Аузымен құс тістеген, тілімен түйін түйген, орақ тілді Өмірбай бабамыз 1768 жылы Жалағаш ауданына қарасты Ақшығанақ елді мекенінде дүниеге келіпті. Байқон би: "Балаң ой мен тілге бай болар, үш жүзге даңқы жетер, бұл бағы өзімен кетер” дегендей, кезінде Өмірбай үш жүзге танымал текті тұлға болған. Ол ел басына күн туған шақта елшілік жасаған, ағайын арасындағы дау-жанжалға төрелік айтып, ел-халықтың бірлігіне етене араласқан. Өмірбайдың сегіз жасар кезі болса керек. Кезіндегі Ақшығанақ ауылындағы бір кісінің баласы тұрмай, шетіней берген соң ауыл ақсақалдарын жинап ас береді. Ас ішіліп болған соң үй иелері ақсақалдардан бата сұрайды. Үлкендер жағы бір-біріне сілтеме жасап, бата бере алмаса керек. Сонда есік табалдырығына таяу тұрған Өмірбай бала: "Үлкен кісілер жаңылды, жаңылмаса, не қылды. Төрден іздеген батаңыз, босағадан табылды. Осы берген құдайың, Хақтан болсын қабылды, Құдай ашсын бағыңды, аумин” дейді ғой. Баланың батасынан кейін әлгі кісіні Құдай қолдап, перзентті болыпты. Осыдан кейін-ақ Өмірбайдың тасы тауға өрлеп, ел-халыққа таныла бастайды.
Заманында Кенесары хан батыр Байқадам мен шәлкем-шалыс келіп, зынданға салдырады. Сонда Кенесарыға елшілікке Өмірбай келіпті. Аймаққа аты мәлім — Өмірбайды Кенесары құшақ жая қарсы алып, барлық жөн-жоралғыны жасайды. Дастарқанға ас келіп, Өмірбай биге бас тартылып жатқанда ол табақшыларға "қоя тұр” дегендей ишара жасап:
— Кенеке, даңқың алты Алашқа танымал қол бастаған батырсың, ел бастаған көсемсің. Ата салтымызда ағаның алдына түскенді көріп пе едің? Мен ағам Байқадам тұрғанда бас ұстамаймын, — деген екен.
Аталы сөзге тоқтаған Кенесары хан Байқадам батырды зынданнан алдырып, Өмірбай шешенмен табыстырған көрінеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі