Жалайыр елінің бір топ игі жақсылары ел арасындағы бір даулы істі бітіріп, үйлеріне қайтып келе жатып, бір байдың ауылына қонған екен. олардың ішінде Жылкелдіұлы Ескелді де болыпты. Ертеңінде әлгі қонақтар жолға қайта шығарда Ескелді:
— Маған рұқсат етіңіздер, мен түске дейін осы ауылда қала тұрайын аялдап. осы жолдың бойымен бір атақты адам Тәшкен жаққа келе жатқанға ұқсайды. Мен сол кісіні көріп, тілдесіп қалуым керек, — депті.
Жанындағы кісілер:
— Оу, Есеке, ол кісің кім? — дейді.
— Оны кейінірек біле жатарсыздар, — дейді Ескелді.
Сонымен жолдастары кетіп, Ескелді сол ауылда қалып қояды. Сонда кетіп бара жатқандардың біреуі:
— Ескелдіні былайғы ел «көріпкел, сәуегей» деп жүр ғой. оны осы жолы байқайық, — дейді.
Ескелдінің айтқанындай, уақыт түске таяғанда, ұзын қара жолдың бойынан бір топ аттылар көрініпті. олар садақ асынып, найза ұстаған жасауылдар екен. олардан соң астында есік пен төрдей бозжорға аты бар, ер-тоқым әбзалдары алтындалған бір адам анадай дан жарқжұрқ етіп көзге ерекше түседі. өзі зор де нелі, сұсты, келбеті келісті, ұзын қара мұртты екен. Басында құндыз бөркі болса керек. Басқалары сол кісінің жан-жағын қоршап келе жатыпты.
Ескелді таяп барып жанындағылардан:
— Бұл кім? — деп сұрағанда әлгілер:
— Бұл — Абылай хан. Тәшкенттің бегі қонаққа шақырып, соған кетіп бара жатыр. Біз нөкеріміз, — дейді.
Мұны естіген Ескелді топтың алдына таман барыпты да, ханға анадайдан тағзым етіп:
— Ассалаумағалейкум, алдияр, хан! Сіз үшін құрбан болсын жан! Ақсұңқар құс мекендеген жерінен алысқа ұзап ұшпаушы еді. Егер алыстап ұшса, қайта келуі қиын деуші еді қариялар, — депті ізетпен.
Сонда хан Абылай Ескелдіге бұрыла қарап:
— Болар іске бөгет жоқ, бұқпантайлап үйден шықпай отыратын әдет жоқ менде! — деп атының жүрісін тоқтатпай кете берген екен дейді.
Хан нөкерлері көзден ұзап кеткенше орнынан қозғалмаған Ескелді әулие:
— Исі қазақ сыйлаған, жамандыққа қимаған, хан ием, келмеске кеттің-ау! — депті дауыстап.
Мұны сол маңайдағылардың бәрі естіпті. Ескелдінің сол ойлаған қаупі ақырында расқа шығып, Абылай хан Тәшкенге тартқан сол сапарында опат болып, Көкшетауға жете алмай, Түркістан түбінде көз жұмыпты.
Ескелді әулиенің көріпкелдік, сәуегейлігі осылай екен, қарақтарым, — дейді алматылық ақсақал Дәуітбек Нұртазаұлы.
Ескелдінің елшілікке баруы (Абылай ханның Ескелдіні алдыруы)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі