Өтеген батырдың қартайған шағы болса керек. Бір күні аң аулауға шыққан ол қасындағы аз ғана адаммен Шу өзенінің саласындағы көкорай шалғынға келіп, тынығып отырады. Осы арада серуен құрып, ерігіп жүрген қырғыздың бір топ тентектері кездесе кетеді. Қазақ пен қырғыз арасында бір түсініспеушілік орын алған кез болуы керек, қазақтарды көрген әрі олардың мінген тұлпарларына, қымбат ер-тұрманына қызыққан әлгі қырғыздар:
— Мынау қазақтың атақты батыры Өтеген ғой. Біз бұларды алдаусыратып ауылға алып кетейік те, қазақтардан құнын сұратайық. Қазақтар ол үшін барын беруге әзір. Сөйтіп бір олжаға батайық, — дейді де, қаннан-қаперсіз отырған Өтеген батырды жігіттерімен елдеріне алып кетеді.
Елдеріне апарған соң батырдың өзіне бөлек үй тігіп, қадірлеп күтеді, бірақ қайтармайды. Арада біраз күн өткен соң қазақтарға: «Батыр керек болса, құнына бір түйенің мойныны гауһар тастан тізілген моншақ салып әкеп, алып кетіңдер!» — деп адам жібереді.
Бір күні Өтеген батыр қырғыздарға:
— Менің үлкен ұлым Қосағал келе жатыр, оның ашуы қатты. Үйлеріңді биікке тігіп, малдарыңа ие болындар, ертең мына жердің бәрін су алады, — дейді. Қырғыздар сенбейді, батырдың айтқанына құлақ аспайды.
Ертесінде шынымен-ақ күн күркіреп, найзағай сатырлап, селдетіп жаңбыр құйып береді. Қырғыздардың отырған үйлерін, жерлерін тегіс су басып, естерінен танады. Құн сұрамақ тұрмақ, өз малдарына ие бола алмай қалады. Сөйтсе, Өтегеннің тұңғышы Қосағалдың қатты ашуланғанда күнді күркіретіп, найзағай ойнататын, жаңбыр жаудыратын қасиеті бар екен. Сонымен, Қосағалдың қолы қырғыздардың бар малын айдап, Өтеген батырды босатып әкетеді.
Есін жиған соң қырғыздар жағы:
— Бізден бір қателік өтті. Өтеген батыр кешсін, Қосағал қалаған малын алып, қалғанын қайтарсын! — деп кешірім сұрап келіпті.
Сонда Өтеген батыр:
— Жарайды, кешірдім. Бірақ қоятын бір шартым бар, соны орындасаңдар, малдарынды түгел қайтартам, орындай алмасаңдар, маған өкпелемеңдер! — дейді.
Өтеген оларға алдына қырық тазы салып айдатып, бір батырларын жіберу керектігін айтады. Қырғыздар келіседі.
Қырғыздар елдеріне барған соң, жан-жақтан тазы ит жинайды. Қырық тазы да табылады, оларды апаратын батыр да табылады. Бірақ әлгі батырлары қырық тазыны алдына салып айдай алмай мысы құриды. Себебі, ит адамның соңынан ілескенімен, еш уақытта алдыға салып айдауға көнбейді екен.
Сөйтіп, оңай олжаға батпақ болған қырғыздар малынан айырылып бір ұятқа қалса, сөзден жығылып, шартты орындай алмай екі ұятты болыпты.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі