Өлең, жыр, ақындар

Кәсіби аңшы

Ертеде бір жас жігіт болыпты. Ол слесарлық кәсіпті оқып үйреніпті. Бір күні жас жігіт әкесіне келіп, дүниені шарлап, өз бақытын іздеп тапқысы келетінін айтып рұқсат беруін өтінеді.

— Жарайды, ендеше, — дейді әкесі, — мен қарсы емеспін! Солай деп келісімін берген әкесі жолына деп баласына аз-мұз ақшасын ұстатады.

Сөйтіп жас жігіт өзіне лайықты жұмыс табу үшін анда да, мына да барып, тынбай іздеумен болады. Біршама уақыт өткенімен, слесарлық жұмыстан нәтиже шығара алмайды. Бұл жұмыс қолынан келмейді екен. Ақыры жас жігіт слесарлықты тастап, аңшылық кәсібімен айналыссам деген ойға беріледі.

Даланы кезіп келе жатқанда қарсы алдынан жасыл шапан киген бейтаныс аңшы жолығып, қайдан келе жатқандығы, қайда бара жатқандығы турасында жөн сұрайды.

— Мен бұған дейін көмекші слесарь болып жұмыс істеп көрдім. Бірақ бұл маған қол емес екен. Слесарлықты қойып аңшы болғаным дұрыс деп шештім. Мені өзіңізге шәкірт етіп алмас па екенсіз? — дейді, ол.

— Жарайды, ендеше. Менімен еріп жүріп, өнер үйренемін десең, келістік.

Сөйтіп жас слесарь аңшыға еріп кете барады. Оған жалданып, бірнеше жыл бойы аңшылық кәсіптің қыр-сырын игереді. Ақыры осы кәсіпті өз бетінше бастайтындай деңгейге жеткенде, аңшы оған өзіне қызмет еткені үшін ақысына бір үрлемелі мылтық береді. Бұл мылтықтың бір ерекше қасиеті: егер одан оқ атсаң, еш мүлт кетпестен, нысанға барып тиеді екен. Жас жігіт сөйтіп жолға шығады. Жүре-жүре қарсы алдындағы мүлгіген ну орманға жетеді. Күні бойы орман ішін шарлаумен болады. Күн батып, кеш түсе бастағанда ол жабайы жыртқыштардың шабуылына тап болмас үшін биік ағаштың басына өрмелеп шығып алды. Түн қараңғылығында жас жігіт алыста жылтырап от жанып тұрғанын көреді.

Оттың дәл қай бағыттан көрініп тұрғанын бұтақтардың арасынан анықтап қарап, ойына мықтап тоқып алды. Жас жігіт басындағы тымағын от көрінген бағытқа қарай, жерге тастап жіберді. Жерге түскен соң, үйренген дағдысы бойынша, сол бағытқа қарай жүріп кетпек. Сөйтіп ол жерге түсіп, тымағын киіп алды да, от көрінген бағытқа қарай тура тартып кетті. Жігіт алға таман неғұрлым қадам басқан сайын, от та соғұрлым жарқырап, үлкейе берді. Жақындап келгенде ол үлкен алауды көреді. Алауды алқа-қотан айнала отырған үш дәуді көреді. Олар өгіздің етін бітеудей жуан істікке шаншып отқа қақтап отыр екен. Сонда дәулердің бірі былай дейді:

— Мына ет пісті ме, дәмін татып көру керек еді.

Солай деген дәу еттен бір кесегін жұлып алып аузына сала бергенде, аңшы мылтығын оқтап, атып қалғанда кесек ет ұшып түседі.

— Ай-ай-ай, — дейді сонда дәу, — жел соғып етті қолымнан ұшырып жібергенін қарашы! — деп еттен ьтағы бір кесегін жұлып алып аузына апара бергенде, аңшы тағы да атып түсіреді.

Осы кезде дәу өзінің жанындағы дәуді құлақтан шертіп жіберіп, ашулана айқай салды:

— Сен менің қолымдағы етті қайта-қайта жұлып түсіре бересің а!

— Мен жұлып түсірген жоқпын ғой, — деп жауап береді екінші дәу, — осы маңда әлдебір атақты мерген атып түсіріп отырған жоқ па өзі?

Дәу еттен үшінші рет жұлып алып, кесекті аузына апара бергенде аңшы тағы да атып түсіреді.

Сонда дәулер өзара былай деп айтысады:

— Еріндегі етті атып түсіріп тұрғанына қарағанда, бұл бір керемет мерген екені анық. Мұндай сұрмерген бізге пайдасын көп тигізген болар еді ау!

Сөйтіп олар қосыла шулап былай дейді:

— Ау, сұрмерген, мұнда шығып кел! Алаудың жанына кел, біздің қасымызға отыр. Еттен тойғаныңша же. Біз саған тиіспейміз. Ал егерде мұнда шығып келмейтін болсаң, күшпен сүйреп әкелетін боламыз. Онда өз обалың өзіңе. Аямаймыз!

Жас жігіт сол кезде амалсыз орманнан шығып келеді. Оларға өзінің кәсіби аңшы екенін, сондықтан нені көздесе де, мүлт жібермей атып түсіретіндігін айтады. Сонда дәулер жігітке бізбен бірге еріп жүрсең өзіңе жақсы болар еді деген ұсыныс айтады.

Дәулер бірде жігітке өзеннің ар жағындағы орман жиегінде биік мұнаралы қамал барын, онда бір сұлу ханшайым өмір сүретіндігін айтып, өздерінің соны ұрлап әкетуге қатты құлшынып жүргендігін айтады.

— Жарайды, — дейді жас жігіт, — мен барып ханшайымды тез-ақ арада осында алып келетін боламын.

Дәулер сонда жігітке былай дейді:

— Бұл — сен ойлағандай, айтып отырғаныңдай оп-оңай атқаратын шаруа емес. Ол жерде бір кәнден ит бар. Кімде-кім жақындап қалғанын сезсе болғаны, ит бірден үріп қоя береді. Ал кәнденнің үрген үнін естісімен король сарайы түгел жүгіріп жетті дей бер. Міне, сондықтан біз ол жерге таяп бара алмай жүрміз. Сенің сол кәнден итті сеспей қатыруға шамаң жете ме?

— Әрине, жетпегенде, — деп жауап береді жігіт, — бұл — мен үшін түкке тұрғызысыз жеңіл жұмыс қой.

Жас жігіт осыдан кейін қайыққа отырып, өзенді кесіп өтеді. Ол арғы жағалауға шыға берген кезде кәнден ит те жүгіріп жетеді. Ит үріп үлгергенше, аңшы үрлемелі мылтығымен дәл көздеп атып қалып, сеспей қатырады.

Мұны көріп тұрған дәулердің қуанышы қойнына сыймай, енді ханшайымға қол жеткізетін сәт туды деп ойлайды. Бірақ аңшы алдымен істің әрі қарай өрбитінін байқап көрмек болып, дәулерге өзі шақырғанға дейін арғы жағалауда күтіп тұра тұрулары керек екендігін айтады.

Жігіт осылай деп, қамалға аттанады. Қамалдың ішінде мүлгіген тыныштық, бәрі шырт ұйқыда жатыр екен. Ол ең бірінші бөлменің есігін ашып кіреді. Қараса бөлменің қабырғасында таза күмістен соғылған қылыш ілулі тұр екен. Қылышқа алтын жұлдыз орнатылып, корольдің есімі ойып жазылған екен. Және бөлмедегі үстелдің үстінде сүргішпен мөрленген хат жатыр екен. Хатты ашып оқыса, онда: «Осы қылышты қолына алған адам өзіне жақындап келген кімді болсын, өлтіре алады», — деп жазылған екен. Ол қабырғада ілінген қылышты қолына алып, иығына іледі де, келесі бөлмеге қарай жүреді.

Жігіт ханшайым ұйықтап жатқан бөлмеге келіп кірді. Кіріп келіп қараса, ханшайымның сұлулығы соншама, тұрған орнында қаққан қазықтай қалшиып, демін ішіне алып, көз алмай қарап қалады. Осы кезде жігіттің басына мынадай ой келді: «Мұндай бейкүнә аруды қалайша жауыздықтан басқа ештеңе ойламайтын жабайы дәулердің қолына тапсырмақпын?» Жігіт төсектің жанына үңіліп қарап еді, әдемі туфли жатқанын көреді. Туфлидің оң жақ сыңарында қыздың әкесінің есімі жұлдызбен қоса, ал сол жақ сыңарында қыздың өз есімі де жұлдызбен қоса бедерленіп жазылған екен. Қыздың үстінде алтын жіппен кестеленген үлкен жібек орамал бар екен. Мұның да оң бетінде әкесінің есімі, ал келесі бетінде өз есімі жазылыпты. Барлығы да алтын жіптермен әріптеліп кестеленген екен. Аңшы қолына қайшы алды. Көйлектің оң жақ етегінен қиып алып, оны өзінің сөмкесіне салды. Бұдан соң туфлидің оң жақ сыңарын да сөмкесіне салып қойды. Қыз болса жейдесіне қымтанған қалпы терең ұйықыда жатыр. Жігіт жейденің жиегінен де кішкентай қиқым кесіп алады, оны да сөмкесіне салып сақтап қойды. Мұның бәрін ол ұйқыдағы аруға қолын еш тигізбестен жасап шықты. Осыдан кейін ол алаңсыз ұйықтап жатқан қызды қалдырып, еппен шығып кетті.

Ол кері айналып қақпаға келіп жеткенде, дәулер ана жақта: «Аңшы ханшайымды бізге әкеліп береді», — деп дәмеленіп күтіп тұр екен. Сонда аңшы оларға айқай салып, қыз өзінің құзырында екенін, тек қана есікті ашуға күші жетпей қиындық тудырып тұрғандығын, бірақ өтіп кететін саңылау барлығын, мұнда жақындап келулері керектігін айтып айқай салады. Сөйтіп алдымен бірінші дәу тым жақындап келген кезде, аңшы оның саңылауға басын сұға берген кезінде шашын қолына орай тартып, қылышпен шауып жібереді. Содан кейін денесін де саңылаудан сүйреп кіргізеді. Осыдан кейін ол екінші дәуді шақырады. Оның да басын шауып алады. Ақыры үшінші дәудің де басын осылай шауып түсірген соң, таңғажайып сұлуды дұшпандарынан құтқарғанына қатты қуанады. Содан кейін ол дәулердің тілін кесіп алып, оны да сөмкесіне салып алады. Бұл істі бітірген соң жігіт мынадай ойға келді: «Енді қазір өз үйіме қайтқаным дұрыс болар. Әкеме барып, осы уақытта не істеп, нені үйренгендігім жайында әңгімелеп берейін. Содан кейін қайтадан жер дүниені шарлап, құдайдың маған бұйырған бағын іздейтін боламын».

Қамалдағы король ұйқысынан оянып қараса, өліп жатқан үш дәуді көреді. Ол жүгірген қалпы бірден қызының жатын бөлмесіне барады. Қызын оятып алып, түнде не болғанын, мына дәулерді өлтірген кім екендігін сұрайды.

Қызы болса әкесіне:

— Қымбатты әкетайым, қатты ұйықтағаным соншама, мен бұл жайлы тіпті ештеңе де білмеймін, — дейді.

Қыз төсегінен тұрып туфлинін кимекші болады, бірақ оң жақ сыңары ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Орамалына қараса, оның да оң жақ жиегі кесілген екен. Жейдесіне қараса, одан да қиқым кесіп алынғанын көреді. Король сарай маңындағы қызметшілердің барлығын: солдаттар мен күллі жалшы-малайларын шақырып алып, қызын кім құтқарғанын, яғни дәулерді кім өлтіргенін сұрайды. Корольдің бір әскербасы бар елі. Жалғыз көзді, түрі ұсқынсыз, қорқынышты адам еді, сол: «Мұның бәрін істеген мен болатынмын!» — деп мәлімдейді. Сонда қарт король оған: «Егерде осындай ерлік жасағаның рас болса, ендеше қызыма үйленуіңе рұқсатымды бердім», — дейді. Сонда қызы әкесіне:

— Қымбатты әкешім, дәл қазір бұл адамға тұрмысқа шыққанымша, мына дүниені кезіп, жердің қиыр шетіне қаңғырып безіп кеткенім артық, — дейді.

Кәрі король сонда қызына: «Ендеше, бұған тұрмысқа шыққың келмесе, онда ханшайым киімдеріңді қарапайым шаруа киімдеріне ауыстырасың. Және бұл сарайдан кетесің. Құмыра жасаушыға барып, одан қарызға саздан жасалған бұйымдар алып сатумен айналысасың», — деген кесімді бұйрығын айтады.

Осылайша, қыз үстіндегі ханшайым көйлегін шешіп, қарапайым шаруа киімін киіп, құмыра жасаушыға барады. Одан алуан түрлі саздан жасалған тауарларды қарызға алады. Егерде кешке дейін осы тауарлардың бәрін сатып үлгерсе, ақшасын төлеп құтылатынын айтады.

Король болса, қызының әлгі тауарларды алып бұрышта отырып сататын жағдай тудыруды бұйырады. Және ол бірнеше арбакеш шаруаны шақырып алып, оларға анау қыздың жанынан өтіп бара жатып, сатып отырған саз ыдыстарының орнында тек шашылған сынықтар ғана қалатындай етіп, қағып соқтығуды тапсырады. Ханшайым сөйтіп көшеге өзінің тауарларын орналастырып, енді сатуға қамданып жатқанда арбалылар жетіп келіп күллі ыдыстарын күл-паршасын шығарып сындырып өте шығады.

Ханшайым болса, жылап-еңіреп былай дейді:

— О, құдайым-ау, енді құмыра жасаушының ақшасын қалай қайтармақпын?

Король болса осындай әрекеті арқылы қызын әскербасына тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек еді. Ханшайым болса тағы да құмыра жасаушыға келіп, саздан жасалған тауарларын енді бір рет несиеге бере тұруын өтінеді. Құмыра жасаушы болса: «Жоқ, ең әуелі алдыңғы алғандарыңның ақшасын төле», — дейді. Қыз жылап-еңіреп әкесіне келіп, болған жағдайды айтып, жер-дүниені шарлау үшін бұл жерден безіп кеткісі келетінін айтады.

Король сонда қызына былай дейді:

— Мен саған арнап орманда үйшік тұрғызуды бұйырамын. Сен мәңгілік сонда тұрып өміріңді өткізетін боласың. Ары өткен, бері өткен адамдарға арнап тамақ пісіретін боласың. Бірақ ол үшін ақша алам деп ойлаушы болма!

Сөйтіп оған арнап үйшік тұрғызып береді. Есігіне тақтайша іліп қояды. Онда: «Бұл жолы тегін, ал ертең ақшасына» деп жазылған екен. Ханшайым біршама уақыт бойы сол үйшікте өмір сүріп жатты. «Орманда бір бойжеткен өмір сүреді, барсаң тамақты тегін дайындап береді, себебі, есіктегі тақтайшада солай жазылған», — деген дақпырт сөз де желдей есіп, алыс-жуыққа жайылып кетеді.

Мұны естіген аңшы да ойланып қалады: «Мұндай жағдай ақшасы жоқ тақыр кедей маған қолайлы болмай ма?». Сөйтіп ол өзінің үрлемелі мылтығы мен істеген ісінің дәлелі ретінде кезінде король сарайынан алған заттары салынған сөмкесін көтеріп орманға бет алады. «Бұл жолы тегін, ертең ақшасына» деген жазулы тақтайша ілінген үйшікті іздеп табады. Үш дәудің басын кескен қылышын иығына асып алған ол үйге кіріп келеді. Тіске басар бірдеңе дайындап жіберуін өтінеді. Көз тоқтатып қарап, сұлу бойжеткенді көрген ол қуанып кетеді. Қыз расымен де асқан сұлу еді.

Қыз аңшыдан аты-жөні кім екендігін және қайда бет алып бара жатқандығын сұрайды:

— Мен бір жер дүниені шарлап жүрген адаммын, — дейді жігіт.

Қыз сол кезде жігіттен иығындағы өз әкесінің есімі ойылып жазылған бұл қылышты қайдан, қалай алғанын сұрайды. Жігіт сонда таң-тамаша болып:

— Сен сонда расымен де корольдің қызы болғаның ба? — деп сұрайды.

— Иә, солай — деп жауап береді қыз.

— Мен бұл қылышпен, — дейді жігіт, — үш бірдей дәудің басын шауып түсірген болатынмын.

Осылай деген жігіт сөзінің дәлелі ретінде сөмкеден үш дәудің тілдерін алып шығады. Содан кейін қызға оның өзінің туфлиін, көйлегі мен жейдесінен кесіп алған қиқымдарды да шығарып көрсетеді. Қыз сонда қатты қуанып, сол түні өзі құтқарған ханшайым екендігін айтады.

Осыдан кейін екеуі бірге кәрі корольге барып, оны орманға ертіп әкеледі. Ханшайым корольді қонақ бөлмеге ертіп әкеліп, өзін дәулерден құтқарған осы аңшы екенін айтады. Барлық дәлелді заттарды көрген соң корольдің бұларға сенбеуге еш амалы қалған жоқ. Сөйтіп ол бұл істің анығына көзі жеткені үшін қуанышты екенін, аңшы мен ханшайымның енді үйленуіне болатынын айтады. Мұны естіген қыз жүрегі жарылардай қуанады.

Осыдан кейін олар жігітті дәл бір шетелдік әйгілі ақсүйек тәрізді шыттай киіндіреді. Және осыдан соң король енді үйлену тойына кірісуді бұйырады. Қонақтар үстел басына отырған кезде, әскербасын ханшайымның сол жағына, ал аңшыны оң жағына отырғызады. Әскербасы аңшыны әлдебір шетелдік ақсүйек қонақ екен ғой деп ойлап отырған еді. Алдарындағы асты ішіп-жеп көңілді отырған кезде кәрі король әскербасыға оған өзінің бір басқатырғы жасыратынын және мұның жауабын өзі шешуі тиіс екендігін айтады.

— Егерде кімде-кім үш дәуді мен өлтірдім деп айтып тұрса, «Олардың тілі қайда ендеше?» — деп тәптіштеп сұраса, «Бұл дәулердің аузында тіл болған жоқ еді», — дейді делік. Мұны қалай түсінуге болады?

Әскербасы сонда корольге:

— Демек, ендеше оларда бұрыннан мүлде тіл болмаған деген сөз, — деп жауап береді.

— Жоқ, — дейді король, — әрбір тірі мақұлықта тіл болады.

Король сұрағын ары қарай жалғастырады. «Кімде кім меніменен орынсыз салғыласа беретін болса, оған қандай сый лайықты?

Әскербасы былай деп жауап береді:

— Ондай адамды быт-шыт қылып бөлшектеп шауып тастау керек қой!

Сонда король әскербасыға: «Сен өзіңе өзің үкім шығардың!» — деп оны түрмеге тастатып, соңынан аяқ-қолын шауып жазалайды. Аңшы сөйтіп ханшайымға үйленеді. Осыдан кейін аңшы өзінің ата-анасын қамалға ертіп әкеледі. Олар өз ұлдарының жанында зор бақыт пен шаттықта өмір сүріпті. Кәрі король өмірден өткенде, аңшы бүкіл корольдікке ие болып қалыпты.

Аударған: Асылбек БАЙТАНҰЛЫ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер