Орталарында Төле би бар қазақ әскерлерінен жеңіліп, қайта топтасып, қаша шабуылдап жүрген кездердің бірінде Сәмен батыр жаман түс көріп, шошып оянады. Түсінде ботбай ауылдарын жау шауып кетіпті. Ертеңмен көрген түсін Төле биге айтады. Және де өзі ауылға барып келуге рұхсат сұрайды. Төле би:
— Жалғыз барма, сарбаздарыңнан адам ала бар, негізгі топтағы сарбаздар жиналады, енді аз күнде қалмақты қоршауға алармыз, — дейді. Сәмен батыр:
— Қазір бір адам болса да соғыста артық болмайды, мен өзім барып келемін, — деп жолға шығады.
Елге келсе қоныста ешкім жоқ, көшіп кеткен. Жалғыз- жарым емес, Ботбай ата балаларының ауылдары түгел көшкен. Ары-бері іздестіріп жүріп, бір түтіннің исі шыққан жаққа барса, жалғыз үй қойшы, ол қойларымен тасада қала беріпті. Қойшыдан мән-жайды сұрай бастағанда, арып-ашып екі бала келеді. Сәменнің бұлардан білгені: «Барлық ауылды қалмақтың жүздей адамы келіп, малдарды, кемпір-шалдарды, бала-шаға, қыз-келіншектерді байлап-матап, көшіріп әкетіпті. Өздері шатырларын Қызылқайнардың басына тігіп, осы маңайда қалған ауылдарды шауып, ертең шал-кемпірлерді байлап-матап тастап, малды, қыз-қырқынды айдап кеткелі жатқан көрінеді. Бұлар бірінің байлауын бірі шешіп, қашып шығыпты».
Сәмен батыр қойшының үйінен тамақ ішіп, жетегіндегі шұбар айғырына мініп, Қызылқайнардағы тонаушыларға қарай бет түзейді. Таң қылаң бергенде межелі жерге жетіп, маңайды шолып көріп, қандай амал-айла жасау керектігін де ойлайды. Төңірегі ыңырсыған ел, бір шетінде тонап жүрген топтың шатырлары, есіктерінің алдында екі жауынгер қарауылдап отыр. Өздерін айналдыра түйені шөгеріп, тіздеп тастапты. Ешкім өте алмасын дегені ғой. Шатырға жақындаған Сәмен астындағы шұбардың тізгінін жіберіп, «Сәмен! Сәмен!» деп ұрандағанда шұбар айғыр түйелерден қарғып өтіп, есік алдына жетеді. Ұйқылы-ояу сасып қалған есіктің көзіндегі екі жауынгерді найзамен түйреп, шатырдың есігін босағасымен жұлып алып, «Жекпе-жек, жекпе-жек!» деп айғайлайды. Шатырдың ішіндегілерден үн шықпайды, қайтадан айғайлағанда, тонаушылардың басшысы:
— Не тілегің бар? Бәрін орындайық, — дейді.
— Маған керегі сенсің, жекпе-жек! — деп қайта айғайлайды.
Бір бәленің боларын білген тонаушылардың басшысы:
— Айтқаныңның бәрін орындайық, тие көрме, — деп жалына бастайды. Сонда Сәмен:
— Қазір бір адамыңды жіберіп, барлық елдің қол-аяғын босатыңдар, қолдары босаған адамдар жауынгерлердің қару-жарағын жинап әкелсін, малдарымызды өрісіне, үйлерімізді орнына қондырыңдар, ішіп-жеген малдарыңның орнына өз аттарыңды бересіңдер және екінші қазақ ауылына жоламайсыңдар, шартым осы!» — дейді.
Жаулар бұл шартты қабылдайды. Бір адамды жіберіп, бүкіл елді босаттырады, қолдары босаған ел Сәменнің келгенін біледі де, жүруге жарайтындары жауынгерлердің қару-жарақтарын жинап әкеледі, малдарын өрісіне айдап, үйлеріне орнына қондырған соң қалмақтар өз жолдарына түседі. Ауылдан ұзап шыққан соң бір адам:
— Бір адамнан неге сонша қорықтық, жүз жауынгер тұрып, — дейді. Сонда басшы тұрып:
— Сәменнің екі иығында екі жолбарыс, артында бір топ жолбарыс тұрды, соғысқанымызда ешкім аман қалмайтын еді, қазір бәріміз аманбыз, — деп жауап береді.
Ел орнына жайғасқан соң Сәмен батыр сарбаздарына оралады. Төле биге болған жағдайды айтады. Лажысыз өз атын өз ұрандап шапқанын айтады. Сонда Төле би: «Сенің атың төрт ботбайға ұран болсын!» — деп бүкіл елдің алдында бата береді. Содан кейін ботбай елінің ұраны «Ботбай» және «Сәмен» болыпты.
Атақты Аңырақай шайқасында ойсырай жеңілген қалмақтар Іле бойында да жеңіліс табады. Қазақ батырлары оларды Жоңғар тауынан асырып қуып, Алатаудың ыстық көліне дейінгі бұрынғы қалмақтар басып алған жерлерді де босатады. Соғыстың соңында Төле би Сәмен батырды шақырып алып: «Ел тыныштығы үшін сарбаздарыңмен екі жылдай жоңғардан берірек қала тұр, қалмақтар қайта шабуылға шықса, қазақ батырлары сарбаздарын жинап келгенше қалмақтарды асудан асырмай тұр», — дейді. Сәмен батыр екі жылдан аса асуда болады. Содан болса керек, «Сәмен тауы», «Сәмен құдығы», «Сәмен қыстауы» деген атаулар баршылық.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі