Соғысы аяқталғанымен, оның зардабы халықтың жүрегінен де, елдің тұрмыс-тіршілігінен де бірден кете қойған жоқ. Қираған қалалар, әлсіреген шаруашылық, ауыр еңбекке жегілген халық — бәрі қайта қалпына келуді қажет етті. Міне, дәл осы өтпелі кезеңде баспасөздің рөлі бұрынғыдан да артып, елді еңбекке, жаңғыруға, рухани серпілуге шақырған қуатты құралға айналды.
Соғыс біткен 1945 жылы-ақ баспасөз майданы жаңа міндеттерді мойнына алды. Қазақ КСР-інің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған социалистік жарыстарды кеңінен насихаттап, газеттер бейбіт өмірдің тынысын бастан-аяқ қамтып отырды. Сол жылы ВКП(б) Орталық Комитетінің «Республикалық, өлкелік және облыстық газеттердің санын арттыру және көлемін кеңейту туралы» арнайы шешімі шықты. Бұл шешім қазақ баспасөзіне серпін беріп, газеттердің беті көбейіп, штат пен қаламақы көлемі өсті.
Соғыстан кейінгі кезеңдегі газеттердің мазмұны да жаңа арнаға бұрылды. Енді назар жергілікті өмірге, ауыл мен қаладағы нақты мәселелерге, еңбек адамдарының тағдырына көбірек ауды. Очерк, фельетон, баспасөзге шолу секілді жанрлар қайта жанданды. Газеттер бейбіт еңбектің батырларын жұртқа таныстырып, жаңа дәуірдің рухын қалыптастыруға күш салды.
1946–1950 жылдарға арналған төртінші бесжылдық жоспарының орындалу барысы баспасөздің ең өзекті тақырыбына айналды. Республика еңбекшілерінің социалистік жарысқа белсене қатысуы, өндірістегі жаңашыл әдістер, озаттардың тәжірибесі үздіксіз беріліп отырды. Петропавл вагон жөндеу депосының токары Иван Печориннің бесжылдық жоспарды бір жылда орындау жөніндегі бастамасы бүкіл елге үлгі болып, оны «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» және облыстық газеттер жарыса жазды.
Газет беттерінде «Бесжылдықты — төрт жылда!», «Озаттар тәжірибесі — көпке ортақ» сияқты айдарлар жиі көрінді. Лениногор қорғасын зауытының, Қарағанды көміршілерінің, Теміртау металлургтерінің жетістіктері кеңінен насихатталды. Жас металлург Алтынбек Дәрібаевтың аты бүкіл республикаға белгілі болды.
Бұл жылдары баспасөз ауыл шаруашылығын электрлендіру, суару жүйелерін кеңейту, мал басын көбейту сияқты елдің болашағы үшін маңызды мәселелерді көтерді. 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газеті ауылдық жерлерде 400 жаңа электр станциясын салу жөнінде үндеу тастап, өңірлердегі алғашқы жетістіктерді жариялап отырды.
Соғыстан кейінгі рухани өмірдің де қайта жаңғыруына баспасөздің ықпалы зор болды. Партияның идеологиялық қаулыларына сәйкес газет-журналдар мәдениет пен ғылымның өзекті мәселелерін көтеріп, сын мен талдауды күшейтті. Қазақ әдебиеті мен тілін зерттеудегі қателіктер сыналып, ғылыми әдістемені жетілдіру қажеттігі айтылды. Бұл кезең ғылымның дамуына, зерттеушілердің жауапкершілігін арттыруға түрткі болды.
1946 жыл — қазақ халқының мәдени тарихындағы ең маңызды белестердің бірі. Дәл осы жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, республика ғылымының жаңа дәуірі басталды. Газет беттерінде бұл айтулы оқиға кеңінен қамтылып, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдардың еңбек жолы мен ғылыми еңбектері жарияланды. Олардың есімдері елдің рухани кемелденуінің символына айналды.
Публицистикада да серпіліс байқалды. Соғыстан кейін бейбіт еңбектің қаһармандарын бейнелейтін портреттік очерктер көптеп жарық көрді. «Әдебиет және искусство» журналының бетінде еңбек адамдарының тағдыры, арман-мақсаты, өмірлік жолы көркем тілмен суреттелді. Бұл шығармалар қоғамның рухани қажеттілігін өтеп қана қоймай, жаңа адам бейнесін қалыптастырды.
Соғыстан кейінгі жылдардағы баспасөз — ауыр кезеңнің айнасы ғана емес, елді бірлікке, еңбекке, қайта өрлеуге ұйыстырған қуатты күш болды. Газет-журналдар қоғамның идеологиялық бағытын айқындап, ғылым мен мәдениеттің дамуына жол ашып, еңбек адамын дәріптеді. Сол дәуірдің баспасөзі бүгінгі тарихымыздың құнды құжаттары ретінде ұлттық рухтың жасампаздығын дәлелдеп тұр.
Орындаған: Құлмырза Шапағат ҚазҰУ- дың 1-курс студенті.
Ғылым жетекшісі:фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі