Өлең, жыр, ақындар

Дана қыз (Көрініс)

(Көрініс)

(Сахнада ноутбукпен әлдене жазып анасы отырады. Осы кезде қызы келеді):

Айкөркем:

— Анашым, бір сұрақ қойсам бола ма?

Анасы:

— Қысқа-нұсқа болса болады.

Айкөркем:

— Сыныпта бір жағдай болып, қыздар менен төрелік сұрап келіп тұр. Сіздің алдыңызда төрелік айтсам бола ма?

Анасы:

— Бәрекелді! Мыналарың ғажап қой? Шақыр құрбыларыңды! Төрелікті көрелік, әділ баға берелік!

Айкөркем:

— Қыздар, кіре беріңдер! Анашым рұқсат берді!

Айзере:

— Амансыз ба?!

Асылым:

— Сәлеметсіз бе?

Нұрай:

— Қайырлы күн апай!

Айзере:

— Айкөркем, Асылым менің сөмкемді жыртты! — деді ызаға булығып.

Асылым:

— Әдейі жыртпадым! Абайсыз тұрғанда артымнан әлдекім итеріп қалып, құлап бара жатып Айзеренің сөмкесіне жабысып, жыртып алдым.

Айкөркем:

— Итерген кім?

Асылым:

— Нұрай!

Айкөркем:

— Неге итердің?

Нұрай:

— Кешіріңдерші қыздар! Абайсызда аяғым әлденеге шалынып, Асылымды иығыммен қағып жібердім. Енді байқап жүрем!

Асылым:

— Сен кеше де солай істедің? Күніге шалына беруің мүмкін емес!

Айкөркем:
— Уа, құрбылар!«Балалық — бассыздық!» — дейді үлкендер. Ақылды қыз болса, жәй тұрған Асылымды Нұрай итермеген болар еді. Асылым да қызық! «Жығылғанды жер көтереді!» Сөмке — зат. Зат — көп, ақша — қат! «Кісі киімі — кіршең, заты — бүлінгіш» келетінін білмеген бе? Жаратқанның жеріне қос қолын тірей құласа, қақ жарылмас еді ғой?! Айзерені де жақтамаймын. Сөмке — дүние! Дүние — адамнан құнды емес! Бірден көз жасына ерік бергенше, неге кешіріп, сабыр етпейді?!

Айзере:

— Жай сөз ешнәрсені шешпейді! Ақшасын төлесін! Анама не деймін? Ұрсады ғой? 

(Айкөркем сөмкені қолына алып, асықпай қарап шығып):

— Мына сөмке ары кетсе қара базарда бес мың теңге тұрады. Жыртығы тігістен кетіпті. Демек тігуге болады. Асылым үйіне ала кетіп, тігіп берсін. Анасы көмектесер. Ал Нұрай екі құрбысына екі шоколад алып берсін. Тәтті — көңілді көтереді, осылай араздық өтеледі! Келесі жолы ешкімді итермейді, ешкімге тимейді! Енді тисе жаза күшейеді. Құн — молаяды! Жалғыз Нұрай ғана емес, бұл сөз барлығымызға тиесілі.  Не дейсіңдер?

Айзере:

— Әділ шешім! Мен разымын!

Асылым:

— Мен де!

Нұрай:

— Жарайды. Бірақ тәттіні ертең алып берейін?

Бүгін ақшамды жұмсап қойдым.

Асылым:

— Айзере, сөмкеңді босатып бер!  Әдемі ғып тігіп әкелейін?!

Айкөркем:

— Қыздар, шешімге барлығың разысыңдар ғой? Ешкімде реніш жоқ па?!

Барлығы бірдей:

— Реніш жоқ, разымыз! — дейді.

Анасы орнынан тұрып, Айкөркемнің қасына келіп, маңдайынан сүйеді.

Анасы:

— Ақылдым сол! Данагөйім, Данагүлім! Айкөркемім?! Дау шешкен ақылыңнан айналдым!  (Қыздарға қарап):

— Құлыншақтардан айналдым! Аналарыңа мың алғыс! Сендер секілді сөзге тоқтайтын текті қыздарды тәрбиелегеніне! (Өз-өзіне күбірлеп):

—  Ееее, шүкір Жаратқан Ием! Бар екен ғой ертеңгі текті аналар?! Шүкір, шүкір! (Қызына қарап):

— Айкөркем,  құрбыларыңа шай бер! Жүріңдер қошақандар! Тәттілеп шай берейін?!

Айкөркем:

— Алақай! Жүріңдер қыздар?!  Менің анамның шайы өте дәмді.
(Қыздар жымыңдап, қуана-қуана Айкөркемнің соңынан кетеді.)

Г. Қасенбай 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер