Ұлы жүздің шанышқылы руында Бердіқожа деген батыр болады. Ол өзінің жалғыз ұлына Тауасардың баласы (Тауасар — өтеғұлдың інісі өтептің баласы) Малдыбай бидің қызын алып беру ниетімен Малдыбай ауылына құда түсіп келеді. Малдыбай Бердіқожаны жолдас-жораларымен күтіп, сый-сияпатын көрсетеді. Таңертең ертелеп Өтегенмен ақылдасуға келеді. Малдыбай Бердіқожаның құда түсіп келгенін айтып, ағасынан ақыл сұрайды.
Өтеген Малдыбайға:
— Менің ақылымды тындасаң, қызыңды Бердіқожаның баласына берме, — дейді.
Себебін сұраған Малдыбайға өтеген:
— Бердіқожа жалғыз шыққан бәйтерек, өзі құласа, жанында орнын басып көгеріп шығары жоқ. Бердіқожа өлген соң қызың «Малдыбайдың қызы, Бердіқожаның келіні едім» деп бір аяғына көн етік, бір аяғына тон етік киіп, қайыр сұрап, қаңғып кетеді, — дейді. Бердіқожа ұйқысынан тұрып Малдыбайды сұрастырады. Ауыл адамдары оған: «би Жақсы атаммен ақылдасуға кетті, қазір келіп қалар» дейді.
Сонда Бердіқожа:
— Е-е, өтеген қарт менімен құда болмайды, — деп Малдыбайды да күтпестен аттанып кеткен екен. Ол жол-жөнекей өзіне лайық біреудің қызына құда түсіп, баласына алып береді.
Өтеген батырдың бұл дүниеден өткен, Малдыбайдың қартайған шағы екен. Бір күні Малдыбайдың үйіне бір аяғына көн, бір аяғына тон етік киген әйел қайыр сұрап келіпті. Жөн сұраса, әлгі келіншек Жаныс Қараменде бидің қызы, баяғы Бердіқожа батырдың келіні болып шығады.
Сонда Малдыбай би:
— Қасиетіңнен айналайын, Жақсы атам-ай! Не деген әулие едің, не деген киелі едің, — деген екен көзіне жас алып. Ал қайыр сұрап келген келіншекке отыз қой, құлынды бие, түйе беріпті.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі