Абылай хан қарақалмақ Қатысыбанға қол жиып, шеру тартып барғанда, Абылайға кісі салды дейді:
— Абылай мен екеуміздің таласымыз дін емес, дүние ғой, — дейді, — дүние үшін жұртымызды қырғын қылмалық! Мен жекпе-жекке өзіме қараған қалмақтан бір сырттан тауып шығарайын. Абылай да өзіне қараған елінен бір сырттан дегенін шығарсын. Менің (менім) кісім Абылайдың шығарған кісісін күші асып өлтіріп кетсе, мал менен жаннан ол безіп шықсын, біз олжа қылайық. Абылайдың кісісі менің кісімді күші асып өлтірсе, мен (ман) мал мен жаннан бездім. Ол олжа қылсын, — дейді, — уағда осы болса, мен[ің] де уағдам осы, — депті.
— Жарайды, болса болсын, — дейді.
Қалмақтың бұрыннан белгілі сырттаны бар екен, жолбарысты құйрығынан алып, лақтырады екен. Және құйрығынан ұстап, жерге ұрып өлтіреді екен. Сондай күшті, белгілі екен. Абылайда ондай сыналған белгілі сырттан жоқ екен. Өзінің сынауы бойынша Шақшақ немересі Жәнібекті шығармақ болды дейді:
— Ертең қалмақтың сырттанына сен шығасың! — деп айтып қойды дейді.
Сол түнде жатып, Жәнібек бір түс көріп, түсінен шошып оянып, түн ішінде қосын жығып, еліне қайтпақшы болып:
«Абылай ханға айтып кетейін» деп жетіп келсе, Жәнібектің түсінен қорқып оянғанын хан да көріп, біліп: «маған келмей кетпес!» деп басын көтеріп отыр екен дейді. Таң жаңа сәуле беріп келе жатқанда ондағы-мұндағы көрінерлік болған мезгіл екен:
— Батыр, жай ерте келдің бе? Асығып-үсігіп бір нәрседен қысталып жүрсің бе, неме[не]? — деді.
— Тақсыр, бір жаман түс көрдім. Сол түсім түрінен қорқамын. «осы жолы өліп кетсем, тұқымсыз кетермін!» деп қайтуға ыңғайланып, сізге келдім, — дейді, — «өліп кетем- ау!» деп жүрегім аузыма тығылып, зорға келдім, — дейді.
Сонда хан Мырақор атшысын шақырып, атшы:
— Алдияр, тақсыр! — деп жетіп келді.
— Уа, менің қарт Бөгенбай берген кәрі жирен атымды есіктің алдына алып кел! — деді.
Ханды онан басқа ат алып жүре алмайды екен дейді.
Мырақор атты есіктің алдына алып келгенде Жәнібекке:
— Жай қолыңды, — дейді. Жәнібек қолын жайып:
«Әмин», — деп ұшып тұра келгенде хан айтты:
— Жақсы түске де садақа, жаман түске де садақа, — деп, — Құдай, осының түсін мен неге жорысам, сен қабыл қыл! — деп жирен атты «түс садақасы» деп жалма-жан сойдырып, таратып жіберді.
— Енді айт түсіңді, — деді.
— Түсімді айтсам, тақсыр, қалмақтан жекпе-жекке пәленше деген жайсаң шықты. Бұл жақтан мен шықтым. Екеуміз шартпа-шарт болып қалғанда, мені ол найзамен шаншып түсірді. Кеудеме атша мініп, тамағымнан кесуге ыңғайланды. «Бауыздап тастайды-ау!» деп кеудеме көз салсам, оң емшегімді бір айдаһар жылан еміп жатыр екен. Және сол емшегімді және бір айдаһар жылан тағы еміп жатыр екен. Шошып ояна келсем, түсім екен. Көрген түсім осы, тақсыр! — деді.
Сонда хан жорыды дейді:
— А, балам, мұнан неге қорқасың? — деді, — түсің тү[с]-ақ екен. [М]ұнан [арт]ық түс бола ма?!
Әуелгі жоруы былайша айтты дейді:
— Түсіңде сені ол шаншып түсірсе, өңіңде оны сен шаншып түсіресің (деген екен), — депті, — және түсіңде кеудеңе ол мінсе, өңіңде сен мінесің кеудесіне, — депті, — түсіңде сенің тамағыңа қылыш даярлаған болса, өңінде оның тамағына сен қылыш даярлайды екенсің, — дейді, — оң емшегіңді емген айдаһар жылан — өзіңнің туып-өскен балаң. үстің арнақты да екен, өзі ел асқан айдаһардай болады екен, — деді, — өзі батыр атанады екен, — дейді, — және сол емшегің[ді] айдаһар емген болса, өзіңнен бір қыз туады екен. Онан туған жиен де айдаһар болады екен, — дейді, — айдаһардай ақырып туады екен, — дейді, — ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің тұлпар мініп, ту ұстай туады екен. осынша өсіп-өнейін деп тұр екенсің, — депті, — қалай өлесің, жекпе-жекке кіре бер! — деді, — Жүсіп пайғамбардың түсі, Жүніс, Жақып пайғамбардың жоруы болсын! — деді.
Хан түсін қолмен қойғандай жорыған соң, бір жағынан атын сойып талатқан соң, Жәнібек қорқынышы қашып кетті, жүрегі тасып кетті, қайраты, қуаты бұрынғысынан да басым болып асып кетті. Сол жерден атын алдырып мініп:
— Жекпе-жек! Жекпе-жек! — деп айғайлап, шыға шапты дейді.
Қалмақтың жайсаңы-ай, құты қашып, аяғын тәлтіректеп басып, найзасын қалай толғарын білмей, өзінен-өзі қалбалақтап сасып, айқасып қалған қарсаңда Жәнібек батыр шаншып түсіріп, үстіне аттай мініп, тамағына қылышты тигізер-тигізбестен шалқасынан жатып қалмақтың жайсаңы:
— Ай, тоқта, — деді, — түнде сен де, мен де түс көріп едім- ау! Сені мен табанымның астына салып едім-ау! — депті, — сенің менен түс жорушың жақсы болды. Жақсы жорығаннан сен мұндай дәрежеге жеттің, — деді, — менің түс жорушым бірін тауып айта алмағаннан алып кеттің-ау! — дейді.
Сонда Жәнібек [оның] басын кесуге қимай, үстінен тұра келіп, Абылай ханға алып келді жетелеп. өзі өсіп-өнген жан екен, он бір ауыл екен. Сол он бір ауылға тимей, өзге қалмақты тұттай жалаңаш қылып тонап алып, олжа қылды. «Хан болса, осындай болсын!» дейді.
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі