Қазақ мәдениетіндегі театр өнерінің динамикасы тақырыбындағы мақаламды бастамас бұрын, сіздерге жалпы театр құбылысының пайда болуы мен тарихын сипаттап өткім келіп тұр.
Театр (грек тілінен аударғанда спектакльге арналған орындар, спектакль) - ойын-сауық өнерінің негізгі түрі. Театрдың жалпы тұжырымдамасы бойынша бірнеше түрге бөлінеді: драма театры, опера, балет театры, пантомима театры және т.б. Терминнің шығу тегі ежелгі грек театрымен байланысты, мұнда көрермендер залындағы орындар осылай аталған (грек етістігінен "теаомай" – мен қараймын деп аударылады). Және де театр бұл сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін өнердің бір түрі, түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шаралар өткізілетін орын-жай. Театрдың тарихи жағынан қалыптасуын, дамуын, өсіп-өркендеу жолын айтып кететін болсам, жалпы театр тарихы ежелгі гректерден бастау алатыны белгілі. Алғашқы театрды біздің дәуірімізге дейінгі 534 жылы әйгілі ежелгі ақын Феспид құрған. Содан кейін барлық спектакльдер тек екі негізгі түрге бөлінді-трагедиялық және комедиялық. Сонымен қатар, қойылым әрқашан мифологиялық немесе тарихи сипатта болды. Актер ретінде тек ер адамдарды қабылдады. Оларда сахналық костюмдер болған жоқ, бірақ кейде олардың бетіне үлкен жарқын маскалар киілетін еді. Әйелдер іс жүзінде спектакльдерге, әсіресе комедиялық қойылымдарға қатыстырылмады. Сирек жағдайларда, олар өз құқықтарын қорғап, театрға кіре алған кезде, олар негізгі аудиториядан бөлек, әдетте артқы қатарда отырды. Гректер үшін театрда жұмыс істеу өте беделді кәсіп болып саналды.
Сонымен қатар, театр өнерінің бастауында Қытай халқының мәдениетіндегі көлеңке театрыда ерекше орын алады. Көлеңке театры-Қытай халық өнерінің бір түрі. Ежелгі Қытайда көлеңкелі театр ойын-сауық пен діни мақсатта қолданылған. Қойылым арнайы экранда өтті. Оның сүйемелдеуімен музыка мен дыбыстық эффекттермен болды. Аңыз бойынша Батыс Хань әулетінен шыққан Император Уди (б.з. д. 156-87) аурудан қайтыс болған сүйікті күңі Лидің өлімінен кейін есеңкіреп қалады. Император оны қатты сағынғаны соншалық, ол билікке деген құштарлығын жоғалтты. Бірде министр қуыршақтармен ойнап жатқан балаларды еденге жарқын көлеңке түсіріп жатқанын көрді. Осыдан шабыттанған министр қайғыны жеңуге көмектесу үшін қағаздан императордың қайтыс болған күңін қуыршақ ретінде жасады. Түн түскенде, императорды көруге шақырды. Қуыршақ пердеге көлеңке түсірді. Император қатты қуанады. Бұл оқиға ресми тарих кітабында жазылған, дәл осы сәттен бастап қытай көлеңкелі театрының тарихы басталды деп есептеледі.
Осылай, театр өнері Ежелгі Греция мен Қытайда алғаш рет пайда болып, орта ғасырда, қайта өрлеу дәуірінде, жаңа заман дәуірінде, және қазіргі уақытқа дейін өз жалғасын тауып, қарқынды дамып келе жатыр. Театр тарихы мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты, сондықтан театр туралы негізгі ақпарат көздері театр өнерінің даму кезеңдерін бейнелейтін тарихи, теориялық еңбектер, қойылымдар болып табылады. Барлық уақытта театр мәдени, қоғамдық және саяси өмірдің ажырамас бөлігі болды. Театр тарихындағы әр кезең театр репертуарының мақтанышын құрайтын шедеврлер жасаған әйгілі авторлардың есімдерімен байланысты. Міне, осындай театрлардың қалыптасуы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір-тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және тұрлаулы мәдениетімен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы болып табылады.
Енді еліміздегі театр мәселесіне тоқталсам, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда түбегейлі өзгерістер болды. Соның ішінде бұл өзгерістер театр өнеріне де өз әсерін тигізді. Алдымен, театрдағы қойылымдар бұрынғы жинақталған ресурстар есебінен дами берді. Уақыт өте келе елдің мәдениеті мен өнері көркемдік процестерді жаңарту мақсаттарын қойған болатын. Біріншіден, театр қойылымдары мен оның идеологиясын өзгерту болды, бұл ұлттық бірегейлікті іздеу. Жаһандану жағдайында ұлттық сананың өсуі, әсіресе тарихтың бұрын жабық беттеріне деген қызығушылықты оятты. Театр репертуарында басты орын алған тарихи драма жанры бірінші орынға шықты. Спектакльдердің басты кейіпкерлері Абылайхан, Махамбет, Әмір-Темір, Томирис болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең ішінде театрлардың репертуары тарихи қойылымдармен қатар ұлттық классика мен фольклорлық тақырыптағы қойылымдармен толықтырылды. Классика әрқашан өзінің мазмұнымен, көркемдігімен, құндылық бағдарымен, заманауи мәселелерімен назар аудартады. Классикалық шығармаларда режиссерлер қазіргі заманның жаңа шындықтарымен байланысты идеялар мен бейнелерді іздеді. Қазақ театрының қалыптасуы ерекшеліктері, сондай-ақ актерлік өнер мен режиссураның ұлттық стилінің өзіндік ерекшелігі фольклорға байланысты болды. Тақырыптар, сюжеттер, сөз өнері, фольклордың бейнелі және жанрлық жүйесі, фольклорлық символизм және кейіпкерлерді құру принциптері сахна өнерінің заңдарына сәйкес театр өнерінде өзгерген. Қазақ театрының жаңа форматында М.Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қаракөз", "Абай", Ғ. Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Қозы-Көрпеш және Баян-сұлу" пьесаларының түрлі сахналық нұсқалары пайда болды. Тәуелсіздік жағдайында жаңа кейіпкерді табуға, оның рөлін, орны мен маңыздылығын анықтауға деген ұмтылыс фольклорға деген қызығушылықтың артуына әкелді. Фольклордың поэтикасы мен эстетикасына, оның адамгершілік құндылықтарының биіктігіне, болмыс, жақсылық пен зұлымдық туралы терең идеяларға назар аудару спектакльдің көркемдік көлемін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі қазақ театрында ұлттық сахна өнерінің әлеуеті , жаңа сахналық формаларды іздеу арқылы, метафораны режиссерлік шешімнің, көпфункционалды бейнелі жүйенің базасы ретінде қолдану дами бастады. Қазақстанның тәуелсіздігі жағдайында еліміздің барлық театрларының алдында қазіргі заманды көркемдік тұрғыдан түсіну идеясы, жаңа тарихи дәуірмен салыстыра отырып, жаңа кейіпкердің өмірі арқылы әлемнің бейнесін ашып, кейіпкердің тағдырын жалпыадамзаттық контекстке қосу міндеті тұр, өйткені театр ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі болғандықтан, театрдың мақсаты — уақытпен үндестікте болу.
Еліміздегі көптеген театр мекемелеріне қазақтың ұлы жазушылары мен ақындарының: Жүсіпбек Аймауытовтың есімі Павлодардағы қазақ музыкалық-драма театрына, Мұхтар Әуезовтің есімі Алматыдағы театрға, Жұмат Шаниннің есімі Шымкенттегі қазақ драма театрына берілді.
Қазақстанның театрлар әлемінде бәсекелестік бар, яғни сапалы прогресс бар деп санауға болады. Әр театрдың өз жанкүйерлері бар. Театр-бұл бізге күнделікті өмірге басқа қырынан қарауға, не болып жатқанын түсінуге және ең бастысы сезінуге және қалай өзгере бастауға мүмкіндік беретін алаң ретінде қалыптаса бастады. Театр өнері тек драматургия, актерлер мен режиссерлермен шектелмейді. Сахнадан тыста өмір бар екенін айту қажет: жарық, костюм, макияж суретшілері, қоюшылар, монтажшылар, дыбыс дизайнерлері, театрлардың көркемдік жетекшілері, әдеби бөлімнің меңгерушілері бар.
Қазақстанда сонымен қатар, актерлік шеберлікті шыңдайтын мектептер бар: Алматыда Асанәлі Әшімов пен Евгений Обаевтың мектебі, Астанада да Меруерт Өтекешеваның мектебі, халық әртісі Гүлжан Аспетованың мектебі, сахна шеберлері А. Омардың, Лейла Бекназардың, Сергей мен Наталья Матвеевтердің мектебі бар. Бүгінгі таңда бұл мектептердің түлектері театр сахнасында және киноиндустрияда өнерлерін танытуда.
2021 жылға Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді, оның ішінде 52 мемлекеттік театр (оның ішінде 4 ұлттық (этникалық) театр: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары) әртүрлі бейіндерде жұмыс істейді: 3 опера және балет театры, 5 балалар мен жасөспірімдерге арналған театр, 7 қуыршақ театры, 24 драма театры (оның ішінде қазақ және орыс труппалары бар 3 драма театры), 11 музыкалық-драмалық театр және музыкалық комедия, 1 жастар театры және 1 сатира театры бар.
Қазақ мәдениетіндегі театр өнерінің динамикасы тақырыбында мақала жазуға түрткі болған себеп, ол менің мәдениеттанушы мамандығым. Маман иесі ретінде оқу бойынша тәжірибені театрдан өткен болатынмын, сол кезде театр бұл үлкен жауапкершілік пен еңбек екеніне көзім жеткен еді. Сонымен қатар қазір бұрынғыға қарағанда театрға қызуғышылық өте жоғары деңгейде деп ойлаймын, бұның бір себебі халқымыз театр өнерін танып және бағалай бастады, екіншіден қазір әлеуметтік желілердің ғасыры ғой, сондай әлеуметтік желілер мысалы, Tik Tok, Instagram, Youtube және тағы басқа да желілерде сонымен қатар баспасөз сайттарында жаппай қазақи қойылымдардың үзінділері танымал болып,таралып жатыр. Міне, осындай театрдың жан-жақты дамуы, қазақ қоғамында рухани мәдениеттің көрінісі айқын екенін көрсетеді. Қазақ қоғамында театр мәдениеті өзіндік жолын тауып, тарихы бар, ерекше мәдени, рухани мәдениет болып қалыптасты.
Мақала авторы - Шарапқызы Дамира. «Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті», «Философия және Саясаттану факультеті», «Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы», «6B03102 -Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы, 3 курс студенті
Жетекшісі- Кудерина Айжан Нурхамитовна
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі