Өлең, жыр, ақындар

"Махаббат қызық мол жылдар" романын талдау

Махаббат ол бірнеше ғасырлар бойы талқыланып келе жатқан кең тақырыптардың бірі. Ол туралы көптеген жазушылар мен ақындар өз ойын жеткізіп, халықпен бөлісіп отырған. Сол сияқты Әзілхан Нұршайықов та өзінің “Махаббат, қызық мол жылдар” кітабында екі адам арасындағы ыстық сезімдерді көрсетіп, оқырманға ұмытылмас әсер қалдырды.

Романдағы оқиға Ұлы Отан соғысынан кейін, халықтың енді ғана сұрапыл соғыстан құтылған кездерінде орын алып отыр. Шығарманың басты кейіпкері — Ербол. Ол енді ғана соғыстан қайтып, халық қаһарманы аталған жас батырлардың бірі. Алматыға келген соң, бірден ҚазГу-ге оқуға түсіп, өзінің жаңа өмірін ақ қағаздан бастайды, дегенімен тағдыр оны аямай, аяғынан шала береді.

Бұл кітап адам бойындағы арсыздық қасиетін ашық талқылайды. Өмірде адамдардың бірнеше түрлері кездеседі. Солардың бірі — ар-ұятынан айырылған, ата-анасының тәрбиесін жерге төккен және бабаларымыздың мұратын сатқандар. Бұл қоғам мүшелері халықты тек төменге тартып, оның гүлденуіне мұрша бермейді. Мысалы, шығармадағы осы теріс жақтарға ие кейіпкерлердің бірі ол Тұмажан. Ол Ербол іспеттес соғыстан он екі мүшесі сау болып қайтқан, фашисттерге тойтарыс берген соғыс ардагері, алайда бес саусақ бірдей емес дегендей, оның жағымсыздығынан әрбір оқырман таң қалады. Автордың жанама мінездеуді сәтті қолданғанының арқасында біз Тұмажанның өтірік сөйлейтін және зәндем екенін білеміз. Менің көңіліме кірбің салған істерінің ең сорақысы ол — Меңтайды күшпен қыздық абыройынан және пәгінен айырғаны. Осындай адамдардың да бар екенін айту арқылы автор оқырманға өмірдің теріс жағын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, романда қызқұмарлық мәселесі де кең таралған. Автор осы құмарлықты сынап, метафоралық әдістерді сәтті қолдана отырып оқырманға ой салды. “Құмарлық көбінесе аңшыға тән қасиет. Аңшы көргең аңын құтқармауға тырысады. Ол көкала қанат үйректі сүйгеніне емес, соған оғының тигеніне разы болады. Аңшыға шолақ сәттің қуанышы ғана қажет. Ал махаббат мәңгілік қуаныштың туын ұстайды”, - деген автор сөздері осыған дәлел болады. Яғни нәпсіқұмар адам ол - аңшы. Ол өлтіруге, өзінің жаңа құрбаның ұстап алып шөлің қаңдырғысы ғана келеді. Тура солай, қызқұмар жігіт те жыныстық соқыр тілек құлына айналып, жалт етпе сезімді ғана аңсайды. Оның тұрақтылы жоқ, ол желөкпе және қызыққыш болып келеді. Ал осындай сипаттамаға ие қу жігіттер қалай ша махаббат пен шын сезімге қолын соза алады?! Осыны пайымдап, автор оқырманға сабақ береді. Бұл оның басты мақсаттарының бірі — оқырманды шын махаббат пен жай тән құмарлығының айырмашылығын түсіндіру.

Осы тұста бұл кітаптың ең шырынды және мен үшін ең әсерлі жағы айқындалады. Ол — ер мен әйел арасындағы нағыз, риясыз және мөлдір махаббат сезімі. Мен Әзілхан Нұршайықовтың махаббат туралы айтқан парасатын Эрих Фромның “Сүйіспеншілік өнері” кітабымен салыстырсам, олардың саралағаны ұқсас келеді. Яғни махаббат ол жай сұлулыққа ұласқан алдамшы, өткінші қызығушылық емес. Ол — ғашықтық сезімінің тудырған достық, ауызбіршілік, өзара сенім, сабырлық, кешірімділік, сыпайылық, қалтқысыз қамқорлық және жауапкершілік борышы. Ал кіршіксіз ғашықтыққа қалай жетуге болады? “Махаббат, қызық мол жылдар” романында осыған да жауап бар. Ол шынайы ғашықтықты “бір көргеннен ғашық болу”-дан ажыратып, ара-жігін анықтайды. Мәселен, жігіттердің кейбірі қызды бір көргеннен ұнатып, оған құмар болуды махаббатпен пара-пар санайды, алайда ол ешбір қисынға келмейді, себебі бір көрінген қыздың басындағы қасиеттерді бірден анықтауға болмайды, ол мүмкін емес. Қыз бойындағы сұлулық ол ғашық болудың тек бір ғана шарты, бірақ сонымен қатар тағы ақыл-парасат, адамгершілік және тәрбие деген қасиеттер бар. Осы үшеуіңе ие болған әйелді ару деп атайды. Автор айтқандай, “Өмірде сұлу көп, ару аз”. Ал ұнатып қалған қызың ару екеніне көз жеткізу үшін ең алдымен жастар өз нәпсін тиып, тез қауышуға құмартпауы қажет. “Ұзақ сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден білескеннен кейін, шын сүйетініне, бірігіп, жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ…” - деген кітаптан үзінді соны насихаттайды.

Одан бөлек, жігітті де “бір көргеннен ғашық болдым” деу ақылға сыймайды. Қызқұмар жігіт оңай олжа табу үшін қыздың көзіңе шөп салып жалған махаббат туралы соға береді, ал жасөспірім, бейкүнә қыздар оған сеніп қалады, сол себепті қыздың ішкі қасиеттері секілді, ұлдың да оған сәйкес тереніңде жатқан мұратын білу қажет. Жігіт қыз алдына қойған талаптарына өзі де лайық болуы тиіс. Еріншек, сөзіңде тұрмайтын, маскүнем, менмен жігіт өз-өзің әрлеп, қыздың алдында нағыз қаһарман, батыр ретінде шығуы мүмкін. Ал осыны әшкерелеу мақсатында Әзілхан Нұршайықов махаббатты теңізбен теңестірген метафоралық әдісін қолданған. Яғни автордың айтуынша, теңізді бірінші рет көргеннен оның суы ащы немесе тұщы екенін, астында не барын білуге мүмкін емес. Оны тек теңізге түсіп көріп, түбіне сүңгіген адам ғана айта алады. Тура солай, адамның да шын бетін тек сонымен әбден білісіп, байланыс тапқаннан кейін ғана аңғаруға болады.

Ал енді бір-біріне шынымен де ғашық болған екі жар жұп болып қосылып, бақыт кешіп жатқанның өзіңде де, екі жақ лапылдап жанып тұрған отқа кезек-кезек “ағаш” салып отыруы қажет. Яғни олардың махаббаттары қараусыз қалған гүл сияқты солып қалмауы үшін адам оның жағдайын жасап отыруы тиіс. Сүйіктісін мәпелеу, оны қуантуға тырысу, соның көңілін қалдырмау — махаббат күшінің тура сол қалпында сақталып қалуының кепілдігі.

Осы жоғарыдағы айтылғандардың барлығы — кітаптың берер тәрбиелік мәні. Автор осы ойларды кейіпкерлердің іс-әрекеті мен диалог-монологтары арқылы жеткізіп, оқырманды адамгершілікке және ыстық махаббатқа шақырады. Қоса айтатын нәрсе, Ербол, Меңтай сияқты үлгі ретінде көрсетілген кейіпкерлерден басқа, кітаптың сюжетінде байқалатын көптеген детальдар да автордың адамгершілік ойларын нығайтады. Мысалы, кітаптың тарауларының бірінде “Апамның ойлары” деген жазбалар пайда болады. Олардың тізбектелген 26 нақыл сөздері бар. Олардың тәрбиелік мәні зор екенін дәлелдейтін бір мысал: “Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың” деген жазбалардан үзінді.

Сонымен қатар, кітаптың қосымша ерекшелігі ол оқырман үшін аса қызықты және екі езуің екі құлағына тартатын романтикалық эпизодтары. Кейіпкерлердің бір-біріне сезімдері туралы ашық айтуына жүрексінуі, әзілдері, ыңғайсыз және ұятқа қалдырар оқиғалары, айқасқан құшақтары және сүйіскендері — осының барлығы кітапты бастан-аяғына дейін оқуға талпындырады.

Ал, жазылғанын бәрін бекітуге уақыт келді. Әзілхан Нұршайықов шынымен де ерекше жазу стиліне ие, қаламмен сурет салған ұлы жазушы. Оның “Махаббат, қызық мол жылдар” шығармасы қазіргі және келесі ұрпаққа мұра болатын асыл қазыңа болып табылады. Оны бар жанымен түсініп оқыған адам өз ой-өрісін кеңейтумен қатарлас, адамгершілігін де дамытады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз