Өлең, жыр, ақындар

Инклюзивті білім беру

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Философия және саясаттану факультеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Мәдениеттану 2 курс студенті Әріпбек Диана
Жетекші аға оқытушы Кудерина А.Н

Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, психикалық ауытқулары бар әр түрлі жастағы балалардың көбеюіне әкеліп соқтыруда. Ел өмірінің қай кезеңіне көз жіберсек те, балалар тағдыры кімді болса да бейтарап қалдырмай, өзекті мәселенің бірі болғаны белгілі. Үлгермеуші балаларды анықтауда дұрыс диагностика жүргізу, оларды табысты және нәтижелі оқытуға, ал болашақта әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне жағдай тудыратын арнайы топтарға орналастыру-қазіргі уақыттағы аса маңызды әлеуметтік және педагогикалық мәселе болып табылады.

Қазақстан Республикасында әлемдік білім кеңістігіне кіру үшін мемлекет тарапынан көптеген шаралар енгізіліп жатыр. Соның бірі - инклюзивті білім беру.

Инклюзивті білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Бұл ерекше саясаттың міндеті - балаларды құрдастарымен дамитын және “бірдей дәрежедегі серіктестер” құқығындағы ересектер ұжымына, мектептік өзін-өзі басқару арқылы мектеп өміріне “қосу”, инклюзивті кеңістіктегі қатысушылар тұрғысынан қабылдаушы “толеранттық” жағдайын қалыптастыру болып табылады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген.

Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және университет өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.

Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал, біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 26 маусымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Заңға сәйкес, 2025 жылға қарай мектептердің, балабақшалардың 100% -ы және колледждер мен жоғары оқу орындарының 70% -ы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауы тиіс.

Инклюзивті білім берудегі кейбір инновацияларға келетін болсақ, оларға мыналар жатады:

1. Технологияны қолдану: компьютерлер, планшеттер және бағдарламалық қамтамасыз ету сияқты технологияларды оқу материалын бейімдеу және әртүрлі қажеттіліктері бар студенттерге жеке қолдау көрсету үшін пайдалануға болады. Мысалы, мәтіндік оқу бағдарламалары дислексиямен ауыратын балаларға көмектесе алады.

2. Бірлескен оқыту: бұл студенттер тапсырмалар мен жобаларда бірге жұмыс істейтін тәсіл. Бірлескен оқыту әртүрлі қажеттіліктері бар студенттер арасындағы қарым-қатынас, ынтымақтастық және өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

3. Мұғалімдердің кәсіби дамуы: инклюзивті білім беруді сәтті жүзеге асыру үшін мұғалімдердің жақсы дайындығы және тиісті дағдылары мен білімі болуы қажет.

Сонымен қорыта айтқанда, менің ойымша инклюзивті оқыту - мүмкіндігі шектеулі балалардың адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттерді дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы жасөспірімдер бойларына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді сіңіре алады. Бірақ та, бұл мемлекеттік саясаттың да өзінің кері тұстары бар. Мысалға, әр адамның мінезі әртүрлі, құрдастарымен жақсы араласып кетуі де өзінің қолында. Мінезі тұйық, интроверт балаларға қиындау түсуі мүмкін. Олар барлық эмоцияларын іштерінде сақтап, өздеріне зиян келтіруі мүмкін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар