Қасымның үлкен қатынынан — Есенгелді, Саржан әм Кенесары, тоқалынан — Наурызбай, қарындасы Қарашаш, үйсіннен шабыншылықтан келген әйелінен — Бопи. Ағыбайдың әкесі Олжабай онымен бірге туысқандар — Маңабай, Таңабай, Мыңбай. Кенесарының қолдарының ішінде шұбыртпалы алпыс екі үй.
Таңабай әскердің ішіндегі үлкен, қадірлі өзіне бөліп берген әскерге қолбасшы. Шұбыртпалы қолдының ішінде рулы ел ешкім батпайды, өздері тиіссе де, қарсы келмейді. Ағыбай Олжабайұлы ешбір қолбасшылықта жоқ, Кенесарымен құрдас.
Бір уақытта қол жорыққа аттанып бара жатқанда, бір сары шымшық торғай Ағыбайдың басына келіп қонып, біресе екі иығына, иегіне, мұрнына қонып жүргенін қолдар көріп, Ағыбайдың қасына келіп, торғайды түртіп: «Қонатұғын кісіге қонбай, қонбайтын кісіге қонып», — деп тамаша қылыпты. Торғай бір көш жерге шейін қонып, көрінбей кетті.
Ағыбай көселеу, селдір сақалды ұзын бойлы, шүңірек көзді, зор иықты, қолдарының толарсағы қолдарын баурына игенде бөлек бір тұтам шығып тұрады. Тоғыз қазықтан білезіктеп тістеген найза, найзаның түбінде құлаш жарым шыжым қайыс бар, құланның үйегінен (бауыр терісі) таққан. Төсіне екі өкпесіне ұстайтын шарайнасы бар, жанында қылыш әм наркескен қанжары болады.
Кенесары Ағыбайды «Көсе» деп шақырады, «Ағыбай» деп атамайды. Наурызбай әм Қарашаш екеуі Ағыбайдың үйімен бірге. Ағыбайдың әйелі Талшыбық бәрін басқарып, шаруаларына қарап тұратын. Қарашаш әм Наурызбай «әжелеп» еркелеп тұрады. Туған шешесіндей, Талшыбық туған балаларындай күтеді.
Қарашаш ұзын бойлы, шашы, қасы-көзі қара, аққұба, қыр-мұрынды, нәзік белді, саусақтары ұзын, жіңішке. Талшыбықтың айтуы:
«Қарашаш арман қылушы еді «Еркек болып, Науанжанмен бірге жүріп қайратымды көрсете алмай кетіп барамын», — деп. Ағыбайдың немере інісі Шыңбай Мыңбайұлы ұзын бойлы, зор иықты, өзі аусар, салғырт батыр. Наурызбай мен Ағыбайдың үйінде жүреді. Ағыбайдың үлкен әйелінен: Аманжол әм Аманбай, кіші әйелі Шөкіжаннан — Сопы әм Дуана.
Кенесарының әскерінің ішінде бірге жүрген Құдайменде деген төре болған. Құдайменде төренің балалары Қарқаралы уезіне қараған Тоқырауын елінде. Есенгелді ержеткен қызын сол Құдаймендеге айттырған Есенгелдінің үйінде болады. Бұл қызға Наурызбай барады. Құдаймендеге қыз риза болмай, Наурызбайды қоймайды. Ақырында, бұл жұмысты Кене ағаң естиді. Не қыларын біле алмай, қапада болып: «Әгарда Науанжанды жазым қылсам, жауға қарсы шабар туысқаным жоқ, жалғыз қаламын және Ағыбай шығарып бере қоймас», — деп ойлап тапқаны: Наурызбайдың қасына еріп барған кісілерді ұстап өлтіре берсе, еруге кісі шықпаса, жалғыз бара алмас еді — деп лайықтады. Жансыздап Құдаймендеге хабар қылды. Бұл сөзді Наурызбай естіп, бұрынғыдан жаман қатайып: «Менің қасымдағы жолдасымды қаңғырып келген Құдайменде өлтіретін болса, басын бірақ кесермін!» — деп, далада баялыш шауып жүрген Шыңбайға қарсы шауып, жанындағы қанжарын суырып алып: «Уа, Шыңбай! Басыңды төсе, шабамын!» — деп дауыстап келе жатқанда, Шыңбай «алдиярлап!» қолын қусырып, басын төсеп тұрды. Наурызбай қасынан шауып өтіп:
— Иә, Шыңбай, қорықтың ба? — деп сұрағанда, Шыңбай айтты:
— Төре екі сөзді бола ма екен, айтқан сөзін орнынан шығару керек емес пе? Наурызбай:
— Жарайды, Шыңбай! Бүгін кешке менің қасыма ер, өлімге апарамын, — дегенде,
— Алдияр жарайды! — дейді Шыңбай.
Түн болғанда Наурызбай Шыңбайды ертіп алып, Есенгелдінің аулына келіп: «Шыңбай атпен арала, кім бар, әбден байқа?» — деп. Шыңбай аралап: «Ешкім жоқ, көрінбейді», — деген соң, аттан секіріп түсіп: «Шыңбай, мен үш дауыстап, кет десем, кетерсің, әгарда қасыңа келген кісі болса, мә қанжар, осымен шауып өлтіре бер», — деп өзі қыз жатқан үйге кіріп кетті. Сонда Құдайменде бір үйде жолдастарымен жасырынып отыр екен. Құдайменде жүгіріп келіп үйдің есігін басып тұрып, жолдастарына айтты: «Бар, жолдасын ұстап алып келіңдер? Осы есіктің алдында бауыздаймын», — деп. Екі кісі далбаңдап жүгіріп келіп, Шыңбайды ұстаймыз дегенде, екеуін қанжармен екі шапты. Екеуі Шыңбайды ұстамақ түгіл, өздерімен-өздері әлек болып, ойбайлап қалды. Наурызбай үйде жатып дауыстады: «Уа, қаңғырып келген Құдайменденің жүз жігітіне менің жалғыз Шыңбайым да болады!» — деп үйден жүгіріп шығып, Шыңбайдың қасына келіп сұрады:
— Амансың ба? — деп. Шыңбай:
— Аманмын, — дегенде атына мініп қайтып кетті.
Саржанның Айымжан деген қызына Ағыбайдың әкесімен бірге туысқан Таңабай баратын еді. Таңабай сұлу, көркем адам. Төре екен деп «алдиярлап» қалады. Таңабай қатын алайын десе, қыз алғызбайды. «өзің ти» десе, «Кене ағаның рұқсатынсыз тие алмаймын ғой» деп. Төрелер қазаққа қыз бермейтін. Ақырында Таңабай үйсіннен әйел алып келіп отырғанда, Айымжан айтты, жаңа түсіп отырған келіншекке: «Сорлы-ау, неге келдің? Таңабайды саған қор қылып қоймаймын!» — деп. Ақырында у беріп өлтіреді.
Бопы әуелі шаруашылық жағын басқарып жүретін адам болды, Есенгелді, Саржан әм Ержанды сарттар өлтірген. Соның ауылдарын, көші-қондарын, шаруаларын басқарып жүруге Кенесары Ағыбайға тапсырды. Ерте-кеш солардың шаруаларын жайғап жүргенде, Есенгелді, Саржанның қатындары: «Ағыке, бүгін қоныңыз?» — деп етегінен ұстаса, «тәй, нан жауғыр!» — деп етегін сілкіп тастап, жүріп кетеді. Осындай жұмыс бірнеше рет болған Ағыбай ешбір уақытта мойын бұрмады. Ханымдар Ағыбайдың мұнысына ашуланып, Кенесарыға шағыстарыды.
«Көсе біздерді мазақтап, күлкі қылғысы келеді», — деп біреуден айтқызып. Бұл сөзді Ағыбайға біреу айтады. Кенесары бұл сөзге ашуланып, Ағыбайды шақырта кісі жібереді. «Иә, Ағыке, сізді хан шақырады», — дегенде, «Тайт, ханы кім? Кетәрман!» — деген соң бұл кісі Кенесарыға айтты.
Қолдың әскерінің бәрі «Ағыке» деуші еді. Қуандықтан Басықара деген Кене ағаның батыры бар еді. Қиын жұмысқа жұмсап тұратын. Соны шақырып алып: «Бар Көсеге! Келсе, ертіп кел, келмесе, басын кесіп әкел!» — деп әмір қылды. Басықара — орта бойлы, толық жуан, қара шұбар, күшті. Ағыбаймен дос еді. Бірақ дос болғанда қауіп қылып, күні үшін дос еді. Мұны Ағыбай білсе де, керек қылмай жүруші еді.
Басықара кіріп келіп, өкіріп жылап: «Иә, Ағыке! Жүрсең, сен өлдің, жүрмесең, мен өлдім!». Ағыбай бұл кезде қарыстай қара пышағын қайрап отыр еді. Басықараның сөзін естіген соң ашу кернеп: «Мұнда қаңғырып жүрген Басықара жоқ, жүр! — деп қайрақты сырмақтың астына тығамын деп, пышағын ашу үстінде бірге тығып жібереді. Сөйтті де беліндегі қынын ұстап, Басықарамен бірге Кенесарының үйіне кіріп келіп, шарт жүгініп, Кенесарыға қарсы қарап отырды. Бұрынғы ретті орнына отырмады. Кенесары:
— Иә, Көсе, шақырса, неге келмейсің? — дегенде,
— Келмегенде не қылар едің? — деп сол жүгініп отырған түрімен қалайша Кенесарының алдына келіп қалғанын білмей, жанындағы пышаққа қолын салып қалғанда, пышағы жоқ болды. Кенесары сонда айтты:
— Тарт, Көсені, тарт! — дегенде, Басықара:
— Иә, Ағыке, саған не болды? — деп оның қолынан ұстағанда, қолын сермеп жібергенде, Басықара босағаға барып жығылып барып, сүйеніп қалды. Кенесары тұрып, кейін шегініп барып отырды. Ханда да әм отырған халықта да сөз жоқ отырысты.
Біраздан соң отырған адамдарға: «Иә, халық! Көседен басқаларыңыз шығыңыздар?» — деді. Халық бірі қалмай шығысты. Кенесарының қатын-балалары үрпиісіп қорқып отырысты. Бір мезгілде Кенесары түрегеліп, керегеде ілулі тұрған алтын-күміс оқамен тіккен сарттың бектер бегінен келген жібек шапанды алып: «Иә, Көсе, мынау шапаның», — деп алдына қойды. Жылқышы үлкен топтың басшысын шақырып алып: «Мына Көсеге, қандай лайықты ат бар? Тезінен қазір алып кел!» — деген. Сонда Ағыбай жылқышының бетіне бір қарап қойды. Жылқышы алдырап-сасып, жылқыдан бір көк семіз атты алып келіп: «Алдияр хан! Келді дегенде, Кенесары айтты: «Көсе, мынау шапаның, анау атың». Ағыбай шапанды қолтығына қысып, атты жетектеп үйіне келсе, ағайын-туғандары, алпыс екі үйдің еркектері ақ желек найзаларын қолдарына алып, ұрғашылары бақан-пышақтарын қолдарына алып дайындалып тұр екен. Наурызбай өзіне қараған әскерлерін дайындап о да тұр. Наурызбайдың қарындасы Қарашаш шашын желкесіне түйіп, найзасын о да қолына алып тұр. Талшыбық бәйбіше көк бестіні ерттеп, найза-қылыш, наркескен саймандарын дайындап тұрды. Ағыбайдың аман екенін көрген соң, тарасып кетті.
Ағыбай үйіне кіріп, сырмақтың астына ашумен тыққан пышақты алып: «Сен болмадың, сен болмадың!» — деп жерге үш тықты. Сонда Басықара:
— Ағыке, бұл не қылғаның? — дегенде, Ағыбай айтты:
— Қаңғырып жүрген Басықара жоқ, Кенесарыны бауыздап жіберіп, «Қарқабаттап» шығайын деп едім.
Ағыбай бұрынғыдай Есенгелді, Ержан аулына баруды қойды және Кенесары шақырса ғана баратын болды.
Бопының әйелі босанып, еркек бала тапқан. Соған той істеуге ат шапқызуға, екі ай бұрын Кенесары жариялады. Ағыбай айыпқа алған көк ат үйсіннен келген еді. Оны «Сүмсекей» деп атаушы еді. Бұрыннан қызығып, «қалайша қолға түсіріп аламын» деп ойлап жүруші еді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» тура келіп, Кенесары Көсеге: «Қандай лайықты ат бар?» — дегенде, бас жылқышының бетіне қараған ишараты осы еді. Бұл жылқышыдан маған бер? — деп сұрағанда, Кенесарыдан қорқып бере алмаушы еді. Сүмсекей қолына келген соң ешкімге білдіртпей жаратып жүрді.
Үйсінді шапқанда, бір жас бала қолға түскен. Соны Ағыбай қолынан тәрбиелеп жүрген. Аты — Шобат, руы — сіргелі. Соған мінгізіп, елсіз жерде өзі көк бесті деген атымен жарысып, әбден баптап, тойды айтқан күніне дайындады.
Елсіз далаға шыққанда Шобатқа үйретеді. Әгарда Сүмсекей бәйгеге ілінерлік болса, «Абылайлап!» шаппа, «Қарқабаттап» шап! — деп, күніне үш мезгіл — руың кім? — дейді. Шобат: «Қарқабат!», «Қарқабат!» — деп айтады.
Бұл тойға көп адамдар ат жаратты. Той айтқан күні болды. Ішкен-жеген тоқ болып, бәйгі аттарды айдап шықты. Ағыбай Шобатты мінгізіп, Сүмсекейді қосып қоя берді. Бірақ тапсырды: «Қарқабатты ұмытпа?» — деп. Шобат әбден жаттап алды. Бәйге аттар келгенше, күрес болып жатты. Ағыбай мен Наурызбай екеуі бөлек барып отырды.
Кенесары бір төбенің басына кілем-көрпе салғызып отыр. Маңайында халық ойын-күлкі сауықта жүр. Бәйгі аттардың жолында үш жерден келеші тұрды. Аттарды ұзаққа айдады. Түстен кейін алыстағы келеші қозғалды. Біраздан соң екінші келеші бұл келешіден өтіп, бір жалғыз ат келді. Өзге аттар көрінбейді. Көмбедегі келешінің қасына келгенде, «қар- қар» деп шауып келе жатқан баланың даусын Кенесары естіп, халықтан сұрады:
— Басқа жақтан кісі келіп, ат қосқан бар ма?» — деп. Сонда Ағыбай түрегеліп: «Ол кешегі арсыз көк, — деді. Бұл сөзге Кенесары сырт қарады. Наурызбай:
— Ей, Ағыке, кісінің көңіліне қарамайсыз-ау?
Шобаттың балдары: Немене, Бөдене, Балапан, Торғай, ұзақбай, қыздары: Қарлығаш, Қаршыға — шұбыртпалының ішінде.
Ағыбайдың көк бестісі Кенесарының қолы үйсінге шабын- шылыққа бара жатқанда, Шу бойында бір көк құлық бие жаңа құлындап жүр екен. Көк құлын артқы екі аяғы маймақ, тірсегінен басып, енесін еме алмай жүр. Қолдың алды көріп, керек қылмай өтіп кетті. Ағыбай көріп, айналдырып қарап, қол тегіс Шуға құлаған соң, күзеулі кер деген атымен құлынды өңгеріп, көк құлықты жетектеп, ара күндік жердегі аулына келіп, Талшыбық бәйбішесін шақырып алып: «Мына бие мен құлынды үйге кіргізіп, мен келгенше күт!» — деп, қолдың артынан қуып жетті. Бір ай өткен соң жолда жүріп, Ағыбай келсе, құлын жүріп ойнақ салып, күндіз үйге кіргізіп қойғанда Ағыбайдың төсегінің үстінде жатады, тай болғанда енесі жайылып жүргенде, ойнақтап жүріп енесінің үстінен мына жағынан секіріп, ана жағына түседі. Ағыбай шұбыртпалы жылқыларын Кенесарынікінен бөлек жаяды. Жылқы аралап жүргенде Ағыбайды көріп, олай бір шауып, былай бір шауып Ағыбайдың үзеңгісін тістелеп, артқы екі аяғымен тұра қалып, басындағы бөркі иә тұмағы болса, алып қашады.
Бір күні Кенесары оңаша отырғанда ханымы айтты:
— Иә, алдияр төре! Қолдың ішіндегі бірнеше адамдарға ат қойдыңыз, мыңбасы, бесжүзбасы Көсеге неге ат қоймайсыз? Сонда Кенесары ханымның бетіне тесіле қарап үндемеді. Екінші айтты, онда да сөз жоқ, үшінші айтқанда, тесіле қарап, түсін бұзып тұрып, қайта отырып:
— Иә, ханым! Мен айтайын, қолдың алды Абылайлап тисе, арты Ағыбайлап тиеді. Менің қойған атым не болады? Құдай өзі берген соң, бірақ, түбінде Көседен сақтанарлық адам, — деп үндемей отырды. Қол «Ағыбайлап» тисе, Ағыбай «иә, Құдайлап» ұрады екен.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі