Абылай хан және бір жорыққа аттанғанда, құс ұшпас, құлан жортпас Бетпақтың Сары даласында бір қара ала атты кез болды дейді.
— Кімсің? — деп, жөнін сұрағанда:
— Көн етікті демесең, көпке татыр өзім бар, көн садақты демесең, көпке тиер сөзім бар. Мен — Балтакерей Тұрсынбай, — дейді.
— Бәрекелді, атыңа қанық едім, жүзіңе танық едім, батыр, жорықтас болайық, олжалас болайық, — дейді.
— Жалғыз жүрсем, жан-жағым толып жүруші еді, көп ортасына кірсем, жабыланып кетуші едім. Сізбен бір сапар жолдас болайын, — дейді.
Ханмен қосылып, Алатауға қарай бет қойып, бірге жүрді. Бір өзен аққан судың бойында көп мола бар екен. Абылай хан Балтакерей Тұрсынбай батырға айтты:
— Анау тұрған бейітте бейіт ағашы бар ма екен, байқап келші, — деді.
Батыр барып, аралап келді де:
— Жалғыз-ақ көрде бейіт ағашы бар екен, өзгесі тас екен, — деді.
Хан еш нәрсе демеді. Алатауға барды, қырғыз болсын, қалмақ болсын, ел шабысқан жоқ. Түзден ер басына бір түйе, бір аттан олжаласты. Қыс түсіп кеткен соң, асығып қайтты. Піскен тамақ таусылды, мал сойып, ыстық қылып ішуге отын табылмады. Қол ашығыңқырап, жүдеп, баяғы көп моласы бар суға қонаға жетеміз ғой десіп келе жатады. Абылай хан көп қолға білдірмей, екі жігітті ілгері оздырды:
— Бүгін қонатұғын жерде бір көрде бейіт ағашы бар деген. Ерте жарық барда соны тауып алып ақтарып, біреуің қайта өзінікіндей қылып, бетін жауып тегістеп, адам ашпағандай қылып қойыңдар. Түн болған соң, мен «бейіт ағашты алып кел!» деп Балтакерей Тұрсынбай батырды жіберейін. Көрді ақтарып, бейіт ағашты ала бергенде: «өлген менің көрімде әкеңнің көз құны бар ма еді?» деп ал жағасынан. Шошыр ма екен, шошымас па екен, батырлығын сынайық, — дейді.
Хан жарлық қылған соң, екі жігіт ілгері озып барып, бірі ақырет оранып, ішіне түсіп жатып, бірі қайта жымпитып, өзінікіндей қылып жауып тастап, екі атпен өзі бір сайға барып, жасырынып жатты. Қас қарайып, сам жамыраған мезгілде қол судың бойына келіп қонды. Ыстық қылып ішейін десе, тамызық жоқ. Абылай хан Балтакерей Тұрсынбайға:
— Баяғы өзің көрген бейіт ағашты сен тауып алып келмесең, бұрын көрмегендер қараңғыда барғанмен, таба алмайды ғой, — дейді.
— Мен барып алып келейін, — деп, бара сала-ақ тас-талқан қылыпты. Бейіт ағаш сау етіп, ішіне түсіп кеткен соң, қолын созып, жиып ала бергенде, көрдің ішінде жатқан:
— Өлген менің көрімде әкеңнің құны бар ма еді? — деп жағасынан шап беріп ұстай алғанда:
— Уай, енеңді... Сен шалажансар өліп жатқан неме болсаң, мен шын өлтіріп кетейін, өлген кісі өліп көрде жата берер болар. Тірі кісі бейіт ағашын алып, жаға берер болар. Өлі саған бола тірі Абылай аштан өле ме? — деп, үстіне міне түсті дейді, жалма-жан қаруын суырып жатыр дейді, — басын шауып тастайын! — деп.
Шын өлтіретұғынына көзі жеткен соң, астындағы батыр жалынды дейді:
— Мен өлі емеспін, тірі кісімін, сізді сынамаққа хан бұйырып еді, — деп.
— Солай десейші, мен шын анық өлмей, шалажансар жатқан бірдеме ғой деп ойлап қалдым, — депті.
Бәрі бас қосып, бейіт ағашты алып келіп, ыстық қылып ішісіп отырғанда, хан:
— Пенде болып, ешнәрседен қорықтың ба? — деп сұрағанда.
— Тақсыр, неге қорықпаймын, он алты жасар күнімде әкем пәлен ханға нөкерлікке берді: «осы баламды батырлыққа баулып бер» деп. Сонда ханның жылқысын бақтым. Жарқырап жаз шыққан соң, күркіреп көк шыққан соң, бір ақ боран болып, жылқы ықты. Жылқыменен бірге мен ықтым. Үш күн, үш түннен соң күн шайдай ашылды. Жылқы жусады, мен де аттан түсіп, жата қалдым. Көзім ілініп бара жатса, өн бойым мұздай болып, шымырлап бара жатқан соң, көзімді ашып жіберсем, білектей қара шұбар жылан аузымның үстінен артылып түсіп бара жатыр екен. Аузымменен қауып қалып едім, басы бір бөлек, құйрығын бір бөлек екі жағыма бөлініп түсіп қала берді. Ортасын жұтып жібердім, қорықпасам, жыланды жеймін бе, өзімнің жан болып, қорыққаным сол, — деді.
— Бәрекелді, батырлығыңа болайын, қатты қорыққан екен.
Бұрынғы заманда батыр деп осындай жандарды айтады екен. Бұл уақытта торғайға әлі келмейтұғын бөдененің жұмыртқасында немелерді батыр, батыр дейді. Онысы — қанды шелек, көк тақым ұры. Кигеніне қарасаң, қуыс қурай...
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі