Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы,
Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің
3 "Г" сынып оқушысы
Аукенов Аслан
КІРІСПЕ
Өзектілігі: Бұл жобаның мен үшін өзектелігіс - Балқаш көлі туралы мағлұмат алу, көлдің экологиялық жағдайына тоқтала отырып, оның проблемасын ашу, түсіну.
Жобаның мақсаты: Балқаш көлі және оның экологиялық жағдайы туралы мәліметтер жинап, проблемасын ашудың жолдарын іздеу.
Міндеттері:
1. Балқаш көлі
2. Балқаш көлінің климаты
3. Балқаш көлінің жануарлары
4. Балқаш көлінің экологиялық жағдайы
Негізгі бөлім:
Балқаш көлі – Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейінгі көлемі бойынша үшінші орын алатын ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы. Ол республиканың оңтүстік-шығысында Балқаш-Алакөл ойпатында (теңіз деңгейінен 342 метр биіктікте) орналасқан. Көлдің ұзындығы – 614 шақырым, ең үлкен ені – 74 шақырым. Айдын көлдің аумағы 18200 шаршы шақырым болса, жағалық сызығының ауданы 2383 – шақырым. Су көлемі – 106 текше км. Балқаш екі бөлікке бөлінеді: батыс және шығыс. Батыс бөлігінің тереңдігі 6-12 метр, ал шығыс бөлігінің тереңдігі 15-26 м. Көл шағын аралдар мен шығанақтарға бөлінген. Ең ірі аралдардарына Басарал мен Тасарал жатады. Балқаш көліне Іледен басқа Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз, Бақанас және басқа да өзендер. Көлге Іле көлі судың айтарлықтай бөлігін (675) құяды.
Балқаш көлінің климаты
Көл шөл және шөлейт климаттық белдеуде орналасқан. Қаңтардағы орташа температура –15 – 170С, шілденің орташа температурасы 240С. Жауын-шашынның көп жылдық орташа мөлшері 120 мм. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 55 – 66%, желдің жылдық орташа жылдамдығы 4,5 – 4,8 м/с. Жел көлдің батыс бөлігінде көбінесе, солтүстіктен, шығысында – солтүстік-шығыстан соғады. Осы себепті көлде үнемі күшті толқын болады. Жаздағы булану ауа райына байланысты 950 мм-ден 1200 мм-ге дейін ауытқиды. Көл беті көбіне қарашаның аяғында қатып, сәуірдің ортасында мұзы ериді. Мұздың қалыңдығы кей жылдары 150 см-ге жетеді. Таудағы мұздықтар еріген кезде (маусым – шілде) су деңгейі біраз көтеріледі. Көп жылдық су деңгейі тербелісінің мөлшері үш метрден асады
Балқаш көлінің ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан батыс пен шығыс бөліктерінің минералдауының түрлі болып келетіндігінде. Бұрыннан суы мол Іледен толатындықтан батыс бассейнінің суы тұщы да, шығыс бөлігі – ащы болып келеді. Балқаштың табиғаты өте таңғаларлық және қарама-қайшылықтарға толы. Қазақстанда ерте заманнан бері Балқаш көлі туралы өлеңдер жазылып, әндер, аңыздар айтылып жүр. Балқашты халық фольклорында ешқашан ренжітпейтін, кедей жиһангермен де достасып, баспана мен тағамымен бөлісетін аппақ дана ақсақалға теңейді. Балқаш көлінің жағасы бойымен Ұлы Жібек Жолы арқылы Қытайдан Орталық Азияға жалғасатын және әрі қарай соңғы теңізге қарай (солай Ұлы Дала аумағында Батыс Еуропаны атаған) сансыз керуендер өткен. Бұл жерде тұщы сумен қоса жорық ішіп-жемін осы жерлерде молымен мекендейтін балық пен жабайы құстарға толтыруға болатын.
Балқаш көлінің жануарлары
Балқаш көлі балыққа бай екендігі бұрыннан мәлім. Балқашта балықтың 20-дан астам түрі мекендейді, оның 6 ертеден мекендейтін жергілікті түрлері (ілелік, балқаш көкбалықтары, балқаштық алабұға және т.б.), қалғандары басқа су қоймалардан келген (сүген, шабақтар, көксерке) болып табылады. Ихтиофаунаға жататындар ішінде сазан, Амур балығы, шабақ балық, каяз балығы, шұбаржон балық, ақбалық, ақмарқа, табан, жайын және басқаларын атауға болады. Балқаш ақбалығы мен оның алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Аулауға сазан, көксерке, балқаш алабұғасы және т.б. түрлері жатады. Балықшылар және экстремалды еркін демалыстың әуесқойлары Балқашқа емін-еркін бара алады. Оның ұзындығы 614 шақырымды, ал ені – 3,5-тен 44 шақырымға дейін барады, ең терең жері 26 метрге дейін жетеді.
Балқаш көлінің нышаны болып табылатын ерекшелігіне ақ аққулар жатады, оны тек көлдің кейбір бөліктерінде көруге болады. Оның орнына бірқазандарды жиі кездестіруге болады. Балқаш көлі сонымен қатар үлкен суқұзғындардың, шүрегейлердің, қырғауылдардың, бүркіттердің, ақ тырналардың және ондатралардың мекен ортасы болып табылады. Қамыс қопаларында жабайы қабандар кездеседі. Кәнкі аңшылар қолына мылтық алып, бұлдырық, үйрек, құр, қоян, түлкі мен тіпті қасқыр аулауына болады.
Балқаш көлінің экологиялық жағдайы
Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе, су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында 20 ғасырдың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі 2 себеп тудырды. Ішкі себеп – Қапшағай су электр стансасының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе-теңдігін көлге құятын өзендер суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Жыл сайын көл алабындағы 15,0 км³ су қорының 11,9 км³-і (80%) Іле өз-мен келсе, қалған 3,0 км³ су көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне ығысады. 1970 –1985 жылдардағы Балқаш көліне құятын өзендер суының жалпы ағымы 14,9 км³-ден 11,8 км³-ге кеміді, яғни көл жылына шамамен 3,0 км³ су жоғалтып отырды. Көл алабынан алынатын су мөлшері жылына 7,0 – 8,0 км³-ге дейін өсті, оның 6,5 км³ суы егін суғаруға, Қапшағай және басқа да бөгендерді толтыруға жұмсалды. Булануға кететін шығыны жылына 2,0 км³-ге жетті. Осы себептерден 1970 жылдан су деңгейі күрт төмендеді. 1986 жылдың аяғында көл деңгейінің абсолют биіктігі 340,54 м болды. Көл деңгейінің құлдырау жылдамдығы жылына 15,6 см-ге жетті, бұл көрсеткіш 1908 – 1946 жылдардағы төмендеу жылдамдығынан (9,2 см/жыл) біршама жоғары. Іле өзені атырауындағы батпақты-сулы алаптардың 2/3 бөлігі қысқарды. Қапшағай СЭС-і іске қосылған соң, тасқын су шығымы 1600 – 1800 м³/с-тан 700 – 800 м³/с-қа дейін төмендеді. Электр стансасы қажетіне байланысты су ағымы жылдам өзгеретін (0 – 1000 м³/с) болды. СЭС-тен төмен қарай өзен тасындылары (судағы қатты заттар) тоқтап, олар толығымен Қапшағай бөгенінде шөгетін болды. 1986 жылдың аяғында Балқаш көліне құятын Іле өзенінің тармақтарынан Шұбарқұнан, Иір, Базарбай және Қалғаніле ғана қалды. Су шығымының 90%-ы тек Иір тармағымен қосылған Қоғалы тармағына жинақталып, бір арнаға айналды. Кезінде суы арнасына сыймай жататын Жиделі тармағы шөгіндіге тола бастады. Көлдің оңтүстік жағалауындағы балықтардың уылдырық шашу аймағы түгелдей жойылып, атыраудағы 15 көл жүйелерінен тек 4 – 5-еуі ғана қалды. Осының салдарынан жыл сайын ауланатын балық мөлшері 17 – 18 мың тоннадан 10 – 11 мың тоннаға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлады. Мысалы, бұрын негізінен сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ын табан, жайын,көксерке, т.б. құрады. Ал аты әйгілі көкбас, Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды. 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералдығы күрт өсті. Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий, т.б.) мен күкіртоксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың тоннаға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге қайтадан қышқыл жаңбыр болып жауады. Жауын-шашынның минералдығы 3 еседен астам өсті. Құрғап қалған аумақтардан көтерілген шаң-тозаңның әсері биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еріп, ұсақтануына әкелді. Мысалы, 1974 жылдан бері Іле Алатауындағы аум. 1 км²-ден астам 86 ірі мұздықтың 6-уы ғана қалды. 1980 – 1990 жылдры Іле – Балқаш табиғи-шаруашылық жүйелеріне кешенді ғылыми-зерттеу жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді, сөйтіп, көлемі 2 есеге (28 км³-дің орнына 14,5 км³) кеміді де, жер суғаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандырғанмен, су сапасы жылдан-жылға нашарлады. Сыртқы себеп – Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасады.
Іле бойында және көл жағасындағы тіршілік ететін құстардың түрлері де азайып кеткен. «Қызыл кітапқа» енген аққу, бірқазан, көкқұтан, т.б. құстар қазір өте сирек кездеседі..
Бұл өңірдегі экологиялық ірі мәселелер қатарына Балқаш көлі бойындағы Балқашмыс комбинаты, Приозер, Ақсүйек кен рудаларын байыту кешендері,
Сарышаған полигоны және Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары осы аймақта тұратын тұрғындарға өз зардабын тигізіп отыр. 1999 жылы «Балқаш көлін құтқару, оның бүгінгісі мен болашағы» атты халықаралық деңгейде экологиялық форум өтті. Онда Балқаш көлін құтқару мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Оның негізгілері:
1. Іле өзені бойындағы өндіріс орындарында суды тиімді пайдалануды реттеу. 2. Қапшағай суқоймасынан Балқашқа жіберілетін судың үлесін тұрақтандыру. 3. Ақдала және Шарын массивтеріндегі күріш алқаптарын азайту. 4. Жер асты суларын пайдалануды жүзеге асыру. 5. Суармалы жерлердің көлемін шектеу.
Қорытынды: Жоғарыда қойылған міндеттерді шешу үшін көптеген ақпарат жинап оқыдым. Менің ойымша, Балқаш көлін құтқару бүгінгі күннің талабы. Арал мен Балқаш сияқты су экожүйелерінен айырылу Қазақстанды ғана емес Еуразияны да бұрын-соңды болмаған экологиялық анаттың ошағына айналдыруы мүмкін. Сондықтан әрбір табиғи экожүйені көздің қарашығындай сақтау мен қорғау адамзат баласының парызы.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Ә. Бейсенова, А. Самақова, Т. Есполов, Ж. Шілдебаев экология және табиғатты тиімді пайдалану, Алматы-2004 ж
2. Ә. С. Бейсенова «Экология ел тағдыры» - Алматы, 2006ж
3. Ұ. Б.Асқарова «Экология және қоршаған ортаы қорғау» - Алматы,2002
4. Ғаламтор.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нұршат
бул Қарағанды облысы Балқаш көлі ма?