Өлең, жыр, ақындар

Нәтижелі сабақ (Көрініс)

(Көрініс)

(Сахнада анасы мен қызы сөйлесіп отырады.)

Қызы:

— Мам, бүгін бізге мектепте бір мұғалім өз-өзінен ұрысты.

Анасы:

— Ешкім өз-өзінен ұрыспайды. Не бүлдірдіңдер?

Қызы:

— Қоңырау кезінде аулада баскетбол ойнап жүргенбіз. Жақында жарыс қой. Терезені ашып «Кір сыныпқа» — деп айқайлап берді.

Анасы:

— Қазір білеміз! (Телефонын алып, сынып жетекшісіне қоңырау шалады.)

— Ало, Сағила Саятқызы! Кешіріңіз? Айсауленің мәселесімен қоңырау шалып тұрмын. Мектепте қашаннан бері доп ойнауға тиым салынатын болған?

— Тиым салынбаса.. неге кей мұғалімдер үзіліс кезінде қызыма доп ойнатпайды? Сабақ арасында сергігенде тұрғанда не бар?

— Ааа, солай ма? Кешірім өтінемін сізден! Жақсы, өзім сөйлесемін бұл қызбен. Екінші қайталамайды. Тағы солай істесе, бірден маған қоңырау шалыңыз?! Рақмет. Сау болыңыз!

(Қызына қарап)

— Сен қазір не істегеніңді білесің бе?

Қызы:

— Не істеппін анашым?!

Анасы:

— Абыройымды түсірдің. Қызына дұрыс тәрбие бере алмайтын, сәл нәрсеге сөзін сөйлеп шыға келетін, жексұрын ана қылып көрсеттің.. (Қабағын шытып отырып қалады.)

Қызы:

— Анашым, жетекшім не деді?

Анасы:

— Не деуші еді? Келіңіз де камерадан көріңіз. Қызыңыз қоңырау соғылып, сабақ басталып кеткенде ойнап жүрді. Сонымен қоса мүлдем сабаққа дайындалмайды. Барлық мұғалімдер ескерту жасап жатыр — деді. Өзің нашар оқисың. Соныңмен қоймай мұғалімдерді қаралап, өсек айтып келіп отырсың?! Қызым, мен сені осылай тәрбиеледім бе? Әлде сені шектен тыс қорғаштап, өзімшіл қылып жібердім бе? Қай жерден қателестім...?! (Маңдайын ұстап, мұңайып отырып қалады.)

Қызы:

— Анашым, мені кешіріңізші?! Мұғалімдер үнемі Балжан, Айгерімдерді мақтай берген соң, ашуланып кеттім.

Анасы:

— Ал сен назар аудардың ба? Оларды не үшін мақтайды? Олардың қандай артықшылықтары бар?

Қызы:

— Сабақ айтқандары үшін. Үй тапсырмасын артығымен орындап келгендері үшін!

Анасы:

— Көрдің бе, қызым? Ал сен неге сабақ айтпайсың?

Қызы:

— Өйткені сабақты түсінбедім.

Анасы:

— Неге дер кезінде сұрамайсың? Неге маған айтпайсың? Ютубта кез-келген сабақ толып тұр. Неге көріп, түсініп алмайсың? Қызым, егер сенен біреу озып бара жатса, ол адамды жек көрудің қажеті жоқ!

Қайта зертте? Неге сенен алда? Қай қасиеті жақсы? Тексер. Солардан артық болуға ұмтыл! Бұдан былай сенің сөзіңді сөйлемеймін. Әр қиындығыңды өзің шешіп үйрен! (Анасы тұрып кетіп қалады.)

Қызы: 

— Анашым! Мені кешіріңізші..?!  Екінші олай қайталамаймын?! Анашым...?! (Соңынан кетеді)

Автор:

Арада жылдар өтті. Айсәуле бүгінде озаттар қатарында. Ол қазір әр сөзін ойланып сөйлейтін болған. Бос уақытында қолынан кітабы түспейді. 

(Сахнаға Анасы шығады.)

Анасы:

— Айсәуле, ай-Айсәуле!

Қызы:

— Ау, анашым?! 

Анасы:

— Келе ғойшы қызым. (Айсәуле келеді. Қолында кітабы бар. Анасы құшақтап бетінен сүйеді.)

— Ақылды қызым менің!  Бүгін жетекшің хабарласты! Сені әбден мақтады. «Алтын белгіге» үміткер екенсің ғой? Маған неге айтпадың?

Қызы:

— Анашым, сізге тосын сый жасайын дегем. Ұстазым айтып қойыпты ғой?! 

Анасы: 

— Құлыным сол! (Құшақтап, бетінен сүйеді)

Әкең саған үздік бітірсе, қалаған затын әперемін деген. Не қалайсың?

Қызы:

— Алдымен, сіздердің амандықтарыңызды қалаймын! Сосын жаңа үлгідегі ноутбук қалаймын. Қазіргісі ескіріп кетті.

Анасы: 

— Жүре ғой, ботам!  Әкеңе ұнатқан ноутбугіңді көрсетейік?!

(Екеуі сахнадан кетеді.) 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер