«Бақытты болу үшін бақытсыз болу керек емес. Бақытты болу үшін алдымен бақыттың не екенін білу керек. Егер адамның бақыттың не екенінен хабары болмаса, ол алтынның үстінде отырып аштан, судың үстінде отырып шөлден өледі»
Бақытты болу үшін бай немесе кедей болу қажет емес. Кез-келген адамды бақытты ететін - Отбасы-ошақ қасы. Ата-анаң, бауырларың жаныңда болса онан асқан бақыт жоқ деп білемін. Таңның атысымен еркелетіп оятып, мейірлене қарайтын жылы жүзді жанарлардың болуы қаншалықты керемет екенін білсеңіз ғой. Ата-ананың сүйіспеншілігі, бауырлардың қамқорлығы бәрі-бәрі адам жанын рақатқа бөлейтін сезімдер ғой, шіркін!
Отбасымыздың ардақты да, аяулы асыл жандары атамыз бен әжеміз. Қазақы болмысты, өжеттілік пен даналықты бойымызға дарытатын көпке үлгі атамыз. Өз кезегінде әрқашан қолдау көрсетіп, тәлім-тәрбие беретін нар тұлғамыз!
Әжетайым ең жақсы адамым! Шыр етіп мына өмірге келген күннен-ақ ерекше қуанып, бауырына басып балам балым, немерем жаным деп жанымды күзеткен аяулым... Мен үйде ең алғашқы немере болдым балалық шағымда барлық назар менде болды. Тәй-тәй басқаным, былдырлап сөйлегенім бәрі үшін жаңалық болған тәп-тәтті сәбимін мен. Әжем туғанымнан бәрінен артық жақсы көріп, еркелетіп бар жақсыны алып беріп өсірді. Туғаннан баққан артық деген сөзге толықтай дәлел бола аламын. Анамды ерекше сыйлап, жақсы көремін. Өмір сыйлағаны үшін өтелмейтін қарызымның барыда рас! Бірақ әжемнің менің өмірімде орны бөлек. . .
Әке деген асқар тау негіз қуат,
Ақ сүт берген анашың егіз бұлақ.
Алладан соң ата-анаң разы болса,
Алдыңнан ашылады сегіз жұмақ.
Асқар тауым әкешім, арқа сүйер тірегім. «Әке»деген сөз қандай ыстық десеңші! Ойыңа алған бойда өзіңше марқая кетесің. Кеудеңдегі қорқыныш атаулының барлығы әп-сәтте басыла қалады. Арқаңда асқар таудай әкеңнің бары үлкен сенімділікті оятады. Отбасын асырап, бар ауыртпашылықты көтеріп, балаларына тәлім-тәрбие беруде әке атаулының орны ерекше.
Әлемдегі ең керемет атау-«ана». Адамзат үшін оның қадірі мен қасиетін түсініп біту мүмкін емес. Алғаш көзіңді ашқан кезде бауырына басып, түн ұйқысын төрт бөліп, баласы үшін жанын беруге дайын ананың махаббаты мәңгілік. Бүтінін беріп жартысын алған, барын беріп жоғына қанағат тұтқан да анамыз. Әкеміздің қабағын бағып, шаңырақтың берекесі болып отырған да анамыз. Жаратушы ана жанын нәзік, жүрегін берік етіп жаратқан.
Бауыр деген аты ерек расында,
Бауырыңды төмендетпе басынба.
Бәлкім досың қашар бір күн қасыңнан,
Ал бауырың мәңгі қалар қасыңда.
Бұл өмірде барлық адамға бауырдан асқан жақын жан табыла қоймасы анық. «Ет пен тырнақ ешқашан ажырамайды»деген сөзде түсіне білген адамға үлкен мағына жатыр. Бұл сөзде бауырға деген шексіз махаббат бар. Расыменде, бауырларымызбен қанша ұрсысып, бір-бірімізді ренжітсекте ол реніш көп өтпей ұмыт болады. Мен үшін әлемдегі ең керемет уақыттар бауырларыммен өткізген жарқын сәттер. Әлемдегі махаббат атаулысының бірі әрі бірегейі бауырлар арасындағы махаббат. Бұл сезімді сөзбен жеткізе алмайсың. Мен бауырларымды өте қатты жақсы көремін.
Мен сипаттап берген осы жандар менің тағдырымның ең қымбат сыйлары. Сізде өз отбасыңызды сүйіңіз, құрметтеңіз. Жаратушы сыйлаған ең қымбат дүниеңізді бағалаңыз. Отбасымыз-тірегіміз, алынбас алтын қамалымыз. Мен осы алтын қамал ішінде өз бақыт мекенінде өмір сүріп жатқан ең бақытты жанмын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі