Өлең, жыр, ақындар

Өтегеннің сәуегейлігі

Бір жылдың тамыз айында Өтеген өз руластарын жинап алып, қыстың қатты, малға жайсыз болатындығын айтып, малға жайлы жерге қоныс аударуға шақырады. Ауылдың қариялары: «Өтеген біліп айтады, малдарыңды айдап, Өтегенге ілесіңдер», — деп балаларын Өтегеннің көшіне қосады. Жолда олар бірнеше ауылды басып өтеді. Өтеген ол ауылдың адамдарына да: «Биыл жұт болады, мұнда қалмаңдар, малдарыңды бірге айдаңдар, малды жұттан аман шығарып, көктемде қайта көшіп келеміз», — дейді. Алайда біраз адамдар Өтегенге ілеспей, қалып қояды.

Көш жүргелі жатқанда Өтеген батырға бір келіншек келіп:

— Ата-ай, ерім өлгеніне біраз жыл болды. Балам жас, қолымда аздаған малым бар еді, оны қайтем, ақылыңызды айтсаңыз, — деп жөн сұрайды.

Өтеген:

— Балам, малдарыңды маған қос, мен өлмесем, бір ма-лыңды шығын қылмай, көктемде өз қолыңа алып кеп беремін, — дейді.
Келіншек бар малын Өтеген батырдың көшіне қосып, өзі баласы екеуі қала береді. Мұны көрген сол ауылдың жігіттері келіншекті мазақтап:

— Басқамыз жұтап қалармыз, сен ақылдылығыңнан аман қаларсың енді. Жұт болса, алдымен малын айдап көшіп бара жатқан Өтегеннің өзі жұтар, — деп күледі.

Сөйтіп, Өтеген батыр қысы жұмсақ қоныс тауып, сол жерге қыстап шығады, малын жұттан аман алып, көктемге қарай елге қайтады. Жол-жөнекей әлгі жесір келіншектің малын, жаңа туған төлімен аман-есен қолына әкеп береді. Қыстап бара жатқанда мазақтап күлген жігіттер ұялмай сауға сұрайды. Бар малынан айырылып, жұттан жұтап қалған оларға Өтеген батыр сұраған малдарын беріп, аштықтан құтқарады.

Оқуға кеңес береміз:

Өтегеннің қыз беруі

Өтегеннің қарызын қайтаруы

Өтегеннің Абылайды сынауы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз