Зал мерекеге сай безендірілген. Көңілді музыка ойналуда.
Жүргізуші:
Армысыздар, құрметті әріптестер, сүйкімді біздің бүлдіршіндер! Бүгін қазақ елінде үлкен той, яғни «1 – Мамыр – Халықтар достығы» күні. Біздің Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тұрады. Олардың бәрі де бір кісінің баласындай өте тату, бір үйдің жандарындай бірлікте тұрады.Сондықтан да біздің Қазақстан үнемі аршындап алға басып келеді.
Құрметті көрермендер, ата-аналар! Сіздерді Ұлы той – 1 – Мамыр Халықтар достығы күні мерекесімен құттықтаймыз! Мереке күнгі салтанаты мызға қош келдіңіздер!
Жан біткенді қуантып,
Гүлін өпкен, Мамырым.
Мейірімге құмар қып,
Нұрын төккен, Мамырым.
Кеші – күлкі, таң мың ән,
Бағын құрған, Мамырым.
Кілем жайып шалғыннан,
Сағындырған, Мамырым!
Берекесін мың құттың,
Анық көрген, Мамырым.
Мерекесін бірліктің,
Алып келген, Мамырым.
Гүлін ырғап жайнаған,
Мың құбылған, Мамырым.
Түрлі құстар сайраған,
Жырлы думан, Мамырым.
Мерекеге дөп келдің,
Мақтан етем, Мамырым.
Соңғы айысың көктемнің,
Әттең...әттең, Мамырым!
И. Нүсіпбаевтың «Мамыр келді, май келді» әні орындалады.
Жүргізуші: Қане, балалар, енді кім тақпақ оқиды?
Оқушылар мерекеге арнап тақпақтар оқиды.
1 – бала:
Мамырым арайлы,
Күн күліп қарайды.
Сағынып сен келдің,
Қош келдің, жарайды!
2 – бала:
Жасантып алаңды,
Жасартып ғаламды.
Мамырым, тұр бүгін,
Құшаққа ап даламды.
3 – бала:
Тау, дала гүлденіп,
Өзгеше түрге еніп.
Сайрайды құс біткен,
Бір ұшып, бір қонып.
4 – бала:
Айы бұл – шындықтың,
Айы бұл – тың құттың.
Айы бұл – достықтың,
Айы бұл – бірліктің.
5 – бала:
Құйып сан баққа нұр,
Әр жанды шаттандыр.
Қазақтың жеріне,
Төрлеші, Ақ Мамыр!
6 – бала:
Басылмай арының,
Жайылсын жарығың.
Көгершін самғасын,
Әуеңде, Мамырым!
7 – бала:
Шуағы жағымды,
Нұрлантқан таңымды.
Жарты әлем тойлайды,
Бірінші Мамырды!
Жүргізуші: Өте жақсы, балалар! Өлеңді мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыдыңдар! Енді мен сендерге мынадай сұрақтар қоямын. Мұқият тыңдаңдар!
Жомартпын, бай елмін,
Үлгіге сай елмін.
Достықты ту еткен,
Айтыңдар, қай елмін?
Балалар: Қазақстан! Қазақстан!
Жүргізуші:
Шығатын мыңдап ер,
Талғамды, ынталы ел.
Алыптың мекені –
Табыңдар, бұл қай ел?
Балалар: Қазақстан! Қазақстан!
Жүргізуші:
Әскері қырағы,
Жігерлі ұланы.
Алтай мен Атырау
Арасы – тұрағы.
Бұл қай ел?
Балалар: Қазақстан! Қазақстан!
Жүргізуші: Кең байтақ қазақ елінің өздеріңіз айтқандай, жері бай, елі –жомарт екен. Жер аумағының үлкендігі жөнінен әлемде тоғызыншы орында. Халқының саны – 16 миллионнан астам. Мұнда 134 ұлт пен ұлыс тату – тәтті тұрады. Бүгін біздің мерекемізге бірнеше ұлт өкілдері қонаққа келіпті.
Ұлттық киімдерін киген бірнеше ұлт өкілдері ойнақы музыка әуенімен ортаға шығады.
Жүргізуші (ұлт өкілдеріне қарап): Мақсатымыз?
Ұлт өкілдері: Достық!
Жүргізуші: Ұранымыз?
Ұлт өкілдері: Қазақстан алға!
Жүргізуші: Туымыз?
Ұлт өкілдері: Шапағын шашқан Күн! Қыранды көк байрақ!
Бәрі Қазақстан туралы ән айтады.
Қырғыз:
Аймағы шат, ырысты ел,
Тау, құмды өлке, күміс көл.
Кең жайлауда бір жүрген,
Қазақтарға туыс – мен.
Ол қырғыздың бір әнін орындайды.
Ортаға өзбек шығады.
Өзбек:
Ұқсас түрім, тілім де,
Ұқсас салтым, дінім де.
Достығымыз мызғымас,
Жалғасып тұр бүгінге.
Ол сазды әуенмен «Өзбек биін» билейді.
Орыс:
Куәсіміз көп істің,
Қиын шақта болыстым.
Қазақтармен көршілес
Өкілімін орыстың.
Тақпағын айтып болған соң, орыс тілінде бір ән орындайды немесе би билеп береді.
Грузин:
Доссыз жүрсем, ауырам,
Дос келсе егер, сауығам.
Тбилиси – астанам,
Келдім мен Қап тауынан!
Бұл ұлттың өкілі «Лезгин биін» билейді.
Түрікмен:
Тәуелсіздік тұғырым,
Сыйлағанның құлымын.
Қазақстан көрші елім,
Мен түрікмен ұлымын.
Түрікменше ән орындайды.
Әзірбайжан:
Ортақ бізге әр ай, күн,
Достықты мен қалаймын.
Елім Әзірбайжанда,
Ассалаумағалейкум!
Отырған халыққа иіліп сәлем береді. Әзірбайжан дайындап келген нөмірін орындайды.
Ортаға тәжік халқының өкілі шығады.
Тәжік:
Астана мен Алматым,
Душанбедей жаннатым.
Дәмі тілді үйірер,
Шырын қарбыз, шәрбатым.
Өзімен бірге алып келген қауын, қарбызын отырғандарға үлестіреді.
Тәжік дайындап келген нөмірін орындайды.
Украин:
Дүрдараздық – сол қайғым,
Бірлікті мен қолдаймын.
Украина елінен,
Сәлем сізге жолдаймын!
Жан жүрегі жаралы,
Ал, көңілі қаралы.
Ұлы кобзарь Тарасым,
Тапқан сізден пананы.
Ол украин биін билеп береді.
Жүргізуші:
Айымыз бір, күніміз бір,
Жүрекжарды үніміз бір.
Қара, сары, ақ түріміз бар,
Айтар ортақ жырымыз бар.
дегендей, бүгінгі мереке бәріміз үшін ортақ!
Бәрі (хормен):
— Бейбітшілік жасасын!
— Достығымыз берік болсын!
— Ел аман, жұрт тыныш болсын!
— Жойылсын соғыс!
А. Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін орындайды.
Жүргізуші:
Қыз толысып, бозбала ер жетуде,
Заманым адамзатты тербетуде.
Гүлге орансын көгілдір планетам,
Орнасын бейбітшілік жер бетінде!
Кездескенше сау саламат болыңыздар!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі