Өлең, жыр, ақындар

Жақсы ой мен жаман ой (ертегі қойылым)

(Көрініс)

(Сахнаға Қоян шығады.​ Өзі қорқып,​ жан-жағына қарап,​ жейтін нәрсе іздеп тұрғанда,​ артынан біреу «кукку» деп айғай салады.​ Қоян қорыққанынан ыршып түседі. Сосын ақырын қараса, бір кішкене құс екен.)​
Құс:
— Қоян,​ қоян!​ Қорқақ қоян!​ Қайда шықтың?
Қоян:
— Қайда шығушы ем?!​ Жем іздеп шықтым.​ Балаларым аш. Бірақ қорықпай шығуға әлдене бас салардай,​ жүрегім дүрсілдеп тұр.
Құс:
— Ал сен неге тек жаман ойлай бересің? Неге жақсы ой ойламайсың?
Қоян:
— Жақсы ой?​ Ол не үшін қажет?
Құс:
— Мм,​ мысалы қазақта «Жақсы ой — жарым ырыс» деген сөз бар. Яғни, жақсы ойласаң,​ жақсы нәрселер болады. Ал жаман ойласаң,​ жаман нәрселер болады.
Қоян:
— «Қорыққанға қос көрінеді» - деген мақалды білем.​ Бірақ қорқа берем.​
Құс:
— Алдымен жақсылыққа сенуді үйрен.​ Сосын қорықпайтын боласың!​ (Құс ұшып кетеді. Ойланып қалған қоян, алдымен Қарсаққа келеді.)
Қоян:
— Қарсақ,​ Қарсақ!
Қарсақ:
— О,​ қорқақ Қоян қонаққа келген бе? «Жеп қояды» деп қорықпайсың ба?
Қоян:
— Қорықпаймын!​ Мен «Қояндардың құқын қорғайтын» ұйым құрайын деп шештім. Әйтпесе орманда жүре алатын түрім жоқ.​ Қорқа,​ қорқа батыр​ болдым. Біздің ұйымға кіресің бе?​
Қарсақ:
— Кірсем не болады?
Қоян:
— Кірсең саған орманда менің рұқсатымсыз ешкім тиісе алмайды!
Қарсақ күліп:
— Жарайды - дейді.
Қоян:
— Ұйымға кірген аң,​ біз көмек сұрағанда бірден көмек бермесе,​ ұйымнан шығады.
Қарсақ:
— Келістік!
Сосын Қоян Қасқырға келеді.
Қоян:
— Қасқыр,​ қасқыр! Мен «Қояндардың құқын қорғайтын ұйым құрайын»- деп шештім. Біздің ұйымға кіресің бе?​
Қасқыр:
— «Құм жиылып — тас болмас, құл жиылып — бас болмас!»- деген.​ Қояндар жиылып патшалық құрайын деп жатырсыңдар ма?​ Ха-ха-ха!​ (күледі)
Қоян:
— Қасеке,​ кім біздің ұйымға кіріп, қояндарға қамқор болады,​ сол жамандықтан амандықта болады! Ойланыңыз?! Жарайды,​ мен кеттім.​
Қасқыр:
— Ей,​ ұзынқұлақ!
Қоян:
— Қасеке,​ сіз менің жеке басымды кемсітіп тұрсыз!​ Бұл сөзіңіз үшін сізді орманнан аластатып жібере аламын. Байқап сөйлеңіз!
Қасқыр:
— Қалай аластатасың? Егер мен сені дәл қазір жеп қойсам?! (ақырын қоянға жақындайды)
Қоян:
— Қарсақтар! Алты Қарсақ атып шығып,​ Қоянды қоршап тұрады.​
Қасқыр:
— Мм,​ не ғой?!​ Мен әзілдегем. Ұйымға кірсе несі бар?​ Есесіне достарым көбейеді. Кіремін ұйымға!
Қоян:
— Рақмет!-деп ары қарай кетеді.​ Алдынан Жолбарыс шығады.​ Жолбарыс Қоянды бас салуға жүгіріп келе жатса,​ Қоян:
— Ей,​ Жолбарыс!​ Андағы жерде тұр!​ Маған жақындама!​ - деп айқайлайды.
Жолбарыс:
— Мынау расында біздің қорқақ,​ ұзынқұлақ,​ қыли қоян ба? Бұл неге батырсынып тұр?
Қоян:
— Жолбарыс мырза,​ мен қазір қорқақ Қоян емеспін! Үш «Қ» ұйымының басшысымын!​ Жеке басымның құқын таптамай,​ абайлап сөйлеңіз!- деп сес көрсетеді.
Жолбарыс:
— Үш «Қ»?​ Ол не ұйым тағы?
Қоян:
— Қасқыр,​ Қарсақ,​ Қоян үйірлерінен тұратын,​ достық ұйымы! Егер орманда қандай да бір жыртқыш аң қояндарға тиіссе,​ осы ұйымның мүшелері түгел барып талап жейді. Сенбесеңіз, шақырайын..?!
Жолбарыс:
— Ооо,​ сен жай Қоян емес,​ ақылды Қоян болдың ғой? Жарайсың!​ Басың істейді екен.​ Мені де сол ұйымға қоса сал!​ Тегін астан құр қалмайын...
Автор:
​ ​ ​ —​ ​ Осылайша дұрыс, жақсы ойлауды үйренген Қоян,​ ең мықты аңдарды өз ұйымына кіргізіп,​ Қояндардың құқын қорғаған екен!​ Ал сендер қалай ойланып жүрсіңдер балақайлар? Неден қорқып жүрсіңдер?​ Егер дұрыс,​ жақсы ой ойласаңдар,​ алдарыңа таудай мақсат қойсаңдар,​ сендер де осы Қоян секілді өз армандарыңа жетесіңдер!
​ ​ ​ ​ ​
Гүлмекен Қасенбай.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар