Өлең, жыр, ақындар

Ақмарқа (әңгіме)

Айбар қойшы бала. Мектептен келе сала, қоржынының бір басына кітабын, бір басына сусынын салып алып, өрістегі ағасына ауысымға барады. Бүгін де міне кең даланы жаңғырықтыра əндетіп өріске жетті.. Сүмбенің сұлу Шоқылары мал жаюға ыңғайлы, көгалды беткей. Тасжарған мен қарақат, итмұрын мен жуа, алабота мен сүттіген сыңсып тұр.

— Неге сонша кешіктің? Сабақтан қалатын болдым ғой? — деген ағасы Азамат, кітаптарын арқалап ауылға қарай жүгіріп кетті.

Күніге осы, отыз шақты майда тұяқтыны ағасымен кезектесіп бағып жүргені. Ең жақсысы жаз ғой шіркін! Қойды жайлаудағы малшыларға қосып, үйде армансыз ойнайтын. Əй, бірақ үйде де тірлік шаштан көп.. Жаз бойы жеміс теріп, қақ жаяды, одан қалды сатуға алма-өрік тереді.

Ағасын көзімен ұзатып салған Айбар, қойларын бір түгендеп алып, кітап оқуға кірісті. Ол Сəбит Мұқановтың "Балуан Шолағын" осымен үшінші мəрте қайталап оқуда. Әсіресе "Балуан шолақ" атанатын Түйе балуанмен күресетін жерін, ерекше сүйіп оқиды. Қиялында өзі де сансыз Түйе Балуандарды жеңіп, халықтың қошаметіне бөленіп жүреді. Шіркін, мен де үлкен қалаларда қара күштен өнер көрсетсем..! Кенет арқасы жыбыр ете қалды. Жалт қараса өзінің Ақмарқасы екен.

— Ақмарқам менің! Мені сағындың ба? Саған қант əкелдім. Міне, жей ғой..?! — деп  қошақанының  бұйра-бұйра жонынан сипалап қойды.

Ақмарқа да еркелеп, қантын жеп болған соң,  Айбарды мүйізімен түрткілеп ойынға шақырды.

— Ə, ойнағың келе ме?! Қуа ғой онда!

Айбар қашып, Ақмарқа қуып екеуі біраз ойнап алды. Шаршаған марқа жайылымға кетті. Айбар кітабын қолына алды. Қайтадан Балуанның өмірімен біте қайнасып, қиял көгіне шарықтап кетті...

— Ааа-ууу!  Бүркіт, бүркіт! Мен Сұңқармын! Естіп тұрсың ба? — деген дауыс əлгінде түсінде айқайлап жатқан секілді еді. Көзін ашса ағасы. Төбесінен төніп тұр.

— Оу қойшы мырза! Қойларың қайда? Не жатыс мынау?

Атып тұрып айналаға қанша қараса да қойлары көрінбеді. Шошып кетті! Қойларды біреу айдап əкетсе ше?!

— Мен, мен... Байқамай ұйықтап қалыппын. Енді қайталанбайды. Қойларды бірге іздейікші аға?- деді Айбар, қызарып батуға айналған күнге қарап.

— Өзің жоғалттың — өзің тап! Ал мен кеттім ауылға! — деді ағасы қатулана. 

Мынандай уақытта далада қалу қауіпті. Сəлден соң-ақ айнала қою қараңғылыққа оранады. Ең дұрысы ағасынан ажырамау.

Артынан салып-ұрып дедектеп келе жатқан інісіне ұрлана қараған Азамат, жымиып қойып жүрісін үдете түсті. Арасында "қал осында", "отарды ізде" деп қойып, өзі тоқтамастан тездете түседі. Əне-міне дегенше ауылға да кеп қалды. "Əкем ұрсатын болды-ау" — дегенше болған жоқ, Ақмарқа алдынан атып шықты.

— Өй Ақмарқа! Сен қайдан жүрсің? — деп ағасына қараса, күліп тұр..

— Ақмарқа құрлы ақылың жоқ! Кеш бата салысымен өз қораларына мал екеш мал да қайтады емес пе?! Ал сен жүргенің сол кітабыңды құшақтап, қиялға беріліп— деп ағасы біраз сөзбен шымшылап алды.

— Жə, жетер! Өзің мүлдем кітап ұстамайтындай? Кітаппен дос болғанның жаман болғанын байқамадым. Тек сақтықты ұмытпа балам! Далада ұйықтау өте қауіпті! — деді əкесі.

Содан былай Айбар да əке ақылын тыңдап, сергек болуға барын салуда...  Бірақ кітабы — ажырамас бөлігі. Онсыз еш қызық емес!

Гүлмекен Қасенбай 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер