Сонда сол Садырбала мақтанған:
— Қазы Мәмбекті алдым, Әлібек-Шолақты алдым, Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым. «Арқада Абылай деген кәрі сарт бар» дейді. Онысы маған не қылады? — деп.
Абылай хан бұл сөзін естіген соң, үш жүзге ұран шақырып, исі қазақ болып «қылқұйрық» десіп аттанып, Шу мен Таластың бойына барып, Садырбалаға елші салды дейді:
— Қара болса, қатынша бұғып қалсын, хан болса, қас- қиып шықсын! — деп.
Онда Садырбала:
— Маған пәлен күн мәулет берсін, әр таптан бір жақсы алып, өзім көрініске барайын. Тарту-таралғы мен қонақасысын беріп, қайырайын, — деп жайылып жастық, иіліп төсек болып қайырды да, қырғызға «жиылсын» деп кісі шаптырған.
Бұлар бейғам жатқанда қара құрттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, жалғыз күнде қырғыздың үйіліп-төгіліп келіп қалғанын бір-ақ біліпті. Сонда Созақта «Жалаңаяқ Әудер» деген бір әулие диуана бар екен, Абылайдың қосынына кез болған екен. Жалаң аяқ:
— Бұрын олай жүрсем де, былай жүрсем де, «мынау Түркістанда Әмір Темір орнатқан ақ күмбездің иесі Әзіреті сұлтан ғой!» деп, соған сыйынып жүруші едім. Бұрынғының «мың өліден — бір тірі» деп айтқаны бар еді, көрсет кереметіңді, — дегенде, Жалаңаяқ Әудер айтыпты
— Қырғыз деген жұртты диуаналықпен аралап жүргенімде, өзімнің май басқандығымнан туған лепес балам еді Садырбала. Оған қалай енді қаһар қылайын, — депті.
— Ол бір бала да, мынау қазақ көп мүритің ғой, ел-жұртың ғой. Бір бала қалай, көп қалай? — дегенде:
— Қап, қап, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деп еді, — деп, сұқ қолын бір ұртына тығып, аузымен үш атыпты.
Қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып, үркіп қашып беріпті де, қазақ көтінен қуып, Қарабалта, Соққылықтың асуына жеткенше талайын қырыпты. Сонда қырғыз Әйтеке жырық алты баласымен жолда қырғын тапқан екен. Сонан соң қырғыз жалынып-жалпайып, бітімге келіп, Сәру деген бір тайпа елін қазаққа «ақ үйліге» берген екен. Қос басына бір үйлі қырғыздан үлесіп алысып, «осы күнгі арғын ішіндегі қырғыздар — сол жолғы олжа болып үлеске түскендер» деседі.
«Қысасы қияметке қалмайды» деп, сол Әйтеке жырықтың немерелері Жанқараш, Жантай, Қарабек балаларының қолында Кенесары, Наурызбай, Құдайменде, Ержан бірсыпыра төрелер шаһитлік дәрежесін тапты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі