Өлең, жыр, ақындар

Тарихи тұлға - Ораз Жандосов

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдары халқымыздың тарихқа, көне тарихи деректерге, тарихи тұлғаларға деген қызығушылығы арта түсуде. XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тарихына терең із қалдырған көрнекті тарихи тұлғалардың бірі – Ораз Қиқымұлы Жандосов. Оның күрделі әрі тағылымды ғұмырымен танысып, оқып білу – ұлтымыздың өткен жолын өз-өзімізді жете тануымызға көмектеседі. Ол заман ықпалы мен коммунистік идеялогияны таңдаған, тіпті қиын-қыстау заманның өзінде ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды шынайы көздеген. Ораз Жандосов Қиқымұлы – жалынды ер, «ұлтым» деп өткен қайраткер. Нақты деректерге сүйенсек, ол 1899 жылы 20 ақпанда Қаскелең қаласы, қазіргі Жандосов ауылында дүниеге келген. Ораз Жандосов 1908 жылы күзде 8 жаста Верный ерлер гимназиясының дайындық бөліміне түседі. Ол бар ынтасын гимназияда сабақ оқуға арнайды, талантты, дарынды болған.

Ораз гимназияда оқып жүріп Тоқаш Бокинмен, Мұхамеджан Тынышбаевпен, Михаил Фрунзе, Жұбаныш Бәрібаевтармен танысады және революция ісіне араласады. Бала Ораз гимназиядағы әскери тәрбие мен пән негіздерін үйренудегі үлкен жетістігі үшін 1916 жылы Петербургтегі патша Романовтар әулетінің тойына қатысады. Салтанатты шеруден кейін екі күн Петербургте болған жетісулық гимназистермен бірге Ораз да қаланы саяхаттап, көптеген тамаша жерлерін көрген. Эрмитажда болып, көптеген ұлы мұраларды көрген гимназист Ораз көптің ішіндегі жалғыз қазақ баласы болған екен. Тіпті гимназияда оқып жүріп-ақ 1916 жылдың жазында Үшқоңыр-Жайылмыс көтерілісшілерінің басшысы Бекболат Әшекеевке Тоқаш Бокиннің құпия тапсырмасын жеткізіп, Бекболат батырмен ауызба-ауыз сөйлесіп отырған. Сондай-ақ 1916 жылы 9 қыркүйегінде патша сотының кесімімен дарға асылған, Бекболат Әшекеевтің ерлігіне тәнті болады.

Ораз Жандосов гимназияны патша өкіметі құлағаннан кейін, 1918 жылы 2 сәуірде революция кезінде бітіреді де, революциялық істерге белсенді араласады. 1918 жылдың аяқ кезінде Жетісу Облыстық Ұлттар ісі жөніндегі бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Ауыл мәдениетін көтеруге, қазақ ауылдарыңда «Қосшы» ұйымын құрып, шаруашылықтарын жолға қоюға көмектеседі. Ол әдебиетті өркендетіп, баспасөзді жандандыруға атсалысады. «Садақ» сатиралық журнал қызметкерлерімен байланыса отырып, 1917 жылдың өзінде-ақ буржуазияның көсемдерін, молдаларды әшкерелейтін түрлі мазақ суреттер салып жариялап отырған. Осылайша ол суретшілік дарынымен де ерекшеленген. (2009 ж. «Жетісу» газеті Баймолда Мусиннің «Халық перзенті мақаласы») 1919-1920 жылдары Ораз Жандосов Түркістан коммунистік партиясында мұсылмандардың облыстық бюросының төрағасы болады.

1920-1922 жылдары Жетісу облысының соғыс – революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарып, жер-су реформасын жүргізуге белсене қатысады, отаршылдардың қолында болып келген жерлерді, елдің бәріне әсіресе кедейлерге теңдей бөліп беріп, қазақ ауылдарын кеңестендіру, әрбір ауылда өзінің мектебі, шағын емханасы, қызыл отауы болуы қажеттілігін насихаттайды сол үшін аянбай қызмет етеді. Қазақ халқы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысып, жерді өңдеп, үй салып отырықшылану керек деген пікірді анық айтқан. Ол ел аралап кімнің бай, кімнің кедей екенін зерттеп білген. Бұл жылдарында Ораз Жандосов қазақ ұлтының болашағын социалистік жаңару жолынан іздеген қазақ коммунистері Т. Рысқұлов, С. Сейфулин, С. Қожанов, С. Садуақасов, С. Меңдешовтермен бірге өткізген екен. Ораз Жандосов 1917 жылдың соңында «Көмек» кейіннен «Ұшқын» атты (қазіргі « Жетісу») газетін шығаруға бастама көтеріп, « Көмек» газеті редакторының міндетін қоса атқарады. 1924 жылдың сәуір айында Ораз Жандосов Қазақстан өлкелік партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне келді. 1927 жылдың желтоқсанында Қазақстан халық ағарту комиссариатының басшылығына ауыстырылады. 1931 жылы Қазақстан халық концтовар кеңесіне хат жазып, Қазақстанда республикалық мемлекеттік кітапхананың, қазіргі Ұлттық кітапхананың ашылуына мұрындық болған. Сондай-ақ осы кітапхананың алғашқы директоры болған. Кітапханаға өзі басшылық еткен жылдары жер-жерден түрлі кітаптарды, сирек кездесетін құнды деректерді жинақтап, кітапханадағы кітаптың алғашқы қорын 64 000-ға жеткізген.

Ораз Жандосов халық ағарту ісінде кітапхананың қызметі ерекше екенін түсінген ол Алматыдағы ескі қоғамдық кітапхананың мүшкіл халіне алаңдап, Қазақстан Халық Комиссарлар Кенесіне хат жазады. Өзі мемелекеттік көпшілік кітапхананың ашылуына мұрындық болады. 1931жылы, 12 наурызда Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының 10 жылдығына орай Орталық Атқару Комитетінің Қазақ АКСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасын құру туралы қаулысының негізінде кітапхана ашылып, оның алғашқы директоры болып Ораз Жандосов тағайындалады. Сол жылдың 23 наурызында бекітіліп, ережеге сәйкес 4 өндірістік – қызметтік:кітап қорын толықтыру, кітап сақтау, каталогтау, абонемент және ғылыми-анықтамалық бөлімдері ашылады. Кітапхана 1931 жылы 5 мамырынан бастап алғашқы оқырмандарды қабылдаған. Ораз Жандосов кітапхананың алғашқы ашылған бөлімшелерінен ғылыми кітаптар алдыру мәселесін көтеріп, Қазақстан Халық Комиссарлары кенесіне хат жазады. Кітапхана қорын көбейту мақсатында Мәскеу, Украина кітапханаларынан және жергілікті жерлерден кітаптар алдырады. Нәтижесінде кітапхананың алғашқы кітап қоры 64 мың дана болса, бүгінгі таңда Ұлттық кітапхананың ақпараттық ресурстар қоры 6 млн. данадан асып, әлем халықтарының 112 тіліндегі басылымдарды қамтиды. 1991 жылғы 9 қаңтарда мекемеге Ұлттық кітапхана дәрежесі берілді.

Бүгін де Ұлттық кітапхана Республика кітапханаларының ғылыми-зерттеу және ғылыми- әдістемелік орталығына Қазақстан баспа басылымдарының міндетті данасының, Қазақстанда қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялар авторефераттарының депозитарийіне айналып отыр. Сонымен қатар, сирек кітаптармен қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған 12 ғасырда куфа калиграфиясымен жазылған «Құран», парсы классигі Фирдоусидің «Шахнама» атты әйгілі туындысының шағатай тіліндегі (1721-1723ж-ж. )аударма нұсқасы, ЮНЕСКО-ның « Әлем жады» бағдарламасы бойынша Халықаралық тізімге енген Қ. А. Яссауидің және С. Бақырғалидың ерекше құнды жазба мұралары – Ұлттық кітапхананың мақтанышы. Жалпы кітап қорының ішінде «Қазақстантану» электронды жиынтық каталогі арқылы халықаралық кітапханалық кеңістіктегі әлем пайдаланушыларына ұлттық мәдени жазба мұраны жеткізуші әлемдегі ең ірі кітапханалардың біріне айналды. ( «Мемлекет және Ұлттық кітапхана» журналы) Міне, Ораз Жандосов Қиқымұлының есімі мен ұлт тарихындағы атқарған істеріне үлкен құрметпен қарап, мақтанышпен еске аламыз. Әсіресе, 1930-1933 жылдардағы қазақ халқының басына төнген аштықпен күреседі.

Жүсіпбек Арыстановтың жазуынша, Балқаш ауданында 1930 жылы аштықтан қырылған халық көтеріліске шыққанда екеуі елмен кездесіп, түсінік жұмысын жүргізу үшін сол ауданға барады. 1932-1933 жылдың қысында Сарысу өзені бойындағы ел аштықтан қырылғанда Ораз Қиқымұлы оларды көшіріп, Жамбыл облысындағы Байқадам ауылына жеткізуді ұйымдастырып, ажалдан арашалайды. Осы сапарда Ораз Жандосов Қиқымұлы қыстыгүні ақ қар, көк мұзда ат үстінде 1500 шақырым жол жүрген екен. Айта берсе, революционер, қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың халқына еткен қызметі өте көп. Ол 1933-1934 жылдары Кеген ауданына аупарткомның 1- хатшысы қызметіне жіберіліп, сонда қызмет еткен. 1916жылғы көтеріліс құрметіне Кеген аумағындағы Ереуілтөбе ескерткішін орнату Ораздың ұйымдастыруымен іске асқан. Кеген аумағындағы қызметінде де жергілікті адамдармен жақсы тіл табысып жұмыс істеген ол бір жылдың ішінде ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайын едәуір жақсарта алады. 1935 жылы ол Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалып, қайтадан Алматыға оралады. Ораз Жандосов осы қызметін де ойдағыдай атқарып, «Семиречи» деген атауды Жетісуға, қаланың «Верный» атын ежелгі тарихи есімі Алматыға ауыстырылуы Ораз Жандосовтың қолымен атқарылғандығы туралы жазушы Д. Снегиннің жазбаларында айтылған екен. Ораз Жандосов қызмет еткен жылдарында әсіресе Алматы облысының да, бүкіл елдің де экономикасы мен мәдениетінің көтерілуіне, халықтың тұрмысының жақсаруына үлкен еңбек сіңірген Қазақ халқының бақыты жолындағы күрескер О. Жандосов сол кездегі өкімет басшыларына нақты-нақты ұсыныстар қояды. Әсіресе, жер, оқу, білім, бостандық мәселелері. Бұл кезде Ленин қайтыс болып, барлық билік өзіне тиген соң Сталин 1925 жылдың қыркүйегінде Қазақстан басшылығына белгілі төңкерісшіл Ф. Голощекинді жібереді.

Желтоқсан айында Қазақстан өлкелік партия конференциясы өтеді, сол конференцияда О. Жандосов баяндама жасап, қазақ елінің мұң-мұқтажын айтады. Осыдан кейін-ақ ол қудалана бастайды. Ораз Жандосовқа тағылған айып: « Кеңес өкіметін құлатып, буржуазиялық өкімет орнату мақсатындағы ұлтшыл, контрреволюциялық ұйымның мүшесі», Жапон шпионы т. б. Оның қашан, қай күні, қай жерде мерт болғанын анықтау Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң ғана мүмкін болған екен. Ол жаламен Қазақстанда алғаш тұтқындалған және алғаш атылғандардың бірі болғаны анықталған. 1938 жылдың 3 наурызында Алматыдағы НКВД түрмесінің жер асты қабатында атылып, Іле ауданындағы Жаналық ауылының жанындағы терең жыраға көмілгендігі Ерғали Ахметтің Ораз Жандосов туралы жазған еңбегінде айтылған. ( Е. Ахмет, « Мұқағали» журналы, № 11 ( 47) қараша 2009ж. ) Қалай болғанда да Ораз Жандосов – туған халқын жақсылыққа бастау жолында жан аямай арпалысып, елім деп өткен ер екені даусыз. Даңқты да атақты тарихи тұлғаға жазықсыз жабылған жаламен сотталған үкімі күшін жойып, 1956 ( кей деректерде 1957) жылы толық ақталған. Ақиқатында Ораз Жандосов бейнесі бұл өмірде біз үшін жарық жұлдыз болып жанып тұрады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар