Өлең, жыр, ақындар

Жақсы көру (шағын қойылым)

(Жақшаға алынған сөздер, іс-әрекетпен көрсетіледі.)
Жақсы  көру
(Көрініс)

(Сахнада Лаура сабаққа дайындалып отырады. "Жақсы көру" әні баяу ойнап тұрады. Осы кезде Лаураның уатсабына хабарламалар келген  дыбыс шығады. Бірінші хабарлама:

- Сәлем Лау! Қалайсың? Сен олимпиадаға бармайтын болыпсың ғой? Қыздардан  естідім. Неге?

Екінші хабарлама:

- Лаура Сәлем! Сен, олимпиадаға баратын оқушылардың тізімінде жоқсың ғой? Таңғалып тұрмын...! Неге?

Үшінші хабарлама:

- Лаука! Көңіл-күйіңді түсірме! Ондай-ондай болып тұрады. Негізі Әсем де мықты оқитын қыз ғой....

(Ашуланған Лаура телефонын  тастай салып, мұңайып отырып қалады.  Гүлге су құйып жүрген анасы, қызының жыларман болып отырғанын көріп,  жанына келеді.)
Анасы:
- Қызым, сабағың қалай?
Лаура:
- Жақсы анашым! Бжб-лар басталды. Соған дайындалып отырмын.
Анасы:
- Бағаларың қандай?
Лаура:
- 8,9,10 ұпай аралас.
Анасы:
- Сегіз ұпай алмауға тырыс. Жарай ма? Мектепте ешкім ренжітіп жүрген жоқ па?
Лаура:
- Жжоооқ, бірақ...
Анасы:
- Не бірақ?
Лаура:
- Анашым,  сыныптағы Әсем маған мүлдем ұнамайды.  Екеуміз үнемі сабақ айтуға таласып қаламыз. Жақында олимпиада болады. Соған апай екеуміздің біреуімізді апаратын болған. Әсемді таңдапты... (бұртияды).
Анасы:
- Қызым, қане екеуміз ойланайықшы..?! Мұғалім не себепті Әсемді таңдады? Екеуіңнің барлық қасиеттеріңді жазайықшы..?!
Лаура:
- Біріншіден, ол жылдам және ережелерді көп жаттайды. Мен де жылдам.. бірақ одан азырақ жаттайды екенмін.
   Екіншіден, ол әдемі, тез жазады. Мен де жылдамырақ жазамын.
    Үшіншіден, ол үнемі көңілді жүреді...
Анасы:
- Ал сен ше?
Лаура:
- Мен көбінесе әлдекімдерге ренжіп, мұңайып жүретін секілдімін.
Анасы:
- Секілді ме, әлде расымен эмоционалды қызсың ба?
Лаура:
- Білмеймін.. Бірақ сыныпта қыздармен өте жиі ренжісіп қаламын!
Анасы:
- Неге? Не үшін ренжісесің?
Лаура:
- Алдында топбасшы болуға таластық. Сосын жарысқа баруға... Тақта сүртуге де таласамыз! Тақтаға шығуға да таласамыз! Барлығымыз бірдей ойлаймыз ба, білмедім...
Анасы:
- Байқасам қызым,  сенің өз-өзіңді бағалауың дұрыс емес! Үнемі "мені ешкім жақсы көрмейді!", "менімен ешкім дос болмайды!", "анау менен артық!", "мұғалім мені дұрыс бағаламады!"- деп ойлай берсең, расымен де солай болады. Ал  "мені айналамдағы адамдар түгел жақсы көреді!", "мен мұғалімдердің ең сүйікті шәкіртімін!", "менің қолымнан барлық нәрсе келеді", "мен ең озат, ең ақылды, көшбасшымын"- деп ойлап жүрсең, расымен де айналаңдағы адамдар сен туралы солай ойлай бастайды. Сенбесең, жасап көрші?!
Қызы:
- Жақсы анашым! Солай істеп көрейін!
Анасы:
- Жарайсың! Ойыңа бақылау жасауды үнемі назарда ұста! Бір сәтке де жаман ойға берілме! Сосын ренжіген достарыңды түгел кешір. Кешіру алдымен саған керек. Айналаңа жаман энергия таратқанды доғар! Бақыт тек көңілді адамды таңдайды. Есіңде болсын!
Қой, мен барып ас қамдайын. Әкең келетін уақыт болды. Сабағыңды оқып болған соң, маған көмектес!
(Анасы сахнадан кетеді.)
Лаура (ойланып ары-бері жүре бастайды):
-  "Бақыт  тек көңілді  адамды таңдайды!", "Бақыт тек көңілді  адамды таңдайды!", "Жаман мінезден - жаман энергия бөлінеді", "Ашу-ыза, ұрыс-керіс адамдарды айналаңнан қашырады!" Мәссаған, мен бұл сөздерді күніге естіп жүрмін. Бірақ неге тәжірибеде қолданбағанмын?! Болды! Мен бүгіннен бастап өзгеремін!  (Қолына айна алып, аффирмация айта бастайды.)
- Мен ең ақылды, ең сұлу, ең үздік оқитын қызбын! Мені айналамдағы адамдар түгел жақсы көреді! Мен үнемі жарыстардан бас жүлде алып қайтамын! Мен Әсемді кешірдім! Ол расымен де үздік оқиды.
(Осы кезде кішкене сіңлісі Нұрай  артынан келіп, әпкесінің сөздерін мимикамен қайталайды. Әпкесі басында білмейді.  Сосын жалт қарап, сіңлісін ұстап алады.)
Нұрай:
- Әпке, болды енді мазақтамаймын! Жіберіңізші.. (күледі)
Лаура:
- Жоқ мен сені жібермеймін! Мені жақсы көретініңді айтсаң ғана жіберемін?! (Сіңлісін құшақтап, бетінен сүйеді.)
Нұрай:
- Әпке, мен сізді қатты жақсы көрем! Өскенде сіз секілді ақылды, жақсы оқитын қыз боламын!
Лаура:
- Жаным сол! Мен де сені қатты жақсы көремін! (Кекілін қайырып, маңдайынан иіскейді.)
Нұрай:
- Әпке, сіз енді расымен де ешқашан ашуланбайсыз ба?
Лаура:
- Ашуланбауға тырысамын!
Нұрай:
- Әпке, сіз ешқашан ашуланбаңызшы... Мен үйді шашсам да! Мысықты сіздің шампуньіңізбен жуындырсам да!
Лаура:
- Не-ме-не?  (Ашуланып қарайды.)
Нұрай:
- Достарымды ертіп келіп, сіздің жылтыр көйлегіңізді киіп, концерт қойсақ та!
Лаура:
- Қай жылтыр көйлегімді? Неге менен сұрамайсың?

Нұрай:
- Әпке, ашуланбаймын дегенсіз...?! Анашыма құпияларыңызды айтып қойғанымды айтайын ба? Қажет емес пе? (төмен қарап күмілжиді)
Лаура:
- Ах, сатқын! Анашыма қандай құпиямды айтып қойдың? (Өтірік ұрсады)
Нұрай:
- Әсемді жек көретініңізді, ағылшыннан 7 алып қалғаныңызды, алтын сырғаңыздың біреуін жоғалтып алғаныңызды...
Лаура:
- Не-ме-не?! Есің дұрыс па? (Қатты ашуланып кетіп, өзін басады.) Кешір! Олай демеуім керек еді. Анашым не деді?!
Нұрай:
- "Сыпсыңдап тағы да сөз тасысаң, аямаймын!"- деді.
Лаура (күліп жібереді):
- Жаным сол! Сыпсыңгүлім менің! Мен Әсемді жек көрмеймін. Тек сол секілді бола алмағаныма өзіме ашуланатын секілдімін. 
Нұрай:
- Сенбеймін! Онда менің көзімше сөйлесіңізші?!
Лаура:
- Ой-күйдіргі! Қазір.  (Телефонын алып Әсемге қоңырау шалады.)
- Әсем, сәлем! Не істеп жатсың? Әсем, өткенде көңіліңе тиетін сөз айтып қойсам, кешірші...?! Сен негізі өте дарынды,  ақылды,  жақсы оқитын қызсың! Жарысқа баруға негізгі сен көбірек лайықсың! Мен сен секілді құрбым болғанын мақтан тұтамын!
- Қойшы? Қашан? Қуана-қуана күтемін! Жақсы құрбым. Көріскенше...!
Нұрай:
- Не болды, әпке? Не дейді?
Лаура:
- Әсем маған келе жатыр екен. Керемет жаңалығым бар дейді.  (Таңқалып күлімсірейді. Осы сәт есік қағылып, сахнаға Әсем шығады.)
Әсем:
- Сәлем Лау! Қалайсың?
Лаура:
- Сәлем! Кел, төрлет!
Әсем (Нұрайға қарап):
- Сәлем! (Қолын бұлғайды) Сіңлің бе? Сүйкімді екен?!
Лаура:
- Ия..! Ал, тезірек айтшы? Қандай жаңалық ол?
Әсем:
- Менің анам жарыс ұйымдастырушылармен сөйлесіп, сені де жарысқа қосуды өтінді! Олар рұқсат беріпті. Соны саған кездесіп айтқым келді..! Бұдан былай жарысқа бірге дайындалайық?!
Лаура:
- Аййййй! (Қуанып секіреді. Сосын бас салып Әсемді құшақтай алады. Артынан жылдам босатып, қатты риза кейіпте алғыс айтады):
- Әсем, сен негізі керемет қыз екенсің! Саған қатты риза болып тұрмын!
Нұрай:
- Ооо, алақай! Әпкем жарысқа баратын болды! Кеттім, анама айтам! (Кетіп бара жатқан Нұрайды Лаура ұстап алады.)
Лаура:
- Нұрай, сен сыр сақтай аласың ба?
Нұрай:
- Ағылшыннан көмектессеңіз сақтай алам! А, әдемі шаш қыстырғышыңызды бір күнге мектепке тағып баруға рұқсат берсеңіз.. сосын...
Лаура:
- Жарайды көмектесем! Шаш қыстырғышты да ала бер! 
Нұрай:
- Алақай!
Лаура:
- Тек анама айтушы болма! Тосын сый жасайық. Жарай ма?
Нұрай:
- Жарайды! (Әпкесін бір құшақтап,  жүгіріп кетіп қалады.)
Әсем:
- Сіңлің пысық екен?! Көз тимесін! Қой құрбым, мен қайтайын? Анашым іздеп қалады...
Лаура:
- Асықпай отырсайшы? Шай ішіп, әңгімелесейік?!
Әсем:
- Басқа жолы ішерміз, рақмет ниетіңе! Мен қайттым. Сау бол!
Лаура:
- Жақсы.. сау бол! Алғысым шексіз өзіңе! Нағыз дос екенсің?! Рақмет! (Әсем кетеді. Лаура маңдайын ұстап, ары-бері өз-өзіне сөйлеп жүреді.) Анашым дұрыс айтыпты. Бар мәселе біздің айналаға тарататын энергияға байланысты екен ғой?! Жақсы энергия таратсаң, жақсылыққа кенелесің, жаман энергия таратсаң, депрессияға ұшырайсың? Егер сіздердің де араларыңызда ашуланшақ қыздар болса, күліп жүруді үйреніңіздер...! "Ашу - дұшпан, ақыл - дос. Ақылыңа - ақыл қос"- деген мақал тегін айтылмапты. Әсемді іштей кешіріп едім, оның да маған деген көзқарасы өзгерді. (Әндетіп):
- Жақсы көру, жақсы көру, не деген керемет ең?!
   Өмірді сезінуге, қуанып көз ілуге,
   адамға жақсы көру керек екен?! (Билеп, айналып шығып кетеді. Сосын барлығы бірге шығып, сәл ғана бас изеп, қайта кетеді).

Гүлмекен Қасенбай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз