Өлең, жыр, ақындар

«Бар жазғаны даналық боп саналған» А. Құнанбайұлы шығармашылығына арналған мектепішілік сайысы (сценарий)

«Сөз шеберлері сайысы» бағдарламасы.

"Бар жазғаны даналық боп саналған!"- атты Абай Құнанбайұлы шығармашылығына арналған мектепішілік сайысы.

1-ші мұғалім:
Текті тұқым,​ шешен рудың тұяғы,

Ана сүті ділмарлықты құяды...!
Әке ісі​ - жақын қылып халқына,
Ал әжесі - шарықтатты қиялын..!
Оқу-білім санасына шам жақты,
Ғылым оны - атандырды ең жақсы!
Көп ойланып, терең сезіп, түйсініп,
Айналаға маржан ойлар таратты!

2-ші мұғалім:
Даналыққа ғашық болды жасынан,
Шықпаушы еді, жастар ылғи қасынан!
Еуропадан талай кітап алдырып,
Орыс,​ парсы, шағатайша оқыған!
Құран, хадис, шариғатты зерттеген,
Иман жайын, ихсан жайын екшеген!
Кешегі өткен дана Абайдың ұрпағы,
Бұл сайысты бастайық біз сіздермен!

1-мұғалім:
​ -​ Құрметті оқушылар! Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай​ "Бар жазғаны даналық боп саналған" - атты сөз шеберлері сайысын бастаймыз!

2-мұғалім:
​Сіздердің алдарыңызда 6-7-8 сынып оқушылары,​ шешендік​ өнердің бір қыры болып табылатын - сөз саптау,​ ойды сөзбен көркем бейнелеу, анық сөйлеп, жүрекке жеткізе білу өнерлерімен жарысқа түседі! Жанкүйерлер қол шапалақтап,​ демеп отырыңыздар?!

1-ші мұғалім:
​- Ортаға​ ақын өлеңдерін жатқа оқудан жарысатын үш оқушыны шақырамыз!
(Есімдері)

(Ортаға әр сыныптан бір оқушыдан, үш оқушы шығады. Алғашқы сайыс Абай өлеңдерінен жарыс. Бір оқушы бастайды,​ екіншісі келесі шумағын айтып, басқа өлеңді жалғайды.​ Осылай үш оқушы немесе алты оқушы жарысса болады.)

2-ші мұғалім:
​Қара сөздің қасиетін терең ұғынған ұрпақ, өздері де бала болса да, дана болады! Ендеше нағыз сөз шеберлерін сахнаға шақырамыз:
(Есімдері)

(Алдымен сынып аралық сайыста, әр сыныптан бір​ оқушы шығады. Біреуі бір қара сөзді бастайды,​ екіншісі жалғайды! Сосын ол бастап, қарсыласы аяқтайды. Қысқа қара сөздермен жарысады. Осылай үш сынып арасында жеңімпаздар анықталып, ең көп қара сөз жаттаған бала марапатталады!)

1-ші мұғалім:
Енді Абай атамыздың өмірі баяндалатын шағын көріністермен жарыс жалғасады! Қабыл алыңыздар!

(Үш сынып үш көрініс қояды.)

2-ші мұғалім:
Жүректі тербесін,
Әуезді ән, әдемі!
Осылай танылар,
Абайдың әлемі! - дей отырып,​ кезекті ән жарысқа берейік!

(Абай әндерінен жарыс)

1-ші мұғалім:
Абай​ - дана,​ Абай - дара,​ қазақта!
Сөз қадірін түйсінбеген қазақ па?!
Жатталсын деп, жас ұрпақтың жадында,
Шығармасын айналдырдық сайысқа!

2-ші мұғалім:
Дана да көп, қазағымда көп ақын,
Әлі талай жұлдыздар көп, жанатын!
Егеменді ел, мәңгі болып тәуелсіз,
Ұрпақ тусын,​ дәл Абайдай болатын!

Құрметті көрермен, ұстаздар,​ оқушылар! Бүгінгі сайысымыз осымен өз мәресіне жетті. Кезекті сөзді қазылар алқасына береміз.

Г. Қасенбай 

​23.01.2020


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер