Өлең, жыр, ақындар

Мысық пен жолбарыс

Ауылдың сыртында бір шаруа жер жыртып жүреді. Қара жұмысқа жегілетін үй жануарларымен қоса мысық та осында келеді. Жұмыс енді қызып жатқан шақта ол орман шетінде шегіртке мен көбелек қуып, қызыққа батады. Сол сәтте орман маңынан бір жолбарыс өтіп бара жатады. Ол мысықты көріп таңғалып:

— Бауырым, сен біздің тұқымнансың-ау деймін, бірақ сен неге мұнша кішкентайсың? — деп сұрайды.

Қу мысық қайғы-қасірет шеккен мүсәпір бола қалып:

— Еһ, ұлы мәртебелі аңдардың патшасы, адамдармен бірге тұрудың қандай ауыр екенін білсеңіз ғой! — дейді.

— Саған қысым көрсетуге кімнің қандай қақысы бар? Көрсетші маған сол адамды, мен оның сазайын тартқызайын, — дейді жолбарыс.

Мысық жолбарысты жер жыртып, соқаның артында жүрген шаруаға алып келеді.

Жолбарыс: — Ей, адам, сен неге менің туысқаныма жәбір көрсетесің? Сенің алдыңда неден жазықты болды ол? Мінеки, мен сол үшін сенімен шайқасқалы тұрмын, — дейді жолбарыс.

— Мархабат, тек мен күшімді үйге тастап кетіп едім, жүгіріп барып алып келе қояйын, сосын шайқасамыз, — деп жауап береді шаруа.

— Мақұл, бар, мен сені күтемін, — дейді жолбарыс.

— Ал сен алдап аяқ астынан бір жаққа кетіп қаларсың, мен ары-бері жүгіріп жүргенде. Мен ауылға барып келемін дегенше, сені мына ағашқа байлап кетейін, күшімді әкелген соң, екеуіміз күш сынасамыз, — дейді шаруа.

— Жарайды, — деп келіседі жолбарыс.

Шаруа оны жуан арқанмен ағашқа байлайды да, өзі орманға барып шетеннен мықты келтек кесіп әкеліп:

— Міне, менің күшім! — деп жолбарысты ұра бастайды.

Жолбарыстың ыңыранғаны сонша, жер-жаһанның оған жаны ашығандай еді. Бірақ адам оны бүйірі жаншылғанша ұрып, сосын ғана босатып:

— Өзіңе қатыссыз іске араласушы болма! Бар енді, мақтанғың келген жерде мені есіңе алуды ұмытпа! — дейді.

Жолбарыс шығарда-шықпас жаны бар, сүйретіліп әрең кетеді. Жолда мысықты көріп, ауыр күрсініп алады да, ыңырсыған үнмен:

— Мынандай хайуанның қол астында жүріп осынша дәрежеге дейін өсіп жүрген сен, бауырым, мықты екенсің, — деген екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер