Өлең, жыр, ақындар

Қажымұқанға қарым көрсеткен Ыбырай балуан

Марлэс Сабырұлының «Қажымұқанға қарым көрсеткен қазақ кім?» атты мақаласын «Ұлт.кz» сайты жариялап, Шығыс Түркістанға белгілі көптеген қазақтың атақты балуандарының аттары аталып, жұрт бір дүрлігіп қалды. Бұл белгісіз балуан туралы әңгімені ең алғаш жұрт талқысына ұсынған қазақ әдебиетінің классигі Әбділда Тәжібаев еді.

Қажымұқан

Белгісіз күш иесі туралы ең алғаш жазған кім?

Соғыс жылдары Қажымұқанның қазақ, өзбек және қырғыз бен тәжік елдерін аралап өнер көрсеткендігі тарихтан мәлім. Және Шұбартаудың сол кездегі алтыншы ауылы (Кеңес Одағының батыры Мұқатай Әбеулевтің туған ауылы) қазіргі Аягөз ауданының Сарықамыс ауылында өнер көрсеткенін көнекөз қариялар, оның ішінде менің 100 жасқа келіп қайтыс болған әжем Зейнеп Молдабекқызы жыр ғып айтатын. Сол ақшаны жиып және де өзінің барлық алған марапат медальдарын да салып әскери ұшақ сатып алғанын да білеміз. Балуанның сол ұшағымен семейлік ұшқыш Амангелді Шалабаев талай ерлік көрсеткені бүгінгі ұрпақ жадында. Міне, осы ұшақты алу жолында Қажымұқанның тоқтайтын үйі Әбділданікі болыпты. Өйткені, балуан атақты ақынның анасы Аймангүлмен қатты сыйластықта болған екен. Балуан ұшақ сатып алу мәселесімен жүрген кезде Әбділда Қажекеңді сөзге тартқанда: «қолымдағы барлық материалымды бір жолыққанда Сәбит Мұқановқа бергем, мен туралы жазам деп алдап кетті. Бір кезіккенде «Мені неге жазбадың?» деп сұрағанымда «Ұстазың Балуан Шолақты жаздым деп құтылып кетті» дейді. Сөзден сөз шығып, Әбділда «Сізден күші асқан қазақ болды ма?» дегенде Марлэс Сабырұлы келтірген деректі «Осындағы бір азамат жалғыз өзімді қонаққа шақырды. Көбіне елге сыйлы азаматтар, әншілер мен өнерпаздар бірге ілесіп жүретін. Шақырғандар барлығымызды қоса шақыратын да, отырыстың өзі көңілді, қызықты өтетін. Шақырған үйдің мол дастарқанының төрінде жалғыз мен. Үй иесі сөзге сараң, әлденеге алаңдаулы. Бір уақытта пар ат жеккен пәуеске сартылдата, қатты екпіндетіп келіп, есік алдына тоқтай қалды. Одан дембелше келген жігіт түсіп: «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем бере кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған қарап:

– Қажы аға! Уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші! – деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайы-ғымен тосып тұр екен. Қайық-қа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда бір жігіт тайқазанға ет асып жатыр екен. Дастарқан жайып, тамақты түсіріп болған соң, мені әкелген жігіт қайықшы екеуі кетіп қалды.

Аралда әлгі жігіт екеуіміз ғана. Тамақ ішіп болдық. Сонда ғана әлгі бауырдың шақырған себебін түсіндіргені.

– Аға, арманым елдің даңқын көтерген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сынап көріңізші. Өйткені, өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін, – дегені.

– Қалай, күресіп пе? – деп сұрадым.

– Ие.

Аралда екеуімізден басқа ешкім жоқ болса да, ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңқайға ертіп барып:

– Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды.

Әлгіні олай-бұлай итерем, тартам. Тартып тұрып, итеріп қалам. Итеріп тұрып, тартып қалам. Тамырын тереңге жіберген емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойны да иілмейді.

– Ал енді өзің көр, – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүниежүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, еш уақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:

– Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін! – деді.

Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жықпай тұр. Басын иіп тұр. Ешкімді маңайына жолатпағаны да менің абырой-даңқыма сызат түспесін деген сақтығы екен. Мен қазақ болып туғаныма, үлкенді сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.

– Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүниежүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатам, үнемі жаныңда болам. Дүниежүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр, менімен бірге! – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.

– Аға! Жан аға! Дүниежүзінің балуандарын жығып, қазақты әлемге танытып жүрген сіз барсыз ғой! Мен несіне барамын? Менің жолым басқа болып тұр ғой, – дегенді» алға тартады.

Бұл дерек 1977 жылы Әбділда Тәжібаевтың «Жұлдыз» журналының 12 санына «Есімдегілер» деген естелік әңгіме түрінде жарияланды. Бірақ Әбділдада «Мен қисық жолға түскен жанмын. Атымды біліп не қыласыз!?» деген жолдар бар. Балуанға екі жерде «Сізден күші асқан қазақ болды ма?» деген сұрақ қойылады. Осы сұрақты Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы кітап жазбақшы болған Сәбит Мұқанов та қойып, белгісіз балуанды бүкіл Семей өңірінен іздейді.

Осы мақалада айтылған Андрейдің 32 тісін қағып алу тек Ыбырай Түсіпұлының ғана қолынан келеді. Автордың алға қойғаны да осы күш атасының кім екенін білу. Мақалаға қатысты «Ұлт.kz» сайтында түрлі пікірлер айтылды. Намазбеков өз пікірін былайша білдіреді: «Менің ойымша, бұл кісі Абаймен ел арасын бірге аралап жүрген шұбартаулық Байқұда балуан. Ол атамыз туралы көп әңгіме естігенбіз. Жауырыны жерге тимеген, дене бітімі ерекше төртбақ кісі болған деседі. Бірде құдыққа түсіп кеткен атан түйені жалғыз өзі шығарып алса, Баянауылдан көтеріп әкелген үлкен тасты, қазір төрт адам жабылып көтере алмайды. Ол тас қазір Майқамыс елді мекенінде, Шұбартаудан 80 шақырым жерде Балқаш көлінің жағасында. Жалпы, ол кісі жайында Қуат Қайранбаевтың «Жолайырық» кітабында Байқұда балуан туралы әңгімесі бар». Тілеш Намазбековтің айтып отырғаны шындықтың ауылынан алыстау. Шындыққа бір табын жақындауы Әнипа Асқарованың пікірі. Енді соған тоқталайық.

 

Бұл балуанның есімін анықтаған – Сейітжан Тәбәрікұлы

Әнипа Асқарованың берген дерегі Ыбырай Түсіпұлының тап сол балуан екеніне жақын келеді, әрі фольклорлық қара әңгіменің варианттанып кетуі болып табылады, яғни, орны мен уақыт ауысып кеткенімен жалпы сюжет сақталып қалған. Сонымен Әнипа өзі естіген әңгімені Әбділда мен Марлэстен бөлектеу береді және қайық пен арал оқиғасы түсіп қалып, көшке қатысты өңдеудің айтушы тарапынан қосылғандығын аңғарамыз. Енді Әнипаның нұсқасын келтірер болсақ: «Осыған ұқсас әңгімені ақсақалдар айтушы еді. Шетке қарай ауып бара жатқан көштің ішінен жас жігіт төбе басында қарап тұрған балуанға бұрылып сәлем береді. Жас жігіттің дене бітіміне қатты сүйсінген Қажымұқан «әй, бала! Көп болса жүрген жеріңде айта жүрерсің. Байқап көрсем қайтеді?» дейді. Жігіт айтады: «Көке! Жағаңа жармаса ал-маймын. Інімнің мойныма асылған бір еркелігі дерсіз» деп жерде отырған балуанды белінен қапсыра көтеріп екінші орынға отырғыза салады. Балуан батасын беріпті дейтін».

Сәбит Мұқанов іздеу салады және осы балуанның кім екендігін анықтауды сол кездегі Семей облыстық обкомының екінші хатшысы Әнуар Кәкімжановтан өтінеді. Ақыры оның кім екені анықтала да түседі. Ол туралы Сейітжан Тәбәрікұлы өзінің «Тауқымет» кітабында былай деп жазады: «Мамыр айының аяқталар күн еді. Жол түсіп бір машинның ішінде кез болған замандасым Мұстафа:

– Секе, «Қу қалада» ертеректе кемеден шай ұрлаған байырғы тұрғын қазақтың бір балуан жігіті жайында естіп-білгеніңіз бар ма? – деп кездейсоқ сұрау берген-ді.

– Ия, ол кім болды екен? Аты-жөнін айтпасаң, ондай ұры жайында ести қоймадым-ау деймін, – деп өзінен білгенің болса айта түс дегендей ишарат білдірдім.

– Ана бір жылдары Бородулиха ауданында басшы қызметте жүргенде ауданға келген обкомның екінші хатшысы Әнуар Кәкімжанов маған осындай күтпеген сұрақ қойған-ды. Ол жерде естімегенімді айтып, кейін ол кісінің таныстыруымен әдейілеп барып, сол жердің үлкендерінен сұрастырсам да,
нақты дәлелді сөз ести алмағанымды мәлім еткенімде ол кісі:

– Мүмкін қазір ескі әңгімелерге құлақ қоятын қарияларымыз да азайып барады ғой, – деп амалсыздан келіскендей болып тұрып, өзіне бұл сұрақты Алматыда Сәбит Мұқановтың қойғанын, содан есімдегі бір жәйді білгім келгені еді, оқасы жоқ – деп сөз тәмәм болған-ды.

Жалпы, бұл әңгіме елеусіз тастайтындай еместігі өз алдына, әрі сонау бір алғашқы 1921 жылдар мен 1930-1933 жылдары ел басына төнген ашаршылықта «халқым» деп еңіреген ерлердің болғаны мәлім. Бәлкім, солардың бірі болса, менің құлағыма шалынған Ыбырай балуан болмаса игі еді?» дейді автор.
Бұл құпияның сол кезде ашылмай қалуына Сәбит Мұқановтың 1973 жылы мезгілсіз дүниеден озуы себеп болып, құпияның ашылуы енді ғана мүмкін болып отыр. Сонымен, Сәбит Мұқанов Қажымұқанмен белдескен балуанның кім екенін білген және ол елден естіген әңгімесінің анық-қанығын білу үшін обкомның екінші хатшысы Әнуар Кәкімжановқа өтініш білдірген. Бірақ, ол өтініш белгілі бір себептермен атақты жазушыға жетпегенін Мұстафаның әңгімесінен аңғарып отырмыз.

Қажымұқанға қарым көрсеткен Ыбырай балуан

Ыбырай Түсіпұлы, фото Сейітмұхамет Тәбәрікұлының архивінен алынды

Осы балуанның өмірбаянын анықтаған адам мемуарист қаламгер, алаштанушы Сейітмұхамет Тәбәрікұлы болып отыр. Оған дәлел ол кісінің 2005 жылы Семейден шыққан «Тауқымет» кітабының 39-44 беттері Ертіс бойындағы Қу қалалық (Ульба-Форпостық) Ақымбет Керейдің ішіндегі «Қареке» атасынан шыққан Ыбырай Түсіпұлына (Дисупов) арналған (фото – Сейітмұхамет Тәбәрікұлының жеке архивінен). Балуанның дене-тұрқы: тапал бойлы, жауырыны кең, шығыңқы кеуде, сом білекті, өткір көзді, шапшаң қимылдың иесі екендігі жұртқа мәлім. Әкесі Түсіптен үш ұл тарайды: Ыбырай, Хамит, Нәдірхан. Осы кітапта Ыбырай балуанның жауырын жерге тимеген балуандығынан өзге кесек қимылдары тарқатыла баяндалады. Ыбырай сол қалашықтағы Сталеров Александр Иванович деген бай көпестің жалшылығында болады. Орыс байлары бабамыздан қатты сескеніп, айтқанын екі етпейді екен. Топай қажының билігіндегі елдің старшыны Қаймолда деген адамның қызын алып қашып үйленгені бір аңыз. 1898 жылы туған балуан 60 жасында, яғни, 1958 жылы қайтыс болған. Оның 1922 жылғы аштықта кемеден шай ұрлағаны жерлестері арасында әлі ауыздан түспей жүр. Тек ол кісінің ешкімге тіс жармай кеткен құпиясы атақты Қажымұқанмен белдескені. Әңгімені атамыз іште бүкенімен, Қажымұқан жұртқа сыр ғылып айтып, қазір одан естіген жандар жыр қылып
айтып келеді. Және Сейітмұхамет Тәбәрікұлына барша деректі оның ұлы Берекеш пен Дмитрий Коряковтар береді. Бұдан бөлек Қажымұқанмен белдесіп, жеңілген Василий Ярков деген балуан 1998 жылы Бородулиха ауданының Жұра (Новопокровка) ауылында қайтыс болды. Ол кісі Қажымұқанмен қалай белдескенін жыр қылып айта-
тын.
Біз тек осы бір жәйттерді жұрттың біле жүргенін жөн көрдік.

Мақала http://tonykok.kz/ сайтынан алынды

Серік Әбілқасымұлы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

аяаяаяая

кушти окыдым

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз