Өлең, жыр, ақындар

Әулиелер кереметі

Қармақшы топырағында өмір сүрген әулие-әнбиелер көп болған. Мұнда түркі жұртының абызы Қорқыт атаның, діни қайраткер Марал, Қалқай ишанның, немерелері Тобағабыл, Оспан, Мамырбай, Алдажар ишанның, Әбдірахман мақсұмның баласы Әмит ишанның және олардың ұрпақтары Қауыс және Ысқақ ишанның кесене-бейіттері бар. Бүгін біз осы қасиетті бабалардың ішінен Оспан ишанға жеке тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.

«Марал баба» қорымының шырақшысы Бекболат Ералиевтің айтуынша, Оспан ишан ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген.

— Той-садақаларда ишанның адамшылығын, кереметтерін көнекөз қариялар тамсана айтып отыратын. Тіпті ол атасы Марал бабаның кереметін де қайталаған, — дейді шырақшы.

Ел аузындағы дерекке сүйенсек, бір күні ілімді, аузы дуалы сегіз әулие Марал ишанмен бірге сапарға шығады. Қараөзек пен Сырдарияның түйіскен жері Ашаға келіп тоқтапты. Арасынан біреуі Марал бабаға қарап: «Аллаһ сізге зор кереметті, мол қасиетті берген еді, айтыңызшы, тақсыр, мына өзеннің арғы бетіне қалай өтеміз?» — депті. Сонда баба оларға: «Көздеріңді жұмып, аттарыңа қамшы басып, ізімнен еріңдер. Бірақ көздеріңді ашушы болмаңдар», — ­ деген. Дарияның қақ ортасына жеткенде біреуінің көкейіне күдік ұялады ма, әлде ишанның кереметін көзімен көргісі келді ме, көзін ашып қояды. Марал ишан мұны сезіп, артына қараса, әлгі атынан құлап бара жатыр екен. Жалма-жан көтеріп алып, қайта орнына отырғызған екен. Сонда «Сендерге көздеріңді ашпа демедім бе?» — депті. Діттеген жеріне жеткенде көпшілік «Дариядан қалай өттіңдер?» — деп сұрағанда, бабаның жанындағылар «Әуелі Құдайдың құдіреті, екінші Марал ишанның дұғасының арқасы», — депті. Кейіннен осы кереметті немересі Оспан ишан да қайталаған. Дарияның үстінен, яғни судың бетімен жүріп өткен екен.

Шырақшы Б.Ералиев Оспан ишанның боқтампаз болғанын айтады. Ауызынан боғауызы түспейтін әулиені талай молдасымақ мұқатып, сынағысы да келген екен. Алайда олардың онысынан түк те шықпаған.

Бірде Оспан ишан кемпіріне: «Ас-суыңды әзірлеп қой, мені «тәртіпке» салайын деп біреулер келеді», — депті. Ишанның жүрегіне Құдай алдын ала сездірген ғой, үйіне бір топ адам келе жатыр екен, арасында Қалжан ахун бар. Сөйтсе, шариғатты ішіп-шайып алған бес-алты молда Қалжан ахунды қайта-қайта ортаға алып: «Оспан деген өзі ишан бола тұра, аузы лас, екі сөзінің бір боғауыз. Бұл шариғатқа қайшы. Сіз болып, біз болып боқтығын қойдырайық», — деп маза бермепті. Қалжан ахун амалсыздан олардың дегеніне көніп, іздеріне ерген екен. Сонымен, қонақтар да ишанның қонысына жетті. Қалжан: «Ассалаумағалейкүм» деп атынан түсе бергенде Оспан ишан аяғын жерге тигізбестен Ахунды көтеріп алды да: «Жоғарыға қара» — депті. Содан кейін аяғынан ұстап, басын салдыратып қойып: «Енді төменге қара» — деген. Екеуінде де «Қарадым, түсіндім», — дей берген Қалжан ахунды жерге түсіріпті. Сонда ишан: «Қалжан, сені ахун-ахун дегенге еңгезердей біреу екен десем, қаңбақтай адам екенсің ғой», — дейді. Содан кейін бес-алты молдасымен Қалжан ахун үш күн, үш түн ишанның уағызын тыңдап, рухани сусынын қандырыпты.

Қайтар жолда молдалар Ахунға: «Сізбен бірге ишанның боқтығын қойдырамыз деп келіп едік. Ол туралы неге бір жақ ашпадыңыз», — дейді. «Е-е, сендер ештеңе түсінбеген екенсіңдер. Ол мені көтеріп алып жоғарыға қаратқанда көзіме жәннатты көрсетті, төменге қаратқанда тозақты көрсетті. «Саған осы екеуінің қайсысы керек?» — деп сұрады. Ол кісі ілімді, оған боқтап сөйлеуге болады екен», — деп жауап береді Қалжан ахун.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз