Күз күндерінің бірі. Іңкәрім анасының құшағында ұйықтап жатқан. Кенет ұялы телефон шыр ете қалды да, оянып кетті. Бейнеқоңырау шалған әкесі екен.
— Әке, мен сізді жақсы көлем, — деді былдырлап.
— Мен де сені жақсы көрем, қызым, — деді әкесі қолын бұлғап. — Мен аздан соң барамын. Қазір анаңа бір сөз айтайын, кешке үйге қонақ келеді.
Үй жинастыру мен дастарқан қамына кіріскен анасының етегіне жармасқан Іңкәрім анда барса — анда, мұнда барса мұнда барып, жұмысын өндірмеді.
— Мен де істеймін, — дейді етегіне оралып.
Қызын қонақ бөлмеге апарған анасы:
— Егер сен анаңа көмектескің келсе, онда ана ойыншықтарыңмен ойна, не мультфильм көріп осында отыра тұр. Әйтпесе, кешке қонақтарды күтуге үлгере алмай қаламыз, — деді маңдайынан сипап.
Анасын түсінген Іңкәрім басын изеп, ойыншықтарына бұрылды. Іле қонақ бөлмені көзімен шолып шықты. Қабырғадағы түсқағазда жасыл желек, әдемі гүлдер бар екен. Ал төрге ілінген картинада сәмбі тал, қайың, жеміс ағаштары, көлде жүзген аққу бейнеленіпті. Одан былайғы майлыбояу суретке көк аспанда ұшып бара жатқан құстар салыныпты. Іле көзі төсек жапқыштағы көбелектерге түсті. Сонда барып, төсекке шығып, секіріп ойнағысы келді.
Төсек үстіне шығып, секіріп қалғаны сол еді, жапқышта бейнеленген көбелектер ұша жөнелді. Көбелектер айналып ұшып, қайта кеп жапқышқа қонып, матамен бірігіп кетті. Әлі таңырқап тұрған Іңкәрім секіріп еді, көбелектер қайта ұшты. Қуанышы қойнына сыймаған ол көбелектерді қуа жөнелді. Оның күліп-ойнаған дауысын естіген анасы алаңдамай, жұмысын жалғастыра берді.
Бір кезде бөлменің қабырғасына жап-жасыл құрақ пен гүлдер өсіп, бөлме іші саябақтай жайқалып кетті. Ол аздай картинадағы ағаш жапырақтары тербелді. Сол жақтан жылы леп есіп, бұтаққа қонған бұлбұлдар сайрады.
Екінші картинадағы құстар да қозғалып, самғай жөнелді. Аздан соң ағаштардың біріне кеп қонды. Не керек, бөлме іші көктемгі бақшаға айналды. Терезе сыртындағы күздің суығын елейтін емес.
Іңкәрімнің шаттығында шек жоқ. Жайқалған жасыл желек үстінде секіріп ойнап жүр. Қабырғадағы ана гүлді иіскеп, мына гүлді үзіп, гүлдесте жасап, басына киіп алды. Көбелектер де оны еркелеткендей кекілін қайырып, төбесінде ұшып жүр. Ұстай алмақшы болғанда қайта ұшып, иығына кеп қонады.
Аққулар көл бетінде жүзіп жүр. Іңкәрім жуан ағаш бұтағына шығып, гүлдеген өрікке көз тастады. Картинадан бастау алған көл бөлме ішіне дейін созылып жатыр. Аяғын матырып еді, салқын су табанын қытықтады. Тереңде майда балықтар жүзіп барады. Қолымен ұстамақ болып еді, қаша жөнелді.
Іңкәрім осылай күн еңкейгенше бау-бақта серуен құрып, көңіл көтерді. Анасын мазалаған жоқ. Анасы да алаңдамай жұмысын істеді.
Есік қоңырауы шыр етті. Анасының өтіп бара жатқан аяқ дыбысы естілді. Соның әсері болар, бөлме ішіндегі ғажайыптың бәрі демде ғайып болды. Көбелектер төсек жапқышқа қонды. Құс, ағаш, көл... бәрі картинадағы өз орындарын тапты. Ал қабырғадағы жасыл желек, гүлдер түсқағаздағы сурет кейпіне енді. Іңкәрім қимай қарап тұр. Үйге қонақтарды ерткен әкесі кіріп, басынан сипады.
— Іңкәрім бүгін маған кедергі жасаған жоқ. Өзімен өзі ойнады. — деді анасы қызын мақтап.
— Не деген ақылды қыз өзі! — деп келген қонақтар да қолпаштай жөнелді.
Іле Іңкәрім үлкендерге әлгінде болған оқиғаны айтып берді.
— Қызым, сенің қиялыңда шек жоқ, — деді анасы қызына күлімсірей қарап.
Осы сәтте Іңкәрім аспашамды айналып ұшып жүрген көбелектің біреуін байқап қалды. Достарынан адасып қалған сыңайлы. Біраз ұшып жүрді де үлкендерге көрініп қалмайын дегендей қабырғадағы гүлге барып қонды.
Күзгі жел әйнекке соғылып, терезе жақтауын сабалап тұр. Мезгілдің суықтығына қарамай баласы бар әр үйде осылай көктемнің бау-бақшасы бүршік ата берсе ғой...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі