Өлең, жыр, ақындар

Криз патша (мектеп сахнасына арналған көрініс)

Криз патша

(Көрініс) 

Сахнаға автор сөзін оқитын оқушы шығып, шумақтарды оқи бастайды. Осы кезде өзге қатысушылар шығып Кризді жан жағынан желпіп, найза ұстаған екі жігіт бірі алдынан, бірі артынан қорғаштай күзетіп, сахнаға шығады. Криз таққа отырады. Екі желпуші мен күзетшілер екі жағында тұрады. Желпігіштердің қолдарында үлкен таяққа байланған желпитін веерлер болады. Сонымен патшаны екі жақтан (сәл алыс тұрып) баяу желпиді.

Автор сөзі:

Баяғы атақты Айса тумай тұрып,

Криз деген хан болған дәурен сүріп.

Өктемдікпен зорайтқан патшалығын,

Маңдағы нашар елдің бәрін қырып.

Байлығы, салтанаты жаннан асқан,

Ешкімнің обалына қарамастан.

Онан артық адам жоқ, өз ойында,

Аспандағы күнменен өр таласқан.

Осы кезде сахнаға уәзір шығып, хан алдында басын иіп, қолын қусырып былай дейді. Уәзір:

- Уа әміршілердің әміршісі, патшалардың патшасы! Өткенде өзіңізге айтқан Рум шаһарындағы данышпан Салон, біздің елге келіпті. Егер кеңесуге ілтипат білдірсеңіз, алдыңызға алдырайын?!

Криз:

- Ммм, солай де! Олай болса шақыр. Жақсыны - көрмекке, дәмдіні - жемекке деген! Ол мені көрсін, мен оны көрейін! Алдырт!

Уәзір:

- Құп болады әміршім! Дереу алдырамын! (Уәзір шығып кетеді. Осы кезде бишілер билеп, сарбаздар қылыштасып, балуандар күресіп, сахнаны шоу қылып жіберу керек. Криз әрқайсына бір қарап, разы болып, қасында тұрған сандықтан кішірек дорбаларға салынған алтындарды алып, өнер көрсеткен өнерпаздарға лақтыра бастайды. Бишілер билеп жүріп дорбаларды қағып алады. Балуандар бір-бірін итеріп, таласып жүріп өз алтындарын алады. Қылыштасқан сарбаздар да жерге түскен дорбаларға қылыштарын сермей, таласа жетіп, әркім өз дорбасын жерден іліп алады. Әуен аяқталғанда өнерпаздар сахнадан кетеді. Ал Уәзір Салонды ертіп қайта келеді. Салон қолын кеудесіне қойып, патшаға тағзым етеді.)

Криз:

- Кел Салон, ғалым дейді сені осы жұрт?

Данышпан дейді елге айтқан үгіт.

Жер жүзін араладың, көпті көрдің,

Менен сұлу жан бар ма, айтшы жігіт?!

Салон:

- Хан ием, Сенен артық талай жан бар,

Мәселен: әтеш, тоты, хайуандар.

Қанша әдемі киініп қораздансаң,

Сонан артық болмайсың, мұнымды аңғар!

Криз: (Ішінен ашуланып: «есті» - деп кім айтып жүр мына есалаңды деп, дауыстап ойланады. Сосын..)

- Қазына, әскер, дәулетті түгел көрдің?

Айтшы өзің, маған қандай баға бердің?

Дүниеде көрдің бе мендей бақты,

Бақыты асқан, абыройлы, кемеңгерді?

Салон:

- Көрдім хан ием, Атнада бір кедей бар,

Не қылсаң да болмайсың сен оған пар.

Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл,

Халқына қиянатсыз қызмет қылар.

Криз қатты ыза боп:

- Кедейді бақты деудің қисыны жоқ,

Басында не бағы жоқ, не тағы жоқ.

Қуарған сорлы жақсы бола ма екен?

Онан менің емес пе тамағым тоқ!

Салон:

- Ол кедей болса-дағы балаларын,

Оқытып, зор ғылымды қылды бәрін.

Таза, еңбекшіл кедейден артық емес,

Мақтан үшін мал жиып тойған қарын.

Ей, Криз, сенен менің ойым бөлек,

Бұл дүние шыр айналған бір дөңгелек.

Өлімнің сағатына кірмей тұрып,

Еш адам «мен – бақыттымын» демеу керек!

Криз:

- «Есті» деп елегенім босқа кетті,

Бейшара, алтын құнын білсең етті?!

Қызметші...

шығарып сал алтын беріп, 

Шақырма мұнан кейін бұл тексізді!

Автор:

- Салонды қоя берді өз жайына,

Өзінің көнбеген соң ыңғайына.

Аздан соң оның сөзін ұмытып кетті,

Басында батса-дағы шымбайына...

Криздің бір баласы асқан мықты,

Бір күні киік аулай аңға шықты.

Қолындағы мылтығы қапы тиіп,

Қаза жетіп өз оғы өзін жықты.

Сол кезде парсы ханы атақты Кер,

Жаннан беті қайтпаған шын қайратты ер.

Криздің астанасын шабамын деп,

Қамады «не соғыс» деп, «не алым бер!»

Намыс қып соғысқанда әскер сайлап,

Оқ жауды екі жақтан нажағайлап.

Кер жеңіп, талқан қылып үй қазынасын,

Криздің өзін ұстап алды байлап.

(Автор осы шумақтарды оқып жатқанда, Сахнада абыр-сабыр басталады. Өзге әскерлер келіп, патшаның күзетшілері мен желпитін қызметшілері, уәзірлері қашып кетеді. Ең соңынан сахнаға тәкаппарлана шыққан Кер, масаттана күліп тұрады. Криз байғұс қалыпқа түсіп, бүрісіп, не істерін білмей қалады.)

Кер:

- Жендеттер, көзін құртыңдар мына мақтаншақ, даңғой, айналадағы елге тыныштық бермейтін қанышер патшасымақтың! Дүниеге көзі тоймай, салықпен халықты бір қанап, соғыспен екі қанап, әбден байыған дүниеқоңыз Криздің аты - мәңгіге өшсін!  

Криз:

- Салон, данышпан кемеңгерім, қайдасың? (өкінішпен айқай сала жылап, есеңгіреп отыра кетеді. Сосын жыламсырап отырып):

Қош боп тұр, қайран Салон, келмедің ғой!

Сөзіңе бұрын ындын бермедім ғой,

Данышпан, қасиетті жан екенсің,

Аман бол! Енді менің өлгенім ғой!

Кер таңдана қарап:

- Әлгіде айтқан сөзіңнің жайын ұқпадым ей-бейшара! Салон шалды не себепті шақырдың? Онымен нендей байланысың бар? Айт жылдам?

Криз:

- Еее, сорлы басым. Көп жыл алдын Салон ғұламаны алдыма шақырып, сұлулығым мен бақ-дәулетіме әбден мақтанғаным бар-ды. Бірақ ол мұның ешбіріне қызықпай, білім-ғылымды артық санап, ұлын аңшылыққа, ойын-тойға емес, оқуға қызықтырып тәрбиелеген Атнадағы бір кедейді менен хайырлы деп еді. Сол рас болып шықты! Менің үміт күткен ұлым қайда? Өзі атқан оғы өзіне қайта тиіп, аңшылықта мерт болды. Байлығым қайда? Басқыншыға жем болды, талауға түсті. Әскерім қайда? Қаны судай ағып, менің күнәмнің кесірінен, барлығы шейіт болды. Ал, мен ше? Құдай алдына қай жақсы амалыммен аттанып барамын? Тым болмаса ауыз толтырып айтарлықтай бір жақсылық жасамаппын! Аз-маз жомарттығымның өзін, мақтан үшін, рия үшін ғана жасаппын! О алдамшы дүние?! Расымен де осылай аяқталғаның ба?! Мен шынымен де бейшарамын! Мен бейшарамын! (Криз есі ауысқан кісіше, өзімен өзі сөйлесіп, өкініп, екі қолымен маңдайын ұстап отырып қалады. Кер Кризді аяп, ойланып тұрып қалады. Кризге жақындаған жендеттерге қолымен «кетіңдер» деген ишара білдіреді. Жендеттер шығып кетеді. Осы кезде автордың сөзі кетеді.)

Автор:

Тыңдап болып Кер түсті терең ойға,

Ұқсаған өлік жатыр қырған қойға.

«Бүтін әлем біз үшін жаралып па?

Бұл лайық емес екен, — деді, — бойға».

Кер:

- Кеш мені, кешіре алсаң патша Криз,

Дос болайық, қаласаң, енді екеуміз.

Шығыныңды төлейін, бар санын айт,

Бұйырыпты жамандыққа құл нәпсіміз!

Криз:

- Кешірдім.. Кешірем ғой. Қайда барам?!

Ар емес, пенде боппын пайда ойлаған.

Бұдан былай халыққа көмек берем,

Жәрдемдесем келгенше әл мен шамам!

Мінеки! Нәпсіге еріп елді жеген,

Зарлайды қарғыс айтып өзін сөзбен.

Мен өлі екем, есімім ұмытылды,

Салон болса сақталды аты өлместен.

Автор:

Аты қалды деп Салонды мақтамаймын,

Мен мақтанды артқыға сақтамаймын.

«Өлі түгіл, тіріге мақтан – теріс»,

Оны түзу дегенді жақтамаймын.

Салонның өзі өлсе де, сөзі дұрыс,

Жастарды соны ұғуға қақпалаймын.

Адамның зор кеселі осы мақтан,

Бұл құрғырдан ешкімді ақтамаймын!

 

Деп жазыпты Шәкәрім ғұламамыз,

Бұл өлеңнен не пайда ұға аламыз?

Адал жолмен мал табу – күнә емес,

Ғұламаны бекерге сынамаңыз!

Криздей осы күні көп адамдар,

Арам жолмен мал жиып, халықты алдар.

Байлық адал жолменен келсе құтты –

Ақыретке де таусылмас пайдасы бар!

Әр қазақ адал жолмен дүние жиып,

Садақаны көп берсе, елге қиып.

Болмас еді мұқтаждар елімізде,

Өркендеуші ек, баюшы ек, Алла сүйіп!

Сондықтан сабақ алып осы өлеңнен,

Мақтанды доғарайық жек көрілген.

Оқысақ та, не қызмет қылсақ тағы,

Атқарайық ақ-адал ниетпенен...!!!  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер