Өлең, жыр, ақындар

Едрестің кісі болған пысық баласы

Азаматтығы мен кісілігі мол тау тұлға, қабырғалы қаламгер, ұлағатты ұстаз, ғұмырдариясы терең, ұлтын, шәкіртін сүйген қазақ көсемсөзінің биік тұлғасы – белгілі жазушы-журналист, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор – Әбілфайыз Ыдырысов.

Өзгелерден болмысы ерек тұлға Әбілфайыз Ыдырысов қарабас қамын, жеке бас мүддесін біріншіге қоймай, жасандылықтың жалаушасын ту қылып көтермей-ақ, бақталассыз, мансапсыз өмірін адалдықпен өрнектеген. Ыдырысовтың қомқорлығы мен жанашырлығының өзі бөлек әңгіме. Өзімен бірге оқып, қара нанды бірге бөліп жеген Темірбек Қожекеев «қылышынан қан тамған» декан болып тұрған сәтте, замандасының «ызғарына» іліккен студентті қанатының астына алып, шәкіртақы тағайындап, басына баспана болмаса да, жатаханадан орын алып беріп, барынша көмек қолын созды.         

«Бірдеңеге қолым жетер» – деп тырбынып, Алматыға табан тіреуден бұрын талай белестерді еңсерді. Жеті жастан мектепке барып, төрт сыныпты Бүйректал бастауыш мектебінде тамамдады. Кейіннен Тасмұрат дейтін туысының үйінде жатып оқып, №13 ауыл – Дәмді деген жердің бесінші класын аяқтады. Екі сыныпты нағашы апасы Шолпанның үйінде жатып, тәлім алды. Тасада білім алып жүргенде, Қалпе атасы қайтыс болады. Сол кезеңнің сұм сынағы соғыс басталып, әкесі мен екі бауыры шақыртумен, елдің азаттығын қорғауға кетеді. Тіршілік қиындай түседі. Сол кезеңде кәрі әжесінің қолына қарап, шеттей баламен қалу қашан оңай болып еді?! Көп уақыт өтпей, Қамзиза әжесі де бұл фәниден өтеді. Тағдыр теперішіне мойымай, мүшелге келер бозбала шағында Қостанайға ат басын бұрды.  Орыс қоғамы салтанат құрып тұрған кезде, бір ауыз орысша білмей-ақ, құжатсыз, жетім балаларды оқытып-тәрбиелейтін мектеп-пансионат-интернатқа оқуға түседі. Қай сәтте де орта адамды ширатып, өзіне бейімдейді ғой. Солай мектепті 1948 жылы үздік медальмен бітіреді. Ересек өмірге демде ілескен Әбілфайыз Ыдырысов мектепте жүріп, «Алға» қабырға газетінің редакторы болады. Журналистикаға деген алғашқы қадамы осылай басталды. Қалада оқуда жүріп, медалист болған баланың үні Қостанай радиосынан естіледі. Ауылдағы жұрт титтей баланың жетістігіне тамсанады. Содан: «Едрестің кісі болған пысық баласы!» деген атаққа ие болады. Мектепті бітіріп, оқу ордасының үздік 5 баласы МГУ-ге түсуге құштарланады.  Дегенмен тағдыр тартуы басқаша болды.  «Математик боламын» деген арман жайында қалып, Россельмаштың жетегіне ілеспей, төрт жыл бойы пансионаттың қызығы мен шыжығын қатар көрген әрі бөліскен досы Дәуренбекпен Алматыға тапсырады. «Алманы тепкілеп жүріп жейтін көрінеміз» деп балалығы мен қиялы аралас екі дос Сәбит пен Ғабиттей жазушы болуға ансарлары ауады. Сонымен, «ЛИ – 2» лайнерімен тіке Алатауға жол тартты.  ҚазГУ-дың сол кездегі ректоры Төлеген Тәжібаев медалистті бес рет шақырып, Мәскеудің техникалық университеттеріне, 200 қазақ жастарының қатарына қосылуға үгіттейді. Тумысынан ұстамды әрі турашыл жас алған бетінен қайтпайды. Сөйтіп, таласып, тармасып әрі «Менің журналист болғым келеді» деп қасарысумен  жүріп, «Принять!» деген бір жапырақ қағазды қолына алады. Міне, солай тағдыр айдап, қазақ журналистикасы бір дарабозбен толығады. Кейіннен талай мекемелерде қызмет атқарды. Әдеби қызметкерден қарашаңырақтың профессоры дәрежесіне дейін көтеріледі. Саналы ғұмырында ғибратты күн кешкен Әбілфайыз Ыдырысов ашық, ақжарқын бейнесінен ажырамай, шыншылдықтың шырағы болып, мансапсыз-ақ ел құрметіне бөленді.

Қаламының қарымдылығымен журналистика саласына қатысты бірнеше оқулықтар шығарып, өзі армандағандай Ғабит пен Сәбиттей роман-хикаят жазып, оқырман игілігі үшін қажырлы қызмет етті. Ұлттың жадында ерекше ықыласпен, жанжүректілікпен байланысатын, қазақ халқының жүрек мұнарасынан ойып тұрып орын алатын біртуар тұлға есімі ешқашан өшпек емес.

Нұрилла Ахина
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз