Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін Қазақ жерінде өткізу – үлкен мәртебе. Бұл – шындап келгенде еліміздің әлемдік деңгейдегі абыройы мен асқақ беделінің жарқын көрінісі. Діни ұстанымдары мен түсініктері бір-біріне қарама-қайшы, тіпті, ұзақ уақыттар бойы араздасып, бір бітімге келе алмай жүрген діни топтардың басшыларын бөліп жармай, бәріне де өзіндік құрмет көрсетіп, бір дөңгелек үстелдің үстінде басын қосу мен үшін хакім Абай пәлсапасындағы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» аталатын тұғырлы ойдың нақты іске асқан бейнесі. Сондықтан, әрбіріміз мұндай жиынды өте жоғары бағалауға, жете түсіне білуге тиіспіз.
Съездің нәтижесі мен жемісі туралы айтар болсақ, бұл аз уақыт ішінде көрініс бере салатындай жеңіл шаруа емес. Дін мәселесінде өте мұқияттылық пен сабырлылық қажет. Біз әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу арқылы жер бетіндегі сан түрлі адамзат баласының ішкі руханияты, сенім-нанымы, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан діни дүниетанымы арасындағы сұхбаттастыққа бірге нақты қадам басып отырмыз. Ең бастысы, біз мұны жасай алдық. Жасап та келеміз. Біздің бұған қауқарымыз да, жинаған тәжірибеміз де жетеді. Бүгінгі таңда діни көшбасшылардың тікелей қатысумен өтетін мұндай салихалы діни съезді әлемнің бізден басқа ешбір елінде өткізудің мүмкін болмай тұрғаны шынайы ақиқат. Бұл Қазақстан дипломатиясындағы бағындырған ең негізгі белестердің бірі деуге болады. Біздің елдің жасап отырған қадамын сырттан сынайтын, нәтижесіне күдікпен қарайтындар саны аз емес. Десек те қол жеткізген нәтижеміз де жоқ емес. Әлемдегі ең негізгі діни лидердердің бір емес бірнеше рет басын қосып, діни сұқбаттастық жайлы ой-пікірлерін, өздерінің ұсыныстары мен шарттарын айту мүмкіндігі берілді. Осылайша біз әлемдік деңгейде бейбітсүйгіш, кез-келген діни ұстаным өкіліне құрметпен қарайтын тәуелсіз ел ретінде танылып, баршаны мойындата білдік. Бұл, ең баста, еліміздегі салихалы саясаттың, шығыстық та батыстық та емес орта жолды ұстанудың арқасында іске асып отырғандығын ұмытпағанымыз жөн. Міне бұл біздің басты жетістігіміз. Мақтанып та, марқайып та, ауыз толтырып айта алатын ісіміз деп білемін.
Съездің негізгі мақсаты діндер арасындағы келісім мен өзара құрмет пен сыйластықты қалыптастыру. Бірақ бүгінгі жаһандану үрдісі әлемдегі түрлі мәдениеттердің басын бір арнаға тоғыстырып, бірін-бірі байытып, толықтыра ма әлде қарама-қайшылыққа, қақтығысқа апарып соқтыра ма, мұның бейбіт шешім жолы бола ма деген сұрақ зиялы қауым өкілдерін бейжай қалдырмайды. Олай болса, ұлттық-этникалық мәдениеттердің, әр халықтың діни ұстанымдары, сенім-нанымдарының өзара сұхбаттастығы қаншалықты өзекті екендігін айтып жатудың өзі артық деп білемін.
Сөз соңын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болатын Абай атамыздың қалдырған өсиетімен қорытындылайын: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп. Және хақ жолы осы деп әділетті».
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университі
«Философия және саясаттану» факультеті
«Дінтану» мамандығының 3 курс студенті
Ақжол Нұрдәулет Сәбитұлы
Ғылыми жетекшісі: Кудерина А.Н.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі