Өлең, жыр, ақындар

Заманауи педагогтың табысты болу формуласы

Өмір — адам баласына тарту еткен жаратқанның баға жетпес сыйлығы.  Өмірдегі әр кездескен сынақ пен сый өмір мектебінен өткізіп, келесі сатыға шығуға және жаңа белең өзгерістерді қолдан жасауға көмек көрсететін кезең.  Иә, өмірдің әр сәтінде ұстаз деген ұлы есімнің бағыт көрсетумен біз мектепте алғаш рет қолымызға қалам алып, жазуды үйренеміз. Әрі ұшқан ұямызды аяқтап, келесі білім этабында да ұстаздан білім алып, мамандығымызға бейімдейтін сәтті кезеңнен өмір кемесіне мініп сапар шегеміз.  

 

Ұстаз  — аяулы сәттерде жаныннан табылатын, қолдау мен қамқор атауының символына айналған, әр шәкіртке мейірімділікті ту еткен нағыз жанашыр жан. Менің ойымша, ұстаз тек мектеп пен жоғары оқу орындарында немесе үйірмелер мен курстарда ғана кездесетін адам емес, ол мәңгілік және өмірлік ұстаз болатын қасиетті тұлға.  

Кешегі хәкім Абай мен һәм ақын Шәкәрім бабаларымыздың кезеңінде ұстаздар мәртебесі әрдайым биік әрі киелі сөзден құралған қастерлі ұғым деп санайтын уақыт еді. «Ауыл молдасынан хат танып» — деп басталатын бұл уақытта хат таныған сауатты адамдарды құрмет тұтқан. Әлбетте одан бергі қаншама жылдарды артқа тастап, Ұлы Отан соғысына қатысып бүгінде тарихта аты қалған ұлы тұлғаларда ұстаздың алдынан өткенін білеміз. Осы орайда ұстаздардың бүгіні мен кешегі құрмет көрінісін сипаттап жеткізгім келеді. Иә, тарихқа көз жүгіртсек Абай ауыл молдасынан білім алса, кейін кітап жазып жаппай әлемге мәңгі таусылмайтын азық қалдырып кеткенін білеміз, түсінеміз. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі» — деп қазақтың аса көрнекті ағартушысы, педагог,  жазушысы Ыбырай Алтынсарин жырлағандай ол кезеңде ұстаздың мәртебесі әлдеқайда биіктеп, ірі тұлғалардың ертеңін қалауға көмектескен еді. Иә, XX-XXI ғасыр аралығында қоғамда айтулы өзгерістер мен даталар тарихта қалғанынын салдарынан, көп ұлтты мемлекет болуға және мектеп құқықтарын өзгерту салалары белен орын алып, білім сапасы өзгерді. Білім саласының өзгеруі түрлі себеп-салдарға алып келіп, ұстазбен ата-ана құқығы теңесті және оқушы мен ұстаздың сабақ түсіндіру методикасы ауыспалы рөлді ұстағанын білеміз. Соңын салдарынан болар бүгінде мектептегі мұғалімдер мен жоғары оқу орнында білім беретін ұстаздардың мәртебесі екі әлем. Көп жағдайда ересек шәкірттер университеттегі білім шкаласына қарай баллмен оқуды үрдіске айналдырса және білім грантына ауысуға немесе гранттан құламас үшін қарсылық танытпай оқып жататынын байқаймыз. Ал,  керісінше мектеп оқушыларында ата-ана баласын жақтап, ұстазы оқушысының көзінше ата-анасына шағымын жеткізіп жататыны бұл әлбетте теріс ұғым мен құлшынысты жоятын төте әрі нақты жол. Сондықтан менің бүгінгі туындым ұстаздың қоғамдағы рөлін, абыройын көтеру.  Бұл іс әсте оңай емес, дегенмен бұл туындыны оқу арқылы жаңа серпіліс болатынына сенемін.  

Мінсіз мұғалімнің портреті

Ғылым мен технология, білім мен өнер саласының жыл сайын әртүрлі түсте өзгеріп жатқанын байқасақ, қоғамда өмір сүріп жатқан кез келген тұлға даму үстінде болу керектігін білеміз. Әсіресе, білім саласында жүрген ұстаздар мен оқушылар, студенттер үйрете жүріп, үйренетін сегіз қырлы, бір сырлы болғаны абзал. Осы орайда менің ойымдағы қоғамда үндестік заңдылығын ұстап жүрген аяулы ұстаздардың мінсіз образын жазып шықтым.

1. Білімді ұстаз

Жаңа технологиялар дамып жатқан заманда әрбір адам білімді әрі зерек болуы тиіс. Оқушылар мен студенттердің ізденіс жолына түсуі үшін, өз саласының табуы үшін үлесін қосу ұстаздың ұстаздық міндеті. Мәселен,   «педагог» сөзінің терең ұғымына мән берсек, тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар беріп көмектесетін тұлға деген толық мағынадағы ұғым екенін білеміз.  Алдына келген түрлі шәкіртке тәрбие беріп, әдіс-тәсілдері арқылы білім мен таным көкжиегін кеңейтуге жол көрсететін тұлға.

2. Әмбебап педагог

Иә, әрбір сөзімізге ұстаздың жан-жақты болуы туралы тілге тиек етіп жатқанымыз рас. Бұл бүгінгі ұстаздар бойында жоқ қабілет деп айта алмаймыз, дегенмен біздің бөлімімізге сай келешек ұстаздардың мінсіз образын толық ашу үшін әрі біз қалаған мұғалімдер қандай болады сол туралы анықтап алудамыз. Ұстаз — жан-жақтылықтың әрі қайсарлық пен данышпан адамның символы. Ұстаз — кейде ананың образында, кейде сыныптас достың қалпында, кейде директордың қалпына оралып отырғаны дұрыс. Әрі барлық оқушы бір саланы қамтып өтпейтіні рас.

Оқушыларға мамандық таңдау кезеңінде көмектесетін, оның қай салада мықты екенін,  сүйікті ісі арқылы өзің табатынын және сүйікті мамандығы арқылы ақшаның 7 түрлі жолын тізіп көрсетіп, грант аз мамандық болса да, грантқа түсетініне деген сенімділік пен құштарлығын ояту керек. Бірі: дәрігер болғысы келсе,  бірі: заң саласында, бірі танымал адам болғысы келетінін әнге даусы барын,  жазуға қабілетінің барын байқаған кез келген мұғалім бағыт-бағдар беруге тиесілі және оқушылардың бір-бірімен бәсекелес болуына емес, бір-бірін ұмытпайтын әрдайым көмек беріп жүретін жақын достар ретінде қалыптасу үшін атсалысса деймін. Жетістіктерін көпшіліктің көзінше айтып, кемшілігін өзіңе ғана түсіндіріп айтып жатса, ол әлбетте әмбебап, көркем мінезді, аяулы сәттердің куәсін ашып көрсететін аяулы жан болып жүрегімізде мәңгі сақталмақ.

3. Психолог

Мұғалімнің алдына әртүрлі деңгейдегі оқушылар жиналады. Деңгейі әртүрлі болғанымен қоса, әртүрлі мінезді жасөспірімдер жиналып, бір сынып немесе бір группа болады. Сол уақытта оқушының деңгейіне түсіп, екі немесе үш топқа іштей бөліп, соларға сай білім танымдарына орай психологиялық әдіс-тәсілдерін қолдануды және білім беруді әрі ұстазбен оқушының деңгейінде емес, ана мен баланың образында жанашыры ретінде сөйлескен абзалырақ деп ойлаймын. Себебі: адам ересек кезеңге өткенде даусы өзгеріп, мінездері құбылып, өзің іздеу процессіне өткен уақытта отбасындағы мүшелердің сөзін көтере алмай, яки қатарластарымен сөзге келіспей қалған уақыттарында ұстаз оны жекіп сөйлемей анық-қанығын анықтап, келешек жайлы және тұлға болуға ізденіс жолына түсу үшін көмектесетін бірден-бір тұлға ол-мұғалім. Ал, бізде көп жағдай да ұстаздар үйіндегі жағдайларына байланысты болуы мүмкін немесе жұмыстағы қағаз бастылығының салдарынан болуы мүмкін оқушылармен ашық сөйлеспей, тәрбие сағаттарында дәптер мен сыныпқа айтылған сын пікірлерді жеткізіп, бір оқушының қателігін, 10 оқушының көзінше орнынан тұрғызып білімі мен тәрбиесі, әсіресе ауыл ұстаздары ата-анасының тәрбиесіне қол салып, жеке шекарасына кіріп, ұрсып бастайтынын байқаймыз. Ұстаз — «ҰСТАЗ» болып үйрену керек. Әр оқушымен әртүрлі жұмыс жасап, психологиялық білімін арттырып, бүгінгі тренингтер мен семинарларда айтылып жүрген ақпараттарды өз оқушыларына тегін-ақ айтып жеткізетін болса, мысалы, «мақсат қоюдың 7 техникасы», «самооценканы көтеруге арналған 5 методикасы», «нәтижеге жету үшін не істеу керек», «жоспарды қалай дұрыс жазуға болады?» және «есте сақтау қабілетімді қалай арттырамын?» — деген секілді психологиялық семинар өткізсе нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Біз ислам дінінде болғандықтан шариғат бойынша түрлі дұғалар мен хадистерді мүмкіндік болса тілге тиек етіп өткеніміз әсте дұрыс деп санаймын. Мысалы, «зейіннің ашылуына көмектесетін 5 айтулы дұға», «білім мен есте сақтау қабілетін арттыруға арналған жинақтар» деп қосып, сабақ барысында тәрбие сағаттары мен ашық сабақ уақытында, яки сабақтан тыс уақыттарда оқушылармен кездесулер ұйымдастырып, ақыл-кеңесін, білімнің пайдасын айтып өткен әлде қайда ұстаздық қызметімізге жеңілдік сыйлайды.

4. Интеллигент 

«Киіміне қарап күтіп алады, біліміне қарай шығарып салады» — дегендей оқушылардың да, ата-аналардың да ой санасында ұстаздың білімін үстіндегі киімімен салыстыруы мүмкін немесе этикасына қарай бағалап жататыны өтірік емес. Бұл орайда барлық амалды, жауапкершілікті міндеттемеймін.  Десекте, заманның ағымына қарай көп оқушы, ата-ана, студент ұстаздың бір киген киімді қайта киюіне қарай құрметтейтін секілді. Бұл сөзіме дәлел ретінде, қазақтың осы бір мақалын тілге тиек етіп айтып отырғаным жалған емес. Сондықтан әрбір ұстаз білімді және жүзінен шуақ шашып тұратын ақ ниетті адал жан, киімі көрікті болғаны өзіңе де, өзгеге де жарқын көрінетіні анық. Жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы, киім киісі мен жүріс-тұрысы,  оқушылар мен әріптестерімен сыпайы қарым-қатынас ұстағанына қарай оқушылар сол ұстаздың аузынан түскен сөзді қағып алуға құмар келетіні, үлгі аларлық тұғыры биік тұлға ретінде қарайтыны шындық.  

5. Заманауи технологияны игерген заман адамы

ХХI ғасыр — ақпарат дәуірі. 1 минутқа кешікпейтін ақпараттардың күніге адам миына негатив пен позитивті ақпараттарды жіберу арқылы қалыс қалмауға, білім алуға, 1 күнінді бос өткізбеуге үйретіп жатқанын байқаймыз. Сол себепті компьютерлер мен әлеуметтік желілерді дамыту арқылы жаңа технологиялардың жаңа серпілісі пайда болып, жаңаша ойланатын ұрпақ дүниеге келіп жатқанын білеміз. Адам миына күніне сан мыңдаған қызықты идеялар келіп жатады. Сол сәтте ол бірнеше адамның миына келетін құбылыс. Яғни, сенің миына келген идея басқаға да келеді, тек оны үлгеріп жазып, жүйелеп жасауға әрекет еткеніміз дұрыс. Қоғам бізді жылдамдыққа, үздіксіз дамуға тәрбиелеп жатқанын білеміз. Сондықтан кітап оқудан гөрі сайттарды аша салып оқи салғанымыз немесе онлайн платформаларды ашып, қоғамдық көліктерде немесе сабақтан тыс босай қалған уақытымызда соны орындайтынымыз, кітапты арқалап жүргеннен гөрі, телефонды аша салысымен түрлі сайттар арқылы оқығанымыз өзімізге ыңғайлы болғанын байқадым. Осы орайда кітаптың құндылығын түсіндіре отырып, заманауи технологиямен ұштастырып, үйреткеніміз әлдеқайда ұтымды деп ойлаймын. 

ХХI ғасыр болғандықтан заманауи инфрақұрылғыларды білу, жаңа офистік бағдарламаларды білу, компьютердің ішкі әлемін түсініп, жаңа программаларды үйрену керек сынды және оның негізгі құндылығын атап өтіп, қазақ тілді басылымдарды оқуға шақырып, я болмаса шетелдің туындыларын қазақ тіліне аударып, жаңа кітапты өмірге алып келу арқылы, жаңа табыс көзін табуға және заманауи технологияны меңгерген заман ағымындағы тұлға ретінде үйрете жүріп, үйренгеніміз әсте жақсы деп бағалаймын.

6. Көңілді ұстаз

Ұстаздың бойында болу керек тағы бір мінез-көркемдік пен ортада көңілді болуы, негативті аураны емес, жақсы көңіл-күй сыйлайтын болса бәрімізге шуақты сәтті, жайлылықты, ыңғайлы әрі жылы көріністі сыйлайтынын білеміз. Сондықтан ұстаз әркез ұстаз екенін, қай ғасырда болса да оның абыройы биікте екенін көрсетіп тұрғаны қымбат естелік сыйлайды. Қай ғасыр болмасын — ұстаздың орны тақтан биік! 

Заманауи педагогтың табысты болу формуласы

Мұғалім — әмбебап мамандықтың бірі болғандықтан, оның табысы да жан-жақтан келіп тұруға, еңбегінің қарымын алуға лайықты тұлға. Сондықтан бүгінгі әлеуметтік желілер арқылы блогер болып жүргендердің миллондап табуы, ал мемлекет қызметкері әрі келешек ұрпаққа бағыт-бағдар беретін аяулы жанның аз табыс табуы әрине қалыпты жағдай емес және бұл үрдісті қалыпты қабылдауға да болмайтынын ескергеніміз дұрыс. Әрине, мемлекет тарапынан ұстаздардың абыройы мен мәртебесін асқақтату барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да тапсырмасымен Білім және Ғылым министрлігінің игі жұмыстары мен жақсы идеясының арқасында бүгінде педагогтардың ақшасы және педагогика саласында білім алып жатқан жас мамандарды шабыттандыру үшін жоғары степендия алып жатқанын білеміз. Бұл да бір ұстаздың абыройын көтеретін жақсы іс деп санаймын. Иә, бұдан бөлек жан-жақты біліміне сай педагог әлеуметтік желі арқылы да табыс табуға болатынын көрсеткеніміз дұрыс. Осы орайда талдау жасай отыра, жіліктеу жұмысын жасағым келіп отыр.  

Әлеуметтік желі арқылы табыс табу

Бүгінгі уақытта инстаграм әлеуметтік желісі қарқынды дамып тұрған платформа. Әлем — блогерлерлер мен әлеуметтік желіге қарап тұрғанын, сондай кезең екенін бәріміз анық білеміз. Ал бұл дегеніміз ұстаздың да күні туғанын, білімділер мен жылдам қимылдап бастаған кез келген адамның сәтті сәті екенін аңғарғанымыз дұрыс. Мысалы, мектепте өз пәнінен үздік білетін маман соны екінші табыс көзі ретінде қарастырса болады. Яғни тарих пәнінен беретін мұғалім әлеуметтік желі арқылы тарихтан ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауға немесе мемлекеттік емтиханға дайындауға, я болмаса университет ішіндегі емтихандарға дайындау процессін ұйымдастырса маркетингтік білім алса тіпті болмаса осы салада жүрген менторлармен ақылдаса отырып, ұстаз алса, сол арқылы әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгеріп, қосымша табыс табуға ынтасы да ашылмақ.

Ментор болу

Ұстаз — білім алып, оны шәкіртіне үйретсе әркез жарасымды. Сондықтан ол бұл тұста тағы да жан-жақтылығын іске қосқаны дұрыс. Мамандықты дұрыс таңдауға үйрететін курс жасауға немесе психологиялық жобалар жасауға және мамандығына дайындауды басынан соңына дейін көмектесуді үйрететін тәжірбиелі маман ретінде ментор болғаны дұрыс. Ментор дегеніміз — бағыт-бағдар беретін, білмегенін үйрететін маман. Мысалы ағылшын тілін білетін мұғалім- оқушылар мен студенттерге ағылшын тілін жетік үйретуге көмектеседі бұл уақытта өзгелерге үйрету арқылы өзі де білімін әрі қарай жетілдіре түседі. Ағылшын пәнінен мұғалімдер ұлттық бірыңғай тестілеуге, емтихандарға дайындығын солай жасаса олда қосымша табыс екенін аңғарамыз.  

Ұстаздың авторлық кітабының шығуы

Міне, бұл жақсы идея болғандықтан осы тақырыпты алдым. Иә, менде қарапайым ғана тақырыпты алып, ұстаздың мәртебесі туралы айтып өтуіме болады. Бірақ, мақалаға зерттеу жасап, мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы зерттегенім шындық.  Әрбір ұстаздың авторлық төл туындысы болатын болса, ол кезде мұғалім ұтады. Яғни авторлық туындысы бар маман ретінде, тұлға ретінде оқушыларға да мәртебесін арттырады және сол кітап арқылы сату схемасын құрып, әрі қарай өзінің сатылым жолын құруға бағыттауға болатын секілді. Тіпті болмаса әдістемелік құралдар жазып, авторлық кітап жазып, оны қалың оқырманға сатып, мектепке естелік ретінде қалдыратын болса бұл үлкен игі іс болмақ. Бұл арқылы педагог деген ұлы есімнің абыройын арттыра отырып,  бақытты тұлғаның образында тарихта есіміңіздің қалуы, соңынан із қалдыру аяулы сәттерден екенін өзіңе де, өзгеге де дәлелдеу арқылы ұстаз рөлі биіктей бермек деп ойлаймын.  

Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: "Жай мұғалім жалпылама баяндайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады", — дейді. Иә, бұл мақалада сын да айтылды, мінсіз кейіпке қалай келетініміз жайлы, ұстаздардың абыройын арттыра отырып,  оның есімін ардақтап мәртебесін көтеріп қашанда тақтан биік екенін, төрдегі орын мұғалімдікі екенін бір еске салып, ағымыздан жарылған күннен,  шындықты жеткізген мақалалардан болды деген ойдамын. «Ұстазыма махаббатпен» секілді әлеуметтік челлендж жасауды әрі қарай жалғастырып, кейбір марафондарды қолға алып, бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған ұстаздарымызға «алтын төсбелгі» беріп қана қоймай, оның есімін тарихта қалдыруға атсалысып, ұстазға құрмет ретінде көшенің есімін беруді қолға алсақ деймін. Ұстаздарды ұлықтауды, асқақта тұғырлы тұлға екенін ата-ана мен оқушыларға сөзбен емес, әрекеті арқылы түсіндіре білгеніміз абзал деп санаймын. Қатарластарым мен соңымнан ерген іні-сіңілілерімді ұстазды құрметтеуге, мәртебесі биік мамандық екенін ұғынуға, жақсы адам- жақсы ұстаздың тәрбиесін көргендігін, жетістікке жеткен кез келген адамның бірінші сатысын мұғалімнен бастау алатынын, тарихта есімі ойып тұрып қалған бақытты тұлғалардың барлығы ұстаздан білім алып ұстаздың тәрбиесін көргендігін ескере отырып, адал еңбектеріне нұқсан келтіріп алмай, оның ақ көңіліне дақ түсірмей қадірлеуге, құрмет көрсетуге, бағалауға, сегіз қырлы бір сырлы маман болуға шақырамын!!! 

Айгүл Ысқақ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз