Түгел батыр қатысқан бір соғыста жоңғарлардың быт-шыты шығып, жаудың мал-мүлкі олжаланып, адамдары тұтқынға түседі. Мол олжаның ішінде қалмақтың атақты бір бегінің бойжеткен сұлу қызы да бар екен. Ондай текті сұлуды батыр өзгеге қия қойсын ба? Әрі бай, беделді, әрі асқан батырға неше әйел алса да айып па? Тұтқындағы қызда билік жоқ. Бұған дейін бірнеше әйелі болса да, мына сұлуды да әйелдікке алуға батырдың көңілі кетеді. Ал қыз болса, көнгісі келмейді.
— Менің жаным соғыста өз қолыңнан мерт болған туыстарымнан артық емес, — дейді қыз. — Менің де басымды шауып тастай сал!
Батырдың сөзі де көкейге қонымды:
— Сен жассың, сұлусың. Біздің елден де лайықты серік тауып, бақытты өмір сүру мүмкіндігің бар.
— Бұрын мен кім болсам да, қазір тұтқынмын. Ертеңгі күнім — күңдік. Бауырларымды жайпап салған жау қолында күң атанғанша, өлгенім артық.
Текті жердің қызы екен. Мейлінше намыскер, сұлулығы — анау. Бұндай қыз әрбір батырдың-ақ асыл арманы болар. Түгел батыр да бұл қызды қандай жағдаймен болса да өзіне жар етуге бекінеді. Өзінің ыстық ықылас-ниетін, махаббатын білдіреді.
Түгел батыр жайында қыз бұрын да естіген екен. Өз халқының асқан батыры ғана емес, ақылгөй көсемі де. Дәулеті де мол, сымбаты да көз тартарлықтай. Бұндай ерге серік болу әрбір сұлудың асыл арманы шығар.
— Онда былай болсын, — дейді икемге келгендігін білдіріп қыз. — Тек менің дәрежем өзге әйелдеріңнен кем болмасын. Өзіме жеке үй тігілсін, өзімнің көмекшілерім болсын. «Күң», «тұтқын» деген масқара сөзді естімейтін болайын.
Батырдың әйелі әлденешеу. Оған қарамай, осыған екеуі уәделеседі.
Ал қыз болса:
— Бұл уәде бұзылса, мен елімді табамын, — дейді. Оған қарсы болмайсың. Бұған батыр келіседі. Қыз мұсылман дініне кіреді. Некесі қиылып, оған қазақша «Қаракөз» деп ат қойылады.
Арада біренеше жыл өтті. Қалмақ бегінің қызы тектілігін көрсетті. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін жақсы меңгерді. Ізгілік, адамгершілік, әділдіктің өнегесін танытты. Батырдың ықылас, ниеті осы тоқалға ауып бара жатыр ма қалай? Өзге әйелдерінің кейбірі қызғанғанымен, күндегенімен қолдан келері жоқ, ретін тауып араларына от тастамаса...
Ақыры Қаракөзді оңдырмай мұқатудың реті келіпті. Батыр ұзақ күндер жорыққа жүріп ауылына оралғанда, әйелдерінің алдынан шығып аттан түсіріп алуы әдетке айналған ғой. Бірде өзге әйелдері алдынан шыққанда, ішінде Қаракөз жоқ екен. Оған хабар тимесе керек. Бірақ батырға басқаша жеткізілген бе, әйтеуір Түгел іштей ызаға булығыпты.
Кешірек хабарланып, Түгел түскен бәйбіше үйіне кейіндеу жеткен Қаракөздің басына ақыр заман орнағандай болады. Оның тексіз халықтан шыққан «надандығы», «күңдігі», «семіздікті көтере алмаған» ақылсыздығы бетіне басылса керек.
Бұл кезде Түгелдің Қаракөзден туған ұлдары үшеу екен. Соңғысы — емшекте. Қанша жәбірлегенімен, үш балалы әйел елін табуды қаперінен шығарған болар деп ойласа керек батыр. Әйелінің ар-намысы, өз еліне, өз халқына деген сүйіспеншілігі атақты жұбайынан да, өзегін жарып шыққан перзенттерінен де жоғары екен деп ойласын ба?
Таңертең батыр ұйқыдан оянса, Қаракөз үйінде жоқ болып шығады. Кеш бойы үш баласымен қоштасқандай, беттерінен кезек-кезек сүйіп отырып, ұйықтатыпты да, түн ортасы ауа буып-түйген азық-түлігін желмаяға теңдеп, өз елін бетке ұстап аттанып кетіпті.
«Ашу — алдында, ақыл — соңында». Кеше кешке ашу үстінде тым артық кеткенін түсінбесін бе? Түсінді. Айтылған сөз — атылған оқ. Ол енді орнына келмейтін жайт. Бес-алты жыл серік болған әйелінің сыры өзіне мәлім. Ойланбай істемейді, беттегенінен қайтпайды. Дегенмен қуып жетіп, тілдесіп қалу жөн.
Бәйгеде алдына қара салмаған, қуса жететін, қашса құтылатын жүйрік тұлпарын батыр оңтүстік батысқа қарай көсілтті. Бағыты мәлім, желмаяның да жүрісі суыт. Дегенмен батыр оны тоғыз жолдың тоғысатын тұсында қуып жетіпті. Осы жерде Қаракөз желмаясын тыныстатып бір төбенің үстінде отыр екен.
Батырдың оны өзі жорыққа аттанған үш-төрт айдан бері көріп тұрғаны осы. Өңі сәл жүдеулеу тартқанымен, тым ажарлы. Қарақаттай қара көзіне жас тамшысы үйірілгенімен, байсалды қалпын сақтап, ішкі сезім толқынын білдірмеуге бел байлаған. «Неткен намыскерлік, өжеттік» деп ойлайды батыр. Кеше істің ақ қарасына жетпей, орынсыз «жерден алып көрге салғандай» әбестік жасағанына өкінеді.
Алғаш Қаракөзге көңіл білдіргенде не деп еді? «Уәде — Құдай аты». Бұл уәде әлдеқалай бір ездің аузымен емес, ердің аузымен, қазақ батырының аузымен берілді емес пе? Не болды? Қой, мен әлі де болса ерлігімді танытайын деп түйді батыр.
— Мен сені қайткенде де қайтарып әкетейін деп келгенім жоқ, — деді Қаракөзге, амандасқаннан кейін сабырмен батыр. — Көңіл күшке бағынбайды. Ашуға дес беріп, ағаттық жасағаным рас. Өкпең сол ма? Әлде басқа ма? Тілдесіп қалайын, — деп келдім.
Батырдың өзін құлай сүйетінін Қаракөз білетін. Сондықтан да оны өзге әйелдері жабыла күндесе де, кекету, өсектеу сияқты пәле-жаланың бәрін оған үйіп төксе де, Қаракөз елемей, тек Түгелдің өзінің әділдігін, адамгершілігін, өзіне деген ілтипатын бағалағандықтан бәріне көніп, төзіп жүре беретін еді.
Қаракөздің ата-тегі — батырлық пен бақ-дәулет қатар қонған атақты адамдар. Нағашы атасы көріпкел ірі бақсы еді. Табиғаттың ерекше қасиеттері дарыған сол нағашысы сияқты Қаракөз де көріпкел, сәуегей, азаттық пен еркіндікті сүйетін айрықша тұлға еді. Оны үш баласынан, атақты жұбайынан, бес-алты жыл бауыр басқан ортасынан ажыратып әкетіп бара жатқан тылсым күш бойындағы осындай қасиеттер болатын.
Соңынан қуып келген Түгелді Қаракөз байсалды қалыппен қарсы алыпты.
Қазіргі ұрпағына белгісіз бір төбешіктің басына отырып, атақты батыр мен парасатты сұлудың аузымен айтылған ұлағатты сөздері бірнеше ғасырдан кейін үрім-бұтағы қайталап жүретін өнегеге айналатын бұлар қайдан білсін.
— Уәдеміз бойынша, — дейді Қаракөз жайлап қана, — менің күңдігіме, тұтқындығыма жетіп жәбірлеген жағдайда елімді табуға тиіс едім. Уәде бұзылды, мен кеттім. Мені ата-бабаларымның аруағы шақырып тұр. Менің де туып-өскен елім бар, жерім бар, туған-туысқандарым бар. Бәрі де жүрекке қымбат, көзге ыстық. Түгел батыр оның осылай дейтінін сезген. Қалмақ жеріне тұтқын болып барып, еріксіз тұрмыс құрған қазақ қыздарының да талайы қашып, елін тапқан. Оларға елі дән риза болып, құрмет көрсететін. Туған жеріне шын берілген асыл перзенттер, міне, осылар. Ендеше қалмақтың бұл әрекетін неге сөгеміз?
— Ал менде қалған перзенттеріңе жүрегің ауырмай ма?
Батырдың соңғы әрі салмақты сауалы осы болды.
— Ауырғанда қандай. Соларды өзіңе аманат етіп тапсырып кетейін деп тостым ғой. Егер көріпкелдігім алдамаса, бұл перзенттеріме даритын қасиеттерді айтайын.
— Аңқоймасым. Бұл есім оған тегін берілмеген, ол әрі аңшы, саясаткер, еті тірі батырлау болмақ. Шуағым, күннің жайма шуағындай рахатты тыныш өмір сүреді. Құт иесі болады. Ал Таймасым. Міне, сенің абыройыңды көтеретін, мақтанышыңа айналатын ұлың сол болады. Менен ауысатын көріпкелдік, емшілік қасиет соған қонады. Ол тіпті сасымаған өлікке жан да салатын болуы мүмкін. Менің екінші елім болған қазақ халқына, сол халықтың бір батыры — өзіңе сыйлап қалдырған асылдарым осылар.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі