Өлең, жыр, ақындар

«Еркін дала» қауымы елдің еңсесін көтерді

xx ғасыр қазақ елі үшін ауқымды жаңалықтар алып келген кезең болды. Бұл уақыт оқу-ағарту ісіне, халықтың бірлігіне, қайырылымдылыққа үлкен бетбұрыс болған уақыт еді. 19-ғасырдың соңы, 20-ғасырдың басында көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтары «Алаш» қозғалысына қатысып, орыс патшалығының езгісіне төзіп келе жатқан қандастарын ояту үшін аянбағаны баршамызға мәлім. Солардың бірі, қазақтың тұңғыш елшісі - Нәзір Төреқұлұлы. Оның есімі Алаш қайраткерлерінің соқпағымен қатар жүретіні сөзсіз.

Дипломаттың 8 сыныптық коммерциялық училищені үздікке бітірген уағындағы ғұмыры бірінші дүниежүзілік соғыс уақытымен тұспа-тұс. Экономика факультетінің үш курсын Мәскеу қаласындағы коммерциялық институтта тәмам қылған азамат 1916 жылы алғаш рет тарихи уақиғаға араласады. Ол - «Еркін дала» деп аталатын жасырын ұйым. 

Ұйымның тағдыры бірінші дүниежүзілік соғысқа тура келді. Нәзір Төреқұлов бұл ұйымды ашпас бұрын майдан көріп келген азамат, содан болар, қорға кірушілердің басым бөлігі - Қазақстан мен Орта Азияның майданға шақырылған өкілдері. Саясатта өзіндік ойып алар орны бар Нәзір Төреқұлұлының «Еркін дала» қорын ашудағы басты мақсаты - Шығыс халықтарына қол ұшын созу еді. Халықтың шамшырағы болған Нәзір Төреқұлұлының бастамасымен халыққа жәрдем беруде елеулі орын алған бұл ұйым жайлы Жанұзақ Жәнібеков “«Еркін дала» қауымының орта кеңесінен” атты мақаласында жазған.

Пендені пенде аямаған заманда құрылған аталмыш ұйым бұл дүниеде әлі күнге дейін мейірім, қамқорлық, жақсылықтың бар екенін дәлелдеді. Әсіресе, Шығыс халықтарына көп көмегін тигізді. Ұйым жасырын құрылса да, онда заңды түрде ақша жинайтын дәптерге мөр басылған. “Қазақ” газетінің бір санында „Қауым биылдан мұқтаж оқушыларға жәрдем беретін болғандықтан, зекет, пітір, құрбан, федие, тасаттық атында жүрген жәрдем садақаларды мұнан былай қауым адресіне жіберілсе қабыл қылынып, тиісті квитанциясы жіберілер” деп жазылған болатын. Бұл үзіндіден ұйымның оқу-білімге де көңіл бөлетінін көре аламыз. Сол заматтың бай, қуатты азаматтары «халықтың көзін ашамын» деген жандарға қолдау көрсеткенін де айту керек. Заманның қиындығына, Ресей патшалығының езгісіне қарамай ағартушылық қызметті де қатар алып жүрген бұл ұйымның белсенді мүшелерінікі нағыз ерлік екендігі рас. Саясаткерлік пен қамқорлықты бірге алып жүрген тау тұлғалардың есімдері қазақ тілінде шыққан газеттерде де аталып тұрды. 

“Қоғамымды қалай да болса тізесіне тік тұрғызамын” деп ұрандатқан тау тұлғалардың есімі қазір ұмытылып бара жатқаны қабырғаңды қайыстырады. 1993 жылы ұлы азаматтың игі істерін дәріптеу мақсатында «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырылымдылық қоры құрылды. Ол - әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және басқа да қоғамдық-саяси мақсаттарда құрылған коммерциялық емес халықаралық қоғамдық ұйымдар қатарына кіреді. Бұл ұйымның құрылуы - «Еркін дала» қорының өміршең екеніне дәлел. 

Біздің мақсатымыз – қилы заманда қиындықтарды еңсерген газет-журналдарды, партиялар мен қорларды келешек ұрпаққа насихаттау және ағартушылардың бойындағы адамгершілік қасиетті өз танымымызға дарыту.

Шалман Дариға. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс студенті

Ғылыми жетекші: Р.С.Жақсылықбаева 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Фарида

Керемет мақала

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз