Өлең, жыр, ақындар

Жаңа дәуірдің бетбұрысты кезеңіне қадам бастық

Базарбай Жасмин
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
«Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы
Мәдени антропология  мамандығының 2-курс магистранты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған геосаяси жағдайдың күрт шиеленісуімен байланысты қазіргі заманғы тарихта бұрын-соңды болмаған қаржылық-экономикалық қиындықтармен байланысты жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, Президенттің Қазақстан халқына жолдауы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі Қаржы және есеп кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен қызу талқыланып жатыр. Еліміздің білікті профессорлары мен ғалымдары Мемлекет басшысының пайымын жоғары бағалауда. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы ұсынылды және бұл құжат ең алдымен қоғамның қажеттілігіне, сұранысына негізделгені айтылды. Президент Қазақстан азаматтық қоғамы қалыптасқан мемлекетке айналатынын алға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», –  деп атап өтті. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей. Жаңа Қазақстанның негізі саяси және экономикалық реформалардың үйлесіміне негізделуі керек екені баса айтылды. Ел Президенті «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында тәуелсіздікті сақтау керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы: «Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық», – деді. Президент өз жолдауында  халқына салмақты  ой тастап, дәлелді тұжырым жасай отырып, нақты бағыт ұсынды. Сондай-ақ «Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл аса күрделі өзгеріс. Мемлекеттік аппарат цифрлық құралдарды жаппай енгізу кезінде ғана іске асырылады. Осыдан кейін шенеуніктер бюрократиялық өкілеттіктерді қалпына келтіруге тырысып, жаппай реакция жасай бастайды. Осыған жол берілмей, Қ.Тоқаевтың тапсырмалары діттеген жеріне жетсе, алдағы уақытта қағазбастылықтан құтыламыз деп сенемін. Жолдау соңында Президент: «Еліміздің азаматтары ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан артық ештеңе жоқ», – деді. Мемлекет басшысы айтқандай, ел-жұрт болып жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етейік. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін оқытушылар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Біздің бүгінгі студенттеріміз – Қазақстанның жарқын болашағы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз