Өлең, жыр, ақындар

Зұлмат: Қазақ даласындағы аштық жылдарға шолу

1914-1918 жылдардағы Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, оны басып-жаныштау, революциялар мен 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы қазақ халқына ғана емес, сондай-ақ Ресейдің бүкіл халқына да орасан зор қайғы-қасірет пен ауыртпалықтар әкелді. Кәсіпорындар тоқтап, жұмысшылар саны қысқарды. Жекеменшікті мемлекет меншігіне айналдыру идеясы большевиктердің негізгі мақсатына айналды: өнеркәсіптер, көліктер, банктерді мемлекет меншігіне алу жүргізілді. Ел экономикасы жоспарлы түрде жүргізіліп, бір орталықтан басқарылатын болды және қаржыландыру  партиялық нұсқаулармен жүзеге асырылды. Азамат соғысы кезіндегі елдің материалдық қорларының тым шектеулі болуына орай әскери коммунизм саясаты деген атпен белгілі болған экономикалық саясат жүргізілді. Азамат соғысының аса ауыр жағдайларында жүргізілген әскери коммунизм саясатының негізгі мақсаты барлық күштер мен ресурстарды қорғанысқа жұмылдыру. Қызыл әскерді қажетті нәрселермен қамтамасыз ету болды. Кеңес үкіметі халықтың қолында күнкөріске жетерлік мөлшердегі өнімдерді ғана қалдырып, қалғанын әскер мен әскери өнеркәсіп үшін жинап алуы тиіс болды. Өндіріске және азық-түлікті бөлуге қатаң бақылау орнатылды. Мемлекеттің деревнялар мен ауылдарда шаруалардан азық-түліктің артығын өтемақысыз жинап алуына негізделген Азық-түлік салғырты енгізілді. Астықты жасырғаны үшін дүние-мүлкін тәркілеп, жер аудару және 10 жыл түрмеге жабу жазалары қолданылды. Қазақтардың малшаруашылығымен айналысатын аудандары ет қана емес, сондай-ақастық салғырты мен басқа да төтенше салықтарға міндеттелді. Азық-түлікті тартып алу мен ашылшаруашылық өнімдерін екінші қайтара жаппай жинауға бағытталған қатаң іс шаралар халықтың жағдайын күрт  нашарлатты. Қаладағы жағдай да жақсы емес еді. Астықтың шықпауы өнеркәсіпке де әсерін тигізді. Көптеген зауыттар оның жетіспеушілігінен жабылып, жұмысшылар жұмыссыз қалды. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін елді тағы да бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдары қыс ұзаққа созылып, арты жауынсыз құрғақ жазға ұласты. 1921 жылы күзде бүкіл елді аштық жайлады. Ашаршылыққа душар болған өңірлердің көбі Қазақстанға тиесілі болды.

XX ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақстандағы зобалаң:

Ұжымдастыру 1931-1933 жылдардағы зобалаңға әкеліп, қазақ даласын жаппай қырылу мен жұқпалы аурулар әкелген аштық жайлады. 1929-1930 жылдары қыста жұт болды. Жұт кезінде немесе ұжымшар фермаларында малдары қырылып, елді мекендерден жүздеген немесе мыңдаған шақырым жерде азық-түліксіз қалған қазақтар өте мүшкіл жағдайға жетті. Жүздеген мың адам азық-түлік іздеп келе жатқан жолдарында қаза болды. Қазақ ауылдарынан аш халықтың орасан легі аман қалу үмітімен елді мекендерге ағылды. Бірақ қалалар мен селоларда ашыққандарға ешкім көмек бермеді. Отырықшы халық та ашаршылыққа ұшыраған еді. Қазақ өлкелік комитеті, республика үкіметі, жергілікті партия мен кеңес органдары да бұл қасіреттің алдын алу, аш халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін еш шара қолданбады.

Қазақстандағы халық қасіреті туралы жиналған жүздеген мұрағаттық құжат бар. Олардың бірі-саяси жер аударылғандар В. Иогансен, Ю. Подбельский, О. Селихова мен т. б. КСРО ОАК Төралқасында жасаған мәлімдемесі. Онда былай делінген:Шамамен бір жарым ай бойы Павлодарға аудандардан аш, ісінген, киімі жыртық-жамау адамдар көпшілігі қазақтар ағылып келіп жатыр. Қала солармен толып кетті. Адам сенгісіз қайыршылық таралды. Әрбір үйге күніне ондаған адам келеді. Олардың ішінде жастар, қарттар, балалар да бар. Аш-арық адамдар қоқыс төгетін орындарды ақтарып, тамақ қалдықтарын жейді. Емдеу мекемелері аштықтан өлейін деген адамдарға толы. Аштықтан індет тарады. Қаланың түбінде және қаланың өзінде суықтан үсіп, қайтыс болған, баспанасыз, аш адамдардың мәйіттері табылып жатыр. . . Аш адамдар нан сұрай кіріп құлап, сол жерде өліп кеткен үйлерді де білеміз. Қайда кетіп бара жатқаны белгісіз, тентіреген қазақ отбасыларын жиі кездестіруге болады. Аш, жартылай үсіп-тоңған балаларды мекемелерге әкеп, тастап кетеді. Балалар үйі лықа толы, оларды қабылдамайды. Қаладан күн сайын тастанды, үсіп-тоңған, әбден жүдеп-жадаған, аштықтан ісінген әртүрлі жастағы балаларды кездестіруге болады. Олардың әдеттегі жауабы:"Әкем қаза болды, шешем қаза болды, үйім жоқ, нан жоқ. . . "

Әлі күнге дейін қазақ даласындағы аштық қанша жанның өмірін жалмап өткені туралы нақты деректер жоқ. Тіпті алапат аштықта опат болғандардың саны да әртүрлі деректерде әрқилы айтылып келеді. Кеңестік биліктің қасаң саясаты өзі бағынышты еткен ұлттардың тілі мен салт-дәстүрін, тарихын санадан біржола өшіруге, дүбәра қылуға бағытталды. Осы мақсатта еш нәрседен де тайынған жоқ. Әдебиет пен мәдениетке, тарихқа қатысты жарияланатын кітаптар да, ғылыми еңбектер де, тіпті кино мен театр өнерінің туындылары да орталықтың қатаң сүзгісінен өтетін. Бұл шығармалардағы ұлттық құндылыққа қатысты деректер қысқартылып, немесе мүлде алынып тасталынатын. Мұндай тақырыпты жарияламақ тұрмақ, сөз ету басын бәйгеге тіккенмен бірдей. Қылышынан қан тамған қызыл империя қазақ басына түскен қиын тағдырды ешқашан айтқызғысы келмеді. Қасақана жасалған қылмыстың беті ашылып қала ма деп өлердей қорыққан болатын. . .


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз