Қобланды жоқ.
Мақанмен кім айқасады? Мақанды кім жеңеді? Әлде Қобландыны Мақан жеңді ме? Оқыс оқ соның езуімен бұрылмады ма екен?"
Екі жас жігіттің жас қабырлары жүдеу, жұпыны. Бірімен бірі жарыса, бірімен-бірі бақ таластыра, айбын-атақ таластыра салған күмбездер қара түнде жоқшылыққа, кедейлікке, қол қысқалыққа бір шекелеп қарағандай шаншыла-шаншыла қалыпты. Балтаның жан-жағына сұғына қараған басы осы теңсіздікті көрмейін дегендей салбырап кеудесіне түсіп кетті.
"Әрине, көк тас керек. Керек-ақ! Жер бетіндегі ақтық демін жұтып таусып, ақырғы жолын шалқалап келіп осы араға тіреген жанның аты-жөні жазылып тұрғаны дұрыс-ақ. Әбден дұрыс. Көкеме қарыздармын. Иә!.. Тас қоямын. Ол — балалық борышым!"
Тілеуге бұрылды.
— Қайттық, Тілеу.
— Мен апамды тосам... Апам бәлністе... Келіп қалса, алдынан шығам.
— Апаң бүгін келмейді. Ертең келер.
— Рас ертең келе ме?! — Тілеу қолынан шап берді. — Сен оны көрдің бе? Сен қаладан келдің, иә? Сен неге жаяу келдің? Анау Тұрған ше... Сол бастық қой... Машинамен келді. Сен оның машинасын көрмедің бе? Жаяу келдің...
— Көргем жоқ...
— Ол бәрібір мінгізбейді... Бораш бар ғой, шофыр Бораш ше, сол әнеукүні мені машинаға жолатпай, қуып жіберген.
— Жүр, қайталық.
Кенет Балта Тілеудің үйіне қонып шығып, ертемен ауылдан тайып тұрғысы келді. Оған тұсынан өтіп бара жатқанда Мақанның әкесінің күмбезінің іргесінде тәутиіп тұрған өз әкесінің төртқұлақ бейітінің қораштығы да от тастағандай болды. "Неге қарамайды? Неге жөндетпейді? Анау ғой көп ұзамай құлайды. Өзін шикі кірпіштен қалапты. Жауын-шашын шақ келтіре ме, шайып, мүжіп барады? Аяйды, көкемнен аяйды".
Әрине, кінә таққыш көңілдің мұндай сәтте сыныққа сылтау іздеп, бар күнә-сұмдықты үйіп-төккіш болатын әдеті ғой. Балта да сондай қазымырлықпен шешеге деген өкпені қалыңдатып жатыр. Қапалы жанды мұңдана түскен сайын соның бәріне бір ғана жанды кіналап, өкінішке толы өмір кешкендей күрсінісін көбейтті. Бүкіл өткенін ұмыттырды. Әйтпесе, мынау ата-бабасы өсіп-өнген жерге, ата-бабасының сүйегі жатқан жерге, ата-бабасының қаны сіңген қасиетті жерге тіл бітсе, мынау түнгі сыбдырлы желі адамша сөйлесе, былай деп шешіліп кетер ме еді:
"Жоқ, Балта балам! Балта әулетім! Сен адасып барасың. Мүлде адасып барасың. Сен анаңды бекер жазғырма. Сенің анаң сары аурудай сарғайып сені ойлайтын. Сенің қамыңды ойлайтын. Тілегі де, үміті де — жалғыз сен болатынсың жесір әйелдің. Тапқанын аузыңа тосқан. Ұстағанын үстіңе жапсырған. Бір көйлегін үш аударып киетін. Мұқатты ұмытқан жоқ. Ұмыта алмайды. Мақанның әкесіне күмбез орнатқанда Мұқаттың қалқайған ғана бейітінің ұсқынын көріп үш күн жылаған. Амал не, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Таңның атысы, күннің батысы көң жалдап, сарысу кешкендегі бар тапқанын саған салатын. Сен оқыса екен, тарықпаса екен, аш-жалаңаш болмаса екен деп қу жаны ышқынатын. Жоқ, Балта! Қатира Мұқатты неге ұмытсын! Ұмытпайды. Мәңгі-бақи ұмыта алмайды. Сен қатты адастың! Мықтап алжастың!"
Әттең, не керек туған жердің тілі жоқ. Қараңғы түннің құрсауында ызыңдаған желді кеудесінде жүйткітіп үнсіз жатыр. Булығып жатыр.
4
Алматыға жақындаған сайын поездың тоқтауы жиіледі ме, әлде Балтаға солай көрінді ме, жүрісі өнбей қойды. Қаладан кеткеніне үш күн емес үш апта өткендей дегбірі қалар емес. Әрине Алматыға бауыр басып қалғаны да рас. Бірақ дәл қазір сағынып көргісі келетіні — Майсара. Алыстаған сайын жақындай түсетін, аңсата түсетін махаббат құдіреті болады дегенді талай естіген. Енді мына вагон дәлізінен терезеге қарап, жер түбінен мұнарланып Алатау көзіне шалынғанда, әлгі тұжырымдардың ақиқаттығына ден қоя бастады.
"Әй, мен Майсараны шын ұнатам-ау. Шын сүйем-ау осы. Үздігіп бара жатқан тәріздімін-ау. Анау Алатау әппақ тұлғаланып тек Майсараға ғана ұқсайды-ау. Әлде Алатау аясында Майсара болған соң ыстық тартып бара ма?.. Неге ашуландым? Неге ренжіттім? Бармағаны қандай жақсы болды. Барса... бәрін естір еді. Әй, апам... Апам. Неге айтып-айтып кетпедім. Қартайғанда желік буып несіне құтырынады? Нанға өкпелеген баладай тұра қашқаным қалай? Қозғасам ғой... ішкі жегіні ақтарсам ғой... дәл бұлай қиналмас ем. Бетіне батырып-батырып айтып кетуім керек еді...
Майсара!.. Мені ұғатын да, мені түсінетін де бір-ақ адам өзі. Мынау кеудемнің тоңын... шешеме деген көңіл тоңын сол жібітпесе... Әй, онда ешкім жібіте алмас.
Адалдық... Махаббат... Қазақ әйелдері адалдықты көзінің қарашығындай сақтамаушы ма еді. Махаббат мәселесін күшті сезінеді деп кесіп айта алмаймын. Мүмкін анау жапырайған үй, анау бес-алты үйлі разъездегі анау... анау артта қалып бара жатқан... поезд терезесіне күн салып қарап, орамалы қисайып қалып бара жатқан әйел үшін өз отағасына деген көңілі, тазалығы, адалдығы, алдын кесіп өтпейтін сыйластығы, кішілігі махаббат деген айқай-дабылды сөзден гөрі қымбатырақ, қадірлірек шығар. Соны неге ескермейді апам? Неге ұмытады?"
Алатауға тұмандатып, шілтер тұтып жауын себелеп тұр. Сол жауынның лебі ауада дымқыл боп жайылып, ашық терезеден бетіне тиген соң, терезені көтеріп жапты. Сызды, тұманды болса да қала төңірегінің әсем табиғаты көз суарып, көңіл қуантады.
"Майсара үйде ме екен?"
Балта түршігіп кетті. Күдік неме қайдан сап ете қалып еді, өз еркінен тыс ойына оралды да, табиғатқа сұқтана желпінген көңілді су құйып өшіре салды.
"Ол әнеукүні тегін қалып қойған жоқ. Екі-үш күн менсіз сайрандамақ болған. Сайрандасын. Біз де өлмеспіз. Қайта ара жікті ашуға жақсы болады. Әйтпесе, бітеужара тірліктен пайда жоқ. Білер ме еді? Қайда баратынын, қайда жүретінін білер ме еді? Әрине Майсараға анау-мынау адам жоламайды. Жолай алмайды. Сұлу. Ақылды. Іскер.
Атаңның басы іскер. Қалалық рыноктардың бастығы. Әне, Майсараның іскерлігі. Басқа жұмыс табылмағандай. Саудагерлермен істес".
Балта терезеге сүзілді. Алатаудан төмен жылжыған жауын бұлты жер шылап жақындап қалған екен. Айнала төңірек енді дәл мұның ауырлаған еңсесіндей лезде сұрқай түске ауысып үлгеріпті.
"Майсара мені алдамайды. Алдауы мүмкін емес. Ол мені сүйеді..."
Өзінің Майсараға қатты ұнайтынын сезеді. Сезіп қана жүрген жоқ. Көбінесе Майсараға ұнағаны үшін де қаталдық жасайды. Бір емес бірнеше рет көңілін қалдырған да өзі. Арадан қыл өтпес дейтін татулықты бұзатын да өзі.
"Иә, өзімшіл болармын. Мүмкін мен оны қызғанатын шығармын. Қызғаныш — махаббаттың серігі деуші еді ғой. Бірақ асқақ сезімді қызғаныш тәрізді қарақшы тілек қорғаштап жүрсе, ондай тірліктің несі сән. Қызғаныш көңіл күн көзін алақанымен жаппақ боп тыраштанған пенденің күйкі қылығы емес пе. Не жаба алмай, не сол әрекетін тия алмай өзін-өзі сенделткенде не түседі? Қызғаныштың түпкі жетер жері — жауығу ғой. Ал бір үйдегі әйел мен еркек әу баста бірінсіз бірі тұра алмастай өліп-өше үздіккен жұбайлар жауықты дегенше, дүниенің бейбіт тірлігінен не пайда. Көкіректі тырналаған әлдебір өшпенділік тырнағы сәт сайын ақ-қараны ажыратқызбас кінә-жаланы қандай күшіктеткіш. Бар сұмдық қызғаныштан... Мен Майсараны қызғанамын. Неге қызғанам? Сүйем ғой... Сүйеді екем ғой".
Поезд бірінші Алматы вокзалына тоқтады. Осы арадан такси алып жүріп кетсе, тездетіп үйіне... (үйіне, өз үйіне) жетеді. Плащын иығына сұға салып, сыртқа ұмтылды. Жүгі жоқ, екі қолы да бос. Портфельді шешесінікінде тастап кеткен. Өйткені шешесімен қоштаспай қашып кетпеді ме.
Сылбыр жауын бетке ұрды. Тұтаса төнген сұрғылт бұлт шоғыры ауыр қозғалады. Терек ұштары әлгі бұлттарды тіреп тұрғандай.
"Такси табыла қояр ма екен?"
Балта қайтадан салғырт тартты.
Сүмірейіп вагонына мінді.
"Кімге асығам? Артым анау... Біреудің шыжығынан қызық аулаған жесір әйел... Апам менің. Алдым және жұмбақ. Мендей күйеуі... жо-жоқ тамыры бар болса да, жесір әйелдің тірлігіндей тірлік кешкен Майсара. Себебі ол маған есеп бермейді. Қайда жүрді? Қайда болды? Неге кешікті? Кіммен кездесті? Оларды менің білмек түгіл сұрамауым да керек. Ay, неге білмеуге тиіспін. Бір жақсысы Майсара әлі басқа жақта әзірше түнеп қалған жоқ. Бірақ әлдекімдермен кездесетінін рас қой. Кешігетіні... талай кешіккені бар. Сол кездесулерде не шеше береді? Әрине, әйел мен еркек оңаша кездескен кезде шошқа тағаламайды. Мемлекеттік мәселелерді де көп шеше бермейді. Ендеше..."
Жұдырығымен көлденең белдеу ағашты салып қалды. Киініп, жиналып вагон дәлізінде тұрған жолаушылар Балтаға жалт-жалт қарасты. Әдемі, сұңғақ бойлы жігіттің балшық жұққан балағына, туфлиіне көз жүгіртіп, әлдекімге жорыды ма, кейбір әйел жолаушылар ығыса аулақтауға тырысты.
"Үйде ме екен?"
Майсара үйде отырса, бүкіл күдік сейілердей, бүкіл кірбең арылардай көреді.
Ақша маңдайы жарқырап есікті өзі ашып кеп жіберсе... құшағын жайып төсіне қысып бар-бар қажытқан ойдан сергір еді-ау! Мынау алаңшыл, секемшіл көңілдегі құртша кемірген әбігерден құтылар еді-ау! Сонда мүмкін шешесінің "мінезіне" де кешірімшіл кеуденің бір түкпірінен бұлтартпас сылтау табар ма еді?!
"Үйде болса екен!"
Майсара бірақ үйде болмай шықты.
Көше-көшедегі демонстрациядан кейін үйіліп қалатын қағаз гүлдердің, балмұздақ, конфет қағаздарының қоқысын кешіп, жаяу жеткен Балта, киімінің суын тамызып есік көзінде біраз тұрып қалып, қоңыраудың ақ түймесіне саусақ басты. Екі-үш қайталап басты.
Майсара жүгіріп келген жоқ. Ақша маңдайы жарқырап есік ашқан жоқ. Құшақтар айқасқан жоқ.
Балта есікті қалтасындағы өз кілтімен ашып кірді.
Үй іші жып-жылы екен. Су киімдерін тастап, спорт костюмын киіп залдағы диванға қисайды.
"Қайда жүр екен? Менің аяқ астынан қайтып келгенімді білмейді. Білмеген соң асықпайды. Қазір қайда кеткенін білсем, үстінен түсер едім. Сонда не істеймін? Некелі жарым ба еді ол соншама. Күшік күйеу... тіпті күшік күйеуден де төмен емеспін бе?"
Ұрлық істеп қойғандай басын жастықтан жұлып алды. Алақтап жан-жағына қарады. Креслоның үстінде жатқан қара дипломат чемоданды көрді. Мұндай дипломатканың бұл үйде үшеу, төртеуі бар. Бірақ олар мынаған ұқсамайды.
"Біреу келген бе? Кім келген? Енді тура үйде кездесетін болғандары ма?"
Өзін-өзі күшпен көндіріп, әлгінде әрең тежеген еді, күдік құрты кеудесінде қайтадан тірілді. Атып тұрып қара дипломаткаға жармасты. Құлыптарын кілттемеген екен, сарт-сұрт босады. Қақпағын ашып кеп қалды. Көздері шарасынан шығып барады. Кілең қызылала он сомдықтардың бумасы. Үстіндегі қатарда он бумасы жатыр. "Шешінген судан тайынбас" деген өжеттікпен қолын сүңгітіп жіберді. Бес қатар боп текшеленген екен.
"Елу мың!"
Балтаның елу мың ақшаны бірден көз алдында көріп, қолымен ұстағаны осы. Елу мың!... Қып-қызыл боп алдында текшеленіп, сықалып тұр. Мұның жиырма бес жылдық үздіксіз табысы!.. Елеусіз ғана қара чемоданда, кресло үстінде жатыр.
"Әй, мынау тегін емес! Майсара мұншама ақшаны қайдан алған? Мұншама ақшаны елу сомдай етіп кресло үстіне қоя салған. Ұрлап кетер-ау деп қорықпайды, ә... Әлде ұрлық ақша шығар. Әрине ұрлық ақшаның жарасы жеңіл. Ақша қалай келсе, солай кетеді. Сонда мен де ұрлық ақшамен күн көріп жүрмін бе?.. Майсараның қолы былғанса, мен тазамын деп айта алам ба?"
Бөлме ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп жүрумен болды. Дәл қазір Майсара кіріп келсе түтіп жердей-ақ кіжінуі керім. Өз әлінше адалдық үшін, әділет үшін айқасуға дайын. Тордағы жолбарыстай асыға адымдағанда паркет еден сықыр-сықыр ойбайлады.
— О-о! Балта-аш!
Майсараның келгенін байқамай қалыпты. Тұра ұмтылған келіншектің шын қуанғанын көрсе де, жібіген жоқ. Кеудесінен итергендей тоқтатты. Тоқтатты да, кресло үстінде ашық жатқан чемодандағы ақшаға ертіп келді.
— Мынау не?
Майсараның көздегі, жүздегі нұры, шаттығы сөніп кетті.
— Ақша-а...
— Көріп тұрмын ақша екенін. Не қылған ақша деп тұрмын ғой саған? — деп Балта одан әрі шұқшиды.
Майсара диванға сылқ түсті де, егіліп кеп жылады. Көп жылады. Жәбір көрген, онда да жазықсыз жәбір көрген баланың ықылық ата жылауымен екі иығын селкілдетіп отыр.
"Не дейді. Айтқанын ұғар ма, түсінер ме ашумен әбден түтігіп алған адам? Асылы, үлкендердің айтқаны рас-ау, "шөлмек мың күн сынбас, бір күн сынар". Көмбе ақтарылар, күлман ашылар. Осылай боларын сезгенсің. Қорқатынсың бірақ... Балта білмесе, көрмесе деп ұйықтап жатып та үрейленетінсің. Ал енді... тайынба судан. Әйтпесе жалаңаш денеңді суық алады".
Бәрі... бәрі ойда жоқта басталып еді. Кооперативтік институттың соңғы курсында оқитын. Екі-үш айдан кейін диплом алады. Жан-жаққа кетеді. Сөйтіп жүргенде... OЛ келді. Қасындағы нөкері де біраз. Атағы, дәрежесі зор, күнде газет бетінен фамилиясы түспейді. Бұлардың институтына келіп қарапайым адамдай-ақ кездесу өткізді. Студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Майсараға ОЛ сонда қатты ұнаған. Алғашқы қатарда отырған Майсараға ОНЫҢ да көзі жиі түсіп... жиі түсіп кеткен-ді. Түсі жылы екен. Көздері бірер рет ұшырасып қалғанда әппақ қыздың жүзі нарт қызарған. Қызарып кеткенін ду еткен беттерінен өзі де сезгенді.
Неге екені белгісіз, толқыған көңілмен анау айбынды, атақты, биік мансапты адамның кәдімгі адам екенін, ОНЫҢ да сұлулыққа әсерленгіш, әсемдікке сүйсінгіш жан екенін түйсінген-ді.
Дәл осы кездесуден кейін бүкіл ғұмыр жолы кілт өзгерді.
Майсараны әлдекім іздеп келді.
Жатақхананың қыздары ондайда қандай әуесқой: "Киімі қандай! Жүрісі қандай! Нағыз сылқым! Даусын айтт, даусын! Бархатный баритон! Әй, Майсара! Майсара! Бақытты екенсің! Мынау деген жігіттің төресі сені іздеп келіп, астында тосып тұр...Әй, қара "Волгамен" келіпті өзі. Су жаңа! Оу, Майсара-ау неге бұлдандың. Бұлданбай, тез киін. Анау менің ақ газон шарфымды сал. Әй, әдемісің-ау, шайтан қыз! Аузының салымы бар жігіт кездесер-ау саған".
Қыздардың шуы мен дуы таусылар ма? Майсараның өзі де көргенше асық. Мақтауын тым асырып жіберді ме қыздар, әлде танымайтын жігіттің өзін неге іздеп келгеніне таңданды ма, қоянның көжегіндей ағараңдап төмен түсті.
— Сіз Әлдибекова Майсарасыз ғой. Сәламатпысыз, — деп келісті келген жігіт қол ұсынып амандасты. — Сіз... уақытыңыз болса, маған ілессеңіз. Сондай қажет боп тұрсыз. Көп емес, жарты сағатқа... Машина дайын.
Майсара ыңғайсыздана басын изеді... "Қайда, кім шақырды?" деуге шамасы жетпеді. Оның үстіне мынандай жігіт әдейілеп машинамен тегін келмей, жұмыспен жүретінін шамалады.
Машина қала сыртына, тау бөктеріне бет алды.
"Қайда келеміз?" Майсара сезіктене бастады. Шофермен қатарласа отырған алдындағы жігітке тіл қатқалы екі-үш рет оқталды. Соны сезгендей жігіт артына бұрылды.
— Келіп қалдық... Әне, анау шарбақты көремісіз... Сонда... сол арада сізді Ғазиз Құлтановичтың өзі күтіп отыр.
— Неге? — Майсараның жүрегі дір ете қалды.
— Оны өзінен сұраңыз. — Жігіт күлімсіреді. Сіз — бізден асып кетпей, сыпайы ғана сөйлейді екен.
— Сонда да... Біртүрлі ыңғайсыз тәрізді.
— Ыңғайсыз болмайды. Өзіңізбен сөйлескісі... танысқысы келген болар. Ол кісі сондай кішіпейіл...
Майсара қайда кіріп, қайда тұрғанын ұмытты. Есінде Ғазиз Құлтанович... Құдіретті адам. Биік тұғырдағы ұсынған қол түгіл, қанатты қиял шалмайтын алып бәйтерек.
Бірінен бірі өткен бөлмелер. Жиһаз-мебельдері кездің жауын алады. Ең соңында кең залға кіргізді. Ұзын стол. Стол жасаулы екен, биік вазадағы гүлге ғана көзі түсті.
"Март айында осыншама гүлді қайдан алады?"
— О-о! Саламатпысыз, қарындас!
Оқыс дауыстан селк ете қалған Майсара жалт қарап төрдегі есіктен кіріп келе жатқан кешегі Ғазиз Құлтановичты көрді. Басын иіп, ізет білдірген болды.
"Сол! Өзі! Күледі. Күліп келеді. Мені неге шақырды? Апырай, бұл кісіге де мен сияқты студентка қажет болады екен-ау!" Ғазиз Құлтанович жақындап келіп қолын ұсынды. Майсараның батылсыз созған қолын уыстап алып, екінші қолымен алақанының сыртынан сипады. Майсараның бүкіл денесінен дір еткізіп ток өткендей болды.
— Менімен бірге ауқаттануға қалайсыз?
Даусы майда. Тембрінде қатқылдық сезілмейді. Жымиғанда еріндері сәл ашылыңқырайды екен.
Майсараның үні шығар емес. Сасқалақтап тағы да бас изеді. Алақанын суырып алудың ретін таппай, әлі де қимылсыз тұр. Ғазиз Құлтанович қыздың бетіне көз суара қадалып қалып қолын босатты.
— Марқабат етіңіз.
Өзі бастап келіп, ауыр шомбал орындықты кейін сырғытып "осыған отырыңыз!" дегендей ишарат етті. Майсара орындықтың алдына өткенде, әлгіні қайтадан кейін сырғытты.
"Қандай кішіпейіл! Қандай сыпайы! Тең тұтып сөйлеседі. Кеуде керуі жоқ".
Столдағы әр ыдыстан Майсараға әртүрлі тағамды өзі салып берді де, бір шөлмекті жоғары көтерді.
— Тәбет ашу үшін мынадан сәл алсақ қайтеді?
Майсара ерік-ырқын түгел ұстатқан. Бар білері — қызара түсіп бас шұлғу.
Хрусталь рюмкаға қоңыр күрең ішімдік құйылды. "Көптеу емес пе?" осыны ойлап үлгергенше хрусталь рюмканы қолына ұстата қойды.
— Денсаулық үшін, Майсара қарындас.
Хрусталь сыңғыр еріндерде үзілді. Майсара коньякты бұрын татып алмаған. Үлкен кісі өзі бастап ішкен соң тайсақсуды жөн көрмеді. Көзін жұмып жұтып жіберді. Өңешті от... сұйық от тіліп өтті. Тынысы қиындап, жөтел буды. Көзінен жас ытқыды. Шашалып қалғанына үлкен адамнан... Ғазиз Құлтановичтан қатты қысылды.
— Ештеңе етпейді. Ұялма, Майсара. Әлі-ақ үйреніп кетесің. Коньяк аз-аздап ұрттаса, ем болады. Тонус көтереді. Тамақ ал.
Үні де, өңі де жылы-ақ. Биік мінбелерден суық қарап сөйлейтін адамға мүлде ұқсамайды. Бұрыннан білетін, етене танысындай іші-бауырына кіріп барады.
— Биыл оқуыңды бітіресің ғой енді?
— Иә...
— Қайда жіберіп еді?
— Созақ ауданына...
— Осындай періштені сонау жер түбіне жіберіп жүргендерде көз бар ма екен?
Майсара иек көтерді. Ғазиз Құлтановичтың көздері күледі екен. Басқа жүз, еріннен күлу түгіл жымию нышаны байқалмайды. Ал күлген көздің сыңайы ет көрген мысықтың бейнесін елестетіп жіберді.
— Сол жақтан бастағаным да дұрыс қой...
— Жо-жоқ, қарындас! Басқалар бастай берсін. Саған Алматыдан кетуге болмайды.
— Неге, аға-а?..
Қалай "аға" деп қалғанын өзі де сезбеді. Күліп тұрған көздер жел ұрып өткендей көмескіленіп барып қайта жылтырады.
— Онда мына әппақ жүзді күн қағып тотықтырады. Мынау сүйір саусақтардың тырнағына маникюр жұқпайды. Тілінеді, жарылады. Мынау ақша маңдай сәнінен, өңінен айрылады. Майсара ортасынан... мәдени ортасынан айрылады. Майсарасыз астана тағы бір әсемдігінен айрылады.
Майсара кәдімгідей ырзалық пейілмен іштей масайрады. Үлкен кісінің өзі мұның сұлулығына ден қойғанда мәртебесі асып, көңілі шалқып жүре берді. Сол алыстағы ауданға өзінің де барғысы жоқ. Қалай еткенде астанада қалар екем деп далбасалап жүргенде көктен іздегені жерден табылғалы отыр. Алдындағы асыл ағаның ықыласы ауғаны рас болса... Майсара күлімдеді. Майсара күлімдегенде екі бетінің ұшындағы шұңқырларға еркектің ындынын құртатын ерекше сұлулық орнады. Ғазиз Құлтановичтың көздері ұшқын шашты. Рюмкаларды тағы толтырды.
— Алматыда қалып, өзің қалаған жұмысыңа тұруың үшін, қалқаш!
"Қалқаш!" Осы "қалқаш" Ғазиз Құлтановичты биігінен құлдыратып әкеліп, Майсараның етектегі, жердегі қасына қарапайым еркектің біріндей етіп қондыра салды.
Екінші Рюмка оңай кетті. Шашалған да, жөтелген де жоқ. Көңілі кәдімгідей көтеріліп, мынау әсем бөлменің ішіне мойнын бұрып қарауға жарап қалды.
— Қай орынға барғың келеді, қалқаш?
"Қалқашымен" қыз кеудесіне жол тапқанын сезеді. Сезеді де сол тұзағын ыңғайлап жан-жақтан тастай береді.
— Білмеймін, аға-а...
— Ғазиз дей бер, қалқаш!.. Маған сенің ашықтығың ұнап отыр. Қысылып-қымтырылу — мәдениеттілік емес. Құлдық дәуірдің, феодалдық қоғамның сарқыншағы ол. Сонымен қайда баруды білмейсің, ә. Онда, Майсара, сен қаладағы бір базардың... ресми айтсақ, рыноктың директоры болуға қалайсың?
Майсара көзін төмен сап отырған, жалт қарады. Жүзінде таңдану ма, қуану ма — болмашы жымиыс білінді.
— Мен бе?..
— Иә, қалқаш! Қорықпа, өзім тапсырам. Тәжірибелі жігіттер жеткілікті. Бәрін үйретіп шығарады.
Майсара қуанды да, жүрексінді де. Рынок директоры қарапайым халық үшін онша кісі қызығарлық дәрежелі орын болмаса да, сауда-саттықпен айналысатын адамдар үшін министріңнің орнынан да артық.
Кооперативтік институттың студенті оны біледі. Себебі сырттан оқитын кейбір рынок директорларын ректордың өзі зыр жүгіріп жүріп қарсы алады. Емтихан, зачет алатын доцент, профессорларға өзі ертіп барып, қадағалап тапсыратын. Ректор тапсырмаса да әлгі мұғалімдер директорға құрақ ұшатынын, бәйек болатынын, иіліп-бүгілетінін Майсара талай көрген. Сол армандаған биікке... қайдағы арман?! Армандауға да қорқатын шыңға мына Ғазиз Құлтанович... Ғазиз зымыратып апарып қоя салмақ.
"Маған неге сонша мейірі түсті екен? Менен сонда қандай тілегі бар?"
Осы бір ой Ызыңдап оралды да, лез ғайып болды.
— Сонымен келістік қой, қалқаш?
— Білмей отырмын...
— Ойланатын түгі жоқ. Дайындала бергін. Рюмкалар тағы қақтығысты. Директордың денсаулығы үшін, жаңа қызметінің жайлы болуы үшін, мына әсем сұлулықтың әрдайым көз қуантуы үшін... Рюмка сыңғырлау үшін сылтау табыла береді екен.
Бір кез Майсара өзінің Ғазиз Құлтановичтың құшағында отырғанын көрді. Алғаш денесі дір ете қалған, бірақ ыңғайсызданғаны көпке ұзамады. Құшағы қарулы екен, жауырынын күйретіп жіберердей қысып алып, ернімен ерініне қадала төнді.
Орнынан тұрып, иығынан демей тартып Майсараны да тұрғызды. Сол қаусырған бойы өзі кірген есікке беттеді.
"Қайда барам?"
Дәл қазір қайда барса да бәрібір. Мынау үлкен адам енді Майсара үшін қол жетпес биіктегі дөкей әкім емес, өзінің.... иә, өзінің Ғазизы ғана. Өйткені жаңа ернінен сүйе бергенде: "Майсарам! Сүйіктім менің!" деп еншілеп алған. Ендеше Майсара да мұны еншілеуге тиіс.
Кіргендері жатын бөлме екен. Кәлдей кереуеттің жаймасын салып жата кетерлік етіп дайындап қойыпты.
Майсара жас бала емес. Майсара қалада оқыған соң, әрине жол көрген, бәрін түсінді. Түсінген кезде кеудесін үрей... жо-жоқ кеудесін қуаныш толқыны соғып өтті. Тұлабойын діріл буып ала жөнелді. Енді ұрыста не тұрыс бар дегендей, шұғыл бұрылып, шапшып барып Ғазизының ерніне ернімен жабысты. Көзі тұманданып, бүкіл денесін бұған дейін болмаған ғажап бір құмарлық билеп қалшылдатып барады.
Ғазиз Құлтанович Майсараны тік көтеріп бауырына қысып алды. Ол да дәл сол сәтте алапат қызулы желік еркінде еді. Ерін мен ерін жанасқанда Майсараның тәп-тәтті тілін көмекейімен қоса суырып алардай сорды кеп, сорды кеп...
Киімдерін шешіп ентіге қызуланып төсекке жатқандары сол еді... Ғазизы... Ғазиз Құлтанович сылқ жантая кетті...
Ентіге сыбырлады.
— Қазір... қазір... Сәл шыда...
Күйіп-жанған Майсара тығыршықтай жалаңаш денесімен сүйкене жанасып, Ғазизының бауырына кіріп кетті. Екі аяғымен еркектің екі аяғын орап алып, қызулы бойынан әл-қуат бергісі кеп барынша қимылдады.
— Қазір... қазір...
Ғазиз Құлтановичта одан басқа сөз жоқ. Майсара шалқайып барып "Ғазизының" бетіне қадалды. Көздер... күнұзын күлген, ұшқын шашқан көздер күлгін тартып қалған екен. Қыздың да денесі суып сала берді.
— Қазір, қалқаш. Қазір...
Дауыста үздіккен діріл жоқ. Мосқалдығына, дәрменсіздігіне, дәл мына ыңғайсыз халіне кешірім сұраған жасқаншақ қырыл бар. Сол жасқаншақ көзінен де білінді. Жан дәрмен сұп-суық алақанымен Майсараның тып-тығыз анарын уыстап сығып... уыстап сығып жатты да... кенет кеудесін көтеріп, ернін кегжите ысылдап, қыздың тік шаншылған төсінің үшкір ұшына... қара қоңыр ұшыла аузын салып кеп жіберді. Пысылдай сорды.
— Байқаңыз... сүт шығып кетпесін...
Сіз деп қалғанын да, зілсіз шағып алғанын да сезді. Сезсе де, дәл қазір өкінген жоқ.
Ғазиз Құлтанович аузын да, құшағын да босатып, шалқалап жата кетті.
— Киін!..
Жалғыз-ақ сөз. Бірақ айтылу екпіні, дауыс ырғағы, қатқылдығы бөтен еді. Майсара өзінің "Ғазизының" Ғазиз Құлтановичқа айналғанын ұқты.
Төсекте жатқан жалаңаш адамға бір қарауға батылы жетпей, өзінің жалаңаш тұрғанынан қатты қысылып, тез-тез киінді. Анау бағып жатты ма, Майсара киініп болысымен:
— Бара бер. Кездескенше сау бол, — деді.
Майсара есірік халде есіктен қыбырлап әрең шығып кетті.
Өзін алып келген жігіт залда екен. Тіл қатпай соңынан ілестіріп машинаға дейін шығарып салды.
Майсара институт бітірер-бітірместен рынокқа директор болып сайланды. Сайланған күннің ертеңінде қара "Волга" мұны тау бөктеріндегі саяжайға алып барды. Саяжайды Ғазиз Құлтанович "Саят" деп атайды екен. Бұл жолы өз "Ғазизына" айналып, кең төсекте емін-еркін қосылды.
Содан бергі ерік-ырқы Ғазиз Құлтановичтың қолында.
Алғаш рынокта тәртіп орнатам деп Майсара біраз әуреленген. Өйткені рынок прилавкасының әр шаршы метрі үшін талас күшті екен. Селоның еңбекші қауымын әлгі прилавкаға жолатпау үшін алыпсатар қулардың жасамайтын қулық-сұмдығы болмайды екен. Майсара алдымен күресті осы алыпсатарлардан бастамақ болды. Бір күні Ғазиз Құлтановичтың қара "Волгасы" келісілген уақыттан тыс жетіп келіп, Майсараны салып ала жөнелді.
— Майсара, сен ақылдаспадың ба? — Ғазиз Құлтановичтың түсі суық екен, көз таластыра алмады.
— Ақылдасқанда... анау саудагерлер... алыпсатарлар...
— Сені де, мені де... бәрімізді де сол саудагерлер асырайтынын ескер. Әйтпесе, бұ заманда айлықпен күн көрген адам көтерем боп тез солатынын есіңе тағы салайын.
Майсара бас изеді. Сонда мынау үлкен адамның өзі ұрлыққа, арамдыққа жол беріп, сол қылмысты жапқаны, көрмегені үшін, тіпті қорғағаны үшін пара алмақ па. Ішінен қарсы дау айтып өре түрегелген бір әлсіз қарсылығы Ғазиз Құлтановичтың айбарынан сескенгендей бір сілтеуге келмей үні өшті.
— "Сен — маған, мен — саған" дейтін тірлік ережесі — бүгінгі күннің қағидасы, қалқаш.
"Қалқашы" іш жылтты. Өз қатарына икемдей жақындатты.
— Әділет деп сен шырылдағанмен басқалар жабылып қоштап әкетпесе, онда босқа арамтер боласың. Әділетіпіл жалғыздың аузын жапқыза салу оңай. Оның әдісін тапқан. Үстіңнен "пара алады, мың-мыңдап алады" деп домалақ арызды айдайды да жібереді. Сон-соң шақты куә табыла кетеді. "Қорықтық — бердік. Жұмыстан қуам деді — бердік. Сөгіс жариялаймын деді — бердік" деген пәле-сұмдықтарын төндіреді. Ал сен, Майсара, босқа күйме. Ағымнан және жырылма. Көптің бірі болғаннан ұтылмайсың. Бергеннен ал. Алғанға бер. Іскерді аяқтан шалма. Ол тапса, сен де табасың. Майлы ас қарынға жақсы. Түсіндің бе? Тек сақ бол. Бергеніңді де, алғаныңды да көретін куә болмасын. Куә болмаса — сот та, біздің прокурор да түк істей алмайды.
Майсара түсінді. Мықтап түсінді. Кассир, қоймашы, контролер... базардағы толып жатқан қызметкерлер ай сайын жүз сомнан директорына сыйлық береді екен. Әрине оның біразы қалалық рыноктар бастығының кең қалтасына түседі. Бірақ қалғаны да қарын майлауға да, иінге жабуға да, кассаға салуға да жетіп жатыр.
Ал, Майсараның өз Ғазизына жаққаны сондай істегеніне жыл толғанда қалалық колхоз рыноктары басқармасының бастығы боп өсіп шыға келді. Енді рынок директорлары ай сайын Майсараның кабинетіне келіп, "қол беріп" шығатын болды. Қол бергенде "мол беретіні" сондай жалғызбасты әйелдің қалай шайқауына да қомақты "сыйлықтың" мұрты да қисаятын емес.
Мынау үш бөлмелі пәтер де Ғазиздың... Ғазиз Құлтановичтың арқасы. Бірақ Майсара екі жылдан бері Ғазиз Құлтановичтың жеке тапсырмаларын орындайтын да болып жүр. Ол тапсырмалардың түп-түбі қандай, немен байланысады, кімдер айналысады? — бірін білмейді. Әйтеуір өзінің лас іске, былық кәсіпке араласқанын сезеді.
Осыларды Балтаға қалай айтады. Пара-пайданы сықап, кім көрінгенді әке-көкелеп келгенін, "өз Ғазизына" соңғы екі айға дейін апта сайын барып тұрғанын қалай ашады. Мынау төбесіне үйірілген қара бұлтты қайтсе түріп жібере алады. Ешкімді менсінбей бір шекелеп қарайтын тәкаппар сұлу Майсара мына жүз жиырма сомдық айлығы бар темір-терсек инженерінен соншама жасқанып, неге кіріптар күйге түседі. Түспей қайтеді, Балтасыз Майсараға ендігі ғұмыр ғұмыр болар ма? Болмайды. Көктемде көрінген қызғалдақтай қыз дәуренін қолымен ұстатып, көкірегіне басқызып па еді. Әрине жоқ. Жұлынған гүлді, иісі қашқан қызғалдақты Балта несіне қадірлесін. Сол гүлді өзі иіскелеп, бүрін өзі ашса, онда Майсара қалай еркелесе де, ерікті болар еді. Жоқ, өйте алмайды. Ұйпалап тастаған гүлді Ғазиз Құлтанович одан сайын илеген. Үйтілген терідей боп Балтаға ұшырасқан күйін өзі де біледі. Ендеше, жыласын, сықтасын бірақ Балтасының көңілін ауласын, етегінен айрылмасын. Уланған жүректі шипалап емдер Балтаның құшағы ғана. Аялауы ғана. Аймалауы ғана. Жо-жоқ, болары болып, бояуы сіңген, Майсара емес. Майсара қайта түлейді, қайта жаңғырады. Қайта бүр ашады. Өйткені ол шын махаббаттың ыстық сезіміне, міне, енді ғана жолықты. Ол бәрінен баз кешуге даяр, тек Балтадан айрылмайды. Балтадан айрылғанша жарық дүниемен біржолата қоштасу оңай".
Өксік буып, екі иығы солқылдап диванда отырған күйі көп жағдайды... Ғазиз Құлтановичтың атын атамай түгел дерлік айтып берді.
— Мынау ақша соныкі. Өткенде де екі-үш рет алып, апарып бергем... Бұл ақшаны анау неге берді, білмеймін.
Балта Майсараның шын сырын естіген соң жібиін деді. Бірақ көз алдында бұл аты-жөнін білмейтін, бірақ құдіреті мен айбыны мықты дөкейдің тұлғасы елестеп тұрып алды. "Сонда қалай, Майсараны қай жеңгеніміз иеленетін боламыз ба?"
— Ол... әлгің саған... сенімен кездесіп... кездескенде... болып тұра ма? — Қылғынып әрең айтты.
Майсара Балтаның нені сұрап тұрғанын бірден ұқты.
— Жоқ. Ол енді болмайды. Өзіңді көргеннен бері мен бірден үзілді-кесілді айтқам. Имандай шыным! — Майсара қызарған көздерімен Балтаның бетіне тура қарады.
"Шыны екен!.. Майсарам, осы тура мінезің-ақ жақсы. Жасырмағаның дұрыс болды. Біраз сырдың беті ашылды. Тек әлгі дөкейіңнің аты-жөнін айтпағаның бекер болды. Шын ашылған соң түк жасырмау қажет еді. Әй, бірақ... мен де көңілдегіні түгел ақтарам ба? Апам туралы ғой ләм демейтінім анық"...
— Бар, жуын!
Осы екі сөз Майсараға әлемнің бүкіл асылынан, бар байлығынан қымбат еді. Қожасы, тәңірі — Балтасы кеңшілік беріп кешірім етті. Қайтадан бақтылы, базарлы қыз күйіне көшірген осы әсерлі екі сөз Майсараны балбұл жандырды. Диваннан атып тұрған бойда Балтаның мойнына асылып бетінен, көзінен... аузы тиген, жеткен жерінен сүйе берді. Балтаның да Майсарасына деген бар өкпесі сәскедегі тұмаңдай ыңырады. Екі қолымен Майсараның екі бетінен уыстай ұстап, басын шалқайта берді де аппақ тамағына еміне жабысты... Біраздан соң ентіктерін басып, қатарласа жатты. Балтаның термен шыланған бұйра шашын саусағымен салалауды Майсара сондай ұнатады. Қазір де қайта-қайта сипалайды.
— Неге ерте қайттың?
Дәл осы сұрақтың қойылары да, соған басқаша жауап дайындап қоюдың қажеттігін де Балта ойлаған-ды. Тосын естілген сәтте түсі бозарып кетті.
— Сен оны енді сұрама, Майсара...
— Жарайды. — Майсара басын көтерді. Екі шынтағын бүлкілдетіп қобыраған шашын түзеді.
"Әңгіме мен жайында болған ғой. Шешесі, сірә, жақтырмаған шығар. Осы біз неге той жасамаймыз? ЗАГС-ке барып тіркелсек... Балта бұрын менің сырымды білмей қуыстанатын... күдіктенетін. Бүгін айттым. Әлде ол енді тіпті суықтартып кетпесе..."
— Шай қояйын.
Ac үйге шығып кетті.
"Өз үйім — өлең төсегім". Балтаның айтқысы-ақ келеді. Айта алмайды. Мынау үш бөлмелі пәтерде не керектің бәрі бар. Соның бәрі анау Майсарасымен қоса мұның жолына құрбандыққа да дайын. Бірақ көңіл жылтпайды. Жылыту қайда, үнемі қоңылтақсыған көңілдің бабы бір табылмайды-ау.
БЕСІНШІ ТАРАУ
I
— Қал қалай, бауырым?
— Жаман емес, Жарқын аға.
— Жаман емесің жақсы ма сонда?
— Солай шығар.
— Ау, өзің соңғы кездері ұнамай барасың, бауырым. Қоныстойыңда мені төрағасы да, асаба да етпек боп уәде бергенсің. Енді естуімше, жұбайлы да, үйлі де болыпсың. Бірақ соның бірін мына жаман ағаңа сездірмеуің қалай? — Қалжыңдаса да қалжыңның тасасында өзімсіне көлденеңдеп тұрған өкпе сызы леп берді. Балта қызарақтады.
— Жарқын аға, ол жағынан, ия, ұяттымыз... Уәде... Әлбетте уәдені орындаймыз ғой. Өзіңізді неге ұмытайын.
— Жә,жә. Балта. Менікі ойын. Бірақ келінді көрсетпей қойма. Мүмкін сен сұмдық қызғаншақ боларсың, ә...
— Көресіз, Жарқын аға, от басымды көресіз...
Жарқын кетсе де, Балта әлгі әңгіменің шырмауынан арыла қоймады. "От басымды көресіз... Меншіктеніп қалғаным ба?.. Келініңіз деуге правом бар ма? Мен тіпті ол үйге пәтерші... квартирант та емеспін ғой. Василий Сергеевичтың Майсарадан гөрі маған билігі өтімді болса керек. Себебі мен сол пәтерге тіркелгем. Ал... шақырам дедім. Кім боп, Майсараның кімі боп шақырам? Қандай моральдық қақым бар? Қайта сожительство жасағаным үшін заң алдында жауап беруім керек шығар. Со-жи-тель-ство. Қазақша не деп айтады екен осы сөзді? Бірге тұру десек маған әбден қолайлы. Онда ыңғайыма икемделіп шыға келеді-ау. Әй, бірақ аты жаман. Анау қиыр мен мынау қиырдан табылып әлдебір пәнәйі себептермен бір шаңырақ астында тұрып жатқан қан-жыны араласпас екі пенденің тірлігін айтақтап тұрған сияқты-ау осы сожительствоң. Әлде Майсара екеуміз арамызды тезірек заңдандырсақ па екен... Мені сүйетініне... маған адалдығына көзім әбден жеткен тәрізді. Тәріздім не... Жеткен. Ал, мен ше? Ұнатам, сондай ұнатам. Әрі қызғанам. Кейде ұнатуымнан қызғануым асыл кетеді".
Осы аяаңшыл ой мазалап бітті. Тұнжыраған жігіттің тағы да күдікшіл ойға шомғанын Майсара да сезеді. Бірақ Балтаның сол күдігінің тамырын тап басып, тіл қатуға қорқақтай береді. Ақыры бірде шыдамады.
— Неге жүдеп жүрсің?
— Әбден шаршадым. Апам болса анау... — Тілін тістей алды да, асүйден шығып кетті. Сәлден соң Майсара залға кіріп еді, Балта диванда теріс қарап жатыр екен. Қасына отырып шашынан сипады. Балта кенет атқып тұрып құшақтай алды.
— Тезірек ЗАГС-ке отырайықшы, Майсара! Мынау бейтараптық қажытты ғой мүлде. — Көзінде мұң, даусыңда жалыныш дірілі бар.
— Жарайды.
Майсараның сарыла күткені дәл осы сөздер болса да, Балтаның бұл шешімге жүйкесін жұқартып, жанын жеп барып, қиналып қана тірелгенін ұғып еді. Осы сөзді естір болсам жүрегім жарылып кетер-ау деп жүретін. Жүрегі жарылған жоқ. Қуаныш сезген жоқ. Қайта белгісіз бір реніш туғызған салқылдықты кеудесінен аулап қалды.
— Жарайды... — Осы сүлесоқ бас изеуі іштегі салқын сабырмен естілгенде, Балтаны да сылқ түсірді.
Ертеңінде Ғазиз Құлтанович Майсараны "Саятқа" алдыртқан. Сонда жергілікті өнеркәсіп министрінің орынбасары отыр екен. Майсара оны жақсы таниды. Қалалық советтің сессиясында кездескен сайын әзіл айтқан боп Майсараға үйір боп қалған.
Ғазиз Құлтанович екеудің бірін-бірі білетінін көрген соң, іске бірден кірісті.
— Сөз әлгіндегі. Цехты тездеттіресің. Бір үлеске Майсараны аласың. Бір-біріңді таниды екенсіңдер, түсінулерің де оңай болады. Биыл, әрине, өнім бере алмайсыңдар. Ал, мартқа қарсы мына Майсара жаңа цехтың шубасын киетін болсын.
— Шубам да, дубленкам да бар ғой.
— Сөздің мысалы ретінде айтам. Бар болса да, қаракөл тонның артықтығы болмайды. Естідің бе, Қайырбек?
— Ойбай-ау, оған сөз бар ма, Ғазеке! Өзіңіз айтқан соң... Майсара қарындасқа, әрине, образцовыйын береміз ғой.
Қайырбекті қайтарып жіберіп, Ғазиз Құлтанович ас алғызды.
— Өзіңмен көптен бірге отырып тамақ ішпеппіз. Уақыт бар шығар?
Майсара бас изеді. Бірақ іштей күдіктеніп отыр. Соны жүзінен, қуқыл тартқан жүзінен оқып қойғандай жымия күлді.
— Жә! Енді ондаймен әуре болмаймыз. Вкусың тәуір екен, Майсаражан. Мына жігітке екеуміздің бұдан былай қиянат жасауымыздың қисыны келмес.
Алдында жатқан конверттен Балтаның әр түрлі форматта, әр қырынан түсірген фотосуреттерін алып көрсетті.
— Қалай, өзіңе үйленетін түрі бар ма?
— Білмеймін... — Майсара жыламсырады. Дәл қазір мына адам ағасындай, әкесіндей қамқорлық иесі болып көрініп кетті. — Білмеймін. Әрі-сәрі сияқты.
— Жарайды, одан қам жеме. Әлгі Қайырбектің не өзіне, не сенімді адамына қырықмың бергін. Мехкомбинатта жаңа цех ашады. Әрине жасырын цех ол. Құрал-жабдыққа көп қаржы керек. Кейін қосқан жарнаңды бес, он есе қайтарып аласың. Ал, Балта... Балта енді әрі-сәрі болмайды.
Майсара бұл "шаруаны" Қайырбекті көргенде-ақ сезген. Қазіргі Майсара бұдан төрт жыл бұрынғы Майсара емес. Tic қағып, әккіленген тәжірибелі "бизнесмен".
— Рақмет, Ғазиз Құлтанович...
— Бір ғана өтініш сенен, Майсара. Мені бұрынғыңша оңашада Ғазиз деп атасаң болғаны.
— Ол өтінішің оңай ғой, Ғазиз.
Майсараның сыңғыр-сылқым күлкісі сыңғырлай беріп, үзілді. Осы күлкісі-ақ Ғазиз Құлтановичқа қатты ұнайтын, елеңдеп қалды да тез тиылды.
— Тамақ суып барады, Майсара...
* * *
Қас қылғандай күткенде трамвайдың кешігетін әдеті ғой. Киімі қанша жылы болса да аялдамада біраз күтіп қалған Балтаның аяғы тоңа бастады. Тарс-түрс адымдап, табандарын тарсылдатып мұзды тротуарға соққанмен башпайлары сыздап барады.
"Бұл арамен такси да жүрмейді. Ертерек шыққанда ілігетін едім, дәл отстой кезіне тап болғанымды қарашы!" Ызалана шалқайып аспанға қарады. Декабрьдің ерте түсетін түні аяздата түнеріп тұр. Бет қаратпайды. Сықыр-сықыр басқан жаяулардың асыққан жүрістері жан-жақтан көбейіп кетті. Мына үскірікте тыпырлаған, тыншымаған жан ғана жан сақтайтын тәрізді.
Зыр етіп келіп сұр "Волга" тоқтай қалды. Тоқтай қалды да, есігінің қырау басқан әйнегін төмен түсіріп әлдекім бас қылтыйтты.
— Жігітім, сағатыңыз қанша? — Бас Балтаның жүзіне үңіле қарады. — Оу, сіз Балта емеспісіз?
— Балтамын... — Балта аң-таң. Сағаттың қанша екенін айтуды да ұмытып кетті.
— Онда не ғып тұрсың? Бол, отыр! — Артқы есік сарт ашылды. — Жаурадың ба?
— Иә! — Балта мыналарды өзі танымаса да, өзін танып тұрған соң бөтенсіремеді. Ішке сүңгіп мінді. — Түу, рақат мында екен ғой!
— Көп тостың ба көлікті?
— Трамвай келмей қойды ғой. Аяқтарым қатып қала жаздады.
Алдыңғы орындықтағы адам сол иығынан иегін қылтитып, оң қолын созды.
— Танысып қоялық, Балта. Мен Майсараның туған нағашысы болам. Атым — Барақ. Мынау екеуі досым.
Балта ұсынған қолды қысты да, шофер мен қатарында отырған мұртты жирен жігітке басын изеді. Ішінен "Майсара әке-шешем самолет апатыңда қаза болған, басқа жақын туысым аз демеп педі. Аяқ астынан пайда бола кеткен бұл қайдан шыққан нағашысы? Тіпті түрі де еш ұқсамайды. Қазақша сөйлемесе, кавказдық біреу ғой деуге болар еді" деп қуыстанып қалды.
— Жігітім, онша қуанбадың ғой. Қазақтың: "жігіттің үш жұрты болады, өз жұрты күншіл, нағашы жұрты сыншыл, қайын жұрты міншіл" дейтінін білсең, бізге мін таққызбай, өтірік те болса мезіреті жасамайсың ба? Асың болмаса, пейілің бар емес пе, күйеужан.
Қара сөзді судай сапыратыны көрініп тұр. Кім білсін, нағашысы болса болар да. Майсарадан бұл өзі кімің бар, қандай туғаның бар деп қадалып сұраған емес. Мұның өзін бірақ бірден таныды. Мүмкін бұл жоқта үйде болып, Майсара салған портретін көрген шығар. Әйтпесе, қарап жүрген менде не әкелерінің құны бар.
— Қуануға мұрша бермедіңіз ғой! Аяз бір буып, нағашым екі табылып, есім шығып кетпеді ме?
Барақ та, жолдастары да қарқ-қарқ күлді.
— Е, бәсе, тегін адам таз бола ма дегендей Майсаражан біздің анау-мынауды ұнатпайды. Солай ғой, Күржік?
Шофер кеңк-кеңк күліп бас шұлғыды.
— Ал, онда, күйеужан, таныстықты бекемдеу керек. Сен пейіліңді шын берсең, менің онда өзіңе түскен мейірімімді де көр. Қазір тұп-тура "Алматының" этаждарына барамыз. Жақсылап отырамыз.
— Соған бүгін несіне асығамыз, Бәке... — деп Балта сасқалақтады. Майсараның нағашысы екеніне сене бастағанымен бірден келісе кетуге де көңілі дауаламай отыр. Әрине, шақыру мұның реті. Үйге апарып, дұрыстап қонақ қылып жіберсе, Майсара екеуіне де аброй. — Кейін, жеңгейді ертіп, үйде кездессек қайтер еді?
— Оныңа ләппай деп құлдық ұрғаннан басқа не айтам, күйеужан-ау. Бірақ сен үйге деп қопақарлатқаныңмен, әзірше сол үйге қожа бола қойған жоқсың ғой.
— Енді оныңыз рас... — Балта күмілжіді. "Апырай, Майсара нағашысына айтып қойған екен ғой. Айтпай... кімге айтады. Шынында да ыңғайсыз болды. Үйге деп... өз үйімдей-ақ. Кінә тағуы орынды" — Күнде ертең деп жүріп кешіктіріп алғанымыз да рас тіркелуді.
— Ал, айыбыңды өзің мойындадың, күйеужан. Есті, білікті екендігіңді таныттың. Көзді-құлақтыларға пыш-пыш сөз болуды қашан тиясыңдар? — Орындығының арқалығынан асыла қараған Барақ табжылтар емес. Дәл мына бастырмалатуында іш тартуы да, зорлығы да қабат түйдектелді.
— Енді онша ұзатпаспыз...
— Сен өйтіп бұлталақтатпа, Балта шырақ. Бүгін он бесі. Енді он алты күннен кейін жаңа жыл туады. Ал бұл жылдың несібесін келер жылға жырмалама. Әр күннің, әр жылдың өз үлесі бар. Солай ғой.
— Солай шығар.
— Күйеужан, өзіңнің "шығарың" көптеу екен. Табаныңда әлден бұдыр қалмаса, бара-бара жығылып-сүрінуден көз ашпассың. Жә, көңіліңе ауыр алып қалма. Өзімсінгенімді сен де түсін. Былай болсын. Декабрьдің отыз бірі күні ЗАГС-ке отыратын болыңдар. Сонда сендерден бақытты ешкім болмайды. Жаңа жылдың қарсаңында, ылғи мерекелеп отырасыңдар. Қалай, келістік пе осыған?
Балтаның өзі де солқылдап жүрген. Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келді. Басын құлшына изеді.
— Келістік Бәке!..
— Олай болса, менің саған свадебный подаркам... сыйлығым бар. Машина жүргізетін правоң бар ма?
— Мектепте оқытқан. Жүргізуін білем. Правом жоқ.
— Оның жарасы жеңіл. — Қасындағы шоферын иығынан қағып қалды. — Күржік естимісің, правоны үш-төрт күнде дайын қыласың.
— Фотосы...
— Иә, Балта, ертең фотонды ала кел.
— Ертең болмайды... ол үшін суретке түсуім керек.
— Жә, бұның да жарасы жеңіл. Менің подаркам — "Жигули". Әрине, ұсталғаны, мінілгені. Бірақ оны мынау Коля, Кержік — Балтаның қасындағы екінші жігітке саусағы қадалып қайтты. — Мынау Кержік су жаңадан да артық еткізіп береді.
— Қажет емес... Керегі жоқ... — Балта безек қақты.
— Күйеужан, қол қақпа. Өзіңе аққудың көгілдіріндей жиен қарындасымды қиғанда, екі-үш мыңның салдырағы маған бұйым боп па? — Барақ ештеңені тыңдамас өзімбілемдікке әбден иек сүйеп алыпты, бірдеме десе шақылдап дауласа кетуге дайын.
— Жарайды, Бәке, оны кезінде көрерміз, — деп Балта қиялатты.
— Неге кешеуілдетеміз. "Соқыр қылды бір істі, алла оңғарсын бұл істі" деп апыр-топыр тындырғанды сондай жаным сүйеді. Сол себепті де, Балта шырақ, тойыңа өз машинаңмен баратын боласың. Осыған "жә!" десейік онда.
Балта құтылу үшін бас изеді.
— Әкел қолды! Қол алысып, серт байласқан аталардың дәстүрін неге қайталамасқа. — Асылып келіп алақанын ұсынды. Алақанына Балта алақанын тигізе беріп еді, сарт еткізіп қап, қысып алды.
— Болды! Серттен тайсаң — қанды қанжар, сертті селебе шешеді түйінді. Ескі салт, жаңа заң да сөз жұтқанды кешірмейді, күйеужан. Сонымен, Майсара екеуіңнің жаңа жыл қарсаңындағы кеште тойында отыратын боламыз ғой.
— Жарайды.
— Әй, куәсіңдер ғой? — Серіктері бас изеді. "Коля —Кержіктің де қазақшасы бар ма?" дегендей Балта қатарындағы сары шашты жирен жігітке таңдана қарады.
— Қарамай-ақ қой оған. Төбесінің тесігі бар. Бүгінде ымы-жымы жарасқан адамдардың тілі де жанасып жатады. Ал біз үшін... Бас жаққа барыспалық депті ғой бір кемеңгер. Сонымен бүгін ресторанды қояйық десең, күйеужан, оныңды да қабылдадық. Ал, онда, келіп қалдық. Бір ғана өтініш. Арамыздағы осы әңгімені Майсараға білдіруші болма. Онда оның көңілі сенен де қалады, менен де қалады. Білем ғой мінезін. Аяқ астынан қарындасымды өкпелетіп алып жүрмейін.
Машина тоқтады.
— Оу, келіп қаппыз ғой. Ал, Балтажан, сау бол. Майсараға айт, аяқкиімің жұқалау екен, ауыстырып берсін. Ал, сау бол.
"Волга" дәл подъездің алдына тоқтаған екен, "адресті де біледі. Майсараға келіп жүреді екен-ау!" деп Балта қақаған аяздан ба, әлде басқа бір себебі болды ма, ұзын мойнын ішіне тартып, құныса қалды.
Бір аптадан кейін телефон соғып, Барақ Балтаны "Тұлпар" магазинінің қасында кездесуге шақырды. Сылтауратуға қаратқан жоқ, "Екі өкпеңді қолыңа ұстап, тез жет!" — деді де, трубканы тастай салды.
Алматы қысы өткен жылдардағыдай момақансымай биыл декабрь түсе қаңарына мініп еді, "басқан жерін сықырлатып" әлі күшінде тұр. Бет-аузын қайта-қайта уқалап, қаптаған "Жигули", "Волга", "Москвичтердің" арасымен келе жатқан Балтаны Барақтың дәл қасынан шыққан дауысы селк еткізді. Сұр "Волганың" есігі сарт ашылды да, Балтаны жұтып жіберді.
— Әй, күйеужан, күйеужан! Өзің сондай тоңғақ екенсің. Жасыңа жетпей жатып бар жылуыңнан айрылсаң, не боласың! — Қарқ-қарқ күлген Барақты Күржік пен Кержік-Коля шиқ-шиқ күлісіп, қоштаған реуіш танытты.
— Былай, Балта. Мә, мынау екі жарым мың сом. Қазір мына Күржік екеуің бір адамға барып, оның ВАЗ-2101" марқалы машинасын анау магазин арқылы осы ақшаға сатып аласыңдар. Комиссионныйын да, басқасын да Күржік өзі сенсіз тындырады. Ал, күйеужан, мен уәдемде тұрдым. Сен де шегініп кетпе.
Алақаныңдағы ақша от боп қарып барады. Балта терлеп кетті.
— Бәке, мен мұншама ақшаны... Қалай алам? Не деп алам?.. Қарыз болған күнде де жуық арада өтеуге, қайтаруға мүмкіндік...
Барақ қолын сермеп, кимелеп кетті.
— Әй, қаспақшыл қазақ-ай! Аузыңа қаймақ салсам да жүрегің айниды-ау! Туыс-жегжат адамдардың арасында жорға мен дорба қатынамаушы ма еді. Бүгінгінің жорғасы — "Жигули" болса, тіфу дейтін түкірігімнің бәсіне татымайтын азынаулақ тиын-тебенді сенің мойнына қарыз етіп қарғыбаулап қояды деп педің мені. Өйтіп адамды бекерге ренжітпе, күйеужан.
— Әй, білмеймін. Сіздікі, Бәке, "бүк түссе де менікі, шік түссе де менікі" деген әндемді баланың әлімжетілігіне ұқсап барады-ау, — дегенде Барақтың күлкісі машинаның ішіне симай кетті.
Күржік тысқа шыққанда Балтаның қолына шоферлық куәлігін ұстатты. Фотосы, мөрі, бәрі орын-орнында. Балта еріксіз бас шайқады.
Бір сағаттан кейін екі жарым-ақ мыңға сатып алған "жигулиінің" ішінде отырды.
— Әлгінде анау кісі... машинаның бұрынғы иесі неге шырылдады? — деп Балта рульдегі Күржікке бұрылды.
Күржік шиқ-шиқ күлкісін қайталады.
— Ол шырылдамағанда мен шырылдаймын ба? Барақ, Бәкең оған магазин бағасынан бөлек үстеме үш мың сом бермек болған.
— Иә!
— Үш мың сомды берсе, Бәкең Барақ бола ма?
— Сонда анау адам ала алмады ғой.
— Иә. Машинасын магазин арқылы заңды бағасына сатты, бітті. Сот та, милиция да ештеңе істей алмайды. И то Бәкеңді бәрі сыйлайды. О-о-го, Бәкең керемет адам! Ал сен Бәкеңді білмейсің...
"Иә, білмеймін. Менің білмейтінім көп. Тым көп. Барақты білмеймін. Барақ түгіл әлі күнге шейін қасымда жатқан Майсараны да ұға қойғам жоқ. Барақты білмейсің деп қиналады. Оны неге білуім керек? Оу, білмегендіктен мынау былығына ұрынып қалмадым ба? "Бұл не қылған батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық?" десем, осындай кілтипаны бар екен де"?
— Ал, Күржік...
— Мен Күржік емеспін! — Шофердың даусы өктем шықты. Мен Күржік емеспін! Учти! Оны тек Бәкең ғана айта алады. Мен — Магомедпін!
— Сонда сен де қазақ емеспісің?..
— Сен, Балта, тұп-тура баланың сөзін сөйлейсің. Ал, өзің Москвада институт бітірген инженерсің. — Магомед кәдімгідей ренжіп қалды. — Ойлау керек қой.
— Иә, ойлау керек. Қатты ойлау керек... Магомед, мына машинаны мен алмағанда, сендер оны не істейтін едіңдер?
Магомед қутың-қутың етті.
— Бәкең оны кем дегенде алты мыңға жытырады.
— Сұмдық қой! Милиция қайда қарайды? Тапа-тал түсте қылмыс жасатып қоя ма сонда?
— Бәкеңді милицияның бәрі біледі. Әрине, қазақтың "майламасаң арба да жүрмейді" деген мақалы дұрыс. Бәкең кімді қалай майлауға шебер. — Магомедтің құшыры қанғанда шиқылдайтын әдеті болса керек шиқ-шиқ етіп рахаттана күлді. — Машина — зверь! Жүйткіп тұр. Үш күн қасыңда болып, үйретіп шығарам. Бәкең солай тапсырған.
Балтаның ойы ауырлап отыр. Қайда батпақтап бара жатқанын пайымдамайтын ақымақ емес. "Түбінің қайыры бола қойса, жақсы-ау... Әй, бірақ... қиналтпай, сенделтпей өздігінен оралып жатқан батпан құйрықтардың сұрауы болмас деймісің? Пәтер анау... жұбай... иә, енді жұбай болады ол... Жұбай анау! Машина мынау... Тырнағым қимылдаған жоқ. "Мың бір түн" ертегісінің оқиғасындай топырлап өзі келіп жатыр. "Алма иіс, аузыма түспен" мен жүрмін. Тайраңдата берер ме?.. Әлде қыл тұзақ мойныма түсті ме екен? Heге сезбеймін? Мүмкін мына тызылдауым соның алғашқы белгісі шығар?.. "Қарыз етіп қарғыбау тақпаймын" дегенімен, Әй сол Барағы бар болғыр салып-ақ жіберді ғой бұғалығын. Қай қылуам өтіп еді мынау машинаға тегін мінетіндей? Гәп бар-ау, гәп бар!"..
Балтаның әлгіндегі өз машинасына мінген сәттегі қуанышы су сепкендей басылды. Өзі қаламағанды зорлап жасататын "нағашысының" мықтылығы жігіттің көтеріңкі көңілін күйген терідей бүрістірді де жіберді.
Қаланың сыртына шығып, рульге отырып машинасын жүргізуді үйренгенде де көңілдегі кірбең ажырамады. Аяқ-қолдың кәнігілігі ұмытылмапты. Колхоздың машина, тракторының құлағында ойнап өскен Балтаға лыпып тұрған "Жигули" тізгінін тез ұстатты. Бірақ ауыр ой кешкен жігіт қуаныш күйге құлықсыз еді.
— Гаражың, не стоянкаң бар ма? — деген Магомедтің сұрағы оқыс естілді. Балта ажырая қарап біраз отырды.
— Жоқ...
— Енді бұны қайда қоясың?
— Аулада... есік алдында тұрады.
— Бір-ақ түнде тонасын да кетсін дейсің ғой.
— Неге?
— Бүгінде "Жигулидің" шины дефицит. Алдыңғы шыны-терезесі дефицит. Мынау радиосы жастарға тапқызбайды.
Балтаны жекеменшіктік сезім билей бастады.
— Милиция қайда? Ұрыларды қаптатып жіберген!
— Милиция... Олар ақмақ деп пең. Осындай суықта кімнің бүрсеңдегісі келеді. Оның үстіне олардың да өңеші тесік. Семьясы, бала-шағасы бар. Ал, айлығы... умора. Әне, қайда компромистің көкесі...
Магомед бірді айтып бірге кетсе де, көп жағдайдың шетін қылтитып кетті. Милицияңа сенің машинаңның аман-саулығы, барлығы, бүгіндегі керек емес сияқты. Милицияға суыққа тоңбауы, бала-шағасын қатардан қалдырмай тоғайтып, молайтып қою қана керек сияқты. Бір ұққаны осы болғанда, бүкіл милицияға деген наразылығы өре түрегелді. "Арамтамақтар! Қылмыскерлерді бүркеушілер! Қолдаушылар! Қорғаушылар!" Осы ұйғарымға тірелгенде ызадан жарылып кетердей булығып, тілі күрмеліп шықты.
— Милиция — құдірет деп сенсек... Ұрылардан өздері бетер...
Магомед Балтаны иығынан қақты.
— Сен оларға жөнсіз тиіспе. Милициямен қатынас бұзуға болмайды. Оларда да сөз түсінетін жақсы адамдар бар. Гаражды... стоянканы жасаймыз. Қалтанда жүз елу сом бар ма?
— Жо-оқ...
— Әй, Әй, инженеришка!.. Бес жыл оқығандағы түрлерің осы! Неменеге бас қатырғансыңдар... Жарайды, жүз елу сомды мен қарызға берем. Қарызға! Естимісің? Мен Бәкең емеспін!
— Иә.
— Онда бүгіннен бастап ашық алаңдағы ақша төлейтін стоянкадан бір орынға ие боласың.
Магомед оны да бір сағаттың мөлшерінде бітіріп, "Жигулиді" қойып, орынның номерін де, машинаның кілтін де Балтаға ұстатты.
— Үйге кірелік Магомед.
— Рақмет. Бізге Бәкең ондайға көп рұқсат ете бермейді. Ал, сен ертең қай кезде боссың?
— Кешкі бестен кейін.
Бес жиырмада мені стоянканың алдында күт. Ертең екі сағат жүргізсең, менен де мығым боласың. Ал, анау көше тәртібінің ережелерін жаттап алу өзің үшін қажет. Онсыз қалада жүре алмайсың.
2
Балта Майсараға сюрприз жасамақ болды. Машинаны есік алдына қойып, есік қоңырауын ұзақ басты.
Майсара күн сенбі болған соң түшпәра дайындап жатқан. Қолының қамырын да сүртпестен есікті ашып, электр қоңырауынан саусағын алмай тұрған Балтаға состия қарады.— Не болды, Бал? (Соңғы кезде бірі Балға, Бірі Майға айналған).
— Тез киін, Май! Машинамен қыдыртам! — Балта машинаның кілтін саусағында ойнатып, Майсараның көз алдына тоса қойды.
— Бұ не?
— Машинаның... менің машинамның кілті!
— Оны қайдан алдың?
— Сатып алдым!
Енді Майсара таңданды. Әдемі иілген жіңішке қара қастарының арасы дүңкиіп, екі ұшы жоғары шапшып кетті.
— Сатып алдым деймісің? Қашан? Қалай? Кезегің келіп... Кезекте бар ма едің?
Балта күлді. Ештеңеге онша таңырқай қоймайтын Майсараның мына абдыраған түріне сүйсіне күлді.
— Кезегім де, ақшам да жоқ болатын. "Өлмегенге әлі балық кездеседінің" кері келді. "Дүние бір қисық жол бұраңдаған" рас екен. Бақ қонса, үйіліп-төгіліп басып кетеді екен.
— Кірші өзің. — Майсара Балтаның білегінен тартты. Қолын алжапқышына сүртіп, екеуі залға кірді.
Тар дүниенің тауқыметін көрген тесік қалталы кешегі студент ері сыпырылып, жүгені босап, тақырға аунаған торы төбел құнандай құнжыңдап қалған еді, сол көңіл қуантар тірлікке қол жеткізген Майсарасын бақыт құсына баламағанда қайтеді. Қазіргі желпінуі Майсараға деген бар алғыс-құрметті білдірудің бастамасы ғана.
— Ал, енді айтшы...
— Айтатын түгі жоқ. Нағашың қолқалап қоймаған соң, үлкен кісінің көңілін қалдырып, қолын қақпайын деп келісе кеткенім. Дұрыс етіппін. Машина дегенің — нағыз мүлік Май. Міндің — кеттің. Міндің — жеттің. Транспорт тоспайсың, суыққа ұрынбайсың. — Балта Майсараның екі иығына қолын салып, мұрнының ұшынан шөп еткізді. — Солай, Май!
— Тоқта, тоқташы, Балта! Нағашы дегенің сенікі ме, менікі ме? Дұрыстап ести алмай қалдым, — Майсараның жүзінде мазасыздану нышаны білінді.
— Сенің нағашың, әрине. Бәкең!
— Бәкең?! Ол кім?
— Барақ! Туған нағашысын білмейтін адам болады екен, ә.
Менің ондай нағашым жоқ.
— Не-ме-не?!
Енді Балтаның көздері бадырайды. Жүрегі лоблып, құсқысы келді. Жүзі құбыла толқып кетті. Соны көргенде Майсара қаусыра құшақтай алып, бетін бетіне жақындатты.
— Айтшы, Бал, түсіндіріп айтшы.
— Түсіндіретін не бар. Алдапты. Оңдырмай алдады. Бірақ неге алдады? Не үшін?
Майсара теңселіп кеткен Балтаны сүйеп әкеп диванға отырғызды.
— Кім ол? Қандай адам?
— Сенің нағашыңмын дегенде сеніп қалдым ғой. Оның үстіне... (саған тез үйлен деп айтты демекші болды да, кідірді) іші-бауырыма кіріп кетті-ау. Бөтен адам мені қайдан таниды деген оймен... Машинаны сыйлығым деп... — Балта әлі де айран-асыр.Алданғаны Жанына батып барады.
— Өзінің түр-түсі қандай?
— Қандай болсын, адам. Кавказдық тәрізді түрі. Қазақшасы сені мен мені жаңылдырады.
— Басқа белгісі бар ма?
— Екі-ақ рет көрдім... Онда да екеуінде де машина де отырғанында... Айтпақшы оң қолының шынашағының бір буыны жоқ.
Майсара ішегін тартты.
— Сол!..
— Не дедің?
— Жай, әшейін... — Майсара диваннан тұрып кетті. Балтаның бетіне тура қарамай, терезеге бұрылып тұр.
— Сол дегенің кім?
Майсара үндеген жоқ.
Орнынан атып тұрған Балта Майсараның иығынан бүріп ұстап, жұлқып-жұлқып жіберді.
— Сен неге жасырасың менен. Біліп тұрсың ғой ол қуаяғыңның кім екенін! Бұның сенің қай қиқаңың? Балта сарқыт пен қалдыққа әбден мелдектеп болды. Енді шыдар төзімі жоқ. Ақырғы рет қайталаймын. Сол дегенің кімің?
Майсара ышқына айқайлады.
— Сол дегенім — сен ойлағаннан басқа. Басқа! Әнеукүнгі ақшаны берген адам!
Майсара солқылдап жылап жіберді. Қанша қиындық көрсе де, дәл бүйтіп қиналмайтын. Мөлт-мөлт аққан көз жасы кесек-кесек. Ішкі күйігі домалап тасығандай. Балта аяп кетті.
— Жә, Май! Кім екенін түптедік қой. Ұрлаған жоқпыз. Тонаған жоқпыз ешкімді.
Жүдей қалған Майсара сұлу Майсарадан мүлде бөлектеніп, көңіл жабырқатады екен. Соны көріп көңілін бөлгенсіп Балтаның әлгісі сылтауратқаны еді. Майсара басын шайқады. Қолымен көзін, мұрнын сүртіп отырды да, орнынан тұрып барып серванттан бір қорапшаны алды. Диванға әкеліп әлгіні төңкере салды. Ақша, бір-екі алтын сақина, жүзік сағат шашылып түсті. Диванның алдына тізерлеп отыра қалып, ақшаны қаттай бастады. Әлгіндегі көз тоймас қарашықтары күл сеуіп тостағандай көмескіленіп, жылу шашып тұратын жанарын мүлде салқындатып жіберіпті. Балта ақша санаған қолдан гөрі анау суық тартқан жүзге жиі қарайды. "Әттең-ай, ә! Адамды бұзайын десе, оңай екен-ау. "Алтын көрсе періште жолдан таярды" бабалар қалай дәл тауып түйіндеген. Ол кезде де мен сияқты көз сатқандар болған да. Ата-бабасынан қалған мұрадай әркімнің сыбағасына бір сүзілген соң, сүйек тастағыш бір қол тоқпақ жілікті майымен алдыма лақтыра салды ма екен? Енді міне... "жаманнан — кесапат" дегендей Майсараны да күйзелтіп қойдым. Соған қарағанда Барақ немең нағыз кісәпірдің өзі болды-ау. Болды-ауым не!.. Анау машина дүкеніндегі, маңайындағы сауда-саттықты өзі жатқызып-өргізіп отырған ол шетелдік мафиядан бір де кем емес қой".
"Мафия!" деген ұғым миына оралғанда Балтаның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Бір пәлеге мықтап ұрынғанын, құтыла алмастай батпақтағанын сезгенде жүрегі қатты соғып, жүзі қуарып, боп-боз боп сала берді.
Ақшаны алақанына салып, Балтаға бетін бұрған Майсара жігіттің қан-сөлсіз түрінен шошып кетті.
— Не болды?! Өңің қашып кетіпті ғой!..
— Жүрегім... жүрегім қысылып барады...
— Жатшы! Қисайшы... — Майсара диван үстіндегілерді еденге білегімен ысырып тастады да, Балтаны сүйемелдеп диванға шалқасынан жатқызды. Пиджагы мен жейдесінің түймелерін ағытып, жүрек тұсын қолымен басып массаж жасай бастады.
Біраздан соң Балтаның өңі кіріп, бетіне қан жүгірді. Майсараның да жанарына жылу оралды. Еңкейіп келіп Балтаның бетіне бетін тигізді.
— Жаман қорқыттың-ау, Бал!
— Ештеңе етпейді. Мен барда түктен сескенбе.
Майсара жерге қоя салған ақшаны алып:
— Міне, екі мың бес жүз. Ақшасын да қайтар, машинасын да қайтар. Керек болса, өзіміз-ақ, жаңасын аламыз. Кезегіміз жақындап қалған.
— Мен оның адресін де білмеймін. Аты да Барақ емес шығар.
— Табасың... өздері табады сені.
— Айтпақшы, Магомед ертең кешке келеді екен-ау. Соған беріп жіберсем қайтеді? — Балта шешесіне еркелеген баладай жатқан жерінде мойнын сырғаната бұрды.
— Жоқ! Барағыңның өз қолына тапсыр. Ондай адамдардың төңірегінде жүретіндер тым жылпос болатын. Оларды мен білем ғой... — Майсара кідірді.
"Алмадым, көрмедім!" деп танып кетуі ғажап емес. Өзіне ғана тапсыр.
— Қап, оның уәдесін орындай алмайтын болдым- ау...
Ақша мен машинасын қайтарып, бас бостандығын қайтадан сатып алғандай Балта кәдімгідей қутыңдады.
— Ол не уәде?
— Бұл машинаны маған сен екеуміздің жаңа жылға дейін үйленіп алуымыз үшін сыйлаған...
Майсара диванның бас жағындағы креслоға сылқ отыра кетті.
"Ғазиз Құлтанович екен ғой... Бәсе, бәсе!.. Осылай да омыртқа опырардай әрекет жасайды екен-ау. Әй, Ғазиз Құлтанович! Ғазиз! Дүниеде сатылмайтын, сатып алмайтын сіз үшін ештеңе де, еш қасиет те қалмаған-ау. Махаббатты да сатып алуға болады деп ойлайды екенсіз ғой... Әрине, ойлайсыз. Сізге... сіздің ақшаңызға, алтыныңызға сатылмаған кім бар? Әй, жоқ қой ондай жан... Сатылмасам, мен мойнымнан тұзаққа ілінер ме едім. Бұлқынған сайын, міне, тұншығып қылғына түсем. Әй, Ғазиз! Ғазиз... "қорқыт-қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едімнің" керін келтірдің-ау. Бұдан кейін Балта менен тіпті алыстап, тіпті суып кетсе қайтем. Ол түгіл өзім безініп жүргем жоқ па арзан алтыныңнан. Арам ақшаңнан".
Балта әлі де кеудесін көтеруден қорқып (жүрек ауырғанда қимылдамау керек дегенді естіген), иегін шошайта бас жағында отырған Майсараға шалқалап қарады.
— Жай ма? Сенің де жүрегің бе, Май?..
— Жо-жоқ! Әншейін бас айналғандай болған соң...
— Сонда... сенің құсқың келмей ме? Тәбетің қалай?
Майсара жымиды. Бұл сұрақтың төркіні белгілі.
Жоқ! Майсара ондай арамдыққа баспайды. Әзір...некесіз тұрған кезде екікабат болмайды. Сондықтан құспайды да, тәбеті бұзылып жерік те болмайды. Бетіне шоқтай қарып басатын ар ұялар іске бармайды.
Балта күрсінді. "Неге бала көтермейді? Маған сенбей ме? Әрине, сенбейді. Ертең кетіп қалардай болсам, жетім бала, жесір әйел кімге керек. Әй, бірақ неге далбасаламайды? Бала — дәнекер ғой. Одан сайын бір-бірімізге кірігіп кетпес пе едік. Сонда мынау белгісіздік жоғалар еді".
Балтаны өзіне деген, бас жағында бүрісіп отырған Майсараға деген аяныш сезімі иектеп алды. Күн сайын күшейе ме дейтін екеуара ықыластың бұл жағындағы табағы ауырлар емес. Себебі және белгісіз. Ұнататыны, қасында жүрмесе өліп-өшіп сағына бастайтыны рас. Бірақ ертегідегідей ынтызар бейнеге немесе бүкіл ой бойын шырмап өзіндегі өзіндей болып кетер Майсараға айнала қойған жоқ әлі. Бірақ дәл қазіргі аянышы еріксіз тіл қатқызды.
— Май, жаңа жыл қарсаңында ЗАГС-ке отырайық...
Майсара іле жауап бере қоймады.
— Асықпайық, Бал.
— Қашанғы күтеміз?
— Сен өзіңе өзің сенімдімісің?
— Бұл не сұрақ?
— Кейін өкінбеймісің? Өкініп жүрмейсің бе?
— Өкінер болсам, айтам ба?
— Сенікі, Бал, аяушылық қана. Махаббат сезімі аяушылықтан биік тұруы шарт.
Балтаның үні өшті.
* * *
Балта не ақшаны, не машинаны қайтара алған жоқ. Қайта Барақтан біраз қоқанлоққы көрді. "Бала, асар тауың, жасар жасың алда екенін ұқ. Құдай бұйрығындай бұйрығым барын сезбепсің әлі. Бұлқынсаң — не басың байлауда кетеді, не жанын жаһаннамдағы жайлауға кетеді. Арымды ақтап, абыройымды сақтап аман қалам дейсің-ау" деді ме біраз бүлкектеді. "Мен былғанған дүниеден сен таза кетем деп тыраштанғанмен түк өнбейді. Себебі сен де былғандың, мықтап былғандың, күйеужан" деп күш білдірді. "Үйіріңді қайта табу жоқ. Күдеріңді үзе бер. Мөңкимін дегеніңше, мойнындағы бұғалық алқымыңнан сығып дүниенің тарлығы мен жалғандығын, бекерлігі мен өткіншілігін көз алдыңа бір түйір көз жасыңа сіңіріп әкеледі" деп өзеуреді. "Екі жарым мың сомға екі жыл мінген су жаңа машинаны қулық-сұмдық, арамдықпен тапқан сенен басқа біреуді көрсетіпі. Ендеше, сен де сау сиырдың жапасы емессің. Мына Барақтың көп жандайшаптарының біріне айналдың. Милицияда саған папка ашылды. Қылмысың тіркелді" деп қайдағы пәлені төндірді. "Тірлігің таусылған жанша адал өлімге бас тіксең, онда әңгіме басқа, күйеужан. Әлдебір елеусіз авариядан мүрдем кетіре саламыз. Онда құда да тыныш, құдағи да тыныш", деп төтелей тартты. "Ал, еңсеңді көтеріп, ентігіңді басам десең, талпын да талап қыл, оң қабағым да, оң қолым да дайын онда. Жиын топта иығың да асып жүреді, мерейің де үстем боп жүреді" деп аузын аштырмаған.
Бірақ "үйлен, тіркел!" дегендерді де қайталамаған.
Машинаға Балта әбден бауыр басып алды.
Кеудесі кеңіп, жүрегін бір рет зырқ еткізген күдік арылып, ой-күмәннан кәдімгідей айықты. Байлықтың арты бір тұтам болса, сол бір тұтам байлықтың тез келуінен сескенген көңілдің уайымы — бір-ақ елі. Жан азабы кеткенде, жадыраған көңілдің бір сілкуінен қалмайды ол. Балта Барақты да, Барақпен арадағы әңгімені де ұмыта бастады. Завод цехындағы жұмысы ыңғайланып, "Наташада" өткізілетін тәжірибе бір қалыпқа түсіп, Жарқынның күлімдеуі де көбейді.
Шешесінен келген екі хатты да ашпастан жыртып-жыртып тастаған.
"Әркім өз қызығын өзі көре берсін. Менде енді ана жоқ. Сенде бала жоқ".
Өкпесі қара қазандай. Жапырайған жаман үй, жаман төртқұлақ бейіт, мекер шеше бұның мына қалыптасқан тыныш та жайлы өміріне жамау боп түсер жасқаулардай көрінеді. Осы бастан іргені бөлектеу қажет. Жүдеу тірліктің жоқшылығының үзілмес исі, оңбас бояуы қашанғы соңынан ілесе берер. Жо-жоқ, енді бұл қорлыққа төзбейді, әділетсіздікке көнбейді.
Жаңа жылда Жарқынды жұбайымен ресторанға шақырды. Аста-төк қылды. Мұндай қонақасыны Жарқын түгіл шетелдік министр де көрмеген шығар.
Майсара — қайрап салған алмастай. Көркімен де, мінезімен де, қылығымен де, тәжірибелігімен де Жарқынның ауылдың бетбасар ұяңдығынан арыла қоймаған әйелін жеті қырдың астына тастап кетті.
Шіреніп, сызданып отырған кейбір сығайлар бірер рюмка көтеріп алған соң көрші столдардан мойындарын созып, Майсараға өздерінше ілтипат білдіре бастады. Ісік кеуденің де кейде сұлулыққа ұмтылып, әсемдіктен дәмеленетіні болады. Көз біткеннің өзіне қадалғанын сезбейтін Майсара можантомпай әлдекім емес, қаланың бүкіл қас-қабақпен ымдасатын, тілдесетін оқу-тоқуын әбден өткерген бикесі. Қасты керіп, кірпікті қайшылап, қарашықты ойнатып, қарақат көзді төңкеріп қарағанда, жүрегі бары да, жоғы да төсін ұрғылап дүрсілдетіп бара жатқаң дыбысты кеуделерінен анық аңғарар еді.
Жарқын Майсарамен билегеніне мәз. Ұршықтай ирілген тығыршықтай келіншектің құшағындағы денесін осында отырғандардың ұстағаны да арманда, ұстамағандары да арманда екенін ұққанда, Майсараны қаусыра түсіп, төбесі көкке тигендей масайрайды.
— Ойпыр-ай, Майсара қелін-ай, сұмдық билейді екенсіз-ақ! Салмағыңыз тіпті бір мысқалдай сезілмейді-ау!
Майсараның сыңғыр күлкісі залдың ішін кернеп кетті. Кеуде тіктеген еркектердің ындыны құрыды. Жарқынға деген қызғаныштары көкірек қыжылдатты.
— Сіз де ешкімнен кем емес тәріздісіз. Босқа кемсіне бермеңіз. Жұбайыңыз да бір көрмеге тәп-тәуір.
"Бір көрмеге тәп-тәуір", Қалай айтты? Әдейі айтты ма, сөз реті солай келді ме? Жарқыңның тасыған көңілі сап басылды. "Өзіңді көр, әйеліңді көр. Маған қара да, Балтаға қара" дегені ме?
Жарқын аяқ астынан ырсылдай қалды. Бойдағы жеңілдік жоғалып, түріне де, қимыл-қозғалысына да кекселік оралды. Екі иінінен дем алып, басы сәл айналған сияқтанды.
"Әркімнің соңына салып қойған өз бағы, өз соры бары рас-ау. Біреудің қоры, басқаға зор, Қомсынғаның қол жетпеске балайсың. Ал, сенің соңыңнан ілескен тағдыр атты сыңарың торуылдап ізіңнен қалмайды. Шалқыдым, тасыдым, көсілдім деп көңіліңді көлдей тұтқан кезіңде адасқаныңды, әлсіздігіңді, міскіндігіңді көлденеңдете қойып, жағаңа жармасады. Сор мен бақ? Неге тең бөлінбейсің елдің бәріне. Біреуге бағын үйіп-төгіп беріп, екіншісін сормен көміп тастайтын әділетсіз тағдырдың түп-тамыры неде? Еңбекте ме? Нәсілде ме? Кездейсоқтықта ма? Еңбекте болса мен еңбектенбей жүр ме екем? О-о, мендей-ақ болсын тырбаңдаған жан".
— Жарқын аға, неге ойланып кеттіңіз?.. — Майсараның сыңғыр күлкісі өзіне шақырды.
— Ойланып кетіппін бе? Ой, айналайын Майсаражан, ағаңның осындай да өнері бар... — деп Жарқын жуып-шаюға тырысты.
Би біткенде Жарқын әлгіндегі елгезек қунақылықтан айрылып келді. Әйеліне қабақ астынан қарап еді, анау да бұған қадалып, ернін тістеп қалыпты. Құлағына еңкейе түсіп сыбыр етті.
— Қанатып алма... Аман-cay келдім. Жеп қойған жоқ.
Әйелінің түсі бұзылып кетті.
Балта сергек. Рюмкаларды жағалатты.
— Енді дәл осы тосты Жарқын ағаның үйіндегі жақсы жеңгеміз — Үміт үшін ішеміз. Ерлер орнынан тұрады, — деп өзі орнынан көтеріле ыдысын ілгері созды.
Хрустальдар сыңғырлады. Дәл осы сәтті аңдып отырғандай екі-үш көрші столдан да Рюмкалар сыңғыры жарыса естілді.
— Сіздердің... сіздің денсаулығыңыз үшін! — Үш-төрт дауыс Майсараға қарай бағытталып қосыла жамырады.
Енді Балтаның қабағы түсіп кетті. Соны тез аңғарған Майсара даяшыны шақырды, Майсараны мұндағылар жақсы таниды. Елпілдеп жетіп келді.
— Біз көп отырып қалдық қой деймін. Әлде әлі де отыра тұрамыз ба? — деп Майсара Жарқын мен Үмітке бұрылды.
— Үйде балалар өздері қалған. Қайтқанымыз дұрыс, — деп Үміт әрең шыдап отырғанын сездіріп алды.
— Балта, есеп айырысып жібер онда.
Балта қалтасына қол салды. Майсара ақшаны өзіне беріп қойған.
Есіктен далаға шыға бергенде әлгі көршілес столдағылар келе килікті.
— Әй, жігітім! Сұлуды көрмек үшін деген. Мына келіншекті жалғыз иемденгенің обал емес пе. Асықпа қайтуға.
— Нағыз эгоист болар.
— Шіркіннің үзілейін деп тұрған белін-ай, салмақты бөксесін-ай!
Балта алғашқы жуанның жағасынан қылғындыра бүрді де, ысылдай сөйледі.
— Сен жүн тыққан қанар! Өзіңе ылайық сұлулықты іздесеңші! Мә, мынау тасырлығың үшін! — Маңдайдан жұдырықты сарт еткізді. Анау арбадан тастаған қаптай сұлады. Қалған үшеу Балтаны ортаға алып қалды.
— Әй, сен кімді ұрасың?
— Мәкеме жұдырық жұмсайтын кім едің сен?
— Феодал!
Жарқын "феодал" дегеннің көкжелкесінен қонжитып жібергенде, Балта шуы көп те, ісі жоқ екеуді бір-бір ұрып бездірді.
Милиция ысқырығы естілді. Машинамен екі милиционер жетіп келді.
— Не болды?
— Мынау екеуі нағыз баскесер!
— Әсіресе ұзыны қанішер! Әжептәуір үлкен адамды кескен теректей сұлатты.
— Мына біреусі артынан ұрды. Мен көзіммен көрдім. Мыналар өздерінше кетіп бара жатқан, екеуі жетіп келді де әйт-үйтке қарамай перді кетті, перді кетті. Әйелдерін қызғанғанда кісі ұруға бола ма?
Балта бас шайқады. "Әй, бұл не қылған жұрт. Ақты қара, қараны ақ қылмаса, ішкендері бойына тарамай ма? Неге соншама өтірік куәлік беріп жатыр?"
Әрине, ілесе шыққандардың көбі күнұзын Майсараға қызыққан еркек бөріктілер еді. "Тайраңдайтын неме ғой. Осылай өзін милицияға ұстатып жіберейік. Анау әсем келіншектің қасында ылғи осының-ақ мерейі үстем бола бере ме" деп жазықсыз екеуін жығып бере салып еді. Милиционерлер кідіңдеп, сөз тыңдамай, екеуін машинаға қарай жұлқылап, итере бастады.
— Әй, Степка, Степан, тоқта!
Аға сержант жалт бұрылды. Таныс дауысқа Балта да елең етті. Магомедты танып қалды.
— Степан, қоя бер бұл екі жігітті! Сендер ана төртеуін апарыңдар. Мен көрдім бәрін. Мен! Мыналарды... — Саусағы маңайындағыларды наганның ұңғысындай кеуделерінен түйреп-түйреп өтті. — Мыналарға өтірік куәлік көрсеткені үшін аты-жөндерін жазып алып, айып салу керек. Екінші жалған сөйлемейтін болады.
Тұрғандар тез ыдырады.
Степан Магомедке қайта-қайта бас изеді. Балта мен Жарқынды қоя беріп, оқшау тұрған төртеуге шұқшиды.
Магомед Балтаның арқасынан қақты.
— Сен бізге бүгін сондай ұнадың. Шеф сені мақтады.
Балта аң-таң. Барақты еш жерден көре қоймап еді.
— Учти! Біз сені ешкімге бермейміз.
Жарқынға басын изеген Магомед екі келіншекке кеудесін ие, ілтипат көрсетті.
— Жаңа жылда мол бақытқа жетіңіздер.
— Рақмет...
Көшеге шыққанда да төртеуінің әңгімесі жараса қоймады. Өзінен беделі төменнің көркі басым болғанын әйел халқы онша көтере бермейді. Балтаны Жарқынның қол астындағы қатардағы ғана инженер санаған Үміт осы кешкі ресторандағы асқа барғысы келмеген. "Қайдағы бір жалаңаяқ неменің тиындап жинағанына бір-екі шанышқылық шөп-шалам жеп, аш қайтар жайым жоқ" деп менсініңкіремей, жаңа жылдың кешін от басында өткізем деп қиғылық салған. Соны білгендей Балта телефон шалып, сағат төртке шақырған. "Жеңгей кешке жаңа жылды балалармен от басында қарсы алатын болады" деп алдын орап та кеткен.
Тиын санаған инженерсымақты емес, түр-тұлғасы келіскен қалтасы қалың сымбатты жігітті көрді. Жасқаншақтана қарайтын арық-тұрық емес, бүкіл залды бір өзіне қаратқан асқан сұлу әппақ періштедей келіншекті көрді. Жігіттің де, келіншектің де мысы басып, бағынышты олар емес, өздері сияқтанып кетті. Сол-ақ екен суық тартып, бойын аулақ сала берді.
— Біз, міне, мына үйде тұрамыз. Кіріп шығарсыздар.
— Жо-жоқ. Әуре болмаңдар. Балалар күтіп қалды.
Үміт балкон-лоджиялары кең, кірпіштен салынып, плитамен қапталған үйге де жауыға қарады. "Қандай ауыздары салымды. Ерекше жобамен салынған үй ғой бұл. Кез келген түгіл, кейбір доктор, профессорлардың қолы жете бермейді. Көшесі де тыныш".
— Онда сіздерді шығарып салайық, — деп Майсара қолтықтай беріп еді, Үміт шоршып түсті.
— Келінжан, босқа қиналма. Бүгінгі бар сыйыңа алдаразы болсын. Осы арадан айрылысайық.
— Айрылысайық дегеніңіз қиын болды-ау, жеңеше, — деп Балта қалжыңдайын дей беріп еді, Жарқын әйелінің ар жағынан "Үндеме, бүлдіресің" дегендей қолымен ишарат жасады.
— Біз сөз бақпаймыз кейбіреулердей, қайным. Бүкпеміз де жоқ. Тоқетерін бір-ақ айтамыз.
— О, жеңеше, сол дұрыс. Мәймөңкелеп жатуды мен де ұнатпаймын. Айтқаныңыз болсын деп қол қусырып, бас шұлғимыз онда Майсара екеуміз.
Екінші этажға көтеріліп келе жатып, Балта Василий Сергеевичтің есігінің алдына кідірді.
— Кіріп, құттықтап шығайық атамызды.
— Тоқтай қал, мен шампан әкелейін.
— Әкел, мен онда кіре берейін.
Есік ашқан Василий Сергеевич Балтаның бетіне айрықша сазарып үнсіз қарады. Әдеттегі елпелек қағып құрақ ұшатын әдетінің бірі жоқ. Мейірленіп тұратын көкшіл көздерде де адамды қалтыратып жіберетін суық ызғар пайда бопты.
— Вася ата... Атажан, өзіңді жаңа жылмен құттықтағалы...
— Жә, төрге шық! Төбеңді көрсетпей кетіп едің... Маған да өкпелеп жүрген боларсың.
Балта шалдың сөз астарын түсінбей бетіне қарай беріп, ілгері жүрді.
— Уһ, келдің бе, Балтажан!
Диванда отырған әлдекім... Бектемір қарсы ұмтылып, қолын ұсынды. Дәл осы үйден дәл бүгін Бектемірді көрем деп ойламаған жігіт тіл қата алмай үнсіз қол беріп амандасты.
— Шаруаның ыңғайымен екі-үш күнге келіп қалдым... Ауыл... апаң... аман-есен. Сәлем айтты.
Балта ернін жыбырлатты.
— Келем деп-ақ жүруші ем. Бірде босатпай, бірде иіні келмей... әйтеуір екі-үш мереке күнін сылтауратып. Апаңның сәлемдемесі бар еді беріп жіберген...
Бектемір үнсіз сіресіп қалған Балтаға жаутаңдап қарап қалды да, жауап болмаған соң Василий Сергеевичке жапақ-жапақ етті.
Осы кезде Майсара кіріп келді.
— Василий Сергеевич, ататай, Сізді... — диванда бүрісіп отырған бөтен адамды көріп сөзін кілт үзді. Бас изеп амандасқан нышан танытты. Қолындағы шампан бөтелкесі мен қораптағы конфетті стол үстіне қойды.
— Сәламатпысың, шырағым! — Бектемір Балтаға тағы жасқаншақтана кірпік қадады. — Келін болар...
— Иә-ә...
Василий Сергеевич меңіреуленіл отырған Балтаның жер астынан шыққандай міңгірлеген даусын естігенде басын көтеріп, жігітке оқыс бұрылды.
— Сен, Балта! Сен нағыз тас жүрек екенсің! Мен айтам. Айтам саған. Ақылсызсың! Дүниедегі ең асыл адам — ананы ренжітудің не екенін білесің бе өзің? — Балтаға шақшия қарап тоқтады.
— Ақсақал, сабыр етіңіз, — деп Бектемір қипақтады.
— Сабыр... сабыр... Қылмыс істесек те — сабыр. Күнәға батсақ та — сабыр. Кісі өлтірсек те — сабыр. Соншама сабыр сақтай беретін не еткен халықпыз. Туған анасын ұмытқан балаға да ақыл айта алмасақ, несіне адам аталып жүрміз. Азамат дейді-ау. Ахахумен күн өткізеді. Болдым-толдым дейді. Хат-хабарын да білдіргісі келмейді. Әй, Балта, ты мне стал роднее родного сына. У меня к тебе убедительная просьба — вернись к матери. Әйтпесе, мен жалғыздыққа үйренген адаммын. Мен саған Вася атай емеспін деймін де навсегда теріс айналам. Атасына нәлет мынау жиырмасыншы ғасырдың тасбауырлығы! Бойкүйездігі! Разобщенность!
Шал көп сөйлеп қойғанын сезді ме, әлде жүрегі қолайсыздандыма, ас үйге шығып кетті.
Қалған үшеуде үн жоқ. Әрқайсысы өзін кінәлі санап, мынау ыңғайсыз үнсіздікті бұзудың амалын таппай отыр. Бектемір түрегеп тұрған Майсараға иек көтерді.
― Келінжан... отырсаңшы... отыра ғой, қарағым.
― Рахмет...
― Әу, Балта, сен мені жазғырма! Ішіме симай келіп ем, Василий Сергеевичке бәрін қалай ақтарып салғанымды да білмеймін. Сен бекер... бекер күмәндандың, Балта. Қатира ― нағыз әулие. Әулиден де ардақты. Жаман долы қатынның шайпау қатынның сөзіне бола қосыла кір жаққаның қалай? Қайтып қана сендің. Өмірден көрген зәбірлері аз ба еді анаңның. Соның бәрін бір сен деп көтеріп жүргенде... сұмдық қаталдық іс еттің, Балта. Айтуға ауыз бармайтын нәрсе Қатираның түсіне де кірмейтінін білмесең, сен анаңның сырын ұқпай өскен екенсің, Балта. Қоштаспай кетіп, жүрегін жаралағаныңды өзің сеземісің. Мен ұлымнан өлі айрылғанда да, дәл Қатирадай... сенің анаңдай күйзелген жоқ едім. Қатыгез екенсің... балам. Мен осыны саған әдейі айтқалы келгем. Сені аяп қалсам, айтпай қалсам, анаңа да, өзіме де, саған да қиянат болар еді. Шырағым, қажыған жүйке жәракімаллаға да зәру. Жаман сырын айтам деп шынын айтады. Мен Қобландымның өлгенін сол өлген... атылған сәтінде, секундында білгем... сезгем. Құдай ма... басқа бір ғалымға белгісіз құдірет пе... бір нәрсе сездірген. Жанымды... тызылдаған жанымды қоярға жер таппай дәру іздеп Қатираға... сенің анаңа кіргем, Балта. Осы жұбаныш аңсап кіріп, жылаған көңілімді күнәкарлық көрсең, өзің біл шырағым. Бар адалым осы. Ал, шешеңнің адалдығына иненің жасуындай кір жұққызар болсаң, бет жүзіңді көрмей кетем. Әдейі келгенде айтпағым осы еді. Ауыр алсаңда, ішіме симай, анау қайғымен мүжілген анаңның күйігін сәл азайтайын, сөз ұқса баласын бауырына бастырайын деп келгем... Кешір, кешірме басқа өтініш жоқ.
Есік көзінде тыңдап тұрған Василий Сергеевич әлі де ашулы жүзде ызғар ойнатты.
― Сен мұны маған айтпадың ғой, Бектемір. А еще анасын кіналайды! Как ты посмель подумать токое про свою родную мать, Балта! Мать ― это святое из святых на свете. Не нам осуждать ее. Мать ― бог! Ал сен... сен! ― Василий Сергеевич жүрегін басып теңселіп кетті. Орнынан атып тұрған Балта атасын құшақтай алып, диванға сүйей жөнелді.
― Ата-а-а...
Кеудесін ашыл жүрек тұсын уқалады.
― Майсара, кухняда валидол...
Дәрі ішіп барып Василий Сергеевич тынышталды.
― Бұл жүректің осындайы бар... Бектемір сен шалға ренжіме, мынау екі балам шалдың жайын біледі...
Василий Сергеевич жайбарақаттық сездірген соң, үй іші әлгіндегі жайсыздықтан арылып жүре береді.
― Ата қазанға ас салайын.
― Сөйт. Сөйте ғой, Майсара. Қонақты қашанғы аш қаңтарамыз. Ал, сен Балта, магазинге...Ә-ә кеш екен ғой. Майсара ет балконда.
― Білем ғой, ата.
Бектемірдің өңіне қан жүгірді. Екі айдан бері кеудесін сықаған бір күдік жүрегіне тікендей қадалып сыздатып тұрушы еді, қазір босатқан тәрізді. Балта ақмақ жігіт емес ― түсінді. Бәрін түсінді ол. Бірақ жүз сайыстырған да қиямет-ау, әне, Вася атай ұшып түсті. Әтеуір бұлт ыдырағандай болғанына дәтке қуат.
― Келінжан, анау шешеңнің сәлемдемесі бар еді, содан саларсың. Соғымнан сыбаға дей ме, тапсырып жатқан.
Майсара шығып кетісімен Бектемір Балтаға иек қақаты.
― Әй, баламысың деген, үйленгеніңді де жасырасың. Мынадай әп-әдемі келінді шешеңе көрсетсең ғой... Жә... әлі де кеш емес. Құсың қайырлы болсын. Ұзағынан сүйіндірсін.
― Бұл Балта сендер айтатындай «қарғайын десем ― жалғызым, қарғамайын десем ― жалмауызым». Вот он кто. ― Василий Сергеевич кеікәлдей күлді. ― Все такм молодец.
― Ойпырмай, Бәке, біраз қорқыттыңыз-ау бізді. ― Бектемір Василий Сергеевичке әлі де күле түсіп емірене қарады. — Жүрегіңіз бұрыннан аурушы ма еді?
— Жүрек шіркіннің жамау-жасқауы көп қой. Бір тігісі сәл ыдыраған шығар. Ол сөз емес. Бектемір тамыр-ау, бәрінен де сенің мені Бәке дегенің жаныма жағып кетті ғой. Бір талай жылдан бері естімей кеткен атым еді. Алты рудың ақсақалы жиналып, ақ киізге көтеріп хан сайлағандай бір көтеріп тастадың-ау, — деп мырс-мырс күлгенде, Бектемір мен Балта қарқылдап күлді.
Үш еркектің күлкісі асүйден Майсараны да қуып келді. Күлу себебін естігенде Майсараның көзіне жас үйірілді.
— Осы қызым сезімтал! Жақсы адамның көзі алдамайды, Бектемір. Майсараның жанарында жаны мөлдіреп тұрады. Әрине, кейде... На работников торговли сама специфика профессии, по-моему, в последние годы отрицательно влияет. Но... Майсара — умница. Ондай емес.
Майсара қызарып кетті. Атасы неге жақтырмайтынын ақыры, міне, айтып салды. Кінәсі — сауда қызметкері болғандығы. Сол сауда қызметкерлерінің соңғы кездердегі кердеңдей қалған ірі кеуделігі, паңдығы, менменсуі. Сол сауда қызметкерлерінің, әрине бәрінің емес, көпшілігінің жүз, жүз жиырма сомдық айлықпен емес, мыңдап кіретін көлденең табыс көзімен қомағайлана құнығуы.
— Шырағым, келінжан, манадан бері бір байқағаным, Балта екеуіңе бұл дүниеде тілегі түзу бір адам болса, осы Бәкең. Үлкен кісінің ішін жарып шыққан шындығын көңіліңе ауыр алып қалма, — деп Бектемір тігісін жатқызды. — Тілекшің болғаны жақсы. Әйтпесе адасу оңай. Анау біз отырған жерде де ауыл дүкеніне дүние түсуді қойды. Не келсе де, бастықтар бар, басқалар бар өздері қоймадан тік қотарып бөліп алады. Сондайдан сақтан, келінжан.
Дәл он екіге он бес минут қалғанда Майсара дастарқанды жайнатып жіберіп, үш еркекті стол басына шақырды.
Етті турап әкеліп қойыпты. Ішімдіктің де үш-төрт түрі саусылдап тіреліп тұр. Василий Сергеевич Майсараға разы жанарды қыдыртты.
— Ну, доченька! Это же настоящий банкет!
— Бектемір аға, қалада қазір етті асүйден турап әкелетін салт бар. Келініңіз сөйткен ғой.
— О-о, сол дұрыс. Сол жақсы! Өздерің де отырыңдар. Майсаражан, қалқам, ұялма! Мынау Балтажанның әкесі менімен түйдей құрдас-тын. Бұл шіркін баламнан бір де кем емес... Қазір бірі алыстап... бірі, — деп күрсініп қалды.
— Тамақ алыңыздар. Вася ата, қолмен жейміз бе?
— А как же! Әлде сен менің қазақ екенімді ұмыттың ба, Балта. Давай, айналдыр. Айналдыра бер өзің. Ыдыстар бос тұрмасын.
— Сізге қайыссын құяйын?
— Жүрек ауыртпайтынынан құя бер. Жаңа жылдың алдында жақсы тілек үстінде отырмыз ғой. Әй, Бектемір, сен маған қарамай ала бер. Асай бер, қарның ашқан шығар. Бұл, біздің келіннің не пісірсе де, дәмді пісіретіні сондай... бармағыңды қоса жұтып жібере жаздайсың... Ә, Балта, маған неге қарап кеттің? Е-е, тост, тост, тілек айт деймісің? Иә, ол енді дұрыс. Әлгінде, айттым ғой жаңа жылдың қарсаңындағы жақсы тілек үстінде отырмыз деп. Жақсылық аңсаған көңіл осындайда алыстан жақын тұтатын адамыңды айдап келтіреді. Бектемір шырақ, сен жақсы келдің. Тілеуіміз бір екен. Мерекенің ең бір абзалы — Жаңа жылды қарсы алу. Бір жасқа ұлғайғанымызбен ылғи бір жақсылық тілеген көңілмен аппақ қардай тазалыққа ұмтыламыз. Жаңаның басы көреміз. Ескі ауру, ескі тірлік ескірген атаулының бәрі ескі жылда қалсын дейміз. "Ыссы тары көженің де буы бар" деп менің Қамбар досым айтып отырушы еді, ал тазалықтың, адалдықтың буы ой қозғайды, бой жылытады. Көңіл сергітеді. Үйге үй қосылған, басқа бас қосылған ескі жылға өкпеміз жоқ. Ұлды да, қызды да болдым мен, Бектемір тамыр. Адам өз қуанышына сүңгігенде өзгенің уайым-мұңын көрмей қалады. Сені де ұмытып барам-ау. Қайғы-шерің осы жылда қалсын. Тасыған көңілмен, табысқан жанымызбен жаңа жылға жайраңдап кірейік балаларым. Аман болайық! Сау жүрейік! — деп ыдысын ілгері Бектемірге қарай созды. Сыңғыр-сыңғыр Рюмкаларға телевизордан диктор даусы қосылды. Оған қоңырау ұрған сағаттың он екісін көрсеткен тілдері қабаттасты.
Төртеу тілек пен шарап толы ыдыстарын тамшысына дейін қалдырмай қағып-қағып тастады.
— Ух, тынысым кеңіп сала берді ғой. Уай, Жаңа жылдарың құтты болсын, балалар!
— Өзіңізбен бірге болсын!
— Көп жасаңыз, ата!
— Бәке, ешқашанда ауырмаңыз!
* * *
— Шайды осы үйден ішсін, — деді Балта Майсараның әппақ иығын сипалап.
— Онда тұрайын. Бүгін ешқайда бара қоймас.
— Кеше әбден ұялтты-ау. Мен... мен, Май, сірә, сұмдық қызғаншақ болармын, ә.
— Оны енді өзің білесің де. Қарсы келуге мұршамыз бар ма.
— Әне, саған да жақпаймын.
Майсара аунап түсіп, басын Балтаның кеудесіне салды. Еркелігі ме, елжірегені ме — қылығы қыздай-ау.
Василий Сергеевичпен қоса кірген Бектемірге мына пәтер жұмаққа енгендей әсер етті.
"Балтажанның бағы бар екен. Енді Қатираны қолына алса, қатып кетер еді. Қолын жылы суға малды деген осындай-ақ болар. Не керектің бәрі бар. Келін пысық-ау. Пысық болмай... Саудада істейтін тәрізді ғой. Әй, ол орын да берекесіз. Адамды тез бұзады. Қолында бәрі тұрған соң, саған кім көрінген көзін сатқан соң — кеудесіне нан піснегенде қайтушы еді. Анау жылдары ғой, дүкенде бәрі бар, өтпей тұратын кезде осы дүкенші, сатушы, қоймашы деген қызметтерді қызмет-ау деп кім менсінуші еді. Енді дүниенің бәрі тапшы боп кетіп еді, аяқ астынан сауда қызметкерлері дүрілдеп шыға келді. Келін сондай инабатты жан екен. Бұзбаса... бұзылмаса..."
Шайдан кейін Бектемір Балтаны оңашалады.
Бектемір қатты дағдарыста еді. "Өзекті жанға бір өлім" деп түйіліп түскенде, шеңгеліне Мақан түгіл тышқан да ілінбей, қайта өзі арандап қала жаздаған. Байманқұлдың дабыр-дұбыр шығармай, ың-шыңсыз шығарып жібергеніне әлі де қайран. Енді азуын сындырған аш бөрідей қарсы шабар дәрмені жоқ. Ес пен түстен бір кетпей жазықсыз мерт болған ұлдың жәудір көзі көз алдына жаутаңдап тұрып алып, тынышынан баз кештіріп барады. Аудан мен облысқа, обком мен райкомға, прокурорларға қуынып, "баламның өлімінің себебінің анық-қанығын ажыратып беріңдер" деп жазып бағып еді, хабарсыз қалды. Ешкімнен, еш жерден ештеңе келмепті. Енді республика астанасы ғой, осы арадан әділдік табармын деген далбасасы осында жетелеп келіпті.
— Москвада оқыдың, көрген-білгенің көп, Балтажан, сен осыған қандай ақыл қосасың? — деп үміттене қарады.
— Ойланбаған нәрсем еді, аға. Болған жайды түгел жазып алып "жығылсаң нардан жығыл" деп тұп-тура Орталық Комитет пен республикалық прокурорға кірсе қайтер еді. Анау-мынау нәрсе емес, адам өлімі. Тексерусіз қалып барады, — деп Балта өз көмейін білдірді.
Соны естігенде Бектемір қопаңдап кетті.
— Өзім де ауылдан дәл осыны көздеп шығып ем, Балтажан. Ойымыздың бір жерден тоғысқанын қарашы. Және өзіңді көздеп шыққам. Орысшаң жетеді. Онда сен әдемілеп жазып жібер. Ал үлкен адамдардың алдына кіре қалғандай болсам, Мақан сұмның бүкіл сұмдығын жайып салам ғой. Қанша бір дүниенің тірегі сонда тұрса да, бұл жолы бір зобалаңды туғызармын ол алаяққа. Әй, Балтажан, сен онда жаза ғой...
Екеуі екі сағаттай, түскі ас піекенше бір жазып, бір сызумен болды. Арыз жазудың қиындығын Балта алғаш рет өз басынан кешірген еді.
— Балта, анау менің Гүлшат апам осында ғой. Барып шықсақ қайтеді? — деп Бектемір ауыл адамының асығыс әдетіне басты. — Көптен хабарласпаушы еді. Қолы да тие бере ме қала адамының. Жақында әдірісін айтып хат жазыпты. Осы орталық бөлікте. Соған қарағанда тәуір үй алған ба деймін. Келінжан, сен де киіне ғой, үшеуміз ағайынды-келінді боп сау етіп кіріп барайық.
— Өздеріңіз бара беріңіздер, аға. Мен де демалысты пайдаланып кәкір-шүкір шаруаларымды бітіріп алайын. Әйтпесе жұмыстан қол тимейді.
— Ә, келінжан, о да дұрыс. Саған бөгет болмайық онда. Балтажан, онда анау Бәкеңнің балконындағы шабаданды алып түсе берейін. Аз-маз ет алып келіп ем. Тумаса да туғандай боп кеткен апайым ғой. Менен бір-ақ жас үлкен. Детдомда мені туған бауырындай арқалап өсірді. Әй, сол кездегі көп мейірімін ұмытармын ба?
Ой, уақыт қалай зымырап кеткен. Сағат үш боп қапты ғой.
— Мен онда машинаны қыздыра берейін.
— Машинаң бар ма еді?
— Иә!
— Әй, Балтажан, тіфә-тіфә, тіл-аузым тасқа, оқығанның қызығын көрген өзің болдың. Қыздыр, балам, қыздыр. Өзіңнің машинаңмен Алматыда емін-еркін сайрандап, айды аспанға, күйсін-жансын бір шығарайын!
Іздеген көшесін де, керекті үйін де екеуі тез тапты. Бірақ хатта көрсетілген пәтер үшті-күйлі жоқ.
— Мүмкін емес, Гүлшат әпкем алдамайды мені. — Бектемір қинала бас шайқап, "мүмкін емесін" күбірлеп қайталаумен болды.
Үйдің үш подъезін түгел ақтарып шықты. Түнімен жаңа жылды қарсы алып, таң ата жастыққа бас қойған жұрт беймезгіл (қайдағы беймезгіл болсын басқа күндері) шырылдаған есік қоңырауынан үрпиіп тұрып келіп, танымайтын адамдарды көргенде, әлдекімнің мұнда тұратын-тұрмайтынын сұрағанда, көздері ежірейіп, азулары егеліп, денелері қалшылдап кетеді екен. Дәл сол сәтте қолдарына не мылтық, не қанжар ұстата қойсаң, атып салудан да, жарып тастаудан да тайынбас еді.
Ақыры оныншы ма, әлде он бірінші есікті қаққанда ма, бір жіптің ұшы қолдарына іліккендей болды.
Осы үйде, бірінші қабаттағы дүкеннің үстінде техникалық қабат деп аталатын канализация тұрбалары, вентиляция құбыры өтетін аласалау қабат, қайдағы қабат — қуыс бар екен. Сол техникалық қабатта үй басқармасында жұмыс істейтіндер тұратын көрінеді. Бір табылса, бұлардың кеш бойы шарқ ұрып іздеген адамы сол арадан табылып қалар. Айтпақшы, ол қабаттың өзінің бөлек есігі бар. Ауланың іш жағынан, үй айналып барып, дүкеннің қоқыр-соқыр, жәшік-тараларының тасасынан табуға болады ол қақпаны.
Тілеуің бергір азамат соқырға таяқ ұстатқандай етіп жол нұсқаған екен, Балта мен Бектемір үйді айналып, кідіріп, кібіртіктемей жәшік сынығына, қағаз қораптарға сүріне-қабына жүріп елеусіздеу есіктің тұтқасына жармасты. Әбүйір болғанда кілттелмепті, бірақ есік ашылған бойда дымқыл ауалы ауыр иіс танау жыбырлатып, қолқа қапты. Қараңғы, тар лас сатымен көтеріліп төбедегі жуан құбырларға бас соғып алмау үшін үш бүктетіліп подвал тәрізді қаракөлеңке қуыста кібіртіктеп қалды. Төбедегі хал анау болса, табанжол мүлде қиямет екен. Санитарлық техниканың быжынап шашылып жатқан әртүрінен баррикада жасап қойғандай, аяқтан шалып, балаққа жармасып мүлде адым аштырмайды. Кенет, әлгі аласа төбе, биіктеп еңсе тіктеп, бой жазуға мұрсат бергені. Жарық та сәл көбейгендей, көз тоқтатуға жарап қалғандай болды. Балта енді ғана жүрек тіксінтер бір пайыммен: дәл осы арада адам... Адам мекенжайы, тұрағы барын түршіге сезді. Сол-ақ екен буын-буыны босап, тізелері дірілдеп, жүрек лоблытар дәрменсіз күйге ұшырады. "Рас па? Шын ба? Жиырмасыншы ғасырдың аяғында, социалистік қоғамда, Ұлы Октябрь революциясының жеңісіне алпыс төрт жыл толып өткенде, ортағасырлық құжыралардан да, өткен ғасырлық Париж подвалдарынан да бетер адам түгіл мал байласа тұрғысыз жерде әлдекімдер баспана етеді... Адам тұрады, адам! Ақыл-ойдың иесі, гуманоид осындай кісі нанғысыз қапаста күнелтеді?!"
Өлеусіреген электр шамының жарығында ағараңдап есіктің... ергежейлі есіктің (есіктің де ергежейлісі болады десе, бұрын сенбес еді) нобайы шалынды.
Бектемірдің алакөлеңкеде не ойлап келе жатқанын Балта көрмесе де, сезеді. Өйткені дәл қазір әділетсіздікке, қысастыққа... иә, қысастыққа деген өз ішінің өре түрегелген ереуілі әділет деп жаны шырқырайтын Бектемір ағаны күйзелтпеуі мүмкін емес.
Бір жарым метр биіктігі бар панер есікті саусағының сыртымен тықылдатты.Ар жақтан аяқ тықыры естілді де, жақындап келіп, біразға дейін үнсіз қалды. Жұқа есіктен бәрібір алқынған ауыр демнің тынысы жетіп тұр. Балта дауыс берді.
— Кешіріңіз. Біз бір адамды... туысымызды іздеп жүр едік.
Есік сарт ашылды. Отызға кеп қалған орыс келіншегі түбіт шәлісін бүркеніп алып, есік көзіндегі екеуге кезек-кезек қадалып өтті.
— Сәламатсыздар ма. Тықыр шықса, әбден жүрек шайлығып қалғандықтан үрейленіп бітеміз. Үндемей жатқаным да сонан. Сіздер де кешіріңіздер, — деп әйел жүзін жібітті.
— Неден қорқасыздар?
— Оу, бізге ұрыспайтын, бізді қорқытпайтын кім жоқ? Алдымен астымыздағы магазинның директоры-ақ кідіңдеп бітті. Ол аздай үй басқармасының, аудандық тұрғын үй шарушылығы басшыларының дікілдеуі бар. Милициясын ертіп жетіп келіп тұрғаны. Қайда барасың? Үй алу, пәтер алу бұл қалада күн сайын қиындап барады. Мектепте мұғалім едім. Үй алу үшін домоуправлениеге жұмысқа ауысқам. Екі балам бар. Балалы адамдарды жекеменшік үйіне ешкім пәтерге тұрғызбайды. Содан осы техникалық жайдан, міне, мына қалқаны жасап алдық. Осындағылардың көбісі өстіп қолынан келгенше бірдеме қалқайтып алған.
— Бұнда тұрғаныңызға қанша болды?
— Бес жыл толады ноябрьде. Екінші баламды осы жерде туып, осы арада өсіріп келем. Әй! — әйел қолын ызалана сілтеді. — Сау күнінен ауруы көп. Ауырмай... жарық жоқ. Күн көзі түспейді. Қашанғы электр жарығымен отырарсың. Оның үстіне сыз, ауа дымқыл. Мынау бұралаңдап, көлденеңдеп жатқан құбыр, тұрбалар ай сайын, апта сайын жарылып, канализацияның сасық суы үстімізді көміп жатады. Оған да үйрендік қой. Адам бәрін көтереді. Бәрін.
Әйел кемсеңдеді. Әдемі жүзінде толқынды дірілі жүгірді. Мына екі адамның басқалардай емес, пейіл қойып, қабақтары түсіп, мұңдас боп тұрғанын көргенде тап бір бұған жақтас бүкіл бір жасақ көшіп келгендей, жел жағынан тас қабырға орнағандай іш тартып қалды. Жүдеу өңіндегі жабырқау ажар сейіліп, назары ашылып барып қайта төменшіктей берді.
— Кезекте... пәтер алудың кезегінде үй басқармасы бойынша бірінші тұр едім. Балам ауырып, қазір жұмысқа шыға алмай жүрмін. Жұмыс істемейсің деп... уақытша істемегенімді көлденеңдетіп "қашан жұмысқа шыққаныңша, үй алмайсың" деп маңайлатпайды. Жұмысқа бүгін-ақ шығар едім, ауру ұлымды кімге тастаймын?
— Күйеуіңіз қайда?
Әйел түбіт шәлісіне қолдарын тығып, иығын қиқаң еткізді.
— Күйеу... Мынандай жерге қандай күйеу шыдасын. Кеткен. Баяғыда-ақ кеткен. Мүмкін БАМ-да, мүмкін түрмеде. Көптен хабары жоқ. Да ну его к лешему, қайта құтылғаныма қуанам. Арақтан cay күні болмайтын. Лешканы кекеш қып тастамады ма ол. Папасынан жаман қорқатын. Бойы ұзын еді. Мынау құбырларға, төбеге сарт-сұрт соғып алып жүретін. Ал Лешка онда ес білмейтін. Ақыры кекеш боп қалды.
Ой, мына жер суық. Бері, ішке кіріңіздер, — деп Әйел Балтаның білегінен ұстай алды. Мынау суық та меңіреу дүниеден өз қасіретіне ортақтасатын, шерін тыңдап бас изейтін біреулердің табылғанына қуанатын тәрізді. Дәл қазір жүздері жылы, мұңды бөлісер екеуден айырылғысы жоқ. Тілсіз табыстырған жақындық сезініп, екеудің көңіл қойғаны Жанына жылы тиіп барады.
Балта мен Бектемір еріксіз табалдырық аттады. Аядай ғана ауыз үй, төр үй боп бөлінген бөлмесымақ. Арбақ-сарбақ құбыр, тұрбалар. Ағаш панерден тұрғызған қабырғаны әктеп қойыпты. Тұрбалардың сыртқы қара қағазын шытпен орап көз алдар далбаса жасаған. Кіреберістегі ең бір құнды зат — ванна, кәдімгі ванна. Сумен қосып қойыпты.
— Иә, иә. Бар байлығым осы! Жиған-тергенімді беріп слесарларға су тартқызып жасатып алғам. Лешаның бұл ваннасыз күні жоқ. Әсіресе жаңа туған кезінде көп пайдасы тиді. Әйтеуір, дала емес, баспана. Не істейін егер бізді ешкімнің көргісі келмесе. Мынау екі балам түбінде мен көргенді көрмесе екен деймін. Ау, мен өзі көп сөйлеп кеттім ғой. Бізге қонақ келмейді. Келуден қорқады. Мынау қапасты көрген адам көпке дейін дұрыстап ұйықтай алмайды. Біздің қонақ — бізді қуушылар ғана, бізді қорқытушылар ғана. Мұнда... бері өтіңіздер... Еңкейіңіз...
Ой! Маңдайыңызды қатты соғып алдыңыз ба? Бұл жақ тіпті аласа. Кереуетке отыра беріңіздер.
Света, көгершінім, станкандарды жуып жіберші, қызым. Лешенька, жылама, қорықпа, ұлым, Бұл ағайлар — жақсы ағайлар. Саған конфет әпереді. Ұрыспайды. Қорықпа, балам. Бұл балам әбден кісікиіктеніп барады. Далаға көп шықпаған соң, кім көрінгенді жатырқап тұрғаны.
Балта безек қақты.
— Сіз, әуре болмаңыз. Біз... біз...
— Отырыңыз. Мен түнде жаңа жылды мына балалармен ғана қарсы алдым. Жалғыз десе де болады. Бүгін январьдың бірі. Ең болмаса, бір стакан сыра ішіп... маған... балаларыма жақсы тілек айтыңыздар... Мүмкін, шайтанның қалжындамайтыны жоқ дегендей, биыл үй алып қалармын.
— Иә, иә. Тілектеспіз... тілектеспіз.
— Алыңыз... аласыз. Мынандай жерден көшіру керек қой. Қалай көрмейді, ә?
— Көрген. Арызымызды да оқыған. Мықты бастықтың өзі. Әй, оны енді айтты не, айтпады не. Бір амалы болар.
Әйел столдың бетін жапқан газетті алып тастады. Қуырған балық, ащы қияр, картоп, тұздаған помидор жасаулы тұр екен.
Екі бөтелке сыра, басталған "Талас" шынысын және әкеліп қойды.
— Света, көгершінім, жуып болсаң стакандарды бері әкел.
Сары шашты үрпекбас қыз бала тым жасқаншақ. Қыбыры білінбейді. Адамға қараған көздері сондай мұңлы, сондай сабырлы. Балтаның жүрегі сыздап қоя берді.
— Сыра ішесіз бе? Мен шарап ішем.
Әйел өзіне мөлие қарап қапты. Түбіт шәліні тастағанда қаз мойны кәдімгідей иіліп, көз тартады екен. Көз алдындағы көкшіл белгілер болмаса бір көрмеге тәп-тәуір келіншек. "Ең құрмаса көзіңмен-ақ аймала, қасымнан дыбысың естіліп отырсын" дейтін еркексіреген қарас жасыл жапыраққа түскен шықтай жылтыраған жасыл көздерден леп беріп қалды.
— Ішейін. Бәке, сіз сыраға қалайсыз? Айтпақшы, танысып алайық. — Балта Бектемір мен өзін таныстырды.
— Мен Анна Константиновна Суховскаямын. Аня дей бер, Балта. Ресмилікті жаратпаймын... Леша, сен тағы да шұлығыңды шешіп тастағанбысың. Мен саған қашанғы қақсаймын, полды жалаңаяқ баспа деп... Қандай тілазар баласың, ұлым. Света, көгершінім, сен үлкенсің ғой, кигізе салмайсың ба. Әне аяғы мұздай...
Кешіріңіздер, балалардың қылығы шаршатады... Қадағалап отырмасаң, істейтіндері осы. Мынау еден — бетон. Тастай суық. Ауру баланың жалаңаш табанын қарып түседі. Содан да тық-тық жөтеліп, аурудан бір шықпайды. Әне, көрдіңіздер ғой, екі иығынан дем алып, шиқылдап болды да қалды. Света, көгершінім, сен оған анау жылы сүтке кішкене бал салып ішкізе қойшы. Бал аз, сен үлкенсің, қызым, жалап қойып жүрме. Мынау канализация турбасы қайта-қайта дәл мына бір тұстан ылғи су атқылайды. Қосқан жері босаңдау. Ой, сүйкімді қонақтарым-ау, менің осылай көп сөйлеп кететінім бар кейде. Сіздерді құр сөзбен сыйлап отырмын ғой. Мына балықтан алсаңыздаршы. Қияр мен помидоры өзім тұздағам. Базардағының нарқы... ой-ей-ей! Жолап кетсең, көз жасыңа ие бола алмай қаласың. Саудагерлердің қорқатын құдайы жоқ. Неден қорықсын, өздері — құдай. Біз сияқты әр тиынды он рет санасыншы күн сайын...
— Қане, сыра да болса соғыстырып, сыңғырлатып алып жіберелік ә? — стаканын көтеріп Балтаға сүзіле қарады. Жасыл көзде көмескіленіп көгілдір ұшқын дірілдеді.
— Сіздердің... Лешеканың, Светаның жаңа үйі үшін, бақыты үшін, болашағы үшін!.
— Рақмет.
Анна Константиновна ұлы мен қызына бұрылып қарап отырды да, солықтата күрсініп салды. Содан соң стаканды тауыса ішті. Алақанының сыртымен ернін сүртті.
— Бақыт үшін дедіңіз... Адам, әрине, бақытты болам деп туады. Бақытқа талпынады. Бірақ жұрттың бәрі бақытты бола бермейді. Бірақ кеудесін шалқақ ұстайтындай, өзінің адамгершілік қасиетін сақтайтындай болуы керек қой. Итшілеп күн көрген жанда қандай қасиет қалмақ... Әлеуметтік тендік совет азаматтарына бірдей ортақ деп келеміз... Ұрандап келеміз. Сонда біздің әлеуметтік теңсіздігімізді кім көреді? Кім қорғайды? — Келіншектің көзінен жас парлады. Қыр мұрнының екі жағынан домалай ағып, екі езуді суарды.
Балта дәл өзі кінәлі жандай-ақ келіншектің бетіне тура қарауға жүзі шыдамай төменшіктей берді.
"Апырау, мына әйелге, мынау екі балаға көз қырын салар шынымен-ақ ешкімнің табылмағаны ма? Республикадағы ең мықты әкімге де жетіпті арызы. Бірақ неге қол ұшын созбаған? Неге созбайды? Өзінің отырған үйі — патша сарайынан да артық. Сонда оның бұл әйелден несі астам? Қызметі ме, дәрежесі ме? Ал адамгершілігі сондай биік дәрежесінің деңгейіне неге көтерілмеген? Адамды қызмет орнымен ғана есептеу біздің қоғамымызға жат қылық емес пе? Онда неге алалайды? Басқаға иек көтеріп нұсқамай-ақ, Майсараны алайық. Жалғыз келіншекке үш бөлмелі пәтерді бере салған дөкей мына екі ауру баласы бар әйелдің ит байласа тұрғысыз жерде күнелтіп жатқанын байқағысы келмейтіні қалай? Мынау деген Американың негрлеріне арналған Гарлемнен де жаман ғой. Ау, осы біз қашанғы жаманымызды жасырумен боламыз? Баспасөзде де, радиода да, телевидениеде де бізде бәрі жақсы, бәрі керемет. Адамға не керектің бәрі бар. Бәрі адам игілігі үшін. Сол барлықты мынау Анна Константиновна, Света, Лешалар неге пайдаланбайды? Неге адам игілігі үшін жасалып жатқан жақсылықтардың ең бастысы — жұпыны баспанаға неге кірмейді? Осындай құжыра, тауық күрке болар деп бүгінге шейін ойлап көріп пем мен. Осындай теңсіздіктерді жоймаса, жоя алмаса, езу көпіртіп несіне мақтана береміз... Омырауына саусылдатып орден таға бергенше, мына келеңсіздікті болдырмауға тырыспай ма ел басшысы... Әй-ий!"
— Анна Константиновна, сіз бекер босамаңыз. Әрине, мынау баспана... жоқтан бар ғана. Бірақ бәріміз... бәріміз кінәліміз. Үндемейміз. Қуансақ та, қорықсақ та әрқайсымыз өз қуысымызға тығылып алып, бүрісіп жата береміз. Әбден ет үйретіп алдық. Бізді сорлатып бара жатқан бойкүйездік. Басқаның қайғысына жан ауыртып әуре болмаймыз.
Балта Бектемірге сүйсіне қарап қалыпты. "Қалай дәл тауып айтып отыр. Бәріміз жауап беруіміз керек. Иә, үнсіз, тілсіз айуаннан айырмамыз шамалы. Әркімнің ойлағаны — бас қамы, тыныштығы".
Анна Константиновнаның жасыл көздері қаттырақ ұшқындап, мерейленіп отыр. Сөзіне құлақ асып, бірге мұңайып, қабырғалары қайысқан екі еркек туысындай болып кетті. Бұрыннан бірін-бірі білетіндей емін-еркін ашылды. Келіншек бір кез күлімсіреп Балтаға жалтаң етті.
— Ой, сіздер әлгінде туысымызды іздеп жүрміз деп едіңіздер-ау. Ол кім еді?
Жауапты Бектемір берді.
— Гүлшат! Гүлшат Каменова.
— Ой, Гуля тәтем екен ғой! Ой, ол кісі сондай жақсы адам. Мынау Лешканы баласындай көреді. Жақында, алты-жеті-ақ ай болды мұнда келгендеріне. Гуля тәтейдің рухы мықты! Көрмеген бейнеті жоқ. Өзі айтқанда, көзімнің жасы тыйылмай қойған.
Анна Константиновнаның көздері мөлтілдеп жасқа толып кетті. Сәлден соң әлгі мөлт-мөлт жастар кесек-кесек домалады. Бағы, бет ажары бар кісілер бөтеннің алдында әліп бара жатса да жыламақ түгіл күрсінбес те еді. Мына келіншек енді өз мұңын ұмытып, көршісінің хикаясын шерлеп кетті.
— Әкесін, бір жасында 1937 жылы "халық жауы" деп ұстап әкетіпті, шешесі де қоса кетсе керек. Туғаннан бағы ашылмаған Гуля тәтей балалар үйінде тәрбиеленген. Жылы алақан маңдай сипамағаны қиын. Мынау жерде... — келіншек көкірек тұсын қолымен басты. — Мынау жерде ерімес түйнек қалады. Ол — әке алақанына дейтін мәңгілік бітпес сағыныш. Ана мейірімін аңсаған бала көңілдің жалтаңдауы... Света, көгершінім, Лешаны горшокке отырғыза қойшы. Лешка, сен ұялма, айттым ғой, бұл ағайлар — жақсы адамдар деп...
Жұбайдан да жолы болмаған Гуля тәтейдің. Как назло жолың бір болмады ма, біздің заманымызда, ақырына шейін көзің ашылмайды. Күйеуі қайтыс болып, шиеттей екі баламен жалғыз қалған. Жалғыз... Ол да жалғыз — мен де жалғыз. Біздің таңбамыз, қарғыс таңбамыз — жалғыздық! Шеңгелі күшті оның — босатпайды. Біз енді ешқашанда ол құрсаудан құтыла алмаспыз.
Света көгершінім, горшокты сыртқа шығарып қойшы...
Балтаның қабағы түсіп кетті. Бірінен бірі қиын тағдырлар еңсесін езіп бара жатыр. Қолдан келер дәрмені жоқ. Дәрмені болса мына Аннаны да, Гуля тәтейді де жалғыздық дейтін қақпаннан босатар еді.
— Қағазын оқыдым. Әлгі Гуля тәтейдің әкесін ақтаған анықтама қағазды. Жаттап алғам. Айтайын ба? "Решение тройки НКВД по Кызыл-Ординской области в отношении Каменова Салима Каменовича отменено, и дело производетвом прекращено за недосказанностью обвинения"... Бірақ одан Гуля тәтейге пайда не. Өліп кетті ғой ол.
Осы Алматыға екі баласын шұбатып келгеніне он төрт жыл, міне. Әр қуысты, әр подвалды паналап, дірдектеумен келеді. Қыздары қандай! Үріп ауызға салғандай. Үй алу үшін істемеген жері жоқ. Екі баланы мына үлкен қалада асырау да, өсіру де қиын.
Бектемірдің төбе құйқасы шымырлап жүре берді. Өзіне таныс хал, өзі білетін жағдай мынадай жерде, жалғыз басты әйелдің жаны ашып, күйзеліп күрсініп айтуында тіпті сондай ауыр әсер етеді екен. Гүлшатқа қолынан келгенді жасауға іштей бекініп отыр. Бұрын сырттай хабарласып, хат жазысып тұрғанда, дәл мынау кедейлік жоқшылық күйді Гүлшат сездірмеуші еді, бұл сезбеуші еді.
— Екі кішкентайының аузына тапқанын тықпалаумен, тосумен өзін-өзі ұмытып, шала құрсақ жүргендіктен Гуля тәтейдің қаны азайған, оның үстіне бронхит, жүрегі де ауырады. Ана байғұстың бала-бала деп өлетіні рас. Міне, осы екеуі деп-ақ мен де қартайғанымды білмей қалам ғой бір күні... — Келіншек "Таласты" қолына алды да, екі баласына кезек-кезек қарады. Светаның көзі бақырайып шарасынан шығып барады екен, бөтелкені итеріп қоя салды.
"Әй, ішесің-ау! Сені де жеңер-ау бұл шөлмек!" Балта балаларды аяп кетті. Мойны қылқиған Светаның ұяң жүдеулігіне көз тоқтатудың өзі қиын. Жемпірінің дәл шынтақ тұсы жыртылған екен, үп-үшкір шынтақ сүйегі тесіп шыққандай жүрек сыздатты.
— Гуля тәтейге білетін біреулер бірінші хатшыға әкем жазықсыз сотталған деп үйге көмек сұрап хат жаздырған екен. Бірінен біріне сырғытып, ақыры Ішкі істер министрлігінен көмектесеміз деген қатынас қағаз келген екен, бірақ соны күте-күте шаршапты. Ең соңында қалалық совет "Сізге көмек бере алмаймыз, заң бойынша ақталған адамдарға жасалатын көмек олардың балаларына жүрмейді" деп крест қойыпты.
Света, көгершінім, Лешканы кереуетіне жатқызшы, қызым. Көрмеймісің, көздері жұмылып барады ғой...
Тамақ алмадыңыздар... суып кеткен балық, әрине, желінбейді. Мынау Лехам ауырып, дүкендерге шыға алмадым. Әйтпесе бір күркетауық, тіпті болмағанда, қаз сатып алуға болатын еді. Жаңа жыл ғой. Бұрын күркетауық алатынмын. Сөйтіп екі-үш күн балаларымызбен мәре-сәре болып қалатынбыз. Биыл шыға алмай қалдым. Базарға барып, Света мен Лешаға апорт әкеліп бергенде... — Келіншек сөзін үзіп, тағы да бұрылып ұл мен қызына қарады. Света алманы естігенде тамсанып қалып, сонысына ыңғайсызданғандай інісінің қабат-қабат киімдерін шеше бастады. — Бала ғой, уәде беріп едім... Базарға шығуға уақыт таппадым.
— Рұқсат болса, біз тұрайық.
— О-о, кетесіздер ме?!.. Ә-ә, Гуля тәтейге өзім ертіп барайын. Света, көгершінім, мына жерді жинай саларсың, ә.
Көкшіл көздер мұң ала туғандай. Анау жабығыңқы қабақ, бала қабағы Балтаның райын мүлде өзгертіп жіберді. Кенет қалтасына қолын салып, он сом ақшаны суырып алды. Ақшаны көргенде өзінің екі беті ду ете түсті. Қайта салудың ыңғайын таппай, кібіртіктеп Светаға жақындады, басын турбаға ұрып алды, оған бөгелген де жоқ. Жәудір мұңды көзді қыздың басынан жайлап сипады.
— Света, алма сатып ал. — Ақшаны ұсынды. Қыз қашқақтап басын шайқады. Мамасына қарады.
— Ала ғой, Света, көгершінім, бұл ағайың — жақсы адам. Мен кісі танимын ғой.
— Рақмет... — Света алғаш рет тіл қатты. Осы бір ауыз сөздің тасасында тығылып көмейлеп тұрған жас бар еді, Балта тез айналып кетті.
Манағы жалғыз шамның жарығы мүлде көмескі тартып қалыпты. Анна Константиновна ширақ аттайды. Аузы жабылмайды: "Аяғыңыздың астында астау жатыр". "Оңға бұрылыңыздар. Бұл арада тіреу бар", "Еңкейіңіз... ә, соғып алдыңыз ба, нешауа, тойға дейін жазылады".
Ағараңдап есік көрінді. Дәл кіре берісте унитаз тұр екен. Балтаның көзі түскенін байқаған келіншек.
— Қажеттілік не жасатпайды. Бұл арада бейсауат ешкім болмайды. Слесарлар демесек. Бір-бірімізді жатсынбаймыз. Гуля апайдың хоромы осы. — Есік тықылдатты. Іштен: "кіре беріңіз!" деген дауыс естілді.
Есікті сықырлатып ашқан Анна Константиновна табалдырықтан айқай салды.
— Гуля тәте, Гуля Салимовна, білесіз бе, мен сізге кімдерді ертіп келдім. Туыстарыңызды! — Анна Константиновна әлгіндегі жүдеу халін ұмытып, Балталарды өзі шақырып келтіргендей лепіріп сөйледі.
— А-а, Аня, сен бе... — машина тігіп отырған әйел сығыраңдай қарап қалды да орнынан опыр-топыр атып тұрды. Жолындағы орындық, ыдыстарды салдырата, құлата құшағын жая тұра ұмтылды.
— Бауырым-ау, Бектемірім-ау! — Күліп жатқаны, жылап жатқаны белгісіз. Бектемірді босатар емес. — Қашан келдің? Қалай таптың?
Құшағын босатып Балтамен ернін жыбырлатып амандасты.
— Ой Гуля тәте, мені неге құшақтамай сыз. Мен ғой, туысыңды ертіп әкелген, — деп келіншек тақымдады.
— А тебе, Аннушка, мое большущее спасибо!
— О-о, рахметпен құтылмайсыз.
— Ой, неге тұрып қалдыңдар? Жоғары шығыңдар! Сәл еңкейіп... Аласа, оның үстіне тұрбалар... Сәуле! Сәулетай, бері шық, күнім. Нағашың келді. Бектемір нағашың!
Шүберек перденің тасасынан талдырмаш қана қыз бері шығып бас изеп амандасты. Балтаның бір байқағаны көзі тым үлкен екен. Үлкен көздердің кірпіктері ұзын болатын әдеті ме, жапырыла құлағанда, көлеңкесі бетті жауып кетеді екен.
"Оқушы бала боларсың. Жүдеулеу-ау. Мына сыз ауыртпай қойсын ба? Көп-көрім боп өсіп келеді. Күл арасындағы маржандай". Балта өзінің осындай өрескел мінезі барын соңғы кездері көп сезіп қалып жүр. Қыз көрсе, бойжеткен көрсе сұқтанып қарауы көп.
— Сәулетай-ау, барсаңшы нағашыңа. Әй, мұнша ұялшақ болармысың. Мен көп айтып отырам ғой өзіңді, Бектемір-ау. Бауырым бар деп. Ана жылы келгенінде, бұл Сәулетай пионер лагерінде болатын. Сонда сені көре алмадым деп маған біраз өкпелеген. Ал, Сәулетай, менің жалғыз бауырым, жалғыз туысым, барым да — осы нағашың. Көрімдік бер. — Гүлшат ақжарқын адам екен. Ойындағысын бүгетін түрі жоқ. Әлде тымырсық тіршілік иығынан басқан сайын, жаныштаған сайыл тілеулес жан іздегіш көңіл әркімді жақын тұтқызып, осындай сәттерде сөйлетіп, сайратып қоятын да шығар.
— Келе ғой, Сәулеш!
Бектемір қасыла жақындаған қыздың маңдайынан сүйді.
— Жұпар қайда? Көрінбейді ғой?
— О, Жұпар биыл мектепте мұғалім боп істейді. Училищені бітіргенін білетін шығарсың. Каникул ғой қазір. Үш-төрт мұғалім оқушыларды поезбен Ташкентке алып кеткен.
Үлкен қызының әжетке жарағанына кәдімгідей марқайып сөйледі. Өстіп-өстіп жетерміз дейтін тоқ-мейілсу бар жүзінде.
— Отырыңыз, — деп Балтаға бұрылды. Соны көріп Бектемір Балтаны таныстырды.
— Бұл — Балта деген баламыз. Әкесі менімен түйедей құрдас еді. Москвадан оқу бітіріп келіп, Ғылым ақадемиясында қызмет істейді, — Бектемірді де мақтаныш сезімі биледі. — Айтпақшы, Гүлшат-ау, мына шабаданды өзің ашып көрші, ет бар еді, күн суық қой, сонда да Бүліне қойған жоқ шығар.
— Қазан көтеріп жіберейін.
— Мен бүгін осындамын. Балта, сен асықпасаң...
Балта сағатқа қарады.
— Пәле, мынау тұрып қалыпты.
Сәуле дыбыс берді. Даусы ашық. Сыңғырлап тұр.
— Жетіден он бес минут кетті.
Балтаның ықыласы ауып барады. "Кісі жатырқамайды екен. Көзі қандай үлкен! Қандай мөлдір! Адамға іш тарта қарайды. Анау Светадан бес-алты-ақ жас үлкен болар. Бала ғой әлі. Бірақ жанарында жасқаншақтық жоқ. Жоқшылық көріп, подвалдарда өсті деуге келмейді".
— Әлі ерте екен. Бұл інім де бөтен болмады. Тамақ жеп кетсін. Сәулетай, қастрюль таза ма еді, су құйып қоя салшы, — деп өзі сыртқа бет алды. — Аннушка, отыр. Отырсаңшы. Сен шынымен маған зор жақсылық жасадың. Қандай туыстарымды әкелгеніңді білесің бе?
— Білем, Гуля тәте! Мен бұл кісілермен сөйлескем.
— Қашан?
— О, бұ кісілер алдымен менде қонақ болды. А как же. Бүгін жаңа жылдың басы. Жылды қалай қарсы алсаң, солай шығарып саласың. Биыл бізде қонақ көп болады. Солай ғой, Гуля тәте.
— Солай-ақ болсын. — Гүлшат сыртқа шығып кетті.
— Хал қалай, студентка? — Анна Константиновна Сәуленің иығынан құшақтады. — Сессия жақындап қалды ма?
— Осы айдың аяғында ғой, тетя Аня.
Балта аң-таң. Манадан Сәулені көп болса он төрт, он бестерде деп отырған, студентка дегенде елең етіп еді, Сәуле де бұған жалт қарады. Ендігі Сәуле мүлде басқаша рең тапқан. Кең үлкен көздер айналасына нұр шаша, қуана елжірейді екен.
— Қай институтта оқисыз? — Балта еріксіз сізге көшті.
— Университетте, тарих факультетінің бірінші курсында оқимын.
— О-о, бұл Сәулешка медалистка! Бір-ақ сабақ тапсырып түскен. Гуля тәтей екеуміз Саулешка келгенше шыдай алмағанбыз экзамен тапсырған күні. И из нашего технического помещения выходят на орбиту ученье. С нами шутки плохи!
Гүлшат ет көтеріп кірді. Мүшелеп бұзылған қолдың еті. Жуып кастрюльге салды. Сонан кейін Бектемір әкелген шабаданды тысқа алып кетті.
— Сәулешка давай, лото ойнайық. Балта, сіздер ше?..
— Ойнауға болады...
Осы қабаттағылардың лото сүйікті ойындары болса керек Сәуле мен Аня мәз. Аздаған тиын тебенді бір де ұтқызып, бірде ұтып жадырап отыр. Тамағын салып, шайын жасап қойып Гүлшат біраз тосты.
— Оу, ойыншы жолдастар, қашанғы күтем.
— Мама, сәл-сәл. Мен қазір міне, мына-ан-дай ұтам. Нағашыларымның қалталарындағыны түгел сыпырып алам, — деп Сәуле еркінсіді. Сол ашық әдемі күлкісі өзіне сондай жарасады. Сәбилік пәктік қалыптан әлі арыла қоймаған қыздың өзімсінгені, еркелегені, қуанғаны бәріне де келісті бір рай енгізген еді.
— Қырық серкешіңді қашан алсаң да дайынбыз, — деп Балта Сәулеге жымия қарап еді, қыз қып-қызыл боп кетті. Қырық серкештің қандай қырық серкеш екенін білмей, қырық жетімен шатастырып алып еді, Гүлшат құрық созды.
— Сәулетай, жиенінің нағашыларынан алатын қырық серкеш назы болады. Бұл нағашың соны айтып отыр. Сен бірден қырқын түгел алмай-ақ, екеу-үшеуін босағаға байлата сал.
Сәуле мәз бола сылқылдап күлді. Өзінің түсінбей қателескеніне күлді. Балтаның нағашылық танытып, өзімсіне іш тартқанына қуана күлді. Шуақ шашқан қара көздерге ақсия күлген аппақ тістердің қатары қосылғанда жіңішке мойындағы шалқақ бастың бет ажарын тіпті сүйкімді етіп жібереді екен. Балта сол ажарды, сол қуаныш құлпыртқан жүзді қапысыз аңдиды. "Анау айтқандай алып бара жатқан сұлулық жоқ. Бірақ сондай сүйкімді. Адамды өзіне тартып тұратын нәзік сүйкімділік бар. Қарай бергің келеді. Қараған сайын жаныңды бір тазалық шарпып, кеудеңде тұнық судан нәр алғандай рахат сезім шүпілдейді. Әлі әлжуаздау. Толыса келе тіпті әдеміленеді. Күн көзі көп түспеген көлеңкенің шөбіндей жасаң кейіп бар. Ол түк емес. Түк емес. Уақыт пен сезім гүл атқызады! Бір ғана сәтте дүр сілкінтіп, өзгертіп, құлпыртып шығара салады. Күлкісі-ақ әсем! Еш жасандылық жоқ!"
Еріксіз Майсараның сыңғыр күлкісімен салыстырды. Салыстырды да мына күлкінің табиғилығына, тазалығына ден қойды. Майсара сыңғырлап күлгенде алғаш естіген адамын естен тандырардай құдіретке ие болады. Бірақ зейін бұрған, қадағалаған жан әлдебір жасандылықты, әдейілікті сезіп қалар еді.
— Дастарқанға жақындаңдар. Шай суып барады.
Гүлшат бір шампан бөтелкесін кереует астынан суырып шығарды. Аннушка шап берді.
— Ой, Гуля тәте! Мынаны білгенде мен азаннан келетін едім ғой. Полусухое!
— Жаңа жыл болған соң... Сәуле де, мен де татып алмаймыз... От жаққан үй аталған соң, біреу-міреу келсе деп... Тілеуіміз бір екен. Бектемір, Балта, міне өздерің келдіңдер... Аня, сен андағыны аша алушы ма едің?
— Ашпай!.. Еще как ашам. Дать салют?.. Тарс еткізіп ашам. Көрсін біздің бұл техникалық қабаттың да шампан атқылайтынын. Е, біз,біз... — Анна Константиновна "бізінің" қандай екенін айтып жатуды артық санады ма, әлде теңеуін таппай қиналды ма, сымтемірді бұрап үзді де, ақ қалпақты тарс ытқытып жіберді. Ақ көбік леп берді де, тынды. — Көрдің ғой, Гуля тәте! Бір грамын ысырап еткем жоқ! О-о, мұның кезінде талайын аштық қой. Сәулешка, стакандарды бері жылжыт. Қасық сал, шай қасықты. Сонда көпірмейді. Әйтпесе, асып төгіледі. А каждая капля на вес золота этого царского напитка! Қалай, дәл құйылды, ә! — Келіншектің көз алдындағы көгіс көлеңке ұлғайып, қос шекесіндегі көк тамыры бүлк-бүлк соғып ала жөнелді. "Әй, ішімдікке тым үйірлеу болар! Соңына түсіп алса, анау Света мен Лешканың күні не болмақ?" Осы беймаза ой тағы да жадыраған түріне көлеңке түсіріп өтті ме, Балта қайтадан Сәуленің бетіне үңілді. Сәуле де жігіттің дәл қазіргі күйін бағып қалған екен, неге күйзелгенін де түсінгендей, әнтек бас шайқады. Сол шайқалған бастың кімге арналғаның білдіргендей Аня тәтесіне бұрылды.
— Ағайындар, мынау менің құдай да, адам да бермеген, құдайдың да, адамның да санағында жоқ ілдебай баспанам — менің құтханам боп отыр. Бас сұғатын қуыс, кеуде жасыратын қалқа, бой жылытатын пана — бәрі осы. Буы бұрқырап, суы шашырап, иісі мүңкіп жатса да, әркімнің босағасында бір сүмеңдеген кездегі үй иесінің күрең қабағынан құтылдық. Ақша сұрап, еселеп сұрап дікілдейтінінен арылдық. Әрине, мұнда да құлағымыз тыншыды деп айта алмаймын. "Шық, шыққа!" басатындар әлі де көп. Әйтеуір үмітсіз — шайтан деп жүріп жатырмыз.
— Не айтайын деп ем... Иншалла, түбінде бір қайыры болар. Әлде тәңір, әлде тағдыр бір жарылқар. Дүние кезек деген бар. Қашанғы түнегі төбемізде тұра берер. Ашылар жадырап, шашылар шуағы. Ендеше сол ашылар аспан, шашылар шуақ үшін. Сол шуақтың шапағатымен шаттыққа бөленер мына балалар үшін!
— Гүлшат стаканын ілгері ұмсынды. Сәуле де қымсына қол созды. Ана тілегі әрі тосын, әрі ыстық. Шуақ шашылса, түнек ыдырарын сезеді. Қуана сезеді. Сол шуақты жанымен, аналық махаббатымен ұдайы құйып келе жатқан анасына сенеді. Анасы қасында жүргенде Сәуле түнекті түнек деп те білген емес. Суықты суық деп те сезген емес. Ана мейірімінен өтер жылу жоқ. Ана жанынан ардақты сезім жоқ. Ана еміренуіне жетер жарық жоқ. Сәуле стаканын ерніне тигізді. Ана тілегі үшін, ана тілегінің орындалуы үшін. Қышқыл дәм тіліне білінді. Түшіркене сімірді. Арақ, шарап атаулыдан алғаш дәм татқаны осы еді.
— Пәлі, біздің Сәулеша алып қойды!
— Несі бар, студентка емес пе! — Балта ересек тұтты.
— Қалай ішкенімді білмей қалдым... — Сәуле сақылдап күліп жіберді. — Мама, сіз ұрыспайсыз ба?
Гүлшат ыдысынан ауыз тиіп қана алдына қойды.
— Қызым, заманыңның сусыны ғой... Мен саған іш деп те, ішпе деп те айтпаймын. Қинап және мазаңды алмаймын. Қашанғы қасыңда жүрем. Жетең болса, шараппен салиқалы болды дегенді естімегенімді ғана айтам.
Ой, мен сендерді ұмытып, қызыма өнеге үйретіп кетіппін-ау. Бектемір, кесеңді бері бер. Үнді шайы... Айғаншаның шайындай болмаса да, шөл басуға жаман емес.
Аня, шишаны таусып құйып қой. Несіне бөгейсің бұл шіркінді. Енді сен өзің бірдеме де. Бүгін тек әйелдер тілек айтсын. — Гүлшат жымиғанда күлкісі күлімсірегені Сәулеге ұқсайды екен. Немесе Сәуленің күлкісі анасының жымиғанына ұқсайды екен.
Шай жиналған соң Анна Константиновна өз үйіне кетті.
Сәуле мен Балта шахмат ойнауға отырды. Алғаш Сәулені онша менсініңкіремей, баласынып ойланбай бірер жүріс жасаған Балта көп ұзамай-ақ мат алып қалды.
— Жиен, бұл ойын жолы, — деді қызарақтаған жігіт. — Қайта ойнайық.
— "Жығылған күреске тоймастың" кері емес пе сіздікі.
— Жо-жоқ! Қапы қалып сан соқтым ғой, — деп Балта шынына көшкенде Бектемір мен Гүлшат қосыла күлді.
Сәлден соң Бектемір мен Гүлшат шүйіркелесіп кетті.
— Өткенде... Қобланды өздеріңнің басқа, екі бөлмелі үйлеріңді мақтап келіп еді...
— Ә, ол ұзақ әңгіме... — Гүлшат ол жаққа аяқ басқысы келмейтін тәрізді.
— Бағы бар, ауласы таза, тыныш жерде екен дегенде мен де біраз көңілденіп қалып ем... айрылып қалғандарың қиын болған екен, — деп Бектемір күмілжіді.
— Ол үйдің де қызығы көп... Бағы бары рас. Ауасы да аза болатын. Иә, айрылып қалдық...
— Қалай? Сонда... қуып шықты ма?
Мына жақтан Сәуле дауыс берді.
— Милициямен келіп соттың шешімімен айдады да шықты. Ой, сонда милицияның көптігін бірінші рет көргем.
— Неге өйткен? — деп Балта қолындағы шахмат фигурасын тастай салды.
— Себебі ол үйді... баракты басып алғанбыз.
— Қалай басып алғансыздар?
— Қалай басып алады... Штурммен, атакамен! Бір-ақ күнде... жо-жоқ бір-ақ түнде кіріп алғанбыз! Оң, сондағы біздің шабуылымыз-ай! Мама, есіңде ме, Шура тәтенің тортын балалардың жеп қойғаны. — Сәуле сықылықтады. Есіне қызықты жайлар түскен болу керек.
Мәселенің жай-жапсары төмендегідей екен. Ескі барак бір-ақ күнде босап, есік-терезесін жел сартылдата бастайды ғой. Авариялық жағдайдағы үй, қиратылуы керек деп ұйғарылған осы үйге июль айының ортасында тоғыз семья кіріп алған. Ертең бульдозер келіп бұзады деген күннің түнінде көшіп алған тоғыз отбасының қуанышында шек болмаған. Кәдімгідей қоныс тойын жасап, балалардың шат күлкісіне маңайын түгел бөлеп жіберген. Бұзуға келген бульдозерші жігіт қоныстойды қоса тойлап, біраз сілтеп алған.
Баракты жаулап алу операциясы осылай жеңіспен аяқталған. Есік-терезелерін жөндесе, барак әлі біраз тұруға жарайтын еді. Аспаннан күткен, адамнан күткен баспананы шеткі көшедегі елеусіз қалған ескі барактан тапқан бақытты жандар аз ғана күннің ішінде жаңа қонысын жаңғыртып, жасартып жіберген.
Шіркін өз төрің, өз шаңырағың болғанға не жетсін. Әрқайсысы әр түкпірден, әр подвал, әр босағадан келген осы тоғыз семья бір туғандай болып кетіп еді. Тоғыз семьяның жиырма екі баласы сондай тату еді.
Біріне бірі көмектесіп, бірін-бірі қуаттап, жұмылып кеп кірісіп кеткенде авариялық аталған барақ өзгеріп шыға келген. Жарылған тұс бітеліп, қисайған қабырғалар тіреумен бекітіліп, қайтадан еден төселіп, шатыр дұрыстап жабылып, біраз қаржы-қаражатты да алып кеткен. Жыртық жамалған сайын көңіл бүтінделетіні бар. Ескі жаңарған сайын жанның жасаратыны бар. Жамап-жасқап алған барак осы тоғыз семьяның адамдарына жұмақтан кем көрінбеп еді! Ауласын қандай құлпыртып жіберіп еді. Гүлзар жасап, әткеншек турник орнатып, балалар алаңына құм әкеліп төгіп, беседка-күрке қалқайтып, қаңырап қалған мекенді кісі танығысыз еткен-ді.
Бірақ жаңа тұрғындардың қуанышы көпке ұзамаған. Бір-ақ күнде әлдебір бірлестіктен келгендер үйді босатыңдар деп зікір салсын.
Шырылдап балалар жыласын, жылаған балаларды жұбатып кемпір-шалдар зарласын. Әйелдер бажылдасын.
Енді қайда барады? Қай қуысты сағалайды? Қай жекеменшік үйдің иелеріне жалынады? Жалынғанды, жылағанды мекеме басшылары көрмегенде, әр бұрышын хан сарайындай бұлдайтын жекеменшік үйдің иелері оларды қайтсін. Артық пейілден гөрі тиынды тебендеп жинайтын ол шіркіндерге көрмейтін, естімейтін бітеу көңіл болу көп пайдалы емес пе. Жан ашырдың ауылы алыстап кеткен дейтін сылтауды ту ғып ұстап алғандар басқаның зарын тыңдар ма.
Қайда барады енді? Қыраулы қыс болса құрығын сүйретіп келіп қалды. Панасыз күйдің көйгөйі кеудеден арылмайтын болғаны ма? Кімге барса, жан қалады? Кімге көз сатса, көңіл демдейді? Кімге жалбарынса, мынау жиған-тергенді түгел жұтып қойып, бірақ кәдімгідей адам тұрарлық баспанаға айналған барак өздеріне тиеді?
Әрине, далбасалап, әрекет жасайды. Еті тірі, сөзі өтімді, заң-жосықты білетін көзі ашықтарынан делегация құрып, тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық басқармасына, бірлестікке, қалалық атқару советіне және қалалық партия комитетіне жөнелтеді. Осындағы қырық шақты адамның мұң-зарын, тілек-талабын, үміт-сенімін білдір деп жөнелтеді. "Біз де совет азаматы
Біз ғой. Конституция бойынша баспаналы болу правомызды кім қорғайды? Бізді неге қинайды? Бізді неге жайымызға қалдырмайды? Үйді өзіміз жөндеп алдық. Ешкімге кедергіміз жоқ" дегендерді дұрыстап жеткіз деп жөнелтеді.
"Бізді де бір тыңдасын. Мұңымызды естісін. Арыз-өтінішімізге құлақ тоссын" деп жөнелтеді. "Басқа жақтан ауып келген жоқпыз. Осы қаланың өзінде тұрғанбыз. Осында жұмыс істеп жатырмыз. Бізді де адам санатына қоссын" дегенді айт деп жөнелтеді.
Арызға қарыз болғысы келмегендер, өтінішке бас изеп қалғысы келмегендер әр қиырдан бір шаң беріп: "Пәтер ақысын төлеп жүрген жоқсыңдар ғой!" деп сес көрсетеді ғой. "Төлемейік деп жүрміз бе, өздеріңіз алмай отырсыздар" дейді бұлар. Олар одан сайын шатқаяқтайды. "Сендер онда ол баракта заңсыз тұрып жатырсыңдар — мүмкін сендерді тіркеуіміз керек шығар? "Несі бар, тіркесеңіздер, тіпті қатып кетер еді. Біздің сұрағанымыз да осы емес пе?"
Қойшы, онда барып табалдырық тоздырып, мұнда барып, босаға сығалап сөзін де, өзін де өткізе алмаған шіркіндерге әлдебір кеңседе әлдекім әлде әзілдеп, әлде ойнап, "Онда сендер сол баракты сатып алыңдар!" демесін бе.
Тоғыз семья тағы да бас қоссын. Олай ойлап, бұлай толғанып, хал-қауқарларын екшеп, ақыры "сатып алсақ, алайық!" дейтін нар тәуекел шешімге тіреледі.
Тағы да сабылыс жүріс басталады. Тағы да екі жақтың дау-дамайы одан сайын күшейеді. Тағы да екі жақ та тығырыққа тіреледі. Бірлестік баланстан шығарылып тасталған үйді сатуға болмайды деген инструкцияға сүйеніп, сатудан үзілді-кесілді бас тартады. Сонда не істемек дейсіздер ғой, баракты қирату керек деп отырып алады. Баракты босатпаған тұрғындарға бір күні сотқа шақырту қағазы келеді.
"Сіздер заңсыз кіріп алғансыздар".
"Білеміз. Бірақ ол үй бос тұрды ғой".
"Бос тұрған үйге кіріп алсын деген заң бар ма?"
"Біз ол үйді өзіміз жөндедік. Адам тұратын қалыпқа келтірдік. Кемінде он жылға төтеп береді".
"Ал, солай дейік. Егер жер сілкінсе, Алматыда жер жиі сілкінетінін білесіздер, әлдебір мәтке әлдекімнің төбесіне түсіп кетсе, сонда кім жауап береді?"
"Кездейсоқтық кез келген жағдайда бола береді. Одан ешкім құтылмайды".
"Міне сондықтан да мен заңсыздыққа жол бермеймін.
"Біз енді не істейміз?"
"Ау, осындай сұрақты маған неге қоясыңдар? Мен сендердің не істейтіндеріңді қайдан білейін? Ал үйді босатыңдар. Сот шешімін солай шығарамыз".
Ақыры былтыр майда тоғыз семья жан-жаққа жылап айырылысады. Бауыр басып қалған жандар үйді бір қимаса, бірін-бірі тағы қимай, оның үстіне баспана таба алмай әбден қиналған.
Үй басқармасына аулашы боп жұмысқа түскен Гүлшат мына техникалық қабатты сағалап, әйтеуір бас сұғар қуыс тауып алыпты. Сонысын дәтке қуат қылады.
— Балта нағашы, бұл жер қараңғылау демесе, сондай тыныш. Адам аяғы сирек. Бір ғана кінәраты, осы үйде ылғи дөкейлер тұрады. Совминнің үйі. Сол дөкейлердің жұбайларымен міне былай, — Сәуле орнынан атып тұрып, Балта білетін кейбір әйелдердің басқан жерін ойып кететіндей салмақты жүрісін айнытпай салды. — Міне, былай мамырлап аспандағы көзін бір шекеден анда-санда жерге қадайтын кезде ұшырасып қалсақ бар ғой, бізді осы техэтажда тұратындарды, инопланетянин санай ма, әлде бақа-шаян көре ме, май басқан мұрындарын тыржитып болады да қалады. Балалары да мазақтап, шуылдап тас лақтырып маза бермейді. Ал мен... көшеде нем бар. Маған осы арам ұнайды. Өзіңмен өзіңсің... — Сәуленің үлкен көздеріндегі өжет ұшқын алыстап жоғалып бара жатты. Сол ұшқын мүлде өшіп кетер ме деп қорыққан Балта орнынан ұшып тұрғанда басын төбедегі құбырға соғып алды. Сәуле сықылықтап күліп жіберді. Көздердегі ұшқын көгілдір түспен құбылды.
— Сәуле, сен оларды маған көрсетіп қойшы.
— Кімдерді?..
— Анау сені мазақтайтын балаларды. Көкесін көздеріне танытып берейін. — Балтаны ашу иектеп, түтігіп алыпты. Сәуленің сыңғыр күлкісі одан сайын жаңғырды. Гүлшат ыңғайсызданып, Балта мен Бектемірге кезек қарап өтті.
— Бұл қыздың осындай күлкісі бар. Өздеріңді көргелі бүгін есі қалмай отыр. Әй, тентек шіркін, болды енді. О нес, соншама шықылықтап.
— Мама, Балта нағашым анау Мурик Нуриктерді тиып берем дейді. Это же невозможно! Мурик Нурик Шуриктерге аудандық милиция бөлімінің шамасы жетпегенде, сіз, нағашы-ау, бекер әуре боласыз ғой. Олар сізді жайыңызға қалдырса жақсы. Нашасын тартып, наркотигін егіп, ләйліп, кайфовать етіп тұрған кезіне тап келсеңіз... О-го-го, кімге кімнің көкесін танытатын кім білсін. Я же их, головорезов знаю. — Сәуле қайтадан сабырлы кейіпке көшті. — Жоқ, нағашы, сіз оларды білмей-ақ қойыңыз. Маған сіздің амандығыңыз керек. Жаңадан нағашы тапқанда, айрылып қалғым келмейді.
Балта сылқ отырды. Әрине, "мамасы" мен "папасының" балалары қандай болатынын біледі. Бетіне жел тимей өскен жекебатырлар желпініп шыққанда бүкіл үйді, ауланы аяғынан тік тұрғызады. Неден қорықсын. Айбарлы әкенің беделі мықты. Адуын шешенің қамқорлығы керемет. Оқ өткізбейді, суға батырмайды, отқа күйгізбейді. Ендеше, ал кеп сайранда! Ал кеп тайраңда! Өмірге билік құру үшін туғансың. Әкім болу үшін келгенсің. Әмір беру үшін жаралғансың. Олай болса билікті де, әмірді де осы бастан жасап бақ. Үйреніп өс. Тәжірибе жинақта. Билікті кімге жүргізуге болады? Әмірді кімге беруге болады? Пәле-е, сол да сөз бе екен. Қаладағы қыбырлаған екі аяқты пенде осы төңіректі маңайлап кетсе, "патшалығына" сұраусыз енгені емес пе, "сыбағасын дұрыстап сыйлай" жібер. Аулашы, почташы, айдаушы, тасушы сияқты келте танаулар аз ба. Алдын кескесте, иығыңмен қағып өт. Аяғынан шалып қал. Әйтпесе ең бір Жанына тиетін осал жерін тауып ал да, шуылдап айқайла. Жабыла мазақта. Сонда сенің жанын кіреді.
Әкімдіктің алғашқы рахат дәмін татасың. Міне, жекебатырлардың тәлім-тәрбиесі.
— Солай болса да, сен, Сәулетай, маған басшысын, главарін көрсеткін. Иә ма?
— Иә, иә. Көрсеттім дейін. Не істейсіз сонда? — деп Сәуле ойнақылана қалды. Балтаның өзі үшін ештеңеден тайынбайтынына көзі жеткендей. Соған қуанып та отыр.
— Оны өзім білем.
— Балтажан, сол бұзақылармен шатасып қайтесің — деп Гүлшат бозарып бара жатты. — Мен білем ғой оларды. Адамдық бейнеден айрылып бітуге тақау. Әй, соларды балам, болашағым деп бағып отырған анау пілдей бастық азаматтарға таңым бар. Ана тілін ұмыттырғанмен, азаматтықты бойларына сіңіру ата-аналық борышы емес пе. Балтажан, сен соларды білмей-ақ қой, балам. Құдіретті көкелері шіреніп-шіреніп көк тіреп отырғанда, бұл ерке тентектер ештеңеден тайынбайды.
Бектемір де сөз қосты.
— Балта, "буынсыз жерге пышақ ұрманы" ұмытпа. Ал, Сәулетайға бас-көз болам дегенің жөн. Нағашысың. Бүгінде туған туыс емес, көңіл туыстырады. Жанашыр жүрек жақындастырады.
Балтаны Сәуле шығарып салмақ болды.
— Сәулетай, әуре болма. Өзім-ақ...
Сәуле жымыңдады, басын шайқады.
— Маған сіздің шекеңіз қымбат. Сатыға жеткенше он рет шекеңізді соғатыныңызды, нағашы-ау, біліп тұрмын ғой. Ал мен бір де бір соққызбай алып өтем.
Есік алдында Сәуле қолын ұсынды.
— Келіп тұрыңыз, нағашы.
Даусынан наз да, қимастық та сезілді. Қолы күйіп тұр екен. Балта шошып кетті.
— Ауырып тұрған жоқсыз ба, Сәуле?!
— Жоқ! Әзір ауырғам жоқ, Балта!
— Сау бол, Сәулетай. Келіп тұрам.
Балта бас изеп бұрылып жүріп кетті. Жәшіктің сынығына сүрініп құлап түсе жаздап еді, артынан Сәуленің ащы даусы естілді.
— Байқаңыз, нағашы!..
"Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас"... Ызыңдап екі жол өлең тіліне оралды. "Қарындас"... Қарындасым болар ма еді. Неге болмасын. Жиен қарындасым болды ғой. Қандай таза! Неткен мөлдір жаны! Күн көзі түспес қапаста да исі мұрын жарар әсем гүл өседі екен-ау! Қарындас қой... қарындас қана ма... одан да жақын..."
Өз ойынан өзі шошыды. Жаяу біраз жер ұзап кеткен екен. Машинасы есіне түсіп, қайырылып оралды.
Машинасының қасында милиционер жүр екен.
— Сіздікі ме?
— Иә.
— Неге кешіктіңіз?
— Немене, мен енді кешіккен себебімді де айтуым керек пе, — деп Балта шытынай бастап еді, милиционер қолын шекесіне төсеп, қалшиып тұра қалды.
— Кешіріңіз, азамат. Бұл үйдің маңайында тентек балалар көп. Кеш бойы бірдемесін бүлдіріп кете ме деп... Әрине, мен сізді неге тексерейін. Машинаны сондай ұнатам. Бұл машина... әсіресе "Жигули" нағыз мүлік қой. Сырын біліп алсаң, бұл "Жигулиден" өтер дос болмайды... Ал, мынау үйдің... осы төңіректің бал ал ары бөтен номерлі машинаның иесіз тұрғанын көрсе... Машинада қандай жазық бар... Бұл да ит сияқты адамның нағыз досы. Иесі қазір шығар, қазір шығармен осы арада жүрдім.
Милиционер жас жігіт екен. Ыржиып күлгені Балтаны елжіретіп жіберді.
— Атың кім, жолдас?
— Мен бе? Митя... Дмитрий Серегин.
— Машинаң, әрине, жоқ. Былай болсын, Митя. Мен — Балтамын. Қызметіңе кеп рахмет. Сен... Митя, керек кезінде машинамды мініп тұр.
— Қалай? — Митяның көзі шарасынан шығардай үлкейді. Тұлып жағасынан қылдырықтай мойын қылқиды.
— Мен саған қолхат беріп қоям. Бір кілтін де берем. Керек кезінде стоянкадан алып тұрасың.
— Өзіңіз ше?
— Мен көбінесе жұмыстамын. Қазір машина мініп жүруге қол тие бермейді.
Балта кілтімен есігін ашып, ішіне отырып, тілдей қағазға телефонын, аты-жөнін жазып, состиып тұрған милиционердің қолына ұстата салды.
"Жигули" бірден қызды.
— Әй, машина-ау! Машинаның машинасы "Жигули" ғой!..
Дмитрий Серегин қайта-қайта таңдай қағып қала берді.
"Маған бүгін басқа дүниенің есігі ашылды-ау, тәрізі. Жаңа жылдың ең алғашқы күні. "Ұлыстың ұлы күні" десе де болады. Қаншама нәрсеге көзім ашылды. Мынандай әсем қаланың адамның сай сүйегін сырқырататын әлеуметтік теңсіздігі болады деп ойлап па ем бұрын. Көзім кермесе сенбес едім. Жоқшылық қалай бүрсеңдетеді. "Баспана!" Қандай терең мағналы сөз. Гүлшат тәте, Анна Константиновналар басына пана етіп әлгі сулы, шулы, иісті, қоқысты қапасты мекендеп отыр. Баспана... Соның өзін қимайтындар, қуатындар бар екен... Сәуле! Қапаста шуақ шашқан сәуле. Жанынан нұр құйған сәуле. Жанына ызғырық жолатпаған Сәуле. Қандай кереғарлық! Анау маменькины, папенькины сынки не істеп, не бүлдіріп есіріп жүр. Аппақ төсек жеке бөлме, дарские хоромы... Тәр-бие-тәлімі бұзық. Лас подвал, тар босаға, қараңғы қуыста тамыр тартып, бой көтеріп келе жатқан Света, Сәулелер қандай! Мүлде бөлек. Бөлек! Күн көзін баққан күнбағыстай жақсылық аңсайды. Туыс көңіл тілейді. Жанашыр қабақ күтеді. Соларды керек кезінде өз кеуделерінен табады. Әйтпесе әлгі Митя... Аяз өтінде үш-төрт сағат әлдекімнің машинасын бұзақы балалардан сақтап, күзетіп тұр. Жоқ! Ізгілік жоғалмайды! Жойылмайды. Ол халық көкірегінде. Кеңпейіл пиғылында".
3
Бектемір үш күн қатарынан түк бітірмей қайтып келді. Күн өткен сайын қабағы түсіп, жүдеп барады.
— Әй, Балта, осы мен әбден түңіліп біттім. Қайда барсам да есік күзеттіріп қояды. Прокурорды екі күн тостым. Қайда... маңайлатпайды. Ал Орталық Комитет басқаларға қарағанда әділет орны ғой, бұқарамен тығыз байланыста болар десең, бұл жерің тіпті биік жатыр. Қол түгіл көзің де жетпейді. Өзін де бір биік тұсқа салған екен. Төбеңнен төніп, еңсеңді басып, мысыңды құртып бітеді. Анау әкімшілік органдар бөлімінің не бастығына, не орныбасарына кіре алмай қор болдым емес пе. Хатшы қызы телефонмен жөндеп сөйлеспейді де. Олардың рұхсатынсыз ішке кіргізбейді. Есік көзінде мөлиюмен-ақ жаным езілді.
Бектемір аға қанша ренжісе де, қанша кейісе де мил осылай қабақ шытқанын сездірмейтін. Іштен тынғанын білдірмейтін. Балта ойы ауырлап, жаны күйзеліп отырған жерлесінің көңілін аулауға тырысты.
— Онда, Бәке, ертең мен сізге ілесейін.
Алдымен республикалық прокуратураға келді. Ылғи еңсесі түскен, көзін әркімге бір сатқан сұраншақ қарасты жандардан аяқ алып жүргісіз екен. Әркімге бір жалтақтап, қайғысын, қасіретін арқалап келген байғұстарды мұндағылардың елегісі жоқ. Аяқ астында жорғалаған жәндікке де кейде елеңдеп қарайды ғой. Ал бұлар... жалтаңдаған шіркіндерді көзіне де ілмейді. Сөл жібісе, сәл бас изесе, сәл құлақ түрсе, кім білсін мына көзде мұң, жүзде қасірет тұнған бишаралар сілкініп шыға келер ме еді, еңселері көтеріліп, қабақтары ашылып, жадырап қалар ма еді.
Сөзіңді шала естиді, салғырт тыңдайды. Көнді түссе ерін жыбырлатады. Әйтпесе ол да жоқ. Тоқтамай өте шығады.
"Біз — құл емеспіз, құл — біз емеспіз!" Қобланды досының осы тіркесі ми шұқылады. Орысшасы мозгасын шаққылады. "Мы — не рабы. Рабы — не мы!" Әйтпесе "рабы — не мы". Яғни құлда тіл жоқ. "Сонда кім құл? Кім тілсіз? Кім құнсыз? Неге? Неліктен? Біз құл емеспіз ғой. Құл болмасақ неге тыңдамайды? Неге зейін қоймайды? Неге санатқа қоспайды? Ау, осында келгендердің бәрі істі боп келмейді емес ме? Сонда кінәсіз адамды кінәліге балап, сөзсіз құлға, тілсіз малға айналдырған кімге қолайлы? Неге соншама сөлпектетеді? Міне, келгенімізге үш сағаттан асты. Үш ауыз сөз ала алған жоқпыз. Тіпті мынау есік көзіндегі милиция да жөнін айтпайтыны қалай? "Біз — құл емеспіз! Құл — біз емеспіз". Әліппеден неге алып тастады екен? Неге айқайлаудан қорқамыз? Неге аттандамаймыз? Ой-бойымызды шырмап алған үрейдің тегі мен төркіні әлі сол отызыншы жылдарда жатыр ма? Ол үрей қашан таусылады? Қашан сейіліп бітеді? Әлде шырмаған үстіне шырмап, торлаған үстіне торлап, мүлде езгілеп, ет өлтіріп, көндіктіріп, меңіреулетіп тастар ма? Меңіреу кеуде, бітеу көңілдер кімге керек? Олардың орнына роботтарды көбейткен дұрыс болар. Әлде біз құл емес, кіжінуі де жоқ, күйінуі де жоқ ессіз, сөзсіз роботқа неге айналмаймыз. Мүмкін айналып кеткен де шығармыз. Бірақ әлдеқашан айналып, өзгеріп кеткенімізді өзіміз сезбейтін шығармыз. Әйтпесе "Біз — құл емеспіз, құл — біз емеспіз!" деген жан ышқынысындай тіркесті әліппеден алғыздырып тастатпас едік. Жабыла бас шұлғып, жабыла қол көтеріп, жабыла қол шапалақтап үнсіз иек қағып отыра бермес едік. Біз — құлмыз ба, кімбіз? Жоқ! Біз — құл емеспіз! Ендеше мына чиновниктер неге көзіне ілгісі келмейді. Неге тыңдағысы келмейді? Неге АДАМ деп қарамайды?"
Осындай оймен сақырлап ашу қайнатқан Балта тұсынан өтіп бара жатқан мосқал адамның алдын кескестеді.
— Жолдас! Бұл не боп барады? Адамға адамша қарауды неге ұмытасыздар. Мұнда келгендер жайылып жүрген мал емес, жанын жеген, ұйқысын бұзған, қасірет-қайғысын арқалап жеткен совет азаматтары ғой. Неге дәнекер болмайсыздар? Неге көңіл бөлмейсіздер?
Әлгі адам Балтаға төменнен шаншылып қарады. Содан кейін милицияға бұрылды. Ашулы беті жыбырлап, кірпік қақпай қадалып тұрды да:
— Мыналарды кім ішке енгізіп жіберген? — деді.
— Жолдас полковник... Ә-ә, күндегісі осы ғой. Дала суық. Аяз. Есік алдындағы аядай қуысқа симайды.
— Тоқтат! Түгел шығар! — деді де, Балтаны бағанды айналғандай айналды да, дәліз бойлап жүріп кетті.
Милиционер сөгіс естіген соң бірден қаһарға мінді. Әлгіндегі бастығы алдындағы міңгірлегенін өзіне кешірілмес күнә санаған шолақ қамшы шіркін екі езуден көбік бұрқыратты.
— Қане, босатыңдар! Шығыңдар! Ақсақал, мен шорт-мортты білмеймін! Маған айтты, бітті! Сендер үшін жұмыстан қуылар жағдайым жоқ. Болыңдар! Босатыңдар!
Жасқаншақ көздер жапақтаудан басқа не тындырсын. Төмен еңселер бүріекен күйден қандай қауқар тапсын. Тапқанда не істей қойсын. Өзін көрмеген тібақай дөкей шырылдаған сөзін тыңдар ма. Бәрі бүрсеңдеп екі есіктің арасына ұйлықты. Ондайда бар ашуын, бар ызасын, бар кегін бір-бірінен алатын әдеті бар емес пе, тұрғандар Балтаға дүрсе қоя берді.
— Әй, қарағым-ай, қарап тұрмай, нең бар еді?
— Жоқ-ау, мұң мұңдап, жоқ жоқтағышын қайтерсің, "ада-ам-быз!" деп тілін шайнап несі бар еді, ей! Әне, айдады да шықты.
Осындай ақикөз пәлелердің кесірі жұртқа тиеді де жүреді.
— Әділетшіл болам деп тыраштанғанда не өндірем дейді екен.
— Ақымақ дейін десем, көп-көрім түрі бар. Ақылды дейін десем, ақымақтың ісін жасады.
— Қап! Құяңым әрең босатып еді, енді тағы екі бүктетіліп қалатын болдым-ау! Мынау суық албар жан қойсын ба.
— Өзімізді өзіміз арандатамыз да жүреміз. Енді бізді тіпті тыңдамай қояды, айтпады деме.
— "Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" деген осы.
— Шырақ, көзге түрткі болмай жөніңді тапсаң қайтеді? — деп жуан жұдырық бірі Балтаға төніп келді. Сүзетін бұқадай иегін омырауын тесердей кеудесіне тіреп, көздерін қабақ астынан шатыната қадап алыпты. Дәл қазір жылжып кетпесе, мынау қалың қабақ адамның төбелесуден тайынбасын сезген Балта мүсіркей бас шайқады.
— Әй, қорғалаған шіркіндер! Біз — құлмыз ба, кімбіз? Қорғалаңдар! Жорғалаңдар! Одан сайын адамдық бейнелеріңнен айырсын. Қолын сүйіп, етігін жалаңдар! Екі бүктетіліп, етпеттей жығылыңдар! Одан сайын малға балап, құлға санасын!
— Әй, шырақ, тілінді тарта сөйле! Сен кімді балағаттап тұрсың. Совет өкіметін! Совет прокуратурасын! Жігіттер, куә болыңдар! Мынау әлде жау, әлде арандатушы, — деп әлгі жуан жұдырық тіпті екіленді. — Осылардың кесірінен бәрімізді бірдей көретіні. Айтып тұрғанын қараңдаршы, ей! Сонда шауып ал демек пе бұл тылтиған неме. Бұзып кір дей ме жабық қақпаға. Бізге салмақ қай ылаңы мынау?
Балта әлгіге жиіркене қарады да, қолын ызалана бір сілтеп, бұрылып жүріп кетті.
Ертеңінде екеуі Орталық Комитетке бет алды.
Бұл жерде де өтініш айтушы, арыз берушілер біраз екен. Бірақ не хатшыға, не әкімшілік органдары бөліміне кіруге еш мүмкіндік болмады. Қайта-қайта рұхсат сұрап, телефон трубкасына маза бермеген соң екі хатшы келіншектен кәдімгідей сөз естіп қалған Балтаның мысы құрыды.
— Бәке, мына тірлігімізден түк шықпайтынына көзім жетті. Осылардың да айтқанын бір орындайық. Арызымызды қалдырып кетейік. Бүгін қарамаса, ертең қарар. Әйтеуір бір қарар. Әділет орны ғой. Ақ-қарасын тексерер, — деп ылдилап қалды.
Бектемір де көңілсіз еді, бір апта уақыты құмға сіңген судай босқа кеткеніне уайымдай ма, әлде қайда барса, "Қорқыттың көрі" дегендей ылғи кеудеден итерген тоңторыстық запы қылды ма, Балтаның уәжіне қарсыласқан жоқ. Тек қана қылғына жұтынып теріс айнала беріп, күңкілдеді.
— Ауызба ауыз сөйлескенде болатын еді... "Жоққа жүйрік жетер ме"... Әлгі Мақанның бүкіл қылмысын жайып салам ба деп едім...
Өкінішін тіпті анау әдеттен тыс бүкірейіп кеткен жауырыны да жасыра алмады. Балта аяп кетті.
— Оны да жазып қалдырамыз, Бәке. Ауызша айтылды не, қағазға жазылды не, бәрібір. Бір данасын Москваға жөнелтеміз. Шешінген судан тайынбас, біз де бір жағына шықпай тоқтамаймыз.
Кешіне Балта Бектемірді поезға шығарып салды.
— Ал, Балта, апаңа не деймін!
Бектемір ашық жүзді туралады. Балта жүзін тайдырып әкетті. Әрине, мына кісіге сенеді. Шешесін де анандай іске қимайды. Бірақ өзімшіл көңілдің сірескен өкпесі оңайлықпен тарқар ма? Әсіресе әкесінің аруағы алдында өзін де, анасын да кінәлі санайтын бір түйсігі бар. Ол қайтсе кетеді. Қашан арылады. Оны өзі де білмейді. Бірақ Бектемір ағаға жауап беруі қажет. Өзін өзі кемірген ананы сабасына түсіруі қажет. Өзінің де өксігі тыйылуы қажет. Балта күрсінді. Кірпігін көтерместен даусын жай шығарды.
— Не дейін, Бектемір аға. Сәлем айтыңыз. Мені уайымдай бермесін. Дені-басым сау екенін көрдіңіз. Қал-жағдайымның қандай екенін де байқадыңыз. Балаңыз сізді қадір тұтады деңіз, Бектемір аға.
— Осы ма бар айтарың?
— Осы. Қазбалай беріп қайтеміз.
Тасыр-тұсыр басып кеп әлдекім Балтаның көздерін баса қойды. Жіңішке жұмсақ қыз саусақтары екен. Әлгіндегі баяулап қалған жүрек соғысы үдеп ала жөнелді.
— Сәуле!! Сәулетай, сенбісің?
Сәуленің сыңғыр күлкісі вокзал ішін алып кетті.
— Нағашыларым ұрланып кетіп бара жатқан соң, артынан қуып келіп қырық серкешімді даулайын деп едім. — Сәуле белін қылдырықтай етіп буған тон киіп алған екен, кәдімгі көрсе көз алғысыз бойжеткенге айналыпты. Қыз ажарына Балта да, Бектемір де қызыға қарап қалыпты.
— Сәулетай-ау, бізден қашан көңілің қалып еді, — деп Бектемір жиенін бауырына тартып, маңдайынан сүйді. — Мана кіріп шыққанымда үйде жоқ екенсің. Өкпелеп қалдың ба, айналайын.
— Сабақта болғам. Мамамнан поезға мінетініңізді естіп, асығып жеткен бойым. Жер тайғақ, троллейбустар әрең жүреді.
— Сәуле, қырық серкештің жиырмасы менің мойнымда ғой, ә. Әлде бәрін мына Бектемір ағаға жүктеп қойып пең, — деп Балта Сәулені қасына отырғызды.
— Бектемір аға бес-алты жылда бір келеді. Қырық серкешті нағашымнан түгендегенше не заман. Оңда жақсы болды. Барлық салмақты, Балта нағашы, сізге салам-ау деймін.
Бектемір күлді.
— Сәулетай, тауып кеттің. Мойны жуан. Көтереді бұл.
Сол екі ортада поезды бірінші жолға қойып, жолаушыларды отырғызу басталды. Сәуленің ақжарқындығы, көңілді жымиысы Балта кеудесіндегі тонды жібітті ме, бүкіл күдігі су сепкендей ыдырады. Бектемір ағаның жүгін полканың астына салып беріп, қасына қатарласа отырды да, Балта аузын құлағына тоса сыбырлады.
— Бектемір аға, менікі әрі балалық, әрі шалалық бопты. Апамнан мен үшін көп-көп кешірім сұраңыз. Апамнан ардақты ешкімім жоқ... Баласының бір ерке тентектігі деп ұқсын да, бәрін ұмытсын. Осымды жеткізіңіз.
Бектемір Балтаның басынан ұстай алып, кеудесіне құшырлана басты да, бұйра шашына емірене ернін тигізді. Ештеңені түсінбеген Сәуле екі еркектің балаша аймаласқанын көргенде сақылдап күліп жіберді.
— Өләй, нағашыларым қандай тату! Бірін-бірі қимайтын тәрізді. Бізде қазір қыздар да бүйтпейді.
Қызарып кеткен Балта атып тұрды.
— Аға, біз түсейік. Мына жиеннің қалжыңы бітпес. Айғанша тәтеме, Алпамысқа сәлем айтыңыз. Анау қағаздарды өзім қадағалаймын.
— Жақсы... Сау болыңдар. Ой, поезд қозғалды. Сәулетай, байқа! Байқап түсіңдер!..
— Сау болыңыз, нағашы.
Қол бұлғап тұрған екеуі вокзал айналып, алаңға шықты. Аялдамада халық біраз екен. Тайғанақтаған троллейбус тебеген аттай бөксесін қиралаңдатып, оңға-солға кезек лықсып, қарға адым жерге жете алмай жатыр.
— Жаяу кетейік нағашы.
— Жаяу кетуге болар еді, Сәулетай. Машинаны қайтеміз?
— Не машина?.. — Сәуле енді ғана түсініп, қуана күліп ала жөнелді. — О-о, Балта нағашы, сізде машина бар ма? Жүріңіз, жүрші тез. Машинаңызға бір мінгенім бір серкеш алғаным болсын!
— Серкештің бәсін тым арзандатып жіберген жоқсың ба, жиен?
— Жоқ! Балта аға, менің машинаға мінуді, емін-еркін сайраңдауды қанша армандағанымды білсеңіз... Ой, оны айтып тауыса алмаймын. — Сәуле Балтаның қолынан тартқылады. — Көрсетіңізші! Рас қой? Машинаңыз шынымен бар ғой?
Балта Сәуленің ынтыққанына мәз. Не нәрсеге де бар көңілімен құлай берілетін осы қыздың бүкіл мінез-қылығы сондай ұнайды, табиғилықтың өзімен бетпе-бет кездескендей ықыласы ауып барады. Бұл да күліп, Сәуленің жып-жылы саусақтарын алақанымен жайлап қысып қойды.
— Былай қарай, Сәулетай. Жеңіл машиналар сол жақта. Байқа, менен мықтап ұстап ал. Мынау нағыз каток қой! Жығылып қалма.
— Нағашы, қайта сіз маған сүйеніңіз. Табаныңыздың бүрі жоқ сияқты.
— Қайдан біліп қоя қойдың, жиен.
— Жан-жағыңызға тым көп жалтақтайды екенсіз.
"Жигулиді" көргенде есі шыққан Сәуле, отырғанша асықты. Отырып алып та ана жерін, мына жерін алақанымен сипалап, асып-тасып болар емес.
— Әй, көрмейді-ау! Менің машинада шіреніп отырғанымды көрсе ғой!..
— Кімді айтасың, Сәуле?
— Анау біздің домның балаларын. Көбісі папаларының машиналарымен, біразы өз "Жигулиларымен" адамды менсінбей зыр еткізіп жүргені... Міне, енді мен де "Жигулимен" зырылдатып жетіп барам. Oh, Балта аға, ә-ә, нағашы, вы просто настоящий клад! Машинаңыз бар! Ал, мен ылғи ойлаймын... И мечтаю, и мечтаю. Білесіз бе менің "алыс парусам" — "Жигули" ғой! И, вот, чудесное исполнение желания! — Сәуле клаксонга қол созды. — Сигнал берейін бе?.. Болмайды, ә! Рульді былай ұстап, өзің жүргізіп отырсаң ғой!
— Жүргізесің, Сәулетай!
— Мен бе?
— Сен, Сәулетай! Өзім үйретем.
Сәуленің көзінде от ұшқындады. Қуанған көздің, үлкен көздің нұры құдды машинаның фарындай. Кішірек шалқақ... әлде тәкаппар бастың жуан қара бұрымы желкесінде шоқтанып түйіліпті. Шоқпардай. Тонының күләпарасы сыпырылып тасталған.
— Оңай ма? Жүргізе алам ба? Рас па, Балта?
Бұл жолы "ағасын" да, "нағашысын" да қоспады.
— Жүргізесің. Еш қиындығы жоқ.
— Со кезде мен оларға... — Кішкене жұдырық түйіліп барып көтерілді де сылқ түсті. — Да, ну их! Мне без них лучше! Көрмей-ақ қойсын.
Машина сырғып кейін шегініп барды да бұрылып көшеге шықты. Сәуленің жүзінде нұр ойнады. Оң жағындағы терезенің қырауын сүрткілеп, одан алдына еңкейе қадалып, көшенің екі жағындағы жағаларын көтере бүрсеңдеп кетіп бара жатқандарға бір шекеден қарайды.
— Ә, қалай екен! Солай жаяу бүрсеңдеңдер! — Шаттана айқайлап жіберді.
— Сәулетай-ау, ол байғұстардың кінәсі қанша?
— Бұрын мен де солай бүрсеңдейтінмін... — Сықылықтап күлгені күй иіріміндей... — Иә оларға да обал. Әттең, жұрттың бәрінің қолы жете бермейді. Бәрінде машина болса ғой шіркін. Ешкім ешкімді күндемес еді.
— Неге күндейді?
— Жо-жоқ, нағашы. Мен емес күндейтін. Мен тек қызығам. Машина мінгім келеді. Кең, жарық, биік пәтерде тұрғым келеді. Мамамның кеткенін тілеймін... Бірақешкімді күндегім жоқ. — Сәл күрсінді. Күрсінгенде қабағы кірбің тартты. — Кейде "Адамдар неге әртүрлі? Неге бірінен бірі бөлектенеді? Социалиста қоғамда да бай мен кедей болғаны ма? Біздің үйде екі-ақ адам бес бөлмелі пәтерде тұрады. Біз үшеумізде ең болмаса ескі үйдің босаған бір бөлмесі де жоқ. Сол неліктен?" деп ойға батам. Нағашы, осы әділетсіздіктің жойылар күні бар ма? Леонид Ильич біле ме? Әлде ол кісіге маңайындағылар сездірмей ме екен? Өңі жылы, иі жұмсақ. Білсе, жояр еді теңсіздікті. Сонда шіркін әлгі екі кісінің ең болмаса бес бөлмесінің екеуін бізге алып берсе... мен тіпті күн сайын солардың да үш бөлмесін жуып, тазалап беріп тұрар едім...
— Жоқ, Сәуле! Жумайсың! Сен неге олардың бөлмелерін жууға тиіссің! Керек болса жусын өздері. Былғама қолыңды. Олар әбден жаман үйренген. Бес бөлмеде екі-ақ бас! Ұяттары жоқ! Ардан безген олар!
— Ой, Балта аға! Сіз ашулысыз ғой.
— Оларды біздің... бәріміздің жуастығымыз, көнбістігіміз жаман үйреткен. Әбден басынтып, төбемізге шығарып алғанбыз. — Машина солқ ете қалды. Түтігіп отырған Балта сәл кешігіп тормоз басқан еді, сырғанаған "Жигули" екпіндеп келіп алдында тоқтап тұрған " Волганы" сүзе тоқтады.
— Ой, Балта-а! Ой, соқтық!
— Еһ, тағы біраз бөгелетін болдық!
Алдындағы "Волгадан" айқайлап-аттандан шыққан адам кабинаға төніп келді де, кілт үні өшті.
Балта басын шайқады.
— Е-е, Магомед, выходит, сен кінәлісің. "Каков поп, таков и приход". Мені үйреткен өзіңсің.
Магомед қолын сермеді. Төмен еңкейді.
— Хал қалай?
— Бәрі ойдағыдай... Қалай, қатты соғыппын ба?
— Жоқ! Сенің вамперің сәл майысыпты. Оны Коля түске дейін жөндеп береді. — Магомед жақындап келіп, ішке үңіле қарады. Жалғыз емес екенсің ғой. Өзім де солай ойлап ем. Әлбетте мұндайға әрқашанда бикештер қауымы кінәлі. Есенбісіз, қарындас. Әрине қасында сіз сияқты магнит отырғанда Балтаның көзі жолға... алдына түсе бермейді. Сондықтан әбден кешіруге болады.
— Ал, қайда барамыз, Сәулетай?
Сәуле әлгіндегі оқиғадан әлі де арыла алмай отыр еді, басын шайқады.
— Үйге қайтайық...
— Неге? Біраз сайрандамаймыз ба?
— Жол тайғақ... Мынау машинаның осындай осал жағы болатынын ұқтым. — Сәуле жуасып, бір уыс боп қалыпты. Балта аяп кетті. Осы түрі өзі іздеген, өзі аңсаған қиялдағы қарындасына ұқсап сала берді. "Қарындас! Қандай аяулы сөз. "Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас". Жаңағы сәл бейқамдыққа бола жүдей қалған, ә. Әлде мені аяй ма? Аяйтын шығар. Шынымен аяса ғой".
— Неге жүдеп отырсың, Сәулетай?
— Абайламаса машина қауіпті екен-ау. Мен сізді... — Сәуле оң жақтағы терезеге бұрылып, саусағымен мұзын тырналады.
— Неге бөгелдің? Мені қайтпек едің? — Балта тақымдағандай сұрағын төпеледі.
— Сізді аяймын... Сапырылысып жатқан машина көп.
"Аяймын!" Әй, айналайын қарындасым! Тілеулесім! Қамқоршым! Мені ғой Майсара осылай бір аяп көрді ме екен? Әй, қайдам? Ал бұл Сәулетай қарындас, аяйды. Маған бола жаны күйзеледі. Жүдегені содан екен-ау!"
Тормозды оқыс берді. "Жигулидің арты бөкселей ілгері лықсыды. Бір жақсысы маңайда машина жоқ, тыныш көше еді. Қызыл жарықты масайрап отырып кеш байқап қалған Балтаның оқыс тормоз бергені содан еді.
— Ой!
— Қорықпа, Сәулетай! Ештеңе болған жоқ. Қызыл жарыққа өтіп кете жаздағаным... Сен әрі қарап отырмағанда бұлай болмайтын еді.
— Неге?
— Мен саған қараймын деп, бұрылмас едім. Ал, сен маған қызыл свет жанып тұр деп айтар едің.
Сәуле күлімсіреді. Машинаның бұлталақ-бұлтарыстарына үйрене бастаған тәрізді.
— Қайда бара жатырмыз?
— Қаланың шетіне. Қазір мен саған елканың көкесін көрсетем. Аппақ тонға оранып, маршалы боп тұр ол бар шырша атаулының.
Қала сыртының саф таза ауасы мас қылардай. Қол созымдағы тау аппақ, етектегі дала аппақ. Аппақ қарға оранған көк жасыл шырша да аппақ. Айнала аппақ дүние.
— Әппақ әлем! Ақ әлем! — Сәуле екі қолын көкке көтере айқай салды. — Әппақ, әппақ ақ дүние, ақ әлем!
Содан кейін қалың қарды омбылап барып-барып күмп етіп құлады. Шалқасына аунап екі құлашын жайып жіберді. Жас баладай мәз.
— Әппақ әлем, ақ дүние!.. Алатау асқақ, бақ дүние!
Балтаға Сәуле өлең оқып жатқандай сезілді.
Кенет ата-бабадан жіберген бейпіл боқтық жүректерді қарып түсті.
Аппақ дүниенің ортасында аппақ көңілдің қуанышын лекілдеткен аппақ қыздың үні өшті. Орнынан атып тұрды. Мына жақтан Балта боп-боз боп қуарып кетіп, анадай жерде ебіл-дебіл қыршаңқы торысын тебініп, әлі де балағаттауын үдеткен адамға қарсы жүрді.
— Ақсақал, соншама неге айқайлайсыз?
— Ой, атаңа нәлет! Кет! Кетіңдер деймін!
— Ақсақал, үлкен басыңызбен осыншама дөкір болу ұят емес пе? Анау балаңыздай қыздан ұялсаңызшы.
— Ұят, ұят! Әкеңнің қатқан қақ шекесі! Сендерге деген ұят! Кет дедім ғой сендерге! — Шолақ қамшысын сілтей бастады.
— Ақсақал, бізде неңіз бар? Қарап жүрген адамды да қаралайтын болғансыз ба?
— Әй, найсап! Тіліңді сүйреңдетпе. Мен білем сендердің қалай қарап жүргендеріңді. Бұл сендерге айдала емес. Бұл ара — леспромхоз!
— Леспромхоз болса қайтеді?
— Ой, атаңа нәлет! Сен өзің не деп шәлдіректейсің, ә! Қабырғаңды сөгіп, өтінді жарып алайын ба осы! Леспромхоз — запрет зона. Бөтен адам аяқ басуға болмайды. Қара тырнағыма дейін күйіп тұрсам, тәлкек қылмақсың-ау. Қандай найсап едің. Ояқ-бұяқта тап сендей, сен иттей найсап болмас!
— Ақсақал, жөнге көшіңіз. Бұныңыз жарамайды.
— Әй, сен маған ақыл үйретесің бе. Өткенде ғой елканы қиып әкеткенсің. Әлде мен сені танымайды деп пең, кәззап неме! Мына машинаң да, анау шүйкебас шүлдірлегің де сол. Кәне, танып көрші, тілім-тіліміңді шығарайын! — деп қорықшы адам бұжыр бетін қызыл дақпен шұбарлап ат үстінен төніп келіп, қамшысын сілтей бергенде, өрімнен шап берген Балта жұлқып кеп қалды. Әлде еңкейген екпінімен сыпырылып түсті ме, әлде тақым қыспай бейқам отырды ма, қорықшы атынан домалап түсті. Балта қамшымен арқадан екі тартты.
— Жазықсыз адамды бекер жазғырма. Қазақ қызын әрқашанда сыйлаған. Қыз баланың көзінше бейпіл сөйлемеген. Мә! Мынау дөкірлігің үшін! Мә, мынау найсаптығың үшін!
Қамшыны құлаштап лақтырып жіберді.
— Сәуле, жүр. Надандық осындай әсем табиғат аясында да кездесетінін көрдің. Есіңе тұтып ал.
Сәуле қорықшының қолтығынан көтерді.
— Ағатай, бізді біреумен шатастырдыңыз. Біз бүгін мұнда алғаш келіп едік. Кешіріңізші нағашымды.
Қорықшы Сәуленің бетіне жапақ-жапақ қарады.
— Сен қазақшаны қайдан білесің?
— Қазақ болсам, неге білмеймін.
— Ә-ә, онда мен... Қап! Сендерді солар ғой деп... Әй, "ашу — дұшпан" деген рас-ау. Қызым, сен түсінбейді ғой деп. Әнеукүнгі екеу шүлдірлеп жүрген соң... Апырай, менен бір білместік кеткен екен. Әй, жігітім, қолың қатты тиді-ау. Өзіме де сол керек. Көзім қарауытып, жау көргендей екіленіп нем бар еді. Осы бір тыз етпе мінезден-ақ көресімді көріп келем.
Қорықшы қызарақтады. Үстінің қарын қаққан болды. Сәуленің тауып әкеп берген қамшысының сабын тізеге ұрып қақ бөлді де, қайтадан лақтырып жіберді.
— Атасына нәлет осы қамшының кесірі бәрі! Қолыма ұстадым дегенше, айбалта не найза ұстағандай дүрлігіп шыға келем. Қызым-ай, қара басып... сенің құлағың естімес жаман сөздерді айтып қалғаным, ә... Рас, рас... Қазақ бар кезде қыз баласын сондай сыйлаған. Қадірлеген... Әй, жігітім! Машинаңды қыздыр! Мына төбенің астында үйім бар. Қонақ боп кетіңдер.
— Ағасы, ниетіңізге рақмет. Қараңғы түсіп барады. Жол тайғақ. Түнге қалуға болмайды.
Сәуле Балтаның қасында көпке дейін үнсіз отырды.
— Неге жым-жырт қалдың, Сәулетай?
— Екі кештің арасында қаншама оқиғаға душар болдым. Анау машинасын соққызған адам ғой... қандай кеңпейіл! Қабағын да шытқан жоқ. Ал, жаңағы кісі... Әрі жылатты, әрі жұбатты. Бәрібір алғашқы адамдай кең емес.
Балта іштей мырс етті. "Сәулетай, сен Магомедтің кім екенін білмейсің. Білмегенің де дұрыс. Менің орнымда басқа біреу болғанда Магомедтің басқаша өнерін көрер едің. Ал, қорықшыны бекер жазғырасың. Бекер, Сәулетай. Әрине бейпілауыздануға болмайды. Бірақ жаны күйген адам тәңірісін де қарғайды. Қаладан машинамен келіп шырша ұрлайтындар көп. Өзіне тапсырылған шаруашылықты қорғау оның міндеті. Шырылдағаны да, қамшы үйіргені де жөн. Жоқ! Оны Магомедпен мүлде салыстыруға келмейді. Жаны таза!"
— Жаны таза!
— Кімнің?
— Әлгі қорықшының, Аппақ дүниенің ортасында қара көңіл жан жүрмесе керек.
— Балағаттады ғой. Қамшы сілтеді. — Сәуле сұрауы бітпес әуесқой баладай қадала түсті.
— Жаны ауырады. Әркім бір ағаштан қиып әкете берсе, қорықтан не қалады. Ал, ашу билеген адам, кейде сабырдан айрылып қалады. Әрине, балағаттауы жөн емес.
— Сіз неге ұрдыңыз? — Сәуленің осы сұрағының боларын білсе де, қоймаса екен деп отырған, жалт бұрылды. Қыз кінәлі күлімсіреді. Сол түрі: "Екеуміз де оған ойламаған жерден кездестік. Бірақ мен әлі де дел-сал келем. Түсіндірсеңіз екен" дейтіндей.
— Неге ұрдым ба? Үлкен кісіге қол көтергенімді әрине ағаттық санаймын, Сәулетай! Бірақ зорлыққа екі бетімді кезек тосатын всехрестианское милосердие менің бойымнан табыла қоймас. Шын мәніне үңілетін болсақ, семсерге қалқан тосу, қаруға қарсы қару сілтеу қанға сіңген әдет. Мүмкін мен сол әдетті ұстанған шығармын. Мүмкін мені саған деген аяныш, сенің ұжданыңды қорғау қажет деген сенім солай әрекет жасатқан болар. Дәл сол қимылыма әрі қиналам, әрі қуанам, — деді Балта.
Сәуле жігітке енді басқаша көзбен қадалды.
— Оу, нағашы, мынауыңыз философия!.. Әрине, үлкен кісіге қол жұмсау ағаттық екені рас. Бірақ сіз қимылдамасаңыз, ол сізді ұрып тастайтын еді... Әй, бүгін менің көп нәрсеге көзім ашылды... — Сәуле тағы күрсінді.
— Сәулетай, сенің күрсінуің көбейіп кетті-ау.
— Мамам өмірдің ащысы да, тұщысы да болады. Ащысына мойыма, тұщысына құнықпа деп отырады ылғи. Әй, бірақ... қашанғы қараңғы подвалдан шықпай тығылып жүрерсің.
Балта Сәуленің не ойлап келе жатқанын түсінді. Алғаш серуендеп шыққанда-ақ әртүрлі адамдардың әралуан мінезін көріп, нәзік жанының қыл пернесін дірілдетіп алғанын сезді. Сол қыл перне бұдан былай күй шерте ме, мұң шерте ме — Балтаның да жүрегі шымырлап қоя берді.
4
Телефон ұзақ безілдеді.
Майсара ұйқылы-ояу Балтаны жұлқылады.
— О не?
— Телефонды алшы!..
Балта бас жағындағы шамды жақты. Майсара ашық-шашық жатыр екен, жалаңаш төсі бұрынғыдай ындын құртқан жоқ. Қайта: "Ұялмайды, ә!" дейтін қыжырту кеудесінде аунап түсті.
Телефон безілдеуін қояр емес. Балта трубканы жұлып алды.
— Алло! Бұл кім түн ортасында мазалап тұрған?
— Шырақ! Балта! Сен онша кісімсінбе, естіп тұрмысың? Ширықпай сөз тыңда.
Балта Барақтың даусын бірден таныды. Бірақ таныдым деген жоқ, қитығып пысылдап жауап қатпады.
— Балта! Шаруаның реті қинағанда, күндіз яки түн деген уақыт мөлшері болмайды бізде. Естіп тұрмысың? Неге жауап қатпайсың?
— Ә, иә... Естімей, мұнда керең адам жоқ!
— Керең болмағаның жақсы. Дұрыстап тыңдап ал. Ертең, азанмен машинаңа мін де, тұп-тура маған кел.
— Жұмысым ше?
— Шырақ, мен саған азанмен кел деп тұрмын ғой. "Жұмыс — қасқыр емес, орманға қашып кетпейді" дейді орыс мақалы. Ал, мен саған әзірше наз ғана айтып отырмын. Менің даусымнан әлдебір қатқылдық сездің бе?
— Жо-оқ...
— Сезбегенің, шырақ, саған жақсы. Адамды бекерге сабасынан шығара бергеннен түк өнбейді. Босқа көңіл қалады. Ал қалған көңіл кешірмейді. Кешірмесе, жаулыққа жол береді.
— Сонда да тығыз шаруаның қандай шаруа екенін білуге болмас па, Бәке?
Манадан "Бәкені" айтпай сіресіп отырған, аузынан шығып кетісімен екеуі де, сым желінің екі ұшындағы басыңқы мен бағыныңқы екеуі де сылқ түсті. Құлақ ұрғылаған қатқыл дауыс кілт жұмсарды. Барақ елжіреді.
— Балтажан, қадірлі бір азаматтан айрылып, қайғырып отырмыз. Сондайда қасында қас-қабағыңды түсінетін адамның болғаны керек те.
— Жарайды, Бәке. Барам ғой.
— Майсаражанға сәлем де... — трубкадағы үн өшіп кетті.
— Кім ол? — деп Майсара бері лықсып жалаңаш денесімен жанаса тығылды. Даусында еркелік пе, өзімсіну ме, әйтеуір, тітіркеніп тұрған жігіт Жанына түрпідей тиер жасандылық бар. Ашық жатқандықтан ба қатты тірелген қос анары сұп-суық екен, Балта алғаш рет қолтығына кірген келіншектен жерігендей көңіл теткуін пайымдады.
— Жапсаңшы үстіңе!..
— Нені жап дейсің?
— Жамылғыңды!.. Әйелге тырдай жалаңаш жату неме керек.
Майсара басын жұлып алды. Қара көздері кең ашылып, аппақ мойны әсем иіліп Балтаның бетіне үңілді. Дәл қазір өз құлағына сенбей, әлгі қатқылдықты, қаталдықты жігіт жүзінен көргісі келгендей кірпік қақпайды.
— Бұл не? Салаң-салаң еткізіп...
Майсара аунап түсіп, бетін жастыққа көміп, тығылып, тұншығып ал кеп жыласын. Аппақ иық, ақ мәр-мәр иық бүлк-бүлк. Бүрісіп, бір-ақ уыс боп, панасыз, иесіз жапан түзде жалғыз қалған міскіндей жан ауырта өксіді. Балта шалқалап біраз жатты. Мойымаймын, жібімеймін десе де көз қиығы әппақ иық, сұлу қаз мойынды қалт жібермейді. Шамды өшірді. Бірақ бәрі-бір әппақ иықтың бүлк-бүлк қимылын сезіп жатыр. Тұншыға жылаған келіншектің жан азабын сезіп жатыр. Ақыры шыдамады. Аунап барып иығынан ұстады. Желкесіне тұмсығын көмді. Тұмсығын көмді де қолаң шаштың әйелге тән жұпар иісін құныға иіскеді...
* * *
Барақтың үйінің жанында Кержік-Коля жүр екен, қол бұлғап тоқтатты. Дүрсе қоя берді.
— Неге кешіктің?
— Коля, сен алдымен адамша амандас. Екіншіден, мен саған отчет беретін қызметшің емеспін. Үшіншіден, сен неге дүрсілдейсің! — Машинасынан түсіп алақанын ұсынған Балтаны анау шап берді де, қолын қайырып, бүк түсірді.
— Біріншіден, бұдан былай айтқан уақыттан кешігуші болма. Екіншіден, сен инженеришка и альфонс, менің, мына көкеңнің именно қарауындасың! Сондықтан өзің айтқан отчетты талап етем! Үшіншіден, сен бикеш емессің қатты сөйлесе талып түсетін! — Кержік-Коля тізесімен кеудеден түйіп жіберді. — Тұр! Менің машинамнан қалма! Әй, сен мынау, тракторыңды қашан жуғызып едің?
— Қол тимей жүр, — Балта міңгірледі.
— Әне, анау колонка! Қазір бес минут уақыт берем! Тез жу! Жалтырайтын болсын. Әйтпесе шефтен сен де, мен де дүмпу көреміз.
Суық су алақанын қарыды. Мұздай темір қолына жабысты. Әрқайсысы қып-қызыл сосискадай барбиған саусақтары сәлден соң икемге келмей қалды.
— Бол! Тездет! Сен үшін сөгіс естір жайым жоқ.
Кержік-Коля мүлде мәтіби болып алыпты, Балтаның сәл кідіргенін қалт жібермейді.
— Әй, сен заводта істеп пе едің?
— Әлі де істеймін.
— Жоқ! Сенің жұмыс істейтінің өтірік. Себебі ме, себебі сенің, иждивенец богатой молодухи, қара жұмысқа түк икемің жоқ екен.
"Иждивенец богатой молодухи"... Балтаның ашуы қозды. Мынау сұрғылт "Жигулиді" де, анау Кержікті де балталап-балталап ит сарыған намысты тазалағысы, шайғысы келді. Келіншектің... бай келіншектің нансоғары... аталғысы келмеді. Бірақ... бай келіншектің нансоғары екені де рас. Қара жұмысқа икемсіз екені де рас. Мынау машинаны қимайтыны да рас. Балталамақ түгіл, міне, суық су сорған қып-қызыл саусақтарымен Майсараны да дәл осылай аялай сипамайтын шығар. Коляға да қабақ түйіп, сызданып қарай алмай, қипақтап жүр.
— Кеттік. Қалып қойма!
Коля-Кержік машинаның құлағында ойнайды екен. Анау жерден бір шаң боратып, мына тұстан бір сумаң етіп жүйткітіп бергенде Балтаның көзі атыздай боп кетті. Қайдағы ілесу! Коля арылдаған "Камаздың" алдынан кесе көлденең қызыл жарыққа өтіп кеткенде, тормозын әрең басып үлгерген Балта жағасын ұстады. "Мынау қайтеді? Өле алмай жүр ме? Анау "Камаз" соққанда ғой..." Суық тер маңдайынан бұрқ ете қалды. Жауырын ортасы жыбырлап қоя берді.
Көшенің қиылысынан өтіп, қызыл "Жигулиді" іздеп алақтап келе жатыр еді, қатарынан қуып жеткен Коляның даусы естілді.
— Неге қалып қойдың?
— Әй, Коля, сен сияқты классный жүргізуші емеспін. Егер мені шефқа апарғың келсе, асықпай, жайлап жүр.
Коля сақ-сақ күлді.
— Бұның дұрыс. Енді адасып қалма.
Бес минуттен кейін бұлар жекеменшік үйлер орналасқан көшеге бұрылып кетіп, еңселі үйдің қасына тоқтады. Ығы-жығы адам, қаптаған машина.
Барақ Балтаға анандайдан бас изеді де өтіп кетті. Коля "ешқайда кетуші болма" деп ол да тайып тұрды. Балта машиналардың нөмеріне көз тікті. Мәссаған!
Фрунзенің, Ташкенттің, Шымкенттің, Жамбылдың номерлері бар жиырма шақты "Волга" мен "Жигули" ентіктерін басып тұр екен. Алматылық "жүйріктер" де отыз, қырық шамалы. Біртіндеп келіп жатқандары да бар.
"Бір мықты азамат-ау қайтыс болған. Халық артисы, әлде халық жазушысы ма екен? Әлде еңбек ері, не қоғам қайраткері ме екен? Бірақ кеше газеттерде некоолог берілмеп еді ғой? Әлде көрмей қалдым ба? Әлгі Бәкең де көрінбей кетті. Туысқандарына кіріп шығып көңіл айту қажет шығар? Бірақ мен оларды, олар мені танымайды ғой... Қап, жаңа Коля-Кержіктен сұрап алмаған екем? Әлде мына тұрғандардың бірінен сұрасам, ұят бола ма? Қайда кімге келгеніңді білмесең, мұнда нең бар десе, қайтем? Ау, өлген адамға келетіндер бәрін біле бермейді ғой".
Балта шеттеу тұрған ондатр бөрікті адамға жақындап келіп бас изеп амандасқан нышан танытты. Анау да түсін жылытып, ишарат білдірді.
— Кешіріңіз, мынау... қайтыс болған кісіні білесіз бе?
— Жоқ. Көрген адамым емес.
— Кім болып істейді... істеген еді?
— Овощ дүкенінде сатушының көмекшісі болған деседі.
Балтаның көздері дөңгеленіп үлкейді.
— Бар болғаны сатушының көмекшісі ғана ма?
— Е, сен, шырақ, шикі екенсің. — Әлгі адам Балтаның иығынан ұстап, оқшаулап әкетті. — Шикі екенсің, інішек. Мыналардың ортасына қайдан тап болып жүрсің?
— Бұларыңыз кім?
— Үндеме! Дымың ішінде болсын. Сен олардың кім екенін білдім деме. Қолыңнан келгенше олардың шаруа-тірлігіне араласпа. Аулақ жүр.
— Бұлар сонда...
— Иә, иә! Тілің ұшындағы... Ойнайды, ұтады, ұтылады. Картасы да бар, басқасы да... Қазір табыс көзі бұлар үшін молайып тұр ғой.
— Нешеде екен?
— Кім? Ә-ә, жиырма Тоғызда... Жас қой әлі... Бір топтың дүрі болған деседі. Қазір барлық жерде билікке талас күшейіп тұр емес пе. Министрлікке де, директорлыққа да, бұларда да. Содан қақас тиді ме, қаңғып тиді ме, аңдып тиді ме, түймедей-ақ қорғасын жұлып түсіпті...
— Бізді неге шақырыпты?
— Оның мәні бар. Бүгінде бүкіл тірлікті ақша билейді. Ақшаға иілмейтін бас, еңкеймейтін кеуде қалмады ғой. Жай адам емес, қалталы адам қайтыс болғанын қарапайым жұртқа көрсету керек деп ұйғарған көрінеді.
— Кімдер?
— Өздері. Бұлар әр қалада бар, әр регионда әрекет жасайды. Және бір-бірімен мықты байланыста. Осындағы біздер өлген жігіттің өзі түгіл аты-жөнін де білмейміз ғой. Бірақ, бұлардың өз арасында беделі ғаламат деседі. Москвадан, Кавказдан, Орта Азиядан қаншама адам келді. Бәрі осы жігітке ақтық қызмет көрсету үшін келді. Әне, байланыстары...
Жә, жарайды... Көп ойлап бас қатырмайық. Қолдан келгенше осылардан неғұрлым қашық жүрген абзал. Әйтпесе "айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылардың" кебін кигізе салуға бұлар шебер-ақ.
— Біз не істейміз?
— Біз бе? Өзім де онша білмеймін. Анау айтқандай дейтін бұрын біздің қалада жоқ еді ғой бұлар. Естуімше, мәйітті жерлеуге апарарда машина біткен тізіліп, қаралы шеруді бастайтын болса керек. Неғұрлым машина саны көп болса, соғұрлым беделі артатын көрінеді... Әй, ондай бедел мәйітке енді қажет те емес қой...
Балта машинасына келіп отырды. Сәулемен кездескелі бері мазасыз көңіліне жыртық үйдің жабығынан күн көзі түскендей болып қалып еді, мына Барақ, Магомедтер шырмауықтай оратылып, аяқ-қолын еркін көсілтпеуге айналды. Өз бетінше қия баса алмай, бұйдасын ұстатып қойып, дедектеп желеді де отырады. Қашанғы сөйте берер. Шіреніп тартылып, асаусып сіресіп босап шығар күн болар ма?
Кенет... "Әй, анау Майсара ма? Майсара ғой?! Ол мұнда не бітіріп жүр? Әй, Майсараға қалай құрмет көрсетеді мыналар! Тап бір Ұлыбританияның королевасын қарсы алғандай. Әне, ылғи ығай мен сығайлар үйіріліп келіп қол қусырып жатыр. Шықсам ба екен? Шыққанда не бітірем? Бай келіншектің нансоғары деп мазақтап күлетіндер мені қайтсін. Майсара, әне, үйге кіріп кетті. Қошаметшілері де ілесіп кетті. Бедел деген не сонда? Ақша ғана ма? Байлық қана ма? Абырой ше? Атақ ше? Бас пен білім ше? Өнер адамдарының бойында кездесетін талант пен дарын атты құдіретті қасиет ше? Олардың бәрін тәрік ететіндей байлыққа соншама құнығып барамыз ба? Оның себебі неде? Мынау дүкен, анау универмаг, универсамдардағы қаңырап жатқан бос сөрелердің кесірі ме? Содан да болар... Әй, тап содан-ау. Дүкенде жоқтамақты, универмагта жоқ дефицитты қалталы саудагер, ақшалы бизнесмен қайдан болса да табады. Содан соң олардың салмағы артпағанда қайтеді. Сенің атақты ақыныңа, белгілі ғалымыңа, дарынды артисіңе пысқырсын ба... Әне, гәп қайда"...
Машинаның төбесін әлдекім тоқпақтап жіберді. Балта атып шықты сыртқа. Магомед екен дүмпілдетіп тұрған.
— Есің дұрыс па? Майыстырдың ғой!
— Ә, шырылдайды екенсің! Өзімдікі үшін өзгенің өндіршегін жұлып алам дейсің, ә! — Магомед сақылдай күлді. — Оның ұнайды маған, Балта, ұнайды.
Балта сақылдап күлген Магомедтің күжірейген кеудесіне, жуан мойнына жақтырмай қадалды.
— Есінде болсын, Магомед. Кім көрінгенге төбемнен тоқпақтататын мен сендерге ойыншық емеспін. Тыңдамасаңдар, онда Барақтың алдында сөйлесеміз.
— Әй, дос, сен ойынды түсінбей... Соншама неге ашуланасың. Әне, машиналар тізіліп қалды. Айқайласам естімейсің. Содан... ұйықтап қалған шығар деп... Төбеңнен қашан тоқпақтадым? — деп Магомед жуасып қалды.
— Мен ешкімнің дүмпуін жаратпаймын, — деп Балта машинасын от алдырып, ей қатар боп тізілген "волга", "жигулилердің" оң жақ легіне қосылды. Дәл осы қос лек машиналарды басқарып жүрген ұзын бойлы, қаракөл жағалы пальто, қаракөл бөрік киген кавказдық адам Балтаның терезесіне еңкейді.
— Бұрын бұндай шеруде жүріп пе ең?
— Жоқ.
— Онда алдындағы машина не істесе, соны қайтала. Дистанция бес метр. Клаксоның қалай?
— Істейді...
— Өзгертпеп пе едіңдер?.. Әй, сендер жаңа туған бала сияқтысыңдар шеттеріңнен. Қазір Кавказда машина сиренасын музыкалы етіп ауыстырып алу модаға айналған. Ал, сендер!... — Қолын ызалана сілтеп бұрыла берді де, қайта кідірді. — Өкірте бас! Аяма даусын! Нағыз симфония... какафония болсын!
Балта алдыңғы жаққа мойын созып қанша қараса да екі қатардағы ұзын саны қырықтан асып кеткен темір "тұлпарлардың" керуен басын көре алмады. Артына бұрылып еді... жаңағы екі ортада жиырма шақтысы иін тіресе тізіліп қалыпты.
"Қалай көп? Мынаның бәрі тек осы қаладан болса, әбден еркіне жіберіп алған екенбіз-ау! Сырттан келгендер де біраз... Әу, сонда мен де осылардың қатарына қосылғаным ба? Қосылғаным ғой. Мынау шашпау көтергенім — біргемін, іргем қосылды дегендік емес пе".
Балта есікті ашып бір аяғын жерге түсіріп иығын өсіріп алды-артына қарады. Иін тірескен үй, иіні тірескен машина, ығы-жығы халық. Сытылып кетер жол жоқ. Еріксіз орнына отырды.
Кенет... артындағы машина сигнал берді. Сөйтсе алдындағылары қозғалған екен. Балта да ілесті. Арақашықтық — бес метр. Бес метр. Мынау ілбумен зират басына қай кезде жетеді. Неге жылдамдатпайды? Әлде кең көшеге шыққанша сол болып жатыр ма? Оу, мына процессия тар көшені кернеп, бір бағытпен келе жатқаны қалай? Сонда қарсы беттегі қозғалысты тоқтатып қойғаны ма? Солай ғой... Әне, жолдың шетіне шығып, ұйлығып тұрған автобус, машиналар...
Балтаны мына жүріс еліктіріп әкетті. Сапта келе жатқан солдаттарда болатын біртұтастық сезім мұның да кеудесін жайлап алды. Мұрнынан ыңылдап, ыңыранған мотор әуеніне үн қосты.
Бұнымен қатарлас екінші лекте "Волга" келеді екен. Қырауытқан терезесінен әйелдің сұлбасы білінді. Қоңыр пальто, ақ жаға, ақ қоқима. Майсара киімінен аумайды. "Майсара емес пе?" Осы күдік кеудесіне бір оралды да, босатпай орнап, ұлғайып алды. "Әу, ол қабыр басына неменеге барады? Екі туып, бір қалғаны емес... Қайдағы бір овощ дүкенінің екінші... бесінші сатушысы. Майсараның баруы мүмкін емес. Әй... қазір кімді кім түсініп болғандай. Бүгінде иек қағу, қабақ керу сияқты құдіреттер көп. Телефон арқылы бұлтартпай келетін бұйрық тағы бар. Бұрын телефон бұйрықты тек астында тағы бар дөкейлер беруші еді. Енді, міне, қолында тоқпағы бар жасырын топтың әкімдері де беретін бопты. Қиқаңдай алмай, қинала ересің, қиралаңдап томпаңдайсың... Әрине, ол Майсара?"
Балтаның көз қиығы "Волганың" терезесін аңдумен болды. Озып кетуге, не кейін қалуға болмайды. Ал қатардағы әйнектің мұзы түр-түсін ажыратқызбайды.
Шеру кең көшеге шықты. Сол-ақ екен әртүрлі дауыспен машиналар боздасын. Машиналар жиырма тоғызда қазаға ұшыраған сатушыны безілдей жоқтасын. Машиналар сатушы қазасын бүкіл қалаға азынай хабарласын. Күркіреп жеткізсін!
Балтаның қолы клаксонға жабысып қалғандай, айырылмайды. Құлағы бітеліп қалғандай. Қатарындағы "Волганы" да, "Волгадағы" әйелді де ұмытты. Мынау алпыс-жетпіс қаралы жеңіл машиналардың бір деммен, бір леппен аңырағаны барлық хор, бар жылау, бар дауыс қоюдан да асып түседі екен, клаксонды одан сайын екілене басады.
"Қалай ойлап тапқан, ә! Нағыз какафония! Реквием ғой мынау! Бүкіл қаланы аяғынан тік тұрғызған жоқ па! Жұрт біткен анау жас жігіттердің иығындағы табытта жатқан сатушының кім болғанын, қайда істегенін, неше жаста қайтыс болғанын еріксіз сұрап біледі ғой... Қалай әдемі ойлап тапқан! Адам ғұмыры таусылып, анау зират басындағы мәңгі жайына ақтық жолын шалқалап қана жүріп барады ғой. Көрсін ел, білсін жұрт. Аза жолы — ақтық жолы. Бұдан кейін мынау көшені, анау күнді көрмейді ол. Көрмейді.
Мәңгі көрмейді! Шалқалап иықтан иыққа ауысып табыт ішінде жатқан адам ақтық жолында бүкіл әлеммен қоштасып келеді. Жарық дүниемен бақұлдасып келеді. Ендеше дәл осындай құрмет бүкіл мәйітке, бүкіл құрбанға, бүкіл өлген адамға алаланбай жасалуы керек. Мынау какафония, мынау реквием соны талап етеді. Соны!..."
Саусақтары клаксонға жабысып қалды. Зират басында Мақсұтбектің, өзімен ауруханада бірге жатқан адамның әйелін көрді. Барып амандасты. Мақсұтбекті бұлар да жерлеп жүр екен. Небәрі оншақты-ақ адам. "Қандай аянышты!" Қайран Мақсұтбек аға! Сен де кеткен екенсің өмірден. Бірақ сені шығарып салушылар аз. Өте аз". Балта солқылдап жылады.
Зират басында сонсоң Майсараны көрді. Майсара бұны көрген жоқ.
Жарқын Балтамен үнсіз сәлемдесті де, ләм деместен екінші қабаттағы кабинетіне өтіп кетті. Сухоруков қол ұсынып амандасты да, басын шайқады.
— Балта Мұқатович, шеф сізге ренжулі. Жаңа жылдан бері он шақты күнде үш рет жұмысқа шықпадыңыз. Ең болмаса телефон шалып, келе алмайтыныңызды айтпайсыз ба?
— Кешіріңіз... Есіме келмепті. — Балта сылтау таба алмай күмілжіді. — Кеше жолда пробка болып...
Сухоруков қолын сермеді.
— Мафия жоқ дейді. Көрсетті кеше өздерін. Бір адамды жерлеймін деп бір адамды қағып кеткен... Милиция қайда қарайды?
— Бір адамды қағып кеткен деймісіз? — Балта Сухоруковке жақындай түсті. Ентіге дем алып, бозарып кетті.
— Ауруханаға түсіпті. Домалап жығылып жатқан адамға тоқтап қарамапты да дейді. Қандай мейірімсіз жандар еді. Боздатып, безілдетіп елдің зәре құтын алмады ма. Тас жүрек қой олар. Жолында анасы тұрса да басып езіп өте беруден, Әй, тайынбас. Не боп
барамыз! Шетелдегі бүкіл бұзақы тірлік — мафия, ұйымдасқан қылмыскерлер тобы, алып-сатарлық, пара алушылық бізге де ауысып бітті. Кім тыйым салады? Кім?
Сухоруков кілт тоқтады.
— Сіз, Балта Мұқатович, бүгін эксперименттің жаңа циклын бастаңыз. Енді фосфориттың негізінде жүргізесіз тәжірибені. Кеше фосфорит келген. Лаборанттарыңыз уатып, майдалап, окатыш жасап жүрген. Өзіңіз тексерерсіз, — деп Сухоруков та кетіп қалды.
"Наташаны" қайтадан дайындап, Футеровкасын жамап-жасқап жатқан Сергей мен Қадірбек Балтаға жымыңдаса амандасты.
— Қалай, Балта Мұқатович, сізге пылесос, шаңсорғыш қажет емес шығар. Біраз сілкіледі-ау, ә! — Сергейдің қуақылығы қалмайды.
— Кейін, Сережа, кейін!.. Қадірбек окатыштар қайда? Қалай дайындадыңдар?
— Өзіңіздің айтуыңыз бойынша, ағай. Бір де бір бұлжытқан жоқпыз.
— Балта Мұқатович, сонда бүгін әзіл-қалжыңға От ворот поворот па? Мен, кешіріңіз, шеф, мына Қадір ибн Бекке де тіс жармауым керек пе? Шеф, онда ішіме симай жарылып кетсем, оған кімді кінәлаймыз?
Балта үндеген жоқ. Жайшылықтағыдай күлген де жоқ. Анандай жерде өзіне қадалған Маргарита-Ританың көзіндегі шыдамсыз сұрақты көріп еді, бірақ аңғармаған кісідей көзін төмен салып, сылбыр басып, киім ауыстырар жерге кіріп кетті.
— Маргарита-Рита, селяви, өмір деген осы. Анау ананы, мынау мынаны түрткілейді. Жүйке солай жұқарады. Немесе анау ананы ұнатады. Мынау мынаны жақтырмайды. Тірлік заңы осылай. Жүрек солай ауырады. Солай сыздайды. Содан барып түптің түбінде инфаркт алады. Мұңайма, Ритуля. Сен бізге қара, бізге! Кадир ибн Бек нағыз жігіт. Түр қандай! Дауыс қандай! Тұлға қандай! Ал, гитарамен ән салғанда!.. Владимир Высодкий өзі келгендей сезесің. Ал, шеф... Бүгін сол аяғымен тұрған болуы керек. Әйтпесе, ол Маргоны, королева Маргоны сөзсіз көретін еді. Оған бола өкінбе, — деп Сережа шұбырта жөнелді.
Маргарита бөксесін бұлтылдата тық-тық басып тайып тұрды.
— Қалай ойлайсың, Қадірбек Балта Мұқатович меніңше, өзгеріп бара жатқан жоқ па?
Қадірбек иығын қиқаң еткізді.
Бүгінгі тәжірибе жұмыстары еш бөгетсіз ойдағыдай өтті. Балта жұмысқа барын салды. Бет-аузында күйе болмаған жер қалмады. Сорғалаған тер әлгі күйені айғыздай тілгіледі.
— Шеф, осы күйіңізде Майсара Тілеуғариновнаға көрінсеңіз, жүрегін ұшырар едіңіз, — деп Сережа айтып қалды да, таңертеңгі ескерту есіне түсіп, тілін тістей қойды.
Балта күнұзын ой құрсауында жүрген-ді.
"Мен де кінәлі болғаным ғой. Анау процессия ирелеңдеген алып жылан ғой... Иә, жылан ол. Соның бір буыны менмін! Ендеше, анау жазықсыз жапа шеккен, машина қағып кеткен адам үшін жауап беруім керек..."
Көз алдына бордюрға соғылып шаң-шаң боп қанға бөгіп домалап жатқан әлдекім елестеп кетпей қойды. Неге шаң-шаң болғанын да сезбейді. "Қазір шаң жоқ қой. Жоқ!" дейтін ішкі ілгешек іздегіш түйсіктің жауаптан қашыртқыш әуенін де тыңдамайды. "Құлады ғой. Майып болды ғой. Өлген біреуді...қылмыскерді жерлейміз деп соншама тыраштанып жүріп жазықсыз адамды жаралағанымыз қай жосыққа сияр? Қайдағы жосық! Жауыздық қана ол. Жауыздық! Шектен шыққандық! Қоғамдық тәртіппен санаспағандық! Сенің қоғамдық тәртібіңе пысқырады деген... Әне, қойныңда жатқан Майсараны да жете білмейсің. Білмейсің. Ештеңе көрмегендей, ешқайда бармағандай болды кеше. Машина шоферларының көшені кернеп, азан-қазан шулатқан қылығын өзінше кінәраттап, біраз кейіді де ғой. Ал, өзі қабыр басына да барды. Мүмкін топырақта салған болар. Ал, Балтаның жалғыз шешесін көргісі де келмейді".
Жұмыстан шыққанда Маргарита бұның машинасының қасында тұр екен.
— Отыр, Рита. Апарып тастайын.
Маргаританың жасыл көздеріне көгілдір ұшқын тұтанып шыға келген екен. Білегіне іліп алған сумкасын бұлғаң еткізді.
— Рақмет, сізге... Машинаңыздың терезесін сындырайын деп едім...
— Неге? Не үшін?
— Мен кеше сізді көргем...
— Қайдан? Қашан?
— Түскі үзілісте... Сіз... сіз... Аналармен... Солармен бірге болдыңыз. Қалай дәтіңіз барды? Ex, Балта Мұқатович! Мен сізді жақсы көруші едім ғой...
Маргарита бетін басып өксіп жіберді де, бұрылып алып жүгіре жөнелді. Балта сілейіп тұрып қалды.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Майсара Балтаны ұзақ тосты. Тамақты қайта-қайта жылытты. Вася атайдікіне де кіріп шықты. Онымен де хабарласпапты.
"Неге кешікті? Соңғы күндері кешігетінді шығарды. Әлде маған өкпелі ме? Кеше залда жеке жатты. Бұрынғы өліп-өшуі жоқ. Қай жерде көңілін қалдырдым екен? Неге маған біртүрлі қарайтын болып жүр? Тым сезіктене берсе, онда екеуміздің бір-бірімізге деген қадірімізден не қалады? Өзімде де бар? Көп нәрсені жасырам одан? Білдірмеуге тырысам. Кеше анау үйге, зират басына бармаған болдым... Барғанымды жасырдым. Барайын деп бардым ба? Ғазиз Құлтановичтың пәрмені қатты. "Бар! Кіріп шық. Бәріміздің атымыздан көңіл білдір" деп телефон шырылдатты ғой... Сонау көп машинаның бірінде"...
Майсараның жүрегі зырқ ете қалды. Өткен түндегі телефон қоңырауы есіне түсті.
"Сол! Барақ! Қалмайды ол қыр соңынан. Әрине Балтаны шақырған. Машинаңмен кел деген... Балта мені көрген. Көрмесе, маған сезіктене қарамайтын еді. Әй, өтірік айта алмайтыным бар, неге даурықтым соншама?
Келмейді. Енді ол келмей кетуі де мүмкін. Магомед оның бір жас қызбен кетіп бара жатқанын көріпті. Әдемі екен дейді. Әрине, Балтаға анау-мынау қыз қызықпайды. Балтаға көзі түспейтін қыз болмас. Әлде бүгін де сонымен жүр ме екен?"
Майсара шыдай алмай сырт киімін киіп, далаға ұмтылды. Аяз буып тұр екен. Үй сыртындағы көшемен ерсілі-қарсылы екі-үш жүріп өткенде сүйек-сүйегін суық қарып өтті.
"Соншама неге Бүлінем? Маған десе он қызбен жүрсін. Некелі әйелі емеспін ғой..."
Айтуға ғана оңай. Қызғанышы тұтанған кеуденің тынысы жиілегенде өкпе ауызға тығылып, жүрек қапастағы құстай тыпырлайды да қалады екен.
Аяз қатайып барады.
Әлгінде асығыс шығам деп жеңіл киінген еді, пальтоның етегінен жел үрлеп, қойны-қонышын суық алып кетті. Тістері сақылдай бастады.
"Ауырып қалармын".
Осы ойдан үрейі ұшып үйге қарай дедектей жөнелген. Екінші бір ой аяғын тұсағандай болды, "Аялайтындай жалғызбасты тірліктің несі қадірлі. Ауырғаның жақсы емес пе. Тіпті өліп кетсең, бар азаптан құтылар едің".
— Майсара-а!.,
Дауыс дәл құлақ түбінен естілді.
— Ә-ә.„ — Тілі икемге келмей, Майсара ұстай алған Балтаға алақтай қарап, жылап жіберді.
— Неғып жүрсің?
— Сені... өз-і-ің-ді тосып,.. — Майсараның кезі Балтаның жанында тұрған қызға енді ғана түсті. Босаған жүйке бірден шиыршық атты. — Қыдырып шыққам. Бара бер. Жүре берінде-ер.
Балта Майсараның халін түсіне қойды.
— Ой, әбден қатып қалыпсың ғой! Соншама тоңғанша жүре бергенсің! Мені тосып... Күнде тосатындай... — Балтаның абдырағанынан Сәуле сезіктенді.
— Нағашы!... Мынау сіздің үйдегі жеңгем бе?
— Иә! Майсара ғой. Арғы қолтығынан ұсташы, Сәуле "нағашы" дегенде Майсараға қайтадан жан бітті. Запы болған жүрегі жаманшылыққа ауа бастап еді, қаршадай қыздың "нағашы" дегені, одаң соң жан ұшыра қолтығына жармасқаны бүкіл күдікшіл ойын түріп тастады. Әлгіндегі қызғаныш та, өкпе де зым-зия жоқ болды. Ештеңені бүркей алмайтын ашық қабақпен күлкі реңін танытты.
— Балта, сені тосам деп.., қайдағы жоқты бастап көшеге шықпайын ба... — Иегі-иегіне тимей, тісі-тісіне сақылдады. — Келіп қа-а-лармен... жау-ра-ағанымды байқамаппын. Жүріңде-е-ер.
Екі қолтықтан сүйрете жөнелген екеуі Майсараны тез үйге әкеліп, диванға жатқызды.
— Әй, қатып қалыпсың ғой. Ауырып қалмасаң жарар еді. Спиртпен ысқылайын. Сәуле, жеңгеңді тез шешіндіріп жібер, — деп Балта асүйге кетті.
— Майсара тәте, түу, мұз бопсыз ғой. Мен сіз құсап шыдай алмас едім, — деп Сәуле басын шайқап, таңдайын қақты. Капрон шұлықты жылан қабығындай өңін айналдыра сыпырып тастап, кішкене алақандарымен қып-қызыл боп құсеттеніп кеткен екі санды, жұмыр балтырды сипалауға кірісті. — Қандай түп-түзу еді аяғыңыз, тәте! Аямайсыз... Өзіңізді аямайсыз.
Балта құты ұстап кірді.
— Маған беріңіз, нағашы, сіз шай қойыңыз. Бал бар ма?
— Бар ғой.
— Онда сүт ысытып, бал салыңыз. Неғып тұрсыз?
Балта Сәуленің еркін қимылына, жатырқау білмейтін мінезіне қызығып еді, тұра жөнелді.
— Нағашым да, сіз де қызық адамдар екенсіз.
— Неміз қызық?
— Апам... Мамам айтатын. Көкесінің... мамам папасын көке деп атайды. Көкесінің немере інісі болған. Сол кісінің оң қолының мына төрт саусағы екі буынынан жоқ екен. Ерте кезде қыстауға қыс түскенде көшеді екен. Сонда жаңағы кісі түйенің үстіндегі кебежеден (жемді көріп отырам деп төрт саусағын шығарып, темір шеңберден ұстап отырған деседі. Қыстауға келгенше төрт саусағы үсіп түсіп қалыпты. Сіздер де бір-біріңізді сәл көрмесеңіздер сағынып... аязға үсіп жүрсіздер.
Майсара күлімсіреді. "Бала ғой әлі. Осыдан да қызғандым-ау. Туыс адамдар екен. Аты Сәуле ме еді? Қандай таза! Әй, бірақ еркекке дауа жоқ. Төсіне басып, жұмарлай салса, тазаны кірлету қиын ба?"
Өз ойынан өзі шошыды. Аяғын көтеріп қалды.
— Ауыртып алдым ба, тәте?
— Жоқ! Жоқ, Сәулетай!.. Қолың сондай майда. Сондай жұмсақ. Сені алған жігіттің бағы жанар-ау...
Сәуле қып-қызыл боп, Майсараның бетіне көз тікті. Құралайдың жанарындай үлкен қара көздер пәк мөлдіреп: "Қалай айттыңыз, тәте? Неге айттыңыз? Жақсы тілеумен айтқаныңыз ба, сынағаныңыз ба?" дейтіндей кірпік қақпайды.
— Сәулетай, кешір айналайын. Сүйгенін — шұнағым дегендік пе... тілімді тістей алмай қалдым.
— Ой, тәте! Оған бола ренжімеңіз. Мамам да кейде "бағыңа қарай жақсы адам кездессе екен" деп отырады... Ал мен... Мен бар ғой... — Сәуле күлімсіреді. Ысқылап отырған қолдарын босатып, кеудесіне қысып ала қойды. — Мен бар ғой, тәте!..
— Иә! Айта ғой, Сәулетай!
— Мен Гринның "Алқызыл желкеніндегідей" шаһзада күтетінмін! Иә-иә! Күлмеңіз... Көзімді жұмсам, аппақ-аппақ лимузиннен сұңғақ бойлы қап-қара костюмды, қып-қызыл бабочкасы мына жерінде көз тартып "Мың бір түн" елінің шаһзадасы түсіп жатады... — Сықылықтап күліп жіберді. — Қалай, тәте, қиялым онша ұшқыр емес, ә! Жұпар... Жұпар менің әпкем... Жұпар: "сенде түк фантазия жоқ. Сен ертегі бойынша қиялдайсың. Ал, мен профессордың ұлына тұрмысқа шығам... Не академиктің баласына" дейді... Ал маған бәрібір өзімнің шаһзадамнан артық ешкім жоқ. Ой, мен ысқылауды ұмытып кетіппін ғой!.. Қалай, тәте, сыздатып ауырмай ма?
— Жоқ, Сәулетай. Ауырмайды.
Балта кірді. Қолында буы бұрқыраған кесе.
— Қайнатып әкелдім.
Сәуле Майсараның мойнынан құшақтап, сүйемелдеп отырғызды. Балтаның қолынан кесені алып, келіншекке ұстатты.
— Ыстық-ыстық ұрттаңыз. Мамам бізді осылай емдейді. Ешқандай суық жоламайды сонсоң.
— Өзің бәрін білесің-ау, Сәуле, — деп Балта отыра беріп еді, Сәуле оған қолын безеді.
— Отырмаңыз, нағашы. Дереу ваннаға су құйыңыз.
— Оны қайтеміз?
— Тәтем енді соған кіріп, азырақ булансын. Әйтпесе, болмайды. Ой, тәте, неге ұрттамай отырсыз? Тамағыңызды күйдіре жұтыңызшы, іштегі суықты айдап шықсын.
Балта алақанын алақанына сарт еткізді.
— Майечка, мынау біздің жиен бәрін бастан оқып туған. Сұмдық білгір. Айдан ұл, Күннен қыз туғызатын сиқыршылар біздің Сәуленің қасында жіп есе алмай қалады.
— Барыңыз, нағашы, барыңыз. Мен онда сізді есекке айналдырып жіберермін ашулансам, — деп Сәуле екі қолын көз алдында ербеңдетіп сиқыршының кейпіне түскен болды да, тағы сақылдап күліп ала жөнелді.
— Әй, Майсара тәте, мен ғой бұрын ешқайда шықпайтынмын. Тығылып алып, кітаптан бас алмайтынмын. Енді, міне, нағашымды, сізді таптым. Өмір сондай көңілді! Мен былтыр оқуға түскенде сельхоз-работаға барғам. Сонда даланың таңын алғаш көргем. Таң білініп, төңірек бозамықтана бастаған кезде жалғыз өзім жатақхананың қасындағы аласа төбеге шыққам. Теріскейден салқын самал есті. Шығыс жақ қып-қызыл! Тура дала өртеніп жатқандай! Қандай кеңістік еді, тәте! Мына қалада көзің не тауға, не үйге тіреліп, кеудең қамалып тұрғандай сезінесің ғой. Ал, онда, далада мүлде басқаша. Жан-жағың, түу-түу көз ұшына дейін көсіліп кетеді. Тірелер ештеңе жоқ. Содан қарбыздың бір тілігіндей боп көкжиектен Күн ұмтылды. Жазық жер беті қып-қызыл дастарқан жайып жібергендей болды да кетті. Ой, сондай қуанғаным-ай, тәте! Даланың таңы атқаны сондай әдемі болады екен! Сондай сұлу болады екен! Ой, бозторғайдың аспанға шаншылып алып сайрағанын естісеңіз! Мен өзі онша ән сала алмаймын, тәте. Ал анда, төбе басында бүкіл тұлабойым, барлық жан дүнием түгел әндетіп қоя берді. Шіркін, қалай көп нәрседен құр қалғам! Даланың балалары қандай бақытты! Енді міне, сіздермен кездесіп, тағы да кенеліп қалдым. — Сәуле "шыным, расым!" дегенін ұшқындаған құралай көзімен білдірді.
— Сәулетай, сен мектепті қай тілде бітірдің?
— Қазақша. Мамам... менің мамам балалар үйінде тәрбиеленген ғой. Қазақшасы бұрын онша болмайтын. Мамам Жұпар екеумізді қаланың ол шетінен бұ шетіне сүйретіп жүріп оқытты. Қазір өзім мамама сондай разымын. Анау біздің курста қазақ қыздары көп-ақ. Бірақ көбісі қазақша сөйлей алмай ұялып, күмілжіп тұрғаны.
— Сондай таза сөйлейсің? Неге әдебиетші болмадың?
— Тәте, айтайын ба? — Сәуле сыбырлай еңкейді.
— Айт.
— Мен тоғызыншы класта өлең жазғам.
— Рас па?
— Рас. Қазір қойып кеттім. Ол кезде жас болғам...
— Қазір қартайып қалдым де.
Сәуле сықылықтап күліп жіберді. Күлкісі өзіне сондай жарасады.
— Бір бала оқыған. Кейін үйі басқа қалаға көшіп кетті. — Сәуле тұнжырады. Қабағы жабылып барып ашылды. — Әрине, өлең көңіл күйге байланысты.
Балта кірді. Қолын шекесіне тигізіп қалт тұра қалды.
— Бұйрығыңыз орындалды, жиен жолдас. Ваннаға су толтырып қойдым.
— Майсара тәте, тұрыңыз. Қалай, денеңіз қалтырауын қойды ма? — Сүйеп бар жатып, Балтаға бұрылды. — Сіз, нағашы, шайды жасап, дайын отырыңыз. Біз он минуттен кейін шығамыз.
— Сәулетай, сен де кіресің бе? Мен өзім-ақ...
— Жоқ, тәте. Мен білем ғой...
Сәуле өз үйінде отырғандай емін-еркін. Дастарқан басында да әзіл-қалжыңды қардай боратты.
— Тәте, сұлулық сұқтандырады дейді. Сол рас па?
— Қайдан білейін, рас шығар солай деп жұрт айтса.
— Ал, кей сұлулық көз қарықтырады деседі ғой.
— Ол жағына жоқпын.
— Мәссаған! Жоқпын дейсіз. Жаңа мен ваннада сізден, сіздің мүсініңізден көз айыра алсамшы!.. Нағашым қандай бақытты! Музейдің де, антиканың да қажеті жоқ. Бәрі өз үйінде, өз қасында.
Майсара қызарды. "Мына бәлекей қыз шымшып алғаннан сау ма. Қай-қай тұсқа тапырақтап барады. Адамның ең бір жасырын ұстар жеріне тайраңдатып кіргізіп жіберген соң "өр де менікі, төр де менікі!" дейтін қызылкөздікке салынғаны ма? Неміс халқы Гетенің музей-үйіндегі жатын бөлмесіне келушілерді жібермей, тек анда-санда ғана есіктен сығалатады екен. Ал, біз төсегімізді де ашып тастамаймыз ба. Ол аздай-ақ жалаңаш денеңді көз алдына тосасың".
Майсараның томсарып қалғанынан өзінің артықтау сілтеп кеткенін сезген Сәуле алдындағы суып қалған шайын таусып ішті де, кесесін алақанымен жапты.
— Ой, тәте, көп отырып қалыппын. Мен қайтайын енді. Мамам мені жоғалтып отырған шығар.
Балта Сәулені шығарып салып келді.
Сондай ашық екен жиенің.
— Ә, иә... Кісі жатырқамайды. — Балта одан әрі сөйлескісі келмейтінін аңғартып, тез залға өтіп кетті.
Майсара сәлден соң үстіне кірді.
— Майсара, мен бүгін біразға дейін отырам. Статья жазуға дайындалуым керек. Жата бер.
Майсара ләм демей шығып кетті.
Содан бастап екеуі тоңторыс күйге көшті.
"Майсараға кінә артатындай немді міндет қыламын? Бар жазығы жақсы көргені ме? Жоқтан өзгеге қитығып ілік іздеп жүрісім қалай? Жақтырмасам, костюмымды иығыма іліп, бас иіп қоштасып неге шығып жүре бермеймін. Қимаймын ба? Онда неменеге ши шығармақ болам. Онсызда іштей күпті боп, жазықсыз жапа шегіп, бетіме тура қарауға да дәті бармай төменшіктеп жүрген әйелді одан сайын тұқыртқанда қай ұшпаққа шығам? Осы менікі не? Қасым мен қабагыма қараған сайын Майсараны елемей бара жатқаным қалай. Сөзін санатып, қимылын есептетіп қоятын бұрынғының қатал еркегіне айналып кеткен сияқтымын. Неткен қатал мінез еді. Көңілге қарау соншама қиын ба? Бір шаңырақ астында екеуден екеу тұрып, бір бірімен сөйлеспеу — неткен зорлық. Неге ыңғай бермеймін? Жалынын сөндіріп, көңілін суытам деген қылық па менікі? Ондай қаталдық таныту үшін Майсараның үлкен айыбы болуы керек қой. Қандай айыбы бар еді алдымда? Қызметі ме? Көлденең табысы ма? Одан зиян шегіп отырсың ба? Үстіндегі қабат-қабат қабығың қайдан келер еді, Майсара болмаса. Алдындағы сервелат, қызыл, қара уылдырық, шұжық пен қазы, жас қияр мен помидор басқалардың түсіне де кірмейді бүгінде. Осылардан неге безбейсің? Қара нан, сылдыр сорпа, үсіген етке қарап отыр ел құсап, әділет деп арпалысар болсаң. Әйтпесе қасарыса бермей Майсараға түсіңді бер. Тістенгендей боп сазарған түсінді жылыт. Тіпті болмай бара жатса, іргеңді мүлде аулақта да, Вася атайдың қасына кет. Жалғыздық мүжіген шалдың көңілін дауала. Өзіңді де сөйтіп бір сына. Мүмкін қожыраған кеуденің бажы табылар. Әлде..."
Сәуленің атын ойында да атағысы келмейді. Сәуле тазалықтың, пәктіктің символы. Оған қарындас ретінде ғана көз салу керек. Басқаша қарау — қылмыс. "Әй, бірақ талдырмаш қыздың бейнесі есінен бір кетпейтіні қалай? Бүкіл ақыл-ойын билеп алған құдіретінің төркіні не? Әттең-ай, туған қарындасы, шын қарындасы болар ма еді! Қандай сенеді. Нағашылап үздігіп тұрады. Ойында түк жоқ. Анау папасы мен мамасының селтекбайларынан да қорықпайды".
Ертеңінде Балта аяқ астынан мазасызданды. Дәл осы қорқынышты күдік бұрын оралмаушы еді, тұтқиылдан сап етті де, орнынан атып тұрғызды. Бүгін де жұмыстан келісімен статьясын сылтауратып оңаша отырған. Бәрін жиып тастап киіне бастады. Кеше Сәуле группамызбен театрға барамыз деген. Кеш қайтады. Жалғыз қайтады. Ал аналар... нашақор шіркіндер ешкімді аямайды. Оларға ермек керек. Құлағына Сәуленің шырылдаған даусы жеткендей болды. Асыға басып коридорға шықты. Асүйден бас қылтитқан Майсараға қараған да жоқ. Шарфын мойнына салбыратып сала салды да, пальтосының жеңіне қолын сұғар-сұқпастан шыға жөнелді.
— Қайда... қайда кеттің, Бал? — деп артынан қолын соза ұмтылған Майсара өкіріп жылап жіберді.
Балта асыға басып Сәуленің үй жағына тартты. Аяз сынған. Түнгі қаланың қар бүркенген шыршалары мүлгіп қапты. Шырша шыршаның арасындағы аласа бағанадағы ақшыл фонарь жарығы қар жылтыратады. Тротуарға мұз қатқан. Қарсы кездескен екі-үш адам тайғанақтап жүре алмай барады. Балтаның аяғы тайғанамайды. Майсара табаны бұжыр-бұжыр, іші жып-жылы фин етігін алып берген. Бірақ дәл қазір жігіт Майсараны да, қаланың түнгі көрінісін де, тайғанақтап құлап-тұрып жатқандарды да елер емес.
Есі-дерті — нашақорлардың тәлкегіндегі Сәулені құтқару.
Үй маңы тып-тыныш. Бейсаубет жүрген ешкім көрінбейді. Сабасына түскен Балта сағатына қарады. Сегіз жарым ғана екен. Күліп жіберді.
"Түу! Соншама еліріп... Сағатқа қарау есімнен шығып кеткенін қарашы. Онсыз қайтпайды. Әлі бір жарым сағат бар".
Осы маңдағы кафеге кіріп отыра тұрмақшы боп кете бергенде тұлып киген милиционердің қарасы шалынды. "Әй, Митя Серегин емес пе екен? Хабарласпай кетті ғой. Жақсы жігіт".
Милиционерге қарай жүрді.
— Мен сізді бірден таныдым. Есенбісіз, Балта Мұқатович.
— Митя! Сәлем. Неге хабарласпай кеттің?
Серегин естімегенсіп сырт айналып, бір кісілік будкасына кіріп кетті де, "памир" қорабын алып шығып, Балтаға ұсынды.
— Жоқ! Рақмет. Шекпеймін.
— Мен осыны тастай алмай жүрмін.
— Дмитрий, сен жауап бермедің ғой, — деп Балта езеуреді.
— Кешіріңіз, Балта Мұқатович. Уақытым болмады, деп Серегин қипақтап тура қарай алмай, темекісін тұтата бастады. Балта бір шикілікті сезді.
— Жасырма, Митя... Мен көріп тұрмын қуыстанғаныңды. Сен менен қашқақтайсың ғой сонда? Солай ғой.
— Жо-жоқ! Маған сіз ұнайсыз. Бірақ... — Милиционер тағы кідірді. — Мен сіздердің учаскелік милиционерлеріңізді білем. Сол маған сіз туралы айтқан...
— Не айтты?
— Айтқанда, әрине, сізді жамандамайды... Машинаны қалай алғаныңызды... анау рэкетпен байланысқаныңызды ескерткен. О-о, сіз, Балта Мұқатович Барақтың кім екені білмейсіз.
— Сен білесің бе?
— Білем. Бізде мәліметтер бар ол туралы.
— Онда неге еркіндеп жүр ол. Онда неге мен сияқтыларды шырматып қоясыңдар? Неге ұстамайсыңдар?
Білесіңдер, бірақ түк істемейсіңдер! - Балта ашулана бастады.
— Ал сіз оның кімдермен байланысты екенін сезбейсіз. Біз... милиция оны баяғыда-ақ отырғызар едік бірақ оның өз адамы бар ана жақта... жоғарыда... — деп Серегин иегін көтерді.
— Болса ше? Соның өзін қоса қамасын.
— Мен де солай ойлағам. Стрельдовты шығарып жібергеннен бері ол ойымнан айныдым.
— Стрельдовың кім?
— Милиция майоры. Тергеуші. Сондай принципшіл адам еді... Аналар ақыры қуғызып тынды, — Серегин қайтадан темекі тұтатты.
— Қайда қуды?
— Алдында жұмыстан жай шығарып жіберген. Қазір пара алушы деп өзін істі қылды. — Серегин түтінді аузы-мұрнынан ытқытты да, күрк-күрк жөтелге басты — Организм қабылдағысы келмейді. Ал түтінсіз қақиып тұра берсең, қабат-қабат киінсең де, сүйек-сүйегіңді суық сындырып жібере жаздайды. Стрельцовты отырғызып қойды.
— Бұл араға пост қоймаса қайтер еді?
— Қажет. Өте маңызды адам!.. Сонсоң, Балта Мұқатович, инструкция бойынша бізге бейсеубет адамдармен көп сөйлесуге де болмайды.
— Жарайды, Серегин жолдас. Ишаратыңды түсін- дім. Бір ғана өтініш. Сен мынау үйдегі бір қызды... өзі студентқа, соны білесің бе?
— Бұл үйде студентка көп. Сіздің айтпағыңыз Сәуле ғой. Оны өте жақсы білем.
Балта таңдана қарап тұрып:
— Сен оны қайдан білесің? — деп қадала сұрады.
— Сіз Сәулені екі-үш рет әкеліп салғансыз. Ал, Сәуле... сондай тәртіпті қыз. Анау еркетотай балаларға ұқсамайды. Бұрын үйінен шықпаушы еді... Енді...
— Немене "енді?"
— Сіз, Балта Мұқатович, Сәулені әурелемеңіз. Сәуле ондай емес. Бекер обалына қаласыз.
Балта қалшылдап кетті.
— Оны сенен сұрамаймын. Ол — менің өз шаруам!
— Сұраймыз, Балта Мұқатович, біз сұраймыз. Сіздің жеке шаруаңыз емес. Қателесесіз. Адам тағдыры бәрімізді де ойлантуы қажет. Ал, сіз...
— Ал, мен... Айт, бүкпе!
— Ал, сіз тіркелмеген үйде загске отырмаған әйелмен тұрып жатырсыз. Енді мына Сәулені...
— Сен жолдас милиционер! Өте маңызды адамды қорғауыңды біл! Басқа жерге араласпа! Адам тағдырын кейде екі-ақ адам шешеді. Екі-ақ адам! Өздері ғана!
Балта бұрылып жүріп кетті. Қоштасқан да жоқ. Ашумен дірілдегенде, көмейінен лықсып ауыр күрсініс ақтарылды.Науқас жанның қиналған ыңқылындай күрсініс еді ол. Жанының ауырғаны рас болатын. Бар шындықты өзінен жас адамның аузынан естігенде, қарсы дау айтқан болғанмен, іштей жасып, жуасып қалғаны да анық еді. Бірақ өзімшілдік дейтін бетпақтық ашу шақыртып, денені қалш-қалш дірілмен буып алды.
"Әліне қарамай ақыл үйретпек маған. Ол кім соншама. Бар болғаны өте маңызды адамның үйінің жел жағындағы күзетшісі ғана. Ал, ол... жер кіндігі қолында тұрғандай шіренеді... Сәуледен аулақ жүр деуге қандай қақысы бар? Кімнің кіммен кездесуін енді милиция шешетін болған ба... Ақылгөйсіп, танау шүйіргішін... Тіркелмеген үйде тұрсам ше... Сол да қылмыс па? Анау Барақтың небір махинацияларын біліп отырып, тайраңдатып қояды. Мықтының қамқорында дейді. Сонда мықтының қамқорындағы қылмыскер ойына келгенін жасауға рұқсат екен ғой. Сонда милиция өте маңызды адамнан басқа жұртты қорғамай ма? Анау Барақтардан, Магомедтерден құтқармай ма?
Сәулені менен айырмақ... Әу, мен оны сүйсем ше?"
Балта қалт тоқтады.
"Сүйем бе?!"
Осы ойынан әрі қорықты, өрі қуанды. Өзінен де, өзгеден де жасырып жүрген сыры осылай оп-оңай ашылар деп күтпесе керек енді жүрегі атша тулап, әлгіндегі бар ашудан ада болды. Сол-ақ екен көз алдына Сәуленің кең үлкен көздеріндегі қуақы күлкі елестеді. "Нағашы, түн қатып неғып жүрсің? Жеңгем жалғызсырап қалды ғой". Сәуле айта берсін. Сәуле қағыта берсін. Балта бұдан былай бәріне де төзеді.
Бәріне де көнеді. Өйткені Сәуленің осы дүниеде барлығы, мынау әсем қаланың сызды, иісті техникалық қабатыңда тұруының, өмір сүруінің өзі жүректі реніштен құтқарып, шарқ ұрып аласұрған көңілді рахат күйге бөлейді.
Балта қафені де ұмытты. Дмитрий Серегинді де, оның ақылын да ұмытты. Ерсілі-қарсылы көше кезіп, түнгі қысқы қаланың аяқ астынан өзгеріп, асқақтап, әдеміленіп кеткен көркінен көз айырмайды.
Түн дыбысы әрқилы. Күндізгі шудан мүлде өзгеше. Түн қимылында қарбаласы аз. Бұлтсыз қаракөк аспанға бойлай серейген биік үйлердің әр түспен көз ашқан терезелері — тілеулес жанарлардай. Дәл осы іңкәр түнді бұрын қалай байқамағанына таңырқаған Балта қар бүркенген шыршалардан соншалық бір тазалық сезіп, жарық шағылыстырған бұтағына мейірлене қадалады.
"Қандай әсем! Әрі тыныс кеңітердей таза ауа! Таудан жұпар құйылғандай! Түнгі Алматы мүлде өзгеріп, мүлде әйбаттанып, нәзік көркемдікпен құлпырып кетеді екен-ау! Мән бермейміз. Көз алдымыздағыны көрмейміз. Елемей асығып жүргеніміз".
Әрине, қала өзгерген жоқ еді, өзгерген Балтаның өз көңіл күйі еді. Көкірекке қуаныш әкелген жанға деген ындыны ауған, көңілдің құлаған бейілі еді.
— Нағашы! Әу, нағашы, ұйықтап кеткеннен саумысыз?
Сәуленің ашық үнін, ашық үніне ілесе шыққан сыңғыр күлкісін естігенде, Балта ұшып кете жаздады.
— Сәуле! Сәулетай! Өзіңбісің?! — деп қуана қарсы жүрді.
— Енді кім деп едіңіз, өзім болмағанда. Мұнда не ғып тұрсыз, нағашы-ау?
— Өзіңді тосып... Тосқанда... бұзақылар көп, — деп Балта күмілжігенімен көзі Сәуледен айрылмайды. Сәулені көргеніне де, Сәуленің жалғыз келгеніне де мәз. Сәл қызарған екі беттің ұшы өзіне қызыға қадалған көздерден қымсынып, алаулап кетті. Қос самайындағы будырап шығып тұрған балапан шашын екі алақанымен сипалап, Сәуле жігіттің әлгі сөзіне енді ғана мән беріп, тылсым қуанышқа шым-шым шомды.
"Мені тосып тұр. Мені! Бұрын ешкім тоспайтын. Бұзақы балалар көп дейді. Бұрын да көп болатын. Бірақ бұрын мені ешкім күтпейтін. Іздемейтін. Ал бұл... Нағашым!.. Нағашы ма? Нағашы ғана ма?.. Әлде тек нағашылық ретпен қамқорлық танытатын шығар. Жұбайы сұмдық керім! Еркектер түгіл мен түр-тұлғасына ғашық бола жаздағам. Майсара тұрғанда"...
Майсара асу бермес бөгетке ұқсап кетті. Қыз жүзі әп-сәтте жабырқау тартып, қызғылт түс лезде өшіп, жабығыңқы өң суық сорғандай бозара қалды.
— Сәулетай, не болды? Жаурадың ба? Түсің қашып кетті ғой, — деп Балта өзгерісті қапысыз байқады.
— Сіз сонда мені тосып жүрдіңіз бе? Әлде күзетіп жүрдіңіз бе? Сіздікі соның қайыссы, нағашы?
— Сәулетай-ай, адамды қинадың-ау. Күзетті дейтінді қайдан шығардың... Өзіңді... тентек балалар мазалай ма деп... Олар ештеңеден тайынбайды. Әйтпесе күзетшідей бағып қайтем...
— Тентек балалар болмаса, келмейді екенсіз ғой, Нағашы.
— Жоқ, Сәулетай! Сенің жалғыз жүргеніңді ойлағанда... Қазір қыздарға түнде жалғыз жүру қауіпті... Ойлағанда жаным түршігеді. — Балта абдырады. Екі қолы жазыла әуеде асылып қалыпты. Жігіттің осы ыңғайсызданғаны, қысылғаны Сәулеге сондай ұнап кетті. Өзінің дәл қазір Балтаның бар ерік-ырқын қолының ұшына жинап алғаның әлдебір сұңғыла түйсікпен пайымдай қойды. Содан ба әлі де біраз қажай түскісі келді.
— Нағашы-ау, бас-аяғы бір-ақ ай болды сіздің мені білгеніңізге. Оған дейінгі он сегіз жылда жалғыз жүріп те ештеңеге ұрынбап едім. Енді неге ұрынады деп қауіптенесіз. Әлде қыз он сегізге келгенде өзгеше боп кетуші ме еді?
— Кешір, Сәулетай. Мен саған ондай бояу жағайын демеймін. Әрине, сен менсіз де жүре аласың, ал бірақ мен...
— Неге күмілжисіз, нағашы? Сіз қорқақ екенсіз ғой.
— Ал бірақ, Сәуле... Сәулетай, мен енді сенсіз жүре алмаймын! — Айтарын айтқанмен тынысы тарылып, өкпесі қабынып, жүрегі атша тулаған Балта қызға тура қарауға дәті шыдамай, сырт айнала берді.
Сәуле тіл қатпады.
"Бүлдірдім. Көңілін қалдырдым. Нағашы деп туыс тұтып жүргенде... емешем үзіліп... алыстатып алдым. Әй, неткен өзімшіл едім. Енді жоламай кетеді. "Сенсіз жүре алмаймыным" не? Өстіп те төтесінен дүрс еткізуге бола ма? Аялаймын деп аямағаным қалай? Әйелің, жарың бар десе ше?.. Майсара екеуміздің ара қатынасымызды білмейді. Білген күнде де көрсеқызар санауы орынды болар еді. Әрине, бас-аяғы бір айдың ішінде өліп-өшердей болғаныма сенбейді. Бүлдірдім. Енді нағашыға да жарамаймын".
— Нағашы, неге теріс қарап кеттіңіз. Әзіл айтқан кісі көзін ала қашпайды емес пе?
— Сәулетай, кешір... Сені ренжіткім келмеп еді.
— Менсіз жүре алмаймын дейсіз. Ойнасаңыз да ойыңдағыңыз дейік. Сонда Майсара тәтемді қайда қоясыз? — дегенде әлгіндегі кеудесінде тұтанған тәтті қуанышы сөніп кетті.
Әне, Майсара ақыры алдынан шықты. Қайтіп түсіндірер? Қалай ақталар? Ақтала алар ма? Майсараға да алғашқы кездерде құлай ынтығып, аңсай ұмтылып еді ғой. Енді неге безінді? Шынымен безіне ме? Алағызған көңіл гүлден гүлге қонған көбелекке ұқсап бара жатқан жоқ па?
— Сәулетай, мен бір артықтау сөз айтып қалсам, көңіліне ауыр алма. Дәл қазір анау еді, мынау еді деп жату маған қиын. Бірақ қай қиырға ұзатсаң да, айтқаным айтқан. Тек өзің өкпелеме. Өкпелеп кетсең, менен тыныштық қашады. Маза қалмайды. Басқа қосарым жоқ. Бар айтарым осы ғана, Сәулетай, — деп қиналса да қимай қарады.
Сәуле енді күлген де, қағытқан да жоқ. Балтаның өзі түсінбес шытырманың қыз түсінді. Түсінген сәтте көңілінде титімдей де реніш қалған жоқ. Қайта мынау көрікті, сымбатты жігіттің өзі үшін қай тәуекелге де бас тігерін сезді.
— Үйге қайтыңыз, нағашы. Уақыт біраз болды.
— Ренжімейсің ғой...
— Несіне ренжимін.
-— Бір өтінішім бар, Сәуле. Соны орындар ма едің?
Сәуле біраз бөгелді. Медеу болар тілек пе, жанды қинар талап па — бере алар ма қолқасын. Ыстық үміт кеудені толқылдатып соғып тұрғанда суынып кейін шалқыса, өкініші өмір бойы қинар ма? Қиналып барып тіл қатты.
— Айтыңыз, нағашы. Қолымнан келсе, сіз үшін аянбаймын.
— Өтінішім, Сәуле, мені бұдан былай нағашы деп атамасаң екен... Әрине, мен туыстық көңілден қашқақтамаймын...
— Сол-ақ па, наға... Балта?
— Сол! Сол ғана, Сәулетай. Рақмет.
— Сау болыңыз.
— Сау бол, Сәуле!
Сәуле ақырын басып жүріп кетті. Тық-тық басқаны асфальтта емес, жүрегінде жаңғырып, кеудесінде дүрс-дүрс ұрып жатқандай.
"Әй, өттім-ау бір асудан! Серпкен жоқ! Қаққан жоқ қолымды. Әй, Бектемір аға! Келгенің қандай жақсы болды! Әтпесе, мен мына миллион тұрғыны бар қаладан Сәулені көрер ме ем. Кездесер ме ем. Қолтығымның астынан қанат біткендей болды-ау! Ұшып кетердей, қалықтап аспандап кетердей әсерленуімді қарашы! Дәл осындай құпия сезімді Майсараға қызыққан кездерде сезінуші ме едім? Анау тық-тық тиген өкшесінің өзі сөйлеп бара жатыр ғой. Көз байлаған бейнесінде-ақ адам жанын әлдилеп ақырын тербеткен рақат тыныштық бар ғой. Бұрылар ма екен? Бұрылды! Сәуле бұрылды! Шіркін-ай, құралай көздеріне қарар ма еді! Көрер ме еді өмір ұшқынын! Наз тірілткен қабақ қимылында тірліктің бүкіл қызығы сығылысып тұр-ау! Бұрыш айналып кетті... Ертең көрем ғой. Уақыт жылжымайды осындайда".
Ілгері басқан аяғы кері тартып құр сүлдері келеді. Бар ындыны артта қалған Сәулеге мүлде ауып кеткен.
* * *
Майсара Балтаның "бұзылғанына" көзі әбден жетті.
Василий Сергеевичке медеу тілеп кірді.
— Жоғары шық, Майсара. Жүдеусің ғой? Сырқат емеспісің?
— Жай белгілі ғой, ата. Балта жоламай кете ме деп қорқам. Үйдегісінен түздегісі көп, — деп ықылас күткен қабақпен қарады.
Василий Сергеевич тосырқағандай біраз бөгеліп қалды.
— Орыста "зорлап сүйікті болмассың" деген мақал бар. Оның үстіне екеуің де асығыстық жасадыңдар. Ех, молодежь, молодежь! Ардақ тұтар не қалды сендерде? — Вася атай бас шайқады. Орнынан тұрып шәйнекке су құя бастады. — Шай қойып жіберейін.
— Қажет емес, ата.
— Асықпа. Енді асыққаннан пайда жоқ.
— Жиенім деп... бір жап-жас қызды ертіп алған. Көзіме неге шөп салады? — Майсара өксіп жылап жіберді. Вася атай сылбыр басып келіп, арқасынан қақты.
— Жылама, қызым. Ертерек ойланғанда осылай болмайтын еді. Семья — екеудің одағы. Мызғымас бірлігі. Ал, сендер ше... Не істедіңдер мызғымас үшін? Түк жасаған жоқсыңдар. Күйіп-жану бітпейтіндей, таусылмайтындай көрдіңдер... — Шал белін басып, қиралаң етіп отыра кетті. — Көңіліңе ауыр алма, қызым. Байқағанымды айтам. Сен Балтаның сүйіспеншілігін сатып алуға тырыстың. Бірақ бұл заманда да кей нәрсенің ақшаға да сатылмайтының ескермедің. Қонақ үйдегі көңілдес екеудей уақыт өткіздіңдер. Семья бірлігін қамдамадыңдар, Майсара. Ақыры, міне... осылай болды. Әрине, Балтаны да ақтамаймын. Жеңілтек пе, тез еліктегіш пе... Жігіттің тұрақтысы, әйелдің ұяттысы жақсы. Әйтпесе ше... Еркектің ұрғашы атаулыға тегіс ұрынғысы келетінін, оңтайын тауып бел суытып алғанды қалап тұратынын ешкім жасырмайды. Жасыра алмайды. Бірақ еркектің құлпы — әйелі. Әйелінің мінез-қылығы. Назы. Ары. Соның бәрін жарына көрсете білсе, жеткізе білсе, иландыра білсе, еркек әйелдің айтқанына көніп, айдауына жүретін жануары ғана. Ехе-хе, бүгінде, кімді кім тыңдағандай... Кімнің ақылына кім зәру болғандай...
Шал қиралаңдап тұрып, шай салғышты алып аққұманға шай демдеді. Дастарқанына ыңқылдап жүріп барып салған болды. Содан кейін шәйнегін қолына қойып, қаймақ қатып, кесені Майсараға ұсынды.
— Шай ұрттап жібер, қызым. Қобалжыған көңілді, кікіген жүректі басатын бірден бір сусын — осы! Кейбіреулер арақ, шарап жақсы деп құнығып жатады. Бәрі бекер. Сырт сұлулыққа қызыққан сияқты алдамшы тірлік ол. Мәселенің негізі ішкі әрде. Көзіме шөп салды дедің, Майсара. Адамды қаралау оңай, саралау қиын. "Жақсылық көрсем — өзімнен, жамандық көрсем — өзімнен" деген өлең сөзі бар. Есіңде шығар, Майсара. Адамның әрекеті әрдайым алдынан шығады. Алдаса — арандайды. Алқаласа — арындайды. Ехе-хе, зымыраған өмір. Жизня быстротечная! Ту сыртымнан кешікпей соңғы қақпасын жабады. Маған сондықтан, қызым, көлгірсуден өтер қиямет жоқ. Көзіңе айтып отырғаным содан. Шөп салды дедің. Өзің бастап салмап па ең сол шөпті. Бүгін салмасаң, Бұрын салғансың. Қиналмағансың. Күйзелмегенсің сол кезде, — деп зілдене қарап қадалып қалғанда Майсара жүз тоқтата алмады.
— Мен... мен... — деп кемсеңдеп кетті. — Мен Балтаны көргеннен бері, кездестіргелі оның бәрін қойдым ғой... Мен тек соны, Балтаны, жалғыз өзін сүйем ғой, ата!
Шал Майсараны бекер қинағанын сезді. Келіншектің Балтаны шын ұнататынына да көзі жеткендей болды.
— Онда, қызым, күрес. Сендір оны. Онсыз тұра алмайтынына иландыр. Әйтпесе,тірлікте мән қалмайды. Ехе-хе, мен білем ғой. Білем.
Василий Сергеевичтің осы пікірі бұл жолы Майсараның көңіліне сай келген сияқты. Ертеңінде түске таман Ғазиз Құлтановичқа телефон соқты да, ұғынысу тілеген көңілдің пәрменімен "Саятта" — кездесетін болды.
Ғазиз Құлтанович өзгелер тарапынан туындайтын осындай кезексіз кездесулерді жаратпайтын. Майсараны салқын қабылдады.
— Не шаруамен келдің? Тағы да тексеріс пе?
— Жоқ, Ғазиз Құлтанович! —деп алдындағы қабағын түксите қатты түйіп алған адамға "мынау өзі қалай қарайды?" деген тәрізді таңданғандай бөгелді де, екі қолымен бетін басып ышқына өксіп, жылап жіберді.
— Айт! Не боп қалды? Бәрін айт!
Ғазиз Құлтановичтың ең жек көретіні — жылаған әйелдің кемсеңдеген ерні. Зәбір көрген баланың жаутаңдаған көзі. Ақиқатты қорғап қарсы сөйлеген оппонентінің тайсалмас қайсар жүзі.
Майсара сол кемсеңдеген әдемі еріндерін әрең қозғап бір жылап, бір қорсылдап Балтадан көрген қорлығын, Балтаның жауыздығын, Балтаның арамзалығын, Балтаның опасыздығын, Балтаның арсыздығын, Балтаның сатқындығын тілі жеткенше жеткізді.
— Жә! Түсіндім. Ондай сүмелектің өз обалы өзіне. "Иттің ішіне сарымай жақпайды" деп көзінің еті өскен екен. Жазасын алады. Ешкім сүйегін де таба алмас етіп көзін құртқызам!
Майсараның көзі атыздай болды. Ғазиз Құлтановичтың аяғын құшақтай құлады.
— Жоқ! Жоқ! Жоқ! Ол өлсе, мен де өлем! Маған онсыз тірліктің мәні жоқ.
Ғазиз Құлтанович орнынан тұрып кетті. Кілемге сұлап жатқан әйелге әрі қызыға, әрі жиіркене қарап, ырғалып тұр.
— Жарайды. Жылама.
— Кешірдіңіз ғой, Ғазиз Құлтанович? — деп жас жуған жүзін жасырмай Майсара "тәңіріне" жалына қарады.
— Айттым ғой. Әй, бірақ сөз ұғушы ма еді соның. "Татуластық — табыстық" деп едің өткенде. Табысқан сиықтарың осы ма. Әттең сен деймін, Майсара. Араға сына боп кірді. Сырымызды алып, сыртқа шашса, қайтеміз? Көгендеп ұстар деген сенің түрің мынау. Екі көзден төрт пора жас ағызғаннан басқа дәрменің жоқ. Өліктің аузына құлып қажет емес. Бұйда үзем дегендер тыпырлаған кезде айналасына құсығын шашатын. Шашып жүрмесе...
— Үндемейді ол, Ғазиз. Мен кепілмін оған!
— Жә! Болды! Бар жуынып кел.
Майсара Ғазиз Құлтановичты құдайдай көреді. Әкесінен ықылас көргендей өңі құбылып, жүрегі орнына түсіп, жайнап кіргенде Ғазиз Құлтановичтың аңсары ауып сала берді.
Отыр... Отыра ғой, Майсара! — Даусында бір кездегі еркелете емексіту бар екен. Майсара үркіп кетті. Бірақ сыр берген жоқ. Ғазиз Құлтанович келіншектің ту сыртынан жанасып келді де, екі қолды иықтан асылдыра ілгері сұғып қос томпақты уысына қысып алды. Тұмсығын Майсараның басын шалқайта түсіп, алқымына көмді. Иіскеді, сүйді. Алақанындағы анарды уқалады. Исінді. Ыңыранды. Иіскеледі. Күрсінді де, кейін шегініп кетті.
Майсараның сонда ғана жүрегі орнына түсті.
— Былай істе, Майсара.
Майсара бұрылды. Ғазиз Құлтановичтың сабырлы жүзінде түк өзгеріс жоқ екен. Келгендегі қатулы, қалың түйілген қабақ сол қалпында сақталып қалғандай. Әлгіндегі ыңыранған да, исінген де бұл еместей, мына салқын қанды әміршісі еместей. Майсара алақанымен шашын сипап өтіп, бейіл білдірді.
— Былай істе. Микроаудандағы жаңадан ашылар рынокқа директор керек деп едің ғой. Ертең саған біреу барады. Менің атымнан. Дипломы жоқ. Бірақ іскер. Сыналған. Облыстан келді. Сенің әлгі Балтанды да мықтап беретін сол. Документтерін өзің ретте, тездетіп.
— Жарайды, Ғазиз Құлтанович! Ә, Ғазиз...
Ғазиз Құлтанович қол сілтеді. Теңселіп жүр.
— Әй, жұмбағы мол өмір! Еш алтынға ашылмайсың-ау!
"Ғазизы не? Ғазиз Құлтановичы не? Жібімеген көңіл, жадырамаған қабақты қай ықыласпен тартарсың. Сен бұған құштарсың, ол — басқаға. Басқа тағы басқаға құмар. Еңкейтіп-шалқайтып қойған дүние-ай!"
Ғазиз Құлтанович бас изеп қана қоштасып, қайрылмастан шығып жүре берді.
2
— Шымкентке барамыз!
Сәуленің қуанғанда көздері жайнап кетеді екен. Балтаның қолынан ұстап алып, жас балаша мәз болып т9р.
— Онда не бар? — Балтаға бұл хабар ұнаған жоқ.
— Пәлі, Балта, сіз... сен... Не бар деп... Біздің группа факультет ішінде үлгірімі бойынша бірінші орынға шыққанын айтпап па ем. Комсомол комитеті мен деканат группамызды туристік саяхатпен Шымкентке жіберуді ұйғарды. Ой, мен, Балта, тура он жылдан бері поезға мінбегем. Қандай ғажап!
— Сельхозработаға немен барып едіңдер?
— Автобуспен. Ал, поезд!.. Терезесінен қарап тұрсаң — тура кинодағыдай көз алдында алмасып жатқан көріністер! — Сәуле Балтаның қолын жіберер емес. — Сіз, наға... Сен, Балта, неге қуанбайсың?
— Несіне қуанайын... баратын сен, қалатын мен. Сен келгенше қайда сиям?
Балтаның шынымен мұңайып тұрғанын білгенде Сәуле қуанышының қалың ортасынан сытылып бері шықты. Өзі де бес-алты күн Балтасыз болатынын енді пайымдады. "Әй, қалай ойламағам? Мен де іздейтін сияқтымын ғой. Іздеймін бе? Көре алмасам, тұра алмайтындай алағызып бітер ме екем? Барғаным да дұрыс екен. Осы жолы өзімді бір сынайын. Сағынсам, шыдай алмай іздесем, онда нәртәуекелге мен де бекірмін".
— Сиясың, Балта! Бес-алты күн өте шығады. Жұмысың бар. Майсара тәтем бар...
— Айтпа оны... Тәтең екеуміздікі басқа тірлік.
— Мен сендерді түсінбеймін... Үйленбедік дейсіндер — бірге тұрасыңдар. Сүймейміз дейсіндер — бөлек кетпейсіңдер.
Сәуле құралсыз, әлсіз көңілдің өз түйгенін айтты. Жақтырмай, жатырқап айтты. Сүйіспеншілік жоқ жерде есепқорлық бастау алса, ондай тіршіліктің несі сән. Несі қадірлі? Несіне қызығады? Ең бір аялап ұстайтын нәзік сезімді саудалаған жанның жүрек бұлқынысына сенуге бола ма дейтін күдік өз көңілінде де бұлқынып қалатын боп жүр. Сәуле Балтаның қолын қоя берді де, ілгері жүріп кетті.
— Ертең "Алатау" поезымен жүреміз, — деді үйдің қасына тақалғанда. — Балта, осы арадан қайт.
— Неге? Мамаң ба?..
— Жоқ! Мамам білмейді. Мамам менің еркімді тұсап көрген емес. Сенеді ол маған.
— Енді кімнен қорқасың?
— Қорықпаймын. Бірақ ыңғайсыз.
— Немене ыңғайсыз?
— Анау постыда...
— Серегин бе?
— Иә. Сол сені біледі. "Майсараны алдап жүр. Сені мен алдап кетуі мүмкін" дейді. Балта, сен мені алдайын деп жүрсің, ә? — Сәуле жымиды.
— Мен сенің ол Митя — Дмитриіңнің жағын айырып берем әлі. Неге ол итаршыланады? Әлде саған?..
— Мүмкін. Жігіт емес пе?... Арамдықпен өш.
Балта не дерін білмей, ыза боп тығылып қалды.
Сәуле сықылықтап күліп жіберді.
— О-о, Отелло двадцатого века! Бірақ мен Дездемона емеспін ғой. Мүмкін болмаспын да.
— Неге? Неге, Сәулетай? — Балта күйіп кетті.
— Өзім де білмеймін. Мүмкін сенбейтін шығармын. Мүмкін... — "сүймейтін шығармын әлі" дегенді бүгіп қалды.
— Жарайды, Сәуле. Оныңды да көрейін. Түбінде бір сенетініңе еш күмәнім жоқ. Ал, анау Серегиніңе айтып қой, егер саған ендігәрі жақындайтын болса, аяғын сындырам.
— Ал, ол сенің машинаңды күзеткен. Тентек-телілерді жолатпаған. Сонда сенікі жақсылыққа жамандық қой, ә.
—Сен құсап сөз бақпаймын мен. — Балта бұртиды. Балтаның бұртиғаны Сәулеге ұнайды. Сондай сәтте Балта шешесіне өкпелеген ерке балаға ұқсап кетеді.
"Әй, бала сияқты. Бүкпесі жоқ. Бірақ Майсарамен бірге тұрады. Мені шын сүйсе, іргесін неге аулақтамайды. Әлде келіншекті аяй ма? Онда мен кінәлі болмаймын ба? Мүмкін екеуінің арасына сына боп кірген мен шығармын? Бүтін көңілді жарым қып, жалынды жүректі жаралап, от түтеткен екеудің жас отауына бүлік салған мен шығармын? Онда неге некеге отырмаған? Некеге тіркелмесе, шаңырақ көтерілмес пе еді? Қай қазақ ЗАГС-ке отырып, некесін қидырып, куәландырып қосылушы еді. Көңілдері жараспаса қандай куәлік біріктіре алар? Менікі қиянат емес пе?"
Осы күдік тағы да сап ете қалды. Балтаны ұнататынын біледі. Әдемі жігіттің түр-тұлғасы ешкімде жоқ. Қасында қолтықтасып көшемен жүріп өтсең, сенен бақытты жан болмастай. Көз біткеннің Балтаға қадалып, кірпік біткеннің шаншылары анық. Бірақ ұнату бар да, үздігу бар. Махаббат бар. Олардың төбесі әзір көрінбей тұр ғой. Ендеше Балтаны неге үміттендіре береді. Күдерін үздірсе, өзіне де тыныш, өзгеге де тиімді болмас па? Өзімшіл тілек қайда соғар? Соғары ақиқат".
— Сөз баққан басқа да, Балта, ой баққан басқа. Мен сені жазғырайын дегем жоқ. Естігенімді ғана айттым. Серегин жақсы азамат. Одан өзің алыс жүр. Әйтпесе ол соғып тастауы мүмкін.
Балта қалт тоқтады. Тіл қатпай Сәулеге бастан-аяқ сүзе қарады да, бұрылып алып, адымдай жөнелді.
"Ойлансын. Ойланғаны жөн. Өкпе сызды өткізбеймін. Терім қалың". Іштей осыған бекінсе де, Сәуленің көзіне мөлт-мөлт жас үйірілді.
Ертеңінде вокзал басында Сәуле алақтаумен болды. Балта көрінер емес. Поездың жүруіне бес минуттай уақыт қалды. Сәуле тағы да перронға түсті.
— Ахметова, сен неге шошаңдап кеттің, — деген кураторының ескертуіне де қараған жоқ.
"Келмей ме? Шынымен өкпелегені ме? Кететін уақытымды айттым ғой. Қолы тимей қалды ма екен? Балтаның қанша өкпелесе де келмеуі мүмкін емес. Емес... Әй, келмегені де жақсы болды. Бір жағына шығуы керек қой... Майсараны бәрібір қимайды. Ал мен Майсарамен таласпақпын.
Неге келмеді? Келмесе келмесін".
— Сәуле, неге жүдедің? — Группа старостасы Асқар екен. Артынан ілесе шығып тұр. — Біреу келем деп пе еді? Мамаң ба?
— Жоқ! Ешкім де келмейді. Жүр. Тәтей ренжіп жатқан шығар, — деп Сәуле вагон есігінің жақтау ағашына қол созды. Асқар қолтығынан демеп жіберді.
— Сен, Сәуле, уайымдама. Уайымдағаныңды көргім келмейді, — деп ілесе көтерілген Асқар қыздың құлағына сыбырлады.
* * *
Аяқ астынан машинасы қызбай қойды.
Жұмыстан мініп келген. Үйге кіріп, тамақ ішіп шыққанша не боп қалғанын білмеді. Стартерді қайта-қайта басқанымен мотор от алмай гүр-гүр етті де, ақыры шырылдап, шиқылдап қалды.
" Қой аккумуляторды босқа отырғызып тастармын" деген Балта машинасын кілттеп, троллейбус аялдамасына жүгірді. Артынан көлеңкесіндей ілесе келген екеу, ілбіп бара жатқан троллейбустың есігінен Балтаны ішке кеуделей енді. "Мыналар қайтеді? Баса-көктеп жаман үйреніп қалған әдетін жасайды-ау! Қандай нахалдар! Кешірім сұраудың орнына көзімен мазақтап тұр". Балта бұрылып кетті. Асыққан адамға троллейбустың жүрісі өнбейтіндей болады екен, аялдамасы да көбейіп, тұрысы да ұзарып кетеді. Ақыры жетті. Есіктен сығылысып түсе бергені сол еді, әлгі екеу тағы да кимелеп, кеуделеп қағып қақпақылдап әкетті.
— Жігіттер, жетті ғой!
— Жетпесе, не істейсің?
— Кешірім сұратқызып, етігімді сүйгізем.
— Оһ, умора! Мына жаман қайтеді ей! Уайс, не ғып тұрсың? Бол, тезірек кешірім сұра, әйтпесе етігін сүйгізіп жүрер, — деп төртпақ денелі шойқара Балтаның қолынан шап беріп, қайырды да, троллейбустың соңғы аялдамасының оң жағындағы қарағай шарбақ тасасына қарай итере жөнелді. Қарсыласам деген Балтаның қолын жоғары лықсытып еді, жаны көзіне көрінді.
— Жігіттер, жіберіңдер, — деп жалына бастады.
— Жо-оқ, Балтажан, күйеужан, азырақ сөйлесіп алу керек боп тұр өзіңмен.
"Мені біледі. Әдейі іздеген болды ғой. Күйеужан дегендеріне қарағанда Барақтың кісілері-ау. Бұларға менен не керек екен?" деп алғаш шошып кеткен Балтаның жүрегі орнына түсе бастады.
— Босат қолымды. Сөйлессек сөйлесейік.
Шойқара қоя берді. Құрылыстың сыртын қоршаған шарбақтың бір қуысынан үшеуі ішке кірді.
— Ал, не айтасыңдар?
Балта айтып аузын жиғанша болған жоқ, шойқараның қасындағы Уайс аталған серейген арыры жұдырығын құлақшекеден сарт еткізді. Балта қалпақтай ұшты. Содан әрі екеу сарт-сұрт тепкіледі. Екі қолымен басын қорғаған Балтаның басқа дәрмені қалмады. Аяқ астында былғаң-былғаң домалады.
— Тоқта, Уайс! Әй, күйеужан! Біраз тыңдадың білем, ә. Құлақ сал енді. Дұрыстап тыңда.
— Қолыма бір тү-сер-сің!..
— О, шірік! Алдында-ақ тұрмын ғой. Істеріңді істеп қал кейінге созбай, — деп шойқара қарқылдады.
— Күлдірем әлі...
— Жә, қысқарт! Уайс, тістетші тілін!
Уайс сөзге жоқ, қимылға жылдам екен, добалдай тұмсығы бар қалың табан етігімен бүйірінен ыңқ еткізді.
— Сен, күйеужан, бүгін менің қолымдасың, менің! Өлтірем бе, босатам ба, майып қылам ба — ол сенің өзіңе байланысты. Ерегісем деп өршітпе босқа. Біз сені іздеп шыққанбыз. Машинаңның неге жүрмей қалғанынан оны сезіп жатырсың. Әңгіменің тоқ етері: Әйеліңнен жеріп жүр дегенді естідік. Ондай бейбастақтықтан тыйыл! От басының бірлігін, амандығын ойла. Сәуріктенгеніңді қоймасаң, насыбайыңды шақшаңмен қоса отап тастаймын! Бұл қорқытуым емес, сертім! Оның үстіне анау сен сауырлап жүрген шүйкебасты лақша бір-ақ рет бақ еткізіп бауыздап, адам түгіл шайтан таппастай жерге тыққыза саламыз.
Балта ыңыранып басын көтерді. Кеудеге қанжар сұғып алғандай түршікті. "Мыналар аямайды. Сөйтеді. Сәулені өлтіруі мүмкін". Сағатына қарады. Поезд кетіп қалған екен.
— Түсіндің бе? — Шойқара үстіне төніп келіп, талтая еңкейді. Аузынан арақтың, темекінің қолқа қабар сасық исі аңқыды.
— Неге үндемейсің? Уайс!
Уайстың қимылы белгілі. Балтаны жағадан алып тік көтеріп, алқымынан буындыра сығып ұстап тұрды да, құлақшекеден тағы қонжитты. Ұратын жерді, қалай ұруды біледі. Балтаның басы дыңылдап, көз алды қарауытып, есеңгіреп қалды. Шойқараның гүрілдеген даусынан ызыңы ғана құлағына жетіп, мағынасы санасына өтпеді.
"Мұнан да өлтіргені жақсы еді ғой... Өлтірулері де мүмкін. Мына құрылыс басына ертеңге дейін жан келмейді. Айқайласам ешкім естімейді-ау!.. Өлтіреді бұлар. Түк емес... Түк емес. Өлем бе?.. Мынау жарық дүниемен қоштасам ба?.. Не көрдім?.. Қандай қызық көрдім?" Балтаның көзінен жас парлады. Соны көргенде шойқара Уайске қоя бер дегендей ым жасады.
— "Ойнасақ та біраз жерге шаптық" депті біреу, күйеужан. Міне, міне, осылай іш босатып жылап алғанын жақсы. Еркектің жылағаны — жер болғаны, жасығаны — мойығаны. Уайс, сен енді бұл шіркінге қол былғама. Абройдан айрылған немеге әуре боп қайтесің. Тым осал екен. Тез сынды.
Уайс қолының қанын Балтаның үстіне сүйкеп сүртті.
— Әй, күйеужан! Сонымен сәуріктенбеймін, әйелімнен екі елі ажырамаймын деп уәде бересің бе?
— Жа-а-рай-ды-ы...
— Жоқ! Оның ойын баласының оттағаны. Уайс, сертін ал.
Уайс бас изеді, аяғын-аяғына сарт еткізді. Сонан соң қонышынан әлденені суырып алды. Бір жерін бармағымен басып кеп қалып еді, сарт етіп қанжардың суық жүзі жарқылдап шыға келді. Жарқылдаған қанжардың үп-үшкір ұшымен Балтаның көз алдында крест сызды да, маңдайын, мұрнын, иегін түртіп-түртіп өтіп, өндіршегіне тақай қойды. Қимылдаса, қорс етіп қадалатын тәрізді.
— Бер сертіңді!
— Қа-ла-ай?.. — Балтаның тілі күрмелді. Көздері шойқараға жалына жапақтады.
— Қане, қайтала онда. Сертті бұзсам, сел ұрсын! Кер дауылды жел ұрсын! Жер тітіренткен көк ұрсын! Қанды қанжар кек ұрсын!
Балтаның күрмелген тілі "кек ұрсынды" бұратылып әрең айтты. Қадалып барып қанжар босап кетті.
— Бұл туралы, біз туралы әйеліңе ләм демейсің. Естідің бе?
— Иә...
— Бар, жоғал, сүміреймей! Сенің қай жеріңе қызығады бұл әйел шіркіндер. Нағыз ез екенсің!
Шойқара жиіркенгенін анық білдіріп, түкіріп жіберді. Сол түкірік үстіне тигендей Балта ақсаңдай басып шарбақтың тесігіне жетуге асықты.
Ерні көнтие ісіп, көзі жұмылып, өзі ақсап кірген Балтаны көргенде Майсараның жан даусы шықты.
— Балта!? Ойпырмай, не болды, жаным?!
Алғаш рет "жаным!" деген сөз аузынан жалындай шығып еді, Балтаны еріксіз бас идіргендей солқылдатып жіберді. "Жаны ышқынды-ау! Жаным деді-ау, Майсара!" Көңілі алай-түлей ұйтқыды. Көше-көшенің қараңғы тұсын сағалап үйге жеткенше Майсараға деген өкпе қыжылы кеудесін кеміріп келіп еді, сәскенің тұманындай бой-бой ыңырады. Кеудеде енді өзгеше құйын соқтырған күйді кешті.
— Не болды, Бал?! — Құшақтай алған Майсараның қолы бүкіл денені тіміскілеп жүгіріп кетті. Көздегі үрей, Балтаға жаны ашып шошыған үрей дәл қазір Балтаға сондай ыстық. Әлгінде бүкіл дүниені тәрк еткен панасыз, әлсіз, жалғызсыраған көңілі жанашыр тапқан соң әке құшағында елжіреген баладай арқаланды.
— Амансың ба? Сүйегің аман ба? Не болды? Айтсаңшы енді? Әлгінде жүрегім суылдап отыра алмап едім. Әй, Бал! Кештетіп жүріп алатын болдың ғой... — Майсараның жаны ауырған үні құлаққа майдай жағады. Жоқ. Керексіз емес екен. Іздейтін, жоқтайтын біреу бар екен. Көмейінен өксік төгілер, мұң сорғалар жары бар екен.
Балтаның көзінен жас моншақтады. Әлгі моншақ жасты Майсара алақанымен сүртіп алып, өзі де селк-селк етіп егіліп тұр.
— Машина...
Машинаны неге есіне алды. Сыртта қалып қойды дегісі келді ме, өзі де білген жоқ. Бірақ оны Майсара басқаша ұғынды.
— Аварияға түстің бе?! Сол машинасы құрғырды сатып жіберші! Апырай, жанын қалғанын айт! Өзің жүрші! Қозғалшы былай. — Майсара кілт кейін серпіліп, Балтаның қолынан тартқылады. — Е, атта! Атташы тағы. Ойбай-ау, ақсап жүрсің ғой! Аяғың ғой! Қай аяғың?
— Ештеңе жоқ, Майсара... — Балта ыңғайсыздана теріс айналды. — Жеңімді тартшы...
Майсара жапондық куртканы шешіп алды. Орындық әкеліп қойды.
— Отыршы, Бал! — Етігінің шытырашын тартып ағытып, етіктерді сыпырып тастап, балақтарды түріп жіберді. Майсара саусақтары бақайдан бастап сипалап, сылап, түртіп байқап жоғары өрлеп барады. Балтаның қытығы келе бастады. Жүрелеп отырған Майсараның халатының төменгі түймесі салынбапты, аппақ сандары бұлтиып көздің жауын алды. "Қандай аппақ! Сонау алғашқы күннен кейін дұрыстап қарамаппын- ау! Әй, сұлу-ау, бәтшағар! Қандай сұлу! Мен дегенде шығарда жаны бөлек"... Еңкейіп барып құшақтай алды да, қобыраған шашына тұмсығын көмді.
— Май, қайда жүрсің, Май?
— Осындамын... Өзіммен өзіммін.
— Не бітірдің? — Екеуіне дәл қазіргі күйлері сондай ұнайды.
— Сөйлестік...
— Кіммен?
— Өзіммен... Сенімен. Жыладық. Күлдік... Шүйіркелестік. Еске алдық... Күмілжідік... Қайта жыладық, Бал.
— Мен ше? Мен де жыладым ба?
— Сен теріс қарап отырдың... Өткенді көп өгейсідім. Көңілім күрсінді. Жаным жылады менің, Бал.
— Ал, мен ше?
— Сен көп сөйлемедің... Мүмкін сөйлескің, шүйіркелескің келмеген шығар. Кейде күрсінген де жақсы... жабыққан да жақсы. Өз кемшілігіңді өзің көресің ондайда.
— Май, адам қарбаласы, ойлап отырсам, кейде түкке тұрғысыз. Соны сезбейміз де жанталасып тырбаңдаймыз, тырбаңдаймыз. Бәрі өткінші! Төбеңнен әлдебір кірпіш түсіп кетсе, не машинаң тайғанап кетсе — қарбалас та, жанталас та одан кейін қажет емес. Ешқашан да. Сен үшін мәңгілік. Бірақ өмір өшпейді. Әлем өзгермейді. Дүние мызғымайды... Неге, Май? Біз болмасақ, сен болмасаң — дүние бұрынғы қалпында неге қала береді?
— Басқалар бар ғой... Адамзат...
— Адамзат... Мен ше? Адамзат емеспін бе мен? Ендеше мені керексіз тастай лақтыра сала ма? Мен тас емеспін ғой, Май. Тас емеспін. Мен жоқ болсам, неге бірге жоғалмайды бәрі?
— Білмеймін. Адамзат — бір адам ғана емес, Бал... Ал, адамсыз жер... — Майсара басын жұлып алды. — Адамсыз Жер болмауы керек... Жер адамсыз болмайды...
Майсараның көзін... құп-құрғақ көзін көргенде Балта әлгі абстракциялық дүниесінен бері оралды.
— Түймең үзіліпті...
— Ә-ә? Түйме?.. Не түйме? Қандай түйме?
— Халатыңның түймесі... Алдың ашылып кетіпті.
Майсара атып тұрды. Теріс айналып кетті.
— Ваннаға су құяйын. Жуынып ал.
Екеуі асүйдегі дастарқан басына енді отыра бергенде есік қоңырауы шылдырады.
Майсара есік ашты.
— Кеш жарық, Майсара Тілеуғариновна!
— Жоғары шығыңыздар. Шешпеңіз. Өте беріңіз... Ә, онда мынау жөргемді іліңіз аяғыңызға.
— Шеф үйде ме?..
— Үйде... Үйде болғанда... Екі кештің арасында аздап... Машинасы тайғанап кеткен бе, Балта бетін соғып алыпты.
— Не? — Оқыс шыққан Маргаританың даусын танып, Балта бері шықты.
— Оу, сіздер... сендер?.. Бірдеме болды ма?
— Көзіңіз аман ба, Балта Мұқатович? — деп Маргарита бәрін ұмытып қасына жетіп барды. — Жұмылып кетіпті...
— Аман, Рита-Маргарита. — Балта күлген болды.
— Аса құрметті һәм қадірлі Балта Мұқатович, яғни қадірменді шеф. Лаборатория атынан, институт атынан һәм лаборанттар атынан сіздің құзырыңызға құдық ұрып, туған күніңізбен құттықтап қоюмызға рұхсат етіңіз! — деп Сережа даусын салтанатты түрде созып, кеудесін иді де, оң қолын жерге тигізді.
— О-о, мен тіпті ұмытып кетіппін. Май, Майечка! Ойпырау, біз мүлде алаңсыз қалыппыз ғой. Бүгін менің туған күнім! Рахмет, Сережа! Жоғары өтіңдер! Бері', мұнда! — деп Балта қалбалақтады.
— Қазір, шеф, қазір. Біз бүгін қусаңыз да кетпейміз. Қадір ибн Бек "Наташауский!" Ендігі уа құрметлу ва ғиззатлу сөз айту, то бишь, ұлуғ даражалы адрес папкасын тапсыру міндеті сіздің аса биік ва заңғар особаңызға тапсырылады, — деп Сергей өкшесін өкшесіне сарт-сұрт соғып, басын кегжең еткізді.
— Балта аға, сіздің туған күніңіз екенін әлгінде ғана естіп, құттықтап шығайық деп... Папамның жақсы көретін мақалы "Орамал тон болмайды, жол болады". Соны айтамыз сізге. Мынау үшеуміздің атымыздан... Маргарита... — деп қасындағы қызға иек қаққан Қадірбек газет орауын ашып бұлғаңдап тұратын қолды ұсынды. Маргарита гүлін Майсараға ұстатты.
— Оһ, жігіттер! Дәл осындай қолды іздегенімді білсеңдер. Машинаның артқы терезесінің алдына тастасаң, соңында келе жатқан жүргізушілерге: "Байқаңдар! Асықпаңдар! Ақырын-ақырын, ағайын!" деп жасқап тұрар еді. Рақмет.
Майсара мен Маргарита залдағы столды жайып, тез дастарқан жасап жіберді. Сережа түгіл министрдің орынбасарының баласы Қадірбектің стол үстіндегі әртүрлі тағам мен ішімдіктен көзі тұнды.
Сережа алақанын алақанына сарт еткізді.
— Төрелер мен бикештер! Әр тойдың асабасы, әр отырыстың кінәгері болады. Соның екеуі де арамызда отыр. Кінәгері — Балта Мұқатович, біздің меншікті шеф. Асабасы — Сергей, ягни мен. Олай болса, ыдыстардың шөлпілдеп тұруын көмекшім һәм бірінші орынбасарым — Бек ибн Кадири ғұламаға тапсырдым.
Бірінші тілек Маргаританың, то бишь королева Маргоның денсаулығына арналады. Себеп не? Себебі: егер Марго болмағанда, Маргоның феноменальная памяты болмағанда, біз бүгін мына Майсара Тілеуғариновнаның бай дастарқанының басында, жеңгеміздің қолынан дәм татып, ағамыздың туған күнін құттықтап отырмас едік. Кешігіп келген айыбымызды білеміз. Бірақ Марго дискотекада отырғанымызда ғана айтты. Әрине оның да есіне кеш түскен. Алдымен Марго үшін!
Хрусталь сыңғыры — бөгет бұзар. Хрусталь сыңғырлады дегенше, өңештен алғашқы тілек сусыны сырғанады дегенше, көңілдер жадырап, тілдер шешіліп, жүректер ашылып жүре береді.
— Сіз сондай бақытты адамсыз, Майсара Тілеуғариновна! Неге дейсіз ғой маған. Жауабым даяр. Бүгінде талғамы күшті адам таңдағаның сүйсе, таңдағанын кисе, одан өтер бақытты жан болмайды.
— Сережа, кешіріңіз сізді Сережа деп жатқанымды.
— Айта беріңіз, Майсара Тілеуғариновна! Әсіресе сіз Сережа дегенде маған бейіс үні естілгендей сезіледі, — деп апельсиннің мөлтегін аузына тастап жіберген Сергей рақаттана тамсанды.
— Сережа, дау айтам. Меніңше, адам ештеңені таңдамайды. Таңдайтын да, талғайтын да тағдыр болса керек. Сірә, тағдырдың талғамы біздікінен гөрі күштірек сияқты-ау. Ал басқаны бақытты санайтындардың өздері бақытты ғой деймін, — Майсара көз астымен Балтаға қарап қойып, фин колбасасы туралған тарелкені Қадірбекке қарай ысырды. — Тамақ алыңыз.
— Рахмет, жеңеше. Мен айтсам... бақыт — өмірден өз орныңды тауып, өзіңе де, өзгеге де пайда келтіру. Күйкіліктен арылу. Ондай бақыт — өнер адамдарында, творчество қайраткерлерінде мол болса керек — деді Қадірбек.
Балта екі лаборантына әрі сынай, әрі таңырқай қарады. Күнделікті жұмыс барысында екі жас жігіттің ой-өрісіне, тіршілік болмысына онша мән бермейтін.
Қандай интеллектуалдар! Әрқайыссының өз пайымы бар. Өз түйсігі бар. Және соны пікір таласында қорғай алатын пәрменділік танытатын сияқты. Бірақ Қадірбектің пікіріне өзі келіспей отыр еді.
— Сонда творчество адамдарынан басқаларда шынайы бақыт онша кездеспейді деймісің, Қадірбек? Қарабайыр жұрт жайылып кеткен малмен тең болғаны ма?
— Балта аға, мен ондай салыстыруға барғам жоқ. Айтарым, искусство, яғни көркем өнер — адамзатты тәрбиелеудің бірегей құралы. Сондықтан да ол қоғам өмірінде, әлеуметтік күресте үлкен роль атқарады. Ендеше творчество адамдарының жауапкершілігі де күшті, сол жауапкершіліктен туындайтын бақыты да ерекше, — деп Қадірбек кенет өзіне қадалып қалған Маргаританы көріп қызарып кетті.
— Е, жоқ, шырақ! Қателесесің. Искусство — творчество адамының ішкі жан дүниесінің сәттік күйін, өзіндік "менін" көрсететін әдісі мен құралы ғана. Басқа түк те емес. Адамзатты тәрбиелейді дейсің. Бoc сөз ол. Насихат қана ол. Ешқандай шедевр ешқашанда зұлымды мейірбан, қорқақты батыр еткен емес. Ете алмайды да.
— Сіз... сіз, Балта Мұқатович, адамдарға неге сенімсіз көзбен қарайсыз? Көзіңізде күдік тұрғандай болатыны қалай? Күдіктің артында... — Маргарита кібіртіктеп тұрды да, басын сілкіп қалды. — Күдіктің артында жек көру бар той.
— О-о, Маргарита Батьковна! Мен сізден тап осындай тұтқиыл шабуылды күтпеп едім, — деп Балта әзілдеген болды.
— Ох, королева Марго! Бас қарқынға! Осылай серме әрқашан! Иә, адам — құдірет! Ал, жазушы, Балта Мұқатович, құдіреттің құдіреті! Ол жылатады, жұбатады! Иландырады. Сендіреді! Қадир ибн Беқ сен де осылай ойлайсың ғой?
— Иә, Сережа.
— Жоқ! Максималист жастар! Максималист достар! Эмоцияға берілмеңдер. Сендер құдірет санаған отызыншы жылдардың искусствосы культ машинасының қанды дөңгелегін тоқтата алмаса да, ең болмаса неге кідіртпеген? Білмейсіңдер. Босқа таласасыңдар. Онда да, ол кезде де әркім, жаңағы сен, Сережа, сен, Қадірбек құдіреттің құдіретіне балаған жазушыларың, ақындарың, артистерің, суретшілерің көркемөнердегі өз орнын, өз карьерасын ғана ойлаған. Қазір олар карьеристердің көкесіне айналды. Сережа, сенің тәсіліңмен дәлелдеп берейін. Себебі ме? Себебі: осы отырған бәріміз "Кіші жерді" де, "Қайта өрлеуді" де, "Тыңды да" оқыдық. Қандай шығармалар екенін шамалай аламыз, ә. Ал осыларды жер-көкке сиғызбай мақтайтындар кім? "Құдіретті" жазушылар! "Құдіретті" творчество қайраткерлері. Неге мақтайды? Леонид Ильичтың көзіне түскісі келеді. Құлағына жеткісі келеді. Қазақшаласақ, сый мен сыбаға дәметеді. Ал өнер осындай саудаға түскен жерде оның Жоғары жауапкершілігінен не қайыр.
— Е, жоқ, Балта Мұқатович, сіз жекені көппен, көпті тақпен алмастырмаңыз. Мақтаса, бесі, оны мақтады. Ал анау, мыңдаған жазушы мүмкін басқаша қарар, басқаша айтар.
— Неге үндемейді онда? Неге шындықты батыл айтпайды? Құдірет болса неге тайсақтайды? Тайсақтайтындардан құдірет шыққаның көрдің бе?
— Мүмкін айтып жүрген шығар... — деп Маргарита батылсыздау тіл қатты. — Білмей, көрмей қалған болармыз. Өзім жазушыларға сенем. Өйткені қоғамдық пікірді бәрібір солар қалыптастырады.
— Сені, Марго, дұрыс айттың деп қоштауға да болады. Бірақ... мәселенің түп негізіне үңілер болсақ, онда әр индивидум өзінше ойлап, өзінше әрекет етуі қажет. Егер әркім дайын ой, дайын пікір, сара бағытпен қимылдап, сап құрып, қатар түзеп, лек-лек қозғалар болса, ол тобыр ғана боп қалады. Ал тобырдың табыннан айырмасы шамалы. Сондықтан әркімнің өз ойы, өз пікірі, өз өресі, өз межесі, өз бағыты болғаны жөн. Тіпті, керек десеңіз, әркім өзінше күле білсін. Өзінше жылай білсін. Біреуге ұқсады дегенше индивид жоғалады. Ерекшелік құриды. Айырмашылық азаяды. Ал мен, құрметті ва гиззатлу жолдастар осындағы әр индивидтің денсаулығы үшін көтеріп қоюларыңызды сұраймын, — деп Сергей Рюмкасын көтеріп, Майсараға ілтипат білдірді. Хрусталь сыңғыры кезек алды да, көмейлерге күрең қоңыр, аққайран шараптар құйылды.
— Тамақ алыңдар. Рита, сіңлім-ау, түк алмай отырсың ғой. Мынау қуырылған каштан. Мынау бұзау еті.
Әлде голланд сырын жерсің. Жігіттер, суық қазы жүрекке тимейді. Әне, Балта құсап асаңдар... — деп Майсара қонақжайлық танытты.
Балта аузындағысын асықпай шайнап отырып, толғап жұтып жіберді де, шүберек салфеткамен ернін бипаздап сүртті.
— Өз қабығыңды өзің сүйреп өт дейсің, Сережа, ә. Бірақ сен өмірдің өте күрделілігін ескермей отырсың ғой. Мәселен мына скумбрияны алайық. Қай жердікі? Шетелдікі! Бұрын осы скумбрия Қара теңіздің атын әлемге жайған. Неге соңғы он шақты-ақ жылдағы экологиялық өзгеріс індетке айналып барады? Сол індет Қара теңіздегі балықты ғана емес, Жер бетіндегі адамзатты да жайлап барады. Сондықтан, Сережа, сенің өз қабығыңды өзің сүйретіп, өзіңше жылап, өзіңше күл деуіңе күлкім келеді. Бүкілпланеталық қасірет пен катаклизм алдында ерекшелік сақталсын деу — шектен шыққан донкихоттық.
— Сонда, Балта Мұқатович, сіздіңше не істеу керек? — деп Маргарита тесірейді.
— Өмірдің ләззатын татуға ұмтыл, Рита-Маргарита! Дәмдіні татып, сәндіні ки, Ритуля! Қызықты белшеден кешіп, рахатта ғұмыр өткіз, Марго!
— Жоқ, Балта Мұқатович! Жоқ! Сіз мына скумбрияны... өзіңіз айтқан шетелдік скумбрияны қайдан тапқаныңызды, қалай тапқаныңызды өзіңіз ғана біліңіз. Бізге ол қажет емес. Біз... біз кешіріңіз, катаклизм бүгін келсе де, ертеңгі күннің әдемілігі үшін, тазалығы үшін, экологиялық індеттің болмауы үшін күресетін, өзінше жылай білетін, өзінше күле білетін азаматтары болуға тырысып жүрген жастармыз. Максималист жастармыз!
Сережа орнынан атып тұрып Маргаританың иығынан бүре ұстай алды.
— Ай да, Марго! Коммунарка Марго! Жарайсың! Өмірдің мәні күйкілік емес. Емес, Балта Мұқатович!
Дефицит те, байлық та емес. Өмірдің мәні — қуаныш. Азаматтығыңды ақтаудың қуанышы. Вот қайда жатыр гәп! Ал, әйтпесе, қаншама кабинет бар. Қаншама кеңсе бар, мекеме бар! Соларда қаншама чиновник бар! Кешір, Қадірбек сенің папаң да солардың ішінде!.. Айтыңдаршы, кімге қажет солар?
Қадірбек қабақ астынан Маргаритаға қарады. Маргарита Сережаға бейіл қойып бас изеп отыр еді. Қадірбек орнынан көтерілді.
— Менің папам чиновник емес. Мен папамды білем, Сережа. Бірақ ол да чиновниктерді жаратпайды. Ол: әлгілерді "креслоларына екі қолымен жабысып қалған арамтамақтар" деп отырады. Кешіріңіз, Балта Мұқатович, кешіріңіз, Майсара Тілеуғариновна, біз аздап қызып кетіппіз. Туған күніңізбен құттықтаймыз деп келіп дискуссия жасап жібердік... Егер рұхсат болса, Майсара тәте, сіздің денсаулығыңыз үшін деп... сонсоң тұрсақ...
— Иә, иә, Қадір ибн Бек, сен өзіңнің маған орынбасарлығыңды таныттың. Сол үшін алғыс жариялаймын. Құрметті Майсара Тілеуғариновна, әр нәрсенің шегі болатыны рас, тіпті махаббаттың да асқазаны болады. Махаббатты қалпында сақтау үшін оның асқазаның тықпалап толтырмау керек дегенді бір жерден оқыл едім, артық кетсек айыл етпеңіз. Гүл нәрлі, әйел әрлі, еркек арлы бол сын деген де бар. Сізде Майсара Тілеуғариновна, сол үшеуі де — нәр де, әр де, ар да мол. Осы үш қасиеттің сіздің бойыңызда мәңгі сақталуы үшін! — Сережа орнынан тұрды. Балта мен Қадірбек иық өсірді. Ыдыстар ортада түйісті.
..."Еркек арлы болсын" неге айтты? Қалай айтты? Арсызсың дегені ме? Ана сүті аузынан кеппей жатып ақыл үйретіп, дәріс оқымақ па? Оу, менің беделіме қарамағаны ма? Қол астымда жүріп осыны айтады. Көзіме айтады. Сыртымнан не демейді бұлар?" Майсараға көмектесіп жүрген Балтаның миын шаққан осы ойлар еді. Балтаның үнсіз ойға шомғанын сезген Майсара қыбырын білдірмейді.
"Көре алмайды. Бұл жұрт не деген қызғаншақ, ә. Қайдан алғаныңды, қалай алғаныңды білеміз демеді ме. Әрине, өздері қаңсып отырған соң өзгені күндемегенде қайтеді. Қуам! Ертең... жоқ ертең сенбі. Дүсенбіде Жарқынға айтып екеуін де айдап шығам... Жарқында да кейінгі кезде қызғанушылық пайда бола бастағандай. Әрине Майсара кім, оның анау можан-топай қатыны кім. Майсара періште ғой. Майсараны ешкім жамандай алмайды. Түр қандай! Мүсін қандай! Әй, мен неге жоламай кеттім өзіне? Тұлып емеспін, күрек қаным тулайды ғой. Неге өкпелетем?"
— Май!.. — Даусы сондай елжіреп шықты.
— Не?.. — деген Майсараның қолы дірілдеп, көтере берген вареньені төгіп ала жаздады.
— Май! Майечкам!
Балта ұмтылып келіп құшақтады да, үлбірек ерінге ернімен ысылдай қадалды. Майсара оттай жанып, қып-қызыл боп алаулап, бауырына ып-ыстық боп кіре берді. Ұзақ сүйіс екеуін де еліктіріп жіберді.
— Жүрші-і, Ма-ай!.. — деді құшағын жазбаған күйі ентіге сыбырлаған Балта Майсараны икемдей сүйреп.
— Асықпашы, Бал!..
— Болшы-ы, Ма-ай!
3
Жарқын екеуі сөзге келісіп қалды.
— Бұл саған әкеңнің төрі емес тайраңдайтын. Бұл ара — өндіріс орны. Керек пе, дұрыстап істе. Одан соң, Балта Мұқатович, сен лаборанттарға әкіреңдеуді қой. Адамның қасиетін аяқ асты еткізбеймін. Тиме намысына!
— Олар да танауларын көтере бермесін. Қайдағы бір боқмұрындар кісіні кісі екен демейді.
— Кісі болу керек ол үшін. Лаборантқа мұрын шүйіруді қою керек. Олар бүгін лаборант, ертең — инженер. Екеуі де сырттан оқиды.
— Маған қашан тақырып тағайындалады? Біреу үшін отқа күйіп, у жұтқым келмейді, — деп енді Балта қабағын қатты түйіп басқа қырға көшті.
— Асықпа. Кеше келіп, бүгін бер деуің ертерек... Мұнда кезек деген бар. Алдымен Сухоруков қорғап алсын. Содан соң саған жол ашылады.
— Сонда мен әлдебіреу үшін жанымды неге қинаймын? Неге өліп-өшем? Керек ие, Сухоруковтың өзі "Наташа" сияқты пеш жасасын. Технологиясын өзі қарастырсын. Ал менің бүкіл еңбегім біреу үшін кетпесін. Кеткізбеймін.
— Әй, Балта, Балта! Сен қандай жігіт едің. Қандай азамат едің бұрын! Енді қалай өзгергенсің! Мен сені... бұрынғы Балтаны білмесем, бұйрық шығартып, жауырыныңнан қағып, босатып қоя берер едім. Аяймын. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін табар деген дәмем бар әлі, — деп Жарқын қинала қабақ шытып, басын шайқады.
— Сіз өйтіп өзіңізді өзіңіз дәмелендірмеңіз босқа. Мен бұрын да, бүгін де сол баяғы өзіммін. Ал талабым талап. Егер майға дейін маған диссертация тақырыбы белгіленбесе, сіздің бұйрығыңсыз-ақ шығам да жүре берем. Аспан асты кең. Кеңқолтық ағалар да жеткілікті. Біреуге құл, біреуге жалынышты болу жанымды жаралайды. Осыны есіңізге мықтап түйіп алыңыз, — деді де, Балта кілт бұрылып кабинеттен шығып кетті.
"Айтқаным жақсы болды. Үндемесең, желкеңе мініп алады. Бірін бірі ауыздықтап үйренген төресымақтар жүндеуге жақсы жуас түйені таптым дейді ғой. Жарқындыкі де белгілі тірлік. Сухоруков оның төртінші кандидаты болады. Сол төрт кандидаттың диссертацияларының басын құрап монография шығарып, докторлық қорғамақ. Сухоруковқа тездетіп қорғатудың барлық амалын жасайды. Жарқынның ағасы атақты академик. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Соны ту қылып, маған бір шекеден қарамақ. Не біледі өзі? Ақыл-кеңес бере ала ма маған? Қайдағы берген. Тайыз. Сұмдық тайыз. Білімі үшінші курстың студентінің білімінің деңгейінде ғана. Кеуде кергенде керемет. Ағасы отырмасыншы, арты бір-ақ күнде ашылар еді. Мені ана боқмұрындарға жығып бергені жаныма батады-ау. Ыза қылғанда Майсараға анау мықтысымен неге таныстыр демеймін осы. Жығылсаң нардан жығыл деген бар. Қашанғы итшілей берем. Қолжаулық болмаған нем қалды. Әй, анау шөпжелке Маргарита да мұрнын шүйіреді. Ойбай-ау, басқа басқа болсын, бұл шошақай қызға не жоқ. Саусағымды бұлғасам-ақ жетіп келер еді баяғыда. Аяғанымды неге білмейді-ей. Менен басқа біреу болғанда обалсынып жатпайды, бауырына басады да, шаруасын тындырады. Ал мен... мен ғана елден ерек сүю-күюсіз қадам баспайтын. Анау Сәулені де ұмыттым. Ай болды көрмегеніме. Бәлсінтіп қайтем оны. Бұ шіркіндердің шетінен әулиемситіндері несі екен, ә.... Мені көргеннің осқырынып тұратын жыны барын білмеймін... Жоқ. Майсараны көндіруім керек. Анау құдайымен таныстырсын мені. Бұдан әрі ешкімге қолжаулық бола алмаймын. Сухоруков кім, мен кім, ә. Қолыма су құюға да жарамайды ол. Шалбарының құйрығы тесіліп ертеңнен кешке дейін кітапханадан шықпай, әркімнен бір ұрлап статья жазғаннан басқа білері бар ма? "Наташаны" кім жасады? Жүзден аса балқыманы кім алғызды? Әртүрлі режимді технологияны... Жаңа технологияны кім түзеді? Мен! Ал сонда мен неге қағажу көріп, шеттеп қалуым керек. Менің үлесімді неге басқа біреу күйсеуі керек. Қазіргі өмір заңы осылай дейді бөрі. Ендеше менікін емес, мен басқаныкін неге асамаймын? Жауырыныма мен ер салғызбай, қайта сол ерді басқалардың арқасына мен неге салмаймын? Ауыздығын қаршылдатып, тізгінмен тұқыртып мен иеге екі өкшемді өкпесіне қадап қонжиып алмаймын? Қонжиям! Себебі менде сондай алғырлық бар. Іскерлік мол. Қажыр күшті. Мен көрінгенге көз сүзіп, қолын жалап, құйрық бұлтаңдатар Сухоруков емеспін. Мен сыбағаның майлы тұсын берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алатындардың сапынанмын. Бонапарттың: "Солдаттар, сендерде түк жоқ, жауда бәрі бар!" деген ұраны менің де ұраным. Әзімде жоқты өзгеден алам. Ол үшін ештеңеден де тайсақтамаймын".
Бәрі өзін өзі қайрау ғана. Әрине көп мықтылардың алдында, тіпті Барақ емес Магомедтің алдында күмілжіп, жағалатып қана сөйлейтінін өзі де аңғарады. Соны сезгенде іштей қорланып, күйіп кетеді. Кешке қатуланып келді.
— Майсара, әбден титықтадым. Өзіңнен төмендер төбеңде ойнақтағаны жаман екен. Шыдай алар түрім жоқ. Анаусы бір тұқыртып, мынаусы бір данышпансып өлтірер болды. Қашанғы итшілеймін. Мені мықтыңмен бір таныстыршы. Аржағын өзім көрем сонсоң, -деп төте тілек білдірді.
Майсара сылқ түсті. Ғазиз Құлтановичтың ауқымы күшті, тегеуріні қатты. Тілек те, талап та, қалау да соның тарапынан ғана шығуы тиіс. Басқалар бас шұлғушы, орындаушы, бармақ жалаушы ғана. Ол кішірейгенді кісі тұтып, еңкейгенді еркелететін тәңір. Тәңірге талап қою — қиямет. Түсінер ме? Түсер ме биігінен қатарыңа? Ақыл таппас ағайынды екінші сонсоң маңына жолатар ма? Қалай айта алады? Жеткізе алады? Балтаға онша ықыласы ауа қоймаған еді әуелден-ақ. Енді мүлде тулап, мөңкіп шыға келсе, қайтеміз. "Сырымызды білді. Құпиямыздың кілтін ұстағандай болды. Көп білгені қауіпті" дегенді сездірді өткенде. Тайғанақ машинаны қаттырақ сырғанатып жіберсе... Бұлардан бәрін күтуге болады. Ал, Балта... Қайтадан икемделіп беті бері қараған көңілін тағы суытып алса, онда мүлде қайрылмай кетеді. Біржола кетеді. Онда бұл тірліктің несіне қызығады? Несін қимайды? Айт пен тойдан не қалады?"
Майсараның тоқырап қалғанын Балта өзінше ұғынды. "Әрине, қатынға күшік күйеу керек. Менің дүрілдегенім бұған қолайсыз. Өз қолым өз аузыма жетсе, тастап жүре береді дейді ғой. Ол да мүмкін. Апа қылам ба? Өткелден бір өтіп алсам... Әй, бұ не тірлік біреудің тағдырын біреудің қолына ұстатып қойған? Жауға жалын, қатынға жалын — қайда барып оңасың. Әй, қор қылған өмір-ай!"
Жасап қойған дастарқанға қарамай, залға барды да диванға теріс қарап жатып қалды.
Майсара көп отырды, Көп ойланды. Ақыры Ғазиз Құлтановичтан қол үзсе де, Балтасынан бір елі ажырамауға бекінді. Бірі ине, бірі жіп — сабақталған өмір ескіні жамаса да, жаңаны жөргесе де, ажыратпаса, айырмаса болғаны екеуін.
Майсара залға кіріп Балтаның қасына отырып, иығына бетін төседі.
— Бал!.. Ә, Бал!
— Немене?
— Қай жерде жүрсің? Қай тұсқа барып қалдың?
— Жете алмайсың, әуре болма.
— Өткел салсам ше?
— Онда сөз басқа, Май. — Балта бері аунады. Бері аунады да, Майсараны ұмар-жұмар бауырына қысты.
— Байқа, Бал! Көпірді сындырып алармын.
— Сынбайды. Сен айтқан соң сынбайды ол, Май. Түу, несіне Бүлінгем. Ашылды ғой тынысым! Май - сен екенсің сол тынысым! Барым!
Нәсір-нәсір жаным-ай,
Жаны құрғыр фәни-ай! —
деп әнге басты. Майсара іліп әкетті:
Ине өткеннен жіп өтер,
Бұл жалғанның қызығына кім жетер?
— Біз жетеміз, Май. Біз. Екеуміз жетеміз. Есік қоңырауы безілдеп ала жөнелді.
Майсара залға тасыр-тұсыр басқан әлдекімді ертіп алып кірді.
— Оу, алыстан ағаң келгенде шалжиып жатысың қалай? Не күтіп алу жоқ, не қарсы алу жоқ, — деп сызданып кірген Мақан екен. Балта орнынан тұрып қол ұсынып амандасты.
— Жоғары шығыңыз, Мәке.
— Шығам. Әдейі келген соң асықпаймын. Мынау келін бе? Сәламат па, келін шырақ. Аяғың құтты болсын, қарақ. Мен мынау Балтаның ауылдасы болам. Ағасы десе де артық емес. — Жан-жағына сүзіліп-сүзіліп көз тастады да, таңдай қақты. — Тұрмыстарың жаман емес екен. Көрініп тұр. Ауылдан келген соң бір қойды үйтіп әкелу керек еді. Бүгінде бірдеме көтеріп жүру де қиындап барады. Әй, ақша болса, қой түгіл одан зорғысы да табылады. Келінжан, мынау отауларыңның көрімдігі. Базардан таңдап қой сатып алыңдар, — деп Мақан көкала елу сомдықтың төртеуін пол үстіне бір-бірлеп карта құсатып тарсылдатып ұрды.
Майсара қып-қызыл боп кетті. Соны көргенде Балтаның "ағасына" ашуы қозып, ит арқасы құрысты.
— Мәке! Ел өлетін аштық жоқ. Қаладағының қазаны қаңсығыш дегенді қашан қоясыздар. Есіктен енбей жатып, еңбегімді оярдай столды дүрс-дүрс тоқпақтағаныңыз қалай. Қоян соямыз ба, қой соямыз ба — әркімнің еркі өзінде емес пе. Қазанымызға сіз ас салып беріп жүр ме едіңіз бұрын. Әлде қонақасы тауып бере алмайды деп қорқасыз ба бізден, — деп Балта зіркілдегенде, бір езуден мысқыл күлкіні бүлк еткізген Мақан ақшасын жинап алып, қалтасына жытырды.
— Қайтқан малда қайыр бар деген. Оқасы жоқ. Ұсынған қолымды серпісең, "аға бордан, іні зордан" шығар. Бірақ, Балта шырақ, тез тасыдың. Мен — өзіңмін. Өзгенің алдында мұндай күйгелектік жасама.Онда омақа асасың. Келінжан, ұятың бар жан екенің бетіңнің қызылынан көрініп тұр. Қалада өскен тәріздісің. Бұдан былай ауыл әдетінен сен де аттама. Қалған көңіл сүйек-саяқпен алданар бұралқы күшік емес. Соны мықтап ескер, келінжан.
Айтпақшы, Балтажан, шешең күйлі. Сау-саламат. Жағдайы жақсы деуге да таяу. Осылай жүрерде кіріп шығайын өзіңе қандай бұйымтай айтар деп бір оқталдым да, тез айныдым. Сенің өз қолың өз аузыңа жеткенін көрген соң шешең өзінше тірлік өзгеше тірлік бастады. Келінжанның құлағына алтын сырға, жасырған сыр жатпайтыны белгілі. Құдайдан жасырмағанды адамнан несін жасырамыз. Қатира бике Бектемірмен әмпей. Алғаш ауыл боп үрпиісіп қалсақ та, ет үйренеді екен, қазір кәдімгідей кендігіп кеттік. Тек басқа адам табылмағандай анау Бектемір итпен шатасқаны көңіл қоңылтақсытады. Нағыз дәукес те, нағыз дінсіз де, нағыз қызылкөз де қазір ауылымызда сол Бектемір боп тұр бүгінде. "Мұқаттың әруағын сыйла, бейбастағыңды тый" деп оңаша да, правление мәжілісінде де айтып көріп едім, содан менімен ұстассын. Үстімнен жазбаған жері қалмады. Мешкей деген жақсы ат емес. Онда шақырып, мұнда шақырып мазалағаны аздай, аулымызда күнде тергеу, күнде тексеріс...— Мақан күрсінді. Сонысынан ұялғандай, серпіліп күлімдеген рай танытты. — Аққа құдай жақ деген. Адалдығымды арқа тұтам, Балтажан. Сонда да ішіне қан қатқандай соңыма түсіп алды. Анау Қобланды құрдасыңды тап бір мен өлтіргендей-ақ бір қоймайды. Әу, аңға шыққан басқалар, қаңғыған оқ қапыңа тиді деп анықтама жасаған аудандық комиссия. Сонда бұл Бектемірдің "бүк түссе де менікі, шік түссе де менікі" деуі қай зорлық... Ә-ә, әркім қышыған жерін қасиды деп мұңымды шағып кеттім бе. Өзіңді өзімсініп жатқаным ғой. Иә, солай. Ауыл өзің көргендей. Бәрі орнында. Айтпақшы сен ноябрь тойында келіп-кетіп едің-ау. Біздің парторг өзіңді көрдім деген. Сен, Балта шырақ, Тұрғанды бекер кіналағансың. Бекер.
— Оны сізден сұрамаймын, — деп манадан тығылып отырған Балтаның талағы тарс айрылды. — Тұрғаның да, Тұрғанның әйелі Нәзияң да бар болсын. Адам қанын жумастан арам қолымен... қанды қолымен қалай тамақ жейді. Қалай есіреді. Қалай той тойлайды.
— Оу, Балта! Бала екенсің ғой әлі. Дүниеде үш арсыз бар. Ұйқы — арсыз, күлкі — арсыз, тамақ — арсыз. Соны ескер. Тұрған менікі-ақ болсын. Нәзияң не?.. Ал Тұрғанның мылтығының оғы тисін-ақ. Бірақ ол неге кінәлі болмақ? Ақымақ болмаса өзі қайырған аңның өзі өкпе тұсында оққа кеудесін тосып неге жүреді. Аңшылықтың не екенін білесің бе өзің? Ол да азарттың бірі. Еркіңді баурап, көзіңді байлап тастайды. Оның үстіне ажалдың қанды қақпаны құрылып қойса, Қобланды сол күні шешесінің арқасында отырса да өлер еді. Соны пайымда, шырақ. Ә-ә, келінжан, рұхсат, рұхсат, бара бер. Ас-суыңа суыға бер. Кейде есіліп кеткенде байқамай қалатыным бар.
Майсара шығып кетті. Майсараның артынан қысылып-қымтырылмай қызыға қарап қалған "қайынаға" Балтаға бұрылды.
— Жесір келіншек пе еді?
— Кім?
— Әлгі келін ше? Жесір ме еді?
— Жоқ.
— Қалай? Сонда мынаның бәрін күйеусіз өзі жалғыз жинаған ба? Әй, пысық болар онда. Жөн-жөн, Балта. Тырбаңдағаның дұрыс. Өйтпесе болмайды бұ заманда. Шаңның арасында көзіңді аша алмай, тұралап қаласың. Өзі сенен үлкендеу ме, қалай? — Мақанның көздері індете қадалды.
— Үш жас үлкен...
— Қой, одан көп болар. Әйел шіркіндер отызға дейін оңайлықпен өңін бермейді... Жә, тұз-дәмдерің жарасса, біз не дейік. Тұра бер. Шешеңнен енді қайыр жоқ. Ол да өз қызығымен өзі, — деп Мақан орындығына шалқайды.
— Қоясыз ба, жоқ па? Сүйінші сұрағандайсыз ғой тіпті, — деп шатынаған Балта атып тұрды. Бұндай тыпыршуларды талай көрген Мақан айылын да жиған жоқ.
— Отыр! Көргенсіздік жасама. Мен — қонақпын. Қазақ қонағын құдайдай сыйлаған. Қайта-қайта айтсам, күйгендігімнен айтам. Кешегі Мұқат досымның атын, орнын жоқтап айтам. Мен сенімен ақымақ боп, аңғал боп тілімді тістеп сөйлескенде не шығатын еді. Бір шәугім шайынды онсыз да бересің. Бірақ шындықты жасыр деуің қалай? Анаң екені рас. Ал сол ана елуге тақалғанда еркексірегені қалай? Бүлінгені қалай? Соны ойлаймын мен. Соны сенімен бөліскім келеді. Ал, сен жатып тулайсың. Мен бе екем мекерлік еткен, зинақорлық жасаған.
— Болды! Сізді енді тыңдар шамам жоқ. Доғарыңыз! — деп Балта қалшылдады. Дәл қазір қасында болса Бектемірді де, шешесін де түтіп жердей түтігіп алыпты. Мынау жіпсік көзді жерлесін де қолынан жетектеп, есіктен шығарып жібермек боп тұра беріп, қайта отырды.
— Үйінде темекі тартуға да болмайтын шығар?
— Неге?
— Күлсалғышты көрмей отырмын. — Мақан "Мальборасын" суырып, Балтаға ұсынды.
— Шекпеймін.
— Жөн. Арақ та ішпейтін шығарсың?
— Сіз мені тергеуге келдіңіз бе осы? — Балта журнал столының астынан ауыр үлкен хрусталь күлсалғышты әкеліп қойды. Мақан әлгіні қолына ұстап, салмақтап көрді.
— Ауырын... Күл салуға да қимайды екенсің мынаған... Бекер тарыласың, Балта, бекер. Темекі тартпасаң, арақ ішпесең, өмірдің қай қызығын көрдім дейсің. Одан соң ойнап-күлу бар...
Мақан кеңк-кеңк күлді. Көкала түтінді ернінен сақиналата ытқытты.
— Сіздің "Рахатханаңызды" сала алмаймыз бәрібір, деп Балта қонағының көзіне шаншыла қарады. Жіпсік көздер өткір екен. "Келсең кел!" дейтін жекпе-жек мінез танытты. Балтаның кірпіктері жыпылықтады.
— Қолыңнан келсе сен де жаса. Кешегі Салғаралар құрлы жоқсың ба. Дүниені былғап өт. Жиырма бесті қор қылма. Сұлулардың қасына жамбастаудан жалықпа...
Майсара жылжымалы стол-арбаны сүйретіп кірді.
— Оу, келінжан, жылдам екенсің... Әу, өздерің мықтысындар ғой, ей. Мына тағамдар министріңнің дастарқанына да жоламайды... "Варциха" ма мынау?.. Әй, келінжан, менің дәл осылы жақсы көретінімді Балтажан айтып қойған-ау өзіңе. Краб, креветки дегендерің көзді қызықтырып тұра берсін демесең, мына қазы-қарталардың қасында, бұйым ба. Балтажан, "жаман үйдің қонағы билейді" болып бара ма... Қане, дөңгелетіп жібер өзің.
Шай жинала бере есік тарсылдады.
— Қоңырауды неге қақпайды, ей... Апырау, қалада да топас жұрт болады екен-ау. Тоқпақтауы жаман ғой, Балтажан, сен есікті аша қойшы, — деп Мақан "келінін" қас қағымға болса да оңаша алып қалғысы келді.
Майсара бірақ оны түсінбеді. Есікке өзі жүгірді.
— Балтаның үйі осы ма? — деген дүңкілдеген дауыс естілді.
— Осы! Жоғары шығыңыз..
Залдың есігінен Хайролла кіріп келді.
— Мәке! Таптым-ау сізді.
Балта орнынан ұшып тұрып, қолын ұмсына ілгері аттады.
— Ассалаумағалайкүм, Хайреке! Танымай қалдыңыз-ау, шамасы. Әйтпесе, сіз қаланың кейбір топас жұртыңдай емес сияқты едіңіз.
Хайролла жапақ қақты.
— Уағалайкүмсәлам... Ә, байқамай... Балта екенсің ғой...
— Отырыңыз.
Мақан қаһарға мінді.
— Әй, сүмелек! Ел ішінде өспеп пең! Үйге сәлем беріп кіріп, қоштасып шығатын атаң қазақтың әдемі дәстүрін неге ұмытасың! Асыр-тасыр жау қуғандай. Мәдениетке қашан жетесіңдер осы? Сендерді үйрете-үйрете әбден шашым ағаратын болды ғой.
Балта мен Майсара бір-біріне қарап жымың- жымың етісті.
— Шай алыңыз, Хайреке! Мынадан... ә? Онда мен үлкендеуіне құяйын. Оу, ауылдан бүкіл туыстарым келгенде, Майсара, біз де аздап ұрттайық, — деп Балта ыдыстарды толтырды. — Қане, Хайреке, суықтан келдіңіз, тартып жіберіңіз.
Хайролла коньякты көмейіне төңкере салды. Әлгіндегі "үлкен" ыдысы осы ма дегендей алақан қуысындағы оймақтай Рюмкаға тесіліп қарап отырды да, Мақанға бұрылды. Сол-ақ екен келген шаруасы есіне түсті ме, орнынан атып тұрды.
— Ойбай, Мәке! Құрыдық!
— Әй, немене дейсің? — Мақан шатынады.
— Құрыдық, Мәке!
— Есің дұрыс па өзіңнің? "Құры-ды-ыек!" деп құр қылғына бергенше, айтсаңшы адам құсап.
— Құрыдық дегенде... Мәке-ау... жоқ қой ол... Жоқ!
— Кім?
— Қыз... Қалыңдық!.. — Хайролла бөтелкені өзі алып, стол үстінен үлкендеу ыдыс іздеді де, таппай фужерге құйды. Фужерді аузына апарып қылқ-қылқ жұтты. Ернін алақанымен уыстай сүртіп, "жан шақырды". — Қыз дегенде... өзіміздің Гүлбадан ше... Жоқ!
— Қайда жоқ? Қай жерде жоқ? Неге жоқ? — Мақан дегбірден айрыла бастаса керек сұрағы тақыл-тұқыл шықты.
— Жоқ болғанда әлгі күйеу бала... — Хайролла ыржиды. — Күйеу бала дейміз. Менен де үлкен. Мәке, сол өзі сіз құралыптас болар...
— Оттама босқа! Гүлбаданды айт.
— Айтсам, Рысты жеңгей сіздің бұйрығыңыз бойынша күйеу баланы Гүлбаданға көрсетуге маған апарамыз деді... Апарсақ апарайық деп... Обшыға келсек қыздар гу-гу. "Күйеу бала мынау ма?" деп біреулері мазақтап... біреулері жыртыңдап...
— Әй, күйеу баланы қой дедім ғой саған!
Қыздар гу-гу... Ол жерде де Гүлбадан жоқ. Ұшты-күйлі жоқ. Олай күттік — жоқ. Былай тостық — жоқ, деп Хайролла орнына сылқ отырып, суық қазының дөңгеленген түйірін аузына тастап жіберді.
— "Оләй күгтік — жоқ, бұләй тостық — жоқ!" Қайда жоқ? Қашаннан жоқ? Қайда жүр? Оу, сұрамайсыңдар ма, қос кеңкелес-ау? — Мақан бүкіл маңғаздануын ұмытып, күйгелектеніп шыға келді.
— Үшеуміз... үш кеңкелеспіз... Күйеу баламен...
— Әй, сенің де, күйеу балаңның да тап қақ шекесін... Ә, келінжан, сен отыр екенсің ғой... Осыларға адам тұтып бірдеме тапсырсаң, жасайтындары осы ылғи. Сонда Гүлбадан жатақханада жоқ болып шықты ғой... Оу, сұрамайсыңдар ма. Мүмкін басқа бөлмелердің бірінде шығар.
— Сұрадық... кетіп қалған дейді.
— Қайда?
— Оны білмейді. Қыздар гу-гу. Күйеу баланы жабыла қуып, жабыла мазақтап, "Қыз көретін жігітті біз көрелік" деп... Қыздар гу-гу.
— "Қыздар гу-гу". Ой атаңа нәлет! Содан басқа сөз аузыңа түспей ме сенің. "Қыздар гу-гу". Олар гуілдемегенде мен гуілдеймін бе. Күйеудің қойын-қонышын тінткіледі ме? Көрер ем сонан кейін гуілдегендерін.
— Ойбай, Мәке! Жұлмалап өлтіріп қоя жаздады. Күйеу баланы біреуі олай тартып, біреуі бұлай тартып... Өзіне де сол керек деп мен болысқам жоқ... Күйеу бала деп... Қайдағы бала? Шашы түсіп, ойма таз боп қалған... Мұрны картопиядай, өзі бұжыр-бұжыр. Бұқа мойын. Бадырақ көз. Біздің Қобланжанның садағасы кетсін!..
— Әй, қырт, Қобландың не, ей сенің?
— Пәле, Мәке, сіз білмейді екенсіз ғой. Біздің Гүлбаданжанның Қобланды дегенде шығарда жаны бөлек еді ғой. Қобланды да Гүлбадан дегенде ішкен асын жерге қоятын. Әй, не керек... тағдыр жазбады ғой, — деп түсі өзгеріп, ерні кемсеңдеп Хайролла коньякқа тағы жармасты. Мақан жұлып алды.
— Көнің кепкір-ау, таң атқалы ішудесің ғой. Жетер! Не болды сонсоң?
— Күйеу бала ше? Әлгі бұқамойын мыртық...
— Мен саған күйеубаланы қой дедім ғой. Қыз қайда? Гүлбадан қайда? — деп Мақан шыж-быж болды.
Хайролла екі алақанын жайып Балтаға қарады. Майсараға қарады. Сонсоң иығын қиқаңдатты.
— Оу, Мәке-ау! Ол сорық дейді мен қырық дейміннің кері болды. Айтқызбайсыз ғой аузымнан қағып... Әлгі күйеубала ше...
Балта мен Майсара теріс айналып, иықтары селкілдеп, бүйірлері бүлкілдеп күлкіден өлді де қалды. Бірақ оны естіп те, елең қылып отырған да Хайролла жоқ. Көрген-білгенін ақтарғанша асық.
— Әлгі күйеубала ше? Соны қыздар жұлмалап, жұлқылап бой бермей қойды. Қыздар гу-гу... Өздері қандай көп, Мәке. Қыздардың басы құралғаның көруім сол ғой. Бірінен бірі өткен сұлу. Бірақ қыздардың ашуланғаны жаман болады екен, Мәке! Сізге өтірік маған шын әрқайсысы бір-бір қаншырдай атылғанда, күйеубаланың бұтын бұт, қолын қол қыла ма деп ем, әйтеуір костюмының жеңін жұлып алып, шалбарының балағын қақ айырып шат-шәлекейін шығарды. Содан, Мәке, қойны-қонышы дегеніңізден шығады. Күйеубаланың әлдебір қалтасынан бір бума үш сомдық төгілсін. Шашылсын! Ой-ба-ай! Қыздар одан сайыл гу-гу! "Махаббатты сатып алмақ болған ғой!" "Бойы бір қарыс, сақалы қырық құлаш шал-шауқанның дәмесін қарашы!" "Мынау ақшамен біздің көмейімізді бітемек болған ғой!" "Жыртыңдар! Өртеңдер!" "Жо-жоқ! Жыртпаңдар - айғақ бұл, айғақ!" деп қыздар гу-гу. — Хайролла Балтаға бұрылды. — Балтажан, көп сөйлеп жібердім бе, тамағым құрғап кетті... сәл тамызып қоясың ба мынадан... Келінжан, өзіңмен де дұрыстап сөйлесе алмай жатырмын. Аяқ астынан Гүлбаданды ұзатамыз деп өстіп жұмысты боп қалғанымыз. — Балта ұстатқан Рюмканы аузын кең ашып, көмейге бірден төңкере салды. — Содан, Мәке, ақшаны қаттап жинап, санап, акт жасады. Өздері шетінен пысық. Әйтеуір Рысты екеумізге тиіекен жоқ. Күйеубалада сиық қалмады. Алба-жұлба. Ойма тазы керемет терлейді екен.
— Әй, Хайролла, малтаңды қашанғы езесің! – Мақан өзін әрең-әрең тежеп отырғанын Балта сезді. Бірақ ішінен "шоқ, шоқ!" деп отыр. Қобландының Гүлбаданды сүйетінін білмейтін. Мына Хайролладан естігені көп жайдың бетін ашқандай болды. Қобланды өлімінің бас себебі — екеуінің, Гүлбадан мен Қобландының қосылған көңілдерінде жатқан боп шықты. Мақан — үлкен есеп, мықты шешімнің адамы. Мәпелеп өсірген қызын ауылдың қарабайыр механизаторына ұстатпайды. Негізді, текті, мықты араның ең болмағанда бір есегіне қосақтайды. "Күйеубала" — сондай биік астаудың иесі. Ендеше Мақанға сол керек. Жатқанынан тұрмасын.
— Апырай, Мәке, сөзімді бөле бердіңіз ғой, — деп Хайролла ренжіді.
— Иә, Мәке, сіздің сөзді бөліп, килігуіңіз көп екен, деді Балта әдейі. Соны арқа тұтқан Хайролла мүлде есірді.
— Күйеубаланың ойма тазы терлеп, қамыт аяғы дірілдеп, ұсқыны әбден қашып кетті. Өзі ауру болса керек екі иығынан дем алып, алқынды да қалды. Көздері меңдуана жеген адамның көзіне ме, әлде оқалақ тиген сиырдың көзіне ұқсай ма, бұрынғы бадырағы бадырақ па — құдай басқа бермесін, шарасынан бері ытқып шығып, домалап-домалап түсіп кетердей. Қыздар гу-гу. Ақыры күйеубаланы сорлатып суық бөлмеге қамап тастады. "Милицияға береміз. Сотқа береміз. Қыз алып қашпақ. Сүймеген қызды зорлап алып қашпақ" деп бір акт жасады.
— Гүлбадан қайда? Таптыңдар ма?
— Ойбай-ау, Мәке, Гүлбадан тұрмақ күйеубаладан да айрылып келіп отырғам жоқ па? Айтпадым ба Гүлбадан ұшты-күйлі жоқ деп. Қыздар гу-гу. Жөнін айту қайда. Күйеубала құсатып жұлқыласа қайтер едік. Әйтеуір бізге тиіспеді. Әй, беттері жаман! Күйеубаланы не өлтіріп қоюы мүмкін, не тарттырып жіберуі мүмкін. Қорқам-ау, Мәке, қорқам, — деп Хайролла қопаңдап қойды.
Мақан орнынан тұрды. Майсара ізет білдіріп қоса түрегелді... Мақан Хайроллаға шұқшиды.
— Неғып омалып отырсың?
— Сіз, Мәке, қазақтың әдемі дәстүрлерін сақтағыш едіңіз. Ac қайыруды ұмыттыңыз. Сонсоң келінжан тұрып ізет көрсетіп еді, оны да елемей, маған дүрсе қоя бердіңіз. Мен ежелден қолыңыздағы қолжаулықпын. Бірақ топас қылық көрсете берсек қалалықтар бізден әбден жериді ғой, — деп Балтаға көзін қысып қойып Хайролла шалқая түсті.
— Ә, рас, рас! Үбірлі-шүбірлі болыңдар. Дастарқандарыңнан ырыс кетпесін, жамандық жетпесін. Әумин! — деп асығыс бет сипаған Мақан Майсараны жіпсік көздерімен ішіп-жеп аймалады. — Келінжан, алдаразы болсын. Жағың түспей жамандық көрме... Хайролла! Бол енді. Шалжиып отырысың қалай?
— Мен дайынмын ғой.
— Мәке, тамақ пісіп қалды. Неге асықтыңыз?
— Асықпай... Біз өзі... Дастарқаныңнан дәм таттық қой. Рақмет, ұлықсат етіңдер... Хайролла, сен немен келдің?
— Таксимен...
— Ол қайда, тұр ма?
— Қараған жоқ. Таксистер — құдай бізге. Менсінбейді.
— Қап! Заказ береміз енді. Телефон бар ма үйде, келінжан.
— Бар ғой, Балта, сен машинаңмен апарып саларсың, — деп Майсара Балтаға қиыстады.
Балтаның қабағы түсіп кетті. Мақанды бұрын да суқаны сүймейтін. Манадан құтылғанша асық боп отыр. Майсараның қыстырылмас жерге қыстырылғанын жақтырған жоқ.
— Жердің түбіндегі стоянкаға бару үшін де такси шақыру керек қой, Майсара-ау. Соны білмеуші мең.
— Жә! Жүр, Хайролла! Көшеден-ақ ұстаймыз.
Хайролла мынау бөтелкелер самсаған жерден кеткісі келмей, "құйсаңшы!" дегенді көзі-қабағымен ишараттап Балтаға жапақ-жапақ қарады. Балта сезе қойды да ыдыстарды толтырды.
— Ал, Хайреке, онда өзіңіз бірдеме деп жіберіңіз.
Хайролла Рюмкасын уыстады.
— Балтажан, келінжан! Ойда жоқта отауларыңның есігін ашып қалдым. Сондай қуанып отырмын. Ауылымыздың бір үйі, міне, Алматының төрінде қоныстаныпты. Анау Қатира шешең сенің үй болғаныңды естігелі сондай қуануда. Сенен басқа оның қандай қуанышы бар еді.
— Хайролла, қысқарта, қысқарта сөйле! — деп Мақан тықақтады.
— Мәке, мен өзі онсызда сөзге жоқ адам едім. Міне, жаңылып қалдым... Ә-ә, Қатира шешеңдей жан жоқ! Нағыз азамат ана ғой. Марқұм Мұқаттың артын сыйлағаны қандай. Ер қадірін құрметтеген бір әйел сондай-ақ болар. Сен де азамат болдың, Балтажан. Орнында бар оңалар деген осы. Шаңырақтарың биіктей берсін. Келші, келінжан, ұялма, соғыстырып, ташлап жіберелік — деп орнынан қопаңдап тұрып Майсараға Рюмкасын созып, ернеулете тиістірді де, әлгіндегі қимылын айнытпай қайталап, апандай ашылған ауызға төңкере салды. Содан соң қимылсыз қалған Балтаға тесірейді.
— Сен неге алмадың, бауырым?
— Хайреке, сіз апамды періште қылып жібердіңіз. Өтірік мақтау — қылмыс жасырудан да жаман. Менің шешем, қолыңызды көкірегіңізге басып тұрып адалыңызды айтыңызшы, шынымен ың-шыңсыз өсек жоқ, таза періште ме? — деп Балта жалынғандай көзден көз айырмады.
Хайролла атып тұрды.
— Әй, Балта бала! Сен... сен ақымақ, Қатираға қара тырнақтай күмән келтіретін болсаң, ондай анадан тумай кет!
— Хайролла, тым қызынба... Қысқарта, — деген Мақанға да қолын сермеп қалғанын Хайролла байқамады.
— Қатирадай адал әйел жоқ. Болмайды! Бұ заманның Қозысы мен Баяны Мұқат пен Қатира! Қатира тірі Мұқат түгіл өлі Мұқаттың әруағына шаң жуытпайды. Бүкіл ауыл анаңды әулие тұтатынын сен... Балта шікірейіп алып білмейсің. Еще Мәскеуде оқығансың! Сен... сен қағаз кемірген оқымысты, ана сыйламауды қайдан үйреніп жүрсің? Өткенде келіп алып, Қатираны неге жер қылып кеттің? Әттең дастарқаныңда отырмын, әйтпесе бар ғой, тілім-тіліміңді шығарар едім. Сен ақымақ болмасаң қызғаншақ қатынның... Айғаншаның жел сөзіне сенер ме едің? Ал ол әйелге... ол шүйкебас қатынның қолтығына су бүріккен біреу бар. Әрине мен Бектемірді ит етінен жек көрем. Шөп қорыған төбет қой ол. Өзі де жемейді, өзгені де жолатпайды. Ал Бектемір Мұқат үшін, Қатира үшін жанын да аямайды. Достықты жұрт дәл сондай қадірлесе... дүниеде иттік қалмас еді. Құй, қане, анауыңнан сараңданбай! Сен өртеген өзегіме оймақпен болса да у себейін! — деп ыдысын тосты. Балта коньяктың шынысын Хайролланың қолына ұстата салды да, орнынан тұрып, мойнын созып, столдың екінші жағындағы Мақанның дәл төбесінен төніп барды.
— Ал, Мәке, бұған сіз не айтасыз? Сенің шешең ардан безіп Бектемірмен тамыр боп алды, ауыл түгел үрікті деп құлағымның құрышын жеп едіңіз әлгінде ғана. Қайыссыңыздыкі рас. Шындықты қайсыңыз айттыңыз. Сіз бе? Хайрекең бе?
Мақан жүз тайсақтатпады. Төменнен Балтаға қабағын тік серпе қадалды.
— Мен естігенімді айттым. Естіген құлақта жазық жоқ.
Хайролла қалшылдап кетті.
— Мәке! Мақан! Сен мені құл қылып алдың... Шоқпарың болдым!.. Болып келем. Бірақ Қатираға тіл тигізбе! Сен! Сен екенсің осы қауесетті таратқан! Ойлаушы ем кім деп? Неге деп? Сен Бектемірді қаралаймын деп жазықсыз Қатираны жараладың! Сен Мақан!
— Хайролла! Көп іштің. Артық іштің, Хайролла. Енді ішпейсің. Іше алмайсың, Хайролла! — деді Мақан.
Хайролла сылқ түсті. Әлгінде ғана әділет тілеп шоқ шашқан қара көздер заматта иесінен сүйек дәметкен иттің көзіндей мөлиді де қалды.
— Ә, Мәке!.. Артық ішкенім рас енді. Тек сіз тыйым салмаңызшы. Бұ шіркінсіз бола ма... Бас ауырады дегендей... Не істесеңіз де, Мәке, тек ішпе деп тыйым салмаңыз!..
Балта орнынан шығып, Мақанның қасына барды.
— Жауыз! Шық! Құрт қараңды, жауыз!
Майсара Балтаның қолына жармасты.
— Қой, Балта! Ұят болады, Бал. Қонақ қой...
— Қонақ емес бұл, жауыз! Қанішер! Қобландыны өлтірткен сен! Сенсің, жауыз! Сенің бүкіл қылмысыңды білетін ол. Сенің қызыңды сүйетін ол. Сен қылмысыңды бүркемек болдың. Қобландыны өлтірттің! Сен қызыңды бергің келмеді. Қобландыны өлтірттің. Адам қаны мойнында! Шешемді қараладың. Адам ары, анам ары мойнында! Шық үйімнен, жауыз!
Мақан ысылдады.
— Күші-ік! Балтырымды қанатпақ болдың ғой. Тісіңді түгел шағармын! — деп Мақан есікке ұмтылды.
Хайролла бүкеңдеп артынан ілесті.
— Әу, Мәке! Қайтесің баланың сөзіне бола бүлініп. Адам сыйлап көрмеген шіркіндер ненің парқын білуші еді. Оймақпен арақ бергенде-ақ көңілім шошыған. Өкпе тұратын жер бар ма бұларда...
Мақандар кеткеннен кейін де Балтаның ашуы, реніші біразға дейін тарқамады.
— Әй, неткен жауыз! Жүзі бүлк етпейді. Туған қызын саудалаған соң одан не қайыр...
— Босқа таусылма, Бал. Маған Хайрекең мінезі ұнады. Жағымпаз болса да, жандайшап болса да, бір адалдығы бар. Арын жоғалтпаған. Ал біз... әй, біз ондай да әрекетке бара алмаспыз-ау. Жалтақтауымыз көп...
"Иә, жалтақтауымыз көп. Хайролла құрлы кейде әділет деп дауыс көтеруге жарамаймыз. Ол неліктен? Әлде қулық-сұмдықты тым ерте... тым ерте біліп, сезіп, үйреніп шығатын буынға айналдық па? Бектемір, Хайроллалардың адалдық дейтін бір елгезек қылы бар жүректерінде. Біз ондайдан мүлде мақұрымбыз. Есепшіл, пайдашыл, сақ боп қалыптасқанбыз. Жалаңтөс жауға шабу жат бізге. Әлгінде Мақанға құр зіркілдеуден басқаға шамам келген жоқ. Әйтпесе шықшыттан бірді қонжитсам, анамның дақ түскен арын тазартар ма едім. Тіпті анам үшін де аттандап шыға алмағаным ғой. Майсара дұрыс айтты. Жан күйттеген, жылы жерге тұмсық тығуға дәніккен ұрпақпыз біздер. Бізден күрескер шықпайды. Қолы шорқақ, тілі мақау, басы изелгіш, кеудесі иілгіш жағымпаздармыз. Шетімізден. Ал, бірімізді біріміз күндегішпіз. Анау неге озып кетті. Мен одан кеммін бе? Маған да жайлы орын, биік дәреже, жеке машина, дербес хатшы қыз керек. Міне, бәріміздің күйттейтініміз. Бақастық балалаған заман кеудеде орден болмаса, баста бедел болмаса сені азамат түгіл адам санатына да қостырмайды. Иекпен нұсқап, көзбен ымдап, сыбырлап дағдыланғанымыз сондай, дауыс көтерудің не екенін ұмытқанбыз. Бәрін, бәрін ұмытқанбыз. Ұмытпағанымыз бас қамы".
* * *
"Күшік қыңсылатып аяғымды жалатпасам ба?"
Дәл осы зұлым тілек Мақанның бүкіл ойын, санасын кернеп алды. Ендігі жауы — Балта ғана. Бектемірдің жарасы жеңіл. Ол қолдағы қояны. Көкірегін құрттан да жаман дерт кемірген дімкәс. Тірі өлік. Көпке ұзамайды. Қатирамен әмпей екен дегенді анау Қобланды өлетін күні Бектемір Қатира үйінен табылғанын естіген соң өзі таратып жібергені рас болатын. Өйткені Мақан Айғаншаның қызғаншақ ұрғашы ғана екенін білетін. Өз үйінде берекесі болмаған еркек еркек емес. Қарап жүріп жүнжіп кетеді. Бектемір де жүнжісін. Қобландының кегін қумақ түгіл өз басымен қайғы болсын. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш дегенге сайған. Бүгін Балтаны үйіне іздеп келіп, Бектемірді шешесінің тамыры деп көрсетіп, көзі ашық, үлкен жерде оқыған жігітті Бектемірден бездіруді көздеген-ді. Оған сенімі де күшті болатын. Өйткені Балта шешесінен түңіліп, үйіне де қонбай кетіп қалыпты дегенді естіген. Бектемір мен Балтаны бір-бірінен ажыратса, Мақан Бектемірдің сағын сындырады, қаруын алады. Одан кейін Бектемір ағаш оғын мың жерден ата берсін. Мақанның мұрты да қисаймайды. Жап-жақсы боп иіліп, шеңберленіп келе жатқан түйінді мына Хайролла ит кесті де жіберді.
"Күшік шәуілдеген болады. Шәуілдетермін айға! Қаңсылатармын тұмсығыңнан соғып. Қыңсылатып аяғымды жалатармын сонсоң".
Азу тіс егелді. Шықшыт жүгірді. Соны көргенде Хайролланың мастығы тарқап кетті. Көшеден ағылып жатқан көп машинаның арасынан бос таксиды қалай тапты, қалай келісті — ол өзіне ғана аян — Мақанның, Мәкесінің алдына сары "Волганы" көлденеңдете тосты.
Екі-үш квартал шыққанда Мақанның көзіне әлдебір милиционер шалынды. Жұмыстан қайтып бара жатты ма, әйтеуір жалғыз екен.
— Тоқтата тұрыңызшы, — деп Мақан машинадан түсе сала милиционерге жетіп барды. Не сөйлескені, не деп келіскені белгісіз, әйтеуір милиционер Мақанға еріп келіп, таксиге отырды.
Хайролла жымыңдады. "Әй, Мәкем! Басың бас-ау! Милиционер дікіңдеп жетіп барса, гу-гу қыздар пе бітірсін, ойма таз күйеу бала суық бөлмесінен сопаң етіп шыға келеді. Әй, азамат! Әй, Мәкем! Бір он сомды қалтасына тыға салдың-ау!"
Хайролла милиционерді бүйірден түртіп қалды. Анау жалт қарады. Жалт қараған милиционерге ақырған арақ исі мен қуақы күлкілі көз қысуын жолдады. Тақалып құлағына және сыбырлады:
— Қанша таптың?
— Ә-ә... Сіз массыз, — деді милиционер.
— Маспын, Ал, сен сыбайласымсың! — Сыбырын кеңк-кеңк күлкімен аяқтады.
— Жайыңа отыр, Хайролла! — деп артына алара бұрылған Мақан тыйып тастамағанда, қолына оп-оңай мықтап түскен тәртіп қорғағыш қызметкерді Хайролла біраз әурелейтін еді.
Көп жылаған ба, Рыстының көзі қызарып кетіпті. Мақанға тура қарауға дәті шыдамай, дәлізде тұрған бес-алты қызға қолын нұсқады.
— Аналар... қызды да құртқан. Күйеубаланы да қамап қойған.
Мақан милиционерге ым қақты. Сол-ақ екен анау дереу түсін суытып, папкасын ыңғайлап, іске кірісті де кетті.
— Бұл не тәртіпсіздік! Заңсыздық! Совет азаматын прокурордың санкциясынсыз қамауға сіздерге кім рұхсат етті? Заңсыздық жасағандарың үшін жазаға тартылатындарыңды білесіңдер ме? Қане, қайсың ұйымдастырушы болған? Фамилияларыңды атаңдар! Тез!
Қыздар күбір-күбір өзара сөйлесті де, әлдебіреусі бөлменің есігін ашып, дірілдеген күйеубаланы сыртқа шығарды.
— Біз... ойнап едік. Жезде болған соң...
— "Күйеу атымен күл тасы" демей ме...
— Біздікі қалжың ғой...
— Мынау ақшасы! Үш жүз сом... Түгел.
Ақшаны алып, күйеубаланың алба-жұлба түрін көрген Мақан милиционерге:
— Акт жасаңыз. Мынау бейбастақтық! Қол жұмсаған. Киімін жыртқан, — деді.
Милиционер қағазын жая бастады. Хайролла манадан талдырмаш қылша бел, қарақат көз қызға қызығып тұрған, өндіршектеп шыға келді.
— Жолдас милиционер! Мынау азаматша бәрінің бастаушысы! Дем берушісі! — деп әлгі қызды көрсетті. м Осы азаматша! Ешкімді тыңдамайды өзінен басқа. Алғаш қол жұмсаған да өзі. Мен куәмін ғой!
— Фамилияң кім? — Милиционер рөлін ұмытып, шындап кірісті.
— Мен бе? Ағай... ағай... Мен әлгінде ғана келгем. Бүгін подругамның туған күні боп... Соның үйінде болғам, — деп қыз жыламсырады.
— Тануын! Сенбеңіз жолдас тергеуші! — деп Хайролла одан сайын қыт-қыттады.
— Фамилияң кім? — деп милиционер қатайды.
— Менің бе? Ағатай-ау, менің кіргеніме он-ақ минут болды. Мына ағайды көргенім осы. — Қыз жылап жіберді.
Мақан қолын сермеді.
— Бара бер, қызым. Ал, сендер айтыңдаршы, Гүлбадан қайда?
— Гүлбадан кетіп қалған.
— Кеткенде... шын кетті ағай. Сіздер келді дегенді естіген соң, осында бір жігіт келіп жүретін өзіне. Гүлбадан сонымен...
Ну что ж, махаббат үшін бәріне баруға болады!
— Жоқ, Бақыт. Гуля, Гүлбадан ол жігітті онша ұнатыңқырамайтын. Мен білем ғой. Мынау Карлик ностан куда лучше болған соң тайды да тұрды қол ұстасып! Молодец, Гуля!
— Сүймеген біреуге қосақтар болса, мен де сүйтер едім...
— Сіздер... сіздер еще ата-ана аталасыздар! Балаларыңызды, Гуляны сатпақ болғансыздар... Сіз Қарабайдан да пасықсыз! Вот менің сізге айтарым. Жолдас тергеуші, протоколға жазыңыз. И везде и всюду қайталаймын. Қарабай надан, қараңғы болған. А этот новоявленный Қарабай занимает руководящий пост, iu-рховодит людьми и играет судьбой своей собственной дочери. Нағыз феодалсыз! Вот! — Қос бұрымы тілерсегін соққан бойжеткен Мақанға төніп келіп, жиіркене қарап тұрды да, Рыстыға бұрылды. — Ал, сіз, Анасыз! Жаныныз ашымай ма? Мынау жених екі есе үлкен емес пе? Ех сіздер... сіздер. Гуля жоқ енді әуре болмаңыздар.
Мақан ләм деген жоқ. Гүлбаданды басқа білмесе де өзі біледі. Алған беттен қайтпайды ол. Жер соқтырған екен ақыры қу қыз. Өкінгенмен не шара. Мақан бұрылып алды да, есікке қарай бүкеңдеп жүріп кетті. Бір ғана сәтте кеудесі еңкейіп, жауырыны бүкірейіп шыға келген күйеуін Рысты қатты аяп кетті. Асыға басып кеп, қолтығынан сүйеді.
— Ұстама! — деді Мақан тістене ысылдап.
Мақанның көрген құқайы бұл ғана емес. Бірақ туған қыздан дәл осындай опасыздық күтпеп еді. Ашынған, ашуланған жаны қатты ышқына тулап, көзінен алғаш рет жас ыршытты. Елу жылдай құмыр кешіп жүріп, белінен басқан дүниеден осындай маңдайдан соғар, Жанына тиер соққы көрмеп еді. Есеңгіреп қалғандай ес жия алмай келеді. Іштен шыққан шұбар жылан. Бірақ мойнында өсірген жалғыз қызы еді ғой. Қалай қиған? Аямаған. Жөнін, жолын білдірмей тайып тұрған. Күші қайтты ма, сесі азайып әруағы қашқаны ма? Қалаға келсе-ақ құты қашып, берекесі кететіні қалай? Алдымен анау күшік шәуілдеп балағына жармасты. Енді мынау қаншық ұйлығып қашып тынған. Ел бетіне, жұрт көзіне қарағысыз етіп қаралап кеткен. Әлгі шоштақайлар табалады-ау ең әрісі. Өзімшіл жанның өзгені кінәлайтын әдеті ғой. Кім білсін кейбіреулер өзімен бірге тұратын жақындарының сүйіспеншілігі мен рақымын таба алмай, қуыс кеудесінің суық ызғарына өзін де, өзгелерді де тоңғызатын болар. Содан да барып бала-шағасының ішіндегі бұған деген аяусыз қыжылын, жек көруін сезіп, сол қатаң кесікті жуып-шаю үшін жұрттың алдында мейрімді һәм қайырымды болып көрінуге тырысатын болар. Сол үшін өзінде жоқ жылылықты суық кеуденің аңыраған қуысынан таппақ боп тыраштанар, мейірім түнемеген жүректен ізгілік іздеп әуреленер. Кейде тіпті солай көрініп, жақсы аталып та қалар. Бірақ түптің түбінде әлгі шіркін өз қатыгездігінің шырмауынан құтылмай, жат пен жақынның бәріне де сырын алдырып, сыртынан жүргізбес сұмырайға айналар. Содан кейін төңірегін қоршаған тіршілік иесінен тек жамандық күтіп, опасыздық тосып, ел ішінде отырып та жалғыз қалар. Жаны құлазып, көңілі суып, кеудедегі қытымыр ызғарды тоңға айналдырар. Құлазыған жанның қыжылын енді бала-шағадан алуға жанталасар. Суыған көңіл мен мерез іштің кегін жақын мен жаттан, көрші мен қолаңнан қайтаруға кірісер. Содан кейін-ақ әйелінің көзінен жас кетер ме, балалар еркелік дегеннің не екенін білер ме. Көрші-қолаң, туыс-жақын салқын қабақ, сатулы қабақ, суық көңілден бас көтерер ме.
Мақан дәл осындай адам еді. Қазіргі ауырлаған көңіл күйіне Балта да, Гүлбадан да, қыздар да, бүкіл әлем де кінәлі еді. Аязы қатая бастаған түнгі қаланың қай тұсына келгенін пайымдағандай кілт тоқтап жан-жағына қаранды да, артына бұрылды. Соңында үнсіз ілесіп келе жатқан әйелін, Хайролланы және күйеубаланы (енді ол күйеубала емес, бола алмайды. Өйткені бір қызда екі күйеу болмайды ғой) көрді. Шытынып күйеу балаға атырына қадалды.
— Сен, шырақ! Такси ұста да үйіңе қайт. Бізді құдалар... Ә-ә... ағаларың тоспасын. Қайта берсін. Жағдайды білесің. Түсіндіріп айтқын. Бар.
"Күйеубала" ешкіммен қоштаспастан пальтосының салақтаған жеңін бір қолымен қыса ұстап, жыртылған балақтан балтыры ағараңдап көрініп бүкеңдей жөнелді.
"Әй, анаған ақ борықтай Гүлбаданымды қор ете жаздадым-ау!.. Надан екен ғой. Мылқаудан да бетер. Өгіз ғой, өгіз" деп Мақан іштей жирене ұзатып салды да, енді Хайроллаға тақалып келді.
— Ой, атаңа нәлет! Ой, араққа батыл өлгір! Ой, малғұн! Құдай-ау, осындай жітікке саяқтардан құтқаратын күнің бола ма бір. Не әжетке, не қажетке жарамас бұл арақ құяр тірі шөлмектен не қайыр. Не сөзі, не бөзі, не дұспанымды көрер көзі жоқ. Бәрі сенің кесірің. Анау күшікке де табалаттың-ау, сен сүмелек!
— Мәкесі, ауыз не демейді, ит не жемейді. Ұрсаң - аузым міне, мінсең — желкем міне! Көк есекке көп өсектің керегі не, көп есептің керегі не. Анда-санда бір ақырғанын кешпесең, мықтылығың неге сеп. - Хайролла "ұсынған басты қылыш кеспесті" әбден тұтынған екен, тағы да сол тәсілін көлденеңдетті. Мақан бір адамды есек қып тұқыртқанға кәдімгідей әсерленді де, іштегі кернеуді біраз босатты.
— Рысты! Сендер үйге қайтыңдар. Мен бөлеме кіріп шығам. Мүмкін сонда қонып қалармын.
— Жарайды, — деді Рысты аман құтылғанына қуанып.
— Мынаған бүгін бір грамм татырма!
— Оу, Мәкесі! Онан да мені қуыр да шыжғыр. Пісір де қайнат! Дәл мынау жазаңды қайтып ал!
Мақан қараған жоқ. Адымдай басып жүріп кетті.
"Үйінде ме екен? Үйінде шығар. Газеттерде бір жаққа кетті деген хабар жазылмап еді ғой".
Он бес минуттан кейін тыныш кең көшеге түсіп, төмен аяңдады. Әне, үйі көрінді. Терезелерінде жарық бар екен. Ешқайда кетпепті. Кетпесін. Дұрыстап бүгін бір сөйлесер емін-еркін. Бұны тыңдамаса да, сауылдап қалтасына құйылып жататын ақшасын тыңдар. Бөле дегенмен кейде жаттан да жаман бөтенсірететіні бар. Қара шалдың бір қызынан ол туса, бір қызынан бұл туғанын білмейтіндей шіренетінін қайтерсің. Қабағынан мұз тоңдырып, креслосында шірене шалқайып, тап бүгін бірінші рет көргендей сыздана қалғанда, кәпірдің мысы баса ма, қол жетпес биігі жүрек суылдата ма, арқасы мұзда-ап, жауырын ортасы жыбырлап сала береді-ау. Сол кезде анау қарсы алдында ауыз кергілеген тірі құдайдың бұны арқалағаны, еркелеткені бәрі-бәрі ұмытылады. Тек кресломен бірге туғандай, креслоға жабысып қалғандай құдай-мүсін, мүсін-тәңір ғана көз алдында айдындана мызғымай отырады-ау.
Мақан шырт еткізіп түкіріп тастады да, милиция постына жақындады. Сыңғыр еткен қыз күлкісін естіді. "Гүлбадан емес пе?" Кеудеде күдік оянды. "Бәсе, ол қыз кетпесе керек еді. Ақылды еді ғой Гүлбадан. Мынау бөлеге келген шығар".
Милиционер алдын кескестеді.
— Тоқтаңыз, азамат!
— Мен ғой бұл, менмін, — деді Мақан милиционерден гөрі оның тасасында тұрған қызға көбірек мойнын созып.
— Мен деген кім?
Қыз тағы сықылықтады.
— Митя, білмейсің бе, мен деген — "Мен!"
— Сәуле, қоя тұр. Азамат, бұл үйге кіруге болмайды. Ертең келіңіз.
— Неге? Мен бұрын кіретінмін. Мұнда менің туған бөлем тұрады. Бөлем! — Мақан кеуделеді. — Әу, жолдас, сіз маған дұрыстап қараңыз... Мен туысы, бөлесі болам.
— Митя, бөлесін кіргізбе деген заң бар ма еді, — деп Сәуле тағы да күлді. Күлкісі Гүлбаданның күлкісінен аумайды екен. Бірақ Мақан теткіп қалды. "Әй, күлегеш шіркін! Немеңе жетісесің? Мынау орыс жігітімен ойнағаныңа мәзбісің? Бұл шіркін үйленсе жақсы, әйтпесе аунатып, умаждап тастап, тайып тұрса қайтесің. Үйленсе жақсы деймін. Оның несі жақсы болсын. Онсыз да әр ұлттың ішіне бір сіңіп кеткен қазақтың басын көбейте алмай, барының өзін қазақша өз тілінде сөйлете алмай жүргенде, көзін көкшитіп... қазақ туатын пәтшағар-ау... көзін көкшитіп орыс тауып діңкені құртасың ғой. Жыртақта, жыртақтай бер. Сен түгіл туған қыздан не опа көріп келем. Қашып кетті дейді. Кіммен қашты? Қайда қашты? Қай ұлттың баласымен қашты? Бірін білем бе? Ендеше саған неге қимам қышиды? Қай қазақ қазір ел намысын жыртып, халық қамын ойлағандай. Бірін-бірі көтке түртіп, бірін-бірі жамандаудан алдына жан салар ма. Содан да ғой, тіпті мына араға да қыдитып көк көз шіркінді қақшитып қойғаны".
— Сіз, азамат, ұйықтап тұрмысыз? — Дмитрий Серегин Мақанның иығынан түртті.
— Ә-ә, иә... He?
— Документіңіз бар ма?
— Шырақ, документсіз біздің жақта шөлмек көз бичтер ғана жүреді. Мә, Документ! Қайыссы керек? — деп Мақан паспортын, облыстық советке депутаттығының куәлігін, тағы біразын ұсынды.
Серегин паспортты алды да, көз жүгіртіп өтіп, қайтарып берді.
— Бара беріңіз, Байдаулетов жолдас!
— Сен Сәулесің ғой, — деді бұрыла берген Мақан жілт қарап қазақшалап.
— Иә, Сәулемін.
Сәуле болсаң, дереу қараңды құрт! Ахаху-үхаху түбіңе жетеді. Орыстың астына жаялық болғаныңды білмей қалма.
— Сіз... сіз... қандай қатыгезсіз. Қатыгезсіз, аға...
— Мен аға емеспін! Аулақ! Мен сендей елден безген бетбақтарға аға бола алмаймын. Сендейлер, жүзіқара, халқын сататын! Тілін жоятын, қасиетін қашыратын!
— Аға, мен сізге... сізге не жаздым? — деп Сәуле бетін басып жылап жіберді де, жүгіре жөнелді.
Митя Серегин айқайлады.
— Сәуле! Не болды? Тоқта!
— Саған да Сәуле керек ә! Қарашы ей, бұған да бізің дастарқаннан дәм тату керек — деп күңкілдеген Мақан шарбақтың есігінен кіріп кетті.
Бөлесі үйде екен. Онша қуана қоймаса да кірпіше жиырылған жоқ. Екеуіне тамақты кабинет бөлмеге оңаша жасатты.
— Жеңгең сырқаттанып жатыр. Ертең таңертең имандасарсың. Қашан келіп едің? Жай жүрсің бе?
— Ғазеке-ай, бүгінде бос жүріс болушы ма еді? Өзіңіз жақсы көретін Гүлбаданды ұзатамыз ба деп...
— Пәле! Гүлбадан да бойжетіп қалған ә! Уақыт-ай, уақыт! Зымырап барасың-ау.
— Сонда қалай, Гүлбадан сіздерге... осы үйге кірмей ме? — деп Мақан кәдімгідей таңданды.
— Келсе келетін шығар... мен күндіз-түні жұмыстамын. Жеңгесіне келіп жүретін шығар. Өзім көрмегеніме көп болғанын айтам, — деп Ғазиз Құлтанович ыңғайсызданып қалды. Ішінен әйелінің кім көрінгенді (ал Гүлбадан Зұбайда үшін кім көрінген екенін біледі) жуытпайтынын сезіп отыр. — Құдалар кім? Мықты ма?
— Құда да жоқ, қыз да жоқ, Ғазеке. Бір кеште екеуінен айрылып, сандалып қалдым. — Мақан тамаққа самарқау ғана қол созды. "Менсінбейді. Әйелі тіпті амандасуды да көпсінді. Баяғыда жыртық көйлекпен тәні ағараңдап біздің үйге келін боп түскенде шешемнің бір қабат киімімен бой жасап еді. Сырқаттана қалыпты. Мынаусы да тойған мысықтай пырылдайды. Сұмдығы қай тесіктен сығалап тұр екен? Гүлбаданды есігінен қаратпаған жанға жыл сайын елу мың сомды ұстатып келдім-ау. Әй, жегенің желкеңнен шығып, жұтқанын жұмырыңа жұқпағыр! Мені қорғадым, қолпаштадым дейді-ау. Елу мыңды жыл аралатпай беріп отырайыншы жеті ата тұрмақ жетпіс атадан қосылмайтын кез келген дөкей әкім туысым боп туымды көтеріп шыға келсін. Бұл несіне кісімсиді, ей?.. Әкесі әкемнен, шешесі шешемнен артық па еді? Ең болмаса дастарқанын да дұрыстап жаймай, өз берекесін өздері қашырып, шошайтып-шошайтып мына біреусілерін әкеліпті. Ерегіекенде бір-бір асап, табағын босағаға қарай лақтырып жіберейін бе. Осыны да ел басқарып, үкімет боп отыр деп сырттай дәріптейміз-ау. Астына тышып қойған баладай манадан әлі отыр жалпиып. Не жақындық, не ағайыншылық мезіреті жасаса тағынан ұша ма, аузы қисая ма? Неменеге келдім? Қол жайып, көз сүзіп келді деп, бәлденеді- ау. Әрине бәлденеді. Негізі болмаса да, билігі бар. Тексіз болса да пәрмені мықты. Әй, осындай ішмерездерді қайдан тауып, қалай өсіреді, ә? Мынау бөлем мен түгіл туған әке-шешесіне де илікпес, елжіремес еді-ау".
— Екеуінен де айрылып қалдым...— Тағы қайталады. Ғазиз Құлтанович еріксіз сұрауға мәжбүр болды.
— Қалай айрылып жүрсің?
— Өзіңіз ғой Гүлбаданды тегін жерге берме деп... Содан облыстағы Әлекеңе...
— Әлиханға ма? Ау оның баласы, ұлы бар ма еді? Ой, сол шіркінде ұл түгіл қыз да жоқ. Бауыры құтсыз сәурік емес пе. Інісіне айттырып қоймаған соң, қашанғы қасарысам, осы демалыста тойын жасамақ болып Әлекең бар, інісі бар бәріміз сау етіп келе қалмаймыз ба.
— Ол Әлиханның інісінің әйелі бар еді ғой. Әлихан екеуміз обкомда істеп жүргенде інісі облфинотделде істейтін. Жасы біразда ғой оның, — деп Ғазиз Құлтанович ежірейді. — Кейде Мақан, не қабатыныңды да білмей қаласың-ау.
— Енді қайтейін, бөлем алғаннан басқаны білмейді. Үстімнен арыз төпелеген жауым қасымнан табылды. Жандәрмен далбаса жасамаса бола ма. Әйелі өлген, өзі кәртамыс Әлиханның інісі Гүлбаданнан басқаға көз салмаса, қайда қашып құтылам, — деп Мақан шабуылын бастады.
— Қысқарта айт, — деп Ғазиз Құлтанович қабақ шытты.
— Қысқарта айтсам, Гүлбадан жер сипатып әлдекіммен қашып кетіпті. Қайда барды, кімге барды? Құдам кім? Бірін білмеймін. Ол енді басқа әңгіме, Ғазеке, мені басқа жағдай қинап келді, өзіңізге. Анау Бектемір деген...
Ғазиз Құлтанович ыңыранды. Домбырасына қол созып алдына өңгерді. Он саусақ баяу қимылдады. Бипыл әуен бөлмеде тыпырлады. Сағақтан темен кенет бес саусақ құлындай ойнақтады. Сол-ақ екен дүлей дауыл серпіні шанақтан шапшып төгілді. Аспандап атылды. Жартасқа соғылды. Төрт қабырғада атойлаған үн жаңғырды. Әйнектерде, кітап сөрелерінің шынысында діріл жаңғырды. Мақан кеудесін өкініш толқыны ұрғылады. Мақан кеудесінде іле өксік туындады. Дүниенің жалғандығы, дүниенің баянсыздығы, дүниенің опасыздығы екі ішектің бебеуімен көкірегінде сарнады. Көкірек сарнағанда жүрек бұлқынды. Қиналды, тулады, өрекпіді. Ақыры баяулап тыншыды. Сабыр тауып байырқалады. Саусақтар кібіртіктеді.
Майда бипыл бебеуін азайтты. Уілін күшейтті. Кейуананың қоңыр кештегі немересін әлдилеген мұңлы көйгөйіндей. Таусылмас уілдеуіндей.
Ғазиз Құлтанович домбырасын іргеге сүйей салды.
— Білем. Оның Мәскеуге де, Орталық комитетке де жазған арызы қолымда... Көп біледі жазған кісі. Және деректері де айғағы да мол. Дұрыс тексеретін комиссия шықса, шаңыңды бұрқ еткізеді.
Мақан әлгіндегі сесінен айрылып мөлие қарады.
— Ұлында нең бар еді? Өлтірмесе болмас пед?
— Ойбай-ау, бүкіл қылмысымды ақтаратын болмады ма. Іштен шыққан жау жаман деген рас. Басқа амал қалмады ғой, — деп шырылдады.
— Бектемірің қандай адам? Орысша оқыған ба?
— Қайдағы. Әкесі отыз жетінші жылы сотталған. Өзі атылып кеткен ақынның баласымын дейді.
— Арыз мықты жазылған.
— Оны жазған біздің ауылдың осындағы бір шелтірегі. Жесір әйелдің баласы еді. Бай келіншектің қолына күшік күйеу боп кіріп алып, болдым-толдым деп қалыпты. "Жаман атқа жол бітсе, Жанына торсық байлатпас" дегенді айналайын бұрынғылар қалай біліп айтып кеткен. Қазір жал біткен жаман аттар мүлде көбейіп кетті ғой, — деп сөз аяғын екіұштылау қайырды.
— Сенің ол жігітіңнің аты Балта емес пе? — деді бөлесінің қызыл көзденгеніне де мән бермегенсіп.
— Дәл соның өзі. Кесіп алса қан шықпас безбүйрек! Туған шешесін көрмей кетпеді ме. Анау Бектемірге жел беріп, арызын жазып жөн сілтеуші сол! Сол бәлекет! — деп Мақан енді қызынып, Ғазиз Құлтановичке деген өкпе сызын да ұмытыл, елеуреп сөйлей бастады. — Ғазеке, осы жігітті ебін тауып тәубесіне бір келтіріп беріңізші. Әлгінде тіпті өзіме де тіл тигізіп, сүтке тиген күшіктей етті.Сол мінезін өлсем ұмытармын ба! Өлсем кешермін бе!
Кабинеттің есігі сарт етіп ашылды да, ұзын атлас жапон халатының етегі шұбатылған Зүбайда жеңгей кіріп келді.
— И-и, тәңір! Шушы қазақлар тозақлада айқайлап сүйлеседи бит. Бик ғажап милләтсіңдер!
Ғазиз Құлтанович орнынан қалай атып тұрғаның білмей қалды.
— Оу, Зүбайда ханум! Мынау Мақан ғой. Бөлем ғой! Танымай жатырсың-ау, ә... Сен аздап сырқаттанып қалған соң... Ә-ә, сәл дауысымызды қаттырақ шығарып алғанымыз рас... Мақан, Зүбайдахон өзіңді бик ұнатады, — деп екеуіне кезек-кезек қарап қипақтап қалды.
Мақан Зүбайда ханумнан айылын да жиған жоқ. Тек ішінен: "Әй, Ғазиз, Ғазиз! Күнің құрсын! Әйелдің уысындағы тірлігіңнің анау даладағы дардай атағыңнан садағасы кетсін. Әбден бітіпсің ғой, байғұс. Мынау тік бақай қатынын ерттеп мінген-ақ екен. Енді түсе қоймас" деп көпе-көрнеу бөлесіне мүсіркеп қарады.
— Шушы қайным бик тәкаппар. Исенбісің, Мақан. Ғазиз, сен, и-и пақырым, домбырада, мынау одна палка две струныда ойнағансың бит. Ал менің басым ауыра... — деп Зүбайда жеңгей жақындап келіп журнал столының бетін аппақ саусағымен сипап өтті. — И-и, скатертни салмаған!..
— Жеңгей, басыңыз ауырғаны қиын боп қалған екен. Сіз олай-бұлай боп кетсеңіз, мына бөлемнің күні не болар еді?" Өйтпе, бүйтпе, одна палка две струны тартпа, қазақни малай булма" дейтін шешесіндей өбектейтін жаннан айрылып, құрып кетер еді... — деп сәл бөгелді де, қалтасынан алып, Балта қайтарған төрт елу сомды столға тастай салды. — Мынау скатертни салмаған айыбымыз үшін, Зүбайда жеңеше.
Зүбайда күліп, Мақанды арқаға қақты. Еңкейіп барып ақшаны іліп алды.
— И-и, қайным, бәрекелде! Сен, Мақан, биік мырзасың. И-и жаным, шушылай уыстап шаша бересің ақшаны. Ғазиз, сен шушы қайныма коньяк құймағансың бит?
— Рақмет, жеңеше, ішіп жүрміз ғой. Өзіңіз барып, дем алыңыз, — деп Мақан Зүбайда хануымды иығынан демеп есікке дейін жеткізіп салды.
Ғазиз Құлтанович қайтадан нығыздана қалыпты.
"Ой, порымыңды... Қатынға қабақ көрсете алмай жүріп, қай жерінен паңданады. Әлгінде ғана әйелінің аяқ сүртетін шүберегі болғанын мен көрмегендей мына шікіреюі қай шікірею. Әй, тексіз! Қолдан құдірет жасаймыз-ау!"
— Ғазеке, осы Зүбайда тым еркінсіп бара жатқан жоқ па? "Баланы жастан, қатынды бастан" деп еркек емессіз бе. Мен — өзіңізбін. Басқа жерде дәл бүйтсе, не беделіңіз қалады? — деп Мақан намыс жыртты.
— Жә! Сен ауылдық бөспелігіңді салма бұл араға. Шаңыраққа қара! Кіммен сөйлесіп отырғаныңды біл! — деді Ғазиз Құлтанович зілденіп. Даусында адамды қарадай қалшылдататын қаталдық па, қатқылдық па, әйтеуір, ес тұсайтын қуат бар екен. Мақан сүмірейді де қалды. — Сен Зүбайданың Зайра ханумның туысы екенін білемісің? Білмейсің! Ендеше, бұдан былай оның алдында тапсынып қыртуыңды қой!
— Солай меді, Ғазеке! Ә-ә, білмеген у ішеді деген осы. Бәсе! Бәсе! Зүбайда ханумның бойынан бір сес тарағандай болушы еді, Заира жеңгеміздің жақыны екен-ау. — Мақан шын бас ұрды. "Бөлемнің тасы өрге қалай домалады десем, осындай бір кілтипаны бар екен-ау. Әй, әйелдер, әйелдер! Билік бүгінде сендерде ғой. Сендердің адам түсінбес еріктерінде ғой. Сендерге жағу да оңай, жақпау да оңай. Әй, Ғазиздің бір ені ішінде екен ғой. Осы уаққа дейін бұл сырды менен неге бүгіп келді екен? Бүгін неге айтты? Әлде анау тірегінің... а-а-на-ау тәңрінің мызғымас құдіретіне көзі жетіп, өзінің де кішігірім тәңірге айналғанын білдіргені ме? Мына нығыздануы соны айғақтағаны ғой. Ендеше мен неге шаптан түртем. "Бөле, бөлем!" деп емешем құрығанын жақтырмай, ішінен: "Қап, бәлем!" деп отырмасын. Бүгінде туыс туыс емес, сыбайластар туыс. Ыңғайына жығыла берейін де".
— Жарайды. Сен әлгінде Балтаны біраз жерге апарып тастадың-ау. Өйтпесек қазақ боламыз ба. "Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер. Өспес елдің баласы бірін-бірі қатын дер". Балта — жаңадан қаулап келе жатқан өскін. Болашақ кадрымыз. Тамырына балта шап дейсің, Мақан. Сонда құйрықсыз, шоп-шолақ боп қал деймісің? — Адамға өңменін тесіп өтердей шаншыла қадалуды үйренгені сондай, Мақанның ештеңеден қайтпас жүзі бет қарауға шыдамады.
— Оныңызды білмедік қой... Анау Бектемірге қол ұшын бергенге...
— Бектемірге де шұқшия бермегін. Ал, анау арыздарды түгел жапқызам. Одан қам жеме. Ал, әлгіндегі "қазақ малай, домбыра-сомбыра" сияқты шолақ пікірлерден аулақ бол. Қазақты сен түзеп, сен бұза алмайсың. Босқа күйіп кетесің. Сен өзіңнің жасырын фермаңды, пияз-сиязды ғана біл. Халық қамын сенсіз де жейтіндер табылады.
Мақан шыдай алмады.
— Тіліміз құрып барады ғой. Шүлдірлектер көбейді. Қазақша мектептерді жауып жатыр, жауып жатыр...
— Жалғыз бізде емес ол тірлік. Украина мен Беларуссияда ұлт тілінде бір де мектеп жоқ. Отыр ғой ештеңесі құрымай. Ал, сен Мақан, өзіңше намыс жыртқыш халықшыл болып көрінгенді қалайсың. Сенің арзан атақ жамылғың келерін мен білмейді деймісің, —деп Ғазиз тұқырта түспек болып еді, Мақанды түлен түртті. Домбыраны жұлып алып, құлақ күйін қайырды да белгісіз бір адуын әнді шырқай жөнелді.
Атқам жоқ, мен халқымды ата алмаймын!
Сатқам жоқ, ұлтымды мен сата алмаймын!
Сыртымнан мені біреу "сатқын!" десе,
Көрімде тыныш ұйықтап жата алмаймын!
Домбыра буырқанды. Ән кек қайрады. Жаралы жүректің семсердей сертін айтты. Лапылдап жанып, өртеніп күйіп айтты. Содан соң домбыра тыншып, он тыйылды.
Ғазиз Құлтанович Мақанның білегінен ұстай алды.
— Қайдан білесің? Кімнен естідің?
— Бұл ән — Бектемірдің әкесінікі. Әлгі репрессияға ұшыраған ақынның соңғы әні. Соңғы сөзі екен! Біздің ауылдағылар тегіс айтады. Шіркін мықты ақын ғой! Соларды түртпектеп, соларды қаралаған біз, қазақ, қайдан оңармыз.
— Не деп оттап отырсың!? Не былшылдайсың сен?! Қайдағы бір заржақ үшін жаны ауыра қалыпты. Еще бүкіл қазаққа тіл тигізесің. Әй, сен кімсің сондай-ақ? — деп қалш-қалш еткен Ғазиз Құлтановичты көргенде Мақанның құты қашып, едірейген құлағының ұшына дейін бозарып бара жатты.
— Не оттайын, Ғазеке?.. Осы әнді бүкіл ауыл, аудан айтқан соң... жаман ақын болса, кітабын қайта-қайта шығарып... мектепте оқыта ма? Анау жаман Бектемірдің содан туғанына қорланам. "Қасқа айғырдың құлыны қасқа тумаса да төбел туар" деп... Негізіне тартпаған... Ә-ә, оттамай қалайын, — деп Мақан сасқалақтады.
Мына алақтаған бөлесіне орынсыз киліккенін сезді ме, Ғазиз Құлтановичтың дауыс екпіні бәсеңдеп шықты.
— Бектемірдің әкесі де... Сотқарлығы қайдан десем, түбі тереңде жатыр екен-ау. — Ғазиз Мақанға сығалай сынай қарады. Ананың дәл қазір бар қулық-сұмдықтан айрылып қалып, дел-сал отырғанын байқап, қыбы қанды. — Сен, Мақан, Бектемірдің соңыңа мықтап түсіп алғанын сезесің.
— Оу, сезгеніңіз не, білем! Ол сұмырай аянбайды. Аямайды. Бүкіл қалған ғұмырын мені әшкерелеуге... сізді әшкерелеуге салады. — "Сізді" қасақана қосып айтты. Ғазиз Құлтановичтың жүзі жыбырлап кетті... "Ә, қорқамысың! Құдайға да жан керек екен,ә!"
— Маған не деп тиседі ол?
— Сіздің менімен бөле екеніңізді білсе... — Мақан қипақтады. "Жатқан жыланның құйрығын басып нем бар еді?" — Ол қарап жүрген адамға тісінің қанын жағып жүретін дәукес емес пе...
— Бектемірдің әкесін білетін, сыйлайтын азаматтар көп. Соларға арқа сүйесе, Мақан, сен су түбіне кеттім дей бер. Онда менің де шамам келмейді.
Мақанның көзі бақырайды. Иегі босап қайтып, босап қайтып өксіген баланың түріне ұқсап қоя берді.
— Ға-ға-а-зе-ке! Сонда мені су түбіне батырып қойып қол қусырып отыра бересіз бе, — деп Мақан енді түгін бетіне шаншып, түтігіп алды. "Жалғыз кетпеспін! Ала кетермін талайыңды құрдымға!" дегені шатынаған көздерден білінді.
"Әй, мынау қайтеді? Тұп-тура адамға шабатын көкжалдың қарасындай екен!" деген шұғыл ойдан сескенген Ғазиз Құлтанович жанарынан суық сәуле ұшқындап әлгі қарасты шімірікпей қабыл алды. Арбасқан көздер көпке дейін бірін-бірі жеңісе алмап еді. Мақан кішілік танытты ма, ірге салыстыра алмады да, ығып кетті.
— Бектемірді онда темір тордың арғы жағынан сығалату керек екен...
Мақан отырған жерінде қопаң етіп, енді ырза болған түрін түгел көрсетіп, жадырай қарады.
— Ойбай-ау, Ғазеке-ау, ағатай-ау, ол темір торға бір түссе, одан кейін жауға жылқы алғызам ба, жағама қол жағалатам ба. Жығылмай жығамды жыққызам ба! Күткенім осы еді ғой манадан.
— Былай болсын, Мақан. Сен енді оған сыр берме. Қайта түк білмегенсіп, оң қабағыңды берген бол. Қапыда қансыратайық. Мен облыстық милиция мен прокурорға тапсырып қоям. Қалай, қайтып істі қылуды олар өздері біледі. Сонымен Бектемірің отыратын... мықтап отыратын болады. Ол үшін әлгілерге, облыстағыларға...
— Оған табам, Ғазеке! Оның төлемі бөлек! Аянам ба. Соңымнан сұғын қадаған сұғанақ төбетті шынжырлап байлап тастаймын дегендерден немді аяйын! — деп Мақан Ғазиз Құлтановичтың емеурінін айтқызбай түсініп, құрақ ұшты. Өзінің көздегені осы емес пе. Бектемірден құтылса, онда басқа майда-шүйделер өздері де жым болады. Онда ол төңіректе Мақанның алдына келмек түгіл маңайынан жүретін жан табылмайды. Онда Мақан мыңды да айдайды. Ысқырығы да жер жарады. Әрине, біраз шығындалуына тура келеді. Онсыз іс бітпейді. Бүгінде көмей көмей — емес апан. Арбалап толтыра алмайсың. "Камазбен" аударып тастамасаң — бітеу қиын. Одан арғысы Мақанға көз қысқандай-ақ. Кәріс диханшыларға он бес — жиырма гектар жерге жылдағыдан артығырақ пияз ектірсе — кетік те тегістеледі. Қойын-қонышы да сықалады. Ең алдымен бас амандығы керек. Шошақай қыздың жер сипатып қашып кеткені болмаса, әзірге Бүліне қойған ештеңе жоқ екен-ау. Қанша дегенмен түбі бірге түтпейтіні рас. Ғазиз қарын бөлелігін жасады. Жақындығын ақтады. Бектемірдің басын бір шырмап берсе, асығы алшысынан түсіп, дүниені шайқап тастамас па.
— Онда, Мақан, ұзатпайық. Әлгі "төлемді" тездетіп әкеліп тастағын, — деп Ғазиз орнынан тұрды.
Атқам жоқ — мен халқымды ата алмаймын,
Сатқам жоқ — мен ұлтымды сата алмаймын.
Сыртымнан мені біреу "сатқын" десе,
Көрде де тыныш ұйықтап жата алмаймын.
Айтқан екен, ә. Айта алған екен. Қазір сондай ақындар бар ма, Мақан?
Мақан, о да түрегелген еді, төменнен иек көтере, көз жыпылықтатты. Қай ақынның жақсы екенін білмек түгіл бір ақынның өлеңін білмейтін шіркін дәл осы арада құлағына дейін қызарды.
— Оқымаймыз... Өз ақын-жазушыларымызды білмейміз. Сөйтіп жүріп ұлт қамын жегенсиміз. Ақын, жазушыларды білу керек. Олар елдің намысы, ары ғой, — деп Ғазиз Құлтанович бөлесіне бас изеп те қоштаспастан шығып кетті. Мақанның осында келгенде өзі түнеп шығатын бөлмесі бар, дәлізден солай қарай бұрылды.
Ғазиз Құлтанович көпке дейін төсегінде дөңбекшумен болды. Қатқан қан, қайтпас кек кеудеде ұйып жатыр. Жүрек сыздатқан бітеу жара болып, міне, аттай жиырма бес жылдың ішінде көңіл тоңына айналды. Жібіте алар ма? Жібіте алмаса, әке аманатын орындай алмай өмірден өгейсіп өтер ме? "Айтыс-тартысты алауыздықты еш адам қаламайды. Соған тірлік болмыс, жағдаят итеріп апарады. Еріксіз дау-дамайға түсіреді. Топ құрғызады. Қатар көбейткізеді" деп өткенде қабылдауында болған бір белгілі жазушы айтып еді. Сол рас тәрізді-ау. Қазақтың қанына сіңген қырсық әдет — бірін бірі түртпектеу, біріне бірі ор қазу, бірінің аяғынан бірі шалу, әй, ақырзаманға дейін өзіңмен бірге кетер. Оған ешқандай құдірет, ешбір билік еш кеңес өтпейді. Енді, міне, өзі де бармақ тістеумен іштей кіжініп келіп еді, ақыры, аяқ астынан көз көрмес, қол жетпеске жөнелген жауының қарасын шалып қалды. Баласы бар екен. Баласы тірі екен. Әкесі үшін баласы күймейді деу бекер. Әке кегін баласы қайтарады. Әкесі үшін баласы отқа түседі. Қанды кектің әріден, сонау ықылым заманнан үзілмей келе жатқан сүрлеуіне бұл неге шөп өсірмек. Жоқ! Ондай жанкештілікпен ар мен жанды сақтамай-ақ қойсын. Алады кекті. Орындайды әкесінің аманатын. Бектемірді темір тордың тесігінен сығалатып, сол күні ішкі жегісінен құтылады. Құтылады!
Әй, өмір жолдары қалай тоғысады, ә. Қаншама тағдыр қым-қиғаш шатасып, бірін-бірі сүйрелеп жатады-ау. Шытырман тірлік деген сол. Анау Бектемір күні бүгінге дейін дүниеде бары, жоғы белгісіз, қарапайым көптің бірі боп ғұмыр кешіп жатты. Әрине, бұның арыз иесі Бектемірді білетіні рас. Бірақ өзімен оның тікелей қатысы болмайтын... Ал енді ғой Бектемір бір-ақ сәттің ішінде бұның ежелгі қас жауына — ата дұшпанына айналып шыға келді.
Бір кезде екеуінің әкелері қара столдың екі жағында бір-біріне қарама-қарсы отырған. Қара стол — жолайырық болған. Шекара болған. Ақ пен қараны бөлген ол стол. Күн мен түнді, бақ пен сорды, қайғы мен қуанышты бөлген. Бір жағында әділет, адалдық, еркіндік тілеп, кінәсіз, жазықсыз ақынның үлкен жүрегі бұлқынған. Екінші жағында болмағанды болдыртуға, істемегенді істеді деуге, ақты қараға айналдыруға, халық перзентінен халық жауын жасауға тырысқан тергеушінің пәрмені бел алған. Екеуі түйдей құрдас еді. Бірі азаттық, тендік бостандық әкелген әлеуметтік жаңа қоғамның жарқырап туған таңын тамсана жырлап, даласын, кең даласын, кең даласының төсінде өсіп-өнген, көшіп-қонған халқын жаңаша тірлікке жаңаша екпінмен еніңдер деп үндеген еді. Ұлы елін сүюші еді. Елі ұлын мақтан тұтушы еді. Ақын жүрегіндегі жалынды от халқы үшін маздайтын. Ақын жүрегіндегі махаббат халқына арналған еді.
Екіншісі мыңды айдаған байдың еркесі еді. Жеке мұғалім жалдап ерте оқытқан әкесі бұны Петербургтың университетіне жіберіп еді. Жалғанды жалпағынан басты. Бай азиатты экзотикашыл талғампаз европалықтар бірінен-бірі қызғанды. Таласып дос болды. Таласып әртүрлі "өнеге" үйретті. Соның нәтижесінде ол елім дегенді ұмытып, ермек іздеді. Халқынан жиіркеніп, айттырған қалыңдығынан безінді. Сөйтіп жүргенде аласапыран тіршілік басталып, Петербургтен жылыстады. Әкесі жер аударылып, бұл Омбыға симады. Ішкі біраз қаланы жағалап жүріп, Сұлтан атын Құлтан ғып өзгертіп, шыққан тегін кедей еткізген қағаз тауып алып, ақыры Алматыға келіп тергеуші боп орналасқан. Ақынның аты дүрілдеген сайын бұның көкіректегі қыжылы көбейетін. Ел ындыны құлаған ақынның беделі асқан сайын, ешкім іздемес, ешкім маңайына үйірілмес мынау бұйығы тіршілігінен жеріп, Петербургтың сәнді сарайларында ақсүйек дворянкалармен сайрандаған кездерін өгейситін.
Әділет бар екен. Алатаудан атағы асып кеткен алақандағы ақын бір-ақ күнде бұның уысына түсті. Әй, содан шеңгелі бір босаған жоқ. Езудегі ащы кекесін мысқыл бір ажыраған жоқ. Бұны мысық еткен рақымсыз репрессия заманы тәкаппар ақынды тышқан ғып алдына салып берді. Енді тергеушінің күні туды. Сағаты соқты. Кешегі бұны көзіне де ілмейтін сұңқар ақын бүгін, о, жасаған, тәуба, бұның илеуінде жатты. Ал енді аянатын не бар, жеңді түр, білекті сыбан! Қамшыңды үйір, қабақты түй! Қайырымнан аулақтан. Бүйректі без емес, тасқа айналдыр! Кебенек емес кебін піш! Бұрын құдай пішсе, енді өзің піш! Іштегі барлық ыза мен күйікті ақтар! Ақынды да, ақының алқалаған ауқымын да бүркеп көміп кетсін!
Содан ал кеп кіріссін! Елін ардақтаған ақынға елін сатқан деген қылмысты таңсын. Халқын мадақтаған ақынға халқыңды сатқан жапон тыңшысысың деген күйені жақсын. Таңған қылмыс жаққан күйені сіңіру үшін, жұққызу үшін неден аянсын. Ақынның сұлу мұрты, қою қара мұрты бір талдап жұлынсын. — Бірақ қасарысқан ақын қайыспап еді. Ақынның қалам ұстайтын әсем саусақтарының әр буыны кезекпен уатылсын. — Бірақ сірескен ақын майыспап еді. Қала тістері шағылып, қызыл иегі мәймиіп, жақ сүйегі шатынасын. — Бірақ рухы жеңілмес ақын мойымап еді. Әр тырнақтың көбесіне ине сұғылып, тепкіден қабырғалары күйресін, — бірақ асқақ ойлы ақын иілмеп еді. Тергеушіден ұйқы қашты, маза кетті, береке қалмады. Ақынның... азаптағы ақынның рухы асқақтаған сайын тергеушінің жүні жығылып, сесі де, күші де қайта бастады. Тәнді күйретуге болады екен, жанды і үншықтыруға болады екен. Бірақ асқақ рухты жеңу, ақын ойын жеңу, ақын жігерін жеңу мүлде мүмкін емес екен. Сол-ақ екен ақын құдіретке айналды да,тергеуші пенделік күйді қабылдады. Бар қолынан келген амалы: жазықсызды жазықты ғып өлім жазасына кескізіп, кебін пішіп, тәнді жерге, жанды жаһаннамға жөнелтпек болды. Ең соңғы кездесуде ұрты суалған, аузы опырайған, бетіндегі түк атаулысы бозарған ақын тергеушіге сұрғылт жүзін түнерте өткір жанарын оқтай қадалта қарап тұрып, ақырғы әнін, аққу әнін айтып еді.
Атқам жоқ — мен халқымды ата алмаймын!
Сатқам жоқ — мен ұлтымды сата алмаймын!
Сыртымнан мені біреу "сатқын" десе,
Көрде де тыныш ұйықтап жата алмаймын!
Уақыт тоқтамайды. Уақыт жүрдек. Заман өзгергіш. Әділет жерге көмілмейді екен. Әділет ақыры жеңеді екен. 1956 жыл — тергеушіге зауал жылы боп жетті. Жиырма жылдай есімі ел құлағынан тысқары қалған ақын басқа ұлдарымен бірге еліне қайта оралды. Сүйікті ақыны, ардақты ұланы боп оралды.
Елі ұлын сүйеді екен. Ардақ тұтады екен. Ел опасызды ұмытпайды екен. Халық жады жауыздықты тергейді екен. Тергеуші соны бүкіл босатпас азабымен сезді. Мойынға қылғындыра оралған ел қарғысымен түсінді. Ақында дос көп болады екен. Шын талантты халқы жоқтайды екен. Тергеушінің кабинетіне кірушілер жиіледі. Апырай, ақынның соңғы әнін, соңғы өлеңін тек тергеуші ғана тыңдамап па еді? Соны, сол әнді елге, халыққа жел жеткізген бе? Жер жеткізген бе? Кірушілердің айтары осы ән! Осы өлең! Тергеушінің кесігіндей айтылады. Тергеушінің үкіміндей естіледі! Ақында тілеулес көп болады екен. Ақынмен сырлас көп болады екен. Ақын өлмейді екен. Өлмейтін сөзі қалады екен. Өшпейтін рухы ел жүрегінде сақталады екен. Ақын мен жазушы, шынайы қаламгер елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналады екен. Ақынның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындар молаяды екен. Кірушілер де, көрушілер де тергеушіге әлгі бір ауыз өлеңді бетіне соғып, маңдайына ұратын болды. Ар кесігі, әділет кесігі, халық кесігі сот кесігінен мықтырақ екен. Тергеуші күннен күнге жүдей бастады. Балтырдан ет қашты, тойып ішіп, көмейлеп құсып жүрген тоқмейіл тірліктегі шартабақтай екі беттің ұрты суалды. Бет терісі шалбарланып, қос шықшыт шодырайып білінді. Маңдайға қатар-қатар әжім сызығы тереңдеп жол тартты. Бұрынғы биік бойлы, кең жауырын, асқақ кеуде, жуан мойын ақжарқын тергеуші бір-ақ айдың ішінде қалшылдап дірілдеген боп-боз шалға айналып шыға келді. Қой көздерден бұрын күлгін от ұшқындайтын, бір ай өтер өтпесте жанары өшіп, кірпігі сиреп, қызыл жиектеніп қалып еді. Сол-ақ екен алыс-жақыны тергеушіні емес, тірі өлікті көретіндей сырттап, жиіркеніп, безініп кетті.
Тергеуші өзі арыз беріп жұмысынан босап, пенсияға шықты. Енді ақынның достары тергеушінің үйін төңіректеді. Бір ауыз өлең қыр соңынан бәрібір қалмады. Көшеде соңынан ілесті. Пәтерінде есік тықырлатқан балалардың қосыла әндеткен үнімен жетті.
Тергеуші төсек тартып қалды. Үй ішіндегілермен де сөйлесуді қойып, ұзақ-ұзақ көз жұмып қалың ойға шомуды шығарды. Біреулер есінен адасқан десті. Біреулер алжыды десті. Бірақ тергеушінің жан азабын бөлісер адам аз болатын. Ғазиз онда отыздағы қыл-шылдаған жігіт еді. Жоғары партия мектебінде оқитын. Каникулға келгенде әкесін танымай қалды. Ұлын көргенде Құлтан бой-бой босады. Ғазиздың білегінен тас қып ұстап алып, ал кеп жыласын. Үнсіз солықтап жыласын. Көрген азап, тартқан күйігін шағынар жан тапқанына сүйініп жылады ма, әлде ішкі шерді бөлісер ұлы келгеніне жылады ма, біразға дейін нұрсыз көзден кесек-кесек жастарды ыршытты. Әкесінің сұйық шашының арасынан жылтыраған ақ құйқасындағы қайызғақты көргенде жігіттің жаны тызылдап кетті. Құлтан ешуақытта қайызғақты жолатпайтын. Санкт-Петербург тәрбиесін көрген зиялылығын бойы-басын сылап-сипау арқылы бала-шаға, көрші-қолаңға сездіріп отыруға тырысатын. Бір кезде бір қалада екі кербез азамат болған деседі білетіндер. Бірі — ақын, бірі — тергеуші екен ол екеу. Ақынның кербездігі — табиғат сыйы болса, тергеуші кербездігі — тәрбие жұқанағы, бекзадалық тыраштану. Ғазизге әкесінің күріс-тұрысы ұнайтын. Кірпияздығын өзі де сіңіруге құштар еді. Сол әке міне мойны қылқиып, көзі үңірейіп, бүкіл сүйегі арса-арса боп алдында жатыр.
— Келдім де... Қаншасы қалды?
— Әлі бір жылым бар.
— Енді оны қоя тұрарсың, балам...
— Неге, папа?
— Әй, балам-ай, "дүние — кезек" рас боп шықты ғой. Ендігі арқырау кезегі бізден кетпеді ме. Бой тасалай тұрғаның қалай болар еді.
— Әкесі үшін баласы күймейді.
— Сол кезде де айтатын. Бірақ оны кім ескеріп еді. Әй, жетті-ау, ақыры. Тапты-ау! — деп Құлтан қисайып бүрісіп қалды. Ендігі әңгімеге құлықсыз тартып, көзі жұмылып, шеңгелі бүріліп бара жатты. "Әбден жүдеген екен! Сонда бұныкі қай ауру? Дәрігерге неге көрінбейді? Мені неге шошытты. Әлді өздері жасағанды өзгеден күте ме?"
Орнынан тұра беріп еді, сіңірлі саусақтар санынан жұлқып қалды.
— Отыр, балам. Өзіңе айтарым бар. Аманат па, өтініш пе, өксік пе, — өзім де білмеймін. Бірақ далбасам сол. Көп күттім сені. — Кішірек көздер шыңыраудағы жылтыраған судай тереңнен сүзіле қалды. Ғазиз жүзін бұрып әкетті.
— Айтыңыз, папа.
— Мені бір ғана ән, бір ғана шумақ жұлып түсті. Ажалым боп тура келген екен, енді құтқармас, — деп әкесі үшкір иегін шошайта шалқалады. Содан үнсіз біраз жатты. "Ұйықтап қалды ма?" деп бетіне еңкейе бергені сол еді, кірпіктері жыпылық қақты. Ерін көбесі сөгілді. — Біреуге істеген зәбіріңнің зауалын тіріде тартады екенсің. Мен, міне, зауалымды тартып жатырмын, балам. Мен оны бір-ақ рет өлтіріп едім. Ол мені күніне сан өлтіріп келеді, — деп ақынның бір ауыз өлеңін айтып, сол өлеңнің тарихын баяндап берді баласына.
— Айта берсін, онда не тұр? — деді Ғазиз.
— Не тұр деймісің, балам? Менің жан азабым тұр ғой. Анау өлең айтылған сайын опырық ауызды, көзі ағып түскен ашулы ақын маған осы өлеңімен қарғыс жазамды оқып тұрғандай сезіледі ғой, балам. Әр оқылған сайын менің қазам жақындай түседі ғой, балам, — дегенде ызалы ажардан шарасыздық білініп, танаулары қусырылып кетті.
— Мен не істейін, папа? Маған не тапсырасыз? — деп Ғазиз тері қаптаған құр сүйек білектен ұстай алды да, тастап жіберді.
— Сенен бе? Ақынды бәрібір өлтіре алмайсың. Бір өлген жан екі өлмейді. Өлігін қорла дейтін қабыры да жоқ. Қолыңнан келсе, осы әнін тый, балам! Осы өлеңінің көзін жой! Жұрттың аузынан жұлып алып, көме алсаң, қара жерге тық! Осы далбасам, балам!
Ертеңінде Құлтанның жұдырығын көкке білемдеп қатып қалғанын бір-ақ көріп еді...
Кімге түйілген жұдырық? Талас-тартысты тағдырына ма? Аумалы-төкпелі заманыңа ма? Ақынға ма? Өлеңге ме? Ғазиз көкірегіндегі түйінін ұстатпас көп жұмбақтың бірі осы.
Әкесінің түюлі жұдырығы жазылмай, сол қалпында көрге түскен еді.
Құлтан білген екен, Ғазиз тірлігінен береке қашты. Жоқ! Ғазизды оқудан да, жұмыстан да ешкім қудалаған емес. Ғазизды көптің ауқымы, халықтың қаһары дейтін құдірет тұқыртты. Желкеден көз қадалатындай көшеде жалтақтауы көбейді. Құлағына ән ызыңы жететіндей елегізуі молайды. Әсіресе студент жастардан көресіні көрді-ау. Ақынды әлгілер қанша ардақ тұтса, бұның әкесіне, әкесі сияқтыларға деген жеккөрініш сондай өршитін. Сол жеккөрудің салқыны Ғазизге де жетіп еді. Сүйіп қосылған жары безіп кетті. Айрылысып тынды. Қатыгез қайын-атадан аяулы ақынды артық санады. Ар сотына жүгінді де, филолог келіншек опасыздықты кешірмейтін тазалық дейтін кеселге салынып, Ғазизді тастады да кете барды.
Ғазиз келіншегіне жан теңгермеуші еді. Содан ба, есеңгіреді де қалды. Жоғары партия мектебіндегі оқуын да жалғастырған жоқ. Жұмыстың да тиімдісі кездеспей, Мақанның әкесінің үйінде (өз үйін, әкесінің пәтерін ауыр машина жасайтын заводтың бір жұмыскеріне аударып берген-ді) жарты жылдай тұрып қалған-ды. Обалы нешік нағашы апасы да, жездесі де Ғазиздің түскен еңсесін көтеруге, жабылған қабағын ашуға барын салып еді. Ақыры мынау Зүбайдаға теліген де солар. Бір қырсықтың бір пайдасы бар болатыны ақиқат. Кейін Зүбәйда бұның құтыла айналды. Немере әпкесінің күйеуінің тасы өрге домалап кеп беріп еді, Ғазизді де қоса сүйрете жөнелді. Алдымен аудандағы партия жұмысынан бастатты. Содан обкомға апарып, төрт-бес жыл тәжірибе жинақтатты. Кейін астанаға ауыстырып, министрліктерде сыннан өткізіп алды да, аса жауапты, биік креслоға сарт еткізді.
Содан бері Ғазиз Құлтанович атанды.
Содан бері Құлтан аты ешкімнің құлағына қырнап тимейтін болды.
Содан бері Ғазиз Құлтанович қол жетпес тұғырдан түспей келеді.
Содан бері ақынның соңғы әні, соңғы өлеңі ұмытылып еді. Халық жадынан, ел есінен жұлынып алынып тасталып еді. Ақын аты, ақын атағы көмескіленіп бара жатқан еді. Енді міне, әлдебір ауылда, әлдебір аймақта әні айтылады екен. Ол ол ма, ақынның баласы бар екен! Тірі екен!
Ғазиз Құлтанович ұзақ дөңбекшіді. Кірпігі кірпігіне жабыспай, талай ойдың басын шалғызды. Келіншегінің... алғашқы келіншегінің мөлдір қара көздері елестеді. Майсарадан аумайтын. Адамға адам ұқсай береді, ә. Алғаш Майсараны көргенде, келіншегін көргендей боп, аудиторияда өзін өзі әзер тежеп еді... Енді Майсара да жоқ...
Жастық дымқыл тартты. Саусағымен сипап еді, көзі жасаңғырапты.
Әнді жоя алмайды екен-ау. Жойдым, ұмыттырдым дегені бекершілік екен. Құдіретке айналмапты өзі. Айнала алмапты. Сонда ақынның сол өлеңін бір ауыл емес, басқа ауыл да айтатын шығар. Білетін шығар. Білсе білсін. Енді бұл әке аманатын орындайды. Мықтап орындайды. Бектемірді... ақынның белбаласын ақынның өзі құсатып темір тордың арғы жағынан телміртіп қояды.
Осы ойдан... осы зұлым ойдан Ғазиз Құлтанович жұбаныш тапты. Жүзінде рақат күй қалқыды. Әлгіндегі дымданған көз құрғады. Анау жазықсыз, кінәсіз адамды бұнда жатып бес, он жыл еркінен айыруға бекінуін өзіне зор бедел тұтты. Азаматтың жайын, күйін, жағдайын қаперіне алған да жоқ. Жазықсыз жапа шегіп, кінәсіз зәбір көрер-ау деп қиналған да жоқ. Өлі ақын тірі әкесін жеңіп еді, енді әкім ұл ақын ұлын жеңеді. "Дүние — кезек" осы. Әткеншектің екі басы кезек көтеріледі. Ретімен биіктейді. Биіктегеннің мерейі үстем. Дегені болады. Әмірі жүреді. Ендеше бұл бұйырады. Бұл нығарлайды. Бектемірдің ежелден тағдырына осылай жазылған. Ғазиз соны орындаушы ғана. Орындаушы ғана.
Миығынан күлді де іргеге аунап, сәлден соң жаны жайланып қор ете түсті.
Бұл кезде екінші бөлмеде Мақан да ұйықтай алмай, жастықты бүктеп бауырына басып алып, қалың ойдың шиырын кезіп кеткен-ді.
"Көн қатайса қалыбына..." деп... әй, Зүбайда, Зүбайда! Сен ғой сол кезде... алғаш күйеуге шыққан кезінде-ақ сұғанақ едің-ау. Апамның жүзігін, шкатулкадағы жүзігін жымқырып жатқан үстіңнен түсіп қалғанымда... Әй, Зүбайда ханум! Онда сен жай ғана Зүбайда едің-ау... Сонда, Зүбайда, мені шап беріп құшақтап... Тіліңді... тәтті тілінді көмекейіңе дейін аузыма сүңгітіп. Тапа-тал түсте оңаша бөлмеге сүйрелеп... "И-и, жаным! И-и, матур малайым!" деп... әңкі-тәңкімді шығарып ең-ау! Сол сен ауыздандырғаннан бері ұрғашыға деген құштарлықтан бір арылмай келем... Әй, Зүбайдахан! Зүбайда ханум! Мамамның сол жүзігі қайда екен? Әлі өзіңде ме? Әлде біреуге өткізіп жібердің бе?.. Көзі еді-ау шешемнің!.. Не қылар еді сұрасам? Әлде сондағысы есіне түсіп шаңымды қағар ма? Әлде сонысын қайталар ма?.. Зүбайда хануммен әмпей болу шіркін...
Әй, екі жүз соммен көмейіне құм құйылды ғой. Анау Балтаның келіншегі құрлы болмады-ау...
Балта... Балтырдан қабам дейді күшік. Қапқызам оған мен! Ендігі ұстасарым сен боларсың. Мақан шәуілдегенді кешірмейді. Шешесін жерге қаратып кеткен де өзі. Сол шешесін қызғыштай қорғайтын да өзі. Саспа, бәлем. Дәл сол шешенді қаралап... айтқанымды растап көзіңді жеткізермін. Әулие тұтасыңдар ғой. Періште санайсыңдар ғой. Қатира — періште де, әулие де емес әйел, қар екенін көздеріңе күйік қылып дәлелдермін..."
Мақан шалқасына аунап түсіп, сырттағы көше жарығының төбеде ойнаған дірілді жарқылына назар тіктеді. Анау дірілдеген жолақ сәуледен Қатираны, абыройдан айрылған Қатираны көргендей көздері кең ашылып барады. "Несі бар, бітеу емес. Ақшаға қызығатын біреу табылады. Әлі тұғырдан тая қойған жоқ. Бөденді әйелге ақшасыз да бір шөгіп кетуден тайқымайтын көрсеқызар қалалықтар жеткілікті. "Рахатханаға" бір жеткізіп берсем...
Aһ, Балта! Содан кейінгі әуселеңді көрсем-ау!"
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Сәуле Балтаны сағына бастады.
"Мен оны шын ұнатам-ау, шамасы... Неге жоламай кетті? Өкпесі қатты екен өзінің. Тіпті сонда шығарып салуға да келмеді-ау!"
Бірақ Магомед Сәулені ол ойынан тез айнытты.
Университеттен шығып келе жатқан. Кешке сегізінші марттың құрметіне дискотека болады. Соған дейін үйіне барып, мамасына айтып, киімін ауыстырып шығуы керек. Қас қылғанда бос такси кездеспей, басқа жеңіл машиналар тоқтамай қойып еді. Кенет сұр "Волганың" құдай тоқтай қалғаны. Бергі есігін ашқан шофер:
— Келіңіз, отырыңыз, Сәуле, — деді.
Танымайтын адамның өзін танып тұрғанын Сәуле онша жақтырмаса да, асыққан соң амалсыздан отыруға мәжбүр болды.
— Сіз мені танымадыңыз, ә?
— Танымадым.
— Балта екеуіңіз "Жигулимен" машинамды соғып едіңіз ғой.
— Ой, сол сіз бе едіңіз?! — Сәуленің әрі таңданған, әрі қуанған даусы сыңғырлап шықты.
— Менмін. Балта екеуіңіз сонда кешірім де сұраған жоқсыз, — деп шофер күлген болды.
— Ә, кешіріңіз...
— "Ештен кеш жақсы" деген. Енді көңлім жайланды. Айтпақшы менің атым — Магомед.
— Танысқаныма қуаныштымын, Магомед.
— Балта анада сізді шығарып салам деп жүріп таяқ жеген бе?
— Не? Не дедіңіз? — деп Сәуле Магомедгің қолынан шап бергенде, "Волга" бұлғаң етті.
— Ой, Сәуле, байқаңыз! Аварияға ұшыраймыз.
— Кешіріңіз... Балтаны ұрды деймісіз?
— Бәле, сіз немене?.. — Білмейсіз бе? Балта айтпаған ба? Түрінен көрмедіңіз бе?..
— Айтқан жоқ... — деді Сәуле жай ғана.
— Сірә, сіздің ухажеріңіз қызғаншақ болар. Вокзалда Балта сізді бір жаққа шығарам деп жүргенде екі адам ұстап алып... Өлтірмеген, бірақ аямаған.
— Өзі қалай? Балта қалай? Аман ба?
— Әй, сендер көрмейсіңдер ме бір-біріңді? — Енді Магомед таң қалды.
— Ол... ол — нағашым... Каникулден кейін көргем жоқ, — деп Сәуле шынын айтты. — Рахмет, мен үйге келдім...
Кешке Сәуле университеттегі дискотекаға барған жоқ. Балтаның үйін төңіректеумен болды. Пәтеріне баруға Майсарадан именді, әрі сылтаусыз кіріп баруды ыңғайсыз көрді.
Балтаның машинасын Сәуле көшеден аулаға бұрыла бергенде-ақ байқады. Қарағайдың тасасынан ілгері шықты. Сәулені машинадағы Балта да таныса керек қасына келіп машинасын тоқтатты. Есігін ашып еді, қаракөлеңкеде бетін таңып алғандай боп көрінді Сәулеге. Сол-ақ екен есікке бір-ақ ұмтылды.
— Сіз... сіз, Балта! Айтпайсыз!.. Өзіңіз... өзің амансың ба? Қол-аяғың сау ма, Балта? — деп есіктен ішке бас сұға Балтаның денесін сүзіп өтіп, бетіне қарады.
— Не болды, Сәуле? Отыршы.
— Сені... сізді біреулер ұрып кетті деп.., — Сәуле алдыңғы орынға сылқ етіп отырды.
— Кім? Қашан?
— Бүгін... Магомед айтты. Өткенде сіз вокзалға мені... екі адам сізге жабылыпты дейді. Рас па, аяқ-қолыңыз аман ба? Сау ма? — деп Сәуленің әлі сеніңкіремей отырғанын көргенде Балтаның жүрегі лүпіл қағып кетті. "Мені шын сүйеді екен! Естіген бойда жүгірген. Әй, Сәулетай! Сәулетай!"
Махаббат — тәңір ғой. Табындыруы да, жаңылдыруы да тез. Ал сезім байлығы әсіресе подвалда, үйшікте, қапаста тұратындарда мейлінше мол болатыны ежелден ақиқат. Арпалысты тірліктен, билік таласынан алыс тұратын, заң — низам сияқты тежегіш, бөгегіш өткелектерден cay, мөлдір бастаудан сусындайтын, табиғаттың аясында табиғаттың төл перзенті қалпынан әлі қашықтай қоймаған қарапайым жандар кеудеге дүниенің іңкәр ләззатын толтырып жетер сүйіспеншілікті үлкен төзіммен тосып алып, ақыры сол сәт сағаты соққан кезде бүкіл жанымен шиыршық ата түлеп, бүкіл болмысымен сол сезімнің өзінде еріп, балқып кетеді ғой. Балта Сәуле жүзінен соны ұқты. Өзі де дәл осы минутты аңсай іздеген екен.
"Саумыл, Сәулем, Сәулетайым!"
Балтадан басқа ешнәрсе сұраған жоқ. Сәуле жігіттің иығына басын төседі. Дәл қазір еміренген қыз жаны түгел сайрап, әр түйіршік қаны атқып тулап, жүрек соғуы әндетіп кетіп еді. Балта Сәулені қаусыра құшақтап бауырына қысып, сыпырылып түскен ондатр бөркін артқы диванға тастады да, шашынан ұзақ иіскеді.
— Сәулетай-ым!..
Сеуле ішінен ғана: "Балтам!" деді. Сыртына шығарған жоқ. Жіңішке саусақтарымен жігіттің алақанын тауып алып, құшырлана қысты.
— Қатты қорықтым!.. Өзіңді көргенше шыдамым жетпей... Әйтеуір, аман көрдім.
— Әй, Магомед, білмейтіні жоқ-ау. Кім ұрды дейді?
— Менің ухажерым дейді? Қайдағы ухажер?
Балта күлді. Күлді де басылды. "Әй, бір ғажабы әйелдер... бикелер жынысы әрқашанда шынын айтады. Шындықты айтады. Қаншама адам нанғысыз айлакерлік жасаса да, шындықты айтудан жалықпайды. Біздерден гөрі тазалау. Сүйіп тұрса да, сыр бермеуге бейім. Кейде тіпті іші өртеніп жатса да, сыртқы салқындығымен тұзақтайтынын қайтерсің. Ал сенсе, иланса, тағдырын түгелдей бүкіл ар, намысымен қоса біржола қолыңа ұстата салады. Сені пір тұтады, тәңіріне айналдырады".
Сәуле Балтаға тазалығымен, пәктігімен асқақтап сала берді. Соны ұғынғанда, іштей бір: "былғап алмаймын ба, тұнығын шайқап, лайлап жібермеймін бе" дейтін сезіктену тұтана жаздап, тез өшті. Жоқ! Тазаға шаң жуытпауға, мөлдірді лайламауға, лайлатпауға барын салады. Бір-біріне деген адалдық еш күдікті жолатпауға тиіс.
Балта моторды қыздырды да, бұрылып көшеге шықты.
— Қайда барамыз, Балта?
— Қыдырайықшы бір, Сәулеш! Тауға барайық. Табиғатқа барайық.
— Бүгін күннің ашық болғаны-ай! Көктем лебі есті.
— Иә, Сәулеш. Көктем туды! Жан көктемі! Сол күні Сәуледен бақытты адам жоқ еді. Есігінің алдына әкеліп салған Балтаға қолын ұсынып қоштасып жатқан. Балта бауырына тарта беріп еді, жыпылықтаған кірпіктерден үріккендей тез босатты. Сәуленің разы қарасы шарпып өтті.
— Сау бол, Балта!..
"Өзі сүйісе білер ме екен?" деген бір сауал соңынан қарап қалған жігіт көкірегінде тірілді де сейіліп кетті.
* * *
"Сегізінші мартпен де құттықтамады!"
Майсара өкініші осы өкпеден туындап, осы маңды ғана төңіректеді. Сәуледен күдіктенген жоқ.
"Сен елемесең, мен де қарап жатпайын" деген ерегіспен малына киініп отырды да, Балта есіктен кіргенде Майсара сыртқа беттеді.
Балта өз қызығымен өзі боп жүріп, ертең сегізінші март екенін де, келіншегін құттықтаудың қажеттігін де, тіпті бүкіл жылтырақ киімдерін киіп, асыл тасты алтындарын тағынған Майсарадан "қайда кеттің?" деп сұраған да жоқ. Бас изеді де өте шықты.
— Мені тоспай жата бер. Кеш келем, — деді Майсара Балтаның артынан қасақана.
Балта иығын қиқаң еткізді.
Майсара есікті құлаштап лақтыра жапты.
"Мынаған не болған? Сындыра ма? Aһ, Сәуле! Сәулеш қандай биязы! Екі ай қалай шыдап жүрді екен, ө? Магомедтен ести сала жүгіргенін айтсайшы! Қуанғаны-ақ жақсы! Бала! Әлі бала! Әй, сүйісу біле ме екен? Бауырыма тарта бергенде дір ете қалғаны- ай!.. Дақ түспеген шымқай көк-ау! Сүйетін қызыңның нағыз ұялшақ инабаттылығынан артық не керек?
Дөрекілігі жігіттен де асып түсіп жататын қыздар ар, ұят тәрізді қасиеттерді төсектерімен бірге жинап, қалдырып кететін сияқты-ау. Сәулеш, Сәулетай, неткен сезімтал едің! Әр мінезіңнен, әр қимылыңнан бүкіл шынайы болмысың қалтқысыз көрініп тұрады-ау. Қандай мөлдірсің! Қандай нәзіксің! Сені майыстыру мүмкін емес. Сені шытынатып сындырып алу оңай! Оңай! Шіркін, бақытыңды көрсем-ау! Бақытты болсақ екеуміз!.. Ал, Майсара ше? Әй, осы мен қылша мойныма дейін ұйыққа батып кеткем жоқ па?.. Ұйық қой мынау мен қызыққан мақтаулы тірлік. Қабақ бағу, мықтылардың көзіне түсу, шашпауын көтеру, алдынан кесе көлденең өтпеу, керек жерінде кәдесіне асу, семіз жеңгей, арық жеңгейлердің көңлін табу, сый-сиялат көрсету — әбден жалықтырды. Қыл үстінде жүргендей анау Барақ, Магомед, Күржіктер қай тұсымнан үскірігін боратады деп қылпылдаған жанынды қайда қоясың? Анау ауылдағы қас пен қабақтан түсінісетін от басының мамыражай қуанышты өмірі қайда? Солар істеген ісін, жасаған жұмысын, қызықтаған қуанышын ғана білуші еді ғой. Солардан бойға қуат, жанға нәр алушы еді ғой. Ал, мынау Майсара екеуміздікі не тірлік? Махаббат құдіреті екеуара болатын шынайылық, тазалық, татулық, бірін-бірі пір тұту емес пе. Ал біздікі... Өзімшіл тілектен ол да, мен де аса алмай, бір-бірімізден тек қана дегенімді жаса дейтін сынар жақ үстемдікті талап ететініміз қалай? Шынымен-ақ әдемілік әсемдік мөлдірлік аңсаған жанымның күйрегенін сезбеймін бе? Өзімді өзім алдап, көргім де, сенгім де келмей, ожданымды сұлу әйелдің сүйкімді қылықтары мен тиын-тебеніне айырбастап жібердім бе?.. Еһ, Майсараның кінәсі да жоқ тәрізді-ау... аңсарыңды қатайтып шегіне жеткізер... тұла бойыңды қалшылдата құштарлық сезіміне бөлер құдірет бар онда. Босатпайды. Неғұрлым әлгі асау құштарлықты басайын, тарқатайын деп тілесең де, жалын төсекте рақат күй кешетінің... бүкіл ой-бойыңды тәтті уымен жайлап алатын тылсым күй кешетінің, осы таусылмас құштарлықты одан сайын күшейтеді-ау... Әй, Майсара, қан тасытқан сезім... жо-жоқ, желік қуанышын кеудеме шелектеп құйған жомарттығыңды ұмыта алармын ба?
Құныққан маскүнемдей, әй, босай алмаспын-ау құшағыңнан, босай алмаспын...
Сәулеш, Сәулетай! Неге кездестік? Былғанған ой-бойымнан тазара алармын ба? Тазара алмасам, өзіңді қоса былғап кетсем ше?" Балта Майсараның келгенін де, кіргенін де сезбей қалды. Электр қосқыштың түймесін басып қап, люстраны жарқыратып жіберген Майсара диванға тесірейе қарап теңселіп кетті.
"Әй! Мынау мас па?!" Балта атып тұрды. Майсара бұл көргелі ішімдіктен ауыз тиетіні болмаса, жарытып ішпейтін.
— Не болды, Майсара?
— Маған ба, — Майсара шайқалақтап барып, қабырғаға сүйенді. — Маған ба, маған... жо-жоқ, Балта, маған ештеңе болмайды.
— Ішіп алыпсың ғой.
— Іштім. Неге ішпеймін. Ертең сегізінші март. Ал, бүгін, бүгін, Балта... мені ешкім құттықтамады. Ал, мен іштім... неге іштім бе?.. Ішкім келді. Сонсоң жылағым келді... Ал, сен... Ал, енді күлем...
— Отыршы, Майсара! Май!.. — Балта сүйеп әкеп диванға отырғызды. Пальтосын шешті.
— Мен... менің тарс есіммен шығып кетіпті. Май... Өйтпесе... Сегізінші мартыңмен құттықтайтын едім.
— Сен, Балта, енді ұмытпайсың, ә.
— Ұмытпаймын, Май...
— Мен сені тостым, тостым. Терезеден қарадым. Қарап тұрдым... Бәрі, бәрі әкелді. Еркектер гүл әкелді. Подарка... Сен жоқсың, Балта... Сен қайдасың, Балта?
— Осындамын. Қасыңдамын, Май.
— Өтірік. Сен жоқсың! Сен басқа жердесің.
— Осы қазір осындамын.
— Келмедің. Еркектер әйелдерге... басқа әйелдерге гүл әкелді. Терезеден көрдім. Василий Сергеевич те жоқ.
— Ол қайда?
— Василий Сергеевичті әкеткен... Ауруханаға салуға әкеткен... Сен келмейсің. Қайда болдың, Балта? — Майсараның шаршаған, жылаған, қызарған көздері жігітке азап тартқан періштенің жанарындай боп сезілді. Өтірік айтып, бұлтара алмай қалды.
— Сәулені кездестіріп... Екеуміз қыдырдық.
Майсара көмейімен ыңыранды. Әлгі телмірген көздерге домалап-домалап жас ыршып шыға келді.
— Сәуле... Тағы да Сәуле... — Кеудесін сығымдай қатты күрсінгенде люстраның жарығында жылтыраған домалақ тамшылар төмен сырғанады. — Мен... мен сені құр ұмытты... келмеді деп... Сен Сәулемен қыдырдың... Онда мені ұмытасың, Балта.
Майсара ағыл-тегіл еңіреді. Жаспен бірге мастығы да ыдырай бастады. "Жылағанның аузы жаман" деген бос сөз екен. Майсара жылаған кезде тіпті ерекше көріктеніп кетеді екен. Балта қасына отырып, келіншекті құшағына қысты.
— Әу, Май, Майечкам, жыламашы. Қойшы, Майечка!
— Сен мені ұмыттың ғой?
— Жоқ! Ұмыта алмаймын.
— Рас па, Бал?! — Майсара бұлқынып жігіттің көзіне қарады. Сенген болуы керек асыға сөйлеп кетті. — Бал, мен бар ғой, мен махаббатымнан айрылып қалам ба деп сондай қорқам, сондай қорқам. Мен үшін сен, Бал, бәрі-бәрісің! Өмірім, қызығым, қуанышым сенің ғана қолыңда. Сенің ырқында ғана. Мен тек сені жоғалтпасам, сенен айрылып қалмасам, басқа ештеңені қаламаймын. Маған саған деген махаббатымнан қадірлі түк жоқ... Мен саған қажет болсам, сені Бал, сені қуанта алсам, онда ма, онда менен бақытты ешкім болмайды. Мен саған ұнасам, үнемі ұнай алсам... сен менен жерімесең, Бал, онда мен тек өмір үшін жаралған, сүю үшін жаралған жер бетіндегі ең тағдырына разы жалғыз әйелге айналар едім. Маған жұрттың сөзі, кіналауы, жазғыруы өтпейді. Өйткені сен маған бүкіл қауымнан да, бүкіл жұрттан да, барлық ғұмырымнан да артықсың. Қадірлісің! Менің туыс-туғаным, ағайын-жақыным, құрбы-құрдасым — өзің ғанасың, Бал! Сыртымнан мені қаралай берсін! Қара күйесін жаға берсін! Мен сені көргелі тазамын! Саған кездескен сәттен бері менің иненің жасуындай қараулығым болған емес! Сен мені ұмытпасаң, Бал, сен мені ұмыта қоймасаң, Бал, мен, мен сен үшін бәріне... бәріне дайынмын. Ал, бүгін... сені көп тостым. Сен мені ұмытты деп ойладым. Содан... ресторанға бардым. Завзалом менің подругам. Ол мені құттықтады. Ол мені коньякпен сыйлады. Ол да жалғыз. Мен... мен, бүгін, Бал, сондай жалғыз болдым. Сені іздедім, Бал! Мен сені іздеп жыладым, Бал! Подругам екеуміз қосылып жыладық. Ол өз күйігін арақпен көмді. Мен ше?.. Мен де күйік тарттым. Сен, Бал, әйел жүрегінің еңірегенін тыңдасаң ғой. Жүрек шері ғаламат! Ғаламат, Бал! Өмірден мүлде түңіліп кетесің ондайда. Өзіңді өзің тұзаққа аса салғың келеді, Бал... Сен ұмытпадың ғой мені, Бал?
— Ұмытқам жоқ, Май...
— Рақмет, Бал! Жо-жоқ, мен саған кінә тақпаймын. Кейде тірліктің запыран ішкізетіні болмаса... сен менен жерімесең, мен қандай бақытты әйел болар едім. Беге болар едім деймін. Мен қазір — керемет бақыттымын, Бал! Кеудемде жаз күні шуақ төгіп тұрғандай. Жанымның елжірегенін білсең! Анасына еміренген, қол жайған сәбидің күлкісіндей денемде дуылдаған қанның тасқыны!
Сен мені ұмытпашы, Бал!..
Балтаға Майсара осы сәтте еш бүкпесіз ашылуымен, ұрғашылық шындығымен, жайдарыланған жан тыныштығымен асқақтап, биіктеп кеткендей сезілді. Өзін әлденеге қораш тұтқан сезік оянды. "Мен мына Майсараға да серіктікке жарамаймын-ау, сірә. Ниеті таза, қылығы жуас, әрекеті адал. Мен ше... неге әурелеймін. Неге әрі-сәрімін. Бірде Сәуле, бірде Майсара деп бұлқынам. Өзім ғана бұлқынам. Жүрек әмірі берілмейді. Берілген жоқ. Неге солай? Мүмкін нағыз тасжүрек мен емеспін бе? Менікі алашақ-берешекті ғана салыстыру сияқты ғой. "Қай жағына бұлтарсам, қанша алам, қанша жоғалтам" дейтін есепқорлық қана. Шын махаббат сананы сезімге жығып береді..
Майсара! Мен үшін жанынды да құрбан етуге дайын екеніңді білем. Мүмкін соны пайдаланып жүрмін бе? Онда Сәулеге неге біржола бой ұрмаймын. Әлде анау... тар қапас, техникалық сасық қуыс үрейлендіре ме?.. Мені сол жүрексіндіретін шығар?"
Балта әрі-сәрі тірлігінің жауабын тапқандай болғанда, өзін-өзі жек көріп, өзінен-өзі жиіркенді. Көң арасынан шыққан тірлік иесінің сол көнді неге жаратпайтынын, неге жатырқайтынын енді түйсінді. Анау тірлік анау қоңторғай тірлік құлатөбел тіршілік өмір бойы балалық дәуренде де, өспірім кезде де өзін өзгелерден кем тұтқызған, өксіте қорлантқан кебі екен ғой. Содан енді құтылдым ба, енді еркін бой жаздым ба дегенде қайтадан бұрынғы таз қалпына түсуден жаны ышқына безе қашады екен-ау.
— Майсара, тұр. Етігіңді, киіміңді шеш.
— Сен тамақ іштің бе?
— Жоқ.
— Мен торт пісіріп кеткем.
— Мен кухняға кіргем жоқ.
— Еһ, Бал, Бал! Сен менсіз тамақ та ішпейсің, ә? Сен мені тостың ғой, ә? Мені ғана!..
— И-иә...
Майсара қуанды. Орнынан атып тұрды.
— Маған, Бал, сегізінші мартқа осыдан артық сыйлық қажет емес! Мен ас дайындайын, шай қояйын.
Майсара шығып кетті.
"Сәулеге қандай сыйлықалсам екен? Ой, мен бүгін оны да құттықтамаған екем ғой. Қап! Әй, Сәулеге ертең қандай сыйлық алсам екен? Кулоны жоқ. Сол дұрыс болар. Ой, тәтті тамақтың исі келді ғой мұрынға! Майсара керім кулинар! Бүгін арақ ішкені жарамады. Өткенде бір жігіт "темекі тартқан қызбен сүйіскенше, пепельнцаны сүй" деп күлдіріп еді. "Арақ ішкен әйелдің қасына жатсаң, закускаға тойып ал" деу керек шығар. Әй, мынау әдемі шықты. Ұмытпайын. Жігіттерді күлдіруге жақсы болды. Түу, шегім шұрқырап барады ғой. Мәссаған! Сағат он екі. Сонда он бір сағат нәр сызбаппын ғой...
Сәулеш! Мені ойлап жатыр-ау. "Жастықтың өзі — сұлулық" дегенді қай жазушы айтып еді? Білген-ау! Сәуле — ашылып келе жатқан жұпар шашқан гүл!..
Кулон алғаным дұрыс болар. Сәл ақшам жетіңкіремейді. Жарайды, анау шкатулкадан жиырма бес сом, елу сом алып қоссам... Майсара қайта қуанады мен шығындалсам... "Бай келіншектің нансоғары". Айтқыш-ақ. Айта берсін. Қызғаншақтың қайсысының аузына қақпақ қоярсың. Іші күйсе, түз жаласын".
— Май! Май-еч-қа-а! — Айқай салды. — Дайын ба тамағың?
2
Василий Сергеевич екі күннен бері есік ашылса, басын көтеріп алаңдаумен болды. Балта естіген сәтте жетіп келетініне сенімді. Ішінен тек: "айтсам ба екен, айтпасам ба екен?" дейтін таласын жеңе алмай жатыр.
Ақыры бәрі анықталды. Анализ түгел сол ауруды... бейдауа ауру - ракты - дәлелдеп берді. Емханаға барып, қаралып жүрген. Аурудың беті анықталған соң Төртінші басқарманың ауруханасының" жедел жәрдемі" алды да кетті. Екі-үш күн дайындап, операцияға жатқызбақ.
Өмір... Өлім. Әткеншектің екі басы. Дүниеге келген адам түбінде бір өледі. Бірақ жүрер жолыңды өткеріп барып, береріңді беріп барып, молырақ тындырып барып көз жұмғанға не жетсін. Василий Сергеевич өлімнен қорықпайды. Қорықпайды деу артықтау болар. Дәрігерлердің шешімін естігенде онша үрейлене қойған жоқ. "Қандай жылдам еді!" деген тіл ұшына оралған сөйлеммен таңданғанын білдіріп еді. Немененің жылдам екенін ажыратпаған. Аурудың ба, әлімнің бе, әлде дәрігерлер тұжырымының ба.
Сегізінші март та, Тоғызыншы март та өтті. Балтаның төбесі көрінбеді. "Әй, ішіп қойып, машинасын соғып алды ма? Келер еді ғой. Тойдан кейін неге жатпадым? Несіне асықтым? Мен үйде отырсам, Балта ішпес еді. Әрине, ол мені сыйлайды. Жасқанады".
Есік тағы ашылды. Есік ашылғанда басын жұлып алып елеңдеген қарияны көргенде палаталас көршісі шыдамады. Ішінен: "Әй, кімде болса нағыз безбүйрек- ақ екен! Баласы әлде келіні болар. Осыдан келсе, төбесі көрінсе, әй, оңашалап алып, сыбап берермін-ау!" деп өзіне өзі уәде еткендей болды.
Сестра екен кірген. Шприцін дәріге толтыра келіпті, Василий Сергеевичке үнсіз ым қақты. Бір жамбастаған шалдың күдірейген қу сүйек жауырынын, қылқиған мойнын, тереңдеп кеткен желке шұңқырын көргенде көршісі: "Қандай аянышты, қандай қиын жасы жеткен дімкәс адамға" деп ойлады. Үшкір ине сүйекке қадалғандай. Медбике қыз қаны бұрқ еткен жамбасты мақта тампонмен бір сүйкеді де, тайып тұрды. Көрші жігіт қанның тоқтамағанын байқап қалды да, айқай салды.
— Медбике! Бері қайтыңыз, сестра!
Медбике едірейіп оралды.
— Не? Сіз бе мені шақырған?
— Алдымен қанды тоқтатыңыз. Василий Сергеевич, откиньте, пожалуйста одеяло... Әне, неге асығасыздар? Дұрыстап неге укол салмайсыздар. Онсызда ауру адамды одан сайын ауыртқанда бірдеме түсе ме? Сіздер ғой мейірім періштелерісіздер. Ал, мына жасайтындарыңыз... — Жігіт күрсінді.
Медбике басқа мақта тампонмен укол еккен жерді біраз уқалады. Ұяты бар екен, құлағының ұшына дейін қызарды.
— Рақмет, қарағым. Бара бер, — деді Василий Сергеевич, таза қазақшасымен. — Сізге де рахмет, балам.
— Оу, атасы-ay, өзіңіз мығым шықтыңыз ғой! Түу, тіпті қызық болды-ау. Қазақшаңыз ағып тұр ғой!
— Ол рас енді. Бір қақпайым бар, балам. Пайдасынан басқа зиянын көргем жоқ тіл білгеннің. Қазақ дейтін тамаша халықтың дарқан жанын жете таныдым. Өз тілімен сөйлеп кеткенімде өзімсініп іштарта сен құсап қуанғанын көріп, талай мерейлендім. Өз тілін, туған ана тілін ардақтау — халықтың дана қасиеті. Әсіресе, сендерде, балам, қазақ жақсы көргенін сен дейтінін ескер, ана тілі яғни анамның тілі деген әсем тіркес бар. Өйткені өмір нәрін ана төсінен сорып өссең, туған халқыңның тілін ана әлдиінен, бесік жырынан ұғынасың. Сондықтан ана тілі деу өте орынды.
Жігіт бір шынтақтап Василий Сергеевичке ұзақ сүйсіне қарады.
— Рақмет, ата. Немереңіз бар ма?
— Бар... — Шалдың кірпіктері айқасып кетті... "Қап! Жанды жеріне бекер тиіскен екем" деп көршісі жастығына құлай кетті. — Бар, немерем! Биыл институтқа түскен... Ә-ә, былтыр екен ғой. Бресте.
— Алыста екен... Келіп тұратын шығар?
— Жоқ. Ол шіркін папасы екеуі туған жерін, үйін ұмытқан... Келмегендеріне көп болды. — Василий Сергеевичтің самайынан жас сорғалады. Бірақ оны өзі сезіп жатқан жоқ. "Хабар бердіңіз бе?" деп сұрағысы кеп тұрды да, көршісі ол ойынан тез айныды.
— Сірә, келініңіз сол жақтан болар?
— Иә. Егор Москвада МЭИ-ді, энергетикалық институтты бітірген. Сонда танысқан ғой келінмен. Алматының ауасы жақпайды деп... Ол кезде Алматының ауасы дәл қазіргідей ме еді... Тазалау еді ғой. Келінге сылтау үшін керек болды ол. Кемпір-шал сопайып қала бердік. Мамасы қайтқанда үшеуі бір рет келіп кеткен. Үш жыл бұрын... Бресте екі мәрте болғам. Үшінші рет болуға міне, тағдыр да... келін де жазбай отыр.
Күрсінді ме, әлде өксіді ме, дірілдеген кеуденің дыбысы айырғысыз. Қария теріс қарап алыпты. Әлгі келеңсіз әңгіме қай-қайдағысын есіне түсіріп, бітеу жарасының аузын алып кетті ме деп жігіт қысылды.
— Ата, әу, ата?
— Не, Серік? Бірдеме айтамысың? — деген жайбарақат дауыстан көңіл орнықты.
— Сіздің ауырғаныңызды олар біле ме?
— Жоқ. Жұмыстағы, оқудағы адамдарды несіне әурелеймін. Қолдары тисе, жақсы. Жер түбінен келу де қиын...— Вася атай күрсінді. — Бәрібір келмейді... Шешесі, аналары өлейін деп жатқанда, үш телеграмма бергенімде, өлгеннен соң әрең келген... Әй-й, Қазақ-тың: "Әкенің көңлі балада, баланың көңлі далада" дегені менің Егорыма айтылған. Жалғыз ұл еді. Бетінен қағып көрдік пе... Ехе-хе, Серікжан, баланың қандай екенін өлеріңде ғана білесің. Қатыгез бе, қайырымды ма, өлім ғана ажыратып береді. Қайырымсыз ұлдың салған топырағы тоннадан ауыр болар. Мәңгілік үстіңнен басып, жаншып жатар... ехе-хе... Ал мен адамның қатыгездігінің қайдан нәр алатынын... мынау бас ұнға тыққандай болды... әлі күнге шейін білмеймін, Серік балам. Кейде ұзақ ойлаймын, ол мейірімсіздік ана сүтінен сіңе ме деп. Бірақ Анна Михайловна, марқұм, бәйбішемді айтам, сондай елгезек сондай мейірбан жан еді. Егорушка кішкентайында тіпті мейірлі болатын. Мен базардан тауық әкеліп, ұмытпасам, май мейрамы қарсаңында... онда Тастақта өз үйімізде қазақтардың арасында тұратынбыз.... әлгі тауықты әкеліп, басын балтамен шауып кеп қалғанымда, тауықтың денесі ыршып секіріп тулаған... Соны көрген Егорушка өксіп жылап еді! — Шал тағы күрсінді... — Тауық етін жемей қойған. Мүмкін сонда ұлымның көзінше тірі жандықты аяусыз өлтіріп, жауыздық танытып алдым ба екен... Кейде әр әрекетімізді ойланбай жасай салатынымыз бар-ау. Ехе-хе! Әкенің бақытының не екенін білесің бе, Серікжан? Ол дегенің баласының жанарындағы ата-анаға бағышталған мейірімнен... махаббаттан жанының жылынуы ғой. Дүниеде бала жанарынан сезімтал не бар. Жаныңды сүйінтетін де, күйінтетін де сол мөлдіреген жәутең көздер ғой. Соған жас келмесе екен, кірбең шалмаса екен, мұң оралмаса екен дейтін тілек бүкіл ғұмырыңның мағынасына айналмай ма. Ал, сол жанар, ұлың жанары саған шатынай қадалса, сенен мейір күтпесе, саған еркелік танытпаса... онда... онда оның сүйіспеншілігін сұрап алам деу... сатып алам деу бос әурешілік Серікжан. Ехе-хе... Сенбеймін! "Ұяда не көрсе ұшқанда соны алады" деген тұжырымға сенбеймін. Адалдыққа үйретпедік пе біз? Тазалықты бойына сіңірмедік пе біз? Егорушкаға біреуге қылдай қиянат жасатпауға тырыспадық па біз. Анасы Анна Михайловна қандай адам еді! Ангел, періште ондай болмас. Ал соншама тәрбиенің нәтижесінен не шықты. Бір шүйкебас бәрін төңкерді де тастады. Ехе-хе, тәрбие дейміз, тәлім дейміз. Мектепте де кінә бар. Барлығы қағаз бойынша. Бала біткенді бір қалыпқа құйғандай етіп шығаруға құлшынады кеп, өршеленеді кеп... Ехе-хе. Кірпіш емес қой. Ойы, қабылдауы, сезімі бөлек. Ал, бізде мектепте, балабақшада, институтта: "Болмайды! Рұхсат жоқ! Тәртіп сақта! Айтқаннан ауытқыма! тәрізді тежеулер басым. Сол кезде бұзып алып жүрміз бе екен...
Василий Сергеевич содан кейін үндеген жоқ. Түскі тамаққа дейін басын да көтерместен, көршісімен де сөйлеспестен, газетті де қарамастан бүк түскен күйі жатып алды.
"Қиналады екен-ау. Жалғыз ұлдан қалған көңілді енді кім тағы алаңдатып жүр екен? Қарияның шыдамсыз тосатын біреуі бары анық. Ұлынан да артық көретін тәрізді. Бүгінде туған туыс емес, ұғынысқан туыс дейтін ақиқатқа айналып барады. Кім де болса, жаны ауырған байғұсты одан сайын бүрістірмей,тезірек келсе екен. Рак екенін сол шіркін біле ме екен? Білмейтін шығар. Ал, Василий Сергеевичтың рухы мықты! Өлем-ау дейтін түңілуі жоқ".
Шалға тамақты палатаға әкеліп береді. Түстен кейін де орнынан қозғалмай жатып алды.
— Василий Сергеевич, қыдырып келмейміз бе?
— Рахмет, Серікжан. Бүгін соған көңілкүйім болмай жатыр. Өзің бара бер, балам.
Есік алдына шығып, аулада бір-екі рет айналған Серік палатасына тез қайтты. Василий Сергеевич әлі сол бүріскен қалпынан айнымапты.
— Тез оралдың ғой, балам? Осы бүгін келушілерді жіберетін күн бе еді?
— Жоқ, ата. Бүгін бейсенбі. Кеше сәрсенбіде кіргізген. Енді демалыс күні -жексенбіде жібереді.
— Ә, жөн-жөн...
Сөйткенше палата есігі тықырлады. Вася атай елеңдеді. Серік "Кіріңіз!" деді. Есіктен Сергей Туров мен Қадірбек кіріп келді.
— Ата!
с Василий Сергеевич!
— Оу, менің сұңқарларым! Жоғарылатыңдар! Төрлетіңдер! — деп Василий Сергеевич басын көтерді.
— Сәламатпысыз, атай?
— Қалайсыз, дедушка?
— Мен бе? Оу, менікі, ұлдарым-ау, үйреншікті ыңқыл-сыңқыл ғой. Өздерің қалайсыңдар? Менің жатып қалғанымды сендерге Балтажан айтқан ғой.
Сережа мен Қадірбек бір-біріне қарады. Екеуі де бірдей бас изеді.
— Әрине, Балта Мұқатовичтан естідік.
— Сіз ауырып қалды деп... Балта Мұқатовичтың, біздің меншікті шефтың қабағы түсіп кеткен соң біз мынау Қадир ибн Бек екеуміз өзіңізге тартып кеп кеттік.
— Өзі қайда?
— Балта Мұқатович па? — Қадірбек күмілжіді.
— Сен білмейсің, ибн Кадири, ол шефты үлкен шеф бүгін Академияғадағы жиналысқа алып кеткен. Бірге келмек болғанбыз.
Бүгін конференц-залда үлкен мәжіліс бар сияқты. — Сережа қолындағы торын тізесінің үстіне қойып, қып-қызыл алмаларды тумбаға салды. — Мамам сізге витамин қажет дейді. Ал, мынау, дед, тұздалған саңырауқұлақ. Өзім тергем. Нағыз ем. Осыдан ауыз тисеңіз, жазылып кетесіз. Мен сәл сырқаттансам, осы саңырауқұлақпен емделем.
— Рақмет, Сережа. Менің саңырауқұлақты жақсы көретінімді білгендей әкеліпсің, — деп сіңірлі саусақтарымен Сережанын білегін қысты.
Қадірбек қара сумкасынан кастрюльді шығарды.
— Ата, менің мамам да... сіздің қазақша етті ұнататыныңызды біледі. Суымапты. Қазір жейсіздер ме?..
— Әй, Қадірбек! Мамаңа алғысымды жеткіз. Сережа, сен де мамаңа менің ризашылығымды білдір. Жейміз. Серікжан екеуміз бір тойлайтын болдық.
— Ата, көп жатасыз ба?
— Білмеймін, Қадірбек. Біраз тексеретін шығар тағы. Бір кішірек операция жасаймыз дей ме... дәрігерлер біледі ғой, — деп атай кейін шалқалай беріп еді, Сережа мен Қадірбек жастығын жотасына төседі. — Ем-дом жаман емес. Ширап қалдым. Шипасын салса, айығып тұрармын... Майсара жеңгелеріңді көрмедіңдер ме?
— Көрдік...
— Көргенде біз, дед, Майсара Тілеуғариновнаны мерекесімен құттықтағанбыз.
— Оларың өте дұрыс болған, балалар.
— Ата, қандай дәрі керек? Мүмкін табылмайтыны болса... — Қадірбек қып-қызыл боп ұялып кетті. "Әй, тағы бүлдірдім. Бұлар ғой, әсіресе, Сережа, мен папамды айтып отыр деп ойлайды. Жоқ, мен бүкіл аптекаларды аралап шықсам да табар едім".
— Дәрі жеткілікті мұнда, Қадірбекжан. Оған әуре болма... Балта жиналысқа кетті дедіңдер, ә... Өзі жүдемеп пе?
— Кім, шеф па? Қайдағы жүдеген! Екі беті тұп-тура тамбуриндей! Жоқ! Біздің шеф жүдемейді. Нервісі мықты! Жүдеу білмейді.
— Операцияны қай жеріңізге жасайды, ата?
Василий Сергеевич естімеді ме, естігісі келмеді ме, тумбочканың аузын ашып екеуіне бір-бір алмадан ұстатты.
— Әне жерде су бар. Жуып жеңдер.
— Ну, дед! Өзіміз әкеліп, өзіміз жейміз бе?
— Сендердің көңілдеріңе тойдым, балалар. Сендердің жегендеріңе қарасам, өзім жегендей болам.
Қадірбек алмаларды жуып әкелді.
— Дед, сіз қай жеріңізге операция жасайтынын айтпадыңыз ғой? Ауыр операция емес пе?
— Жо-жоқ! Жай әшейін бір профилактика үшін ғана дейді. Әйтпесе, жатам ба. Ау, қараңғы болып кетіпті ғой. Қайтыңдар онда. Ертең жұмыстарың бар.
— Тез айығып шығыңыз, ата!
— Дед, біз тауға барамыз деп ек қой. Барамыз, дед!
— Барамыз, немерелерім...
Қадірбек сыртқа шыққан соң да біразға дейін көңілсіз келе жатты. Ақыры жаңбыр бүріккен асфальтқа түкіріп тастады.
— Неге шынымызды айтпадық? Конференц-зал... шеф... үлкен мәжіліс... Сенің аяқ астынан шұбырта жөнелген ертегіңе Вася атай сене қоятындай...
— Сенеді. Өйткені ол кісінің көңілі соны ғана қалайды. Балтаның жақсы болғанын тілейді. Әлі де үмітті одан. Ал, сен, Қадірбек... Әрине, атайға қиын. Қатты қиналады. Рак екенін біледі. Ал рухы мықты. Шіркін осындай жандарға бейдауа ауру қайдан келеді екен!..
— Балтаны іздейді... Қатты бауыр басып қалған. Сережа, екеуміз ылғи келіп тұрайықшы, ә?
— Келеміз, келіп тұрамыз? Ал, Балта Мұқатович. Ох, қалай өзгерген! Қандай өзімшіл!
Осыдан кейін екеуі де үнсіз қалды.
Сегізінші мартта Майсара Тілеуғариновнаны құттықтап шықпақ боп келіскен-ді. Екеуі гүл базарынан бес тал қызғалдақ сатып алып, басқышпен екінші қабатқа көтерілген. Электр қоңыраудың түймесін біраз басқан. Сағат күндізгі үш. Бір жаққа кетіп қалды ма деп те күдіктеніп еді, ақыры есік ашылып, ар жағынан екі көзі бұлаудай ісіп кеткен Майсараны көрген.
— Майсара жеңеше!..
— Майсара Тілеуғариновна!..
Одан әрі екеуінің де дымы өшкен. Ал, Майсара, Майсара Тілеуғариновна өкірген күйі кейін бұрылып, залға кіріп кеткен.
Екеуі екі жақтап келіншекті әрең жұбатқан. Орамалы шылқыған су болған Майсара мына екі жас жігітке күйігін шағып, опасыздық көргенін баяңдаған.
— Балта... Түнде ғана сені сүйем деп... Қандай сеніп едім! Неге алдайды? Сережа, Қадірбек айтыңдаршы еркектің бәрі солай ма? Бәрі алдағыш па? Түнде басқаша айтып, күндіз жалт бергені қалай? Алдымен ертемен ауруханаға телефон соққан. Мен Василий Сергеевичтің жағдайын, халін білді ғой деп қуанып едім... Сөйлесіп болып, кірді. "Василий Сергеевич рак екен" деді. Жүрегім шаншыды. Василий Сергеевичті сондай аядым. Ал ол... ex, Балта, Бал!.. Қандай қатыгез! Қуанатын тәрізді. Алақанын алақанына уқалап-уқалап жіберді. "Вот и везение! Пәтер маған қалады!" дегені. Содан бір жаққа шығып кеткен... Мен... мен көп тостым. Тағы тостым. Әйел халқы тек тосуды ғана біледі. — Майсараның қайтадан иығы селкілдеді. — Жыламайын десең де, ызаң келеді. Бір кезде ол... ол келеді екен... Терезеден қарап тұрғам. Біздің терезе подьездің дәл үстінде. Қасында кім дейсіңдер ғой? Сәуле! Қолында гүлі бар... Нағашы-жиенді боп мені құттықтағалы келе жатқан шығар деп ойладым. — Майсара одан әрі еңіреп жылап жіберді. Диванға бетін төсеп солқылдап ұзақ жылады.
Қадірбек те, Сергей де көпке дейін жұбата алмады.
Қадірбек ас үйден су әкеліп ішкізді.
— Жеңеше, жылағаннан түк өнбейді. Жүйкеңізді босқа жұқартпаңыз.
— Сонда олар қайда? — деді Сергей Туров.
— Отыр... Василий Сергеевичтің пәтерінде екеуі тойлап отыр... Ех, Бал, Бал! Қандай қатыгез едің! Маған көрсетпей, басқа жақта жүрсең... Көз алдымда, дәл іргемде жасағаны мынау.
Сергей басын шайқады. Балтаға көңілі біржола қалған еді. Қадірбек орнынан асыға тұрды.
— Қайда барасың? Тоқта!
Қадірбек қолын бір сілтеді де, есікке беттеді.
Василий Сергеевичтің есігін қағып-қағып жіберді.
Есік сарт ашылып, Балта көрінді.
— Сен бе, Қадірбек?! Не боп қалды?
— Сіз... сіз... сіз...
— Иә! Мен... Алдыңда тұрмын айта бер.
— Сіз нағыз жауызсыз, Балта аға! Жоқ, аға емессіз. Аға бола алмайсыз.
— Сол ма бар айтарың, Қадірбек? Соған бола есікті сындыруға бола ма, — деп Балта күлімсіреді.
— Әттең, Вася атайдың пәтері, әйтпесе...
— Жоқ, Қадірбек! Енді бұл менің пәтерім! Менің! Василий Сергеевич бөлмесіне ақтық рет шалқалап кіріп, шалқалап қана шығады. Сондықтан, Қадірбек бауырым, мен өз меншігімді сұмдық қорғағыш жанмын. Сен есікті емес, менің басымды соқтың әлгінде. Оман да шынтуайтқа келсек есіктен гөрі басымды соққылағанын әлдеқайда тиімді. Краска... бояу дефицит бүгінде.
— Оны да жасармыз. Соғу қашпас, — деп Қадірбек күрсінді.
— Ой, тілің шыға бастапты. Сонда сен үлкенге қол көтермекпісің, Қадірбек? — деп Балта еп-ерсі көзін бақырайтты.
— Жауыздықты тұмсықтан соғып қана тұқыртады.
— Сол тұмсық кімдікі боларын білмей тұрсың-ау.
— Балта, кім ол? — Ар жақтан алжапқыш таққан Сәуле жақындап келді. — Сәлеметпісіз. Неге кірмей тұрсыз?
— Сәулетай, сен асүйге бара бер. Бұл жігіт адресті шатастырып жүрген біреу.
— Жоқ, Балта! Мен ешқашанда шатастырмаймын. Адасқан да, адастыратын да сіз! Ех, Сәуле! Сіз мына кісінің қандай адам екенін білмейсіз. Білмейсіз! — Қадірбек бұрылып төмен түсіп кетті. Біраздан соң Сергей де сыртқа шықты.
— Не бітірдің, Қадірбек. Босқа нервіңді бұздың.
— Жоқ. Олай емес, Сережа! Олай емес. Мен жауызға жауызсың дедім. Бетіне айттым.
— Одан не шықты ал. Балта Мұқатович: "Ой, Қадірбек бауырым, қателескен екем, жаздым, жаңылдым" деп қайта оралды ма? Жоқ. Қайта ол одан сайын құтырды.
— Бәрібір ол өзінің жауыз екенін бір адамнан естіді. Біз... біз айта алмаймыз... айтудан кеткенбіз. Егер бәріміз әрқайсымыз жауызды жауыз десек арамды арам десек арсызға арсызсың десек олар ойланар еді. Қорқар еді... Ал біз үндемейміз... Көрсек те, сезсек те — үндемейміз. Ал маңайымызда біздің үнсіз келісіміміздің арқасында күн сайын қаншама қылмыс болып жатыр, Сережа. - Қадірбек аяқ астындағы кесек мұзды теуіп жіберді. — Оның мұрнын бұзу керек!
— Ал, ол сені милицияға ұстап береді.
— Бере берсін.
— Онда не түседі, Қадири? Ол жазықсыз жәбірленген болады. Ал сен не штраф төлейсің, не кесік аласың.
— Қандай эгоист! Василий Сергеевич... Вася атай әлі... Ал, ол пәтерді иемденіп алған. Анау атайдың тіпті көңілін де сұрамайды, — деп Қадірбек ызадан ішіне симай келеді. Алғаш Балтаны туған ағасындай сыйлайтын. Сол ағасындай адамның қазіргі адамдық қасиетті табанымен жаныштаған қылығын көргенде шарасыздықтан құр жыларман халге түсті. — Әй, анау Сәуле! Сондай жап-жас. Балтаны білмейді. Ішін көрмейді!..
— Жарайды, Кадири. Сен бекер қиналма. Әрине Майсара Тілеуғариновнаға қиын. Маған әсіресе ол аянышты. Бірақ біз не істейміз?... — Сергей де тұйыққа тіреліп, бас шайқады. — Біз Василий Сергеевичке барайық, ә?
— Барамыз! — Қадірбек Сергейдің білегінен ұстай алды. — Барамыз, Сережа. Адамзат Балта Мұқатовичтан ғана тұрмайды. Біз атайды... атайдың көңілін жұбатамыз...
Содан екеуі де шешелеріне тамақ пісіртіп бүгін арнайы келіп еді, қарияның Балтаны іздеген, Балтаны аңсаған көңілін әрі түсінеді, әрі аяйды.
— Ертең мен оған айтам, — деді Сережа. — Егер ол Василий Сергеевичті түсінсе, барып тұруы керек. "Әй, ол бармайды. Ол пәтерді өзіне алып алмақ. Пәтерден айдап шықса!.. Соны кімге айту керек? Горисполкомға ма? Райисполкомға... әлде домоуправлением ме? Шіркін қысасқа қысас жасаса ғой сөйтіп. Адам өлейін деп жатыр. Бір, екі айлық ғұмыры қалған. Ол соған шыдамайды. Шыдамайды".
3
— Сәулетай, паспортың қайда?
— Сумкада. Оны қайтесің, Балта?
— Үндеме, Сәулеш. Қажеті болып тұр. Мен саған, білемісің, Сәулеш, экстравагантный сюрприз жасаймын. Қане, паспортыңды берші, — деп Балта Сәуленің паспортын алып алды.
— Ол не сюрприз? — Сәуле кәдімгідей ынтығып тұр.
— Кейін білесің, Сәулеш. Қазір естіп қойсаң, қызығы қалмайды. О-о, сен, Сәулетай, сұмдық кулинар боларсың, ана жақтан керемет ғажайып дәмді иіс келіп жатыр ғой мұрынға, — деп Балта танауын жыбырлатты. Соны көрген Сәуле күліп жіберді.
— Сен, Балта, комик артист сияқтысың құдды бар ғой. Танауың сөйлеп кетті ғой.
— Танауды сөйлетпеуге еркіне қойдың ба, бүкіл үйді тәтті тағамның иісі жайлап алып, шегімді тура шұрқыратып барады.
— Әлгі жігіт неге келді? Не айтпақ?
— Әй, ол менің лаборантым. Әкесі – шишка. Содан соң кеудесіне нан пісетін көкірек. Ішіп алған. Ішіп алған кісі не айтпайды. Ох, Сәулеш, анау тамағыңды тездетіп түсірмесең — ұлтабарымды бөлінген сөлі тесіп, жарадар етіп жүрер, — деп Балта Сәулені икемдеп құшақтамақ болып еді, қыз сытылып шығып кетті.
— Керек емес, Балта. Мен... мен осындайды жақтырмаймын. Біздің группада қолы жүрдек бір бала бар еді. Әлгіні Асқар тәубесіне келтірді.
— Асқар?! Ол - кім? — Балтаның түсі қуқыл тартты.
— Асқар ма? Ол — группа старостасы. Сондай интеллигент жігіт! Тұрпайылық пен дөрекілікке төзе алмайды. Группадағылардың бәрі сыйлайды оны. — Сәуле қыза сөйледі. Көзіне нұр жүгіріп, беті дуылдап алаулады. — Асқар сондай шыншыл! Ешқашанда өтірік айтпайды. Ой, анау күйіп барады!
Сәуле асүйге жүгіре жөнелді.
"Асқар дейді. Бұны түптеу керек. Оны Сәулеш жек көрмейтін сияқты. Өзіңмен тайталас түсетін біреудің болғаны онша тиімді емес. Әй, ол менімен иық теңестіре алмас. Сәулетайды осы пәтерге тіркетіп алсам... Оһ, сонан кейін мұртымды балта шабар ма!.. Бір үйдегі екеу, қыз бен жігіт ерлі-байлы деген сөз. ЗАГС-ке отыру қашпайды. Отырсақ — отырамыз. Сәуле жас. Әйел болуға лайық. Әрине Майсарадай көрік пен тұлғаға ие емес. Майсара — ардакүрең ғой нағыз! Онымен де арақатынасты біржола үзбеу керек. Сәуле — жар болса, Май — любовница. Несі бар. Бүгінде жұрттың көбі сөйтеді.
Ал, Сәулештің паспортын қалай тіркетуге болады? Магомедпен кездесу дұрыс шығар. Ол жасайды.
Василий Сергеевич күте тұрар. Жаңа ғана өліп, оң босағаға қойылған жоқ. Оған бола күйзелудің қажеті жоқ. Туған ұлынан опа көрмегенде, мен не істей қоям оған. Мен өз шешемді-ақт жарылқап алайын... Әй, осы парыз, қарыз дейтін пәлелерді кім ойлап тапты екен. Адамның аяқ-қолын шырмайтын шарттылық қана ғой олар. Мойнына тұзақ боп түсіп, еңсеңді көтертпей жаныңды жегідей жейді-ау. Тапқанына, туғанына ғұмыр бойы борышты боп жүргенің. Жануарды... малды неге көрмейді. Туды, аяқтандырды - бітті. Ешкім ешкімге борышты емес. Қарыз да емес. Адамдар неге сөйтпейді?".
* * *
Магомед Балтаның өтінішін зер сала тыңдады. — Сәуле дұрыс қыз, Балта. Талғамың жаман емес... Ал, мынау тапсырмаңды жасауға болады... Ал, бірақ шал әлі тірі ғой, ә?
— Тірі... Бірақ рак. Операция жасатам дейді. Операция үстінде кетуі де мүмкін.
— Тоссақ қайтеді?..
— Неге?
— Тіркету оңай бұл қызды. Пәтерді біржола алып қалу керек біржола.
— Маған да сонысы қажет, Магомед! — деп Балта ентіге қалды.
— Сондықтан да тоса тұрамыз. Және, Балта, оған дейін бір дөңгелекті дайындай бер.
— Қандай дөңгелек?
Магомед жатып кеп күлді. Көзінің жасын сүрткілеп, қоймай күледі.
— Дөңгелек деп Балта, бір мың сомды айтады. Арада дөңгелектер домаламаса болмайды. Дөңгелесе-ақ іс бітіп жүре береді.
— Жарайды, Магомед.
— Паспортты маған беріп қой...
Магомедтен шығысымен Балтаны енді бір мың сомның қайғысы буды. "Қайдан табам? Әрине, Майсара бір мың емес, бірнеше мыңды лақтырып тастар еді, мынау болашақ құтханамды арамнан түскен ақшамен былғамайын. Қарызды кімнен алуға болар екен? Бірақ оны қай кезде өтей алам? Айлық шайлыққа да жетпейді. Сәулемен қосыла қалсақ -бұрынғы Майсарадағыдай аста-төк тұрмыс көзден бір-бір ұшады. Жағдай біршама қиындайды...
Әу, апама неге хат жазбаймын? Екі сиырдың бірін сатса, бір мыңды таппай ма? Баласының қамын жемесе несіне жүреді? Қысылған кезімде қол ұшын бермесе, анам деп несіне үздігем онда...
Тездетіп хат жазайын... телеграмма берсем ше? Оны да берейін, хат та жазайын. Әй, ақыл таптым-ау. Бір сиырда не тұр. Қайта шаруасы жеңілденеді. Түу, басым істеп кетті-ау! Мынау бір сәтімен бітейін деп тұрған нәрсе болды-ау. Енді шалдың тезірек мүрдем кеткенін тілейін. Кейде осындай ешкімге керексіз жетім, жесірлердің ілініп-салынып жүріп алатыны бар. Құдай сондайынан сақтасын.
Сәулетайды кеше бір аймалап сынап көру керек еді. Мысы баса береді. Әлде тазалықтың өз періштесі болатыны рас па екен? Анау Асқарын барып көру қажет. Қыстырылып жүрсе, қыстырылмайтындай қылу дұрыс. Күржік-Коляны неге пайдаланбасқа.
Сәулеш сүйісу біле ме екен? Бояусыз-ақ еріндері қып-қызыл ғой, қып-қызыл! Сілемді қатырып жүр бәлекей қыз".
* * *
— Ертең операция жасаймыз. Көңіл күйіңіз қалай, Василий Сергеевич? — деді қасына бірнеше дәрігерді ертіп ауруларды қарап жүрген бас дәрігер.
— Көңіл күй өздеріңе байланысты. Жақсы болады деп алдымнан шырақ тұтатып, сәуле түсіріп қойсаңдар, менен үмітті, менен сенімді адам табылмайды. Соны өздерің айта аласыңдар ма? — деп Вася атай бас дәрігердің бетіне сынай қадалды.
— Көңіл күйді көтеріңкі ұстаған дұрыс. Біз бе?.. Сенбесек әрине, операция жасамас та едік. Жылтыраған шырақ бар-ау, Василий Сергеевич, тек соны сөндіріп алмасақ. Сенімсіздік дейтін өкпек жел жаман, — деп түсін бұрып, көрші жігітке қарап кетті. — Сіз, қалайсыз? Шығуға дайындалып жатырсыз ба? Емнің толық циклын алғансыз.
Василий Сергеевич бас дәрігердің тез бұрылып кетуін өзінше топшылады. "Әй, әрине, ракты жеңді, жеңіпті, жазыпты дегенді естігем жоқ. Бұлар, азар болса аурудың бетін сәл бөгер. Бөгесе, басқасын қайтем. Бөгесін. Ал, алда-жалда... Балтаға айтайын ба... Ол, ол уайымдап азып бітеді, естісе. Сондай жаны нәзік... Әй, осы қылмыс жасағандай қуыстанатынын жаман екен. Айту қиын-ау. Қатты жасып қалады Балтажан. Ол маған, мен оған мықтап бауыр басып кеттік. Майсарамен бірге тұрса да, күніне бір рет кіріп менің хал-жайымды білмесе көңілі көншімейтін. Ұлыма хабар бермей-ақ қояйын. Қолы да тимей, келіншегі де ұрсып, мазасын алар. Несіне әурелеймін. Әйтеуір немеремді көре алмадым демесем... Танымай да қалармын. Студент. Ең болмаса суретін салып жіберсе... Тұрып кете алсам... Мүмкін тұрармын. Бас дәрігер алдамауы тиіс. Шырақ... қалт-құлт жанған әлсіз шырақ. Менің қазіргі халым да дәл сол шырақ... жел өтіндегі шырақтай ғой. Пана болар, қалқан болар не бар? Хирургтың скальпелі ме? Қалқан бола қояр ма екен?
Балтаға қалай айтсам екен? Әй, өз-өзіңнен қуыстанғаның жаман-ау. Өзіңнен гөрі өзгенің қиналғанын көргің келмейтін адам табиғаты-ай! Қандай нәзіксің! Қандай қымбатсың! Бір-бірімізді аяу, бір-бірімізді аялау барда қоғам берік жұмыр жер — жылы бесік алтын ұя боп тұра береді. Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі атом, нейтрон бомбаларынан да құдіретті-ау!
Нотариусқа барғаным жөн болды. Дұрыс жасадым. Әйтпесе... Не онда. Не мұнда жоқ болар еді.
Бүгін келіп қалар... Білдіргенім абзал шығар. Алдын ала дайындалып отырар еді. Айтайын. Ауруымның қандай екенін Балтажаннан жасырмайын".
— Неге бастың дауысын, Серікжан?
— Сіз ұйықтасын деп...
— Көтерші. "Бір бала" тоист "Угай-ай" ғой. Ришат сондай жақсы айтады, ә! Халық әндеріне, шіркін, не жетсін! — деп Василий Сергеевич кеудесін көтеріп, ән тыңдауға кірісті.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Қатира хатты да, телеграмманы да бір-ақ күнде алды. Балтаның мүлде хабарласпай кеткеніне көнді құлазып, жүрегі сыздап, оңаша үйде кей түндері танды таңға ұрғызып дөңбекшіп шығатын. Туған ұлдан торығып, жөн таппай қиналғанда ақылдасар адам болмай сенделетін. Тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп еміренткен Балтасы тістеуік аттай кіржіңдеп ауылдан тұра қашып, сонау Алматыда әдемі келіншек алып, үн-түнсіз жатып алғанда, Қатира не істерін білмей қатты дал болған. Адалдығын, жазықсыздығын енді қанасынан шыққан өз баласына дәлелдеп, шаршап-шалдығуы керек пе? Сонда мынау кінәмшіл, шамшыл дүниенің қай пұшпағынан мазасыз Жанына тыныштық табар. Таба алар ма. Жастай жесір қалған келіншектің тәубәшіл көңілінің жұбанышы — ұлы еді. Қандай бір нәпсі желігі жас қанын дуылдата тасытып, еркін алса да, бауырына басқан баласына еміренген мейіріммен өзіне өзі тыйым салушы еді. Енді міне сол жалғызы өз қолы өз аузына жеткен кезде анасына орынсыз кінә тағып, ел-жұрттың бетіне қарағысыз етіп кетті.
Хат сөздері жылы екен. Тандыр боп кеудесін күйдірген азабына "апам-ау, жағдайың қалай? Денсаулығың жақсы ма? Ауырып жүрген жоқпысың?" сияқты ұлының бұрынғыша елжіреуік тіл қатуы сәуір жаңбырындай әсер етті. Көзіне жылу, жүзіне нұр жүгірді. Өз күйігіне өзі өртеніп, өзін өзі қинайтын оңашалықтан әп-сәтте босап, Алматыдан хаты емес, Балтаның өзі келгендей жадырады.
"Тәуба! Жалғыз емес, ел ішінде отырмын. Бас ауырып, балтыр сыздағанда ғана демесем, ешкімнен кем емеспін. Тиыннан теңге үнемдеп, әне, ақыры жалғызды жеткіздім. Әйтеуір, қара шайға күдік қосып ұрттаудан сақтасын. Қолыңды жылы суға салам деу... — арман ғой, арман. Арманның да бары жақсы-ау. Күрсінгенмен кеудең босамаса, жылағанмен жасың таусылмаса, күйбеңдеген тірліктен опа көрмедім деп қайда безіп кетерсің. Өзіңді өзің жұбатпасаң — алды-артыңнан түгел үңірейіп тұрған қуыс-қуыстан ескен суық ызғар Жанына жай таптырмас. Далбаса дәмеден бәрібір айырылуға болмайды. Қыбырлап қыр аса берсең - артта қалған азап алыстай түсер. Осыған көңіл ұйытайын да. Анау "апалап!" қол созған жалғызымның қараңдаған көлеңкесі дәтке қуат қой. Назарын неге төмендетейін. Медет тұтып алақан жайғаны көкірегімді исінтіп сала бермеді ме. Менен басқа арқасынан қағып, маңдайынан сипар кімі бар. Садағаң кетейін, Балтажан! Құрбандығың емеспін бе мен. "Апа, айыпқа бұйырма, қысылып тұрмын" дейді. Жалғызымды айыпқа бұйырардай маған не бопты. О несі, ей. Сен қысылғаннан кейін маған дүниенің кеңдігінен не пайда? Жалғанның жалпақтығынан не қайыр? Өмір сүріп, ауа жұтып жүріп жатқаным сенің арқаң ғой, ұлым. "Орнында бар оңалардың" бір өтірігі болсайшы. Аумаған әкең болып барасың. Қабағын кере, жымиып күлгені-ақ керемет. Дәл Мұқат марқұм тіріліп келгендей елестейді-ау сонда...
Қасқа сиыр енді бұзауламайды. Екі жыл қатарынан қысыр қалды. Жануар екеш жануар да қартаяды екен, ә. Шуын сыпырып, аузынан үрлеп, қолда өсірген мал демесем... Әй, Балтажаным қысылмасын..."
Таңертең ерте тұрған Қатира Тұрғанның үйіне тура тартты. "Бір күнге босатар. Қашанғы демалыссыз салпақтағанымды бір ескермес. Мақаннан гөрі дұрыстау өзі". Осы сеніммен есікті батылдау қақты.
— Бұл кім? — деген әйел даусы шаңқ етті.
— Ә-ә, Нәзия!.. Мен ғой... Парторгта шаруам боп тұрғаны...— деп бер жақтан Қатира күмілжіді.
— Таң атпай мазалайды. Әй, колхоз, колхоз! Мәдениеттен де, өнегеден де, тәртіптен де жұрдайсың-ау! — Нәзия есікті ашып қалды. Халатын желбегей жамыла салыпты. Іш көйлек кимей ме, мәдениетті, зиялы қалалықтың салты ма, төсіндегі және мықынындағы бір елілері аппақ денеден бөлектеніп көрініп тұр.
— Сәлеметпісің, Нәзия.
— Шаруаң қандай?
— Тұрекеңе айтсам ба деп ем...
— Тұрекеңсіз болмай ма. Ол шіркінің менен де артылмайды. — Нәзия еп-ерсі күлді. — Өзің түсіңнен шошығаннан саумысың, Қатира?
Қатира мына бетсіздіктен сасып қалды. Тіл қатуға шамасы жоқ. Сол кезде Тұрған көрінді.
— Ә, Қатира, сәләмат па? Бері өт.Табалдырықта тұрып қапсың.
— Түреке...— Даусы қарлығып шықты. Қатира жөткірінді. — Сізде шаруам боп.
— Таң атпай іздегеніне қарағанда, Түрекесі, өзінде бұйымтайы көп болса керек. Әй, бірақ... қалжаңды білем ғой сенің, — деп бөксесін бұлтыңдатқан Нәзия бөлмеге кіріп кетті.
— Қандай шаруа еді? Мына араға отыр.
Қатира құйрық басты. Нәзия кеткен соң сабасына түсті.
— Балтама, балама біраз қаражат керек боп қалған екен. Соған қасқа сиырды базарға апарсам ба деп... Егер мүмкіндік болса, бүгінге босатсаңыз... Бір-ақ күн ғой. Балтажан қысылып тұрған соң... — деп бұрқыраған балапан шашын шәлісінің астына саусақтарымен тыққыштады. — Өзіңізге сеніп келдім, Түреке...
— Сен былай істе, Қатира. Бүгін Бектемір ауданға барады. Сен өзің әуреленбей сол Бектемірге тапсыр. Мен айтты де. Асықпасын. Қоңыр төбелді мінсін, ұшқыр ат ол.
— Ой, рахмет, Түреке! Мұңсыз болыңыз!
Қатира Бектемірдікіне жасқана әрең жақындады.
Сонау Балта келіп-кеткеннен бері Айғанша мен Қатира бірін-бірі көрмейді. Қазір Қатира Айғаншамен кездесуден тайсақтап келеді. Бектемір албарда отыр екен. Қатирамен бас изеп амандасты.
— Оу, Қатира-ау, таң атпай неғып жүрсің? — деп көк бомази шұлғау ораған оң аяғына керзі етігін сұқты.
— Жұмыссыз кісі жүре ме... қасқа сиырды сатам ба деп... Балтажанға біраз қаражат керек боп қалған екен...
— Қасқа сиырды сатам дейсің, ә. Өзі қанша бұзаулады?
— Он бір бұзаулады ғой. Бұлақ қой жануар! Екі жылдан бері ту. Қасап қып сойып сатса, мыңнан асырып түсірер еді. Оған қол қысқа.
— Оған уайымдама, Бекторы.
Бектемір Бекторы дегенде Қатира бүкіл денесімен дір етіп, бригадирге жалт қарады. Бірге оқып, бірге өсіп, енді міне бірге қартая бастаған құрдастардың жүрек түкпірінде, көңіл қамбасында сақтайтын жастық шақ белгісіндей естеліктері болады. Әлдебір себеп тұнық ойды толқытып жібергенде, бұйығып жатқан естелік кеуде түнегіне сәуле шашып, жүдеген жанды жылытып шыға келеді.
Қатираның жүзіне лезде қан жүгірді, жанарына нұр оралды. Таңғы шапақтың қарсы ұрған сәулесінде әсем бәден жас кездегідей құлпырды.
— Бекторы деймісің, Алшағыр?!
— Сен де ұмытпапсың-ау, Қатира.
— Неге ұмытайын. "Перінің қызы Бекторы!" деп Мұқат екеуің мені алғаш атап едіңдер-ау! — Даусы бәсеңдегенімен ішкі дірілді екпіні айқын. Күнқақты бетке жылу тепкізіп, "Алшағыр" деген үні баяғы күміс қоңырау сыңғырындай болмаса да, соның жаңғырығын тірілтті. Бектемір исінді.
— Алшағыр... ә! Сондағы Алшағырдан, Бекторы, жұрнақ қалды ма екен? — деп бір құлағы едірейген елтірі құлақшынын сыпырғанда, тықырлатқан төбесінің ақшыл қылдары тікірейді. Алақанымен басын бір сипап, Бектемір құлақшынын қайтадан құтты орнына қондыра салды. Жүзін тайсақтата бұрып, сыздықтата күрсінді.
"Қалай тез қартайып барады. Шашы мүлде ағарып кетіпті. Қобландыжанның күйігі мүжиді-ау. Құр құлақтары қалқиып қалыпты". Қатира осы мүсіркеу толы ойының жетегімен бір аттап барып Бектемірдің иығына қолын төседі. Саусақтары жыбырлап қалып басылды.
— Жұрнағы несі... Қайта сен бұрынғыдан да мықтысың. Алшағыры өзімен кетсін. Сен бізге Қара қасқа атты Қамбардайсың, Бектемір-ау.
Бригадирдің тұлабойы оқыс дір етті. Көзден гөрі денесі осал екен. Соны сездірмеуге тырысты ма, назарын тіктеді. Қатираның жүзіне қарап тұрып, ыржиып күліп жіберді.
— Әй, Қатира! Сенің бойжеткен кездегі сыршылдығың қалмапты әлі. Тез әуесқойлана қалатын мінезің керім еді!.. — Бектемір көшенің арғы бетінен қараңдаған әлдекімдерді көріп қалды. — Сен, қасқа сиырды дәл қазір маған әкеліп бер. Базарға өзім апарам. Бәрібір ауданға жүрейін деп отырмын.
— Білем. Кешке дейін асықпауыңа болады.
— Қайдан білесің?
— Тұрған айтты. Саған қоңыртөбел атты мінсін деді.
— Қоңыртөбелге мінсем, ракетаңа да пысқырам ба, — деп Бектемір көңілденді.
— Әй, сиыр шіркін жетекке жүрер ме... Тартыншақтап әбден қажытпаса өзіңді, — деп Қатира қипақтады.
— Ой, атты адам шаршайды деп... Әй, Қатираш- ай! Сен онда сиырыңды алып шыға бер, тез жүріп кетейін. Зілман қасапшы сойыс малы көбейіп кетсе, бұлданып бітеді.
Қатира қуанып кетті.
— Өләй, Бектемір! Сонда қасап қылмақсың ба?
— Иә.
— Уай, мұңсыз бол, құрдас! Алпамысыңның қызығын көр. Айғаншаң алақанында ұстасын. Екі дүниеде де бақытты бол! — деп Қатира риза көңілінің алғысын жеткізе алмай ентігіп тұр.
— Біздің кластың мықты атеисі сен емес пе едің, Бекторы. Тағы қандай батаң бар? Айтып қал, күнде мұндай мейірімің түсе бермес, Бекторы.
"Бекторы" түсінді де жымиды. Күреңткен екі беттің ұшындағы шұңқыры сәл білінді. Сол-ақ екен Бектемір кеудесіне жылу құйылды. Жаны жадырап, әсем күйге бөкті. Жауыз жанның әлдекімге жамандық жасап, қыбы қана масайрайтын мейрімсіздігі болады. Ал ізгі адамның үндес, тілектес қайырымдылықтан ләззат алып, бар болмысымен жаңғыра түлейтіні және ақиқат.
Қасқа сиырды Бектемірге жетектетіп жіберіп, сиыр қорасындағы жас бұзауларға сүт беріп, астын жайлап болып Қатира үйіне қайтты. Азаннан бері нәр сызбағандықтан ба басының сақинасы ұстады. Үйіне тақала бергені сол еді, көрші үйдің ауласын бөліп тұрған ағаш шарбағы гүрс етіп құлады. Состиып тұрып қалған Қатира сәлден соң ес жиды. Бой созып, көршісі Сүйменқұлды көрді.
— Әй, шырағым, мынауың не? — деп Қатира көршісіне жақындады.
Сүйменқұл қолындағы үшкір күрегіне сүйенді. Басын көтерді. Қос танауды таңырайтып ілгері созды.
— Бұ кім шырақ деп сызылып қалған?
— Сүйменқұл-ау, не қылғаның?
Сүйменқұл қалтасынан "Беломорын" шығарды. Асықпай бір талын ерніне қыстырды.
— Қапталдаспа! Қатын шешетін шаруа емес.
— Қарағым, өзіңнің есің дұрыс па? Шарбақты неге құлаттың?
— Құлатсам — орнатам. Жұмысың болмасын, — деп Сүйменқұл көкшіл түтінді Қатираның бетіне үрледі.
— Жұмысым неге болмайды. Бұл шарбақты марқұм Мұқат өзі жасаған.
— Мұқат... Мұқат! Немене сенің Мұқатың әулие ме еді сондай-ақ. Сол Мұқатың колхоз меншігіне кимелеп кіріп кетіп, артық жерді қосып алған. Сендердің кесіріңнен мен өзі үлесімнен қағылып келіппін, — деп Сүйменқұл бейпілденіп боқтап салды. Содан соң түсініксіз бірдемелерді мұрын астынан айтып бұрқылдап тұрды да темекі тұқылын шиырыа жіберді. Жерде сұлап жатқан ағаш шарбақтан бері аттап түсті де, шекара сызықтан екі адым ілгері озып, күрек қадады.
— Шырағым Сүйменқұл, не істемексің? Сонда шарбақты біздің аулаға қарай екі адым ысырмақсың ба? — деді Қатира әлі де сенер-сенбес.
— Дәл үстінен түстің. Әділетті сөйтіп орнатам. Жерді иесіне қайтарам! — деп Сүйменқұл алақанына кезек түкірді.
— Иесі — кім?
— Егесі — мен! Мен! Соншама жыл жамбастап келгендерің жетер. Енді бір метр түгіл жарты метрді өзгеге билетпеймін,— деп Сүйменқұл күректі аяқпен басып, қара жерге бойлата батырып жіберді.
— Қарағым Сүйменқұл, жөнге келсеңші. Бізге бұл жерді ауылсовет өзі бөліп берген. Метрлеген қағазы да бар, — деп Қатира көршісіне ентелей тақалды. — Жолсыздық жасама, балам. Балтам бәрің бірге өсіп едіңдер ғой.
— Әй, қатын! Мен саған шырақта, қарақта емеспін! Жәдігейленбе өйтіп. Қайқай әрі! Жер — менікі. Ауылсоветте, колхоз бастықта солай деп отыр. — Ырсылдаған Сүйменқұл қаданың орнын тізеден келтіріп қазып тастады.
— Әй, Сүйменқұл! Сен Қобландыны өлтіріп Мақанға өткеніңді маған жасай алмайсың. Қолың қан сенің! Жалғызбасты әйел деп әлімжеттік жасап, тапа тал түсте зорлық жасағаның ба, әдірем қалғыр! — деп Қатира күрекке жармасты. — Кімді басынбақсың, әй! Мен сонда сендердің шаңырақ түйелеріңе мініп келіппін бе.
Сүйменқұлдың танауы шуылдап, көзі аларып, түсі өзгеріп кетті. Қатираның қолын қайыра күректі жұлып алды.
— Ей, қатын! Тағы айтам, қан болмай тұрғаныңда жөніңді тап. Қаусап тұрған сүйектеріңді жинай алмай қаларсың, — деп ысылдады.
— Неге кетем, ей! Шырағым-ау, өзіңнің есің дұрыс па? Шарбағымды бір құлатып, жерімді екі қазып, қайдан келген құдай едің, ә! Қане, қазып көрші, қолында ғана өлейін! — деп күрекке қайтадан жар¬масты. Сүйменқұл үндеген жоқ, сүзеген бұқаша мойнын күжірейтіп, дәу жұдырығын әйелдің өңменінен тық еткізе қадады. Қатира сылқ жығылды. Көзден жас ыршығанда, кеудесінен ыңқыл атылды.
Сүйменқұл опырылып түскен көршісіне қайрылып қарамастан екінші шұңқырды қаза бастады. Керзі етіктің табаны күректі қара жерге бойлата-бойлата сүңгіткенде, әп-сәтте жерошақтай жерді төңкерді де тастады.
"Өлерменін қаншықтың! Жер менікі" дейді. Бұрын оныкі болса, енді менікі. Тегін алып отырғам жоқ. Мақанның аузы маған қарай бір қисайғаннан кейін бұл шешімді жердегі адам түгіл көктегі құдай бұза алмайды. Жолымды кескестемек. Күрегіме жармаспақ".
Сүйменқұлдың ту сыртынан кенет азынаған ащы дауыс сұңқылдап қоя берді.
— Уай, жұртым-ау! Көрнеу көзге зарлатып қоясыңдар ма осылай. Қорлықты Сүйменқұлдан көрдім ғой! Қолы етіме, сөзі сүйегімнен өтті ғой! Халқым-ау, қайдасың?
Сүйменқұл танаулап қарқ-қарқ күлді.
Шықты бір ел тұтқасы. Халқын шақырады. Жер — бетінен мен сияқты күнәкарларды жоғалтып жібермек. Ой, хатун, жетті деймін саған. Шегім түйіліп қалар.
Қатира сап тыйылып, көгеріп отырып қалды. Әр тұстан бір қараңдаған кісілердің өліп жатса да жанына жоламасын сезді ме, алақанымен жер тіреп орнынан тұрды. Үстіне жұққан шаң-топырақты да сүртпестен колхоз басқармасының кеңсесіне қарай ентелей басып жөнелді. Жол-жөнекей кездескендердің сәлем, сұрағына да жауап қатуға мұршасы болған жоқ. Іштегі ашулы ыза, ашынтқан кекті өкпе, қорғалатқан мүсәпірлігі дірілді өксікті алқымына кептеп, алқынтып келеді. Көз алды бұлдырап табан жолдан басқаны көрмей, екі-үш сырлас абысын, құрбыларының қасынан қайырылмай өте шықты.
"Мына байғұсқа не болған?"
"Әй, мына асығуы тегін емес! Балтасы аман ба екен?"
"Торпақ сүзді ме, тайып жығылды ма, бишараның етегін қағуға да шарасы болмаған-ау!"
"Әй, осы тікбақай Қатираның өзінде де бар. Қашан көрсең, басын қақайтып алып, одан басқа ұрғашы жоқтай-ақ, аспанды төбесімен тірегендей анау-мынауды менсінбейді", дескен күбір-сыбырды соңынан ілестіріп, кеңсе ауласына кірді. Еңселі үйдің табалдырығына жеткенде кеудесіне сескену енді ме, сәл кібіртіктеді. "Қорқам ба? Иә, қорқам. Мақан сұсымен-ақ қалшылдатады. Ау, сонда көрінгеннің тепкісін көріп, таяғын жеп, жерімнен тағы айрылып қалам ба?" Осы қыжыл батылдандырса керек бірінен бірі ауыр бірнеше есікті сарт-сұрт ашып, атшаптырым кең бөлменің босағасында бір-ақ тоқтады. Төрге көз салғанда қара креслоның білек қойғышына екі қолының салмағын түсіре қонжиып отырған Мақанның тышқан көздері бұған жылтырай тесілді. Басқа қыбыр да, қимыл да білінген жоқ.
Қатираның табаны паркетке желімдей жабысып қалды. Иіні салбырап, кірпіктері жыпылықтап кетті. Көз жанары күл сепкендей салқын тартты. Әлгіндегі ашулы ыза да, ашынтқан қорлығы да зым-зия жоғалды. Жылан арбаған бозторғайдай анау жылтыраған қос тесікке назар тіктей алмай бір уыс боп бүрісіп барады.
Кресло шайқалды. Креслоның сықырлаған дыбысы төбеде жаңғырды. Ыңыранған дауыс көмейде қырналды.
— Ал, иә!..
Зейін аударып, ілтипат танытқан белгі де, "Неңмен келдің? Қалай келдің? Бұйымтайыңды айт!" дейтін бұйрық тіксіну де осы екі дыбыста екенін мынау босағада талай көз мөлиткен Қатира жақсы біледі.
— Мәке, жесірді желкелей берсін деген заң бар ма? Қашанғы қайғыма көме береді? — деп тығылып қалған Қатира еңіреп қоя берді.
"Қандай көрікті, пәтшағар! Әлі нұры таймаған. Дұрыстап киіндіріп қойса..." деп ойы бұзыла бастаған Мақан алғашқы сесінен айнымай ақырып жіберді.
— Жөн сөйле, қатын! Сораңды үйінде ағыз! Бұл ара — кеңсе. Көп созба, уақыт тығыз.
Мақан алдындағы әсем темекі салғыштан қос саусақтың ұзындығындай жіңішке сигареттің біреуін алып, асықпай тұтатты. Қырылдай кекіріп, көк түтінді көмейден лек-лек ытқытты.
— Зорлыққа тыйым бола ма? Әлде "бассыз үйдің иті осырақ" дегендей колхоз мүшесін әркім өзінше билеп, илеп өте бере ме?
— Қысқарта айт! — Кресло сықыры күшейді. Шынашағымен тісін шұқылаған бастық аяғын ілгері соза шалқалап, майлы шүйдесін жұмсақ арқалыққа сұлата салды.
— Айтсам, өзіңізден, Мәке, көмек сұрай келдім, — деп Қатира бірер аттап ілгері озғанын байқап қалып, сасқалақтап тоқтады.
— Кім ол?
— Сүйменқұл ғой тулақтай сабаған... Ұлымнан сәл- ақ үлкен еді. Қол жұмсағаны-ақ жанымды күйдірді-ау бәрінен бұрын.
— Сен, Қа... қатын, сөзді сапыра бермей, тоқ етеріне көш. Қарап жүріп тиіспейді ол ешкімге. Колхоздың айтулы маманы.
— Маманнан садаға кетсін ол қаныпезер. Қобландының қаны соның мойнында. Тапа-тал түсте шарбағымды құлатып, жерімнің жартысын өз үлесіне қосып алмақ. Тыйыңыз жауызды! Жауыздықты ауыздықтаңыз!
"Әй, әлі де көз қарықтырады-ау. Көзінің от шашуын қарашы! Қобландыны әлі дауламақ!"
Мақан екі-үш ырғалып барып, креслосынан әрең босанып, орнынан тұрды. Езуіндегі темекі тұқылын үш саусағымен іліп алып, кенет Қатираның бетіне қарай шиырып жіберді.
— Маманды қаралама! Мен сендей сайқалдарға азаматты тілдетпеймін! Білгін соны!
Сигарет тұқылынан жасқанып жалт бұрылған Қатира Мақанның бетіне шаншыла қарап, қанталаған көзі мен қызара бөрткен жүзінен секем алды. "Mac екен-ау! Әй, бір cay күні болар ма екен? Енді кімге мұңымды шағам?"
— Мәке, енді не істеймін? Марқұм Мұқат үй салып, шарбақ орнатқанда Сүйменқұл жалаңбұт жүгіріп жүретін. Колхоз бен ауылсовет бөліп берген жерге неге таласады ол? — деп бәсеңси сөйлеп бастықтың көңілін бұрмақ болды.
— Әкеңнен қалған жер емес. Үлес-үлес деп безек қаға берме, сен сайқал. Қомағай ашқарақ сүмелек Мұқатың кезінде колхоз жерінен артығымен қосып алған. Әділетсіздікке мен жол бермеймін! — деп Қатираға жақындады. Төртпақ дененің салмағы аяқ басқан сайын жалтыраған паркетті сарнатып қоя берді.
— Мәке, сонда сіз... сіз Сүйменқұлды жақтап тұрмысыз? — Кейде шарасыз халдің ішкі толқыны бетке ұрып, қорғансыз жанды ұяң мұңмен құлпыртып жіберетіні болады. Дәл қазір Қатира әлгіндегі түтіккен жүзден айығып, өзгеріп сала беріп еді, Мақан енді мүлде қызыға қарап қалды. Ашулы сесі жоғалып, жіпсік көздерде өзгеше жылт тұтанды. "Мынау әйелде еркекті өзіне тартатын құдірет бар. Қандай көрік! Кермеқастың өзі! "Рахатханаға" апарып біреуге төсеп бергенше, өзім неге қызығын көрмеймін. Баласы соншама әулие тұтып еді. Әулие ме, пері ме, әуселесін көрейін. Бір илеп алсам, одан кейін өзі тіленіп тұрар. Іздегенім осы!" Мақан жалпақ алақанын әйелдің желкесіне тастап кеп жіберіп, икемдей тартып, Қатираның бетін кеудесіне басты.
— Өзің әлі де... әлі де тұғырдан тая қоймапсың... Қырық алтыға шығасың, ә. Сені Бекторы дейді ғой, ә... — Енді екінші қол ту сыртынан орай жанасып, сығымдай қысып, содан соң тік көтеріп бұрыш жақтағы диванға ала жөнелді.
— Оу, Мәке, бұныңыз не? — Қатираның булыққан үні мен қоса аяқтары ғана тыпырлады.
— Шұрқ етпе, Бекторы. Сауабыңды ғана алам. Сүйменқұлды да, басқасын да аяғыңның астына тастаймын... Кім көрінгенге көңілім құлап, көзім түсе бермейтінін білгін.
Екеуі де диванға дүрс етіп құлады. Үстінен тау басқандай талықсып кеткен Қатира жан ұшыра жұлқынды. Бірақ екі қолы темір құрсаудан босар емес. Тұншыққан демі де, үні де шықпастай. Бір ышқынғанда кеуде астынан беті босап еді, ысылдай сөйледі.
— СІЗ...СІЗ кімді тәлкек етпексіз. Тұрыңыз! Босатыңыз! Әйтпесе...
— Немене әйтпесе? — деп Мақан қарысып жатып кеңк-кеңк күлді.
— Аттан салам. Абройыңызды босқа айрандай төкпеңіз. Мынауыңыз — нағыз айуандық! Бастықсыз, коммуниссіз! — деп бұлқынып еді, қарулы құшақ одан сайын сығымдап, сөлекет қимылын күшейтті.
— Даусың ашуланған сайын әдемілене түседі екен, көгершінім. Аттанда, аттанда онда. Мүмкін мені саған бүгін тәңірім кездестіріп тұрған шығар, сұлуым. Бастықсың дейсің, ә. Әу, бастықта аусар, коммунисте желік пен сезім болмайды деп саған кім айтты? Тыпырлама, бикешім. Ентігіп тұрған еркектің денсаулығы зораяды. Манаурап тұрған әйелдің мейманасы тасиды. Шоршыма, қалқашым. Апырай, бұған дейін сені қалай білмегем? Мынау шоқ шашқан көздеріңнен он жетідегі бойжеткеннің ботакөзі садаға кетсін. Тулама, жаным. Көзің қарайып, арқаң қышып, тақымың тартып жүрген шығар. Реті келіп тұрғанда қажетіңді ашып, сауабыңды алайын.
Мақанның бір қолы босап, жалмажан төмен сырғыды. Сол-ақ екен мынау өрескел зұлымдықтан жаны түршіккен Қатира шапшаң серпіле беріп, қатты шіренді де, қос шынтақпен үстіндегі кеудеден түйіп жіберді. Шалқалап барып аунап түскен бастықты атып тұрған бойда және теуіп кеп қалды. Байқаусызда аяғы еркектің жанды жеріне аямай тиіп еді, ыңқ ете қалған Мақан еденге сылқ құлады.
— Көзіңнің еті өскен екен әбден! Жетім мен жесірдің көз жасын шараға құйып ішіп, есіріктеніп кетіп ең, ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жаярмын сәуріктенгеніңді. Байсыз әйелдердің бірін тулақ, бірін төсеніш еткеніңді жұрт білмейді дейсің ғой. Сен тіпті байы бар әйелдер тұрмақ бүлдіршін қыздарды былғағанда, былайғы елдің бәрі дүрліккен. Қашанғы сайрандап, қашанғы тайраңдап өтем дерсің. Сенен әділет іздеп, көмек сұрап келген мен ақымақ.
Қатира алыс-жұлыста қисайып кеткен киімін жөндеп, үстін қаға-маға есікке беттеді.
— Тоқта!
Жалғыз сөз мылтық шаңқылындай естілді. Жасқанып жалт бұрылды. Мақан орнынан тұрып шүйіле қарап қалыпты. Екі қастың арасын дүңките қосқан қалың қабақтың астынан кішкене жіпсік көздер індете қадалғанда Қатира қарадай састы. Мұздап сала берген денесіне діріл жүгірді.
— Сен қатын, кімнің қолын қақпақ болғаныңды білдің бе? Білмесең — бұдан былай еңірегенде етегіңді жасқа толтырып білдірем! Жалғыз ұлыңның өлігін құшақтатып еңіретем! Сен соны іздейді екенсің. Сен соған бола қиқаңдайды екенсің. Саспа онда! Балтанды Қобланды құрдасының соңынан жөнелтермін! Солай етпесем, Мақан болмай кетейін!
Қадап қойғандай бір орыннан табжылмай қадала сөйлеп, ызалы от ұшқындаған тышқан көздерімен тесіп барады. Дәл қазір төртпақ дене зұлымдықтың ұясына, аранына ұқсап кетті. Қатираны үрей буды. Мақанның діні қатты, сесі мықты, әмірі жүрдек жазалауы жылдам екенін тәуір біледі. "Жасаған-ай! Өзің жар бола гөр! Жалғызымды өлтіртем деді ме? Мынау Мақан аямайды. Айтса — жасайды. Жасаған, мені шал құрбан ғып ұлымның жолына! Маған жібер зауалыңды! Ұлымды аман қалдыр. Жауыздың қолын қақ!"
Жетім мен жесірдің желкесінде де жалынышты көзі болатыны белгілі. Әркімге бір жалтақтап дағдыланған жанның қарсы шабар дәрмені қас қаққанша жермешел боп шалқалай құлайтын әдеті. Қатираның әлгіндегі шатынаған ызалы жанары шөлмектей бозарып, сұрланған жүздің қаны қашты. Бар еркі тұлабойды қалшылдатып бара жатқан ерекше үрейдің құшағына сүңгіді де кетті.
— Тоқта!
Зілді бұйрық сақ-сақ етід тасқа тиген қорғасын оқтай. Тоқтады ғой, Тоқтамауға, естімеуге, орындамауға амалы бар ма. Екі иығы салбырап, басы еңкейіп, көз жанары тез сөніп, назары төменшіктеп қалмады ма. Шіренгенде жесір байғұс нені үзер, тартынғанда бұйдасы босар ма? Тебінгенмен кімді жайқар? Құтқармас бұғалық пен ұзын шыбыртқы әдетінен жаңылар ма. Бірі қыл мойылға оралмай, бірі сауырды тілгілемей, мынау төртбақ шомбал денені тұрған орнында бронзаға айналдырып, қимылдатпай тастай алар ма? Жоқ! Ендеше қабағынан қар жауғызып, көзінен от шашыратып, зіркілді ашуына мінген Мақанның жолын бөгеп, қолын қағар көлеңке бұл ауыл түгіл бүкіл өлкеден табылмайтыны ақиқат емес пе. Бұріскен Қатира неге тоқтамасын. Тоқтамақ түгіл... ''Неге келдім? "Қарға қарғаның көзін шұқымас" дегенді естімей қалайын. Қол жұмсадым... Өзінде де бар. Үлкен дәрежесімен өңкеңдеп... Әй, бұл бөлмеге ешкім енбей ме?.. Алдында отыратын хатшы қыз бар ма еді? Осында кіргенімде... долданып жүріп бар-жоғын байқамаппын-ау. Бір емес екі нән есік анау-мынаудың қозғалтуға да шамасы жетпейді. Кеңсе маңайында да кісі қара жүре бермейді. Жүрмейді емес, Мақанның ызбарынан ығып, айбарынан сескеніп, осы үйді айналып қашады.
Балтажаныма құрық тастаймын дей ме?,.. Жауыз ғой! Сол құрықтың тұзағын менің мойныма іліп қойыл отыр. Аямайды. Қыршыныңнан қия салады!..
Тоқта дейді. Одан арғысын жасаса да енді кірпік қимылдатар шамам бар ма... Одан арғысы дегенде... апырай, тағы әлгісін бастап жүрсе ше... Неғып тұрмын? Неге кетпеймін? Ұстап тұрған жоқ қой. Әй, ұстамағанмен жіпсіз байлаған құдіретін немен тойтарармын. Не демек бұл сонда? Ұрысса екен тезірек жерден алып, жерге салсын. Тіпті басқалардай етіп желкелеп шығарып-ақ жіберсін. Кімнен жемей жүрген таяқ. Анаусын тілемесе... Соған ниеті қайта аумаса екен. Аузы-басы көпіріп, сәумендеп төніп келсе... жұдырықтай жүрек қақ жарылып, тілге де келмей жүріп кетсем. Мұқат марқұмнан кейін басқа тәнге тәнім жанасып көрмеп еді"..
— Тоқта!
Қатира селк етті. Қинала иек көтеріп, назар тіктеді. Дәл алдында көзін сүзген бастықтың долырған жүзін көрді.
— Тұрмын ғой.,.
— Бері кел!
Сұқ саусақ шошаңдап қалып, кері тайқи бүгілді. Сол сұқ саусақ іліп тартқандай Қатира саусақ иесіне кібіртіктей таянды.
— Сабаңа түстің бе?
— Сүйменқұлдың қысасы-ақ өлтірді! — Дауыс жайбарақат естілген соң Қатира далбасаға көшті. Оны өзі де сезіп тұр. Мақанның қандай ойы барын білмей, кеңседен аман-есен шығып кетудің жолын таппай, бүйірін солықтата күрсінді.
— Болды енді Сүйменқұлың! Жетеді Сүйменқұлың! Аты өшсін Сүйменқұлыңның! — Тасты тасқа соққандай қырылдақ дауыс түйдек-түйдек лекілдегенде, "Сүйменқұлдаған" зіркілі сүйменмен төбесінен түйіп жатқандай дірдек қақтырды.
— Онда мен... мен. Әлгінде сізге байқаусызда қолым тиіп... Байқамай қалып... Аулымыздың бетке ұстар азаматы демей... "Түйенің танығаны жапырақ" деп..,
— Қысқарт!
Қатираның тізесі дірілдеді.
"Не істе дейді? Аяғына жығылсам ба?.. Әйелден төмпеш көргенін құбыжық санап тұр ма? Ойбай-ау, оны тісімнен шығарардай жынданып кетіп пе ем... Тек Балтамды ұмытса екен"...
— Кешіріңіз, Мәке!.. Аяқ-қол жанталасып тырбаңдағанда бас-көзге қарар ма. Әйтпесе, мен де өзіңізді пір тұтам ғой.Балтажан да сізді сондай сыйлайды. Хат жазған сайын сұрап жатады.
— Доғар сөзді! Бері, мында өт! — Бұт құдайдай сол табжылмаған күйі Мақан ызбарлы айбарын өзгертпей, иегімен диванды нұсқады. Отқа айдаған жуас қойдай дәрменсіз әйел иек астында ырықсыз қозғалды. Диванға жетіп тіреліп, оң иығына бұрылып, көзін тағы мөлитті.
— Мәке! Бір ағаттық өтті. Білместік менен болды. Шарбағым құлап жатыр... ешкі кебенектің жүрмейтін жері жоқ. Бақшамды таптап... Үйге қайтайын, ә...
— Жат!!!
Манадан бүкіл болмысымен қалшылдай қорқыл, естігісі келмей тұрған бір сөз, осы сөз екен. Естілді де, бұлтартпас бұйрық кесімін жасады. Ширыққан дене күрт босады. Санадан түйсік қашты. Кеудеден жан безінді. Көзден сұп-суық жас парлады. Ендігі бар қимылы мен қозғалысында бұйрыққа бағынуды, үкімді қабылдауды түйсінген ессіз мойынсұну мен сүлесоқтық қана қалды. Меңіреу халдің өң мен түстің арасындағыдай есіріктігі бойын билеген Қатира қарсылық атты құдіреттен баз кешті. Саусақтар машықты қимылмен шәлісін сипап өтті. Диванға отырып, етігін шешіп тастады. Сырмалы кеудешесінің түймелерін ағытты, сәл кідіріп қалды да, әлгіні иығынан сыпырмаған күйі оң бүйіріне қисайды. Бір орнында қимылсыз қалшиып тұрған Мақанның көк жолақ шалбарының балағынан тұмсығы шығып тұрған қалың табан туфлиді — сабоны — (сабо екенін біледі. Балта арты жоқ кебіс сияқты сүйретпені киіп келгенде атының сабо екенін естіген) жанарына байлап алды. Осы сабо қозғалмаса, дүниесі түгелденетіндей елегізу нышаны тіріліп барып, өшіп кетті.
— Дұрыстап жат!
Өктемдік уысына бір түсірген соң санасы бітеуленген кеудені саусақ ұшында билетеді екен. Қатира үн-түнсіз шалқасынан аунады.
Паркет еден еңірей сықырлады.
Сықырлаған дыбыс бөлмені біразға дейін кернеп кетті.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
— Отыр!
Барақ басқа сөз айтқан жоқ. Қайда баратынын да, не істейтіндерін де білмей, Балта ымырт жамыла бастаған қаланың терезеден көрінген көшесінен көз алмайды. Әйтеуір, бағыты белгілі. Кеше Магомед телефон соғып әлгінде өзі тосқан аялдамада пәлен сағатта дайын тұруын өтінген. Міне енді Магомед емес Барақтың қарауына көшті. Барақтың сесі мығым. Үндемей-ақ қарадай қалтыратады.
"Қайда барамыз? Жөндерін айтпай, әрі-сәрі ұстайтындары жаман. Әлде бұлардың дағдысы солай ма? Қылмысына куә... қайдағы куә, қатысты етіп, батпақтатып, мойынға қыл тұзақ салып қояды. Әй, мынау апақ-сапақтағы жүрістері тегін емес "Орбитадан" бір-ақ шықтық қой. Бұл жақта не бар еді?"
— Шық. Ілес соңымнан!
Барақтікі келте бұйрық. Жүрісі де шапшаң. Бүгін мүлде басқа адамдай. Бұрынғы кең көсіліп отырып, сапырып сөйлейтін Бараққа ұқсамайды. Курткасының жағасын көтере, қара беретін көзіне түсіре киіп, адымдай аттаған бойы бес қабат кірпіш үйдің шеткі подъезіне бет алды.
"Танысы бар-ау. Қонаққа шақырды ма екен?" деп ойлаған Балтаны артында келе жатқан Магомед бүйірден нұқып қалды.
— Жүріп келе жатып қалғуға болмайды. Мүрдем кетесің онда, — деп езуі күлгенде, қабағы қатуланды. — Тез! Қалма шефтен!
Үшеуі екінші қабатқа көтерілді. Барақ электр қоңырауды екі қысқа бір ұзын өлшеммен ұзақ басты.
Есік ашылды. Бұйра бас ұлан таңырқай қарады.
— Сіздерге кім керек?
— Папаң үйде ме?
— Иә.
— Қайда отыр?
— Кабинетінде... Мында кіріңіздер, — деп ұлан жарма шыны есіктің аржағындағы кішірек есікті нұсқады.
— Рақмет, бара бер, — деп Барақ Магомедке әлденені ымдады да, Балтаға, "ілес" деген белгі беріп, кабинетке кіріп барды.
Бөлмеде шашы түсіп, төбесі жалтырай бастаған мосқал адам марқаларды лупамен қарап отыр екен, келгендерге жалт қарап, алдындағы ашық жатқан маркаларды екі білегімен жаба қойды.
— Білесің, ә, құнын. Қымбатыңды жасырасың. Жасыр, жасыр, Викензон. Бәрібір бізден тыға алмайсың, — деп Барақ креслоға сылқ түсті.
— Сіз кімсіз? — деді л езде төбесінің жалтырына дейін бозарып кеткен филателист.
— Мен бе? Шынымен мені білмеймісің? — Барақ аппақ тістерін ақсита күлкі сыңайын танытты. — Мен Сингапурецпін! Син-га-пу-ред! Естуің бар ма?
Викензон аталған адам орнында ытқып түсті.
— Шоршы, шоршыма — бүгін қолыма түстің. Мен сені көп іздедім. Көптен бері іздегем.
— Мен... мен сізді танымаймын...— деді тісі-тісіне тимей сақылдаған үй иесі, біресе Бараққа, біресе Балтаға жалынышты көзін жағалатып.
— Керісінше мен! Мен танимын сені! Сол жетіп жатыр. Түсінесің бе? Түсіндің бе?
— Иә-ә... — Викензон бас изеді.
Барақ қолын созды.
Викензон алдындағы ашық альбомға бетін төсеп жылап жіберді.
— Ендеше жиырма мыңды алақаныма сал. Сырттағы "Жигулиіңнің" кілтін, техпаспортын бері таста.
Филателистің тілі байланды. Мұрнымен альбомды сызғылап, бас шайқаған нобай көрсетті.
Барақ орнына атып тұрып, жалтыр бастың қалқиған құлағынан шап берді де, жұлқып қалды.
— Жауап бер! Тез!
Бас тағы шайқалды.
Барақ құлақты қоя берді де, жағадан уыстай ұстап, шілтиген арық адамды столдан бері суырып шығарды. Сол бойда әлгінің оң білегіне наручник-кісенді сарт еткізді.
Балтаға иек қақты.
— Апар ваннаға!
Балта еріксіз ілгері аттады. Есеңгіреп тұрған үй иесінің қолынан жетелеп еді, әлгі тартынбай ілесті. Дәлізде Магомед қана тұр екен... "Бәрі дұрыс" дегенді ымдады Бараққа.
Үшеуі ваннаға кірді. Жылтырақ кафельдерден көз тұнады. Ванна бөлмесінің төбесіне ұсақ-ұсақ айна жапсырып қойыпты. "Неткен ысырапшылдық! Әй, бірақ, әдемі! Кірсе -шыққысыз деп осындай әсемдікті айтатын болар" деп Балта ойланып тұрып қалып еді, Барақтың келте бұйрығы тағы естілді.
— Екінші ұшын турбаға бекіт кісеннің! Әй, түс ваннаға! Түс деймін, миллионерщик! Жоқ, миллионщик!
Викензон ваннаға аттап шықты.
— Отыр! Бекіттің бе?
— Иә! — деді Балта.
— Ал, Викензон, альбом менде. Альбомды жүз елу, екі жүз мыңға сатуға болады. Мен сенен небәрі жиырма-ақ мың сом мен салдырлап қалған ескі машинаңның кілтін сұраймын. Ақырғы рет. Қалай?
Викензон бас шайқады.
— Онда мен де ерегіске кеттім. — Балтаға бұрылды. — Әлгі кислотаны, қышқылды әкеліп, ваннаға құй! Анау күшігін де әкеліңдер. Тірі куә қалмасын!
Балтаның қозғала бергені сол еді, Викензонның жіңішке даусы шар ете қалды.
— Сингапурец! Келістім... келісем мен.
— Ақылдысың, Викензон, ақылдысың. Тиын-тебенге бола, сен үшін ол тиын-тебен ғана, жаннан безу неге керек. Эпикуред жолдас, босат. Қолын да босат. Қане, бері өтіңіз. Кабинетіңізге...
Сәлден соң үшеуі жайғасып отырды.
— Ал, мынау альбомыңыз. Түгендеп қарап шығыңыз. Түгел ғой. Біз, Викензон жолдас, қылмыскер де, қарақшы да емеспіз. Бізге келісім керек. Біз әлгінде мына альбомды алып жүре берсек те болатын еді. Бірақ бізге артық ештеңе қажет емес. Солай ғой?
— Солай шығар... — деп Викензон бас изеді. — Егер мүмкіндік болса... Сәл шыға... мен әлгі сұрағандарыңызды...
— О, оған сөз бар ма. Қысылмаңыз, Викензон жолдас. Құпияңызды сақтауға, әрине, толық правоңыз бар. Эпикуред жолдас, біз сәл шыға тұрайық, — деп Барақ Балтаны ертіп дәлізге беттеді.
— Қалай, жаңғақ шағылатын ба? — деді Магомед.
— Шағылды. Қазір дәнін жейміз. Бала қайда?
— Өзінде... бөлмесінде. Ештеңені сезер емес.
— Үйрен, Эпикуред жолдас, — деп Барақ Балтаға көз алартты да, жымиған болды. Есіктен Викензонның басы көрінді. — Ә, кірейік пе?
Филателист жиырма бес сомдықтың сегіз бумасын стол үстіне қатарлап қойыпты. Барақ қара дипломаткасын Балтаға ұстатты.
— Салып ал. Санап сал. Ал, сіз, Викензон жолдас, қаламыңызды, қағазыңызды шығарыңыз. Иә, иә, сол парақ жарап жатыр. Жазыңыз. "Осыны ұсынушы адамға берешек жиырма мың... Жиырма мыңды сөзбен жазыңыз... жиырма мың сом ақшаны төлегенімді куәландырып бір данасын оған, бір данасын өзімде қалдырамын". Қолыңызды қойып, бүгінгі күнді көрсетіңіз. О пәле, қатып кетті. Енді келісім толық болу үшін машинаңыздың кілті мен техпаспортын беріңіз, — деп Барақ алақанын ілгері созды. Викензон кілтті де, техпаспортты да стол үстіне тастай салды.
— Былай болсын. Егер машина туралы тісіңнен бір сөз шығатын болса, анау ұлыңды... бұйрабасыңды жер бетінен таба алмай қаласың. Сау бол!
Барақ беретінің маңдайын сәл көтере бас изеп, бұрылды да, есікке беттеді. Тұтқадан ұстай бере қалт тоқтады.
— Есіңде болсын, Викензон жолдас, кешке қарай жинақ кассасынан үлкен сумма алма. Алсаң, үйіңде ұстама.
Сыртқа шығысымен Барақ Балтаны арқадан қағып қалды.
— Жарайсың, Эпикуред жолдас. Сен енді солай аталасың. Қалай, ұнай ма жауынгерлік жаңа атың?
Балта үнсіз ғана бас изеді.
— Бұл — тырнақалдың. Әлі өзің-ақ мықтыға айналасың. Магомед, сен кете бер. Біз Балта екеуміз "Жигулиді" сынаймыз, — деп Барақ қонақтан шыққандай жайбарақат қолын ұсынды.
"Жигули" тез қызды. Бірінші маркасы екен. Шынымен салдырап қалыпты.
— Ескі ғой, — деді Балта.
— Кержік заводтан шыққандай қылады. "Түркістанға" тарт!
Балта қасында отырған Бараққа жалт қарады.
— Тура қазір ме?
Барақ кеңкілдеп күлді.
— "Түркістан" дегенім — мейманхана. Біліп ал, Балта, мені іздесең, не сол арадан табасың, не администраторынан сұрарсың. Не дегенмен нервный жұмыс қой біздікі. Аздап профилактика жасау керек.
— Екінші данасын неге жазғызбадыңыз?
— Ненің?
— Қолхаттың. Екіншісін өзімде қалдырам деді ғой.
— Әй, Эпикуред жолдас, шикісің-ау! Мен сонда айғақ қалдыруым керек пе. Қолхат бір дана болса жетеді. Викензон енді ауыз аша алмайды. Біз одан қарызымызды алдық, қарыз ақшамызды ғана.
— Ә-ә! — Балта дауыс созды.
— Сенің үлесің — екі мың.
Балта қуана жалт қарады.
— Бірақ сен оны алып қойғансың. Машинаңа төлегенсің. — Балтаның қабағы түсіп кетті.
— Бірақ бір мың сомды табудың реті келіп тұр.
Балтаның көз қиығы серігін шалып өтті.
— Екі адамға барасың...
— Жаңағыдай жасаймын ба?
— Жоқ! Бұлар сақа емес, кенейлер. Бірақ сауда төңірегіндегілер. Көмейлері кең. Көп асауды ұнатады. Сыбағасынан сипатқысы келмейді. Ал біз оған қарамаймыз. Әділеттікті сақтауға тырысамыз. Көп асап қақалып қалмауы үшін, табақтан үлес аламыз. Яғни салық саламыз. Ол бізге апталық бес жүз, мың сомға дейін айлық төлеп отырады. Біз оның амандығын қауіпсіз етеміз. Басқаларды жолатпаймыз.
— Қашан барам?
— Мұның азаматтық! Жігерің барын көрсеттің. Асықпа. Барасың. Қасыңа сенімді жігіттерді қосып берем.
"Іздегенге сұраған осы-ay. Мың сомның дәл керек кезінде табылайын деп тұрғанын қарашы! Апамнан әлі хабар жоқ. Менен қасқа сиырын жақсы көрсе, жатқанынан тұрмасын. Қысылып қол созғанымда, теріс айналса, мен де келмеспін оған. Анам өлді деп, біржола түңілермін. Әй, шаруаның сәті түсейін десе біріне бірі қиюласып, ыңғайы келе беретіні бар-ау. Василий Сергеевичке оперция жасалған екен, шал реанимацияда жатыр. Екі-үш күннен ұзамас. Сәулетайға шет жағасын айтып ем, пәтерді күніне жуып-сүртумен әлек. Әрине, өзіндік дүниеге, жеке меншікке не жетсін. Анау қараңғы қапастан құтылғысы келеді де. Енді, міне, аяқ астынан мың сом табатын болып отырмын. Әй, Бәкем! Қандай шебер! Бір сағатта жиырма мыңды жамбасқа басты да, қайқая берді".
— Көзіңе қара!
— Ә-ә... Не дейсіз, Бәке?
— Қызыл жарыққа өтіп кеттің ғой.
— Солай ма? Ойланам деп...
— Рульде отырған адам ойланбайды. Ойланатын адам рульде отырмайды.
— Мақұл, Бәке!
Барақ еңсеріле бұрылып Балтаға көлденеңнен сүзіле қарады. Бірақ ештеңе деген жоқ.
* * *
Екінші адам рынок директоры екен. Балтаның екі нөкері — Коля-Кержік пен Сәнгерей. Сәнгерей — аты ма, басқасы ма — мұрны қоңқиып қазаққа ұқсамайды. Бірақ жуан жұдырығымен, батыл өктемдігімен Балтаға бірден ұнады.
Микроауданда ашылған жаңа рыноктың директоры отыратын бөлменің есігінің сыры кеппей жатып кете бастапты. Сәнгерей есікті теуіп ашты.
— Кіріңіз, шеф! — деп екі бүктетіле иіліп, Балтаға құрмет жасады.
Балта вокзалда өзін ұрған шойқара мен Уайсты бірден таныды. Аналар да танып қалып, орындарынан атып-атып тұрды.
— Сіздерге кім керек?
— Кім керек дейді? Кім келгенін білмейді, ә. Шеф, білдірейін бе? — деп Сәнгерей жауап күтпестен жетіп барды да шойқараны бүйірден ыңқ еткізді. — Қонақ сыйлап үйренуді білмей, креслоға отырма! Отырма деймін саған. Кім келгенін білдің бе енді? Келуімізге келіскен өзің емес пе едің? Сингапурецпен сөйлеспеп пе едің?
Шойқара бүйірін ауырсына басып тұрып, Уайске ымдағандай болып еді, Кержік-Коля шапшаң екен, қолы шошаң еткенде ашылып үлгермеген қанжар Уайстің қолынан еденге ұшып түсті. Сәнгерей енді Уайске жақындады. Кең ашылған күректей алақаннын саусақтары ашадай тарбиып барып Уайстің шақша басының бір уыс бетін шеңгеліне бүріп кеп алды. Бүріп кеп алды да, шүйдесін қабырғаға соғып-соғып жіберді.
— Қол көтермек! Aһ, сүмелек төбет! Қыңсыла, кәне! Қаңсыла деймін саған!
— Ке-ке-ші-ріңіз...
— Aһ, залым! Енді кешірім сұрамақ. Қане, жығыл! Сүй! Шефтің аяғын! — деп жұлқып қалып шөкелетіп түсірді. — Сүй!
Уайс еңбектеп Балтаның аяғына жақындады. Балта ақырып қалды.
— Тұр!
Ұшып тұрған Уайстің шықшытынан дәлдеп тұрып жұдырығын нығарлап қондырды.
— Кім көрінгенге қараңғы қалтарыста әлімжеттік жасама! Жасаушы болма, Уайс!
— Шеф! Сіз бұларды білесіз бе?
— Білем! Еще қак білем! Сондықтан да таныстық үшін бұлар басқалардан қадірлірек. Сондықтан да бұлар жеті жүз сом берешек болады. — Балта Сәнгерейге иек қақты. — Атын сұрашы!
— Фамилиясы белгілі ғой...
— Маған аты қажет.
— Әй, сен неге меңіреуленіп тұрсың. Шеф сенің атынды сұрайды. Сенің, бұқамойын! — деп Сәнгерей қарқылға басты. — Шеф, мұның кличкасы "бұқамойын" болсын. — Сәнгерей жақындай беріп, шойқараның басын қолтығына қысып кеп алды. — Атың кім?
— Жалау... Тұншықтым... Өл-ді-ім!..
Балта қысқа мойыннан қылқиған бастың күреңітіп кеткен жүзіне ызбарлана қарап тұрды да, қысқа шашы тікірейген төбесінен шынтағымен түйіп-түйіп жіберді.
— Соққан осылай болады, Жалау! Дүние — кезек екенін ескер. Қоя бер. Отыр!
Жалау жұмған аузын ашпай тобарсыған қалың бетінен ешқандай сыр байқатпай орнына барып отырды. Қабағы салбырап, іштей сіресіп алыпты. Соны аңғарған Кержік-Коля бір-ақ атқып шығып, Жалаудың стол үстінде жатқан қолын тізесімен баса қойды да, шынашағын қанжардың сабымен езгілеп кеп қалды. Жалаудың жан даусы шықты.
— Жетер! Түс! — деді Балта жайбарақат қана. — Енді қасарыспайды ол. Қағаз-қаламыңды ал!
Жалау басын қайта-қайта изеп, стол тартпаларын ақтара бастады.
— Мына қағаз... Әлде басқасы ма?..
— Жаз осыған. Қолхат де. Мен... аты-жөнің, фамилияңды жаз... Жаздың ба? Жазсаң әрі қарай. "Мен пәленшеев Эпикурьевтен алған 25 мың сом қарызымды ай сайын 700 сомнан қайтарып, 3 жылда өтеймін деп осы қолхатты беремін". Қолыңды қой. Бүгінгі датаны жаз. Міне, Жалау жолдас, мына қағаз бойынша қане 700 сомды дереу қолыма сал. Сонда сен біздің қорғауымызға өтесің.
— Қазір жоқ қой... Ертең...
— Жарайды ертеңіңе де шыдайық. Ал, сен бұдан былай қиқаңдауыңды көрсетпе. Мен ондай мөңкуді көтермеймін. Учти.
Сәнгерей дәл кете бергенде Уайсті бүйірден тағы бір ыңқ еткізді.
— Бұл менің тапсырмам. Ақшаны "Түркістан" мейманханасына сен әкелесің. Сен! Администрадияға тастайсың да таясың. Естідің бе?
— Иә, — деп Уайс күңк етті.
Машинаға мінгенде Сәнгерей Балтаны мақтап ала жөнелді.
— Шеф, сіз шынында нағыз шефке лайық екенсіз. Әрине, шеф қол жұмсамайды. Былғанбайды. Ал, сіз... Бұрыннан білсеңіз оларды, онда мықтылық көрсеттіңіз. Үлкен шефке солай жеткізем. Үйіңіздің қасынан түсіп қаласыз ғой?
— Иә, — деді Балта. Аузына сөз түспей қалды. Сәнгерейдің шын, әлде өтірік бөстірткенін білмей дал.
— Анау сұлу келіншекпен араларың бұрынғыдай ма? — Оқыс сұрақ еріксіз жалт қаратты. Сәнгерейдің қарақоңыр көздері кірпік қақпай қадалып қалыпты.
— Онда жұмыстарың болмасын! Болмасын!
— Болады, көкетайым! Болады жұмысымыз. Әбден болады. Оу, келіп қапсың ғой. Түсе ғой, шеф. Екіншілей сен де қиқаңдауды көрсетпе. Мен де ондай мөңкуді көтермеймін.
Кержік-Коля рульге еңкейе беріп, сылқ-сылқ күлді.
Балта артқы есікті лақтыра жапты.
2
Түн ортасында ауруханадан телефон соғып, Василий Сергеевичтің қайтыс болғанын хабарлады. "Қазір келіп көрем десеңіз, реанимация бөліміне келіңіз" деді бәйек әйел даусы.
Балта трубканы қоя салды.
"Аяқ астынан жұмыс табылды. Басқа бейнет болды. Енді оны ауруханадан алу керек жерлеу комбинатына барып, жер алып табыт жасатып, қонақасы беріп деген сияқтылармен бас қатыруға тура келеді.
Әйтпесе, пәтер көзден бір-бір ұшады. Әу, баласы бар еді ғой. Тоқта-тоқта! Адресін бір жерге жазып алып едім-ау. Әй, Майсараның пәтеріндегі қойын дәптерімде екен-ау. Ақат керек... Біраз ақша. Баласы әкелер. Оған шейін Майсарадан қарыз ала тұруға болады...
Майсараға айтайын. Ақылдаспаса болмайды. Арыстай адам өліп жатқанда ол ұйықтап жата бере ме?"..
Балта халатын жамылып дәлізге шықты. Есігі сарт жабылды. Жүрегі су ете қалды. Қолын жалма-жан халатының қалтасына салып, саусағы кілтке тигенде, есін жиды. Осы есіктен талай запыланған, сарт етіп жабылып қала беретін болған соң артық кілт жасатып алып, халатының қалтасынан тастамайтын. Соның пайдасын талай көрді.
— Әй, Майсараның есігін кілтіммен ашсам қайтеді? Қоңырауын шылдыратып жүрем бе? Ол екеуміз теңізде ажырасқан кемелердей аулақтап кеттік қой. Есігін қаққаным жөн болар".
Майсара есікті ашып қалып, Балтаны көрді. Халатшаң жеңіл киімді — майке трусилы — өз жігіті күйінде тұрған соң іші жылып кетті.
— Келдің бе, Бал! — деп мойнына асыла кетті.
Майсараның жұпар исі, Майсараның оттай ыстық денесі, Майсараның ешкімде кездеспес қылығы Балтаны ерітіп жібере жаздады. Соншама күн жеке жатып жүрген жігіт келіншекті сағынған екен, жүрегі атқақтап тулап сала берді.
— Келдің бе? Кірсейші, Бал!
Балта есін жиды. Мойнына асылған Майсараны өзінен сәл ысырды.
— Майсара, Василий Сергеевич қайтыс болыпты.
Майсараның құшағы босап кетті. Бір аттап кейін шегінді. Көздері кең ашылып, мұң шақырды.
— Өмір-ай!.. Өте шығасың зулап...— Бұрылып жүріп кетті. Балта ілесе кіріп есікті жапты. Екеуі залға енді.
— Бардың ба?
— Қайда?
— Ауруханаға бардың ба? Көңілін сұрадың ба?
Балта тұнжырай қалды. "Өзің не бітірдің? Сен неге бармадың?" деп шақ етуге оқтала беріп бөгелді. "Мұның шалда шаруасы қанша?" Күрсінді.
— Бара алмадым. Әне барам, міне бараммен... Ақыры, көре алмай қалдым...
— Сені көп іздеп еді байғұс. Есік ашылған сайын алаңдап жатушы еді... — деп, Майсара көз жиегіне іркілген жасын саусағымен сылып тастады.
Балта таң қалды.
— Сен... сен, Май, барып па едің?!
— Барғам. Операциядан кейін де кіріп шыққам. Рухы сондай күшті! Өзі әл үстінде жатып менің көңілімді жұбатқан... Қап! Бара алмағаның-ай, Балта! Алаңдаумен кетті-ау! — Майсара жүдей сөйледі. — Жаны таза адам еді-ау! Мен... мен ол... Вася атай мені жек көретін шығар деуші едім... Ол мені саған... сені маған тапсырды... — Келіншектің ерні кемсеңдеп, жасы саулап кетті. Дәл қазір аяныш сезіміне бөккен Майсара ұрғашы жынысының ажал атты құдіретпен бетпе-бет кездеcкенде сай-сүйегі сырқырай босайтын әйелдік аналық қасиетін тапқан.
— Қашан барып едің?
— Төрт күн бұрын... Алдыңғы күні де... Қолымнан тас қып ұстап алып еді... Қоштасқаны, бақұлдасқаны екен-ау атайдың. Көзіме көзін қадап біраз қарап жатты... — Майсара тағы жылады. — Нұры қашып кетеді екен көздің. Тереңнен жылтыраған тұнық судай... Сені тағы сұраған. Командировrада дедім... Не ойлады екен? Өлетінін білетін адам соңғы минуты жақындаған сайын не тілейді екен? Не айтқысы келеді екен? Айта алатын қасында жақыны болса ғой сондайда... Ал, біз... біз ешқашанда өзімізді өлмейтіндей көреміз. Ойламаймыз. Мазамызды алмаса екен дейміз. Ал, ол... Вася атай суық ажалмен... өліммен кездесейін деп... кездесіп жатты-ау!.. Ең болмаса сол сәтте күдігін бөлісер біреу қасында болмады-ау. Әй, қаншама өкініш запыран боп ішіне шөгіп кетті екен.
Майсара өкіріп қоя берді. Мынау жыласта бүкіл жақын-жанашырын жоқтау, өзінің жалғыздығына налу, бөтен болса да мұның қамын ойлап отыратын көршісін аяу сияқты әртүрлі себептердің басы қосылып еді.
"Әйелдің қолынан бар келері — көз жасы. Айдаладағы біреу үшін соншама егілгені несі. Осыдан кеңес сұрағалы келген мен ақылақ. Мынаны жұбатуға бір адам керек қой" деп ойлаған Балта тықырши бастады.
— Майсара, қойсаңшы енді... тап бір әкең бүгін өлгендей еңіремей, — деп айтып салды Балта.
Майсара ваннаға кіріп көзін, бетін жуып келді.
— Не істемексің? — деді Балтаға жақындап отырып,
— Баласына хабар беремін. Сонсоң... — Балта бөгелді.
— Сонсоң дейтін түгі жоқ, Балта. Қарияны, атайды дұрыстап жөнелтейік. Екеумізден басқа ешкімі жоқ... Баласы келе алса, жақсы. Ертең мен жұмыстан екі-үш адамды бөлем. Спецкомбинатпен барлық шаруаны солар тындырады. Ет, тамақ, тағы басқаларды мен алғызам. Бұрынғы жұмыс істеген орны — министрлікке телефон соғарсың. Ескерілмей қалмасын. Атайды олар қадірлейтін. Ертең кешке моргтан алып, бүрсігүні жерлесе...
— Жо-жоқ. Ол ерте тым. Баласы үлгермей қалуы мүмкін. Асығудың қажеті жоқ. Ақша іздеу керек...
— Айтпақшы, Вася атай жұбайының қасында жер бар деп еді... Ақша... Жұртпыз ғой, бірдеме етерміз, — деп Майсара оған онша мән бермеді. — Жатын бөлмедегі қара портфельде документтерім, қағаздарым бар деп еді. — Майсара сағатқа қарады. Бестен асып кетіпті. Енді бәрібір ұйқы жоқ. Жүр, Балта, документтерінің арасынан паспортын алайық.
— Әлгі менің қойын дәптерім осында еді... Ә-ә, ана тұр екен. —Балта қойын дәптерін шифонерден алды.
Майсара шығып кетіп, сәлден соң киініп келді.
Қара портфельден Документтермен бірге жинақ кітапшасы шықты. Балта қолы дірілдеп, саусақтары жыбырлап кітапшаны ашты да "бес мың" деп күбір ете қалды.
— Бес мың деймісің? Айттым ғой ақшадан қысылмаймыз деп. Бір мыңы-ақ жерлеуге де, қонақасына да жетеді. Қалғанын баласына береміз... айтпақшы өсиет жазбап па екен. Василий Сергеевич ұқыпты адам, жазбауы, қалдырмауы мүмкін емес, — деді Майсара.
Балта дереу іске кірісті. Бүкіл ынта-ындыны қара портфельдегі қағаз, документтерге ауып кетіпті. Бір кез қолын ыстық шоққа қарып алғандай ыршып түсті.
— Ой, Майсара! Таптым. "Завещание" депті! — деп көз жүгіртіп өтті де, үні өшті.
— Оқышы.
— Мә, сен оқышы. Сенер емеспін, — деп бір парақ қағазды Майсараға ұстата салды.
Майсара іштей оқып шығып, Балтаға тесіле қарады. Үлкен қара көздерде ырзалықта, кінәлау да, жазғыру да бар еді. Балта жүзін тайдырып әкетті.
— Мен білмедім ғой... білмедім ғой, Ма-айсара-а!..
— Ұлынан да артық көрген сені. Екі жарым мың сомды саған қалдырған... Ал, сен, Балта, Балта, ең болмаса бес минутқа кіріп шықпадың.
— Мың жарымды өзіне жұмсаймыз сұрағанындай. Ал, мың сомды немересіне береміз бе?
— Неге бермейміз? Марқұмның тілегі солай ғой, — деп Майсара тікірейді.
— Жо-жоқ, әкесіне... шалдың баласына берсек пе деп едім. Ол ақша даулап жүрмесе.
Майсара үндеген жоқ, паспортты алды да орнынан тұрды. Баяулатып күрсінді.
"Қандай сұлу! Әрі ақылды. Нағыз жар болуға лайық ұрғашы осы-ay. Мынау өз бөлмемде бауырыма бассам... еңсем биіктер ме еді. Бұрын мен бұның пәтерінде кіріптар боп жүріп... Қандай фигура! Ғажап!"
— Май! Май-са-ра!.. — Даусында екеуіне ғана белгілі ойнақы тілемсек әуен тіріліп еді, Майсара жалт бұрылып, шатынай қадалды. Өткір қарастың ұзын кірпіктері бір-бір найзадай шаншыла қалған екен, Балта еріксіз жым болды.
Майсара тіл қатпастан шығып кетті.
Василий Сергеевичті жерлеп қойған күннің кешіне баласы жалғыз ұшып келді.
Балта екеуі түннің бір уағына дейін отырды. Бір бөтелкені өзі таусып тастаған Егор Васильевич бірде жылады, бірде күйзелді, бірде кеудесін соққылады. Әйелінің табанында, онда да өкшесінің астында емес, — жалаңаш табанында өтіп бара жатқан каторгаға бергісіз ғұмырын азалады. Реанимация палатасында жападан-жалғыз ұлы мен немересін бір көре алмай күңіреніп көз жұмған жетім шалды — әкесін жоқтады. Қайғылы хабарды естіген сәттен бастап әйелінен олай жалынып, былай жалынып бес жүз сом ақшаны ала алмай, жолдас-жоралардан тиын-тебендеп қарызданғанын, жергілікті комитеттен көзін сатқандай боп отыз сомды әрең жазғызып алғанын айтып көз жасын бұлады. "Барайық, топырақ салып қайтайық" деп әйелі мен баласын көндіре алмаған құнсыздығына қапаланды. Минскіде қолында телеграммасы мен билеті бар мұны мінгізбей, билетсіз футболшыларды салып алып кеткен самолетті де, "Аэрофлот" қызметкерлерін де біраз жерге апарып тастады. Ең соңында марқұм қайырымды әкесінің сүйікті әні еді деп "Степь да степь кругомды" бөлмені басына көтере дарылдады. Балта Егор Васильевичті Василий Сергеевичтің кроватына әрең деп апарып жатқызды.
Ертемен басы сырқырап, көзі бұлаудай боп ісіп, тамағы қаңсып, берекесі қашып оянды.
— Үйде бірдеме қалып па еді, Балта Мұқатович?
Балта ерегісіп бар арақты жоқ қылды. Басын шайқады.
— Дүкен нешеде ашылушы еді?
— Қазір зиратқа барамыз, Василий Сергеевичтің басына...
— Ә, иә-иә... Барған дұрыс, әрине. Әй, мынау сынып бара жатқан басты не істесем екен...
— Шай ішеміз.
Шай үстінде Егор Васильевич қипақтай бастады.
— Қарызданған шығарсың, Балта Мұқатович, — айналасына қарады. — Ех, батя! Түк жоқ. Ештеңе жинамаған. Кезінде бар мүлкін бізге контейнермен жөнелткен еді. Ылғи ескі-құсқы...
— Жоқ. Қарызданғам жоқ. Василий Сергеевичтің өз өсиеті бойынша, аздаған тиын-тебені бар екен, өзіне жұмсадық. Қанша кеткені тиынына дейін, әне жазулы. Сонсоң Вася атайдың немересіне қалдырып кеткен мың сомы бар.
— Мың сом! Вот шал! Немересіне ме?
— Немересіне.
— Ну да! Бұнысы маған деген бунты, әрине, шалдың. Қайда ақша? — Егор Васильевичтің ауруы айығып кетті.
— Міне! Ал, мына қағазға қолхат жазып бере қойыңыз.
— Ә, маған сенбейсің ғой...
— Жоқ, ақша жүрген жерде дәйектілік қажет.
Ақшаны қайта-қайта санап, қалтасына салған Егор Васильевич көңілденді. Балтаны қағып-қағып қалды.
— Асықпайық, Балта Мұқатович, бүгін мен за упокой души покойного қонақасы берейін.
— Қажеті жоқ, Егор Васильевич. Қонақасы берілген. Болдыңыз ба? Тұрыңыз. Зират басына кеттік.
Екі-үш шыныны босатып үлгерген Егор Васильевичті ертеңінде аэровокзалға әрең шығарып салды.
Егор Васильевичтен босасымен Балта Магомедты іздеді. "Түркістан" мейманханасын ұзақ төңіректеді. "Тұлпарды" екі рет сүзіп өтті. Ақыры сұр "Волга" мейманхананың қарсысындағы орталық базардың есігіне жақындап тоқтады. Балта тұра ұмтылды. "Жүріп кетпесе екен" деп асығып келеді.
Магомед жалғыз емес екен. Балтаны көрсе де көрмеген сыңай байқатты. Балтаның көңілі су сепкендей басылды. "Әй, осылардың мысық пен тышқандай ойындары таусылмайды. Танымағансуын қарашы! Тағы біреуді қармағына түсірген-ау". Сол екі арада машинада отырған белгісіз адам машинадан түсіп, базарға кіріп кетті.
— Әй, азамат, бері, мұнда кел, — деп дауыстады Магомед.
"Әй, қырт! Ерегескенде кетіп қалайын ба?" Бірақ кеткенде кімді қорқытады. Магомед емес, бұл Магомедті іздеп шарқ ұрған. Аяғын санап басып, ілбіп жақындады. Қабағын тарс жауып, сызданып түс бермеді.
— Неге айқайлайсың?
— Оу, көргеніме де жазықтымын ба? Жақтырмасаң, жөніме таяйын, — деп Магомед машинасын қыздыра бастады.
— Тоқтай тұр.
— Не айтасың, асығыспын, — деп енді Магомед қырыстанды.
— Әнеугүнгі шаруа не болды?
— Қай шаруа?
— Пәтер мәселесі...— Балтаның көзі мөлиді.
— Ол қиындап кетті.
— Қалай? Неге, Магомед?
— Кісідегінің кілті аспанда. Азырқанады.
— Сонда қанша керек?
— Тағы үш жүз қоссын дейді.
— Жарайды. Болсын.
— Онда шалдың өлгені туралы куәлік пен ақшаны бер. Ертең жоқ бүрсігүні ордерды қолыңа ұстатам.
— Онда біздікіне барайық. Свидетельствоны алмай шығып едім, — деп Балта артқы есікті ашып кірді. Бір ауыз сөзге бола үш жүз сомнан айрылғанын сезеді. Енді Магомедтің ыңғайына жығыла беруге дайын.
Екінші қабатқа көтерілгендерінде есік аузындағы үш-төрт адам, арасында "мұртты" апай да бар, бұларды көріп қуанып қалды.
— Кілт бар ма?
— Тез ашыңыз!
— Неге дікілдейсіздер? Сіздер кімсіздер? — деп Балта ширықты.
— Біз райсовет, үй басқармасы өкілдеріміз. Мына адам — пәтердің иесі! — деді көзілдірікті әйел.
— Мен ше? Осында тіркелгем...
— Бұл квартирант! Пәтерге қатысы жоқ, — деді "мұртты" апай Гаэне Рашидовна. — Қазір мынау пәтерде тұрады, — деп Майсараның есігін көрсетті. — Бірақ онда тіркелмеген. Келіншекпен де заңсыз тұрып жатыр. Міне, қандай хиқая! Бұл квартирант қана.
Балта шынымен састы. Бұрылып Магомедке қарап еді, анау "менің қатысым шамалы" дегендей екі қолын жайып, иығын қиқаң еткізді де тайып тұрды.
— Мен не істеймін енді? — деп Балта жүні жығыла сөйледі.
— Білмеймін. Егер жаңа квартиросъемщик келіссе, бұрынғыдай тұра берерсіз, — деп көзілдірікті әйел жуып-шайды.
Ескі драп пальтосының етегі шұрқ-шұрқ тесілген, жақ жүні үрпиген мосқал еркек безек қақты.
— Жо-оқ! Болмайды! Өзіміз де бес баспыз. Қайда сиямыз? Бізден құтылу үшін мына ескі үйден екі бөлмелі пәтерді әдейі беріп отырсыздар. Білем мен сіздерді! Маған тиесілі үш бөлмелі пәтерді жаңа үйден біреуге сатасыздар. Ал, мен неммен ремонт жасатам. Түгім жоқ.
— Есікті ашыңыз, — деді үй басқармасының өкілі.
Драп пальтолы еркектің ойбайы табалдырықты аттасымен одан сайын күшейді.
— Мынаған кіргелі ремонт болмаған ғой. Сыры кеткен. Қабырғалары айғыз-айғыз. Мынау шұрым-бұрымды кім алады. Ойбай-ау, темір кереуетін қайда қоям? Лақтырып тастасам, басым тағы бәлеге қалады-ау. Әй, жігіт! Мына барахлоларыңды дереу алып кет. Мен босаған пәтерге кіргем. Барахлоның үстіне емес, — деп көкшіл көзі шатынап Балтаға төніп келді.
Балта ләм демей, чемоданың көтерді де, түңіліп шығып кетті.
"Міне саған батпанқұйрық! Атаңның қақ шекесі алдың жеке пәтерді! Кіргіздің жаңа отауға жас келінді. Шоқ! Шоқ! Саған сол керек!" Көзі қарауытып есік алдында тұрып қалды.
— Әй, азамат бері кел!
Айқайлаған тағы да Магомед екен.
— Жауын жаумай су бопсың ғой. Өзің мүлде боркемік боларсың, сірә! Отыр!
— Қайда барамыз?
— Мейманханаға. Әзірше сонда тұра тұрарсың. Бәкең, шефті айтам, бір амалын жасар. — Машинасын қыздырып, жылжытып қозғаған Магомед Балтаға мүсіркей қарады. — Бұл арада бір шикілік бар, Балта. Пәтердің босағанын қалай тез біле қойған? Және райсоветтің қаулысын шығарып та үлгерген? Сен осы пәтер туралы кімге айтып едің?
— Сендерге... сонсоң Сәулеге... — Балта күмілжіді.
— Тағы кімдерге?
Балтаның көз алдына кенет Қадірбек елестеп кетті.
— Сол! Сол, күшік!
— Кім ол күшігің?
— Өзім білем, Магомед! Өзім сөйлесем онымен.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
1
Көктем биыл кеш шықты. Бірде қары, бірде жаңбыры жауып әбден мазалаған жазғытұрымның шуақты күні көріне қоймады. Ызғырығы жылдағыдан да күшейіп, жер дегдімей қойған соң Бектемір үйінде отырып қалды. Осы қол бостықты пайдаланып каникулдағы Алпамысты сүндетке отырғызып жібермекші болды. Оған Рахметбек шалдың тұңғышы — Ескеннің (Есенқұлдың) қаладағы хирург баласының ауылға келе қалуы себепкер еді. Берік әкесінің інісі — Сүйменқұлға Қатираның шарбағын сындырып, абыройсыздық жасағанын бетіне басып, қатты ұрсыпты дегенді естігенде Бектемір Берікке сырттай қатты ырза болған. Бір жағынан кешегі Қобландыжанның құрдасына үйінен дәм татқызып жіберейін деп жем беріп семіртіп отырған ісегін сойып тастады.
Мойнына талай мінгізген Берігі емес пе, Бектемірдің қолқасын екі етпей, әлекей-шүлекей аспаптарын салған қобдишасын көтеріп келіп, әп-сәтте Алпамыс "батырды" ыңғайлады да тастады. Алғаш шар еткен бала қолына ұстатқан бір сомдықтар мен бас жағына тіреп қойған тәтті-дәмділерге алданып, еш ауырсынған жоқ.
— Қолың жеңіл екен, Берікжан! — деп риза болған Бектемір жігітті төсіне қысты. — Ал, енді мында өт! Жайғасып отыр. Бұ да өз үйің. Жас кезінде Қобланды екеуіңнің осы арада асыр салып аунайтындарың есіңде ме?..
Қобландының аты аузына оралса, кеудесі солқ етіп, көңілі босап, түсі бұзылып қоя беретінін байқап қалған Берік Бектемірдің ойын тезірек басқа жаққа бұруға тырысты.
— Аға, егістікті жыртып болып қалдыңыздар ма?
— Қайдағы! Жаңбыры бір сіркіреп, қары екі жапалақтап жіберіп тұр ма... Ауа райы өзгерген бе, жүдә, қолайсыз боп барады... Жердің миы шығып, трактор да, машина да жүруден қалды, — дегенде шаруа уайымы Бектемірдің жүзіне қалқып шыға келді.
— Аға, мен кетейін. Нан ауыз тидім...
— О не дегенің, Берікжан! Апаң, әне қазанын көтеріп әуреге түсіп жатыр. Қазір басқалар да келеді. Алпамысымның сүндет тойында өзің бас қонағым боп Бекеннен де жоғары отырасың бүгін, — деп Бектемір көңілдене күлді.
Бектемірді ренжітіп кете алмасына көзі жеткен Берік еріксіз Төрге шығып, жайғасып отырды.
— Аздап... сендерге мынадан татуға болушы ма еді?
Берік күліп жіберді.
— Аздап, әрине, болады. Бірақ сіздердің "аздаптарыңыздың" мөлшерін білмеймін ғой.
— Басқаларды қайдам, менің жобам сендердікінен ұзап кете қоймас. Жалпы, балам, ішімдік атаулымен қарсы болам деп ауылдағы біраз адаммен алакөз боп біттім.
Бектемірдің баласын сүндетке отырғызған хабары үй-үйге тез тарады. Қар аралас суық жаңбырдан еңсесі көтерілмей отырған көршілері Бектемірдің ауыз үй, төр үйін лық толтырды.
Бектемір аянған жоқ. Айғанша мен Қатира бастаған әйелдер қазанға ет салып, бауырсақ пісіріп, қуырдақ қуырып әкелді.
— Жігіттер! Келіншектер! — деді Бектемір желпініп. — Тойдың көркі ән мен күй. Әзіл-қалжың! Арақ ішіп, ауыз кергілеп боқтасып жату дәстүрімізде жоқ еді. Мен сендерден арақ аямаймын. Көптен қуаныш кірмеген шаңырағымда ән салып, күй шертіп дуылдап отырғандарыңды қалаймын.
— Ал, онда өлеңді мынау Ескен бастасын. Бектемірдің бел құрдасы. Алты қыздың ағасы.
— Иә, иә! Шырқататын жөнің бар, Есенқұл. Берігіңнің қолы сондай жеңіл. Баяғы кішкене молдадан кейін ендігі жұрттың сауабын алатын осы болды.
— Әй, Құспан, бас жаққа барыспалық.
— Ойбай-ау, Ермекбай-ау, қайдағы бас айтып тұрғаның! Кішкене Алпамыстың "насыбайы" мен басты шатастырғаның қалай?
— Жә, жә! Қойындар түптей бермей. Жоқтан өзгеден ілік іздейсіңдер ме, қалжыңға айналдырасыңдар ма, сендердің мінездеріңді жан біліп болмайды-ау.
— Тынышталыңдар, Ескенді тыңдалық.
Ескен (Есенқұл) домбыраның құлақ күйін келтіріп күйлеп отырды да, өзінің зор тынысты даусымен шырқай жөнелді.
Беріп кет, ай, сақинанды-ай, мыс та болса-ай-й,
Жүрейік күліп ойнап, ай, шіркін-ай, қыс та болса-ай,
Әншіге қызыға қадалып, әнге беріле ұйып, қыбыр етпей мелшиген жұрт Ескенді көптен тыңдамай даусын сағынып жүрген екен, ән үзілгенде әлденені әлі де ынтыға күткендей біраз үнсіз отырып қалды. Содан соң әлдебіреуінің бастауымен тұс-тұстан дуылдап ала жөнелді:
— Әй, сабаз! Даусы әлі баяғыдай!
— Шіркіннің босқа қор болып ауылда жүргені. Әйтпесе біздің Ескен анау Ермек Серкебаев, Ришаттардан бір де кем айтпайды ғой.
— Ә, әй, Ермекбай! Тым бөспе. Тегін адам таз бола ма деп... оларға народный артист СССР-ды оңайлықпен берді деп пең!
— Түу, түу, Құспан! Сөздің парқын білмейтін надан екенсің! Мен оларыңды кем деп отырмын ба. Әлгілеріңнің әрқайсысын шың санап, Ескенді соларға жетеқабыл демедім бе.
Тамақтарын жеп болып, сүйек мұжып, сорпа ішіп жатқандары сол еді, үйге екі-үш адамымен Мақан сау етіп кіріп келді. Колхоз председателін көргенде іштегілер сасып қалды.
— Ассалаумағалайк-оө-өм, Мәке! Төрлетіңіз!
— Жоғары шығыңыз!
— Қолыңызды шаясыз ба... Ә-ә, су құйып жіберейін...
Мақанның қасындағының бірі — зоотехник Берден ақырып жіберді.
— Тәйт! Килікпей былай тұр! Қазан үстінен асқа шақыратындай Мақан... Мәкең сенің шаңырақ түйеңе мініп келген құлың ба еді?
Бектемір сөз ыңғайын аңғарды. Ызғардың қай тұстан соғарын сезе қойды да, маймақтады.
— Әй, Берден! Әй, құрдас ит-ау! Мен осы отырғандардың бірін шақырып па екем. Қуанышыма өкпесін қолына ұстап өздері жетті. Бір жыл туған төл едің. Бектемірдің қызығына ортақтасайыншы деп төбе көрсетсең, хандығыңнан тайып қалар ма едің, — деп күлген сыңай танытты да, Мақанға орын көрсетті. —Мәке! Дәл сіз келе қояр, бізді елей қояр деп ойламап едік...
— Жетті, әй, қырт! — Берден Мақанның қисайған езуінен бастығының тыжырынғанын байқап қалып, үйренген машықпен дүрсе қоя берді. — Кімді басына- сың! Ауыл иесінсіз, ел жақсыларынсыз майда-шүйде жиналып... — үні кілт өшті. Себебі Мақан оң қолын қылышша сермеп қалып еді, Берденнің көзі жыпылықтап кетті.
— Берден, сен өзі не болса соны айтады екенсің. Мені сонда сорпа-суға өкпелейтін тасыр санаймысың. Ел жақсылары мыналар құсап көктемгі қызу науқан кезінде жиылып алып арақ ішпейді, — деп қайта томсарды.
Ендігі сөздің тізгініне Хайролла жармасты.
— Бүйірлеріңді арақ тескірлер-ау, сылтау тапқышсыңдар, ә! Бектемір, сен коммуниспін деп кеуде соққанда, жеткізбейсің. Мынау қылығыңды... қыл-қызыл діншілдігіңді қалай түсінеміз? Сен бүгін баланды сүндетке отырғызсаң, ертең тоқал да аларсың!
Мақан Қатираға қарады. Мақанның ыңғайымен отырғандар тегіс Қатираға қабақ төңкерді. Қатира құлағына дейін қызарып, сорпа құйған шараны көтеріп, сыртқа шығып кетті.
Ескен күліп жіберді.
— Тоқалға не жетсін...
Хайролла Ескенге қадалды.
— "Тоқалға не жетсін". Неменеңе жетісіп күлесің, ей, жетесіз-ау! Тапқаны тақымына түспей жүріп, тоқалшылын! Сен, нақұрыс, мына сүмелек ұлыңды жөнге салсаңшы шиқ-шиқ күлгенше, сылқ-сылқ арақ көмейлегенше, — деп стол үстін көзімен тіміскіледі де, орта стакан арақты еңкейіп барып іліп алды. — Міне, мынау ғой атау керең! — Иіскеді. — Арақ! Таза арақ! — Қағып жіберді. — Айттым ғой арақ деп!..
Ескен шатынады.
— Менің нақұрыс екенімді сен, аламан, қайдан білдің,ә! Менің күлгенімде-тұрғанымда, ішкенімде-тышқанымда сенің жұмысың қанша, ә!
— Еркектің қоры күледі, Ескен, қоры! Тіл алмасаң, онда мына ұлыңды екі бұттың арасына шоқитып қойып, балалардың шүметейін уқалатқызып несібе тауып, үнем айыр! Құлқыныңды арақпен толтыр!
Берік Хайроллаға да, Мақанға да, Берденге де манадан жиіркене қарап отырған, ызалана мырс етті.
— Ауыл басшылары, ел жақсыларымыз дейсіздер. Сондағы үлгі, өнегелеріңіз, осы ма? Азаматтың қуанышының шырқын неге бұзасыздар? Неге дікілдейсіздер?
— Жап аузын!
Мақанның шыдамының жеткен жері осы болды. Манадан үнсіз тұрған "аткелтірі" — Найманқұлдың қамшысы шошаң етті. Беріктің оң жақ шеке, оң жақ бетін қызыл жолақ із қалдырып бестемше өрім тіліп түсті.
— Қап! Әкеңнің ғана аузын... — деп атып тұрған Ескенді екінші рет сілтеген қамшы жалп еткізді.
Бектемір үстел үстіндегі қара сапты бәкісіне жармасты.
— Әй, Мақан! Жауым да жағама жармаспас еді бұндай күні! Мынау қай мазағың? Берік — аулымыздың қонағы еді. Көрсеткен сыйымыз — соққыға жығу ма? Қашанғы қор етіп намысымызды көме бересің?! Зауалы болмас деймісің? — деп қалш-қалш етіп Мақанға жақындай түсті.
— Зауал!... — Мақан қарқ-қарқ күлді. — Зауал — мына мен! Мен ғана! Сен соққыны әлі көрмепсің. Бұл әлі соққы емес! — деп пышақ ұстаған қолынан қағып жіберді. Бәкі ұшып түсті.
— Әй, көрсоқыр төбет! Сен кімге пышақ көтергеніңді біліп тұрсың ба? Тұп-тура әупілдек әкең өлген түрмеде шіритініңді ескердің бе? Мынау колхозшыларды арақ беріп ләйлітіп, жұмысқа шығармай зиянкестік жасағаныңмен қоймай, Мәкеңе пышақ салмақ болғанына осы отырғандар тегіс куә, — деп Берден Бектемірге түкірігін шашыратты. — Хайреке, мыналардың тізімін жасай қойыңызшы. Біріншіден, жұмысқа шықпай саботаж жасағандарын айыптау үшін керек. Екіншіден, мынау сұмдық қылмысқа куә болады.
Мақанның кірпігінің ұшында қимылдап қалған колхозшылар енді мүлде жасып, бастарын төмен тұқыртып, тұнжырай қалысты. Босаға жақтағы біреуі жылыстап есікке бет алғаны-ақ мұң екен, қалғандары да әне-міне дегенше жым-жылас жоғалып үлгерді.
Үйде Бектемір, Ескен және Берік үшеуі төртеуге қарсы қалды.
— Осы зорлығыңызға жауап бересіз! — деп бетіндегі тілігі қызыл күреңдене долырып ісіп шыға келген Берік Мақанға бетпе-бет түйіліп келді.
— Күшік! Кімге шабаланғаныңды білесің бе өзің?
— Жауыз екенсіз! Көзім әбден жетті.
Мақанның тарғыл күлкісі тағы жаңғырды.
— Балтырдан сен де алам дейсің, ә. Әй, әлін білмеген әлек осы-ay. Сен кешегі Қобландыдан артық емессің. Сені де жайғай салуым боқтан да оңай.
— Көп асқанға бір тосқан. Сізге де әділет табылады! Табылады да дәл сіздей хансымақты тулақтай ұшырады!
— Балақай! Сенде көз бар ма? Мен хансымақ емеспін. Ханмын! Әділет те — мен! Менің қалтам! Бұл заманда ақшаға сатылмайтын заң да, әділет те жоқ. Жоқ! Бәрін, бәлекейінен бастап дүріне дейін қойын-қонышына тығып, бас шұлғытып қойған мына мен — Мақанмын!
Әй, Ескен! Ақырғы рет ескертем. Күшігің қолымды жалап, алдымнан кішірейіп өтсін! Әйтпесе аудан түгіл ауылдан жұмыс тапқызбай тентіретіп жіберем!
Ескен есін жинап алған екен, Мақанның зіркілін тыңдаған сайын құрысып, кішірейіп, шөгіп бара жатқан. Ұшып түрегелді. Қалбалақтап Мақанға қол қусырды.
— Құлдығың болайын, Мәке! Бізден бір білместік өтті. Арақ шіркін ақылды ұрлайды екен... Әйтпесе, бетіңізге жел боп тием бе... Не істесеңіз де қолыңыздамын. Мені аямаңыз. Бұдан былай айтқаныңызды екі етпеймін. Балама, Берікжаныма назарыңыз өтпесе екен. Бала шіркін балалық жасамай тұра алмайды ғой.
Бектемір құрдасының қалбақ қаққанын жақтырмады. Ызамен түйілген қалың қабақ астынан Ескенге ысылдай тіл қатты.
— Әй, Ескен! Жендетке соншама жалынғаның не? Уа, ұлынан айрылып та өлмей жүргендерді көрмейсің бе! Тәйт әрі! Жи есіңді! Жыртқыш алдында азамат бас имейді.
Ескен қалш-қалш дірілдеді. Қалш-қалш селкілдеді. Қабақ астынан сүзілген көзі алдымен баласына, одан Мақанға тоқтап-тоқтап өтіп, содан соң жылжып барып Бектемірге оқтай қадалды.
— Сен... сен ит! Кімді арандатпақсың! Мені ұлымнан айрылтып, өз қатарыңа қоспақсың ғой. Жауыз сенсің, Бектемір! Қастан шықпаған қаскүнем де сенсің! — деп сүзетін бұқадай басын тұқыртып Бектемірге төніп келді. Сіңірлі саусақтары жуан жұдырық боп түйіліп алыпты. Құрдасы бірдеме десе, сарт етіп соғып жіберуден тайынбастай. Берік бір-ақ ұмтылып, әкесін иығынан жұлқып қалды.
— Көк-е! Кейін, көке!..
Ескеннің ашуы одан сайын қозды. Ұлының иығынан жұлқып қалғанын өзіне қол тигізгенге балап, бет бақтырмас долылықпен қайнап кетті.
— Ой, атасына шапқан күшік!
Жуан жұдырығы шекеден сарт етіп Берікті ұшырып түсірді. Арашалауға ұмтылған Бектемірді екінші жұдырық ыңқ еткізді. Ыңқ еткізді де, енді оған қайрылмастан Ескен жерде сұлап жатқан ұлын теуіп ала жөнелді.
Бектемір қатты бұзылды. Құрдасының жанды талмау жерінен жүдемелдете тиген екі соққысы Ескенді жүн салған қанардай сұлата салды.
Мақан езуін қисайта, тіс арасынан сыздықтата түкіріп тастап, ентігіп тұрған Бектемірдің иығынан қақты.
— Сөз тыңда, бригадир. Сен ертең анау Көктемердің күңгейіне соқашыларды жібер. Жыртып тастасын.
— Ауа райы...
— Ауа райының мәліметін естіп кеп отырмыз. Ертеңнен бастап жауын-шашын болмайды. — Қарқ-қарқ күлкі рәсімін жасады. — Қолың қатты екен. Бірақ қара күшіңе сенбе, Бектемір. Босқа арандайсың. Анау Көккемердің тұсы тың. Трактор тоқтамайды.
— Ол арада егістік жер жоқ! — деді Бектемір.
— Иә, жоқ! Жоспарда жоқ. Жыртылғанын сен білесің. Мен білем. Тракторшы біледі! Мыналар, мынау серейіп жатқан әкелі-бала, мынау едірейіп тұрған үшеу естіген жоқ.
— Иә... иә, — деді Ескен.
— Ол араға пияз егіледі. Қауын-қарбыз егіледі. Егетін де, бағып күтетін де нағыз білгірлер.
— Корейлер ме?
— Біліп тұрып сұрайтын жаман әдетің бар, Бектемір.
— Ол ара елу гектарға жуық қой, — деп Бектемір енді Мақанды көктей өткен сұраулы әрі дағдарысты жанарды басқарманың жандайшаптарына жылжытты.
— Әй, көксоққан-ау! Саған бұйрық берілді ғой. Ертеңнен бастап соқа сал деді ғой. Енді сенің де тәжікелеспек түрің бар ма, — деп Берден суырылып алға шықты да, жерде жатқан бәкіні іліп алды. — Айтқанды орындамасаң, милау неме, мынамен сен өз кесігіңді өзің кесіп қойғаныңды біл. Мынау — айғақ! — деп қара сапты бәкінің жүзін жалаңдатып құрдасының көз алдына тосты. — Әлгіндегі зытып кеткен тойшыларың матап береді сені!
Берік орнынан тұрып, әкесін қолтығынан көтерді.
— Көке-ай, мынау қарақшылардан жақсылық күтіп қашанғы адасасыз?..
Мақан Найманқұлға қиыстады. Найманқұлдың қамшысы сартылдады. Төргі үйден Алпамыстың шыңғыра жылаған даусы естілді. Найманқұлдың қолына қысқаштай жармасқан Бектемір баласының даусы шыққанда морт сынды.
— Жарайды, Мәке...
Езу қисайды. Суылдаған қамшы басы езілген қара шұбар жыландай шұбатылып сылқ түсті.
Мақандар шығып кетті.
Ескен отырған жерінде қорсылдап жылады.
Берік күйіп-пісті.
— Не болғансыздар? Құлдан да бетер кіріптар етіпті ғой. Құлдың да қол көтерткізбейтін намысшылы болған. Қай заман, қай дәуірде өмір сүретіндеріңізді ұмытқансыздар ма? Мұншама көнбістік қайдан келген? Бұндай сорлылыққа, қорлыққа шыдағанша өлгеніміз жақсы еді ғой. — Ескен көзінің жасын сүрткен боп әлек. Танауын қайта-қайта тартып, Бектемірге қарай алмай, құрдасынан жауап күтіп еді, анау үндей қоймады. Баласына бұрылды.
— Ой, Берікжан-ау, ұлым-ау... заман деп, дәуір деп, бізді бір иісалмас көремісің. Заман да, дәуір де бүгінде Мақандікі. Қит етші, сүйегің де табылмай кетсін. Не жазықсыз шырылдаған жанын темір тордың аржағынан безілдесін! Біз — құлмыз ба, кімбіз? Құлмыз! Кесік құлақ құлымыз Мақанның! Бұлқынбап па едік? Бұлқынғанбыз! Білекті көрінбейтін қыл арқан қиып түскен! Арқаға дүре, жанға жара салынған. Сен құрдасың Қобландыжанның қалай өлгенін білмейсің? Білмейсің. Ал оны...
Бектемір тіксінді.
— Бықсытпа, Ескен! Тырнама жарамның аузын. — Есік жаққа айқай салды. — Айғанша! Әу, Айғанша! Әй, осы ауылдың әйелдеріне таңым бар. Мақанның төбесі көрінді дегенше, жеті қырдың астына жоғалады бәрі.
Айғанша бір қырындап табалдырықтан аттады. Көзіндегі үрейді бір ауылға бөліп берсе де таусылмастай.
— Неге шақырдың? — дей берді де, Айғанша Беріктің бетіндегі талаураған ісікті көргенде баж ете қалды. — Ойбүй, Берікжан! Не істеген саған!
— Жә! Бажылдап елді үркітпе. Алпамысжан қыңқылдап жатыр. Қасына баршы.
— Құдай шебер-ай, осы көрсеткен күніңді итке де берме! — Айғанша қорсылдап жылап Беріктің басын ұстап, тілік түскен бетін сипап, емірене сүйді де, төргі үйге кетті.
Ескен бөксесін көтеріп, қолымен жер тіренді. Тізерлеп бойын жазды.
— Әй, құрдас ит! — Күлген боп аузын ыржитып еді, түрі жылағаннан жаман өзгеріп кетті. — Қолыңның қаттылығы қайтпапты әлі. Аямайсың ғой, аямайсың сен адамды.
Бектемір шырт түкірді.
— Адам сен бе? Сенен доңыз артық.
— Берікжаным дедім ғой... Тарпа бас салған соң...
— Осалсың! Көңіл қалдырдың, Ескен. Жауыма жығып бердің. Әй, әттең! Қатарыма тұрар ешкім табылмай мысым құрып бітті ғой! Әйтпесе Мақан дәл осылай тайраңдамас еді.
Берік екеуін де жақтырмады.
— Үйде отырып жұдырық білемдегеннен не шығады?
— Қарсы ұмтылғанда не өндірдік? Қамшысы төбемізде шатырламады ма.
— Өлтірем! — деп Берік қиястанды.
— Есің дұрыс па? Мақанмен ұстасып өле алмай жүр ме едің. Өлтіргішін! Маңайына жуып көрші, Найманқұл мойныңды жұлып алсын. — Ескен ашуланса, ысылдап қалады екен. Мақанның созса — қол жетпес, кезенсе — мылтығы от алмас, сілтесе — қылышы майырылар мықтылығын ойлағанда шарасыз жаны тағы шырылдады. Соны сезді ме, Бектемір Берікті райынан қайтармақ болды.
— Берікжан, бекер қиналып қайтесің. Сенің жолың, жөнің бөлек. Алысатын, айтысатын біз бармыз. Қарағым, осы былыққа сен араласпа. Сен таза жүр. Сен таза кет.
— Бектемір аға! Сонда зорлықты ұмыт, қиянатты көрме демексіз бе? Ардағы дақты, жандағы жараны қайтем? — деп Берік жыларман боп жақындады.
— Әй, әкіреңдеме! Бектемірге сен түгіл әкең мен дауыс көтермейтінмін, — деп Ескен адалына көшті. — Айтқаныңа құлағыңды ас! Ар дейді ғой, жан дейді ғой. Мақан сенің арынды біліп, жаныңды ұғып, жаналғыштығынан тыйылар деген.
— Жарайды, алқынба, Ескен. Екеулеп баланың кеудесіндегі шоғын өшірмейік. Ал, Берік сен сақ бол! Ауданда енді саған жұмыс жоқ.
— Неге?
— Мақандікі қоқанлоққы емес. Ол сені ертең-ақ қуғызады. Жай қуса жақсы... Шулатып, күйе жағып, анкетаңды былғап, шала байлап жібермесін де. Оған да барады ол. Өйткені сен оған жұрттың алдында тіл тигіздің. Ол ондайды кешірмейді.
— Көрерміз кімді кімнің кешірмегенін...
— Балам, тілімді ал...
2
—Шеф, сізді жұмыс басынан көруден қалдық қой.
— Қыңқылдама, Сережа. Мен жалғыз жанашыры қайтыс болған қаралы жанмын. Үш күн жұмыстан босануыма рұхсат бар, — деп Балта Туровқа көз алартты.
— Сіз, шеф, тура бес күнге жоғалып кеттіңіз ғой. Біз Кадири ибн Бек екеуміз "Наташаның" игрек циклын өзімізше бастап, нәтиже шығара алмай қойдық.
— Әрине, шығара алмайсыңдар. "Юпитерге жазғанды қарапайым бұқа жасай алмайды". Сендер соны ұқпайсыңдар да бойдан биік секірем деп омақа асасыңдар да жатасыңдар. "Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл" дейді қазақтар.
— Иә, иә, аға... Жоқ аға емессіз. Сіз әліңізді де, жолыңызды да білмейсіз. Сіз араласқан жер бүлініп, іріп-шіріп жатады. Сіз — арамсыз! — деп манадан үнсіз тұрған Қадірбек қалш-қалш етті.
— Күшік! — деді Балта сызданып. — Күшік! Әкеңнің министрдің орынбасарлығын бу етесің ғой. Мен білмейді деп пе едің әкеңді салып мені үйден айдап шығарғаныңды. Бір қазақты баспанасыз қалдырып менің пәтерімді маскүнем орысқа тартып әперген әкеңе бірдеме түсті ме, әлде саған бірдеме түсті ме? — деп қазақшалап кетті. — Содан әкеңнің ұшпаққа шыққанын көрермін. Қазақты жамандап, іске алғысыз қылып, жеп қойды, ішіп қойды, оқып қойды, қой бағуды қойды деп сенің әкең сияқты оз ұлтын жамандап, өз халқының жендеті болғандар ғана дәрежесін өсіреді, қызметін жоғарылатады, беделін асырады, сенім жинайды. Тағы айтыңдар. Анау үйде де, анау пәтерде де қазақтар отыр. Неге отырады? Отырмасын. Шыдамаса, даласына кетсін. Киіз үйінде бұтын отқа қақтап, арқасына мұз қатырып қойын бақсын. Солай ғой. Сенікі, сенің әкеңдікі осы мүдде ғой. Сонда көзге түсесіңдер. "Күшім, күшім, кә-кә!" деп орыстар шақырып алып сүйек тастайды. Арқаңнан сипайды. Жақтырмаса, ыңқ еткізіп бүйірден теуіп қалады. Бәрібір кете алмайсыңдар. Айналып келіп қолын жалайсыңдар. Құйрық бұлғандатасыңдар. Айта бар әкеңе. "Өз елінде, өз жерінде, өз астанасында отырып, баспанасыз қалған бір қазақ тап әкесінің аузынан жіберді" де. Осым — саған аманат.
— Қандай нахалсыз! — Қадірбек құр бас шайқаудан басқа жауап қата алмады.
— Не? Немене дейді? — деп Сережа Қадірбекті құшақтай алды. — Тілдеді ме, Қадірбек? Неге үндемейсің?
— Ол не айтады? Не айта алады? Әділет жақтағыш болса өзінен, өз үйінен бастасын. Сен, Сережа, сіңір жесең, бұл май асайды. Неге? Әкесі — мықты. Сен ауырсаң — он екі кісілік палатаға жатасың. Бұл ауырса, екі кісілік люксте шіренеді. Себебі, әкесі — әкім. Осы ма әділетің? Осы ма сенің әділет үшін күресетін Қадірбек досыңның тірлігі? — деп Балта өзеуреді.
— Білем, мен бұлардың үйін білем. Олай емес... Олар, оның мамасы дүкеннен алады бәрін, — деп Сережа күйіп-пісті.
— Иә, алады дүкеннен. Қай дүкеннен алады? Мәселе сонда. Жабық дүкеннен! Жабық буфеттен! Ал дүкендерде... жай дүкендерде вакуум — кеңістік қана. Ет түспейді. Май түспейді. Сүт бірде бар, бірде жоқ. Қаймақ әрі ащы, әрі сұйық. Ал, Қадірбектің үйіндегі қаймаққа қасық салсаң — тік тұрады. Неге? Әңгіме, гәп осында, осы неде. Негізі — әлеуметтік теңсіздікте. Қағаздағы есепте бәрі бар. Ет те, сүт те, овощ та жеткілікті. Бірақ ол жұмысшы қауымға неге жетпейді? Қарапайым еңбекшінің дастарқанына неге түспейді? Оны ешкім ойлағысы келмейді. Себебі, мына Қадірбек сияқтылардың әкесіне, әкім әкелеріне тиімді ол. Сондықтан азық-түлік мәселесінде ешқандай серпіліс болмайды. Жабық дүкендер жойылмай, астыртын "сен — маған, мен — саған" дейтін байланыстар құрымай, солармен күресті бірінші, астын сызып айтам, бірінші басшылар өздері басқармай және дүкендердегі ет үшін жан беріп жан алысқан алыс-жұлыс кезекте қалалық, аудандық, облыстық, тіпті республикалық партком секретарлары не солардың әйелдері көптің арасында басқалармен бірге қысылып тұрмай, азық-түлік мәселесі ешқашанда шешілмейді. Қайдағы шешілу — анау бұрынғы мен тұрған пәтерде тұратын бұрынғы горисполком председателіне күн сайын жәшік-жәшік боп келетін әртүрлі тағамды көргенде сілекейлері шұбыратын көршілерінің әділет бар дегенге бір де біреуі сене қояр ма екен. Қайдағы сену. Ал председатель де, паң кербез әйелі де аспанға қарап, мұрнын шүйіріп, ешкімді менсінбей, аспаннан сол қалпында аяғы салбырап түсе-түсе қалғандай шірене басқанда әділет алты қырдың астына безіп кеткеніне көзің жеткендей болады. Ал, Қадірбек сенің әкім әкең де солардың бірі. Босқа мақтай берме, олардай емес деп. Бер жағымен бәрі әділетшіл. Бәрі адалдық деп ұран тастағыш. Жаяу жүрмейді. Автобус тоспайды. Дүкен араламайды. Дефицит киім де, мүлік те іздемейді. Ендеше оларға бұдан артық не керек? Елуге, алпысқа, жетпіске келген сайын кеудесіне орден тағады. Бесжылдықтың нәтижесі деп өз саласындағы жұмысты одан сайын құлдыратқаны үшін орден тағады. Басқа бір жерде, басқа бір облыс, яки ауданда әлдебір жұмыс алда-жалда тыңғылықты істелсе, жай сыйлықтан бастап, Мемлекеттік сыйлыққа дейінгіні осы әкімдер алады. Мәселен мынау "Наташамен" сегіз айдан бері екі жүзден астам тәжірибені үшеуміз жасадық.
— Кейінгі кезде, шеф, сіз де сұйылып кеттіңіз...
— Ол жеке мәселе. Сол тәжірибелер бойынша мен екі статья жаздым. Ал соған соавторлар кім? Анау Шымкенттегі заводтың бас инженері. Институттың директоры, лаборатория меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер. Ең соңында ғана менің фамилиям. Жазған мен. Авторлары сендер түгіл мен білмейтін басқа біреулер. Әне, қазіргі кезеңнің әділеті. Балық басынан шіриді. Саусылдатып кеудесіне темір-терсекті таға бергенше, осы мәселелерді шешуге көңіл бөлсе, бұндай болмас еді.
— Кімді айтасыз?
— Бірінші басшыны, Леонид Ильичты айтам. Мен және айтқанымнан қайтпаймын да, қорықпаймын.
Көрсететін жеріңе көрсете бер, Сережа. Сен де Қадірбек тәрізді сексот екен деп, түңіліп кете берем сонсоң. Жыл сайын Совет Одағының Батыры бола беретіндей не тындырып отыр?
— Оны Балта Мұқатович, өзінен сұраңыз. Мүмкін мен де жаратпайтын шығармын. Әңгіме онда емес, мына сізде. Сіз ғажап өзгергенсіз. Тек жаман жағына, Балта Мұқатович. Ex, қандай кішіпейіл, қандай ақкөңіл аңқылдақ едіңіз. Сол кездегі шефті Қадірбек Маргарита үшеуміздің сағынатынымызды білсеңіз ғой, шеф. Сіз Василий Сергеевичті қандай сыйлаушы едіңіз. Ал, Вася атайдың сізге ауған көңілін... Ех, Балта Мұқатович! Адам адамға дос, туыс, бауыр дегенді бізге сіз... сіз көрсеткендей болып едіңіз. Сондағы мейір, сондағы ізгілік қайырымнан қалай ғана теп-тез айырылып қалдыңыз. Сіз Майсара Тілеуғариновнаны сондай... сондай ұнататынсыз... сүйетінсіз. Оны біз Қадірбек екеуміз білетінбіз. Сіз мерейленіп жүргенде біз екеуміз... Қадірбек екеуміз қуанатынбыз. Ал, Маргарита... әрине, ол түсінетін. Сіздің басқа адамды сондай қадір тұтқаныңызды ол да көретін... Енді... енді сіз, шеф, мүлде басқа адамсыз. Әлде сіз анау машинаны алғалы өзгердіңіз бе... Әлде ақшаға... байлыққа қызықтыңыз ба... әлде сізді рэкетшлер азғырды ма... Сіз... сіз, Балта Мұқатович сондағы үлкен жерлеу продессиясына да қатысқансыз. Мүмкін сізді кейбіреулер шантаж жасап уысынан босатпай жүрген шығар? Онда біз сіз үшін ештеңеден аянбаймыз. Қорғауға дайынбыз, — деп Сергей Туров бетіне бір тамшы қан қалмаған сұп-сұр жүзін көлденеңдетті. — Айтыңызшы, шеф, сізге жәрдем керек пе? Біз, біз бәрін, бәрін жасаймыз. Сіз үшін, Балта Мұқатович, әлі де отқа түсеміз, суға да түсеміз. Сол бұрынғы шеф болып, қол бұлғаңызшы. Сөйтіңізші! — деп ентелей төнген Туров бүкіл ойнақылығынан айрылып, жанымен түгел жүдеп, кереметтілік күтеді. Балтаға әлі де сене, дәмелене күтеді. Қадірбек те өкпе қыжылын ұмытып, Сергей тосқан жауапты, Сергей күткен дос құшақты бұ да аңсап, Балтаға жаутаңдай қадалып қалыпты.
Балта бірақ ыңғай білдірмеді. "Мына шіркіндер әлі бала екен-ау. Шикі ғой әлі. Қабақ аңдып, қасқа қарап қашанғы күнелтпек. Сонда осылардың көңілінен шығу үшін жалпақшешей болып жыртыңдай беруім керек екен ғой. Неткен көрсоқырлар! Өмірдің тартыс-талас, күрес екенін қашан ұғар бұл екеуі. Жалғыз осы екеуі ғана ма. Анау миларын шірітіп, үгіттеп, өсиеттеп шырмап тастаған жастар қаншама. Адам адамға бауыр... Тапқан екенсің бауырды. Сәнгерейге немесе Уайске, Бараққа жолықшы. Сол бауырларың қабырғаңды сөгіп, бауырыңды жұлып алып, итке тастасын. Адам адамға дос та, туыс та емес. Василий Сергеевичтердің заманы өткен. Оларды қолыңа шырақ емес прожектор ұстасаң да таба алмайсың. Бүгінде әркім өз көмейіне тықпалағыш. Әркім өз үстіне жапсырғыш. Әркім өз кеудесіне таққыш. Себебі Леонид Ильичтің өзі соған жетелейді. Ал бұлар соны түсінгілері келмейді. Мені, мына мені қайта тәрбиелемек болады". Балтаның езуіне мысқыл күлкі үйірілді. Көзінде суық ұшқын ойнады.
— Аянышты. Аянышты-ақ. Сендер өмірдің не екенін білмейсіңдер, бауырлар. — "Бауырлар" деген сөзді созып айтты. — Ал өмір дегеніміз — біреудің біреуге түсетін күні, мөлиетін қабағы, жайылатын алақаны. Яғни бірін-біріне теліп қойған, тіркеп қойған сабақтастық. Бүгінің мынандай болғанда ертеңіңнің қандай болатынын, Сережа, сен білесің бе? Қадірбек сен білесің бе? Білмейсіңдер. Оп-оңай түп-тамырымен өзгеріп жатады. Кімнің кімнен қабақ тілеп, кімнің кімге қажет болатыны белгісіз. Аяқ астындағың аспанға шырқап, төбеңдегі әкімің төмендеп жататын бүгінде ертегінің құдіреті емес, әшейінгі құбылысқа айналып кетпеді ме. Сондықтан да сәл құбылудан ешқандай зиян жоқ. Керек жерінде иіле білу, жағына білу — бүгінгінің таптырмас құралы. Қолында билігі бардың алақанын алдымен ал. Дәрежесі жоғарымен иық салыстырма, кішірейе сал. Бойы да, ойы да аласа болса да биік отырған дөкейдің сесі күшті. Иілгеніңді, бүгілгеніңді, елпілдегеніңді, жалпылдағаныңды, бас изегеніңді, қол шапалақтағаныңды, қол көтергеніңді ғана қалайды. Басқасына барсаң мұрттай ұшасың.
Мұрттай ұшырады. Жабыла талайды, жабыла қуады. Жаппай іске алғысыз қылады. Жоғарыдан теке көз едірейсе, қитар көз шадыраяды. Пәлен көз су түбіне жібереді. Төлен көзі "онымен бізді салыстырма деп" шыға келеді. Ал, сендер... Дос, туыс, бауыр іздейсіңдер. Таба қоярсыңдар. Досың қасындай шабалансын басыңа кішкене ғана іс түссе. Туысың жатыңнан әрмен жоламай кетсін. Бауырың елден бұрын қызғансын. Анау, Василий Сергеевичтің Егорын алайық. Жалғыз ұлы. Неге кешігіп келді. Ақша таппадым, әйел-балам көнбеді. "Аэрофлот" бөгет жасады деп мың сылтауды шұбыртады. Ал Василий Сергеевичтер жаяуласа да жетер еді. Өйткені оларда жауапкершілік деген ішкі серппесі бар. Мықты пружина! Ал, біз... біздің ұрпақ босап кеткенбіз. Оны мен өзімнен сезем. Жауапкершіліктен жұрдай боп тоналып біткенбіз. Біз — кімбіз? Біз винтикпіз! Біздің шаруамыз шамалы деп бүкіл жауапкершілікті жоғарыға... жоғарыда отырғандарға жүктей салғанбыз. Ысыра салғанбыз.
— Олай емес! Олай емес! Жауапкершілік бар біздерде. Бар!
Шырылдаған Маргарита екен. Алакөлеңкедегі "Наташаның" қасындағы үш жігіт Маргаританың келгенін байқамай қалып еді, жалт-жалт қарасты. Балтаның қабағы жоғары серпіліп, сұлу жүзінде кекесін тұнды.
— О, Рита-Маргарита! Солай дейік. Сенің айтқаныңдай-ақ болсын. Сонда ел мен Отан алдындағы жауапкершілікке бәріміз ортақ болсақ, соның іс жүзінде жүзеге асып жатқанын тағы бір мысалмен дәлелдеп бере қойшы.
Маргарита қызарды. Сұрланды. Қайта қызарды.
— Бар, бар! Жауапкершілік жүрегімде. Қадірбектің, Сережанын жүрегінде.
— Оның бәрі сөз ғана, сөз, көгершінім. Ал біз Ауғанстанға әскер төккенде... әскер төккізгенде жауапкершілік сезіндік пе. Анау өз діні, өз өкіметі, оз сенімі, оз суверенитет! бар басқа елге танкімізді гүжілдетіп жетіп барғанда біз... әрқайсымыз оққа ұшқан өз азаматтарымыздың тектен текке жоғалған болашағы үшін жауапкершілігімізді сезіндік пе? Анау азамат соғысын бастап, екі бөлініп қарама-қарсы майдан ашқан елдің халқының мүшкіл жағдайы үшін жауапкершілік сезіндік пе? Оны да қояйын. Мынау күн сайын құрып бара жатқан, кеуіп бара жатқан Арал теңізінің халы бізге... әрқайсымызға неге жауапкершілік жүктемейді. Жоғарыдағылар біледі. Жоғарыдағылар бәрін жөндейді деп қол қусырып отыра беру жауапкершілігіміз бе? Солай ма, Маргарита? — деп Балта жақындап келіп қыздың иығына қолын төсеп, көзіне қадала қарады. Маргаританың денесі дір ете қалды. Ақ халатының қалтасына салып тұрған қолдарын шығарыл, төсіне айқастырып ала қойды. Балтаның дәл қасынан алған деміне дейін ынтық қыз жігіттің жүдеу тартқан жүзін көргенде аяп кетті. Тыныш жүрегі толқып ала жөнелді. "Жалғыз! Қамқоршысынан айрылды. Үйсіз, панасыз қалды. Әрине, Қадірбек — максималист. Балтаға обал жасады. Ешкімі жоқ. Ал, көп нәрсені ойлайды екен-ау. Майсараны... Мүмкін өзінің қателескенін сезген шығар. Сәуле жиені дейді. Қазақтар бауырмал. Туыстарын сондай сыйлайды. Балта адасып жүр. Анау ортасы... қармағына түсірген топ басын айналдырып алған. Әйтпесе..." Маргарита Балтаға елжірей күлімсіреді. Жаны ширығып тұрған Балтаға қыз қарасынан кеудесіне шуақ құйылғандай сезілді. Иықта жатқан саусақтары бүріле қысты.
— Маргарита-Рита, сен... сен... Рақмет!
Балта бұрылып кетіп, сатымен екінші қабатқа көтеріле беріп еді, Сережа дауыстап қалды.
— Шеф! Балта Мұқатович! Біздің пікірімізді тыңдамайсыз ба? Біржақтылық солақайлыққа ұрындырады.
Балта қайырылып оралды.
— Ал, иә, оппонент жолдас, құлағым сізде.
— Сіз әлгінде арнайы буфет, жабық дүкендерді жабылсын дедіңіз, шеф. Бұрын сіз Майсара Тілеуғариновнаның пәтерінде тұрған кезіңізде бұлай деп айтпайтынсыз. Ал бүгінгі талабыңыздың негізінде сонда не жатыр? Соны анықтап алайық алдымен. Жауапкершілікті білмейтін кеще біздер... сіздің анықтауыңыз бойынша айтам, шеф... әрқайсымыз өзімізге сұрақ қоя аламыз ба? Онда әрқайсымыз сұрайықшы: "Біздің ішкі қыжылымызда әлеуметтік сезім әлде әлеуметтік қызғаныш сезімі басым ба?" деп. Меніңше әрқайсымызда қоғамға бергенімізден алғанымызға деген қоңылтақсу басым. Осыны айыру онша қиын емес. Сіз, шеф, арнайы буфеттен қағылғалы бері дәл осылай сайрауды шығардыңыз. Бүгінде дәл сіз құсап сайрайтындар көп. Өткенде мен джинсы шалбарының кезегінде бір күн уақытымды өткіздім. Сонда не көрді дейсіздер ғой. Кезектің соңындағы жуан қара: "Әй, соншама неге таңдайсың? Аларыңды ал да қайқай! Бір қолға біреуден босатыңдар!" деп өңеш жырта айқайлаған. Әлгі адам өзі прилавкаға жеткен кезде, мен одан кейін үшінші тұрғам; ал кеп таңдасын. Анау размерді бір алады, мынау түсті бір қарайды. Енді біздің арт жағымыздағылар шулап қоя берсін: "Қаңтарма жұртты! Тездет!" деп. Жуан қара сонда: "қанша таңдағым келсе, сонша таңдаймын. Қанша алғым келсе, сонша алам. Мен өз ақшама сатып алам. Өз ақшама!" деп қарап тұр. Әне, бәріміз де сондаймыз. Күншілміз, қызғаншақпыз. "Әділет!" деп айқайлап өңеш жыртып, сол әділетті өз пайдамыз үшін оп-оңай сатып жүре береміз. Сіздікі де сол мінез, шеф.
Бізде, халықта сан көп, сапа жоқ. Тұтынатын товарларды қалай сапасыз тоғытып жіберсек тұтынушыларымыздың да сапасын солай төмендетіп, құлдыратып алғанбыз. Сіз... сіз, шеф, бізге мына бет-ауыздары күйе-күйе лаборанттарға жұмысшы, қарабайыр тобыр деп қарайсыз. Бірақ сол жұмысшыңыздың асқақ рух, адал жанына маңайласа алмайтын талай күйкі профессорлар барын, өз қалтасы мен өз аузынан басқаны танымайтын талай интеллигент барын білесіз бе? Сіз әлгінде елдің бәрін ергежейлі етіп иілгіш-бүгілгіш, жарамсақ-жартыкеш қылып көрсетпек болдыңыз. Ол рас. Өйтетіндер әкімсымақтар. Солардың кесірінен мансапқорлық, өзімшілдік көбейді. Дөрекілік бел алып, топастық пен надандық өршіді. Білімсіздер мен негізсіздер креслоларда шіренеді. Ал бірақ жұмысшы қауымы оз рөлін әлі де атқарады. Атқара алады. Арағын азайтса, жалқаулығын тыйса, қоғамды қайта дәуірлетеді, — деп Сережа шаншыла қарады.
— Иә, Сережа, дұрыс айтасың. Жұмысшы табың сенің үй түгіл жұмыс орнында бөтелкенің аузынан сылқылдататын арағын қойса, бір сағат істесе, екі сағат темекі тартып, анекдот соғатын жайылып кеткен әдетін тыйса, онда біз зымырап барып коммунизмге кіріп-ақ кетер едік — деп Балта мырс-мырс күлді. — Ал, арақ пен жалқаулықтан қол үзер жұмысшыны өз басым көре қоям деп айта алмаймын.
— Тағы қателесіп барасыз, шеф. Бәрін жөндеуге, түзеуге болады. Ол үшін жарамсақтануды, өтірік айтуды қою керек. Өмірге, дүниеге адал көзбен, бүкпесіз қарау қажет. Ең бастысы, мәдениетті арттыру қажет. Бар кезде де, барлық жағдайда да мәдениеттілік алға шығып отырса, сонда ғана қоғамымыз мықты болады. Арақты да, жалқаулықты да, бір-бірімізге көз алартуды да тияр едік сонда, — деп Сережа "Наташаның"— футеровкасын түсіре бастады. — Қадири ибн Бек жұмыс тоқтап қалды. Жалқаулықты жасыру үшін талас, диспут ұйымдастырған болмайық. Сыбан білегіңді.
Балта үн-түнсіз тұрған Маргаритаға бас изеді де, жоғарыға көтеріліп кетті.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
1
Мақан келген күннің ертеңінде Бектемір елең-алаңнан атқа қонды. Осы ауыл, осы төңіректе атқа мінетін біреу болса, Бектемір шығар. Өзі бағып-күтетін тоқпақ жалды торы бесті аяңшыл-ақ, тағалатқан тұяғы алғаш қатқаққа кірш-кірш жіпсіді, біраздан соң жер жіпсіді ме, ойнақтай басты.
Көккемердің күнгей тұсы құйқалы, қыртысты жазық. Мол сулы шеген құдығы бар бұл араны бұрын Хайролланың қайын атасы жайлайтын. Шөбі шүйгін, орталыққа таяу болғандықтан ба, отары шығынсыз, қойлары қонды болатын.
"Иә, Хайролланың да десі қайтқан-ау. Қайын атасына енді кімнің жайылымын тартып алып берер екен? Қаншама жерге пияз, қауын-қарбыз еккізбек... Анау құдыққа насос орнатады. Су кенде емес. Әй-и! Мақан сескенбейді. Тағы да мыс-мыс ақшаны жамбастайды. Әрине, осы бастан қайда апарып, қалай сатуды да жоспарлап қойды ғой ол. Вагон-вагон етіп Сібірге жөнелтеді де, сауылдай құйылған ақшамен көз алартқандардың көмейін бітей салады.
Мақанға ешкімнен, еш жақтан келетін түк жоқ. Шырылдай-шырылдай сөзімді жан адамға өткізе алмадым. Бұл заманда мені тыңдайтын, әй, көлеңке де табыла қоймас. Құр босқа жанымды жегенше, бәр-бәрін түгел жазып, шарасыз халімнің белгісіндей етіп партбилетімді Москваға, Орталық Комитетке салып жіберсем қайтеді?! Дүниеден әділет таппаған соң өмір сүрудің өзі қорқынышты болады екен...
Әй, күн бүгін ашылайын депті-ау! Шіркін дала таңы-ай десеңші! Босанайын деп жатқан анадай еміренетін жарықтық таңғы далаға не жетсін! Бу ұшты- ау! Түтілген ақ түбіттей-ау! Мына бір самалды-ай! Мұрынға қайдағы бір ұмыт қалған иістерді тықпалап, ұмытылған естеліктерді ойға сала ма, қайтеді. Жеңіс жылы дәл осы арада Қатира бар, Ескен бар, Берден бар, онда колхоз тым қораш, анау сиыр қораның ар жақ қырқа тұс қайқаңында отыратын, бәріміз гүл тергенбіз. Ол кездің қызғалдағы қандай еді шіркін! Әрқайыссы бір-бір алақандай еді-ау. Ой сонда анау жақтан, аудан жақтан шұбатыла шыққан шаң шұбырып бері салғанда мұғалима апайымыздың қорыққаны-ай! Ал, біз... Бізге аттың шабысы ұнаған. Атта отырған адамның жер түбінен даусын қарлықтыра айқайлағаны ұнаған.
Сөйтсек "Жеңіс! Жеңіс!" деп шырылдап келе жатқан Рахметбек екен. Ескен мен Сүйменқұлдың әкесі. Онда жас еді. Отыздың ішінде ғана. Аттан секіріп түсіп, шойнаңдап жүгіріп келіп алдымен Есенқұлды құшақтаған, содан Берденді, содан мені. Алқынған кісінің көзінен жас көріп: "қуанған адам жылай ма екен? Жылауға тиіс емес қой" деп ойлағам. Кейін білдім. Қуанған адам көбінесе жылайды екен. Сонда Берден де жылаған. Соғыста қаза болған әкесін іздеді ме екен. Мен жылай алмағам. Әкем "халық жауы" дегенге иланатынмын ол кезде. Балалар үйінен сол үшін қашып шығып, нағашы апайымды тапқан едім.
Сол дәл осы ара! Анау тұстан Рахаң шауып келген.
Әне, күн көрінді! Түу, дала қалай құлпырып кетті! Жігітін аңсай күткен қалындық та дәл бүйтіп сылаңдай алмас. Әй, жер! Жер-ана деп өзіңді Шыңғыс байке тауып айтқан. Төсіңде қыбырлаған жан-жануарды асыраумен келесің-ау. Дәл осы жанкешті қасиетің қай адамның бойынан табыла берер. Анау бір жылдары ерсілі-қарсылы айғыздап кең сауырыңды тілгілеп-тілгілеп тастадық. Құнарыңды желге ұшырдық, нәріңді буға айналдырдық. Қыртысыңды құм басты, суың тартылды. Өзен-көлің азайды. Бірақ ойландық па, шектелдік пе? Қайдағы! Дусты да, гексахлоранды да, гербидид пен пестидидті де құйдық кеп, құйдық кеп! Тасыраңдаған дүлей ұлдан не қайыр. Сөйтіп жүріп "жер-ана!" деп күңіреніп қоятынымыз бар-ау. Жер-ананы күннен күнге өзіміз күйретіп, өзіміз құлазытып отырып, "апырау, бұ не боп барады? Жер азып-тозып кеткен бе, тыңайтқышты қанша сепсек те, төксек те өнім өсудің орнына кеміп барады?" деп сан соққылаймыз. Ол аздай мынау алып даланың әр түкпірінен дүрк-дүрк жарылатын атом бомбаларының әсері болмас деймісің. Өсімдіктің тамырын бойлай, сумен таралмай сол улы заттар жер астында қала берсе жақсы...
Па шіркін! Көкірек сарайыңды ашып жіберетін туған жердің исі-ай!"
Торы бесті тұрып қалған екен. Бектемір атынан секіріп түсті. Аяқ астында қылтиып бәйшешек көз ашыпты. Еңкейіп қол тигізді. "Өс! Өсе тұр!" Белін жазғанда ертең дәл осы араға соқа түсетінін ойлағанда мынау бәйшешек гүлді аяп кетті.
Болмыс солай. Кідірту мүмкін емес. Күні кеше осы маң қалың көрпесін қымтай салған қыс қойнында мүлгіп жатқан. Бүгін көктем келді де табиғатқа жан кірді. Жан-жануар, өсімдік біткен бусанып оянды. Өмірге көз ашты. Жылу мен жарыққа талпынды. Ал... ал адам... Адам осы табиғат заңына көлденеңнен килігеді. Соқа салады, жер жыртады. Көз ашқан, қол созған жас өскіндерді көктей қырқады. Қырқады!
Бектемір атына мінді. Жер дегдіген екен. Ертең емес, дәл бүгін соқа салса да мыңқ етпес.
Торы ат кейін бұрылып, бүлкілдей жөнелді.
Туған дала бүрісіп қалып барады артында.
Бектемір соқаны бүгін салдыруға асығып, атына қамшы басты.
* * *
Түн ортасында әлдекім есікті сындырардай қағып-қағып жіберді. Айғанша Бектемірді түртіп оятты.
— Біреу келіп тұр!..
— Келсе, кіргіз. Аш есікті, — деп шаршаған Бектемір екінші қырына аунады. Есікті тағы тоқпақтады сырттағы адам.
— Қорқам! Мына қағыс тегін емес.
— Әй, Айғанша-ай! Отыз жетінші жыл деп пе едің! — Бектемір басын көтеріп, еденде жатқан шалбарын алып киді. Сол бойда дәлізге шығып кетті де, екі-үш бөтен адамды ілестіріп кірді.
— Жоғары шығыңыздар...
— Шығамыз. Шақырмасаң да шығамыз. Фамилияң кім? — деді аудандық милиция бастығының орынбасары. Оны Бектемір жақсы таниды. Мына түн ортасында келулерінен, есіктен енбей жатып шытынауынан Бектемір еш жақсылық күткен жоқ. Тағы да Мақанның бір бүк түсіріп алу үшін жасап отырған зобалаңы шығар деген оймен онша ығыса қоймады.
— Фамилиямды сен менен артық білесің. Алдыңа талай апарғансың. Ал үйіме кіріп алып, бала-шағамды үркітіп айқайлауыңа жол болсын, — деп капитанның бетіне тура қарады.
— Сен, Бүркітбаев, баяғы қыршаңқы мінезді әлі тастамапсың. Әй, осы жолы отармын үшкір тілінді түбінен, — деп капитан стол шетіне жайғасып, офицер сумкасынан қағаздарын шығара бастады.
— Сендерге салса мені баяғыда-ақ түп орныммен өртеп жіберер едіңдер. Бірің сүйек тастап, иек қағудан, бірің арсылдап ұмтылып, айбат шегуден жалықпайсыңдар.
— Айт, айта түс, Бүркітбаев, тіл тигізгенің үшін де қосымша жамап алатыныңды білмей тұрсың, — деп капитан кекете күлді.
— Әй, шырағым-ай, сендер маған жамап-жасқаудан жалықпассыңдар. Одан да келген шаруаларыңды айтыңдар, — деді Бектемір.
— Азамат Бүркітбаев, сенде торы ат бар ма?
— Бар.
— Оны неге ұстап жүрсің?
— Мен бригадирмін. Бригадирге жаяу жүру қиын. Колхоздың жер көлемі Люксембургтың территориясынан кем емес.
— Мен сенен Люксембургты сұрап отырғам жоқ. Ат туралы сұрап отырмын, — деп капитан дікілдеді.
— Сен теріңді босқа тарылтпа. Маған мініп жүруіме колхоз правлениесі бір жүк машинасын беріп қойған. Білесің бе, жүк машинасын, Мазды! Шоферімен! Ал машина қат. Мен анау участоктен, мынау егіс басына баруым үшін ауыр машинаны салдыратып, шаңдатуым керек ерсілі-қарсылы. Содан әрі ойлап, бері ойлап, торы тайды сатып алғам. Өз ақшама. Сол қазір бесті болды. Машина колхоз жұмысына жегілді. Мен торы бестіммен анда барам, мыңда барам. Бензин сұрамайды, жол таңдамайды. Оның үстіне ат үсті — ем. Ынқыл-сыңқылды түгел қойдым, — деп Бектемір ақтарылды.
— Сен, Бүркітбаев, өйтіп алыстан орағытпа. Сөздің тоқетерін ғана айт. Торы ат сенікі ме? — деп капитан шұқшиды.
— Айттым ғой, менікі деп. Ешкімнің таласы жоқ. Бүгінде қазақ, бірен-саран малшылар болмаса, атқа мінуді ұмытып барады. Осы ауылда менен басқада ат жоқ.
— Осыдан он шақты күн бұрын Көккемерге бардың ба?
— Бардым. Одан кейін де үш-төрт рет барғам.
— Басыңа не киесің?
— Не кием? — Бектемір күлді. — Баланың ойыны сияқты қайдағы жоқты көйттің ғой. Әне, анау шегеде ілулі тұрғанды кием, — деп Бектемір шетен шляпаны иегімен нұсқады.
— Алғаш Көккемерге жалғыз бардың ғой?
— Жалғыз бармай... Әрине, жалғыз.
— Не іздеп бардың?
Бектемір ойланып қалды. Жоспарда жыртыпуға тиіс емес жерді жыртқызуға бардым десе, Мақанның қылмысы ашылады. Әй, бірақ...
— Ол араға биыл соқа салғыздық. Соны көріп, трактор жүре ала ма, жоқ па деп байқайын деп...
— Шынымен жалғыз бардың ба? Жасырып тұрған жоқпысың?
— Мен өтірік айтып көрген жан емеспін. Мені өтірікші дегенді бұл ауылдан таппайтыныңа ант ішем, — деп Бектемір қызуланды.
— Ал сені сыртыңнан көрген адамдар бар.
— Көрсін. Неге көрмейді. Мен де мал қараған, жоқ іздеген жолаушы кетіп бара жатқан талайды сыртынан көрем. Дала жазық. Ағаш сирек. Қалтарыс аз.
— Қалтарыс аз дейсің, ә.
— Сен, капитан , адамды босқа әурелемей, айтарыңды айт та, жөніңе қайқай. Мен жұмыстағы адаммын. Ұйқымнан қалдырма, — деп енді Бектемір шытынады.
Капитанның көзінде жымысқы күлкі тірілді.
— Ұйықтатам. Ұйқың қанатын, ұзақ ұйықтайтын жерге апарам, азамат Бүркітбаев. Ол жағынан қам жеме. Сен Көккемерде кіммен кездескеніңді, кіммен болғаныңды неге жасырасың?
— Мен Көккемерде ешкіммен де кездескен, ешкіммен де болған емеспін.
— Торы ат сенікі ме?
— Менікі.
— Сұр шетен шляпаны кидің ғой?
— Кидім. Күнде кием.
— Онда неге танасың. Осыдан тоғыз күн бұрын сені Көккемердің күнгейінде бір келіншекпен... атап айтам, келіншекпен кездесіп тұрғаныңды көрген кісі бар.
— Білмеймін кімді кіммен бірге көргенін. Бірақ мен Көккемерден ешкімді көргем жоқ. Бардым да қайттым.
— Бардың да қайттың, ә?
— Иә.
— Бостан босқа барып қайтуға атынды да аямайсың, ә.
— Жер көріп қайттым. Соқа салуға болатынын көріп қайттым. Сол күні соқа салғыздым!
— Осы ертегіңе жұрт сенеді деймісің?
— Оны жұрттан сұра.
— Келіншек қайда?
— Мен ешқандай келіншекті білмеймін.
— Қалай өлтірдің? Немен өлтірдің? Неге өлтірдің?
— Кімді? Не деп сандырақтап барасың?
— Алдымен масқаралап алып, артынан қылмысыңды бүркеу үшін тұншықтыра салып, ескі апанға тастап, бетін жасыра салдың,ә? Іздеген адам қалтарыс табады, ә?
— Жаппа бәлені! Енді осындай қылмыс таңайын дедіңдер ме?
— Адам қанын жүктеп отырып танып кетпексің, азамат Бүркітбаев. Міне, мынаны оқы. Куәгердің көрсеткені. Торы ат мінген сұр шляпалы адам сұр теректің түбінде әлдебір келіншекпен айқайласып тұр екен.
Асығып жүріп қарайлағам жоқ деп жазған, ә. Сенен басқа бұл ауылда ат мінетін кім бар?
— Жоқ... Ә, парторгтың қоңыртөбелі бар-ау...
— Көккемерге сен бардың ғой.
— Иә.
— Онда жинал. Сенімен енді басқа жерде сөйлесеміз.
Айғанша дауыс қылды. Жылап келіп Бектемірді бас салды. Бектемірді басқаға қиса да, күйеуінің қиянатқа жоғын білетін жұбайы дәл бұл қылмысқа қимайды.
— Бектемір-ау, Алпамыстың көкесі-ау, маған не айтасың? Кімге барайын? Жала ғой мынасы! Жауыздық қой.
— Айғанша, сен бекер даурықпа. Алпамыстың жүрегін шошытпа. Бұлардың домбытпасы белгілі. Заң бар, сот бар. Ақ-қарасын анықтайды. Бірақ мешкей деген жақсы ат емес. Әурелейтіні болмаса, — деп Бектемір Айғаншаның жас жуған бетін алақанымен сипалады. Одан үрпиіп оянған Алпамысқа жақындап, кекілінен саусақтарымен салалай тарап, маңдайынан сүйді.
2
Балта анасының хатын тағы оқыды.
"Қасқа сиырды Бектемірге қасаптатқызып, ақшасын салып жібергем, алған шығарсың. Алсаң, алдым деп хат жаз. Анау Бектемір ағаң істі болды. Облыста қамалып жатыр. Бір әйелді өлтірген деген айыппен жазықсыз байғұсты алып кеткен. Алдында ауданда еді, енді облысқа әкетіпті деп естідік. Айғанша апаңа қиын болды бәрінен де бұрын. Қобландысынан айрылып зарлап жүргенде, енді мына жаласы Бектемірді түйреп түсіп, байғұсты одан сайын сорлатып кетті. Елдің бәрі Бектемірдің адалдығына шек келтірмейді. Бірақ біздің қол қысқа. Кімге бара аламыз.
Балтажан, балам, мені анам десең, көзің ашық қой, осы туралы қуын. Жеткен жеріңе түгел айтып шық. Азаматты бекер қаралағанын білдір. Бар пәле Мақаннан. Астанада отырсың. Аяна көрме, балам. Сеніп оқуыңа көп көмегі тиген әкеңнің құрдасы ғой. Қолыңнан келгенін аяма"...
Балта хатты умаждап лақтырып жіберді.
"Екі сөзінің бірі — Бектемір. Бектемірден басқа білері жоқ. Аянба қуын дейді. Несін біліп, несін жоқ тап қуынам. Келіншек кім? Оны өлтірді ме, өлтірмеді ме, мен қайдан білейін. Ауылда отырып алып, бәрі оп-оңай шешілетіндей көреді-ау. Онсыз да үй-күйсіз қаңғырып жүргенімді қайтсін. Бектеміршіл-ақ! Әкеңнің құрдасы деп әспеттегенше, әкеңнің орнын басты деп ашығын неге айтпайды. Кетсе, кетсін. Құрысып көзі. Енді кіммен әмпей-жәмпей болар екенсің?"
Сәуле жүгіріп келеді екен, айнадан көріп, қолын бұлғады. Машинаның есігін ашты.
— Ой, Балта! Сен көп тостың ба?
— Иә, біраз күтуге тура келді.
— Білемісің, химиялық завивка жасаймын дейді. Ал, мен оған, мастерге: "жоқ, маған ол қажет емес" десем, мені студентка деп менсінгісі келмеген соң, халатының қалтасына үш сомды таста-ап кеп жіберіп-ем... — Сәуле сықылықтап риза боп күлді. — Ой, Балта, сен қандай психологсың! Тура сен айтқандай болды да шықты. Прямо мені королевадай құрметтей бастады. Көзім жетті! Деньги, деньги решают все! Сондықтан мен ақша табуым керек! Сенің, Балта, мол ақша табуың керек. Непременно!
— Сәулеша, апамнан хат алдым...
— Не дейді? — Сәуле машинаның ішіндегі кішкене айнаны олай бұрып, бұлай бұрып, қоқита жасатқам жаңа прическасын қарауға кірісті.
— Біздің общий танысты — Бектемір ағаны жауып қойыпты.
Сәуле алғаш бажаң етіп Балтаға бір тесірейді де, сонау жер түбіндегі Бектемірден гөрі мынау жаңа жасатқан модалы прическасының әсерін артығырақ санады ма, қайтадан айнаға қадалды.
— Неге? Қайда? Түрмеге ме?
Балта Сәуленің немқұрайлығын жақтырмады.
— Әрине түрмеге жабады! Кісі өлтірген дейтін айып тағатын көрінеді.
— Вот тебе на? Бектемір нағашы сөйтеді дегенге кім сенеді. Вот что, Балта, сен мұны мамама естіртпе. Ия ма? А то, ол босқа переживать етіп бітеді. Мен мамамды білем ғой. Бірге тумаса да, туған інісіндей көреді. Детдом кісілерді жақындастырып жібереді. Әрине, и его жалко. Сонда көргенде, жаңа жылда келгенде жүзі жылы екенін сезгем. И еще ол болмаса біз, Балта, таныспас едік екеуміз.
— Жоқ! Бәрібір кездесер едік — Балта күрсінді.
— Сен не? Күрсіндің ғой. Тебе что, скучно? Менімен отырғанда да көңілсіз бе? Сен менсіз тұра алмайсың дейсің. Оның бәрі выдумка ма? — Сәуле қара бояуды қалыңдата жаққан кірпіктерін сұқ саусағымен сілкілеп жатып, жігітке өкпелей бұртиып, бұрылған болды.
"Қандай жараспайды. Бүкіл жастықтың өсем көркін, өз табиғи сұлулығын әлем-жәлем бояулармен көміп тастағаның білмейді-ау. Әр қылын сояудай еткенде көрік қосылар дей ме екен? Ерінді де қан жалағандай етіпті".
— Сәуле, сен бұрын қазақша өте әдемі сөйлеуші едің. Енді соңғы кездері орыс сөздерін қосып, араластырып жіберетін болыпсың, — деп Балта қабақ шытты.
— А я что, мамба тебе? Мен — қалада өскен қызбын! Бізде только мамбейки на чисто қазахском языке разговаривают. Әйтпесе балдар күледі... Парни.
— Мамбейкаң кім? — деп алғаш рет тіксінді Балта.
Сәуле сықылықтап күлді.
— Ой, Балта! Сен немене, мамбаны білмейсің бе? Олар — ауылдан келген қыздар! Аульчане! — Сәуленің өзіне өзінің көңілі толса керек айнаны жайына қалдырып, Балтаға толық ыңғай білдірді. — Кстати, кооперативная квартира жайы не болды, Балта?
— Болады. Кешікпес енді. Бәкең өзі араласса, тындырмай қоймайды. Екі бөлмелісін ұзамай алып қалармыз.
— Бәкең — кім? Мен оны көрдім бе?
— О-о, Бәкең — нағыз құдіретті адамдардың бірі! Сен оны көрген жоқсың. Көрмей-ақ қой.
— Неге?
— Сәулеша, кеттік!
— Қайда?
— Қаланың сыртына. Ертең — бірінші май. Қол бос. Гүл теріп қайтайық.
— Қандай гүл бар? — Сәуле қызығып, жас балаша елеңдей қалды.
— Мак...
— О-о, алыс маки Иссык-куля! Кеттік онда.
Тау бөктері қызыл-жасыл түспен құлпырып тұр еді. Машинадан түскен екеу қып-қызыл өрт боп алаулаған қыратқа, жасыл теңіздей толқыған етекке, аппақ шәлісін бүркенген Алатауға ұзақ сүйсіне қарап, даланың таза жұпар исіне мас болардай исіңді. Көк майса, қызыл гүл қыз көзін қызықтырмай тұра алар ма. Сәуле ақ балтыры жалтырап тұра жүгірді,
— Ой, мак! Алқызыл мак! Қандай көп! Кө-өп!
Айқайлаған шат күлкілі дауысы беткейден жоғары өрлеп анау қарлы шыңға жетіп тірелердей біразға дейін жаңғырығып тұрып алды. Табиғат сұлулығы адам бойындағы бүкіл асылды, бүкіл әсемдік атаулыны өзіне тартып, ой-бойдың барлық шынайы қасиетін, кербез көркін сыртқа шығартатын болса керек гүлден гүлге еңкейіп шын ынтасымен беріліп, шын ынтасымен даланың табиғи перзентіне айналған Сәуле сондай құбылып, өзгеріп кеткен еді, Балтаның көзі қыздан басқа сұлулықты көруден қалды.
"Қандай әсем! Қимылы нәзік жеңіл! Солқылдаған тал шыбықтай! Жо-жоқ! Сәулеге жан жетпейді! Өзіне еріксіз тартып, бас шұлғытатын бір дүрлік бар бұнда. Бояу! Қыз таранып-сыланбаушы ма еді, Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген сұлулардан артық болмаса, кем емес. Әне, әне аяғын секіріп басқаны керім-ау! Аяқтары түп-түзу! Балет кружогына қатысқан. Денесін тік шалқақ ұстап, кербез жүретіні содан! Әй, шіркін тау мен даланың тоғысқан тұсы қандай ғажап! Бірі — қазақтың кендігі, бірі — асқақтығы-ау! Бірі — қазақтың дарқандығы, бірі — қайсарлығы-ау, Бірі — халқымның жомарттығы, бірі — тәкаппарлығы-ау! Осылай сұлулық пен қайсарлық әманда жымдасып жатса ғой! Кеңдік пен биіктіктің үйлесе қалғанын қарашы! Осылардың дәл ортасы — кіндігі — Сәулеша! Менің Сәулем... Менікі ме? Неге бауырыма қыспаймын? Неге батылданбаймын? Неден үркем? Үрікпеймін. Жүрексінем. Сәулемді сындырып, уатып алардай қорқам. Қорқам? Жоқ! Қазір барам. Мынау ақбас тау, жасыл белес, алау беткей аясында жан жарыммен табысам! Айқасқан құшақтар айрылмастай болып табысамыз!"
Ой-бойын билеп алған осы тілек жүректе құйын соқтырғандай қалшылдатты. Сол-ақ екен алқызыл даланың алтайы түлкісіндей секеңдеп, секіріп жүрген қызға қарай ентелей жүгірді. Өзіне қарай жүгіріп келе жатқан Балтаны көргенде Сәуле қолындағы, құшағындағы гүлді әуелете шашып жіберіп әлдене деп айқайлап қалып, жасыл майсаға шалқалап жата кетіп, аяқ-қолын төрт жаққа жайып жіберді.
Ентігіп, еліріп жеткен Балта қалт тоқтады. Анау дәрменсіз, қорғансыз жатқан қызға қарай енді бір адым аттаса, өзін-өзі ұстай алмасын білді де, тұрған жерінде сылқ түсті. Сәуле сықылықтап күліп ала жөнелді.
— Оу, Балта! Біреу ұрып түсіргендей опырылдың ғой. Бері, мұнда кел! Аспанға қарашы! Қандай биік ә! Түпсіз! Тұңғиық!Сондай таза! Ең болмаса меңдей де бұлт жоқ. Ғажап! Ал сәл оңға көз қиығын салсаң, сол биікке тіке шапшыған ғашық болған жігіттей еңсесін көтере мойын созған, үнемі аңсай созған тауды, шыңды көресің! Асқақтау мөлдір аспанға мәңгі ғашық! Мәңгі үздігумен атылып кетердей қанат қомдайды да отырады! Ой, Балта! Балта! Адамдар да солардай болса ғой! Мәңгі аңсаса ғой бір-бірін!
Балта ентелей жылжыды. "Аңсайды, неге аңсамасын! Қазір соны көрсетеді".
— Адамдар да аңсайды, Сәулеш!..
Жақындап бауырымен жылжып келген Балта Сәулеге көз салып еді, қыздың алаулаған жүзі аспанға қадалып қара көздері ұшқындап кеткен екен. Мынау сұлу табиғаттың өзіндей боп... өзі боп елестеп жүре берді. Балта шыдай алмады. Бір-ақ ұмтылып Сәуленің қып-қызыл ерніне қадала жабысты.
Сәлден соң Сәуле бұлқынды. Басын босатып, бір қырына аунап, Балтаның бетіне сәл таңдана, сәл жалына қарады.
"Сүйіседе білмейді. Білмейді!" Балтаның кеудесін ыстық қуаныш толқыны кернеп кетті. Мынау тау, мына дала, анау аспан... ғұмыр... тірлік сондай аяулы... аяулы көрініп, дүниедегі ең бақытты екі адамды табиғаттың төл бесігінде аялап, әлдилеп тұрғандай сезінді. Қолын созып Сәуленің сүйрік саусақты алақанын уыстады. Сәл-сәл қысты. Сүйрік саусақтар өртеніп тұр екен. Олар да қарсы жауаппен жыбырлай түртінектеді. "Өзімдікі! Тап-таза, мөп-мөлдір Сәулем! Мынау даладай таза, анау аспандай мөлдір болашақ жарым! Жан жарым! Сүйісе де білмейді әлі! Қандай ғажайып! Менен де ұялады. Қандай пәктік! Пәк дүние!"
Айқай салғысы келді. Жер кіндігі — енді екеуі ғана. Айқайлап соны әлемге жайғысы келді. Жар салғысы келді.
— Шіркін, осындай жерде тұрар ма еді! — деп Сәуле басын шалқайтты. — Қандай кең! Жүгіргің келеді. Ұшып кеткің келеді. Балта, қолыңды құс қанатыңдай жайып, анау, ана-ау тауға қарай қалықтап ұшсаң ғой, ә? Сен ғана, мен ғана — екеуміз! Екеуміз ғана иеміз мынау әсем дүниеге! Тау мен далаға! Шіркін оңаша тұрса ғой. Әнеу бір тұста, анау қолатта сондағы қорықшының үйіндей үйіміз болса!..
Сәуле қиял құшағына шомды ма, үнсіз қалды. Балтаның есіне "Қалың мал" — романының соңғы беті келді. Сонда да екі жас үйленіп, төрт-бес балалы боп оңаша тұрып жатушы еді. Бірақ Балтаны ондай тірлік қызықтырмады. "Жоқ. Ол — арман шыңы емес. Сәулеге үйленіп, ауылға тартып кетуге де болады. Ол ертең-ақ орындалатын шаруа. Балтаға ол қолай емес. Балтаның құжынаған қала тұрмысынан ажырағысы келмейді. Армандаған мақсат-мұратына Балта қала арқылы ғана жетеді. Тезірек кандидаттықты қорғауы керек. Одан әрі докторлық тұр қол бұлғап. Профессор! Академик! Несі бар. Басқалардан Балта кем бе? Әлде маңдайы тайқы ма? Әлде шекесі қушық па? Жоқ! Тай — құнан, құнан — дөнен, бесті болмас па. Сөзсіз болады! Болғанда қандай! Анау екі сөздің басын қосып айта алмай тұрып, ат пен атақтың бәрін, сыйлық пен лауазымның неше түрін қанжығасына бөктерген ақадемик сымақтар аяғы салбырап аспаннан түсе қалып па екен? Қайдағы! Олар да біреуді әкелеп, біреуді жәкелеп, креслосы барларды жағалап, лауазымы мықтыларды сағалап жүріп жеткен бәріне. Ондай тірліктен Балта неге жерінеді. Саяқ жүргеннің таяқ жейтіні рас. Топ құрған тоқ жүреді. Ендеше "тәңір" шалдың өзіне жол табу қажет. Майсарадан да қол үзбеу керек. Майсараның жебеушісі де осал адам емес. Мүмкін сол — "тәңір" шалдың өзі боп жүрмесін! Балта ыңыранды. Дәл осы дәмесі көкейіне қона кетті. "Тәңір" шалдың көзіне бір түссе, қыбын табарына сенімді-ақ. Онда ма онда!.. Қиял — ұшқыр. Оған ракетаңда жете алмай қалады. Балта қиялы небір әсем суреттерді көлденеңдетті...
Балта! Балта деймін!.. Сәуленің уысындағы алақаны қолынан жұлқып қалды.
— Әу, Балта! Сен ұйықтап қалғанбысың?
— Ә, не, Сәулеш? Ұйқың не... неге ұйықтайын, — деп жігіт әдемі әсерінен айықпаған нұрлы жүзін бұрды.
— Балта, егер әлгі Бәке деген құдіретті адамыңның қолынан келсе, пәтерді бар ғой орталықтан әперсін. Ия, ма? Әйтпесе микроаудандардан, ой, қатынау қиын болады. — Сәуле үйді алып қойғандай, жолдың алыстығына кәдімгідей қиналып жатыр. Балта күліп жіберді.
— Әй, Сәулеша! Сенікі "іші бұдан табылды, сырты қайдан табылардың" кері болды-ау. Асықпа, әр істің өз реті бар.
— Асықпа дейсің! Василий Сергеевичтің пәтерінен айрылып қалдық.
— Ол, иә, өзімізден... өзімнен болды. Енді ондай қателік жібермеспін. Әрине, Сәулеша, үйді орталықтан алуымыз керек. Содан кейін екеуміз той жасаймыз. " Ия ма?" деді Балта. "Иә маны" Сәулештің даусына салып айтты. Екеуі де қуана күлді. Дәл қазіргі дала төсінде кең көсіліп емін-еркін жатқан кездерінде біріне бірі қараудан, бірімен бірі сөйлесуден сондай бір рақат күй тапқан еді. Әлгіндегі алғашқы сүйістен соң бір-біріне деген шын көңіл ынтығуын ұғынысқан да тәрізді. Енді сол қуанышқа толтырған кеуделерін шайқап алғысы келмегендей екеуі бір-біріне қарап қойып, қимыл-қыбырсыз жатыр.
Аспан биік дала кең, тау асқақ. Қызыл-жасыл түске ене құлпырған қыз-дала кеудесімен көк тіреген тәкаппар жігіт-тауға ентелей сүйсініп тоқтапты. Басына ақ қар, көк мұздан сәлде ораған асқақ тау мойнын соза, түпсіз заңғарға тесіліп қалыпты.
3
Майсара бүгін де ресторандағы зал меңгеруші құрбысымен сырласып қайтпақ болып, жұмыстан шығысымен үйіне бармай, ресторанның тұсында машинадан түсіп қалды.
Сағила Майсараны көргенде қуанышын жасырған жоқ. Анадайдан қолын екі жаққа жайып жіберіп, елпілдеп келді де, құшағына көмді. Содан соң Майсараны үш қайтара сүйді.
— Тіфә, тіфә! Күн өткен сайын құлпырып барасың, Майечка! Саған, сірә, бойдақтық жарасады. Анау "студентигің" жоламай кетті ме? — Майсараның көзін жасырып, кірпігін түсіріп жібергенін жақтырмай, кіржің ете қалды. — Соны қойшы. Не қоң, не қалжа жоқ. Майечка, бүгін сені мынау деген жазушымен таныстырам. Оллаһи! Сол өзі саған көптен бері ғашық! — Сылқ-сылқ күлді. Құрбысын қолтықтай алып, бөлмесіне ерте жөнелді. Сағиланың күлкісі бөлек. Сағиланың жүрісі бөлек. Сағиланың мінезі бөлек. Сағиланың сылқ-сылқ күлкісі — еркек шіркіндердің құлағына ғана арналған "мен мұнда!" күлкі. Сағиланың жуан бөксесін кезек бұлтита, аумақты омырауын теңселте жүрісі — еркек байғұстардың көзін арбайтын "мені көр!" жүріс. Сағиланың ойнақшыған шапшаң мінезі — еркектерді тез қоздырып, буын-буынына түсіп кететін "естен тан!" мінез. Майсараны қолтықтап, кең үлкен залды қақ жарып келе жатқан Сағала өз бойына біткен осы үш қасиетін түгел іске қосқанымен залда отырған еркек атаулының қасы-көзі Майсараға ғана қадалып қалып еді. Келіншектің екеуі де нарттай қызарды. Бірі ұяттан өртенгенде, бірі қызғаныштан күйген еді. Сағиланың күлкісі сап тыйылды. Былқ-сылқ жүрісі бұзылды. Қабағы түйіліп, ойнақы мінезден із де қалмады.
— Әй, осы еркектер! Шетінен нахал! Көзімен шешіндіріп, тұлабойыңды тіміскілеп, аймалап, сипалап жатқаны. Айғырлар! Бұқалар! Буралар! — деп бөлмесіне кіріп орындыққа сылқ отыра кетті.
Майсара күлкіге булықты.
— Әй, сары қыз! Сықсыңдама! Неменеңе жетісіп мәз боласың, ей, — деп Сағила диванда жатқан балаға асылып барып қарап қойды. — Мына бала ұйықтай бере ме, ей. Ауру емес пе өзі.
Майсара енді ғана диванға бұрылды. Күлкісі тыйылды. Жүзіне мейірім оралды.
— Марат па? Ой, Маратик екен ғой!..
— Байқа! Оянып кетпесін. Онан соң қыңқылдап мазаны алып бітеді. Бұл садиктегілер де, біз де мерекелейміз деп... балаңды алып кет деп звондап... Әй, демалыс, мереке күндері бір жаққа шыға алмайтын болсаң, ондай апталық садиктің қажеті қанша... Майечка, сен әлгінде неге сықсыңдадың? Менің еркектерді айғырлар, буралар дегеніме ме? Ол өтірік пе? Осы ресторанға келген еркектер тұп-тура тоқсан Тоғыз проценті ауыздарына арақ тиіп, моторы қыза бастасымен-ақ ал кеп ұрғашы іздейді-ау. Тіпті бар ғой, кейбіреулері отыз үш жыл елсіз аралда жападан-жалғыз Робинзон боп күн кешіп, осы бүгін ғана босанып шыққандай әйел атаулыға тап-тап береді-ау. Құдды бір шынжырдан босаған төбеттей. Кәрі-жасына, түр-келбетіне қарамайды-ау, қарамайды. Албастының апасындай кемпір болсын, ұртты, мұртты қатын болсын емешесі үзіліп, ал кеп өлердегі сөзін айтсын! Ал кеп жалынсын! Ал кеп құмартсын! Сонсоң ал кеп суарсын! Ал кеп сыйласын! Ақыры... ақыры кейбіреуі тұттай тоналып қалып, ішкен-жегеніне төлейтін ақша таппай, милиция шақыруға мәжбүр етеді-ау біздерді. Әне, айғыр, бұқа, бура дейтін себебім. Бұларды қой, бұларды. Мен сені Майечка, әп-әдемі, кеп-келісті, тойған қозыдай тыңқиған, романдарды бірінен соң бірін бұрқыратып жазатын мынау деген жазушымен таныстырам. О-о, ол аналардай емес! Нағыз интеллигент! Қалтасы да қалыңдау. Бірақ, әрине, саған ақша зәру емес. Ұрынған соң ат-атағы, беделі бар, ел сыйлайтын жазушыға ұрын. Одан бала тусаң да жаман болмайды. Кімнің баласы? Атақты жазушының баласы! Саған деген пікір де, көзқарас та өзгереді. Ал мен... — Сағила стол үстіндегі қораптан сигарет алып, ерініне қыстырды да француз оттығымен тұтатты. Ысылдай сорған түтінді көзін қысыңқырай, ернін сүйірлей дөңгелетіп, будақ-будақ ытқытты. — Ал, мен, Майсара, кезінде қуборбаймен шатасып қалдым ғой. Маған ақыл айтатын ешкім болмады ғой, ешкім. Әйтпесе, құлынды биедей көзтүрткі боп жүрер ме едім осылай?!
Осы кезде беті бұлтиып, танауы пысылдап ұйықтап жатқан бес жасар Марат кенет оянып кетті. Басын көтеріп, қайда жатқанын білмей біраз отырды да, Майсараны танып топ-толық қолдарын созды.
— Мая тәте!
Майя тәтесі тұра ұмтылып Маратты іліп алып бауырына қысты. Бұйра шашына бетін басып, бала исін құшырлана иіскеді.
— Мая тәте, сен қашан келдің? Мен ұйықтап жатқанда келдің бе? Мен сені сағынғам. Сонда жылағам, Мая тәте.
Мараттың екі қолы айқасып, тас қып құшақтап алыпты. Майсараның иығы селкілдеді. Баурындағы баланың сағынышы аш өзегіне түсіп кетті. Жалғыздықтың жебеушісі — бала екен. Бала екен! Сағиланыкі астамшылық. Сағила құлынды бие емес. Сағила — балалы ана. Алдан үміті бар. Бүкіл ғұмырын сарп етер, барлық тіршілігін арнар қойнында ұлы бар. Мараты бар. Кішкене ғана адам! Жұдырықтай жүрегі дүрсілдей соғып "Мая тәтесін" іздейді екен-ау. Ұнатқанды бұл да біледі екен-ау. Неге білмесін. Тазалық балалықта ғана қалмады ма бүгінде. Тас қып құшақтап алғанын қарашы. Әй, анда-санда келіп тұруды да ұмытқам. Бала көңілді алаңдату, алдау қиянат қой. Сағила Маратын неге тәулік бойғы бала бақшаға береді екен. Қасынан естілетін шат күлкісі, қарсы алдынан қадалатын сәби қарасы жанын сипап, көкірегін исінтпей ме... Балтадан неге бала сүймеген? Тіркелуді күтті ғой... Тіркелмей туған некесіз баладан қашқақтады ғой. Әй-й! Сонда бір жапырақ қағаз жас нәрестенің тағдырын шешетіні қалай? Бұл қағаз неткен құдірет еді! Қағазсыз қадам баса алмайсың. Туғаныңа да, өлгеніңе да қағаз ал. Тіпті өмірге келуің үшін де, Тууың үшін де қағаз керек! Қаптаған қағаз бораны! Ұйтқыған қағаз дауылы! Әйтпесе, қағаз тілемесе, Майсара да мынау Маратик сияқты қара домалақты исініп құшақтамас па еді. Сонда таңды таңға ұрғызып, Балын аңсап, төсек тепкілемес еді. Ышқынған жанының жұбанышы — кішкене бөбегі толық ернін таусап, жанында жатар еді!..
Майсара Маратты өзінен, кеудесінен ажырата созылған қолдарымен тік көтере баланың қуанышты жүзіне мейірімді мұңды жанармен ұзақ қадалды да, бетін бетіне тақап әкеп емірене сүйді.
Сағила Маратты ту сыртынан көтеріп апарып, үстелдің қасына отырғызды.
— Қазір тамақ әкеліп берем. Қарның ашты ма?
— Торт жеймін...
— Майечка, біз сол залға кірмей-ақ осында... осы араға жасатсақ қайтеді дастарқанды? — деп Сағила құрбысына жалына қарады. Майсара үндемей, басын изеді. Осында ресторанға келгенде көппен бірге отырып, көңіл көтермек болғанын Сағила біледі. Бірақ бүгін Майсарадан залды қызғанды ма, еркектерден Майсараны қызғанды ма, тар жерге тықпалап отыр. Маратты көріп босаған әйел көңлі енді еш қызыққа алаңдар емес. Майсараның бас изеп келіскені содан.
— Онда ма, жазушыны ертіп келейін, ә?
Майсара ештеңе деген жоқ.
Сағила шығып кетті.
— Марат, садик ұнай ма?
Мараттың үлкен көздері дөңгеленді. Ұзын кірпіктері дірілдеді. "Неткен әдемі!" Сәлден соң әлгі ұзын кірпіктерге жас оралып, үлкен көздерді басып қалды. Марат басын шайқады. Майсара тағы да ұмтылып келіп баланы бауырына қысты, басынан сипалады. "Қап! Жарасының аузын бекер тырналадым-ау. Бұл шіркіннің де өзіне лайық мұңы бар екен ғой. Әй, тірлік тірлік! Сенің суығыңның шалмайтын жері болмағаны ма? Жұдырықтай Маратты күрсінтіп қойғанда саған не түседі. Әлде... әлде менің бала таппағаным дұрыс болғаны ма? Дәл мына Мараттай өгейсітіп, жас жанын өксікпен бусам..."
Майсараның көзінен мөлт-мөлт жас ыршыды.
Ыршыған жас баланың маңдайына тамып кетті. Марат басын көтеріп, келіншектің бетіне таңдана қарады.
— Май тәте, сен неге жылайсың? — Кішкене саусақтар түртінектеп жанасып кеп, тәтесінің көзін сүрткен болды. Сол-ақ екен Майсара еңіреп қоя берді. Мына елжіреген бала көңіл, аялаған сәби саусақтар өзінен туар, бірақ тумай қалған сәбиін аңсатты. Нәрестесін жоқтатты.
Есіктен Сағила даурыға сөйлеп кірді.
— Әй, Майечка! Майечка десе, сен менің кімді көргенімді білдің бе? Ойбуй! Сен өзі тым күйрек боп барасың, Майсара. Әйел жылауық болды дегенше саудасы бітті дей бер. Қой! Тәйт әрі! Сүрт бетіңді. Ағызба сораңды. Мә! Мына айнаға қарап, дұрыстап сүртін! Ал, сен, Марат, тәте-сәтені қойып, тыныш отыр...
Е-е, солай сүртіп таста. Бұл жас... көз жасы — әйелдің нағыз қас жауы! Беттің әрін қашырып, жанардың нұрын алатын у ғой ол... Шашыңды басып жібер... Ой-ой, Майечка, менің кімді көргенімді сұрасаңшы! — Сағила Майсараны құшақтай алды.
— И-ә-ә? — деді Майсара еріксіз елең етіп.
— Залда Балта отыр...
Майсара ұшып кете жаздады. Қолымен құрбысының білегінен шап беріп ұстай алды.
— Рас па?! Келгені рас па?!
— Рас... Әй, Майечка... Майечка-ау! Ойпырай, сен оған өлердей ғашық екенсің. Көзім енді жетті, — деп Сағила әлгіндегі екпінінен айрылып қалды. Енді өзімен өзі сөйлегендей Майсараның бетіне қараудан тайсақтап, жүзін бұрып әкетті. — Әй, еркек иттер-ай! Бұтаға саңғудан басқаны білмейсіндер-ау... Сендер деп өліп-тірілген ұрғашыны ойласаңдар, жетім мен жесір көбеймес еді ғой. Жалғыздық иықтан басып, көрінген қалпақтыға көз сүзгізбес еді ғой.
Майсара құрбысының білегінен тартып қалды.
— Сағила-ау, Балта қай тұста отыр? Жүдеу емес пе?
— Жүдеу емес пе дейді ғой! Ол текешіктер неменеге жүдеуші еді? Оларда ар-ұят болушы ма еді? Беттерінде қызыл қалып па еді? Жүдеді ме дейді ғой. Екі беті шартабақтай боп бір уыздай жас қызбен отыр мәре-сәре боп. Әне, оның жүдегені! Сағиланың білегінен қоя беріп сылқ отыра кетті. Көзіне... әлгінде ғана Балтаның осында отырғанын естігенде от шашқан үлкен көздерге жас тұнып шыға келді.
— Сәуле ғой ол...
— Сәуле болса қайтушы еді. Ол тұтақ кімнің шікірәсі еді соншама. Не еті, не беті, не көті жоқ. Сенің қасыңда жіп есе ала ма ол шөпжелкең? "Сәуле ғой ол, Немене, құдай ма екен? Неге жүнжисің? Өзің ғой, өзің безіп кеткен Балтадан. Еркек ит сүйек тастағанды, еркелеткенді, шақырғанды, сипағанды жақсы көреді. Ал, сен, Майечка, бетіңді басып жатып алдың. Әрі-беріден соң "келіншектің бетін кім ашса, сол ыстық" деп Балтаны алғаш ауыздандырған сен... — Сәл ағаттау айтқанын сезді ме, Сағила кібіртіктеді. — Ойбай-ау, ақ некелі төсектің ыстық сәтін ол немең сенен бастаған. Құдай алдында да, жұрт алдында да ешкімнің таласы жоқ меншігің ол. Иә-иә, меншігің! Сотқа берсең де — сенікі жөн. Бірге жатып, бірге тұрдыңдар. Анау шүйкебас шөпжелкені мен болсам, бес тал шашын бір талдап жұлып айдап шығар едім. Әй, Майечка, Майечка, қайда барасың?
Майсара есікке беттеді. Бұрылып артына қарады. Марат "Мая тәтесіне" бағжиып қадалып отыр екен. Екі аттап келіп маңдайынан сүйіп, кекілінен сипады да, ештеңе деместен кері айналды.
— Әй, Майечка! Залда бүгін халық көп... Мейрамның қарсаңында ылғи осылай жұрт симай кетеді. Елден ұят болар. Сен... сен бүгін жанжал шығарма.
Майсара құрбысына жалт бұрылды.
— Сау бол, Сағила.
— Әй, Майечка, отырмаймыз ба? Мен заказ беріп қойдым. Қазір осында әкеледі.
— Жоқ. Кейін. Рақмет, Сағила, — деп Майсара шығып кетті. Сағила соңынан тұра ұмтылды.
Залдың түкпір есігінен бері өткен Майсараға еркек көздері түгел төңкеріліп еді, Сәуле мен Балта да байқап қалды. Майсара да Балтаны көрген еді, басын шалқақ ұстап, бір өзіне ғана тән кербез жүріспен залды кесіп өтті. Тұстарынан өте бере Балта мен Сәулеге сәл бас изеп амандасқан нышан танытты.
"Қандай сымбатты! Қандай мүсін! Әй, Майсара! Ұрғашының көріктісісің-ау! Осындағы еркек атаулының көзі бір саған байланып қалғанын білмейсің-ау. Қайран, Май! Осы алыстағаның алыстағаның ба шынымен-ақ? Сол бір күндер ұмытылғаны ма? Мен ұмыта алмайтын тәріздімін-ау. Мен сені ұмытпаймын-ау осы. Ұмыта алмаспын, Майсара".
Балтаның жүзіндегі дәл осы ойды қапысыз оқып қойғандай Сәуле жігіттің жеңінен тартты.
— А-а, не, Сәуле?
— Кетейікші, Балта, — деп Сәуле боп-боз жүзін қашыртты.
— Неге? Заказ беріп қойдық қой. Уақыт әлі ерте, — деп Балта әлгі ойынан арыла алмай, Майсараны көзімен ұзатып салды.
Майсара екеуін бір ғана сәтке көз қиығымен шалып өтіп еді, тым бақытты жас жұбайларды көргендей көңілі қатты бұзылды.
"Біріне бірі лайық. Нағыз жарасымды жұп. Отырыстарының өзі ерекше. Қос аққудай. Ал мен... Мен өмір бойы жалғызбын!"
Көзден ыршыған жасы көз алдын бұлдыратып жіберді. Дәл шыға берісте әлдекіммен қақтығысып қалды.
— Кешіріңіз...
— Ә-ә, ештеңе етпейді... Сіз... сізге көмек керек емес пе?..
— Рақмет. Қажет емес.
"Жылағаныма жол болсын. Қимаймын. Ал, ол... Ол жас қызбен отыр. Мен... мен одан үлкенмін. Бақандай төрт жас. Сағила көнбе дейді. Көнбегенде не істеймін? Қыр соңынан қалмай "мені де қонаққа ала кет!" деп қыңқылдайтын баладай болайын ба? Болар едім- ау, көз қиығы түсер болса. Қазір ғой екеуіне бір-бірінен басқа адам жоқ дүниеде. Өліп-өшіп отыр ғой".
Үйіне кірісімен шай да қоймастан диванға бүк түсіп жатып қалды.
Кенет қызыл телефон шар етіп безілдеді.
Майсара жақтырмаса да, еріксіз трубканы көтерді.
— Неге алмайсың? Қайда жүрсің? Осымен үшінші рет телефон соғып тұрмын.
— Кешіріңіз, Ғазиз Құлтанович, көңіл күйім онша болмай тұрғаны.
— Әй, Майсара, Майсара! Көктем болса мынау! Шуақ болса — ғаламат! Ал сен көңіл күйім жоқ дейсің. Жоқ болса табу керек.
— Отыр ғой... Екеуі отыр ғой, — деп Майсара булығып жылап жіберді.
— Кім отыр? Кімдер? Қайда отыр? Сенікінде ме? — деген тақ-тақ сұрақтар телефон мембранасын ұрғылады.
— Балта мен Сәуле... Ресторанда.
— Ә-ә. Тағы Балта де. Сен, Майсара, оны ұмыт!
— Ұмыта алмаймын, Ғазиз Құлтанович! Мен оны... мен оны ұмыта алмаймын ешқашанда... — деп Майсара енді еңіреп ала жөнелді. Екі телефон да көпке дейін үнсіз қалды.
— Майсара, сен естіп тұрсың ба?
— Иә, Ғазиз Құлтанович.
— Былай болсын. Ертең "Түркістаннан"... мейманханадан "сәлемдемені" аласың... Өзің білетін. Содан соң... тыңдап тұрмысың, екісі күні сәлемдемені "Саятқа" алып келгін. Сен Балта менімен кездескісі келеді деп едің ғой. Онда оны да ертіп кел. Күндізгі сағат он бірге. Естідің бе? Балтаң сонсоң өзіңдікі болады.
— Рас па, Ғазиз Құлтанович!? Шын айтып тұрсыз ба, Ғазиз Құлтанович?!
— Ғазиз де мені, Майсара! Тек қана Ғазиз де!
— Рас па, Ғазиз?!
— Мен айтпаймын, Майсара. Айтсам — орындайтынымды сен ендігі білуің керек еді.
— Ой, рақмет, Ғазиз! Келеміз. Мен апарам оны!
Майсараның аспаны ашылып, түнегі серпіліп сала берді.
"Күн сондай шуақты екен-ау, ә! Ертең — бірінші май! Мереке! Менің де мерекем таяу. Ғазиз Құлтанович айтпайды. Айтса — орындайды. Ой, Балтам қайтадан өзімдікі болады! Ешкімнің таласы жоқ. Бал! Балым менің!"
Адам көңілі де — табиғат перзенті. Көлеңке басса, бүрісіп, шуақ құйылса — ашылып, тасып, шалқып шыға келеді. Майсара әп-сәтте өзгерді. Шифонерін ақтарып, көйлектен көйлек таңдай бастады. "Қайыссын кисем екен? Осыны алғаш кигенімде Балта ұнатып еді-ау. Осыны киейін" деп қызыл велюр көйлегін, соған сәйкес астары қызыл атлас ақсұр жеңіл жұқа пальтосын, пальто матасынан тіккізген, қызыл атластан лента ораған шляпасын шығарды да дереу киіне бастады.
Үлкен шарайнадан көзі ұшқын атқан, екі беті албырай қызарған әп-әсем, кеп-кербез, сып-сымбатты келіншек... Қайдағы келіншек... жап-жас бойжеткен Майсараға қадала қалғанда, өзіне-өзі риза болған бойжеткен аппақ тістерін тегіс көрсете күліп жіберді.
Сыртқы есікке жете бере, бөгелді.
"Ресторанға барам ба қазір? Анау... анау қызбен бірге отырғанын көргім келмейді".
Киімдерін шешіп тастап, қайтадан диванға қисайды.
"Магомедпен бірге тұратын көрінеді. Алғаш бір жұма қонақ үйде жатқан. Магомедты қайдан тапсам екен. Ертең "Түркістанда" кездестіріп қалармын. Әйтпесе ақшаны алған кезде Барақтан неге сұрамаймын? Сұраймын!" Осы шешімі Майсараға қолайлы көрінді.
Барақтан Балтаның адресін сұрап алады да, таксимен зыр еткізіп жетіп барады.
"Бірақ... анау Сәуле отырса не деймін? Неге келдім деймін? "Ғазиз Құлтанович шақырып жатыр, соны айтқалы іздеп едім" дегенім құр сылтау сияқты көрінбей ме? Әрине, екеуі дәл солай ойлап қалуы мүмкін. Сәуле сөзсіз солай ойлайды. Кеткен еркекті қуалап жүрген әйел, әрине, көзге түскіш. Өсекке таңылғыш. Балтаның да секемденуі мүмкін... Сонда мен оған қалай айтам? Балтаны екісі күні сағат он бірде Ғазиз Құлтановичке апара алмасам, онда бәрі бітеді. Бәрі құриды. Бал оралмайды!"
Майсара бетін жастыққа көміп, екі иығы селкілдеп жылап жатты да, қалжырап ұйықтап кетті. Бір кезде тарғыл мысықша бажылдаған телефон шарылы шошытып оятты.
"Әй, анау жүз жиырма сомның сыңғыр үнді телефонын қойғызу керек екен. Даусы қандай ащы мынаның!"
Трубканы ықылассыз көтерді.
— Ало-оу!..
— Май! Сәлем, Май!
Балтаның даусын естігенде Майсараның көзі шырадай жанды. Ұйқысы шайдай ашылды. Бірақ сыр бермеді.
— Сәлеметсің бе, Балта...
— Май, сен кешір... Өзіңді Май мерекесімен құттықтайын деп... Көптен хабарласпай кеткен соң... Өзіңді бағана көргенде... Мен сені ұмытпайды екем, Май!.. — Трубадағы дауыс тембрі толқыған кеуденің дем-тынысын түгел жеткізіп еді, Майсара бүкіл жанымен исінді.
— Өзіңді де құттықтаймын, Балта. — Әлі де салқын көрінуге барынша тырысты. Қуанғанын даусынан да жасыра білетін ұрғашылығына бақты. — Сәуле екеуіңді... Сондай жарасасыңдар. — "Қап! Бекер айттым-ау! Қызғанышымды білдіріп алдым-ау!" — Жақсы өткіз мерекені...
— Рақмет, Май!.. Мен... мен өзіңді... сені көрсем деп... — трубкадағы дауыс үзіліп кеткенімен алқынған демі жетіп тұр. — Көргім келеді, Май!..
— Бүгін көрдік қой бір-бірімізді, Балта. Мен шаршап жүрмін. Қол да тие бермейді.
— Май, мен сені ұмыта алмаймын!..
Майсара біразға дейін үнсіз қалды.
— Айтпақшы, Балта, есімнен шығып барады екен. Сен өткенде маған "мықтыңмен" кездестірші деп өтініш айтып едің ғой. Соның реті келді.
— Қашан?
— Екісі күні сағат күндізгі он бірде ертіп апарам.
— Ол кім, Май? Атын білуге бола ма?
— Ғазиз Құлтанович.
— Ғазиз. Құлтанович!!? — Трубкадағы Балта даусы қаттырақ шығып, үзіліп кетті де сәлден соң екпіндеп толқып жетті. — Анау Ғазиз Қултановичтың өзі ме, Май?! Рас па? Сол үлкен кісі келсін деді ме?
— Сол үлкен кісі өзі келсін деді. Неменеге асып-сасып қалдың! — деп Майсара шын ашуланды. Өйткені бұған дейінгі құлағына жағымды дауыс тембрі басқаша реңмен өзгеріп кеткенін қапысыз байқап қалып еді.
— Кешір, Май! Ол дегенің республикадағы алғашқы бес адамның бірі ғой. Әй, жарадың, Май! Жарадың! Мен сенсіз кіммін? Нольмін, Май! Таяқсыз, сығырайған ғана нольмін!
— Жоқ, Балта! Сен ертең жоқ, бүрсігүні сағат онда подъездің алдына машинаңмен кел! — деп Майсара трубканы орнына қоя салды.
"Вот так! Түсті уысыма! Мықтап түсті. Мен білем оны. Екі күнді әрең жылжытар. Бірақ, дегенмен ол менсіз тұра алмайды. Айтты. Білдірді. Кешір, Сәуле-Сәулешка! Но, Бал — менікі ғана!"
Майсара осыдан бірер сағат бұрынғы жабығыңқы күйін ұмытып, аяқ астынан құлпыра өзгеріп, бұрынғы Май-Майечкаға ауысып сала берді.
"Енді созғызбаймын. Дереу ЗАГС-ке тіркелеміз. Содан соң Маратиктей кішкенелі... бөпелі боламыз!.. Атын кім қойсақ?.. Жанбота дұрыс-ау. Мен соны бір жерден естідім. Мамасы Жанбота дегенде әп-әдемі ұл бала жүгіріп келген. Жанбота!.. Қаңдай әдемі ат! Әрі жаным, әрі ботам!.. Мен оны жылатпас едім. Ренжітпес едім. Садикке бермес едім. Садик баланың еркін басып-жаншып тастайды. "Өйтпе-бүйтпе!" дей берген соң ұл балада жігер қала ма. Ұлдың... ұлымның қайсар боп өскенін қалаймын".
Майсара асүйге барып шай қойды. Ваннаға су құйды. Дәліздегі айнаға сығалай қарап, қызарған көзін байқады. Басын шайқады. Болашақ Жанботаның анасына кеюге бола ма? Аштан аш бұралуға бола ма? Мынау атластай аппақ құлын денені баптамауға, әртүрлі шоп пен қылқан салған ванна қабылдамауға, сылап-майламауға бола ма? Болмайды!
Асықпай ванна қабылдады. Асықпай сыланып-сипанды. Асықпай шайға отырды.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Фермадағы жұмысын тындырып үйіне қайтқан Қатиpa орта жолда екі рет дем алды. Бұлтсыз аспаннан шақырайған күннің ыстығы өтті ме, әлде соңғы кездері денесі дел-сал болып, әлдебір науқасқа душар болды ма, қазір де тал түбіне қалжырап кеп құйрық басты. Неге екенін білмейді, оңаша қалса болғаны көзіне жас тығылып, көңілі босап сала беретінді шығарып алды. Әлде анау жол сыртындағы қорым ерсілі-қарсылы салпақтайтын әйелдің көзіне бұрынғыдан гөрі жиі шалынатын болды ма екен? Бұрын онша назар аудармаушы еді, енді қалжырай тізе бүккен сайын сол зират жаққа ындыны ауғандай көп тесілетінін өзі де аңдап қалатын болды. Жылдан жылға көлемі ұлғайып, қарасы молайып, еңсесі көтеріліп бара жатқан қорым талай жақсыны жалмап жұтып жатыр ғой. Мұқатының басына бармағалы да көп бопты. Бұрын барар еді, енді қалай барар? Не бетімен барар?..
Қатира біртартарын шешіп алып, бетін, алқымын, шекесін сүртті. Сыздықтата күрсініп, орамалын қайта тартты. Сүзіліп зират жаққа қарады. Өлі арауаққа дұға тиеді деп ойлайтын. Іштей білгенін оқығансып, ернін күбірлетті. Онысы қыршын кеткен Мұқат, Қобландыларға деген шын тілегі. Онысы мынау өлі мен тірінің арасындағы сарсылма ғұмырлы өзіне деген аянышы. Онысы жүрек шымшылаған ауыр азабын... тәңірден де адамнан да жасырған күнәсін қалай жуам деген дағдарысы. Онысы өлі жар мен тірі баладан айрылған жалғыздығына деген наласы. Онысы ешнәрседен, ешкімнен мейірім мен рақат көрмеген баянсыз тірлігіне деген әлсіз бұлқынысы.
Дұғасын аяқтап, дірілдеген саусақтарын біріне-бірін қалай тіреп, желпіп апарып бетіне тигізгенде, көзден ыршыған жас алақанын жуып кетті.
"Неткен таусылмас пақыр еді, ә! Күндіз де ағады, түнде де сауылдайды. Қайдан шыға береді? Әйел жасын бір жерге жинаса, әлемді топан су алып жүре берер ме еді? Неге жылаймын? Не іздеп жылаймын? Жылағанмен не өндірдім? Кім ыңғайыма қарады? Кім жасымды сүртті? Кім көңілімді көншітті? Жылаған сайын қайғым азаюдың орнына өршіп өсіп барады. Жұбаныш етер ілік жоқ. Бектемір ғана жай-күйді қабақтан танушы еді. Енді ол да жоқ. Темір торды талқандай алар ма? Әй, қайдам? Жаны сірі демесең, ол байғұсты да әбден талады ғой. Талады-ау. Темір өзек жан қалмай барады-ау. Еңіреп етек толтыратын әйел біз түгіл Мақан сұм Ескенді де етпеттетіп кетті ғой. Берік баланы ойдан, қырдан қуғызып, ақыры қаңғыртып жіберді. БАМ-ға кетті дейді. Көп-көрім-ақ еді, Мақанның суық назары еркіне қоймады ғой. Балтадан хат-хабар жоқ. Діні неткен қатты еді!.. Іштен шыққан шұбар жылан... Шұбар жыланым не?.. Жасаған, асылық көрме! Жан қиналған соң айтам да. "Анам-ay, өтініп еді, бір айтқанын орындайыншы!" десе анау Бектемірдің жазықсыз жапа шеккенін тиісті адамдарға білдірер еді ғой. Алматыда, астанада отыр. Бірі тыңдамаса, бірі тыңдар. Шетінен бітеу кеуде, меңіреу көкірек емес шығар ол дөкей азаматтар да. Солай да солай деп ақ пен қараны ажыратқыштарға ақтарып салса, кім білсін, дом тартып, Бектемір ауылына оралар ма еді. Азаматтың орны бөлек екен де. Шын жалғыздықты енді сезінгендей болдым-ау. Айғанша шіркін әйелдігіне бағып, әлі де қызғаныш танытады. Хабар-ошарын білейін деп Бектемірдің от басына бас сұқсаң, қабағы кіртиіп, тыржыңдап қалады байғұс. Әй, құсқым келе беретіні нес? Ұшынғам жоқ па? Тәбетім қашып, ештеңеге зауқым жоқ. Ұйқы басып бара жатқаны қалай?"
Бұға түбінен бас қылтитып жан-жағына қарады. Маңайдан қараңдаған ешкімді көре қоймады. Көлеңкеге қарай құйрығымен жылжып, басын жол шетіндегі биікке беріп, созыла қисайды.
"Сәл дамылдайын. Үйге барғанда да маған біреу бірдеме дайындап қойған жоқ. Бектемір "келінің — тәуір адам" деп еді. Хайролла да мақтап қояды. Әй, анау менің ұлымнан ғой бәрі. Соншама кімге тартып кекшіл болған? Өсекке бола кешірмей жүргенде... анау Мақанның... Мақанмен арадағыны сезсе, онда мүлде көрмей кетеді ғой. Сол үшін дедім ғой. Мақан аямайды. Мәйітін көлденеңдетіп әкелем деді ғой. Ол жауыз айтқанын жасайды. Жә! Жалғызым үшін жаным құрбан.
Ойпырай, тағы да құсқым келгенін қарашы. Құдай біледі, ұшынып қалғанмын. Бірақ ұшынатындай кеше кеште не іштім? Бүгін азанда не жедім?"
Қатира қайтадан басын көтеріп, етегін түріп аяқтарының арасын ашып, лоқси бастады. Еңкейген бойы саусақтарын көмейіне сұғып, қылғынғанда, жалқаяқтан басқа ештеңе түспеді. Түйір дәм татпаған іштен не құсылсын. Өзін-өзі қанша қинағанмен бабы табылмады.
Қышқылдағысы келді. Ащы құрт тауып, әсіресе тері жидітетін ащы ійден жұтқысы келді. Қазір тері илейтін жан қалмады ғой. Ійдің не екенін білетін де адам табу қиын. Қатира қатты таң қалды. Ійді бала кезінде Сәрсенбай етікшінің үйінен бір көрген. Дәмінің қандай екенін де білмес-ау. Енді кеп соған зауқы соғып, тәбеті шауып тұр. Кенет... көздері кең ашылып, әдемі ашаң жүзінде ішкі түйсіктен дуылдаған толқын бетіне алаулатып нұр ойнатты. Артынша суық үрей қызғылт нұрды сыпырып әкетіп, түсін сұп-сұр ғып жіберді.
"Жерік емеспін бе?!"
Осы мазасыз ой, осы күдік сап етті де, бүкіл бұған дейінгі дел-салдығын да, белгісіз сырқатын да ысырып тастады. Енді кеудесіне сұмдық ғаламат қорқыныш үйеледі. Еңсесін зілдей ауыр мұң басты.
"Сорлатқанда мен сұңқадам жерік болған екем- ау. Бұдан артық сұмдық бар ма? Албасты басқанда мықтап басады екен-ау! Қарғыс таңбасы маңдайыма тіліп ойылып, бетім мен мұрнымның үстіне ноқта боп түскен екен-ау! Құбыжықтың ұрығы жүрек түбінен нәр алып, қылтиып өсіп келеді екен-ау!"
Қатира ағыл-тегіл еңіреді. Өзінің шарасыздығына налып бой-бой босады. Мынау құпиясының көп ұзамай жалғанға жария болатын опасыздығына қапаланып шерленді. Дүниеден тазалық, іңкәрлік адалдық күткен жанының жауыздықтың құрбаны боп аяусыз былғанғанына, қорланғанына күйініп ықылық атты. Желі жоқ, шаңына дейін ап-ауыр қорғасындай қыбырсыз қалған даланың көктен ыстық леп боп, аңызақ боп сорғалаған аптабы, жапырақтарына дейін жыбырламай тыншыған тал-теректің мүлгіген түрі, қара жолдың таспалана ирелеңдеген бойында қараңдаған жан иесінің көрінбеуі дәл қазір Қатираға біртүрлі сезілді. Мынау иесіздік шексіздік мүлгіген қыбырсыздық өлі дүниенің көшірмесіне ұқсап кетті. Анау сұрғылт аспан, сұрғылт дала, сұрғылт сәуле сұрғылт тіршіліктің бейнесіндей боп және көзін алдады. Екі қақпа, екі өткелдің дәл жиегінде кібіртіктеп тұрғандай жүрегі кенет дүрсілдей тулап соғып ала жөнелді. Мынау өлі дүниеге бейім тыншу иесіздік анау тіршілік бейнесін танытқан сұрғылт аспанның сұрғылт шырағы меңіреуленген жанды әрі тарт, бері тартқа салғандай. Қай қақпаға қол созып, қай өткелге тірелер ол таңдау Қатира еркінен тысқары бір құдірет уысында сияқтанып, еріксіз жүрек суылдатты. Дәл қазір күнәға батқан міскін жанның сол күнәсі кешікпей жалпақ жұртқа жария болатынын сезінуден ауыр жан азабы қалмап еді. Содан ба өмір-өлім табалдырығында тұрғандай өз арымен бетпе-бет келіп, сол шаң жұққан, кір басқан арын тазалай алар, арашалай алар қауһар таба алмай қатты күйзеле жүрексініп, ағыл-тегіл еңіреді. Арқа сипар алақан іздеген баладай қыстыға жылап, бар ашуын көз жасынан алатын ұрғашылығына бағып, айдалада дауыс сала аңырады.
Қатира жылап-жылап басылғанда, қарсы алдындағы бұтада қонақтап отырған торғайды көрді. Кіп- кішкентай екі нүкте-көздерімен үркіп-сескенбестен бұған қадалып қалыпты.
Қатира алғаш онша мән бермеп еді, сәлден соң анау өзіне кәдімгідей тесіле қараған жұдырықтай жан иесінен әжептәуір ыңғайсыздық сезінгендей болды.
"Неге қадалып отыр? Жылағанымды қызық көре ме? Жылағанымды қаламай ма? Шынымен осы торғай да бірдеме сезіп, түйсіне ме?"
Қатира қолын көтеріп сес білдіріп еді, торғай мыңқ етпеді. Қайта кішірек қара көздері одан сайыл үлкейіп, енді буған бажырая қарайтын сияқтанды. Қатираның кеудесіне күдік енді.
"Әй, мынау тегін емес. Торғай — үркек құс қой. Бұл неге үшпайды? Әлде бұл құс емес пе?"
"Құс емес пе?" Діни наным-сенімдерден бұрын аулақ болатын. Әлгіндегі өлім-өмір айырығында тұрғандай жат сезімнен әлі де айыға қоймағандықтан ба, ойында әртүрлі ертегі-елестер дүркіреп өте шықты. "Адам өлгенмен рухы, жаны өлмейді екен. Ұшқан құс, жүгірген аңға ауысады екен" дейтін бір наным бой көрсетті. Сол-ақ екен енді торғайға қадалған көзде басқаша қарас тірілді.
"Құдай бар ма екен? Бар болса мынау торғайды маған әдейі жіберіп отыр ма екен? Әй, жіберуі де мүмкін-ау. Қиналған, жүдеген, тарыққан әйелге жебеуші болсын десе, сол нәрседен ексім етіп, нышан білдіретін шығар. Мынасы онда анық сол белгісі. Қарашы, нүкте-көздері кісіге сыр шерткендей қадалады-ау. Тегін емес. Құдайтағала бар! Бар!"
Қатираның денесі дірілдеді. Аптабы қуырған далада отырып қалшылдағанына өзі де қайран болса да, енді мынау шексіздікте өзінің жалғыз емес екенін сезінді. Өзінің панасыз, қорғансыз қалмағанына көзі анық жеткендей біртүрлі арқаланды. Сонау сұрғылт аспанда шаңытқан жалқын күнге сығалай қараған көздерде үміт сәулесі жылтырады.
"Көрген де шығар қасіретімді. Жеткен де шерім Жасағанға. Қашанғы жылата берсін. Жасымды ием десе қиын ба тәңірге. Жіберді де бір періштесін торғай қылып. Разымын, хақтағала! Алданған бір күнәкарыңды өзің кеш, өзің қолда. Өлімнен қорықпаймын. Өмірден де онша түңіле қойғам жоқ. Қия алмаймын. Жарық дүниенің жұғым ауасын қиып кете алмаймын".
Торғайға қадалған көздері кең ашылып, үміт пен күдік тайталасына айналған кеудесінің толқынын баса алмай қыбыр етпей қалыпты. Өмірдің мән-мағнасынан адасып, ыстық-суықты ажыратпас мәңгүрт күйге түскенде, саңлауланып елес берген тірлік майшамындай болып қарсы алдында қонақтап отырған титімдей ғана құс ой-бойдың қарманған талшыбығына айналды.
Не істеу керек? Не істеу керекті енді Қатира шешпейді. Қатира үшін қаракет ететін құдірет бар екен. Шырылдаған жанын енді күнге қақтап, аязға тосып, өзін-өзі жазалап әуре болмайды бұрынғыдай. Ендігі сиынары да, сүйінері де, сүйенері де бөлек. Бөлек! Аяқ астынан ғайып сынды белгісіздіктен ишарат білдіріп, көрініс берген мына қайырымдылыққа ғұмыр бойы бас шұлғып өтер. Өзгерді-ау! Бүкіл ішкі дүниесі жаңғырғандай, жаңарғандай сезіліп, түнегі түріліп сала берді емес пе. Енді мүлде басқаша тірлік кешіп, мүлде басқаша жақтан үміт саууы қажет.
"Бар екен-ау, құдірет! Тыңдамай, көрмей әрі саңырау, әрі соқыр боп келіппін. Ашылды-ау көзім! Өзімізді өзіміз алдап... Неге алдаймыз? Құдіретке сенбей, жақсылыққа иланбай, шарапат күтпей, бір-бірімізді жұлмалап жеп, көзбен атысып сұп-суық боп өткенде не табар едік? Құдіретті жоғалтқанда, жоқ еткенде мынау арамдық, жауыздық қаптаған төңіректің сескенер, үркер ешкімі қалмасын, ұры ұрлығын, жауыз қастандығын, һаяр алдауын, сұмырай сұмдығын жасай берсін. Ештеңеден алаңсыз ешкімнен, еш құдірет-тәңірден, еш сенім-пиғылдан тайсақтамасын дей ме екен? Ондай үрдістің қажеті қанша? Өзіміз келдік қой ештеңеге иланбай, сенбей. Мазақтарымыз — молда, сынарымыз — дін. Сонда адам ойын екшеп, тежеп, реттеп отырар сенім-нанымнан ажыратқан құбылыстың пәрменділігін кім анықтар? Шынымен пәрменді ме?
Жоқ! Құбылам өзгерді! Бар екен құдірет! Бар екен!"
Кішкене торғайдың құлағына ештеңе барған емес. Ыстықтан шаршап келіп, көлеңкеде саялап отырысымен-ақ бір адамның бүкіл ішкі әлемін төңкеріп тастағанымен мүлде шаруасы жоқ еді. Бірақ Қатира көзіне... жаны шырылдап өлім-өмір шекарасында тұрған әйел көзіне ол Құдірет-тәңір, әлде Құдырет-болмыс, әлде Құдірет-табиғат нышанындай болып көрініп еді. Одан сайын барлық жан дүниесімен емінген әйел сәт сайын бойын құрсаған азабы мен дозағынан айрылып, ажырап, босап бара жатқанын сезінгенде, біртүрлі есеңгіреген күймен өзі де атап айта алмас, бірақ қуаныш, сенім және үміт атты үнемі аңсар адамзат ынтығының өз ішінде туып, ұлғайып бара жатқанын қапысыз білді. Суық шалған жүрек тоңы жібігендей шүп-шүп мейірімге толды.
Күдігі құрысын. Өзін-өзі жегідей жегізетін арадай ызыңдаған азапты ойлар әдірем қалсын.
Қажытқан күндердің есесін шел далада бой жазған көк теректей жан тыныштығы ғана толтырсын. Алдан адам тек үміт күтуі керек. Сол үміт — Құдірет пен пенденің арасын жалғар жіп, қосар көген. Тәңірдің өзі адамға қол созса, онда үміттің үзілмегені, сенімнің жоғалмағаны. Аясы кең алақанымен пендесінің жанын сипаған Құдіреттен көз жазуға болмайды. Ендігі іздері, аңсары, тілері осы тілек қана. Адаспас. Мақаны да, Мақан зорлығы да тоқтата алмас. Ерік-ырық бұдан былай Құдіреттің қолында. Не істесе де, өзі бұйырады.
Торғай пыр етіп ұшып кетті. Орнынан жалма-жан атып тұрған Қатираның екі қолы ілгері шошаң еткен еді, аттай берген аяғының тізесі бүгіліп, қиралаң етіп құлап түсті.
Әйел есінен танып қалды.
2
Қызыл велюр көйлегін, қызыл атлас астарлы ақсұр пальтосын, ақсұр шляпасын, ақ сафиян жұқа жеңіл етігін киіп есік алдына шыққан Майсараны көргенде Балтаның аузы ашылып қалды.
"Түу, сұлу, сұлу-ау, Май! И вкусы қандай! Нағыз королева! Одан да артық! Қандай кербез! Өзіне ғана жарасатын әсем жүрісін айтсайшы!"
Балта машинасынан түсіп қарсы алды. Қолын ұсынып амандасты.
— Сәлем, Май.
— Есенбісің, Балта. Отыр. Кешігіп қаламыз.
Майсара жол бойы ыңғай білдірген жоқ. Кеше кешке дейін Майсараның үйін төңіректегенін Балта, әрине, айтпайды. Сәулемен кешке Ленин сарайының алдында кездеспек болғанын, бірақ қызға кездесуге бармағанын әрине айтпайды. Алдыңғы күні Ғазиз Құлтановичке барамыз дегеннен бері ол мықтымен не туралы сөйлесуді Майсарамен ақылдаспақшы болғанын да айтпайды. Айта алмайды. Өйткені мынау Майсараның айбыны асқақ, мысы басым. Қол жетпес биікте тұрғандай. Қайта-қайта ұмсынғанымен әңгімені неден бастаудың жөнін таппай өзіне өзі іштей ұрсып келеді.
Қаланың сыртына шыға берістегі айналма бұрылыста Майсара "ілгері тарта бер" деген еді, Балта соны ілгешек етпек болды.
— Ілгері тартармын-ау, мен, Май. Түптің түбінде жалғыз қалып жүрмеймін бе?
Майсара жігітке бұрылып, қысылып-қымтырылмай ұзақ қарады.
— Ол өзіңе байланысты. Серік іздеген адам ұзақ дайындалады. Ұзақ ойланады. Ұшып-қонбайды.
"Ұшып-қонбайды" дейді. Сонда мені көбелек демексің ғой гүлден гүлге ұшып қонған. Оның да рас. Енді өйтпеспін".
— Енді өйтпеспін... ұшып-қонбаспын, Май.
— Оңға бұрыл.
— Ә-ә!.. Оңға бұрыл деймісің? Иә-иә. Түу, өтіп кете жаздағаным-ай! Май, қай нәрседе де керекті жерінде тоқтап, керекті тұсында бұрыла білуге не жетсін. Өзің сияқты жөн сілтеп отыратын қасыңда ғұмырлық серігің болса ғой сондайда, — деп енді Балта қырындай қадалды.
— Көзіңе қара! Шлагбаум болады қазір.
— Шынын айтып отыр! Әй, Бал, Бал! Мен сені түсінем ғой. Әйел жолы — жіңішке. Шыдаймын әлі. Шыдай тұрам. Тек өзің енді айнымашы. Азбашы, Бал! Енді адассаң, онда мүлде адасасың. Жолымыз ешқашанда түйіспейді онда, Бал! Мен саған жол сілтемей-ақ, етегіңнен ғана ұстап ілесіп өтсем, армансызбын дер едім-ау, Бал! Енді қинамашы! Қинамай ғана өзіме біржола оралшы, Бал! Оралсаң ғой, Бал!"
Машина шлагбаумға жетіп кідірді. Машинадан басын шығарған Майсараны таныған милиционер шлагбаумды көтерді. "Жигули" бірнеше тосқауыл, қақпадан өтіп екі қабат үйдің есігіне жетіп тоқтады.
— Соңымнан ілес, — деп Майсара ілгері озды.
Бір есіктен бір есік. Бір бөлмеден бір бөлме. Бірінен бірі өтеді. "Мың бір түннің" ертегісіне кіріп кеткендей болдым-ау. Неткен байлық. Аяқ астындағы қалы кілемнің түгі тобығыңды сипайтындай-ау! Хрусталь люстралар! Хрусталь бралар! Әй, Ғазиз Құлтановичтың саяжайы мынандай болғанда, басқа дөкейлердікі қандай болды екен, ә? Ғазиз Құлтанович не дер екен? Мен не дер екем? Осы кездесу — менің ғұмырымның ең бетбұрыс кезеңі. Не олай, не бұлай шығаратын жолайырық. Құлдырасам да, шарықтасам да — бүгіннен басталады сол өзі. Адам үмітпен семіреді. Жақсылыққа көрінгей. Менен де нашарлар шіреніп-ақ жүр ғой жер құдайыңдай боп. Солар қай бір асқан білімімен, орақ ауыз, от тілімен озып жүр. Ғазиз Құлтанович сияқты "домкрат", "крандарымен" көтерілгендер ғой. Маған да кран керек. Бір ғана екшеп, қолтықтап жіберсе... Майсара — мықты қатын... Әй, Қуандық ақынның осы өлең жолы аузыма қайдан сап ете қалды? Әрине мықты келіншек ол. Ақыл да, көрік те, мінез де бар өзінде. Бұрынғысын тексеріп қайтем, ал менімен кездескеннен бері маған адал. Оған көзім жеткен. Әлі де солай. Бірақ өкпесі бар ма, суықтау. Ал Ғазиз Қултановичпен кездестіруі..." Майсарамен соқтығысып қалды.
— Еңсеңді түсірме, — деді Майсара жымиып. — Қазір, мына кең бөлмеде кездесеміз онымен...
Жарма есік сықырсыз ашылды. Екеу ішке кірді. Кең ас бөлме — қонақ бөлме екен. Көзге ортадағы ұзын стол мен, төбедегі үш үлкен хрусталь люстра бірден шалынады екен.
Майсара столдың бір шетіне жайғасты да, қасына Балтаны отырғызды.
Сәлден соң ішкі жақтан есік ашылды да, Ғазиз Қултановичтың өзі кіріп келді. Балта, әрине, оны қапысыз таныды. Газеттегі суреттерінен, теледидардағы бейнесінен гөрі жастау, сымбаттылау көрінді.
— Ассалаумағалайқум, Ғазеке!
— О-о, нағыз қазақ! Сәлем, Балта, сәлем, — деп Ғазиз Құлтанович қарсы ұмытылып қос қолын бірдей созған жігіттің алақандарының арасына оң алақанын сұқты да, сол қолымен иығынан қақты. — Қане, қане, көрсетші өзіңді! Біздің Майсараға лайық па екенсің? Иә-иә... Бір-біріңе сай екенсіңдер. Тату-тәтті болыңдар. Осылай біздерді үнемі сүйсінтіп өтіңдер. Ал, отыр, Балта.
Стол үстін жасап қойған екен. Сөйткенше даяшы келіп әрқайсының алдындағы үш кішкене Рюмкаға коньяк құйып, тәрелкелерге тамақ салып кетті.
Ғазиз Құлтанович ыдысын көтерді.
— Еңбекшілердің... дүниежүзілік еңбекшілердің бірлігінің символындай май мерекесінің үстінде отырмыз. Мейрам құрметіне ырым жасайық, — деп ыдысын ілгері ұсынды. Майсара мен Балта ыдыстарын қағыстырды.
Сәлден кейін-ақ Балта алғашқы қысылуынан арылды.
"Әй, алды кең адам-ау! Қандай кішіпейіл! Ешқандай тікірею, шікірею жоқ. Үйіріп-ақ алды. Жақсыда жаттық жоқ рас-ау. Әйтпесе, мынандай биікке көтеріліп, билік құра ала ма".
Балтадан не істеп, не қойғанын сұрастырып, көп жайды біліп алды.
— Тақырыбың жоқ дейсің әлі. Ол болмаған екен. Жарайды, Балта. Ол енді жөнделетін шаруа. Академия президентімен сөйлесейін. Сенің салаң бойынша дайын тұрған диссертация болса, саған бергізейін. Қорғау қиын емес.
Балтаның аузына сөз түспеді. Басын құр изей берді.
— Тез қорғап алсаң, жаңадан бір лаборатория ашармыз, соған меңгеруші етіп тағайындаймыз. Ал, докторлықты қолға алу, өзің... өзіңнің бұдан былайғы әрекетіңе қарай бола жатар, Балта. Келістік пе?
— Ке-ке-келістік...
— Кел, оңда, уәдені хрусталь сыңғырымен бекітелік.
"Сонда қалай, дайын диссертациялар болғаны ма?
Апыр-ай, менің әлі де білмейтін нәрсем көп екен ғой. Ғазиз Құлтанович неткен алғыр. Менің жеті қырдың астында жер түбінде деп жете алмай жүрген арманымды оп-оңай қолыма ұстата салды-ау. Бәрі Майсараның арқасы ғой. Екеуің бақытты тұрыңдар деді. Мынау соның кепілі емес пе. Әй, Майсара! Сен менің алтын құсым, бақыт құсым екенсің! Қанша дегенмен үлкен кісінің мысы басады-ау, тілім күрмеліп, кекештеніп қалғаным ұят болды-ау. Алғысымды да дұрыстап айта алмадым".
Майсара мен Ғазиз Құлтанович сөйлесіп отыр екен. Балта зейнін бұрды. Соны көріп үй иесі тың әңгіме бастады.
— Мен кеше бір оқиғаға кездестім... Адам тағдырының кейде кездейсоқтықтан кілт өзгеретініне көзім жеткендей болды, — деп Ғазиз Құлтанович кідіріп қалды. — Зұлымдықпен бетпе-бет ұшырастым! Әй, бірақ, кешігіп қалдым. Кеш жеттім! — Қинала басын шайқады. — Жарты сағат бұрын кездессем, жауыздықтың мерейі үстем болмас па еді.
Майсара Ғазиз Құлтановичке көздерін кең ашып, әрі таңырқай, әрі мүсіркей қарап қапты. Қанша көріп жүріп, діні қатты осы адамның дәл мынадай толқығанын байқамап еді. Еңкейе түсіп ерекше бейіл білдірді.
— Жауыздық иек астында жүреді екен. Онымен қанша күрессең де, адам санасындағы тағылық пен жыртқыштықты жоймай, ештеңе тындыра алмайсың. — Ғазиз Құлтанович күрсінді. Сонысын өзі де байқап қалып, күрт мойығанын сездіргісі келмегендей қатайып алды. — Жап-жас қызды екі адам, екі айуан зорлап жатыр екен. Үстінен түстік. Әттең тау-тас, ұстай алмадық. Қыз талып қалған. Осында алып келдік. Түнімен дәрігер шақыртып, укол бергізіп... жүйкесін емдетіп, ұйықтатып жәрдемдескен болдық. Сіздер келердің алдында сөйлескем, көп қиыншылық көрген бала екен. Үй жағынан көмек бермек болдым. Әй, бірақ анау оқиғадан кейін біразға дейін жөнделіп кете қояр ма екен. Масқара зорлық адам психикасына, әсіресе уыздай жас, әрі таза... таза — екінші "тазаға" екпін бере сөйледі. — Қызға қатты өсер ететінін дәрігер түнде маған біршама айтып еді. Сол рас болар, байғұс баланың мінезінде... психикасында әлден-ақ өзгеріс білінеді. Әрине, жігіті де анау екі сұм бүлдіріп кеткен қызға жуи қоймайды. Өйткені көңілінде ғұмыр бойы дақ қалады ғой. Шіріген алма жегендей әлдебір жиіркеніш сезімінен арыла алар ма екен...
Балтаның аяныш сезімі оянды. Іштей байғұс қызды мүсіркеп отыр. "Әрине жігіті болса қиын-ақ. Таза дейді. Енді Бүлінген... Сынған... Дақ қызға емес, жігіт жүрегіне түседі. Түспей... көз алдында тұрып алмай ма келеңсіз көрініс. Өзі аңсаған сәтті өзі емес басқа көрсе... біреу емес, екеу қызықтаса... Жоқ, ондай қыздың ендігі тірлігін басқа бермесін.
Ғазиз Құлтанович нағыз азамат екен! Арына сүйеу, Жанына медеу болған! Бұ кісі болмаса бишара қыз қорлыққа шыдай алмай өзін-өзі қиып жіберуі де мүмкін-ау. Үй алуына көмектесем дейді. Ертегіде кездесетін Қыдырдай болды ғой. Қыдырдан несі кем. Мені де жарылқап тастамады ма?"
— Майсара, сен орныңда көп отырып қалған жоқсың ба?
Мына сұрақ Майсараны да, Балтаны да елең еткізді. Әрине Ғазиз Құлтанович бекер сұрамайды. Көздеген ойы, сайлаған пікірі дайын тұрса керек. Майсара әсем жүзінің әдемі жымиысын көлденеңдетіп, үнсіз ғана екі алақанын жайды.
"Аһ, сайтан! Қандай көркем! Таң қалғаны да, қуанғаны да өзге ешкімге ұқсамайды-ау! Қылығы артық-ay. Мына жігітін қосақтап жіберсем... Майсараға билік те, ерік те жүрмейді. Өзі илікпесе, амал жоқ".
— Қалалық сауда басқармалығына... Жарайды, ол жеке мәселе, — деп Ғазиз Құлтанович стол астындағы қоңырау түймесін басты.
Жарма есік сықырсыз ашылып, босағада қара киімді адам қалшиып тұра қалды да, басын иіп ілтипат жасады. Әлгі үнсіз қимыл, әмірге мойынсұнған кішілік мінез Балтаға енді ғана Ғазиз Құлтановичтың бүкіл құдіретті лауазымын қара сұр жартастай серейтіп қондыра салды. Сол-ақ екен қарауытқан лауазым еңсе басар әсерімен белгісіз қасиетке ие болып, қарапайым тобырдың өзіне еріксіз бас шұлғытар, көз мөлитер жағымпаздығы мен жарамсақтығының ұшқынын Балтаның кеудесіне түсіріп, тұла бойын билеп ала жөнелді. Бұл лауазым — иығы түсіңкі тобыр үшін әкімшілік биліктің шыңы боп көрінер еді. Лауазым иесі еш күнәсіз, титтей кінәсіз, қателеспейтін періштеге айналар еді. Лауазымның құдіреттілігі сондай, лауазым иесінің әр қимылы әр сөзі, әр әрекеті сондай бір терең мағналы боп көрініп, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы қасиет белгісіне айналар еді. Содан кейін-ақ лауазымды кісінің аузынан шыққан әрбір сөз азандай ұйытып, әрбір бұйрығы заңдай орындалар еді. Биік лауазымның көз байлайтыны сондай, лауазымды қанның аузынан шыққан небір адам нанғысыз өрескел ойлар, келеңсіз пікірлер ғажайып данышпандық боп көрініп, тез атқарылып жатар еді. Өзінен бір елі жоғары тұрғаннын аузына қарап, бас шұлғып "тәртіп! тәртіп!" деп қалған чиновниктер "лауазым" деген сиқырлы сөздің әсерімен қыбырлап қозғалып, сонсоң зымырап елбелектеп кетер еді. Содан кейін зыр қаққан орындаушылар ар мен ұятты кейде ұмытып орнында қалдырып кеткенін де елең қылмай, мемлекеттік басқару машинасының әлдебір темір тетігіне айналып, лауазымдының қас-қабағын қапысыз бағар еді.
Балта лауазым құдіретін дәл қасынан сезгенде жон арқасын жуып өткен суық тердің төмен сауылдағанын білдіргісі келмеді. Енді Ғазиз Құлтановичке сүйек дәметкен күшіктің жансебіл қарасын ғана көрсетуге тырысты.
Ғазиз Құлтанович есік көзінде тұрған қара киімді адамға иек қақты да:
— Алып кел! — деп екі-ақ сқз айтты.
Жарма есік сықырсыз жабылды.
— Неге тамақ алмай отырсыңдар? Балта, сен, бауырым, тым сыпайы екенсің, ә.
— Жо-жоқ, Ғазиз Құлтанович!.. Ә-ә, Ғазиз Құлтанович, алам ғой... Алмай. Сіз ал деген соң...
Майсара стол астындағы қолымен Балтаның санынан шымшып алды. Балта сасқалақтап тоқтады. Майсараға бұрылды. Майсара паң отыр екен.
"Әй, Майсара керім! Еш қысылмайды. Маған не болды?.. Абдырап... абдырамай, мысы басып барады. Бір жерімнен ши шығарып алмай аман-есен шықсам екен. Әй, Майсара неге тұрып кетті?"
Балта еріксіз артына бұрылып қарап... Тұра беріп кілт шөкті. Әлгі қара киімді адам есіктен Сәулені ертіп кіріп еді.
Майсара тұрып барып Сәулені құшақтай алды.
— Сәуле! Сәулетай!..
Майсара тәте!
Екі әйел, екі ұрғашы бірін-бірі осы бір-бір ауыз сөздерімен-ақ ұғылды. Екі иық селкілдесті. Екі мұңлық шер бөлісті.
Ғазиз Құлтанович Балтаны үнсіз бағып қалған еді. Жігіт жүзіндегі әлденеше өзгерген бояудан, көзіндегі құбылыстан ішкі сырын сезгенімен, Балтаның қызға деген аяушылығын таба алмады. Анау әдемі жүздің өзгерген реңкінде, күлгін тартқан көздің назарында өзімшіл жігіттің өкпесі, өкінуі ғана бар. Ширығуы, бармақ тістей сан соғуы ғана бар. Мұң бөлісу, қайғыға ортақтасу, көңіл көрсету жоқ еді.
"Әй, қатыгез боларсың. Сәулеге енді жуымассың. Жуымайсың. Майсара енді ештеңеден тарыға қоймас. Ал, мен ше?.. Өзім ше? Сәуле жас қой. Жас иіс қой. Қол қақпас. Қақпайтыны сезіліп те қалды әлгінде. Енді тек дұрыстап қолбала ете білу керек. Ал екеу..." Ғазиз мырс-мырс күлді. Сол күлкісін біреу көріп қалды ма дегендей сезіктеніп дереу тыйды.
Сәуле сәлден кейін өксігін басып, Майсараның сүйемелдеуімен стол басына кеп отырды. Есіктен кіргенде Майсарадан да бұрын Балтаны көріп қап еді, қазір жігіт жаққа қарай алмай бір қырындай берді.
— Сәуле қалқа, сен Майсараларды таниды екенсің. Мен оны білмеп едім, — деп Ғазиз Құлтанович ыңғай баққыш сұңғылалық көрсеткен болды. — Мен сен ұшыраған кездейсоқтықты айтып едім... бір есептен соным дұрыс та сияқты. Майсара — мен білетін адамдардың ішіндегі ең адамгершілігі мол жан. Сені, Сәуле шырақ, жалғызсырата қоймас. Мен өзіңді Майсараның... — сәл бөгеліп барып сөзін жалғап әкетті. — Және мына Балта дейтін ағаңның қамқорлығына тапсырам. Біріне сіңлі, біріне қарындас бол. Осы екеуінің адал семьясынан, тату тірлігінен үлгі алатын бол. Ештеңені уайымдай берме. "Ой басқанды қой басады" дейтін бұрынғылар. Бекер қажытпа өзіңді. Өмірің алда. Мен көмектесем дедім. Орындаймын айтқанымды. Керек кезінде еш ұялмай тікелей өзіммен телефон соғып хабарласып тұр.
Қонақтарын шығарып салған Ғазиз Құлтанович орнында табжылмай отырып қалып, кешегі оқиғаны көз алдына тағы бір елестетіп еді.
Сәуленің Ленин сарайының алдында әлдекімді (әрине, Балтаны) тосып тұрған жерінен бұның адамдары Балтаға апарамыз деп микроаудандағы Ғазиз Құлтановичтың бір ашнасына алып берген төрт бөлмелі пәтеріне алып келген-ді. Сәулеге арнайы тесіктен сығалап қараған Ғазиз Құлтановичтың назары байланып қалған-ды. Жастықтың әсемдігі, тазалығы, күнәсіздігі қызықтырып еді оны сонда. Еріксіз көзі жасаурап, әукесі салбырап, ындыны ауа берді. Соны көрген серіктері дағдылы машықтарымен Сәулеге әлдебір дәрі қосылған су ішкізіп, былқ-сылқ етіп ес-түстен айрылып сұлап жатқан қыздың үстіне шабытты бурадай зіркілдеген Ғазиз Құлтановичты кіргізіп жіберген болатын...
Содан кейін ұйқыдағы Сәуле-Сәулетайды машинаға отырғызып қаланың сыртына алып шығып, дәрі иіскетіп есін жинатқызып, анау "екеуге" жасамағанын жасатқызғандай инсценировка ұйымдастырып, өзі үстінен шыққан боп "құтқарып" алған-ды.
Ғазиз Құлтановичтың бір ынтызар әдеті: Сәуле тәрізді шайқалмаған ақ уыз "құрбандарының" түнгі дүрбелеңнен кейінгі халін, түрін яки қасірет шегуін, яки көнбістік білдіруін қыз жүзінен бақылау болатын. Одан Жанына ләззат құйылатындай, көңіліне шуақ төгілетіндей еліріп, тіпті таңғы тәтті ұйқыны да мансұқ ететін.
Бүгін де төсектен ертерек тұрып, бөлмесіне Сәулені шақыртып алдырған болатын. Аяғын әрең-әрең сүйрете басқан қыздың қимыл-қозғалысында ұшқырлықтың, ойнақылықтың лебі де қалмаған екен. Көзінің алды күлтілдеп ісіп, жалт-жұлт ойнайтын жанары мөлиіп, жасқаншақтанып, кірпіктері көтерілмей, төмен жапырылып, екі ұрты суалып жүдеп шыға келіпті.
Ғазиз Құлтанович іштей өзіне-өзі ырза болды. Ұйпаланған мысық пен қызда айбар қалмайды. Орнынан тұрып барып Сәулені бауырына қысып, төбесінен сүйген. Дірілдеген қыз мынау атақты... беделді... лауазымды адамның қолтығына кіре түсіп өксіп жылаған. Сол құшақтан жылу мен нәр таппақ боп талпынған. Ғазиз Құлтановичтың жұмсақ даусы, жылы алақаны, кең құшағы өксікті жанына шипа боп жеткен. Жаралы жүрегіне дауа боп жанасқан. Қаралы көңіліне жанашыр боп жылы ұшыраған. Содан... содан кең төсек... ыстық құшақ... Лауазымды адамның мейірімі қандай көп еді! Тілегі қандай жақсы еді! Қорыққаны бекер екен, бекер екен... Еркекпен қатынаста... өзі ыңғай берген шарпылыста сондай бір тамаша ләззат болады екен! Рақат күй бүкіл жанынды түгел билеп алып, барлық тамырындағы қанды бұрқ-сарқ тасытады екен! Бүкіл тұлабойда исінбеген, еміренбеген, тіленбеген иненің жасуылдай да жер қалмайды екен! Әлде... әлде ол мынау құшақ иесіне деген өз көңіл құштарлығынан ба? Анау Балта... жоқ, енді Балта қажет емес. Мынау... мынау ағай... ой қандай ғажайып дүние! Неткен ыстық толқын! Жүзіп бара ма? Батпайды! Бата алмайды! Батқызбайтын қасында мықты серігі бар. Бар! Өмірдің бар маңыз-мағынасын білмей келген екен ғой. Осы болар сол аңсау тірлігі. Әй, Әй, Әй!.. Мына... ий... ағай кездеспесе ғой кеше... Тағдыры ма екен? Тағдыры болар! Кездесті ғой. Енді ағадан айрылмас. Айрылмайды. Мамасы жарық, кең пәтерге шығатын болды ақыры... Түу-түу! Рақаты-ай! Қандай қарулы! Несіне қорыққан! Қорқатын әрекет емес екен-ау. Жалын төсек!... Осындайдан айтады екен-ау. Бір қайғының бір қуанышы шынымен-ақ болғаны ма? Болсын да, шын болсын да сол. Рақымы да, мейірімі де ұзаққа созылып, ұзағынан сүйіндірсін де.
Ғазиз Құлтанович қыз (қайдағы қыз енді)... Сәуле ыңқылынан, сығымдаған құшағынан, еміренуінен осы жайды, осы тілек-арманын қапысыз ұғып еді. Тер шылаған бұйра шашын маңдайынан қайырып тастап сұлқ жатып, Сәуленің кішкене құлағына ернін тигізе, жан елжіретер талай уәдені үйіп-төккен.
Қонақтарын шығарып салып, енді ұзақ отырып қалды.
* * *
Балта да, Майсара да, Сәуле де есік алдындағы машинаға жеткенше бір-біріне тіл қатқан жоқ. Балта сәл ілгерірек озып кетіп, артына бұрылып қарауға да дәті шыдамай, "Жигулиіне" жеткенше асықты. "Не деймін? Сәуленің бетіне қалай қараймын? Менің бетіме қарай алар ма екен? Таза дейді. Таза болмай... Қасында мен сияқты ақымақ күзетішісі жүрген қыз таза болмағанда қайтеді. Бекер... бекер тартынғам. Ақыры әлдекімге жемтік боп кетті. "Қызғанғаның қызыл итке"... Менікі сол. Аузымнан қағылам да жүрем... Бір есептен арамыздың оп-оңай шешілгені де жөн болды. "Майсараны ренжітпе" деді. Аспаннан тілегенімді жерден басыма үйіп-төгіп бере салған Ғазиз Құлтановичтың құлдығы болмаймын ба. Майсарамнан енді айрылмаспын. Әй, Сәулетайдың бұйырмай кеткені демесем... "Піскен астың күйігі жаман" деп... төрт ай тұлыпқа мөңіреген екем-ау. Осылай боларын білгенде..."
Машинасына өзі бірінші отырып алды. Әдеттегідей қыз-келіншектерге есік ашып, ілтипат танытатын серілік мінезін де жасамады.
Бір тосқауылдан соң бір тосқауыл-қақпалар кейінде қалды.
Майсара мен Сәуле артта отырған, Майсара Балтаның иығына алақанын төседі.
— Бізге барамыз.
Балта айнадан сұраулы жүзбен бағжаң етті.
— Сәулетайдың көйлегі жыртылып... — Одан әрі "өзің білесің" дегендей үнсіз қалды.
Сәуле Майсараның Балтаны иемдене жөнелгенін әрине сезе қойды. Бірақ кеудесінде еш қызғаныш оянбағанына ғана сәл таңырқады.
Кеше кеш бойы Балтаны күтіп Сарайдың алдында жүріп алғанына ғана өкініш білдірген сезім шарпуы желпіл өткендей болды. Өзгені кінәла мейлі, өзіңді кінәла мейлі өкінгеннен ештеңе өнбейді енді. Болып қойған істі кері қайтару мүмкін емес. Әлде ежелде жазу осылай ма? Кімді кім қорғап, кімді кім алқалап жүре берер. Тек алдап кеткені ғана қинайды-ау. "Тоспа, келмеймін" десе, талақша жабыспас еді ғой. Бірақ бүгінде ағынан жарылатын адам қалды ма? "Балтаға алып барамыз" деген жігіттерден күдіктенсе де, өзіне қызыға, тіпті ашықтан ашық құмарта қарағандарына мәз болып, танымайтын кісілердің машинасына мініп жүре берген кінә өзінен ғой. Сол жерде өзінің қыз екенін, жас екенін, сұлу екенін, сүйкімді екенін аналардың қылмаңдаған түрлерінен, жарқ-жұрқ жылтыраған қомағай көздерінен көріп, кәдімгідей масаттанып еді ғой. Ақыры... алды аларын.
Сәуле сәл күрсінді. Майсара иығынан құшақтады.
"Мынау келіншек Ғазиз Құлтановичты қайдан біледі? Осы тәтейдің де танымайтыны жоқ". Сәуле иығын қозғап, тартыншақтанды. Майсара қолын босатып ала қойды.
Сәуле әлдебір пәтерге кіргенін біледі. Төргі бөлмеден Балтаның даусын естігендей болып еді, кәдімгідей сеніп қалды. Стол басына емін-еркін жайғасқан. Күн ұзын далада жүріп әбден шөлдеген екен, жігіттердің бірі құйып берген сусынды төңкеріп тастағанда, маңдайынан тер бұрқ ете қалған-ды. Одан арғысы есінде жоқ.
Есін жиғанда далада жатқанын көрген. Қасындағы екеудің қаша жөнелгенін, жалаңдаған фарын жарқыратып ұзын қара машинаның жақындап келгенін, өзінің көйлегінің етегі жыртылып, ыңғайсыз ашылып-шашылып жатқанын байқаған.
Келген адам тік көтеріп алып еді. Әлдилегендей әлденелерді айтып жұбатып еді. Сол жылы сөз, ыстық әлди көңілін бой-бой босатты ма, әлгі адамның иығынан құшақтап өксіп-өксіп жылап еді.
Мүмкін сол өксікте пәктігін жоқтаған жан ыңқылы болған да шығар-ау. Мүмкін сол өксіктен тазалығынан жұрдай болғанын сезінген кінәсіз қыздың аңырауы айтылған да шығар-ау. "Арман қайда, алыс қиядан ару күндей толықсып туып қол бұлғайтын әдемі арманым қайда? Сол толықсыған күнге қол ұстасып бірге келе жатқан Балтам қайда?" дейтін жан аңсауы сол өксіктен шырылдаған да болар-ау. "Тазаны неге былғайды? Пәктікті неге өлтіреді? Жас ғұмырдың келешегін құрбан ғып шалардай озбырлық неткен жауыз?" дейтін өкініші сол өксіктен запыран боп құйылған шығар-ау.
Сәуле көп өксіген. Сәуле бірақ дауыс қылмаған. Жақсы аға, бір жанашыр аға тапқанын жұмсақ алақан, жылы сөз, ыстық әлдиден ұғынғандай болған. Өксіген жанның өзегін өртеген күйігі жұбаныш әлдиінің, жанашыр сөзінің ызыңын ғана жеткізеді, мазмұнын қабылдамайды. Қабылдай алмайды.
Көп қақпа, көп бөлмелерден өтіп, жарығы мол жайға кіргенде Сәуле өзі құшағында жүрген адамды сонда ғана таныған. Суретін газеттен, бейнесін теледидардан көріп, сөзін радиодан еститін құдіретті аға, мықты аға, әкім аға қандай мейірбан еді! Анау екі жауыздан құтқарып алды ғой. Сондай биік дәрежесіне қарамай бұның қамқорына айналды ғой.
Екеуі оңаша қалған. Көп сөйлеген, көп сұраған, жай-күйге қанған жақсы ағасы Сәуленің жағдайына қатты күйзелген. Мамасының аурулы екенін естігенде көз шарасына жас толған. Үй тимей, шардактан нашар қуыста тұратындарын естігенде көп созбай пәтер алуларына көмектеспек болған. Жұбатқан да әлдилеген. Әлдилеген де жұбатқан.
Азанда ағасына қайта оралған. Таңғы табиғи жарықта әкім ағасы көзіне сондай әдемі, сондай ыстық көрініп еді. Соны сезді ме, Ғазиз Құлтанович түрегеліп келіп құшақтап, маңдайынан емес, төбесінен сүйді. Сол сәт аға ернінен тұлабойына дірілді ток жүгіріп өткендей болды. Кеудесінде ыстық толқын шалқыды. Ырзалық танытқан қап-қара көздер ағасын елжірей шарпып еді. Аға құшағы қысып ала жөнелді.Ал, бұл... бұл сол құшақтың сығымдауын тіледі. Неге тіледі? Әлі де жауап қата алмас еді. Бірақ сондағы құшақ құрсауында тұрып өзінің ағаға деген, әкім ағаға деген өзгеше құштарлығын байқап қалған. Сол сезім бәлки жүзіне қалқып шықты ма, көзінен аңғарылды ма... екеуі кең төсекте табысқан.
Сәуле тағы күрсінді. Балтаның желкесіне қадалып өтіп терезеге мойын бұрды.
"Өзім көндім. Тез көндім. Неге? Неге тез көндім? Кеше ғана анандай жағдайға душар болсам да, оп-оңай ұмытқаным ба? Әлде базарлай алар қымбаттымнан айрылған соң бәрібір деушілік пе? Жоқ! Ағаны қалағаным рас... Әй, сынған бүтінделмес-ау, кір тазармас-ау. Көңілді жаңғыртам деп бекер далбасаламадым ба? Атақ, лауазымына төтеп бере алмадым ба екен?"
Терезеден салынып жатқан он екі қабат үйдің қаңқасы көрінді. Сәуле әлгі үйге мойнын қисайта ұзақ үңіле қарады.
"Қандай биік үй!.. Сатылары бар ма екен? Ең жоғары қабатынан құласа... анаған... жоғарысына шығу да қиын-ау. Ал шыға алса... төмен қарай бір аттау түк емес".
Денесі дір ете қалды. Майсара құшақтай алды.
— Не болды, Сәулетай?
— Жай... Әлдененің ойыма түскені.
Сәулеге Майсараның құшағынан суық, Майсараның құшағынан жек көрінішті ешнәрсе жоқтай сезілді. Тағы да жақтыртпағанын айқын танытып иықтағы қолды серпіп тастап, есікке қарай ығысып отырды.
"Әй, мынаған не жоқ. "Сиыр судан, су сиырдан жериді" дегендей айра-жайра болғанын менен көре ме..."
Майсараның жүрегі солқ етті. Енді ғана түйсігіне әлдене жеткендей болды. Сол-ақ екен оң жағындағы қызға қарай алмай бүрісе берді.
"Әрине, мен кінәлі. Мен! Ғазиз Құлтанович менің тілегімді орындамақ болып, бәрін ұйымдастырған. Сол! Әйтпесе, қарап жүрген қызға кім көрінген ұрынбайды. "Балтаға апарамыз" десе, дәл осылай шешіліп қойылған. Бәрі мен үшін. Менің қамым үшін. Ғазиз Құлтанович ештеңеден тайынбайды. Сонда бұл қыз өзі бірдеме сезе ме? Мына ытырылуына қарағанда, қолымды қайта-қайта сілкіп тастауына қарағанда пәленің қай тұстан басталғанын тұжырымдайтын сияқты-ау".
Үшеу үн-түнсіз отырып, Майсараның үйінің есік алдына тоқтады.
"Сәуле түсер ме, түспес пе?" деп Майсара бекер қауіп ойлаған екен, томпаңдап соңынан ілесті.
— Мен машинаны стоянкаға қойып келейін, — деп Балта зырғыта жөнелді.
Пәтерге кірісімен Майсара Сәулені ваннаға кіргізді. Су толтырып, әртүрлі қылқан, жапырақ, шоп салып, өтектеліп қатталған түкті орамал, атлас халатты әкеліп беріп кетті.
— Көйлегіңді бері тасташы, Сәуле.
— Қайтесіз?
— Машинамен тігіп көрейін.
— Әй, жамап-жасқауға келмес, тәте. — "Тәтені" кешіктіріп айтса да, Майсараны сондай қуантты. "Білмейді. Кешір, Сәулетай! Әркім өз бақыты үшін күреседі". Бірақ күрестің адал-арамын ескермеген келіншек сәтте өзгеріп, жүзі жайнап, ас үй мен зал бөлменің арасында зыр жүгірді. Шай қойды. Кастрюльге ет салды. Жарты қазының жартысын және салды. "Балта қазыны сондай жақсы көреді". Қазыны жек көретін еркек жоғын, қазақ жоғын қайтсін. Балтасын тойғызса, көңілдендірсе, Сәуленің көңілін тапса, Майсараның онда желі оңынан есіп береді ғой.
Көйлек киюге жарамай қалған екен. Тездетіп өзінің көп көйлегінің бірін әлгі көйлекпен салыстырып, етегін кесе қысқартып, дем-арасында дайындап қойды. Дәл қазір Сәулеге не сұраса да беруге әзір.
Есікті өз кілтімен ашып Балта кірді. Ұзақ уақыт командировкада болғандай-ақ, өз от басына аңсап, шаршап оралғандай-ақ, арадағы ұзақ үзілісті ескерер емес. Келген бойда ас үйден еттің көбігін алып шығып келе жатқан Майсараны құшақтай алды. Құшақтай алған күйі алқымына тұмсығын көміп иіскеп, сүйіп тұрды да, сол ынтыға, құштарлана құшқан бойда жатын бөлмеге қарай сүйрелей жөнелді.
— Тоқта, Бал? Сәулетай ваннада отыр...
Балта құшағын босатып жіберді де, түкірігін қылғына жұтынды.
— Енді оны тезірек жібермейсің бе... көргім келмейді.
— Қатыгездік жасама, Бал!..
— Қатыгездік... Мен бе екем? Танымайтын еркектерге ілесіп несі бар. Шошақайланып... Өзінен көрсін.
— Онсыз да жапа шеккен байғұсты сен екеуміз кінәламайық, Бал. Жаны жаралы шіркін тіпті уатылып кетер.
— Маған енді бәрібір.
— Олай емес, Бал. Бәріміз кінәліміз. Аз-аздап болса да кінәліміз. Енді қол ұшын беруге тырысайық. Тым ытырына бермегін.
— Не істе дейсің маған? — Балта күрсінді.
— Түк істеме. Бірақ Сәулені босқа күйдірме. Бекер жазғырма. Түсіңді тым суытпа.
— Жарайды.
Балта жатын бөлмеге кіріп кетті. Дәл сонысы Майсараға: "Өзіңе келдім. Біржола келдімін" білдіріп еді.
Кереуетке шалқалап құлай кеткен жігіт қалың ойдың тұңғиығына шым батты. Құлаштағанмен малту қиын. Тырбаңдағанымен бойлатпайды. Басынан аса көміп кеткен шытырманымен тұншықтырып барады.
Мақсатына жетіпті. Тіпті жыл тәулігі оралмай-ақ тез жетіпті. Осыдан тоғыз ай бұрын қиялын ғана қамшылаған кешегі жалаңаяқ студент, тесік қалта инженер ғана еді. Баста үй, басқа күйдің бірі де жоқ еді. Көше кезіп жүріп көп терезелерге көз сүзетін. Көп терезелердің ар жағынан қараңдаған бейнелермен ұстасып, люстраларды быт-шыт қиратардай қалшылдайтын. Өз үлесін өзгелер ұрлағандай, өз жерінде өзгелерді төбесіне шығарғандай көретін. Соған ызасы қозып, ашуы қайнап, шамасы келсе, Алатауды Алтайға қосып, Алтайды Қаратауға жамап, тағы бір "Ақтабан шұбырынды" болса да, ана тілінен басқа өзге тіл естілмес оңашалық жетсе деп шабынатын. Бірақ онысы тек көше кезген сәттерде терезенің тұсынан "Степь да степь кругом"... немесе "Арлекино, арлекино-лардың" төгілетін кездерінде ғана ширығатын. Енді міне, бәрі бар. Қаладағы ең әдемі үйлердің біріндегі атшаптырым үш бөлмелі пәтер, қаласа, бұныкі. Қаладағы ең сұлу, ең сылқым, ең бай келіншек қаласын, қаламасын бұныкі. Астында желқайықтай сырғыған жүйрік "Жигули". Ертең ғылым кандидаты дейтін қатырма қағазды жамбасқа басып, анау Жарқын-парқын, Сергей-мергей, Қадірбек-Сәдірбектерге пысқырып та қарамайтын лаборатория меңгерушісі боп шыға келейін деп отыр. Одан соң... ғылым докторы, бәлки профессорлық, тек өзіңе ғана байланысты деп Ғазиз Құлтанович тағы бір игіліктің құлағын көрсете қылтитып қойды. Бәрі өзіне байланысты. Егер өмірдегі өз мақсатына шын жеткісі келсе... Яғни мынау тобанаяқ көптің біріндей ұсақ-түйекке алданбай, анау... анау биікке қонжитатын кесек мақсатқа қол созса, онда әрине, бәрі өзіне ғана байланысты. Онда не?.. Құр тырбаңдай беруі керек не? Онда шаты айрылып, саны салдырап, тізесі қалтырап болдырып барып, жер ортаға да жетпей құлауы әбден мүмкін. Оған көзі жетіп болған. Бір басында он кісіге татыр білім мен талантың болса да, жеке тырмысып түк өндіре алмайтының бұл заманда аксиома ғана. Ендеше не істеу керек? Тәнді тұғырға қондыру үшін жанды құрбан етер ме? Әулиелік пен ақ көйлектік бүгінде кімге дәркер? Солар өзі қалды ма? Жаным — арым деп әлденесін бұлдаған кәрі қызша тақуасып отырып алғаннан не ұғады? Ұта қояр ма? Тақуа болғаннан не ұтады? Әулиемсінгеннен тапқан пайдасы не? Сәулені қызғыштай қорып, асты-үстіне түсіп өбектеп жүріп, бар асылынан бір-ақ түнде айырылып, жер тоқпақтап отырысы мынау ғой. Сол ма ар мен жанның тазалығын күйттеуден тапқан олжасы? Мейірбан да адал болам дейтіндердің алданып қала беретінін ескеретін шақ әлдеқашан жетпеп пе еді. Әрине, Сәулетайды бірден ұмыта қоюы қиын. Арманы мен арманы сабақтасқан.Үміті мен үміті қабысқан. Бірақ өткенге енді оралу қажет емес. Емес. Өткеннің есігін қатты жауып, кілттеп тастау керек. Өй, жабу да оңай емес-ау. Айналып соғып өзі-ақ алдынды орағыта берер-ау. Сәулені ұмыт, Василий Сергеевичті ұмыт, шұрым-бұрым Сергей, Жарқындарды ұмыт, бірақ Барақтар ұмытылар ма?Анау кедей-кепшіктігіңнің белгісіндей анаңның ұсақ күйкі тірлігі ұмытылар ма? Қайдан ұмытылсын! Маңдайыңа ойып басылған қарғыс таңбасындай ғұмыр бойы құрсауынан бір босатпас. Босану үшін тағы да сол бір-ақ жол - арды тәнге құрбан ғып шалу керек. Тек өз жаныңды ғана емес, талай жанды, талайдың арын. Сонда ғана биік МАҚСАТ табаныңның астында жолбарыстың иленген терісіндей былқылдап жатады. Сонда ғана ар соты, жан азабы дейтін күйрек күйгелек жандардың ойлап шығарған дал баса тірлігінен аулақ тұрасың. Ал егер сол ар соты, жан азабына сенер болсаң, ондат Майсараны ұмыт, Ғазиз Құлтановичты жауыңа айналдыр, Барақты жендетің ет те, күл паршасы шыққан Сәулетайды жамап-жасқап алып, қолтығыңа қыс та, анау техникалық этаждағы сасық суы сарылдаған қапасқа тірідей көміл. Сенің адалдықпен алар үлесің де, еншің де сол. Сол ғана! Басқаны дәметпе. Тісің қышымасын!
Ау, сонда қалай болғаны? Жылаған Сәуле жылай берсін. Жазықсыз Бектемір темір тордың ар жағында қала берсін. Барақ, Магомедтер бел алсын. Ғазиз Құлтановичтың биік лауазымы бет перде болып, талай қылмысты жасырып жасата берсін. Мақан ауылдың кәрі-жасын бір шыбықпен айдап, "әй" дер әже, "қой" дер қожа таппасын. Майсара ай сайын уыс-уыс ақша әкеліп, Балтаның модалы киімінің санын көбейтсін. Анау үй-күйсіз Светалар аурудан шықпасын. Осы ма жан күйттегендегі алары. Көре тұрып, көрмеу, біле тұрып өзі де соларға ілесіп, қосыла тепектеуі — сұмырайлықтың шыңы емес пе. Жай ғана сұмырайлық па ол. Дөкір, мекер, жымысқы, жантүршігер лас қылмыстың өзі емес пе.
Жо-жо-жоқ! Елден ерекше бола алмайды. Болуға қақысы да жоқ. "Балық басынан шіриді". Леонид Ильичтің өзі осы аталғандарды қылмыс санамайды. Ұшқарылық демейді. Кінәға қоспайды. Себебі ме? Себебі — анау төсіндегі саусылдаған темірлер. Себебі — анау министрдің орынбасарлығына ракетадан да жылдам көтерілген ұлы мен күйеу баласы. Себебі — толып жатыр ғой себептер. Орындалмаған жоспар орындалған боп жатса, салынбаған үйлер салынған боп жатса, дүкенге түспеген ет пен сүт, май мен жұмыртқа сатылған боп жатса, өзін-өзі маңдайға төмпештеп, өзін-өзі кінәлап, өзін-өзі жазаға тартып бұл неге тыраштанады. Тәубеге келер-ау, сол тәубеге келіп адалдық алдында, ар алдында бас ұрғанын дұрыс түсінетін жан таба алар ма? Ақымақ санап, ауышқа балап, сырт айналып түңіліп кеткен жұрт содан кейін маңайынан жүрер ме. Жұмақ дүниеден тозақ отына қашқан жанды, әрине, ешкім саудың қатарына қоспайды. Ендеше, өзін өзі қажайтындай сұмдық күнә жасаған жоқ. Кісі өлтірмепті. Ел тонамапты. Қыз зорламапты. Шыны шишадай сыңғырап, мөлдіреп тап-таза тұр. "Алтынды жерден, ақиқатты қайғы мен шерден табады" дейтіндер шер-шеменін онда көмейлеп жұта берсін. Қасірет шегіп ақиқатқа жеткенше, қызық көріп күнәға батқан көп артық.
Сәуле... Өкініш қана қырнайды. Сары майдай сақтағанының дәмін тата алмағаны аянышты-ақ. Сыбағасынан қағылып жүретін қандай ашықауыз жетім несібелі мүсәпір еді. Әйтпесе ғой Сәуленің қызығын өзі көретін еді. Мүмкін күдерді бірден үзгені бекер ме екен. Кәрлен кесе сынығындай емес пе ол. Қадірлей білсе, әлі де тояттауына жарап қалар. Майсара да сынық күйінде кездессе де, шөл қандыруға жарап жүр ғой. Біржола ысырып тастағанда не түседі. Жаман-жақсы болсын өз қолымен мәпелеп өсірген қызғалдағы еді ғой. Біреу үзіп тастады деп, сола қоймаған раушанды еңкейіп көтеріп, төсіне қыстырса, әлі де жұпарына тұшынбас па. Әй, бірақ жұлынған гүлдің аты — жұлынған гүл. Қайбір жұпар қалушы еді онда. Көп ойланғанда, көп қиналғанда не түседі".
Кереуетті сықыр еткізіп аунады. Мұрнына жастықтан Майсараның исі жеткендей болды. Етпеттеп жастыққа тұмсығын көмді.
"Майсара! Майсарама жан жетпейді. Мендегі жоқ қасиеттер Майсарамда бар. Жаны нәзік жүрегі кең. Сонсоң қызғаншақ емес. Сәулені әне, үйге ертіп келіп, жанашырлық көрсетіп жатыр. Ал, Сәуле оны аямас еді. Мен Сәулені білем".
Қайтадан шалқасына аударылды. Енді танауына қазының дәмді иісі жетті. Ғазиз Құлтановичтың дастарқанынан ауыз тигенімен, үлкен адамның мысы басты ма, онша қарбытып тамақ жей алмап еді, шұрқыраған қарын әлек сала бастады.
"Майсараның дастарқанына да ешнәрсе жетпейді. Сондай қолы ашық. Және сондай дәмді пісіреді, не пісірсе де".
Балта орнынан тұрып, залға кірді. Майсара мен Сәуле шай ішіп отыр екен. Сәуле тыжырынып, теріс айналған болды.
"Тыжырына бер, көгершінім. Ендігі қадірің қалайы қасықтай-ақ!" деген қараспен Балта еп-ерсі күлімсіреп Майсараға өкпелеген балаша торсиды.
— Өздерің оңаша шай ішіп, мені аштан-аш қамап тастайсыңдар, ә.
— Ұықтап қалды ғой деп... ас піскенше жата тұрсын деп оятқымыз келмеп еді, — деп Майсара жуып-шайды.
— Қайсыңның оятқыларың келмеген?
Сәуле иық қушитты. Кесесін алақанымен басып, орындығын сырғаната столдан кейін шегінді.
— Мен... Сәуле сенің келгеніңді де білген жоқ.
— Әу, Сәулетай, оның не? Ат құйрығын кесіскен сияқтысың ба, — деп Балта тесірейді.
Сәуле жігітке ызалана қараған, бірақ көз тоқтатуға дәті шыдамай, мойнын бұрып әкетіп үнсіз қалды.
— Шайыңды іш, — деді Майсара жайлап қана. — Алма мазасын. Сәуле, болдың ба? Неге аз іштің?
— Рақмет... — Одан әрі дірілдеген дауыс көмейге тығылып, көзден жас ыршытардай халге жеткен еді. Соны сезген Балта одан сайын тақымдады. Мынау жазықсыз жапа көрген қызды жазғырып қинаса, жаныла рақат табатындай көрді.
— Тойған ғой. Екеулеп-үшеулеп тойғызған ғой әбден.
Сәуле орнынан атып тұрды. Көздері ұшқын атып, шоқ шашып, бүкіл денесі ашуға булыққан екен.
— Иә, тойдым! Бәрі сенің арқаң! Сенің кесірің! Сен қайырсыз болмасаң, сен жеңілтек болмасаң, сен көрсеқызар болмасаң, мен тоймас едім де қанбас едім! Сен арандатқан! Сен адастырған! Біресе олай шалқыдың! Біресе бұлай шалқыдың! Тұрақты күнің, тұрақты сөзің жоқ сенің! Иә, тойдым. Сенің арамдығың тойғызған мені. Сенің залымдығың тойғызған мені. Мен сенің ішегіңнің қырындысына дейін білем. Мені осындай қорлық кепке түсірген сен. Сенсің, Балта! Сенің пиғылың! Сенің ниетің! Сенің қараулығың! Сен алдыңғы күні Майсараны көрдің. Көрдің де нілдей бұзылдың. Оны мен сезбейтіндей маубас емеспін. Кеше уәделескен жерге де келген жоқсың. Мүмкін анау жігіттерді сен жіберген шығарсың? Мен сенің даусыңды естігем, Балта! Сенсің бәрін ұйымдастырған! Сен — жауыз! Сен — жыртқыш! Жек көрем! Ит етінен де жек көрем сені. Сенде ар жоқ, сенде ұят жоқ. Сен оның бәрін тірідей көміп тастағансың. Лағнат жаусын саған! Қарғыс атсын сені! Көз жасым тапсын сені! — деп Сәуле бір аттап жақындап келді де, Балтаның бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді.
Бетіне жұққан түкірікті жеңімен сүрте-мүрте атып тұрған Балта жұдырығын түйе ұмтыла бергенде Майсара қолын қағып қалды.
— Болды! Отыр!
Балта сылқ түсті. Сәуле тұра жөнелді. Майсара дәлізге ілесе шықты.
Дірілдеп қалшылдаған жігіт көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Бетіне түкірік емес у тигендей қайта-қайта сүрткіштеп әбігерленіп отыр.
"Жаман атқа жал бітсе"... Қарашы жерлеуін! Аяғанды білмейді-ау. Әйтпесе баяғыңа-ақ бауырыма басып умаждап тастағанымда дәл бүйтіп сайрамас еді! Қап! Басқа ұрғандай тұқыртып кеткені батты-ау бәрінен бұрын. Жауызды көрмей жүр екен. Ақыры жауыз атанатын болған соң бұл күнін де көп қылуым керек еді. Әй, Майсараға не жоқ. Қолымды қағып... Еркекке қарсылық білдіреді, ә. Екеуін де дәл қазір пәршек-пәршек етейін бе осы!.. Кімді басынады бұл шөпжелкелер?.."
Сәлден соң Майсара кірді.
— Сенікі жөн емес, Бал. Жаны онсыз да ширығып отырған бишараны соншама мұқатқаның қалай. Жазығы қанша еді? Неге сонша шүйілдің?
— Бар жазығы... Жазығы бар, — деп Балта қайталай берді.
— Ол не жазық? — деп Майсара әдемі жүзін түгел бұрып, Балтаға қадала қарады.
— Оны өзі біледі.
— Білмейді өзі. Сәуленің білері: кінәсіз күйрегені. Сәуленің білері: қанатын от шалған кезде қасынан су себер жақын адамының табылмауы. Алдануы. Сол ғана Сәуленің білері. Соларды жазық пен кінә санасаң, Бал, онда мен де сені түсінуден қалған шығармын.
— Майсара, сенің адамгершілік қасиет, ізгілік ниет, қамқор қол ұшы дегеніңнің бәрі — бос сөз. Мынау қоғамдық ортада қалт-құлт етіп ербеңдеп жүру үшін оларыңның бірде бірі қажет емес. Қайта ізгілік мейірім, адамгершілік деп шырылдаған жанды Қожанәсір деп, Дон Кихот деп күлкі етіп, апарып тастайды. Бір ғана өзгермес, ауытқымас нәрсе, Майсара, ол өзіңді өзің сақтау, өзіңді өзің қорғау. Ол үшін басыңды тауға соғасың ба, тасқа соғасың ба әйтеуір көздеген мақсатқа қалайда жетіп жығылуға тырысасың. Ондайда жолыңда тас жатуы да мүмкін. Жолында бас жатуы да мүмкін. Ілгері аттау үшін тірек керек болса, аяқ астындағы яки тас, яки бас деп ажыратып үңіліп жатпайсың.
— Жо-жоқ, Бал! Мынауың біздің қоғамдық формацияға жат. Бізде адам адамға туыс, дос, бауыр, — деп Майсара қол созып бері шақырды.
— Бауыр!.. Тапқан екенсің бауырды. Магомед, Барақтар қылдан тайып көрші, бауырыңды қабырғаңды тірідей сөгіп суырыл алсын. Адам — адамға әр заманда қасқыр. Әр қоғамда қасқыр. Ал қасқыр болу үшін онда да арлан көкжалы болу үшін қай кезде де бай болуға ұмтылған. Еңсесі биік кеудесі шалқақ, айбыны асқақтың байлығы ғана құдіретті еткен. Ендеше жұлқысу, шайнасу ешқашанда бітпейді. Әлсізді күшті домалатып жейді, шайнап шырылдатады. Әлсіздің таланы — күнәға бату, абыройынан айрылу, еңсесін бір көтермей ертеңнен кешке тырбаңдау. Сондықтан да әлсіздер әманда жазықты. Әлсіздер әманда күнәлі һәм кінәлі. Алға түспесін, дауыс көтермесін, қатарға ілеспесін. "Аяз әліңді білді" оларға еш ұмытуға болмайды. Ұмытты дегенше омақасып, тоңқаяды да жатады. Әне олардың үлесі. Әне, әлсіздердің сыбағасы! Әне, олардың орны, — деп екі езуі көпірген Балта қызынып орнынан тұрып кетті.
Майсара жігіттің мынандай елеуреген қалпын бірінші рет көріп еді, кірпік қақпай қарап қалыпты. Балта сөзін бітіргенде басын қайта-қайта шайқады.
— Балта, мен бір нәрсе аңғарсам, сен сондай қызғаншақсың.
— Мен бе?! — Балта күлген болды. — Кімді қызғаныппын? Әлгі шүйкебасты ма?
— Жоқ! Қызғаншақ дегенде мен басқаша мағнаны зависть деген мәнді яғни күншілдікті, бақастықты айтам. Сенде сол бақастық көп. Енді дәл қазір анық байқадым. Сен өзіңнен мықтыларды, дәрежесі болсын, қызметі болсын, айлығы болсын, байлығы болсын сондай қызғанасың. Сондай күндейсің. Сен солардан асып түскің бар. Сен солардан озып кеткің бар. Сол үшін ештеңеден тайынып, ештеңеден аянбайтын тәріздісің. Бұрын сен, Бал, мұндай емес едің. Қазіргі сенің бар ниетің — баю. Елден ерекшелену. Атақ өсіру. Бірақ оның бәрі еңбексіз келсе, тез өшетін май шам екенін ескергің келмейді.
Балта сылқ түсті. Майсараға сығалай қарап, көзін оң алақанымен көлегейледі. Асүйден тасыған тамақтың қоңырсыған иісі жетті де, келіншек жүгіре жөнелді.
"Керемет сезгіш! Рас! Қатарымнан озғым келетіні рас. Ешкімнен кем емеспін ғой. Ендеше неге шаң жұтып кешеуілдеуге тиіспін. Еңбексіз таппа деп ақыл үйретпек. Алдымен өзіне неге айтпайды ол ақылын. Мынаның бәрі адал ақы, маңдай терімен келген-ақ шығар. Бүгінде еңбекпен бәрін алам дейтіндер — кембағалдар. Олардың да көзі жоқ емес. Олар да көп қарбағысы келеді. Бірақ соның ретін таба алмай қор болып жүр ғой. Содан кейін "адалдық! Та-за-лық!" деп өңеш созатын қызылкөздер солар. Мүмкіншілік беріп, көмейлеріне майлы сыбағаны тығып-тығып жіберсе, өңештеріне құм құйылып, көздері жайнап, қомағайланып шыға келер еді.
Сәулетайдың ашуланғандағы түрі керім екен! Жоқ, Сәулетай әлсіз емес. Сәулеш, қарада тұр, Майсараны әлі-ақ он орап алады. Мен білетін Сәуле болса, оның дүние-мүлік меншік-еншіге құмарлығы менікінен де әрман. Ол бәрімізден де асып түседі. Әй, ашуланғаны- ақ ұнайды. Екі аяғымды тура бір етікке тықты-ау. Тыз ете қалғаным жарамады. Майсара қолымды қақпағанда салып жіберуім мүмкін еді..."
Майсара бір табақ етті қайқайтып көтеріп кірді.
— Қолыңды жу, Бал.
Туралған сап-сары қазы көзін қарып түсті.
— Ай да Майечка! Қазы ғой мынау!.. Жарықтықтың исін-ай, мұрын жарып барады-ау!
Қолын жуып келген Балта енді стол үстіне қонжиган "Вардиханы" көріп, Майсараға күле қарады.
— Май мерекесі ғой. Атамасақ бола ма?
— Болмайды! Май, болмайды!
Тамақ ішіп болысымен Балтаның басқаша ойынды тезірек бастағысы келді. Қатарласа отырып Майсараның желкесіне алақанын басты. Барқыттай жұмсақ терісі мап-майда, жып-жылы екен. Қара шашты ашып жіберіп әлгі жерге ернін қадады. Танауына тек Майсарада ғана, Майсараның жібектей судыраған шашында ғана кездесетін нәзік иіс толқындап жетті. Жұмыр иық, атлас халатын түймесін үзердей асығыс ағыта сыпырып жібергенде, аппақ... аппақ мәрмәрдай боп жарқ етті. Осы мүсінге, осы денеге Балтаның көзі қанша қадалса да бір тойған емес.
3
Аптабымен қуырып бара жатқан май айы да аяқталып қалды. Күннен күнге ыстық үдей түсуде. Әлде осы ыстықты ауырсына ма, әлде өзінің дертінің "жерік" деп аталатын төркінін анықтағаннан бері ел бетіне қараудан қаймыға ма, Қатира фермаға жалғыз кетіп, фермадан жалғыз оралады. Осындайда өзінің бұзау қарайтын оңаша жұмысының қолайлылығын медеу көреді. Ал үйіне келсе, есік-терезені қараңғылап, бір самаурын шайды алдына өңгеріп, ысылдай сораптап отырғаны. Қышқыңдайтын ащыны да оңай тапты. Мына аңызақта сүт ірімей тұрар ма, кішкене қапшыққа салып сүзбе қылып еді, таңдайының дәмін қуырды. Маңдайының жетпіс жеті пора терін ағызды. Екі-үш мәрте саусақ батыра шеңгелдеп алып көмейлей соғып еді, жерігі қанды ма, содан кейін беттей алмай қалды.
Айғаншаға кеше ымыртта кіріп шыққан. Жайшылықта да Бектемірге "еркелеп" жиі бүркеніп қалатын байғұс, енді ұлынан өлі, байынан тірі айрылған соң тіпті божырап кетіпті. Бөксесін көрпемен орап алып, ыңқыл-сыңқылды бұрынғыдан да көбейтіп жіберіпті. Алпамыс бала балалық ойыннан ерте ажырап, томпаңдап су тасып, тымпыңдап аула сыпырып, құнтыңдап торы атты жайғайтын боп апты. "Әй, бірақ, ойын баласының ересек тартқан көзқарасы қиын екен, төменнен саған ергежейлі шал қарап тұрғандай өз-өзіңнен қуыстанады екенсің" деп Қатира талай запыланған.
Кеше де Айғанша төсек тартып қалған екен, Қатираның қарасын көргенде кәдімгідей ес тұтты. Бұрынғы атырынып тұратын әдетін ұмытып, жүзіне мейірім шақырды.
— Қалайсың, Айғанша?
— Менікі белгілі жай ғой, Қатира. Осы бір ауру шұғылынан қатты жабысты ғой. Мынау бүйірімнен, у- ух, жалған-ай, қанжардай қадалып барады-ау. Қимылдасам, оһ аллам-ай, сүйек-сүйегімді сырқыратып, жанымды көзіме көрсетеді. Қайтейін, анау кішкентай Алпамысымның, ух, тәңірім-ай, көңіліне қаяу түсірмейінші деп қайрат жинаған болам. Әйтпесе, қан қақсататын шеріме дерт қосылғанын құдайдан тілеп пем.
Қатира үйдің ішін жинастырып, самаурынға су құйып, от салып, сиырды сауып, сүт пісіріп, қаймақ қайнатып, үйдің берекесін кіргізіп-ақ тастады. Алпамыс та "тәтелеп" жанынан қалмай, қолынан келген көмегін жасап жүр.
— Ойнап келе ғой, Алпамысжан.
— Апам іздеп қалар.
— Іздесе, мен бармын ғой. Іздемейді.
— Жалғыз қалса, ылғи мені шақырады да жатады.
— Біз, апаң екеуміз шай ішеміз. Сонсоң мен апаңның басын жуып берем. Қасында болам ғой. Ойнап келе ғой. Ой, айтпақшы, қарның ашқан жоқ па?
— Ашпайды. Кешегі етті де мен таусып жегем. Апам түк ішпейді. Мені көрмесе, жылай береді, ухілей береді.
— Енді жыламайды, Алпамыс.
— Көкем қашан келеді, тәте?
— Жақында келіп қалар...
— Анау Сағит келмейді дейді.
— Қай Сағит? Сүйменқұлдың шешегі ме?
— Сол! Сенің әкең кісі өлтірген дейді. Кісі өлтірген кісіні стенкаға қойып атып тастайды дейді. Тәте, стенка деген не? Қабырға ма?
— Қоймайды стенкаға! Сенің көкең нағыз азамат, Алпамыс! Сенің көкең сондай жақсы адам, Алпамыс. Ол өлмейді. Ол келеді. Қайтып келеді, — деп Қатира баланы құшақтай алып, еңкейіп маңдайынан сүйді де, бауырына қысты.
— Көкем кісі өлтірмейді. Көкем... көкем!.. — Алпамыс иығы селкілдеп, солқылдап жылап жіберді. Мынау өксікте сәби жүректің наласы, өкпесі, жалғыздығы, қысасы — бәр-бәрі бар еді. Қатира қосыла жылаудан қорқып, бетін баланың иығына төсеп, қатайып алды да, Алпамыстың арқасынан қақты.
— Жылама, Алпамыс. Сен жігітсің ғой. Ендігі, көкең келгенше, осы үйдің бас көтерері өзіңсің. Апаң, әне, ауырып қалды. Сенің жылағаныңды көрсе, одан сайын ауырады. Ал сен жігітсің. Әне, үйдің маңайын сыпырып, тазалап қойыпсың. Көкең келгенде өзіңді азаматым дейді.
— Тәте, рас па? Көкем келе ме? Мені азаматым дей ме? — деп бала тез тұтанды.
— Дейді. Айтады, Алпамыс. Бар енді аздап ойнап кел.
Көңілі жайланған бала құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Алпамыстың соңынан елжірей қарап қалған Қатираның екі бетін тіле аққан қорғасын жас кешкі шапақта оттай болып алаулады.
Айғанша шайды ұзақ сораптады. Іштегі құса ғана ауырта ма, көңілі сәл бөлінсе, кәдімгідей жүзіне шырай жүгіріп, өңі кіріп қалады екен, соны байқаған Қатира жайшылықтағы аузы ауырлығын ұмытып, талай әңгіме, талай өсекті айтып тастады.
— Ойпырмай, десе, Айғанша, анау Нәзия, Алпамыстың мұғалімі ше, сол өзі қызық адам екен, — деп сәл кідірді. Айғанша елеңдей бастады.
— Сол шіркінді әркім-әркім сөз қылатын боп жүр ғой. Жеңілтек деседі.
— Тіпті айтпа! Әбден ұшқалақ екен. Алдыңғы күні қара торпақты іздеп жүрсем... мектеп оқушыларымен өзен жағасында жүр. Тырдай жалаңаш!..
— Қой, Қатира, тырдай жалаңаш емес шығар?!
— Төсі мен бутында бір-бір тартары ғана... Баламен бала боп су шалпылдатып шомылып мәз. Өзі араққа да үйір деседі. Әлгі Мақанның "Рахатханасында"... — Мақанның аты тіліне оралысымен үні өшті.
— Мақанның "Рахатханасында" не бопты?
— Соған жиі барады дейді өзін. Айғанша, шайды болдың ба, кесеңді неге төңкердің?
— Болдым, әбден қандым.
— Онда мына қалған сумен басыңды жуып берейін.
Айғаншаның басын жуып, төсегін қағып-сілкіп қайта салып, енді шашын тарауға кірісті. Екеуі дәл қазір біріне-бірі сондай жақын, бірін-бірі сондай іш тартып отыр. Бастарына жалғыздық түсіріп, кіріптарлық көрсеткен тас бауыр дүниеге иық тиістіргенде кәдімгідей сес байқататын айбар тапқандай көреді. Әркім сыйлағанның құлы. Айғанша Қатирадан Бектемірін қызғанып қанша тіксінсе де, дәл мынандай жанына шоқ түскен кезде су себелеген құрбысын қиянатқа қимайды. Содан болар Қатираның әр қимылы, әр сөзі жанына майдай жағып барады.
— Айғанша, шашың әлі ұзын, — деп құлаштап тараған Қатира кенет үңіліп, тоқтап қалды.
— Не? Немене? — деді Айғанша.
— Ақ! Ақ түсе бастапты.
— Ақ түседі ғой, Қатира... Түсірді ғой дертім. Әйтеуір Бектемірге бір алла өзі жар болып, әділет арашалап алса, шаштың ағы, беттің әжімі сөз бе, тәйірі, — деп еңкейіп отырды да, іле Айғанша, артына бұрылып, Қатираның бетіне тесірейе қадалды. — Сенде әлі әжім аз... Әй! Әй, Қатира! Ойпырмай, бетіңе ноқта түскен бе?!
Қатира селк ете қалды. Жүзіндегі мейірім сәтте сусып, дір ете шошынып, боп-боз боп кетті. Дем арасында көзіне құйылып келген ыстық жасты, күйік жасын кірпігімен жасырып, ернін тістелеп, төмен тұқырды.
Қатираның дәл осы абдырауын Айғанша өзінше түсінді. Тұла бойын суық шалғандай қалтырап, құрбысының қолындағы шашын сусытып босатып алды да, кейін сырғыды.
"Беті мен мұрнының үстіне анық ноқта түсіпті. Бектемір екеуінікі расқа айналды. Қандай қарабет! Не бетімен көзіме қарайды? Шімірікпеуін кәпірдің! Әй, Бектемір, Бектемір! Жаным жабырқап жүргенде енді мына опасыздығыңды қалай кешірем. Кешіре алармын ба? Ертең-ақ бәрі белгілі болады ғой. Қарашы қаншықты! Күле кіріп, күңірене шығады екен-ау! Нем қалды енді қадір тұтатын? Бектемірдің жолын тосқанда қай қылығына сүйініп тосам? Енді де емірене қоям ба? Кеткен екен біржола. Тапқан екен қалаулысын. Салдақыны!"
Ойылдағысы еріксіз тіліне оралды.
— Салдақы!
Жалғыз сөзде қаншама жиіркеніш, қаншама кек қаншама зіл жататынын Қатира алғаш сезді. Құрбысының бетіне бұрылып қарауға да шамасы жетпей, көзіне құйылған жасты саулатып жіберді.
"Ақыры салдақы атандым. Атандым. Айғанша айтты. Бұдан былай жұрттың бәрі менен безіп кетеді. Оба шыққан жердей айналып қашады менен. Салдақымын".
Екі иығы солқылдап булыға жылаған әйелге Айғанша одан сайын жаны түршіге жауыға қарап қалып еді.
"Көр жыла, жер жыла бәрібір енді ақтала алмайсың! Опасыздығыңды кешіруге дәрменім жоқ. Құрбым едің, күйеуімді жадылап, ноқталап әкеттің. Өл де маған, енді исінерім жоқ! Енді илігерім жоқ! Қандай аяр едің, Қатира! Ақыры міне, ұсталдың. Тағдырдың жазуын пенде тоқтата алмайды. Масқаралап таңба басып, тәңір хақ күні ертең бар мекерлігіңді ел-жұртқа айғақтайды".
Айғанша шашы қобыраған қалпы шұқшия қадалып, Қатираның дәл қазір қатал тағдырының сотына ұқсап кетті. Қатира сол аузын ашып, тіл қатпаған күйі орнынан тұрып есіктен шығып жүре берді.
— Әй, салдақы! Бектемірді саған енді басы бүтін бердім! — деген Айғанша сөзі қуалап естілді.
"Неге айтпадым? Шындықты неге ашпадым. Мынау күйдің күнәқары Бектемір деп ойлайды екен ғой Айғанша. Қайырылып барып, ішімді ақтарсам ба екен. Әй, сенбейді-ау ол. Күнәқар әйелге кім илансын. Тарт енді азабыңды. Адам түгіл жаратқанның өзі теріс айналғанда, қай пендеден рақым табарсың. Атты ғой тәңір қарғысы!
Қараңғы көшеде ілбіп келеді. Етекте дуылдаса ойнаған балалар шуы болмаса, қарсы беттегі клубтан тараған дарылдақ музыка болмаса, бөтен дыбыс жоқ. Ауыл демін ішіне тартып, мына жаралы жүрек жаны ыңқылды әйелді үн-түнсіз бақылап тұрғандай.
Өмірде періште аз, пері көп. Аңдысып, жұлқысып жатқан пиғылдардың қараулығын көбейтетін де әлгі көп перінің әрекеті. Соны ойламай адасып жүре беріпті. Сенгені жаратқан тәңір еді. Жаратқан тәңір сенімін сындырып, тағдыр гүрзісімен төбесінен соғып жіберді. Енді табар тірегі жоқ. Жалғыз-ақ өкіне қиналатыны — Мақан жауыздығының Бектемірге телінуі. Жазықсыз шіркіннің кінәлі аталуы. Ең болмаса сол азаматтың арын қалай ақтап алар. Ақтай алмаса, өзіне таңылған өсектің кірін оған да жағып, қаралап өтеді ғой. Қайтсе жан тыншығар? Қайтсе ғана аласұрған көңілдің дауасы табылар?
Сүрініп кетіп ұшып түсті. Тізесін оңдырмай соғып алды. Бүктетіліп отыр. Орнынан тұрғысы жоқ. Дәл қазір жұлдызы жамыраған даланың өгей баласындай жатбауырлық сезініп, дүниені түгел тәрк етіп, жоғалып кетсе дейтін қытымыр ойға бейім. Төмендегі балалар шуы мен жоғарғы жақтағы дарылдақ музыка әуені де құлағына жетер емес. Дүние бөлек бұл бөлек. Таразының екі басында бір-бірінен аулақтанған қапалы әйел мен бүкіл әлем. Бірақ біріне бірінің өсері жоқ, қатынас әрекеті жоқ. Ол да оқшау, бұл да оқшау.
Әлдекім иығынан тартқылады. Қатира шошынған да, түйсінген де жоқ. Иығынан ұстаған адамға селқос қана бетін бұрды. Қаракөлеңкеде онша танымады.
— Қатира тәте, сен топырақта неге отырсың? Үстің былғанады ғой.
— Ә-ә, Тілеу?! Сенбісің?
— Сен неге жығылдың, тәте? Аяғың астына қарамайсың. Сонсоң отырсың, отырсың. Тұрмайсың. Тұра ғой, Қатира тәте. Мен апамды сүйеп жүрем. Апам тағы бәлніске кетті. Ан-а-ау жолмен машинаға мінгізіп әкеткен. Грузовек машинамен.
— Ә, Тілеужан, апаң жазылып келеді. Сонсоң сен оны өзің тағы да сүйеп жүресің.
— Мен ылғи жол тосам, тәте. Бүгін де келген жоқ. Үйде отырсаң іш пысады. Күндіз Біләлге барғам.
— Қайда? Қайда дейсің? — Қатира селк етіп ес жиды. Орнынан көтерілді. Біләл Тілеудің Ауғанстанда қаза болған інісі. Сонда Тілеу оған қалай барады?
— Бейіттерге барғам. Біләл керой деген жазуды балалар тас лақтырып сындырып тастамасын деп барғам. Олар неге тас лақтырады, тәте?
— Ойнайды ғой...
— Керойды өйтуге болмайды. Олар дұшманды жақтай ма, тәте?
— Жоқ, Тілеу. Неге жақтасын.
— Анау Сағит — жаман. "Мен — дұшпанмын!" деген.
— Иә, ол нашар бала. Жүр, Тілеу.
— Қайда?
— Біздікіне барайық. Шай ішейік.
— Мен шай ішкем.
— Сен мені сүйемейсің бе?
— Сүйеймін...
Жұмыртқа қуырып, қаймақ салып, қант-кәмпитін Тілеудің алдына жақындатып қойып Қатира өзі де столдың шетіне отырды. Дүниеден бөлектеніп қалғанда, сол дүниенің елшісі боп қол созған Тілеуді кәдімгідей қара тұтып ес жиды. Ішіндегі қап-қара түс ыдырап, ішіндегі өкпе-қыжыл мысқалдап азайып барады. Мынау өзі ауру, шалаесті Тілеу бұған деген мейірімімен-ақ дүние қаталдығын жұмсартып жіберген тәрізді.
— Іш, Тілеу! Шайың суып кетті.
— Тәте, мына кәмпиттерді Балта әкелді ме?
— Иә-ә...
— Мен оны көргем. Балта городекій жігіт, ә?
— Қашан көрдің?
— Сонда келгенде ол менен Қобландының моласын сұраған. Мен оны бөтен кісі деп қалғам. Ол Балтаның көкесінің бейітінің басында жылаған.
— Сонсоң қайда бардыңдар?
— Біздің үйге барғанбыз. Мен үйге барғанда Балтаны таныдым. Балтаның мына жерінде — Тілеу оң білегін түріп көрсетті. — Осы жерінде қалы бар. Кішкентай кезінде көргем. Сол қалы әлі бар. Балта маған әбтамат әкеп берем деген. Мен дұшманды атам онымен.
— Сен жалғыз қорықпайсың ба, Тілеу?
— Жоқ, тәте, қорықпаймын... Балта келгеннен кейін маған Дұшман келмейді. Саусақтарымен буындырмайды бұрынғыдай. Ой, тәте, оның саусақтары темір ғой.
— Кімнің?
— Дұшманның! Анау біздің Біләлдің басын жұлып тастаған Дұшманның.
Қатира қарап отырып тітіренді. "Дұшман" дегенді қайдан естіді екен? Телевизорды тыңдаған шығар. Біләлді сағынады екен-ау. Сол дұшпан маған кездессе... Басымды жұлып алса..."
"Басымды жұлып алса..."
Осы төңіректегі ой ал кеп шырмасын.
Басты жұлғызбай-ақ көз жұмуға болады ғой. Өлімнің, өлудің түр-түрі көп.
Сол-ақ екен жаны түршікті. Мелшиіп отырып қалғанын өзі де сезбеді. Ендігі далбаса айла-амал — өлімнің түрін іздеу, соған бел байлаған ашадды жанның қаракеті бар тілегінде. Мелшиген бойы небір қиялға шомып, алдымен пора-пора терледі. Артынша тұла бойы қалтырай дірілдеп ала жөнелді.
Есеңгіреткен ойлардан есін жиғандай кезде өзінің шошайып жалғыз отырғанын көрді. Тілеу кетіп қалыпты. Кәмпитті де алмапты.
"Менен ол да тәуір. Шешесінің қамын жеп, інісінің құлпытасын қорғайды. Мен не күтем? Нені көксеймін. Жалғыз ұл қарасын көрсетпек түгіл хат-хабарын да білдірмейді. Енді мынау құбыжық халімді көрсе, естісе мүлде безініп, түңіліп кетеді-ау. Әлгі Айғаншадан басқа ешкім сезген жоқ. Айғаншаға барлық шындықты айтып, көзін жеткізсем, ол шіркін бірге өскен құрбы емес пе, жан адамға тіс жармас. Содан соң... Одан арғысы белгілі ғой. Шылбыр көп. Сірке суы бар. Тұңғиық қанды қарасу да ауылдың іргесінде.
Қап! Тілеу мына кәмпиттерді неге салып алмаған?
Ал деп айтпаған соң тұрып кете барған. Қандай қайырымды! Өзі анандай боп жүріп, қолтығыма жармасып, болысып жатыр. Ал, Мақан..."
Қайта мелшиді. Мақан аты ой-бойын ток соққандай мелшитіп, меңіреулендіріп тастайтын құдірет тәрізді.
4
— Мама, сүйінші, жақында үйге кіреміз!
Есіктен ойнақтай басып енген Сәуле шешесін құшақтай алып, еңкейіп бетіне бетін төседі.
— Ол не қылған үй, қызым? — деп шешесі Сәулені оң қолымен сәл ығыстырып, бетіне көз тоқтатты.
— Айтып едім ғой. Сонда айтқаным қайда? Үмытып қалдың ба? Әлгі кездестім деген адамды... — Сәуле қипақтай бастады. Стол шетінде отырған Анна Константиновна кесесін алдына қоя салып, Сәуленің етегінен тартты.
— Сен, Сәулеша, ол адамыңды маған да кездестірші! Суйіктім, Сәулеша, көгершінім, сөйте ғойшы, ә! Мен де мүмкіндік болса, бір тырбаңдап көрейін. Әйтпесе Лешка-Леха әбден аурудан шықпайтын болды. Қалай, Сәулеша, сен мені ескергің келмей ме. Мен сезем. О-о! Мен бәрін білем! Сен, Сәулеша, асылзат құрбым, бүгінде сондай... сондай биікке көтерілдің! Сен бәрін-бәрін, қаласаң, маған да жасай аласың! Анау сыртқы қақпаға келетін қара "Волга" нағыз құдірет! Ал сол құдіретті сен мархабаттым Сәулеша, шынашағыңмен билетесің.
— Қоя тұрыңызшы, Анна Константиновна, — деп Сәуле етегін босатып алды.
— Қоям, Сәулеша, қоям мен! Тек сен ренжіме, ашуланба, көгершінім. Әйтеуір мені ұмытпасаң...ескерсең... Өзім үшін сұрамаймын. Жо-жоқ! Ондай сұраншағың емеспін. Света мен Леха демесем. Света да есіктің алдына шығып, күннің көзіне дімкәс денесін тоса алады. Мені қинайтын Лешкамның жағдайы. Жүректалым Лехам аяқ баса алмайды. Қашанғы көтеріп жүрем. Света да арқалай-арқалай азып барады.
— Анна Константиновна тап бір Сәуле ордерді қолына ұстата қоярдай мөлие қарап, көз жиегіне мөлдіреп жинала бастаған жасын да сүртпестен, иегі кемсеңдей қадалып қалды.
— Жарайды, Анна Константиновна, айтайын, — деді Сәуле еріксіз бас изеп.
Анна Константиновна атып тұрып, Сәуленің қолына жармасты. Алақанының сыртын қайта-қайта сүйіп жатыр.
— Рақмет, Сәулеша! Рақмет, қамқоршым! Құтқарушым! Жебеушім! Ой, балаларымды қуантайыншы! Сәулеша, сен біле бермейсің, Лexa да, Светлана да сені сондай жақсы көреді. Тіпті сені тәңірге балайды! — деп есі шыққан келіншек аяғына ілінбей қойған сүйретпесін қолына ұстап шыға жөнелді.
— Отыр. Шайыңды іш, — деді Гүлшат қызына.
Сәуле тізе бүкті.
— Мама-ау, рас айтам. Үш бөлмелі пәтер аламыз. Кірпіш үйден. Кухнясы кең, арнайы жобамен салынған.
— Оны кім береді? Райисполком ба?
— Райисполкомға әлі де сенесіз бе, мама? Олар үй бергенше, керосин қатар. Әлгі мықты ағай.
— Мықты ағайың — Ғазиз Қултанович па?
— Сол, мама! Сондай рахымы мол кісі.
— Жоқ, Сәуле. Оның рахымы бұрын түспей , бүгін түскеніне сенбеймін.
— Неге, мама?
— Мен ол мықты ағайында да болғам. Жай-жағдайды түгел баяндағам. Аяған, мүсіркеген. Уәде еткен ол. Бірақ уәдесін жыл сайын күте-күте шаршағам. Маған өз жағдайымды ескеріп, әділ жолмен үй бермесе, "жырып қалдым, бұрып алдым" тәрізді қулықтармен берген үй қажет емес. Арамдық жұқпайды маған, — деп Гүлшат кесесін аузына апарды.
— Оу, мама-ау, ордерді ертең жазады. Паспорттарды сұрап жатыр ғой, — деп Сәуле тызылдады.
— Алам десең, қызым, онда өзің паспортыңды бере бер. Жұпар екеумізді қозғама.
— Неге?
— Мен саған шеше боп ақыл айтудан қалдым, Сәуле. Сен мені тыңдау түгіл , соңғы айдың ішінде жери бастадың. Туған анаң едім. Бірақ сен маған ана деп қарауды ұмыттың. Менен ұялатындай, қорланатындай болып тұрасың. Мүмкін о да болса тағдыр тәлкегінің бір парасы шығар. Он сегізге толдың. Оң-солыңды таныдың. Қаражаттан тарықпайтыныңды да білем. Саған өкпем жоқ. Өкінішім де, ызам да өксіткен өз өміріме ғана. Сонау отыз жетінші жылдардың суық ызғарына ғана. Әкеден тірі, шешеден өлі айрылмасам, осылай ғұмыр бойы азап тартпаған да болар ма едім. Көп ойлайтыным сол бүгінде. Сенен де айрылып қалдым. Қазақтың "қызға қырық үйден тию" дегенін ескермеппін. Бірақ бұл қалада оны қалай ескерерсің. Ежелден күйігіне күйік жамалар біреу болса, сол мен шығармын, Сәуле. Сен маған қарама. Бетің белгілі маған. Алар үйіңді өзің ала бер. Тым болмаса сен әдемі тұрмыс кеш, қызым. Бірақ анау Жұпардай, мынау күйігі көмейіне тіреліп тұрған мендей ұйқың тыныш, күлкің қайғысыз бола қояр ма екен, Сәулетай. Адасқаныңды кеш сездім. Анаң боп жуас, адал, бірақ қапас мекеніңе қайтара алмадым.
— Сонда осы қапаста өмір бойы отыра бересіңдер ме?
— Отырамыз, қызым, отырамыз. "Айқай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйімнің" қалай айтылғанын ұқсаң, оңай мен тезге ұмтылмас едің. Өмір осы қалпында тұра бермес. Өзгерер әлі. Түсінетін игі азаматтар алар билік тізгінін. Мүмкін сол кезде үй тиер бізге де. Шайың суып қалды.
— Анна Константиновна менен жәрдем сұрайды. Ол сұмдық көрмейді.
— Аннушканың жағдайын түсінем. Қай ана баласының жағдайын ойламайды. Лешканы бұл арадан тез әкетпесе, көпке ұзамайды. Аннушканың жанын шырылдататын сол қайғы. Ұлы үшін отқа түсетін ана ол. Сондықтан да ол әркімге бір жапақтап, көрінгенге бір жалынады.
— Сіз де сөйтетінсіз...
— Иә, сөйткем. Онда сендер жас болатынсыңдар. Жұпар екеуіңнің денсаулықтарыңды ойлаумен түн ұйқым төрт бөлінетін. Екеуің де өстіңдер. Сау-саламатсыңдар. Енді мен неге жалынуым керек? Енді мен неге ардан жұрдай болуым керек. Енді неге әкемнің атына кір келтіруім керек. Сәулетай-ау, қанша қиналғанда, қанша арып-азғанда мен сендердің көңілдеріңе көлеңке түсірерлік қылық көрсеттім бе, мінез таныттым ба? — Гүлшат қызына тағы да қарады. Сәуленің маникюр жаққан сорайған тырнағын, педикюрлатқан башпайларын, алтын алқа, алтын сырғаларын, етімен ет боп қысып алған, омырау ойығы кең тар көйлегін жүдеу жүзімен шолып өтіп қарап еді. Әлгі қарастан: "Барлық сырың алақанымда. Қайтейін уысымнан шығып кеттің, енді тым болмаса бір рет адалыңмен ақтарыл" дейтін тілек аңғарылып тұрғандай. Сәуле өз бойындағы әлекей-шүлекей алтындарын алғаш әбес сезінді.
— Жоқ, мама!.. Сен ондай болған емессің. Болмайсың. Ал, мен... Мен... Ендігі жөнім бөлек. Мына қапастан құтылғым-ақ бар. Қала алмаймын бір минут. Тұншығып кетуім мүмкін. Мен көрдім... Басқалардың қалай тұратынын көрдім. Өзім де соған бейіммін. Бұрыла алмаймын, мама! Енді тоқтай алмаймын! Мен... мен саған сізге, мама, қуаныш әкелем дегем. Қолымнан келгенше бар жақсылықты басыңызға үйем дегем... Оңаша жылағаныңызды, егілгеніңізді көргенде менің де ішім күңіренетін. Әлде сол кездің күйініші осы сүрлеуіме шығарды ма екен, енді орала алмаймын, мама! Өзіңізге деген ниетім таза еді, арамдық көріп безінсеңіз, басқа амалым жоқ. Басқа құдіретім де жоқ. Пәтерден айрылмаймын. Алам! Бұдан құр қалсам, өмір бойы өкінішім босатпайтын сияқты. Менің де ауру-сырқау бала баққым келмейді, мама! — Сәуленің көзі құрғақ. Доғалана иілген қиғаш қара қастары екі көздің арасын қосатын дөңесте түйіле қалыпты.
— Өзің біл, Сәуле. Менен ақыл сұрар жастан өттің. Тек қайта-қайта алданбасаң деймін. Қабағыңа кірбең түссе, жаны шырқырайтын анамын. Әттең, енді менен аулақ жүр деп айта алмаймын.
Гүлшат шайы суыған кесесін аузына апарып, бірін жұтты да, алдына қоя салып, алақанының сыртымен ернін сүртті. Содан соң тегешке шәйнектен жылы су құйып алып, кеселерді жуа бастады.
— Іш, Сәуле! Әлде шайды қайта ысытайын ба?
— Болдым, мама.
Осы кезде үйге Жұпар кірді. Жұпар Сәулеге сондай ұқсайды. Сәл биіктеу әрі сәл тараңдау.
— Апа (Жұпар шешесін апа дейтін), хат!
— Кәне, — қол созыл алған Гүлшат адреске қарады. — Айғанша келіннен екен? — деп конвертті ашып, оқи бастады. Түсі бұзылып, қаны қашып сала берді.
— Не дейді, апа? Не жазыпты? — деп Жұпар шешесін иығынан құшақтады.
— Бектемірді сегіз жылға соттапты!
— Жоқ, апа! Ол жазықсыз! Нағашым жаладан күйіп отыр! — дегенде Жұпардың көзінен жас төгіліп кетті.
— Иә, ол байғұс жазықсыз болатын. Сонда баяғының тағы қайталанғаны ма? Әкесі жазықсыз сотталып, атылып кетіп еді. Енді баласы да соның кебін кигені ме? Бұ не боп барады. Шындықты қайдан табамыз? Әділетті қайдан, кімнен көреміз. Он жылдап үй-күйсіз жүрген жандарды көрмейді. Бір айдың ішінде біреулерге бәрін үйіп-төгеді. Ал, Бектемір... Шындық деп шырылдағаны үшін баласынан айырылды. Енді өзі сотталды.
Гүлшаттың құлағы шыңылдап кетті. Қаны басына шапшып, қос шықшыты шаншып ала жөнелді. Екі алақаны әдетінен жаңылмай екі шықшытын уқалай бастады.
— Апа, басың ауырып кетті ме? Сәуле, дәрісін әперші. Болсайшы, неғып отырсың! — деп Жұпар кесеге су құйып, дәріні шешесінің аузына салды.
Гүлшат қатты күйзелді. Тумаса да туғаннан да қимас қадірлі бауырына айналған Бектемірдің еш кінәсіз сегіз жылға кесілуі миына қонар емес. Бектемір кісі өлтіреді дегенге кім иланады. Тіпті оны еш дәлелдемей, тексермей, анықтамай бір ғана куәгердің сыртынан көрдім деуімен соттап жіберуі заңға сия ма. Әрине Бектемірмен бұл қоскіндік боп бауыры жабысып қалған жоқ. Сөйтсе де, қысас көрген көңілдің дауасын кім табар. Ашу-ызасын кім азайтар. Әділетті кім орнатар. Алпыс бес жылға кеткен социалистік ғұмырымызда дәл осындай зорлықтар, дәл осындай заңсыздықтар кездесе берсе, онда мақтан тұтар не қалды. Әлде Гүлшаттың қана көретіні, сезетіні теңсіздіктер мен зұлымдықтар, жауыздық пен жабайылықтар ғана ма? Шынымен талансыз жан ба? Бұған жанасып, жақындасып кеткендердің шетінен бір қам-қасіретке душар бола беретіні қалай? Туа сала әке-шешесі анандай болды. Күйеуі кетті. Бектемір бауырының басынан бұлт айықпай қойды. Енді мына Сәулесіне де жетті зұлымдық тырнағы тарбиып. Неткен кем ырыс жан! Неткен сор шақырғыш жан! Неткен қаһар соққан күнәһар! Күнәсі не сонда тумай жатып қаңарға ұшырардай? Кінәсі қандай өмір бойы үзіліссіз тоқпақтай берердей? Жүріп кеткен ізіне шөп шықпастай аластайтын бұл шіркін тәңір хақ түгіл тірі бір пендеге не жазыпты? Не жасапты? Не бүлдіріпті?
Ыстық жас кезек-кезек домалады. Ыстық жасы бетін жауды. Кеуденің лықсып тірелген шерін де, сырын да сыртқа ақтарып жатыр.
— Апа, апатай! Жыламашы! Мүмкін бір жәрдеміміз тиер. Нағашымды босатар. Апа, жыламашы!
Гүлшат көзін, бетін шайды. Орамалмен асықпай сүртінді. Хатты конвертке қайта салып, алдына қойды.
— Сәуле, Балта қай жерде істейді?
— Оны қайтесіз?
— Керек.
— Академияда. Академияның Металлургия және кен байыту институтында. Соның завод қасындағы лабораториясында.
— Сен оны жақында көрдің бе?
— Көргем жоқ. И көргім де келмейді.
— Ой, Сәулетай, сен Балтаны көп мақтаушы едің ғой. Енді неге көргің келмейді.
Шешесі жақтырмады.
— Жұпар, кісіні қажауды доғар.
— Өзі ғой... Көргім келмейді дейді еще.
— Жұпар, почтадан, онда болмаса базардан посылка жәшігін әкеп берші.
— Оны қайтесің, апа.
— Айғаншаға қант-шай, -рік-мейіз салып жіберейік.
— Ой, апа! Менің басыма ғой ол ешқашанда келмейді. Сен — данышпансың, апатай! — деп Жұпар шешесін тағы аймалады.
— Жоқ, Жұпар. Менікі анау қайғымен шөгіп қалған бейбақ әйелге көңіл көрсету ғана. Жұрттың бәрі жауыз емесін таныту ғана. Айғанша — жалғыз емес. Оның туысқаны — біз бармыз. Торыққанда қол созайық.
Жұпар почтаға, Сәуле далаға шығып кетті. Гүлшат жұқа жеңіл жаздық көйлегін киіп, төмен түсті.
Есік алдында Аннуша жүр екен.
— Гуля, Гүлшат Салимовна, айтыңызшы, Сәулеша маған берген уәдесін орындай ма?
— Білмеймін, Аннуша, білмеймін.
— Сіз... сен мамасы емеспісің?
— Иә. Бүгін ол бірақ ересек адам.
— Сонда қалай, бөтенсіздер ме?
— О да мүмкін.
Алматы жазы бірден бүре жөнеледі. Көлеңкеден бас қылтитсаң-ақ денеңе мың инесін қадай қоятын күн шақырайып алыпты.
Гүлшат бірақ оны елер емес. Әлгі Аннамен арадағы сөзден әлі арыла алмай келеді. Иә, бөтен боп барады. Сәулесі бұрын кенже болған соң еркелеп тұрушы еді де, Жұпары суықтау болатын. Енді бәрі керісінше. Сәуле шын өзгерді. Шын ересек тартты. Кінә, әрине, өзінде де бар. Қызының ерте кетіп, кеш келетінін байқаса да мән бермеп еді. Бектемірдің ауылдасы Балта балаға сеніп қап еді. Ауылдан шыққан азамат, тәрбиесі, тәртібі қазақша деп арқасын кеңге салып, онша күдіктенбейтін. Қайта осы екеуінің тұз-дәмі жарасып кетсе екен дейтін іштей аналық тілегі болатын. Ақыры, міне, шошақай қыз тайраңдап жүріп шоқ басты. Балтадан да айрылды. Болашақтан да айрылды. Әлдекімнің қуыршағы. Құтырынған шалдың. Желіккен әкімнің. Оған ол шіркінге ермек керек. Әуейілігі қанған соң жеріп шыға келеді.
Балта орнында жоқ екен. Асығып өтіп бара жатқан жұмысшы адам цехтың бір бұрышында тұрған қызды нұсқады.
— Әне, анау Маргаритадан сұраңыз. Сол білуі мүмкін.
Маргарита да мардымды ешнәрсе айта алмады.
— Балта ма, сіз оның кімісіз?
— Әпкесі болам.
— Ә-ә... Балта енді бұл лабораторияда істемейді. Институттың негізгі корпусында. Диссертация қорғағалы жатыр.
— Қалай? Бір жыл болмай жатып үлгерген бе?
— Үлгеретін кісілер болса үлгереді екен, — деп анандай жерде отырған Сережа сөзге араласты. — Балта Мұқатович иненің тесігінен өтер пысық. Оған кандидаттық диссертация бұйым емес, ол докторлықты да тымақпен ұрып алады. СССР Жоғары Советінің депутаты да болады.
Гүлшат түсі құбылып кетті. Өзі сондай ұнатып, сеніп жүрген азаматының әрекеті мынандай болса, онда бүкіл өмірден түңілмеске амал жоқ. Торыққан әйелдің көкірегіне тағы бір өкініш шым батып барып, ажырамас желімдей тұншыға жабысып қалды.
— Білмеп едім... Кешіріңдер, айналайындар. Бір тығыз жұмыс болған соң... Енді оған айтты не, айтпады не...
Тәлтіректеп кеткен Гүлшатты Қадірбек сүйеп қалды.
— Рита, орындықты бері қойшы.
Екеуі әйелді орындыққа отырғызды.
— Кешіріңдер, қарақтарым. Басымның кейде аздап айналатыны бар.
"Әй, ұқсайды! Біреуге сондай ұқсайды" деп көз алмай тұрған Сергей кенет өз маңдайын алақанымен соғып қалды.
— Сіз... сіз Сәуленің мамасы емессіз бе?
— Иә. Мамасымын.
— Айттым ғой сізді сол деп...
— Кімге айттың, қарағым.
— Жай, өзіме... Онда сіз Балтаға айтқалы келген шаруаңызды, егер айтуға болса әрине, бізге айтыңыз. Есіміңізді білмейміз... — деп Сергей бөгелді.
— Гүлшат... Гүлшат Салимовна.
— Гүлшат Салимовна, біз мынау Маргарита, Қадірбек және мен — Сережа бір кезде Балтаның жақсы достары болғанбыз. Ал қазір... әрине сізге қиын, бірақ қазір біз оған мүлде дос емеспіз. Ол — эгоист. Ол — ол бас пайдасын көбірек ойлайды. Ол үшін қасиетті ешнәрсе жоқ. Әрине, ақша мен атақ-дәрежеден басқа. Біз сіздің қиналып келгеніңізді сезіп тұрмыз. Егер бізге сенсеңіз, онда, Гүлшат Салимовна, қолымыздан келгенді жасар едік.
Маргарита мен Қадірбек те үнсіз қадалып, құлшына бас изеді.
Гүлшат мына үшеуін алғаш көрсе де, бұрыннан танып, біліп жүргендей ағынан жарылды. Көңілдегі бүкіл түйткілді жасырмастан түгел ақтарып, Бектемірдің жазықсыз сотталғанын, баласы Қобландының өлтірілгенін, ауру Айғаншаның жас ұлымен қорғансыз қалғаның тегіс-тегіс айтып берді.
Үшеу көпке дейін үнсіз қалды. Дәл осындай қиянат дәл қастарында болып жатқаның іштей сезгендерімен бетпе-бет кездестірмеп еді. Үшеуінің де бойлары ауырлап, дем алыстары жиілеп, қабақтары салбырап түсіп кетті.
— Қандай жауыз! — деді Маргарита, әппақ жүзі сұрланып, жұп-жұқа әдемі еріндері дірілдеп басылып, дірілдеп басылып.
— Кім жауыз? Мақан ба? Мақаннан да бұрын оның жебеушісі, қолдаушысы жауыз! "Мен — саған, сен — маған!" дейтін есепшіл қарым-қатнас жауыз! Сыбайластық құрымай, әділеттік орнамайды. Сол сыбайластық Балтаны да өзгертіп жіберген, — деп Сергей Туров өз тұжырымын білдірді.
Қадірбек Гүлшатқа иіле төнді.
— Гүлшат тәте, мен қолымнан келгенше, бәрін тексертуге тырысам. Бәрін!
— Қадірбекке сеніңіз. Оның папасы министрдің орынбасары. Кіммен сөйлесуді біледі, — деді Сергей.
Гүлшат Қадірбекке таңдана қарады. Күйе жұққан бетіне, лай мен балшық сірнелеген жұмыс киіміне лез көз жүгіртіп өтті.
"Министрдің баласы да қара жұмыс істейді-екен-ау. О, тоба! Әкесі не иіс алмас момын біреу де, не мына баласы көкми болар".
Бірақ Қадірбектің елжірей қараған, Бектемір үшін кәдімгідей қам жей қалған түрі алдамайтын тәрізді.
— Жарайды, балаларым. Қайда барарымды білмей сенделіп қалғанымда ес бергендеріңе рақмет. Бектемір байғұсқа септерің тисе, алғысымнан басқа айтарым жоқ.
Есік алдында тағы да Анна көршісі тосып жүр екен. Аяғын баса алмай қалған Лешканы көтеріп алыпты. Лешка — басы үлкен, шашы сұйық, құйқасы да, терісі де аппақ сұрықсыздау бала. Көзінің асты-үсті көкшіл тартқан, екі ұрты салбырап, аузын үлкен ғып көрсетеді екен. Қарасы біртүрлі: әлде үркек аңның, әлде үнемі үрей билеген жанның ересек ойшыл қарасы. Көйлек-трусидан шығып тұрған шынтақ пен тізелер құр сүйек үп-үшкір. Терілері босап қалған. Тобық тұсындағы буыны ісіп, борбиып кеткен. Анна ауру баласының адам аяғысыз жүдеу ұсқынсыз түрін әдейі көз алдыңа тосатын сияқты. Гүлшаттың көзі бұлдырап кетті.
— Гуля тәте, Гүлшат Салимовна, мына бейкүнә Лешканың тағдыры да сізді иліктірмей ме?
— Маған не істе дейсің, Анна?
— Сәулешаға айтсаңызшы. Сіз анасысыз ғой.
— Нені айтуым керек?
— Сәулешаның мықты танысы бар. Қара "Волганың" номерін білем. О-о, онымен тек сондай дөкей... сондай дөкей ғана жүреді! Гүлшат Салимовна, керек пе, алдыңызға бас ұрайын, тәтетай! Мынау Лешка-Леха да сұрасын. Леха-Леша, тәтеңе, сүйкімді мейірбан Гуля тәтеңе басыңды иші, ұлым! Міне, көрдіңіз бе, басын иіп тұр, — деп ұлының денесін құшағын төмен түсіріп еңкейткен болды.
— Аня, сен менен анау үйдегі дүние-мүлкімнен не керек бәрін сұра. Қолыңды қақпаймын. Өз тарапымнан жасай алар көмегім болса, аянбайын. Ал бөтен біреуден сұра деуің ретсіз, Аня.
— Ой, Гуля тәте, бөтен біреуіңіз кім? Сәулеша ма? Ол сізге бөтен біреу емес қой.
— Қинама, Аня. Сәулеге анау "мықтыңнан" сұра деуім, оның... одан сайын бұзылуын қолдағаным болмай ма... Қызымның қылығын құптағаным емес пе.
— Еһ, тәте, тәте! Бұрын көруіңіз керек еді. Бұрын сақтандыруыңыз қажет еді. Енді бәрі біткенде...
— Жоқ, Аня, маған әлі бәрі біткен жоқ. Менің өз арым таза. Сен оған дақ түсірмек болып тұрсың, — деп Гүлшат көршісінің тұсынан өте шықты.
"Рас, кешіктім. Бұрын ойлауым керек еді. Балтаға сендім. Неге сендім екен?"
Оймен келе жатып алакөлеңкеде маңдайын құбырға соғыл алып, есеңгіреп біраз тұрып қалды.
"Сорлы адамға темір-терсек те өш-ау... Балтаны болашақ күйеу бала санағанымды құдайдан жасырмағанда пендеден несін жасырам. Көп-көрім, қылтың-сылтыңы жоқ сияқты еді. Қалай бұзылған. Бұрын "еңбек" деп, "тәртіп" деп жанталасып едік. Ендігі жастар еңбекке онша құлшынбайды дейін десем әлгіндегі Қадірбектер мүлде басқа. Әй, дегенмен, жастардың көпшілігін өз бетімен жіберіп, дүниенің парқын сезінуден адастырып алдық-ау, тәрізі. Сәулені де құртқан қызғаныш. Соңғы кездері айтары "пәтер", "киім", "мода", "асыл заттар". Сонда мән берсем ғой, көңілін алаңдатқан нәрселердің алдамшылығына көзін жеткізсем ғой, арандап қалмас еді? Аннаға не болған? Бұ шіркін де әбден титықтады ма сонда? Ештеңені елемей, ешкімді күндемей, арамдыққа ұрынбай жүруші еді. Ұлының жағдайы жүрегін шабақтамай қойсын ба. Бауыр еті — баласы үшін отқа түспес ана жоқ. Ал мен Сәуле үшін неге күйіп-піспеймін. Күйіп-піснегенімді кім көріпті? Жанымның тағы бір шыжғырылғанын жалпақ жалғанға жайғанда не табам? Көкірегіме көмбелеп тағы бір күйікті шер жамылғанын жариялағанда кім есіркер?"
Есіктен ілби басып кірген шешесін Жұпар асыға тосып отыр екен, ұмтылып келіп қолтығынан сүйеді.
— Жүрегің ауырған жоқ па, апа? Түсің қашып кетіпті. Дәріңді де алмапсың.
— Ештеңе етпейді. Күннің ыстығынан да.
— Жәшікті әкеліп қойдым. Базарға барып келейін бе?
— Ертең айлығымды алайын.
— О-о, апа-ау, мен бүгін авансымды алғам. Ақша бар ғой. Сен маған не алатынымды, қанша алатынымды айт. — Жұпар шешесін сүйеп апарып, диванға қисайтты. — Борщтың еті пісіп тұр. Капустасын турап қойдым. Сала салса, дайын болады.
— Сәуле келген жоқ па?
— Жоқ. Келіп қалар. Анна Константиновна оны неге іздеп жүр, апа? Қайта-қайта үйге келіп сұраумен болды.
— Білмедім... Демалысқа қашан шығатын болдың?
— Июньде мектеп лагерінде істеймін. Содан кейін боспын.
— Мен сәл мызғып алайын. Мазам қашыңқырап жатыр.
— Аяғыңды уқалайын ба, апа?
— Жоқ, Жұпаржан.
* * *
Сәуле үйден шығысымен автоматтан телефон соқты.
— Мені бүгін қабылдасын.
— Уақыты жоқ. Совещание өткізіп жатыр. Одан соң бөлім меңгерушілерін қабылдайды. Кешке ме?... — Көмекші сәл кідірді, сірә, шефінің жұмыс кестесіне қарап жатса керек. — Кешке театрде гастролые апаратын спектакльді көреді.
— Маған бүгін қайткенде кездесу керек. — Сәуле бұлтартуға шамасын қоймады. — Жарты сағаттан кейін тағы хабарласам.
Түскі үзілісте таксимен "Саятқа" тартып кетті.
Ғазиз Құлтанович әдеттегі әзілшіл жайраң мінезді ұмытып, бәлекей қызды түксиіп қарсы алды. Бірақ оған ыға қоятын Сәуле жоқ. Кішкене қара сумкасын ұзын столдың үстіне лақтырып тастап, қабағы салбырап, беті қабарып меңіреуленіп отырған Ғазизіне мықынын таянып жетіп барды. (Ғазиз Құлтанович Сәулені "бәлекей" деп атағанда, бұл оны дереу Газик деп бұрмалай қойған).
— Әділетсіздік! Шектен шыққан әділетсіздік көрдім, Газик!
— Не болды? Түсіндір, — деді анау сүлесоқ қана.
— Нағашымды жазықсыздан жазықсыз сегіз жылға соттап жіберіпті.
— Қой, өйтпес, Сәуле. Бізде жазықсыз ешкім сотталмайды.
— Мен білем! Ол жазықсыз, кінәсіз сотталған! — Сәуленің даусы енді ашына шығып қатты естілді.
— Жә! Жайлап, жайлап сөйле.
— Неге жол бересіңдер? Қылмысты неге көрмейсіңдер? Жауызды сендердің әкімдерің, прокурорларың неге қорғайды? — Сәуленің көз алдына шешесінің жүдегені елестеді. Бектемір нағашысының мейірбан жүзі оралды. Сол-ақ екен бүкіл ашуы кеуде қинаған сұрақ боп ақтарылды. — Жыртқышты неге қолдайды? Әлсіз момынды, әділет деп шырылдаған байғұсты неге аямайды? Неге шырылдатады? Неге күн көрсетпейді? Неге қамайды?
— Тоқташы, бәлекей! Тоқташы, Сәуле! Сен жауызыңның аты-жөнін атасаңшы алдымен. Оның кім?
— Ол — Мақан. Жауыз да, жыртқыш та сол!
— Мақан?! Мақан дедің бе?
— Иә, Мақан! Нағыз қарақшы! Кісі өлтірген ол.
— Қайда тұрады?
— Ауылда, колхоз председатель Ғазиз Құлтанович орнынан атып тұрып Сәуленің екі иығынан бүріп ұстай алды.
— Сенің нағашың Бектемір ме?
— Иә-ә! Бек-те-мір... — Енді таңданған Сәуле бірден босаңсыңы. Көзі кең ашылып Ғазиз Құлтановичке бағжия қарады. — Сен оны қайдан білесің?
Ғазиз Құлтанович жауап берген жоқ. Иықта жатқан шеңгелдері қатая бүрісіп, қыздың сүйек-сүйегін уатып жіберердей қарысты. Бектемірдің ақыры уысына түскенін естігенде ішінде бұғынып жатқан бүкіл сезімі, қуанышы, кегі, қыжылы дуылдай көтеріліп, сыртына бадырайып-бадырайып шыға келді. Кейде тымық судың астынан әлдебір түскен тастың, жалдаған аяқтың әсерінен дәл осылай бүкіл тұнба лайы бетіне өршіп көтерілетін. Әлгіндегі сүлесоқ түс, салыңқы қабақ, меңіреу бейне адам танымастай өзгерді. Көздерде кекшіл көкшіл от тұтанды. Қабақ қуана ашылды. Үлкен кесек ірі тістер ақсия көрінді. Әке аманатын орындай алмай пұшайман болған өктем жан енді ғана бар тілегі іске асқанына көзі жеткенде, мынау әлемнің жалғыз қожасы бір өзі болғандай арқаланды. Кеудесі кеңіп, иығы өсіп, бойы биіктеп сала берді. Өз құдіретін өзі барынша сезінген адамнан қаһарлы да сұсты жыртқыш өтпесе керек Сәуле қарсы алдындағы аяқ астынан сестенген жүзден секем алып қалды.
— Жібер... Жіберіңіз, Ғазиз Құлтанович...
Қыздың не айтқанын ұққан жоқ. Әйтеуір иығын қиқаңдатқан Сәулені қоя берді де, қаздаңдай басып барып стол үстіндегі коньяктан орта стакан құйып алды да, дем алмастан қағып салды.
"Бітті! " Сатпаймын мен ұлтымды, сата алмаймын". Әрине, енді әкең де, өзің де сата алмайсың. Сегіз жыл дейді, ә. Әй, жігіттер! Әбден мықтаған-ақ екенсіңдер! Ретін таба біледі-ау, сабаздар! Сегіз жылда өзі-ақ әбден мәңгіріп шығар. "Аяз әліңді біл" дегенді ескеріп, жайына жүрсе, ештеңе жоқ. Бірақ жауыр тұғырдай сүйкеншек боларын қайтерсің бұл қыршаңқының! Басқан екен қақпанды! Отырсын енді шоқиып!"
Өзіне мейлінше ырза болған ол алақанын алақанына уқалап-уқалап жіберді. Аяушылық сезімнен жұрдай жанның ағыл-тегіл қуанышы атылайын деп тұрған жыртқыштың сұсты кейпінен айнымай қалады екен. Манадан Ғазиз Құлтановичтің кілт өзгерген түрі мен мінезінен көз айырмай қадалып тұрған Сәуленің жүрегін қорқыныш биледі. Еріндері дірілдеп, көздері ұшқын шашып, іштегі ой-бойын шырмап алған белгісіз қуаныштың құрсауындағы еркектің еліре бастаған жүзіне қарау мүмкін емес те еді, стол үстіндегі сумкасын іліп алып, шегінгеннен шегінген бойы Сәуле артымен шығып кетті.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Бүгін Қатира екінші күн орнынан тұра алмай қалды. Кеше "салдақыны" тағы біреуден естіді. Сүйменқұпдан естіді. Естігенде төбеден салып жібергендей сілейген еді, ақыры міне, төсекке сұлатып тынды.
Аяқ тықыры естілмейтін үй моладай суық тартып, қаңырап сала беретіні ып-рас, төсекте дөңбекшіген әйелге екі күннен бері көңілін сұрап, бас сұққан хан болмады. Әркім-әркімнің бұған көзінің астымен қарап, әркім-әркімнің сыртынан сыбыр-күбір ете қалатының сезбейтін мәңгүрт емес. Көңіл кірі ылайланған судай болған соң, Қатира еш сөзге, еш күңкіл-күбірге мән бермеуге тырысып, тайыздық танытпауды ғана ойлайтын. Әй бірақ, көзге шыққан сүйелдей ананың да, мынаның да өсегіне таңылған соң көрінгеннен көз түрткі көргендей, кез келгеннің бетіне тура қараудан да жасқаншақтанып қалады екен. Кезінде Мұқатынан жастай айрылған әсем келіншектің нәпсіге ермей, қызыққа алданбай, ерінің орнын қасиеттей қадірлеген қылығына ауыл біткен ден қойып еді. Ауыл біткен Қатираны адалдықтың өзіне балап, үлкен-кішіге үлгі етіп айтатын еді. Боз даланың бойкүйез тірлігі қанша қайталанса, Қатираның бірқалыпты жалғыз басты бұйығы тіршілігі соншалықты өзгермес деп сеніп кеткен ауылы бар түгін бетіне шапшытып, түтігіп шыға келер деп кім ойлаған. Қатираның жиырма жылда бір жасағанын жылына жүз жасайтын талай ұрғашыға "Әй, кәпір!" демек түгіл кірпік қадамайтын ауылдың, бүкіл аумағымен бұған түгел жауығуы қалай? Әлде қадір тұтқаны қайырсызға айналып, әулие тұтқаны әлдекімдерше бүлінгеніне деген наразылығы ма екен? Солай да шығар. Үміт көзі көп қадалар тазалықтың ешқашанда былғанбай тұрғанына не жетсін.
Ойдан нәр қашқан соң бойдан әл қашатын әдеті екен. Қалшылдаған дененің дірілдеген аяқтары денесін ауырсынып, аттап басудан қалды. Далаға кіріп шығу да күшке түсетін болған соң, ас пен суды да тыйды. Жез самаурын ызылдамайды, күрең қызыл шай сорапталмайды. Сенделткен ой, қажытқан күйік қана серік.
Қабақта кірбең жоқ. Көңілден кейіс жоғалған. Бар дүние бұдан аулақтанған соң, бар дүниеден өзі бөлектеніп, артында қалған күндердің ыстық елестерін түйдек-түйдек шұбыртып, кірпігіне іліктіре тізіп жатыр. Қазіргі далбаса сол ғана. Қиялмен медеу табардай естеліктерге мидай араласып кетіп, көзден құйылып аққан жастың құс жастықты шылағанын да аңғармайды.
Ауыз үйде ме, сенекте ме әлдене салдыр ете түсті.
"Ит кіріп кетті-ау!"
Қиялын бөлгенге өкінгені ме, иттің тегене, ыдысты арамдағанына ренжігені ме, Қатира үнсіз, қыбырсыз қалды. Ыстық елеске де алданбады.
Әлгі салдыр-гүлдір тағы қайталанды.
"Қасқа бұзау-ау!.."
Қызыл қасқа бұзау Қатираны енесіндей көреді. Тіпті енесін білмейтін жетім бұзауға Қатирадан қымбат тіршілік иесі жоқ шығар. Күшіктен жаман еркелеп, қолын жалап, қалтасын түртінектеп жүретін бұзауды Қатирада жақсы көретін. Адамнан есті-ау, іздеп келген ғой. Жатып қалған шіркінді жоқтайтын бұзау да болса, бір жан иесі табылғанына да шүкіршілік.
Аяқ тықыры бері жақындады. Қараңғы бөлмеде қолымен қабырға сипалай жылжыған адамның жүрісін Қатира енді анық ажыратты.
— Бұ кім, ей?
— Тәте-е!..
Көмейіне өксік тығылған бала даусын, Алпамыс даусын бірден таныды. "Не боп қалды" деген үрей денесінде құйындай ұйтқып өтті.
— Алпамысжан-ай, сенбісің? Бері кел. Мұнда өт.
— Тәте-е!
Еңіреген бала іштегі дауыс нобайымен аттап кеп, Қатираны құшақтай жығылды.
— Тәте-е! Көкемді-і-е... менің көкемді соттапты!
— Қой! Не дейсің? Не деп кеттің, балам-ау?!
Қатира қаракөлеңкеден баланың жүзін көре алмаса да, Алпамыстың қайғы шеккенін жанымен түсінді. Басын көтеріп, кеудесін қабырғаға сүйеп, баланы төсіне қысты.
— Жыламашы, күнім! Көкең жақсы еді ғой. Жыламашы, ботақан!
— Сегіз жыл-ға-а... Се-гі-із жыл-га кесіпті-і де-ей- ді-і...
Алпамыстың қорсылы көбейді. Кішкене қолдарымен Қатира тәтесін құшақтап жұбаныш тілейді. Өксіген жанына жәрдем күтеді.
"Сұмдық-ай! Жазықсыз адамды сегіз жылға соттағанды кім көрген!? Жауыздық-ай! Тағы желкеледің бе?"
Қатира тас түйілді. Құшағындағы баланы үнсіз әлдиледі. Үнсіз тербеді. Қажыр-қуаттың қайдан табылғанымен де жұмысы жоқ. Сұмдық көріп түршіккен жүректің өрекпігені басылмай, жаны ауырған баланы өзінің ауырған жанының екпінімен тербеп отыр, тербеп отыр. "Сегіз жылда сен он алтыға келесің, Алпамыс. Бірақ осы сегіз жылда әке құшағын, әке мейірін аңсап, сағынып, сегіз жасқа қартаясың-ау, Алпамыс!"
— Мен... мен оны-ы өлтірем, тәте-е!..
Қатира селк ете қалды.
— Не дедің, қарашығым-ау? Кімді өлтіресің?
— Ма-қан-ды-ы!
"Мақан!"
Қатира ширықты. Мынау баланы шырылдатқан, анау Айғаншаны зарлатқан, Бектемірді темір қапасқа тыққан, өзін осындай күйге душар еткен Мақанды... жауызды Қалай ұмытқан? Неге ұмытқан?
Басқалар ұмытса да бұл ұмытпауға тиіседі ғой.
— Қой, қалқам! Ондай пәледен аулақ бол. Көкең аман-есен екен. Мүмкін ертерек қайтарар.
— Қайтара ма?
— Қайтаруы керек Алпамыс. Жазықсыз адамды босқа ұстамайды. Үкімет бар. Заң бар. Әділет бар...
"Әділет бар деймін. Бар болса көзі соқыр ма, неге көрмейді. Неге таппайды біздерді? Әлде біздің ауылдан адасып кетіп басқа жақта жүр ме екен? Әлде ол әділет те Мақаннан қорқып безіп кетті ме екен?"
— Тәте, — Алпамыс үлкен адамша үңілеп күрсінді. Саусағымен көзін сұққылап сүртті. — Тәте, көкем келсе, жақсы болар еді, ә?! Апам ауыра бермес еді онда. Тәте, сіз неге келмей кеттіңіз?
— Барам ғой. Мен де науқастанып қалып... Барам, Алпамысжан. Апаңның басын жуып берем.
Алпамыс көңілі орнығып, шығып кетті.
Қатираның көңілі одан сайын бұзылды.
Қиянатқа қиянат жалғасты. Зорлыққа зорлық қосылды. Қайғы-қайғыға жамалды. Кімге көз сатар, кімге қол созар? Бар ма зар тыңдар әкім? Өтініш-назың туған ұлдың құлағына жетпесе, өзге жұрт байсыз, баянсыз әйелдің сөзін қайтсін. Сонда қалай әлі жеткен әлсізді табанға сап таптап, арын қаралап, жанын жаралап өте бере ме? Қиянатын қылмыс санамай, зәбірін қысастық демей жайбарақат тұрмыс кешіп жатқан Мақандарды кім тоқтатар? "Жазмыштан озмыш жоқ" деп қол сілтеп, бас сұнып жүре бергеннен тапқаны болса, ол өз жүрек астында ұрықтанып, күн сайын қарғыс кебіндей өсіп келе жатқан жоқ па? Ал, "Қорлығыңа көнбеймін, зорлығыңа бағынбаймын!" деп бұғалық үзбек болған Қобланды, Берік Бектемірдің "сыбағасы" анау. Енжар көңіл де шоқ басып алғандай күйік жамылса, аласұрған көкірек те суып тыншыпты. Сонда күрес мейлі, күреспе мейлі бәрібір Мақанның алып соғып жұмарлай беретіні қалай? Ешқайдан, ешкімнен зауал жетпейтін болса, онда сол Мақан зауалын өзі неге тапқызбайды. Қаршадай Алпамыс әділет іздеп, қиянат сұмдығына қатал үкім айтып жан ұшырғанда, сол қиянатты әлденеше рет көрген бұл өзі неге сол үкімді орындамайды? Жас баланың аузымен осы шешімді айтқызып тұрған хақтағаланың өзі емес пе? Білдірген де ниетін, сездірген де өмірін. Ендеше неден бөгеліп, неден тайсақтайды.
Қатира шоқиып отыр. Қаракөлеңке бөлменің қарсы қабырғасында ілулі тұрған үлкейтілген екі суретке жанары сөніп кеткен көзінің қарашықтары байланып қалыпты.
Қос сурет — Мұқаты мен Балтасы. Ауылға келіп үй-үйді аралап, бармақ басындай суреттен үлкейтіп әкеліп беретін, тілеуің бергір, фотографтарға жасатқан.
Күйеуі де, ұлы да ештеңе сезбес уайымсыз түрмен бұған қадалып қалыпты. Мұқат жүзінде еш селкеу жоқ екен. Баяғы ақжарқын қалпы. Балтасы, қалай байқамаған, сол көзін сәл сығырайта әдемі жүзін әлдебір жұмбақ сырмен толық ашпай тұрған тәрізденді. Сығырайған көзде не кінәлау, не жазғыру тұнып қалғандай. Қатира еріксіз бетін бұрып әкетті.
"Кінә, күнәм болса, кешіңдер. Екі аяқты пенденің пендешілігінен асып кете алмадым. Артынды қаншама күтсем де, Мұқат, міне, сөзге іліктім. Дау айта алмаймын. Ақтала да алмаймын. Ана жүрек баласын қорғаштап осы халге душар болды дейін десем де, енді оған өзім иланар емеспін. Неге алысып-жұлыспадым? Өңешіне азуымды басып, алқымына шеңгелімді неге салмадым Мақанның?
Кешір, Мұқат. Сенің алдында ғана күнәқармын".
Орнынан тұрды. Басы сәл айналып еді, қараған жоқ, тәлтіректей басып барды да терезенің пердесін ысырды. Күн батып барады екен. Қызыл шапақ өрт бояуын терезеден ішке лақ еткізді.
Балтаға хат жазатын қағаз-қаламы салынған қобдишаны жүқаяқтың үстінен созылып барып алды. Плитаның үстіне қойып, қақпағын ашып, бір парақ қағаз бен қаламды шығарды.
Қағазға "Мені арымды таптап, зорлап, қорлап тірідей өлтірген Мақан сұм. Енді мендей қарабеттің сол жауызды өлтіруі керек. Тәңір бұйрығы солай. Қатира" деп арбита жазды да, төрт бүктеп қобдидың бетіне салды.
Содан кейін кір жаятын ақ сүр жібек жіппен белін мықтап таңып байлады да, сыртынан жұқа жеңсізін сұға салды. Алашаның бір шетін көтеріп, іргеден шошаланың есігіндегі қара құлыптың кілтін сипалап тауып алды. Айғанша Қобландының жетісі берілісімен түнделетіп шүберекке оралған әлденені көтеріп кіргенді'. Жасын сығып тұрып: "Бектемірден қорқам, Қатира. Осы мылтықты көп айналдырып, оқ дәрісін қайта оқтап кетті. Аналардың біреуін жазым қылар. Сен шошалаңа тығып қоя тұршы" деген.
Сол мылтық оқшантайымен әлі осында болатын.
Қатираның құлыпты ашып жатқанда да, мылтықты орауымен алып жатқанда да, қолы дірілдеген жоқ.
Тірліктің бір адам, екі адаммен тұйықталмайтыныһн сездіргендей есік алдына шыққанда ауылдың әр тұсынан күлген, айқайлаған, әндеткен дауыстар естілді. Күннің соңғы қызыл жолақ іздері қаракөк аспанда сөніп барады. Қиық ай иіліп, екі-үш жұлдыз көз ашыпты.
Иығына әлденені асып алып ауыл сыртына қарай бүкеңдей баса жөнелген әйелді ешкім елеген жоқ. Күлдей майда сары топырақты сыңараяқ соқпақпен төмен қарап келе жатқан Қатира кенет әлдекіммен соқтығысып қала жаздады. Анау жалт берді. Қамыс қалпағы мыжырайған Найманқұл екен. Ол да аяқ астына қарап келе жатты ма, кәдімгідей қысылды.
— Кешіріңіз... Ә-ә, Қатира жеңгей, сәламатсыз ба.
— Шүкір...
— Қайда барасыз?
— Қасқа бұзау жоқ.
— Ә-ә... Әй, ол жақтан көзіме түсе қоймады-ау.
Найманқұл ұзап барады.
"Аузыма қасқа бұзаудың сап ете қалғаны әбүйір болды-ау. Жолым болады екен. Мақан "Рахатханасында". Найманқұлды бір жерге жұмсаған ғой. Оның кеткені де тәуір болды. Мықты сақшысы деуші еді".
Қатира жеделдете басты.
Төмен, сай табанына қарай сұғынған таспа жол ентелете жөнелді. Иықтағы мылтықтың салмағы кәдімгідей біліне бастады. Содан ба, әлде асқазанына бір түйір шайнама түспегендіктен тез шаршады ма, ентігін басу үшін жол шетіне шығып, қойтасқа отырды.
"Қайда асығам. Мен білетін Мақан болса, бүгін "Рахатханадан" ешқайда кетпейді. Уақыт көп. Қасындағысы кім екен? Кім болса о болсын. Әйтеуір бөгет жасамасын. Әй, мынаны неге ашпаймын?"
Асықпай орауды ашты. Қос ауыз мылтықтың стволын опырып, екі қуыс оқпанға үңіле қарады. Мектепте талай мылтық атқан, үйірмеге қатысқан. Қосауызбен бірер рет Мұқатқа ілесіп аңға да шыққан. Сондықтан да мылтықты қалай оқтауды, қалай көздеуді біледі.
Шүберекпен құндақты, стволдың майын біраз сүрткіледі. Жеңсізінің қалтасына салған үш оқтың екеуімен оқтап алды.
"Сүрініп кетіп жүрмесем..."
Бірақ ол бір сәттік қана жүрексінуі еді. Суық темірдің сұсы айбар қосты ма, сергіп түрегелді. Сергек басып ылдилай жөнелді. Етектегі үйдің терезелерінен жарық шашырап, көлшіктен дымқыл самал желпи есті.
Қатира қысылып-қымтырылмай, жасырынып-бұқпантайланбай тікке тартып шарбаққа жетіп тоқтады.
Сыртқы қақпаны тобыршығын салып, бекіткен екен, қолын сұғып ашты да, ішке кірді. "Рахатхананың" бүкіл терезелері шалқайып ашық қалыпты. Магнитофонның дарылдақ музыкасының дауысы маңайды бөрліктіріп барады.
Қатира қабырға бойлай барып, терезеден сығалады.
Бектемірдің сол жолғы көргенін Қатира да көрді.
"Әй, неге жалаңаш?"
Әйел де, еркек те жалаңаш еді. Бірақ бұл жолғы жалаңаш әйел Нәзия емес басқа болатын. Берік баланың үйленейін деп жүрген қалыңдығы еді ол. "Берікті анда қуып, қалыңдығын мұнда алдырған ба сонда?" Анау жалаңаш жайраңдаған қыздың да аудандық ауруханада медсестра боп істейтінін білетін.
"Алдырады бұл. Мақаннан қасиет қашқаны қашан. Мынау сұңқадамға не жоқ. Берікке ілесіп келгенде сыртынан бүкіл ауыл қызығып "екеуі бір-біріне қаңдай лайық! Ұзағынан сүйіндірсін!" деп ырзалық білдірмеп пе еді. Бұл қардың мына қылығы — қай қылық, ей! Берік кетсе, БАМ-ға кетті. Өзі кетті. Сүйсе — неге ілеспейді? Мынау опасыздығы қалай?"
Қатираны анау жалаңаш секектеген қызға деген көзсіз ашу буды. Енді ешкімнен, ештеңеден тайсақтамай, ашық терезенің дәл алдына шықты.
— Әй, қаншық!
Түнгі даланың түнегін түріп жететін әйел даусы қандай ащы! Қыз жалт қарап, екі көзі шатынап, бүкіл тұлғасы қарғыс үкіміндей ширыққан әйелді көргенде баж ете түсті.
Мақан терезеге қарай атылды.
Қарсы алдынан қосауыздың екі ұңғысы тесірейді.
— Тоқта, Мақан!
— Қатира-а? Қатира, сенбісің?
Мақан басқаны күтсе де, дәл Қатираны күтпесе керек ажалын көрген кесіктідей заматта қуқыл тартты.
— Иманыңды үйір, жауыз!
— Қатира! Мен саған... мен саған қалағаныңды берем. Ойнама, Қатира! Мы-ыл-тығы-ынды... мыл- тық-ты-ы әрі бұршы, Қа-ти-ра-аш!
Мақанның қолдары бетін көлегейледі. Алақанымен оқ пен отты тосып алатындай елестеп кетті.
— Келді зауалың, Мақан! — Қатира Мақанның қалтырағанын алғаш көрген еді, өзінің құдіретке айналғанын ұқты. Дәл қазір өзін тек Қатира ғана емес тәңір бұйрығын бұлжытпай орындаушы да деп сезініп тұр.
— Найманқұл! — Мақанның даусы біреу тұншықтырғандай қылғынды.
— Жоқ Найманқұлың! Жоқ ол! Ал, сен сұмырайды қазір жаһаннамға жөнелтем.
— Қатира, бір-бірімізді жиырма жылдан артық білеміз... Мен... мен. Алтынға шомылдырам.
Қатира мылтықтың құлақтарын қайырды. Мақанның көздері дөңгеленіп, түп-түгел үрейге толып кетті.
— Қатира-а! Жалғызыңның атын атап жалынам... Таңертең бұл ауылдан қарамды өшір-ей-ін. Тірі жі- бе-ер...
Мақан кемсеңдеді. Тісі-тісіне тимей сақылдады.
— Жалғыз емес балам. Енді екеу болады.
— Не? Кім жалғыз емес?
— Балам! Біреуінің әкесі енді сенсің!
Мақанға сөз мағынасы енді ғана жетті.
— Сол баламыздың атынан... екеуміздің баламыздың атынан өтінем, Қатира-а!.. Шыбын жанымды аясаңшы.
— Қобландыны неге аямадың? Тілеудің анасын неге қорладың? Бектемірді неге жазғырдың? Арынан айрылған қыздарды неге ойламадың? Мен сияқты байсыз әйелдерді неге қолжаулық еттің?
Қатираның даусы саңқ-саңқ естілді. Саңқ-саңқ естіліп үкім оқып тұрғандай түйреледі.
— Бір қасық қанымды қи, Қатира-а!.. Күнәмді-і-е жуа-а-а-м!..
— Жоқ! Сенің қылмысың жуылмайды! Ақталмайды!
Мылтық оқыс гүрс етті. Мақан сылқ етіп құлады.
Жалаңаш қыз шыңғырып жіберді. Шыңғырған дауыс Қатираның миында жаңғырды.
"Бітті!"
Жоқ, бітпепті. Мақан төрттағандап жұлқына тұруға әрекет етті. Кеудеден шашыраған қаны айналасын көміп барады. Жалаңаш қыздың есі шығып, бақырған даусы семер емес. Не киімін таба алмай, не жараланған Мақанға жолай алмай, не сырттағы қатып мелшиіп қарап қалған әйелден қашып құтыла алмай қалш-қалш етеді.
— Алыпсоқ! Алыпсоқ! — Мақанның жанұшырған даусы екі-ақ айқайлап ышқынуға жетті де, сонымен біржола тынды. Қайтып тұяқ серпкен жоқ. Жалаңаш қыз енді одан сайын бақырып, жүгірген бойы есікке ұмтылды. Тұтқаны жұлқа тартып-тартып қалды. Содан соң иығымен әрі итерді. Есік ашылып кеткенде... торпақтай дәу овчарка ит қызға бір-ақ шапшыды. Жалаңаш қыз шалқалай қулады. Сол-ақ екен иттің ырсиған азулары қыздың сол жақ төсіне сақ-сақ қадалды. Сақ-сақ қадалды да, қып-қызыл қанды бұрқ еткізіп тып-тығыз анардың жартысын жұлып алды. Қатираның басы айналып, көзі қарауытып кетті. Мылтықтың дүмін асығыс кеудесіне тіреп, шала-пұла көздеп шүріппені басып кеп қалды. Қаңқ еткен ит бір айналып барып мұрттай ұшты.
Жалаңаш қыз қимылсыз қалды.
Қатира мылтықты лақтырып жіберді. Екі аттап барды да, аяқтары бүктетіліп, опырыла жығылды. Маңдаймен қара жерді ұрғылады кеп, ұрғылады кеп сонсоң. Көмейге жас кептеліп, ауыздан айғай емес, дауыс емес, жылау да емес, ызалы ысыл төгілді. Шаршап, әбден әлсіреп барып тыншыды.
"Әлгі қыз өлді ме? Қамыл-қыбырсыз қалды ғой пақыр. Емшегін... жүрек тұсындағы емшегін қарпып жұлып алғанда жантәсілім етті ме екен"...
Ендігі сезім: осы аяныш тәрізді селкеу ғана. Қысасқа қысас жасап үлгерген соң тұлабойды сірестіре кернеген ашу да, кек те, қайғы да жоғалды. Бук түскен күйі сығалап жан-жағына қаранды. Терезелерінен жарық мол құйылып тұрған үйден де, маңайдан да еш дыбыс жеткен жоқ.
Бұлтсыз аспанның жұлдызы жиі екен. Әрқайсысы бір-бір тылсым жанар боп тесіле қадалып тұр.
"Жасаған! Күнәмді өзің кеш. Басқа амалым болмады, жасаған!"
Жұлдыздардан да, түксиген түнгі аспаннан да белгі-нышан білінбеді. "Көрдік! Қандық!" дегендей жыбыр-жыбыр билеген жұлдыз-жанарлар ғана дыбыссыз ишараттайтын тәрізді.
"Басы жұмыр пенде дүние қамын ойлаудан қашан жалығар екен? Басы жұмыр пенде тән ләззатын қызықтаудан қашан тойынар екен? Жүрек тебіренткен көкейкесті арман көршіңнің көкірегіне шер құйып, көзінен сор ағызумен жетер болса, ол арман болар ма? Қоңсыласын қоқаңдатқан тірлігінен рақат күй кешетін жыртқыштық әлде жұмыр басты пенденің сыбағасы ғана ма? Онда сол жұмыр басты пенденің үзілген өмірін жоқтар кім бар? Жауыздың жолын тоқтатып, суішерлігін таусып, азуы мен тырнағын енді ешкімге қадай алмайтын, сала алмайтын еткенін адам да, алла да шет көрмесе екен".
Қатира орнынан тұрды. Денесі салдырап, бүкіл мүшесі бөлек-бөлек қалғандай. Қараңғыға көзін сығырайта тігіп тұрды да, аяқтарын күшпен сүйретіп жүріп кетті. Үйді айналғанда, төменгі жақтан, көлшіктен шалп-шалп еткен дыбыс жетті.
"Балық секірген шығар. Әй, жұмыр басты пенде! Бе болды? Қалды бәрі артында бұйырмастан. Сонау жер түбінен алғызып, өсіртіп едің. Енді жоқ ол балық саған".
Ішкі ойда табалау жоқ. Қайта әлгіндегі жасаған ісіне ақталу іздегендей өзімен де, онымен де (Мақанның атын аузына алудан тайсақтайтын тәрізді) айтысқа түскендей бір кейпі бар.
Қапырық ауаның тыныс ауырлатар жайсыздығын елемей ілбіп келеді. Алдынан сәл дымқыл лебімен тыныс ашып көлшік көрінді. Жағасындағы сәмбі талдар еңкейе төніп, қыбырсыз мүлгіп, жапырақтарын да жыбыр еткізбей тыншып қалыпты.
Тағдыр қатал емес. Тағдырды қатал ететін жұмыр басты пенделер ғана. Әйтпесе бір тұтам тірлікте жан тұшынтар игілікке кім ұмтылмасын. Бірақ соған жеткізбей, тәнің түгіл жанына шиедей ғып дақ түсіріп, алыс-жұлыс ғұмырды еншіңе балап беретін иттігін қайтерсің. Көзді аштың — көзді жұмдың. Әне сенің барлық мерзімді ғұмырың. Сонда күлуіңнен жылауың көп болса, қуануыңнан өкінуің, өксуің көп болса, еміренуіңнен егілуің көп болса соңғы көз жұмуды ұзартам деп далбасалаудан не табарсың. Сенің соныңды тілей қоятын бұл әлемде кім бар? Жатың — анау, кеудесінен қан ағызып, тұяқ серпті. Жақының — балаң, өліп бара жатсаң аузыңа су тамызбайды. Ауылдан мейірім қашты. Байыған сайын қалтырауық. Бірінің есігін бірі ашпайды. Ауданың, аймағың — анау, жауызды алқалап, жазықсызды жауып тастады. Медет етер тірек не? Арқа сүйер кімің бар? Тау мен далаға көсілте шауып, ата баба жерін қаны мен терін ағызып қорғап қалған қазақ, тау мен далаға көсілте шаба ала ма бүгін? Қайдағы. Өзін өзі өндіршектеумен әлек. Опырылып құлап бара жатқан құрдым тірліктің қимас несі қалды? Қадірлі сиқы қандай?
Қатира көлшіктің үстіне төнді. Әр жерден бір шалп еткізе секірген балықтардың қимылынан дөңгелене тесілгені болмаса, айдын беті тынық. Тұңғиық. "Кел! Сүңгі! Қойып кет! Қызулы жаныңды мәңгі суытам!" дегендей.
Өмірді қимау деген бос сөз. Өмір — жұтым ауа, ішер ас, киер киім емес. Өмір — жақының, жатың. Алысың, жақының. Аулың, елің. Мақсатың, тілегің. Солардан көбіне көп реніш алсаң, көңіл түкпіріне таусылмас шер мен запыран төгіле берсе, ондай өмірдің несін қимассың. Денең суып, көңілің қалып, ол өмірден іргеңді аулақ салғанын жөн ғой.
Қатира жұқа жеңсізін иығынан сыпырып тастады. Беліне байлаған ақ сұр жіпті де шешіп, аяқ астына түсіріп, үстінен аттап өтті. Басын шошайтып алдымен аспанға ұзақ... ұз-а-ақ қарады. Шаңытқан Құс жолына кірпік қадап, әлденеге жүзін жылтты. Содан соң артына бұрылып, жалғыз үйге, үйдің ту сыртындағы төбеге көз тастап, бақ ішін сүзіп өтті. Жеміс ағаштары қолдың саласындай. Жалғыз-ақ, беріректе оқшау серейген терекке жанары кәдімгідей байланып қалып, босап кетті.
"Әй, әлгі қыз тірі ме екен?
Итінің аты — Алыпсоқ. Өзіндей о да басқаларды алып соға берсін деген, ә! О, тоба! Ат қоюда да зымияндық бар. Итім де өзімдей болсын деу неткен зорлық!"
Қатира кеудесін дірілдете өксігендей етіп күрсінді.
Көлшіктің ең терең тұсына кібіртіктей басып таянды.
"Жартастан қыз құлапты терең суға".
"Әй, не болса сол тілге оралады".
Төмен қарады. Қол созым жердегі су көз көрімде жатқандай басы айналды. Көзден жасы ыршыды.
"Сескенем бе? Немді қия алмай тұрмын?"
Сескенетіні де рас. Қия алмайтыны да анық. Бірақ неден сескеніп, нені қимайтының өзінің болжауы да қиын.
"Балтам, балам! Соңғы әрекетіммен тағы да жаныңды жараласам, кешір! Сенің "апа!" деген үнің жанымды елжіретіп, қара көзіндегі мейірім нұры, еркелік ұшқыны жанымды жылытатын. Кешір, ұлым! Енді сенің жанарыңнан суық ызғар ескенде, жанымды үскірік шалған. Кеудемді суық алған. Мен сен деп... бір сен деп ыстық-суыққа төзген едім. Сенің маған деген көңіл жылуың тұрғанда, өмірдің бүкіл ыстық-суығы менің таусылмас бақытым еді. Құлаған, сүрінген, жылаған, тарыққан кезде қасымнан елжіреп қарайтын жүзіңнен кеудеме шуақ құйылатын. Әлемнің бар, бар қуаныш-қызығына жалғыз өзім иедей-ақ жарық жалғанның іңкәрлігіне тоя алмайтынмын сонда. Кешір, ұлым! "Апа!" дейтін сәби үніңе зар қылғаның қалай? Қайғымды шайып тастар балалық ықыласыңа зар қылғаның қалай? Мені мынау қатыгез дүниемен жалғастырып тұрған сенің сүйіспеншілігің емес пе еді. Неге келмейсің? Неге үзесің? Неге азалайсың? Неге азаптайсың мені, балам? Қан аралас жас көмейлегенімді неге көрмейсің? Қайғымен тұншықтырған өксік жұтқанымды неге білмейсің? Кешір, ұлым! Ақтық, лебімнің шарпуын маңдайыңа баса алмадым. Қош бол, Балтам, балам!"
— Қош бол, Балтам!
Айқайлаған даусы шалп ете қалған судың құшағында тұншықты. Кеудеге ап-ауыр салмақ түсті. Тыныс тарылды. Тыпырлаған аяқ-қол ерікке қоймады. Қалқытып су бетіне алып шықты. Жұтым ауаның... қасиетін ұққызып, ықылық атқызды. Қомағайландыра сіміртті.
Саусақтар сәмбі талдың бұтағына қарыса жабысты. Кеудесі судан көтеріліп орамалы сусыған шашынан тарам-тарам су ақты. Тырбаңдаған аяқтары жерге тиді. Атып жағаға шығып, етпеттей жығылды. Тула бойы қалш-қалш селкілдей жөнелді. Аузы-мұрныңан балдыр исі сіңген су ақтарылды.
"Өле де алмайсың..."
Кімге шағынды? Өзіне ме, өзгеге ме. Әйтеуір аузы- мұрнынан кеткен сумен жарыса аққан ыстық жас толастамайды. Кеудесін қырнаған өкініш қана босатпайды. Бетіне батып бара жатқан нәрсені саусақтарымен сипалап еді... беліне таңған ақсұр жіп саусақтарына ілінді. Шынтақ тіреп басын көтерді. Жіпті саумалай босатты. Оң иыққа иек төсеп, жалғыз терекке кірпік қадады. Одан кейін көп бөгелген жоқ.
Төменгі бұтақтан секіріп кеп кеткенде, мойнынан сығып кеп қалған алапат шеңгел көзін жұмып жіберіп еді. Кірпіктерін бір сәт күшпен ажыратқанда атып келе жатқан таңның сәулесі жанарына құйылды да сөніп... өшіп кетті.
2
Мұрны пысылдап ұйықтап жатқан Балтаның танауына қауырсынның мамығын жүгіртіп оятып жіберді. Өзіне бағжаң етіп қарап, қайда жатқанын жаңа көргендей кірпігін жыпылықтатқан жігітке басын көтере қадалып, Сәуле сықылықтап күліп ала жөнелді. Салаңдаған екі емшегін жасырар да емес, күлгенде оппақ маржан тістері түгел көрінетінін сезе ме, аузын жаппайды.
— Қалай келдің ей, Балта? Майсара сені қайтіп босатты?
— Майсара ауруханада. Гинекология бөлімшесінде, сохраненияға түскен.
— О-о, болашақ папа! Құттықтаймын.
— Рақмет, Сәуле.
— Майсараның үйде жоқтығын пайдаландың, ә.
— Білмеймін... — Балта сұқ саусақ ұшындай қоңыр күрең қос істікке қарай алмай теріс айналды.
— Мұрын шүйіретінің бар неге келдің? — деп Сәуле тыржыңдады. — Менің күйім осы.
"Иә, күйің осы. Үш бөлмеде жалғыз тұрасың, бірақ жалғыз жатқан түнің жоқ. Ғазиз Құлтанович бейсенбісінен басқа күндері, мынау пәтер әртүрлі еркектің дарақы күлкісінен, темекісінен, терлеп-тепшіп ентігуінен босамайды деседі. Үш бөлменің жиһазы Майсараның дүние-мүлкінен де асып кетіпті. Мүмкін менен де ақша алар. Сонда таксасы қанша екен? Өзінен сұрасам қайтеді?"
— Сәуле...
— А-а? Бірдеме дедің бе, Балта?
— Мамаң қалай?
— Ауруы күшейіп тұр. Бектемір нағашымның ісін қуам деп әбден титықтады... Жүйкесін жұқартып алды. Бекер жасады соны. Со сильными мира сегомен қайдан тең түссін. Ешкімнен бір ауыз жылы сөз естімепті. Мен оны... оны білгем. Ақылымды тыңдамады.
— Қиын болған екен. Бектемір де қыңыр адам.
— Бәрібір обал. Ни за что сегіз жыл отыру оңай емес. Қадірбектің папасы біраз әрекеттенген екен... бір мықты әкім мойнын бұрап ала жаздапты.
— Қалай? Ол неге араласқан? — Балта бері аунады.
— Әділетшілдер бар емес пе... Солардың тілегіне еріп кеткен ғой.
— Кім әділетшілерің?
— Ха-ха! Сен, Балта, глупеешь с каждым днем. Олар сенің бывшие рабсилаларың — Қадірбек Сергей и анау турашыл Ритуля-Маргаритка.
— Не бітіріпті?
Бе бітіруші еді. Босқа арамтер болғаннан басқа. Какие-то наивные все. Анаған айтып ақиқат табам деп, мынаған жазып шындыққа жетем деп, бекер тырбаңдайтындарын түсінбейді.
— Ал сен оқымыстысың, Сәуле.
— Иә! Жарты жылда жиырма жылдың берерінен артық біліп алдым. Өйткені мен арасында жүрмін, арасында. Оның... ол кухняның исі сенің де мұрнына бармайды, Балта.
— Келмесе қойсын.
— Ой ли! Сен ғой сондай... сондай құмартасың оған. Мен білем сені, Балта.
— Немді білесің? — Балта сұп-сұр боп басын көтеріп алды.
— Бәрін білем. Ты не только эгоист, ты еще и жесток! Апаңа топырақ та салмадың.
— Салмадым. Кісі өлтіреді! Өзін өлтіреді!.. Мені неге аямайды? Мені неге ойламайды? Ана дейді-ау! Өмір бойы өзегіме де, маңдайыма да өшпес таңба басып берді!
— Мүмкін ол сенің қамыңды жеп, сөйткен шығар.
— Қайтіп?
— Сен ғылым кандидатысың. Лаборатория меңгерушісі болдың. Болашақ докторсың. Академиксің. Ал, апаң... қарапайым колхозшы. И еще мать одиночка.
Балта Сәуленің иығынан жұлқып қалды.
— Не дедің?!
— Не естісең сол! Әлде өтірік пе? Тумай кеткен ініңді, не қарындасыңды мен өлтірді деп пе едің. — Сәуле иығындағы қолды серпіп тастады. — Мүмкін шешең сені осы атақтан құтқарған шығар. Ал сен оны жазғырасың.
— Бәрің де сондайсың. Айырмаларың жоқ. Еркек десе өліп түсесіңдер.
— О, жоқ Балта! Сен ұрғашының бәрін күйдірме. Күйдірме текке. Менің мамам — нағыз святая! Бәрі бірдей емес. Бар олардың да қасиеттісі. Бар!
— Жарайды. Шаңқылдай берме.
— Ал сен әйелдерге тіл тигізбе. Азаматты дүниеге әйел болмаса кім әкелер еді. Әйел болмаса дүние де бір орнында тұрмас еді.
— Барлық соғыс атаулының да әйелдер арқылы басталатынын да ұмытпа.
— Да! Солай ма? — Сәуле тағы да сықылықтап күліп жатты да, бір-ақ шапшып Балтаның кеудесіне қос томпақ төсті кеудесін тіреп ала қойды. — Ал, мен сенен айрылып қалдым, Балта.
"Әй, денесі от! Дуылдап тұр домнаның горнындай. Ал мен өзімнің горновойлығымды да ұмытып, жалын атаулыдан жасқанатын болып барам"...
...Ентіккен, қызара бөрткен Балтаның тер шылаған бұйра шашын сипалап Сәуле біразға дейін үнсіз жатты.
— Балта, бірінші майдың қарсаңында екеуміздің далаға шыққанымыз есіңде ме? Сонда біз алғаш рет сүйісіп едік-ау! Одан бері тура бір ғасыр өткендей...
"Сонда ақымақ болған мен ғой. Қолыма түсіп тұрған жеріңнен өзім қоя берген. Қызығың басқаға бұйырды. Аузымдағыдан қағылдым".
— Неге үндемейсің?
— Не дейін. Әлі өкінем, Сәулеш.
Сәуле дір етті.
— Рас па Балта? — Қысылып жабысып барады.
— Сол күні сен сондай сұлу, сондай әсем едің, Сәуле... Айырылып қалдым ғой.
— Әлі өкінішті екенсің. Шыныңды айтшы, өкінішің менен айрылғаның ба, менің айрылғанымнан ба?
Балта қолтығына кіріп кеткен қызға (қыз ба, келіншек пе — ажыратып көр) кірпік төңкерді. "Жасырмайды. Ашық айтады. "Менің айрылғанымнан ба" дейді. Пәктігін айтады. Бірақ өзі де өкінсе ғой. Бұрын өкінсе де, енді өкінбес. Мынау тіршілігінен қол үзбес. Ғазиз Құлтанович Сәуленің күн құрғатпайтынын сезе ме екен? Әрине, сезеді ол. Аңдушылары көп. Ендеше, неге тыймайды? Әлде өзіне сонысы қолайлы ма? Көппен бөліскенді ұнатпаушы еді ғой?"
— Екеуі де өкінтеді, — деді Балта.
— Тағы да тайқып кеттің. Әй, табаныңның бүрі жоқ-ау.
Сәуле ірге бөлді. Әрі аунап, өз жастығына басын салды. Аппақ арқасына қызартып саусақ таңбасы батыпты.
"Шыдайды. Бұ бикештер сұмдық шыдамды. Ал, біз не болса соған жасып, ұнжырғамыз түсіп кетеді. Ал, бұлар..."
— Сәулетай... Тайғанай беретінімді әу баста білдің ғой. Сол кезде қолтығымнан мықтап ұстасаң... ажырамас па едік.
Сәуле мойнын бұрды. Көзінің асты күлтілдей бастапты: "Әй, ерте ғой, ерте!" деген таңырқау әлде аяу сезімі қылаң берді.
— Ой, Балта, сен еңбектесең де Майсараға кетер едің бәрібір.
Балтаның дымы өшті. Келісті ме, кірпіктері қайшыланды. "Бәлекей шіркін бәрін біледі. Ойымдағыны оқып қояды. Бетті ашып алғаным да теріс болмады. Майсараға ренжіген күндері "Сәулеш, қайдасың?" деп тартып тұрмаймын ба бұдан былай. Мені келер деп кеше күтпесе керек. Қуанғанынан таңданғаны басым болды. Әлде Ғазиз Құлтанович сияқты бір күнді мен де белгілесем бе екен? Ол қырма-сақалдан нем кем. Қайта қадірім артық".
— Мерекеңмен, Балта...
— Қандай?
— Ой, сен бүгін жетінші ноябрь екенін де ұмыттың ба?
— Ә, неге ұмытайын. Біз екеуміз, Сәуле, ылғи мереке қарсаңында, мереке күндері жолығатынымызға қайранмын.
— Рас, ей! Тура жаңа жылда таныстық. Сегізінші мартта Василий Сергеевичтің пәтерінде тойладық. Бірінші майдың қарсаңында тау мен даланы кездік. Міне, ақыры жетінші ноябрьдің қарсаңында әрең деп табыстық.
— Табыстық дейсің, ә.
— Өтірік пе?
— Қандай ұзақ жолдан өткенбіз. Шиырладық, шимайладық, адастық, алыстадық... қайта кездестік.
Содан соң екеуі де біразға дейін үнсіз қалды.
"Былтыр дәл осы күні ауылдан поезға мінгем. Енді шешем жоқ. Тілеу ғана шығарып салған-тын. Нәзия енді кездессе, мытып жіберер ем. Әй, сондағы әйелден қорыққан басым. Сонау тыз-тыз саны саныма енді тисе ғой!.. Тілеу әлі сол он жасар қалпында. Қулық-сұмдықтан таза. Балалықтың мәңгі пәктігінде қалып қойған".
Сәуле иығынан тартты.
— Айтпақшы, кеше Қадірбекті көрдім. Қасында Ритулясы бар.
— Болсын.
— Екеуі үйленбекші екен. Суретке түсуге келіпті.
— Ә-ә... Түссін...
Балтаның кеудесін қызғаныш тырнап-тырнап жіберді. Рита-Маргаританың жасыл жапырақтағы таңғы шықтай жылтыраған көздерінің өзіне мөлдірей қарайтынын есіне алды. Рита-Маргаританың бұған дейтін құлаған көңілінің үлкен ықыласын енді сезінгендей болды. Талай рет жолын тосып еді әсем бойжеткен. "Әй, неткен ақымақ едім. Өзі ыңғай білдірген қыздан безіп үнемі ашықауыз болғаннан не таптым. Сыбағама қасқыр тартқан, қарсақ тартқан жарымжан тоқты-торым бұйырумен келеді. Обал-сауап дегенді басқа кім ойлайды. Ешкім де ойламайды. Елден ерекше мен ғанамын. Адал көңілді алдағым келмеген. Өмірімде бір рет қасқыр боп, қоңынан тартып өтсем, қайтер еді. Қайта өліп-өшкен жанның ынтызарын беріп, шын сауабын алмаймын ба?"
Мына ойдан тез тұтанды. Көз алдына Рита-Маргаританың сұңғақ денесі, қаз мойыны, қыпша белі, толқынды шашы елестеп кетті. Бойдағы қан, әлгінде ғана тыншыған қан, қайта дуылдады. Орнынан асығыс атып тұрды.
— Қайда барасың?
— Ә-ә, Майсараға тебе көрсетпесем бола ма?
— Сенің неше Майсараң бар?
Кие берген шалбарын қоя салып, Балта Сәулеге жалт бұрылды. Сәуленің езуінде мысқыл күлкі тіріліпті. Балта тыжырынды.
— Қанша керек болса, сонша болады!
— Тым қомағайланам деп қақалып жүрме.
— Оны өзім білем.
Есік аузындағы кемпірлер Балтаға бастан-аяқ сүзе қарап, күбір-сыбырмен ұзатып салды.
"Маргаританы іліндірсем, енді саған жоламаспын-ау. Тілінің шиқаны бар. Ритуляға асыққанымды сезе қойды. Қандай пәлекет! Әй, Сәуледен қол үзуге де болмайды. Ширыққан жүйкені баса алар дәрмені бар".
Үйге келісімен Балта қойын дәптерін ұзақ іздеді. Ақтармаған жер қалдырмады. "Әй, сонда оны Майсара тығып тастаған ба? Ол оны неге тығады?"
Сервантты ашып, Майсараның шкатулкасын шығарды. Майсара бүкіл документтерін осында сақтайтынын білетін.
Шкатулканы стол үстіне қойып, біраз отырды. Ашқысы да келеді, ашуға да жүрексінеді. Өзгенің мүлкіне өзінен рұхсатсыз қол салу қалай болады дейтін күдігі бар. Ақыры әуесқойлық жеңді.
Қойын дәптерін одан да таппады. Документтерді орнына салып жатқан, қолына жинақ кітапшасы түсті. Ашып кеп қалып еді, бұның, Балтаның атына толтырыпты. Тура он бес мың!
"Әй, Майсарам! Жарадың! Екеуміз енді бір адамға айналдық. Мен де сені жатсынғам жоқ!"
Шкатулканы орнына қойды. Көңілденгені сондай, Майсараға кіріп шығуға дайындала бастады.
"Не апарсам екен?"
Машинасымен орталық базарға барды. Қып-қызыл апорт алмасын, бал алды. Көзі гүл сатып тұрғандарға түсті. Үш шоғын оратқызды.
Майсара гүлді көргенде қатты қуанды.
— О-о, Бал, біреу емес үшеуін әкеліпсің ғой!
— Енді біз үшеу болмаймыз ба?
— Боламыз, Бал! Мен айтайын ба... Дәрігер, гинеколог ше, сол құлағыма сыбырлаған...
— Кім ол гинекологың, еркек пе?..
Майсара күлді.
— Ой, Бал, Бал! Ол — Лариса Степановна Аш-кенази. Сондай білгір! Сол айтқан... Біз ұлды боламыз!
Майсараның аналық сезімге бөккен жүзі құлпырып кетеді екен. Балтаны да елітіп жіберді.
— Рас па, Май?! Онда ат шаптырып той жасаймыз. Ақ түйенің қарнын жарып тастаймыз!
— Атын Жанбота қоямыз, иә?
— Жанбота!? Неге Жанбота? Ол Біржанды қорғамаған, қорлаған. Болыс — ол.
— Сен де айтасың-ау, Бал. Біздікі басқа заманның басқа Жанботасы болады. Ол сені мен менің жанымыз, сені мен менің ботамыз болады.
— Ә-ә! Жан — бота. Әдемі! Дұрыс, Май. Жанбота болады!
Қойын кітапшасын ертеңінде кітап сөресінен тауып алды. Оп-оңай-ақ жерде тұр екен.
Үшінші соққаныңда ғана трубканы Маргарита көтерді.
— Рита, сәлем! Мерекеңмен, Ритуля! Танымай қалдың ба?
Трубкадағы жиі дем алған Маргаританың дауысы кешігіп барып жетті.
— Таныдым, Балта Мұқатович. Сізді де мерекеңізбен құттықтаймын.
— Маргарита Батьковна, менде ұсыныс бар. Екеуміз кездессек қайтеді? — "Осылай ес жиғызбай, төтесінен кету керек әйтпесе бикештер қауымы бұлданып бітеді". — Мен сені сондай көргім келеді, Ритуля.
— Бүгін бе?.. Жо-жоқ! Мүмкін емес. Үйде кісілер бар. Қонақтар...
— Ендеше ертең! Рита, сен маған сондай керексің. Керексің, Маргарита — Рита! Өтінем!
— Жарайды...
— Онда "Алматы" ресторанының алдында сағат үште.
— Жұмыс ше?
— А-а!.. Иә, ертең жұмыс күні екен ғой сендерге... Беске келе аласың ба?
— Көрейін... — Телефон үзіліп кетті.
Балта өзіне-өзі ырза. "Ұшып келеді. Білем ғой оларды. Ол дегендерің, бикештер қауымы, еркектер сияқты емес, тұрақты. Бір ұнатқанын ғұмыр бойы ұнатып өтеді."
Балта лаборатория меңгерушісі болғаннан бері жұмыста көп отырмайды. Енді оның кітапханада белгілі орны бар. Сол сылтаумен түстен кейін институттан табылмайды.
Кешкі Маргаритамен кездесуге қатты дайындалды. Шаштаразға кіріп прическа жасатты. Майсараның жабық магазиннен әперген шетелдік жилеті мен костюмін киді. Арнайы тіккізген жұқа пальтосын, пальто түсіне сәйкес шляпасын киді.
"Қайда апарсам екен? Мұнда — әкелсем, сөз жоқ, мұртты апай көріп қояды. Оның сергектігі ғаламат. Қайда апару керек ә. Ғазиз Құлтановичтың "Саятындай" қаланың сыртынан саяжай салғызсам... Несі бар, салғызамыз. Майсараға құлаққағыс етсем... көңілімді табу үшін өзі-ақ орындатады. Ал, бүгін, қараңғы түскенде Ритуляны жетектеп жетейін..."
Ресторан алдында біраз тосып қалды.
"Әй, бұл неге кешікті. Бұлданғаннан сау ма? Өзіне көзім түскеніне қуанудың орнына, кергіп, кердеңдік танытпақ па. Ерегіскенде көрген бойда "рақмет, енді уақытым жоқ!" деп тайып тұрсам қайтеді. Әй, жүгірер еді соңымнан. Мен оның өзіме деген ынтықтығын білем ғой. Сүйек дәметкен иттей мөлиеді ол сонда. Не дегенмен тұлғасы керім өзінің. Әсіресе аяқтары түп-түзу! Серпіні қатты болар!"
— Көп күтіп қалдың ба, Балта Мұқатович? Сәламатпысыз. — Маргаританың қай жақтан сап ете түскенін байқамай қалған Балта қыздың сондай өзгеріп, көріктеніп кеткеніне қатты қайран қалды.
— Ә-ә, сә-ә-лем, Рита-Маргарита!.. Мен бе? Жоқ. Көп күткен жоқпын. Өзіңді көп күтсе несі бар. Сендей сұлу қызды үнемі тосуға бармын.
— Керек емес, Балта Мұқатович.
— Не керек емес?
— Мұндай әңгіменің енді маған қажеті жоқ.
— Неге, Рита? Мен сені... сені түсімде де көретін боп жүрмін. — Балта қыздың қолынан ұстамақ болып еді, анау тартып әкетті.
— Себебін білесіз, Балта Мұқатович. Ал, мен керісінше, түсімде сізді көрмеймін.
— Көзден кетсе, көңілден болар ғайып демексіз ғой...
— Білмеймін... Ендігі көңілімде басқа адам...
— Ол басқа — анау сүмелек Қадірбек пе?
— Иә, Балта Мұқатович! Сіздің оған тіл тигізбеуіңізді өтінем, — деп Маргарита қадала қалды. Көзі ұшқындап, танаулары қусырылып, қаймыжықтай жұқа еріндері сәл ашыла аппақ тістерін жарқыратты. Тартынған сайын, шегінген сайын Балтаға ұнап барады.
"Тап бүгін төсіме баспасам ба!.. Әй, менде де көз бар деп... Ай қарап жүргем бе? Мынау мынау түс, мынау тұлға шынымен-ақ Қадірбекке бұйыра ма? Аузының салымдысын шіркіннің! Қимылда, Балта! Бас шабуылға! Қыз бен қамалды төпелеп алатын!"
— Кешір, Маргарита! Ол жігітте жұмысым жоқ. Бірақ, менің өзіңді еш ұмыта алмайтынымды білесің ғой. Дүниенің бәр-бәрі алдамшы екен. Өзгермейтін сезім ғана! Сенің қимылың, сенің бейнең, Ритуля, сенің тұлғаң, сенің мінезің, Ритуля, үнемі көз алдымда тұрады да қояды. Сенің жымиғаның, Рита, сенің күлімсірегенің, Рита, сенің күлгенің, Рита, ешкімге ұқсамайды. Сенің туралығың, Рита, сенің максималистығың, Рита, сенің ақжүректігің, Рита, еш адамда кездеспейді. Өкінішім, Рита, осының бәрін кеш сезіп, кеш ұғуым. Бірақ сезімім, өзіңе деген ұмтылуым алдамайды.
Маргаританың ұзын кірпіктері жыпылық атып кетті. Саусақтары сәл дірілдеді. Ақ сұр жүзге қызыл толқын жүгірді. Соларды қапысыз дәл баққан Балта, қыздың қолтығына жармасты да ерте жөнелді.
"Қолымды қаққан жоқ. Ресторанды қайтем. Онан да бірден үйге әкетейін. Міне, қараңғы түсіп те кетті. Әй, оңбай түсірдім! Буын-буыны босап сала берді-ау! Әлі де үмітті екен менен. Жол болды!".
Қараңғы көшеге жете бере тоқтады да, кілт Маргаританы қаусыра құшақтап, ерніне ернімен жабыса бергені сол еді, кеудесінен қыздың жұдырығы түйіп кеп жіберді.
— Жауыз! Жыртқыш! Айуан!
— Оу, Рита, саған не болды?!
— Мен сенің аярлығыңды сезбеді, білмеді деп пе едің, Балта Мұқатович! Әлде сенің бұлбұлдай сайрағаныңа сеніп қалды деп пе едің? Сенің қап-қара жүрегіңді мен баяғыда-ақ көргем. Сен — нағыз алаяқсың! Сен — тасжүрек опасызсың! Саған қасиетті ештеңе жоқ. Сен анаңды да саттың. Сен махабатты да саудаладың. Сен достықты да айырбастадың. Сен, реті келсе, отаныңды да оп-оңай сатып кете бересің! Сенің өзіңнен басқа сыйлайтын да, қадірлейтін де, қастерлейтін де адамың жоқ, Балта Мұқатович! Сондықтан да сен мәңгілік жалғызсың. Сенің дертің, сенің жауың — жалғыздық болады. Сен де дос та, туыс та, сүйіктің де қалмайды. Ал, енді, cay бол, Балта Мұқатович!
Маргарита тық-тық басып ұзап барады. Сілейіп тұрып қалған Балта анау қызбен тазалық пен адалдық енді біржола бірге кеткендей қынжыла күрсінді.
Көше кезіп келеді. Осыдан бір жылдан сол көптеу бұрын дәл осылай көше кезгенде анау терезелерге қызыға қарайтыл, қызғана қарайтын. Қазір өзінде бәрі бар. Пәтері бар, ордерға тіркелген заңды пәтер жалдаушы. Машинасы бар. Ғылым кандидаты дейтін атағы бар. Қызметі өсті. Ақшасы жетеді. Әне, тумай жатып аты қойылып та қойған баланың әкесі де болғалы тұр. Бірақ көңілі неге қоңылтақсып келеді? Неге жаны тызылдап ауырып келеді? Әлде Маргаританың шындықты бетке айтқаны шымбайына батты ма? Анасы қайда? Енді қайтып маңдайынан сипап, еркелете алмас сол ананы тәрк етіп кеткені өтірік пе еді? Әлде шешесінің дүниеден ертерек көз жұмуына бұның өзі себепші болған шығар? Кешірім сұраған әлсіз үні жер астына жетер ме енді?
Жарқын қайда? Қол ұшын созып, туған ағасындай қамқор болмап па еді. Онымен де жауығып кеткені рас қой.
Василий Сергеевич... Вася атай. Орны бөлек-ау. Адам адамға дос, туыс дегенді танытқан үлкен жүректі қарияны да жерге қаратып, қақ жүректен қанжар салғандай болыпты.
Сергей, Қадірбек Маргарита... Үнемі шұғыла шашатын жазғы шығыс көкжиектей-ау! Сол көкжиекке де бұлт шақырған әбестігін кім кешірер.
Әділет деп шырылдаған Бектемір, қапастан шуаққа талпынған Сәуле. Тұңғиықтан қол созған біріне бұрылмай өтіпті. Бірін тұңғиыққа итеріп кетіпті.
Қара түнектен Барақ, Магомед, Мақан, Ғазиз Құлтановичтар қап-қара боп серейеді...
Балта ілбіп басады. Қылауытқан түйіршік қар бетіне, мойнына қарып қадалады.
Таразының қос табағы. Бірінде Вася атай, Бектемір аға, Жарқын мен Сергей, Қадірбек пен Маргарита. Олардан да ап-айқын жетімсірей күлімдеген мұңлық анасы. Екінші беттен Ғазиз Құлтановичтың жымысқы күлкісі шалынады. Мақанның қалың қабағы, Барақтың суық отты қарасы, Магомед, Кержік-Коля, Уайстердің сұлбалары төнеді.
Етекте төменде Сәуле мен Майсара қалғандай. Осы екеуі қай тұсқа, қай табаққа жүз бұрар деп әуестене көз тіккен өзін екі табақтан таба алмай әлек.
Қылау — өткір. Ашық жерге тіліп тиеді. Жағасын көтеріп еді, болмады. Енді дәл маңдайдан ескен желмен көз аштырмастай.
Балта үйіне әрең жетті.
Есіктен кіргені сол еді, телефон, жүз жиырма сомның аппақ телефоны мияулап қоя берді.
Трубканы асығыс көтерді.
— Алло!.. Майсара керек!
Ғазиз Құлтановичтың даусын таныды.
— Сәламатсыз ба, Ғазеке! Майсара жоқ.
— Ол қайда-а? — Дауыста бұрынғы зіл жоқ, дауыста бұрын кездеспеген діріл бар екен.
— Майсара ауруханада.
— Солай ма? Сен Балтамысың?.. Әй, Балта, айрылып қалдық қой!.. Леонид Ильичтен айрылдық қой!..
— Кімнен? Кімнен дейсіз?
— Брежневтен! Леонид Ильичтен!.. — Дауыстағы дірілдің өксік екенін Балта енді ғана ажыратты.
— Қалай?
— Бүгін қайтыс бопты. Енді не істейміз???
"Енді не істейміз?" деген үлкен үрейлі сұрақпен трубкадағы дауыс үзіліп кетті.
"Енді не істейміз? Маған бәрібір" деп Балта состиып тұрып қалды.
ТҮЙІН
Даланың бұралаң-бұлтарысы мол қара жолы ащы ішектей шұбатылып жатыр. Жоғалмайды ол. Жазда шаң шұбыртып, қыста қар үйіріп өрден ойға еңістейді, ылдидан беткейге шапшиды. Талай ауылдың үстінен, талай қыстақтың ортасынан, талай зираттың қасынан өтеді. Даланың кедір-бұдырлы қара жолына талай әйнек сығырая қадалады. Талай терезе мөлие тесіледі. Талай бала үміттене қарайды.
Табан таңбасы, дөңгелек ізі, тұяқ мөрі қара жолдың таусылмас, үзілмес шежіре әнін айтып жатыр, шежіре сырын шертіп жатыр. Ол ән, ол сыр — Мәңгілік жыры. Ал мәңгілік жырының алтын арқауы — еркіндік пен теңдік тазалық пен сұлулық.
Даланың қара жолына кешегі сарыбала — бүгінгі жігіт Балта шыға алама? Атқан таңға мәдақ айтқан бозторғай әнін тыңдай алар ма? Сол атқан таң, шыққан күн, сайраған ән — мәңгілік өмір симфониясы екенін түсіне алар ма ол?
"Біз — құл емеспіз!" дейді даланың қара жолының үстіндегі адам.
"Біз — құл емеспіз!" дейді дала төсін тіліп өткен қара жолмен жүйткіген жолаушы.
"Біз — құл емеспіз " дейді даласындағы қара жолымен маң-маң басып бара жатқан қарапайым қазақ.
"Біз — құлмыз ба, кімбіз?" дейді мәңгі таусылмас сұрақ.
Даласының сол қара жолымен Балта енді жүре алар ма? Қара жолдан ауып кеткен табаны қайтадан майда топырақты жалаңаштанып баса алар ма?
Август 1985 жыл — январь 1987 жыл, Алматы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі