Өлең, жыр, ақындар

Зиярат ету мәдениеті мен әдебі

Зиярат барысында бағыштаған Құран аяттарының, тілеген дұға-баталардың сауабынан қабірстанда жатқан момын-мұсылман үшін орасан зор игілік, жақсылық болатынын және жасалған құлшылық, амалдардың сауабы оларға қапысыз жететінін дін ғалымдары бір ауыздан мақұлдаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Өлген ата-анаңа намаз оқу арқылы, ораза ұстау арқылы жақсылық жасай аласың» деген.

Халқымыз ұстанған имам ағзам Әбу Ханифа мазхабына тән әдебиеттерден зияраттың сауабы және зиярат әдебі туралы көптеген деректер кездеседі. Мысалы: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екі қошқарды құрбандыққа шалғаны, біреуін өз атынан, екіншісін Аллаға иман келтіріп, өзінің пайғамбарлығын мойындаған барша үмбетінің атынан сойғаны айтылған». Тағы осындай хадистерде: «Кім қабірстан жанынан өткенде «Ықылас» сүресін он бір рет оқып, сауабын өліктерге бағыштаса, оған көрістанда жатқан адамдардың санынша сауап жазылады делінген.
Әулие-жақсылар көзі тірісінде халыққа тигізген шарапатымен, үлгі-өнегесімен қаншалықты ғизат-құрметке лайықты болса, қайтыс болғасын да, олардың рухани ықпалы жойылмай жалғаса береді. Қасиетті топырағымызда жатқан сондай әулиелердің Сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Ислам ақиқатын паш етіп, Аллаға махаббаттың үлгісін көрсетіп, халықтың шексіз сүйіспеншілігін иеленген. Қожа Ахмет Ясауи 1166 жылы дүниеден өткесін, тарихи мәліметтерге қарағанда 12 ғасырдың өзінде-ақ оның қабірінің басына шағын кесене тұрғызылып, 14 ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен алып кесене салынған. Әулие қабіріне ағылып келіп жататын зиярат етушілер легінің күні бүгінге дейін толастамауы Құдайдың сүйіспеншілігін иеленген досына көрсетілетін құрмет және әулиенің рухани ықпалының мәңгі бақилығының белгісі. Әмір Темірдің әулиелер сұлтанына зор құрметпен салған ғажайып ескерткіші әлемдегі теңдессіз жәдігерлердің қатарынан орын алады.

Әулие-жақсылардың қабірінің үстіне соғылған күмбезді ғимаратты кесене деп атайды. Кесене жанында жерленген қастерлі хан-сұлтандар, қадірлі билер мен батыр бабаларымыз да халқымыздың ел болып қалыптасуына зор ықпал еткен тарихи тұлғалар. Олар әулиелердің қабірде және қияметте тигізер шарапатынан үміт еткен, сондай-ақ, Ясауиді пір тұтып, кең байтақ даламыздың рухани тұтастығының кепілі деп білген. Сондықтан «Әзірет Сұлтанның» маңына жерленуін өзінің бақұлдасар тілегі қылған тұлғалар оның жанында мәңгілік жай тапқан.
«Кемеңгер ғұламаның қабірі басына Әмір Темір тұрғызған кесене Орта Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі мінажат орнына айналды. Еділден Ауғанға дейінгі, Қап тауынан Қашқарға дейінгі ұланғайыр кеңістіктегі мұсылмандар Қожа Ахмет Ясауи қабіріне тәуіп етіп қайтуды дәстүр тұтты» деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзі де «Әзірет Сұлтан» қабіріне зиярат жасаудың мән-маңызын аша түседі. Зиярат амалы адамның жүрегі жұмсарып, бір сәт болса да ақыретті еске алып, сапарынан мол ғибратпен оралуына себеп болады. Осы орайда, зиярат ету барысында сақтауға тиісті әдеп-тәртіптерді білгеніміз жөн. Ең бірінші ниет тазалығы. Ниет тазалығы Алла ризалығы үшін әулие мазарын зиярат ету, әулиеге және оның маңайына жерленген игі-жақсыларға, дүниеден өткен ата-ана, бабаларымызға, туыстарымызға Құран оқып, дұға бағыштап, одан соң дүниеден өткендер үшін, Құдайдан рахым-шапағат, кешірім мен жарылқау тілеу. Жалғыз Алладан ғана тілеу керек. Яғни, мазар басына барып, сол жерде жатқан әруақтардан тілеуге болмайды. Барлық тілек пен дұғаның өтеуін Алла Тағала ғана береді. Екінші тән тазалығы. Тән тазалығы – жан тазалығы және тән тазалығы үшін дәрет алу, жүрген жерлеріңіздің, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, киіміңіз ашық-шашық болмауы міндетті. Әсіресе, әйелдер үшін шашыңыздың көрінбегені, басыңыздың жабық болғаны. Аз уақыт болса да дүние тіршілігін тастап, ақыретті ойлау керек. Зиярат орындарында ақырын жүру, дауыс көтеріп сөйлемейді. Қабірді сипаудан, ұстаудан, тәу етуден, сүюден аса сақ болу керек. Өйткені бұл иманға керағар, теріс әрекеттер.

Қабір басында Ясин сүресін немесе өзің білетін басқа сүренің аяттарын оқу. Отырғанда бір мәрте Фатиха және үш мәрте Ықылас сүресін немесе өзі білген сүрелерді оқып, сауабын марқұмға бағыштаса болады. Бір мәрте Фатиха және он бір мәрте Ықылас сүресін оқу абзал. Ықыласты он мәрте оқуға да болады. Мүлік сүресін оқыса да жақсы. Бір мәрте Фатиха, Ықылас, Фалақ, Нас сүрелерін оқу да өсиет етілген. Бір мәрте Фатиха, үш мәрте Ықылас және бір мәрте Тәкәсүр сүресін оқыса үлкен сауапқа ие болады. Бұлардың бәрі өсиет етілген сауапты амалдар. Қабір басында уағыз-насихат айтылуы сауапты іс. Жақсы тілектермен дұға жасау, садақа беру сияқты қайырлы істердің сауабын мәйітке бағыштау. Зиярат орындарында темекі, насыбай, ішімдіктер ішуден сақ болу. Қабірстанның ішінде ғайбат сөз айтудан, боғауыз сөздерден тыйылу. Кесенелер мен мазарларға оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу – марқұмға деген құрметтің бір түрі. Әулиелі жерлерде түнеу мәселесі дінде көрсетілмеген. Мола жанындағы өсіп тұрған ағаштарға шүберек, мата байлау шариғатқа қайшы. Қабір немесе кесенелердің төрт бұрышына шамшырақ жағу – діндегі тыйым салынған амалдардың бірі. Бұл амал бақсы-балгерлердің ойдан жасап алған амалдары. Зияраттан тыныш, байыпты қалыпта қайтқан дұрыс. Зиярат етудің негізгі мақсаты – тарихи жерлермен танысу және сол жерде жатқан марқұмдарға дұға ету.

Таңсық Жанар, мәдени антрополог

Ғылыми жетекші:  Жолдубаева Ажар Куанышбековна, PhD доктор, аға оқытушы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз