Өлең, жыр, ақындар

“Айқап” – ұлттық бейресми басылым

“Айқап” – қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің түйткілді  мәселелерін сөз еткен журнал, һәм халық үні. 1911-1915 жылдары үздіксіз жарыққа шығарылған журнал, бастапқыда жәрдемдесушілердің көмегімен, сосын өз қаржысына шығып тұрған. 

“Айқап” журналының шығу тарихын зерттеген профессор Х.Бекхожин былай дейді: “Қазақ халқының мәдени өмірінде ХХ ғасырдың бас кезінде болған елеулі оқиғалардың бірі – “Айқап”  журналының шығуы. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы болды. “Айқап” өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уалихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған, ілгері дамытқан журнал болды”. Қазақ публицистикасының сатылай дамуына өлшеусіз үлес қосқан журналдың редакторы – Мұхаметжан Сералин. 

Журналдың  ұлттық сипатын жарияланған мақалалар мен авторларынан айқындай аламыз. “Айқаптың” белсенді шығарушылары, авторлары ретінде Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Бақытжан Қаратаев, Сабыржан Ғаббасов сынды белгілі жазушылар мен публицистерді атауға болады. Журнал бетінде Шаһмардан Әлжановтың “Қазақтың құдалықтарындағы кемшіліктер” , “Тағы да жер жайында”, Жиһанша Сейдалиннің “Ұрлық түбі қорлық” , “Съезд туралы келген хаттар” , т.б  сыни, проблемалық мақалалары жарық көрген. 

“Айқаптың” алғашқы санындағы бас мақалада газет-журналдың халық дамуындағы орны көрсетілген.  Бұған дейінгі ғұмыры қысқа болған қазақ басылымдарының тарихы сөз етілді. Мәселен, “Серке”, “Киргизская газета” сынды басылымдар демеушісіз, қолдау білдірген жұртшылықтың болмауы салдарынан жабылып қалған. “Айқап” журналының да бейресми, халық қолдауымен жарыққа шығуы да - қалыпты жағдай. Себебі, билік ұлттық санаға серпіліс беретін басылымдарды қолдауға емес, құртуға бейім еді. 

Қазақ публицистикасының даму кезеңі де тап осы “Айқап” журналының жарық көрген кезімен тұспа-тұс келді. Зерттеушілер: “Айқаптың” тілі  ХХ ғасырдың басындағы ұлттық публицистикамыздың үлгісі болды. Журнал бетінде жазушы, журналисттер қазақтың жазба тілін қалыптастырып, көне, діни, кірме сөздерден тазарту үшін Абай, Ыбырай бастаған жаңа әдеби тілді қолданды”, - деп баға берген. 

Журнал қазақ даласына кеңінен етек жайды. Тіпті Қазақстанның барлық облыстарынан бөлек Астрахань губерниясына қосылған Бөкей ордасы мен Кавказ округыне қарайтын Маңғыстау, Атырау, Оралдан хаттар келіп тұрды. 

Бір сөзбен айтқанда, “Айқап” – қазақ публицистикасын қоғамдық ойдың көшбасшы деңгейіне жеткізе білген ұлттық сипаттағы басылым. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Публицистика негіздері: оқу құралы / Бауыржан Жақып. - 2. - Алматы: Қазақ университеті,2018. - 444б.
2. Egemen Qazaqstan «Әй, қап!» - «Айқап» 29 наурыз 2011.

Айнұр Аңламасова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз