Ақмола, Атбасар, Көкшетаудың орталығында кең байтақ жатқан дала мен «Қанды қарағай» деген бұрын атығай, қарауыл, қаржас, алтайдың жайлаулары болып еді.
Абылайдың хан болып, қылышынан қан тамып тұрғанда, қазақтың көп батырларымен кеңесіп отырғанда бір салт адам асығыс кіріп келіпті.
— Отырыңдар, бұл асығыс не қылған адам? — деп жөн сұрапты.
Сонда жігіт айтыпты:
— Мен бір жолаушы қазақ едім, жолда қалмақтың жолына кездесіп қалдым. Олар мені тонап алды да, менен жөн сұрады. Сұрағанда: «Абылай қайда? оның жанында қазір қандай батыр бар? Қай бетке жорыққа шықпақшы?» деп сұрады. Мен айтпадым. Сонда бір батыр: «Ұйқымның ашылмай тұрғанын қарашы. Абылайдың, не оның батырларының қанын ішпей» дейді. Біреуі тұрып: «Тезінен қан ішеміз» дейді. Мені олар мазақтап қоя берді. Мен қаныма қызып, олардың қолынан босаған соң хабар берейін деп келдім, — деді.
Хан:
— Батырлар, «жау жоқ деме жар астында» деген. Қапы болып жауды, елді бері жібермейік. Өзі де ендеп келіп қалған екен, — деп жігіттен жөнін сұрап алып, ту көтеріп, аттанысады. Сол бетімен батырлар келе жатса, кеш болады. Көз ұшында от көрінеді. Жортушылар байқап: «Осы алдымызда қалың қарағай бар еді, от содан шығады» десті. Түнде жауға тиісу қиын болды. Күзетті жан-жағынан қойып, түнді өткізеді. Жан-жақтағы елге «дайын болсын» деп хабарды да берісті. Таң ата жортушылар «жау қозғалды» деп хабар береді. Абылай туын көтеріп жауға қарсы жүрді. Жау да өзінің көк ала туын көтеріп қарсы жүрді. Бұл қалмақтың Қалдан ханының Шеріш деген батыры екен. «Кім екен? Кімді іздейді екен?» деген елші жіберіпті. Хабар да алысты. Абылайдың елшісі барып еді: «Мен — Шеріш батырмын», — деді.
Жаудың бастығы:
— Біз Абылаймен тату тұрайық деп бірнеше рет елші жіберіп едік, Абылай көнбек болса да, көндірмеген Андығожа, Аңғал деген батырлары бар, — дейді, — енді бізге Абылай, оның ана екі батыры керек. «Алысқан жау ел болмас» деген, бізге сенбеді ғой, енді олардың қанын ішпей тоқтамаймыз деп қояды.
Бұл қолда Андығожа, Аңғал жоқ екен.
— Жарайды, «жау іздегенге — жасыл» деген, бірдеңе бастаған шығар, — деп Абылай толғанып, қанша көз жіберіп қалай тиісуін көздеп кетті.
Ішінен біреу:
— Аталы жауым едің, қанша кешірсем, көнбедің, енді қаныңды қолымнан өлтіріп ішейін, — деп, Абылайға тап берді.
Абылай да жалынбайды. Екеуі ат үстінен жағаласып, қару қолданып жарыса кетеді. Сол бетімен ұрыс қалың думан қарағайдың ішінде болады. Бірер уақытта Абылайды әруағы билеп, жау батырының аты етпетлей құлап, Абылай жауды өлтіріп, атын жетелей қолдарына келсе, араласқан ұрыс бет-бетімен орманмен даланы беттей кеткен екен. Абылай туын көтеріп бір төбеге шығып, маңындағы ерлерін сол жерге жинай бастапты. Қалмақтың туы көтерілмей, халқы қайда жиналарын білмей, ыдырай бастапты.
Жиналған ерлер қалмақты быт-шыт қылып, қалың қа- рағайдың ішінен паналатпай далаға қуып, ақыры жеңіпті. Абылайдың қолы сол жерге түнеп, жауды жеңгенін жан- жақтағы елге хабарлап, сол жерде жаудан қолға түскен олжаны бөлісіпті. Олжаны бөліп алған соң, көпшілік:
— Бұл жорықты қандай жорық деп атаймыз? — деп шуласады ғой, сонда Абылай:
— Бұл жорықтың аты «Қанды қарағай қан болды, жол болды» болсын, — деген екен деседі. Содан бері осы өлке сол атпен кетті.
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
Орысты шаппақ болғанда Бұхар жыраудың өлеңмен тоқтау салуы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі